Морг көшесіндегі кісі өлімі

Сирендер шырқаған неткен ән немесе әйелдер арасында жасырын жүргенде Ахиллдың есімін қалай атады екен? — қаншама шым-шытырық сауалға толы болса да — болжам жасауға болады.

Сэр Томас Браун. Құтыға жерлеу.

Біздің ақылымыздың айырып, ажырата білу қабілетіміз талдау жасауға келгенде тым шорқақ, Біз оны тек нәтижесіне қарай бағалаймыз. Басқа да қасиеттермен бірге адам, әсіресе дарынды адам үшін талдай білу айрықша ләззат қайнары болып табылатынын біз жақсы білеміз. Өзінің күші мен ептілігіне масаттанып, бұлшық еттерін еріксіз шиыршық атқызғанда жаттығулардан жаны рахат табатын алып адам сияқты, талдаушы да өзіне бірнәрсені анықтауға немесе ашуға мүмкіндік туғаныңа қашанда қатты қуанады. Дарынын ұштай түсетін болмашы ғана қарапайым іс оның көңілін көтеріп тастайды. Ол жұмбақ, сөзжұмбақ пен құпия жазуларды жақсы көреді. Оларды шешкенде қарапайым адамның ақылы жетпейтін ғажап көрегендік танытады. Әдістің мәні мен маңызынан туатын оның шешімі шынында да сезімпаздықтың ғажап үлгісі іспетті. Бұл шеше білу қабілеті мүмкін әлде математикамен айналысқандықтан, әсіресе өзінің шығарылу сипатына, әсеріне қарап қана талдау, яғни артықша талдау деп орынсыз аталып жүрген оның жоғары тарауымен шұғылданғандықтан да ұтымды болып көрінген шығар. Әйтсе де, топшылау, есептеп шығару, әділін айтқанда, мұның өзі әлі де талдау бола алмайды. Мәселен, шахматшы есептейді, топшылайды, ойластырады, бірақ ол талдау жасамайды. Осыдан шахмат ойды өрбітуге мейлінше пайдалы ойын деген ұғымның негізсіз, үстірт екендігі келіп шығады. Сонымен, оқушым, сіздің алдыңыздағы трактат емес, менің әдеттегіден тыс әңгімемнің алғысөзі орнына жүруге тиіс бірсыпыра тұрлаусыз пікірлерім ғана болғандықтан, осындай реті келген сәтте шахматтың жалған сыпайылығына, нәзіктігіне қарағанда, әдетте қарапайым сияқты болып көрінетін дойбы ойнау шеберлігін әлдеқайда жоғары талап ететінін және миға көбірек пайдалы міндет жүктейтінін айта кетуге тиіспін. Фигуралары әртүрлі, олардың жүрістері де қилы-қилы болып келетін шахмат та осы күрделілік (әдетте солай болып көріне береді) оның тереңдігі деп теріс ұғынылады. Әйтсе де мұнда бәрі байқампаздыққа байланысты. Назарыңыз сәл басқа жаққа ауды болды, сіз қателікке ұрындыратын немесе жеңіліске ұшырататын ағаттық жасайсыз. Ал шахматтың жүрісі сан түрлі ғана емес, алуан мағыналы болғандықтан да, соған орай ағаттық жіберу мүмкіндігі де арта түседі, тіпті он жағдайдың тоғызында қабілеті жоғары ойыншы емес, одан гөрі байыпты ойлай білетін ойыншы ұтып шығады Одан сәл ғана түрлендіріліп отыратын бір тана жүріс қолданылатын дойбының жөні бөлек. Мұнда ағаттыққа орын әлдеқайда аз болады, ойыншының ықыласы, назары басты роль атқармайды, жеңіс негізінен тапқырлықтың нәтижесі болады. Ойымыз айқынырақ болу үшін тек төрт қана би қалған дойбы ойының көз алдымызға келтірейік, демек, бұл арада ешқандай аңғалдық, ағаттық жөнінде сөз болуы мүмкін емес. Шамасы мұндай жағдайда (күш тең болған кезде) жеңіс сәтті жүріске, тұтқиылдан, тапқырлықпен жасалған жүріске байланысты болса керек. Басқадай мүмкіндік болмаған соң талдаушы қарсыласының ойын табуға тырысады, өзін соның орнына қояды, көбіне оны жаңсақ бастыратын немесе шатастыратын бірден-бір комбинацияны (кейде мүлдем қарапайым болып келетін) бірден байқап та қалады.

Вистың есептей білу деп аталатын өнердің тамаша мектебі екендігі баяғыдан белгілі. Сондай-ақ, небір асқан ақылдылардың шахматты бос әурешілік санап, тірі жанға белгісіз себептерден Виске әуес болғаны да аян. Шынында да, ойынның басқа ешбір түрі де адамнан ондай талдау қабілетін талап етпейді. Әлемнің асқан шахматшысы — тек оймен ой тайталасқа түсетін адам тапқырлығының маңызды саласы болып табыларын висте шебер ойлап жеңіп шыға білгенде тана шахматшы бола алады. «Шебер ойын» дегенде мен ойыншының өзін заңды жеңіске жеткізетін барлық әдістерді меңгеруін айтын отырмын. Бұл әдістер көп әрі сан алуан. Оның өзі әдетте орташа қабілеті бар ойыншыларда бола бермейтін адам жанының сыры-қырын білу қасиетін де қажет етеді. Кімде-кім зер салын, тіпті бақылап отырса, ол адам бәрін жадында жақсы ұстайды, демек айрықша зейін қойып ойнайтын шахматшының висте де ұтыстан үміттенуіне болады. Өйткені, Хойлдың ережесі (ойынның қарапайым жүрісіне негізделген) жұртты бәріне түсінікті, оны жұрттың бәрі қолдана алады. Айтылып жүрген пікірлерге қарағанда, висті жақсы ойнау үшін «ережені бұзбай», бәрін жадыңнан шығармай ұстай білуің керек көрінеді. Алайда, талдаушының өнері ойын ережелерінен тыс жағдайда ғана байқалады. Ол іштей талай тұжырымдар мен бақылаулар жасайды да! Оның қарсыласы да, әрине солай жасайтын болар; бірақ екі жақтың бұл барлауында арасалмақтың ауытқуы қорытындылардың мықтылығынан ғана емес, бақылаудың сапасына да байланысты болады. Әрине, неге назар аудару керек екенін білудің де маңызы зор. Алайда біздің ойыншымыз ештеңемен де шектеліп қалмайды. Басты нысанасы — ойын бола тұрса да, ол өзіне қатысы жоқ деген нұсқауларды да жадынан шығармайды. Ол өзінің қарсыласын қалт жібермей қадағалап отырады, оны өзге қарсыластарының бет құбылысымен салыстырады, олардың қолдарындағы қарғаларды қалай сұрыптағанын байқайды. Көбіне көз жанарын қалай тастағаныңа қарай олардың қолындағы көзірдің бүге-шігесіне дейін біліп алады. Ойын барысында ойыншының өңіндегі өзгерістерді бақылай отырын, оның жүзінде болып жатқан сенімділік, таңырқау. масаттану немесе ренжу сияқты сезім нышандарына қарап, ол өзінше алуан түрлі қорытынды жасайды. Адамның алдындағы ұтысты уыстап өзіне тартқаныңа қарап, ол одан кейін оның ұтатын-ұтпайтыны жөнінде пікір түйеді. Картаны қалай жүргеніне орай, қарсыласының әдейі адастыру үшін қитұрқы жүріс жүріп, қулық жасап отырғаның аңғарады. Әйтпесе әлдеқалай аңғармай айтқан бір ауыз сөз; абайсызда түсіп кеткен немесе ашылып қалған карта, әлде оны қуыстанып немесе аспай-саспай араластыруы, алған карталарын санауы мен сараптауы; абыржуы, аңырауы, асығуы, әйтпесе үрейленуі — сырт көзге енжар сияқты болғанымен, талдаушы назары мұның бірде-бірін қалт жібермейді. Екі-үш жүрістен кейін-ақ кімнің қолында не бар екенін біле қояды да, ол бейнебір барлық ойыншылар карталарын ашып бергендей қысылмай-қымтырылмай өз картасын еркін жүре бастайды.

Талдау қабілетін әдеттегі кездесетін кәдімгі тапқырлықпен шатастыруға болмайды. Өйткені, кез келген тапқыр адам талдауға қабілетті бола бермесе де талдаушы қашан да тапқыр болып келеді. Френологтер о бастан пайда болатын қасиет деп санап, (меніңше мүлдем бекер) әдетте оған өзіндік дербес бір мүше бөлетін сол тапқырлықты танытатын ойдан шығару мен айлалы әрекеттер жасай білу қабілеті кейде басқа қасиеттер, төмен, ақылы шала кещелерде де кездесетінін тұрмыс пен әдет-ғұрыптарды айрықша тамсана жазуды тәуір көретін талай жазушылар да аңғарған болатын. Қиял мен аңсауға қарағанда тапқырлық пен талдаушылық ақылының арасында әлдеқайда айырмашылық бар, бірақ ол айырмашылық та әлгі айтылған сияқты. Шынында тапқыр адамның әдетте қиялшыл, ал шын мәнінде қиялға бай адамның талдауға бейім келетінін аңғару да онда қиынға түспейді.

Мұнан былайғы әңгіме оқушы қауым үшін осы айтылған пікірлердің нақты мысалы бола алады.

18... жылдың көктемі мен жазының бір уағында мен Парижде тұрдым да, мосье С. Опост Дюпен деген бір кісімен таныстым. Ол өзі әлі жас, текті тұқымнан, тіпті атақты әулеттен шыққан жазмышта жолы болмаған тағдыр тауқыметін көп тартып, енді әбден шағылып, қажыған, еңсесі түсіп, бұл өмірден мүлдем түңіле бастаған, тіпті бұрынғы байлығын қайта қалпына келтіруден де мүлдем үмітін үзе бастаған біреу екен. Несиешілердің қайырымдылығының арқасында Дюпен әкесінен қалған аз ғана мұраға ие болып, содан келген түсімді талғажау талшық етіп дегендей, өмірдің алдамшы қызығына бой алдырмай ептеп-септеп күн кәріп жүреді. Оның өмірдегі бар қызығы — кітап қана. Ал Парижде кітап арзан.

Алғашқыда біз әлдеқалай колға түсе бермейтін әйгілі бір кітапты іздеп жүріп, Монмартр көшесіндегі қораштау бір кітапханада кездестік те, заматында танысып, лезде шүйіркелесіп кеттік. Кейін де талай мәрте жолығып жүрдік. Мен Дюпендер семьясының тегін білгім келіп сұрастырғанымда, әдетте ол өзі жөнінде айтқанда ағынан жарылатын француздарға тән аңқылдақ мінезімен бәрін жасырмай баяндап берді. Оның оқымысты-зиялығына, әсіресе ойының оралымдылығына мен еріксіз қайран қалдым.

Ол кезде Парижде тұрғандағы менің көздегенім мүлдем басқа еді, мұндай адаммен танысудың таптырмайтын қазынамен тең екенін сездім де, сол заматында осы ойымды оған айта қойдым. Сөйтіп, Парижден кеткенше бірге тұруға ұйғардық, ал менің жағдайым Дюпенге қарағанда әлдеқайда тәуір болғандықтан да, мен оның келісімімен Сен-Жерменнің шет жағындағы оңашалау жерден архитектурасы әдемі ескілеу бір үйді жалдап алып, екеуміз ерекше ұнататын сәл қораштау, жұпыны жиһазбен жабдықтадық, біз мән-жайына терең үңіліп жатпасақ та, айтылып жүрген әртүрлі қисапсыз діни аңыздарға байланысты иесі әлдеқашан тастап кеткен үй әбден азып-тозып кеткен екен.

Егер жұрт сол үйде тұрған кездегі екеуміздің тіршілігімізді білсе, бізді өзгелерге зиянымыз тимесе де қисынсыз қиял қуғандар деп санаған болар еді. Біз тірі жанға жуымайтынбыз. Ешкіммен араласқымыз да келмейтін. Мен болсам, жаңа адресімді достарыма да айтпай қойдым, ал Дюпен Парижді ұмытқалы қашан! Оны Париж де есіне ала қоймайды. Біз өстіп өзімізбен өзіміз тұрып жаттық.

Досымның ғажап бір қасиеті — оны өзгеше атау да қиын,— ол түнге, оның айрықша сұлулығына ғашық еді. Оның оғаш мінездеріне сөзсіз мойынұсынғандықтан, басқа да қисынсыз қылықтары тәрізді мұнысын да мақұл көрдім. Сол қоңыр түсті құдірет әсте тұрақтап тұрмайды, оның шапағатынан әсте айрылып қалмау үшін біз таң сібірлеп ата бастаған кезден бастап ескі үйдегі терезелердің сыртқы қақпақтарын тас қылып жауып тастаймыз, сонда бөлме ішін түтіні бұрқырап, жыпылықтаған екі-үш май шамның талмаусыраған жарығы алакеуімдендіріп тұрады Солардың әлсіз жарығымен біз түн қараңғылығы қайта айналып келгенін жариялаған сағат қоңырауы соққанша қиялға беріліп, кітап жазушы, кітап оқушы, өзара сұхбаттасушы едік. Содан соң барып жұбымызды жазбай далаға шығып, күндізгі әңгімені қайта жалғастыратынбыз. Әйтпесе қиялыңызға ғаламат қанат бітіретін сол бір үлкен қаланың жылт-жылт еткен оттары мен күңгірт көшелерін үнсіз тамашалап түн ортасы ауғанша серуендеуші едік.

Ойлағанын көз алдына айқын елестететін бұл оның ойлау ерекшелігінің жарқын нәтижесі екеніне көзім жете тұрса да мен мұндай сәттерде Дюпеннің талдау дарыныңа керемет қайран қалушы едім. Аса мақтанып жатпаса да, бұл қабілеті Дюпеннің өзіне де ұнайтын сияқты, шікірейіп шекесінен қарамаса да, мұның көңілін қуанышқа бөлейтінін оның өзі де талай мойындаған-ды. Әйтсе де адамдардың көпшілігі өзі үшін беті ашық кітап екендігін айтып, ол маған күле тұрып талай мәрте мақтанғанда менің ойымдағыны айтқызбай тауып, есімді шығаратын. Ондай кезде ол маған бір түрлі өмірден үмітін үзген жандай болып көрінетін. Есуастай елеңдеп, жалт еткен жанарын қиянға қадап, қалшиып тұра қалатын, егер әрбір сөзін асықпай нығарлап айтпаса, құлаққа жағымды қоңыр дауысы сәл қарлығып, ызалы шығушы еді. Осындай сәттерде оған қарап тұрып мен адамның жан дүниесінің екі ұдай болатындығы жөніндегі ескі ілімді есіме алып, екі Дюпен — жасампаз және жойымпаз Дюпен туралы ойлап мәз болушы едім.

Бұл айтылғандарға қарап, әңгіме әлдебір таңғажайып бірдеңелер жөнінде болады екен деп дәмеленбей-ақ қойыңыздар; сондай-ақ, өз кейіпкерімді романтикаға бөлеу де менің ойымда жоқ. Менің француз сыбайласымның бұл жасалған бейнесі мүмкін қисынсыз қиялымның, әлде тіпті шерлі шерменде ой-пікірдің нәтижесі де болар. Әйтсе де оның ескертпелерінің сипаты жөнінде менен гөрі нақты мысал жақсы баяндап береді.

Бірде кешкілік Поль-Рояльдың шет жағындағы қоқырсыған ұшына көз жетпейтін ұзын көшені бойлап қыдырып жүрген болатынбыз Әркім өз ойымен әлек, өзінше ойлауды, ширек сағат бойы ешқайсысымыз да тіс жарып, тіл қатқанымыз жоқ. Кенет Дюпен әлдене есіне түсіп кеткендей:

— Шілтиген анау түрімен, не бітіреді! Одан да «Варьете» театрына барып, бағын сынап көрсе ғой! — деді.

— Дұрыс айтасыз,— деп мен де іле жауап бердім.

Мен аң-таң болдым, тіпті Дюпеннің әлгі айтқан сөзі менің ойыммен қалай дөп келгеніне алғашқы сәтте түсіне алмай қалдым. Әйтсе де артынша есімді жинап, қайран қалдым.

— Дюпен,— дедім оның жүзіне қарап тұрып,— мен түкке түсіне алмай тұрмын. Шынымды айтсам, аң-таңмын, тіпті өз құлағыма өзім сенбейтін сияқтымын. Менің ол туралы ойлап келе жатқанымды сіз қайдан білдіңіз... дедім де өзімнің кім жөнінде ойлап келе жатқанымды ол шынымен біле ме екен, байқайыншы деп әдейі аңырып тұрып қалдым.

— ...Шантильи туралы...,— деп ол менің сөзімді жалғастыра түсті.— Неғып түйіліп қалдыңыз? Анадай шілтиген сиқымен оған трагик болуға тырысудың қажеті жоқ еді деп ойладыңыз ғой, сіз, сірә.

Шынында мен сол жөнінде ойлап келе жатыр едім. Бір кездегі Сен-Дени көшесінде етік тігіп отыратын Шантильи театрға ынтық болып, ақыры жақында Кребийонның «Ксеркс» атты трагедиясында Ксеркс ролінде ойнап, қанша әлектенсе де еңбегі зая кетті, жұрт ысқырып оны сахнадан айдап шықты.

— Егер бар болса, егер менің ойымды да соның арқасында айна қатесіз тапқан болсаңыз,— деп мен де қасарысып болмадым.— Құдай үшін, маған сол әдісіңізді айтып түсіндіріңізші! — Шынымды айтсам, мен өзімнің қаншалықты қайран қалғанымды оған онша сездірмеуге тырысып бақтым.

— Сол ұлтан тәуібінің Ксеркс сияқтылар дәрежесіне әлі де жете қоймағандығы жөніндегі ойға сізді итермелеген жеміс-жидек сатушы болар деп ойлаймын,— деді досым.

— Жеміс-жидек сатушы дейсіз бе? Тәңір тілеуіңізді берсін! Мен ешқандай жеміс-жидек сатушы дегенді білмеймін! — Ширек сағат бұрын осылай қарай бұрыларда сізді қағып кеткен әлгі еңгезердей неме ше?

Біз тар көшеден айналып, жүргіншісі көп көшеге түскен кезімізде мені абайсызда қатып кеткен — төбесіне үлкен себет тола алма көтеріп алған жеміс-жидек сатушы есіме түсе қалды. Бірақ Шантильидің оған қандай қатысы бар екенін мен түсіне алмай-ақ қойдым.

Алайда француздар әдетте көзбояушылық деп атайтындай, Дюпенде ештеңе жоқ еді.

— Кешіріңіз, оның мәнісін түсіндірейін,— деді ол.— Ал сіз мені жақсы ұғуыңыз үшін, кәні, біз екеуміздің соңғы әңгімеміз бен әлгі айтылмыш жеміс-жидек сатушыға кездескенге дейінгі аралықтағы өз ойыңыздың ұзын-ырғасын қайта жадыңызға түсіріп көріңізші. Оның негізгі арқауы — Шантильи, Орион, доктор Никольс, Эпикур, Стереомотия, жолда жатқан жұмыр тас және әлгі жеміс-жидек сатушы. Қызық үшін-ақ өзін белгілі бір пікір түюге итермелеген жәйтті ойша қайта сүзіп шығуға ұмтылмайтын адамды табу, әрине, қиын шығар. Мұның өзі кейде қызық та нәрсе, оны алғаш жасаған адам, «ә» дегенде ойдың бастауы мен оның түпкі қорытындысынан, олардың бір-біріне мүлдем жанаспайтынынан еріксіз қайран қалатын болады. Дюпеннің айтқандарын мен таңырқай отырып тыңдадым және оның сөзінің әділдігін мойындамауға амалым да қалмады.

Әйтсе де досым ойын одан әрі сабақтай түсті.

— Осылай қарай бұрылғанға дейін біздің жылқы жайында әңгімелескеніміз есімде.— Бірақ әңгіме сонымен доғарылды. Біз бері қарай беттеп, осы көшеге түскен кезде бір тұстан шыға келген төбесіне көтерген үлкен бір себет алмасы бар жеміс-жидек сатушы жанымыздан жүгіріп өте берді де, асығыста абайламай сізді қағып кетті. Тасқалаушылар көшені жөндеген жерінде жинамай тастап кеткен үйінді тасқа қарай итеріп жіберді. Сіз тасқа сүрініп, аяғыңыз тайып, аздап тобығыңыздың сіңірін созып алдыңыз, ашуланып, сәл қабағыңызды шытып, бірдеңе деп күбірледіңіз, үйіліп жатқан тас жаққа тағы бір қарадыңыз да, үндемей ілгері жүріп кеттіңіз. Сіздің ізіңізді бағын, аңдиын деген ойымда болған жоқ: тек соңғы кезде әншейін бақылау менің бойыма сіңген дағдыға айналып барады.

Біз Ламартиннің есімімен аталатын және жаңаша плита жымдастырылып шахмат тәрізді етіліп қаланған тар көшеге жеткенше сіз еңсеңізді көтермей сіздің үйілген тас жөнінде әлі ойлап келе жатқаныңызды мен содан аңғардым, тек көшеге төселген панельдің ойығы мен жарығынан көз алмадыңыз. Сіз едәуір көңілденіп қалдыңыз, тасты бұлайша қалауды қолпаштап атаған термин «стереотомия» деген сөзді ерніңіздің емеурінінен білдім. «Стереотомия» деген сөздің сізді атом туралы, айтқандайын, Эпикурдің ілімі жөніндегі ойға жетелегенін біле қойдым; ал мұны өзі жақында ғана біздің арамызда болған әңгіменің тақырыбы болғандықтан — қайырымды гректің аспан әлемінің бұлыңғырлығы жөніндегі бұлдыр болжамының қазіргі заманғы космологияның нәтижелерімен дәлелденіп отырғанын, оның бұл жөніндегі еңбегін ешкім әлі тиісінше бағалай қоймағанын сізге дәлелдеп берген болатынмын — мен қалай да сіз сонау қиында бұлыңғыр тартып бұлдырап қана көрінген Орион жұлдыздар шоғырына көз тастайтын шығар деп күткен едім. Шынында да сіз аспанға қарадыңыз да, өзімнің сіздің ізіңізбен ілесіп, тура келе жатқанымды дәлелдедіңіз. Айтқандайын, кешегі «МиБееде» Шантильиге қарсы өшпенділікпен жазған мақаласында Зоил деген әлде біреу котурнаға көтерілген етікші, тіпті өзінің есімін өзгертуге тырысқан деп тым орынсыз кіналай келіп, біз өзара әңгімелескен кезде талай мәрте ауызға алып жүрген латын авторының бір жол өлеңін келтіріпті. Менің байқауымша ол:

Әліп алғашқы мағынасынан айрылды,— деген өлең ғой деймін.

Бұл арада әңгіме Орион туралы болып отырғаның, оның бір кезде Урион болып та жазылып жүргенін, мен бірде сізге айтып бергенім бар-ды, тіпті біз сонда ол жөнінде қалжыңдап күліп те алғанбыз, демек оның өзі ойда қалар жәйт. Орион сізді Шантильи жөніндегі ойға жетелейтінін мен білдім, сіздің жымиған күлкіңіз менің бұл болжауымның дұрыстығын танытты. Азапқа түскен құрбандық байғұс жөнінде ойлап сіз күрсініп қойдыңыз. Алдыңда ғана бүкшиіп келе жатқан сіз, сол сәтте еңсеңізді көтеріп, бойыңызды тіктедіңіз, сонда мен сізді шілтиген етікші туралы ойлаған болар-ау деп топшыладым. Сонда барып мен шынында да ол, біздің Шантильи бойға жарымаған, оның бағын «Варьете» театрында сынағаны жон еді деп, сіздің ойыңызды бөлдім.

Көп ұзамай «Сот газетінің» кешке шығатын саның қарап отырып: «Құлақ естіп көрмеген қылмыс» деген хабарға тап болдық.

Бүгін, таңғы сағат үштің кезінде жан ұшырған үрейлі дауыс Сен-Рок кварталында тұратындардың шырт ұйқысын бұзады. Ащы дауыс, шамасы Морг көшесіндегі, жергілікті тұрғындар білетін мадам Л Эспанэ күйеуге тимеген жалғыз қызы мадемуазель Камилла Л Эспанэмен бірге тұратын үйдің бесінші қабатынан үсті-үстіне үздіксіз шығып жатты.

Жабық есік алдыңда топырлап тұрып, әдеттегіше ішке кірудің реті келмеген соң, қастарында екі жандарм бар он шақты көрші есікті сүйменмен бұзын, үйге кіреді. Айқай басылады; әйтсе де батылдау бір топ, бірінші қабатқа көтерілген бойда жоғарғы жақтан керіскен екі, тіпті үш адамның ашулы даусы анық естіледі. Үшінші қабатқа жеткенше ол да тынады, құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалады. Жұрт бөлме-бөлмеге кіріп, үй-үйді аралап жүр. Кезек бесінші қабаттағы бұрыштағы үлкен бөлмеге жеткенде (ішінен жабылған бұл есікті де сындырып кіруге тура келеді) көз алдарындағы жан түршігер ойран-топанды көріп, шошыған әлгі топ адам еріксіз кейін шегінеді.

Бәрі астаң-кестеңі шыққан, мебельдер қираған, шашылған. Бөлмеде бір ғана керует тұр, оның төсек-орны, жастық-көрпелері еденде үйіліп жатыр. Орындық үстінде жүзі қан-қан ұстара жатыр. Шамасы түбінен жұлынған болса керек, қан ұйысқан қою екі-үш уыс ұзын ақ шаш пештің торына ілініп қалыпты. Еденнен, аяқ астынан торт наполеондар (топаз) асыл тасты бір сырға, ас ішетін үш күміс қасық, мельхиордан жасалған үш шәй қасық, жалпы бағасы төрт мың франктен сәл кем екі дорба алтын теңге табылды. Бұрышта тұрған комодтың жәшіктері суырылып тасталған, бәрін алып кете алмаса да, тонаушылар оларды да ақтарғанға ұқсайды. Шағын темір сандық төсектің астынан табылды (керуеттің астында емес). Аузы ашық, кілт құлыптың ұясында тұр, бірақ оның ішінде сарғайған ескі хаттар мен басқа да көне қағаздардан бөтен ештеңе қалмапты.

Мадам Л" Эспанэнің ізі-тұзы жоқ! Біреу пештегі үйілген күлді көріп қалып, мұржаны қараған кезде,— о сұмдық-ай десеңші! — оның ішінен қыздың өлігін шашынан сүйреп алып шығады; басын төмен, аяғын жоғары қаратып, оны қуықтай тар мұржаға тығып қойыпты. Денесі әлі жып-жылы екен. Тексерген кезде денесінің көп жерінде терісін сыдырып кеткені байқалады, бұл өлікті мұржаға зорлықтың күшімен тығып, әзер суырып алғандықтың айқын белгісі. Беті шиедей тырналған, құдды қылғындырылған адамдай қанталап, көгеріп кеткен, мойнында тырнақтың осып-осып түскен терең ізі бар.

Үйді түгел шарлап, тінтіп, өзгедей ештеңе таппаған соң жұрттың бәрі тас төселген аядай аулаға шығады да, сол жерде өліп жатқан кемпірге тап болады — қылпыған ұстарамен өндіршегін орып жіберіпті, өлікті орнынан көтере берген кезде басы кеудесінен бөлініп қалды. Денесін де, бетін де әбден бүлдірген, әсіресе, денесінің адамға тән сау-тамтығы қалмаған. Әзірге құпиясы ашылмаған жан шошырлық бұл сұмдық қылмыстың сыйқы, міне, осындай».

Ертеңіне газет тағы да қосымша хабар жеткізді.

Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген бұл өлім бүкіл Парижді дүр сілкіндірді, бірсыпыра куәлерден жауап алынды, әйтсе де әзірге құпияның сырын ашатын ештеңе табыла қойған жоқ. Азды-көпті мәні бар деген жауаптар төменде келтіріліп отыр:

Полина Дюбур, кір жуатын әйел, ол өзінің берген жауабында қаза тапқан кемпірді үш жылдан бері білетінін, кірін жуып жүргенін айтады. Кейуана, шамасы қызымен тату-тәтті тұрса керек. Тиесілі ақысын уақтылы төлеп отырған. Олардың тіршілік-әрекеті, қаржы-қаражаты жөнінде ештеңе айта алмайды. Мадам Л" Эспанэ балгер болар, сонымен күн көріп жүрген болар деп ойлайды. Оның ақшасы бар деген қауесетті де естіген көрінеді. Кір киім-кешекті алуға немесе оны жуған соң әкеп беруге келген кездерінде куәгер бұл үйден бөтен адамды ешқашан көрген емес. Олардың үй қызметшісін ұстамағанын анық біледі. Ол білгенде тек бесінші қабаттағы бөлмелер ғана мебельді болса керек.

Пьер Моро, темекі дүкенінің иесі, берген жауабында мадам Л" Эспанэге төрт жыл бойы шағын қорапқа салынған мұрынға иіскейтін және шегетін темекі сатып келгенін атап көрсетті. Оның өзі осы арада туып өскен, осы жердің байырғы тұрғыны. Өздері қазаға ұшыраған осы үйге қария қызымен мұнан алты жыл бұрын көшіп келген екен. Оған дейін бұл үйде жоғарғы бөлмелерін пәтерге өткізетін бір зергер тұрған. Үйдің иесі мадам Л" Эспанэ. Бөлмені бөтен біреулерге өткізетін пәтершіден әбден мезі болған кемпір, өзі жоғарғы қабатқа көшіп кіріп алады да бос бөлмелерін жалдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Қартайғанда қайта бала болса керек. Осы жылдар ішінде куәгер оның қызын бес-алты мәрте ғана көріпті. Екеуі де жұрттан оқшау өмір сүреді, ұзын құлақтың айтуына қарағанда олардың ақшасы болса керек. Мадам Л бал ашып кәсіп қылады деген қауесет те шығып жүреді, бірақ оқта-текте қарауылдан басқа бұл үйге бір де біреудің кіріп-шыққанын әсте көрген емес, әйтсе де сегіз-он мәрте дәрігер келіп кеткені бар.

Өзге көршілері де негізінен осыны айтады. Марқұмдардың үйіне әлде біреулердің келіп кеткенін ешкім ешқашан байқаған емес. Бір жерде олардың дос-жарандары, әлде туған-туысқандары бар ма,— оны да ешкім білмейді. Көше беттегі терезенің пердесі сирек ашылатын, бесінші қабаттағы үлкен бөлмеден басқа бөлмелердің аула жақтағы терезелері түгел сыртынан шегеленіп тасталған. Үй әлі мықты, анау айтқан ескі емес.

Изидор Мюзе, жандарм, жауабында өзін таңғы сағат үштердің шамасында шақырып келгенін айтады. Үйдің алды топырлаған адам, жиырма-отыз кісі есікпен әлек болып жатыр. Құлыпты сүйменмен емес, найзамен сындырған да соның өзі. Есік қаусырмалы, жоғарғы жағынан да, төменгі жағынан да ілінбеген екен, оп-оңай ашылады. Есікті ашқанда шыңғырған ащы дауыс естіліп жатады да, есік ашылған кезде ол кенет тыйыла қалады. Шыңғырғанда (біреу ме, екеу ме, айырып болмайды) жан ұшырады, оның өзі үздік-үздік шыққан барқыраған дауыс емес, кәдімгі жан түршігетін зарлы да ащы дауыс. Куәгер жоғарыға жұрттан бұрын көтерілген. Екінші қабатқа жеткенде керілдесіп, қатты ұрсысып жатқан екеудің ашулы дауысын естиді,— біреуінің дауысы гүжілдеген, екіншісінің дауысы шырылдаған, дауысы біртүрлі, ерекше болын естілді. Алғашқысының кейбір сөзін ұғыпты. Ол — француз көрінеді. Жоқ, әйел болуы мүлде мүмкін емес. Ол «қарғыс атқыр», «сайтан» деген сөздерді айқын есітеді, шырылдаған дауыспен сөйлеген шетелдікке ұқсайды. Еркек пе, әйел ме, айырып болмайды. Не айтқаның да түсінбейсің, бірақ, шамасы, испан тілінде сөйлесе керек. Бөлме мен өліктер жөнінде куә, біздің кешегі хабарлағанымызға ешқандай жаңалық қоса алған жоқ.

Анри Дюваль, көрші, кәсібі — зергер, ол да өз жауабында үйге алғашқы топпен бірге кіргенін айтады. Жалпы Мюзенің берген жауабына толық қосылады. Жеті қараңғы түн екеніне қарамастан ағылып келіп жатқан қалың тобырды ішке жібермеу үшін үйге кірген бойда олар басқышқа барар есікті тас қып жауын алады. Шырылдаған ащы дауыс, куәнің айтуына қарағанда итальяндықтың дауысы болуға тиіс. Француз еместігіне күмәнданбайды. Дауысына қарап, әрине еркек деп кесіп айта алмайды. Әйел болуы да ықтимал. Итальянша білмейді, сөзін ұға алмапты, бірақ сөз сыңайына қарап, итальяндық болар-ау деп жорамалдайды. Мадам Л-мен, оның қызымен таныс. Екеуімен де талай мәрте әңгімелескен. Олардың екеуінің де дауысы ондай жіңішке емес екеніне еш күмәні жоқ.

Оденгеймер, ресторан иесі. Куә жауап беруге өзі тілек білдірді. Французша тіл білмейді, тілмаш арқылы жауап алынды. Амстердамда туып-өскен. Іштен шыңғырған дауыс шығып жатқан кезде ол үйдің жанынан өтеді. Көпке дейін, бірнеше, тіпті он минуттай шыңғырады. Шыңғырғанда дауысын созы, тұла бойы жан дүниең түршігетіндей етіп қатты бақырады. Үйге алғашқылардың бірі болып кірген. Бір ғана нәрсе — шырылдаған дауыстың еркектің, оның ішінде француздың дауысы екендігіне күмәнданбайтындығы болмаса, алдыңда берілген жауапта айтылғандардың бәрін қостайды. Жоқ, сөздерін ұға алмаған, әлде ашуланғандықтан ба, әлде үрейленгендіктен бе, асығып-аптығып бар дауысымен жылдам-жылдам сөйлейді. Дауыс — қатқыл, иә, жылайман деуден гөрі қатқыл деу орынды болар. Жоқ, оны жылайман деп айта алмайсың. Барлыққан дауыс үнемі «қарғыс атқыр», «сайтан» дей береді, бір мәрте «О, құдайым-ай!» дейді.

Жюль Миньо, банкир, Делорен көшесіндегі «Миньо мен балалары» фирмасы. Ол — Миньолардың үлкені. Мадам Л" Эспанэнің азды-көпті қаржысы бар болатын. Сонау бір жылы көктемде (сегіз жыл бұрын) жесір әйел оның банкісіне ақшасын салып, есеп ашты. Жиі-жиі там-тұмдап ақша салып тұрды. Чек жазып берген емес, бірақ өлерінен үш күн бұрын өзі келіп есебінде жатқан ақшадан төрт мың франк жаздырып алды. Ақша алтынмен төленген және оны кеңсе қызметкері үйіне апарып берген.

Адольф Лебон, «Миньо мен балалары» фирмасының кеңсе қызметкері, ол айтулы күні өзінің сағат он екілерде мадам Л Эспанэні үйіне дейін шығарып салғанын, екі қалтаға салынған төрт мың франкті апарып бергенін айтады. Есікті мадемуазель Л" Эспанэ ашады да бір қалғаны сол, екінші қалғаны қарияның өзі алады. Сонан соң ол қоштасып, кетіп қалады. Бұл сапар көшеде ешкімді көрген емес. Көше тыныш, қыбыр еткен жан көрінбеген.

Уильям Берд, киім тігуші, ол үйге келген бірге кірген көрінеді. Ағылшын. Екі жылдан бері Парижде тұрады. Баспалдақпен алғашқылардың бірі болып көтеріледі. Екеудің керілдесіп жатқаның естиді. Барылдаған дауыс — француздың дауысы. Кейбір жеке сөздерді түсінуге болатын еді, бірақ керістің не жайында екені жадыңда жоқ. «Қарғыс атқыр», «О, құдайым-ай!» деген сөздерді анық естіпті. Сөзбен бірге әлденеше адам алысып-жұлысып жатқандай салдыр-гүлдір естіледі. Шарылдаған ащы дауыс барлыққан дауысқа қарағанда әлдеқайда өктем шытады. Оның ағылшын емес екеніне еш күмәні жоқ. Неміс болса керек. Мүмкін әйел болуы да. Бірақ өзі немісше білмейді.

Жоғарыда айтылған куәлердің төртеуі қайта жауап алған кезде мадемуазель Л-дің мүрдесі жатқан бөлменің есігі ішінен жабулы тұрғанын атап көрсетеді. Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс, ешқандай ыңырсыған сыбыс та, селт еткен сыбыр да жоқ, Есікті бұзып ішке кіргенде онда бөтен жан болған емес. Жатын бөлме мен ауыз үйдің көше бетіне шытатын терезелері түсірілген және іштен бекітілген де, ауыз бөлменің есігі жабылса да кілттелмеген. Ауыз үйдің дәлізге шығатын есігі іштен кілттеліп жабылған. Сол бесінші қабаттағы дәліздің арты басындағы терезесі көшеге қараған аядай шағын бөлменің есігі де жабылмаған, сәл саңылаулы ашық тұр, басқа да кәкір-шүкір үйіліп жатыр. Заттар шығарылып, мұқият тексерілді. Үйдің қуыс-қуысына дейін қалмай қаралды. Төбедегі қуыстарды есептемегенде үй бес қабат. Төбеге шығатын есік бар, бірақ ол шегеленіп тасталған, шамасы талайдан бері ашылмаған болса керек. Куәлар керілдескен керісті естіген кез бен жатын бөлменің есігін бұзып ішке кіргенге дейінгі аралықтағы уақыт мөлшерін, әртүрлі айтады: үш минут пен бес минуттың аралығында. Есікті сындыру оңайлыққа түскен жоқ.

Альфонсо Гарсио, табытшы. Морг көшесінде тұратын көрінеді. Тумысы испандық. Үйге жұртпен бірге кірген. Жоғары қабатқа шықпаған. Жүйкесі жұқа, оған қатты қобалжуға болмайды екен. Екі адамның керілдесіп жатқаның естиді, оның ойынша барлыққан дауыс — француздың дауысы. Не жөнінде керісіп жатқаның ұға алмапты. Ағылшынның дауысы ащы екен. Өзі ағылшын тілін білмейді, тек сөз мәнеріне қарап болжау жасайды.

Альберто Монтани, тігулі киімдер магазинінің иесі. Ол да жұрттың алдымен жоғары қабатқа шығыпты. Дауыстарды да ол да есітіпті. Француз қырылдап сөйлейді. Кейбір сөздерін түсінуге болады екен. Сөйлеуші әлденеге реніш білдіріп жатады, екіншісінің сөзін ұға алмапты. Екіншісі тұтығып, дыбырлап жылдам сөйлейді. Орыс тіліне ұқсайды. Басқалары жөнінен өзінен бұрынғы куәлардың айтқанына қосылады. Өзі итальяндық. Орыстармен сөйлесіп көрген емес.

Қайыра жауап алынғанда куәлардың кейбіреулері үйдің төртінші қабатында мұржалардың қуықтай тар екенін, оған адам сыймайтынын айтады. «Мұржа тазалаушылар» дегенде олар мұржа тазалау үшін қолданылатын дөңгелек шетінді айтатын көрінеді. Қуғыншылар жоғарыға көтерілгенше қарақшылар қашып кете қоятын үйде бөтендей баспалдақ жоқ Мадемуазель Л" Эспанэнің мүрдесін мұржаға нығарлап тұрып тыққаны сондай, тіпті оны төрт-бес адам әзер зорға суырып алса керек.

Поль Дюма, дәрігер, ол өзін таңертең айнала алакеуімдене бастаған кезде ғана қазаға ұшыраған әйелдердің мүрдесін қарап шығуға шақырғанын айтады. Екі өлік те мадемуазель Л табылған бөлмедегі төсектен түсірілген ескі матрац үстінде жатыр екен. Қыздың денесі көкала қойдай, жара-жара. Тар мұржаға күштеп тыққандықтан да оның сондай болуы әбден ықтимал. Әсіресе мойыны қатты зақымданыпты. Иегінің астында бірнеше жара бар және шамасы саусақтардың таңбасы болса керек, көкпеңбек болып, қанталап кетіпті. Беті керемет көгеріп, қанталап, көзі ұясынан шығып кеткен. Тілін қатты шайнап тастаған. Ішінің төменгі жағында едәуір жер қанталап тұр, шамасы, нығарлап басқан тізенің орны болса керек. Мосье Дюманың ойынша мадемуазель Л" Эспанэ буындырылған болуы керек,— кісі өлтірушінің жалғыз болмауы да ықтимал. Шешесінің денесі жан шошырлықтай пәрше-пәршесі шығарылған. Қол-аяғы сынған, тіпті жіліншектерінің күл-талқаны шыққан. Сол жақ қабырғасы сияқты сол жақ аяғының орған жілігі де мылжа-мылжа болыпты. Бүкіл денесі жұлым-жұлым, сау тамтық қалмаған, қанталап, көгеріп кеткен. Немен соққылағанын ашып айту қиын. Ауыр шоқпар ма, әлде темір сойыл ма, әйтпесе креслоның аяғы ма — не де болса, қолында зілдей бір құралы бар қарулы адам ғана осындай зақым жасай алуы мүмкін. Әйелдің бұған шамасы келмеген болар еді. Дәрігер келіп көрген кезде өлген кемпірдің басы денесінен бөлек жатқан, адам көрер ұсқыны жоқ болатын. Тамағы өткір затпен, әлде ұстарамен бауыздалған.

Александр Этьенн, хирург, өлікті куәландыру үшін мосье Дюмамен бірге шақырылған. Мосье Дюманың айтқан дәлелдер мен қорытындыларына толық қосылады.

Басқа да адамдардан жауап алынса да өзге пәлендей жаңалық анықталған жоқ. Қай жағынан қарағанда да дәл мұндай бұлдыр, мұндай жұмбақ жағдайда жасалған кісі өлімі бұрын-соңды Парижде, сірә, болған емес. Шынында да мұның өзі қастандық па? Полиция қатты абыржулы. Жұмбақты шешуге мегзейтін иненің жасуындай да нышан жоқ.

Кешкі газетте Сен-Рок кварталында бұрынғыша дүрбелең әлі басылған жоқ деген хабар жарияланды, бірақ үйге жүргізілген қайта тінтуден де, куәлерден алынған жауаптардан да ештеңе шықпады. Бәз-баяғы белгілі фактілерден бөтен, кінәсін мойнына қиып салатын жаңа айғақ болмаса да Адолыр Лебонның тұтқынға алынып, түрмеге жабылғандығы жөнінде қосымша хабарланды.

Мен Дюпеннің тергеу барысына айрықша ден қойғанын аңғардым, бірақ ол мұның мәнісін түсіндіргісі келмеді. Тек Лебонның тұтқынға алынғандығы жөнінде хабар тараған кезде ғана ол осы кісі өлімі туралы менің пікірімді білгісі келді.

Бүкіл Париж тұрғындары сияқты мен де оны шиеленген шешілмес жұмбақ деп білетінімді айттым. Өйткені кісі өлтірушінің ізін табу әсте мүмкін емес деп білдім.

— Сіз мына тергеу емес, тергеуді келеке етуге қарамай-ақ қойыңыз,— деп қарсыласты Дюпен.— Париждің полициясы айласымен ғана алады, оның атышулы тапқырлығы — әншейін бос сөз. Егер алғашқы бетте кездескен бірдеңеге бас салып жармаса кетуді сындарлы жүйе деп санамайтын болсақ, оның әрекетінде көкейге қонымды еш жүйе жоқ. Олар өздерінің белгіленген шаралары жөнінде жарияға жар салса да, бірақ сол шаралары көбіне көзделген нысанасына тимей жатады, сондықтан да музыканы тәуірлеу есту үшін өзінің халатын алып беруге әмір еткен Журденді еріксіз еске аласың. Егер әлдеқалай бірдеңе тындыратын болса, оның өзінде де олар тынбай тырбанып, әбден азаптанғандықтан ғана істей алады. Бұл қасиет тапшы болған жағдайда еткен еңбектері зая кетеді. Мәселен, жүйелі ойлаудан жұрдай болғанмен әлгі Видоктың әлдеқалай мұрнының шүйі мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы бар-ды; әйтсе де ол көбіне өзінің тергеу кезіндегі көзсіз қызбалығынан таяқ жейтін. Ол көзіне көрінгенге бас салатын да, содан айрылмайтын, сөйтіп оның ар жағындағыны мүлдем көрмейтін. Анау-мынау ұсақ-түйек бірдеңелерді айыра білгенімен тұтас алғанда оқиғаны түгел қамти алмайтын. Терең ойлаймын деп ағаттық жіберіп алуы да қиын емес қой. Шындық әмәнда шыңырау құдық түбінде бола бермейді. Көкейтесті мәселелерде, меніңше оның өзі көбіне көз алдында жататын сияқты. Біз оны құздың табанынан іздеп әлек боп жүрсек, ол таудың шырқау шыңынан табылады. Мұндай қателіктердің сыры мен себебін түсіну үшін аспан әлеміндегі денелерді бақылап көруге болады. Әлдеқалай жұлдызға көз қиығын салыңызшы (көздің жанарына қарағанда, ол жарыққа онша шағылыса бермейді), оны әдеттегіден әлдеқайда ап-айқын көресіз де, оған тура қарау үшін мойныңызды бұрған кезде оның жарығы бірте-бірте көмескі тартатынын әбден аңғарасыз. Бұл жағдайда жанарыңыз жарыққа шағылысқанымен алғашқы сәтте оның жарық сәулесін әлдеқайда артық сезінетін боласыз. Шектен тыс тереңдік тек ойды шата отырып, бұлыңғырландыра түседі. Көз алмай тым ұзақ, телміре қарау аспандағы Шолпанды да ағызып түсіруі ықтимал.

Ал мына өлтірілгендерге келетін болсақ, одан да өзімізше іздеу салайық, пікірімізді содан кейін барын айтармын. Мұндай тергеу жұмысы бізге ермек болады («Ермек болады» деген сөз дұрыс емес деген ой келе қалды да, бірақ мен үндемей қоя салдым), оның үстіне Лебонның да бір кезде маған жақсылық жасағаны бар еді, ол үшін мен оған әлі қарыздармын. Жүріңіз, барып бәрін де өз көзімізбен көрейік. Полиция префектісі Г.— менің байырғы танысым — бізге рұқсат ететін болар.

Рұқсат алынды, біз сол бетте кідірмей Морг көшесіне тарттық. Ол Ришелье көшесін Сен-Рок көшесімен жалғастыратын көзге қораштау көрінетін, у-шуы жоқ тыныш көшелердің бірі болатын. Біз болсақ қаланың екінші жақ шетінде тұратынбыз, ол жерге сағат үштің кезінде әзер жеттік. Үй бірден көзге түсе кетті. Өйткені көшенің қарсы бетіндегі тротуарға жиналған біраз адам жабық терезелерге әлі аңтарылып қарап тұр екен. Бұл жан қабырғасына жапсыра салынған күзет үйшігі бар Париждің кәдімгі қақпалы оңаша үйлерінің бірі. Үйге кірмей, біз көшені бойлап әрі өтіп кеттік те, тар көшеге бұрылып, айналып үйдің сырт жағынан келіп шықтық. Дюпен усадьба, мен көрші құрылыстарды мұқият тексерді, мен болсам олардан көз тоқтатар ештеңе байқай алмай, оның бұнысына қайран қалдым.

Айналып есікке келдік те, қоңырауды қақтық. Біздің сенім куәліктеріміз әсер етті білем, полицейлер бізді дереу ішке кіргізді. Екеуміз баспалдақпен мадемуазель Л" Эспанэ табылған, екі өлік сол күйі әлі жатқан ішкі бөлмеге келдік. Мұнда, бәрі бәз қалпында, сол астан-кестеңі шыққан күйі жатыр екен. Мен болсам «Сот газеті» жазған оқиғаны ғана көрдім, басқа ештеңені көргенім жоқ. Алайда Дюпен бәрін, тіпті өліктерді де мұқият қарап шықты. Біз басқа бөлмелерді аралап болып, аулаға шықтық, бұл кезде полиция қыр соңымыздан қалмай қойды. Мұның бәрі кешке дейін созылды, сөйтіп, ақыры қоштастық-ау. Жол-жөнекей менің серігім таңертең шығатын газет редакцияларының біріне соқты.

Досымның түрлі-түрлі оғаш мінездері бар екені, оларды өзімнің қолдап отырғанымды — аузыма басқа ағылшын сөзі түспей қалды — басында айтқан болатынмын. Дәл қазір оның бұл кісі өлімі жөнінде әңгімелесуге құлқы жоқ еді, бұл туралы ол тек ертеңіне түсте барып сөз бастады. Орағытып жатпай кенет ол: осы айуандықпен жасалған қатыгездіктен одан да қаталдықты байқаған жоқсыз ба деп сұрағанда мен қатты ренжіп қалдым.

«Оғаш» деген сөзді естігенде менің денем түршігіп кетті.

— Газеттен өзіміз оқығандардан басқадай ештеңе байқағаным жоқ,— дедім мен.

— Газеттің жазған хабарында ең бастысы — бұл оқиғаның ауызбен айтып жеткізіп болмас жан түршігерлік сұмдық екенін сезіну жағы жетпей жатыр ма деп қорқамын,— деді Дюпен,— жарайды сол құрғыр, бір парақ қағаз бен оның бос мылжыңы бар болсын!.. Менің ойымша, қайта жұмбақтың шешуін табуға көмектесетін жағдайға қарап, оны шешілмес түйін деп жариялаған сияқты. Мен бұл арада көзге бірден шалынатын мына жан түршігерлік жағдайды айтып отырмын. Полицейлер бір қарағанда қылмыс жасауға итермелейтін ешқандай себептің жоқтығы кісі өлімінен гөрі оның айуандық, қатыгездігі қайран қалдырады. Сонымен қатар олар бір-бірімен мүлдем қабыспайтын мына қиыншылықты да тіпті түсінбейді. Куәгерлер керілдесіп жатқан дауысты естиді, әйтсе де жоғарыға көтерілген кезде өліп жатқан мадемуазель Л" Эспанэден басқа ешкімді көре алмайды. Алайда қанішердің қашып кетуі мүмкін емес — шығатын басқа есік жоқ, қашса ол қалай да баспалдақпен көтеріліп келе жатқан куәлар көзіне түсуге тиіс. Жатын бөлменің іші астан-кестең — әлдекім өлікті тіпті аяғын аспанға қаратып пештің мұржасына тығып жіберген; кемпірдің қиялға сыймайтындай болып азапталып өлтірілуі — жоғарыда айтылғандар, мен бұл арада тізіп жатқым келмей отырған басқа көптеген жәйттермен қосылып, осының бәрі біздің әкімдеріміздің жаңсақ жолға түсуіне, олардың атышулы тапқырлығын жоққа шығаруға толық жетіп жатса керек. Әдеттен тыс жәйтті анықталмас жәйтпен шатастырып, олар талайлар тап болған айдай анық қатеге ұшырап отыр. Ал әділіне келсек, қарапайым мен әдеттегіден ауытқу ғана шындықты іздеуде ақылға жол ашады. Сіз бен біз қолға алып отырған тергеу ісінде «Не болды?» деп сұрамай, «Бұрын-соңды әсте болмаған не болды?» деп сұрау керек. Шынында да бұл жұмбақтың шешуін оп-оңай табуым — егер қаласаңыз таптым деуіме де болады — бұл жолда полиция тап болатын қиындықтарға тепе-тең емес пе осы?

Мен аңырып, Дюпеннің аузына қарап қалдым.

— Мен,— деді Дюпен есік жаққа бір қарап қойып сөзін сабақтады,— қазір бұл айуандыққа тікелей қатысты болмаса да, осы оқиғаға әлдеқалай себепкер болған бір кісіні күтіп отырмын. Жасалған қылмыстың жан шошырлық сұмдығына, әрине, ол кінәлі бола қоймас. Әйтсе де менің болжауым дұрыс болар деп ойлаймын, өйткені жұмбақтың шешуін мен соған байланысты деп ойлаймын. Көп ұзамай сол адамның осында, біздікіне келуі керек деп білем. Әрине, оның мұнда келмеуіне де болады, бірақ қалай болғанда да келетін шығар деймін. Онда осы жерде оны ұстау қажет. Тапаншалар мынау. Егер қажет бола қалса, біз екеуміз де қолдана білетін шығармыз.

Мен өз құлағыма өзім сенбей, не істеп жатқанымды ұқпай ұсынған тапаншаны қолыма алдым, ал Дюпен болса, ішіндегісін түгел ақтарғысы келгендей аузын жаппай сөйлеп отыр. Мен оның кейде пәни жалғаннан безіп кететінін айтқан едім ғой. Ол маған қарап, демек асықпай, ақырын сөйлеп отыр, бірақ сөз сарыныңа құлақ түрсем, алыстағы біреуге айтып жатқан тәрізді. Оның сезімнен жұрдай мелшиген жанары алдындағы қабырғаға қадала қалыпты.

— Куәлар баспалдақта естіген керілдескен дауыстардың екі әйелдің дауысы емес екендігі жауаптан анықталды,— деп сөзін сабақтады Дюпен.— Демек, мадам Л" Эспанэ өз қызын өзі өлтіріп, содан кейін барып өзін өлтірді деген болжау жоққа шығарылады. Мен мұны айтқанда өзімнің қалайша ойлағанымды аңғартқым келеді. Әрине, қызының мүрдесін мұржаға, кейін табылған жерге дейін нығарлап тығуға мадам Л" Эспанэнің әлі жетпеген де болар еді, ал өзінің соншалықты азапталуы, оның өзін өзі өлтіруі жөніндегі пікірдің терістігін дәлелдейді. Осыдан келіп, бұларды өлтіруші басқа біреулер, керілдескен дауыстар, шамасы солардың дауысы болуға тиіс. Ал енді сол екі дауысқа байланысты жауаптың бәрін емес, тек олардың белгілі ерекшеліктерін ғана талдап көрейік. Кәни айтыңызшы, сізді ештеңе таң қалдырған жоқ па?

— Кейбіреулер айтқандай, шырылдаған немесе ащы дауыс жөнінде пікір әртүрлі болғанымен,— дедім мен,— куәлардың бәрі қарлыққан дауыстың француздың дауысы екеніне күмән келтірмейді.

— Сіз олардың бір-бірінен айырмашылығы жөнінен емес,— қарсы дау айтты Дюпен,— жалпы жауап жөнінде айтып отырсыз. Соларға тән ерекше сипаттарды сіз байқамапсыз. Соларды байқау керек еді! Қарлыққан дауыс жөнінде куәлардың бәрі бір пікірде, оны сіз дұрыс айтып отырсыз; бұл жөнінде бәрі бірауызды. Шырылдақ дауысқа келетін болсақ, бұл арадан таң қаларлық нәрсе пікірдің ала-құлалығы емес, қайта — итальяндық та, ағылшын да, испандық та, голландық пен француз да — бәрі де оны шетелдік адамның дауысы деп сипаттайтыныңда болып отыр. Шырылдақ дауыстың сөз саптауынан солардың ешқайсысы да өз отандастарының үнін танымаған. Оның бер жағында солардың бәрі де өздері білетін тілді емес, қайта өздері білмейтін тілді нұсқайды. Французға сөз саптауы испандыққа ұқсайды: «Не айтқанын түсініп болмайды, әйтсе де испан тілі болар»: Голландыққа ол французша сияқты; әйтсе де протоколда «куә француз тілін білмейді, тілмаш арқылы жауап алынды» деп жазылған. Ағылшынға оның өзі немісше сияқты болып естіледі, айта кететін бір жәйт — ол «немісше білмейді». Оның ағылшын екеніне испандықтың еш күмәні жоқ, әйтсе де ол «ағылшынша бір сөз білмейді», тек үндестігіне қарап қана айтады — өйткені ағылшын тілі оған бөгде тіл ғой». Итальяндыққа орысша сөйлеген сияқты болып естіледі — әділін айтсақ, «өмірінде орысша сөйлесіп көрген емес». Ол — ол ма, біріншідей емес, екінші француз «сөйлескендердің итальяндық екеніне шүбәсіз сенеді». Бұл тілді білмесе де, испандық сияқты ол да сөйлеу сарынына, мәнеріне» сүйеніп айтады. Мұндай пікір туғызған сөздер, европалық бес ірі ел өкілдерінің бірде-бірі өздеріне таныс, өз ана тілдеріне ұқсас ештеңе де таппаған сөздер, шынында да құлаққа тым тосын естілген болар! Сіздің ол сөйлескендер азиялық немесе африкалық болуы ықтимал ғой деп айтуыңызға болады. Рас, Азия немесе Африка тұрғындары Парижде көп кездесе бермейді, алайда, солай болуының өзін жоққа шығарып жатпай-ақ мен сіздің назарыңызды үш жағдайға аударғым келеді. Куәларың біреуіне белгісіздің дауысы «шырылдақ емес, қайта шыңғырған ащы дауыс» сияқты болын көрінеді. Қалған екеуі оның асығып-аптығып, іркіс-тіркіс сөйлегенін сипаттайды. Солардың ешқайсысы да анық айтылған бір сөзді, немесе дыбысты ести алмайды.

— Менің айтқан дәлелдерімнің сізге қандай әсер ететінін мен білмеймін,— деп сөзін жалғастыра түсті Дюпен.— Әйтсе де біздің тергеуіміздің барысын белгілейтін табиғи заңды тұжырымдар мен болжаулар жауаптардың қарлыққан және шыңғырған ащы дауыс жөніндегі бөлігіне негізделетіні даусыз. «Заңды тұжырымдар» деп мен сәл ағаттау айттым. Менің бұл арада олар бірден-бір орынды тұжырымдар еді, және олар бірден-бір дұрыс нәтиже болып табылатын менің болжауыма әкеп соқтыратынын айтқым келген болатын. Оның қандай болжау екенін, әзірге айтпай қоя тұрайын. Бірақ есіңізде болсын, оған менің еш күмәнім жоқ және де оның өзі кемпірдің жатын бөлмесінде менің жүргізген тергеу жұмысыма белгілі бір бағыт-бағдар, әлдебір нысана сілтегендей болды.

Енді ойша сол бөлмеге қайта оралып көрейік. Біз одан ең алдымен нені іздейміз? Әрине, қанішерлер қашып шыққан есікті іздейміз Сіз бен біз, әрине сиқырдың құдіретіне сенбейміз. Шынында да мадам және мадемуазель Л' Эспанэні жайратып кеткен қайдағы бір жын-пері емес! Қылмыскерлер — материалдық дүниеде тіршілік ететіні баяғыдан белгілі, ендеше олар соның заңдарына сәйкес қашты. Әйтсе де қалай қашып кетті? Абырой болғанда бұл арада бас қатырар ештеңе де жоқ, қателеспесек, ақыл-ой қалай да тура да дәл жауапты тауып береді. Ендеше ең алдымен біртіндеп есіктерді тексеруді қолға алайық. Жұрт жапырлап баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқанда кісі өлтірушінің кемпірдің жататын бөлмесінде әйтпесе екі бөлменің аралығындағы ауыз үйде болғаны айдан анық,— ендеше шығатын есікті де сол тұстан іздеу керек. Полицейлер еденді, қабырға мен үйдің төбесін мұқият тексерген. Бірде-бір жасырын есіктің олардың назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Әйтсе де оны місе тұтпай мен өзім де бәрін қайта тексеріп шықтым. Бөлмеден дәлізге шығатын екі есік те ішінен мықтап тұрып жабылыпты. Мұржаны қарап көрейік. Оның төменгі, пешпен қосылатын тұстағы сегіз — он футтай жері едәуір кендеу де, ал одан жоғары жағы қуықтай болғанда да басқа тұрмақ ішіне семіз мысық та сыймайды. Демек бұл тұстан қашып шығу әсте мүмкін емес. Енді терезе ғана қалады. Бөлменің көше беттегі терезесін есепке алудың қажеті жоқ. өйткені одан шықса қашқындарды сыртта тұрған жұрт көрген болар еді. Ендеше, қанішерлер тек жатын бөлменің терезесінен шығып қашуға тиіс. Мұндай логикалық тұжырымға келген соң біз, ақыл-есі дұрыс адамдар болғандықтан да, одан қашып шығу мүмкін емес деген пікірге сүйеніп, ол болжаудан қалай да бас тартпауымыз керек. Қайта, біз бұл арадағы «мүмкін емес» шындыққа сыйыспайтын, жалған, алдамшы екенін дәлелдеуге тырысатын боламыз.

Жатын бөлмеде терезе екеу. Біреуіне ештеңе тұтылмаған, өн-бойы толық көрінеді. Екіншісінің төменгі жағын абажадай төсектің қаңкиған басы қалқалап тұр. Бірінші терезе іштен жабылған. Оны көтеремін деп қаншама әбігерленгенмен одан ештеңе шықпады. Терезенің сол жақтағы жақтауына ұңғыл жасаған да, сол ұңғылға баса отырғызылған жуан шеге көрінеді. Екінші терезені қараған кезде оның жақтауында да сондай шеге бар болып шықты. Бұл терезе де ашылмай қойды. Осы жағдайларға қарап, полиция қызметкерлері бұл жақтан қашып шыға алмайды деген қорытынды жасайды. Солай деп ұйғарған соң полицейлер әлгі шегелерді суырып алып, терезелерді ашып кетуді қажет деп таппады.

Мен болсам, бөлмені атүсті қарап қана қойғаным жоқ, ал оның себебін алдында айттым. Өйткені, бұл арадағы «мүмкін емес» шындықпен сыйыспайтынын, жалған, алдамшы екенін дәлелдеу қажет болатын.

Мен бұған керісінше ойлай бастадым. Кісі өлтірушілер сөзсіз осы терезелердің біреуі арқылы шығып кетті. Бірақ онда терезені ішінен олар қайта жаба алмас еді, өйткені терезе ішінен мұқият жабылған болып шықты. Мұның өзі полицейлердің басқаша ойлауына, іздеуді басқаша жүргізуге мүмкіндік бермеді. Рас терезе жабық болатын. Ендеше, олардың автоматты түрде жабылатын болғаны. Мұндай жауап өзінен өзі көкейге оралады. Мен төсек тұсынан әріректе тұрған терезеге бардым да әзер дегенде ұңғылдағы шегені суырып алып, жақтауды көтеріп көрдім. Өзім ойлағандай ол орнынан қозғалмады. Сол кезде барып, мұның бір жерінде жай көзден тыс серіппе болуға тиіс деген маған ой келді. Шегенің жұмбақ сырын білмесем де, бұл ой менің бастапқы болжауымның дұрыстығы жөнінде көңіліме күдік ұялатқан жоқ, Мұқият қарағанда барып мен жасырын серіппені шынымен тауып алдым. Мен оны басып көрдім, осы тапқан жаңалығымды қанағат тұтып терезе жақтауын көтеріп ашпадым.

Мен шегені қайта ұңғыға тықтым да оны мұқият тексере бастадым. Терезеден шыққан адамның жақтау көсігін сырттан жабуына әбден болады,— ілгешек өзінен өзі сырт етіп орнына түседі,— ал шеге өздігінен барын орнына түспейді ғой. Осыдан барын мен зерттеу шеңберін бұрынғыдан да тарылта түсетін тұжырым жасадым. Қанішерлер екінші терезеден қашын шыққан болуға тиіс. Алайда, егер біз ойлағандай ілгешек екі терезеде бірдей болса, онда айырмашылық тек шегеде, ең әрісі олардың ұңғыға қалай өткізілетінінде болуға тиіс. Матрацтың үстіне шығып, төсектің бас жағынан еңкейіп тұрып, екінші терезенің жақтауынан мұқият тексердім; одан кейін шендес терезедегіден айнымайтын серіппені тауып алып, оны қолыммен басып көрдім. Сонан соң шегені айналдырып қарадым. Қатар терезедегі сияқты ол да тоқпақтай жуан екен, тіпті қалқаныңа дейін ұңғыға бойлап кіріп кетіпті.

Сіз, әрине, мұны көргенде мені абыржып қалды деп ойлайтын боларсыз. Онда сіздің фактіден бастап оның себебін ашатын обьективті түрде ойлау әдісін жөнді білмейтін болғаныңыз. Спортшылардың сөзімен айтқанда, мен допты мүлт жібермей дәл соқтым. Мен дұрыс ізге түстім. Менің ойымның желісінде шалыс басып шатасқан жері болған емес, оны ақыр аяғына дейін сүзіп сараптап шықтым — оның соңғы нүктесі шеге болды. Мен оның қанаттас терезедегі «туысынан» айнымайтынын әлгінде айтқан болатынмын. Бірақ оның дәл сол соңғы нүктеге бастап баратын сілем екені жөніндегі менің көңілімнің кәміл сеніміне қарағанда, (қаншама ол уәжді бола тұрса да) ол тұжырым түкке тұрмайтын еді. «Демек шегеде бір кінәрат бар»,— деп ойладым. Шынында да қолым тиіп кетіп еді, шегенің басы жұлынып шыға келді. Сынық шегенің ұзын тұрқы бәз-баяғы ұңғылында қалып қойды. Сынғаныңа талай заман болса керек, тіпті сынығын тот басып қалыпты. Мен сонымен қатар қаққан балғаның шегенің қалқиған жалпақ басының бір шетін терезе жақтауына сіңіріп, жыпырып жібергенін де байқадым. Шегенің сынығын ептеп орнына қайта жапсырып көргенімде ол құдды бүтін шегедей болып шыға келді. Болмашы жарығы да білінбей кетті. Серіппені басып тұрып, мен терезені жоғары көтеріп аштым. Терезе жақтауымен бірге терең ұңғылда тұрған шегенің сынық басы қоса көтерілді. Терезені жауып едім, шеге бәз баяғы орнына қайта түсе қалды.

Сонымен, бұл арадағы жұмбақтың шешуі табылды; кісі өлтіруші төсек тұрған жақтағы терезеден қашып шыққан болды. Өздігінен болсын немесе біреудің көмегімен болсын жақтау түсірілген кезде серіппе оны берік ұстап тұрады; полицейлер болса, оны ұстап тұрған серіппе емес, шеге деп ойлайды да терезені одан әрі зерттеп жатпады.

Енді қылмысты қалай жерге түсті деген сұрақ туады. Бұл ретте сіз бен біздің үй төңірегіне жасаған саяхатымызға мен дән риза болдым. Біз айтып отырған терезеден бес жарым футтай жерден жайтартқыш өтеді екен. Сол арадан терезеге, одан ішке кіруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Алайда, бесінші қабаттағы терезе жапқыштардың Париж балташылары әдетте феррадес деп атайтын топқа жататынын байқап қалдым; олардың сәннен қалғаныңа талай уақыт болған, бірақ сіз оларды Лионның әйтпесе Бордоның ескі үйлерінде әлі де кездестіресіз. Ондай терезе жапқыштар кәдімгі бір жақтаулы есікке ұқсайды, бар айырмашылығы жоғары жағы ұста дүкенінде соғылған шартаққа немесе шпалерге ұқсайды, одан қолмен ұстауға ыңғайлы келеді. Мадам Л" Эспанэнің үйіндегі терезе жапқыштардың ені үш жарым футтай. Біз көше беттен көргенімізде олар сәл ашық, яғни қабырғаға қиғаш тұр екен. Мен сияқты, полицейлер де үйді сырт жағынан қараған болар. Бірақ жапқыштар қиғаш тұрғандықтан да олардың әдеттегіден тыс кең екенін байқамаған, әлде жеткілікті назар аудармаған болуы ықтимал. Қылмыскерлердің бұл жақтан қашып шығып кете алмайтыныңа күманданбаған полицейлер, әрине, терезелерді атүсті ғана қарап өткен. Егер төсектің бас жағындағы жапқышты айқара ашса, оның жайтартқыштың жаныңа ең әрі дегенде екі футтай жерге жақындайтынын мен бірден біле қойдым. Айрықша батылдық, ептілік жасаса, жайтартқыштан терезеге емін-еркін жетуге әбден болады. Екі жарым футтай жерге қолын созса, тонаушы (жапқыш айқара ашық тұрған жағдайда) жапқыштың жоғары жағындағы тордан ұстауына болады. Одан кейін жайтартқышты қоя беріп, аяғымен қабырғаны тіреп, бар пәрменімен секірген кезде терезе жапқышты қатты серпіп қалса болды, одан әрі егер қажеті болса үй ішіне топ етіп түсуге болатынын топшылау қиын емес Сонымен есіңізде болсын, бұл арада әңгіме әдеттен тыс айрықша ептілік туралы болып отыр, өйткені сондай жағдайда ғана аса қатерлі акробатикалық номерді жүзеге асыру мүмкін. Менің сізге, біріншіден, мұндай секіруді жасауға болатынын, екіншіден, ең бастысы — бұлайша секіру үшін әдеттен тыс, тіпті адам айтса нанғысыз ептілік қажет екенін көкейіңізге құйғым келеді.

Әрине, сіз бұл арада қандай ептілік қажет екені жөнінде жарияға жар салудан гөрі оны бүгіп, жасырып қалу, адвокаттардың сөзімен айтқанда, «менің мүддем» дейтін боларсыз. Бірақ юристердің әдеті ондай болмағанымен, ақыл-ойдың қалпына бұл сыйыспайды. Мақсатым — шындықты ашу. Менің қазіргі міндетім мына төмендегі жағдайды: біріншіден, мен әлгінде айтқан ғажап ептілікті, екіншіден, мейлінше өзіндік ащы дауысты, қайсы біреулердің айтуынша, қай ұлтқа жататынын әркім әртүрлі жоритын, оның үстіне бір сөзін ұғып болмайтын, былдырлаған қатқыл дауысты өзара салыстыру қажеттігін сіздің санаңызға құю болып табылады...

Осындай сөздердің әсерінен менің миымда сағымдай бір саңылау жылт ете қалғандай болды. Кейбіреулер әлденені есіне түсіргісі келіп құр бекерге әлек болып жатады ғой; маған да сондай сәл шүйілсем, құдды Дюпеннің ойын дәл басатындай болып көрінді.

Әйтсе де, менің досым сөзін сабақтай түсті: — Біліп қойыңыз, мен тонаушы қалай қашып шықты деген сұрақтан, енді ол үйге қалай кірді деген мәселеге ойыстым. Менің сізге бұл екеуінің де бір жерде болғаның, бір тәсілмен жасалғанын көрсеткім келді. Енді үйге қайтып оралайық. Біз онда қандай жағдайға тап болдық? Ұсталған бұйымдар салынған комодтың суырмасынан біраз нәрсе ұрланған деп бізді қазір де иландырмақ болады. Бірақ соның өзі сандырақ емес пе? Ақылға сыймайды деп айтпасақ та, ойдан шығарылған орынсыз пікір. Мүмкін сол табылған заттардан басқа комодта ештеңе болмаған да шығар, оны қайдан біледі? Мадам Л" Эспанэ мен қызы ешкіммен араласпай, ешкімді шақырмай, өздерімен өздері оңаша ғана өмір сүрген, ендеше оларға көп киімнің қажеті не? Табылған көйлектер сапасы жөнінен алғанда бұл әйелдер киетін киімдердің сапасынан еш кем емес. Ал егер тонаушылар әйелдердің көйлектеріне қызыққан болса, онда неге олар тәуірлерін тастап кеткен, тіпті неге солардың бәрін сыпырып алып кетпеген? Ең бастысы, қайдағы бір шүберектерге бола неғып ол төрт мың алты теңгені алмай қалдырып кеткен?

Ал ол болса, ақшаны алмай қалдыры кеткен. Мосье Минье айтқан алтын түгел дерлік сол қалпында дорбаға салынған күйі еденде қала берген ғой. Сондықтан да куәлерден алынған жауаптың үйге әкелінген алтын жөнінде айтылған тұсына байланысты полицейлердің басында пайда болған қайдағы бір қылмысқа итермелейтін қисын — келеңсіз пікірді ойыңыздан мүлдем аластаңыз. Ақшаның үйге әкелінуі және оны алушының үш күннен кейін өлтірілуінен гөрі он мәрте артық кездейсоқтықтар біздің көз алдымызда сағат сайын болып жатады, бірақ біз оларды тіпті елең қылмаймыз. Кездейсоқтық — болжам теориясының не екені жөнінде өмірінде естіп-білмеген кейбіреулер үшін кәдімгі бұлыңғыр сағыммен бірдей,— ал шыныңа келсек, біздің іліміміздің маңызды салаларындағы ең керемет жаңалықтардың өзі сол теорияға борышты. Әрине, ақша кем шығып, жетпей жатса, онда оны алушының өлтірілер алдында ғана әкелінуі жөніндегі факті кездейсоқтықтан әлдеқайда маңыздырақ болып шығар еді. Ол кезде қылмыстың қисыны жөніндегі мәселені қозғауға да әбден негіз болар еді. Мына қазіргі жағдайда қылмыстың қисыны ақша болды деп санаудың өзі қылмыскер — ашықауыз, ақымақ деген қорытынды жасауға еріксіз мәжбүр етері сөзсіз, өйткені ол ақша жөнінде, яғни өзін қылмыс істеуге итермелеген қисын жөнінде мүлдем ұмытып кеткен.

Мен сіздің назарыңызды аударған үш жағдайды — өзіндік ерекше дауысты, керемет ептілікті және мұндай айуандықпен жасалған қылмыстың көңілге қонатын қисынды себебінің болмауын, көңілге берік түйе отырып, енді біз қылмыстың сипатына келейік. Қазаға ұшыраған мына қызды қолымен қылғындырып өлтіріп, содан кейін аяғын аспанға қаратын, пештің мұржасына тығып жіберген. Кәдімгі қылмыскерлер бұлай істемейді. Ең болмағанда өздері өлтірген адамның мүрдесін бұлайша тықпайды. Өлі денені мұржаға қалай тыққаның көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мұнда сұмдық бірдеңені, тіпті азғындардың азғыны жасады дегеннің өзінде де біздің ұғымымыздағы адамның әрекетіне мүлдем ұқсамайтын бірдеңенің бар екеніне күмәніңіз қалмайтын болады. Оның бер жағында, бірнеше адам жабылып жоғарыдан төмен қарай тартып зорға суырып алғанда өлікті төменнен жоғары қарай мұржаға тығу үшін қандай ғаламат күш керек болғанын ойлап көріңіз...

Сондай-ақ, сол ғаламат күштің сайрап жатқан басқа да іздеріне келейік! Пештің шартағынан бір уыс қалың ақ шаш табылған. Түбімен жұлынған. Тіпті жиырма-отыз тал шашты бірден жұлып алуға қандай күш керек екенін сіз өзіңіз білесіз! Ол жұлынған шаштарды сіз өзіңіз де көрдіңіз. Айтуға ауыз бармайды, әйтсе де, құйқасымен жұлынған түбіне қан-қан болып еті қатып қалыпты — жарты миллион шашты уыстап бірден жұлып алуға қаншама күш қажет болғанын соның өзі-ақ айтып тұр. Кемпірді тек тамағынан бауыздай салмаған, басын тұп-тура кесіп алған; ал қанішердің қолындағы бар қаруы кәдімгі ұстара ғана болған. Сондай-ақ бұл жауыздың қандай жан түршігер айуандық жасағаныңа ой жүгіртіп көріңізші! Мен мадам Л" Эспанэнің денесіндегі көгерген жерлерді айтып отырғаным жоқ. Мосье Дюма мен оның қадірлі әріптесі мосье Этьенн оларды доғал бірдеңемен соққан деседі — бұл жөнінен олар қателескен жоқ, Бұл реттегі доғал бірдеңесі мына төсек жақтағы терезеден лақтырылған дене келіп түскен көшеге төгілген тастар болып отыр. Мұның еш қиындығы жоқ! Терезе жапқыштың жалпақ екенін аңғармағандары сияқты полицейлер мұны да байқамаған, өйткені олардың герметикалық түрде тұмшаланған миына, әйтсе де терезе ашылатын болар-ау деген ой әсте келмеген.

Егер бұған жатын бөлмедегі астаң-кестеңі шытып жатқан алатопырды қосатын болсақ, онда бізге керемет ептілікті, адам айтқысыз алып күшті, асқан айуандық пен сұмдық қатыгездікті, әртүрлі ұлттардың өкілдері сияқты болып көрінетін дауыс пен сөйлеу мәнерін, сондай-ақ адам ұғып болмайтын сөздерді өзара салыстыру ғана қалады. Мұнан қандай қорытынды жасауға болады? Біздің көз алдымызда қандай бейне пайда болады?

Мұндай сұрақтан менің тұла бойым түршігіп кетті.

— Бұл жауыздықты істеген есуас,— дедім мен,— жақын жердегі бір жындыханадан қашып шыққан есірік біреу болар.

— Оныңыз рас,— деп құптай сөйледі Дюпен,— сіздің айтқандарыңыздың жаны бар. Әйтсе де тіпті байлаусыз жындының айқайының өзі де баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда куәлар естіген ерекше дауыстарға маңайламайды да. Қандай болған күнде де жындының да ұлты бар, ана тілі бар, ал сөзінің мағынасы түсініксіз болғанымен де әр сөзі анық естіледі. Оның бер жағында жындының шашы мына менің қолымдағы шаштарға мүлдем ұқсамайды. Мен оны мадам Л" Эспанэнің қарысып қалған саусақтарының арасынан зорға дегенде ашып алдым. Бұл жөнінде сіз не дер едіңіз?

— Дюпен,— дедім абыржып сасып қалған мен аптыға сөйлеп,— мына шаштардың өзі тым біртүрлі екен — адамның шашына ұқсамайды!

— Мен де мұны адамның шашы деп тұрғаным жоқ,— деді Дюпен.— Әйтсе де белгілі бір тұжырым жасамай тұрып, алдымен мына қағаздағы суретке көз салыңыз. Мұнда куәлерден алынған жауаптардың мадемуазель Л" Эспанэнің мойнындағы «қанталаған жерлер, тырнақтың, іздері» деген жерлері, ал Дюма мен Этьенн мырзалардың жасаған қорытындыларында «бір қатар көгерген-қызарған, қанталаған жерлер шамасы, саусақтардың ізі болар» деген жерлер де салынған.

— Мына суреттен,— деді досым бір парақ қағазды стол үстіне алып қойып жатып,— ұстаған қолдың мүлт жібермейтін мықты екенін көруге болады Мына саусақтар ұстаған жерінен әсте айрылмайды. Солардың әрқайсысы, шамасы, шеңгеліне ілінген құрбандықтың ақырғы демі біткенше баста тірі тәнді қалай бүрген болса, сол күшінен айнымайтын болар. Ал енді екі қолыңыздың саусақтарын түгел мына таңба белгіленген жерге басып байқаңызшы.

Бекер әурешілік! Менің саусақтарым таңбаларға сай келмеді.

— Жо-жоқ, тоқтай тұрыңыз, неде болса бәрін де дұрыстау жасап көрелік,— деп мені ұстап қалды Дюпен.— Қағаз жалпақ стол үстінде жатыр, ал адамның мойыны жұмыр болады ғой. Мына кеспелтек ағаштың жуандығы шамасы адамның мойнындай болар. Қағазды соған орап, саусақтарыңызды қайта салыстырып көріңіз.

Мен оның дегенін жасадым, одан іс оңайланған жоқ, қайта қиындай түсті.

— Шамасы,— дедім мен ақыры,— адам саусақтарының таңбасы болмас.

— Енді,— деді Дюпен,— Кювьенің жазғандарының мына бір тұсын оқыңызшы.

Мұның өзі Ост-Индия аралында тіршілік еткен алып қоңыр орангутангның егжей-тегжейлі анатомиялық және жалпы сипаттамасы болатын. Бұл сүтқоректілердің бойы үлкен, күші керемет, ептілігі ғажап, өшіксе әсте бой бермейтіні, біреудің істегенін қатын алуға келгенде айрықша қабілетті болатыны баршаға аян.

— Саусақтарының сипаттамасы,— дедім мен оқып болған соң,— мына сіздің салған суретіңіздегімен дәл келеді. Мұндай саусақ таңбаларын тек әлгіндей орангутанг қана қалдыруы мүмкін екенін мен енді түсіндім. Тот басқандай қоңыр түсті қылшықтар соған ұқсастығын дәлелдейді. Әйтсе де мына болған апаттың бәрін қалай түсіндіруге болады? Өйткені куәлер бәрі даусыз француздың сөйлегеніне ұқсас екі дауысты естіген ғой.

— Өте дұрыс айтасыз! Жұрттың бәрі французға таңған шарасыздықтан айтылған. «Құдайым-ай!» деген сөз әрине, әлі сіздің есіңізде болар. Бұл шарасыздықты сол жағдайға орай қарсылық әйтпесе наразылықтың белгісі ретінде бір куәгер (Монтани, магазиннің иесі) өте орынды түсіндірген болатын. Жұмбақты қалтқысыз шешу жөніндегі менің үмітім де осы екі сөзге негізделген. Бір француз адам өлігін көзімен көреді. Мүмкін, тіпті шындығында да, оның бұл жан түршігер зұлымдыққа ешқандай қатысы жоқ шытар. Маймыл қашып шығып кеткен болса керек. Француз оны қылмыс жасалған жерге дейін қуып барған болар. Мынадай жағдай болып жатқанда, әрине, оны ұстап алуға оның шамасы келмейді. Маймыл қазір де бостандықта жүр. Өзімнің болжауым жөнінде көп айтып жатпай-ақ қояйын, өйткені оның өзі бар болғаны болжау ғана ғой, оған негіз болған солқылдақ ойдың өзі де тым тұрлаусыз, басқалар түгіл менің өзімді де онша иландыра қоймайды. Сонымен, оны болжау деп атаймыз да, сол тұрғыдан ғана бағалайтын боламыз. Алайда егер мен ойлағандай біздің сол французымыздың кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ болса, онда жол-жөнекей мен «Монд» газетінің — біздің кеме қатынасы кеңсесінің мүддесін көздейтін және теңізшілер арасында танымал газеттің редакциясына беріп кеткен құлақтандыру — иә, сол құлақтандыру қалай да оны осында келтіретін болады.

Дюпен газетті қолыма ұстата салды. Мен оқи бастадым: «Осы айдың пәлені күні (кісі өлімі болған күні) таңертең Борнео аралында кездесетін аса ірі қоңыр орангутангтардың бір түрі Булон орманынан ұсталды. Егер өзінікі екенін дәлелдей алса, тағы айуанды ұстауға және оны бағуға жұмсалған шығынды өтейтін болса иесіне (ұзынқұлаққа қарағанда мальтийлік кеменің теңізшісі болса керек) қайтарылады. Мына адреске хабарласуға болады: Сен-Жермен шет аймағы... көшесіндегі №... үй, бесінші қабаттан сұрау керек».

— Ол адамның Мальтий кемесіндегі матрос екенін сіз қайдан білдіңіз? — деп сұрадым.

— Мен оны білмеймін,— деді Дюпен.— Оған ешқандай сенімім де жоқ. Бірақ мына лентаның үзіндісін қараңызшы, әбден майсінді болып қалған, тіпті түрінің өзі-ақ мұнымен матростар жақсы көретін сабалақ-сабалақ жалбыр шашын таңатынын айтып тұр. Оның үстіне бұлай етіп теңізші ғана емес, тек мальтийлік қана байлай алған болар еді. Мен бұл лентаны жайтартқыштың түбінен тауып алдым. Мұның өлген әйелдердің біреуі тұтынған зат болуы екі талай. Алайда егер мен қателесіп, лентаның vied мальтийлік теңізші болмай шыққан күннің өзінде де жариялаған құлақтандыруда соған мегзеуімнен келер еш зиян жоқ. Егер қателескен болсам, әлдекім мені шатастырған екен деп, матрос оған онша мән бере қоймайды. Егер менікі дұрыс болса — онда бұл менің қолымдағы мықты уәж кәзір болады. Тікелей өзі қатысты болмаса да, қылмысты көзімен көрген француз, әрине, құлақтандырудың ізімен бармас бұрын он ойланады. Ол былайша ойлайтын болады: «Мен кінәлі емеспін; оның бер жағында өзім жарлы адаммын; орангутанг жалпы қымбат тұрады, ал мен үшін ол үлкен байлық, түкке тұрмайтын күдік үшін одан неге айрылып қалмақпын. Ол қасымда тұр, қолымды созсам болды. Оны Булон орманынан, кісі өлтірілген жерден аулақтан тауып алды. Мұндай сұмдықты тағы жасады деген ешкімнің де ойына келмейді. Полиция мұның қалай болғанын мәңгі-бақи таба алмайды. Тіпті маймылдың ізіне түсіп, ұстаған күнде де — менің білетінімді кәні дәлелдеп көр, ал білейін-ақ, әйтсе де мен кінәлі емеспін. Ең бастысы, мені біреу білетін болып шықты. Құлақтандыруда мені сол мақұлықтың иесі деп атапты. Ол адам туралы тағы нелер айтқаның кім білсін! Егер мен меншігімді іздеп бармасам,— ал ол көп ақша тұрады, әрі оның иесі мен екенімде белгілі — онда маймыл күдікке қалады. Ал маған өзіме де, сол сұмырайға да күдік түсірудің ешқандай қажеті жоқ. Одан да құлақтандыру бойынша барып, орангутангті аламын да, бәрі әй-жай болып тынғанша бір жерге жасыра тұрамын».

Баспалдақтан көтеріліп келе жатқан біреудің аяқ тықыры естілді.— Тапаншаны қоластында әзір ұстаңыз,— деп ескерту жасады Дюпен,— бірақ көрсетпеңіз, мен белгі бермейінше атпаңыз!

Көше беттегі есік ашық тұрған; келуші қоңырау соқпай ішке кірді де баспалдақпен жоғары көтеріле бастады. Әйтсе де сәл көңілі қобалжыған болса керек, бір сәт аңырып тұрды да, кейін қарай кетті. Дюпен есікке ұмтылды, бірақ сол мезетте бейтаныс адамның баспалдақпен қайта көтеріліп келе жатқанын құлағымыз шалып қалды. Одан кейін ол кері оралуға әрекет жасаған жоқ, Біз оның кідірмей баспалдақпен көтеріліп келе жатқанын айқын естідік, сонан соң ол есік қақты.

— Кіріңіз,— Дюпен жарқын да жайдары дауыспен жауап берді.

Пошымына қарағанда матрос болар — еңгезердей, денесі мығым, бұлшық еттері білеу-білеу, елеңдеп, едіреңдеген, әйтсе де түр-тұлғасы сымбатты біреу келіп кірді. Жағын жайлап алған сәнді сақалы мен едірейген мұрты күйіп, қоңырқай тартқан жүзінің жартысын дерлік жауып кетіпті. Қолында салмақты сойыл, шамасы, бар қаруы сол болар. Теңізші ебедейсіздеу иіліп тағзым етті де, бізге қайырлы кеш тіледі; сәл невштальдік сарыны бар демесе, ол французша таза сөйледі, әйтсе де оның Париждің байырғы тұрғыны екені барлық жағынан да байқалып тұр.

— Отырыңыз, достым,— деп жылы шыраймен қарсы алды Дюпен.— Сіз әрине, орангутангке келген боларсыз? Шынын айтқанда, қызығуға әбден болады, тамаша маймыл, өзі бағалы да шығар. Өзі неше жаста екен, қалай деп ойлайсыз?

Мойнынан ауыр жүк түскендей теңізші кеудесін кере бір күрсінді.

— Тіпті де білмеймін,— деді ол ернінің ұшымен.— Төрт-бес жаста шығар,— одан артық бола қоймас. Ол осында, үйде ме?

— Қайдан үйде болсын, бізде оған лайық бөлме табылмады. Біз оны Дюбур көшесіндегі арбакештер ауласына тапсырып қойдық, алыс емес, осы арада. Ертең келіп алып кетіңіз. Оның иесі екеніңізді дәлелдеу, әрине, сізге онша қиын болмас деймін?

— Ол қиын емес, мосье!

— Тіпті қайтарып беруге де қимаймыз,— деді Дюпен.

— Бекер әбігерлендім деп ойламай-ақ қойыңыз, мосье,— теңізші де оның көңілін аулап жатыр.— Менің де ар-ұятым бар. Сіздің еңбегіңізді, әрине, шамам келгенде ынта-ықыласыммен өтеймін. Келісерміз.

— Несі бар,— деді менің досым,— сіздің мұныңыз көргенділік. Кәні, сізден қанша алатынымды байқап көрейінші. Әйтсе де маған ақшаның қажеті жоқ; Морг көшесінде болған кісі өлімі жөнінде не білесіз, одан да бізге соны айтып беріңіз.

Қатты айтпаса да мұны байсалды түрде байыппен айтты. Сондай-ақ асықпай есікке барып, оны жапты да кілтті қалтасына салып алды, сонан кейін жан қалтасындағы тапаншасын алып, жаймен столдың үстіне қойды.

Демікпесі буып, демі бітіп қалғандай теңізшінің жүзі қанталап қып-қызыл болып кетті. Аласұрып, орнынан атып тұрып, сойылына шап берді, бірақ сол сәтте денесі қалшылдап, өңі құп-қу болып, орындыққа қайта сылқ ете қалды. Ол тіс жарып, тіл қатпады. Менің оған қатты жаным ашып кетті.

— Бекерге үрейленбей-ақ қойыңыз, достым,— деп Дюпен оны жұбатып жатыр.— Біз сізге ешқандай жамандық жасамаймыз, оған сеніңіз. Біздің ниетіміз адал екеніне француз ретінде, әдепті адам ретінде ант етуіме болады. Морг көшесінде болған жан түршігерлік сұмдыққа сіздің кінәлі емес екеніңіз бізге айдай анық. Әйтсе де оған мүлдем қатысым жоқ деп, айтпайтын боларсыз. Көріп отырсыз ғой, маған көп нәрсе аян. Менің оны қайдан білетінімнен сіздің хабарыңыз жоқ. Қысқасы, жағдай маған айдан анық, Сіз өзіңізге өзіңіз кінәрат артатындай немесе, сізді жауапқа тартуға болатындай ештеңе де жасаған жоқсыз. Тіпті алып кеткен күніңізде де ешкім білмейтін біреудің ақшасына да сіз қызықпадыңыз. Сіздің жасыратын да, жасырынатын да ешқандай ретіңіз, негізіңіз жоқ, Алайда, ар-ұятыңыздың алдында адал болуыңыз үшін сіз бұл іске байланысты білетіндеріңіздің бәрін жасырмай айтып беруге тиістісіз. Кінәсіз адам тұтқындалып отыр; оған кісі өлтірді деген ауыр айын тағылуда, шын кінәліні сіз ғана білесіз.

Дюпеннің сөзі оған әсер етті, теңізші есін жиды, бірақ оның еркінсінген кейпінің нышаны да қалмады.

— Мейлі, не болса, ол болсын,— деді ол сәл үнсіз отырды да.— Білгенімнің бәрін сіздерге айтып берейін. Тәңірім өзі жар болсын! Сіздер, әрине, сенбейсіздер — егер сіздер маған сенеді деп үміт еткен болсам, мен онда ақымақ болар едім. Әйтсе де, бұл жерде менің ешқандай кінәм жоқ! Мені асып өлтірсе де еріктері, ал мен сіздерге имандай шынымды айтайын.

Жалпы оның айтқан әңгімесінің түйіні мынау болды. Жақында оған Индонезия архипелагтарының аралдарында болып қайтуға тура келсе керек. Өзі сияқты теңізшілермен бірге Борнеоға түсіпті де, аралды аралап қайтуға саяхатқа аттанады. Бір жолдасымен екеуі сол сапарда орангутанг деген маймылды ұстап алады. Көп ұзамай сыбайласы қайтыс болады да, матрос бір өзі маймылдың иесі болып қалады. Парюкдегі үйіне жеткізгенше, көршілерінің беймаза әуесқойлығынан қауіптеніп, әрі орангутангтің кемеде тікен кірген аяғы жазылуын күтіп, бөлмеге құлыптап қоямын дегенше, қайтар жолда маймылдың долы мінезінен оның көрмеген азабы қалмады. Матрос. оны пайдалы етіп сатпақшы болады.

Жақында бір тойда болып, көңіл көтеріп үйге қайтып келсе,— бұл әлгі кісі өлтірілген түн, турасын айтқанда, сол күнгі таңертеңгісін болатын,— орангутанг өзінің жататын бөлмесінде жүр екен. Сөйтсе тұтқын қашып кетпесін деп әдейі қамаған іргелес шоланның аралық қабырғасын сындырып шығыпты. Бет-аузын баттастырып сабындаған маймыл ұстараны қолына алып, өзі кілттің тесігінен талай рет көрген иесіне ұқсап сақалын қыру үшін айна алдында отыр екен. Жыртқыштың қолындағы қатерлі қаруды көріп, оның бірдеңені бүлдіруі мүмкін екенін ұққан кезде ол енді не істерін білмей сасқалақтап қалады. Бірақ ол тұтқынына әрқашан әмірін орындататын, дойыр қамшының құдіретімен тіпті орангутангті ашу қысып, аласұрған шағында да айтқаныңа көндіріп, айдауына жүргізетін. Қазір де ол қамшыны қолына алды. Мұны байқап қалған маймыл есікке ұмтылды, баспалдақпен төмен түсті де, қырсық қылғанда сол сәтте ашық тұрған терезеден көшеге бір-ақ секірді.

Үрейі ұшқан француз оның соңынан жүгірді. Қолындағы ұстарадан айрылар емес, өзінің қуғыншысын мазақтап, бет-аузын тыржыңдатып, сәл аялдап тұрады да, қасына жақындап келе бергенде тағы да қайта жүгіре жөнеледі. Ол ұзақ қуалады оны. Таңғы сағат үштердің кезі болатын, көшеде қыбыр еткен жан жоқ, тым-тырыс. Морг көшесінің артындағы тар көшеге жеткенде үлкен үйдің бесінші қабатындағы мадам Л" Эспанэ бөлмесінің терезесіндегі талмаусыраған жарық қашқынның көзіне шалынды. Үйдің жаныңа барғанда маймыл жайтартқышты көріп көзді ашып-жұмғанша онымен жоғары өрмелеп шықты да, айқара ашық тұрған терезе жапқыштан шап беріп ұстай алды, соның көмегімен төсектің биік басына бір-ақ секірді. Мұндай акробаттық номерге бір минут та уақыт кеткен жоқ. Бөлмеге кірген соң маймыл аяғымен теуіп терезе жапқышты қайта ашып тастады.

Матрос қуанарын да, күйінерін де білмеді. Тұзаққа түскен қашқынды ол енді қайта ұстап алармын деп үміттенді, өйткені ол қайта шықса, тек жайтартқыш арқылы ғана түседі, бұл арада оны ұстап алу оңай. Бірақ ол үйде бірдеңені бүлдіріп жүрмесе болғаны! Осы ой оны маймылдың ізінен қуып баруға мәжбүр етті. Жайтартқышпен өрмелеп шығу әсіресе матросқа онша қиындыққа түскен де жоқ, бірақ сол жақта едәуір шалғай тұрған терезеге жете бергенде, оның сәл аялдауына тура келді. Оның қолынан жалғыз келері, жапқыштан ұстап тұрып терезеден қарау ғана болатын. Іштегі сұмдықты көргенде жерге ұшып түсе жаздады, Морг көшесінің тұрғындарын шырт ұйқыдан шошытып оятқан жан ұшырған ащы дауыс та сол сәтте шыққан-ды.

Сол кезде мадам Л" Эспанэ мен қызы екеуі түнде киіп жататын көйлектерімен, шамасы, жоғарыда айтылған темір жәшікті бөлменің ортасына қойып, ішіндегі қағаздарды реттеп отырса керек. Қобдишаның қақпағы ашылған, ішіндегі заттардың бәрі еденде үйіліп жатыр. Екі әйел де, мүмкін терезеге теріс қарап отырғандықтан да, түнгі қонақты бірден көрмей қалған болар. Оның ішке кіруі мен әйелдердің ащы дауысы шыққанға дейін біршама уақыт өткендігіне қарағанда, шамасы, олар терезе жапқышты жел сартылдатты деп ойлаған болса керек.

Матрос терезеден бөлме ішіне қараған кезде алып орангутанг мадам Л" Эспанэнің иығына төгілген шашынан тас қып уыстап алыпты (ол шашын түнге қарай тарқатып, тарап отырған болатын), шаштараздарға ұқсап, оның көз алдында ұстараны жанып, жалаңдатып тұрған еді. Қызы есінен танып, еденде сілейіп жатыр. Әлде шашы жұлынған кемпірдің қарсылығы мен бақырған ащы дауысы орангутангтің ашу-ызасын қоздырған, енді алғашқы бетінен қайтып, күш жұмсауына себепкер болған шығар. Қуатты қолымен тамақтан орып жібергенде, кемпірдің басы ұшып түсуге сәл-ақ қалады. Ашулы жыртқыш қанды көрген кезде тіпті аласұрып, құтырып кетеді. Көзі шатынап, шоқтай жанады. Тісін қайрап, еденде жатқан қызды бас салады. Аюдай арбиған тырнақтарымен оның алқымынан алып, буындырып, қыздың ақырғы демі біткенше айрылмайды. Құтырған маймыл айналасына алақ-жұлақ қараған кезде бөлменің арғы жағында төсектің басында өңі өліктей құп-қу болып кеткен иесінің бұлыңғыр бейнесін көреді. Қатерлі дойыр қамшыны әлі ұмыта қоймаған ызалы хайуанды лезде үрей билейді. Өзінің кінәсін сезген орангутанг, шамасы жазадан қорықса керек, қанды қара құйымшағын жасыру үшін, төсек үстіндегі жастықтар мен көрпе-төсекті лақтырып, мебельді қиратып, аударып, бөлменің астан-кестеңін шығарып аласұрады. Ақыры қыздың денесін көтеріп апарын мұржаға тығады, кейін жұрт оны сол жерден тауып алды, ал кемпірдің денесін ойланып жатпай терезеден лақтырып жібереді. Өзінің қан-жоса болған жүгін көтеріп маймыл терезе алдына келгенде есі шығып кеткен матрос жайтартқышпен түсу қайда, ұмар-жұмар төмен қарай құлдырай жөнеледі де, қанды қырғынның пәлесінен қорқып, өз мақұлығының келешек тағдырын ойлауды қолайлы сәт туғанша қоя тұруға ұйғарып, үйіне зыта жөнеледі. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқан жұрттың естіген дауыстары зәресі ұшқан француздың үрейлі үні мен ызаға булыққан маймылдың ызғарлы былдырағы болатын.

Міне, осылай болуға тиіс. Есікті бұзып ішке кіргенге дейін орангутанг, шамасы, кемпірдің бөлмесінен жайтартқыш арқылы қашып шығып кеткен болса керек. Терезені түсіріп, жауып кеткен де сол.

Көп ұзамай оны иесі ұстап алып, Ботаникалық баққа қыруар ақшаға сатып жіберді. Біз Дюпен екеуміз префектіге барып, бәрін баяндап берген бойда (Дюпен кейбір жәйттердің сырын ашпай тұра алмады) Лебонды бірден тұтқыннан босатты. Менің досымды сыйлай тұрса да, сол әкімқұмар неме бұл масқарадан қатты опық жегенін жасырған жоқ, тіпті әркімнің өзіне тән іспен айналысқаны жөн болар еді дегендей біздің атымызға бір-екі ащы сынын да айтып үлгерді.

— Айтса, айта берсін,— деді префектке мүлде жауап қатпаған Дюпен кейін маған.— Ашуын басып алсын! Адам ішіндегі шерін шығару керек қой. Маған жауды өз жерінде соққаным да жетер. Әйтсе де құпия сыры қолыма түспеді деп біздің префект бекер таңырқайды. Шынын айтқанда, оқиғаның түпкі төркініне үңілуге ол тым қу. Оның барлық ілімі — тым таяз. Лаверна құдайдың бейнесі сияқты оның да денесі жоқ, тек басы ғана, немесе әрі кетсе треска балығы сияқты кеудесі мен басы ғана бар. Бірақ қалай дегенмен де ол тәуір жігіт, әсіресе мен оның асқан ақылды деген атағын шығарған керемет ептілігіне қайран қаламын! Мен оның «барды жоққа шығаратын, жоқты жыр қылып тарататын» әдеті жөнінде айтып отырмын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)