Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіне сатылай кешенді талдау

Айнабекова Кульзипа Туленбековна
«Тұран» университеті колледжі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

    
Авторы: Бейімбет Майлин (1894-1938) 1894 жылы Қостанай уезінің Дамбар болысында (қазіргі Қостанай обл, Таран ауд, Б.Майлин аулында)  дүниеге келген. Жасқа толмай әкесі Жармағанбет қайтыс болып, анасы Күлғизар екеуі енесімен бірге тұрады. Енесі Байтас Күлғизарды Мұқалжар байға жалшылыққа беріп, Бейімбет байдың делбешесі болады. Ыбырай Есжанов молдасынан оқып, хат таниды.  Тройцкіден келіп, Мұқалжардың үйінде тұратын татар жігіті Әбдрахман Сатыпалдыұлынан сабақ алады. Кейін Ә. Арғынбаев медресесінен білім алады. Қабілеттілігімен өлең, әңгіме, мақала жазып, «Айқап» журналына жіберіп отырады. Орысша сауатын ашып, Тройцк қаласындағы «Уазифа» мектебінде, Уфа қаласындағы «Ғалияда» оқиды. Уазифа – орта мектеп, Ғалия – 6 жылдық жоғары білім беретін мектеп. Екеуіде төте оқуға негізделген. Ғалияда оқып жүргенде қолжазба «Садақ» журналында «Шұғаның белгісі» повесін жариялайды. «Штат» өлеңі «Қазақ» газетінде 1914 жылы басылады. 1916-1922 жылдары ауылда мұғалім болып қызмет істейді. 1922-1937 жылдары газет-журналдарда қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті көрген Бейімбет «Қатты тұман», «Қара күн» өлеңдерін жазған. 1919-1920 жылдары Жангелдин отрядында болады. 1923 жылы Сәкен шақыртып, «Еңбекші қазақ» газетіне әдебиетші етеді. 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанда атылады. Поэмалары: 14 поэмасы бар. 5-уі әйел тақырыбына арналған. «Байдың қызы» – 1917 ж, «Рәзия қыз» - 1919 ж, «Қашқын келіншек» - 1921 ж, «Зайгүл» - 1921 ж, «Маржан» - 1923 ж. Әңгімелері: Әңгіме жанрын дамытушылардың бірі – Бейімбет Майлин. М. Әуезов: «Бейімбеттің шығармашылығы – социалистік ұлы дәуіріміздің күнделік жазбалары секілді» - десе, С. Мұқанов: «Бейімбеттің бір жылғы әңгімелерінің басын қосып жинасақ, олар үлкен кезеңнің сырын да, сынын да сипаттайтын роман болып шығар еді» - деп суреттейді. Жазушы әңгімелерін тақырып жағынан былай бөлуге болады: кедейлер өмірі, мемлекет жұмысы, әйелдер өмірі, отбасы, махаббат, алашорда және оның әрекеттері, әдет-ғұрып, халық, мәдениет т.б.        
II Шығарманың тақырыбы: Әйел теңсіздігі.
III Әдеби жанр түрі: Орта көлемді шығарма. Себебі өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттеп, адам мінездерін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты суреттеп тұр.
IV Эпикалық жанр түрі: Повесть
V Шығарманың идеясы: Гуманизм, адамгершілік, махаббат мәселесі.
VI Шығарманың композициялық құрылысы.
VI.1. Шығарманың басталуы. Бейімбет пен жолдасы – Қасымжан ауылдан шығып, келесі бір ауылды бетке алады. Кең даланың табиғатын суреттейді. Қасындағы жолдасының аты малшылардың малға мінетін аты болған соң кейін қалып қоя береді. Жол қысқарсын деген мақсатпен жолдасы Шұғаның белгісі туралы сөз қозғайды.
VI.2. Шығарманың дамуы. Есімбек деген байдың ортан қолдай 4 ұлы, арасында бұраңдап өскен жалғыз қызы – Шұға болады. Шұғаның келбетін  суреттейді.
VI.3. Шығарманың байланысы. Есімбектің ауылына Әбдрахман деген Қазақбайдың баласы келеді. Шұға Әбдрахманды көріп ғашық болып қалады. Әбдрахманда Шұғаны сүйеді. Ауылда алтыбақан болып кездеседі.
VI.4. Шығарманың шиеленісі. Айнабай деген ауыл адамы қызы Күлзипаны Әбдрахманға қоспақ ниетте болады.  Әбдрахманның әкесі үйінде шөп болмай Айнабайдың үйіне барғанда Айнабай қос қазыны бұзбай асып, бір арба шөпті тегін беріп жібереді.
VI.5. Шығарманың шарықтау шегі. Әбдрахман Күлзипаға қарамай қойған соң, әрі Шұға мен Әбдрахманның махабаты елге мәлім болып, Айнабай  «Түріктерге жасырын ақша жинап беріп жүр» деген сылтаумен Әбдрахманды жер аудартып жібереді.
VI.6. Шығарманың  шешімі. Содан Шұға құсалықпен ауырады. Шұғаның ауруы жанына батқан әкесі Әбдрахманды алдыртады. Бірақ Әбдрахман жеткенше Шұға қаза болып кетеді. «Шұғаның белгісі» деп отырғаны Шұғаның басына орнатылған тас.
VII Кейіпкерлер келбеті.
VII.1. Басты кейіпкер Шұға – аққұба, талдырмаш, қара көзді қыз. Үріп ауызға салғандай еді деп суреттеледі.  Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілтек дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді – деп Қасымжанның айтуы бойынша суреттеледі.
VII.2. Әбдрахман – Қазақбайдың баласы, еңбекқор, біраз оқыған, сауаты бар мұғалім.
VII.3. Айнабай -  қара ниетті, ел арасына от жаққан адам.
VII.4. Есімбек – 4 ұлдың, бір қыздың әкесі. Айтқан уәдесіне берік адам.
VIII  Әдеби теориялық ұғымдар.
1. Суреттеу (табиғаттың сұлулығын, Шұғаның көркін)
2. Троп
3. Фигура
IX  Түсіндірме сөздік.
1. Мүдірту – жолына кедергі жасау.
2. Мақсұт – мақсат қою.
3. Ақтық минут – соңғы сәт.
X Қорытынды (шығарманың негізгі түйіні, тәрбиелік мәні, өз ойым): Шығармада  Шұға қыздың тағдыры арқылы сол кездегі қазақ қоғамының өмір сүру бейнесі көрініс тапқан.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)