сайыс
ozgetil.kz

Бұлбұл

Қытайда императордың өзі де, оның қарауындағы халық та қытайлық болатынын өзің білесің ғой. Бұл оқиға баяғыда болған, сондықтан да ұмытылмай тұрып, саған айтып берейін!

Дүниенің төрт бұрышында император сарайымен сұлулыққа таласатын ешбір сарай болмаса керек: ол өте жұқа, аса бағалы фарфордан салынған, нәзіктігі сонша, тіпті саусағыңмен түртіп қалсаң быт-шыт боп сынып түсе ме – деп қорқасың. Бақ ішінде ғажайып гүлдер өседі, олардың ең әсеміне кіп-кішкентай күміс қоңырау байлап қояды. Ол сыңғыр-сыңғыр етіп өткен-кеткеннің назарын сол гүлге аударуға тиіс. Көрдің бе, император сарайында бәрі ақылмен істелетінін! Сол бақтың ұзындығы сонша, оның қай араға дейін созылатынын бағбанның өзі де білмейді. Ал бақтың ар жағында зәулім биік ағаштары мен тұңғиық терең көлдері бар шетсіз-шексіз ну орман тұр. Орманның бір шеті көк теңізге барып тіреледі, кемелер су бетіне төнген жап-жасыл жапырақтардың саясымен өтіп жатады. Дәл сол арадағы жар басында жалғыз бұлбұл болатын, ән салғанда әуезінің жан-дүниеңді баурап алатындығы сонша, тіпті тіршілік тауқыметінен әбден қалжыраған балықшының өзі құрып қойған ауына дейін ұмытып кетіп, соны ғана еліте тыңдап отыратын. «Тәңірім-ай, қандай ғажап еді!» – деп таңдайын қағатын да, содан кейін ғана есін жинап, өз жұмысына қайта кірісетін: содан кейін бұлбұл әні есінен шығып кетіп, алдағы түні оны тағы да ұйып тыңдайтын да, тағы да: «Тәңірім-ай, қандай ғажап еді!» – деп таңдайын қағып мүлгіп отыратын.

Императордың астанасына дүниенің төрт бұрышынан саяхатшылар келетін: бәрі де салтанатты сарай мен мәуелі бақты тамаша көретін. Бірақ бұлбұл әнін есітсе болды: «Ал, бәрінен ғажабы осы екен!» – деп ауыздарының суы құритын.

Елдеріне қайтып барғаннан кейін, саяхатшылар көрген-білгенін жырдай қып айтып беретін. Оқымыстылары өз кітаптарында императордың астанасын, сарайы мен бағын түгел суреттейтін, бірақ бұлбұлды еш уақытта да ауыздарынан тастамайтын, қайта оны бәрінен де жоғары бағалап, сүйсіне мадақтайтын; ал ақындар өздерінің тамаша өлеңдеріне көк теңіздің жағасындағы ну орманда сайраған ғажайып бұлбұлды жырға қосатын.

Олардың кітаптары жер-дүниеге таралып, кейбіреуі императордың өз қолына да тиген еді. Алтын тағына отырып алып, әлсін-әлсін басын шайқап қойып оқи берді, оқи берді, өзінің астанасын, салтанатты сарайы мен миуа бағын мақтағандары оған қатты ұнады.

«Дегенмен ең ғажабы бұлбұл!» дейді кітаптар.

— Мұнысы не бәле? – деп таң қалды император сол арасын оқығанда. Бұлбұл? Мен неге білмеймін оны? Бұл қалай? Менің мемлекетімде, тіпті менің өз бағымның ішінде сондай құс бар екенін мен неге осы уақытқа дейін естімегем? Неге мен ол туралы кітаптан ғана оқып білем?

Сосын ол бас уәзірін шақырып алды да, ал оның өзі менменсіген тәкаппар еді, өзінен дәрежесі төмен біреу онымен дидарласпақ боп бірдеме жөнінде сұрай қалса, «Тф!» – деп пысқырынғаннан басқа түк те айтпайды, сонан соң түсініп көр оның мәнісін!

— Бізде «бұлбұл» – деп аталатын тамаша құс бар екен ғой. Оны менің ұлы мемлекетімнің ең ғаламат мақтанышы дейді жұрт! – деді император. Ол туралы маған еш уақытта айтпағандарың не?

— Ондайды естісем, құлағым керең болсын! – деді бас уәзір. Оны ешкім де сарайға әкеп таныстырған жоқ!

— Ал мен ол осында болсын, күнде кешке маған ән салып, көңілімді көтерсін деймін, – деді император.

Менде қандай ғаламат бар екенін бүкіл әлем білгенде, мен неге білмеймін оны!

— Ондай құс бар дегенді есітсем, құлағым керең болсын! – деді тағы да бас уәзір. – Бірақ жерден қазсам да тауып әкелем!

— Айтуға оңай ғой! Ал сонда қайдан табасың оны? Сонымен императордың бас уәзірі баспалдақпен біресе жоғары, біресе төмен жүгіріп, залдар мен дәліздерді түгел аралап шықты, бірақ сұраған жанның бәрі де бұлбұл дегенді естіген де, көрген де жоқпыз – деп азар да безер болды. Ақыры бас уәзір императорға келіп бұлбұл дегенді кітап жазғыштар ойдан шығарып жүрген болар, бізде ондай құс атымен жоқ – деп баян етті.

— Ұлы мәртебелім, кітапта жазғанның бәріне бірдей сене бермеңіз! Мұның бәрі сиқыр кітабы сияқты ойдан шығарылған өтірік қой!

— Бірақ бұл кітапты маған құдіретті жапон императоры жіберіп отыр, сондықтан онда бір ауыз да жалған сөз болуға тиісті емес! – деп қарсы болды император. – Менің қайткенде де бұлбұл әнін тыңдағым келеді! Егер айтқан уақытыңда бұлбұл осы арада болмаса, онда кешкі асқа тойғызып алып, сарай қызметшілерінің бәрін жуан таяқпен қарындарына соққызам!

— Құп болады, – деп күмілжіді бас уәзір, содан кейін басқыштардың бойымен біресе жоғары, біресе төмен жүгіріп, дәліздер мен залдарды түгел тінтіп шықты. Қасында сарай қызметшілерінің тең жарымы топырлап шұбырып жүр, тамақтан кейін таяқ жеуге кімнің тәбеті шаба қояды! Әр адамның аузында жалғыз сұрақ! Бұлбұл деген қайдан шыққан бәлекет, бүкіл әлем білгенде, сарайдағылар неге білмейді оны?

Өлдім-талдым дегенде, ас үйде істейтін кедейдің бір қызы былай – деді:

— Тәңірім-ау! Бұлбұлды мен жақсы білемін, сайрағанын естісеңіз! Кешкілік маған ауырып жатқан сорлы шешеме тамақтың қалған-құтқанын апарып беріп тұруға рұқсат етілген. Шешем теңіздің дәл жағасында тұрады, ылғи қайтар жолымда мен орман ішінде отырып алып, бұлбұл әнін тыңдаймын. Оның сайрағанын естігенде мемің жылағым кеп кетеді, бірақ туған шешем бетімнен сүйіп тұрғандай көңілімді шаттық кернеп, бойым сергіп қалады!

— Қарағым аспазшы! – деді оған уәзір. Мен сені ас үйдегі үлкен қызметтің біріне жоғарылатайын, императордың қалай тамақ жегенін бір көруге рұқсат алып берейін, сен тек қана бізді бұлбұлмен жолықтыра гөр. Ол бүгін кешке император сарайына қонаққа шақырылады.

Сөйтіп бәрі жиылып орманның күнде бұлбұл сайрайтын жеріне барды. Сарай адамдарының тең жарымы барды десек өтірік болмас! Жүріп келеді, жүріп келеді, кенет алдарынан сиыр мөңіреп қоя берді.

— Ой-пой-пой! – деп таң қалысты сарайдың жас қызметкерлері. Дәл үстінен шықтық қой! Даусы қандай зор еді! Өзі шынашақтай мақұлықтың даусының күштісін-ай! Әйтсе де біз осы дауысты бір жерде естіген сияқтымыз ғой!

— Ол мөңіреп тұрған сиыр, – деді қыз. – Біз әлі біраз жер жүруіміз керек.

Көп ұзамай көл жақтан бақалардың бақылдағаны естілді.

— Ғажап, әдемі! – деп, сарай уағызшысы таңдайын қақты. – Жаңа естідім ғой! Біздің ғибадатхананың қоңырауынан аумайды екен ғой өзі!

— Жоқ бұл көлбақа ғой! – деді қыз. – Алайда біз жақындап қалған болармыз, оның үні қазір естіліп қалар.

Ақыры бұлбұл сайрап қоя берді.

— Бұлбұл деген осы! – деді қыз. – Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Әне, бұлбұлдың өзі де көрінді. Қыз бір ағаштың ұшар басындағы бір бұтаққа қонып алып сайрап отырған шынашақтай ғана сұрша құсты көрсетті.

— Шынымен, осы болғаны ма? – деп қайран қалды бас уәзір. Тіпті оны осындай ғана болар – деп ешқашан да ойлаған жоқ едім! Қандай ұсқынсыз! Осыншама зиялы бекзадаларды көріп, қорыққаннан бояуы оңып кеткен болар!

— Бұлбұлым, сандуғашым! – деді қыз. – Біздің мейірімді императорымыз сенің әуезіңді тыңдағысы келеді!

— Бәрекелде, – деді де бұлбұл сайрай жөнелді, жұрттың бәрі қайран қалды.

— Шыны қоңыраудай сыңғырлайды! – деді бас уәзір. Бөтегесі қалай бүлк-бүлк етеді! Осы күнге дейін бұлбұлдың сайрағанын естімей келгенімізге қайран қалам. Сарайда ол сый-құрметке бөленетіні сөзсіз.

— Императордың тағы да тыңдағысы келе ме? – деп сұрады бұлбұл; ол император да әнін тыңдау үшін бірге келген шығар – деп ойлаған еді.

— Әлемде теңдесі жоқ, әнші бұлбұл! – деді бас уәзір. Маған сізді бүгін кешке болатын үлкен мерекеге шақыру құрметі тиіп тұр. Сіз ғажайып сазыңызбен жұрттың бәрін баурап алар деген сенімдемін.

— Менің әнімді жасыл орманның өзінде тыңдағанға не жетсін! – деді бұлбұл, бірақ сарайға императордың өзі шақырып отырғанын есітіп, онда баруға қуана келісім берді.

Сарайда мерекеге әзірлік жүріп жатқан. Фарфор қабырғалар мен едендер сансыз алтын шамдардың сәулесімен шағылысып жалт-жұлт етеді; дәлізде ұзыннан-ұзақ, қатар-қатар ғажайып әсем гүлдер қойылған; оларға байланған кішкентай қоңыраулар ерсілі-қарсылы жүгірген адамдардың лебімен, есік-терезеден ескен желмен сыңғыр-сыңғыр тербеліп, құлақты тұндырады, катар тұрған екі адамның сөзін бір-біріне естіртпейді.

Император отырған орасан зор кең залға бұлбұл қонақтайтын алтын тұғыр орнатылған. Сарай қызметшілерінің бәрі де жиылды, аспазшы қыздың да босағада тұруына рұқсат берілді, өйткені ол енді сарай аспазшысы деген атақ алған. Бәрі де үлде мен бүлдеге оранған, бәрі де қол басындай сұрша құсқа қадала қалыпты. Өйткені оған император басын изеп амандасты ғой.

Бұлбұл құйқылжыта сайрай жөнелді, тыңдап отырған императордың көзінен жас та шығып кетті. Ыршып түскен ыстық моншақ оның бетіне қарай домалады, ал бұлбұл болса, одан да нәзік, одан да әуенді, одан да тартымды ғаламат бір әндерді жүз құбылтып, тыңдаушы қауымның жан-жүрегін елжіретіп жіберді. Император есі кете қайран болып, бұлбұлдың мойнына зор құрметтің белгісі ретінде өзінің алтын кебісін іліп қоятынын айтты. Бірақ бұлбұл онсыз да көрген сыйы аз емес екенін айтып, оны қабыл алудан бас тартты.

— Мен императордың көзінен ыршып шыққан жас көрдім, маған одан артық сый-құрметтің керегі не! Императордың көз жасында құдіретті күш бар. Құдай куә, менің сыйым басымнан асып жатпаса, аз боп отырған жоқ.

Бұлбұл құс тағы да бал татыған, сиқырлы сырлы сазға басты.

— Сүйкімді болудың сыры осында екен ғой! – деді сарай бикештері сыңқылдасып, сөйтті де біреумен сөйлескенде көмекейлері бүлкілдеп, дауыстары дірілдеп, қоңырауланып шығуы үшін, ауыздарына су ұрттап алып жүретін болды. Олары бұлбұлға еліктеген түрлері еді. Тіпті сарай қызметіндегі еркек-әйелдің бәрі керемет ләззат алып қалдық – деді, бұл да болса бір табыс, өйткені оларға жағу бәрінен қиын. Ия, бұлбұлдың бүгінгі табысы ғаламат!

Оған сарайда қалуға әмір берілді, арнайы шілтер торға отырғызылып, жұмсауына он екі қызметші қосып берді, күндіз екі рет, түнде бір рет сыртқа шығып серуен құруына рұқсат берілді, бірақ әрбір қызметші оның сирағына байланған жібек баудан мықтап ұстап жүретін болды. Әрине, мұндай серуеннен алатын ләззат та шамалы болса керек!

Осынау ғажайып құс күллі шаһардың аузынан түспейтін болып алды, кешеде екі таныс кездесе қалып, біреуі «бұл!» десе, екіншісі «бұл!» – деп қағып әкетіп, бірінің ойын бірі айтпай ұғып, тілсіз күрсінетінді шығарды.

Ол ол ма, бақалшы саудагерлердің он бір ұлының аты, дауыс жағынан мәз боп тұрмаса да, император бұлбұлының құрметіне «Бұлбұл» – деп қойылды.

Күндердің бір күнінде императорға сыртына «Бұлбұл» – деп жазылған сәлемдеме түсті.

— Бұл біздің әлемге әйгілі құсымыз туралы тағы бір жаңа кітап болар, – деді император.

Бірақ бұл кітап емес, бір қызық зат екен: кішкене қорапшада қолдан жасалған бұлбұл жатыр, тірі бұлбұлдан аумайды, бірақ үсті-басы жылтыраған лағыл гауһар, зүбәржат. Кілтін бұрап қалсаң, бұлбұл салатын әндердің бірін құйқылжыта жөнеледі, алтын мен күміс аралас әсем құйрығы діріл қағады. Кішкентай жасанды құстың мойнына жібек белбеу ілініп, оған: «Қытай императорының бұлбұлының қасында, жапон императорының бұлбұлы бейшара боп көрінеді», – деп жазылған.

— Неткен әсем! – деп таң қалысты сарай адамдары. Жасанды бұлбұлды жапон императорының елшісі әкелген еді, ол табан аузында императордың «бұлбұл дайындаушы төтенше өкілі» деген дәреже алды.

— Ал енді екеуі қосылып бір айтсыншы. Дуэт болсын! Бірақ оның жөні келетін емес: тірі бұлбұл өзінше айтса, жасанды бұлбұл баяғы сол бір ізінен таймай қайталай береді.

— Ол үшін кінәлі емес! – деді сарайдың ән-күй жетекшісі, ол ырғағы мен екпінін бұлжытпай сақтап, менің жасап берген үлгімнен бір елі таймай сайрап тұр.

Сонан соң жасанды бұлбұлдың жалғыз өзін сайратып байқады. Ол да әншілігі жағынан тірі бұлбұлдан қалыспайды екен, бірақ одан әлдеқайда сұлу, сақина я білезік сияқты жарқырап тұр.

Баяғы бір әнді отыз үш рет қайталап айтса да шаршаған жоқ. Жұрт оның әуенін тағы бір тыңдауға жалықпас еді, бірақ император:

— Тірі бұлбұлды да сайратайық та... – деді. Апырау, соның өзі қайда кеткен? Бұлбұл ашық тұрған терезеден ұшып шығып, жасыл орманға қарай зымырай жөнелген-ді.

— Бұл не деген масқара?! – деп император өкпелеп еді: сарай қызметшілері бұлбұлды жақсылықты білмейтін жексұрын – деп, жерлеп тастады.

— Бақытымызға қарай, екі құстың ең тәуірі өз қолымызда ғой, – деді біреулер.

Жасанды бұлбұлдың жаттанды әнін отыз төртінші рет айтуына тура келді. Бірақ оның әнінен көкейінде бірдеме ұстап қалған бір адам жоқ, ән-күй жетекшісі жасанды бұлбұлдың жанды бұлбұлға әсемдігі мен асыл әшекейі үшін ғана емес, ішкі қасиеттері жөнінен де шаңын көрсетпейтіндігін айтып иландырмақ болды.

— Жанды бұлбұлды алатын болсақ, менің ұлы әміршім және мархаббатты мырзалар, оның айтатынын (ми уақытта алдын ала білуге болмайды. Ал жасанды бұлбұлдың не сайрайтыны бесенеден белгілі, оның өнерпаздық деңгейін де алды-артын қамти түгел анықтап, пікірді сарқа айтуға болады. Жасанды бұлбұлдың ішкі сарайын түгел ақтарып, жайып салуға болады: өйткені ол адамның өз ақылының жемісі; оның біліктері мен тетіктерінің қалай орналасып, қалай қозғалатынына дейін түп-түгел көрсетіп беруге болады!

— Мен де осы пікірге қосыламын! – деп мәлімдеді сол араға жиылғандардың бәрі де, сөйтіп, ән-күй жетекшісіне келесі жексенбіде бұл құсты халыққа көрсетуіне рұқсат берілді.

— Бұлбұл әнін халық та тыңдасыншы! – деді император. Халық та тыңдап көрді, сөйтіп, шайға қанғандағыдай әп-әдемі әсер алып, рақаттанып қалды. Бәрі де мәз-мейрам болып «бәрекелде» десіп, бастарын шұлғысып, бас бармақтарын көтеріп жатыр. Ал тірі бұлбұлдың сайрағанын талай естіген балықшылар:

— Мынау да жаман емес, сайрауы кәдімгі бұлбұлдың сайрауына ұқсап тұр, бірақ әйтсе де бірдемесі жетпей тұрған секілді, ал неменесі жетпейтінін өзіміз де білмейміз! десті жасанды бұлбұл жайында.

Тірі бұлбұл Отанынан, мемлекет көлемінен аластатылды – деп жарияланды.

Жасанды бұлбұл император кереуетінің жанындағы жібек жастықта жататын болды, оның айналасына тарту-таралғыға әкелінген алтын, күміс, асыл тастар жайылған. Оны жұрт енді: «Императордың түнгі жиында сол қол жағында тұратын бірінші әнші!» деген жоғары шенін қоса атайтын болды: император өз жүрегі сол жағында болғандықтан, сол жақты маңыздырақ – деп есептейтін, императордың жүрегі де сол жағында болады екен ғой. Ән-күй жетекшісі жасанды бұлбұл жайында жиырма бес том ғылыми еңбек жазды: кітаптары өте қалың және қытайдың адам түсінбейтін сөздеріне толы, сонда да сарай ақсүйектері онда жазылғанның бәрін оқып, бәрін де түсіндік – деп өтірік айтты, әйтпесе император оларды ақымақсыңдар, милаусыңдар – деп, жуан таяқпен жуан қарындарына дүре соққызатын еді.

Содан бері аттай бір жыл өтті; император да, күллі сарай адамдары да, тіпті бүкіл халық болып жасанды бұлбұл әнінің әр дыбысын, әр буынын, әр үзбесін жатқа айтып жүрді; сол үшін де қадірлейтін оны; енді өздері де соған еліктеп, соған қосылып сайрай жөнелетін әдет шығарды. Көшедегі балалар: «Ци-ци-ци! Клюк-клюк-клюк!» – деп таңдайын қақса, император да бірге қосылып тақылдай жөнелетін. Керемет емес пе, ә?!

Бірақ күндердің бір күнінде, төсегінде шалқайып жатқан императордың алдында жаңа ғана сайрап тұрған жасанды құс ойда жоқта шыр-пыр боп, қырылдап-сырылдап, ызыңдап-дызылдап, дөңгелектері шыр айналып, сосын ішіндегі бір серіппесі сарт етіп үзіліп кетті де, үні өшіп қалды.

Император кереуетінен ұшып тұра келіп, сарай дәрігеріне кісі шаптырды. Бірақ мұндайда дәрігердің қолынан не келсін? Сосын сағат шеберін шақыртып еді, ол о жер, бұ жерін шұқылап жүріп, қайдағы жоқ әңгімелерді біраз көйітті де, құсты әзер дегенде бір шамаға келтіріп жөндеп берді, бірақ оған ерекше күтім керек екенін айтты; ішіндегі тістеспе дөңгелектері мүжіліп қалған, бұлбұлдың бұрынғыдай сайрауы үшін олардың бәрін судай жанасымен алмастыру керек, ал оған мүмкіндігіміз жоқ – деді, қайғының әкесі енді туды! Сағатшы бұлбұлды жылына бір-ақ рет бұрауға ғана рұқсат берді. Жұрттың ұнжырғасы түсіп кетті, бірақ оның есесіне, ән-күй жетекшілері әрі қысқа, әрі асқан дана сөз сөйлеп, жасанды бұлбұлдың бұрынғы құны жоғалмайтынын дәлелдеп берді. Бәлкім, онысы да дұрыс болар.

Содан тағы бір бес жыл өткенде, ел үстіне ауыр қайғының бұлты торлады: жұрттың бәрі императорын жақсы көруші еді, әр түрлі сыбыстарға қарағанда, сол император өлім халінде жатқан көрінеді. Оның ізбасары да сайланып қойылған, бірақ халық әлі де сарай алдында дүмеп, императордың бас уәзірінен кәрі әміршісінің денсаулығы жайын қайта-қайта сұрайды.

— Тф! – деп бас уәзір басын шайқап, ернін шығарады.

Император өзінің ғажайып төсегінде сұп-сұр боп жатыр. Аяқ-қолы мұздап барады. Сарай қызметшілерінің бәрі де оны өлдіге есептеп, жаңа императорға қол бергенше асығып жүр. Қызметші еркектер көшеге жүгіріп шығып, өсек-аяң айтысса, қызметші әйелдер шайларын сораптай отырып, әңгімені соқты-ай кеп. Аяқ тықыры естілмес үшін, барлық залдар мен дәліздерге кілем төсеп қойылды, сарайда өлі тыныштық орнады. Бірақ император әлі өлген жоқ еді. Алтын шашағы еденге төгілген, барқыт шымылдықтың ішінде өзінің жұп-жұмсақ құс төсегінде аппақ шүберектей боп сұлық жатқан. Императорға да, жасанды бұлбұлға да ашық тұрған терезеден ай сәулесі жарқырап түсіп тұр.

Науқас императордың дем алуы қиындап кетті, кеудесінен біреу басып отырған сияқты. Көзін ашып қалса, отырған Ажалдың өзі екен. Ажал императордың тәжін өз басына киіп, бір қолына алтын қылышын, бір қолына шашақты жібек туын ұстап отыр. Барқыт шымылдықтың етегінен бейтаныс біреулердің бастары қылтияды: біреулерінің жүзі жылы, момақан болса, екіншілерінің түрі жан шошырлық. Бұлар императордың тірі кезде жасаған жақсылықтары мен жамандықтары еді, олар императордың кеудесіне аттай мініп алған Ажалды көрмек болып жиналған еді.

— Мынау есінде ме? – деп сұрайды олар кезек-кезек. Ал мынаны ұмытқан жоқсың ба? – деп әлдеқашанғы күнәларын мойнына қойып бергенде, маңдайынан суық тер шып-шып шығады.

— Тіпті есімде жоқ, білмеймін оны! – деп күбірлейді император. Музыка қайда, музыка? Дәу дағараны қағыңдар! Естіртпеңдер мыналардың сандырағын!

Бірақ аналар қоятын емес, Ажал да басын изеп, оларды құптап қояды.

— Музыка ойнаңдар! Музыка! – деп жан даусы шығады императордың. Алтын құсым, тым болмаса сен сайрасайшы! Асыл тастар мен алтын, күмісімді аяп па ем сенен, мойнына алтын кебісімді де ілмеп пе ем, сайрасайшы, бұлбұл құсым, сайрасайшы!

Бірақ бұлбұл құста үн жоқ, оны бұрап сайрататын адам да жоқ, кілтін бұрамаса, ол оз бетімен сайрай да алмайды. Тымырсық тыныштықта Ажал түпсіз терең үңгір көздерімен императорға жұтына қадалып отыр, меңіреу, өлі тыныштық адамның зәресін ұшырады!

Кенет терезе алдында ғажайып әсем ән естілді. Қол басындай ғана кәдімгі бұлбұл құс бұтаққа қонып алып, ән салып отыр. Императордың сырқат екенін естіп, оның жабыққан көңілін жадыратып, жасыған жігерін ширату үшін ұшып келген екен. Ол ән шырқай бастағаннан-ақ, императорды қоршаған аруақтар бірте-бірте көмескі тартып, әлсіреген императордың бойына қан жүгіре бастады; Ажалдың өзі де бұлбұл үнін ұйып тыңдай қалыпты; «Сайрай бер, сандуғашым, сайрай бер, бұлбұлым!» – деп әлсін әлі қошемет жасап отыр.

— Ал сен алтын қылыш пен асыл туды қайтып бересің бе? Императордың тәжін қайтып бересің бе?

Ажал алып қойған асыл дүниелерін бірінен соң бірін қайтара бастады, бұлбұл үсті-үстіне сайрап тұр. Енді ол аппақ, раушан гүлдері шешек атып, аю бадам жұпар иісін шашып, өлген-өшкен жандарға аза тұтып, көк жасыл шөптерді көз жасымен суарып тұрған зират басының мүлгіген қасиетті тыныштығын жырға қосты... кенет Ажал өзінің мүлгіген миуа бағын сағынып кетіп, бозамық салқын тұманға айналды да, терезеден ұша жөнелді.

— Рақмет, мың да бір рақмет, сүйікті бұлбұл құсым! – деп күбірледі император. Мен сені ұмытқан жоқпын! Мен сені мемлекетімнен қуып шығып едім, сен менің төсегімді қоршаған жексұрын елестерді, тіпті Ажалдың өзін де айдап шықтың! Саған бұл үшін қандай сый лайықты болар екен?

— Сен маған баяғыда бір сый тартқансың, сол сыйың қалған өміріме кәміл жетеді! – деп жауап берді бұлбұл. Алғашқы рет мен саған ән шырқағанда, көзіңнен тамған жасты көрдім, мен оны еш уақытта да ұмытпаймын! Тыңдаушының көз жасы әншінің жүрегін елжірететін ен асыл сый! Мен саған тағы да ән салып берейін!

Сөйтті де, ол тағы сайрай жөнелді, ал император жан рақатына шомып, тәтті ұйқыға енді.

Енді бір оянғанында жаны жадырап, бойы сергіп қалған екен, терезеден күн нұры құйылып тұр. Ендігі өліп қалған шығар – деп, қызметшілерінің бірде-бірі есігінен бас сұққан жоқ, бұлбұл ғана терезе алдында талмай сайрап тұр.

— Сен енді менімен мәңгі-бақи бірге бол! – деді император. Өзіңнің зауқың соққанда ғана сайрайсың, ал жасанды құсты мен жерге бір соғып, быт-шытын шығарам!

— Өйтудің қажеті жоқ, – деді бұлбұл. Ол да хал-қадарынша саған қызмет етті. Қасыңда қала берсін. Мен сенің сарайыңда ұя сала алмаймын, сондықтан зауқым соққанда анда-санда келіп-кетіп тұруға рұқсат ет. Сонда мен күнде ымыртта келіп, терезеңнің алдындағы бұтаққа қонамын да, саған ән салып тұрам; менің әнім саған ой салып, ақылыңа жетекші болады. Мен саған бақытты, бақытсыз жандар туралы, жамандық пен жақсылық туралы, ізгілік пен зұлымдық туралы айналаңды қоршаған, бірақ сен үшін беймәлім жайттар туралы жыр шертемін. Шынашақтай әнші құстың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ: сенен, сенің алтын сарайыңнан аулақтағы кедей балықшымен де, аш-жалаңаш шаруамен де дидарласады. Мен сені асыл тастармен безенген алтын тәжің үшін емес, ақ жүрегің үшін ұнатамын, бірақ тәждің де өз қасиеті, қоршаған тылсым күші бар. Мен анда-санда ұшып келіп, саған ән шырқап тұрайын! Бірақ маған ешқандай уәдеңнің керегі жоқ!

— Не сұрасаң, соны берейін! – деп, император баяғы айбынды, тәкаппар қалпында орнынан тұрды да, өзінін императорлық киімін киіп, салмағы зілдей алтын қылышын құшып сүйді.

— Менің сенен бір ғана өтінішім бар, – деді бұлбұл. Дүниеде не боп жатқанын бір өзіңе жеткізіп тұратын шынашақтай құсың бар екенін жан баласына айтушы болма. Бәрінен сол дұрыс болар!

Сөйтіп бұлбұл ұшып кетті.

Өліп қалған императорды көрмек боп табалдырықтан аттай берген қызметшілердің естері шығып, мелшиді де қалды.

— Қайырлы таң! – деді оларға император.

Аударған Ғ.Жұмабаев





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)