Адамдарды өмірінің соңында өкіндіретін 5 қателік

Өмірден күдер үзген науқастармен жұмыс істейтін мейірбике, адамдар көбіне қандай қателіктері үшін өкінетіні жайында жазыпты. Науқастардың басқаларға қайталамауға кеңес беретін ең көп тараған 5 қателік мыналар:

Өлім ешкімді де айналып өтпейді. Өз кезегіңіз келгенде қандай жағдайда болатыныңыз туралы, өміріңізді қалай сүргеніңіз жайында ойланып көрдіңіз бе?

Бронни Уэйр (Brannie Ware) есімді Австралиялық мейірбике өмірден күдер үзген науқастардың соңғы 12 аптасында күтім жасаған екен. Батылдық танытып, науқастардың айтып жүрген ең көп тараған қателіктерін түртіп алып, Inspiration and Chai блогына жариялаған. Көбіне, жұмысбасты болған адамдар өз сезімдерін жеткізу үшін батылдық танытпағандары, достарымен қарым-қатынастың үзілгендері үшін өкінеді екен.

Егер де адамдар өзгенің қателігінен сабақ ала білсе, бұл тізім басқалардың өмірлерін өзгертуге септігін тигізер. Бұл өмірмен қоштасатын уақытымыз келгенде, ешнәрсеге өкінбейтіндей болу қажет.

1. Өмірімді өзгелер емес, өзім қалағандай етіп сүрер едім

Сіз өзіңіз қалағандай өмірмен сүріп жатырсыз ба, әлде өзгелердің қалауымен бе? Көптеген адамдар өз өмірлерін басқалардың үміттеріне негіздейді. Қай салада болмасын, жұрт нені қалайды соны жасайды. Тіпті өмірлік мамандығын таңдағанда да, алдымен өзіне ұнай ма  демей, отбасы, достары және таныстары қалай қарайды екен деп ойлап тұрады. Нәтижесінде, олар басқалардың: ата-анасының, ұстаздарының, таныстарынының ойынан шығады да, бірақ өзіне көңілі толмай жүреді. Өмірінің көп бөлігін тығырыққа тығылғандай, өздерін бақытсыз сезінеді. Егер де мұндай адам жасанды жағдайдан шығып, жасырын армандап келген ісімен айналысса, онда жан-жағынан наразылықты көріп, бірнеше достарынан да айырылуы мүмкін.

Мұны қалай болдырмауға болады?

Өзіңізге сенімді болыңыз. Бар күш жігеріңізді жинап, ойыңыздағыдай өмір сүрмек болсаңыз, сынға ұшырайтыныңыз әбден мүмкін. Басқалардың ойын сабырмен тыңдаңдыз. Бірақ айтқандары көңіліңізден шықпаса, мән берудің қажеті жоқ.

Олардың айтуға хақысы бар, ал сіздің құлақ аспауға хақыңыз бар.

Сіз біреуге жағу үшін өмір сүрмейсіз.

Сондықтан да қарым-қатынасты бұзып алам деп қорықпаңыз. Уинстон Черчилль былай деп дәл айтқан «Сенің жауың бар ма? Керемет. Яғни, сен кезінде өз ойыңды қорғағансың»

2. Көп жұмыс істемес едім

Қазіргі заманда жұмысқа басыңмен бірақ кіріп кету қалыпты жағдай. Мұндай жағдай тарихта болмаған, адамдардың қолы бос емес, тәулігіне 12 сағат немесе одан да көп жұмыс істейді (ХХ ғасырдың басында қиынырақ болғаны рас, бірақ ол кезде таңдау еркі жоқ еді, ал бізде бар).

Ата-аналар балаларын сирек көреді, барлық жауапкершілікті ата-әжелерге немесе бала күтушісіне жүктеп қойған. Адамдардың қарым-қатынас жасауға, жеке өміріне уақыт тапшы. Жұмыс әрқашанда бәрінен маңызды саналады.

Иә, өмір сүру үшін жұмыс қажет, бірақ ол кейбір адамдардың өзін өзі бағалауда негізгі параметрге айналып кеткен.

Мұны қалай болдырмауға болады?

Ұнатқан ісіңізге уақыт табылмауы мүмкін емес. Тек уақытты дұрыс пайдалану керек. Егер қарым-қатынасқа уақыт жоқ болса, яғни, ол сіз үшін маңызды іс емес. Егер сіз мерейтойларға уақыт таппасаңыз, оның орнына айналысқан шаруаңыз сіз үшін маңыздырақ деген сөз. Егер спортзалына бармасаңыз, онда сізге дене бітіміңіз маңызды болмағаны. Иә, сіз мойындағыңыз келмесе де шындығы осы!

Әр адамның бір тәуліктегі сағат саны бірдей – 24. Билл Гейтс сияқты жеке кәсіпкерлердің, Уоррен Баффет сияқты қаржы магнаттардың, Серена Уильямс сияқты атақты спортшылардың, Опра Уинфри сияқты көгілдір экран майталмандарының меншігінде сіздікіндей уақыт.

Сіздің сағат пен минуттарыңыз басқалардыкінен кем деп ойлау үлкен қателік. Бәріміз бір уақыт санағында өмір сүреміз. Тек біреулер уақытты тиімді өткізуге тырысады, ал кейбіреулер уақыттың тапшылығын айтып, сылтауратып жүреді.

Өзіңізге ұнайтын нәрсеге уақытыңызды бөлуге саналы түрде ден қойыңыз.

Өмірде бәрінен артық нені бағалайсыз? Өз уақытыңызды көңіліңізге ұнайтын нәрселерге жұмсап жүрсіз бе? Егер де соңғы сұраққа «жоқ» деп жауап қатсаңыз, демек, ойыңыз бен ісіңіз екі түрлі болғаны.

3. Өз сезімімді ашық айтуда батылырақ болғым келеді

Бұл сіз жайында ма? Оған өз сезіміңізді білдіруге қорқасыз ба? Өміріңізде сезіміңізді ашып айта алмағандықтан біреулермен қоштасқан, ұмытуға тырысқан кездеріңіз болды ма? Расымен солай болса, сіз жалғыз емессіз. Сіз сияқты адамдар көп. Оқыған, тоқыған, сымбатты да ашық мінезді, бірақ танысқысы келмейтін, сезімге жұрдай болып келеді. Олар танысу мүмкіндіктерін пайдаланбай жіберіп алады.

Жан тыныштығы үшін кез келген танысу мүмкіндігінен бас тартып, «маған лайық емес», «онша емес» т.с.с миллион сылтау айтады.

Мұны қалай болдырмауға болады?

Жіберіп алған мүмкіндіктерге өкініп отырғанша, жасаған қателіктеріңнен сабақ алған жақсырақ. Шын мәнінде өз сезімін білдіргеніне өкінетін адамдар аз. Біріншіден, бірден жеңілдей түсесің, себебі, ол адаммен бірге болашағың бар ма жоқ па айқындалады. Сізден бас тартса да, оны ұмыту оңайырақ болады, «кезінде айтуым керек еді» деген ой мазаламайтын болады. Түптің түбінде, «не болады?» деп өзіңізден сұрап көріңіз. Бар болғаны сыпайы түрде «жоқ» дер. Ал егер де сезімдеріңіз екі жақты болса, онда батылдығыңызға дән риза боласыз.

4. Достарыммен қарым-қатынсты үзгім келмейді

Достықты көбіне -  мансап, қаржы, жеке басындағы жұмыстарына байланысты құрбан етеді. Неге? Себебі, бізге достыққа көңіл, уақыт бөлмесе де еш күшін жоймайтын мәңгілік болып көрінеді. Сондықтан да оған достық кездесулерді жұмысымызға, романтикалық кездесулерге, басқа да маңызды істерге оп-оңай алмастыра саламыз. Артынан жоғалтқан достық қарым-қатынасқа өкінеміз.

Мұны қалай болдырмауға болады?

Достарым қашан шақырады екен деп күтіп отырғанша, өзіңіз алғашқы болып қадамды неге баспасқа? Достарыңыз сізден шақырту күтіп отыруы да әбден мүмкін ғой. Егер тырысуыңыз бекер болып, кездесуге келмесе, онда қамықпаңыз, лайықты достық емес деген сөз. Қолдан келгеннің бәрін жасағандықтан, кейін өкінбейтін боласыз.

5. Бақыттырақ болуды қалар едім

Қатты қайғырып жүрсіз бе? Әрдайым өміріңіздегі кішігірім қиындықтарға шағымданасыз ба? Қолыңыздағы бар нәрседен ләззат алудың орнына жоқ заттарыңызды түгендеп, жіберіп алған мүмкіндіктерге өкінесіз бе?

Көптеген адамдар барын бағалай алмай, қолдары жетпеген дүниені аңсап қайғыруда. Сол қайғыдағы адамдардың көбісінің жабдықталған үйлері, тұрақты жұмыстары, керемет отбасылары бар, жағдайлары жасалған.

Негізі халықтың тұрмысы жақсарған сайын, адамдар бақытты болудың орнына керісінше, бақытсыз болып бара жатыр. Неліктен? Себебі адамның бақытты болуы оның материалдық жағдайына тәуелді емес, бақыттың мәні неде екенін түсінгендігінде.

Мұны қалай болдырмауға болады?

Бақыт – әр адамның таңдауы екенін мойындаңыз. Бақытты бірнеше факторлардан тұрады деп есептейтін адамдар баршылық. Олар белгілі бір нәрсеге қол жеткізсем, бірінші, екінші, үшінші деп қажеттері орындалғанда бақытты боламыз деп ойлайды. Бірақ бақыт жетістіктерге тәуелді емес. Бақыт – бұл қолда барға қанағат қылуың. Егер қаласаңыз дәл қазір бақытты бола аласыз. Бақытты болуды қалайсыз ба?

Оны бір ғана сөзбен қалай керемет жеткізген:

There is no way to happiness, happiness is the way (Бақытты болудың жолы жоқ, бақыттың өзі - жол)

Бұл әрбір адам жасауы мүмкін деген, ең көп тараған қателіктер. Ал сіз ше? Дер кезінде айта алмағай, жіберіп алып немесе қол жеткізе алмай, өкінген тұстарыңыз бар ма?

Дереккөз: marcandangel.com


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)