Өлең, жыр, ақындар

Қара Питер

Досымның дәл 1895 жылғыдай күш-қайраты тасып, рухани әлеуеті артқан кезін ешқашан көрген емен. Атағы күннен күнге кең жайылып, атқаратын істерінің ауқымы ұлғайған үстіне ұлғайып жатты. Бөгде жандардың құпияларына деген құрмет сезіміне бола Бейкер-стриттегі қарапайым мекен-жайымыз табалдырығын аттауына тура келген айтулы адамдардың есімін атамақ түгіл, астарлап айтуға да аузым бармайды. Барлық ұлы суретшілер секілді ол да жалғыз тек өнерге деген сүйіспеншілік жетегімен жұмыс істейтін. Өзінің баға жетпес қызмет қарекеті үшін шамадан тыс үлкен сома талап еткенін (герцог Холдернеске қатысты бір ғана жағдайдан басқа) естіген емеспін. Оның риясыз адалдығы немесе тәуелсіздігі сонша, егер құпиясын зерттеуден өзін қызықтыратындай ештеңе таппаса ақсүйектер әулетінен шыққан, шылқыған бай адамға да көмек көрсетуден бас тартатын. Сонымен бірге, ой-қиялына қанат бітіріп, шеберлігін сыннан өткізуге мүмкіндік беретіндей жұмбақ та жан тебірентерлік болса, әлдебір кедей-кепшіктің ісімен ақ тер, көк тер боп апталар бойы айналысатын.

Естен кетпес сол 1895 жылы Холмс кардинал Тосканың кенеттен қайтыс болу себебін анықтаудан бастап (Ватиканның табанды түрде тілек білдіруі бойынша) қылмыскер Уилсонның тұтқындалуына дейін (бұл өзі канар бұлбұлдарды сатумен шұғылданатын атақты алаяқ болумен бірге, лондондық Ист-Эндтің үрейін ұшырып біткен қарақшы да еді) көптеген қызықты да алуан сипатты зерттеу жүргізді. Көпшілік назарын аударған осындай әйгілі істерден кейін Вудменс Лиде бір қайғылы оқиға орын алды: капитан Питер Кэри жан түршігерлік әрі мейлінше жұмбақ жағдайда қаза тапты. Осынау оғаш оқиға жөніндегі әңгіме енгізілмей қалар болса Шерлок Холмстың қызмет қарекеті жайындағы жазбаларымның олқы соғып тұратынында күмән жоқ.

Шілде айының алғашқы аптасында досымның үйден жиі-жиі және ұзақ уақытқа шығып кететінін көріп, оның әлденемен шұғылданып жүргенін түсіндім. Осы күндер ішінде бізге түсі суық, сұрықсыз біреулер әлденеше рет кіріп шықты. Олар капитан Бэзилді сұрастырумен болды. Бұл ат үркетін есімін өзі қолданатын толып жатқан бүркеншік бейнелердің біреуінің тасасына тыққан Холмстың ойдан шығарылған ныспыны пайдаланып, әлденендей бір жаңа тергеу жұмысын жүргізіп жатқанына көзімді жеткізді. Лондонның әр түрлі ауданында оның өз кескін-келбетін өзгертіп алуына мүмкіндік беретін кем легенде бес оңтайлы орны бар еді. Бүл жаңа ісі жөнінде Холмс маған ештеңе айтқан жоқ, ал оның не істеп, не қойып жүргені жайында сұрап мазалау ғадетімде жоқ нәрсе болатын. Қай бағытта жұмыс істеп жатқанын Холмс маған алғаш та әдеттен тыс жолмен ұғындырды.

Бір күні ол үйден таңғы астан көп бұрын кеткен; үстел басына жайғасқаным сол еді, күтпеген жерден Холмс бөлмеге кіріп келді, қалпағын да шешпеген, қолтығына қолшатыр сияқты етіп қысып алған қолақпандай гарпуны бар.

- Мәссаған, Холмс! - деп дауыстап жібердім. - Мына бәлені қолтықтап Лондонда қыдырып жүрдім дегіңіз келе ме сонда?

- Жоға, қасапшыға ғана барып қайттым.

- Қасапшыға дейсіз бе?

- Сөйтіп, үйге керемет күшті тәбетпен оралып тұрмын. Таңертеңгі ас алдында дене шынықтыру жаттығуын жасаудың қандай пайдалы нәрсе екенін білесіз бе? Алайда, бәс тігуге бармын, дәл қандай жаттығу жасағанымды ешқашан ойлап таба алмайсыз.

- Тапқым да келіп тұрған жоқ.

Холмс күліп қойып, өзіне кофе құйып алды.

- Аллардайс дүкенінің түкпірдегі бөлмесіне бас сұқсаңыз мынадай көрініске куә болар едіңіз: төбеден шошқаның ұшасы салбырап тұрады, ал сюртугін шешіп тастаған әлдебір джентльмен міне, мына қарумен оны тесіп өтпекке битін салып жатады... Дене шынықтыру жаттығуын ұнататын сол джентльмен - мына мен. Әйтсе де, өкінішке қарай, оны бір соққанда - ақ тесіп өте алмайтыным белгілі болды. Өзіңіз байқап көрер ме едіңіз?

- Ешқашан. Сонда бүл іспен не үшін айналыстыңыз?

- Меніңше, мұның Вудменс Лидегі жұмбақ оқиғаға тікелей қатысы бар сияқты. Ә, Хопкинс, жеделхатыңызды кеше кешкісін алғам, өзіңізді күтіп отырғам. Келіңіз, таңғы асқа отырыңыз.

Отыздар шамасындағы жұқалтаң, елгезек адам ішке кірді. Үстіне жұпынылау костюм киіпті, бірақ бойының жинақылығы әскери мундирге дағдыланып кеткенін көрсетіп тұрған. Полицияның жас инспекторы Стэнли Хопкинсті бірден таныдым, Холмстың пікірінше, болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіт еді. Өз тарапынан Хопкинс атақты тыңшыны ұстаз санайтын, оның ғылыми тәсілдеріне қайран қалатын.

Хопкинстің қабағы қатыңқы еді: креслоға жабырқау кейіпте тізе бүкті.

- Рақмет сізге, сэр, тамақ іштім. Қалада қонып шыққам, себебі мұнда есеп беру үшін келгем.

- Сонда не жөнінде есеп бермексіз?

- Сәтсіздік жөнінде, сэр, масқара сәтсіздік жөнінде.

- Ешқандай өзгеріс жоқ па?

- Жоқ.

- Шынымен-ақ па? Шамасы, бұл іспен өзімнің айналысуыма тура келетін шығар.

- Құдай ақы, өтінем сізден, мистер Холмс! Өмірімде алғаш рет маңызды іс тапсырылған, соны орындауға шамам жетпей тұр. Өтінем сізден, көмектесіңізші!

- Жарар, жарар. Тергеу нәтижесінде жинақталған деректермен жақында ғана мұқият танысып шыққам. Айтпақшы, қылмыс жасалған орыннан табылған темекі қалта турасында қандай ойдасыз, соны айтыңызшы. Бұл істің кілті тап сол емес пе екен?

Хопкинс таңырқап қалғандай болды.

Қалта қаза тапқан адамдікі, сэр. Ішкі жағында аты - жөнінің бірінші әріптері бар. Және ол итбалық терісінен жасалған, ал ана марқұм ұзақ жыл бойы итбалық аулаумен айналысқан ғой.

Алайда қалтасында қорқоры болмай шықты емес пе?

Иә, сэр, біз қорқорды таппадық - ол, шынында да, темекіні аз тартатын. Бірақ темекіні дос-жарандарына арнап сақтап жүруі де мүмкін ғой.

Оған сөз бар ма. Бүл жөнінде әңгіме етіп отырған себебім, егер бүл оқиғаға өзім тергеу жүргізсем, іздестірулерімді тап осы темекі қалтадан бастар едім дегенді айту ғана еді. Алайда досым, дәрігер Ватсон, бұл хикаядан хабарсыз, мен де оны тағы бір мәрте тыңдауға қарсы емеспін. Ең мәнді деген жайларын бір-екі ауыз сөзбен айтып беріңізші бізге.

Стэнли Хопкинс қалтасынан бір парақ қағаз шығарды.

Менің қолымда марқұм капитан Питер Кэридің өмір жолы жайында азын-аулақ дерек бар. Ол 1845 жылы туған - демек, жасы елуде болған. Итбалық пен кит аулаушылар ішіндегі ең бір жүрек жұтқан батыры әрі ақжолтайы саналған. 1883 жылы Дандидегі "Теңіз мүйізтұмсығы" и алатын бумен жүретін аң аулайтын кемеге командирлік еткен. Сол жылы бірнеше дүркін олжалы рейс жасаған, сосын бір жылдан кейін жұмыстан біржола босап кеткен. Одан соң бірнеше жыл бойы саяхат жасаған, сөйтіп ақыры Суссекстегі Форрест-Роудың маңайынан Вудменс Ли аталатын шағын қонысты сатып алған. Сол қоныста ол алты жыл тұрды және тап сонда дәлме-дәл бір апта бұрын өлім тапты.

Оның адам түсінбейтін мінезі көп еді. Сөзге әуестігі жоқ, түксиген кейпінен танбайтын бүл кісі күнделікті тұрмыста нағыз пуритан болатын. Отбасында әйелі мен жиырма жастағы қызы бар-тын. Үйінде екі қыз қызмет істейтін. Күтушілер жиі ауысатын, себебі ол үйде түру оңай емес-ті, кей-кейде жағдай тіптен жан төзгісіз боп кететін. Кэри жиі ішетін, ал салынып ішкен кездерінде нағыз құбыжыққа айналатын. Әйелі мен қызын жеті түннің ортасында үйден айдап шығып, парк ішімен тырқырата қуып жұдырықтайтын да әдеті бар-тын. Олардың жан дауысы шығып шырқырайтыны сонша, екеуінің айқайы көрші деревняда тұратындарды ұйқыдан оятқан кездер де болған.

Бір жолы ол өзіне ақыл үйретуге әрекеттенген кәрі священникті сілейте сабағаны үшін сотқа тартылды. Қысқасы, мистер Холмс, Питер Кэриден асқан қауіпті адамды іздеп табу қиын еді. Кемеге командирлік еткен кезде де тап осындай ожарлық көрсетті деп естідім. Қара күрең түсті кеспірі мен қап-қара қаба сақалы үшін ғана емес, айналасындағылардың апшысын қуыратын есірік мінезі үшін де теңізшілер оны Қара Питер атандырыпты. Көршілерінің оны жек көргені, оған жуымауға тырысқаны жайында айтпаса да болады; бірде - бір адамнан оның осындай ит өлімге ұшырағанына өкініш білдірген лебіз ести алмадым.

Сіз, мистер Холмс, тергеу хаттамасынан бүл адамның "каютасы" жайында оқыған боларсыз, алайда досыңыз, сірә, бұл жөнінде ештеңе естімеген шығар. Үйіне жақын маңнан капитан қосалқы ағаш үй тұрғызып алған еді, оны дәйім "каюта" деп атайтын; түнде сонда қонатын. Бұл аумағы он алты да он фут болатын, бір бөлмелі шағын баспана еді; кілті әманда қалтасында жүретін, төсегін өзі салып, бөлмесін өзі жиыстыратын, жан баласын табалдырығынан аттатпайтын. Осы үйшіктің екі жақ қабырғасынан ойылған шағын терезелері бар еді, екеуі де дәйім пердемен жабулы тұратын және ешқашан ашылмайтын. Біреуі жақын жерден өтіп жатқан қара жолға қарайтын. Кей - кейде үйде түні бойы шам жанып тұратын, өткіншілер соны көріп таңырқап, Қара Питер онда не істеп жатыр екен, десетін. Тергеу жүргізген кезімізде дәл осы терезе, мистер Холмс, оқиғаның көңіл аударуға тұрарлық кейбір жайларын анықтауымызға мүмкіндік берді.

Кісі өлтіру оқиғасынан екі тәулік бұрын, түнгі сағат бірдің шамасында, Форрест-Роудан келе жатқан Слэтер есімді тас қалаушы капитан мекен-жайының қасына тоқтап, ағаш арасынан көрініп тұрған терезе жарығына көз салыпты. Ол терезе пердесінен ер адамның сұлбасын айқын ажыратқанын, бірақ бүл өзі өте жақсы білетін Питер Кэри емес, өңге біреу екенін айтып ант-су ішіп отыр. Бүл да сақалды еркек екен, бірақ сақалы қысқалау және пошымы капитан сақалынан басқашалау көрінеді. Тас қалаушы осылай дейді. Десе де, айта кеткен артық етпес, соның алдында тас қалаушы екі сағаттай трактирде отырыпты, терезе мен қара жолдың арасы да әжептәуір алшақ. Оған қоса, мұның айтып отырғаны дүйсенбіге қатысты жай, ал оқиға сәрсенбі күні болды ғой.

Сейсенбі күні Питер Кэри жер-көкке сыймай аласұрған. Удай мас боп, жабайы аңдай екі иығын жұлып жеп құтырынған. Оның үй жанында тентіреп жүргенін көрген әйелдер ішке кіріп есіктерін кілттеп алған. Түннің бір уағында анау баспанасына кеткен. Қызы терезені ашып қойып ұйықтап жатыр екен. Түнгі сағат екінің шамасында "каюта" жақтан жан түршігерлік шыңғырған дауыс естіледі. Қыз бұған онша мән бермейді, себебі мас болған кезінде капитан айқайды салып, әлдекімдерді боқтап балағаттап жататын. Таңертеңгі сағат жетіде оянған күтушілердің бірі баспана есігі ашық тұрғанын көреді, бірақ бүл адамның жұртты зәрезеп қылғаны сонша, үй ішіндегілердің түске дейін онда бас сұғуға батылы бармайды. Ашық тұрған есіктен ішке көз салған олар жан шошырлық жағдайды көріп, аза бойы қаза боп деревняға қарай тұра жүгіреді. Бір сағаттан кейін мен оқиға болған жерде тергеу жұмысын жүргізуге кірістім.

Мен жүйкем берік адаммын, оны өзіңіз де білесіз, мистер Холмс, бірақ серт ете отырып айтайын,үйшіктің ішіне көз жібергенімде тұла бойым түгел қалтырап кетті. Қара бұлттай қаптаған көк шыбыннан үйшік фисгармония секілді гуілдеп түр еді, ал едені мен қабырғалары қасапхананы еске салатын. Капитан баспанасын каюта деп атайтын, ол шынында да каютаға ұқсасты: ішіне кіргенде бейне кеме бортына тап болғандай сезінетінсің. Бөлменің бір шетінде - кереует, жанында кеменің сандығы, қабырғаларда -теңіз карталары, "Теңіз мүйізтұмсығының" фотосуреті, сөрелерде бума-бума кеме журналы жатыр - бәрі де аумаған капитан каютасындағыдай. Осының бәрінің қақ ортасынан капитанның өзін көруге болатын - әлпеті тозақ азабын тартып жатқан күнәкардың бетіндей кеспірсізденіп кетіпті, ақ мол кірген қаба сақалы жан тәсілім берер алдындағы арпалыста тікірейіп қалыпты. Керегедей кеудесін болат гарпун тесіп өтіпті. Гарпун кеудесін көктей өтіп, ағаш қабырғаға қайта шықпастай боп қадалыпты. Капитан қабырғаға құдды картонға түйреуішпен түйрелген қоңыздай шаншылған еді. Әрине, оның шыңғырған дауыс шығарған сәтінде - ақ жан тәсілім еткені кәміл

Тәсілдеріңізбен жақсы таныспын, сэр, сол себепті оларды қолма-қол қолдана бастадым. Еш нәрсені орнынан қозғауға рұқсат етпедім, баспана төңірегі мен бөлме еденін мұқият түрде қарап шықтым. Бірақ ешқандай із табылмады.

- Асылы, ондай ізді байқай алмадым дегенді айтпақсыз - ау, сірә?

- Шын сөзім, сэр, онда ешқандай із болған жоқ.

- Құрметті Хопкинс, мен талай-талай қылмысқа тергеу жүргіздім, бірақ канаты бар қылмыскерді әлі күнге дейін кездестірген емеспін. Қылмыскер өз аяғымен жүре алатын жан болса, ол міндетті түрде әлденендей бір із қалдырады, бірдеңеге жанасады немесе оны орнынан қозғайды. Ал тергеудің ғылыми әдіс-тәсілдерін меңгерген адам айналадағы заттардың орналасуындағы ең болмашы деген өзгерістің өзін тауып алады. Қанға малшынған бүл бөлмеде қылмыскерді құрықтауымызға көмектесетін іздер қалмады дегенге сену қиын... Айтқандайын, кей нәрселерге мүлдем көңіл аудармағаныңызды тергеу хаттамасынан көріп отырмын.

Жас инспектор тұнжырап қалды: Холмстың кекесіні жанына батып кеткен еді.

- Сізді сол бойда шақырмағаным ақымақтық болды, мистер Холмс, - деді ол - Алайда қазір енді ештеңе өзгерте алмайсың, Иә, бөлмеде айрықша назар аударуға тұрарлық бірнеше зат бар-тын. Капитанды өлтіруге пайдаланылған гарпунды-ақ алайықшы. Әлдекім бүл гарпунды қабырғадан түсірген. Екі гарпун өз ілмегінде ілулі түр, ал үшінші ілмек бос қалған. Сабында: "Теңіз мүйізтұмсығы" пароходы, Данди" деген жазу бар. Долбарым дұрыс болса, бүл - қылмыстың жойқын қатты ашу-ыза үстінде жасалғанын, қанішер қолына қандай қару іліксе соған жармаса кеткенін көрсетеді. Ал оқиға түнгі сағат екіде орын алғанына қарамай, Кэридің үстінде біршама тәуір киім болғаны - оның қанішермен арнайы жолығысқаны жайындағы ойға жетелейді. Үстел үстінде бір бөтелке ром мен кір-қожалақ екі стақанның тұрғаны да соның айғағындай.

- Иә, бүл екі тұжырымыңыздың екеуін де қабылдауға болады, - деді Холмс. - Немене, бөлмеден басқа да спирттік ішімдіктер табылған ба?

- Иә, сандықтың үстінде поднос түр екен; оған коньяк пен виски құйылған графиндер қойылыпты. Бірақ мұның іске қатысы жоқ. Өйткені графиндер толық болатын, демек ешкім оған қол тигізбеген.

- Бұлардың сол арадан табылуының бәрібір өзіндік мәні бар, - деді Холмс. - Тағы қандай заттардың іске қатысы болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Үстел үстінде әлгі темекі қалта жатты.

- Үстінде болғанда қай жерде?

- Үстелдің қақ ортасында. Ол итбалықтың қарабайыр қатты терісінен жасалып, қайыс баумен байланыпты. Ішінде "П.К." деген әріптер бар. Қалтадан теңізшілер тартатын жарты унциядай күшті темекі шықты.

- Тамаша. Сосын тағы не табылды?

Стэнли Хопкинс қалтасынан сұрғылт мұқабалы қойын дәптерді шығарды. Мұқабасы кедір-бұдырлы екен әрі тозыңқырап қалыпты, парақтары сарғайып, оңып кетіпті. Алғашқы бетінде кісі есімінің "Д.Х.Н." деген бастапқы әріптері мен "1883" деген дата жазулы түр. Холмс қойын дәптерді үстел үстіне қойып, өзіне тән ықтияттылықпен зер сала қарай бастады, ал Хопкинс екеуіміз дәптерге оның иығынан көз жіберіп тұрдық. Екінші бетінен "К.Т.Т.Ж." деген әріптерді, одан арғы екі-үш парақтан - быжынаған цифрларды көрдік. Кей беттерінен "Аргентина", "Коста - Рика", "Сан-Паоло" деген сөздер, сосын тағы да цифр бағаналары мен әлденендей белгілер кезікті.

Бұл жазбалар жайында не айта аласыз? - деп сұрады Холмс.

Сірә, бұл биржа акцияларының тізімдемесі шығар. Меніңше, "Д.Х.Н." - делдалдың аты-жөні, ал "К.Т.Т.Ж.", оның клиенті болса керек.

- Бәлкім, "Канадалық Тынық мұхит темір жолы" болар, - деді Холмс.

Стэнли Хопкинс күбірлей сөйлеп қарғанып сіленіп алды да санын бір соқты.

- Қандай ақымақ едім! - деп дауыстап жіберді ол. - Әрине, тап солай, сіздің айтқаныңыздай. Енді бізге «Д. X. Н.» деген әріптердің нені білдіретінін анықтау ғана қалды. Мен биржаның 1883 жылғы ескі тізілімін қарап шықтым, бірақ одан аты-жөнінің алғашқы әріптері осындай боп келетін бірде-бір биржа делдалын кезіктіре алмадым. Солай бола тұрғанымен, бағытым дұрыс. Қалай ойлайсыз, мистер Холмс, мұның сол күні түнде капитанға ін и ш жолыққан адамның, яғни, басқаша сөзбен айтқанда, қанішердің аты-жөнін білдіретін алғашқы әріптер болуы да әбден мүмкін ғой, солай емес пе? Ал мына соншалықты көп бағалы қағаздың тізімі келтірілген қойын дәптер, бәлкім, бізге қылмыстың себебін ашып беретін де шығар.

Тергеудің жаңа бағытқа өріс алуы Холмсты әрі-сәрі ғып тастағаны әлпетінен анық көрініп тұрды.

- Дұрыс тұжырым жасағаныңызды мойындауға тиіспін, - деді ол. - Шыны сол, тергеу хаттамасында ештеңе айтылмаған мына қойын дәптер жорамалдарыма азды-кем өзгеріс енгізгелі түр. Өзім негіздеген теорияда оған орын болмаған... Сіз мұнда көрсетілген бағалы қағаз иелерін іздеп табу жайын ойластырған жоқсыз ба?

- Ойластырдым. Әр алуан кеңсеге сұрау салдым, бірақ бұлар Оңтүстік Америкалық кәсіпорындар акциясы ғой. Жауабын бірнеше аптадан соң ғана алатын шығармын.

Холмс қойын дәптер мұқабасын үлкейткіш шыны арқылы қайтадан қарауға кірісті.

- Мына жерде дақ бар екен, - деді ол.

- Иә, сэр, ол қанның дағы. Дәптерді еденнен алдым ғой.

- Қанның дағы мұның үстінде болды ма әлде астында болды ма?

- Еденге жанасқан бетінде болды.

- Демек, дәптер еденге кісі өлімінен кейін түскен.

- Дұрыс айтасыз, мистер Холмс. Меніңше, қанішер оны асығыс-үсігіс қашқан кезде түсіріп алған. Есіктің тап қасында жатты.

- Шамасы, марқұмның мүліктері арасынан мына бағалы қағаздардың бірде-бірі табылмаған шығар?

- Табылған жоқ, сэр.

- Біреулер тонап кетті деуге негіз бар ма?

- Жоқ, сэр. Ештеңе ұрланбаған сияқты.

- Бас қатырарлық қандай қызықты жағдай десеңші! Айтпақшы, онда пышақ та болды емес пе?

- Пышақ қынында қалған, суырып алуға үлгермеген. Марқұмның аяғының астында жатты. Миссис Кэри бүл күйеуінің пышағы екенін айтты.

Холмс ойланып қалды.

- Жарайды, - деді ол. - Сонда барып жағдайды өз көзіммен көргенім дұрыс болар.

Қуанып кеткен Стэнли Хопкинс шаттана үн қатты:

- Рақмет сізге, сэр! Иығымдағы ауыр жүктен арылтатын болдыңыз.

Холмс инспекторға саусағын безеді.

- Бір апта бұрын бұлай бас ауыртпас едік, - деді ол - Алайда бүл сапарым қазірдің өзінде пайдасын тигізуі мүмкін. Ватсон, қолыңыз тисе, сізбен бірге барып қайтуым маған зор қуаныш сыйлаған болар еді. Күйме шақырыңыз, Хопкинс, Форрест-Роуға ширек сағаттан кейін аттанамыз.

Шағын стансада пойыздан түскеннен кейін күймеге отырып, ойдым-ойдым боп өскен ағаштар арасымен әлі де бірнеше миль жүрдік; бұл ағаштар заманында сакстар шабуылын тоқыратқан, ит тұмсығы батпайтын орасан ауқымды ну орманның сарқыншағы еді; осынау жан баласы жуи алмаған өлке алынбас қамалға айналып, алпыс жыл бойына Британияны жаудан қорғаған-ды. Мұның көлемді бөлегі оталып қалды, өйткені осы арада елдегі ең алғашқы шойын қорытатын зауыттар пайда болған-ды, ал кенді қорыту үшін ағаш қажет еді. Қазір өнеркәсіп Солтүстіктің бұдан гөрі бай аудандарына қоныс аударды, сиреп кеткен тоғайлар мен жер бетіндегі жойдасыз тыртықтар ғана өткенді еске салып түр. Жотаның жасыл беткейіндегі ашық алаңқайдан қашалмаған қара тастан тұрғызылған ұзын үй көрініс берді; егістік арасымен ирелеңдеген қара жол сол үйге қарай бастайды екен. Үш жағынан бұтамен қоршалған, есігі мен терезесі бізге қараған шағын баспана жолға жақындау жерден орын теуіпті. Кісі өлімі болған жер осы еді.

Стэнли Хопкинс бізді әуелі үйге алып барды, онда ақ шашты, жабырқау жүзді әйелге -марқұмның зайыбына таныстырды. Жүдеу бет, терең әжімдер, қабағы қызарып кеткен шүңірейген көздің үрейге толы қарасы - бүл әйелдің жылдар бойы жәбір көріп, тақсірет тартқанын аңғартып түр еді. Қызы, қуқыл өңді, жанары ұшқын атқан ақсары бойжеткен, әкесінің өліміне қуанатынын, оған өлтіре соққы берген адамға алғыс айтатынын мәлім етті. Питер Кэри үйде жан түршігерлік тымырсық ахуал қалыптастырған-ды, күн жарығына қайта шығып, марқұм капитан таптап тастаған танаптағы жалғыз аяқ жолға түскенде ғана жанымыз жай тапты.

Баспана - төбесін жеңіл-желпі жаба салған, екі терезесі бар, ағаштан тұрғызылған қарабайыр құрылыс еді; бір терезесі есіктің жанында, екіншісі қарама-қарсы қабырғада болатын. Стэнли Хопкинс қалтасындағы кілтті алып құлыпқа қарай еңкейді; сөйтті де, сілейіп тұрып қалды, әлпетінен әлденеге алаңдаушылық пен абыржушылық байқалды.

- Құлыпты бұзып ашпақшы болған, - дедім мен.

Бұған күдік келтіру қиын-ды. Есікте сызаттар қалыпты, ақ түсті сызаттар, қазір ғана түсірілгендей, сырланған жерден оқшаулана көзге ұрып тұр. Холмс терезені қарап шықты.

- Терезені де біреу ашпақ болған, бірақ аша алмаған. Тәжірибесіз неме екені байқалады.

- Бұл қызық болды ғой өзі, - деді инспектор. - Ант бере алам, кеше кешкісін мұндай сызаттар болған жоқ.

- Бәлкім, деревнядағы біреулер әуестік білдіріп жүрмесе? - деген жорамал жасадым мен.

- Жоға, кім келуші еді. Жеке меншік қоныстың ауласына рұқсатсыз кіруге тәуекел ете қоятындар коп болмас, ал "каютаны" бұзып кіруге батылы баратындар тіптен де табылмайды. Сіз не айтасыз бұған, мистер Холмс?

- Меніңше, біздің жолымыз болды.

- Сонда бұл адам қайта келеді деп ойлайсыз ба?

- Әбден мүмкін. Ол есікті кішкене шаппа пышақпен ашпақшы болған. Мұның реті келмеген. Енді оған не істеу керек?

- Келесі күні түнде жарамдылау құралмен қайтып оралу керек.

- Дұрыс. Оны аңдымасақ, ақымақтық жасар едік. Ал әзірше маған "каютаны" ішкі жағынан қарап шығуға рұқсат етіңіз.

Қайғылы оқиғаның ізі жойылып та үлгеріпті, бірақ құйттай бөлмедегі жиһаз әлі де сол қан төгілген түндегі қалпынан қозғалмапты. Холмс екі сағат бойы әр затты бірінен соң бірін аса мұқият түрде асықпай қарап шықты, бірақ ізденістерінің нәтиже бермегені әлпетінен -ақ аңғарылып түр еді. Зейін сала зерттеуін ол бір-ақ рет қана үзді.

- Мына сөреден бірдеңе алдыңыз ба, Хопкинс?

- Жоқ, мен ештеңені қозғаған жоқпын.

- Мына жерден әлдебір нәрсе алынған: сөренің бұл бұрышында шаң аз. Бәлкім, бүл арада кітап жатқан шығар, әлде қорап жатты ма екен... Енді мұнда маған істейтін іс қалған жоқ-ау деймін. Жүріңіз, Ватсон, мына керемет әсем тоғайларды аралап қыдырыстап қайтайық, құстар мен гүлдерді тамашалайық. Сізбен осы арада кейіндеу кездесеміз, Хопкинс. Өткен түнде осында келіп кеткен джентльменмен жақынырақ танысудың сәті түсіп қалмас деймісің?

Түнгі сағат он екіде біз торуыл жасауға кірістік. Хопкинс баспана есігін ашық қалдырмақшы болған, бірақ Холмс бүл бейтанысты сезіктендіріп ала ма деген қауіп қылды. Құлыптың қарабайырлығы сонша, оны кез келген біршама берік пышақпен аша беруге болатын. Сондай-ақ, Холмс баспананың ішінде емес, сыртында, екінші терезе і үбіндегі бұталар тасасында отырып күтейік деген ұсыныс айтты. Осылай еткенде, әлгі адам шам жаға қалса, оның не істеп, не қоятынын бақылауымызға, сөйтіп құпия түрде түн жамылып келуінің мақсатын біліп алуымызға мүмкіндік туатын еді.

Ұзақ уақыт бойы дегбірсіздене тосып отырдық; бойымызды мазасыздық билеп алды. Шөлден қаталаған анды суат жанынан тосқан аңшы да осылай мазасызданатын. Тас қараңғыда мұнда қарай жымын білдірмей басып келе жатқан қандай жыртқыш? Жан алыс, жан беріс айқаста ғана жеңуге болатын, азу тісі жарқыраған, тырнағы қанжардай қансүрек жолбарыс па әлде қауқарсыз бен қорғансызға ғана қожа шиебөрі ме?

Бұталар тасасында тіл қатпастан үнсіз күтумен болдық. Әуелі үйіне кештеу қайтып келе жатқан жүргіншілердің аяқ дыбысы мен деревнядан шыққан дауыстар құлағымызға шалынды, сосын бірте-бірте бұл дыбыстар да өшті. Ақыры құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Тек алыстағы шіркеу сағатының шыңылы ғана уақыттың өтіп жатқанын есімізге салып қоятын, сосын жаймен бүріккен жаңбыр тамшылары өзімізге баспана боп тұрған жапырақтарды болар-болмас қана сыбдырлататын.

Түнгі сағат екі жарым болды: таң атар алдындағы ең қараңғы мезгіл еді бүл Кенет қақпа жанындағы кішкене есіктің ақырын болғанымен ап-анық сықыр еткенін естіп бойымыз дір ете қалды. Әлдекім ауладағы жолмен жүріп келе жатты. Сосын тағы тыныштық орнады. Көзімізге қос көрінген шығар деп ойлағаным сол еді, күтпеген жерден баспана сыртынан аңдап басқан аяқ дыбысы, ал қас қағым сәттен кейін - темірдің салдыр гүлдірі естілді. Әлдебіреу құлыпты бұзбаққа әрекеттеніп жатыр екен! Бүл жолы ол епсектік білдірді және құралы да бұрынғыдан тәуір боп шықты - ұзамай сатыр-сұтыр еткен дыбыс естіліп, есіктің топсалары сарнап қоя берді. Одан соң шырпы шағылды да, іле-шала шырақтың бірқалыпты жарығы баспана ішін жарқыратып жіберді. Жұқалтым пердеден біз іште не боп жатқанның бәрін көріп отырдық.

Түнгі қонақ әлжуаз, аурушаң адам секілді эсер қалдыратын жас жігіт екен. Кішкене қара мұрты өңінің қу шүберектей қуқылдығын айқындай түсіп түр. Жасы, шамасы, жиырмадан енді ғана асқан болса керек. Мұншалықты халге душар болған адамды осы күнге дейін ешқашан кезіктірмегем: қорқыныштан тісі тісіне сақ-сақ ұрып, тұла бойы қалш-қалш етіп түр еді. Ол джентльмен секілді киініпті: үстіне Норфолк жакетін, спорттық қысқа шалбар, басына шұғадан тігілген кепкі киіпті. Жан-жағына үрейлене жалтақтап тұрғанын көрдік. Содан соң шырақты үстел үстіне қойды да, түкпірге еніп көрінбей кетті. Ол жақтан үлкен кітап алып оралды - бұл әлгі сөреде бума-бума боп тұрған кеме журналдарының бірі еді. Үстел үстіне қарай еңкейген ол іздеген жазбасын тапқанша беттерді тез-тез парақтай бастады. Сөйтті де, журналды жұдырығымен ашулана бір періп, орнына қойып, жарықты өшірді.

Есікке қарай енді бұрылып үлгергені сол еді, Хопкинс оны жағасынан ала кетті. Зәресі ұшқан адамның шыңғырған дауысын естідім: түнгі қонақ өзінің қапыда қолға түскенін ұққан болатын. Шырақ қайтадан жағылды. Сормаңдай тұтқын тыңшының құшағында тұр еді.

- Ал, құрметтім, - деді Стэнли Хопкинс, - кімсіз, бұл жерден не іздеп жүрсіз, айта беріңіз.

Жас жігіт өз-өзіне келіп, сабасына түскендей көрінді.

- Сіздер, сірә, тыңшы шығарсыздар? - деп сұрады ол. - Капитан Питер Кэридің өліміне менің қатысым бар деп тұрсыздар ма, сонда? Ақ адал шыным, бұған менің араласым жоқ.

- Оны кейін көре жатармыз, - деді Хопкинс. - Ең әуелі аты-жөніңізді айтыңыз.

- Джон Хопли Нелиган.

Холмс пен Хопкинстің бір-біріне көз тастап қойғанын байқадым.

- Мұнда неғып жүрсіз?

- Құпиямды жария етпейсіздер деп сенуіме бола ма?

- Міндетті түрде жария етеміз. Жария еткенде қандай!

- Ондай жағдайда маған сыр ашудың қажеті қанша?

- Айтпасаңыз соттан жақсылық күтпей-ақ қойыңыз.

Жігіт тітіркеніп кетті.

- Амал қанша, айтайын, - деп күңк етті ол - Айтпасқа не? Бірақ, бір замандағы осынау масқаралық істің қайтадан жұрт назарына ілігетіні неткен жиіркенішті нәрсе десеңші! Даусон мен Нелиган жөнінде естігендеріңіз бар ма?

Хопкинстің әлпетіне қарап оның бүл жайында дәнеңе білмейтінін аңғардым, бірақ Холмс селк ете қалды да:

Батыс банкінің қожайындары туралы айтып тұрсыз ба? Олар миллионға банкроттыққа ұшырады, Корнуэлл графтығының тең жартысын жұтатып кетті, ал Нелиган ұшты-күйлі жоғалды, — деді.

- Дәп солай. Нелиган - менің әкем болады.

Ақыры бір нәрсенің ұштығы шықты. Алайда қашып кеткен банкир мен өз гарпуны қабырғаға қатырып шегелеген капитан Питер Кэридің арасында қандай байланыс бар - ол жағы бізге мүлдем белгісіз болатын. Сондықтан жас жігіттің әңгімесіне ықыласпен құлақ түрдік.

- Бұл банкроттық іс жүзінде менің әкемді ғана сансыратты. Даусон банк басшылығынан біраз бұрын қол үзген. Ол кезде мен бар-жоғы он жаста едім, бірақ біршама естияр боп қалғандықтан болған істің масқарасы мен қасіретін бір кісідей сезіндім. Жұрт әкем барлық бағалы қағазды ұрлап алып қашып кетті десіп жүрді. Бүл шындыққа жанаспайтын. Бұларды өткізуге уақыт берілсе, бәрі ойдағыдай болатынына, сөйтіп салымшылармен толық есеп айырысатынына әкем кәміл сенімді еді. Ол өзін тұтқынға алу жөнінде бұйрық шығардың нақ алдында шағын яхтамен Норвегияға кетті. Анаммен қоштасқан соңғы түнін әлі ұмытқам жоқ. Бізге өзімен бірге әкетіп бара жатқан бағалы қағаздардың тізімін қалдырды. Абырой-беделін қайтадан қалпына келтіретінін, өзіне сенім көрсеткендердің ешқайсысы жапа шекпейтінін айтып ант - су ішті. Содан бері ол жайында ештеңе естіген емеспіз. Яхта да, өзі де ғайып болды. Шешем екеуміз оны теңіз түбінде тыным тауып жатыр деген ойға тірелгенбіз. Іскерлік байланысы мол бір сенімді досымыз бар - тұғын, міне сол кісі әкемнің қолында болған кейбір бағалы қағаздың жақында Лондонның құнды қағаздар базарында қайта пайда болғанын айтып келді. Таңырқауымызда шек болсашы! Бұл қағаздардың қайдан шыққанын анықтауға бірнеше ай уақыт жұмсадым, көптеген сәтсіздікті бастан кештім, қиындықтарға душар болдым, сөйтіп ақыры ол қағаздарды сатқан осы лашықтың қожайыны капитан Питер Кэри екенін анықтадым.

Әрине, дереу бұл кісі жайында дерек жинауға кірістім. Оның кит аулайтын кемеге командирлік еткенін, дәп сол әкем Норвегияға сапар шегіп бара жатқан мезгілде поляр теңіздерінен оралып келе жатқанын білдім. Сол жылғы күз жауын-шашынды болды, теңізде сұрапыл дауыл тұрып жатты. Әкемнің яхтасын, шамасы, солтүстікке қарай ықтырып әкетсе керек, сол жерде оны капитан Питер Кэридің кемесі кездестірсе керек. Егер оқиға осылай өрбіген болса, әкем қайда кеткен? Неғылған күнде де, Питер Кэри маған әлгі бағалы қағаздардың базарға қалай тап болғанын анықтауға көмек көрсетсе, әкемнің бүл қағаздарды сатпағанын, бұларды өзімен бірге ала кеткенде қара басының қамын ойламағанын дәлелдеп берген болар ем.

Капитанға жолығу үшін Суссекске келдім, бірақ дәл осы кезде ол анадай жан түршігерлік өліммен қаза тапты. Тергеу хаттамасынан "каютасының" сипаттамасын оқығам. Онда кемесінің ескі журналдары да бар екені сөз арасында айтыла кететін. Сонда маған: "Жолым болып осы журналдардың бірінен 1883 жылғы тамыз айында "Теңіз мүйізтұмсығының" бортында қандай оқиға орын алғаны жайында оқудың орайы келсе, әкемнің жұмбаққа айналған тағдырын білген болар едім" деген ой келе қалды. Өткен түнде осы журналдарды қолға түсірмек болғам, бірақ есікті аша алмадым. Бүгінгі талпынысым одан тәуірірек болды, алайда аталған айға қатысты парақтарды жұлып тастапты. Осы арада мені өздеріңіз ұстап алдыңыздар.

- Осы ма айтарыңыз? - деп сұрады Хопкинс.

- Иә, осы. - Мұны айтқан кезде жігіттің көзі алақтап кетті.

- Басқа айтарыңыз жоқ па?

Ол екі ойлы бон қалды.

Жоқ.

- Оқиға болған түні мұнда келдіңіз бе?

- Жоқ.

- Ал мынаны қалай түсіндіресіз? - деп ақырып жіберді Хопкинс, алғашқы бетіне тұтқынымыз аты-жөнінің алғашқы әріптері жазылған, мұқабасында қанның дағы бар қырсықты қойын дәптерді оған ұсынып жатып.

Бейшараның еңсесі түсіп кетті. Қолымен бетін басты, денесі қайтадан қалтырап қоя берді.

- Қайдан тауып алдыңыздар оны? - деп ышқынды ол - Мен білген де жоқпын... Қонақүйде жоғалтып алған шығармын дегем.

- Жә, жетер! - деді Хопкинс қатқыл үнмен. - Тағы да айтар бірдеңеңіз болса, сотта айта жатарсыз. Қазір менімен бірге полицияға барасыз... Ал, мистер Холмс, маған көмек көрсетпекке осында келгеніңіз үшін өзіңізге және досыңызға дән ризамын. Қазір белгілі боп қалғандай, бұған араласуыңыздың қажеті жоқ та екен. Сіздің көмегіңізсіз - ақ істі ақырына жеткізеді екем, солай бола тұрғанымен, сізге ырзашылығымды білдірем. Сіздерге "Брэмбльтай" қонақүйінен бөлме қалдырылды, сондықтан деревняға бәріміз бірге баруымызға болады.

- Айтыңызшы, Ватсон, осының бәрі жайында қандай ойдасыз? - деп сұрады Холмс, ертеңіне таңертең пойызбен кейін қайтып келе жатқанымызда.

- Байқаймын, онша қанағаттанбаған сияқтысыз.

- О не дегеніңіз, қымбатты Ватсон, әбден қанағаттандым. Әйткенмен, Стэнли Хопкинсті мақтауға аузым бармай түр. Оның тәсілдері түкке алғысыз. Көңілім қалды одан. Ол жігіттен үлкен үміт күткем. Қандай жұмбақтың болсын қашан да екінші шешімі табылуы мүмкін, соны іздеу керек. Бүл - қылмысты тергеудің алғашқы шарты.

Бұл жерде қандай екінші шешім болуы мүмкін?

- Ол менің жеке ізденістерімнің негізінде жатыр. Ешқандай нәтиже бермеуі де мүмкін. Алдын-ала ештеңе айта алмаймын, бірақ жетер жеріне жеткізбей тынбаймын.

Бейкер-стритте Холмсты бірнеше хат күтіп жатыр екен. Біреуін ала салды да, ашқан бойда масаттана мәз боп күлді:

- Не деген керемет нәрсе, Ватсон! Сізде телеграф бланкісі бар ма? Мен үшін бірер жеделхат жаза қойыңызшы: "Пароход агенті Самнерге, Рэтклифф жолы. Үш адам жіберіңіз, кездесу уақыты - ертең таңертеңгі сағат он. Бэзил". Солардың арасындағы аты-жөнім осындай. Екіншісі: "Инспектор Стэнли Хопкинске, Лорд-стрит, 46, Брикстон. Ертең сағат тоғыз жарымда таңғы асқа келіңіз. Маңызды шаруа бар. Келе алмайтын болсаңыз жеделхат арқылы хабарлаңыз. Шерлок Холмс". Айтайын дегенім, Ватсон, бүл шаруа он күн бойы көңілімді алаң ғып, мазамды алып біткен еді, енді содан арылмақшымын. Бүл істі ертең біржола тәмам қылармыз деген үмітім бар.

Инспектор Стэнли Хопкинс дәлме-дәл белгіленген уақытта бой көрсетті, сөйтіп үшеуміз миссис Хадсон әзірлеген керемет дәмді таңғы асқа отырдық. Жас тыңшының сәтті қадам жасадым деп масайрап, ісіп кеуіп отырғаны байқалды.

- Сонымен болған оқиға жөніндегі байламыңыздың дұрыстығына кәміл сенімдімісіз? - деп сұрады одан Холмс.

- Сенімді болғанда қандай! Бәрі де алақандағыдай айқын емес пе.

- Ал, меніңше, бұл іс әлі аяқтала қойған жоқ.

- Қызық екенсіз, мистер Холмс! Бұдан артық қандай дәлел керек тағы?

- Байламыңыз болған істің барлық қырын толық ашып бере ала ма?

- Әлбетте. Нелиган баласының "Брембльтай" қонақ үйіне сол қылмыс жасалған күні келгенін анықтап білдім. Осында гольф ойнамақшы екенін желеу етіпті. Бөлмесі бірінші қабатта болатын, сол себепті кез келген уақытта шығып кете алатын. Сол күні түнде Вудменс Лиге барып Питер Кэримен лашығында кездескен, онымен жанжалдасып қалған да, гарпунмен түйреп өлтірген. Сосын істеген ісінен шошынып лашықтан тұра қашқан, сол арада қойын дәптерін түсіріп алған. Дәптерді онда алып барған себебі Питер Кэриден әлгі бағалы қағаздар жайында сұрамақшы болған. Тізімдегі кейбір қағаздың тұсына белгі қойылғанын, сірә, өзіңіз де байқаған шығарсыз? Бұлар - Лондонның құнды қағаз базарында сатылғандары. Алайда, көпшілігі, шамасы, әлі Кэриде болса керек. Нелиганның баласы, өзі мойындап отырғандай, әкесінің қарызын қайтару үшін сол қағаздарды қолға түсіруді армандайтын. Қашып кеткеннен кейін ол біршама уақыт бойы лашыққа қайта оралуға бата алмай жүрді, бірақ ақыры қажетті деректерін табу үшін тәуекелге бел байлады. Бәрі айдан анық емес пе?

Холмс езу тартып, басын шайқады:

- Жорамалыңыздан бір кемшілік тауып тұрмын, Хопкинс: ол шындыққа мүлдем жанаспайды. Гарпунмен денені түйреп көрдіңіз бе өзіңіз? Өйткен жоқсыз ба? Ендеше, құрметті сэр, осы нәрсеге айрықша назар аударуыңызға тура келеді. Досым Ватсон сізге мұнымен таң сәріде қалай жаттыққаным жайында айтып бере алады. Бүл оңай нәрсе емес, бұған қайратты да машықты білек керек. Ал, капитанға жасалған соққының сұрапылдығы сонша, гарпун оның денесін көктей өтіп қабырғаға терең кіріп кеткен. Ана әлжуаз жігітті сондай соққы жасай алады деуге бола ма? Немесе жеті түнде Қара Питермен ром ішкен адам тап сол деп, немесе қантөгістен екі күн бұрын пердеден біреулер тап соның сұлбасын көрді деп болжал жасай аласыз ба?

Жо-жоқ, Хопкинс, бізге одан гөрі қорқыныштырақ біреуді іздеуге тура келеді.

Холмстың сөзін тыңдап отырған тыңшының түрі бұзылып, берекесі қаша бастады. Ой жоспары күйреп, үміт дәмесі күлге айналған еді, бірақ оңайлықпен беріскісі келмеді.

- Нелиганның сол күні түнде лашықта болғанын жоққа шығара алмайсыз, мистер Холмс. Мұның бұлтартпас дәлелі - қойын дәптер. Бүл айғақтардың, өзіңіз айтқандай, осалдау тұстары болған күннің өзінде де сот үшін, меніңше, осы деректердің өзі-ақ жеткілікті. Ал, ең бастысы, мистер Холмс, менің қылмыскерім қазір абақтыда отыр. Ал сіздің "қорқынышты адамыңызды" әлі көре қойғам жоқ.

- Ол дәл қазір біздің баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатыр-ау деген ойға бейіл беріп отырмын, - деп жауап қатты Холмс жай ғана. - Меніңше, Ватсон, мына револьверді дайын ғып ұстағаныңыз жөн сияқты. - Холмс орнынан көтеріліп, жазу толы парақты алып, жанында тұрған кішкене үстелдің үстіне қойды. - Енді біз дайынбыз, - деді ол сосын.

Дабырлаған дауыстар естілді, іле миссис Хадсон есікті ашып, үш еркектің капитан Бэзилді сұрап тұрғанын айтты.

- Бір-бірлеп жіберіңіз, - деді Холмс.

Бірінші боп шапаты бойлы, екі беті нарттай қызыл, бұрқыраған бурыл жақ сақалы бар толықша адам кірді. Холмс қалтасынан бір хатты шығарды.

- Аты-жөніңіз? - деп сұрады ол.

- Джеймс Ланкастер.

- Өкінішті-ақ, Ланкастер, бірақ адам алып қойдық. Мазалағанымыз үшін мына жарты соверенді алыңыз. Ана бөлмеге барып кішкене күте тұрыңыз.

Екіншісі ұзын бойлы, ашаң, шашын жылмита тараған, өңі дімкәс жанның өңіндей боп-боз адам екен. Есімі Хью Пэттино боп шықты. Оған да орын жоқтығы айтылып, жарты соверен және күте тұруға бұйрық берілді.

Үшінші келгіншінің түр сықпыты есте қаларлықтай екен. Қатыгез, қабан бетін ұйпа-тұйпа сақал-шаш жауып кетіпті, ал тікірейген қалың қастың астындағы қара қоңыр қайсар көзден от ұшқындайды. Ол сәлемдесті де, теңізші позасында тұрған қалпы қолындағы кепкісін умаштай бастады.

- Аты-жөніңіз? - деп сұрады Холмс.

- Патрик Кэрнс.

- Гарпуншымысыз?

- Иә, сэр. Жиырма алты рейсте болдым.

- Дандиденсіз ғой деймін?

- Иә, сэр.

- Экспедициялық кемемен сапарға шығуға келісесіз бе?

- Иә, сэр. Жалақы қандай?

- Айына сегіз фунт. Дереу жолға шығуға дайынсыз ба?

- Құрал-жабдық қолыма тиген бойда.

- Қағаздарыңыз өзіңізде ме?

- Иә, сэр.

Ол қалтасынан бір бума әбден тозып, кірлеген құжаттарды шығарды. Холмс оны қарап шығып қайтарып берді.

- Маған керегі де тап осындай адам еді, - деді ол - Міне, мына үстелде контракт жатыр. Қол қойыңыз, сонымен іс те тәмам.

Теңізші бөлмемен теңселе басып жүріп өтті де, қаламды қолына алды.

- Мына жерге қояйын ба? - деп сұрады үстелге қарай еңкейген ол.

Соны күткен Холмс әбжіл қимылдап, әлгінің қолына бұғау сала қойды.

- Енді болды, - деді ол.

Мен болат темірдің сылдыры мен аласұрған ашулы бұқаның өкірген дауысын естідім. Ұстаса кеткен Холмс пен теңізші сол қас қағымда - ақ еденге құлап, алысып - жұлыса бастады. Теңізші қара күштің иесі болатын: қолында Холмс соншалықты ептілікпен салған бұғауы барына қарамастан досымды жеңіп кетуі мүмкін еді. Бірақ Хопкинс екеуміз көмекке ұмтылдық. Қарсыласудың пайдасы жоқтығын анау револьвердің суық оқпаны самайына тірелгенде ғана түсінді. Біз оның аяғын жіппен байлап тастадық та, ентіге дем алып бой түзедік.

- Сізден кешірім сұрауға тиіспін, Хопкинс, - деді Шерлок Холмс, - шала пісірілген жұмыртқа суып та қалды - ау деймін. Сөйтсе де, тергеудің осылайша табыспен аяқталуы тәбетіңізді арттырар деген үміттемін.

Стэнли Хопкинс таң-тамаша боп аңырып тұрып қалды.

- Не деуге болар, мистер Холмс! - деп салды беті шиедей боп кеткен ол ақыры. - Шамасы, мен әу бастан ақымақтыққа салындым - ау деймін. Сіздің ұстаз екеніңізді, ал өзімнің бар-жоғы шәкірт екенімді бір сәт естен шығармауым керек еді. Тіпті қазірдің өзінде де, қандай іс тындырғаныңызды көріп тұрған шақта да, дәнеңе түсінгем жоқ. Қалай тапқаныңызға қайранмын.

- Жарар, жарар, - деді Холмс кең пейілдік білдіріп, - кім де болсын өз қателігінен сабақ алады. Екінші шешім барын есте ұстау қажеттігін енді ешқашан қаперден шығармаңыз. Нелиганның баласымен басы бүтін айналысып кеткеніңіз сонша, Патрик Кэрнс жайында ойланған да жоқсыз. Ал Питер Кэриді өлтірген сол еді ғой.

Теңізшінің қарлыққан дауысы оның сөзін бөліп жіберді:

- Бері қараңыз, мистер! Өзіме осыншама дөрекілік көрсеткеніңізге бола ашу білдіріп жатқаным жоқ, бірақ қалай дегенмен де, әділін айту қажет емес пе. "Питер Кэриді өлтірген", дейсіз. Мен оны өлтіруге мәжбүр болған адаммын. Ал мұның бір-бірінен айырмашылығы бар. Немене, сенбейсіз бе маған? Немене, өтірік айтады дейсіз бе мені?

Әсте олай емес, - деп жауап қатты Холмс. - Айтарыңыз болса ықыласпен құлақ түреміз.

- Мен көп сөйлеп бас қатырмаймын және, Құдай атымен ант етейін, әр сөзім - шындық. Қара Питерді бұрыннан білетінмін, ол пышаққа жармасқанда мен гарпунға ұмтылдым, өйткен себебім, тек біреуміз ғана тірі қалатынымызды түсінгем. Ол осылай жан тәсілім етті. Бәлкім, мұны кісі өлтірушілік деп атайтын шығар. Қалай өлсем солай өлейін - маған бәрібір, алайда Қара Питердің жүрегіме қадалған пышағынан гөрі дарға тартылып өлгенім тәуір деп білем.

- Оның үйіне қалай барып жүрсіз? - деп сұрады Холмс.

- Басынан бастап айтайын. Тек мен түрегеліп отырайыншы, сөйткенде сөйлеу жеңіл болады. Бұл хикая 1883 жылғы тамыз айында басталды. Питер Кэри "Теңіз мүйізтұмсығының" қожайыны болатын, ал мен соның қарауындағы запас гарпуншы едім. Біз мұз шоғырлары жайлаған өңірден амалдап өтіп үйге қарай келе жаттық. Маңдайдан соққан жел кемеміздің күйін кетіріп біткен-ді, ал дауыл болса апта бойы толас таппаған. Күтпеген жерден кішкене кемешікке кезіктік: солтүстікке қарай ығып бара жатыр екен. Экипажы - бар болғаны бір-ақ адам, оның өзі де теңізші емес. Ондағы басқа адамдар кемешік көп ұзамай құриды деген шешімге келіп, шлюпкаға отырыпты да Норвегия жағалауына қарай тартыпты. Шамасы, бәрі түгел суға кетсе керек. Сөйтіп, бүл адамды кемемізге алдық. Капитан екеуі каютада отырып ұзақ әңгімелесті. Оның бортқа көтерген барлық багажы жалғыз ғана қаңылтыр қорап болатын. Білуімше, бүл адамның аты-жөнін ешкім ешқашан атаған емес. Келесі күні түнде із-түзсіз ғайып болды. Әркім әртүрлі айтып жүрді: біреулер өзі суға секіріп кетті десе, екіншілер байқаусызда борттан құлап кетті десті - сол күні түнде сұрапыл күшті дауыл тұрған. Оның қандай кепке кез болғанын бір ғана адам білетін - ол мен едім. Себебі, Шотланд аралдарындағы шамшырақтар жанынан өтерден екі күн бұрын, тас қараңғы түнде, капитанның оны аяғынан ұстап алып теңізге лақтырғанын өз көзіммен көргем.

Бұл турасында жан баласына тіс жарғам жоқ. Не болар екен, көрейін дедім. Шотландияға келдік. Бүл жайында ешкім еске алған жоқ, ешкім ешқандай сұрау салмады. Адам кездейсоқ қаза тапты, сонымен іс те бітті - ешкімнің онда шаруасы жоқ. Ұзамай Питер Кэри жұмыстан біржола босап кетті, қай жерге орын тепкенін арада коп жыл өткен соң ғана білдім. Оның ана бір қаңылтыр қорапқа бола күнә арқалағанын түсіндім. Бүл жағдаятты тістен шығармауым үшін маған тиісті өтемақы төлеуге тиіс, деп ойладым.

Лондонда кезіктіріп қалған бір теңізшіден оның осында тұратынын біліп, азын-аулақ бірдеңе сығып алайын деп үйіне бардым. Алғаш кездескен түнде ол өзін орнықты ұстады: өмірімнің ақырына дейін теңізден аулақ жүруіме жететіндей мөлшерде ақша беруге уәде етті. Екеуара келісімді екі күннен соң біржола тиянақтамақ болдық. Бардым. Мас екен, көңіл күйі де мәнсіз көрінді. Отырдық, ішімдік іштік, өткен күндерді еске алдық. Неғұрлым көбірек ішкен сайын, кеспірі де соғұрлым бұзыла берді. Қабырғада гарпун тұрғанын байқадым; мұның маған керегі боп қалады-ау деп түйдім. Анау ақыры морт кетті: бүктемелі үлкен бәкісін ала сап, аузынан түкірігі шашырап, балағат сөзді бұрқыратып маған тұра ұмтылды. Өзімді өлтіруден тайынбайтынын көрдім. Бірақ бәкісін ашып үлгергенше оны гарпунмен қабырғаға түйреп жібердім. Құдай сақтасын, қалай шырқырады десеңші! Сондағы түр - сықпыты әлі күнге ұйқымды бұзып жүр... Қан шүмектеп ағып жатты, ал мен күтіп тұрдым. Бірақ айнала маң тым - тырыс еді, көңілім де біртіндеп орнына түсті. Жан-жағыма қарандым. Сөреде қаңылтыр қорап түр екен. Менің де бұған Питер Кэридің құқындай құқым бар еді, сондықтан оны алдым да, лашықтан шықтым. Темекі қалтамды аңдаусыз үстел үстінде қалдырып кетіппін.

Ал енді сіздерге осынау хикаяның ең бір ғажап қаларлық бөлігін айтайын. Сыртқа шыққаным сол еді, кенет әлдекімнің аяқ дыбысы естілді. Бұтаның тасасына жасырына қалдым. Қарасам, лашыққа қарай біреу келе жатыр. Ішке кірді де, жын ұрған адамша бақырып тұра қашты, сөйтті де әп-сәтте көзден ғайып болды. Ал мен із кесетіндерді алдап соқтым: он миль жерді жаяу жүріп өттім де, Танбридж-Уэльсте пойызға отырып Лондонға келдім.

Қорапты ашқанымда ішінде соқыр тиын да болмай шықты. Қағаздардан басқа дым жоқ екен, оларды сатуға батпадым. Сөйтіп, Қара Питерден ештеңе өндіре алмадым, қалтамда бір шиллинг жоқ, Лондонда тақырға отырып қалдым. Тек байырғы кәсібім ғана бар еді. Гарпуншылар мен мол жалақы жайындағы хабарландыруларды оқып теңіз агенттеріне бардым, олар мені осында жіберді. Маған мәлім жайлар осындай. Қара Питердің жанын жаһаннамға жөнелткеніммен әділ сот маған алғыс айтуға тиіс: үкіметке дарға асатын кендір арқанды үнемдеуге көмектестім.

- Көңілге әбден қонымды түсінік, - деді орнынан тұрып қорқорын тұтатуға кіріскен Холмс. - Менің ойымша, Хопкинс, уақыт өткізбей тұтқынды бұдан гөрі сенімдірек орынға жеткізу керек қой деймін. Мына бөлме камера болуға мүлдем жарамсыз, ал мистер Патрик Кэрнс біздің кілемде шамадан тыс көп орынды алып отыр.

- Өзіңізге деген ырзашылығымды қалай айтып жеткізерімді білмей тұрмын тіпті, - деді Хопкинс. - Мұның сырын қалай ашқаныңызды әлі түсіне алған жоқпын.

- Бар болғаны - салған жерден жаңылдырмас жолға түстім де, содан айрылмадым. Қойын дәптер жайында бұрын хабардар болсам, бәлкім, ол өзіңіз секілді мені де шалыс бастырар ма еді, кім біледі. Бірақ бұл іске қатысты естігенімнің бәрі мені бір-ақ бағытқа бастады. Жойқын күш-қайрат, гарпунды пайдалана білу машығы, ромның бөтелкесі, итбалық терісінен жасалған, күшті темекі салынған қалта - осының барлығы теңізшіге, оның ішінде кит аулаушыға меңзеп тұрды. Аты-жөннің "П.К." деген бастапқы әріптері кездейсоқ сәйкестік шығар деп ойлағам. Темекі қалта Питер Кэридікі емес-ті, себебі ол шылымды сирек шегетін және "каютасынан" қорқор табылмаған. Есіңізде ме, "каютасында" виски мен коньяк болды ма, деп сұраған едім ғой. Сіз болды, деп жауап қаттыңыз. Ал коньяк мен виски дайын тұрғанда теңізшіден басқа кім ром ішетін еді? Иә, оның теңізші екендігіне кәміл сенімді болатынмын.

- Ал, оны қалай іздеп таптыңыз?

- Қымбатты сэр, бүл деген оп-оңай нәрсе ғой. Әлгі теңізші "Теңіз мүйізтұмсығында" Кэримен бірге жүзгендердің арасынан ғана шығуы мүмкін еді. Өзіме мәлім деректерге қарағанда, капитан басқа кемемен жүзбеген. "Теңіз мүйізтұмсығының" 1883 жылғы командасының аты - жөнін анықтау үшін Дандиге жеделхат жолдауға үш күнімді жібердім. Гарпуншылар арасында Патрик Кэрнс болғанын білгенімде тергеу жұмысым толықтай дерлік тәмамдалған - ды. Бұл адам, бәлкім, Лондонда шығар және біршама уақытқа Англиядан ұзай тұруға қарсылық білдіре қоймас деп түйдім. Осы себепті бірнеше күнді Ист-Эндте өткізіп, арктикалық экспедиция дегенді ойлап тауып, капитан Бэзилдің қарамағында жұмыс істейтін гарпуншыларға жақсы жалақы ұсындым, - нәтижесін өзіңіз көріп тұрсыз.

- Ғажап! - деп дауыстап жіберді Хопкинс. - Айтары жоқ ғажап!

- Нелиган баласының мүмкіндігінше тезірек босап шығуына қам жасауыңыз қажет, - деді Холмс. - Одан кешірім сұрағаныңыз жөн ғой деп ойлаймын. Қаңылтыр қорапты соған қайтарып беру керек, ал ана Питер Кэри сатып жіберген бағалы қағаздар, әрине, біржола жоғалды ғой... Міне, кэб те келді, Хопкинс, мына адамды әкете беруіңізге болады. Сотқа қатысуым қажет бола қалса, бізге Норвегияға жеделхат жолдарсыз. Ондағы адресімді сізге кейінірек хабарлармын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз