сайыс
ozgetil.kz

Қазақтың байырғы ай аттары және айдың тоғауы

Біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 2017 жылы 12-айдың 18-і күні аспан айының 1-і болды. Осы күні батыстан жаңа туған ай көрінді де,  ақшам сөне ай да батып кетті. Осы туған ай күннен күнге көтеріліп тола бастайды. Бұл құбылыс бүгін ғана болған жоқ, тарихтан солай.  Осы толған айдың 11-не — 2017 ж 12-28 күніне тура келді де, аспандағы ай қораланды (шеңбер жасайды). Шеңбердің шығыс шеті үркер жұлдызына тиіп тұрады. Атам қазақта бұны айдың тоғауы дейді. Ай батыс жақта болып, үркер шығыс жағында болған кезді айтылады. Бұл көріністі ай тоғап тұр дейді. Бұл 11-не тоғаған қаңтар айы болады. Ертесі ай мен үркер жұлдызы жақын тұрады. Бұл көріністі аули қонды дейді. Оның ертесі ай шығысқа өтіп, үркер батыс жақта қалады. Бұл көріністі өтіп шықты дейді. Тоғауы, аули қонуы,өтіп шығуы барлығы 11, 12, 13-не тура келгендіктен нақ қаңтар айы болады. Осы қаңтар айының 11-17 дейін күн қатты суытатын мезгіл. Мұны ақпанның ақырған алты күні дейді. 

Келесі айымыз үштің айы делінеді. Бұл ай тоғызына тоғайды. Тоғызы тоғайды, оны аули қонады, он бірі өтіп шығады. Негізінен суық ай,  сондықтан ата бабамыз, үштің айы күштің айы делінеді. 

Онан келесі ай бірдің айы делінеді. Бұл айда суық ай, бұл ай 7-не тоғайды. 8-аули қонады, 9-өтіп шығады. Осы бірдің айдың бірі күні будда дініндегілердің жыл басы күні болып, жаңа жыл келді деп, "шаған" мерекесін тойлайды. Ал қазақта әрқандай уақытта 7-санын киелі санап, осы 7-де тоғаған айды, жылдың басы деп, ай туған соң үш -жеті (21 күн) өткізіп, тілеу тілеп, көже жасап, наурыз көже деп атаған. Сол себепті бірдің айының 20-сын жылдың басы деп, жыл атауын ауыстырған. Үстіміздегі тауық жылы түгеп, ит жылы кіреді. Енді кіретін ай көкек айы.  Бұл ай күн едәуір ұзарып қалады. Бұл ай 5-не тоғайды.

Осы кезде орманда, таудан түнде көкек деген құс шақырған даусы естіледі.

Осы көкек айының 10-нан 15-аралығындағы 5 күнді от амал дейді. Осы 5 күннің ішінде жауын-шашын, боран болып, күн күрт суытады. От амал жақсы болса, от алғанша, жаман болса ойылған жұт деген (тәмсіл қалған). Дегенмен мал шаруашылығында, сақ болатын мезгіл.

Осы көкек айының 20-да сәуір деген амалдың кіруі, 25-і шығуы. Осы 5 күн ішінде жаңбыр жауса, алдағы жазымыз жаңбырлы болады деп қуанатын болған. Ал жаңбыр жаумай, жел соғып, боран болса, жалғасты боран болады да, 40 күнге жалғасады. Мұны сәуірдің 40 күн қара бораны делінеді. Әрі сәуірде жаңбыр жаумағандықтан, алдағы жазымыз жаңбырсыз болады деп қорқатын болған. Бұрынғы кездегі оқымысты адамдар, осы сәуір амалын тосып, сәуірдің бұлтынан бұлт бөліп, алып қалады делінеді. 

Мамыр айы 3-не тоғайды. 4-аули қонып, 5-өтіп шығады. Мамырдың 10-15 аралықта, жаңбыр шашын болады. Суық аудандарда қар жауады, Бұл кезді саратан зауза дейді. Зауза деген малшының қызы екен. Күзелген жалаңаш түйемен қырға отынға барған жерде, аяқ асты қарды боран болып, өзі де түйесі де үйінен адасып, үсіп өлген екен.

Маусым айы айдың біріне тоғайды. Үркер жұлдызы осы кезде өте төмен батыс жиекте болады. Бұл мезгіл ай арасы өліара мезгілімен, айдың тоғауы қатар келгендіктен, бірнеше күн жаңбырлы болады. Қыр жерлердегі қырқылған күзелген малдар үшін қауіпті.

Шілде айы. Шілде айында аспанда үркер көрінбейді. Бул кезде үркер жерге түсті делінеді. Дегенмен осы маусым айы аяғы мен шілде айы басында өліара кезде жаңбыр жауса адамдар жақсылық деп біледі. Үркер суға түсті, биылғы жаз жаңбырлы болады делінеді. Ал осы кезде ешқандай жаңбыр жаумаса, үркер қырға түсті деп, биылғы жазымыз құрғақшылық болады деп қорқатын болған. Көбінесе аталарымыз маусым мен шілде арасында тасаттық беріп, қырға шығып жамағатпен 2 рәкағат намаз оқып, мал сойып, тілеу тілеген. 40 күн жаздың ең ыстық күндері болғандықтан, 40 күн шілде - шыжыған шілде деген. 

Тамыз айы. Тамыз айының 21-де таңға жақын үркер жұлдызы шығыстан туады.

Мизам айы (қыркүйек). Мизам айының 19-да ай мен үркер аспан әлемінде едеуір жақындасады. Бұл кезде түнде шық тұрып, шөптің бастары суланады. 

Қазан айы. Қазан айы 17-де тоғайды. Жауын шашын болуы әбден мүмкін. Қараша айы. Қараша айы 15-не тоғайды. 15-мен 20-сы аралығында алғашқы жұқа қар жауады. Бұл кезді "боқырауын" делінеді. Қыран көтеріп, қансонарға шығып, аң -құстың ізін шалады.

Желді айы. 13-не тоғайды. Тоғауы кезінде қар, жаңбыр немесе бұлтты боран болады. Күн суытып, қыстың ызғары білінеді. 

Қазақша ай аттары:

Қаңтар
Үштің айы (ақпан)
Бірдің айы (наурыз)
Көкек (сәуір)
Мамыр
Маусым
Шілде
Тамыз
Мизам (қыркүйек)
Қазан
Қараша
Желді (желтоқсан)

P.S: Бұл ай аттарын, ай есептерін ай арасындағы амал күндерді айдың тууы, тоғауы өліарасы, бұрынғы абыз аталарымнан үйренгенімді көпшілік қауымға ұсынып отырмын.

Табыс Жодай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (1)

Бейбіт

Осы қазақша жыл санауды Шығыс Түркістан мен Қобда бетін мекендеген Керейлер ұстанып келген. Ауа райын алдын ала болжауға пайдасы зор.

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)