Өлең, жыр, ақындар

Өнер көкке жеткізер

Бүгін күн ерекше жайдары. «Алатау» ұлттық этнографиялық ансамбілі орындаған Түркештің «Көңіл ашары» қазақтың кең атырабын елестетеді. Домбыра дабысы бірде заңғар биікке шарықтап, бірде көкте еркін қалықтай түскен. Ұлттық өнерді сүйетін, өнерліге бас иетін халық түгел осында. Қаламыздағы метрополитеннің «Алмалы» бекетінде бүгін кезекті шара – қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған шығармашылық көрме өнер сүйер қауым мен қала тұрғындарына ұсынылды.

Мерекелік шара Елбасының  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жəне Қазақстанның төртінші өндірістік революция дəуіріндегі өркендеуіне  бағытталған. Бұл туралы өнер академиясының Тəрбие ісі жөніндегі проректоры Ергөбек Шыңғыс Құлбекұлы:
– Елбасымыз аталған тақырыпты қозғай отырып, ең негізгі ерекшелік ретінде ұлттық өнерді дамытуға баса назар аударған болатын. Шығармашылық көрме Елбасы жолдауын қарапайым емес, барша адамзатты біріктіретін ортақ, əрі қуатты «өнер тілімен» жеткізбек. Əлемдік өркениетте халықтың өзіндік ықпалын қалыптастыратын – мəдениеті мен өнері. Ал қоғамды этикалық, эстетикалық тұрғыда байыту – Ұлттық өнер академиясының басты мақсаты. Бұл миссияны академия ұжымы, талантты студенттері өз деңгейінде атқарып келеді. Алдағы уақытта осы сынды қойылымдарды Вернисаж, Италия, Францияда қою көзделуде, – деді.


 

Айналаны қоршаған қолөнер туындылары көпшіліктің көзайымына айналып, ерекше әсер қалдырды. Əсіресе, Б.Байділданың «Батыр Бауыржан» мозайкасы, Б.Досжановтың аллюминийден жасалған «Керуені» жəне Ұзақбай Асыланның «Бақсы» мүсіні халық назарын аударды. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан таңғажайып туындылар ұлттық құндылықты, салт-дəстүрімізді дəріптеп тұр. Екінші бөлімде академия түлектерінен құралған «Алатау» этнографиялық ансамбілі Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» мен Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым»-ын нақышына келтіре орындағанда, жиналған жұрт сілтідей тынды.


Шығармашылық көрмеде студенттермен қатар, ҚР кескіндеме жəне мүсін өнерінің майталмандары Б.Досжанов, Ж.Қайрамбаев, Қ.Оспанов, М.Жүнісбаев, Б.Тұрғынбай, Б.Байділда, С.Тайнов, А.Абжанова сынды өнер қайраткерлерінің жұмыстары қойылған. Төрде тұрған «Елбасы» портреті бас қаламыз Астананың 20 жылдық мерейтойына орай суретші Дəуренбек Бекназаровтың тартуы. Осы ретте шеберді сөзге тартқан едік:
– Картина «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай салынған. Сондай-ақ, биыл Астанаға 20 жыл толмақшы. 4 ай уақытты қамтыған картинадағы бас кейіпкер – Елбасы. Ал артындағы жастар – болашаққа нық қадам жасайтын ел ертеңі. Астананың əсем ғимараттары да жасампаз мемлекет екендігіміздің белгісі іспетті.

Шараны өткізуге Алматы метрополитені жəне қалалық мəдениет басқармасы үлес қосқан. Ұлы өнерді дəріптеп, жаңғыртуды дәстүрге айналдырған Алматы метрополитенінің баспасөз хатшысы Игорь Сахар:
– Жылда метро бекеттерінде 30-ға жуық түрлі көрнекті шаралар өткізіліп тұрады. Мəселен, Байқоңыр бекетінде кітап көрмесінің фестивалін өткізу қолға алынды. Ал бүгін біз Алмалы бекетінде Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлектерімен бірлесе ұлттық өнерге бағытталған қолөнер көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Осы тектес іс-шаралар жастарды патриоттық сезімге үндеп, өнерге деген сүйіспеншілікті арттырады, – деді.
 

Сөз соңында. Көрмеден көргеніміз көп, түйгеніміз мол болды. Шығармашылыққа құштар, шын талантты жастардың көбейгендігі қуантты. Жоғары дəрежеде ұйымдастырылған қолөнер көрмесінен қонақтар да, көпшілік те таңданыспен қайтты. Алдағы уақытта ұлттық өнерді, дəстүрімізді ұлықтайтын іс-шаралар легінің толастамасына кəміл сенеміз.


                               

Арай ЖҰМАТАЙ,
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультеті, ІІ курс


Пікірлер (2)

Модератор

Егер авторы өзіңіз болсаңыз, автор деген бөлімді бос қалдыру керек.

Ардақ

Керемет! Репортаж деген осылай болуы керек қой! Суреттер жақсы екен, тартымды.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз