Қазақстандағы әулиелер

Қазақ халқының дүниетанымында Әулиеге табыну дәстүрі ежелден бар. Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр атаны, ата-баба аруақтарын желеп-жебеуші санап, оларға үнемі сиынып отырған. Күнге, Айға, Отқа табыну, ел иесі Көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт түлік малдың иелері — Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсылқарадан, Зеңгі бабадан, Шекшек атадан жәрдем күту, т.б. ислам дініне дейінгі ежелгі нанымдар Қазақ халқының дүниетанымында күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен біте араласып, Әулие ұғымының мазмұны толыға түсті. Бұл бағытта, әсіресе, Қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі үлкен әсер етті. Сопылар ұстанымындағы дәруіштік, пәктікке ұмтылу, зікір салу, т.б. қазақтардың ежелгі нанымдарына ұқсас еді. халық оларды Әулие санап, пір тұтты. Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстан баб, Баб ата, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Сопы Әзіз, Оқшы ата, т.б. Әулиелер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық жадында мәңгілік сақталған. Қазақ халқы, сондай-ақ, ел қорғаған батырларды, ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл-парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған аналарды Әулиелер қатарына қосып, олардың аруақтарына табынып келеді.

Әулиеліктің  сыртқы белгісі – абсолютті рухани таза­лыққа ұмтылу. Алға абсолют­ті тазаруды мақсат етіп қою. Моральдық, ұждани тазарудың ұшар шыңына ұмтылу. Қоғам үшін сопылық қозғалыстың ең үлкен тәрбиелік мәні осы. Сондықтан да сопыларды хан да, қараша да төріне шығарып, төбесіне көтерген. Сондықтан да Әл-Ғазали: «Адамдар арасынан адалдық таба алмасаңыз, сопылар тірлігіне үңіл!» деген. Сопылардың сүйікті тәмсілі. Қожанасыр туралы. Бір күні Қожекеңнің үйіне ұры түседі. Ұрлайтын еш нәрсе таба алмай ренжіп есікке беттейді. Сонда қуыста жатқан Қожанасыр атып тұрып: «Қуыс үйден құр шық­па, бауырым!» деп үстіндегі жал­ғыз шапанын ұрының иығына жапқан екен. Сондықтан сопылар Қожанасырды «нағыз сопы» деп біледі. Қарап отырсаңыз, Қожанасыр сопының осы бір әрекетінде адамға деген ұлан­-ға­йыр ілтипат, көл-көсір мейірім, періште пейіл, періште тазалық жатыр. Мұндай жандар шынында кісінің ала жібін аттамақ тұрмақ, өзгелер үшін өзінің соңғы мүлкін құрбан етуге бар. Мұндай жандар ашкөздік, қызғаныш, күншілдік, өзімшілдік, жаулық деген кес­апаттардан ада. Бұл – әулиелік. Оның қоғамды тазартудағы ұшан-теңіз тәрбиелік мәні осы.

Ислам діні тарихында

Әулие туралы ұғым ислам діні тарихының әртүрлі кезеңінде әр қилы мағынаға ие болып, дамып отырған. Сопылық (суфизм) ілімнің ілкі дәуірдегі (IX ғ.) өкілдерінің бірі - Зүнүн Мысыри (796-859 жж.) еңбегінде осы термин теософиялық мәнде қолданылады. Одан кейінгі кезендегі авторлар әулиені діни практикада кемелденіп толыққан тұлға, Алла туралы ілім-білімге қанық жан ретінде түсіндіріп, оған Жаратушы туралы құпия сырды білуші, Алланың дидарын көрген деген сипаттарды береді. Әсіресе Хаким Термези: «Пайғамбар тек Аллаға ғана емес, әулиенің демеуіне де иек артады, себебі әулие пайғамбардан төмен болғанымен, оның сайрап тұрған қызыл тілі ұдайы Алла тағаланы еске түсіруге қызмет етеді, ал лүпілдеген жүрегі Алланың нұрымен нұрланған» - деп жазады. X ғ. -да суфизмде әулие иерархиясы жүйелі тізім тапты: олардың саны 356, кейде 500 деп айтылады, ал рухани көшбасшысы кутб (жарылқаушы) аталды. Бұл құрылымда сопылық пен шейттік арналар тоғысып кеткен. XII-XIV ғасырда сопылық бауырластық күшейгенде, әулиенің қоғамдағы орны мен мән-маңызы, атқаратын қызметі, міндеті еселеніп арта түсті. Зерттеушілер сопылық пен әулие ұғымының қанаттас дамығанын және бұл құбылыстың (суфизм) XIII ғ.-да ислам дүниетанымында шенуші мәнге ие болып, зор ықпал жасағанын айтады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)