Келешекке даңғыл жол

Таяуда жыл сайынғы дәстүр бойынша Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Шараға білім ордасының оқытушылары мен бітіруші түлектердің ата-аналары, туыстары қатысты. Қалай десек те, бұл күн биылғы университет бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің есінде ұзақ сақталмақ.

Салтанатты рәсімде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы  ректорының міндетін атқарушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков құттықтау сөз сөйлеп, бакалавриат пен магисратураны бітіруші түлектергі өз қолымен дипломдарын табыс етті. Жекелеген түлектерге оқу орнының оқу, біліммен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін арнайы алғыс хаттар берілді. Айта кету керек, биыл Академия қабырғасынан PhD докторантурада 7 мамандық бойынша 11 маман, 13 мамандық бойынша 50 магистрант және 300 бакалавриат студенттері  түлеп шықты.

Шәріпбек Әмірбеков, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы, профессор:
– Құрметті түлектер! Сіздерді PhD доктор, магистрлік және бакалавр дәрежесінің дипломын алуларыңызбен құттықтаймын! Бүгін барлықтарыңыз да жоғары білім алған киелі қара шаңырақ, алтын ұяларыңыздан қанат қаққалы тұрсыздар. Қазіргі  уақытта Академия еліміздегі ең алғашқы өнер оқу орнының бірі – киелі шаңырақ ретінде түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылықтың зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан орталық. Сіздер болашақта ғасырлар  бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ халқының   өнерін дүние жүзіне паш етіп ұлықтайды деген сенімдемін. Еліміздің мәдени өмірі мен ұлттық өнер саласына аттанып жатқан жаңа қадамдарыңызға сәттілік тілеймін!

Шара аясында академияның ең дарынды студенттері өнер көрсетті. КСРО халық əртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың және тағы басқа танымал өнер иелерінің классын тәмамдаушы түлектер өнер ұясынан түлеп ұшты. Сондай-ақ, «Музыкалық өнер» факультетінің танымал түлектері «Новая волна» халықаралық конкурсының лауреаты, «Музарт-life» тобының орындаушысы Сегізбай Нұрхат, «Новая волна» халықаралық конкурсының лауреаты және «Славянский базар» халықаралық конкурсының лауреаты Ернар Садырбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Гүлнар Көшенова, Толғанай Пазылақын және т.б. өз өнерлерін ортаға салады.

Шараны түйіндеген Шәріпбек Ағабайұлы, академияның қазақстандық өнер саласында мәртебесі жоғары, ұлттық өнердің қалыптасуы мен дамуы жолында бұқара халықтың рухани өміріне елеулі қызмет етіп жатқанын айтып өтті.

Баспасөз қызметі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)