Мектепке жұмысқа қабылдау электрондық режимде болмақ – Ғабидолла Әбдірахымов

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында Шымкент мектептеріндегі жұмысқа қабылдау процесі электрондық жүйеде жүргізілетін болады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндады.

«Цифрландыру мақсатында мұғалімді жұмысқа қабылдау автоматтық жүйесі енгізілді. Бұл қызметті қазіргі таңда онлайн режимде алуға болады. Электрондық өтініш жолдап, конкурсқа қатысуға жағдай жасалған. Нәтижесінде арыздар 90 пайызға азайып, мұғалімдердің  сапалық құрамы өсті. Бұл бағытты дамыту аясында мектепке жұмысқа қабылдау электрондық жүйеде болады», — деді Ғ. Әбдірахымов.

Әкімнің айтуынша, осы жүйе арқылы 2109 өтініш қабылданып, 1063 онлайн конкурс өткізілген. Нәтижесінде 780 кандидат жұмысқа алыныпты.

Сондай-ақ, ол Шымкент қаласында «ақылды қала» жобасы барлық бағытта қарқынды жүзеге асырылып жатқанын, бүгінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.

«Қаладағы 459 балабақшаға балаларды қабылдау және жолдама беру автоматты жүйесі енгізілді. Бұл жүйе – баланы электронды түрде кезекке қоюға, жолдама алуға және балабақша ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде баланың электрондық паспортын құрайды. Ең бастысы – сыбайластық тәуекелдік жойылып, ата-аналардың мемлекеттік органмен тікелей байланысы тоқтады. Сыбайлас жемқорлықтың 18 тәуекелі жойылып, балабақшаға қабылдау бойынша арыздар 80 пайызға азайды», — деді ол.

Ал, білім саласын цифрлық жүйеге өткізу болса оқушының оқу үлгерімін арттыруға, мұғалімнің қызмет сапасын күшейтуге өз ықпалын тигізіп жатыр екен.

«Бұл жүйе Шымкент қаласының барлық мектебіне енгізілді. Нәтижесінде балаларды мектепке бөлу жақсарып,  3 ауысымды оқыту қалпы жойылды. Үшіншіден, барлық 128 мектепте электрондық журнал және күнделік жүйесі енгізілді.  Мобильді қосымшаны енгізу ата-ана мен оқушы арасындағы байланысты күшейтті. Баланың оқу үлгерімі, сабаққа қатысу мен бақылауға мүмкіндік берді. Осының арқасында оқушылардың сабаққа себепсіз қатыспауы 22 мыңнан 2 мыңға төмендеді. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылық 75 пайызға төмендеді. Олардың сабақ үлгерімі 12 пайызға артты», — деп атап өтті Шымкент әкімі.

Оның айтуынша, цифрландыру балабақша жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен. Балабақшалар автоматтандырылып, кезекке тұру сияқты мәселелер онлайн форматқа көшіпті.

«Осының арқасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар кезегі 2 жарым есеге азайды. Яғни, 46 мыңнан 18 мыңға дейін азайды. Бұған дейін балабақшаға жолдама беру үшін 3 айда 1 рет комиссия отырысы болатын. Ал, қазір бұл процесс тәулік бойынша автоматты түрде онлайн режимде жүргізіледі», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы вице-премьер-министр Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен қолға алынып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингімен» жүзеге асырылуда. Ал, Шымкент қаласындағы цифрландыру процесі білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік сынды салаларды қамтуда.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Басқа да жазбалар

Пікірлер (1)

Асқар

Өте орынды, дұрыс!

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)