Өлең, жыр, ақындар

«Мәңгілік Ел» идеясының тарихи ізашарлары

Ақмола облысы, Бұланды ауданы
Шұбарағаш орта мектебі
9 «А» сынып оқушысы Сұлтанбекова Дильназ

 

Жазба тарихтан дүниенің төрт бұрышына әйгілі болған Ұлы Даланың нақ ортасынан шыққан ежелгі халық сақтар екендігі мәлім. Олар туралы грек, парсы, рим және қытай тарихшылары мен саяхатшылары, елшілері алуан түрлі деректер қалдырды. Барлығы да бұларды сол кездегі Әлемді жаулаушы Кир мен Дарийге, Ескендір Зұлқарнайынға қарымды тойтарыс берген ер халық ретінде тарихтың жылнамасына енгізді. Бірақ, әлі күнге дейін сақ тайпаларын тек тайпа одағы ретінде айтып,қарастырып келеміз. Егер, олар тайпа одағы дәрежесінде болса,онда олар сол кездегі ең қуатты империялық мемлекеттер Парсы патшалығы мен Ескендір империясына төтеп берген деген заңды сұрақ туады. Шындығында, сақ патшалары құдыретті билеушілер болып, өз билігін мұралық жолмен қалдырып отырды. Олардың Томарис,Скунха,Зарина сияқты билеушілерінің аты мәңгілік тарих тасына жазылды. Сақ дәуірінен қалған ескерткіштер әлі күнге дейін Ұлы Дала бейнесінің ажырамас бөлігі. Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің қарқара тәрізді бас киімі сақтардың әлем мен саяси билік жөніндегі таным-түсінігінің қандай биік те, күрделі болғандығын айғақтайды. Үштік өлшемдегі әлем (Жоғарғы, ортаңғы, төменгі) ол таным сақтар мен түркі- моңғол текті халықтарға тән ұғым-түсінік болып табылады. Билік символдары садақ-жебелері. Сақ жауынгерінде ол дүниенің төрт бұрышына билік еттім дегенді білдіретін – төрт жебе. Ғұн патшасы Мөде тәңірқұт елі мен әскерін үш бөлік-триадтық жүйеге бөледі. Жебенің ысқырғыш, үрей тудырғыш түрін ойлап табады.Түркілердің тұңғыш билеушісін Бумын қағанды садақ жебесімен дауыс берген тайпа көсемдері сайлайды.

Күлтегін жазуында жоғарыда көк аспан,төменде қара жер жаралғанда, оның ортасында адам баласы жаралған. Сол адам баласын менің бабаларым Бумын, Естеміс қағандар билеген деп, елінің, мемлекеттігінің дүние жаралғаннан бері жасап келе жатыр деген саяси-философиялық ой түйеді.

Көктүріктер дәуірінің ойшыл-данасы Тоныкөк: Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұрғанын байқаймыз..

Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған [2, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күлтегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар [3, 63 б.]. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Себебі бұл идея өзінен-өзі сыртқы дүниден тыс, бос кеңістікте қалыптасқан жоқ. Біздің жеріміз,еліміз төл тарихымызға сәл ғана көз жүгірткеннің өзінде ешқашан тарихтың көлеңке-перефериясында қалмағанына көз жеткіземіз. Ежелгі заманда, Орта ғасырларда үнемі алып державалар қыспағында өмір сүруге тура келді. Сондықтан арғы бабаларымыз сол елдерге жұтылмас үшін, Қытай сияқты елдермен тең-бәсеке жасай алатын елдік-саяси идеяларды жасауға тиіс болды. Бабаларымыз да сол елдер сияқты кесек ел болуға ұмтылды. Бұл жолда олардың ұтқан да, ұтылған да кездері де болды. Тіпті елдігін ұмытып жауларының табанында қалған кездері де баршылық. Әлем халықтарының дамуын, оның адамзат өркениетіне қосқан үлесін бір стандартты өлшемдермен бағалауға болмайтындығын қазіргі ізгі ойлы гуманист – тарихшылар дәлелдеп келеді.

Түркі-моңғол халықтарының үштік құрлым жүйесін әлі күнге дейін (бейресми түрде) сақтап келе жатқан қазақ топырағы ежелгі ғұн мен түркінің елдік,саяси кемелдік идеяларын қайта түлетуге ең қолайлы Ел мен жер болып отыр. Отан деген - парсыдан енген жаңа сөз. Қазақ Отан деген сөздің баламасы ретінде ел мен жер-су үшін деген ұғымды пайдаланып келді.

Елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін күңреніп күн түбіне жортқан Кене ханды Досқожа ақын ел мен жер иесі деп атады. Қзақтар ежелден Жер ананың киесі бар деп түсінді. «Атамекен», « жер мен су» қазақтарда сакральді-архитип ұғымдар.Ғұн патшасы Мүдде қағанның «бос жерді»  көрші мемлекетке берейік дегендерді өлім жазасына кесуі соның айғағы. Әрі бұл ұлы тұлғаның ойы мен ісі келер ұрпаққа саяси –өсиетнама болып қалды. Әр халықтың дәстүрінде тиым салынған нәрселер бар,оның кейбірі тек сол бір халыққа ғана тән. Хан басымен қарашымен жауласуға, қарашының ханына жау болуына біздің елде дәстүрімізде тиым салынған. Бөтен отбасын, Ел арасын бұзған адамдар қатаң жазаланған. Ұлы Дала перзенті жеті атасын жатқа біліп, ағайынын жат қолында қалдырмаған. Олардың ұғымында арғы ата-бабалар-мәңгі өмір сүруші рухтар,біз солардың бүгінгі жалғасы. Ата-баба сүйегіне таңба түсірмеуді, әр қазақ өзіне қасиетті міндет санаған. Сол даңқты ата-бабалар рухына,әруағына лайықты болуға тырысқан.

Атақты адамдарына зәулім ескерткіштер қойған, әлі де қойып келеді, қоя да бермек. Сақ қорғандарынан бастап, Алаша хан, Жошы хан, Әліптомар мазарларына дейін.Дүниені сілкіндіруші атанған Шыңғыс хан 1196-1206 жыл аралығында керей, найман, шүршіт, кидан, ұйғұрларды қол астына қаратып алғаннан кейін елін «Мәңгі ел (соңында моңғол болып өзгерді)» деп атап, бұл бүкіл киіз туырлықтылардың (көшпелілердің) империясы деп жариялады. Көріп отырсыз, тек қана бүгінгі моңғол атанған халықтардың ғана емес түркі, моңғол, мәнжү, түнгүс, шығыс Түркістандағы Арслан ұйғырлардың ортақ империясы деп жариялап отыр. Біз Шыңғыс ханның дәл осы жарлығын ұстап,  «Мәңгі ел» (моңғол) империясы түркілерге де тән деп бағалауымыз керек. Өйткені бұл империяның мемлекеттік құрылымы (ел, төр (власть), қаған, хан, бұйрұқ, тұрғақ (түнгі күзет), кешіктін ( хан орданың тұрақты армиясы), ондық жүйесі, шерік, күрень, ұлы жаса, сойырқыл, татвар (салық) т.т.с.с) Көк түріктерден жалғасқан. Көк түріктердің мемлекет құрған дайын үлгісін сол қалпымен қайталап, дамытып қолданған. Шыңғыс ханның хатшысы Чыңғай Чінсан деген керей адам еді. Ал, Шыңғыс ханның тегіне келетін болсақ, оның арғы тегі қият. Хунну (Ғұн) империясы құлағаннан кейін қияттар екіге айрылды. Бір бөлігі түрік қият атанса (бізде Қорқыт-Ата т.т.), енді бір бөлігі моңғол қият атанды. Шыңғыс хан осы моңғол қияттардың кейінгі ұрпақтарының бірі – боржығын ( «бөрі-тегін» деген мағына береді) тайпасының әулетінен. Қазақ (түркі) пен моңғолдың арғы тегі осындай кіндіктес. Мұны әлемнің барлық түрколог ғалымдары дәлелдеген. Сондықтан болар бүгінгі қазақ, моңғол тіл қорындағы түбір сөздің 40%, жалғаулықтың 60% бірдей деген тұжырымды атақты алтайтанушы түрколог ағамыз Б. Базылхан дәлелдеп берген еді.[3]

Сондықтан қуатты мемлекетті қайта тұлетіп жатқан Ел үшін - Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы болуға тиісті. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар.

Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Егемен Қазақстан газеті, 18 қаңтар 2014 ж. « Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың   2014 жылдың 17 қаңтарындағы  халыққа жолдауы».
2. Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013.20-21 бет.
3. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі руна жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. —  63 б. Шыңғыс хан. // WWW.google.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз