http://a-brands.kz/

Салықтардың құрылу негіздері, салық элементтері

Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі салықтарды құру мен алудың нақты әдістерін анықтайды, салықтың тиісті элементтері арқылы салық салудың тәртібін белгілейді.

Салық элементтері - -бұл мемлекеттің заң ак актілерімен анықталатын салықтың құрылу принциптері мен салық салуды ұйымдастыру.

Негізгі салық элементтеріне мыналар жатады:

  • салық субъектісі;
  • салық салынушы;
  • салық объектісі;
  • салық базасы;
  • салық салу бірлігі;
  • салық ставкасы;
  • салық жеңілдіктері;
  • салық төлеу мерзімі мен тәртібі;
  • салық төлеушілер мен салық органдарының міндеттері мен құқықтары;
  • салық төлеуді бақылау;
  • салық заңдарын бұзғаны үшін санкциялар және т.б.

Салық субъектісі немесе салық төлеуші.  Ол - заң бойынша салық төлеу міндеттілігі жүктелген тұлға, алайда нарық механизмі арқылы салық ауыртпалығы басқа тұлғаға – салық салынушыға аударылуы мүмкін.

Салық салынушылар – нақты салық ауыртпалығы (салық жүктемесі) түсетін жеке тұлғалар, түпкілікті салық төлеушілер (салықтың ең соңғы, нақты төлеушісі), яғни мемлекет азаматтары.

Салық объектісі. Салық төлеушіге салық төлеу міндеттілігін жүктейтін құқықтық фактілер жиынтығы (дерек, іс-қимыл, жағдай, оқиға). Мүлік пен іс-әрекеттер салық объектілері және салық салуға байланысты объектілер болып табылады, олардың болуына байланысты салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.

Салық базасы. Салық базасы – салық салу объектісі мен салық салуға байланысты объектінің құндық, заттай немесе өзге де сипаттамалары, олардың негізінде бюджетке төленуге тиіс салықтар және басқа да міндетті төлемдердің сомасы анықталады.

Салықтың негізгі базасы мыналар болып табылады:

 - табысқа салынатын салық. Бұған корпорациялық және жеке табыс салығы жатады;

тауарларға салынатын салықтар. Олар қосылған құнға салынатын салықтарды, кеден баждарын біріктіреді;

капиталға салынатын салық. Оған жер салығы, мүлікке салынатын салық және басқалары жатады.

Салық салу өлшем бірлігі – салық базасын сандық тұрғыдан көрсетуге пайдаланылатын салық салу ауқымының өлшем бірлігі. Мысалы, автокөлік двигателінің қуаты көлік құралдарына салынатын салық ауқымы болып табылады, ал қуат ат күші, киловатт өлшемінде көрсетілуі мүмкін; алаң жер салығының ауқымы болып табылады, бұл ір елде түрлі өлшемде: гектар, акр, шаршы метр өлшемдерінде көрсетіледі; бензинге акцизді есептеу кезінде литр, баррель, галлон қолданылады.

Салық ставкасы – салық базасының өлшем бірлігіне абсолютті сомада немесе процентпен белгіленетін салықтық есептеу мөлшері.

Салық салу практикасында ставкалар тұрақты және процентті болып бөлінеді.

Тұрақты ставкалар – табыс көзіне қарамастан салық салу бірлігіне абсолюттік сомада белгіленеді (мысалы, мұнайдың 1 тоннасына, газдың 1 текше метріне).

Проценттік ставкалар – салық базасына қарай алынатын табыстың мөлшеріне байланысты салық өлшем бірлігіне салынады.

Проценттік ставканың 3 түрі бар:

  • үйлесімді;
  • прогрессивті;
  • регрессивті.

Үйлесімді салық ставкалары – салық объектісіне (оның мөлшерін саралауды есепке алмай) бірдей проценттік қатынаста іс-әрекет етеді.

Прогрессивті ставкалар – салық салынатын табыстың артуына сәйкес өсіп отыратын салық ставкалары. Нәтижесінде салық төлеуші салықтың үлкен абсолюттік сомасын ғана емес, сонымен бірге оның үлесін де төлейді. Мұндай ставкалар ең алдымен табысы көп тұлғаларға ауыртпалық түсіреді.

Регрессивті ставкалар – табыстың өсуіне қарай төмендейді және табысы көп тұлғаларға тиімді болып келеді, ал табысы аз адамдардың иығына ауыртпалық түсіреді.

Салық жеңілдіктері – заңға сәйкес төлеушілерді салықтан толық немесе ішінара босату. Салық жеңілдіктеріне мыналар жатады:

салық салынбайтын минимум – салық салудан толық босатылатын салық объектісінің ең аз бөлігі;

табыстың есептелген сомасынан шегерілетін шегерімдер (асырауындағы жандарға, мүгедектерге жеке табыс салығы бойынша; күрделі қаржыларға, әлеуметтік объектілерді ұстауға, табиғат қорғау шараларына жұмсалатын шығындардың сомасынан-корпорациялық табыс салығы бойынша және т.б.);

салық салынатын табыстың құрамына енбейтін сома (мысалы, босату кезіндегі ұйғарымды жәрдемақы, жеке табыс салығы бойынша өтемақы төлемдерінің сомасы);

салық салудың жекесубъектілері мен төлеушілердің санаттары үшін салық ставкасын төмендету.

Салық жеңілдіктеріне сонымен бірге төлеу мерзімін ұзарту және салық бойынша бересіні есептен шығару да жатады.

Жеңілдік кезеңі – салықтар бойынша заңмен белгіленген жеңілдіктердің іс-әрекет ететін уақыты.

Салық төлеу мерзімі мен тәртібі – заңмен белгіленген әдістер мен салықты бюджетке аудару шаралары. Салық төлеу тәртібі салықты бюджетке түсіру шараларын тәртіпке келтіру үшін белгіленеді.

Салық төлеушілер мен салық органдарының құқықтары мен міндеттері - Салық кодексінің жалпы бөлімінде берілген.

Салықтық бақылау – салық қызметі органдарының салық заңының орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының толық және уақытылы аударылуын бақылауы.

Салық заңын бұзған салық төлеушілерге олардың жасырған сомасын, төмендеткен табыстарын төлеттіріп алу, салық заңын бұзу ауыртпалығына қарай үлестік не еселенген көлемде айыппұлдар, бюджетке төленетін төлемдер мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімдер түрінде санкциялар қолданылады.

Салық салу әдістері

Салық салу объектілерін есепке алу және оларды бағалау тәсілдеріне қарай салық алудың мынадай төрт әдісі қолданылады:

-   кадастрлық;

-   салық төлеушінің декларациясы бойынша;

-   табысты алу көзінен ұстап қалу;

-   патенттік негізде.

Бірінші жағдайда салықты есептеу мен оны алу, салық салу объектілерінің нақты табыстылығын есепке алмай табыстылық (жер салығы, мүлік салығы) нормасын көрсете отырып, олардың тізімдемесі негізінде жүзеге асырылады.

Декларацияда салық төлеушілер табыстың көлемі, қажетті жеңілдіктерді, шегерімдерді көрсетеді және салық сомасын есептеп, төлейді. Олар салықтардың түрлері бойынша салық декларациясын есепті салық кезеңіне сәйкес тапсырып отырады. Мысалы, корпорациялық табыс салығын, жеке табыс салығын, көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын төлеушілер (арнаулы салық режімін қолданатын заңды тұлғаларды қоспағанда) салық органына олар бойынша декларацияны есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31-наурызынан кешіктірмей өткізеді.

Жеке табыс салығы бойынша декларациясын мынадай салық төлеушілер:

-   төлем көзінен салық салынбайтын табыстары барлар;

- тұрғын үй салу мен осындай құрылыс материалдарын сатып алуды жүзеге асырғандар;

-   ҚР шегінен тыс жерлерден табыстар алатын жеке тұлғалар;

-  ҚР шегінен тыс жерлердегі шетел банктеріндегі шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар;

-   ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілеріне сәйкес декларация беру жөнінде міндеттеме жүктелген адамдар;

-   ҚР Парламентінің депутаттары, судьялар табыс етеді.

Әскери қызметкерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жеке табыс салығы бойыншадекларацияны уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ұсынады.

Салық төлеушіден салық декларациясын табыс етудің белгіленген мерзіміне дейін жазбаша өтініш алған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган салық декларациясын табыс ету мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы. Бірақ салық деларациясын тапсыру мерзімін өзгертпейді.

Үшінші әдіс бойынша салық төлеуші жұмыс істейтін ұйымның, мекеменің бухгалтериясы одан салықты табыс алынған жерде есептеп, ұстайды.

Төртінші әдіспен салық кәсіпкерлік қызметтің сан алуан түрлеріне берілетін патент негізінде төленеді. Патент – арнаулы салық режімін қолдану құқығын куәландыратын және салық сомасының бюджетке төленгендігін растайтын құжат.

Салықтық есептің екі әдісі қолданылады:

- кассалық;

- есептеу.

Кассалық әдіске сәйкес табыстар мен шегерімдер жұмысты орындау, қызмет көрсету, мүлікті жөнелту мен кірістеу және ол бойынша жасалынған ақы төлеу мезетінен  бастап есепке алынады.

Есептеу әдісі бойынша табыстар мен шегерімдер ақы төлеудің уақытына қарамастан жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауарларды өткізу және кіріске алу мақсатымен тиеп жіберу мезетінен бастап есепке алынады. Бұл әдіс салық органдары үшін қолайлырақ және оны Қазақстанның барлық төлеушілері қолдануға қабылданған. Төлеушілер үшін оның кемшілігі – салық төлемдері жеткізілім тіпті уақытында төленбеген жағдайда да аударылуы тиіс, бұл айналым қаражаттарын оқшауландыруға ұрындырады.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (1)

Guljahan

сайт өте ұнады,конкурстар ұйымдастырылса жақын арада

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)