Сөніп - жану

... Қоңыр күздің мезгілі, сентябрьдің бас кезі еді. Ел орынға отырған уақытта жарық айлы тыныштығы мол түнде қалың таудың ішімен үш салт атты келе жатты. Жүргіншілер келе жатқан қабат-қабат биіктің арасында жатқан жіңішке өзек кейде тарауланып көп салаға бөлініп, кейде иін тірескен биік тік жартастардың арасынан жалғыз аяқ жолдай болып жіңішкеріп, жыланша иіріледі. Қонарлық жерге кешігіп қалып, жетуге асыққан жолаушылар осы өзекті өрлеп желіп келе жатыр. Жарық айлы тынық түнде таудың ішіндегі ұлы тыныштықты бұзып тұрған дыбыс — тастақ жолмен жүріп келе жатқан аттылардың тықыры ғана. Бұдан бөтен ешбір дыбыс жоқ. Табиғат тастай қатқан жым-жырт. Жолаушылардың үшеуі де жас жігіттер. Жақсы киініп, семіз ат мінген бозбалалар еді. Бұлардың екеуі Ырғайлы болысының оқыған жігіттері — Сыздық пен Сүлеймен. Үшіншісі — ел ішінің жігіті, бұлардың жолдасы — Есімжан.

Қазіргі мезгіл елге тегіс ауыр тиген 16-жылдың реквизициясы күшіне әбден келіп, дегенін істетіп жатқан кез болатын. Ырғайлының жігіттері топ-тобымен «прием» жасап жатқан Ақтас бекетіне кеткен. «Алдын алыпты», — деген хабарлар ел ішіне келіп жатқан. Қалың ел, жалпақ дала басына келген ауыр күннің қайғысынан күңірене күрсініп жылағандай еді. Жалғызынан айрылған кемпір-шал, сүйеніш қылған бауырынан айрылған әпке-қарындас кетер жерінде жаны сүйген жақындарымен қоштасып жылап қалса да, елде болса да, үйде отырып тілеу тілеп болымсыз нәрселерді үміт қылып зарлауда, қайғы-қасіретте еді. «Жақсы атадан» шыққан байжуанның балалары — қолы жетіп оқыған жігіттер елдің бұл күйін көзімен көрсе де, өздерінің бас амандығына мәз. Және жаңада қырға келгендіктен, ағайын-туысқанды аралап, қыдырып қана жүрген..

Қазіргі келе жатқан беттегі көздеген мақсаттары — қыз көру, қатын алуды ниет қылып жүрген Сыздық еді. Бұл жігіт жаз ортасында үйіне келгеннен бері қарай ағайын-туысқан, жақындары: «Енді қыз көр де, ұнатқан кісіңді бізге айт. Келіншек әпереміз», — деп ел ішінде тәуір деп жүрген екі-үш қыздың атын атаған.

Сыздық ағайындарының сөзіне көнген соң, құрбы-құрдас, тілеулес жақындарының бәрі де әр қыздың атын атап келіп, әсіресе мақтағаны Мақыштың қызы болатын.

Жігіттер екі-үш күннен бері қарай осы мақсатпен бірнеше ауылда болса да, көңілге алған қыздарының кейбірін көре алмай, кейбірін көрсе де ұнатпай, аяғында әзіргі кеште Мақыштың ауылына келе жатқан беті еді.

Бұлар тау бауырындағы жазықта отырған елден түс ауған мезгілде шықса да, жол бойы әңгімелесіп аяңдап жүріп отырып, Мақыш ауылына қоналқалық мезгілден кешігіп қалып еді. Сондықтан тау ішіне кіргеннен бері қатты келе жатқан. Әзіргі жолаушылар жүріп келе жатқан тау — Маралдының Бөктер тауы. Таулардың ай сәулесі түсіп тұрған беттері жарқырап, самаладай болып анық көрінеді. Көлеңке түскен теріскей жақтағы таулар, биік жартастар алыстан қара үңгірдей болып қарауытып, көңілге салқын тыныштық пен болымсыз қауіп сезімін сіңіргендей болады.

Жігіттер Бөктер таудың ішімен бір сағаттай жүрген соң, бұл таудан өтіп бір алаңға шықты. Алдынан Маралдының көлденең созылған үлкен биіктері, қатпарлы қабат-қабат шыңдары көрінді. Айдың жансыз жарығымен сұрғылттанған кең аспанның бір шетін көзден жасырып, Маралдының жотасы қара қошқылданып, тіс-тіс болып көрініп тұр. Үлкен таудың ет бөктеріне бір шақырымдай ғана жол қалды. Жігіттер бұрынғыша қатты желіп, жалғыз аяқ жолмен келе жатқанда, оң жағынан қалың тыныштық, жым-жыртықтың ортасында саңқ етіп үрген иттің даусы естілді. Жүргіншілер әуелгі келе жатқан бетінен жалт бұрылып, ит даусы шыққан жаққа жүрді. Енді біраз бүлкектеп, кішкене төбенің басына шыққанда жарты шақырымдай жерде тұрған ауылдың жерошақтағы бірер оттары көрінді. Ауылдың қарауытқан нобайы аз байқалатындай еді. Әсіресе ай сәулесімен шағылысқан ақшыл үйлер айқын көрінді.

Жолаушылар ауылға жақындағанда алдынан көп ит шабаланып үріп шықты. Бұлар ауылға жақындаған сайын, иттер қатты үріп, өршеленіп қонақтар шеттегі ақшыл үйдің сыртына келіп, аттан түскенге шейін басылған жоқ.

Ауылға жақындағанда жас жігіттерге жат көрінген бір нәрсе — бұл ауылдың барлық жаны топталып, шеткі үйдің сыртына жиылып, бұларды күткендей болып тұр екен. Жігіттер бұл халді ұға алмай, жақындап келгенде, еркектермен аралас тұрған әйелдерді де керді.

Әйелдер үйдің жанында кейінірек тұр еді. Олар келе жатқан қонақтың бөтен кісілер екенін білген соң, үйге қарай тез басып кетіп қалды. Сыздық кетіп бара жатқан екі-үш әйелдің ішінде ақ көйлек киген, басында ноғайша оқалы тақиясы бар жіңішке, сұңғақ бойлы қыздың сыртын көріп қалды. Еркектер бұрынғы қалпында тұрып, жолаушыларды күтіп алды. Бұлардың ортасында бурыл сақалды, жасы елудің шамасына келген келбетті үлкен кісі келген қонақтармен амандасып танысқан соң, жас жігіттерді үйіне ертіп жүрді. Бұл Мақыш ақсақал еді. Ауылдың еркек-ұрғашысы тысқа шығып тұрған себебін Мақыш ақсақал қонақтарға айтып берді. Жалпақ елге келген қайғы бұлардың басын да аман тастаған жоқ екен. Мақыштың ауылынан «праверкеге» үш жігіт кетіпті. Соның бірі Мақыштың жалғыз азамат баласы екен. Жаңа келе жатқан үш салт аттыны көргенде ауылдың еркек-ұрғашысының бәрі де кеткен жігіттер қайтып келіп қалды ма деп, «а құдайлап» тілеу тілеп, қуанысып тұр еді.

Еткен үміт далаға кеткендей болып, күткен кісілер бөтен кісі болып шыққан соң, ауылдың барлық жаны бұрынғы жүдеген, жабыққан түсіне қайта түскендей болды. Мақыштың дәулеті шағын болғандықтан, үй іші салтанатсыз қоңырқай еді.

Қонақ жігіттерге Мақыш мал алғызып, сол үйдің ішінде қойшы жігітіне сойғызып, өзі жігіттермен әрбір жайды әңгімелесіп отырды. Үйде қонақтар келгеннен бері қарай қозғалмай отырған Мақыштың бәйбішесі жүдеу, сарғыш тартқан түсімен баласының қайғысы батқандығын білдіріп тұр еді. Ешбір сөзге, ешбір жұмысқа араласпай, үндемей отырса да, анда-санда әжімді ашаң жүзі сұрланып, қабағы қайғымен түйіліп, ауыр-ауыр күрсініп қояды. Мақыш, оқыған жігіттердің жайын ел ішінде естіп жүргендіктен, бұрын таныстығы жоқ болса да жатырқамай, бұларды сыйламақ болған ықыласын білдіріп, іштегі уайымын жеңіп, көңілді болып әңгімелесіп отырды. Мақыштың жұмсақ, ақырын даусынан, әдепті, сыпайы сөзінен жас жігіттерге үлкен құрмет көрсеткендей ниет сезіліп, жаратылысындағы мейірімді мінезділігі де көрінгендей еді.

Жас жігіттер әңгіме арасында есік ашылған сайын жасырын үмітпен жалт-жалт қарап отырса да, көрмек болған кісісі бұл үйге келген жоқ. Қонақ жігіттердің ішінде Сыздық Мақыштың мінезін, сөзін өте ұнатқандай болып, өзгелерден гөрі көбірек әңгімелесіп отырды. Әңгіме қазіргі ел басына келіп тұрған ауыр күннің жайына қарай ауысқан соң, Мақыш ел ішінде, өздерінің айналасында болып жатқан қайғы-қасіреттерді айтып келіп:

— Бұл апаттан басы аман қалған кім бар дейсіз? Қалың қазақ баласы қан жылағандай болып тұр ғой. Бұл күнді құдай өзі жөндемесе, қазақтың елдігі кетті ғой. Кімге сеніп, кімге сүйенері де белгісіз. Бұрын бұндай ауыртпалықтың кезінде басшылық етеді деп үміт: қылатыны — оқыған азаматтар болушы еді. (...). Бірақ ел байғұсқа кісі жаға ма? Осы күнде кейбіреулер: оқығандар «қарсылық көрсетпе» деп, кісіміздің бәрін тізгізіп беріп отыр. Ешбір көмегі тиген жоқ. Басшылық етем деп елді бөксе басты қылды. Оқығанның тілін алмаған өзге ел әлі күнге жігіт бермей отыр. Үміт қылып жүрген оқығанымыздан не басшылық көрдік!? — деседі. Ел байғұс бала сияқты ғой. Біреуді жақсы керсе де — тез жақсы көріп, өкпелеп жек көрсе де — тез болатын,— деді. Сыздық Мақыш ақсақалдың айтқан сөзімен қатар, өзі де көп күйінген кісі болып:

— Рас айтасыз, елге де кінә жоқ. Оқығандардың «елге доспын» деген ниетінен туған ешбір ісін көрмеген соң, өкпелейді, сөгеді ғой. Кісі көп үміт қылған адамы айтқан жерінен шықпаса, көбірек түңіледі. Бірақ біз әлі сыналатын күніміз алдымызда деп білеміз, — деп, өзін-өзі іштей-тыстай ақтаумен тоқтады.

Осы сияқты әңгімемен бірталай уақыт отырған соң, қонақтар тамағын ішіп болып, тысқа шығып аттарын жайлатып келіп, сол бұрынғы отырған үйлеріне салынған төсекке жатып қалды. Бұл күні жігіттердің ойлаған ниеті орындалған жоқ. Қызды ешқайсысы да көре алмады. Бірақ тыста өзді-өзі оңаша болған уақытта Есімжанға: «Таңертең ертерек тұрып, жеңгесімен сөйлесіп, қызды неғылсаң да бізге көрінетін қыл!» — деп тапсырып қойды. Таңертең оқыған жігіттер тұрып, киініп тысқа шыққанда, Есімжан атын жайлаған болып тыста жүр еді.

Күн арқан бойындай көтерілген екен. Таңға жақын жерді басқан тау ішінің тұманы жоғары көтеріліп қалған. Жерді қалың шық басқан; ауа дымқыл, салқын еді. Тыста қоңыр күздің сызы білініп тұрғандай. Жерден көтерілген мұнар күннің жарығын әлсіретіп, жансыздандырып тұр. Мақыш ауылының іргесіне тірелген Маралдының үлкен қара биігі қазіргі сағатта өзгеше түрде тұрғандай. Аласа жерден айығып, жоғары көтерілген мұнар қара биіктің төсін құшақтап, тұманды сәлдедей толқынданып, бас жағына оралып тұр. Қою сұрғылт мұнардан таудың басы көрінбейді. Аспанға ерлеп бұлтпен араласқандай болып, қараушы көзден жоғалып тұр. Жартасты, зор кеуделі, үлкен биік ұзақ түнге созылып сарылған салқын ұйқыдан басын қоршаған бұлт жоғары көтеріліп айыққан сайын, зор қабағын сабырмен ашқандай болып, ұйқылы көзі тұнжырап, етекте керіліп жатқан далаға томсара қалғандай болады.

Жігіттер ауылдың сырт жағында жиырма-отыз қадамдай жерде тұрған Мақыштың ескілеу кішкене қорасына қарай жүріп, Есімжанның көрген-білген әңгімесін сұрады. Есімжан қыздың жеңгесімен сөйлесіпті. Оның сөзінше, жігіттер шай ішіп болған соң, қораға келеді. Мақыштың баласының отауы тамға кірген екен, қыз бен жеңгесі сонда отырады. Жігіттер сол уақытта көрмекші. Бұл сөзге екі жігіт те қанағаттанып үйге келді.

Жігіттер шай ішіп болып, жүруге қам қыла бастаған уақытта Мақыш ақсақал мал жайлатуға шығып кетіп еді. Сүлеймен мен Сыздық Есімжанды атқа жіберіп, өздері қораға қарай жүрді. Аздан соң бұлар қораға кірген уақытта, алдынан ұзын бойлы, ашаң жүзді, қара сұрлау келіншек шықты. Бұл Мақыштың келіні Рәбиға еді, Рәбиғаның отауы жалғыз терезелі кішкене там екен. Қонақтар төрге шығып отырғанда, үй ішінде бұлардың көрмек болып келген қызы Жәмила төсек жиып жүр еді. Жігіттер жас әйелдермен амандасқан соң, қадалып көз алмай қарағандары — Жәмила болды. Жәмила ұзын бойлы, жіңішке денелі, түсі ақшыл, бетінің жұқалау тұтас қызылы бар, қыр мұрынды, қара көз, сүйкімді пішінде, келісті қыз сияқты көрінді. Қадалып, сынай қарап отырған екі оқыған жігіттің көздері Жәмилаға өлгенше ауыр тигендей болды. Ол жігіттерге тура қараған жоқ. Асығыңқырағандай болып, тезірек қозғалып төсек жиып жүргенде екі бетіне ыстық қан дуылдап жүгіріп, қатты қызарып, төменшіктеп ұялғанын білдіріп тұрды.

Жігіттер Рәбиғамен бір-екі ауыз қалжың сөйлескен соң Жәмила төсекті жиып болып, шығуға есікке қарай жүрді. Жеңгесі тоқтатпақ болып күлімсіреп:

— Қайда барасың, отыра тұрсайшы! — деп еді. Жәмила жауап бермей, ақырын күліп, үйден шығып кетті.

Аздан соң жігіттер де тысқа шықты. Аттары ерттеліп болған екен. Бұлар үйге кіріп киініп, бәйбішемен қоштасып тысқа шыққанда, бұл уақытқа дейін төбенің басында жүрген Мақыш ақсақал келіп, қонақтарды аттандырып, бұрынғыдай әдепті, жылы пішінмен қоштасып қала берді.

Жігіттер кешегі келген жолымен ойдағы елге қарай аяңдап жүріп кетті. Ауылдан азырақ шыққан соң бір-бір папиросты тартысып, әңгімеге кірісті.

Әуелі біріне-бірі қалжың айтып күлісіп, артынан жаңа көрген қыз туралы пікірлерін сұраса бастады. Мұндай істі көбірек көріп, тіс қаққан Есімжан Сыздыққа:

— Сүлеймен мен менің сөзімнің бұл жерде керегі жоқ қой. Өз көзіңмен көрдің, өз көділіңмен сынадың, келіншек айттыратын — сенсің, айтар сөз сенікі. Күндердің күнінде жаман айтпай, жақсы жоқ Мақыштың қызын алып, онымен қас-қабағың жараспай жүрсе, осыны алуыма құрғырлардың сөзі қамшы болып еді деп өкінбесіңе жақсы. Біз өзің бірдеме дегенше үндемейміз. Өзің әуелі ойыңды айт! — деді. Оқыған жігіттер бұның сөзін мақұл көріп күлісті. Сүлеймен де Есімжан сөзінен соң айтқалы келе жатқан сөзінен тоқталып:

— Енді өз ойыңды айтып шық, біз қосатынымыз болса, артынан қоса жатармыз! — деді.

Есімжан бұл сөзді қостап:

— Дұрыс айтады, біздің сөзіміз артынан айтылғаны жөн. Және, Сыздық, саған айтатын бір сөзіміз:

— Бұ қыз деген шіркін, өзі, көруге келгенде, шетінен жақсы болып көрінетін. Әке-шешесінің аясында отырған оң жақтағы қыздың жаманы бола ма? Құрғырдың бәрі де жап-жақсы сияқтанады. Бір көргеннен кісі қайсысының ішін біліп қояды? Соған қарағанда, көріп алдым дегеннің өзі бос сөз болып шығады. Кісі қатынды әуелі ақылмен ойлап, көңілді бір жерге тоқтатып алып, сонан соң тәуекелмен алады. Әйтпесе әбден мінездес, сырлас болып, таныстығы бар сырмінез қызды алады. Қалай болса да, кісіге көңілін бір жерге байлайтын қанағат керек. Сонан соң тәуекел деп бір нәрсеге бекінесің. Жә, енді мына қыз туралы ойыңды айт! — деді.

Сыздық бұл сөздерден азырақ қысылыңқырап, күлімсіреп, өз ойымен ақылдасқандай болып ойланғанда, жаңа көрген сұлу денелі, ақ түсті, бетінің көрікті қызылы бар сүйкімді қыз есіне түсіп, соның сыртқы түсінен көңіліне орнаған болымсыз жылылық сезімі жүрегінде қозғалғандай болды. Бұның өз ішінен ойлап шыкқаны: Есімжанның сөзі — күнде айтылатын сақтық сөз. Оны Сыздықтың өзі де айтатын. Бірақ мына қыздың тұсында сондай бірдемені айтып бөгелетін, ойлайтын дәнеңе жоқ сияқты. Қызды Сыздық өз көзімен көрді, сынады. Бұған ұнаған жалғыз ғана түсі емес, қыз үндемесе де, бұл сол сыртқы түстің аржағындағы мінезін де сынады. Әкесі өте есті, мінезді адам сияқты. Жақсы тәрбие, үлгілі әке осындай-ақ болады. Бұлар ауылы мен малы аз нашар адамдар болса да, көптің бірі сияқты емес.

Мінездері, тәртіптері бұрыннан Сыздықтың қиял қылған, шын іздеген кедейлеріне ұқсайды. Сыздықтың алмағы да бай қызы емес, осындай адамшылығы бар; момын, таза мінез, таза жүректі кедей қызы болатын. Сол қыздың ауылы, ауданы, әке-шешесі де және соның бәрінің үстіне, Жәмиланың өзі де көңілдегідей лайықты дәл келген сияқты.

Сыздықтың іздеген қызы осы. Бұған Есімжанша әлденеше түрлі күдікті ойды көбейтіп, қобалжитын ешнәрсе жоқ, тәуекел болса — тәуекел. Осындай ойды ойлап шыққан соң, Сыздық жолдастарына:

— Біздей оқып жүрген жігіттерге қырда жақсы тәрбие алған, мінезі жақсы, адамшылығы бар ел қызын алу керек. Соны тәрбиелеп адам қылу — міндет! Кісіге шын дос, шынымен бас сыйлайтын, өзіңді құрметтей білетін, жаныңа ауыртпалық түсірмейтін, қабағыңа қарап іс қылатын таза жолдас қыр қызынан шығады дейтінбіз. Соның ішінде әсіресе жақсы тәрбиелі қыз, жақсы мінезді қыз — адал, момын кедей қызы болады дейтінбіз. Мына көрген қыз, өз ойымша, сол сынға толатын сияқты. Алдымен, пішінін алсақ, менің өзіме сұлу сияқты көрінді. Екінші, түсінен сынағанымда мінезі де жаман болмас деймін. Адамшылықты бағалай білетін, еркекке адал дос болатын, жүрегі жылы, махаббатты адам болғандай. Онан соң, әсіресе маған жақсы көрінетіні — әке-шешесі. Барлық сөзі, барлық мінезімен қырда отырып, Толстойдың жолын тұтқан адам сияқты. Толстойдың бір крестьяндар ішінен шығатын діншіл, мінезді, бауырмал, рақымды, жылы жүректі типтері болушы еді ғой. Маған Мақыш та сол адамдар сияқты көрінді. Ақыры, мен осы қызды ұнатқандаймын, — деді.

— Ұнатсаң — болды. Менің сөзім — саған бір ой түсірейін, айнытайын деген ой емес, — деп күліп: — қызды көрген жерде жыны ұстап кететін бір қызба бастық болушы еді, сол болмасын, өздерің айтқандай, салқын сабырмен ойланып айтсын деген сөз. Жалғыз бұл жерде емес, тағы да ойланайық. Қатын алу деген оңай жұмыс емес қой. Көп ойлану керек. Оқыған жігітке қатын тастағыш деген елдің жаласы бар. Өз басың бірді, жас күнімде айттырдыңдар деп, түсін көрместен жіберіп отырсың. Сен де сол жаладан аман емессің. Үнемі елдің жаманатына іліне берген де жақсы емес қой. Жұрттың дәме қылған жігіттерісіңдер. Ойланған жақсы! — деді Есімжан.

Бұл уақытқа шейін екі жолдасының сөзін тыңдап, үндемей келе жатқан Сүлеймен Есімжанның ендігі айтып келе жатқан сақтық сөзінің бәрін орынсыз көріп:

— Енді қария бола бергеніңді қойшы, жаным! Ойлаған деген осы. Менің ойымша, Сыздықтың айтқан сезінің бәрі де дұрыс. Қыздың пішіні сұлу болмаса да, сүйкімді жақсы түсі бар. Әкесінің мінезділігі осы өзіміздің бір болыс елге түгел белгілі. Қыздың өзі қатын болуға жарайды. Әуелі туған-туысқаны қайын болуға жарайды. Мен енді осыған тоқтау керек деп білемін! — деді.

Жігіттер Жәмила жайын біраз әңгіме қылып келіп, аяғында, осы сөздердің бетімен тоқтасты. Сыздық Жәмиланы алуды ниет қылды.

Таудан қайтып, ойдағы елге келген соң бір-екі күн өтті. Жігіттердің Мақыштың қызын ұнатып келгенін жақындарының бәрі білді. Бірақ, Сыздықтың шын тілеулес жақындары: «Оқыған жігіттің таңдауы әбден орнықты болсын, басқа қыздармен де сүйген қызын салыстырсын. Өзі әбден толғансын», — деп, бұрыннан Мақыштың қызымен бірге аты аталып жүрген ел ортасының бір байы: «Жұмақанның қызын да көріңдер»,— деп бозбалаларға ақыл берді.

Сыздықтың өзге жолдастары басқа қыздарды да көруге бұрынғыдай ынталы болса да, Сыздық енді әрбір қызды барып көре беруді ыңғайсыз көре бастады. Оның өзінше «интеллигентпін» деген көңіліне қатын алу деген адам өміріндегі ең бір мағыналы, ең бір ірі және ең қызықты іс болса, соған бұның жақындары базардың саудасындағы сарамастық әдетті әкеп сала берген сияқтанды. Үйлену жұмысындағы ыстық сезімді кемітіп, қызығын жадағайлатып жіберетіндей көрінді. Тағы да қыз көруге көңілсіз болған бір себебі — Жәмиланы бір-ақ көріп кетсе де, соның артынан сөйленген сөздің, ойлаған ойдың салдарынан бұның «ыстық қиялы» Жәмиланың суретіне байланып қалған сияқты еді.

Бірақ сүйе жүрсе де, екінші жағынан, көп жолдас, көп туысқанның талқысына көніп, Жұмақанның қызын да көрмекші болды. Арада тағы бір-екі күн өткен соң, бұрынғы жігіттер, қасына тағы бір-екі жолдас ертіп Жұмақандікіне күндіз түстене келді.

Бірақ бұлар Жұмақанның үлкен үйінде көп уақыт отырса да, қыз үстеріне келген жоқ.

Алғашқы келген үйден шығып, қыз отырған үйге барып кіруді ауылда толып жүрген көп кісілердің көзінше ыңғайсыз көріп, Сыздық үйден шыққан жоқ. Аяғында, түстеніп болған соң, жігіттер қызды көре алмай, жүріп кететін болды.

Бұл халге Сыздықтың көңілінде көп наразылық болмаса да, қасына еріп келген жолдастары: «Әдейі келген соң қыздың тым болмаса пішінін көре алмай кетеді деген не? Сыздық көре алмайтын болса, өзге бір-екеуміз көрейік»,— деп Сүлейменді алып, бір-екі жігіт қалып қойды. Сыздық Есімжанды ертіп жүріп кетті. Бұлар Жұмақанның ауылынан шығып, өз елдеріне қарай жүрген coң, жолдағы бір белге шығып, аттан түсіп темекі тартып, кейінгілерді күтіп отырды. Аздан соң Сүлеймендер де қуып жетті.

Бұлар келіп:

— Қыз отырған үйге кіре алмадық. Қисыны келмеді. Сол қыз ба, жоқ ол емес пе — білмеймін, әйтеуір сол үйден шыққан бір қызды көрдік. Оның киімі жүдеу. Кісі қызығатын түк көркі жоқ. Қазақтың шөп желке қызының өзі! — десті.

Жігіттер басында көрген қыздары қай қыз екенін білмей күдіктенген сияқтанса да, артынан Сыздықтар анықтап сұраған соң: «Анық сол қыз! Жұмақан тегінде қызын жаман киіндіреді дейтін. Енді ол қызға алаңдайтын түк те жоқ», — десті.

Сыздық бұл хабарға көп өкінген жоқ. Себебі бұл соңғы уақытта Жәмиладан пәлен қыз артық дегенге құлақ та қоймайтын. Және көңілінде ондай сөзді ұнатпайтын сияқты да еді.

Осының артынан oн шақты күн өткен соң, жігіттер әрбір қызды көріп келіп, аяғында ойланып-толғанып Жәмилаға тоқ тағандықтарын үлкендерге білдірді.

Бұл мезгілде күзектегі қосыла қонып отырған елдің бәрі қыстау-қыстауына тарай бастап, ел ортасы бір-бірінен алыстауға айналды.

Қораға қонып орныққанша, күздің жабдығымен ауыл-ауылдың үлкендері әбігер болып: пішен тасу, қораның жыртық-тесігін бүтіндеу сияқты бөгеттер шықты. Сыздық Мақыштың қызын ұнатқан соң, ағайындарына білдірсе де, жақындары Мақыштың ауылына кісі жіберген жоқ. Бұрын жер тарпып жүрген жақындарының енді сабырлы болып қалғанына жас жігіт өз ішінен наразы болып, қыздың үйіне сөз салдыруға асыға бастады. Аяғында, ауыл шаруасы біраз ыңғайланған соң, Сыздықтың әкесі Байсалбай өзінің бір-екі тәуір көретін ағайынына бір жолдасты ертіп беріп, Мақышпен құдалық сөйлесуге жіберді.

Арада төрт-бес күн өткен соң құдалық сөйлескелі кеткен кісілер Мақышпен ұғысып, алып-берісетін малдарының санына да келісіп, қайтып келді.

Мақыштың бұларға айтқан сөзі:

— Мен биылғы жыл жалғыз ержеткен балам солдатқа кетіп жабыққан жылым еді. Қазір көңілдің үміті үзіліп, тірегі сынғандай болып отырған кезі еді. Бүгінгі күні Байсалбай сияқты інім болып, Сыздық сияқты балам болатын болса, мен құдайдан одан артық не сұраймын?! Бұ да болса, жасымды игені шығар. Мен ырзамын. Мал деген жағына менің айтатын сөзім жоқ. Інім мен балам, мал емес, жақын болсам — бас сүйісіп жақын боламын деп, өзінің берік тұтынған адамшылығына лайық сөздерін айтыпты.

Осымен құдалықтың алғашқы сөзі піскен соң, аз уақыттың ішінде Мақыш пен Байсалбай бас сүйіскен тәтті құда болып, жақындаса бастады. Екеуі де бірінің ауылына бірі қатынасып, сый қонақ болып құрметтесіп жүріп, әрқайсысы бір-бірінің туған-туысқанымен, ауыл-аймақтарымен танысты. Мақыш алғашқы келген жолда Байсалбай қарғыбауын берді. Артынан келген Мақыштың жақындарына қалыңмалын да беріп жатты.

Сыздықтың сезімшіл, қиялшыл көңіліне ғұрып жолымен болып жатқан бұл сияқты істің бәрі де жайсыз тиген жоқ. Қайта өзінше жарастықты, қызықты істей көрініп, әрбіріне ішінен сүйсініп жүрді. Сонымен бірге ендігі асыққаны — қайынына бару, қалыңдығын әбден анықтап көру; көңілінде анда-санда таныс еместік себебінен туатын болымсыз күдікті жоғалту еді.

Биылғы жыл қатын алуды ниет қылып, әуелгі ниеті осындай болып іске асқан соң, Сыздық қалаға қайтатын мезгілі болса да, жүрісті кейінге қалдырып, ел ішінде қала берді.

Бұрын қаладағы сырлас жолдастарына берген сөзі:

— Биыл оқуды бітіргендіктен, күздігүні қалаға қайтып келіп, елге пайда келтіретін бір орынды қызмет қыламын, — деуші еді.

Бұның өзі сияқты жолдастарының бәрі болмаса да, бірен-сараны бұрын, әйтеуір жалпы сөз болса да, «ел қамы» деген бірдемені көп сөйлеп жүргендіктен, ең болмаса бір қызметте отыруды борыш көргендей болып, қалада отырып қызмет қылып жүр еді.

Сыздық бұлармен хат жазысқанда:

— Менің биылғы жылым текке өтуге айналды. Бірақ қатын алу деген де адамның өміріндегі ірі жұмыстың бірі ғой. Биыл қатын алып, ендігі жылы алаңсыз болып кіріспекшімін, — деп өзінің іссіз жүрген күйіне соны дәлел қылып ақталып жазушы еді. Сыздықтың бұл байлауына кейбір жолдастары болымсыз кінә қойғандай болса да, көпшілігі бұның жаңа өмірге қарай басқан қадамын құптап:

— Біз жаспыз ғой, алдымызда бізден бұрын сыннан өтетін үлкендер де өз басының қамымен жүр ғой. «Ел қамы» дегенді бәрі де ернінің ұшымен ғана айтады. Шынында өздері ақшаны күреп алып, баюға тырысып жүр. Көпшілігі ашықтан-ашық мына реквизицияға алынған жігіттерден пара алып, осы күнде лықылдаған бай болып кетті. Оған қарағанда, бізге тәубе қылу керек. Осындай тамам ел бұзылып жатқан уақытта, адамшылығымызды аман сақтасақ —о да олжа. Түбінде, біздің сыналатын күніміз алдымызда ғой. Бірақ қырда біржолата отырып қалып, адамшылығыңнан айырылып қалма. Қыр кісіні бұзатын! — деп өздерінше шын тілектес көңілдерін білдіріп тұрды. Сыздық өзін сөгуші дауысты жолдастары жағынан естімеген соң, биылғы жылды қатын алуға беру керек деп бекініп, енді қыс бойы елде қалмақшы болды. Қарлы-боранды ұзақ қыста жабырқау тартып, кірбеңдеген елдің ортасында, ешбір дүниеден хабарсыз меңіреу-мылқау болып жатпақ болғандағы Сыздықтың өзіне белгіленген ермегі — жиі-жиі қайындап жүріп, қалыңдығын қызықтау. Ел аралап жүріп, кішкене бала күннен соң көрмеген елдің қыстыгүнгі өмірін көру. Мезгілімен тауға шығып, аңшыларға еру. Содан қолы бос уақытта қисыны келсе, әрине, кітап оқу еді.

Бұл ниеттерінің бәрін ашып айтпайтын. Ел ішіндегі сырт кісілерге: «Қалаға бармаған себебім — денсаулығым нашар» — деп болымсыз бір сырқаттарға жала жабушы еді.

Күздің айлары өтіп, қалың қар түсіп, суық қыс кipген уақытта Сыздық жаратып семіз ат мініп, орысша киімнің бәрін тастап, қысқа лайықты саптама етік, түлкі тымақ, қалың ішік; шапан киіп, қырдың қалпына түсті. Осымен соғым кезі болып, қыстың суығы қатайған уақытқа шейін бұрынғы арман қылып ойлап жүрген, қызықты деген нәрселерінің бәрінің де аз-аздап дәмін татты.

Маралдының тауында қысы-жазы түлкі сияқты аңдар көп болғандықтан, Ырғайлының елінде құс салып, аңшылық құратын салт болушы еді. Сыздық өз ағайындарының ішінде аңшылыққа салынған екі-үш жігітке қосылып, қастарына ел ішінде қызық қуған қолы бос бозбалалардан төрт-бес жігіт ертіп алып, Салбурынға қостап шығып, көп таудың қия жартастары, терең құздары үскіріп соққан қатты желі, алай-түлей болған ақтүтек борандары, жер-көкті қаптаған ызғарлы қары және соның бәрінің ортасында таңертеңнен кешке шейін салпылдатып жүрген аңшылықтың бейнетті жүрісі аз күннен соң Сыздыққа ауыр тиіп жалықтырғандай болды. Аңшыларға күнде еріп отыратын үнемі жолдас бола алмай, көп күндерде қостан шықпай жатып алатын болды. Іші пысып жалықты. Сондықтан төрт-бес түлкі алған соң, өз айтуынша, «Салбурынның қызығына қанып» елге қайтты.

Соғым кезі болғанда бұрыннан тағы бір арман қылған сияқтанып, көруге қызығып жүрген нәрсесі — қоста жүрген жылқышылардың өмірі болушы еді. Соғымшылармен бірге өз елдерінің қосына барып, онда да біраз күндер жүріп қайтты. Отардағы жылқышының тұрмысынан Сыздықтың тапқан ең үлкен қызығы — қостың ішінде өткізген кейбір түндер еді. Қыстайғы жаққан отпен іші ысталған, іргесі көмулі қостың ішінде «төбе қызар» қылып мол отынды жағып қойып: айналасында арқаларына қалың киімдерін жамылып, жағалай қақтанып отырып, буы шығып қайнап жатқан етті күтіп, қос ішіндегі үлкен-кішінің айтқан әңгімесі Сыздықтың көңіліне қызықты кездей көрінді. Онан соң жылқышылардың мол қолдығы, тамаққа мырзалығы өзгеше сияқтанды. Күндіз-түні бірдей қосқа келген кісі болса: аяздап тұрған етті балтамен шапқылап әкеліп, үнемі асулы тұрған үлкен қара бақырға салып, не шыжылдатып қуырдақ қуырып, не ет асып жатады. Қос ішіндегі көңілді көрінген өмір осы еді. Қостан шығып, бірге келген жолдастарымен өрісте жүрген қалың жылқының ішіне барғанда отардағы тұрмыстың жабырқанды, жүдеу жағын көргендей болды. Арықтап, жүні ұзарып, түсі кіртиіп жаздыгүнгі сергектігінен айрылған жылқылар аппақ болған мұңлы ұзақ далада ақырын қыбырлап жүріп, қалың қарды жабыққандай болып тебіндеп жатқан түрлерімен ішті пыстыратын ауыр суреттей көрінді. Жайылып жатқан жылқының шетінде құрығын шошайтып алып жүрген жылқышылардың да үсік шалған беттері күңгірттеніп, қайғылы даладағы жалғыздық, жүдеулікті еске түсіргендей керінді. Сыздық бұл жүрісінің бәрін де әрқашан өзін осыншалық бейнетке өз ықтиярымен салып жүрген әлдеқандай романтикалық, поэманың қаһарманындай көрсе де, аяғында, барлығынан жалығып елге тез қайтуға асықты. Бұрыннан көрсем деп жүретін, бұған айрықша ертегіше қызығы бар сияқтанатын қалыптың көбін көрді. Бірақ ешбірінен байлаулы қызық таба алған жоқ. Бәрі де әңгіме қылып айтуға жақсы, бір-екі рет көруге жақсы. Бірақ соңына түсіп салынатын, үнемі арылмайтын қызығы бар ермекті таба алмады.

Енді ойына алған ермегі — күзден бері көңілінде сүрдей қылып сақтап жүрген ыстық қиялының дегеніне жету. Қайынына барып, көңілінің жаңа сүйеніші — жас қалыңдығын қызықтау еді. Қайынына бару ниетімен қыс ортасына жеткен соң, бір күні екі жолдаспен кеңесіп сөз байлап, ауылдың үлкендерінен тиісті рұқсатын алып, қайынына жүрді. Ел салтына лайықты әдет-ғұрыптың бәріне әрі ойша мойындап, әрі соны бір үлкен романтикалы күйдей ыстық көріп, Сыздық бұл жолы ұрын баратын болған. Сондықтан қасына құрбыларынан басқа, екі-үш үлкен кісілер де еріп барды. Оқыған жігіт қайынына келгенде өлгенше мәнерлі күйеу болып сызылмаса да, алғашқы келген күндерінде жас қыздарды балдыз қылып, қатындардың кейбірін жеңге қылып, үлкенін шеше қылғандай болып құрметтеп, сыпайылықпен отырды. Алғашқы күні қалыңдықты бұлардың қасына әкелген жоқ. Ертеңінде маңайдағы елді жиып, Мақыш той қылды. Жиылған көрші елдердің қыз-келіншектері Мақыштың өзі сияқты кедейлеу ауылдың әйелдері еді. Сондықтан Сыздық әуелде оларды қорашсынбаса да, жанындағы Сүлеймен сықылды шала оқыған жігіттер және салтанатты сүйетін байшыгеш бозбалалар келген әйелдермен көп қызықтас бола алған жоқ. Ойын ойнаса — Сыздықтың көңілі үшін ғана ойнағандай болып, әйелдермен көп әзілдесіп жақындаспай, бойларын алысырақ ұстап, азырақ тәкаппарлықпен отырғандары да байқалғандай болды.

Сыздық бұл күйді түсінді. Бірақ ешкімге сыр берген жоқ. Жолдастары көңілсіз болған соң, енді біразда бұның өз көзіне де көбі ажарсыз болып көріне бастаған қыз-келіншектерден күйеудің өзі де жалығып, көбінесе үндемей отырды. Бұлардың ендігі күткендері қалыңдық қана еді. Оны күйеулердің жанына кешкі шайдың алдында ғана алып келді.

Сыздық Жәмиланы әуелгі кергеннен кейін не сұлу, не сүйкімді —әйтеуір түсі жақсы деп көңіліне байлаған болса да, артынан тағы бір анықтап түсін әбден көруге асығып еді.

Қыз жанындағы бір-екі келіншекпен, тағы бір-екі қызбен үйге кіргенде, басына жамылған қара шапаны бар екен. Сонымен бетін бүркеңкіреп, түсін шала көрсетіп, Сыздықтың төменгі жағынан келіп есікке таман қырындап, күйеу жігітке сыртын бере отырды.

Шай ішіп, ет жеген уақыттарда Жәмила сол қалпынан түзелмей, күйеу жолдастарына да, күйеуге де бетін дұрыстап көрсетпеді. Сыздық ішінен қалыңдығының бұл мінезін қисынсыздау көріп, әлденеше рет соған қарап қалжыңдап, не бір нәрселерді сұраса да, қалыңдығы бұған бұрылып, қараған жоқ. Сұраған сөздеріне ашық жауап бермей, ұялғандай болып төмен қарап, жымиып күліп, не болмаса, естімеген кісідей болып, үндемей отырып қала берді.

Жәмиланың бүл кештегі мінезі Сыздықтан басқаларға да ыңғайсыз көрінді. Бірақ көпшілігі ішінен: әдеп сақтап ұялғаны ғой, беті ашылмаған ғой деп, кешірімді болғандай еді. Азғана салқындық жалғыз ғана Сыздықтың көңіліне орнап кетпей тұрды. Жәмиланың өте ұялшақтық қылып төменшіктеп отырғанын, қасында отырған қыз-келіншектері де лайықсыз көріп, кейбірі оған бойы үйренген әдетін істеп, қылжақ қылғандай пішінмен соқтығып-қақтыға сөйлейді. Жәмила соларға да жауап бере алған жоқ. Құр ғана ұялып күліп қояды. Қалыңдығының бұл мінезінің бәрі де аяғында Сыздыққа шын күдікті ойлататындай болып, көңілсіз ой түсіре бастады. Асығып, аласұрған қиялға, қызылды-жасылды болып қуантып жүрген үмітке, жылылықпен атын құрметтеген жүрекке қалыңдығының қазіргі қалпы ешбір үйлеспейтін сияқтанды. Жәмила бұған әдептілік, сыпайылықты тіпті орынсыз жуастыққа, жасықтыққа жеткізген отсыз адам сияқты көрініп қалды. Бірақ бұл ойдың бәрі — байланған, нығайған ой емес, көңілдің бір кезі туғызып отырған нәрсе сияқтанған соң, Сыздық ешбіріне бекіген жоқ. Бұл кеште көңілсіздеу болып, үндемей баяу отырды. Түні бойы ұзақ уақыт бірге отырғанда бір-ақ мезгіл ғана Сыздық Жәмиланың бетін қырынан көріп қалды. Бірақ бұл көргеніне өзі сенбегендей болды. Бұл қалай? Жәмиланың казіргі жүзі бұрынғы Сыздық ойлап жүрген түске тіпті ұқсамайды.. Бұрын Сыздық ақ деп ойлап жүрсе, қазірде шикіл-сары сияқты. Бетінің қызылы бұрын жұқалаң ұнасымды, ақшыл қызыл сияқты еді, қазірде тұтасқан, қаны шыққан, ең ұнамсыз жалпақ қызылдай көрінеді. Денесі бұрын жіңішке, сұңғақ сияқтанса, қазірде жуан, жауырынды, икемсіз, ешбір нәзіктік белгісі жоқ, сүйкімсіз сияқтанады. Сыздық өз көзіне сенбегендей болып: «Әлдекім болып шықты ма, немене?»— деп күдіктенгенде, көңіліне «таңдаған тазға жолығады» деген мақал айнымайтын шын ақиқат сияқтанып сап ете түсті.

Қыз екінші айналып қараған жоқ. Осы күйде көп уақыт отырған соң жататын мезгіл болып, жұрттың бәрі тысқа шықты.

Жәмиланы бұрын көрмеген Сыздықтың кейбір жолдастары көруге асығып, танысуға ынтық болған сияқтанып еді. Қазір де бәрі де қызды көріп тысқа шыққанда, Жәмила жайынан бірде-бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл турада үндеген кісінің болмауы Сыздықтың көңіліне тағы да түсінікті сияқтанды.

«Жолдастарым ұнатпады. Сондықтан үндемей тұр ғой», — деп бұрынғысынан да жасып төменшіктей бастады. Көңіліне: «Адастым ба? Шынымен жар таңдағаным үшін тазға жолықтым ба? Неше жылдай қиял қылып жүріп, өмірлік жолдас деп аңсағаным қырдағы көп кедейдің қатынының біріндей қызықсыз бір қыз болып шықты ма?» — дегендей күдікті сауалдар келді. Бұл арада өз бойындағы ет пен терінің арасындағы «кедейшілікке» де ызамен қарап алды. Бірақ бір сәтке осындай көңіл күйлерін бастан кешіргенмен, Сыздық оған да көп бой ұрған жоқ. Аз уақытта артынан бұның бәрін орынсыз көріп өзін-өзі жұбатып :

— Мен әлі Жәмиламен сөйлескенім жоқ қой. Ақылын, мінезін білгенім жоқ қой. Тіпті түсін де дұрыстап көргенім жоқ қой. Мен түңілетін не болып қалды? — деп, өзінің күдікшілдігін ішінен сөгіп, көңілі азырақ тыныштанғандай болып, үйге кірді.

Үй оңаша еді. Он жаққа ақ шымылдықты құрып, соның ішіне Сыздық пен Жәмилаға жеңгелері төсек салыпты. Сыздық жатқан соң, екі қатын Жәмиланы алып кіргізді де, шамды өшіріп, шығып кетті.

Үйден жұрттың бәрі кетіп, шам өшкен уақытта Сыздықтың көптен іздеген қараңғылығы мен тыныштығы үйдің ішіне орнағандай болды. Жалғыз тау ішінің қатты желі Мақыштың кішкене қорасының үстіне келіп екпіндеп соғып, құтырғандай қатулы дауыспен ысқырып, аласұрып тұр. Сыздық жатқан үйдің кішкене терезесіне гуілдеп үріп дамыл алмай ысқыра кеп, үскірік соғып тұрған дыбыс білініп тұрды.

Жәмила жұрттың бәрі кетіп, үй іші оңашаланса да, бір орнында қозғалмай, үндемей тұрды.

Сыздық бұның ендігі мінезін анық жаратпаған кісідей болып, ішінен: «Не қылсаң да еркің»,— деп, үндемей жата берді. Бірталайдан соң, Жәмила шымылдықтың ішіне кіріп, тағы біраз тұрып, артынан көп уақыт әрлі-берлі қозғалып, киімдерін зорға дегенде шешіп болып, Сыздықтың қасына келді.

Сыздық бұл уақытта да қозғалған жоқ. Байқамаған кісі сияқтанып, шалқасынан жата берді. Аздан соң Жәмила бұның жамылып жатқан көрпесін ашып, қасына келіп жатты. Жәмиланың қазіргі қозғалысы да кексе қатындардың қозғалысындай. Ешбір нәзіктік жоқ. Икемсіз, селекет сияқтанды.

Сыздық бұл уақытқа шейін қазақтың күйеуге істейтін әдеттерін, ырымын сыртынан тегіс жақсы көріп, өзгеше жарастық, жылылық, сыпайылықтың белгісі бар деп қиялдап жүрсе, қазіргі сәтте түкке тұрмайтын құр ғана надандық, қараңғылықтың салдары деп сезінді. Ешбір сезім жоқ топастан туған бояу екен деп санай бастады. Сезімтал жігіт өз ойын бұл бетпен өрістете бастағанда, қалыңдық күйі жүдеңдей берді.

Күні бойы ұялған болып майысып, түзу жауап бере алмай қызарын, қысылып отырған қалындық — енді қараңғы түн болды деп, дүниедегі еркек пен ұрғашының арасындағы ең жасырын, ең, қиын іске өзі келіп отыр. Ендеше, тіпті қазақ әйеліндегі сыпайылық, әдептілік, майысқан мінезділік сырттан көрінетін ғана бір жансыз сурет. Шынында, олар қысырақтың айғырына бола матастырған жас байталдай, илегенінің бәріне көніп, өз ықтиярымен ешнәрсені тілей алмай, істей алмай, жүн болып баратын намыссыз, жігерсіз, отсыз деп бір түңілді. Сонымен қатар Сыздық қазіргі уақыттағы өз халін сол тілсіз мылқау ұрғашы малдың жанына матастырылған бір сыңарындай көрді... Ел салтынан жігіттің нәзік қылды жүрегін жиренткендей болды.

Бірақ, бір тәуірі, бұл ойлар да көңілінде ұзақ тұрған жоқ. Аздан соң қасында жатқан қыздың жұмсақ еті денесіне тиіп, қызуы білініп, Жәмиланың толық жұмсақ санына бір-екі рет қолы тиген соң, Сыздықтың бойына ыстық қан тулап ойнап, жүгіре бастады. Осының алдында бірер мүйнет бұрын басына келген салқын ой енді аласұрып құтырған ыстық, соқыр сезімге жол беріп, жоғала бастады.

Сыздық көзін жұмып, қызулы құмарлық теңізіне барлық ой, барлық сезімімен батып кеткендей болды. Қалыңдығын қатты қысып құшақтап, жабысып сүйіп, қытықсыз араласып кетті...

Бірталай уақыт осы күйде жатып ыстық құмарлық сабасына түсіп салқындаған кезде күйеу мен қалыңдықтың ұзақ әңгімесі басталды.

Тағы да қыздың сөзінде бұл күткен ақылдылық өте сезімділіктің айрықша тұрған белгісі жоқ. Бұның сөздері ел ішіндегі көп әйелдердің әдеттегі сөздері, дағдылы жауабы сияқтанды. Қалыңдығын сағынған күйеудің алғашқы күні осылайша өтті.

Таңертең тұрғанда Сыздық қалыңдығының түсін анықтап көрді. Дәл түсі күздігүні көрген түстей болмаса да, кешегі кешкі көрген түске де ұқсамайды. Жәмила таңғаларлық сұлу да емес. Еркекті ертіп кеткендей сүйкімді де емес, бірақ мінеп сөгетін пішінсіз де емес. Орта пішінді қыз екен. Барлық жүзінде ең артық жері — алаңсыз тұңғиық тау келген ажарлы үлкен қара көздері еді. Сүйкімді көзі мен бетінің қызылы қырдың сынынша Жәмиланы «сұлу әйел» дегізгендей болса да, әйелдің әрқилысын көріп, кеп талғап үйренген Сыздыққа Жәмиланың түсіне берген жұрттың бағасы артықша мырзалық сияқты көрінді.

Таңертең тысқа шыққанда қалыңдығы турасынан қандай ойға байланғанын күйеудің өзі де анық білген жоқ еді. Неше түсті көмескілеу сезімдер көңілінен елестеп өтсе де, өз бойынан анық білген нәрсесі — қалыңдығынан құмар болып сүйетін, ғашық болғандай болып елжірейтін түрдің жоқтығын байқады.

Оның ойынша, «ғашықтық» дегенді бұл турада ауызға алуға болмайды. Себебі — ол сезім көп уақыт ынтық болып жүргенде, қол жеткізбейтін бөгет көп болғанда, әйел жағынан бірде үмітті жылы жауап естісе, бірде тәкәппар, салқын жауап естіп жүрсе, сондай кездерде көп сынның артынан туады.

Сыздық болса — көп бейнеттен соң барып қолына тиетін әйелдің ең үлкен қызығын әуелі көрген жерде-ақ таныс болмай, бір-екі ауыз сөзді сөйлеспей-ақ көріп-біліп қойды. Сондықтан бұл арада бір орнықты, ұнасымды сезім жайында сөйлеу мүмкін емес деп білді.

Бірақ жолдастарына айтқаны: «Мінезсіз емес көрінеді. Ақылы да дұрыс, есті адам сияқты. Қазақ қызының ортасында қатын болуға жарайтын адам деген сынымыз көп адасқан сын емес екен!» — деді.

Жолдастары бұл жайдан көп сөзге кіріп тартысқан жоқ: «Өзің ұнатсаң — болады. Қалыңдық күйеуге жақса, кісі онан артық не тілейді? Не болса да, қайырлы болсын!» — десті. Осы ретпен Сыздықтың қайынында тағы да төрт-бес күн жатып, жас жігіттер еліне қайтты. Қайынынан кетерде қалыңдық турасынан ойлаған Сыздықтың ойы жолдастарына ақырғы айтқан сөзі сияқты болды.

Сол күйде оқыған жігіттің көптен асығып жүрген шыдамсыздығы басылып, көңілінде өзіне бір тыныштық орнатқандай болып, еліне келді.

Сыздық бір барып қайтқан соң, арада бір-екі ай өтсе де, қалыңдығына енді тағы баруға асыққан жоқ. Жәмила жайынан бұрынғыдай көп сөйлеу, көруге асығу енді бұдан естілмейтін болды. Жолдастарымен қанша бірге болып ойнап-күліп, бір жерге түстеніп, бір жерге қонып қызықтасып жүрсе де, Жәмиланың аты ешбір уақытта аталмайтын болды. Жастар бұл туралы ішкі жайды үндемей жүріп түйіскендей еді. Осындай күйде жүргенде Сүлеймен күздігүні өздері барған Жұмақанның елі жағына тағы да барып қайтып, Сыздықтарға бір жаңа хабар алып келді. Ол хабары: Сүлеймен Жұмақандікіне барып қонып, қызын көріпті. Күздігүні бұл жігіттердің көргені — Жұмақанның өз қызы емес, жанындағы малшысының қызы екен.

Жұмақанның қыз, келіндері жас жігіттердің қыз көргелі жүргенін алдын ала естіп, бұлар келгенде үйіне әдейі келмей, өздері қисынын тауып келсін деп, отырып қалған екен. Аяғында, қыз көретін жігіттер атқа мініп, кетуге айналғанын білген соң, малшысының қызын әдейі шығарып: тым болмаса, жігіттерді сен көріп қал, оларды біз де сынап отырайық деп жіберген екен.

Сүлеймен:

— Бұл қыз осы ортадағы барлық әйелден сұлу, келбетті, киімі өте сәнді, келісті қалыңдық екен, — деп өзі әңгімесіне қызып, ендігі сөздерінің ыңғайсыз екенін байқамай — керегі не, күздігүні қара басып көре алмаппыз. Қазірде Шұбыртпалы Садықтың баласы айттырмақ болып сөз байлап қойыпты! — деді.

Бұл сөзді Сыздықпен бірге естіген жігіттер әңгіменің бетімен тегіс өкінгендей болып әрқайсысы әртүрлі сөз айтып өздерін кінәлап, бармақтарын шайнады.

Сыздық іштей бұл жердегі кінәнің бәрін өз мойнына алса да, сыртына ешнәрсені шығармай, үндемей отырып қалды.

Қыс өтіп, жазғытұрымғы кез болғанға шейін Сыздық қайынына тағы бір рет барып келді. Көңілде өзгеріп кеткен жаңа мінез, я орнай қойған түбірлі, орнықты жаңа сезім де байқалмады. Үйлену мәселесінде қате болса — жалғыз өз мойнында болғандықтан бірде-бір ауыз сөзбен сыр білдіруді лайықсыз көрді.

— Енді не болса да, сол Жәмиланы аламын, қатын қылып көремін! Кейінгі күні немен тынатынын көре жатармын! — деп тезірек алуға бекінді. Өйткені қайындап, қызықтап жүре берем деуге, өзге себептен бұрын, Мақыштың кедейлігі, ауылының ажарсыздығы, көрнексіздігі де жас жігіттің көңілін жалықтырғандай болды. Әсіресе сол ауылдың күйеуі болған болып, адамдарын өзіне жақын кісімсітіп, емексітіп жүргендігін де өз бойынан төмен істей санай бастады.

Аяғында, жиі келуді тоқтатып жаз ортасында бір-ақ келіп, он шақты күндей ағайын-туысқандарымен қайынында жатып, қалыңдығын өз ауылына алып қайтты. Бұдан бұрын, жазғытұрымғы уақытта Сыздық қырда жүргенде 17-жылдың февраль өзгерісі болған хабарын естіп, қалаға барып қайтып еді. Бұл барған уақытта қаланың тұрмысы қайнап жатқан қызулы базардай екен. Қаланы басқан ылғи жуан болыс, даңқы шыққан қажы, ел ұстаған пәленше-түгенше дейтін ақсақалдар екен.

Сыздық жолдастарының ортасына келіп, болып жатқан оқиғалардан толық мағлұмат алды. Бұрын «өзгеріс» деген аты болмаса, одан басқа жайынан Сыздық өзінің ешбір нәрсені естімеген, білмегендігін, өзгеріс дегеннен хабарсыз екендігін байқады. Бірақ бұл күй жалғыз бұның басында емес, бірсыпыра қазақ оқығанының басында бірдей бар екен.

Оқығандардың үлкен-кішісінің бірталайына төре болып, қазақтың қалың ішіне барып көріну және әртүрлі жұмыстарды сылтау қылып, жаздың қызықты кезінде елде болу мақсаты да бар еді. Бұлар өзгерістің сыртқы түрін толық түсініп, соның қалпына кірген кісілер сияқтанса да, ішінде қолдарына тиген кісіліктісі қазақ ұғымына жанастырып, шын төрелікке ұстамақ сияқты. Бұрынғы қиял қылып жүрген көрнектілік те естерінен шықпаған сияқты еді. «Ұлт бақыты, ел қызметі» деп сол күндерде жаттап aп, ел жуандарымен бірге ауыздарынан тастамайтын сөздерін оңды-солды айта жүріп, осыны өз көңілдеріндегі жасырын тілекпен де жарастырып, келістірмекші болғандай түрі бар еді. Ежелден төрешіл, бақшыл болып үйренген ел жуандары оқығандардың әлгіндей ауруын жарастықты істей көріп жүрді. Ал бұл дертке шалдыққан «оқыған» дегеннің көбі ылғи адвокат, тілмәш деген сияқты ескі шенді төрелер еді.

Жастан шыққан қызметкерлер бұлар арасында әзірше бірен-саран ғана болатын. Қазақ оқығандарының бұл жаңа тобы атар таңның жас жасағы боламыз деген ниетте көрінеді.

Сыздық қалада болып жатқан істің бәріне көзі қанған соң, жолдастарымен сөйлесіп ұғысып, әзірше қызметке кірмейтін болып еліне қайтты. Мұның жолдастарына берген уәдесі: қатын алып, жаздай тұрып, күздігүні алаңсыз болып біржолата қалаға келу болды. Осы бетпен елге келіп, жаз ортасы тақаған мезгілде өз ауылына келіншегін алып келді.

Байсалбай ауылы отырған жайлауда жиыла қонған ел көп еді. Өзгерістің артынан былтырғы жыл солдатқа алынған жігіттер елге топ-тобымен қайтып келіп, жиі - жиі той жасалып, ат шауып, дырдулы жаз болып жатыр еді. Сол қызулы кезең үстінде, бұл ортаның үміт қылып жүрген оқыған жігітінің үйі түсетін болған соң, көрші елдің бәрі де көңілді болып, тойын қызықтасты. Жаңа түскен жас келінді күндіз-түні ауылға жиылып жатқан қыз-келіншек, қатын-қалаш қамап, өз бетіне қызықтап жатты. Бірақ Сыздыққа бұл желіктің бәрі де көңілді әсер берген жоқ. Әсіресе қалыңдығы отырған үйге келгенде, Жәмиланың барлық отырыс-тұрысы әлі күнге төменшіктеп, бұғып ұялғаны бұған ыңғайсыз тиіп, көп отырмай шығып кетіп жүрді. Жәмила өзін сынап жүрген көп қатын, қыздың ішінде өзін ұстай білмей, не өте жасық, ұялшақ адам сияқтанып, не болмаса, жұрт көзіне сөлекет, айырықша үлгісіздік көрсеткендей болып, Сыздыққа өз мінезімен көңілсіздік түсіргендей болды.

Жәмиладан басқа көрші елдердің, жақсы ағайындардың қыз-келіндері өзін еркімен ұстап, қалжың айтса да, бір іс істесе де жарастықпен, нәзіктікпен істегендей көрінеді. Жәмиланың үлгісі бұлардан көп төмен сияқтанды. Бұл әйелдердің бірен-саран сұлу қыз, жақсы келіншектері Сыздықтың бұрыннан ойнап-күліп, қызықтас болып жүрген адамдары еді. Қазірде Сыздық солардың қалжыңына да жөндеп жауап таба алмай, сөйлесуге де ыңғайсызданып, көңілсіз тарта береді.

Той күні және оның артында көп қатын-қалаштың жиылған күндері Сыздыққа ең бір ыңғайсыз ауыр күндер сияқты болып өтті. Осымен Сыздық келіншегінің жанында тұрып, жазды түгелімен елде өткізді.

Бұл уақыттарда Сыздықтың кезінде Жәмила бұрынғысындай жасық, төменшік, үлгісіз, сөлекет адам сияқты болып қала берді. Күйеуінің бұған берген бағасы осы тәрізді болғанын байқаған соң, Жәмила ешнәрсенің жөнін де оған шешіліп сөйлемейтін болды. Сыздықтың ылғи кінәлап сөйлейтін таусылмас сындарын үндемей тыңдайды да аяқсыз тастап жүре береді.

Сөйткен сайын Сыздық бұның күндегі отырыс-тұрысынан, барлық қыбыр еткен қозғалысынан қате тауып, өзінше қисынсыз, икемсіз істерді толассыз көре беретін болды. Осы қалыппен жаз өтті. Шырмауықтың сабағындай созылып-айналып, күннен күнге дүниені сұрландырып, жүдетіп, күз жетті. Сол мезгілде Жәмиланың жерік бола бастағаны білініп, үй-іші, ауыл-ауданы қуаныш қылып жатты. Сыздық бұл оқиғаға қуанарын да, күйінерін де білмеді. Жас жігіт келіншегінің қасына қалыпты бай болып жатып-тұрып жүрсе де, тегінде келешек ұзақ өмір қай күйде өтеді, қандай өзгеріске ұшырайды, Жәмиламен тұрмысы қандай болады — оның ешбірін де анықтап ойлап, ашық бір байлауға келген кісі сияқты емес еді. Күндер өтіп жатыр. Алдыңғы күн белгісіздің тұманымен қоршалған. Оны Сыздық білуге мүмкін емес. Сондықтан Сыздық бір үйдің иесі болса да, ойымен бірнәрсеге бекініп, бірқалыпқа тоқтаған жоқ. Қатын алмаған күніндей, өзін-өзі бос деп ұққандай болып, бұрынғы ойсыз жүрісімен жүріп жатты. Осымен жолдастарына берген уәделі күні жеткен соң Жәмиланы ауылына тастап, өзі қалаға жүріп кетті. Қалаға келіп жайланып тұрып, жолдастарының арасына бұрынғыдай кіріп араласқан соң, Сыздық жаратылысындағы зиректігі сөзшеңдігінің арқасында сол жастардың арасындағы көрнекті жігіт бола бастады.

Аздан соң Сыздық та көппен бірге өзінің өміріне қанағаттанып, істеп жүрген ісіне ырза болған кісі сияқтанды. Бұл кезде қырдағы тұрмыс, қырдағы жаңада алған жас келіншегі Сыздықтың көңілінен ұмытылғандай еді. Қыр жайынан сөз болғанда, елде көрген көрікті суреттерді жақсы әңгіме қылып айтып жүрсе де, дәл өзінің үй ішіндегі тұрмысы жайынан, алған келіншегі мен алдыңғы өмірінің не болатыны жайынан ешбір нәрсе ойламаған сияқты еді. Оны ойлаудың орнына, қаладағы қазақтың я татардың оқыған қыздарымен, жас келіншектерімен желікті жүріс жасап, жиі ішкілікке, жастардың күндегі ойын-жиынына араласып жүрді...

Осымен қазіргі күндер қызылды-жасылды қызықты уақыттай болып байқаусыз өтіп жатты. Жазғытұрымғы уақытта Сыздық елден хабар алып, Жәмила еркек бала тауыпты дегенді естігенде салқын түспен тыңдап: «Осылай болып па еді?» — деді де жүре берді. Естіген хабарымен жалғас көңіліне ешбір бөтен ой келген жоқ. Бұл хабардың келген уақыты Сыздықтың бірқалыпты жүрегіне ыстық оттай болып бір күшті сезімнің жаңада кірген кезі еді. Мұндай сезім қазіргідей күшімен бұрынғы уақытта Сыздықтың көңіліне келмеген де сияқты еді. ...Қазірде бұл өзін күн сайын сынап жүрген сияқтанады. Күнде жүрегін жаншып, тыныштығын алған күшті сезім толқынына бойын жиып алмақ болады. Бірақ барлық ерік-қуатынан айрылғандай. Күйрек жүрек қос қанаты майырылып құлағандай жас жігіттің ендігі тыныштығын алып, жүрегіне жаңа дерт орнатуға кінәлі болған адам бір орыс әйелі — Лосовская деген еді. Екатерина Павловна Лосовская оқымысты, тәрбиелі адам еді. Осыдан 7—8 ай бұрын Екатерина жас күйеуі өлген соң, өз еңбегімен тамағын асырамақ болып, бір мекемеге қызметке түскен.

Бұл әйел жазық ақ маңдайлы, үлкен қаракөк сұлу көзді, түзу мұрынды бетінде қызылы бар, айрықша сүйкімді кісі еді. Қою ұзын қара шашын әрқашан бұйралап, желке жағына түйіп жүретін. Лосовскаяның Сыздықтың айтуынша, адамның көзін тартып ықыласын аударатын жері — дөңгелек толықшалау денесі еді. Үлпілдеген жұмсақ етті сұлу денесі жеңіл басып, жылдам жүрген кезінде Сыздықтың көңілінше, маңайында бақыт, махаббат желін естіріп кеткендей болушы еді. Сыздық бұл әйелмен бір жолдасы бастық болып отырған мекемеде таныс болып, алғашқы көрген жерде құмарлықпен ұнатып еді. Екі-үш айдай кейде сылтау тауып, кейде сылтаусыз-ақ сол мекемеге келіп, ұнатқан әйелімен қалжыңдасып, әңгімелесіп кетуші еді. Соңғы кездерде Сыздықтың сұлу түсі, әдепті мінездері, сезімшіл, шыншыл тілі Екатеринаға да ұнағандай болды. Сыздық мекемеге келген сайын бұның бетіне дуылдап қан жүгіріп, болымсыз нәрседен қысылғандай болып, бірқалыпты нәзік күлкімен қарсы алатын еді.

Ақырында, бұл өзінің оңаша тұратын үйіне Сыздықты шақырған соң, жас жігіт үйіне әлденеше рет барып, он бес-жиырма күндей соңына түсіп салынып кетіп жүрді. Бірге театрға барып, жаз шыққан соң, жарық айлы түндерде қолтықтасып сейіл құрып жүріп, ұзақ уақыттар әңгімелесуші еді. Сөйтсе де қалаған тілекке жеткенше, Сыздыққа бұл уақыттардың бәрі де үміт пен күдіктің кезек жеңісіп, алысып жүрген күні болғандықтан, шыдам жетпейтін ең ыстық, ең ауыр күндері болды. Жалғыз-ақ әр күні түнде айрылар уақытта әйел мен жігіттің екеуі де бірін-бірі қимағандай боп ұзақ уақыт қарасып тұрып қалатыны, сөйлесіп ашылмағаны болмаса, екеуінде де бір туысқан сезімнің барлығын білдіргендей еді. Ақырында бір күні апрельдің аяқ кезінде жарық айлы, тыныштығы мол түнде екі жас Екатерина үйінің тұсындағы өзен жағасына таман келе жатты. Екеуінің үстінде де жаңа киген жазғытұрымның жеңіл киімдері бар. Қолтықтасып, біріне-бірі ығысып, жақындасып, иықтары ақырын сүйенісіп, аяқтарын жайлап, ілбіп басып, шалажансар дауыспен күбірлесіп, сөйлесіп келе жатыр еді. Аздан соң өзеннің жағасына жетті. Бұлар келген жерде өзен жағасы биік жартас болып біткен еді. Мезгілсіз кеш уақытта келген жастар жартастың үстінде тоқтап тұрып, алдарына қарады.

Жаңада тасыған үлкен өзен әлі күнге айықпаған ашумен ешбір дыбыссыз бүктетіліп, қоңырқай тартып, сұрланып қатты ағып жатыр. Төбеге келіп тұрған толған айдың суға түскен сәулесі кейде айнаға түскен жарықтай созылып жарқырап тұрып, кейде өзен толқынымен шұбартып дірілдеп кетеді. Күліп тұрған жас сұлудың бетіндей болып жайнап төгіліп, су бетіне жайылып кетеді.

Қаланың дағдылы шуы басылғандай. Өзеннің бір жақ жиегінде қоңырлау түспен құлазыған далада әр жерде жарқырап, жылтылдап жанып жүргіншілердің оты көрінеді.

Маужыраған ұйқылы түн, желсіз тынық болса да, үлкен өзеннің дымқыл салқын лебі жартастың басында білініп, жастардың денесін жайлы тынысымен тоңазытып тұр.

Сыздық күйімен қарағанда: түн — ұйқы, тыныштық, меңіреулік түні емес; ыстық сезім, нәзік қиял түні еді.

Жігіт жүрегі табиғаттан көмескі қуат алды. Бұл іштегі толқыннан сұрланған, ақ түсімен айға қарсы тұрып, алдындағы сүйгеніне бұрын айтып бітірмеген сөзінің аяғын:

— ...Тілегіме ықыласыңызды аударасыз ба? Мен қайғым мен дертімді ұғасыз ба? — деп бітірді. Әйел басын ақырын ғана жоғары көтеріп, бұның көзіне қарап тұрып:

— Неліктен дерттісіз, қайғыңыз не? Мен бастан-аяқ ұққаным жоқ! — деді.

Сыздық қасына жақындап келіп, қолынан ұстап:

— Сіз мені ұққыңыз келмейді. Түзу жауаптан қашасыз! — деді.

— Түзу жауаптан қашу әзірше менің ойымда жоқ. Бірақ менің жауабым сіздің сауалыңыз сияқты бытыраңқы екені рас. Оған кінәлі мен емеспін... Сіз сөзіңізді ашық айтпайсыз!— деп азырақ кінәлаған тұспен жігітке қарады.

Бұл сөзге келген кезде Сыздық бір ниетке бекінген кісінің түсімен:

— Олай болса: мен сізге ғашықпын, сізді алғашқы көргеннен бері жүрегімді жеген дерт осы. Менің шын махаббатымның тілегіне табыласыз ба, мен сүйгендей сіз мені сүйесіз бе? — деді.

Әйел аз үндемей жігіттің пішініне қарап тұрып-тұрып:

— Мен сіздің ақылыңызды, мінезіңізді жаратамын, құрметтеймін. Жүрегімде сізге деген бір сезім бар сықылды. Бірақ оның аты не екенін білмеймін... Өз жүрегімді бұл турада әлі сынап, тексеріп болғаным жоқ!— деді.

— Мені көптен білесіз, сүйетінімді де көптен сезгенсіз, сондықтан әлі күнге өзіңізді білмеймін дегенге сенбеймін. Сіз онда мені сүймеймін деген сөзіңізді неге айтпайсыз? — деді...

— Сіз мені неге ондай сөзбен қинайсыз? Өзіңіз ұқсаңыз болмай ма?..

— Мен қиналмай тұрмын ба? Менің халіме ем болатын ашық бір сөзіңізді неге айтпайсыз? — деп аз тұрып, қасына келіп, иығына иығын тақап тұрып, бетіне таман иіліп:

— Сүйгенім, айтыңызшы байлаулы сөзіңізді! Мен дерттімін, қинамаңызшы! — деді.

Екатерина бұл сөздің кезінде Сыздықтың көзіне өзінің сұлу көзінің оты өшкендей болып тұнжырап, үлкен мағыналы жұмсақ түспен қарап тұрып:

— Менің көңілімде өзіме ұғымсыз бір сезім бар. Сол әлде сіздің тілегіңіз шығар, — деп ақырын дауыспен: ғашықтық әлде сол шығар! — деді. Бұл сезге келгенде, Сыздық ғашығын асығып тез құшақтап, сабырмен тосып тұрған аузынан ұзақ сүйіп тұрып қалды.

Екеуі бұдан соң барлық сөзден тыйылып, барлық дүниені ұмытып, өткен уақытты сезбегендей болып, қайта-қайта біріне-бірі қысылып, жабысып ұзақ-ұзақ үндемей сүйісіп тұрды.

Нәзік бітімді сұлу әйелдің неше түрлі жарастықты сәнмен ұралып, құшағына кіріп, елбіреп келіп сүйгені, мойнына құшағын артып нәзіктенген қозғалысы Сыздықтың көңілінен дүниедегі барлық әйелді ұмыттырғандай болды. Барлық сүюлердің ішіндегі бұның іздеген шипасы осы екен. Осы түрдегі толқын екен. Ол өзін-өзі жаңа ғана тапты.

Аяғында, бір сағаттай уақытты үндемей сүйісумен өткізген соң, аяңдап үй жаққа қарай жүрісті. Үйге қарай жүргенде ғашығын құшақтап келе жатып, Сыздық:

— Неге үндемейсіз? Біз сөзден неге тыйылдық? — деді. Әйел жас жігіттің еркіне көніп, әлсіреген дауыспен:

— Адам өмірінде барлық шешен, сұлу сөзден өзінің мағынасымен артып кетіп үндетпейтін көрікті мүйнеттер болмай ма? Бізді билеген сол мүйнет шығар! — деді.

Бұл кешпен бірге Сыздықтың жаңа бақыт күні туғандай болып, соның еркіне барлық уақытын, барлық үміт-мақсатын беріп, түнді-түнге қосып жүріп жатты.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)