http://a-brands.kz/

Балықты қалай таңдау керек?

Базарда немесе дүкенде балық таңдап жүрген кезде, көзімізді алдап, ескі балығын беріп жіберетін саудагерлердің құрығына қалай түсіп қалмауға болады? Балықты қалай таңдау керек? Осы сұрақтарға қатысты біздің кеңестеріміз кәдеге жарап қалар.

Дастарханымызда балықтан жасалған тағамдардың жиі болғаны жөн. Өйткені олар дәмді ғана емес, ағзамызға өте пайдалы. Балықтың құрамында қан тамырларын жақсартып, қан қысымын қалпына келтіруге көмектесетін және холестерин деңгейін түсіретін омега-3 май қышқылдары бар.

Сонымен қатар, балық күз және қыс айларындағы ағзамыздағы Д дәруменінің тапшылығын жояды. Ол  сүйек тіндерін қатайтатын кальций және фосфор сияқты басқа да микроэлементтерді ағзамызға сіңіруде маңызды рөл атқарады.   Балық тағамдарында йод, магний және А мен В12  дәрумендерінің де бар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Балықты үнемі тұтынудың қандай пайдасы бар екенін білдік. Бірақ ағзамызға пайдалы, піскен кезде дәмі тіл үйіретін жақсы балықты қалай таңдау керек? Бүгін біз сіздерге дәл осы мәселеге қатысты біраз кеңестерді ұсынбақпыз.

1. Тұщы су немесе теңіз балығы

Ең әуелі, өзіңіз дайындамақ болған тағамның түріне қарай тұщы су немесе теңіз балығының қайсын таңдап алатыныңызды анықтап алыңыз. Теңіз балықтары әдетте майлы болады. Олардың қатарына ақсерке, майшабақ, камбала, скумбрия және көптеген салаттарға пайдаланатын тунец жатады.

Ал тұщы суды мекен ететін балықтар қатты майлы болмағанымен, құнарлығы жағынан теңіз балықтарынан қалыспайды. Шортан, жайын, тұқы, ақтабан, алабұға және нәлім – міне, бұларды сіз балық сататын дүкендердің сөресінен міндетті түрде таба аласыз.

2. Жаңа ауланған балық

Жаңа аулаған балықты сатып алған кезде оны мұқият қарау керек. Әсіресе балықтың түсі мен қабыршағына ерекше көңіл бөліңіз. Оның қабыршақтары бір-біріне тығыз жабысып, түсі күміс рең беріп, құбылып тұруы керек. Егер қабыршықтары ашылып, ал түсі тат басқан сияқты сарғыш түске енген болса, онда бұл балық бұзыла бастаған. Күдігіңіз басым болып тұрса, саусағыңызбен балықтың арқасын басып көріңіз. Жаңа ауланған жақсы балық болса, саусақтан түскен із бірнеше секундта жоғалып кетеді.

Балықтың бұзылмағанын білдіретін тағы бір белгі – оның денесіне тығыз жабысып тұратын, алқызыл реңді желбезектері. Басы мен жүзбеқанаты жоқ балықтарды сатып алсаңыз, онда оның жақсы балық болмағаны. Өйткені көптеген сатушылар желбезектері қарая бастаған балықтың басын әдейілеп кесіп тастайды.

Балықтың балғындығын көрсететін тағы бір көрсеткіш – оның көздері. Көзі бұлыңғыр немесе түсіп қалған балықты ешқашан сатып алмаңыз. Ең соңында айтарамыз, балықтан бұзыла бастағанын білдіретін аммиактың иісі шығып тұрмауы керек.

3. Мұздатылған балық

Мұздатылған балық алар кезде де оның сапасына қатты көңіл бөлу керек. Жаңа ауланған балықты таңдағандай бұл кезде де оның иісіне назар аударған жөн. Балықтың иісі аздап қана білінуі керек немесе мүлдем иісі болмауы керек. Ал егер сәл жағымсыз иісті сезген болсаңыз, демек ол балық мұздатылғанға дейін бұзылып кеткен деген сөз.

Мұздатылған балықтың салмағы жаңа ауланған балықтың салмағына сәйкес келуі керек. Ал егер жеп-жеңіл болса, онда ол балықты бірнеше рет ерітіп, қайта мұздатқан. Құйрығы қисық, жүзбеқанаттары сынық, денесі майысқан болса, ол да күдік тудырады. Сол себепті табиғи қалпында мұздатылған балықты сатып алыңыз.

Мұз сияқты жылтыраған балықты сатып алған кезде өте абай болған жөн. Өйткені оны әуелі мұздатып, содан кейін суық суға салады да, тағы да мұздатады. Осылай бірнеше рет қайталайды. Мұның ең қауіпті жағы, суға түрлі консерванттар қосады. Ал тұтынушы ақшасын балыққа емес, мұзға төлейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)