Кішкентай көлік Машка туралы ертегілер

Машка және жаңа жол

Кішкентай бір гаражда Машка есімді ақ көлік тұрыпты. Бұл гараж орманға жақын жерде орналасқан еді. Сондықтан Машка орманға жиі барып тұратын. Әдетте ол гараждан тұп-тура бұлаққа алып баратын соқпақпен серуендейтін. Жаңбыр көп жауып, ой-шұқырлы болып кеткен соқпақ кең болса да өте ыңғайсыз еді. Кейде шұңқырлар суға толып қалғанда Машка қанша тырысып ақырын жүрсе де үсті-басы батпақ болып қалатын. Енді қаласа да, қаламаса да Машка үйіне батпақ-батпақ дөңгелектерін әрең сүйреп жететін. 

Көктем келіп, шалшық судың барлығы кепкен кез. Машка соқпақтың ой-шұқырын аңдап басып, серуендеп келе жатқан. Кенет ол алдынан көп бейтаныс үлкен көліктерді көрді. Машка жақынырақ келіп, ұзақ қарап тұрды. Мұнда жүк көліктері де, тракторлар мен экскаваторлар, үлкен жүк тасығыш көліктер, тіпті алдында үлкен білігі бар жол тегістегіш көлік те бар екен. Олардың бәрі дарылдап, гуілдеп, будақтатып түтін шығарып қызу іске кірісіп кетіпті. Тіпті кішкентай Машканы үлкен арыққа құлатып жібере жаздады.

— Кешіріңіз, – деді Машка жүк көлігіне, - сіз маған мұнда не болып жатқанын айта аласыз ба?

— Жұмыс істеп жатырмыз, - деді жүк көлігі.

— Сонда, қандай жұмыс істеп жатырсыздар?

— Жол жасап жатырмыз.

— Бірақ, мұнда жол бар ғой, - деп таң қалды Машка.

Бірақ, жүк көлігін жауап беріп үлгерместен жұмысқа шақырып, ол кетіп қалды.

Машка шетке шығып тұрды. Өйткені жолмен үлкен-үлкен көліктер әрі бері бірнәрселер тасып өтіп жатты. Машка бұл сұрақты үлкен жүк тасығыш көлікке де қойғысы келген. Бірақ оның қатты гүрілдеп, тарсылдағаны сонша, кішкентай Машканың оның жанына баруға батылы жетпеді. Кенет ол сары жолақтары бар көк тракторды көріп қалды. Трактор көңілденіп, ожауымен ала допты тербетіп тұр екен. Өзіне қызыға қарап тұрған Машканы бірден байқады.

— Сәлем! – деп айқайлады ол. – Қане, бері кел. Бірге ойнайық!

— Сәлем. Сенің есімің кім?

— Котька.

— Ал менікі – Машка көлік. Котька, сен мұнда не болып жатқанын білесің бе?

— Әрине, білемін! Мұнда жаңадан жол салады. Анааау ең үлкен экскаватор менің әкем. Ол мені осында өзімен бірге ертіп әкелді. Бірақ, оның жұмыс істеуі керек. Сондықтан, жалғыз ойнап жүрмін.

— Ал жаңа жолдың не қажеті бар?- деп сұрады Машка.

— Енді...жүргенге жайлы болсын деп. Қане, менімен жүр. Жақын барып, тамашалайық.

Машка мен Котька айналаны жақсы көру үшін кішкене төбешіктің үстіне шықты да, көк шөпке жайғасты..

— Әне, көрдің бе, –деді Котька, – әуелі тракторлар ескі жолды тегістейді. Әне, қарашы, олар ожауларымен жолдағы тастарды алып, оның орнын құммен толтырып жатыр.

Расымен де үш трактор жүк көлігі алып келген құмды жол бойына төгіп жатыр екен. Бір кезде шұңқырдың бәрі көміліп, жол теп-тегіске болды.

— Енді не істейді? – деп сұрады Машка. – Жол онсыз да теп-тегіс болды ғой.

— Бұл тек басы ғана, – деді Котька.

Бір кезде үлкен жүк тасығыш көлік келді де жолдың шетіне  бір тіркеме толы шағыл тастарды төгіп кетті. Сол сәтте-ақ тракторлар әлгі шағыл тастарды ожауларымен жол бойына тасып, төге бастады. Олардың жұмысы өте көп. Шағыл тас құм сияқты емес, салмақты екен. Бірақ, көп ұзамай бүкіл жолдың бойына тас төселіп шықты.

— Міне, керемет! – деп айқайлап жіберді Машка. – Болды, енді осылай қала берсе болады. Қарашы, қандай тегіс болды жол!

— Әлі бұдан да жақсы болады! – деп маңғаздана жауап қатты Котька. – Кімнің келе жатқанын қарашы!

Расымен де бірінің артынан бірі үш жүк көлігі келді де, жолдың қақ ортасына қап-қара түтіндеген бір қоймалжың қорытпаны төге салды.

— Ойбай, мынасы несі? Батпақ па? Мынау деген... – деп айқайлап жіберді Машка.

— Бұл асфальт.

— Кім?

— Кім емес, не. Асфальт.

— Ал оның не қажеті бар?

— Бұл жол теп-тегіс, түзу және мықты болу үшін керек. Мұны төсеген жолда шұңқыр болмайды..

Шағыл тастарды тасып шаршаған тракторлар тағы да дамыл таппай ожауларымен асфальтты таси бастады. Ал олардың артынан жол тегістегіш көлік асықпай жүріп келе жатты. Ол өте баяу жүріп, өзінің үлкен, әрі салмақты білігімен асфальтты тегістеп келеді. Көп ұзамай жолдың өн бойы теп-тегіс, қап-қара асфальтпен жабылды. Асфальт буланып, асықпай кебе бастады. Бастапқы қап-қара түсі сүр түске айналды.

— Міне, енді болды. – деді Котька. – Енді жол теп-тегіс болды. Бұдан былай шалшық сулар тұрмайды. Енді сен қалаған жағыңа желдей зулап жетіп алатын болдың.

Кеш бата бастады. Күн орман асып, көкжиекке жасырынды. Күн салқын тартқандай. Машка да жаурап қалды. Котьканы әкесі келіп, үйіне ертіп кетті. Котька трактор ертең де осы жерге келіп, Машкамен бірге бұлақ басына баруға уәде берді.

Ақырындап жүк көліктері де, тракторлар да үйлеріне тарасты. Олар жаңа, теп-тегіс жолмен жүрді.  Бәрінің артында кетіп бара жатқан Машка енді бұлаққа дейін тез жететінін көріп, қатты қуанып келеді. Тіпті қатты сіркіреп жауын жауса да, енді оның дөңгелектері құп-құрғақ болып қалатын болды.

 

Машка мен гүлзар

Бір күні таңертең Машка досы Олежканың темір күрекпен жер қазып жатқанын көрді.

— Сәлем, Олежка! – деп айқайлады анадай жерден Машка. – Сен құммен ойнағың келіп пе еді? Бірақ құм ана жақта, балалар алаңында ғой.

— Маған құмның керегі жоқ, - деп маңғаздана жауап қатты Олежка. – Мен гүлзар жасап жатырмын.

— Гүлзар деген не?

— Гүлзар ма...гүлзарға гүл отырғызады.

— Қарашы, айналамызда гүл көп қой, - теп таңырқай қарады Машка. – Қара, өгейшөп бар мұнда. Көп ұзамай бақбақ та гүл ашады. Содан кейін түймедақ.

— Ал мен мұнда нәркесгүл отырғызамын. Өте әдемі гүл. Ол өздігінен өспейді. 

— Ал қазір не істейсің?

— Әуелі, жерді қазамын. Содан кейін су құйып, гүлдің ұрығын егемін, - деп жауап қатты Олежка.

— Мен саған көмектессем бола ма?

— Әрине.

Олежка кішкентай күрегімен жер қазуын жалғастыра берді. Әбден шаршаған кезде барып, гүлзар үшін осы да жетер деп шешті. Содан кейін жұмыр тастармен гүлзарын қоршап, Машканы шақырды.

— Ал гүлдер қайда?- деп таңырқай сұрады Машка.

— Гүлдер қазір өспейді. Сен онан да мына су құйғышты ал да, маған су әкеліп бер, -  деп Олежка Машканы пайдалы іске жұмсап жіберді

Машка тез барып, ыдысын толтырып тұрып су әкелді. Олежка суды жерге құйды да, қалтасынан кішкентай бүктелген қағазды алып шықты. .

— Оның ішінде не бар – деп қызығушылық танытты Машка.

— Бұл ұрықтар.

— Ой, қандай кішкентай! Осыдан шынымен де гүл өсіп шыға ма?

— Өскенде қандай! Ең әдемі гүл өсіп шығады.

Олежка ұрықты топыраққа тастап, бетін тырмағымен жауып, гүлзарын әдемі етіп тегістеп қойды. Енді күнде таңертең Машка мен Олежка гүл өсіп келе жатыр ма деп, гүлзарға қарап отыратын болды. Тек бір аптадан кейін ғана жерден кіп-кішкентай, жап-жасыл өркен көрінді. Өзі сондай нәзік. Бір күннен кейін ол кәдімгідей өсіп қалыпты. Ал үшінші күні Машка әр сабақтан екі жіңішке жапырақша байқады. 

— Енді көп ұзамай гүл ашады, - деп қуанды ол.

Сабақтары күн санап өсті, жапырақтары да үлкейді. Маша су тасиды, Олежка оны гүлге құяды. Бір күні...

— Олежка, Олежка, қарашы! – деп қуана айқайлады Машка. – Гүлдің қауызы!

Расымен де бір сабақта томпиған томпақ гүл қауызы пайда болыпты. Келесі күні олардың сан үшке, содан кейін жетіге, тіпті біраз күннен кейін сабақтың өн бойы гүл қауызына толып кетті.  Енді достар гүлзарда күні бойы отырып, әлемдегі ең әдемі гүлің ашылуын тағатсыздана күтетін болды.

— Неге сонша ұзақ күттірді екен, а? – деп күрсінді Машка.

— Есесіне, біздің гүліміз бір ай бойы жайқалып тұратын болады! – деді Олежка оны жұбатып. 

Расымен де, бір күні таң шапағымен бірге Машка бір гүл қауызының ашылғанын көрді. Оның ішінен кішкентай ғана күлтелер шығып, көп ұзамай сары нәркес гүл жайнап шыға келді. Нәркес десе дегендей-ақ, күлтелері сондай нәзік, жұп-жұқа. Екі ара сол сәтте-ақ осындай әдемі гүлге таласып қалды. Машка гүлзардың жанында жарты күн бойы отырды. Күткен еңбегі босқа кетпей, сол күні тағы бір гүл қауызын ашып, әдемі гүл жарды.

Ал келесі күні… гүлзардың іші нәркес гүлмен жайнап тұрды. Олежка Машка екеуі гүлдерін абайлап суарды. Олар қуаныштан гүлзарларын айналып, билей жөнелді.

 

Машка мен Фольксваген

Бір күні таңертең Машка атасы Фольксвагеннің қал-жағдайын сұрап бармақ болды. Атасы Машканың гаражынан алыс емес жердегі үлкен гаражда тұратын. Ол жаңа асфольт жолымен атасына жеткенше шаршап та қалды. Атасы Машканы қуана қарсы алды. Дастарханын жайып жіберіп, ыстық-ыстық шай құйып, таңқурайдың тосабын алдына тосты. Машкадан соңғы жаңалықтарды сұрастырды. Машка оған гүлзар туралы, жаңа жол туралы айтып берді. Бір кезде ол атасынан:

— Ата, айтыңызшы, мен дүниеге келмей тұрып қандай көліктер болған еді?- деп сұрады.

— Ее қарағым, ең алғашқы көліктер бумен жүретін. Оның үстіне су құятын үлкен қазандығы болатын. Ыдыстың астына от жағатын пеш орналастырған. Сол пешкен от жаққан кезде, суы қайнап бу шығатын. Ал бу қозғалтқышты қозғалтатын. Бірақ, мұндай көліктер өте ақырын жүретін. Оның үстіне өзімен бірге үлкен су құятын қазанды, кірпіштен жасалған пешті, ағаштар мен суды алып жүруіне тура келді.

— Ал ондай көлікпен қанша адамды тасымалдайтын? – деп сұрады Машка.

— Жүргізуші мен бір жолаушы.

— Содан кейін сіз тасымалдадыңыз ба?

— Жоқ. Одан кейін жанармайлы қозғалтқышты ойлап тапты. Мұны іштен жану қозғалтқышы деп те атайды.

— Сонда, оның ішінде бірнәрсе жана ма?

— Әрине. Жанармай жанады. Ол от алып, мотордағы мікбасты айналдырады. Ал ол дөңгелектерді айналдырады.

— Мен де солай жүремін бе?

— Сен де, мен де...Басқа көліктер де солай жүреді, - деді Фольксваген атай. – бірақ, алғашқы көліктің моторы өте шағын болды. Сондықтан ақырын жүретін. Оның үстіне, дөңгелектері де басқаша болатын. Ағаштан жасалған. Шинасы да жоқ.

— Мәссаған! Ол қатты тарсылдап жүрген шығар! – деп қатты таңқалды Машка.

— Жолаушылар онымен жүргенде селкілдеп, көп әбігерге түсетін,- деп жауап берді атасы.

— Ал шиналарды қашан ойлап тапқан?

— Ее, қарағым, оны мен дүниеге келмей тұрып ойлап тапқан. Содан кейін сынбайтын әйнек жасалды. Бұрынғы көліктердің әйнектері тура терезенің әйнектері секілді еді. Апат болған жағдайда жолаушылар сынған әйнектерден көп зардап шегетін.

— Расымен де. Қазіргі әйнектер сынып кетпейді, үгітіліп түседі. Алғаш жүріп үйренген кезімде, ағашқа соғылып...

— Ее, ол жағдай есімде!- деп күлді атасы. – Бір кездері көлік өте қымбат болған. Оны тек қолы жеткендер ғана алатын. Олардың шамдар хрустальдан жасалған. Бірақ, уақыт өте келе қуатты қозғалтқыштар пайда болып, көліктер едәуір арзанға түсті. Бұрынғыға қарағанда әдемі, қауіпсіз болып, жылдамдығы да арта түсті.

— Қауіпсіздік белдігі осы үшін керек екен ғой! – деп айқайлап жіберді Машка. – Апат кезінде қатты соққы алмау үшін үрлемелі жастықша да орнатып қойыпты. 

— Иә, сен әлі кішкентайсың. Сондықтан сенде әлі қауіпсіздік белдігі жоқ. Ал мен кәрі болғандықтан үрлемелі жастықшам да жоқ... – деді Фольксваген қария.

Машка шайын тез-тез іше салып, атасымен қоштасты да, бүгінгі мотор, шина, қауіпсіздік белдігі туралы жаңалықтарын Олежка досына жеткізу үшін жүгіре жөнелді.

 

Машка айлақта

Бір күні Машка Олежкамен бірге айлаққа келді.

— Көрдің бе, қандай үлкен кеме. Тура үй сияқты! – деп айқайлап жіберді ол қуанғаннан. – Көп қабатты. Терезесі де көп екен. Қарашы, үстінде тіпті адамдар жүр. Бұл өзі қандай кеме?

— Бұл теплоход. Жолаушылар кемесі, - деп маңғаздана жауап қатты Олежка. – Ол жерде жолаушыларға арналған каюта, хауыз, кітапхана, емхана тіпті мейрамхана да бар. Кеме теңізде, мұхитта жүзеді. Көрдің бе, ол түп-түзу әрі ұзын, алды сүйір. Бұл оның жылдамдық алуы үшін керек.

— Әне, қарашы. Ана жақта тағы бір кеме. Өзі кең, аласа, үлкен құбыры да бар екен. Үстінде бөренелер жатыр.

— Ал бұл ағаш таситын кемек. Оның кең, әрі аласа етіп әдейі жасаған. Суда жүзгенде аударылып кетпей, мығым болуы үшін. Өйткені онымен ауыр жүктерді тасымалдайды, - деді Олежка.  Машка екеуі жағалауда жүріп, кемелерді тамашалады. Күн ашық, жылы болатын. Сондықтан олар қуана қыдырды. 

— Қарашы, Машка. Әне, тағы бір жүк кемесі. Ол да жүк тасығыш кеме. Оның жүк таситын трюмы өте үлкен. Ал жоғарғы жағындағы үлкен кран жүктерді кемеге салу үшін керек. 

— Сонда, онымен не тасымалдайды?

— Қалағаныңның бәрін тасиды. Құм дейсің бе, көмір дейсің бе, бәрі-бәрі осымен тасымалданады. Мұнымен тіпті үлкен бөшкелер мен жәшіктер де тасымалданады, - деді Олежка.

— Ал сен мұның бәрін қайдан білесің?- деп таңырқай, әрі қызыға сұрады Машка.

— Маған әжем айтқан. Ол кеме жасайтын зауытта жұмыс істейді, - деп мақтана жауап берді Олежка. Ол кемелерді анығырақ көру үшін сәкінің үстіне шықты.

— Қарашы, Машка, мынау танкер! Үстіндегі үлкен цистернаны көрдің бе? онымен мұнай мен жанармай тасымалдайды, - деп айқайлады Олежка. Машка танкерге ды қызыға қарады. Содан кейін жағалаудың шетіндегі кемені көріп қалды да, Олежкаға айқайлады:

— Қарашы, қарашы, ана моторлы қайық кіп-кішкентай болып алып өзінен үлкен кемені сүйреп жүр! Не деген күшті еді өзі!

— Бұл сүйреуші ғой! Оның моторы өте қуатты. Сүйреуші кемелерді айлаққа сүйреп келеді. Егер кеме бұзылып қалса, сүйреуші оны жөндеуге сүйреп апарады.

— Ех, егер мен де кеме болғанымда, осындай сүйреуші қайық болар едім, - деп армандады Машка.

Олежка оның сөзіне күлді.

— Сен кішкентай көліксің. Қалайша кеме болмақсың?

— Расымен де. Күн суықта суық суда жүзген қиын шығар, иә?

— Ал сен мұзжарғыш кеме туралы білесің бе? Олар жыл он екі ай  суықта, солтүстікте жұмыс істейді. Басқа кемелердің жолын ашып, теңіз бен мұхиттағы алып мұздарды жарады.

— Одан басқа тағы қандай кемелер болады? – деп сұрады Машка.

— Жақын жерге адамдарды тасымалдайтын салдар бар. Және траву..тралеву...тра...тра-у-ле-р бар. Олар үлкен торлармен балық аулайды. Бұрын кемелер желкендер арқылы қозғалған. Ол кезде мотор болмаған.

— Олежка, жүр, барып шомылайық. Күн ысып кетті! – деді әбден шаршаған, бірақ күнін қызықты өткізген Машка.

 

Машка адасып қалды

Бір күні Машка адасып қалды. Оқиға былай болды. Таңертең Машка көлік пен Олежка балақай өзен басына серуендеуге барды. Олар ұзақ ойнады, бұлақ жағалай жүгірді, суды шолпылдатып шашты, бақа ұстады. Әбден шаршаған екі батыр алаңқайда демалып отырған.

— Олежка, қарашы, ана жерде көпір бар екен, - деді кенет Машка.

— Расымен де! Мен бұрын мұнда көпір барын білмеппін, - деп таңқалды

— Көпірге барсақ, қалай қарайсың? – деді Машка.

Олежка келісіп, басын изеді.

— Бірақ, көпірдің жанынан барып, тек қана көреміз. Көпірден ары өтпейміз.

Олежка мен Машка көпірге келді. Ол өте тар, төмен салбырап тұрған көпір екен. Тіпті суға тиейін деп тұр. Судың осы тұсы кең екен. Сондықтан көпір орманға дейін созылып жатыр. Көпірдің үстінде шегіртке шырылдап отыр, астында бақа секіріп жүр. 

— Қандай керемет! – деп қуанғаннан айқайлап жіберді Машка. – Келесі жағалауға шығайық.

— Меніңше, олай етпегеніміз дұрыс, - деді сақтықпен Олежка. – Біз бұрын ол жақта болған жоқпыз ғой. Ең дұрысы, жанымызға Фольксваген атаңды ертіп алайық.

— Айтады екенсің-ау! Әуелі атама бару керек, оны көндіріп, қайтадан осында келу керек...Бұлай жүре берсек, кеш батып кетеді. Онан да өзіміз барып, кішкене ойнаймыз да, тез қатып келейік, - деп бой бермей қойды Машка.

— Бірақ, біз үйден алыстап кетеміз ғой. Мені апам іздеп қалып жүрер. Апама түскі аста үйге келемін деп уәде бергенмін, - деді Олежка.

— Түскі асқа дейін келеміз ғой. Біз бар болғаны арғы жағалауда кішкене қыдырамыз да, тез келеміз. Мұны тіпті ешкім білмей де қалады.

— Жоқ, Машка, болмайды. Үлкендерден ұрыс естіп қаламыз ғой.

— Ешкім білмесе, қалай ұрсады екен?- деп айтқанынан қайтпай қойды Машка.

Бүгін Машка қырсығып тұр. Қандай ойын ойнау керегін үнемі Олежка айтады. Енді бүгін өзінің кезегі.

Олежканың қой дегеніне қарамай, Машка көпірге шықты. Көпір өте тар екен. Олежка Машканың артынан бірден жүгіріп кетуге батылы жетпеді. Көпір сынып кетіп, суға құлайтындай көрінді.

Машка алған бетінен қайтпай, арғы жағалауға бірақ шықты. Бірақ, дөңгелегі жерге тигені сол еді...көпір сынып кетті. Машка мен Олежка екі жағалауда қалды.

— Олежка, – деп айқайлады Машка, - енді мен не істеймін? Мені тезірек құтқар!

— Көпір сынып кетті ғой! Саған жете алмаймын! – деп айқайлады мына жағалаудан Олежка. Ол Машка үшін қатты қорқып кетті. Ол бөтен жағалауда жалғыз өзі қалды ғой!

— Онда, тез барып, менің атамды шақырып кел. Ол бірнәрсе ойлап табады! – деп айқайлады Машка.

— Сенің атаң алыста тұрады ғой. Онан да апамды шақырайын.

— Жо-жоқ. Ол бізге орманға келуге рұхсат бермей қояды.

— Онда, не істейміз? – деп жыларман болды Олежка. Машка бүгін неге сонша қырсығып қалды екен?!

— Онда, былай істейік. Мен өзенді жағалап төмен түсе берейін. Сонда орманға кірген жерден шығамын.

Машка моторын оталдырып, өзен бойымен төмен жол тартты. Олежка Машканың сонша қырсығып, өзінің тілін алмай қойғанына қатты ренжіді. Ол бәрін апасына айту үшін, үйіне кетті. Мүмкін, апасы бірнәрсе ойлап табар.

Ал Машка болса бұл кезде орман сүрлеуімен жан-жағына қарамастан төмен жүре берді. Өзін өзен бойымен жүріп келе жатырмын деп ойлады. Машка тоқтаған кезде еш жерден су көре алмай, таңқалды. Айналасы тек ағаштар. Шыршалар мен көктеректер ғана. Тіпті, қайың да жоқ.

Машқа қатты қорқып кетті. Ол адасып қалды!

Әуелі Машка жылап алмақ болды. Суына алдыңғы әйнегіне шашыратып, біраз жылап алғаннан кейін ол әрі қарай не істеу керегін ойлана бастады. 

— Орманда қасқыр бар шығар. Олар менің дөңгелегімнің желін шығарып, моторымды шашып тастайтын шығар.

Машка жан-жағына қарады. Қасқырдың қарасы көрінбейді. Тек сайраған құстар болмаса. Машка көк шалғынға отырып, жақсылап ойланбақ болды. Бір кезде жаңбыр тамшылай бастады. Тек сол кезде ғана Машкаға жақсы бір ой келді. Келген жолымен кері жүру керек. Сонда өзенге барады. Ол ұзақ жүрді. Бағанағы соқпақ оны орманның терең түкпіріне апарып тастағандай. Кенет судың сылдырын естіп, қатты қуанып кетті. Ол жылдамдығын бұрынғыдан да арттыра түсті. Көп ұзамай ол көпір тұрған жағалауға да жетті. Ол жағалауға отырып, ешқайда бармастан тапжылмай Олежканы күтті.

Бір кезде Машка Фольксваген атасын көріп, қуанып кетті. Ол Олежка мен анасын алып келіпті. Атасы үлкен үрленбелі қайықты үрлеп, Машкаға жүзіп барды.  Машка атасы ұрсады екен деп, қатты қорқып кетті. Бірақ ол бар болғаны:

— Сен өз қырсықтығыңнан сабақ алған боларсың деп ойлаймын. Қане, тез отыр. Олежканың апасы бізді бәліш пісіріп, шайға шақырды.

Машка өмірінде осылай қуанбас. Ол бас салып, атасын қатты құшақтап алды.

Ольга Рындина

Орыс тілінен аударған: Мира Сембайқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)