Экспо: Ел ертеңі – балалар

Үлкен ұлым Асылбек: «Келініңіз Сәндігүлді жұмыс орнынан Астанаға, ЭКСПО - 2017- ге,  жіберіп жатыр. Анасымен бірге Нұрфарабиді де көрмеге жібермекпін. Билетін сатып алып қойдым»,- дегенде ел көріп, жер  көргелі отырған құрттай құлыным, тұңғыш немерем, үшін жүрегімде қуаныш сезімі билеген.

Сол сәт 2012 жылы 22 қаңтарда аталған көрмені Астана қаласында өткізу жөнінде шешім қабылданғанда Нұрфарабидің бар болғаны үш жаста екені есіме түсті.

Енді міне... Баязит әулетінің атынан көрмеге барғалы отыр. 10 маусым күні көрменің салтанатты ашылуын ел қатарлы теледидардан көріп, шаттығымыз еселей түсті.

-Әлемнің әр қиырынан ағылған халықтың, ығы-жығы кісілердің арасында  құрттай бала Нұрфарабиді айтам, - деп маған аңтарыла қараған әжесі Ырымкеш Мадиқызы , -адасып кетпесе жарар еді.

Баланы бекер жібердік-ау ауырып қалмаса... Шынымды айтсам, әжесінің көңіл күдігін бөлісуге шақ қалдым. Бірақ кеш еді. Олар мінген пойыз аршындай жүйткіп, Астанаға бағыт алған.

-Нартәуекел, бір Аллаға тапсырайық, - деуден басқа лаж жоқ-ты.

Бұл тұста Экспо туралы материал басылған газеттер де қолға тиген еді. Солардың кейбірі мұнда келушілер саны шамалы.

Көбі балалар, ал олардың әлденені түсіне қоюы екіталай... қыруар қаражат текке шашылды дегенге саяды.

Көңіл құлазытар осы мақалалардан  соң Облыстық  «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Нұрбол Жайықбаевтың мақаласы құр атқа мінгендей әсер еткен. Ел намысы, отаншылдық сезім бәрінен де биік тұруы қажет қой.

Араға бірер күн салып Нұрфараби анасымен көрмеге барып та келді.

-Ата,- дейді ол,- көрме маған қатты ұнады. Білесіз бе, мен бір кісімен ағылшынша сөйлестім.

-Қой, кәне ағылшынша сөйлеші. Ол сөйлей ала жөнелді. Әлденеден  маған ол жаттаған тақпағын айтып  тұрған болар деген  ой келді.

Сөзін аяқтаған тұста  мен одан:

- Әлгі кісіге не дегеніңді қазақша айтшы?- деп сұрадым.

-Мен оған өзімді таныстырдым. Қайдан келгенімді айттым. Оның кім екенін сұрап білдім.  

-Содан кейін әлгі кісі Нұрфарабимен суретке түсті және қол шамын ескерткішке сыйлады,- деді шешесі.

Сол сәт менің қарт жүрегімде мақтаныш сезімі ұялады. Оны ағылшынша үйреткен мұғалімдерге деген ризашылығым арта түсті.

Бірер күннен соң облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Арман Қанидың бастауымен облыста тұратын бір топ Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері  көрмеге аттандық.

Көрме алаңына келіп түскен сәтте-ақ келушілер арасында балалар ерекше көзге шалынды. Лифтпен 8- қабатқа көтерілдік. Шолу алаңынан Астананың әсем көркі көздің жауын алады.

Содан төменгі 7,6,5 қабаттарды аралап, Республика ғалымдарының баламалы энергетика саласында ашқан жаңалықтарынан мол хабар алдық. Макет күйіндегі алып экрандар арқылы көрсетілген көріністер қиялыңды қиянға бастайды.

Осы көріністерді үлкендермен бірге ынтыға, қызыға тіпті әлдебір әсем қиялға беріле, көздері оттай алаулап, жүздері бал-бұл жанып,  балалар да қызықтауда еді.  

Жайшылықта кез келген нәрсеге сықылықтай күліп, бір - біріне әлденелерді айтып, бірін - бірі қуалап жарысып, у - да шу болып жататын олардың балалық ерке мінезді Экспоның табалдырығының ар жағына қалдырып, көргендерін саналарына  тоқуға, еш нәрсені қалт жібермеуге тырысып жүргендері байқалады.

Мен оларға көз қиығымды сала жүріп, Арқаның алтын алқасы Баянауыл еліндегі бұл күнде Жұмат Шанин ауылы аталатын сол тұстағы Большевик колхозының Қарақуыс, Жәнібек атты қойлы ауылдарында қол кірпіштен тұрғызылған тұрғын үйдің екі бөлмесіне орналасқан мектепті, сол мектепте оқыған біздерге алғаш әліппе үйретіп, білім әлеміне бастаған мұғаліміміз Солтан Рустембековті еске түсірдім.

Тіпті ол кісінің ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер білім бар жұрттар» - атты өлеңін шабыттана оқыған даусы құлағыма келгендей еді. Ол өлеңді оқып болып, түсіндірмес, бұрын кімде қандай сұрақ бар деп сұрады.

Оқушылардың бірі:

- «Өнер білім бар жұрттар» дегенде жұрттар деген сөзді түсіне алмадым»,- деді.

- Ол  ма?  Ол «ел» -  деген сөз ғой, яғни өнері, білімі бар ел. Сарай салғызады екен. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызады екен.

Мен  анада сендерге Шоманда не орнатылды деп едім?

-Телефон,-  деді ол қуақылана жымиып,  «радио» - деп шуластық біз. Ал «аты жоқ құр арба күн жарымда мың шақырым жерге қалай бармақ» деген сауал төңірегінде тіпті дау туып кеткені бар емес пе?

Ат, өгіз жеккен арбаның өзі әрі кетсе күн жарымда 25-40 шақырым жерге ғана жетер. Ал мың жарым шақырым жерге жету қайда оған?

-Оның үстіне ат жегілмеген арба болса деп өзара таласқан балаларға мұғалім:

-Ол кәдімгі отарба ғой,- деп түсіндірді.  - Сендердің араларыңда  пойызды көргендерің бар ма? – деп  сұрады.

 –Жоқ,- дедік біз.

- Павлодар не Екібастұз қаласына бара қалсаңдар пойызды  көресіңдер. Ал адамды құстай ұшыратын, отынсыз тамақ пісіретін қандай қуат?- деп бізге сауал тастай келіп, ол жалпақ әлемді жарыққа қарық қылып, өмірдің сан алуан саласына сәуле түсіріп, ел игілігін арттыртып отырған – электр қуаты.

Оның біздің ауылға да келіп жетер күні алыс емес,- деген. Елуінші жылдардың басы еді бұл.

Бірер жылдан соң бастауышта екі-үш сыныпты бірге оқыған үш-төрт бала әке -шешелеріміздің жұмыс ыңғайымен басқа мектептерге ауыстық.

Мен сол кездегі Жамбыл колхозында оқитын болдым. Жол «Көмір» руднигінің үстінен өтеді екен.

Электр шамын алғаш рет сол рудникте түскен үйімізден көрдім. Көз шағыстырған жарыққа қараған сайын оны өшіргім келіп кеткені.

Тіпті үй иелерін де елең қылмай, электр шамына жақындап барып төбедегі шамды жан ұшыра үрлей бастадым. Өшер емес.

Үй ішіндегілер қыран- топан күлкіге кенелді. Зайыры, үй иесі болар, әлдекім мені: «Колхозник, ештеңе көрмеген»,- деп сөге жөнелді.  Сөйтіп, ауылдан аттап шықпай жатып масқара болдым.

-Жайрағыр-ай ... Одан арғысын тыңдауға уақытым да, зауқым да жоқ еді. Үйден ата шықтым. Оған да алпыс жылдан аса уақыт өткен екен –ау...

Ал көрмені аралап жүрген балалар үшін сол электр қуаты ежелгі таныстарындай болып кеткені қашан.

Содан да болар ұсынылған тетіктер мен (солай атауға болатын болса) қондырғыларды «ә» дегенше іске қосады. Олар болашақтың энергиясының ғарыш, күн, жел, су энергиясынан тұратынын жақсы біледі. ...

Ол тұста жер су энергиясы деп ғылыми негізделді ме жоқ па, оны тап басып айта алмаймын.

«1946 - жылдың шамасында Ж.Аймауытов  елді мекеніне қарасты «Ескі қоныста» жергілікті ұста Бектен Дүйсенбаев биіктігі шамамен 3 - жарым метрдей төрт қалақты жел диірмен орнатты,- деген еді сол істің басы- қасында болғандардың бірі марқұм Түсіпжан Ысқақов ақсақал.

Бектен Дүйсенбаев  Баянауыл селосының шет жағында тері зауыттағы бұлақтың бойына тоған салдыртып, су іркіп, оған су диірмен, бұрынғы «499» аталатын жерде жел диірмен орнатқан екен.

Мұны айтып отырған себебім- кейінгі ұрпақ Бектен ағаларын біле жүрсін, сол сияқты оң қолынан өнер тамған жандар болса іздеп тапсын, Республика президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы оларды айналып өтпесін, жастар олардың есімін танып біліп, істерінен  өнеге алсын дегендік.

«Нұр әлем» павильонын көруге кезекке тұрғандардың арасында балалардың көптігін байқап,  көрменің басты жетістігінің бірі оған күні ертең  адамзат көшін  алға апаратын жас ұрпақтың көп келуі болар деп ойладым.

Өйткені бүгінде жоба ретінде ұсынылып отырған көптеген идеяларды күні ертең жүзеге асыратындар олардың арасынан бірлеп емес, ондап шығатынына әлденеден сенімді едім.

Сапарлас серігім белгілі жазушы Ақын Алақанұлы: «Бұл айтары жоқ әлем алдында қазақтың абыройын асқақтата көтеретін көрме болды»,- деген еді. Ойыма Ыбырай Алтынсариннің:

     Біз надан боп өсірдік,

     Иектегі сақалды.

     «Өнер – жігіт көркі» - деп,

     Ескермедік мақалды.

     Біз болмасақ сіз барсыз,

     Үміт еткен достарым,

     Сіздерге бердім батамды,-

деген  батасы оралды. Жастарға бұдан артық қандай бата беруге болады?!  

Іске сәт,  жас достар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)