сайыс
ozgetil.kz

Құрбақа

Құдық терең еді, сондықтан арқан да ұзын болатын. Су тола шелекті тартқан кезде, шығырық ауыр айналатын. Құдықтың суы керемет мөлдір болғанмен, оның бетінде күн сәулесі шағылыспайтын, ал енді күн сәулесі өлеусіреп болса да жеткен жерлер, тастардың арасы жап-жасыл мүктен көрінбейтін.

Міне, тап сол араға құрбақаның үлкен тобыры қоныстанған. Құдықтағылар оларды ауып келгендер деп есептейді. Дәлірек айтқанда, бірінші қоныстанған және бірінші болғанда да аяғы аспаннан келіп құдыққа құлап түскен осындағы бақалардың ұлы әжесі-тін, ол қазір де тірі. Құдықтың ежелгі тұрғындары жасыл бақалар судың ішінде өздерін айрықша сезінетін, олар кемпір құрбақаны тұқымдасымыз деп танып, оның тобырын «шомылуға келген демалушылар» санайтын. Ал демалушыларға бұл ара жайлы болды, сондықтан олар құдықтың дымқыл қабырғасын өздерінше «құрғақ» жер атап, сол араға жайғаса орналасты.

Бірде кемпір құрбақа жолаушылап та қайтты шелекті тартып жатқанда ішіне түсіп кетті. Жоғарыда өте жарық болып шықты, көзі қарығып қарай алмады. Бақытына қарай, тырбаңдап жатып шелектің ішінен дер кезінде шығып үлгерді. Суға кеп пәрменімен шолп ете қалды, содан белі ауырып үш күн орнынан тұра алмай жатты. Жоғарыдағы жарық дүние жайында ол жарытып ештеңе білмейтін, жалпы қалай дегенмен де, ол да, басқалары да бүкіл жер беті тек құдықтың ішімен шектелмейтінін білетін. Әрине, жер бетіндегі тіршілік туралы кемпір бақаның айтып беруіне болар еді, бірақ ол еш сұраққа жауап бермейтін, сондықтан одан сұрамайтын.

— Ой, осы жексұрын жуан кемпірді-ай! – деп, бірде жас бақалардың жыны келді. Қандай ұсқынсыз! Балалары да, немерелері де өзі құсап ұсқынсыз болады!

— Әбден мүмкін, – деді оларға кемпір бақа. – Бірақ солардың біреуінің басында, бәлкім, менің өз басымда болуы да мүмкін, тығулы асыл тас бар.

Кемпірдің сөзін жасыл бақалар көздері бақырайып таңдана тыңдасты, бірақ олар ондай сөзге мән бермеді, тыржың етісті де, су түбіне сүңгіп кетті. Ал жас құрбақалардың бәрі артқы аяқтарын таңдана сілтесті. Олардың әрқайсысы асыл тас дәл менің басымда тығулы деп ойлады. Олар тіпті бастарын қозғалтпауға тырысты, бірақ ақыры төзімдері жетпей, кемпір бақадан неліктен оны мақтаныш етулері керек екендіктерін, асыл тастың не қасиеті барлығын сұрады.

— Ол соншалық әдемі, соншалық қымбат, – деді кемпір, мен тіпті оны суреттеп айта да алмаймын. Ал ол өзіңді сондай бір рақат сезімге бөлейді, басқалардың қызғанышын қоздырады. Болды, енді басқа ештеңе сұрамаңдар, мен сұраққа жауап бермеймін.

— Е, менде асыл тас жоқ, – деді ең кішкентай, ең ұсқынсыз құрбақа, ұсқынсыз болғанда да одан өткен ұсқынсыз болатын шығар деп ойлаудың өзі мүмкін емес еді. Және ондай әдеміліктің қанша қажеті бар маған? – деді әлгі. Ал егер басқалар қызғанатын болса, оның несі рақат? Керегі жоқ, мен ондайды мүлде армандамаймын; шіркін, одан да бір рет қана құдықтың ернеуіне көтеріліп, сыртқа көз салсамшы! Жоғары жақ, құдай біледі, айтып жеткізгісіз әдемі шығар!

— Отырған жеріңде отыра бер! – деді кемпір бақа оған. Мұндағылардың сен бәрін білесің, олар да сені жақсы біледі. Бәрінен бұрын шелектен сақтан, сені мыжып кетіп жүрмесін. Егер шелектің ішіне түсе қалсаң, дереу ыршып шық. Әрине, бәріңе мен сияқты сәтімен секіре беру қайда, терім де, сүйегім де аман.

— Бақ-ақ! – деді кішкентай құрбақа, онысы біздің «Аһ!» дегеніміз болу керек.

Ол құдықтың ернеуіне дейін барып, сыртқа қарауға қатты құмартты. Жасыл алқап пен көгалды соншалық көргісі келді. Ертеңіне таңертең, су тола шелек ол отырған тастың қасына келіп кездейсоқ кідіре қалғанда, кішкентай құрбақаның жүрегі лүпілдеп қоя берді, қарғып шелектің ішіне түсті де, түбіне барып тығыла қойды, жоғарыға көтеріп алған соң оны дереу сумен қосып ақтара салды.

— Қарашы жолымның болмауын! – деді шелектің иесі құрбақаға қарап. Ұсқынсыз-ай өзінің! Мен мұндайды бірінші рет көріп тұрмын! Ағаш башмағымен теуіп жіберіп, бақа байғұстың шаруасын біржола бітіріп тастай жаздады. Әйтеуір, биік қалақайдың түбіне қашып тығылып, қана жаны қалды. Қалақайдың әрбір бұтағын мұқият тексеріп шыққан соң, құрбақа жоғары қарады: арасынан күн сығалап тұрған жапырақтар оған бір жұп-жұқа мөлдір нәрседей көрінді. Мұнда, қалақайдың ішінде, құрбақа өзін құдды біз жапырақтар мен бұталардың арасынан күн сәулесі өлімсіреп қана түсетін үлкен орманның ішінде жүрген адамдар сияқты сезінді.

Құдықтың ішіне қарағанда, мұнда әлдеқайда әдемі! Өмір бақи осында өмір сүруге болады, – деді кішкентай құрбақа. Қалақайдың ішінде ол бір сағат, екі сағат бойы отырды.

— Ay, бұдан әріде не бар екен, ә? Ақыр мұнда келіп қалған соң айналасын аралап көруі керек қой.

Сол оймен асыға қимылдап, қиқалаңдай жүріп жолға шықты. Көзіне күн шағылысып, үсті-басын шаң басып, бақаң бұрқылдатып отырып жолды кесіп өтті.

— Мінеки, нағыз құрғақшылық дегенің қайда. Айнала қандай әдемі! Қандай жақсы! Менің, мүлде ішкі дүниемнің бәрі желпілдеп барады!

Біраздан кейін тырбаңдап бір шұңқырға жетті. Онда ұсақ құралай гүл мен тобылғы гүлдеп тұр екен. Шұңқырдың айнала жиегіне, құдды гүлді қоршау құсап, бадам мен долана өсіпті. Ақ шырмауық тұтаса шырматылып жатыр. Шұңқырдың іші көп гүлдерден көрінбейді. Олардың үсті тола ұшып-қонған көбелектер. Құрбақа оларды да гүл екен деп қалды сабағынан босап шығып, жер бетін шарлап жүрген гүл секілденді. Кімге қалай екенін қайдам, ал құрбақа оның жағдайын жақсы түсінді.

— Ба-ақ! Аһ! Қандай әдемі!

Құрбақа шұңқырдың ішінде сегіз күн, сегіз түн түнеді, тамақ дегенің шаш етектен. Тоғызыншы күні: «Алға! Алға!» – деп шешті.

Жақсылыққа қолы жеткендер жақсылықты іздемеуі керек қой, ол тағы не табам деп ойлады? Басқа бір кішкентай құрбақаға немесе жасыл бақалардың тобына жолығып қалармын деді ме? Соңғы түні жел айдап оған бір таныс дауыстарды жеткізгендей болды; сірә, жақын маңайда, ағайындары бар секілді.

— Өмір ғажап! Құдықтан шығу, қалақайдың ішінде отыру, шаңды жолды кесіп өту, сызды шұңқырда демалу соның бәрі қандай керемет! Бірақ алға, алға! Бақаларды іздеп табу керек. Достарсыз өмір сүре алмайсың. Жалғыз табиғат аздық етеді.

Құрбақа тағы ілгері сапар шекті.

Ашық даланы көктей өтіп, қамыс басқан үлкен бір бөгетке кез келді де, қопаның ішіне көз салды.

— Сізге бұл ара аса дымқыл болмас па екен? – десті ондағы бақалар. Бірақ біздер сіздің келгеніңізге қуаныштымыз. Сіз жігітсіз бе, қызсыз ба? Мейлі, бәрібір, өз үйіңіздегідей сезініңіз.

Кешкісін оны үй ішілік концертке шақырды. Онда бәрі айна қатесі жоқ адамдардкіндей екен шуы көп те, дауыстан түгі жоқ. Кешкі тамақ бермеді, есесіне ішімдігі тегін бүкіл бөгеттің суын бір өзің ішіп қойсаң да мейлің!

— Жарайды, мен тағы ілгері жүрейін, – деді кішкентай құрбақа, құдды оны керемет жағдай күтіп тұрғандай.

Құрбақа үлкен әрі жарық жұлдыздардың қалай жымыңдайтынын, жаңа туған айдың қайтіп жарқырайтынын, күннің қалай шығып, биік аспанға қайтіп көтерілетінін бәрін көрді.

— Мен әлі құдықтың ішіндемін, тек казіргі құдығым бұрынғымнан үлкен. Маған енді жоғары көтерілу керек. Сол жақ мені өзіне тартады да тұрады, тегі, өзімді-өзім қайда қоярымды білмей кетем.

Ай толысып әбден дөңгелектенген кезде: «Бұл да, бәлкім, үлкен шелек шығар? – деп ойлады. Оны төмен түсірген кезде ішіне кіріп алсам, тағы жоғары көтеріле алам ғой! Бәлкім, күн шелек шығар? Қарашы, қандай дәу, қандай жарық. Бұған талайымыз сыйып кетеміз. Көз жазып қалмай, бақылдап жүру керек. Паһ, қандай сәуле! Әй, сірә, асыл тасыңның өзі дәл мұндай сәуле шашпайтын шығар. Бірақ менде асыл тас жоқ, керек те емес қандай қажеті бар. Жо, менің жоғарыға көтерілгім келеді, жарқылға, бақытқа жақындауым керек! Мен бекіндім, тек бір түрлі қорқынышты, ондай қадам жасау оңай ма! Алайда, қажет пе, оны орындау керек. Алға, алға, жолға шығу қажет!»

Сөйтті де алысқа, кез келген құрбақаның қолынан келмейтіндей алысқа секіріп кетті, содан ауыл арасындағы көше жолдан бір-ақ шықты. Айнала адамдар өмір сүреді. Жан-жағының бәрі бау-бақша. Құрбақа демалуға капустаның түбіне келіп тоқтады.

— Айнала ғажап жаратылыстар қаншама, ал мен осының бірін де білмеппін. Аһ, жер беті неткен кең еді, мұнда қандай тамаша! Тек омалып отыра бермей, бәрін жөндеп көруге ұмтылу керек. Сөйтті де бақшаға секіріп түсті. Мұндағы көкөністің көбін-ай. Қандай рақат!

— Енді қалай деп ең! – деді капуста жапырағының үстінде отырған жұлдызқұрт. Менің жапырағым осындағы ең үлкені! Жарты дүниені жауып тұрады, бірақ маған онсыз да жетіп жатыр.

— Қыт-қыт-қыт! – деген дыбысты естіді құрбақа, ол бақша ішінде жүрген тауықтар екен. Алдыда келе жатқан мекиеннің көзі жеткір екен. Бүрісіп қалған капуста жапырағының үстіндегі жұлдызқұртын бірден көріп, мекиен оны тұмсығымен шоқып алды. Жұлдызқұрт жерге домалап түсіп, жазылып-керіліп, бұралаңдап жанталасты да қалды. Мекиен оған алдымен бір көзімен, сонан соң екінші көзімен қарады: оның неге өйтіп бұлталаңдап жатқанын түсіне алмады.

«Әй, өз еркімен ирелеңдеп жатпаған шығар» – деп ойлады да, мекиен тағы бір шоқып алуға ұмтылды. Құрбақа өзін-өзі билей алмай кетіп, тұп-тура мекиенге қарай ыршыды.

— Қарай көр, мұның қорғаушысы бар екен! – деді мекиен. Қараңдаршы, қандай ұсқынсыз! Сөйтті де теріс айналды. Сол көк жасық неме керек боп тұр еді маған, тамағыңды жыбырлатқаннан басқа түгі жоқ.

Басқа тауықтар да сол пікірде болды да, бақшадан алыстай берді.

— Көрдің бе, қалай құтылып кеткенімді! – деді жұлдызқұрт. Менің өстіп әрқашан ақылмен қимылдайтыным жақсы. Әлі ең қиыны алда капустамның жапырағына қалай жетер екем? Ол қайда өзі?

Өз ойын айтпақ боп, құрбақа жұлдызқұрттың жанына секіріп барды. Ол өз ұсқынсыздығының жұлдызқұрт үшін әжетке жарап, оның жауын қорқытқанына қуанышты екенін білдірді.

— Сіздің не айтқыңыз келіп тұр? – деді жұлдызқұрт. Мен сіздің көмегіңізсіз-ақ өз күшіммен құтылып шықтым. Ал сізге қарау аса жиіркенішті. Жалпы, менің өз үйімде өзімді мазаламауға болмас па екен? О, капустаның иісі аңқып қоя берді ғой! Менің жапырағымның қайда екенін енді таптым. Өз үйіңнен өткен тамаша ештеңе жоқ. Тек жоғарыға шығып алу керек.

— Иә, иә, жоғарыға, – деді құрбақа өзіне. Жұлдызқұрт та мен құсап жоғарыға шыққысы келеді. Қазір әншейін көңіл-күйі жоқ. Өйтпей де қайтсін, әбден зәре-құтын алды ғой. Біз бәріміз де жоғарылағанды жақсы көреміз. Солай деп құрбақа басын жоғары көтерді, басын өйту құрбақалар үшін қиын-ақ.

Шаруа үйінің төбесін құтандар мекен етіпті. Еркегі мен ұрғашысы ауыз жаппай өзара дабырласады.

— Қалай жоғарыда тұрады, – деп таңданды құрбақа, шіркін, сол араға шықса!

Ол үйде екі студент тұратын. Бірі ақын, екіншісі табиғат зерттеуші болатын. Бірі таза әрі әуенді қысқа өлеңдерінде жанын қуанышқа бөлеп, тебіренткен табиғат құбылыстарын жыр ететін. Екіншісі әр құбылыстың қыр-сырын қанық біліп, тіпті қажет болса, барлық байланыстарын ашуға тырысатын. Әлем ол үшін бір күрделі арифметикалық есеп, көп оқиды, көп жинайды; бәрін білуге, бәрін ақылға салып ойлауға құштар; тіршіліктің дана құрылысына таңданады, бәрі жайында қызыға және түсінікті әңгімелейді. Қысқасы, екі студент те көңілді, сүйкімді-тін.

— Қарашы, құрбақаның тамаша түрі, – деді табиғат сүйгіш студент, спиртке қатырып қояр ма еді өзін.

— Сенде екеуі бар ғой, – деп, ақын қарсылық білдірді, тиме, тіршіліктің қызығын көре берсін.

— Сүйкімсізін-ай өзінің, нағыз ғажап! – деді екіншісі.

— Егер басында асыл тас бар екеніне сенімді болсам, – деді ақын, онда, мұны союға қарсы болмас едім.

— Құрбақадағы қайдағы асыл тас! – деді досы күліп. Табиғат танудан жаман білмейсің-ау өзің.

— Ең ұсқынсыз жәндікте құрбақаның басында асыл тас болады деген халық нанымының өзі ғажап емес пе? Адамдарды алып қарашы, оларға да осыны айтуға болады. Әзопты, Сократты есіңе түсірші!

Құрбақа басқа ештеңе естімеді, естігенінің де жартысын ұқпады. Достар қасынан өтіп кетті, спирт құйған банкіге салыну қаупінен құтылды-ау, әйтеуір.

«Бұлар да асыл тас туралы айтып бара жатыр, – деп таңданды бақа. Оның менде жоғы қандай жақсы болды, әйтпесе бір пәлеге ұшырар ем».

Үйдің төбесіндегілер қатты дабырлай бастады. Еркек құтан өз түтініндегілерге ақыл айтып жатыр еді, ал екі балапан құтан көздерін қиғаштатып бақшада жүрген екі досқа қарады.

— Адам ең менмен жануар, – деп үйретті құтан. Олардың не деп мылжыңдайтынын тыңдап көріңдерші тек! Сол езбе сөздерінен не пайда солардың? Шешендіктерің тіл байлықтарын керемет санайды. Олардікі не қылған тіл? Олар бір жерден бір жерге ауысып барса болды, бірін-бірі түсінбейді. Бізді айтсаңшы! Біздің тіліміз бәрімізге де, жер шарының қай бұрышында да, Данияда да, Египетте де түсінікті. Әй, адамдар-ай! Олар тіпті ұша да алмайды! Рас, олар қазір жылдамырақ қозғала бастайтын болды, темір жол деген бірдемені ойлап тауыпты, бірақ қаншама халықтың сол жолда желкесі үзіліп жатыр десеңші! Ойлағанда, тұмсығыңды аяз қарып өтеді. Адамдарсыз әлдеқайда жақсы болар еді.

Оларсыз біз тамаша өмір сүреміз, тек бақалар мен жауынқұрттар болса жетеді.

«Қандай ғажап сөз! – деп ойлады құрбақа. Сірә, өзі атақты біреу болу керек, қалай өзі жоғарыға шығып алған! Ондай биіктен мен әлі еш нәрсе көрген емеспін. Құтан қанатын жайып, ауада қалықтай жөнелгенде: Қалай жақсы жүзеді!» – деп құрбақа дауыстап жіберді.

Ал ұрғашы құтан ұясында отырып мылжыңдай берді. Ол балапандарына Египет жайында, Нілдің суы мен сол ғажайып елде көп кездесетін таңқаларлық тұнбалар туралы айтып берді. Кішкентай құрбақа үшін оның бәрі жаңалық және қызықты еді.

— Египетке баруға тура келеді, – деді бақа. Құтан мені ала кетсе ғой, не болмаса балапандарының бірі. Кейін есесін қайтарар ем, үйлену тойларында қызмет жасап берер ем. Әй, сірә, Египетке баратын шығармын, жолым болғыш еді ғой! Осындай құштар болу, ынтығу, қандай рақат! Басында асыл тас сақтағаннан әлдеқайда артық.

Ал асыл тас дәл соның басында тығулы жатқан-тын! Мәңгі алға, ілгері, одан да ілгері ұмтылудан артық асыл нәрсе бар ма! Сол асыл оның өне бойын өртеп, өмірін нұрландырып, қуанышқа бөледі.

Сол арада құтан ұшып келді. Шөптің үстіндегі құрбақаны көріп төмендеді де, байғұсты іліп алды, оның үстіне онша да ептілік көрсете қоймады. Тұмсық қысылды, құрбақаның құлағында жел гүледі. Жанды қинауындай-ақ қинады, бірақ оны жоғарыға көтерді ғой, Египетке апара жатты ғой! Құрбақаның көзі жайнап, ұшқын шашты.

— Бақ-аһ!

Кішкентай құрбақа ғайып болды. Алайда, оның көзінен шашырап шыққан ұшқындар қайда кетті?

Оны күн нұры іліп әкетті, құрбақаның басындағы асыл тасты күн нұры әкетті. Бірақ қайда әкетті?

Ол жайында табиғат зерттеушіден сұрама, дұрысы ақыннан сұра. Ол саған жұлдызқұрт пен құтандар жайында нағыз ертегі айтып береді. Ойлап көріңізші!

Жұлдызқұрт әдемі көбелекке айналады. Құтандар теңіз бен тау асып Африкаға барады, содан ең қысқа жолмен қайтадан Данияға, сол баяғы орынға, сол үйдің төбесіне оралады. Оның бәрі ертегі сияқтанады, бірақ түптеп келгенде, тап-таза шындық. Табиғат зерттеушіден сұрашы, растығын дәлелдеп береді. Оны сен өзің де білесің талай көріп жүрсің.

Ал құрбақаның басындағы асыл тас қайда? Оны күн көзінен ізде, соны көруге талпын.

Рас, күн тым қатты жарық шашады, біздің көзіміз әлі құдай жаратқан әдеміліктің бәріне тура қарай алмайды. Алайда, күндердің күнінде біз оны да үйренеміз. Нағыз ғажайып ертегі сол болады ол өйткені біздер туралы болады.

Аударған Б. Нұров





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)