Тағамдарды қалай дұрыс сақтау керек

Азық-түлікті сақтаудың еш қиындығы жоқ сияқты. Сатып әкеліп, тоңазытқышқа қоя салсаң болғаны. Бірақ кейде сол тоңазытқыштың өзінде тұрған азық дастарханымызға жетпей қоқыс жәшігіне тасталып жатады. Енді сол азық-түліктерді қалай дұрыс сақтауға болатынын анықтап алайық.

Тоңазытқыш – сатып алған азығыңызды бұзылып кетеді деп қорықпай, қоя салатын жер. Алайда, осындай жайлы ортада тұрған азықтың өзі кей кездері қоқыс жәшігінен бірақ шығады.

Бүгін сіздерге азық-түліктерді балғындығын сақтай отырып қалай ұзақ сақтауға болатыны туралы қарапайым, бірақ пайдалы кеңестер айтамыз.

Тоңазытқышыңызда не болып жатқанын байқап қойыңыз

Тоңазытқышты дұрыс пайдаланыңыз. Азық-түліктерді біріншіден, кеуіп кетпеу үшін, екіншіден, әртүрлі тағамдардың иісі бір-бірімен араласып кетпес үшін бөлек қаптамаларда сақтаңыз.

Азық-түліктерді сәйкес сөрелерге орналастырыңыз: мұздатқыштың жанына тез бүлінетіндерін қойсаңыз, көкөністерді төменгі жәшікке салып қойған дұрыс. Тез бүлінетін азықтардың арасын таяқшамен бөліп қойыңыз. Сонда қай азықтың жарамсыз болып қалғанын тез тауып аласыз. Айына бір рет тоңазытқышты түгел жақсылап жуып-тазалап алыңыз. Осылайша жағымсыз иістерден құтыласыз.

Есіңізде болсын, мұздатқыш – мәңгіліктің камерасы емес, ондағы тағамдардың да сақтау мерзімі болады. Мысалы, тауықты тоғыз ай сақтауға болса, ет, саңырауқұлақтар, жидектер мен сары май жарты жыл бүлінбей тұра береді. Ал балық пен теңіз өнімдерінің мерзімі төрт ай ғана.

Пластик немесе шыны?

Азық-түліктерді дүкеннен сатып алған кезде салған пластик пакеттермен қоя салмау керек. Ең дұрысы, оларды басқа, ыңғайлы қаптамаларға салу. Кейбір азықтарды қағазға, үлбірге немесе фольгаға орап қойған дұрыс болса, кейбіреулерін герметикалық қаптамаға сақтаған жөн.

Кез келген әйел өмірінде ең болмағанда бір рет «Азық-түлікті қандай ыдыста сақтаған дұрыс?» деген сұрақпен бетпе-бет келеді. Пластик ыдыстар жеңіл, ыңғайлы әрі бағасы да қолжетімді. Ал әйнек ыдыстар иіс сіңірмейді, тез жуылады және жоғары температураға шыдайды.

Шын мәнінде, таңдауды азық-түліктердің өзі жасайды: шай, көктат, жарма, ұн мен дәмдеуіштер әйнек ыдыстарда жақсы сақталады. Ал пластик ыдыстар ланч-бокс үшін ыңғайлы. Ет немесе балықты вакуумды пакетка сақтаған дұрыс. Өйткені ол көп орын алмайды және өнімнің бастапқы дәмі мен иісін сақтап қалады.

Көкөністерді қалай сақтау керек?

Пияз, сарымсақ, сәбіз, қызылша және асқабақ қараңғы, құрғақ жерлерді жақсы көреді. Олар бөлме температурасында да жақсы сақталады. Оларды тоңазытқышқа салмай-ақ, асүйде жәшікке немесе кенеп қапқа салып сақтауға болады.

Қызанақты да тоңазытқышқа қалдырмаған жөн. Ол онда ұзақ сақталғанымен, дәмі мен иісін бүлдіріп аласыз. Ал балдыркөк болса, керісінше, фольгаға орап тоңазытқышқа салып қойсаңыз, ұзақ сақталады.

Картопты қараңғы, салқын жерде сақтау керек. Ең дұрысы – бөлек қағаз пакетке салып қойыңыз. Кішкентай қулықты да ұмытпаңыз: егер картоппен бірге бір пакет алма салып қойсаңыз, ол өніп кетпейді.

Салатты құрғақ пакетке салар кезде, жанына қағаз майлықты да қоса салуды ұмытпаңыз. Сонда артық ылғалдың бәрін қағаз сіңіріп алады да, салатыңыз ұзақ уақыт бойы балғын күйінде сақталады.

Жемістерді қалай сақтау керек?

Бананды тоңазытқышқа сақтауға мүлдем болмайды: ол қарайып, дәмін жоғалтады. Ең дұрысы, оның екі шетін кесіп қою керек немесе фольгаға орап, бөлме температурасында қалдыру керек. Сол кезде банандарды біраз уақыт бойы сақтап тұруға болады. Ананас пен анарды да тоңазытқышқа салуға болмайды. Ал лимон мен авакода сияқты жемістерді вакуум пакетке салып, тоңазытқышқа қойса, біраз уақытқа дейін бұзылмай сақталып тұрады.

Бірнәрсені ұмытпаңыздар – барлық жемістер мен көкөністер жемістің пісуіне қажетті этилен газын бөледі. Әсіресе қызанақ, қара өрік, банан, алмұрт және манго этиленді көбірек бөлгендіктен, ол алма, қияр, картоп және сәбізге зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті жемістер мен көкөністерді бір-бірінен бөлек, полиэтилен пакет сияқты ылғалдандырып жібермейтін, керісінше оқшаулап тұратын қағаз пакетерге салып сақтаңыз.  Ал жидектерді, әсіресе құлпынай, таңқурай, қожақат пен қара жидекті жумай, терең емес ыдысқа жаймалап бір қатар етіп салып, тоңазытқышта сақтау керек.

Көктаттарды қалай сақтау керек?

Көктаттарды ұзақ уақыт бойы балғындығын сақтап сақтаудың ең қарапайым әдісі – бұзылған жапырақтарын алып тастап, сұрыптап, суық суға тазалап жуып, жақсылап кептіріп (арнайы кептіргішті, немесе кәдімгі қағаз сүлгілерді пайдалануға болады) вакуумды ыдысқа салып, тоңазытқышқа қою.

Көктатты мұздатқышта сақтаудың да жақсы әдісі бар. Ол үшін көктатты турап, мұз қатыруға арналған пішінге саласыз да, үстіне өсімдік майын құйып, қатырып қоясыз. Осылайша, оны ұзақ уақытқа сақтап қана қоймай, кез келген салат пен тағамдарға арналған дәмдеуішті дайындап аласыз. Көктатты ауа кіріп тұратындай тесік жасап, полиэтилен пакетке де сақтауға болады.

Нанды қалай сақтау керек?

Егер сіз нанды нан салғышқа сақтағанды ұнататын болсаңыз, онда оның ішінде ешқандай нан қоқымдары болмау керек және желдетіліп тұрғаны дұрыс. Әйтпесе нан тез бұзылып, көгеріп кетеді. Ең дұрысы, нанды бөлме температурасында, қағаз пакетке салып сақтау керек.

Ал егер нанды ұзақ мерзімге сақтау керек болса, онда мұздатқыш қамерасына қойсаңыз болады. Ол жерде нан үш апта бойы бұзылмай тұра береді. Әрине, нан сияқты өнімдерді сатып алған кезде, иісі де дәмі де бұзылмай тұрып жеп қойған дұрыс.

Сүт, жұмыртқа және қалбырдағы тағамдарды қалай сақтау керек?

Жұмыртқа суықта да, бөлме температурасында да ұзақ сақталады. Ең бастысы – қабығы жарылып кетпеген, бүтін болуы керек. Бірақ ең дұрысы, оны доғал жағын жоғары қаратып, тоңазытқыштағы арнайы ұяшықтарға сақтау керек.

Қалбырдағы тағамдар  - ұзақ сақтауға арналған. Бірақ, егер оны ашып қойған болсаңыз, қалғанын тығыз жабылатын әйнек ыдысқа сақтаған дұрыс.

Сүт өнімдерін міндетті түрде тоңазытқыштың ең жоғарғы сөресіне, суық жағына қою керек.

Ірімшік пен жаңғақтарды қалай сақтау керек?

Суық пен жақсы қаптаманы жақсы көретін келесі азыққа да кезек келді. Ірімшікті ең дұрысы, пергамент қағазға немесе фольгаға орау керек. Ал балғын ірімшік жегіңіз келсе, оны полиэтилен пакетке салмауға кеңес береміз. Өйткені, пакет ішінде ол кеуіп кетеді.

Тазаланған жаңғақтарды әйнек ыдысқа салып, салқын, қараңғы жерде сақтау керек. Ал жаңғақты көп жинап алған болсаңыз, онда мұздатқышқа салып қойыңыз. Ол жерде жаңғақтар бірнеше ай бұзылмай тұра береді.

Ет, балық және құс етін қалай сақтау керек?

Егер сіз балықты мұздатып сақтағыңыз келсе, онда оны мұзы бар ыдысқа салып, тоңазытқышқа екі күнге қойып қойыңыз. Балықтың иісінен арылу үшін сізге лимон мен оның қабығы көмектеседі. Ал етті бұқтырып немесе асып қойған болсаңыз, онда оны беті жабық әйнек ыдысқа салып, екі күннен артық сақтамаңыз. Шикі етті де алдын ала саңылаулар жасалған полиэтилен пакетке салып сақтауға болады.

Ет пен балықты мұздатқыш камерадан шығармас бұрын, оны дәл бүгін әзірлейтініңізге сенімді болыңыз. Өйткені, оларды қайтадан мұздатқан кезде дәмі мен құнарын жоғалтып аласыз. Мұздатылған тауық етін полиэтилен пакетте немесе пластик ыдыста сақтауға болады. Ал піскен тауық етін фольгаға жақсылап орап, тоңазытқышқа қойып қойыңыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)