Неше жыл өтсе де тарих білмек

Ақын С. Торайғыровтың  1993 жылы Баянауыл ауданының

Мойылды алқабында  өткен 100жылдық мерейтойынан Естелік

 

Қазақ әдебиетін, бейнелеп айтқанда, алып шыңға теңер болсақ, оның басынан мәңгілік ақша қар арылмайтын, қатар орналасқан ұлылы-кішілі екі шырқау  биігі қазақ әдебиетінің классигі – ұлы Абай мен жас кетсе де кемеңгер, данышпандығын алты алашқа әйгілеп кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров дер едік. Бұл шыңдық ақынның жүз жылдық тойында араларын жарты ғасырға жуық уақыт бөлетін қазақ әдебиетінің бір құстың қос қанатындай екі алыбына көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым әдебиет әлеміндегі тарихи орындарын анықтап, әділ бағаларын берді.

 Біз сондықтан да бұл мәселеге көп аялдап жатпадық. Ат басын қара Ертістің Кереку өңірінде басталған ұлы ақынның 100 жылдық тойына келген қонақтармен бірге Арқаның ару өңірі Баян баурайына қарай бұрамыз.

Облыс орталығына ақын тойына арнайы келген қонақтар мінген автотранспорт легі жаздың жайма-шуақ күнінде көк мұнарға бөленіп қалғып  тұрғандай әсер қалдыратын Ақбет тау асқар шыңы көрінген тұста, дәлірек айтсақ ,кеншілер ордасы –Майқайың поселкесінің тұсында тойға қатысуға келе жатқан қонақтарды аудан басшылары мен еңбекшілер өкілдері құшақ жая қарсы алды.

 Республикалық айтыстарға қатысып жүрген жергілікті айтыскер ақын Жұмкен Сейітов той қонақтарын жыр шашуымен қарсы алды.

Мұнан соң халық депутаты , белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев ұлы ақын Сұлтанмахмұт туралы тебірене сөйлеп, той иелерін ақынның мерейлі, мерекесімен қызу құттықтады.

Халқымыздың ақ ниетіндей шашу шашылып, күй күмбірлеп, ән асқақтады. Сарыарқаның гауһар әніне сүйсіне құлақ түрген қонақтарды енді бірде орыс частушкалары мен неміс халқының әуендері еріксіз баурады. Ұлттық киімін киген ұлт өкілдері күнделікті өмірге бірге жасап, біте қайнасып жатқан берік достықтың шынайы көрінісін той қонақтарына тарту еткендей еді.

Республикадағы тұрақтылық пен ұлттар арасындағы қарым-қатынастың беріктігінің белгісіндей болған осы бір көрініс «елім» деп  соққан әр жүректе үміт отын тұтатып, мұндағы жағдай той  қонақтарына жер иесісі қазақ халқының меймандостығы мен бауырмалдығын тағы да бір сөзсіз дәлелдегендей еді.

Тойға келген делегациялар ұлы ақынның атындағы шаруашылықтағы осы той қарсаңында ғана салынып біткен келісті кесенесінде болды. Ақын аруағына бағышталып құран оқылды, мұнан соң қонақтар С. Торайғыровтың мұражайына бет алды. Мұнда оларды «Беу жігіттер» ансамблі «Туған жер» әнін асқақтата шырқап қарсы алды, ұлттық дәстүрге сәйкес шашу шашылды.

Ақын кесенесін ашуға арналған салтанатты митингіде халық депутаттары аудандық Кеңесінің төрағасы Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов қысқаша сөз сөйлеп ашты.

– Ардақты ағайын, қадірлі меймандар, осында жиналған барша қауым! – деді ол, – бүгін біз қазақ поэзиясының алыбы, кең тынысты кемеңгер, әр дауысты айбынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  есімін ардақтау үшін жиналып отырмыз.

Оның есімі исі қазаққа ортақ болғанмен, Арқаның алтын алқасы, көгілдір таулар көмкерген ару Баянның кербез азаматы, кемел ойлы ақын екендігін, оның кәусар бұлағынан нәр алып, шоқтықты Ақбеттің аясында өсіп, атағы алты алашқа асқандығын орынды мақтан тұтамыз. Бар дауысымызбен жар салып, алты алаштың біртуар перзенті аққан жұлдыздай жарқ етіп, жастайынан қыршын кеткен ардақты атамыздың аруағына бас иеміз.

Бүгінде оның асыл арманының іске асқанына, қазақ елінің өз алдына ту тігіп айдай әлемге әйгілі болғанына тәуба етеміз. Тегінде, ақынның 100 жылдығының мың өліп, мың тірілген қазақ елінің тәуелсіздік алуымен орайлас келуі оның көз тірісіндегі қайран жұртым қазағым деп соққан үлкен жүрегінің лүпілі бүгінде рухының тілегінен, туған халқының жебеуімен ұштасып жатқан сияқты. Сірә, тіршілік пен рух бірлігінің тылсым күші осында жатқан шығар. Құрметті қауым, Сұлтанмахмұт  туралы толғана берсек, мұхит тереңіне бойлағандай әсерде қаласың. Ал оның мөлдір бастауы ешқашанда сарқылмайды.

Олай болса мен ұлы ақынның әдеби туындыларын тереңдеп талдап жатпаймын. Тілге тиек етерім, туған халқының азамат ақынға деген зор сүйіспеншілігі оның телегей теңіз даналығына ден қойып, шығармасын қастерлей білетіндігі. Даңқты ұл- қыздарының, данагөй бабаларымыздың есімін ешкім ешқашанда жадынан шығармайтындығы халқымыздың қастерлей білетіндігі.Соның бір ғана мысалы  Сұлтанмахмұттың мұражайының бүгін салтанатты түрде ашылғалы тұрғандығы . Мұның өзі Сұлтанмахмұттың ұрпақтар санасында мәңгі жасайтындығының, оның мұражайынан ғибрат алғандардың күн сайын ақынмен дидарласқандай әсерде қалатындығының тағы  бір тамаша көрінісі емес пе?

Мұражай сынды қара шаңырақтың қасиетті есімін ашу  рәсімі, -деді мұнан соң Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов,- облысымыздың әкімі Даниял Кенжетайұлы Ахметовке, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасарлары Асығат Әсиұлы Жабағин мен Қуаныш Сұлтановқа, жазушы жерлесіміз Дихан Әбілевке ұсынылады.

Мұнан әрі «Сұлтанмахмұт  мұражайының оты мәңгі сөнбесін!»- дей келіп, Мұрат Дүйсенбайұлы мұражайдың кілтін тапсыру үшін Екібастұз шахта құрылысы комбинатының жөндеу құрылысы басқармасының аға прорабы Серікбай Рамазанұлы Аққожин мырзаға сөз берді. Ол жиналғандарды мерекемен құттықтай келіп ,  мұражайдың кілтін Аман Омаровқа табыс етті.

 

            Салтанатты мәжіліс

Ақынның мерейтойына Қазақстан Республикасы Премьер –министрінің орынбасары А.Ә.Жабағин, Қ.С. Сұлтанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары , халық депутаты Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Тіл туралы комитетінің төрағасы С.Ш.Оразалинов, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы жоғары аттестаттау Комитетінің төрағасы Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Республикасының Египеттегі елшісі Б.Қ. Тайжанов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі  В.В. Темірбаев, С. Торайғыров туралы кітаптың авторы жерлесіміз Дихан Әбілев,  Қазақстанның халық депутаты, ақын Мұхтар Шаханов, жазушылар: Сәкен Жүнісов, Софы Сматаев, Қалмұқан Исабаев, Рамазан Тоқтаров; ақындар: Тұрсынхан Әбдірахманова, Аманжол Шәмкенов, Баян Бекетова; республика композиторлар одағының хатшысы Бейбіт Дәлденбаев, халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі сахна, кино әртісі, жерлесіміз Кәукен Кенжетаев, Ұлттық ғылым академиясының мүше корреспондеттері: Шәмшиябану Қанышқызы Сәтпаева, Рымғали Нұрғалиев, жазушылар одағының екінші хатшысы Төлен Әбдіков т.б.

 Республикалық «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Сарбас Ақтаев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, халық депутаты Нұрлан Оразалин, тағы басқалары қатысты.

Тойға республикамыздың 19 облысынан делегация қатысты. Оның 10-ның облыс әкімдері басқарып келеді. Сол сияқты шектес жатқан шет ел –Ресейдің алтай өлкесінің, Омбы облыстарының делегациялары қатысып отырды.

Тойда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары  Қ.С. Сұлта-нов баяндама жасады. Ол ақынның өмірі мен шығармашылық жолына жан-жақты тоқталды. Бүгінде республикалық дәрежеде өтіп отырған ақын тойының, оған қатысушы халықтың рухын көтеріп, қиын кезеңде жігерлерін жанумен қатар республиканың көп ұлтты өкілдерінің арасында достық пен ынтымақты нығайтып, республикадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге дәнекер болатындығына сенім білдірді.

Оңтүстік қазақстандық белгілі әнші Татьяна Бурмистрова ақын ұрпақтарына әсем әуезді  әнді шашу етті. Ән аяқтала бергенде, сахнаның тұсына қарай жылжып, жақындаған жеңіл машинаға жұрт назар аударған еді. Оның үстінде келе жатқан халқымыздың қалаулы қаламгері Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы трилогияның авторы Дихан Әбілев өзін құрметпен, ду қол шапалақтаумен қарсы алған той қонақтарына қолын көтеріп, басын иіп, ілтипат көрсетуде. Міне, ол және оны құрметтеп бірге жүрген азаматтар той сахнасына көтеріліп келеді.

 Мұнан соң аудан әкімі Қорабай Шәкірұлы Шәкіров сөз алды.

 – Қазақ халқының аса көрнекті ақыны, ғажап ақыл ойшысы, біртуар перзенті Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдығы, –деді ол, – Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетінің 1992 жылдың 12 ақпанындағы С.Торайғыровтың 100 жылдық Қаулысы жарық көргеннен кейін республикамыздың түкпір -түкпірінде аталып өтіп, бұған той өзінің шарықтау шегіне жетіп, ақынның ата-бабасының елі, өскен ортасы шабытына нәр алған жері –Баянауылда өтіп отыр.

 Ұлы тойдың бір ерекшелігі –ұрпақтары мен замандастырының зердесінде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров,  Дихан Әбілев атты төрт тіректі ұлы сабақтастықтың бір діңгегі –Қазақстан халық жазушысы, ақын Сұлтанмахмұт туралы жазылған үш роман трилогияның авторы , қадірлі жерлесіміз Дихан Әбілев ағамыздың 85 жылдық мерейтойы қоса тойланып, егіз той болып өтуде.

Қазақ поэзиясының асқар шыңы Абайды әлемге танытқан «Абай жолы» роман- эпопеясын өмірге әкелуі заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтей Сұлтанмахмұттың ақындық, азаматтық биігін айқындаған трилогия авторы Дихан Әбілев алпысыншы жылдарға дейін «Ақын арманы» асқарлай түссе, тоқтасыншы жылдарға дейін арманы жолын жүріп өтіп, бүгін Сұлтанмахмұт Торайғыров «Баянауыл баурайында» бізбен бірге дарынды інісі Диханның да мерейтойын қатар тойлау үстінде деп түсінемін. Сирек кездесетін қос қуаныш қандай тамаша сәттілік. Диханның аузы неткен дуалы, көңілі қандай зерделі, не деген көріпкелділік! Сол Дихан ағамызға Баянауылдық жерлестерінің атынан той құтты болсын айта отырып, зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, егемендігіміз үшін еселі еңбек ете беруіне тілектестік білдіреміз.

Мұнан әрі Қорабай Шәкірұлы республикамызда жаңғырған ұлттық салт-дәстүр көзі ашылған бұлақтан біріне-бір ұласты ұштасқан тойлар жайлы тебірене ой толғай келіп, күні кеше Ордабасында өткен ұлы той Сұлтанмахмұттың тойына тоғысқандай деді.

– Биыл, – деді мұнан әрі ол, – Ақбет тауды айнала қоршай орналасқан Баянауылдың үш әсем көлі: Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері кемерінен асып, өздерінің тарихи арнасымен аға бастады. Бұл білетіндердің айтысына қарағанда, жиырмасыншы ғасырдың басынан бері болып көрмеген құбылыс екен. Осыны көріп көзге қуаныш жасы үйріліп, көңілді шаттық сезімі кернеді. Табиғат пен адамдар арасындағы тылсым күштің байланысына қайран қаласыз. Құдайдың құдыреті табиғаттың тартуы, разы болған аруақтың жебеуі болар, деп тәуба қыласыз немесе осы үшеуінің де Алла тағаланың табиғаттың аруақтың халқы үшін жанын аямай еңбек етіп жүрген аптал азаматтарға деген ой келеді, жақсы ырым.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші айтарын жеріне жеткізіп, айта алмай, өмірі өкінішпен өткен жас өрім Сұлтанмахмұттың бұл тойының республикалық дәрежеде өтуіне қам жеп, қамқорлық жасаған, мемлекет тарапынан жәрдем, қолдау көрсеткен ауданға арнайы келіп ат басын тіреп, жай- күйімізбен танысып, жағдай туғызған Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Қуаныш Сұлтанұлына және мерейтой өткізу жөніндегі комиссияның барлық мүшелеріне алғысымызды  айтамыз.

 Мұнан әрі Қ. Шәкіров ақын зиратына Маңғыстаудың ақ тасын ақысыз пұлсыз жеткізіп берген, Қазақстан Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Халық депутаты, Республика Президентінің кеңесшісі Әбіш Кекілбаевқа  Қазақстан Республикасының халық депутаты Ақсу ауданының әкімі Қуат Есімхановқа алғыс айтты.  

Мұнан соң сөз алған ақын жазушысы Д.Әбілев жерлестеріне, тойға қатысушыларға Сұлтанмахмұт сынды ұлы ақынның өлмес еңбегін бағалап, оның 100 жылдығын бүкіл халықтық мереке ретінде атап өткендеріне ризашылық сезімдерін білдірді.

Аудандық кеңестің төрағасы М.Д. Рахметов ақынға шапан жауып, аудан еңбеккерлері атынан жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.

 

             Театрландырылған көрініс

Мерекені ақын өмірін негізге алып қойылған театрландырылған көрініс онан әрі жалғастырды.   Қамшының сабындай келте құмырды театрландырылған көрініске айналдырып сол арқылы көрермендерге   ақының өмір сүрген ортасы ол өткен күресті жол шығармашылық жайлы көңілге қона қоятындай тұшымды дүние ұсынып, оны ақын шығармашылығымен зере сала оқыған зиялы қауымға ұнайтындай етіп шығара қою шын шеберлікті қажет етеді.

Бұл тұрғыдан алып қарағанда, қазіргі қазақ режиссерларының көш бастаушылардың бірі республикалық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты облыстық театрдың бас режиссері  Ерсайын Тәпенов өз биігінен көріне білді. Сол сияқты театрландырылған көріністің ойдағыдай шығуына Қызылтау ауылдық кеңесінің төрағасы Рахымаш Ыбыраев басшылық жасаған.  Бұл көрініске сценарийдің авторы Керекулік профессор Ермек Өтебаев үлес қосты . Ерекең ақын өмірін зерттеп жүрген облысымыздағы санаулы ғалымдардың бірі.

Халық жақсы бағасын берді. Біз ақын жайлы театрландырылған көріністен ақиық жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың айбынды бейнесін көргіміз келді. Жүсекең автор назарынан тыс қалған екен. Меніңше, Сұлтанмахмұттың қаралы қазасын жиналған көпшілікке естіртпестен бұрын бір эпизодты көрініс ретінде Ж.Аймауытовтың оған арнайы келіп шығармасын бастыртуға алып кеткенін көрсете отырып, не ақынның , не оны күтуші көпшіліктің біреуінің аузынан «ақынның өзі өлсе де шығармалары өлмейді, ол сенімді қолда, Жүсіпбектің қолында» деген сияқты бірауыз сөз айтылған болса, көрермен жұрт алыптардың бірін- бірі қалай қолтықтап, демеп, жебегініне куә болып, ақын қазасына күңіре, күйзеле тұрып, Жүсіпбек ерлігіне қуана қол соғар еді, сонан соң өз басым найза ұстап, қалқанды қарларына іліп, көрініс берген 3-4салт аттыға да түсіне алмадым. Ақ білектің күшімен ақ найзаның ұшымен мына байтақ даланы қорғаған батыр бабаларымыздың аруағына тәу етуі ме , жоқ әлде қалай десек те осы көрініс маған бас артық деталь сияқты көрінді.

 

                Ақындар шықты айтысқа

Екі күн бойы Кереку қаласында жыр нөсерін төкпелей төгіп, қара Ертістей тасқынды ойдың нөпірмен тыңдарман қауымды сусындатқан айтыс ақындары арасынан шашасына шаң жұқпай суырыла шыққан тарлан боздары өз өнерлерін ақын тойына жиналған алты алаштың көрермендердің көңіл таразысына ұсынды. Халық ақыны Қонысбай Әбілов, Баянқали Әлімжанов, Әбдікәрім Манапов, Аманжол Әлтаев, Лена Әдбіқалықова, Сабыржан Ахметов, Серік Құсанбаев, сынды айтыс ақындары екі күндік бәсекеде топ жарып, Баян өңірінде өнер көрсетуге жолдама алған. Ал біз осы ақындар айтысында Торғайлық Қонысбай Әбілов, Абаш Кәкенов, Екібастұздық Сабыржан Ахметов, Керекулік Серік Құсайынбаевтың айтыстарына тоқталып ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.     

Қонысбай Әбілов ақындық өнерді ардақ тұтып Біржан сал, Жамбыл, Иса дәстүрін жалғастырушы республикадағы суырып салма ақындардың бірі. Олай дейтініміз, Қонысбай мен Абаш айтысы енді қыза берген тұста кенеттен ауа райы өзінің тарпаң мінезін танытқысы келгендей күн күркіреп, найзағай ойнап нөсерлеген ақ жаңбырға айналып жүре берді. Айтыс одан әрі дүркіреп жалғасты. Сабыржан мен Серіктің айтысы да көрермендердің ықыласын өзіне аударды. Небір ел құлағын елең еткізетін әдемі ойлар, тың теңеулер шашу болып шашылды.

Әйтсе де өз басыма Серіктің қайта-қайта Сабыржанның Республикалық айтыстарға қатыса алмай  жүргендігін сөз етуі талай айтыстарға қатысып, айтыс өнерінің биігінен көрініп жүрген Серік ініміздің беделіне бедел қоспағандай көрінді. Негізі бір нәрсені қайталау ақынның ой ұшқырлығын емес, бір сәтке болсын айтар ойының көтерер мәселесінің аясы тарылып қалғандығын аңғартатындай. Сонан соң ақындық өнер, жаңаша айтсақ, табиғаттың, бұрынғы бабаларымызша айтсақ, Алланың берген сыйы. Оңдаған кітабын шығарып, бір ауыз сөзі елдің есінде қалмайтын ақындар да пышақтың қырындай ғана жинағымен ғасырларға бет алып ұрпақтан-ұрпаққа есімі тудай желбіреген ақындар бар екені тарихта мәлім . Сонан соң Серік ініміздің жүлде жайлы да күн ілгері жасаған құлаққағысы жарыстың бас төрешісі халық ақыны Көкен Шәкеев ағамыз орынды айтып, ескерткендіктен аса ұнасымды жан емес.

Иә, кезінде бірер рет көрініп сонан соң үнсіз қалған Сабыржанды облыс өмірінің шежіресі «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандары іздеу салып хат жазған еді. Сабыржанды іздеуге тұратын ақын екендігін осы жолғы айтысында айқын дәлелдеді.      

Біз Сабыржан есімнің ел аузында кеткенінің куәсі болдық. Әділ қазылар алқасының шешіміне назар аударалық . Алқаның ұйғарымы бойынша 1,2- орын деп бөлмей, Қонысбай Әбілов, Абаш Кәкенов, Сабыржан Ахметов, Серік Құсанбаевтардың бір миллионнан , Қарағандылық Аманжол Әлтаев, Баянғали Әлімжанов, т.б.жарты миллион. Манап Әбдікәрімов, Жұмкен Сейітов, Қабдыжәлел Сағарияұлы, Бағдат Дүйсенов 250 мың теңге сыйлыққа ие болды.

 

            Түкті кілем түбін түсірген

Баяу басып сахнаға көтерілген КСРО спорт шебері, кезінде Республика чемпионы, небір турнилер мен біріншіліктердің, спартакидалардың жеңімпазы , жүлдегері, аудандық жасөспірімдер спорт  мектебінің директоры Зейнолла Сыздықов  микрофонға жақындап, Шарбақты ауданының «Хмельницкий» совхозының палуаны Серік Шәкімовтың түйе палуан атанғандығын көрермендерге жариялай келіп оның жүлдесін табыс етті. Ақын тойына Қарағанды, Семей, Талдықорған, Атырау ,Ақмола, Өскемен, Жезқазған, Ресей облыстарынан 213 палуан келді. Мәселен, Семей облысынан келген   Ш.Тұрсынов қазақша күрестен 5-рет республика чемпионы болған.

 

             Ақшаңқан үйлер көз тартып

Талай тойларды өткерген «Мойылды» алқабының сән салтанаты ерекше еді. Ж.Аймауытов атындағы совхоздан зейнеткер Сәбит Бердалин жабдықтаған киіз үй жүлдеге ие болды. ..

Сол сияқты Ж.Шанин атындағы совхоздан келген Күләш Төкенова жабдықтаған  Кемеңгеров атындағы мектептің киіз үйінің  жайлы да міне осыны айтуға болады.

Ж. Шанин ауылынан келген  той қонағы Көшен ақсақал : «Жасым 70-те болса да,

Ұлы ақын С.Торайғыровтың тойына келмей үйде жата алмадым».

 

          Аударыспақ қыз қуу жорға түйе жарысы

Осы жолы аударыспақ аудан өңірінде алғаш өтіп отырмаса да, өзінің көпшілік сипат алуымен ерекшеленді. Қортындысында, Май ауданының өкілі Рәшит Маутин, Ақсу ауданының өкілі Тілектес Уәлитенов иеленді. Қыз қуу да біршама қызықты өтті. Екібастұз ауданының аруы Ләйла Тоқаева, Павлодар ауданының жігіті Владимир Эрбертке шаң қаптырды.  Бұл жолғы аламан бәйгіде Зейін Шашкин атындағы совхоздың үш сәйгүлігі араларына қара салмай мәре сызығын қиып өтті. Сөйтіп, Данияр Ахмедиев – бірінші, Қатай Құлжанов– екінші, Боран Тергеубеков – үшінші орынды жеңіп алды.  Бас бәйгеге тігілген «Жигули» өз иесін тапты.

                                               

         Тобықтай түйін

Ақын тойы күні делтопланшылар, паршютпен секірушілер жауыннан соң шайдай болып ашылған аспан төрінде өздерінің адам қиялын сан тарапқа шарықтатар, әсем өнерлерін көрсетті.  Той аудан әкімі Қ. Шәкіров атап көрсеткендей, республика тойы,  жыр тойы болып өтті.

– Сонымен, бір ауыз толтырып атап айтар жай бұдан бұрынғы жылдарда біздің Баян жері бірталай тойларды есте қаларлықтай етіп өткізген болатын. Тек сол тойлардан белгі болар із қала бермейтін, ал ақын тойына әзірлік барысында,- деді салтанатты мәжілістегі сөзінде аудан әкімі Қ. Шәкіров,-Сұлтанмахмұт атындағы шаруашылықта 16 отбасына жаңадан тұрғын үй салынып, ақынның мұражайының құрылысы аяқталды, жаңа емхана іске қосылып, ауыл көшелері асфальтталды, 630 шақырым жол жөндеуден өтті, 30 шақырымдай жол жаңадан салынды.

Мұнымен қатар қаншама мәдени –ағарту шаралары жүзеге асырылды, қаншама жас таланттар өз көрермендерімен алғаш жүздесті десеңізші. Мұның барлығы қымбатшылық құрсауында азды- көпті қиналған халықтың көңілін көтеріп, рухын тасытуға қызмет еткеніне кім таласар.

Той мейлінше мамыражай көңілдегідей өтті. Үлгі аларлық жайлар да, қызықты кездесулер де аз болған жоқ. Тек оның бәрін айтып шығу мүмкін емес. Көңілге ұлы ақын ағамыз Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың «Алғыс» атты өлеңнің мына бір шумақтары оралады:

 Жаным, тәнім, тілегім

Бәрі сізде,

Онан басқа ешнәрсе жоқ

Қой бізде.

Бір құдай тілегімді қабыл

Етіп,

Жақсылық нұр

Жауғызсын жұртым сізге.

Ежелден-ақ» ақын аузы уәлі» деген ғой жұртымыз, Ылайымда халқымызға жақсылық нұры жауа бергей!        

       

Сүлеймен Баязитов         





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)