Аю бадам анасы

Бірде кішкене бала суық тиіп ауырып қалды. Оның аяғын қалай сулап алғаны түсініксіз: ауа райы ашық болатын. Шешесі оны шешіндіріп, төсегіне жатқызды да, аққұман әкелуді бұйырды. Ондағы ойы керемет терлететін аю бадам шайын қайнатып беру. Taп осы кезде бөлмеге осы үйдің жоғары қабатында тұратын сүйкімді, көңілді шал келіп кірді. Оның не әйелі, не баласы жоқ, қарақан басы ғана тұратын. Ал оның балаларды сондай жақсы көретіні, оларға қызықты ертегілер мен оқиғаларды келістіріп әңгімелеп беретіні кісі таңғаларлықтай ғажап болатын.

— Кәне, шайыңды іше ғой, содан соң, бәлкім, ертегі тыңдарсың! – деді анасы.

— Солайы солай ғой, тек жаңасы болса! – деп қария басын изеп жылы ұшырай жауап берді. Біздің тентегіміз қалай ғана аяғын сулап алды екен?

— Иә, қай жерде екен? – деді анасы. Адам баласы түсініп болмайды.

— Ал ертек айтыла ма? – деп сұрады бала.

— Әуелі менің сендердің мектептеріңнің маңындағы бұрылыстан өтетін суағар ордың тереңдігі қандай екен, соны білуім керек. Мұны сен маған айта аламысың?

— Тура менің тіземнен келеді! – деп жауап берді бала. Бұл бірақ ең терең деген жері ғана.

Аяғымыздың не себепті малмандай су болғаны белгілі! – деді қария. Енді саған ертегі айтып беруім керек еді, бірақ дайын тұрған бірде-біреуі жоқ.

— Сіз оны тап қазір табан астында ойдан шығара аласыз! – деді бала. – Мамамның айтуынша, сіз не нәрсеге қарасаңыз да, не нәрсеге жанассаңыз да бәрінен ертегі не оқиға табыла кететін көрінеді.

— Солай делік, әйтсе де ондай ертегілер мен оқиғалар бәрібір түкке тұрғысыз. Нағыз кереметтері болса өз беттерінше келеді. Келеді де: «Міне, келдім!» – деп менің маңдайымнан қағады.

— Жуық арада біреу-міреу келіп қалар ма екен? – деп сұрады бала.

Ана күлді де, аққұманға аю бадам шайын салып, оны демдеді.

— Кәне, айтыңызшы! Әйтеуір бір ертегі бастаңызшы!

— Шіркін, өзі келе қалса ғой! Бірақ та олар тәкаппар, көңілдері түссе ғана келеді. Тоқташы, – деді ол кенеттен. Мінекей ол! Ақ құманға қарашы!

Бала көзін тігіп қарады. Аққұманның қақпағы көтеріле түсіп, оның астынан аю бадамның үр жаңа ақ гүлдері басын қылтитып, іле-шала ұзын да көк бұтақтары өсіп шықты. Олар тіпті аққұманның шүмегінен де шығып тұр. Ұзамай ол баланың көз алдында тұтас бір шоғырға айналсын. Бұтақтары төсекке дейін созылып, терезе шымылдығын итере түсті. Аю бадам қалай керемет, гүлдеп, хош иісі мұрын жарды! Оның бұталары арасынан үстіне аю бадамның жапырағы сияқты көк, сондай бір ғажайып көйлек киген және өне бойы ақ гүлдермен көмкерілген кемпірдің жадыраңқы жүзі көрінеді. Оның көйлек пе, әлде әдепкі көк пе, жоқ аю бадамның тірі гүлдері ме салған жерден мұны біле қою қиын-тын.

— Мынау неғылған кемпір? – деп сұрады бала.

— Римдіктер мен гректер оны Дриада деп атайтын, – деді қария. – Бірақ біз үшін бұл тым сері есім, сондықтан да жаңа қоныста оған бұдан гөрі жақсырақ Аю бадам анасы деп қосалқы ат қойған еді. Оған бар назарыңды салып қара да, менің айтар әңгімемді тыңдай бер!

Нақ осындай аумақты, гүлге оранған бұта Жаңа қоныстағы бір жұтаң ауланың бұрышында да өсіп тұрған. Бұтаның түбінде түс ауған мезгілде кемпір мен шал күнге қыздырынып отырған. Бұл отставкадағы матрос пен оның әйелі еді. Қариялардың балалары да, немерелері мен шөберелері де көп болатын және олар өздерінің алтын тойларын өткізуге тиіс еді, бірақ дәл ай-күнін ұмытып қалыпты. Оларға мына аққұманның үстіндегі секілді әйгілі әрі жылы шырайлы Аю бадам анасы жасыл жапырақтар арасынан көз тігіп тұрып: «Сендердің алтын тойларың мерекеленетін күнді мен жақсы білемін!» десін. Алайда қариялар өзара әңгімеге беріліп, ерте кездерді естеріне алып отырған, сол себепті оның сөзін ести алмаса керек.

— Иә, – деді кәрі матрос, бала кезімізде екеуіміздің қалай жүгіріп, ойнағанымыз сенің есіңде ме? Осы жерде, нақ осы аулада біз бақ отырғызған болатынбыз! Жерге шыбықтар мен бұтақтарды шаншығанымыз есінде ме?

— Иә, иә! – деп кемпір оны қостай жөнелді. Есімде, есімде! Ол бұталарды ықыластана суарғанбыз да! Солардың бірі мына аю бадам еді, енді, міне, ол да тамырларын тереңге жіберіп өркен жайып тұр. Біздер, қариялар, енді олардың көлеңкесінде отыратын боламыз.

— Ақиқаты осы! – деді күйеуі. Ал ана бұрышта су құйылған күбі туратын. Біз оған мен ағаштан ойып жасаған кемені жіберетінбіз. Оның қалай жүзгенін көрмеген кісі арманда! Ал осыдан көп ұзамай менің нағыз жүзу сапарына шығуыма тура келді.

— Солай, солай, әйтсе де біз онда мектепке баратынбыз және жоқты-барды бірдеңелерді үйрендік, – деп кемпір оның сөзін бөлді. Содан соң бізді шоқындырды. Сол сәт екеуіміз де көзімізге жас алдық!.. Ал сәлден кейін қол ұстасып, дөңгелек мұнараны көруге бет түзедік. Ең биік деген ұшар басына шығып алып, сол жерден қала мен теңізді тамашаладық. Содан кейін біз Фредериксбергке сапар шектік және каналдарда өзінің ғажайып яхтасымен король мен падишаның қалай серуендегенін көрдік.

— Иә, содан кейін көп ұзамай менің нағыз жүзуге шығуымның сәті түсе қалсын! Мен туған жерден алыста сандаған көп жылдар өткіздім.

— Қаншама жас төктім! Маған сен өліп, теңіз түбінде жатқан сияқты болатынсың. Желқаққыштың қозғалысын бақылау мақсатымен түні бойы сан мәрте оянатынмын. Желқаққыш қозғалысынан жаңылған емес, ал сен болсаң оралмай-ақ қойдың емес пе? Бірде, нөсер кезінде біздің алаңға көң-қоқыр жинаушы келгенін өте жақсы білемін. Онда мен үй қызметшісі болатынмын, сол себепті қалдық салынған жәшікті сыртқа алып шықтым. Есіктен шыға бере тоқтай қалдым. Ауа райы жаман-ақ еді! Міне, осы сәтте хат тасушы келіп, сенің хатыңды ұсынды ғой. Бұл хаттың жарық әлемде шарламаған жері қалмапты-ақ! Оның қолынан хатты қалай жұлып алғанымды көрсең!.. Табан астында оқуға кірістім. Мен күліп тұрып жыладым да... Қуанышымда шек жоқ-тын! Хаттан сенің кофе өсетін жылы жақта жүргеніңді білдім. Өзі бір мейірбан ел болса керек. Сен хатыңда бұдан өзге де көптеген жайларды әңгімелепсің. Оқи отырып, мен оның бәрін көз алдыма елестеттім. Жаңбырдың басылар, бәсеңсір түрі жоқ. Ал мен болсам жәшігімді ұстап, есікке сүйенген бойы әлі тұрмын. Кенет әлдекім мені белімнен құшақтай алсын... Иә, сенің алақаның оның бетіне сарт ете қалды. Көрген кісі сүйсінгендей нық тиді!

— Сен екеніңді білмедім ғой! Хатыңды қуып жетіпсің! Онда сен сондай қайратты, сондай сұлу болатынсың. Иә, қазір де нақ сол қалпындасың. Сенің қалтаңнан сары жібек орамалдың шеті шығып тұрған, ал басыңда тор көз матадан тігілген келісті қалпақ бар-тын. Сәнқойлық сондай-ақ болсын! Алайда ауа райы қандай еді, біздің көшеміз не нәрсеге ұқсаушы еді!

— Содан кейін екеуіміз үйлендік! – деп жалғады әңгімені кәнігі матрос. – Есіңде ме? Сол сол екен, дүниеге кезегімен балалар келе бастады: әуелі ұл, сосын Марн, Нильс, Петер және Ханс Кристиан! Олар болса ер жетті және қандай жақсы адамдар болып шықты! Жұрттың бәріне сыйлы! Енді, міне, олардың балалары да перзентті болып жатыр! – деді қария. Және де шөберелеріміздің мықтылығын айтсаңшы!.. Меніңше біздің үйлену тойымыз нақ осы мезгілде болған сияқты.

— Тура бүгін! – деді Аю бадам анасы. Және кемпір-шалдың екі ортасынан басын қылтита қойды, ал бірақ олар басын изеп жатқан көрші әйел деп ойлаған. Ол екеуі бір-бірінің қолынан ұстап, бір-біріне мейірбан көзбен қарай қалған екен. Сәлден соң олардың қасына балалары мен немерелері келді. Бүгін қариялардың алтын тойы екендерін олар жақсы білетін және ертеңгілік құттықтаған да, әйтсе де арада сандаған жылдар өткеніне қарамастан басынан кешкендерін естерінде жақсы сақтаса да, қариялар тап қазіргі жағдайды ұмытып та үлгерген. Аю бадам сол бетінше гүлдеп, хош иісін шашып тұр. Ұясына кіріп бара жатқан күн қоштасарда қарттардың беттеріне сәулесін түсіріп, олардың жүздерін нұрландырып тұр. Немерелерінің ең кенжесі шал мен кемпірді айналып билеп жүр және бүгін кешкісін үйлерінде той болатынын қызына айтып дауыстайды. Кешкі тамақ үстінде ыстық картоп берілмек екен. Аю бадам басын шұлғып, жұртқа қосылып «ура» – деп айғайлады.

— Иә, саған, тіпті де ертегі емес! – деді бала әңгімеші сөзін аяқтаған сәтте.

— Сен солай деймісің, – деп тіл қатты қария, онда, кәне, Аю бадам анасынан сұрай ғой.

— Бұл, әрине, ертегі емес! – деп жауап берді Аю бадам анасы. Алайда, тап қазір ертегінің өзі басталмақшы! Қызықты ертегілердің бәрі де шындықтан бастау алады. Олай болмаса менің хош иісті бұтам аққұманнан өсіп шықпас-ақ еді ғой.

Осы сөздерді айтып, ол баланы қолына алды. Гүлге көмкерілген аю бадам бұтақтары кенеттен екіге жарылды да, бала мен кемпір өздерін жаппада отырғандай сезінді және ол бұларға ілесіп аспанды шарлай жөнелді. Қандай керемет! Аю бадам анасы кішкене қылықты қызға айналып кетті, бірақ та оның үстіне ақ гүлдерге толы көк көйлегі сол қалпында қалды. Қыз баланың кеудесіндегі бадамның тірі гүлі көз тартады. Ақ сары көздері тостағандай көгілдір болатын. Шіркін, оның кереметтігінде сөз жоқ, қарасаң көзің тоймайтын келбет! Бала қызды сүйіп алды, содан кейін екеуі де жасты, ой-сезімдері ортақ болып шыға келді.

Жаппадан олар қолтықтасып шықты да, үй алдындағы бақтың алдына келіп бір-ақ маңдай тіреді. Көкпеңбек көгалда әкесінің ағашқа сүйеулі таяғы тұрған. Балалар үшін таяқ та жанды көрінетін. Оны ат қып салт мініп алуы мұң екен, жарқылдаған таяқтың басы салалы жалы желкілдеген жылқының керемет бір басындай болды. Сосын төрт бірдей жіңішке болғанымен мықты аяқ пайда болды да, ет қызуына берілген атқа балалар мінгесіп көгалды айнала шапты.

— Енді біз алыс қиырға шабамыз! – деді бала. – Өзіміз өткен жылы болған қожайынның мекен-жайына тартамыз!

Балалар көгалды айнала секіріп ойнап жүрген, ал қыз бала оның Аю бадам анасының нақ өзі екенін басқа білмесе де, біз білеміз ғой былай – деді.

— Сонымен біз қаланың сыртына да шығып кеттік. Шаруа үйлерін көремісің? Анау қабырғадағы алып жұмыртқаға ұқсастау болып дүңкиіп тұрған не болды екен? Бұл нан пісіретін пеш қой. Аю бадам бұтақтары үйлердің үстінен бір асырып тастады. Мінеки, аулада әтеш қаңғып жүр. Өз бетімен қоқым-соқымның астан-кестенін шығарып, тімтініп тауықтарға жем іздеп жүр! Қара, қара оның аяғын маңғаздана басысын!.. Міне, біз шіркеудің түбіндегі биік төбеге көтерілдік! Оның төңірегінде тамырын кеңге жайған неткен керемет емендер өсіп тұр! Олардың біреуінің тамыры жартылай бетіне шығып кеткен екен!.. Міне, біз ұста дүкеніне келдік! Көремісің, от қалай лаулап жанады, қалай жартылай жалаңаш адамдар ауыр балғамен жұмыс істеп жатыр! От ұшқындары жауындай төгілуде!.. Одан әрі, одан әрі қожайынның мекен-жайы!

Баланың артында таяққа салт мініп отырған қыз не айтса соның бәрі олардың көз алдынан елестеп өтіп жатты. Бала оның бәрін көрді, ал олар бар болғаны көгалды айнала берді. Сосын олар бүйірдегі аллеяға барып, өздеріне шағын бақ орната бастады. Қыз бала өзінің гүл сәлдесінен бірталай бадам гүлін алып, оны жерге екті. Ол тамырланып, өркен жайды және ұзамай аю бадамның аумақты бұтасы өсіп шықты және ол Жаңа қоныстағы қарттардың сонау бала кездеріндегіден мүлде айнымай қалыпты. Бала мен қыз қол ұстасып алды да, қыдыруға кетті. Алайда, олар Дөңгелек мұнараға да, Фредериксберг бағына да кеткен жоқ. Қыз болса баланы тас қып құшақтап алған, онымен бірге әуеге көтерілді. Сөйтіп олар Данияны аралап кетті. Көктемді жаз алмастырды, жаз күзге ауысты, күз кезегін қысқа берді. Мыңдаған суреттер баланың көз алдына елестеп, жүрегінде жатталып қалды, ал қыз бала айтқан сөзінен жаңылар емес.

— Сен мұны ешқашан есіңнен шығармайсың!

Ал аю бадам райханның сондай рақат, ғажап хош иісін шашып тұр! Бала хош иісімен де, шамшат иісімен де тыныстаған, алайда, аю бадамның иісіне бірі жетпейтін. Оның гүлдері қыздың кеудесіне қадалған да, ал бала оған қайта-қайта басын иіп тұрған-тын.

— Бұл жердің кереметтігін көктемде көрсең! – деді қыз және олар сол сәт ауасы таза көк жасыл шамшат орманына тап болды. Аяқ астынан атқан хош иісті гүл кездессе, шөп арасынан солғын қызыл анемондар көз жауын алады.

— Шіркін-ай, хош иісті мына ормандарда көктем мәңгі тұрса ғой!

— Бұл жер жазда қандай тамаша! – деді қыз. Бұл кез олар ежелгі серілер қорғаны бар қожайынның көне мекен-жайы тұсынан зымырап өтіп бара жатқан. Оның қызғылт қабырғалары мен маңдайшаларының көлеңкесі тоған суларына түсіп тұр. Онда бактың ала көлеңкелі салқын аллеялары маңында аққулар жүзіп жүр. Егін алқаптары теңіздей тербеліп, апандардың айналасын қаптап өскен қызыл, сары қыр гүлдері, қоршаудың өне бойын жабайы құлмақ пен гүлді шырмауық орап тастапты. Ал кешкісін зеңгір аспанға дөңгелей толған ай көтеріліп көгалдардан жаңа шабылған шөптің танау қытықтаған хош иісі аңқыды. Бұл ғұмыры ұмытылар ма!

— Мұнда күз мезгілі бір мамырстан екен ғой! – деді тағы да қыз. Кенет аспан күмбезі екі есе биіктеп, көгілдірленіп кетті. Ормандағы қызыл, сары және жасыл жапырақтар еріксіз көз тартады. Аңшы иттерге де бір еркіндік тиіпті. Іргесінде көне тастар жатқан, төңірегіне қара бүлдірген қаптаған қорған үстімен топ-топ үйрек шуылдай дауыстап ұшып өтті. Ал қара көк теңіз төсінде желкендер ағараңдайды, ал қариялар, қыздар мен балалар құлмақ тазалап, оны үлкен-үлкен күбілерге тастап жатыр. Жастар ескі әндер шырқаса, кемпірлер жағы жын-шайтан жайлы ертегілер айтатын. Бұдан жақсы не болсын!

Қыздың:

— Ах, шіркін, мұнда қыста да керемет қой! – деуі мұң екен, барлық ағаштарды қырау шалып, олардың бұтақтары ақ маржанға айналып кетті. Бейне бір жұрттың бәрі тайлы-тұяғы қалмастан жаңа етік кигендей аяқ басқан сайын қар сықырлайды, ал аспаннан бірінен соң бірі жұлдызшалар жаусын. Әрбір үйде сыйлықтары сайлы шыршалардың оты жанды. Адамдардың бәрі қуанышқа кенеліп, көңіл көтерді. Деревняларда, шаруалар үйлерінде скрипка сарнап, әуеге жұмсақ алмалар атылады. Тіпті нағыз кедейдің балалары да «Қыста, шіркін, керемет қой!» дейтін.

Қандай тамаша! Қыз осының бәрін балаға көрсетті. Қай жерде болмасын аю бадам хош иісін шашып, барлық жерде ақ кресті қызыл жалаулар желбіреп тұр. Жаңа қоныстан шыққан матрос осы жалаудың астында талай теңіз-мұхиттарды шарлаған. Міне, сөйтіп бала да ер жетті және оның да ұзақ жүзіп, кофе өсетін жылы жақтарға сапар шегуіне тура келді. Қоштасарда қыз оған өз кеудесіне тағылған гүлден берді, ал ол гүлді дін кітабының ішіне тықты. Шет жұртта жүріп ол өз отанын туған жерін есіне алып сағынғанда, сол кітапты қолына ұстап, өзіне естелікке берілген гүл жатқан бетін бірден ашатын. Бала гүлге неғұрлым көп қараған сайын ол әрі жаңа өсіп шыққандай болып, әрі иісі күшейіп кететін еді. Ал жас өспірім жігітке осы сот дат ормандарының хош иісі келіп жеткендей көрінетін. Гүл жапырағына қарағанда көгілдір көзді қыздың келбеті елестейтін. Ол қыздың: «Бұл аймақта көктем, жаз, күз және қыс қандай жақсы!» деген сыбырын естіп тұрғандай. Сөйтіп жүздеген сурет оның көз алдына келді.

Осылай көптеген жылдар өтті. Ол жасы ұлғайып қартайған кемпірі екеуі гүлдері шешек атқан аю бадам ағашының астында отыр. Қол ұстасып отырған бұл олар нақ бір Жаңа қоныстағы аталары мен әжелері секілді өткен өмірі мен алтын тойы туралы әңгіме шертті. Шашы мен өңіріне аю бадам гүлін таққан көгілдір көзді қыз аю бадамның бұтағына отырып алып оларға басын изеп: «Бүгін сендердің алтын тойларың!» – деді. Сосын ол өзінің гүл сәлдесінен екі тал гүл алып, сүйіп еді, олар әуелі күміс сияқты, содан кейін алтын сияқты жарқырап кетті. Қыз оны қариялардың бастарына таққанда, гүлдер тәжге айналды. Гүлдері шешек атып, иісі бұрқыраған бұтаның түбінде отырған ерлі-зайыпты екеуі король мен ханымнан еш айнымай қалыпты.

Міне, сөйтіп қария Аю бадам анасының тарихын өзі бала кезінде қалай естісе сол қалпында кемпіріне айтып берді. Олардың екеуіне де аталмыш ғұмырнамада өз өмірлеріне өте ұқсас жайлар көп сияқты көрінді. Және оларға бәрінен де сол ұқсастықтар ұнайтын.

Міне, осылай! – деді жапырақ арасында отырған қыз. Біреулер Аю бадам анасы, біреулер Дриада атағанмен менің шын есімім Естелік. Мен дамылсыз өсу үстіндегі ағашта отырмын. Бәрі менің есімде және бәрі жайлы әңгімелеп беруге әзірмін! Кәне, көрсетші, мен сыйлаған гүл әлі бар ма, солып қалған жоқ па?

Сөйтті де қария діни кітаптың бетін ашты: аю бадам гүлі бейне жаңа ғана салғандай, жаңа үзіп алғандай екен! Естелік қарияларға ыстық ықыласпен бас изей берді, ал олар болса кешкі күннің қызыл күрең жалқыны жарқыратқан алтын тәж киіп отыр. Олар көздерін жұмды... Міне, осы тұста ертегінің де аяқталып қалғаны-ай!

Бала төсегінде жатыр. Ол осының бәрін түсінде көрді ме, иә болмаса тек ертегіден естігені ме біле алмай дағдарған күйде. Аққұман болса стол үстінде тұр, алайда одан жапырақ жайып өскен аю бадам көрмейсің, ал қарт болса қайтуға ыңғайланып орнынан тұрды да, көп ұзамай кетіп те қалды.

— Неткен тамаша, неткен ғажап! – деді бала. – Мама, мен жылы жақтарда болып қайттым!

— Сенемін, сенемін! – деді анасы. Мынадай екі шыны аяқ, аю бадамның қою шайын ішкеннен кейін жылы жақта болып қайтуың таң емес! Суық тимес үшін анасы оны жақсылап тұрып қымтап орап тастады. Шал екеуіміз мұның ертегі әлде болған оқиға екендігі туралы қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан мезгілде сен жақсы ұйықтап алдың.

— Аю бадам анасы қайда кеткен? – деп сұрады бала.

— Аққұманның ішінде! – деп жауап берді анасы. Мейлі, сонда қалып-ақ қойсын!

Аударған Қ.Құрманғалиев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)