Биылдан бастап оқушылар кітаптарды планшетке жүктеп оқи алады

Алдағы оқу жылынан бастап 3, 6 және 8-інші сынып оқушылары оқулықтарды планшетке жүктеп оқи алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова айтты.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңартылған білім мазмұнын енгізу және оқулықтардың сапасын арттыру бойынша жүйелі түрде жұмыс  жүргізуде.  Алдымыздағы оқу жылында 3, 6 және 8-сыныптар жаңартылған білімге көшеді. Болжам бойынша 800 мыңнан  астам оқушы осы сыныптарға келеді  деп күтілуде. Біздің мақсатымыз аталған оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету», - деді ол.

Оның айтуынша, министрлік тарабынан оқулықтарды әзірлеу, апробациядан  өткізу және білім мекемелерін оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша нормативтік-құқықтық негіздемеге өзгерістер  енгізген. Жаңа қағидаға сәйкес барлық мектептердегі білім деңгейі бойынша оқулықтар сынақтан өткізіледі. Сонымен қатар мектептерге арналған оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді жазатын авторлық құрамда міндетті түрде ғалым, әдіскер, мектеп мұғалімінің болуы бекітілді.

«Сонымен қатар баспаларға оқулықтардың электронды нұсқасын қоса  беру міндеттелді. Бұл оқушылардың оларды планшеттерге немесе телефонға жүктеп пайдалануына мүмкіндік береді. Оқулықтардың көлемі мен форматына байланысты ата-аналар тарапынан сын болды. Осыны ескеріп, мұғалімдермен және ата-аналармен келісіп, министрлік оқулықтарды әзірлеуші баспаға ұсынымдар жасады. Келесі оқу жылынан бастап әр мектеп оқушылардың санына, нақты қажеттілікке байланысты оқулықтар алады», - деді Шолпан Каринова.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)