Қола қабан

Болған оқиға Флоренциядағы Грандук алаңының төңірегінде, ұмытпасам, Порта-Росса – деп аталатын шағын көше бар. Сол жерде жеміс дүкенінің алдында қоладан тамаша қылып құйған қабанның ескерткіші тұр. Қабанның аузынан мөп-мөлдір салқын су атқылайды. Ескерткіш әбден ескіріп қошқыл тартқан, тек тұмсығы ғана сырлап қойғандай жып-жылтыр. Өйткені қаптаған бала-шаға, үлкен кісі еңкейіп, аузын тосып, су ішкен сайын, әлгі тұмсықтан қолдарымен ұстайтын. Жартылай жалаңаш сүп-сүйкімді балалардың қолдан айнытпай құйған қабанды құшақтап тұрып, тұмсығына жұмсақ еріндерін жабыстырып су ішіп тұрғанын көрудің өзі бір қызық.

Ал Флоренцияда дәл осы жерді тауып алудан оңай ештеңе жоқ, кез келген қайыршыдан қола қабан туралы сұрасаң, тура сілтеп жібереді.

Қыстың кезі, тауда кар бар. Төңіректі әлдеқашан түн басқан, бірақ ай жарық, Италияның айлы түндері солтүстіктің бұлыңғыр қысының кейбір күндізгі жарығынан кем емес қой. Тіпті артық десе де болғандай. Өйткені ауаның өзі жарқырап, көңіліңді сергітеді, ал солтүстіктің қорғасындай үскірік аспаны еңсеңді басып, жерге тұқыртқандай болады ғой. Иә, иә, ертең табытымыздың қақпағын жаныштайтын осынау мұздай, сыз жерге тұқыртқандай болады.

Герцог сарайының бағындағы қарағай тасасында, қыста гүл өсетін жерде алба-жұлба киінген бір кішкентай бала күні бойы отырды да қойды, өзін Италияның жанды бейнесі десе де болғандай көрікті де көңілді, бірақ бақытсыз. Баланың қарны аш, әрі шөлдеген, бірақ оған ешкім көк тиын берген жоқ, ал қараңғы түсіп, бақтың есігін жабар кезде, күзетші оны тіпті сыртқа қуып шықты. Ол Арно өзеніне салынған мәрмәрлі Тринита көпірінің үстінде, жұлдыздардың судағы сәулесіне қарап ұзақ тұрды.

Бала қола қабанның қасына келді, еңкейіп, мойнынан құшақтап алды да, тұмсығына ернін жабыстырып салқын суды дем алмастан сіміре бастады. Төңіректе шашылып жатқан талшын жемісі мен салат жапырақтарын кешкі тамағына айналдырды. Көшеде тірі жан жоқ, жападан-жалғыз қалған бала тырмысып қола қабанның үстіне шығып, кішкентай бұйра басын аңның басына қойды да, өзінің қалай ұйықтап кеткенін байқамай қалды.

Түн ортасында қола қабан қимылдағандай болды да, бала оның:

Мықтап ұста, балақай, мен енді жүгіремін, деген сөзін ап-айқын естіді.

Қабан зымырап ала жөнелді. Бұл бір таңғажайып серуен болды. Алдымен олар Грандук алаңына келген, сол-ақ екен, герцогтың астындағы қола арғымақ арқырай кісінеп, синьор үйінің шұбар гербі буалдыр тартып байқалмай, ал Микеланджелоның Давиды қолындағы сақпанын сермеп, о, ғажап, бүкіл ескерткіштерге жан бітіп қоя берді! Қоладан жасалған «Сабинян қыздарының ұрлануы» мен «Персей» мүсін-топтамалары да тіріліп, иесіз аланды басына көтеріп, шыңғырған дауыстар шықты.

Уффици сарайының қасындағы карнавал түні ақсүйектер той өткізетін арқаның түбіне келгенде қола қабан тоқтады да:

— Мықтап ұста! – деді балаға. – Шамаң жеткенше мықтап ұста! Баспалдақтарға келдік.

Бала үн қатқан жоқ қорқыныш пен қуаныштан бірдей қалтырап, есі шығып отырған.

Олар үлкен галереяға кірді, бала бұл ғимаратты жақсы білетін ол мұнда бұрын да болған, қабырғаға суреттер ілінген, бюстер мен мүсіндер күндізгідей ап-айқын көрінеді; бірақ ең ғажабы көрші залдың есігі ашылған кезде басталды; рас, бала мұны бес саусағындай білетін, бірақ бүгінгі түнде бәрі де айрықша жарқырай түскен тәрізді.

Мұнда ғажайып әсем жалаңаш әйел тұр екен, дәл мынадай сұлулықты мәрмәрдан тек ұлы суретші ғана жасай алар еді; мүсінге жан бітіп, дельфиндер аяғының астында секіріп ойнақ салды, өнердің өлмес туындысы баланың көз алдында нұрға бөленді. Барша әлемге ол Венера деген атпен белгілі. Оның екі жағына сымбатты жалаңаш ерлер орналасқан: біреуі қылыш қайрап отыр, оны «Қайрақшы» деп атайды, қалған екеуі «Айқасқан гладиаторлар», қылыштың қайралуы, гладиаторлардың айқасы бәрі де сұлулық құдай анасының құрметіне арналған.

Мынадай көз қарықтырған сұлулық баланы есінен тандырды, қабырғалар неше түрлі бояумен құлпырып сәуле шашады. Бәрі де жанданып, тіршілік қимылына енген. Ол тағы бір Венераны, өзінің адамдық тәнімен, ыстық демімен Тицианның жүрегінде сақталып қалған, жер бетінің Венерасын көрді. Бұл да аса көркем әйел еді: ғажайып әсем жалаңаш тәні жұмсақ жастық үстінде балбырап, қос анары көтеріліп-басылып, тоқпақтай бұрымдары жұп-жұмыр иығына төгілген, ал көздерінде құштарлық оты ойнайды. Бірақ бейнелердің ешқайсысы рамадан шығуға бата алмады. Мадонна мен Иисустың және Иоаннаның құдіретті бейнесі сұлулық құдай анасын да, гладиаторларды да, қайрақшыны да арбап тастаған секілді. Әулие бейнелері енді бейне емес, әулиелердің өздеріне айналды.

Әр залдағы әсемдік пен сұлулық құдіретіне тіл жетпейді! Бала бәрін де көрді, қола қабан галерея мен залдарды тегіс аралады. Көрген қызық бірінен-бірі өтеді, бірақ бір сурет баланың жүрегінде айрықша қалып қойды онда өңкей бір бақытты да қуанышты балалардың бейнелері салынған еді, бала оларды бірде күндіз көрген.

Рас, көп адам бұл суретке назар да салмай кете беруі мүмкін, ал онда тозақтың ішіне енгелі тұрған Христың бейнесі бар, айналасындағылар мәңгі азапқа кесілгендер емес, кәдімгі мәжусилер. Флоренция шебері Анджело Бронзино салған бұл суретте сәбилердің жұмаққа деген сенімі айқын бейнеленген: құшақтасып тұрған екі сәбидің біреуі екіншісіне өзін көрсетіп: «Мен періштелер мекені аспанда боламын», деп айтып тұрған секілді. Ал үлкендер болса, күдікке беріліп, құдайдың кеңшілігінен дәме қылып, Христың алдында бастарын июде.

Бала бұл бейнеге басқалардың бәрінен де ұзақ қадалды, ал қола қабан оны тып-тыныш күтіп тұр; күрсінген дыбыс естілді; қайдан шықты суреттен бе, әлде қабаннан ба? Бала қабырғадағы мәз-мейрам сәбилерге қолын созып еді, астындағы хайуан ытқи жөнеліп, оны вестибюльдің бойымен әрі қарай алып кетті.

Тық-тық басып, өзін басқыштардың үстімен алып келе жатқан қабанды аркасынан сипап:

— Рақмет саған, ғажайып жануар! – деді бала оған ақырын ғана.

— Саған рақмет! – деді қола қабан. - Мен саған көмектестім, ал сен маған көмектестің: өйткені мен үстімде бейкүнә сәби отырғанда ғана орнымнан қозғала аламын. Сенсең, мен ол кезде мадоннаның алдындағы жанған шырақтың түбімен де жүре аламын. Мен сені шіркеуден басқа жердің бәріне алып бара аламын. Тіпті шіркеуге де жақындар едім, тек сен жанымда болсаң. Түспеші арқамнан, сен жерге түссең, күндізгідей қайтадан тасқа айналамын да, сен мені бұрынғыдай Порта-Россадан ғана көретін боласың.

— Мен сенің қасыңда қаламын, сүйкімді хайуан! – деді бала, содан кейін олар Флоренция көшелерін бойлап, Санта Кроне шіркеуінің алдындағы алаңға тартып кетті.

Қаусырмалы есік айқара ашылды да, алтарь алдында шырақтардың сәулесі шіркеу мен бос алаңды жап-жарық қылып жіберді.

Сол жақ бүйірдегі алтарьдың құлпытасынан тура мыңдаған жұлдыздардың жыпырлағанындай бір сәулелер жарқырайды. Қабір гербі бар қалқанмен әшекейленген: көгілдір алаңдағы қып-қызыл баспалдақтар жанған оттай нұр шашады; бұл Галилейдің моласы; сыпайы ғана ескерткіш, бірақ өнердің ұлы таңбасындай осы бір жасыл алаңдағы қызыл баспалдақта аса терең мағына бар, өнер атаулы да өзіне дәл осындай қып-қызыл оттың ортасымен мәңгілік тұғырына көтерілетін жол салмай ма?! Рухани болмыстың көріпкелдері де Илья пайғамбар секілді тәңірінің биігі мәңгілік тұғырына көтерілмек.

Оң жақта тұрған саркофагтағы мүсіндер тіпті тіріліп кеткен секілді. Мына жерде Микеланджело, ана жерде басына даңқ гүлдестесін киген Данте, Алфьери, Макиавелли бүкіл Италияның мақтанышы болған ұлы азаматтар осылай бір-бірімен қоян-қолтық жатыр. Осы бір тамаша шіркеу, аса үлкен болмаса да, флоренциялық мәрмәр ғибадатханадан әлдеқайда әсем.

Мәрмәр жасаулар қимылдап, зор мүсіндер бастарын көтеріп, ән мен күйге құлақтарын түре сәулелі алтарьда алтын кадилоларын бұлғақтатқан ақ киімді балаларға қадала қарап тұрған секілді; кадилодан аңқыған жұпар иіс шіркеуден шығып бос алаңға тарап жатты.

Бала жарыққа қолын созып еді, қола қабан ытырылып ала қашқан соң хайуанның аркасына еріксіз жабыса түсті; құлағының түбінен жел ысқырып, шіркеудің қақпасы тарс жабылғандай көлденең бекітетін ағаштарына дейін сықырлап ала жөнелді; бұдан кейін не болғанын ол білген жоқ; көзін ашқанда қалтырап тоңып жатыр екен.

Таң атты, бала бұрынғыша Порта-Россада тұрған қола қабанның үстінен сырғып түсе бастады.

Кенет кеше өзін шешесінің ақша тауып әкел – деп жұмсап жібергені есіне түскенде, баланың қорыққанынан зәре-құты қалмады; түк те тапқан жоқ, оның үстіне әбден шөлдеп, қарны ашты. Ол қола қабанды мойнынан құшақтап, тұмсығынан сүйді де, басын бір изеп, жүк артқан есек әрең өтетін тар көшеге түсіп алып, жүріп кетті. Темірмен қоршалған дәу есік жартылай ашық екен, бала кір-қожалақ қабырғалар мен жақтау орнына керілген арқанды бойлап, тас басқышпен жоғары көтеріліп, ілулі шүберектер галереясына шықты; баспалдақ осы жерден аулаға дейін барады, ал ауладағы құдықтан барлық қабатқа темір сым керілген, сол сымның бойымен төгіліп-шашылып көтеріліп бара жатқан су толы шелектерді көресің. Бала қираған баспалдақтармен тағы да жоғары көтеріліп еді, өздерімен өздері мәз боп төмен қарай жүгіре түскен екі орыс матросы мұны қағып кете жаздады. Олар түнгі сауықтан қайтып келе жатқан. Матростарды шығарып салып тұрған егделеу, бірақ әлі сымбатын жоғалтпаған қалың қара шашты әйел:

— Не әкелдің? – деп сұрады баладан.

— Ашулана көрмеші! – деді бала жалынып. Ешкім ештеңе бермеді, ештеңе де. Бала құшақтап сүйгісі келгендей шешесінің етегіне жабысты.

Олар бөлмеге кірді. Біз бөлменің ішін суреттеп жатпаймыз, тек осы жерде марито – деп атайтын, іші көмір шоктарға толы қыш құмыраның тұрғанын айтсақ жетіп жатыр; әйел маритоны алып, қолын жылытты да, баланы шынтағымен түртіп қалып:

— Кәне, ақшаң бар ма? – деді.

Бала жылап қоя берді, әйел оны теуіп қалып еді, ол онан сайын өкіріп жылады.

— Қысқарт, бақырауық неме, әйтпесе андағы шекеңнің мылжа-мылжасын шығарармын. Әйел шоқ салған қыш құмыраны көтеріп алды; бала онан сайын өкіріп еденге жабысты. Осы кезде бөлмеге көрші әйел кіріп келген еді; ол да қолына марито көтеріп жүр екен.

— Феличита, не істеп жатырсың балаға?

— Бала менікі! – деп шарт ете қалды Феличита. - Өлтіргім келсе, өлтірем, керек болса, сені де, Джанина. Феличита қыш құмыраны сілтеп қалғанда, көрші әйел де қорғанып, құмырасын көтеріп, қатты соқтығысқан екі құмыра быт-шыт болды да, бүкіл көмір шоқтары мен ыстық күл үйдің ішіне шашылды; бұл кезде бала да есіктен шығып үлгеріп, аула бойымен көшеге қарай қаша жөнелген. Қатты жүгіргеннен алқынып жүрегі аузына тығылды; Санта Кроче шіркеуінің алдына келгенде, өткен түнде ғана өзіне айқара ашылған есікті көріп, тоқтап, ғибадатхананың ішіне кірді. Мұнда бәрі де айрықша нұрға малынған, бала оң жақтағы молаға тізесін бүкті де, еңіреп қоя берді бұл Микеланджелоның моласы еді. Жұмыс уақыты да аяқталып, ел аяғы сирей бастады, бірақ күні бойы кірген-шыққандардың ешқайсысы баланы байқаған жоқ; тек бір қадірменді ақсақал мұның қасына келіп тоқтап тұрды да, бірақ артынан ол да басқалар секілді өз жөнімен кетті.

Аштық пен шөлден бала әбден титықтады: бойы көтертпей, қалжыраған күйі қабырға мен қабірдің арасындағы бұрышқа сүйретіліп келіп қисайды да, ұйықтап кетті. Әлдекім ырғап оятқан кезде, кеш боп қалған екен; алдында тұрған шалды көріп, бала орнынан атып тұрды.

— Немене ауырып қалдың ба? Қайда тұрасың? Өзің күні бойы осында болдың ба? – деп сұрады шал.

Бала шынын айтты, шал оны көрші көшелердің біріндегі шағын ғана жұпыны үйіне алып келді. Алдымен олар қолғап шеберханасына кірді; онда бір әйел бас көтермей іс тігіп отыр екен. Жүнін тып-тықыр ғып қырып тастаған кіп-кішкентай қызыл шақа қанден ит столға қарғып шығып, баланың алдында секіре бастады.

— Бейкүнә сәбилер бірін-бірі танып тұр ғой! – деп әйел итті де, баланы да аркасынан сипады. Қайырымды жандар балаға тойғанша тамақ берді, сусынын қандырды, үйге қонып шығуға рұқсат берді, содан кейін Джузеппе әкей ертең мұның шешесімен дұрыстап сөйлесетін болды. Балаға қатқыл жерге жұпыны ғана төсек салынды, бірақ талай рет көшеде тастың үстінде жатып жүрген балаға мынау ханның төсегінен кем болған жоқ; қазір де пысылдап ұйықтап кетті, түсінде ғажайып суреттер мен қола қабанды көрді.

Таңертең Джузеппе әкей үйден шықты; бала оған түк қуанған жоқ, өйткені енді өзін қайтадан шешесіне апарып беретінін жақсы білді; бала ойнақтаған итті құшақтап сүйіп алып еді, үй иесінің әйелі екеуіне қызыққандай күлімсіреп басын изеді.

Джузеппе әкей қайтып келген соң, не істеді дейсіз ғой? Қайтып келген соң, әйелімен ұзақ әңгімелесті, әйелі әлденеге басын шайқап, баланы арқасынан қақты.

— Қандай тәуір бала, – деді әйел, саусақтарын қарашы, жіңішке, әрі епті сен секілді қолғапшы болуға ыңғайы бар. Өзін тіпті тек қолғапшы болсын – деп жаратқан тәрізді.

Бала ақыры сол үйде қалды; әйел оған тігін тігуді үйретті; тамағы тоқ, төсек орны бар; көңілі көтеріліп, еріккен соң, қанден ит Белиссиманы ызаландыратынды. шығарды; әйел оған саусағын безеп, ашуланып ұрсып алса, бала оған қапаланып, бөлмесіне келіп уайым шегетін. Сыртта күнде тері кептіріп жатады, бөлменің есігі көше жақта; ал терезеден сояудай-сояудай темір шыбықтар көрініп тұрады.

Бір күні баланың ұйқысы келмей, қола қабанды ойлап отырған, кенет сырттан тықылдаған бір дыбыс естілді. Дәуде болса, соның өзі болар! Бала жүгіріп терезеге келді, бірақ ештеңе көре алмады, қабан қашып кетіпті.

Ертеңгісін көрші тұратын жас суретші жәшік пен ораулы үлкен холостын сүйреп үйден шыққан кезде:

— Синьорға бояу салған жәшігін апаруға көмектес, – деді әйел балаға.

Бала жәшікті көтеріп, суретшінің соңынан ерді, олар галереяны бетке алып, басқышты бойлап жоғары көтерілді бәрі де таныс, анада түні бойы қола қабанға мініп алып аралаған жері ғой. Мүсіндер мен суреттер, күн сипатты Венераның мәрмәр мүсіні және оның бояумен салынған бейнелері бәрі де есінде; әнеки, құдай-ана, Иисус, Ионналарды тағы да көріп тұр.

Олар Бронзиноның тамұқ дүниесіне түсіп келе жатқан Христос пен жұмаққа енер сәтті күткен қуанышты бейкүнә сәбилерді бейнелеген суретінің алдына келіп тоқтады; бейшара бала, жүзі күлімдеп қоя берді, ол да өзін жұмақтың алдында тұрғандай сезінді.

— Бара ғой үйіңе, – деді оған мольбертін орнатып үлгерген суретші, бірақ бала орнынан қозғалмады.

— Сіздің сурет салғаныңызды көруге бола ма? – деді бала. - Көріністі аппақ холостқа қалай түсіретініңізді көргім келеді.

— Мен суретті әзір салмаймын, – деді жас жігіт, содан кейін қолына көмір кесегін алды да, бүкіл суреттің бейнесін көзімен бір шолып, тез-тез сыза бастады, холост бетінде жеңіл-жеңіл штрих сызықтар ғана пайда болды, бірақ соның өзінде де Христостың бейнесі суреттегіден айнымай шыға келді.

— Жарайды, бара ғой, – деді суретші; бала үйге келді, столға отырып, қайтадан қолғап жасау кәсібіне кірісті.

Бірақ манағы сурет күні бойы есінен бір шықпады, сол себепті жұмысында да береке болмай, қайта-қайта саусағына ине кіргізіп, тіпті өзі күнде ызаландырып жүрген Белиссимада да шаруасы болмай кетті. Кешке қарай сыртқы есік әлі жабылып үлгермеген кезде, бала ешкімге білдірмей үйден шықты; дала суық екен, бірақ күн ашық, аспаннан самаладай жарқыраған жұлдыздары жымың қағады, бала ел аяғы басылған көшемен жүріп отырып, баяғы қола қабанның қасына келді; келе ескерткішті құшақтап сүйіп алды да, өрмелеп арқасына шықты.

— Сүйкімді хайуан! – деді бала. Мен сені сағындым ғой! Екеуіміз бүгін түнде бір серуендейікші.

Қола қабан селт еткен жоқ, аузынан бұлақтың таза суы атқылаған күйі қозғалмай тұра берді. Хайуанның үстінде атша мініп отырған бала кенет әлдекім өзін етегінен тартқандай болған соң, жалт қарап еді Белиссима екен, кіп-кішкентай жалаңаш Белиссиманың өзі. Бала байқамапты, ит үйден шығып кетіп, мұның соңынан қуған.

«Мінеки, мен де келдім! Ал сен мұның үстінде неге отырсың?» дегендей қанден ит шәу-шәу етіп үріп қояды. Бала тап қазір қасына от шашқан айдаһар келсе бұлай қорықпас. Не деген сұмдық! Белиссима көшеге шығып кеткен, үй иесі әйелінің тілімен айтсақ, лыпасыз шыққан. Енді қайтті! Қыста ол тек қой терісінен өзіне арнайы тігілген жабумен ғана сыртқа шығатын. Жабуды қоңырау тағылған лентамен мойын тұсынан және қарыпынан желбіршектеп байлап тастайтын. Қыста әйелдің қасында дәл осы киімімен келе жатқан Белиссима иттен гөрі қозыға көбірек ұқсайтын. Белиссиманың үстінде лыпа жоқ! Енді қайтті! Ойлап жатуға да уақыт жоқ; бала қола қабанды тағы бір құшақтап сүйді де, суықтан дір-дір еткен Белиссиманы қолына алып, үйге қарай зымырай жөнелді.

Кенет:

— Не нәрсе қолыңдағы? – деп айқай салды қарсы кездескен екі полицей; олар жақындап қасына келгенде, Белиссиманың үріп қоя бермесі бар ма?

Олар баланың қолынан итті жұлып алып:

— Қайдан ұрлап алдың, айт, кәне? – деді.

— Қайтарыңызшы итімді, қайтарыңызшы өзіме! – деп жалынды бала.

Олар балаға өздерінің адресін берді де:

— Ұрламағаның рас болса, үйіңе барған соң, біреуді жіберерсің, – деп Белиссиманы алып кетіп қалды.

Міне, қырсық! Бала қатты састы, Арноның суына құлап өлсем бе, әлде үйге барып бар кінәмді мойындасам ба не істеу керек, қайтып барсам өлімші қылып сабайтын шығар – деп ойлады. «Әй, мейлі, өлсем өлейін, қайта Иисус пен құдай ананың қасына барғаным жақсы емес пе!» Сөйтіп, ол өзін өлтіре сабату үшін, үйге қайтып келді.

Есік жабық екен, көшеде жан жоқ, қол тоқпаққа қолы жетпеген соң, жерден тас алып қақпаны қаға бастады.

— Кім бұл? деген дауыс естілді ар жақтан.

— Бұл мен, – деді бала. Белиссима құрыды. Ашыңыз да, өлтіріңіз мені!

Жұрттың бәрі қатты шошыды. Қожайынның әйелі иттің киімін іздеп қабырғаға қарап еді, кішкене жабу орнында тұр екен.

— Белиссима полицияда дейсің бе?! – деп бақырды ол. Ах, оңбаған неме! Қалай дәтің барды? Енді ол үсіп өледі ғой! Нәп-нәзік жәндік үр да жық солдаттардың қолына түскен!

Джузеппе әкейге дереу полицияға баруға тура келді. Әйелі итті жоқтап дауыс қылып, оған бала қосылып жылап, у-шу болған соң, төңіректегі көршілер жиналды, олармен бірге суретші де келді, ол баланы тізесіне отырғызып қойып, не болғанын сұрады. Баланың үзіп-үзіп айтқан әңгімесінен болған оқиғаның жобасы біршама айқындалғандай болса да, бірақ әлі көп нәрсе түсініксіз еді. Суретші баланы жұбатып, кемпірге басу айтты. Бірақ ол күйеуі Белиссиманы үйге алып келген кезде ғана біршама басылып тынышталғандай болды. Не керек, иттің аман-сау келгеніне жұрттың бәрі қуанды, суретші баланы еркелетіп, оған бір қорап сурет сыйлады.

Шіркін-ай, қандай ғажап суреттер бар еді оның ішінде! Әйтсе де қола қабанға жететін ешқайсысы жоқ: тура өмірдегідей. Одан асқан суреттің болуы мүмкін емес еді. Өзі екі-үш-ақ штрихпен салынған, тіпті ар жағындағы үйдің де жобасы көрініп тұр.

«Қандай жақсы сурет сала білген бүкіл әлем өзіңдікі болады!».

Келесі күні бала оңаша қалысымен қолына қарындаш алып, қағаздың сурет салынбаған екінші бетіне қола қабанның бейнесін сала бастады; рас, бір жері қисық, бір жері жоғары, енді бір жері төмен болып шықты, бірақ, әйтеуір, қабан екенін айыруға болғандай; баланың көңілі көтеріліп қалды. Сызықтардың қағазға дәл өзі ойлағандай боп түспегенін бала сезбей қалған жоқ келесі күні кешегі суреттің қасына тағы бір қола қабан пайда болды, ол алғашқы қабаннан жүз есе артық еді; ал үшіншісінің одан да жақсы болғаны соншалық, кез келген адам оның қабан екенін жазбай танитын болды.

Әйтсе де қолғап тігу ісі оңбай-ақ қойды, заказды да жеткізіп беру ісі өнбеді; есесіне қола қабан қағаз бетіне түспейтін көрініс болмайтынын дәлелдеп берді; мәселен, Флоренция дегеніңіз тұтас бір альбом, ал да ақтарып көре бер. Тринита алаңында зәулім колонна бар болатын, оның ұшар басында көзін байлап алған Әділ қазы құдай анасы қолына таразы ұстап тұр. Көп ұзамай олар да қағаз бетінен орын алды, ал оны қағаз бетіне түсірген қолғапшының кішкентай шәкірті. Суреттер саны көбейе берді, бірақ әзірге бәрі де жансыз заттар; бір күні кішкентай Белиссима баланың дәл алдына келіп, ойнақтап секірмесі бар ма!

— Тоқта, қозғалма! – деді бала оған. – Қозғалмасаң, суретке әдемі болып түсесің!

Бірақ Белиссима қозғалмай тұра алмады, сондықтан оны байлап тастауға тура келді; мойны мен құйрығынан байланған ит қыңсылап, бұлқына бастады; енді оны одан да қаттырақ қылып байлап тастау қажет болды; бірақ осы кезде синьораның жетіп келгені ғой.

— Діннен безген! Бейшара-ай! – Одан әрі аузына сөз түспеген әйел баланы аяғымен теуіп, итеріп, үйден қуып шықты. Жақсылықты білмейтін көк жалқау, құдайдан безген! Әйел еңіреп жүріп, қылғынуға аз қалған кішкене Белиссиманы босатып алып сүйе бастады.

Осы кезде басқыш бойымен көрші суретші жоғары көтеріліп келе жатқан еді, кенет бәрі де аяқ астынан күрт өзгерді...

1834 жылы Флоренцияның Өнер академиясында көрме ашылды. Көрмеде, әсіресе қатар қойылған екі сурет жұрттың назарын қатты аударды. Екі суреттің кішісінде тықыр жүнді ақ иттің суретін салып мәз боп отырған сүйкімді бала бейнеленген, тыныш тұрғысы келмеген натурашыны басы мен құйрығынан байлап тастапты; суреттегі өмірдің шынайы көрінісі жұртқа қатты ұнады. Біреулер суретші баланы кезінде бір қолғапшы көшеден тауып алып, асырап, тәрбиелеген екен, бірақ сурет салуды өз бетімен үйреніпті – деп әңгіме қылып жатты. Итін байлап әурелегені үшін қожайынның әйелі үйден қуып жатқанда осы күнгі атақты бір суретші әлгі оқиғаның үстінен шығып, баланың бойындағы талантты бірінші болып ашса керек.

Сөйтіп қолғапшының шәкірті үлкен суретші болды. Оны осынау екі-ақ суреттен, әсіресе соның үлкенінен айқын көруге болады. Онда жалғыз бейне алба-жұлба киінген сүйкімді бала Порта-Росса көшесіндегі қола қабанның үстінде атша мініп ұйықтап отыр. Бұл жерді жұрттың бәрі білетін. Бала ұйықтап жатып қабанның басынан құшақтап алыпты, ал құдай ана бейнесінің алдындағы шамдардың жарығы баланың бозғылт жүзіне сәулесін төгіп, нұрландырып жіберген. Ғажайып көрініс!

Суретті алтын рамаға салыпты, раманың бүйіріне данқ гүлдестесі ілінген, жасыл жапырақтардың арасынан қазаның белгісі қара лента салбырап тұр. Жас суретші сол күндері қайтыс болған еді.

Аударған Т. Әбдіков


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)