Ел іші – өнер кеніші

          

                                                           Ел іші – өнер кеніші

        Кез келген  ұлттың өзіндік кескін – келбеті мен болмыс – бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті десек, өнер сол мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әсіресе, қазақ халқының сонау ықылым заманнан келе жатқан салт – дәстүрі, әдет- ғұрпы, мәдениеті мен бар болмысы өнермен байланысты. Сондықтан өнердің қай түрі болмасын ата- бабамыздан қалған  асыл мұрамыз, таусылмас қазынамыз екені даусыз.

        Халқымыз ұлт болып қалыптасқаннан бері қазақ өнері тек қана алға жылжып, дамып келеді. Қазақ халқы басынан не өткермеді?  Тарихқа бір сәт үңілер болсақ, көшпеліліктен бастау алатын қазақ халқы сан түрлі соғыстарды, кең байтақ жерімізге көз тіккен жаулардың шабуылдарын бастарынан өткеріп, Ресей патшалығының отарлау саясатын да өткере білді.  Қиын- қыстау күн туғанда, тілінен де, дінінен де айырылу қаупі төнген шақта ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу  жолында халқымыз көп күресті. Соның нәтижесінде, міне, егемендігімізге қол жеткізіп, өнерімізді дамытып келеміз. Өнер біткеннің қайнар көзі халық шығармашылығында жататыны мәлім. Әр талапкер өзінің туған топырағындағы дәстүрлі өнерді игеріп, оны ілгері  дамыта отырып, өркен жаяды.

        Өнер салаларының өсу жолында талай тамаша талаптар бой көтеріп, өркен жайған. Қызының да, ұлының  да  өнерге деген талабына сүйсініп, табыстарын тамашалап, шабыстарына шаттанып, жүзден озған жүйрігін  жүдетпеуге, жібекті жүн, алтынды мыс етпеуге тырысып баққан. Ұлдан ардагер азамат, қыздан ақылына көркі сай  асқан аруды мәпелеп, өнерге баулып өсірген. Данышпан Абай атамыздың  «Туғанда дүние есігін ашады өлең,өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде  «бесік жырымен» әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде «жоқтау» айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да «жар-жар», «беташармен» өтетіні ата- баба салтына адалдықтың, өнерге деген махаббаттың айқын көрінісі іспеттес.  Орыстың атақты ғалымдарының бірі Г.Потаниннің «Маған бүкіл даласы ән салып тұрғандай көрінеді»  деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек. Ән бесігінде тербетіліп өскен ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Әсет,Нартай сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Осындай суырып салма ақындардың бірі, халық композиторы әрі әнші  Құлтума Өтемісұлы өзінің  туып өсіп, кіндік қаны тамған Ақмола өңірінде ғана емес, Ақтөбе, Сыр елінде, Орынбор, Қызылжар, Кереку қалаларында да өнер көрсетіп, халқының еркесіне айналған. Өнер адамдарының барлығы да   шабыт құшағында отырғанда қуатты келетіні анық. Құлтуманың шабытқа берілетіні сонша, айтқанда шиыршық атқан тұлпардай, тіпті,  бір орнында отыра алмайтын болған. Халық ақыны Мұзафар Әлімбаевтың  Құлтума жөніндегі  мына өлеңі  ақынның  шабыт тұлпарының үстінде  отырған кезеңін дәл бергендей:

                              Құландай  құйқылжыған құйын ақын,

                              Құлтума – жүйрік ақын, қиын ақын.

                              Төбесі көрінгеннен құдіреттінің,

                              Халайық  қаптай дүмек жиылатын.

Ал, өзінің мына жыр жолдары дүлдүл ақынның  рухының биік, сөз саптасының асқақ , бейнелі екенінің айқын дәлелі:

                               Аузынан лебіз бұрқылда,

                               Қаламдай біткен он саусақ,

                               Дөңгеленген он тырнақ

                               Сан алтындай жылтылда...

                               Мен – өр Алтайдың өрені

                               Атақты жүйрік Құлтума...

Оқып отырсақ, ақынның өзін көріп, өзін тыңдамасақ та, өлеңнен тараған күш- қуат, екпіннің күштілігі бірден сезіледі. Құлтума Өтемісұлының әнші – композиторлығы жөнінде қазақ  музыка өнерінің  асқан  білгірі академик Ахмет Жұбанов: «Құлтума әндерінің ішіндегі бір шарықтау шегу, биігі, шыңы «Үш көтерме», әнде үлкен рухани күш бар. Онда лирикамен қатар бір драмалық элемент те бар сияқты. Өрлеп басталған күш көпке дейін әлсіремейді, қайта үдей түседі» деп өте жоғары  баға берген. Рас, оның барлық өлеңдерінен осындай сарынды сезінуге болады. Әнші – сазгер ақындардың ішінде тек Құлтума Өтемісұлы ғана емес, Үкілі Ыбырай, Арыстанбай Тобылбайұлы  сынды сол кездің хас шеберлерінің де өлеңдерінің екпіні күшті екенін атап өткеніміз дұрыс.  Олардың  туындылары қазақ ән өнерінің  қайталанбас бөлшегі болып табылады. Қазақ өнерін бағалай білетін, оның дамып, өркендеуіне атсалысып жүрген әнші – сазгер  аталарымызды  біз құрметтеп, әндері әуелетіп, шырқай беруіміз керек. Талай сыннан сүрінбей  өткен қазақ әндерін қазіргі  жастар  жоғалтып алсақ, ол бізге ғана емес, бүкіл халқымызға үлкен сын. Халық әндерінің айнымас бөлігіне айналған әнші- сазгер ақындардың әнін сезіне білмейтін, түпкі мағынасына үңіле алмайтын жастардың көзқарасын, өнерге деген ойларын өзгерту тез қарқынмен жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бізден кейін де келетін ұрпақ бар. Өзіміздің әрі келер  ұрпақтың рухани байлығын арттырып, жан азығын толықтыруда қазақ ән өнерінің алар орны зор екенін ешқашан ұмытпағанымыз жөн.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)