Ауылда білім деңгейі қалай көтеріледі – депутаттар заң жобасын мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Заң жобасы Елбасының «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасының 76-шы қадамында орта білімді дамыту бойынша берілген тапсырмаға сәйкес келеді. Жоба бойынша жалпы шығын 75 млн АҚШ долларын құрайды. Таза қарыз сомасы - 67 млн доллар және де салық төлеу үшін республикалық бюджеттен 8 млн доллар қоса қаржыландыру қарастырылған. Қарызды өтеу мерзімі - 17 жыл, оның ішінде 5,5 жыл жеңілдік мерзімі. Яғни жобаны жүзеге асыру барысында алғашқы бес жарым жылға төлем жасаудан босату қарастырылған. Жалпы ұсынылған жобаның мақсаты - орта білім жүйесінің сапасын көтеру,  білім берудегі қолжетімдік пен теңдікті арттыру болып табылады», - деп тоқталды  ҚР Білім жəне ғылым министрі.

ҚР Парламенті Мәжілісінде заң жобасын қарастыру  барысында бірқатар маңызды ұсыныстар берілді. Осыған байланысты Білім министрлігі берілген ұсыныстар бойынша шараларды қайта қарастырып, депутаттардың ұсыныстарын ескерді.

«Ауыл мектептерін мультимедиялық жабдықтау, атап айтқанда компьютер, проектор және экраннан жиналған комплекттер ескерілген. Оған шамамен 16 млрд (67%) теңге бөлінеді. Бүгінгі күні мектептердің 29 пайызы интерактивті жабдықтармен қамтылған. Жоба аясында мультимедиалық комплектілерді 16 250-ден 32 500-ге жеткізу арқылы 5 400 мектеп осы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Білім беруді цифрландыру кезінде бұл өте өзекті және тиімді болып табылады», - деп түсіндірді Е. Сағадиев.

Жолдауда көрсетілген Педагогикалық білім беруді дамыту бойынша тапсырманы орындау мақсатында педагогикалық кадрларды дайындайтын университеттер үшін 47 білім беру бағдарламасы енгізілетін болады. Сонымен қатар осы университеттерді Интерактивті жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұған 457 млн теңге жұмсалады (қарыздың 1,8 пайызы) .

Сонымен қатар білім саласының педагогикалық және басқару потенциалын арттыруда 200-ден астам ауыл мектептерінің мұғалімдері мен директорларын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша сауаттылық және менеджментке мультимедиялық ресурстар арқылы оқытамыз. Оған 5 млрд теңге (21%) қарастырылған. 

«Келісімнің тағы бір маңызды бағыттарының бірі  - Инклюзивті білім беруді қолдау.  Жобада ерекше білім қажеттіліктері бар балаларды кәсіби-мамандыққа даярлау бойынша арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған. Одан басқа мектептер жанынан 9 инклюзивті ресурстық орталық ашу, көзі нашар көретін және дамуы кем балаларға арналған жеті жарым мың Брайль оқулығын сатып алу, инклюзивтік білім берудегі 1000 дефектолог маманды арнайы курстарда оқыту қарастырылған. Оған 433 млн теңге бөлінеді (1,8%)», - деп нақтылады министр.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеудің стандарттарын қайта қарастыру өте маңызды. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу шеңберінде ВОУД, ҰБТ тапсырмаларын да өзгерту керек. Тапсырмаларды ақпаратты есте сақтау қабілетін бағалауға емес,  баланың функционалдық сауаттылығын анықтауға, алған білімін қолдана білуін тексеруге бағыттап құру кажет болып тұр. Сондықтан мультимедиа элементтері бар 230 мыңнан астам  жаңа тест тапсырмалары жасалатын болады. Оған 1,2 млрд теңге бөлінеді (қарыздың 5 пайызы).

Жоспарланған шаралар ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқу үлгерімінің алшақтығын қысқартуға көмектеседі. Цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті арттырады және сол арқылы сапалы білімге жеткізеді.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)