Бағбан мен мырзалар

Астанадан бір мильдей жердегі ескі усадьбаның нақ ортасында шомбал қабырғалы етіп, айшықтандырып салған байдың мұнаралы, сәнді үйі тұрушы еді. Бұл үйде айналаға әйгілі ерлі-зайыпты бай дворян мекен ететін. Расын айтсақ, олар мұнда тек жазда ғана келіп тұратын, бірақ олардың ен бір сүйікті жері болды. Үйдің сыртына іші сай әрі ыңғайлы, әрі жайлы-ақ еді. Оның маңдайшасына үй қожасынын тастан қашап салынған гербі үйдің сәніне сән қоса түскендей. Бұл гербті ғажайып райхан гүлдері көмкеріп, есік алды жасыл кілем жайғандай жайнап жатыр еді. Ақ, қызыл түсті доланамен қатар тек гүлзарда ғана емес, иен далада өсе беретін сирек ұшырасатын әсем гүлдер жайқалып тұратын.

Усадьба иесінің бағбан ұстауы да жайдан-жай еместін. Көз қуантар құлпырған гүлзар, уылжыған мәуе бағы, бақшалық, – бәрі, бәрі де сол бағбанның еңбегінің арқасы еді. Ал бақшаның арғы жағында ескі баудың орны сақталған. Онда қалың өскен самшит ағашын бөрік бастандырып, пирамида тақылеттестендіріп шырпып қоятын. Ал одан да сәл әріде мүлде дерлік қурап қалған үлкен екі көне ағаш көрінетін. Алыстан қараған кісі кенеттен қатты соққан дауыл бұл ағаштардың қураған бұтақтарына жоғарыдан төмен қарай малдың тезегін жапсырып тастаған ба деп қалар еді. Ал расында бұл көң-қоқыс емес, быжыған құстың ұясы еді.

Ал бұл ұяларды есептен кеткен ескі заманнан бері-ақ топ-топ қарға мен ұзақ мекендейтін. Сөйтіп бұл жерді нағыз құс базарына айналдырып, төңіректі басына көтеріп жататын. Өйткені бұл өлкенің байырғы тұрғындары да, осы өңірдің нағыз иесі де, қожасы да осылар еді. Олар сондай бір ғаламат жаратылыс иесі – усадьбаның екі аяқты мекендеушілерінің тіршілік етуін лажсыз мойындаса да өздерін өлердей жек көретін. Олар кейде құстарды мылтықпен атып, баудай түсіретін. Ол кезде қауырсындары үрпиіп зәре-құты қашқан қарғалар мен ұзақтар улап-шулап үдере қашатын.

Бағбан қожаларына: «Бұл ағаштардың көзін жояйық, өйткені олар баудың сәнін кетіріп тұр, әрі бұл ағаштарды кесіп тастасақ беймаза құстар да қарасын өшірер еді», – деп талай рет айтты. Бірақ мырзалары ағаш пен құстың у-дуынан бірдей айрылғысы келмеді. Олар қураған ағаштар мен құстың шулап жатқанын көне заманның көзі санап, бұл кереметтен қайткенде де қол жазып қалмаудың қамын ойлады.

— Бұл ағаштар құстарға олардың ата-бабасынан мұраға қалған емес пе, қайырымды Ларсен! Ендеше, біз несіне килігеміз, етсін қожалық, деуші еді үй иелері. (Ларсен – деп отырғаны бағбан, бірақ біз сөз еткелі отырған хикая үшін одан келіп-кетер дәнеңе жоқ).

— Сізге жер жетпей жүр ме қайырымдым, Ларсен? Гүлзар мен теплица, мәуе бағы мен бақша-шарбақ түп-түгел сіздің құзырыңызда ғой.

Гүлзар, теплицалар, бау мен бақша, шындығында да, бағбанның билігінде еді. Оларды мұқият баптайтын, сылап-сипап күтетін де сол. Мырзалар да оның бұл қызметіне өте риза болса да, өзге үйлерде будан да тәтті шырынды жемістердің дәмін татып, ғаламат гүлдер көретінін, ал ез мәуесі мен гүлдерінің ол көргендеріне пара-пар келмейтінін бағбаннан бүкпейтін. Бұл сөздерді естігенде бағбан қатты жабығып қалатын. Өйткені ол өз мырзаларының бау-бақшасы дүниедегі ең керемет бау болуын шын пейілімен тілейтін, сол үшін де барын салып еңбек ететін. Ол қолынан келмейтіні жоқ, мейірбан жан еді.

Бір күні мырзалар бағбанды шақырып алды да, мырзаларға тән сыпайыгершілік, мейіріммен кеше бір дәулетті достарының үйінде болғанын, сол үйден жеген алмасы мен алмұрттың тіл үйіретінін, иісінің соншалық керемет болғанын, оған Ларсеннің қожасы өздерінің де, өзге меймандардың да қайран қалғанын айтты.

— Әлбетте, – дейді мырзалар, – ол жемістер шетелден әкелінген. Бірақ нақ сондай жемісті Ларсен өз усадьбасында өсіріп көрсе қалай болар еді. Тек нәзік жеміс ағаштары жергілікті ауа райына көндіге алар ма екен? Жұрттың айтуына қарағанда мырзалар меймандықта болған кезде жеген алма мен алмұрт қаладағы ең белгілі мәуе сатушыдан алынса керек; мырзалар бұл жемістердің қай елден әкелінгенін біліп кайту үшін енді бағбанды сатушыға жұмсады. Ондағы ойы елден ағаштардың қалемшесін алдыру.

Бағбан ол саудагерді жақсы білетін. Мырзасының әмірі бойынша қожасының жеуінен артылған жеміс-жидегін апарып сатқаны бар.

Сөйтіп бағбан қалаға келді де, саудагерден әлгі айтулы алма мен алмұрттың қайдан алынғанын сұрады.

— Сіздің баудан алдым! – деп жауап берді саудагер. Сөйтті де Ларсенге мақтаулы алмалар мен алмұрттарды көрсетті. Ларсен өз жемісін жазбай таныды.

Бағбанның қуанғанын көрсеңіз сондағы! Ол мырзаларына жеткенше асықты, келген соң әлгі қонаққа барғанда жеген алма мен алмұрттың өз бауында өсірілген мәуе екенін айтып берді.

Мырзалар өз құлағына өзі сенбеді.

— Олай болуы мүмкін емес, Ларсен! – деді олар.

— Егер мұның шындық екеніне иландырғыңыз келсе, жеміс-жидек сатушыдан қолхат әкеліңіз.

Ларсен мырзаларға мұндай қолхат та әкелді.

— Ғажап! – деп қайран болды олар.

Содан былай мырзаның дастарқанында әр күн сайын өз бауында өскен ғажап алма мен алмұрт салынған үлкен үйме табақ қойылатын болды. Енді бұл жемісті көрші тұратын достарына, өзге қалаларға, тіпті шетелдерге себет-себетімен жөнелтетін болды. Бұл мырзаларға сондай жағатын. Бірақ олар орайы келген сәтте бағбанға соңғы екі күз ауа райының мәуе ағаштары үшін өте қолайлы болып жүргенін, барлық бағбандардың мол өнім алғанын айтып қалатын.

Осылайша көп уақыт өте қойған жоқ. Бір күні мырзалар сарайдағы түскі қонақасыға шақырылды. Ертеңіне олар бағбанды шақырып алды да, король дастарқанына оның өз теплицасында өсірілген ерекше дәмді әрі тәтті қауын тартылғанын айтады.

— Құрметті Ларсен, сарай жанындағы бағбанға барып жолығыңыз да, одан әлгі бөлекше қауынның тым құрыса аз болса да ұрығын сұраңыз.

— Ойбай-ау, король бағбаны ондай ұрықты менің өзімнен алды ғой! – деп дауыстап жіберді қуанған Ларсен.

— Егер олай болса, демек, ол сен берген ұрықтан керемет қауын өсіре білген ғой, – деп мәлімдеді мырза.

— Дастарқанға әкелінген қауындар бірінен-бірі өтетін тәтті!

— Ендеше, менің мақтануым қажет, – деді Ларсен. Биыл король бағбанының қауыны жөнді бітпей қалды. Сіздің рақымды мырзам, бақшаңызда керемет қауын өсіп тұрғанын көрді де, король дастарқанына деп соның бірнешеуін алып кеткен.

— Король дастарқанына қойылған қауын біздің бақшада өскен деп бос қиялдап тұрған жоқпысыз, Ларсен?

— Бұған зәредей де күмәнім жоқ, – деп жауап берді Ларсен. Ол король бағбанына барды да, куәлік алды. Онда король дастарқанына қойылған қауындар Ларсеннің қожаларының бақшасынан алынғаны жазылған еді.

Мырзалар айран-асыр болды. Олар бұл әңгімесін кімді ұшыратса соған айтып, король бағбаны берген куәлікті көлденең тартатын. Бұрынғы әдетінше алма мен алмұрттың қалемшесі сияқты қауынның шопағын да талай елге жөнелтті.

Осы кезде жер-жерден: «Жіберген қалемшелеріңіз жақсы өсіп, алма мен алмұрт тамаша өнім беруде. Оларды мырза тұқымы усадьбасының атымен атадық», деген хабар келіп жатты. Бұдан былай усадьбанын бұрынғы қожалары мұндай табыс туралы қиялдай да алмаған еді.

— Әйтеуір бағбанымыз кісімсіп, кеуде көтеріп кетпесе болғаны ғой, – деп қауіптене бастады мырзалар.

Бірақ Ларсеннің ойы мүлде басқада еді. Ол елдегі ең үздік бағбанның бірі деген атағынан айрылып қалмаудың қамын ойлап, жыл сайын жемістің немесе көкөністің бір жаңа, тамаша сортын шығаруға тырысты. Ол солай етті де. Бірақ сөйтсе де оған еңбегі үшін алғыс айтушылар оның алғаш даңқын шығарған жемістері алмасы мен алмұртының теңдесі жоқ екенін, өзге жаңалықтарының бірде бірі олармен бәсекелесе алмайтынын айтатын. Рас, қауындар да өте тәтті-ақ, сонда да алма мен алмұрттай қайдан болсын. Құлпынайы да жақсы, бірақ өзге мырзалардың дастарқанына қойылып жүрген бүлдіргеннен бөлекше қасиеті жоқ. Бір жылы бағбанның шалқаны жөнді шықпай қалуы мұң екен, мырзалар бейне өз бау-бақшасында өсетін басқа барлық көкөніс пен жеміс-жидекті ұмыт қылғандай тек әлгі болымсыз шалқанды айтумен жүрді.

Мұндайда мырзаларға: «Қайырымды Ларсен, биыл сіздің барлық егініңіздің шығымы нашар!» деген сөздерді айту көбірек ұнай ма деп ойлауға да болар еді. Олар: «Биыл сіздің егініңіз қандай нашар шықты!» дегенді қайталаған сайын өздерін бақытты сезінетін сықылды.

Бағбан бөлмелерге аптасына бірнеше рет жаңа жұлынған гүл шоқтарын әкеліп қояр еді. Ол сондайлық бір талғампаздықпен іріктелетін. Гүл шоғындағы әр тал гүл басқа гүлдермен үйлесім тапқанда бұрынғысынан да құлпыра түсетін.

— Сіздің талғамыңыз жақсы, Ларсен, деуші еді мырзалар. Бірақ бұл қасиетіңіз үшін өзіңізге емес, тәңірге қарыздар екеніңізді естен шығармаңыз.

Бір күні бағбан мырзаларына үлкен хрусталь ваза алып келді. Онда жүзіп жүрген құмыраның сынығында ұзын сабағы суға батқан, өзі күнбағыстың үлкендігіндей қанық көкгүл жатты.

— Үнді лотосы! – деп айқай салды мырзалар.

Олар мұндай гүлді ғұмырында көрмеген. Олар бұл гүлді күндіз күн көзіне қойып, түнде шам жарығында ұстауды бұйырды. Гүлді көрген адамның бәрі де оны керемет деп атап, таңырқап жатты. Корольдіктің ең бетке ұстар бикештерінің бірі жас ханша да оны нақ солай атады. Ол ақылды да қайырымды қыз.

Мырзалар бұл көгілдір гүлді ханшаға сыйға тартуды мәртебе көрді. Ханша оны сарайға алып кетті. Ал мырзалар тағы осындай гүл жоқ па екен деп бауға келді, бірақ іздегенін таппады. Сосын бағбанды шақырып алып, оның көгілдір лотосты қайдан алғанын сұрады.

— Біз мұндай гүлді бақтағы оранжереядан да, гүлзардан да таппадық, – деді олар.

— Онда жоқ болса қайдан таппақсыздар, – деп жымиды бағбан. Бұл сыпайы, қарапайым гүл бақша жүйегінде өседі. Бірақ оның шектен тыс әсем екені рас қой? Ол көгілдір кактуске ұқсайды, ал, шындығында, артишок дейтін гүл.

— Сіз мұны бізге бұрын неге айтпағансыз? – деп реніш айтты мырзалар. Біз бұл теңіздің арғы бетінде өсетін сирек ұшырасатын гүл шығар деп жорамалдап едік! Сіз ханшаның алдында масқара еттіңіз! Ол гүлге көзі түскеннен-ақ таңырқап, өзінің бұрын-соңды мұндай өсімдікті көрмегенін айтты. Оның ботаникадан мықты хабары бар ғой. Оның бұл гүлді неге білмегені енді түсінікті болды, ғылым бақшада өсетін өсімдіктерді зерттемейді ғой. Сүйікті Ларсен, мұндай гүлді бөлмеге алып келу керектігі қалай ойыңызға келді? Енді бізді мазақ ететін болды!

Сөйтіп жүйектен жұлып алынған тамаша көгілдір гүл абайсызда барып қалған жері мырзалардың төргі бөлмесінен аласталды. Ал мырзалардың өздері бұл бақшада өсіп тұрған әшейін гүл екен, бағбан үзіп әкеліп вазаға салып қойыпты, ол үшін қатаң сөгіс алды деп түсіндіріп, кешірім сұрау үшін ханшаға кетті.

— Бұл күнә әрі әділетсіздік! – деді нала болған принцесса. Ол бұрын біз көрмеген, біз білмейтін гүлді танытты, үш ұйықтасақ ойымызға келмейтін жерден сұлулық тауып берді! Сарай жанындағы бағбанға артишок гүлдеп тұрғанда күн сайын менің бөлмемдегі вазаға гүл үзіп салып тұр деп бұйырамын.

Ол тап солай істеді.

Сол сол-ақ екен, мырзалар да өз бағбанына күн сайын вазаға жаңа үзілген артишок гүлін салып тұруға жарлық берді.

— Шынтуайтқа келгенде, бұл гүл өзі, шынында да, әдемі гүл, – деді олар. Өзі бір керекті гүл! – деп енді олар бағбанды да мақтай бастады.

— Өзі мақтау сүйеді, – деді мырзалар. Еркетотай болып алды! Күз күндерінің бірінде дауыл тұрды. Түнге қарай дауылдың күшейгені соншалық, орман шетіндегі бірнеше нән ағашты тамырымен қопарып кетті. Мырзалар үшін қасірет болғанымен (мұны керген мырзалар, шынында да, «о, қасірет!» – деп ah ұрды) бағбанның көкейінен шығып, құс ұясы құжынаған екі зәулім ағаштың екеуін де сұлатты. Кейінірек үй қызметшілері гүлеген дауылға қанатымен әйнектерді сабалаған қарға мен ұзақтың қиқуы қосылып азан-қазан болғанын айтып жүрді.

— Енді дегенім болды – деп қуанып жүрген шығарсыз, Ларсен, – деді мырзалар. Дауыл ағаштарды жығып тастаған соң құстар да орманға кетті. Енді көненің көзінен де ештеңе қалған жоқ. Бұл біздің қабырғамызға қатты батты!

Бағбан мырзаларға ләм-мим демеді. Ол бұған дейін, жолауға тәуекелі жетпейтін мына бос қалған құнарлы жерді қалай құлпыртып, бүкіл баудың әрін кіргізіп, мырзаларын қуанышқа кенелтетін ғажап мүйіске айналдырсам деген қиялына елтумен тұр еді.

Дауыл қопарып құлатқан ағаштар жапырып тастаған самшиттің орнына осы өңірдің байырғы өсімдіктерін екті.

Мырзаның бауына нақ мұндай өсімдік егуге Ларсеннен өзге тірі жанның тәуекелі жетпес еді. Ал Ларсен әр өсімдіктің ыңғайына қарай бірін шуаққа, бірін көлеңкеге отырғызып жүрді. Ол жерді ықыласымен өңдейтін, ал жер де оның бұл еңбегін еселеп қайтаратын.

Бұл жерге Шотландияда өсетін арша егілді. Оның болмыс-бітімі, гүлі итальян кипарисіне ұқсайды. Қысы-жазы жасыл қалпынан танбайтын тікенекті ғажап гүл шешек атты. Ал айнала алуан түрлі қаулап өскен папоротник. Оның бірі кіп-кішкентай пальмаға ұқсаса, кейбіреулері біз сұлу бикештің шашына балап жүрген нәзік өсімдікті еске түсіреді. Жұрт бекер-ақ жақтырмайтын шоңайна да осында өседі. Оның жаңа жұлынған гүлін кез келген гүл шоғына қосып жіберсең жайнап шыға келеді. Шонайна дегду жерде өсетін де одан төменіректе, топырағы ылғалды тұста түйе жапырақ тұратын. Мұның да етектей жапырақтары гүлге ерекше сән беріп тұрса да, жұрт оны да ұнатпайтын. Ал король шырағданы деп аталатын өсімдік те сол маңда өседі. Қаз мойын қанық гүлдері көкке шапшыған бұл өсімдік сырт қарағанда мың сан шырағы жарқыраған алып шамға ұқсар еді. Мұнда сондай-ақ бояу көп, наурыз шешек, орман інжугүлі, аққанат, өзі өте бір нәзік үш жапырақшалы саумалдық та өсетін. Бұл кереметке қарап көзің тоймайтын!

Ал осылардың бәрінің алдыңғы жағында, сым қоршауға тақау тұста Франциядан әкеліп еккен жатаған алмұрт ағашы тұратын. Күн райы оңды болды да, бағбаннан жақсы күтім көрген бұл мәуе ағашы көп ұзамай өз топырағындағы сияқты жесең тіл үйіретін, әрі ірі-ірі жеміс бере бастады.

Қурап қалған екі ағаштың орнына бағбан екі сырық қадады да, оның біріне Дания жалауын Даннеброгты ілді; ал екіншісіне жаз және күз айларында хош иісті екпе шөп өрмелей өсетін, ал қысқа қарай жемсауыт іліп, жаңа жыл дәмінен салып, жем шашып қояр еді.

Біздің Ларсен қартайған сайын бөлекше болып барады ма қалай, – деп иықтарын көтеретін мырзалар. Бірақ ол кәміл берілген, адал қызметші.

Астанада шығып тұратын бір суретті журналдың жаңа жылдық санында көне иелік бейнеленген ойма сурет жарияланды. Онда әлгі Даннеброг және құстар да дәм татсын деп жаңа жыл тағамынан салып ілінген жемсауыт бейнеленген еді. Ол суреттің төменгі жағында: «Көне усадьбаға тән сипатты соншалық айқын танытатын байырғы салтты қайта жаңғырту қандай керемет!» деген жазуы бар екен.

Біздің Ларсен бірдеме ойлап тапса-ақ болғаны, сол замат мұнысы бүкіл әлемге аян болады! – деп қайран қалатын мырзалары. Өзі қандай бақытты жан! Біз оның қол астымызда қызмет ететінің мақтан қылуға тиіспіз-ау!

Бірақ олар, әлбетте, мұны мақтан тұтқысы келмейтін. Себебі олар өздерінің танымал мырзалар екенін, қажет көрсе Ларсенді де кез келген сәтте қуып шыға алатынын естен шығармайтын. Бірақ олар олай етпеді. Өйткені олар қайырымды жандар еді. Ал дүниеде ондай қайырымдылар көп-ақ, тек бәрі бірдей Ларсеннің қожасы болмағаны қандай жақсы.

Міне, бағбан мен мырзалар жайлы бар хикая осы.

Қолың босай қалғанда, бұлар туралы да ойлап қоюдың артықтығы жоқ.

Аударған Ж.Нұсқабаев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)