Қамбар жыры

"Қамбар" жырының қысқаша мазмұны

Қазақ елінің ескі тарихынан, халық мұрасынан қалған үлкен жырдың бірі — "Қара қасқа атты Қамбар" жыры. Мұның мән-жайын тексеруден бұрын әуелі қысқаша түрде әңгіме мазмұнын айтып өтейік.

Бұрынғы өткен заманда он екі баулы өзбекте Әзімбай деген бай болады. Мұның алты ұлы, бір сұлу қызы болады.
...Қыз Назым шықты бұраңдап,
Он сегіз толған жасына,
Кәмшат бөрік келісіп,
Бриллиант қойды басына.
Қара мен төре қайғырды:
Болса деп бізбен ашына.

Сол Назым қыз күйеу таңдайды. Әзімбай бай: "Қызымды таңдаған адамына қосамын, дәмелі адам жиылсын", — деп, жар шашты.
Айтылған күні қалың ел жиылып, көруге келісті. Қызға ешқайсысы жақпады. Назым қыздың көңіліне алған жігіті Қамбар еді — ол келмеді.
Қамбар "Алпыс үйлі Арғын, тоқсан үйлі Тобыр" дейтін кедей ру ішіндегі Әлімбай дегеннің баласы еді. Бұл қара қасқа атты Қамбар атанған — әрі батыр, әрі аңшы, мерген еді. Қамбар қара қасқа атының үстінде күнін кешіріп, жаңағы аш-арық туысқандарын аңмен асырайтын. Назым Қамбарға сыртынан құмар еді. Бірақ, мұны елемегендей болады, келмейді. Қыз қапаланып жүреді. Қамбар аңда жүріп, бір күні жолбарыс соғып алып қайтты. Тағы бір күні сұңқарын алып, қол жағалап келе жатып, Әзімбай байдың ауылының үстіне тура келді. Бірақ, ауылына түспей:

Қырындап өтіп барады,
Сұңқарын тұтып бетіне.
Жағалай құлын байлаған,
Теңіздің бойын жайлаған
Қыз Назымның ауылының
Үстіне түсті көздері.
Мұны көріп Қамбардың
Жоқшылық кірді есіне:
"Қымыз бар деп, ақ үйдің
Түсемін барып несіне?"
Қырындап өтіп барады,
Сұңқарын тұтып бетіне.
Қара қасқа тұлпары
Жердің тартып танабын,
Алшаңдап басып, асықпай
Ауылдың шықты шетіне...
Батыр ауылға түспей, өтіп бара жатқанда Назым үйден шығып, қарап тұр еді.

Енді айламен тоқтатпақ болып, жеңгелерін жиып, дереу жіп иіртіп, өрмек құрғызды. Өрмектің бір жақ шетін көлге жеткізіп, екінші жағын үйге тірей құрғызып, Қамбардың қайтар жолына жібек өрмек бөгеуіл салды. Тегешке қымыз құйғызып, тосып отырды.
Қамбар үйрек, қазды қара қасқа атқа теңдеп, көл жағалап қайтып келе жатып, жолында көлденең құрылған өрмекті көрді.

...Көрінеді Назымның Алдына өрмек құрғаны, Қамбар айтты өзіне: "Осыған көңілім бөлініп, Ұмытып кетсем жұртымды, Құдайдың, — деді, — ұрғаны!" Мәлім болды батырға, Өнер істеп Назым қыз Қыздырмақ үшін тұрғаны...

Қамбар қызға қарамай, өрмектен қара қасқа атты қарғытып өте шығады. Назым күйінгендіктен, өз өрмегін өзі қылышпен турап тастайды да, Қамбарға дауыстайды. Батыр атының мойнын бұрып қарағанда, Назым қыз:

Қайрылмай қайда барасың? Хан сүйекті Қамбар-ау! Қабағы қатып шаршапты, Қара қасқа аттың мойнында Өкпе, бауыр, жал бар-ау! Арызыма құлақ сал, Ақылың болса аңғар-ау! Шөлдесең сусын ішсейші, Біздің үйге түссейші, Қайнатұлы шай бар-ау! Сары аяқта бал бар-ау! Жатып, тұрып кетуге Күткендей бізде жай бар-ау! — дейді. Бұған Қамбар:
...Аш бөрідей жалақтап,
Қинады жоқтық жанымды.
Ұядан жалғыз баламын,
Құс етін беріп бағамын
Үйдегі екі кәрімді.
Оған да назар саламын,
Қабатыма аламын
Алпыс үйлі Арғынды.
Сеніменен ойнасам,
Айналар ісім қиынға,
Айыпқа мені бұйырма,
Айтамын, Назым, зарымды... — дейді.

Назым Қамбарға құмарлық сырын айтады. "Талай байдың баласы бар. Ешқайсысын саған тең көрмеймін. Сен жұртқа тұлға болған, өзгеше туған жансың. Сол себепті сені қаладым. Ауылыма қон!" - дейді. Қамбар: "Сен шалқыған байдың қызысың. Мен кедеймін, теңің емеспін.
...Іздегенің асылық.
Мен емес таңдап тиерің.
Ыңырсытып байлаған,
Көшкенде топтап айдаған,
Мастығы шығар биенің, — дейді.

Екеуі сүйтіп сөйлесіп тұрғанда, Назымның бір ағасы бұларды көреді. Жалғыз атты кедейдің Назыммен сөйлесіп тұрғанын намыс қылады. Өзге інілерін жиып ап, ашу шақырысады. Жанжал шығармақ болысады. Қамбар жүріп кетеді. Назымның Алшы ораз деген бір ағасы өзге туысқандарының Қамбарды кемсінгенін теріс көреді. "Қамбар Ноғайлының батыры, Назымды одан артық кімге береміз" дейді. Әзімбайдың балалары бұл сөзге тоқтап, басылады.

Сол кезде Ноғайлы мен Өзбек Қалмақпен жауласып жүреді екен. Қалмақтың Қараман деген ханы Назым қыздың жайын естіп, алмақ болады. Әзімбайға жаушы қып Керей ұлы Келмембет дегенді жібереді.
Келмембет Әзімбайға келіп, тұспалдап:
...Арызымды айтамын,
Көтерсең менің назымды.
Саусағы алтын сұңқарға
Ілдірейін деп келдім
Көлдегі үйрек, қазыңды.
Алтайы қызыл түлкіңе
Қосайын деп ойлаймын
Құмайы жүйрік тазымды,
Тікпекке ақ үй сұраймын
Ел қонбаған сазыңды... — дейді.

Әзімбайдың Алшыораз деген баласы бұл жұмысқа намыс қылып, Келмембеттің құлақ-мұрнын отап, қуып жібереді. Қараман бұған ашуланып, қалың қолмен келіп қалады. Жұрт қорқады. Әзімбай нөкерлерімен ақылдасып, қалмаққа қарсы шығаруға Қамбарды шақыртады. Елді құтқарып, Назым қызды өзі алсын деп тілек етеді. Қамбар атқа мінеді. Қараманның шатырына келіп түсіп, тіл қатады. Екі батыр сөзге ерегісіп ұшқынысады. Сол арада жекпе-жекке шығысады. Қамбар Қараманды өлтіреді. Қалмақты жеңіп шығады. Содан Ноғайлы той қылып, Назымды көп жасау, мүлікпен Қамбарға қосады.

"Қамбар" жырының мағынасы және ерекшеліктері

"Қамбар батыр" жыры — халық әдебиетінің ең ескі түрінің бірі — батыр жыры болады. Бұндай жырларында, қай халық болсын, ең алдымен өзінің ерлікті, батырлықты қадірлегендігін көрсетеді. Сондықтан Қобыланды, Қамбар дегендер құр ғана жеке адамдар, жеке батырлар ғана емес. Олар, халықтың бойына біткен ерлік, геройлықтың бір араға жиылып көрсетілген, жиынтық кейпі. Көптің, елдің бойында бар қасиетті бір мүсін арқылы көрсеткен көркем кейіп. Сондай халық қасиетін көрсететін мүсін болғандықтан, бұлардың барлық тұлғасы, қайраты, қимылы да ұлғайтылып көрсетіледі. Жыр ол батырларды көтеріп, ірілетіп жырлайды. Жыр - батырды сүйіп, қостаған бейілді білдіреді, өйткені "батыр", "батырлық" дегендер халықтың сүйген асылдары. Қазақта осындай боп жырланған бірнеше батыр бар. Олардың ең үлкен, ең даңқтылары: "Едіге", "Қобыланды", "Ер Тарғын" және осы "Қамбар". Қамбар және кедей ортасынан шыққан, Тобырдан шыққан батыр боп көрсетіледі. Сол кедей ағайынына әрі қорған, әрі асыраушы адал азамат боп көрсетіледі. Бұл, мінсіз жақсы деген батыр. Оның жайындағы жыр Қамбарды өзгеше, сүйікті қып көрсету керек. Сондықтан бұның жайындағы жырдың жалпы сыртқы құрылысы, түрі де осындай ішкі мазмұнына сай болады. Жалпы батырлар жыры ел тарихының ең ескі замандарын көрсетеді. Бұлардың уақиғасын тарихтың пәлен жылында болды деп айту қиын. Мөлшермен айтқанда бұрынғы, ерте кездегі — шабуыл-жортуыл заманы тудырған әңгіме болады. Осымен енді "Қамбар" жырының тұр ерекшеліктерін қарастырайық.

"Қамбар" жыры бұрынғы замандардан бері қарай ауызша айтылатын жыр болған. Басында, ең алғаш өлең болған кезінде де, жазылып айтылған емес. Сондықтан, мұның өлеңдік құрылысында сол ауызша жырдың ерекшеліктері бар. Ең алдымен бұнда өлең қатар аумайтын белгілі санды (төрт жолды, алты жолды, я тағы басқаша) шумаққа бөлінген емес. Бұл желдірме екпінімен көп жолды шумақ боп құралады. Шумақтары белгілі бір санмен, бір қалыпты боп тұрмайды.

Кейде 4-5 жол бір шумақ боп кетсе, кейде қосылып айтылатын әуеннің және әңгіме қызуының ыңғайына қарай немесе сөйлеуші адамның көңіл күйіне қарай, әралуан боп, ауысып отырады. Кейде 9, кейде тіпті оннан аса жолдан құралатын шумақта болады.

Бұнда сол желіге сөйлеген сөздің екпінімен кеткен өлең-жыр, таусылмайтын ұзақ шумақ боп жүре береді. Ондайда ұйқас та белгілі бір орындарында тұрмайды. Жазуда, мысалы, төрт жолды ұйқаста әрқашан бірінші, екінші, төртінші жолдардың аяғы ұйқасып отыратын болса, бұнда ұйқас олай емес. Кейде екі жол аралатып, кейде үш, төрт жол аралатып, анда-санда аяғы бір тиіп отырады. Жырдың ішіндегі өлең қатары да ұзақ болмайды. Көп қатар жоқ, оның орнына лекітіп, тез қайырып, ауызша әуендетіп, екпіндетіп, қорыттырып отыратын жеті-сегіз буынды қатар болады. Өлеңді құрайтын сол буын, ырғақ (ритм) өлшеуі. Және, әсіресе, дыбыс үндестігі болады. Мағынасын алғанда бір жайды ұзақ сөйлеп кеп таратып, көп қайталап айтатын машық бар. Әңгіменің, уақиғаның өзі көп дамымаса да, бір хал, я бір суретті әралуан көрініспен теңеп, асықпай көп көріктеп отыратын ерекшелік бар. Сондықтан, әңгіме, уақиғаның ілгері қарай дамуы аз болса да, бір мазмұндас теңеу, салыстыру көп болады.

Тағы бір ерекшелік — теңеулерге алған көріністерден байқалады. Бірін бағлан, бірін бөрі қып, бірін асау, бірін бұғалықшы қып, бірін түлкі, бірін тазы қып көрсетулердің барлығы — осы батыр жырының ескі заман жыры екенін көрсетеді. Теңеудің бәрін жабайы табиғаттан алады. Бұнда мәдениет, қала сияқтының әсері, қатынасы жоқ. Натуралдық теңеулер. Жыртқыш андарды теңеуге алған түрдің өзі де шабуыл деген заманның қоғамдық құрылысына дәл келеді. Соның өз тумасы, өз айғағы боп шығады. Бұл жағынан да жырдың ішкі мазмұны мен сыртқы түрі бірыңғай боп қабысып тұрғанын көреміз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)