Брокколи

Тарихы

Брокколи алғашында Жерорта теңізінің жағалауында өсірілді. Бұл көкөністің атауы «брокко» деген итальян сөзінен шыққан, бұта деген мағынаны білдіреді. Брокколиді ежелден өсірген, алайда ол Еуропада XVI ғасырда танымал бола бастады. Кейінірек итальяндық эмигранттар брокколиді Америкаға алып келді. Дәл сол жерден бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін брокколиге деген сән қайтадан келді.

Орамжапырақтардың ішінде өзінің пайдалы жақтары мен жағымды әсері жағынан алдыңғы орында тұрғаны – брокколи. Оның адам ағзасына тигізетін пайдасын білу үшін, оның минералды-дәруменді құрамы мен пайдалы қасиеттерін білсек жеткілікті. А, Е, С, К, В тобы сияқты оның құрамындағы дәрумендермен қатар метилметионин (U дәрумені) бар. Сондай-ақ брокколи дәрумендердің мөлшері жағынан да оза шауып тұр. Мысалға, онда С дәрумені цитрус жемістеріне қарағанда 2,5 есе көп. Ал ағзада А дәруменіне синтезделетін бета-каротин мөлшері асқабақ пен сәбіздегідей көп мөлшерде кездеседі.

Брокколидің құрамында мыс, хром, селен, натрий, темір, бор, кальций, калий, магний, йод, фосфор, марганец сияқты минералды заттар да жеткілікті. Орамжапырақтың бұл түрі тағамдық құнарлылығы жағынан да басқа көкөністерден алда. Онда ақуыздар (амин қышқылдары), майлар (Омега-3) мен көмірсулар бар.  

Брокколидің калориясы өте төмен болғандықтан (100 г-да бар-жоғы 30), ол диета ұстап жүрген және денсаулығына аса мән беретін адамдар үшін өте қажетті көкөніс. Ол иммунитетті көтереді, ағзаның әртүрлі аурулар қоздырғыштарына қарсы тұру қабілетін күшейтеді. Иммунитеттің күші лимфа жүйесіне тікелей байланысты болғандықтан, ал лимфа жүйесінің үштен екі бөлігі ішекте орналасқан, брокколи құрамына кіретін өзегі ішекті әртүрлі қалдықтардан, улы заттардан қорғап, ағзаны іштен күшейтеді.

Брокколи – асқазанында ойық жарасы (язва) бар адамдар үшін таптырмайтын тағам. Оның бұл артықшылығын құрамында U дәруменінің болуымен түсіндіруге болады. Сонымен қатар, брокколи қандағы инсулиннің реттелуіне де ықпал етеді. Бұл орамжапырақтың құрамына кіретін антиоксиданттар ағзаның қартаюына кедергі келтіріп, холестериннің мөлшерін азайтады. Бұл өз кезегінде қан құрамын жақсартып қана қоймай, жалпы артерия қысымының бір қалыпқа келуіне көмектеседі.

Сондай-ақ брокколидің сүйекке да пайдалы тұстарын айтып өткен жөн. Ондағы кальций (100 г-да 47 мг) мен басқа да маңызды микроэлементтер сүйектің, тістің бұзылуына жол бермей, қазірде жиі кездесетін остеоропороздың алдын алуға ықпал етеді.

Қалай сақтау керек

Брокколиді тоңазытқыштың астыңғы сөресінде сақтаған жөн. Алдымен оны жуып алып, бұзылған жапырақтарын жұлып тастау керек.  Брокколиді сатып алған күннен бастап 14 күннен артық сақтамаған жөн. Әйтпесе ол өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтады және дәмсіз болып қалады. Ең дұрысы брокколиді мұздатқышта қатырып сақтаған жақсы. Алдымен оны жуып, гүлшоғырларына бөліп, кептіру қажет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)