Өттас ауруы туралы не білеміз?

Тасты холецистит (түрлі себептерден пайда болған тастардан өт қалтасының қабынуы), немесе өттас ауруына әлемдегі әрбір жетінші адам шалдығады екен. Олардың көпшілігі әйелдер көрінеді. Оның себебі әйелдер организміндегі гормональды үдерістерге қатысты. Бұл ауру жас талғамайды. Көбінесе ересектерде байқалғанымен, хирургиялық тәжірибеде жасөспірімдердің де өтінде тас пайда болып, өт жолдарына тұрып қалып, қатты қабындырған жағдайлар кездеседі.

Ғалымдардың айтуынша, тек қана өсімдіктермен қоректенетін вегетариандықтар өттас ауруына шалдықпайды. Себебі, олар құрамында холестерині көп ақуызды тағамдарды пайдаланбайды. Ақуыздың құрамында холестерин көп болса, өттас ауруына шалдығу қаупі де жоғары.

Этиологиясы мен патогенезі

Өт тастарының құрамына көптеген органикалық және бейорганикалық заттар кіреді. Олардың негізгі компоненттеріне: холестерин, билирубин, ет қышқылдары, ақуыздар, гликопротеидтер, түрлі тұздар, кальций және басқа да органикалық және бейорганикалық қосындылар енеді. Өт тастарының дамуында холестерин және өт пигменттері негізгі орын алады, сондықтан тастардың барлығының негізгі екі тобын: холестеринді және пигментті түрлерін ажыратады. Холестеринді түріндегісі – бұл, негізінен холестериннен тұратын, ал пигментті түріндегісі – билирубин  және оның полимерлерінен тұратын тастар.

Тастардын құрылымы олардың құрамына байланысты өзгеріп тұрады. Холестеринді тастар дөңгеленген түрде болады. Тастың көлденең кесіндісінен шеткері бөліктерінде орналасқан радиалды жолақтануды көруге болады, себебі холестерин шеткері радиалды жолақтар түрінде, пигмент және кальций тұздарының айқын көрінетін кристалдарын (холестерин-пигмент-әк тастары) түзеді. Пигментті тастар – бұл, гомогенді, қатты, сынғыш, қара түсті тастар. Көп жағдайда олар қырлы болады, және көптеп кездеседі. Кальций тастары әдетте ақшыл-қоныр немесе қошқыл-қоңыр түсті, кальций карбонатынан тұрады. Көбінесе олардың тікеншелер тәрізді өсінділері болады.

Өттастын қабынуы немесе холениститтің белгілері

Холецистит әдетте созылмалы және жедел түрге бөлінеді. Созылмалы холециститте науқастың оң қабырғасының асты сыздап ауырып, онысы жауырын ортасына, оң қолға беріледі. Бұл белгілер әсіресе майлы, қуырылған тағамдардан кейін жиі білінеді. Кейде жүрегі айнып, лоқсып, кұсуы да мүмкін. Уақыт келе бұндай «шаншу» жиілей түседі. Ультрадыбыстық аппарат арқылы тексергенде өт қалтасындағы тасты немесе көптеген әр көлемді тастарды анықтауға болады. Сонымен қатар ет қалтасының қабаты қабынып, қалыңдай түскенін байқау қиын емес. Созылмалы холецистит, яғни ет қалтасының қабынуы бірнеше жылдар бойы созылып жүре беруі мүмкін. Бірте-бірте оң қабырға астының сыздап ауыруы жиілеп, сырқат адамның әбден мазасын алады. Уақыт келе өттас ауруы асқынып майда өттастар негізгі өт жолдарына түсіп, өттің жылжуына кедергі жасап, кейде мүлдем бітеп, науқастың денесін сарғайтуы ғажап емес. Бұндай кезде жедел хирургиялық ем қажет. Өт қалтасын ішіндегі тастарымен қоса сылып алып тастайды (холецистэктомия), өт жолдарын бітеп қалған майда тастар алынып, өт жолдары түтікшелері қалпына келтіріледі.

Жедел холецистит аяқ астынан оң қабырға астының шаншып ауруынан басталады. Ауру бірте-бірте меңдеп, белгісі қатая түседі. Науқас жүрегі айнып, құсады, қан тамырынын соғуы жиілеп, дене қызуы көтеріледі, базбір кезде аузы құрғап, іші кебе бастайды. Кейде денесі, көздерінің ағы сарғаяды. Бұл дегеніңіз өт қалтасы қабынып, өт жолдары ісініп, іріңдей бастағанының белгілері. Егер асқыну жалғаса берсе, тастар өт қалтасын тесіп, өт іш қуысына құйылады. Науқасты уақыт оздырмай ауруханаға жеткізген абзал. Дәрігерлер тексеріп, ауруын анықтағаннан соң ота жасалынады. Онсыз дерт асқынып, іш қуысы қабынып, денсаулыққа зиянды жалпы перитонитке жеткізуі мүмкін. Ондай жағдайда адам өміріне келер қауіп арта түседі.

Қазіргі таңда өт қалтасына ота екі тәсілмен жасалып жүр. Біріншісі, ертеден келе жатқан ішті ашып, дәстүрлі холецистэктомия отасы болса, екіншісі, дәрігер-оташылар «кіші инвазиялық ота» деп атап жүрген лапароскопиялық холецистэктомия. Яғни, кішкене ғана кесіктен хирургиялық аппаратты іш куысына енгізіп, телемонитор арқылы бақылап отырып, өт қалтасын сылып алып тастау тәсілі. Лапароскопиялық холецистэктомия бұл күндері барлық облыс орталықтарында, тіпті, аудандық ауруханаларда жасалуда және бұл тәсіл науқас үшін өте тиімді: науқас аурудан тез айығып, аяғына бір-екі күнде тұрып, 3-4 күнде үйіне амбулаториялық емге шығарылады, яғни дәстүрлі оталардағыдай 10-12 күн ауруханада жатуы міндетті емес. Әрине, ауруды асқындырмай, өт қалтасында тас бар екені анықталса, уақыт оздырмай ота жасатып, өттастардан құтылған дұрыс. Асқынған ауруды емдеу әрдайым қиынға соғады.

Өттас ауруын болдырмас үшін не істеу керек?

Өттас ауруының пайда болуы сіздің тамақтануыңызға тікелей байланысты. Егер құрамында холестерині көп тағамдарды пайдалансаңыз, ауруға шалдығу қаупі басым. Ал егер керісінше жасасаңыз, өтіңізде тастардың жиналып қалуынан құтыласыз.

Жоғарыда вегетариан адамдардың бұл аурудан зардап шекпейтінін айттық. Бірақ сізге өттас ауруына бола жейтін етіңізден бас тарту шарт емес. Бар болғаны, көкөністер мен түрлі жаңғақтарды, апельсин, мандарин секілді жемістерді және бұршақ тәріздес дақылдарды көп жесеңіз жарап жатыр.

Денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін және халқымыз жиі айтатын «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қанатты сөзін естен шығармағаныңыз жөн. Сақтансаңыз сау боласыз.

Сағындық Ордабеков
медицина ғылымының докторы, профессор.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)