Өлең, жыр, ақындар

Сағадиев мектеп директорларының жалақысына қатысты бір шешім ұсынды

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептегі мұғалімнің айлығы өскенімен, директорлар мен оқу ісінің меңгерушілерінің айлығының өспей қалғанына қатысты бір шешім ұсынды.

«Мұғалімдердің айлығы туралы... Бұл мәселеге келгенде ешқандай сұрақ қалмаған шығар. Мен директорлар жайлы айтып бергім келеді. Иә, директорлар мен оқу ісінің меңгерушілері бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. Әдістемешілер де осындай мәселе көтерері даусыз. Алдын ала есеп бойынша, барлығы қамтылған еді. Бірақ, категориялар өте көп екенін білесіздер. Сондықтан, Қаржы министрлігімен талқылау кезінде уақыт тығыз болғандықтан, үкіметтік деңгейде «алдымен мұғалімдердің айлығын өсірсек» деген тоқтамға келдік. Себебі мұғалімдердің айлық мәселесі қиындап кеткені рас еді», - дейді Астанада республикадағы барлық білім басқармаларының өкілдерінің басын қосқан Ерлан Сағадиев.

Министр өз сөзінде ендігі кезекте мектеп директорлары мен орынбасарларының қамы үшін тырысатынына уәде берді.

«Қолымыздан шара келмей жатса, министрлік әкімдерге шығады. Әкімдерге «мектеп директорлары мен орынбасарларына қол ұшын созсаңыздар» деп өтініш білдіреміз. Бұл көп шығынды қажет етпеуі керек. Жалпы, мемлекетте 7 мыңға жуық мектеп директоры мен оқу ісінің меңгерушісі бар. Бір облыста - 500-600 адамнан. Жоқ дегенде әкімдерден олардың айлығын 30 пайызға арттыруды сұрағалы отырмыз. Өзім бұл жұмысты қолға аламын», - деді ол.

Ол сонымен бірге, әдістемешілердің де осы мәселесін шешілетінін айтты.

«Ең бастысы жетістік - айлық өсіп келеді. Айта кетерлігі, айлықтың өсімі анық байқалады», - деді министр.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Д. Алибекова

Өте керемет

Гульнара

Ал педагог-психолог, социолог, тəлімгердің айлығы не болады? Оларда мектеп əкімшілігімен бірдей жұмыс істеді емес пе?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар