Мен оқыған бір кітап ("Махаббат мейрамы")

Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи тақырыпқа қалам тербеуімен және артында ең көп роман жазып қалдыруымен ерекшеленген  Ілияс Есенберлин - қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген қарымды қаламгер. «Көшпенділер» атты  әйгілі трилогиясымен танымал жазушының шығармашылығы  оған дейін көтерілмеген тың тақырыптарға толы. Әсіресе, оның туындыларынан айрықша орын алатын  махаббат тақырыбындағы «Ғашықтар», «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдарындағы  өзгелердікіне ұқсамайтын  соны сезімді байқамау мүмкін емес. «Махаббат деген - қасиетті күш. Дүниеде махаббат болмаса, адам баласы қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер еді»,-деп, қаламгердің өзі айтқандай, оның  махаббатты  ең қымбат қазына санағанына осы бір шығармалары арқылы көз жеткіземіз. Бұл сөзімізге «Махаббат мейрамы» романы  жарқын  дәлел бола алады. 

Шығармада Асығат пен Қырмызының  туғаны болмаса да, өз баласындай мәпелеп өсірген көз қуанышы, жалғыз ұлдары- Еркебұланның  арман жолында көрген қуанышы мен қайғысы, шынайы да кіршіксіз махаббаты сөз болады. Күтпеген жерден «ақ құба, қыр мұрын, бота көз, оймақ ауыз сұлу» Жұлдызды кездестіріп, оған ғашық болып қалған Еркебұлан осы сәттен бастап ең бақытты жанға айналады. Автор олардың махаббаттарын  «Қозы Көрпеш пен пен Баян сұлудай бұл екеуі де шын ғашық еді, жан қиярлық ғашық еді. Тек бұлардың махаббаты өзінің мәңгілік қуанышымен, бұлтсыз ашық шаттығымен артық еді»- деп  суреттейді. Өкінішке орай , олардың бұл қуаныштары ұзаққа бара қоймайды. Сүйген жігітінің анасы - Қырмызы өзінен сәби күнінде көз жазып қалған анасы екендігін білген Жұлдыз ұят пен қайғыға шыдай алмай, үн-түнсіз Алматыдан кетіп қалады. Болған жайттан бейхабар Еркебұланға  кеше ғана  жанында жүрген сүйіктісінің бұл қылығы ауыр соққы болады, сөйтіп ол сол күннен бастап ішкілікке салынады. Күннен-күнге солып бара жатқан балаларының мұндай күйге түсуі ата-анасына өте ауыр тиіп, ақыры оны психиатрлық ауруханаға жатқызуға мәжбүр етеді. Ал бұл арада Еркебұланның кішкентайынан бірге өскен жан досы,  «бақкүндес, қара басының қамын бәрінен биік қоятын» Қайназар Жұлдыз кеткен Биийскіге барып, онымен жолығып келеді. Алайда, ол  көргені жайында жолдасына бір ауыз сөз айтпастан түк білмегенсіп жүре береді. Әке-шешесіне қаншалықты ауыр тиіп жүргендігін түсінген Еркебұлан бірте-бірте есін жиып, қайта қалпына келеді, өзінің бар мақсаты - Алматыны көркейту үшін жаңа ғимараттарды салу жобасына кіріседі. Бәрі осылай жалғаса берер ме еді,  бір күні Қайназарға араша түсемін деп, ойда-жоқта өзі қамауға түсіп қалады. Міне, осылайша  оның басына тағы да қара бұлт үйіріліп, қиындыққа тап болады. Сағыныштан сарғайып, әлі де сүйгенін ұмыта алмай жүрген  Жұлдыз  болса, бұл кезде Қайназардан Еркебұланның өзінің туған ағасы емес екенін естіп біледі. Бұған оның  шаттанғаны  соншалық- «әр сөз сайын даусы қуанышқа бөленіп, қуана айғайлап жібереді». Уақыт өте береді. Абақтыдан босап шыққан кейін Еркебұлан өзін-өзі қолға алып, қайтадан жаңа құрылыс нысанының жобасын сала бастайды. Бұл уақытта Жұлдыз ғашығынан айнымайтын Әбілқасым есімді жігітті кездестіріп, екеуі достасып кетеді. Жігіттің өзінде ойы бар екенін байқаса да, ол «мейлі сотталсын, кісі өлтірсін, Еркебұлан тірі тұрғанда оған деген махаббат отын сөндірем деп ойлаған емес». Арам пиғылды Қайназар досының жаңа жобасына орынсыз мін таққанымен қоймай, «Жұлдызын басқа біреуді тауып алыпты» деп онан сайын оның үмітін үзбек болады. Бірақ, қайғы да мәңгі емес қой, уақыт өте келе Еркебұланның айы оңан туып, көп тер төккен жобасы көпшіліктің көңілінен шығады, жолына тосқауыл болған Қайназардың да шынайы бейнесінің қандай екеніне көз жеткізіп, одан біржола қол үзеді.  Және ең бастысы - жоғалтып алған махаббатымен - Жұлдызымен қайта қауышады. Олардың қанша жылға созылған қиындықпен сыналған мөлдір сезімдері сол бұрынғысынша таза әрі адал еді.
«Міне, Жұлдыз ерінің құлпыра түскен жүзіне қарады.
- Бұл қандай қуат?!-деді Жұлдыз таңдана.
Еркебұлан бала ұстап тұрған Жұлдызға сүйсіне қарады
- Бұл саған деген, Алматыма деген махаббаттан туған шабыт!- деді ол кенет ақырын сөйлеп. - Бұл махаббат мейрамы!».
Романдағы бірін-бірі шын сүйген қос ғашық осылайша, өмір жолындағы сан түрлі кедергілерге қарамастан, махаббаттары үшін бәрін жеңіп шығады. Бұл шығарманы  оқи отырып, ғашықтықтың шын мәнінде ғаламат сезім екендігіне көз жеткізе түсеміз. Екі жастың мөлдір махаббаты, әсіресе, Жұлдыздың сезімге кіршіксіз адалдығы, Еркебұланның сүйгеніне деген мүлтіксіз сенімі- екінің бірінен табыла бермейтін асыл қасиеттер. Олардың сүйіспеншіліктері  сезімнің құны тым арзандап кеткен бүгінгі заманның барша қыз- жігіттеріне үлгі  етуге  тұрарлық.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)