Сын сағатта тас түйін, біртұтас болған ел

1941 жылғы 22 июньде фашистік Германия Совет Одағына соғыс жарияламай, тұтқиылдан шабуыл жасады. Фашистік Германия 1939 жылы совет — герман мемлекеттері арасында жасалған өзара соғыспау туралы келісімді опасыздықпен бұзды. «Империализмнің ең негізгі сипатының бірі — империализм әр кезде-ақ ұлттық соғыстарды тудырып отыруға тиіс» — деп атап көрсеткен еді, Владимир Ильич Ленин өз еңбегінде. Европаның көп елдерін басып алғаннан кейін фашист жендеттерінің әскери-экономикалық қуаты барынша нығайды. Францияның, Австрияның, Чехословакияның соғыс заводтары, Румыния мен Венгрияның мұнай кәсіпшіліктері, Норвегияның рудниктері гитлершілерге қызмет етті. Бұл — аса күшті әрі зұлым жау еді. Неміс-фашист армиясының жеке адам санының құрамы Қызыл Армиядан 1,8 есе, танкісі 1,5 есе, соғыс самолеттері 3,2 есе, зеңбіректері мен минометтері —1,2 есе артық болатын. Фашистік Германияның 217 девизиясы және 5 әуе флоты болса, 1941 жылғы июньде жаудың 153 дивизиясы мен 4 әуе флоты СССР-ге қарсы қойылды. Германия сатиллит (одақтас елдер) әскерлерін қосқанда Совет Одағына қарсы барлығы 190 дивизиясын, 5,5 миллион солдат және офицерлерін, 3712 танкісін, 4950 әскери самолетін, 47260 зеңбірегі мен минометін, 193 соғыс кораблін және т. б. соғыс техникасын соғысқа қосты. СССР-дің әуе кеңістігіне мыңдаған фашистік самолеттер ұшып келіп қалаларға, аэродромдар мен темір жол тораптарына бомбалар тастады, мыңдаған зеңбіректер шекарадағы заставалар мен Қызыл Армия бөлімдерін атқылады.

Бұл соғыста фашистік басқыншылар совет халқының кең байтақ жерін, оның зор байлығын басып алуды, Совет Одағындағы халықтардың ұлттық мемлекеті мен мәдениетін қиратуды, көп ұлтты халқымызды қырып-жойып, құл етуді мақсат етті. Сондықтан да бұл соғыс фашистік Германия тарапынан басқыншылық, әділетсіз соғыс болды.

Совет Одағына қарсы соғыста фашистік Германияның стратегиялық жоспарларында біздің көп ұлтты мемлекетіміздің достығын бұзу мақсатын да қарастырды. Совет еліне соғыс аша отырып фашистік Германия басшылары СССР «көптеген ұлттардың тұрақсыз жасанды бірлігінен құралған ел, сондықтан соғыстағы алғашқы сәтсіздіктерден соң-ақ көп ұлтты мемлекеттің достығы ыдырайды, — деді. Совет жауынгерлері қолға түсірген «жасыл папка» материалдарының ішінде, басып алынған жерлер мен аймақтар туралы директива болды. Онда: «Прибалтика литва, эстон, латыш және орыстар арасындағы қайшылықты шиеленістіріп, оны немістер мақсатына пайдалану керек. Оңтүстіктен украиндар, орыстар арасындағы қайшылықты, Қавказда тағы — грузиндер, армяндар мен татарлар, орыстар қайшылықтарын өз пайдамызға пайдалануымыз керек», — деп жазылған.

Фашистердің соғыс жүргізу жоспарымен қатар тонаушылық жоспарларында да орыс халқын бөліп ыдырату, маңызды орын алады. «ОСТ» деп аталатын басты жоспарға қосымшада Розенберг «Сөз тек мемлекетті талқандау туралы ғана емес, орыстардың тұқымын әлсірету және елдік бірлігін құрту туралы»,— деді. Гитлер «Біздің саясатымыз Россияның үлкен кеңістігін мекендеген халықтар арасында алауыздықты және бытыраңқылықты туғызу болып табылады», — деді.

Гитлершілдер біздің елімізге кірген кезінен бастап ақ фашистік насихат антисоветтік және антикоммунистік үгітті кең таратты. Олар интернационализм құрылысына, коммунистік партияға қарсы «ұлттық» алауыздық жасауға ұмтылды. Осы мақсатта орыс емес халықтардың арасында буржуазиялық ұлтшыл элементтердің беделін арттыру үшін жұмыс жүргізді. Бірақ бұған керісінше неміс-фашист әскерлері соғыстың алғашқы күндерінде-ақ шығыста дүние жүзі білмеген халықтардың жауынгерлік бірлігі бауырластық күшімен кездесті. Саяси бірлік, социалистік отанға деген сүйіспеншілік, совет адамдарының жеңіске деген ынтасы соғыстың алғашқы өте ауыр кезеңдерінің барысында айқын көрінді. Жеккөрінішті жаумен күресте орыс, украин, белоруссия деревняларынан, Орта Азия мен Қазақстан ауылдарынан, Қавказдың таулы аймақтарынан, еліміздің қалалары, республикалар, өлкелерінен адамдар шықты. Мысалы жұмысшы Галуст Карагезов әскер қатарына алынарда митингте сөз сөйлеп былай деді: «Менің екі ағайым қазір қаніпезер жаумен айқасуда. Бүгін майданға мен қалған төрт ағаларыммен бірге аттанып барамын. Біз отанымызды қорғаушылардың қатарына мақтаныш сезіммен қосылудамыз». Ағайынды жеті Карагезовтер «ұрыста шегінбеуге», біздің отанымыздың жауларын толық талқандағанша шайқасуға қасиетті ант берді».

1942 жылдың жазында совет қарулы күшінің құрамында Кавказ және Орта Азия ұлттарының қатары өсе түсті. 1941 жылы 21 июньнен 1942 жылдың апреліне дейін Қызыл Армия қатарына 1 миллионнан астам грузин, азербайжан, армян, өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік алынды. 1942 жылдың май айының ортасына дейін тағы 100 мың өзбек пен 50 мың қазақ шақырылу жоспарланды. Тек Қазақстанның өзінде 1941 жылдың июнінен 1942 жылдың декабріне дейін майданға 12 дивизия мен жеке бригадалар жасақталып, аттандырылды.

Неміс-фашист армиясы Отанымыздың астанасы — Москваға тікелей қатер төндірген қиын қыстау күндерде Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 1941 жылы 31 октябрьде «ұлттық әскери құрамалар жасақтау» жөнінде шешім қабылдады. Одақтас республикалардың, Компартиясының Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлар Советі «ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдап, бұл шешімді республикалар еңбекшілері бірауыздан мақұлдап, солдаттарды қару-жарақпен, азық-түлікпен, киім-кешек, ат-арба, ер-тоқым, ыдыс-аяқ, тағы басқалармен жабдықтау ісіне түгелдей жұмыла кірісті.

1942 жылдың жазында Закавказье майданының әскерлерінің Солтүстік тобының құрамында жеті ұлттық дивизия үш азербайжандық, екі грузиндік, екі армян дивизиясы шайқасты. Бұлар 77, 223-ші, 416-шы азербайжан, 276-шы, 414-ші грузин және 89-шы армян атқыштар дивизиясы еді. Соғыстың алғашқы кезінде Закавказье республикасында барлығы 211 атқыштар батальоны және 19 ұлттық дивизия құрылды. Совет жауынгерлері қаныпезер жауға қарсы теңдесі жоқ батырлықпен, ерен ерлікпен ұрыс жүргізіп, асқан табандылық, қаһармандық көрсетіп отырды. Ұрыс Смоленскінің іргесінде жүргізіліп жатқан кезде жаудың тылында Брест қамалының шағын гарнизоны коммунистер И. Н. Зубачевтың, Е. М. Фоминнің және П. М. Гавриловтың басшылығымен жаудың үздіксіз жасалған тіке шабуылдарын ерлікпен тойтаруда еді. Қамалдың бір қабырғасына жазылған: «Мен, өлім аузындамын, бірақ берілмеймін. Қош бол, Отаным»,— деген жан тебірентерлік қысқа сөздерден сол қамалды қорғағандардың асқан патриоттық күші көрінеді. Брест қамалын қорғаушылар көп ұлтты ұлттан құралды. Нақтылай айтқанда, Брест әскери гарнизонында қазақстандық солдаттар мен командирлер екі мыңнан астам болатын. Бұлардың көбі ерлікпен қаза тапты.

Фашистік Германияның стратегтері Совет Одағына қарсы соғыста біздің көпұлтты мемлекетіміз халықтарының достығы берік емес деген есебінен қатты жаңылысты. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ неміс-фашист тобырлары шығыста дүние жүзі бұрын-соңды білмеген халықтардың туысқандығының, жауынгерлік құрыштай беріктігінің қайратты күшімен бетпе-бет кездесті.

Еліміздің түрлі ұлттары мен халықтарының мызғымас достығы жеңістің қуатты қайнар көзі болды, бұл достық соғыс кезінде шынығып нығая түсті.

Дүние жүзіндегі бірінші социалистік мемлекет соғыстың алғашқы кезінде от жалынында сыннан ойдағыдай өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ол жаңа қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың социалистік экономиканың, марксизм-ленинизм идеологиясының халықтар достығының салтанаты болды.

В. И. Ленин айтқандай «әскерге алынған әрбір жұмысшы мен шаруа өзінің не үшін бара жатқанын біледі. Сондықтан әділеттік пен социализмнің салтанат құруы үшін саналы түрде өзінің қанын төгеді. Соғыстың мақсаттары мен себептеріне бұқараның осы санасы жетуінің зор маңызы бар және мұның өзі жеңісті қамтамасыз етеді» деген еді.

Соғыстың басынан-ақ Коммунистік партия социалистік Отанды қорғау туралы лениндік идеяны басшылыққа алып, совет халқының фашистік басқыншылармен күресінің дем берушісі және ұйымдастырушысы болды. Алғашқы күндерде-ақ ол совет халқының бүкіл күшін жаумен күреске жұмылдыру программасын талдап жасады. Партияның алып қызметі арқылы аса қысқа мерзім ішінде еліміз қуатты соғыс лагеріне айналдырылды. Коммунистер ең ауыр ауыртпалықты көтерді. Партия құрамының 80 проценттен астамы қатардағы армияға аттанып, майданды қамтамасыз етумен тікелей байланысты экономика салаларында қажырлы еңбек етті. Совет адамдарының майдан мен тылдағы қаһармандығы халықтың біртұтас ерлігіне ұласты.

Ұлы орыс халқы біздің еліміздің еңбекшілерінің фашизмге қарсы күресінің, құрыштан берік күші болды. Оның революциялық қуаты, еңбек сүйгіштігі, интернационализмге біздің, социалистік отанымыздың барлық халықтарын оларға құрметпен қарауға жеткізді.

Орыс халқы соғыстың негізгі ауыртпалықтарын өзі көтерді және аға деген рольді адал орындап шықты. Міне сондықтан да жау орыстар мен басқа халықтар арасында іріткі салмақ болды. Бірақ ол жүзеге аспады. Ауыр сынақ барысында совет халқы арасындағы достық пен бауырластық одан әрі шын жүректен күшейе түсті, ал орыс халқы бүкіл СССР халықтарының сенімі мен жалпы сүйіспеншілігіне ие болды.

Совет халқының моральды саяси бірлігін, Компартия төңірегіне топтасқандығы, оның жоғары саналылығы еліміздің тағдырына деген жауапкершілігі, өз Отанына деген сүйіспеншілігі соғыстың алғашқы кезінде айқын көрінді.

Совет жауынгерлерінің асқан патриотизмі Ұлы Отан соғысы жылдарында барынша айқын көрінді. Сол жылдардың шежіресі, совет жауынгерлерінің сүйікті Коммунистік партияға сүйіспеншілігі мен коммунизм мұраттарына адалдығы жарқын мысалдарға толы. Отан үшін шайқаста совет жауынгерлері біздің ұлы ісімізге, интернационалдық парызға адалдықтың өнегесін көрсете білді.

Шынында да совет халқы Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін фашист жендеттерден қорғап қалған, қасиетті жерімізді озбыр қарақшылардан тазартқан өзінің қаһарман ұлдары мен қыздарын ардақ тұтады, олардың ерлік дәстүрлерін келешек ұрпаққа үлгі етеді. Сталинград іргесінде арыстанша арпалысқан, Днепр үшін жойқын ұрыстар жүргізген, Берлинге екпіндете тегеурінді шабуыл жасаған мыңдаған жауынгерлердің бейнесі біздің жүрегімізде.

Бүгінгі сәулетті өмірімізді, оның келер жарқын болашағын құрып, молшылық қазынасын жасап жатқан совет адамдарының жасампаз ерлігі — совет халықтарының моральдық мызғымас саяси бірлігі болып табылады. Халықтар достығының, ынтымағының қайнар бұлағы да, міне осында.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)