http://a-brands.kz/

Өт қабына тас байлану

Өт қабына тас байлануды кейде холелитиаз деп те атайды.

Өт қабы – бауырдың алдыңғы жағында орналасқан қапшық тәріздес ағза. Ол – бауырда түзілетін және майларды қорытуға қатысатын сұйық өттің «ыдысы». Өт қабындағы тастар холестерин кристалдарынан немесе сирек жағдайларда тұздардан түзіледі. Бұл тастар құм тәрізді ұсақ немесе грек жаңғағының көлеміндей үлкен болуы мүмкін. Өтті өт қабынан аш ішекке жеткізетін өт жолын тас бітеп тастағанда холецистит немесе өт қабының шаншуы білінеді.

Себептері

Өт қабындағы тастар өт түзілетін заттардың тепе-теңдігі бұзылғанда пайда болады деп есептеледі. Сондай-ақ өттегі холестерин мөлшерінің көп болуы да маңызды. Өтке тас байланудан болатын ұстама көбіне майлы тағамнан кейін байқалады.

Белгілері

Өт қабының шаншуы көбіне өздігінен жойылады. Тас өт жолы арқылы аш ішекке өткенде ауырсыну мен басқа белгілер тыйылады. Егер тас орнынан жылжи алмайтындай үлкен болса, ауырсыну жалғаса береді және бұндай жағдайларда тез арада хирургиялық шаралар қолдану керек. Егер жалпы өт жолында тұрып қалса, сарғаю байқалып (тері мен көздің ағы сарғаяды), бауыр зақымдануы мүмкін.

Асқынулары

Өт қалтасына байланған тастардың көбі өт жолы бітеліп қалғанша қауіпті емес. Өт жолы таспен бітелген жағдайда инфекция қосылып, өт қабы, бауыр және ұйқы безі қабынады. Өт қабының жарылуы перитонитке алып келуі мүмкін. Созылмалы өт тасы сырқаты сондай-ақ өт қабының обырына алып келуі мүмкін. Ауырсыну кезінде науқас адам жатып, тамақтан бас тартуы керек. Ауырсынуды басу үшін анальгетиктер ішуге болады. Егер өт қабының ұстамасы 2 сағаттан ұзаққа созылса, міндетті түрде дәрігерге жүгіну керек. Оң жақ қабырға астында үнемі ауырсыну немесе жағымсыз әсерлер сезінсеңіз, дәрігерге көрінгеніңіз абзал.

Нақтамалануы

Өт қабындағы тастар, әдетте, рентгенологиялық және ультрадыбыстық зерттеу арқылы нақтамаланады.

Емі

Тастардың көбі «мылқау» келеді, яғни еш белгі бермей жүре береді. Бұндай жағдайларда көбіне ешқандай ем қажет емес. Егер ауырсыну ұстама түрінде болса, холецистоэктомия (өт қабын оталау арқылы алып тастау) жасалады. Кей жағдайларда өт тастарын ерітетін препараттар тағайындалады. Бірақ тастар толығымен еріп кетуі үшін бұл дәрілерді бірнеше жыл бойы ішеді. Сондай-ақ жаңа тастардың өсуіне жол бермейтін шаралар қолдану керек.

Алдын алу

Өт қалтасына тас байлануға жол бермес үшін төмендегі шараларды ескерген жөн:

-   артық салмақ болған жағдайда қуаттылығы төмен тағам жеп, дене жаттығуларын жасау;

-   майлы тағамнан сақтану;

-   өт қабында тастың бары анықталған жағдайда әйел адамдардың эстрогендермен емделуден сақтануы тиіс, өйткені эстрогендер тастың пайда болуына ықпал етеді.

-   ағзаға холестериннің түсуін шектеу.

Хирург дәрігерлер: У. Вальханов, В.М. Ким,  Р. Ажибиев.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)