Өлең, жыр, ақындар

Ұстаздардың ғажайып әлемі

Заман өзгерген сайын  заман талабына сай қоғамның барлық саласы өзгерістерге ұшырап, жаңарып, дамып, жетіліп отырады. Сол секілді еліміздің білім беру саласына да соңғы жылдары көптеген өзгерістер еніп жатыр. Солардың бастысы — «Тиімді оқыту және оқу» бағдарламасы. Заман көшінен қалмайын, заман талабына сай білімді де, білікті ұстаз болайын деген мақсатпен мен де осы бағдарламаны оқыту курсына келген едім.

Осы бағдарламаны оқи келе түйгенім: бұл — оқушыларды зерттей, зерделей келе, бар ынта-жігерімен жұмыс істейтін, оқушыларына қамқорлық көрсете отырып, «өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен ... оқушысына жақсы мағынада қатты әсер ететін» (М.Ғабдуллин) және оқушыларына  бағдар беретін мұғалімдерді, оқытудың мақсаттары мен міндеттерін жете түсіне алатын және соған жетуде ұстанымы дұрыс қалыптасқан мұғалімдерді, «жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»-дегендей (Уильям Уорд ағылшын ағартушысы), оқушыларды оқуға шабыттандыратын мұғалімдерді, бастапқы идеялардан туындаған идеяларды жетілдіре байланыстыра алатын, сол идеяларды оқушылар өздері құрастыра алулары үшін түрткі болып, жағдай жасайтын, сол идеяларды жинақтап, толықтырып, тереңдетіп бере алатын  мұғалімдерді дайындайтын Бағдарлама.

Осы бағдарламада қарастырылған жеті модульдің барлығы да маңызды және қажетті  деп ойлаймын. Себебі, бұл — педагог, психолог  ғалымдардың неше жылғы зерттеу еңбектерінің нәтижесінде дүниеге келген үлкен бағдарлама. Бір сабақтың өзінде бірнеше модульді  қатар пайдалануға болады. Бір модульдің ішінде бірнеше әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға болады. Бұл деген керемет қой! Әр сабағың бір-біріне ұқсамайтын сан қырлы, оқушыларға тек білім беріп қана қоймай,  алған білімдерін өмірде де қолдануға үйрететін, алдыңнан өткен әрбір шәкіртіңнің сын тұрғысынан ойлауын қалыптастырып, дамытатын, жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен мүмкіндіктер беретін, соған жағдай жасайтын сабақ болса, оқушыларың пәніңді қызығушылықпен оқитын болса, әрбір сабаққа қойылған мақсатыңа жетіп отырсаң, мұғалім үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Осындай бақытқа жеткізетін тиімді жол — осы бағдарлама деп сеніммен айта аламын.

 Мен осы курстан өзімнің іс-тәжірибеме қажетті көп нәрсені, жалпы пәнді оқытуға және әр сабаққа арнап дұрыс мақсат қоюды үйрендім. Табыс критерийлерін дұрыс құруды үйреніп, оның сабақ мақсатына жетуде, бағалауда өте маңызды екенін, әр сабақтан кейін мұғалімнің өз жұмысына рефлексия жасап отыруы  оның алға жылжуына көмектесетінін  ұғындым.

Бұрын да әріптестерімнен көрген осы әдіс-тәсілдерді сабақтарымда қолданатынмын. Қазір пайымдасам, ол кезде олардың мән-мағынасын, мақсатын аса түсінбеген екенмін. Ал бүгінгі күні осы курстағы тәлімгерім Рысбекова Әлия Айтбайқызының арқасында көп нәрсені түсіндім, үйрендім. Сол үшін жас та болса, ұстаздарға — ұстаз болып жүрген ол кісіге айтар алғысым шексіз. Енді алдағы уақытта осы алған білімімді өзімнің іс-тәжірибеме қолданып, жоғарыда аталған бақытты мұғалімдердің қатарына қосыламын деп үміттенемін. Ол үшін тек  ерінбей  еңбектену  керек.

Сонымен қатар,  осы топтағы курстастарыма да көп рақмет айтамын. Курсқа келген алғашқы күннен бастап-ақ бізде бірден достық атмосфера қалыптасты. Сондай атмосфераны қалыптастырып, соған жағдай жасаған тағы да сол тәлімгеріміз — Әлия Айтбайқызына айтар алғысымыз шексіз! Әріптестердің арасында аузын ашса, жүрегі көрінетін ақжарқындары да, көмек қолын созып, кез келгенімізге қолдау көрсетіп жүретіндері де,  жүрген жері той-думан жандар да, барлық жақсылықтың  ұйытқысы болып жүретіндер де, көп үндемесе де, өз ісіне тиянақты, берілген тапсырмаларды уақытында тап-тұйнақтай орындап жүретіндер де, өзіндік ұшқыр ой-пікірлерімен ерекшеленетіндер де, ақындар да, бишілер де, әншілер де, суретшілер де, сан қырлы адамдар бар. Әр қайсысы бір-бір әлем! Осынша әлемді бір жерге тоғыстырып,  барлығымызды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырған — осы курс. Осындай курс ұйымдастырып, мұғалімдерге барлық жағдайды жасап жүрген Педагогикалық шеберлік орталығының басшылығына, ұжымына көп-көп рақмет айтамын! Әрқашан тек жақсылықтың жаршысы болып жүре беріңіздер!

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы

Мұнайшы селосы  №5 орта мектебінің

ағылшын тілі пәні мұғалімі

Шугурова Жаныл Онгалиевна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз