Өлең, жыр, ақындар

Елімізде ІТ-мамандарын даярлайтын ЖОО-ның рейтингі жасалады

ІТ-мамандардың білім сапасын арттыру мәселесіне екпін қойылып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте білім саласындағы цифрландыру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Бүгінде IT мамандығы бойынша 84 ЖОО-да 33 мың студент және 300  колледжде 24 мың студент оқиды. Жыл сайын оқу орындарын 10 мың студент және колледжді 8 мың студент бітіреді. Біз жоғары білім беруде ІT-мамандықтарға грантты жыл сайын көбейтіп жатырмыз. Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша, 20 мың қосымша грант бөлінеді, оның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтарға бөлінбек. Соның арасында IT студенттер де бар. Бірақ бізге ІТ мамандардың білім сапасын арттыру мәселесі маңызды. Бізге санынан гөрі сапасы қажет. Сол үшін осы мамандықтар бойынша дайындайтын университеттердің рейтингін IT қауымдастықтармен, «Атамекен» палатасымен бірге жасадық. Бірінші рейтинг дайын, оған  IT бағытында білім беретін 30 ЖОО кірді», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, алғашкы ІТ рейтиннгі ректорларға көрсетіліп, таныстырылды.

«Ректорлар рейтингті түсініп, қолдап отыр. Олардың арасында жақсы бәсекелестік басталып кеттi. Біз енді 40 университет косып, келесі айда, ашық турде барлық балдарға жеткізіп, жариялаймыз. Осының нәтижесінде ЖОО-лардың білім бағдарламалары тез жаңартылып және сапасы жақсарады. Сонымен қатар, «Болашақ» арқылы IT бағыты бойынша мамандар дайындаймыз. Шамамен 1 000 студент оқуды бітірді, бұл «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 10 пайызын құрайды.  Олардың барлығы Ұлыбританияның, Американың, Малайзияның, Канаданың, Сингапурдың және тағы басқа елдердің үздік университеттерінде оқып, oлардың көбі мемлекеттік органдарда, IT компанияларда, университеттерде жұмыс істейді», - деді Ерлан Сағадиев.

Оның атап өтуінше, биылғы жылдан бастап елімізге қажет болатын жаңа мамандықтар бойынша университеттер кадр дайындауды бастайды. Мысалы, IT-генетик, IT-медик, желілік заңгер, агроинформатик және тағы да басқа да мамандықтар бар.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар