Оқушыға үй тапсырмасы неге көп берілмеуі керек

Осы уақытқа дейін елімізде түрлі білім реформасы жүргізілді. Оның көбісін ата-аналар "қисынсыз" деп сынады. Жақында Білім және Ғылым министрлігі тағы бір білім реформасын ұсынды. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің департамент директоры Шолпар Қарынова "Оқушыларға мереке және демалыс күндері үй тапсырмалары берілмеуі керек. Қазір үй тапсырмаларының үштен бір бөлігі қысқартылып жатыр", - деп мәлімдеген еді. 

Today.kz осы мәселенің тереңіне үңіліп көріпті, соны назарларыңызға ұсынамыз. 

АҚШ - тың Пенсильвания университетінің профессоры Джоральд Кей ЛеТандре (Gerald K. LeTendre) әріптестерімен бірге  үй тапсырмасының көлемі баланың оқу үлгеріміне қалай әсер ететінін зерттеп, зерттеу нәтижесін "The Washington Post" газетіне жариялаған. Зерттеу нәтижесіне қарап ғалымдар "экономикасы төмен және әлеуметтік теңсіздік жоғары елдерде ғана оқушылар үй тапсырмасын үйіп-төгіп алады" деген қорытындыға келген. Алайда көп үй тапсырмасы оқушының оқу үлгерімі мен біліміне жақсы әсер етпейтінін де баса айтады.  

Біздің елдегі орта мектептерде берілетін үй тапсырмасының көлемі кез келген ата-анаға айқын. Тіпті, көп тапсырманы баланы былай қойғанда ата-ананың да орындай алмайтыны жасырын емес. Баласы оқудан келіп, үй тапсырмасын орындарда мұғаліміне қырық рет қоңырау шалып “мына тапсырманы қалай орындаймыз?” деп сұрайтыны да таңсық дүние емес. Көз көріп, құлақ үйреніп қалған. Жалпы оқушыға үй тапсырмасын берген дұрыс па? Бұл сауалды “Өрлеу” мұғалімдердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығының тренері Салтанат Арзымбетоваға қойдық.

“Үй тапсырмасы мүлдем берілмесін деп айтуға да болмайды. Үй тапсырмасын берерде оқушының мүмкіндігіне қарау керек. Мысалы, сабақ барысында үшті үшке көбейтуді жаттай алмаған балаға үй тапсырмасы ретінде төртті төртке көбейтуді қалай бересіз? Біз жақсы оқитын бала, нашар оқитын бала деп бөлмейміз. Қолдауды қажет ететін оқушылар болады. Оларға өз деңгейінде, оқушының мүмкіндігі жететіндей үй тапсырмаларын берген жөн. Сонымен қоса озат оқушыларға сыныпта түсінген сабағын қайтадан үй тапсырмасы ретінде беру де дұрыс емес. Ол кезде оқушының қызығушылығы жоғалады. Ал демалыс күндері балаларға үй тапсырмасын беруге қарсымын. Менің де бастауыш сыныпта оқитын балаларым бар. “Келіңдер, бірге кітап оқиық немесе әңгімелесейік” десем “математикадан 10 есеп шығаруым керек, ағылшын тілі пәнінен жаттайтын тапсырмаларым көп” дейді. Балалардың шығармашылыққа түк уақыттары жоқ. Сабақтан келген соң 5-6 сағат қайтадан сабақ оқиды”, - дейді Салтанат Арзымбекова.

Бұл пікірге психолог Ержан Мырзабаев та қосылады. Техникалық пәндерден тым көп үй тапсырмасын алатын оқушының шығармашылық тұрғыда ойлауы дамымайды екен.

“Негізі қазіргі кездегі білім беру жүйесінде балаға үй жұмысын беру дұрыс емес. Үй тапсырмасы берілген күннің өзінде ол баланың күнделікті 2 сағатын ғана алуы керек. Оның үстіне үй тапсырмасы өзге қиын тапсырмаларды орындау үшін емес, сыныпта өткен тақырыпты ұмытып қалмау үшін қайталау ретінде ғана берілуі керек. Ал тым көп үй жұмысын орындай алмаған немесе түсінбей, қате орындаған жағдайда бала бойындағы өз-өзіне деген сенімсіздік арта түседі. Мен психолог ретінде бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бір тоқсанға арналған топтық зерттеу тапсырмалары берілгені дұрыс деп ойлаймын. Топтық ғылыми зерттеулер баланың қызығушылығын оятады жәнен қатарластарымен бірге тапсырманы орындайды. Тіпті, кейбір мұғалімдер үй тапсырмасын қару ретінде, жаза ретінде қолданады. Бұл бала психологиясына кері әсерін тигізеді. Жалпы, оқушыға үйіп-төгіп тапсырма беру мұғалімнің қабілетсіз екенін дәлелдейді”, - дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Сіз не дейсіз, оқырман?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Басқа да жазбалар

Пікірлер (3)

ерсін

иа өте дұрыс

Дәулет С

Баланың миын пайдасыз нәрсемен ашытпау және уақытын жемеу керек

Айнагуль

Балаларға жаңа сабақ түсіндіргенде оны оқытып түсінбеген термин жəне сөздерді түсіндірсе болар еді. Олар үйде ата - анадан сұрайды

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)