Тіс щеткасының қылы

Нағашымды көрсем, жынымды көргендей боламын! Ол — битін сығып қанын жалайтынның нағыз өзі. Жасы жетпіске тақалғанында оған осы бір кесел жабысып жақсы болды, әйтпесе оның шылқыған бай екенін есте біле алмайтын едік. Басқа туысқандарымыз сияқты ол да ептеп-септеп күнелтіп жүрген шығар дейтінбіз. Қалай ауырды, солай ақшасы атнөпір болды да кетті. Жаны тым-ақ тәтті екен!.. Бәрімізді ақымақ қылып алдап келгеніне біз қатты ашындық.

Кесел оның ішінен жабысты. Дәл қай жерінен екені беймәлім. «Қай жерің ауырады?» десең,— қуық тұсын сипалайды. Дәрігерлер не кесел екенін біле алмай дағдарысты.

Мен медицинаға бала кезімнен-ақ сенбеймін. Астрономдар, мысалы, бізден пәлен миллиард километр қашықтықтағы жұлдыздардың қайда, қалай тұрғанын айтып береді, ал дәрігерлер жерде, өздерінің жанында жүрген нағашымның ауруын айыра алмайды! Осыдан кейін бұл медицина ғылымына не дауа?

— Меніңше,— деді нағашым,— менің ішімде он шақты ит пен мысық бар секілді. Егер сол мақлұқтарды бір қапшыққа салып, аузын буып қойсаң, бірін бірі жүндей түтер еді. Менің ішімде де тура сондай бірдеңе боп жатыр.

Әрине, нағашымның құрсағында ырымға ит те жоқ, қысық та жоқ. Ол жас кезінен өлең оқуға, аспандатып әсірелеп сөйлеуге үйір болған көрінеді. Егер оның іші толған ит пен мысық болса, онда халы әлдеқайда жеңіл болар еді. Қаңғыбас хайуандарды қиналмай-ақ қырып салатын қала әкімшілігінің бай тәжірибесін дереу қолданар едік те, нағашыма уға пісірілген жұдырықтай етті жұтқызып жіберіп, байғұсты бейнеттен құтқарар едік.

Өздерінің қай жері, қалай ауыратынын білмей қиналатындар онша аз емес. Яғни ондайда дәлелді сөзді дәрігерлер айтуға тиіс. Бірақ менің нағашым да cay сиырдың жапасы емес:

— Міне, мына екеуінің тура ортасы ауырады,— деді ол, бір қолымен құйымшағын, екінші қолымен қуық тұсын басып.

Амал не, дәрігерлер сонда да ауруын таба алмады.

Қалада нағашым көрінбеген дәрігер қалмады. Қыруар ақша желге ұшты.

Нағашымша ауырып әлегі шыққан бір танысымыз өзін емдеп жазған профессор бар екенін айтып, жөн сілтеді. Нағашымды дереу сол әулиеге алып бардық. Ол шалды қарап жіберді де:

— Асқазанына жара шыққан,— деді.

Қуанғаннан төбеміз көкке жете жаздады. Дым біле алмай, діңкеміз құрығаннан жақсы ғой!— дедік те сол профессордың үйіне тарттық.

Мен мектепте анатомиядан біраз мағлұмат алғанымды аңғарттым:

— Нағашымның сырқаты қуығы мен құйымшағының екі арасында. Ал сіз асқазан жарасы дейсіз. Асқазан әлдеқайда жоғары жатыр,— дедім.

Профессор ұпайын жібермеді.

— Сөзіңіздің жаны бар,— деді ол.— Бірақ нағашыңыздың асқазаны сүмірейіп төмен түсіп кетіпті, сіз мегзеген деңгейден тура үш сантиметр төмен тұр. Дереу операция жасау керек!

Жаны мұрнының ұшында жүрген нағашым келісе кетті. Бірақ операцияның пайдасынан бұрын зияны тиді. Операция сестрасының айтуына қарағанда, асқазанда ешқандай жара жоқ көрінеді.

Профессор:

— Бұ ғұмырымда мыңдаған асқазанды алып-салсам да, дәл мынадай сап-сау ғаламат асқазанды көрген емеспін! Мынау тіпті қара тасты да қорытар! — деп таңданыпты.

Солай дей тұра, алған ақыны ақтау үшін, ол нағашымның асқазанының дәл жартысын кесіп алып тастапты.

Профессорға жәрдемші дәрігер:

— Жарасы жоқ бола тұра жартысын неге кесесіз? Сап-сау ғой!— деп қарсылық білдірген.

— Асқазан — қауіпті мүше,— деген профессор, бір жаңалықты жария еткен лекторша желпініп.— Бұған жара қазір шықпаса да, кейін шығады. Мұның екіден бірін алып тастау арқылы біз келешекте жара шығу қаупін де екі есе азайттық.

Сөйтіп, нағашым буда-буда ақшасынан ғана емес, асқазанының тең жартысынан да айрылды. Ал денсаулығы нашарлай түсті.

Енді біреу бізге атақты бір терапевті айтты.

— Ол нағыз сиқыршы! Өлгеніне бір тәулік тола қоймаған кісіні тірілтіп жібереді,— деді.

Тірілтсе тірілтер. Нағашымды қарап жіберді де:

— Бүйрегі. Операция қажет! — деді.

Шалекең екінші рет сойылды.

Нағашымның бүйрегінде түйірдей де ақау жоғын көрген терапевт қалай таң қалды десеңізші! Өзі сап-cay, өзі өте мықты екі бүйрек бір кісіге тым артық дәулет болып жүр екен деп ұйғарып, біреуін алып тастауға айналды.

Жанындағы жас дәрігер:

— Сап-сау бүйректі неге аласыз? Құдайға шүкір, гринвич сағатынша сартылдап-ақ тұр,— деп қарсылық білдірді.

Терапевт айылын жиған жоқ;

— Егер бір бүйрегін алып тастамасақ, бұл «Алдап ақшамды қақшыдыңдар!» деп қиғылық салады. Шатақ шығара қалса: «Біз алып тастаған мүшең, міне, мынау!» деп көрсете қоямыз. Сақтықта қорлың жоқ, біздің қолымызда заттай дәлел болуы керек,— деді. Сонсоң бүйректің біреуін бұлтың еткізіп кесті де алды.

Сөйтіп, нағашым және бір мүшесінен айрылды. Оған қоса, операцияда өлтіріп тастай жаздағандарына атнөпір ақша төлегені былай тұрсын, аурухананың дәрігерінен бастап күзетшісіне дейін барлық қызметкерлеріне газет арқылы алғыс айтты.

Атнөпір ақша да, алғыс та далаға кетті. Нағашымның халы нашарлай түсті.

Тағы бір танысымыз:

— Мен он алты рет сойылдым. Ішкі мүшелерімнің бәрін бір алып, бір салып түгел көрді. Бірақ шипа табылмады. Ақырында бір дәрігер кез боп, сол емдеп жазды,— деді.

Нағашымды дереу сол мықтыға алып жөнелдік. Шалымыз қандай шатқалаңға душар болғанын ақтарып айтып берді. Анау жып-жылы жымиды.

— Асқазан мен бүйрегіңізді бекер кескізгенсіз. Сіздің ішегіңіз түйілген,— деді.

Мен де сезе қойдым: сараң байғұс сығып ішіп жүргенде ішегі мүлде ширатылып, түйіліп-түйіліп қалған ғой.

Нағашым операция столына үшінші рет жатты. Оның ішек-қарнын ақтара бастаған хирург қатты абыржып, қолынан скальпелін түсіріп алды.

— Ішектің көкесі мұнда ғой! — деп даурықты ол. — Дәл мынадай сап-сау, ұп-ұзын ішекті өмірі көрген емеспін! Мынау ма, мынау он бес кісіге мол жетеді!

Мен өзім туған күннен бастап жаратылыстың әділетсіздігіне наразымын. Мысалы, бойды алалық. Жаратылыс кейбіреуді бойға жарытпай тәлтитіп тастайды да, оған тиесілі бойды басқа біреуге артылтып беріп қояды. Сол сияқты әділетсіздіктің салдарынан нағашымның бір өзінде бірнеше кісінің ішегі жүргенін көрдің бе?!

Дәрігер нағашымның кеселін таба алмаса да, құр қол қалмасқа оның ішегін біраз ықшамдауды жөн көрді.

Онысы өкініш қана болды.

Таныстарымыз енді Анкарада теңдесі жоқ бір дәрігер барын айтысты.

— Егер ол жаза алмаса,— деді олар нағашыма,— онда саған ешқандай ем қонбайды, бүйтіп итшілеп жүргенше теңізге батып тұншығып ол!

Анкараның дәрігері нағашымның арызын тыңдап болып күлімсіреді де:

— Соқыр ішекке суық тиген,— деп тұжырды.

Нағашымның қарнын тағы қақыратты, алайда қабынған ештеңе табылған жоқ. Соқыр ішек дегеніңіз күнәсіз қыздың жүрегіндей қылаусыз күйі тұр. Ал жарған ішті жайдан-жай тіге салу медицина әдебіне жатпайды, сондықтан соқыр ішекті сылып тастады.

Қылаусыз ішегінен айрылу нағашыма қылкөпірден өткеннен де қиын тиді-ау деймін. Шалекең операциядан кейін мүлде шұнтиып қалды.

Ол таныстары айтқан дәрігерлердің бәріне бара берді. Әрқайсысының емінен, операциясынан кейін оңбай құлдырай берді. Соншама дәрігерлерге жететіндей ақшаны қайтіп қана жинаған! Ақшаны қолдан жасасам да, мен өле-өлгенімше жетерліктей етіп тіпті де жинай алмаған болар едім.

Нағашымның өнебойы өрмекшінің торындай болды. Жұп мүше атаулының бір-бір сыңарынан айрылды. Ықшамдауға келгендері ықшамдалды, келмегендері — мүлде алынып тасталды. Кеселге тап болғанға дейін нағашым алпыс килограмм еді. Артық мүшелері ғайып болған соң салмақ көрсеткіші құлдырап барып-барып отызға тоқтады.

Нағашым жазылмайтынын сезіп, ұнжырғасы түсіп кеткен кезде әлдекім оған тағы бір білгірдің барын айтты. Үмітсіз — сайтан деген емес пе, нағашым соңғы үмітін арқалап соған тартты.

Дәрігер нағашымның елден ерек эпопеясын тың- дап болып, ащы мысқылмен мырс етіп:

— Селдіреп қалған мүшелеріңізге жаным ашиды. Сіздің кеселіңіз — көмекей безіңізде!— деді.

— Ғафу етіңіз,— дедім мен,— медицинадан хабарсыз мақұлық болсам да, нағашымның ауруы қуық пен құйымшақтың екі арасында екенін айтқым келеді. Оған көмекей безінің қаншалықты қатысы бар?

— Оны өзім де білмеймін,— деп дәрігер иығын құжың еткізді.— Бірақ, сол көмекей безінің қажеті шамалы, ол тіпті текке тұр. Оны сылып тастағаннан зауал келмейді. Оның үстіне бұл туысыңыздың тұлабойында алып тастар артың мүше қалмапты. Мүмкін бар пәле осы көмекей безде шығар, кім біледі. Мұны сылып тастайың. Егер операцияның пайдасы болмай шықса, онда тағы ойланып көреміз.

Көмекей безінің көзі құртылғанмен нағашымның жағдайы жеңілдемеді. Тілінбеген, тігілмеген жері қалмаған қайран денесі балықшының жамау-жамау ауына ұқсайды. Хирургтар операция жасау үшін скальпелін іздеп әуреленбейтін болды. Кез келген тігісін түртіп қалса, бітті — қарны тозған шүберекше сетінеп жүре береді. Нағашым қатты аһылап-уһілеуді де қойды, өйтсе-ақ болды,— ішінің тігістері сөгіліп кетеді.

— О, алла, біздің қарынымызды қаусырып түймелей салатын етіп неге жаратпадың? Сонда дәрігерлер бізді іреп-сойып әлек болмас еді-ау,— деп міңгірлейді ол.

Нағашымды қабылдап қарап отырған келесі бір дәрігер оның денесінде скальпель тимеген оймақ аузындай сау жер жоғын көрді де:

— Сіздің ішкі секреция бездеріңіз кінәраттаныпты,— деп мәлімдеді.— Дереу емдеу керек. Ұрықты тым көп бөледі екен.

Сонымен, ол дәрігер менің байғұс нағашымнан, ұлы сөзде ұяттық жоқ қой, оның екі енінің біреуін алып тастауға ризалығын беруді талап етті.

Мен таң қалдым. Ішкі мүшелерінің талайынан айрылып әрең жүрген адамда не қуат, не қауқар болмақ?!

— Мәселе шалдың көптеген мүшелерінің істен шыққанында,— деді ол.— Содан барып ішкі секреция бездерінің күші шамадан артық болып тұр.

— Расында солай болса,— деді нағашым нали сөйлеп,— мейлі, тіпті екеуін де алып тастаңдаршы. Маған кеселімнен айыққаным ғана керек.

Дәрігер нағашымның тілегін медицина этикасына, адамгершілікке қайшы келеді деді де, оның бір енін ғана алып тастады.

Алайда ол операцияның да шипасы болған жоқ.

Нағашым жанын жеген азаптан құтылу үшін өзін өзі өлтіріп тыныш тапқалы жүргенінде тағы бір танысымыз өзін беймәлім сырқаттан сауыңтырған бір дәрігердің адресін айтты.

Ол дәрігер нағашымның бастан кешкен хикаяларын тыңдап отырып-отырып, таңдайын тақ еткізіп:

— Туһ, әттеген-ай! Сіздің сылынып тасталған мүшелеріңіздің өзінен жаңадан бір кісі жасап алуға болар еді!— деді.

Нағашымның аяғын қарап жіберді де:

— Кеселдің түбі сүйеліңізде. Әкеліңіз, сылып алып тастайын,— деді ол.

Байғұс нағашымның өне бойында сүйелден басқа артық-ауыс ештеңе қалмаған да болатын.

— О не дегеніңіз, доктор!— деп шыр ете қалдым, нағашымның тым құрыса сүйелдері орнында түгел тұруын көздеп.— Қуық пен құйымшақтың ортасындағы кеселге аяқтағы сүйелдің қандай қатысы бар?

— Тұла бойымыз тұтас жаратылған ғой,— деп түсіндірді ол.— Егер сіздің шынашағыңызға жара шықса, саусағыңыз ғана емес, бүкіл он екі мүшеңіз түгел зардап шегеді.

Сөйтіп, сүйел сазайын тартты. Одан дәрігерден басқа ешкім пайда көрген жоқ, нағашымның бейнеті жеңілдемеді. Ол денсаулық сақтау бөлімінен Түркиядағы тірі дәрігерлердің тізімін беріп жіберуді өтінді. Тізімді оқып көрсек, біз қаралмаған екі-ақ дәрігер қалыпты. Нағашым соларды іздеп шықты.

Әуелгісі нағашымның тірі жүргеніне қайран қалды:

— Сізді енді кісі деуге болмайды!— деп жар салды ол.— Сіздің өміріңізді осыншама ұзартып келе жатқан медицинамыз қандай құдіретті десеңізші!

— Сонда менің сырқатым не?— деді нағашым.

Дәрігер оны қарап шықты да, сырқаттың сырын сезгенін айтты. Оның бұйрығы бойынша нағашымның табанынан төбесіне дейін бір тал түк қалдырылмай түгел қырылды, шашпен бірге қас та кетті. Сонсоң дәрігер жер бетінде ұшырасуы екі талай беймағлұм бітімді нағашымды көрсетіп тамашалату үшін әріптестерін шақырып мәслихат ашты.

Одан кейін бейшара шал тізімдегі ең ақырғы дәрігерге барды. Ол барлық пәле қабынған қызыл иегіңде тұр деді. Қызыл иектен келген көрімді көріп алайын деп бекінген нағашым тісін түп-түгел алдыртты да тастады. Сөйтті де:

— Ұстаңдар мені, жібермеңдер! Мен ұшып кете жаздап тұрмын!— деп шырылдады.

Ол бекер шырылдамаған екен: ап-ашық бір күні аяқастынан желемік пайда бола қалды да, нағашымды үрлеген шарша іліп алып, үйдің төбесіне бір-ақ шығарды.

Шалекең сөйтіп тірлік етіп жүрді,— адам қалпы жоқ, аруақ кейіптес бір елес.

Бірде ол:

— Қалған тиын-тебенімді жиып барып Европа дәрігерлеріне көрінгім келеді,— деді маған.

Екеуіміз Парижге аттандық. Онда тамыр-таныстарымыз жоқ еді, сондықтан біз сыртында дәрігердің кабинеті делінген жазуы бар бір есікті көре сала соған ұмтылдық.

Француз дәрігер нағашымды ары-бері қарап отырды да қарқылдап кеп күлді. Ішегі түйілгенше күлді. Әлде заманда әрең тиылып, қолына пинцетін алды:

— Аузыңызды ашыңыз.

Нағашым аузын ашты. Дәрігер пинцетті сұқты да қайта алды.

— Ал, қалайсыз?— деді.

— Жақсы,— деді нағашым.— Ауруымнан айығып кеттім.

— Міне, кеселіңіздің не екеніне көз салыңыз,— деп дәрігер күлімсіреп, бізге пинцеттің ұшында тұрған ақшыл қылды корсетті.— Тісті абайлап жуу керек. Щеткаңыздың мынау бір тал қылы мінеки көмейіңізге қадалып тұрып қалыпты.

Біз Стамбулға қайтып оралдың. Нағашымның ауруынан ешқандай нышан қалған жоқ. Ақшасынан да жетім тиын қалмады. Ауруынан айыққанына жарты жыл тола бере нағашым тіршілікпен қоштасты, кедейліктің кесірінен кетті ме, кеп операцияның кесірінен кетті ме,— онысын білмеймін.

Қалай болғанда да ол бұ дүниенің адамы емес-ті.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)