Ербол Тілешов жаңа әліпбиде «и» мен «у» әрпі неліктен апострофпен белгіленгенін түсіндіріп берді

Жаңа әліпбиге қатысты қоғамның пікірі мен көптің уәжі ескерілетін болады. Бұл туралы Астанада «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов мәлімдеді.

«Ең алдымен, осындай жиындардың еліміздің барлық өңірлерінде болып жатқанын атап өткім келеді. Аймақтарды аралап жүрміз. Апострофтық та, диграфтық нұсқалар көп талданған. Оның мақсаты - қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық беру. Осы жағынан келгенде бұл қазақ тілінің фонетикалық заңдылығын толық қанағаттандырады. Енді жазу негізіне келсек, қазіргі уақытта көптеген сын, ескертпе, ұсыныстар айтылып жатыр. Оның бәрі біздің көкейімізде. Біз оның бәрін жинақтап, мониторинг жасап отырмыз», - дейді Ербол Тілешов.

Оның айтуынша, апострофтық нұсқа жазуды жеңілдету мақсатында таңдалған.

«Дегенмен кейбір дыбыстарға қайта оралу қажет болатын шығар. Оның бәрі болашақтың күн тәртібінде. Ұлттық комиссия құрылғаннан кейін ғана барып, сол комиссия кезең-кезеңімен жұмыстың ретін белгілейді. Жоспар жасалады. Соның ішінде осы жаңа әліпбидің емле-ережесін, орфографиялық сөздігін жасау мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сол кезде, бәлкім, емле жасау кезінде кейбір өзгерістердің енгізілуі әбден мүмкін. Ол жөнінде Сенат төрағасы да арнайы айтты. Қоғамда ондай пікір бар. Біз бір мәселені ескеруіміз керек: қай нұсқа болмасын, ғалымдардың ішінде де, қоғамда да осы тәсілдің бірін қолдап, қалғанынан қарсы болатындар бар. Себебі, ең басында латын әліпбиінің таңбалары қазақ тіліне арналмаған. Сол себепті, әр түрлі пікірлердің болуы әбден заңды», - дейді орталық директоры.

Сонымен бірге, Ербол Тілешов ұлттық тәсілге - диакритикалық тәсілге бармаған үлкен себепті атады. Оның айтуынша, әлемнің 45 елінде 5 миллионға жуық қазақ тұратындықтан, оларға апострофтық немесе диграфтық тәсілде оқу ыңғайлырақ.

«Апострофтық әліпбидің ішінде «и» мен «у» дыбыстары туралы айтып жатқандар көбірек. Сондықтан мен осыларға тоқталып өтсем. «У» дыбысын апострофпен бергеніміз - басында ол әріп жобада «w» болған. Бірақ, диграфтық нұсқаны қарағанда «w» таңбасына қарсылық мониторинг бойынша 78 пайыз екенін білдік. Сондықтан, біз «w»-ды қабылдамадық. «У»-ды апострофпен берген себебіміз - орыс пен қазақ тілі бірдей емес. Қазақ тілінде «у» қашан да дауыссыз. Оны дифтонг деп бізге қате түсіндіріп келді. Өйткені, «су» деп жазсақ, «с» мен «у» әріптерінің ортасында «ұ» әрпі естіледі. Үш дыбыс естілгенімен, екі әріппен жазып жүрдік. «У» дыбысы «w»-ға естілуі мен фонетикалық сипаты жағынан келіңкірейтін еді. Бірақ, жаңағыдай қарсылық болғаннан кейін біз оны апострофпен бердік. Берген себебіміз - орыс тіліндегі «у» әрпінен ерекшелендіру болды», - дейді Ербол Тілешов.

Орталық директоры сонымен қатар, «и» әрпіне қатысты да түсіндірме берді.

«Мысалы, 1958 жылға дейін «ми» сөзі «мый», «жиналыс» «жыйналыс» деп жазылып келді. Соның бәрінде бертінде біз «ы» әрпін алып тастап жазатын болдық. Емле бойынша Иманбек, иман, иманберді деген сөздер араб-парсы тілдерінен келген «и»-дан басталатын сөздер. Ал «й» - өзіміздің төл әріп. Соған байланысты біз екеуін бір таңбамен бердік», - дейді ол.

Ербол Тілешов емле-ереже жасауда да қиындықтар болатынын еске салды.

«Өйткені, әліпби бар, емле-ереже жоқ. Сондықтан, көптеген сұрақтар туындайды. Орфоэпиялық сөздік жоқ. Әліпби толық қабылданған жоқ. Осындай бір өліара шақта тұрмыз. Айтып жатқан уәждерді қабылдаймыз. Дұрысын дұрыс дейміз. Ол жөнінде жұмыс тобында міндетті түрде әлі де әңгіме болады. Ең бастысы, әліпби 2025 жылға дейін толық енеді. Бір-екі жылда апробация болатын шығар. Оған байланысты әліпбиге кейбір өзгерістер енуі әбден мүмкін. Бірақ, жарлық шықты - негізге осы әліпби алынады», - дейді Ербол Тілешов.

Еске сала кетсек,бүгін Астанада «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел болып өтті. ҚРТұңғыш Президент Қоры және Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруыменөткен шараға бірқатар қоғам қайраткерлері, депутаттар, линшвист-ғалымдар,филологтар мен белгілі журналистер қатысты.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (4)

Аманғали

Енді не үшін керек емес екенін есі дұрыс филологтардан сұрап көрсін!!!

Айнаш

Мемлекеттің дамымай жатқанын түсіндім, билікте басы істейтін адам жоқ!

Ерсін

Филолог ғалымдар сауатсыз екенін баяғыда білгенмін өйткені қазақтың небір жауһар сөздерін ғалым атағын алу үшін араб, парсы қылып жіберген. Тіптен ана сөзі де парсыныкі екен. Ал америкалық эвенктер анасын ана деп атайды. Сонда оларда ана сөзін парсыдан алды ма екен. Латын қарпінің де ақсап жатқаны содан. Логика деген жоқ.

Қайрат

Араб, парсы сөздері кеше кірмеді тілімізге, ол ғасырлық ықпалдың нәтижесі. Егер ол сөздерді алып тастасаң қазақ тілінде баламасын енді таппасың.

Мысалы: қалам, мектеп, хат, дәптер, сәлем, мәжіліс, әкім, қазы, әліпби, дәріс, сұхбат, мекен, мешіт, ғибадат, арам, мемлекет, мақала, үкімет, арыз, құжат, тағам, дiн, қуат, иман, махаббат, ғалым, ғылым, әділ, есім, мүмкін, қате, қабір, сап, дәлел, амал, сағат, парыз, хабар, нұр, неке, ақиқат, тәуекел, береке, мағына, мәселе, керемет... қысқасы өте көп! Барлығын бірден жазу мүмкін емес уақыт та жоқ.

Тілге жаңа сөздердің кіруі ол заңдылық. Кім жаңалық алып келсе, кім түрлі себептермен ықпал етсе (мода, ғылым, білім, пиар т.б )соның тілінен пайдаланасың, өйткені тіліңде ғана емес алдын ол заттар болмаған, және оның қазақшасын ойлап шығарудың қажеті де жоқ, мысалы: компьютер, рояль, цунами, донер, пицца, телефон, суши, алгебра т.б Мысалы домбыра, бауырсақ, көкпарды... ешкім аударып отырмайды, дәл сол сөздермен қолданады.

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)