Мемлекеттік аудит ҚР БҒМ-да миллиардтаған соманың бұзушылығын анықтады

ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында жалпы сомасы 26,7 млрд теңге болатын процедуралық бұзушылықтардың 147 фактісі әшкереленді.

Сондай-ақ 16,9 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар мен 43,2 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы анықталған.

 Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды

Баспасөз қызметі келтірген деректерге сәйкес, мекеме ҚР Білім және ғылым министрлігінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген республикалық бюджет қаражатын және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін  тиімді жұмсауға қатысты жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысын келтірген.

Жоғары және жоғарыдан кейінгі, техникалық және кәсіби, орта және мектепке дейінгі білім беруді дамытуға бөлінген бюджеттік қаражатты пайдалануда бірқатар жүйелі мәселелердің бар екені анықталған. Атап айтқанда, 2016 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде Қазақстанның білім беру жүйесінің сапасы жөніндегі көрсеткіштері түсіп кеткен. «Білім беру жүйесінің сапасы», «Менеджмент мектептерінің сапасы» және «Жоғары біліммен қамту» мақсатты индикаторлары орындалмаған.

«2016 жылдың қорытындысы бойынша министрлік Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үш ауысымда сабақ өткізетін мектептердің үлесін төмендету және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының санын ұлғайту бөлігінде жоспарлаған көрсеткіштеріне қол жеткізбеген», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру саласында мамандар дайындау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда министрлік республика өңірлеріндегі қажеттіліктерді есепке алмаған. Белгіленген критерийлер де мемлекеттік тапсырысты үздік оқу орындарына толыққанды орналастыруды қамтамасыз етпейді. 

«Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тиісті деңгейде өзара әрекеттестігінің болмауынан жоғары, ЖОО-дан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Кадрларды даярлау бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесін дамытуға бағытталған тиісті шаралар қабылданбаған, барлық мүдделі тараптарды тартуды көздейтін институционалды тетік әзірленбеген», - деп хабарлады Есеп комитеті.

ҚР БҒМ кәсіптік білім беретін жетекші мекемелердің желісін құруды қолға алмаған. Атап айтқанда, 2013 жылдан бері Өскемен, Екібастұз және Шымкент қалаларында өңіраралық кәсіптік орталықтардың, 2015 жылдан бері - Астана және Алматы қалаларындағы әлемдік деңгейдегі колледждердің құрылысы тоқтап тұр.

Өз кезегінде, «Ақпараттық-талдамалық орталық» АҚ 2016 жылы жалпы сомасы 10,4 млн теңге болатын «Үштілділікті енгізу жөніндегі әлемдік тәжірибені зерттеу және тілдерді үйрету әдіснамасын әзірлеу» мемлекеттік тапсырмасын орындау бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындамаған.

«Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана, Алматы қалаларының құрылыс және білім басқармалары, Шымкент қаласының және Сайрам ауданының құрылыс бөлімдері жалпы сомасы 208,6 млн теңгені құрайтын тауарларды жеткізуді және жұмыстардың орындалуын тексермеген», - деп мәлімдеді комитет.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16,9 млрд теңге болатын қаржылық заң бұзушылықтар, 43,2 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және жалпы сомасы 26,7 млрд теңгені құрайтын 147 рәсімдік құқық бұзушылық фактілері анықталды.

Сондай-ақ, мемлекеттік аудит барысында 5,9 млрд теңге қалпына келтірілген және өтелген, оның ішінде республикалық бюджет кірісіне 285,1 млн теңге қайтарылып, бухгалтерлік есеп бойынша 5,1 млрд теңге жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу арқылы қалпына келтірілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қайта қарау және өзге де тапсырмалар берілді.

Мемлекеттік аудиттің бірқатар материалы процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберіледі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)