Өлең, жыр, ақындар

Айбынды батыр Айвенго

I ТАРАУ

Өрістен малдар қайтқанда,
Қорс-қорс етіп шошқалар
Тойып ап тоңқаң қаққанда –
Отырған төбе басында
Осынау кеңесті айтқандар.

Поп, «Одиссея»

Сауықшыл сайран Англияның ерте заманда небір әсем жерлері болған ғой, сондай бір табиғаты көркем кең жазирасына о кезде Дон дариясының суы жайылатын. Шеффилд, Донкестер уалаяттарының аралығындағы сай-сала, бел-белестерді алып тұрған қалың орман, ну тоғай болатын. Уэнтворт, Уорнклиф-парктегі ақсүйектер сарайларының айналасында, Ротерхем маңында сол қалың орманның жұрнақтары күні бүгінге дейін көрініп тұрады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл араны баяғыда уонтлей аждаһасы мекен еткен екен деседі; бұл арада Ақ Роза мен Алқызыл Розаны ту ғып тұтынған халықтардың жауыққан заманында нешеме қиян-кескі ұрыстары болып өтіпті; тағы осы арада қандыбалақ қарақшылар кезінде жасақ жинап, ел шауыпты, жол тосып, тон тонапты; аты шулы қарақшылардың аламандық ерліктері ел аузында жыр боп қалыпты.

Біздің шерткелі отырған хикаямыздың өткен жері осындай; ал болған уақыты Ричард I патшалығының соңғы.дәуірі болса керек. Бұл кез Ричард корольдің ұзақ тұтқыннан қайтуын күте-күте күдерін үзген халқының байлар мен бектерден әбден қысым көріп, солардың зорлық-зомбылығына ұшырап тұрған уақыты еді. Стефан патшаның кезінде әй дер ажа, қой дер қожа болмай, билеп-төстен кеткен, одан кейін есті патша Генрих ІІ-нің әділ әміріне еріксіз мойынсұнып бір жуасып қалған алпауыттар ол заман өткен соң қайтадан еркіндеп кеткен еді; олардың зорлық-зомбылығына тыйым салмақ болған ағылшын мемлекеттік кеңесінің әлсіз шарасына бой бермей кеткен алпауыттар өз ордаларын нығайта берді; ездерінің ауыздарына қарайтын мендікерлерін көбекте түсіп, бүкіл аймақты қол астарына бағындырып, тәуелді етіп алды, әрбір алпауыт өз алдына әскер жинап, оны өзі басқарды; сөйтіп, келешек уақытта күтіліп тұрған мемлекеттік өзгерістерде ықпалды адам болуды мақсат етті.

Бұл арада ағылшын заңдарының жөн-жосығы бойынша шонжар алпауыттардың өктемдігіне көнбей, өздерінің еріктілігін сақтап тұруға тиісті, жері шағын шаруалардың, яғни франклиндер деп аталған ұсақ жер иелерінің жағдайы өте нашарлап кетті. Франклиндер уақытша болса да тыныштықпен өмір сүру үшін өз аймағындағы ықпалды деген бір манаптың қолтығының астына кіруге, яғни оның тобындағы нөкері болуға, әйтпеген күнде алпауыттан өзара шартқа отырып, біреумен соғыса қалса оған жәрдем беруге, қолма-қол сойылын соғуға міндеткер болатын; ал бұлай болған уақытта олар әрбір нағыз ағылшынның қанына сіңген азаттық қасиетінен айрылып қалуға тиіс еді де, өзінің баққұмар қолдаушысының ойына алған сойқанды әрекетіне еріксіз қатысушы боп шығу қаупі бар еді. Екінші жағынан елдің заң-закондарына сөзсіз мойынсұнып, соны қалтқысыз орындап отырсам болды, сол заң мені қорғап қалады деп ойлайтын әлсіз шаруаларды жұмса - жұдырығында, ашса - алақанында ұстап, езіп-жаншып отырарлық сансыз айла-амал, күш-құралға ие шонжар, бектер есебін тауып, өздерінің нашарлау көршілерін соңына түсіп қуғындап, оларды қалайда толық сорлатып шыға алатындай билікте болды.

Англияны норман герцогі Вильгельм жаулап алған соң алпауыттардың өктемдігі тіптен күшейіп, қара халықтың олардан көрген зорлық-зомбылығы мүлде асқына түсті. Төрт ұрпақ дүниеге келіп өмір сүріп өтсе де, нормандар мен англосакстардың кектескен қаны бір-біріне қосылмады, яғни бірімен бірі өштесіп алған халықтар не ортақ тіл таппады, не мақсат-мүдделері бірікпеді, бір халық әлі де болса өзінің жеңісіне мастанумен болды да, екінші халық өзінің жеңілгеніне қайғырумен болды. Гастингсте өткен ұрыстан соң өкімет билігі түгелімен нысапсыз норман ақсүйектерінің қолына көшкен еді. Саксон бекзадалары, сакстардың бұрынғы болған-толған адамдары түгелдей жойылып кетті, ал аман қалғандары болса, ездерінің бұрынғы жер-суынан, мал-мүлкінен жұрдай боп шықты; қысқасы, не керек, ата-бабаларының жер-суына не боп қалған саксон шаруалары кемде-кем еді. Корольдер заңына тура келсе де, келмесе де, жаулап алушыларды жек көріп отырған халықтың еңсесін неғұрлым баса беруге бой ұрып отырды. Норман ұлтынан болған патшалардың барлығы да өз халқын көрінеу артық ұстады; саксон патшаларының халыққа жайлы бұрынғы жол-жобаларында болмаған аңшылық заңы, тағы сондай иі жұмсақ ережелері енді қатая түсіп, тауқыметі жеңілген жұрттың мойнына артылды; алпауыттардың онсыз да жетіп-артылып жатқан ауыр қанауын қабындатып, шаруалар үшін бұл да бір жығылған үстіне жұдырық болды.

Патша сарайларында, сонымен қатар өз мекен-жайларының сән-салтанатын мінсіз ғып қоюға тырысқан бектер мен манаптардың ордаларында ылғи норман-француз тілі қолданылды; сот-тергеу істері де барлық жерлерде осы тілде жүргізіліп отырды. Қысқасы, француз тілі ақсүйектердің, серілердің, ол түгіл тіпті әділетті сот істері жүргізілетін тіл болды да, ал одан әлдеқайда айбарлы, анағұрлым мақамды англосаксон тілі басқа тілді білмейтін қарадүрсін шаруалардың, құл-құтандардың тілі боп қалды.

Дегенмен, жер қожалары ол жерді баптап, егін егетін бағынышты халықпен тілдеспей тұра алсын ба, сол қажеттіктен келіп, бір-бірімен сөйлесіп, ұғынысу үшін француз тілі мен англосаксон тілінің аралығынан қосынды жаңа сөздік пайда болды. Сөйтіп жеңімпаздар тілі мен жеңілгендер сөзінің сәтті араласуынан келін, қазіргі замандағы ағылшын тілі туды, содан бері көне грек, латын тілдерімен және күнгей европалық деп аталатын тілдермен қатыса келіп, ағылшын тілі соншалық бай тіл боп шықты.

Менің мұны оқырмандардың есіне салып отырған себебім, англосаксон халқының Вильгельм II патшалығынан кейінгі тарихында соғыс я бүліншілік сияқты ешбір кесек оқиға болмаса да, баяғы сол басқыншылықтан түскен жарақат Эдуард ІІІ-нің патшалығына дейін бәрібір оңалмады. Англосакстар мен оларды жаулап алушылардың арасындағы ұлттық айырма орасан зор; өткенді еске алып, қазіргі заманды ойласақ болды, сол жараның ауызы ашылып кетеді де, жеңімпаз нормандар мен жеңілген сакстар әулетінің арасын айырып тұратын шекара ашылып қала береді.

Осы тараудың басында айтылған орманның шүйгін шөпті бір үйегінде күн ұясына кіріп бара жатты. Заманында көне рим әскерінің жойқын жорықтарының айғағы болды ма екен, әлде кім білсін, әйтеуір бұтақтарын кең жайған, сабаулары төртпақтау келген, жүздеген нән емендер мақпал кілемдей көкорай шалғынды қанатының астына алып тұр. Емендердің ара-арасында бук, сүйір жапырақ, әрқилы шілік-бұта сияқты майда ағаштар қаптай өскен, бұлардың қалыңдығынан батар күннің сәулесі де жол тауып өте алар емес; ал кейбір тұста қалың ағаш ұзаққа сиреп, ұшығына көз жетпестей, алыс алаң қиырға сілтеп кетеді де, адам қиялында мың жылдық орманның неше түрлі ғаламаттары пайда болады. Батып бара жатқан күннің алқызыл шапағы жапырақ-жапырақтың арасынан сығалай түсіп, біресе сынық бұтақтар мен бунақ-бунақ ағаш сабақтарына әлсіреген қалтылдақ сәулесін түсіреді, біресе көк шалғынды саздауыт жерді нұрына бөлеп, жайнатып жібереді. Орман үйегінің орта шеніндегі кең алаң бір кезде әулие-машайықтардың ғибадат еткен орны болса керек. Осы арада әдейі адамның қолымен жасалғандай, текшелене біткен төбешік көзге түседі; төбенің басында әлденеше үлкен-үлкен қой тастар жатыр. Соның ішінен жетеуі тікесінен тік тұрып қалыпты, ал өзгелерін бір құдай деген бірадар адам жығып кеткен болу керек, бірнеше тас сол орнына жақын жерде, енді бірнешеуі төбенің беткейінде сұлап жатыр. Тек бір үйдей тас қана етекке дейін домалап барып, төбенің етегінен тесіп шыққан кішкене бастау бұлақтың жолын бөгеп қалыпты - бұлақтың жылымдап аққан жай ағыны тасқа соғылып, ептеп қана сылдырайды.

Бұл арада осы табиғатты жандандырып отырған екі адам бар; сырт пышындары мен киім-кешектеріне қарағанда, бұлар ерте кезде батыс Йоркширдің тоғайлы өңірін мекендеген қарапайым қарашылар болуға тиіс. Мұның жасы үлкені қабағынан қар жауған қатал кісіге ұқсайды. Үстіндегі бар киімі әйтеуір бір аңның терісінен илеп, жүнін сыртына айналдырып тіккен тері жарғақ; тозығы жеткендіктен түгі қажалып түсіп біткен; түктің әредік қалған жұрнағынан оның қандай аңның терісі екенін айырып болмайды. Бұл тағы дәуір адамының киіміне ұқсас жарғақ иесінің иығынан тізесіне жетіп, бір езі барлық киімнің орнын басып тұр. Тонның жағасының кеңдігі сондай, оны біздің жейдемізше, не баяғы батырлардың сауытынша, бастан киіп-шешуге болады. Куртканың денені қысып тұруы үшін оған жез доғалы жалпақ былғары белбеу буыну керек. Белбеудің бір жағына — кісе қалта, екінші жағына — сыбызғылы қой мүйізі тағылған. Белбеуге қынабымен мүйіз сапты жалпақ, салалы пышақ ілінген; мұндай пышақтар көршілес жерде, осы араның өзінде жасалатын, о кезде мұны Шеффилд пышағы деп атайтын. Бұ кісінің аяғында аю терісінің қайысымен байланатын шоқайы бap, бұдан гөрі жіңішкерек таспамен, шотландықтардың дағдысынша, тізесін жалаңаш қалдырып, сирағын шандып алыпты: Басында шашынан басқа ештеңесі жоқ, күннің көзінен оңып, тоттың дағы мәнзелдес қарақошқыл-жиреңдеу тартқан ұйпалақ қалың шашы моншақтай жалтыраған ақсары түсті қалың қаба сақалынан мүлде өзгеше еді. Енді біз бұл кісінің сырт тұлғасындағы айрықша көзге түскен бір белгісін айтуға тиіспіз, өйткені бұл белгінің естен кетпестігі сондай, тіпті оны айтпай кету мүмкін емес: ол белгі — иттің қарғысы секілді, мойынға дәлдеп қабыстырып тастаған жез алқа. Алқаның кеңдігі сол — еркін тыныс алуға кедергі келтірмейтін еді де, тарлығы сол — арамен кесіп алмасаң, мойыннан сыпырылмайтын еді. Бұл мойынтырыққа саксон әрпімен:

«Гурт, Боевульф ұғлы, Ротервудтағы Седриктің тума құлы» деген сөздер жазылған.

Шошқа бағушы Гурттың қасында, машайықтар құлатып кеткен бір тастың үстінде, Гурттан он жастар шамасы жасырақ және бір адам отыр. Мұның да киімі шошқа бақташысының киіміне ұқсас болғанмен, бір түрлі қызық жақтары бар және тігілген матасы да жақсырақ. Бұл адамның курткасы қанқызыл бояумен боялып шыққан да, оның үстіне әлдеқандай бір ала-құла, өрескел өрнектер салынған. Куртканың үстінен қызыл-күрең шұғадан тігіп, шымқай сары матамен жұрнақтап, рабайсыз кең және шолтиған қысқа плащ жамылған, мұнысы қожалақтанып былғанып та қалыпты. Плащты иықтан иыққа ауыстыра салу да, немесе оны айқара орана салу да оп-оңай, осылай жамылғанда оның өңіріндегі қатпарлары төгіліп түседі де иесінің денесіне жарасып турады. Бұның қолында күміс білезік, мойнында алқасы бар. Алқаға: «Вамба, Милау ұғлы, Ротервудтағы Седриктің құлы» деген сөздер жазылған. Мұның да аяғына кигені жолдасынікіндей шоқай, бірақ қайыс таспаның орнына, бірі қызыл, бірі сары ұйық киген. Бас киіміне үлкендігі аң аулайтын сұңқарларға тағылатындай қоңыраулар байланған; иесі басын қозғаса болды, қоңыраулар сылдырлап қоя береді; бұл өзі бір минут дамыл таппайтын адам еді, сондықтан қоңыраулар да тынымсыз сылдырлап тұратын. Киген бөркінің сыртқы былғары төбесін айнала иректеп, нақыштап келтірген, бас киіміне қарағанда, мұны бір бұрынғы бекзадалардың тәжіне ұқсатуға болатын; ал бөркінің ішкі жағында иығына түсіп тұратын ұзын қалтасы бар, мұнысы бұрынғы замандағы түнгі қалпаққа, үш бұрышты елекке, әйтпесе осы замандағы гусарлардың бас киіміне ұқсас келетін. Қоңыраулы бөркіне, бөркінің істелген үлгісіне, өзінің әумесерлеу сиқына, сонымен бірге түріндегі қуақылық ізіне қарап, Вамбаның сол замандағы от басы, ошақ қасы клоундардың яғни қылжақбастардың бірі екенін айыру қиын емес еді; ол заманда өз үйінің қабырғасынан ұзап шыға алмайтын болған соң, әйтеуір бірдеңені ермек ету үшін бай адамдар осындай қуақы қылжақбастар ұстайтын.

Қасындағы жолдасы сияқты мұның да белбеуіне байлаған сумкасы бар еді, бірақ ондай сыбызғы мүйізі де, пышағы да жоқ болатын, өйткені бұл өзі қолына үшкір, яки өткір қару беріп қоюға сеніп болмайтын жандардың бірі болса керек. Оның орнына сол замандағы сахнада түрлі өнер көрсететін сауықшыл артистердің ойын құралы тәрізді ағаш сапысы бар-ды.

Бұл адамдардың киім-кешектеріндегі айырмашылық қандай болса, мінез-құлықтары мен жүріс-тұрыстарындағы айырмашылық та сондай еді. Құлдың яғни мендікердің қабағы қатыңқы, түрі сынық болатын; мұның қабағының ашылмауына қарағанда, оны барлық дүниеге қалай болса солай, немкетті қарайтын жан деп ойласа да болғандай, бірақ кей уақытта көзінен от шашып шыға келгенде, оның өз кемтарлығын ойлауға санасы жететіндігі, соған қарсылық көрсетерлік шамасы да барлығы көрініп қалатын. Ал бұған қарама-қарсы Вамбаның сырт пышыны осы мінездес жандардың дүниеге жеңіл-желпі қарайтындығын, дамылсыз ұшқалақ, жеңілтек екендігін, оның үстіне өзінің қазіргі хал-ақуалына, киім-кешек, сыртқы көркіне әбден риза екендігін айтып тұрғандай. Бұлар екеуара англосаксон тілінде сөйлесіп келеді, біздің, жоғарыда айтқанымыздай, ол кезде норман жаулаушылары, олардың алпауыт билеушілердің жақын нөкерлері болмаса, Англияның барлық төменгі таптары осы тілде сөйлесетін. Ал бұл тілді білмейтін оқырмандар үшін бұлардың әңгімесін сол тілде баяндап жатудың қажеті жоқ, сондықтан оны біз сөзбе-сөз аударып береміз.

— Витольд әулие, мына қара басқырдың шошқасына бір қара көрсетсеңші!—деп қарғады бақташы, бытырап кеткен малын сыбызғының ащы даусымен де жинап ала алмаған соң. Шошқалар бұған ерегіскендей, одан сайын қорқылдап, тіптен бой бермей қойды, бук ағаш өрігі мен емен түйіршіктеріне құныға жабысып, бір бөлегі бақташының айқайын елең қылмастан, бұлақтың бойындағы батпаққа аунап, көлбей түсіп жатып алды.

— Витольд әулие, мына топалаң келгірді бір жайратшы! Егер бүгін кешке осы шошқаның екеу-үшеуін екі аяқты қасқырлар жәркемдемесе, құдай ұрсын мені.. Кә, Фангс! Бері кел, Фангс!—деп барынша айғай салды бақташы сабалақ жүнді күзетші итіне. Тоңмойын шошқаларды қайыруға көмектеспек болғандай, бақташының иті ақсаңдай, айнала жүгіріп жүр.

Бақташының иті әлденесінің ымын түсінбей ме, әлде өзінің не істеуге тиіс екенін ұмытып қалған ба, әлде біле тұра қасақана істей ме, әйтеуір ол шошқаларды жөніне қайырудың орнына, беталды қуалап, бейберекетін шығарды.

— О, мойның үзілсін, мойның үзілгір! — деп ұрысты Гурт, итінің теріс әрекетіне ызаланып.— Әлгі бір орманшы дегендерінің де қарасы өшпейді екен. Итімізді тырнақтан жұрдай қылып, аяқтарын баса алмай жүргені мынау. Тілеуіңді берсін, Вамба, көмектесші. Төбенің ана жағынан шығып, үркітіп жіберші мына хайуандарды. Сонсоң желдің бетімен өздері-ақ қаптап кетеді.

— Бері қарашы өзің,— деді Вамба орнынан қозғалмастан.— Мен бұл жөнінде аяғыммен ақылдастым: үстімдегі сәнді киіміммен мына батпаққа белшемнен батып жүру патшадай келбетім мен корольдей кербездігімді қорлағандық болады дейді олар. Сондықтан да, Гурт, менің тілімді алсаң, Фангсты шақырып ал да, бұл істі соның билігіне бер. Сенің шошқаларың мылтығын кезенген солдаттарға, немесе жол тосқан қарақшыларға, әйтпесе, қаңғырған жаһангездерге кезіге ме, осының бәрібір емес пе! Әйтеуір шошқалардың таң атқанша нормандарға айналып шығатыны даусыз ғой, сонда сенің айызың қанып, жаның бір рақат табады ғой.

— Сен өзің қалай-қалай деп кеттің — неліктен бұл шошқалар менің ризалығыммен нормандарға айналмақшы?—деді Гурт, қылжақбастың сөзінің байыбына бара алмай.— Жөндеп түсіндірші, кәні. Менің топас екенімді білесің ғой, ашу мен ызадан басқа миыма ештеңе кірмейді. Жұмбағыңды мен білмеймін.

— Ендеше, мынау төрт аяқты қорсылдаған мақұлықтарды не деп атаушы еді?— деп сұрады Вамба.

— Шошқа дейді, мияу неме, шошқа,— деді бақташы.— Мұны кез келген ақымақ біледі ғой.

— Дұрыс айтасың, «суайн» дейді бұл доңызды. Ол — саксон сөзі. Ал енді оны сойып терісін сыпырып, қолын — қол, бұтын — бұт қылып боршалап, қылмысты кісідей, аяғынан асып қойғанда оны не деп атайсың?

— Порк деймін,— деді шошқа бақташысы.

— Ә, бәрекелде, мұны да әрбір кеще біледі,— деді Вамба.— Ал енді «порк» дегенің, менің білуімше, норман-француз сөзі. Демек, шошқа төрт аяғынан тік басып, оны саксон құлы бағып-қағып жүргенде, оны саксонша атайды; ал сонсон шошқа мырзасының ордасына жетіп, өңшең қасқа мен жайсаңның той-томалағына түскен соң, норманға айналып, оның аты «порк» болады. Мұны қалай көресің, достым Гурт?

— Дұрыс айтасың, достым Вамба, мына сөзің ақиқат. Ал бірақ, осы ақиқаттың сенің мияу басыңа қалай келгеніне таңым бар.

— Олай болса, одан ары тағы тыңда,— деді Вамба шешіле түсіп.— Мысал үшін, мына біздің атан өгізімізді айтайық: оны сен сияқты құл бағып жүргенде, ол өзінің «окс» деген саксонша атына не, ал енді ол бір ақсүйек мырзаның алдына. тартылып, соның тататын тағамы болды дегенше, әлгі өгізің елпілдеген жарамсақ француз серісі Биф болып шыға келеді. Сол сияқты «каф» деп аталатын бұзауың да — осы жолмен мосье де Воға айналады: бұзауды бағып-қағып, күтіп тұрғанда, ол — сакс, ал енді ол тояттау үшін жұмсалғанда — норманша аталып шығады.

— Дунстан әулиенің аруағына сыйынып айтайын,— деді Гурт ағынан жарылып,— қанша жанға батса да, айтқаныңның бәрі дұрыс. Бізге тек дем алатын ауа ғана қалды, оны да алып қоймай отырған себептері — мойнымызға артылған жұмысты атқарсын дегендері ғой, әйтпесе оны да қимаған болар еді. Қандай жылы-жұмсақ тағам болса — солардың алдына тартылады; өңі түзу әйел болса — солардың төсегінде; аяулымыз-ардақтымыз, батылымыз-батырымыз болса — сол келімсектердің бастауымен әскерлерінде қызмет етіп, сүйектері итарқасы қиянда қалады; азын-аулақ осында қалғандары болса, соры қайнаған сакстарды қорғауға әлдері де жетпейді, қолдарынан да келмейді. Айтты-айтпады, әйтеуір бізге ара түсіп, ерлік көрсеткен қожамыз Седриктің жанына құдайым жамандық бермесін; бірақ осы жақын арада біздің жаққа Реджинальд Фрон де Беф келеді дейді, Седриктің мықтылығы неге тұратынын міне сонда көреміз... Ей, бері, бері қарай!—деп айғай салды бақташы, бар даусымен қайта даланы жаңғыртып.— Әне солай, тақымда, Фангс, бұл хайуандарды! Жарайсың, бәрін шоқтай ғып үйірдің ғой.

— Гурт,— деді әумесер,— сірә, сен өзің мені шын ақымақ деп ойлайтын болуың керек, әйтпесе менің азуыма бармағыңды өзің әкеп салмаған болар едің. Осыдан ғой нормандарды жамандайтыныңды Реджинальд Фрон де Бефкс я Филипп де Мальвуазенге сездірсем болды, демнің арасында мына ағаштың бірінің басында асулы тұрар едің. Ақсүйек мырзаларға тіл тигізушілердің зәресін ұшыру үшін сенің бір бұтақта теңселіп тұрғаныңнан артық не керек!

— Ой, төбет! Шыныңмен-ақ ұстап берер ме едің мені! Соған итермелеген өзің ғой мені! — деп шарт ете қалды Гурт.

— Ұстап беру дейсің бе? Жоқ, мені қолымнан келе қоймас, ол ақылды адамдардың ісі ғой, мен ақымаққа қайдан келсін... Ал тоқтай қал... Бізге қарай келе жатқан кім болды екен? — деп Вамба өзінен-өзі тыңдай қалды, бірден-бірге анық естіліп келе жатқан ат дүбіріне құлақ салып.

— Кім келе жатса да саған бәрібір емес пе? — деді Гурт; бұл кезде ол малының бас-аяғын жиып алып, орманның бір көлеңке түскен үйегімен айдап келе жатыр еді,

— Жоқ, бұл аттыларды мен көруім керек, — деді Вамба.— Мүмкін бұлар сиқыр патшалығындағы король Оберонның елшісі болуы мүмкін...

— Жап аузыңды!—деді шошқа бақташысы.— Нажағай ойнап, дауыл келіп қалғаны мынау, сен әлденені көйітіп келесің. Мына күннің шартылдауын тыңдашы өзің. Жаңбыр болса, ол құйып тұр. Бұрынды-соңды тікесінен-тік жауған мұндай ірі жаңбырды жаз баласында өмірі көрген емен. Қарашы, соғып тұрған жел де жоқ, емендер сұрапыл дауылдағыдай шайқалып сықырлайды. Онан да үніңді өшір, дауыл келіп қалғанша, үйге жетейік! Түн сұмдық қорқынышты болады.

Жолдасының ақылы, сірә, құлағына кірді білем, Вамба томпылдап, соңынан ере жөнелді, ал Гурт қасында, шөптің үстінде жатқан ұзын құрықшасын алып, малдың соңынан тартты. Жаңадан пайда болған бұл Евмей қасына Фангс итін ертіп алып, шұрқырай қорқылдаған көп шошқасын орманның етегіне қарай тықсыра қуалап келе жаты.

II ТАРАУ

Ол монах ревизоры ед монастырьдың,

Ол монах ревизоры ед монастырьдың,
Аңшылық, аттың үсті үргін-сүргін
Серілік, құлшылықты қатар ұстап,
Тимеген жәй жұмысқа қолы бір күн,
Жүреді мұндайларды жұрт кінәлап,
Сонда да осындай-ақ болсын аббат,
Мақтасқан оның округ ат қорасын,
Ат-тұрман әшекейді таққан асыл,
Қоңыраулар сонау шеркеу қоңырауындай
Жұмсаған төгіп-шашып қазынасын.

Чосер

Аттың дүбірі бірте-бірте жақындап қалды, бұл аттыларды көргенше асық боп келе жатқан Вамба, серігінің айтқан ақылына, салған байбаламына қарамастан, ананы да, мынаны да сылтау қылып, әлсін-әлі бөгеліп келеді: біресе ол ағаш басындағы шала піскен жаңғақты жұлып, біресе өткен-кеткен деревня қыздарына көз салып қарайлай берді де, суыт жүріп келе жатқан жолаушылар бұларды дембе-демде-ақ қуып жетті.

Атты жолаушылар он шақты кісі екен; олардың алдында озық келе жатқан екеуі мәртебелі адамдар да, қалғандары солардың атқосшылары болуға тиіс. Алда келе жатқан екеудің біреуінің жөн-жосығын айыру қиын емес-ті бұл даусыз жоғары дәрежелі діни адам. Мұның үстінде өзінің діни орденінің ережесіне қайшы келетін асыл матадан тігілген тәркі-дүние момағының кербез киімі бар; ең асыл деген фламанд шұғасынан күлапарасымен қоса тігілген келісті плащ монахтың, сол толыңқырап кетсе де, сымбаттылығын жоймаған сұңғақ тұлғасынан төгіле түсіп, әбден жарасып тұр.

Бұл кісінің киім киісінің кербездігі қандай болса, сол сияқты дүниенің өзге қызығынан да безген түрі жоқ еді. Қайта түксиген қабағының астынан жалт-жұлт қарайтын сұрқия жанары оның аса айлалы нәпсіқұмар екенін айтып тұратын, егер мұндай көлгірлігі болмаса, бет нұсқасына қарап, оны бір инабатты адам деп ойлауға болатын. Оның үстіне сопының имамдық кәсібі мен жеткен дәрежесі оны өзінің бойын билеуге әбден дағдыландырған, сондықтан да жаратылысында ол кең пейілді мейірбан адам боп көрінсе де, керек жерінде салтанатты сал болып шыға келетін. Монастырь жол-жобаларына, папалар мен шеркеу ордаларының жарлықтарына қарамастан, монахтың үстіндегі киімі өте сәнді болатын: бұл шеркеу тересінің киген плащының жеңі асыл аң терісімен жұрындалып, әсем әдіптелген, ал өңірі алтын қапсырмамен түймеленеді, қысқасы, монахтың діни орденіне лайықтап киген киімінің келістілігі, сәнділігі біздің тұсымыздағы квакер діни қауымындағы сұлулардың киіміндей: бұл бикештер ездеріне бұйырылған киім үлгісі мен оның түрін толық қабылдай отырып, оның тігілетін затымен, ол заттың жарасымдылығымен жоғары қауым адамдарының кербездігінен бір де қалыспай шығатын.

Мәртебелі хазірет мықты жорға қашырмен салт жүріп келеді, қашырдың ер-тұрманы әсем, сол уақыттағы сән-салтанат бойынша, жүгеніне күміс қоңырау тағылған. Хазірет атқа отырғанда, басқа монахтардай қопал емес екен — қайта, аттың құлағында ойнайтын кәнігі майталманша қаздиып қалыпты. Қашырдың жол жорғасы қанша жайлы болса да, үстіндегі ер-тұрманы соншама келісті десек те, кербез монах мұндай жабайы көлікті ұзақ жол жүргенде ғана пайдаланушы еді. Ал монахтың салтанат кезінде мініп шығатын, аспан жылқысы тұқымдас, жүзіктің көзінен өткендей, аягөз арғымағы нөкерінің ішіндегі жай тәленгіттің жетегінде келеді. Ол заманда аса бай, атақты ақсүйектер бәсірелеп мінетін арғымақты көпестер Андалузиядан адам айтқысыз зор қиыншылықпен, үлкен қауіп-қатермен әрең алып шығушы еді. Серке сан арғымақтың сәнді ер-тұрманының үстінен, неше алуан шеркеу таңбаларымен, түрлі крестермен нақышталып кестеленген, аттың тұяғына дейін төгілген ұзын жабу жабылған. Сірә, хазіреттің жолға алған басқа керек-жарағы да болса керек, бір атқосшы үстіне жүк артылған қашырды және жетелеп келеді; монахтың өзімен діни ордені бар, бірақ одан дәрежесі төмен екі монах аттылардың ең соңында, басқаларға еш көңіл аудармастан, екеуара күлісіп қойып, өз алдарына қызу әңгіме-дүкен үстінде.

Мәртебелі дін иесімен үзеңгілес келе жатқан — жасы қырықтан асқан ұзын бойлы қағылез, тарамыс денелі, қайратты кісі. Оның үнемі жаттығумен шыныққан алып тұлғасы тек қана сүйек пен бұлшық еттен және тарамыс-сіңірден құйылғандай еді; бұл адамның нелер ауыр сынды басынан кешіргені, тағы да соншалықты кешіруге даяр екені тәрізінен көрініп тұр. Басында төңкерулі келімен ұқсастығы үшін француздар mоtier1 деп ат қойған дөңгелек құндыз бөркі бар. Келбетіне қарағанда, қарсы келген адамды сесімен ықтырып, пысын басып тастағандай. Ыстық күннің қақтауымен негрлердей қап-қара боп кеткен ірі, ожар біткен кескіні қашанда ашу шақырып, тұтанып тұратындай айбарлы еді де, жайшылық уақытта сол бұрқ-сарқ еткен қақтығыс-соқтығыстан жаңа ғана тыным тапқандай көрінетін; соның өзінде адырайып тұрған шеке тамыры мен жоғарғы ернінің ілікшіл емеуріні сол жанжалдың минут сайын қайта тұтанып кетуіне айғақ болғандай. Мұның өткірлігі мен қайсарлығын танытатын қара көзінен, сан қарсыласымен салысқан сайысының, басынан кешірген қиын-қыстау қауіп-қатерінің тарихын оқығандайсың. Түріне қарағанда, бұл өзіне тек қана қарсы келетін адам тілеп тұрғандай, өзінің ерлік қайратымен жолында тұрған қарсыласын жермен-жексен ғып, жоқ қылып жібергендей сұстанытып тұрады. Қабағының үстінен айғыздала түскен тыртық мұның түсін одан сайын суытып, сол ұрыста семсер жанап кеткен бір көзі сәл шапыраштанып, түріне қабағат қаһар кіргізіп тұр.

Қасындағы серігі сияқты, бұл жолаушының да үстінде сопының ұзын плащы бар, бірақ плащының қызыл түсі сопылардың белгілі төрт орденінің бірде-біріне бұл жолаушының қатысы жоқтығын көрсетіп тұр. Мұның оң жақ жеңіне ақ шұғадан айрықша крест тігілген. Плащының ішінен монах жолына қайшы келсе де, кішкене темір шығыршықтан тоқылған жеңді және қолғапты сауыт киген; сауыт асқан шеберлікпен биязы тоқылған екен, жұмсақ мамықтан тоқылған кеудешелер біздің. денемізге қандай дәлме-дәл қонымды келсе, мұның қонымдылығы да сондай. Мұның санын да сондай сауыт қоршап тұрғаны плащының қатпарынан көрініп тұрды; ең ақыры тізесіне, балтырына дейін жұқа болат шығыршықпен жабулы. Бойында бар жалғыз қаруы — екі жүзді алмас қанжар белбеуіне қыстырылған.

Арт жағындағы бір атқосшының жетегінде келе жатқан өзінің сайысқа түсетін асыл тұқымды тұлпарын қажытпау үшін болу керек, сері жолға жүретін басқа бір мықты атын мініп келеді. Жауынгердің бар қаруы жорық атының үстінде; ер тоқымның бір жағында ілінген, мысыр ұсталарының асыл белгісімен нақышталған берданка мылтық, екінші жағында — серінің қауырсынмен үкіленген дулығасы, сауытына сай қалпақ, сала құлаш екі жүзді семсер. Екінші бір атқосшының қолында серінің жоғары көтерілген желекті найзасы; найзаның ұшында плащының жеңіндегідей крест таңбалы шағын жалау желбірейді. Тағы сол атқосшы серінің бүкіл кеудесін жапқандай, үсті жалпақ, асты үшкір, үш бұрышты қалқаның ұстап келеді. Қалқанның сыртында қызыл шұға қабы бар екен, сондықтан ондағы таңбаны көріп болмайды.

Бұл екі атқосшының соңында тағы екі қызметкер келеді; түсінің қара торылығына, ақ сәлдесіне, бөлекше киім үлгісіне қарағанда, бұлар Күншығыс адамдары. Қысқасы, бұл жауынгердің өзінің де және нөкерлерінің де сырт пішінінде әлдеқандай бір ерсілік, бөтендік бар еді. Атқосшылардың киімі аса сәнді, ал күншығыстық малайларының мойнында күміс алқа, жалаңаш қол-аяқтарына күміс білезік салған. Нөкерлерінің жібектен кестелен тіккен киімдері мырзаларының байлығын, тектілігін бір көрсетсе, екінші жағынан серінің өз басының жауынгерлік киім-кешегінің қарапайымдығына өте кереғар еді. Оның күншығыстық малайларының таққан қаруы — ұстайтын саптары мен сыртындағы қынаптарына алтын жалатқан қисық қылыш, бұдан да гөрі әсемірек соғылған түрік қанжары болатын. Бұлардың әр қайсысының қанжығасына байланған, өткір болатпен ұшталған ұзындығы құлаш төс жарадай келте найзалары бар. Бір кезде арап-түрік халықтары осындай қаруды мықтап қолданып, соғыс жағдайында әлі де іске асырып келеді, күншығыс халықтары бұл қаруға «әл-жарид» деп ат қойып, найзаны ату өнеріне әбден машықтанып кеткен. Малайлардың астындағы аттары арап жылқысының тұқымы, қазанат келген қағылез, көсем жүретін аяншыл, құлан жал, серке сап арап жылқысы Нормандия мен Фландрияда әскердің қару-жарағымен.қоса сайлап есіретін қара етті, обадай айғырларға бір де ұқсамайтын. Алпамсадай бұл хайуандарға қарағанда, араби аттар қолдан құйған мүсіндей, ұшып тұрған бір жануарлар деуге болады.

Топ жолаушының елден ерек сән-салтанаты Вамба түгіл, одан әлдеқайда салмақтырақ серігінің де көңілін бөлді, Бұл келе жатқан монахтың осы өңірге белгілі Жорво аббаттығының хазіреті екенін ол ешкім айтпай-ақ таныды; бүкіл аймаққа даңқы шыққан саятшы, сауықшыл-сайраншы және тағы елдің айтуына қарағанда, монах жолына жатпайтын басқа да дүнияуй пендешіліктің ешбірінен қашпайтын кісі болатын бұл имам.

Бірақ ол кезде дін иелері мен монахтардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына онша мін тағыла қоймайтын, сондықтан Эймер хазірет те өзінің діни қауымының ортасында жақсы кісі болып есептелуші еді. Имамның еркін, көңілді мінезі, ұсақ-түйек күнаны кешіре беретін дарқандығы өз айналасындағы ұлылы-кішілі ақсүйектер арасында оның абыройын арттырып, сүйікті адам етіп жіберген; оның үстіне Эймер нормандардың текті тұқымынан шыққандықтан ақсүйектердің көпшілігімен ағайындас туыс болатын. Әсіресе ақсүйектердің әйелдері apулар қауымына әрқашан бейім тұратын, ол түгіл тіпті алпауыт ордаларының ескі дәстүрлі ақ отауларында жата-жата еріккен сұлулардың мауқын баса білетін имамның олай-бұлай жүріс-тұрысын айыпқа бұйырмайтын. Мұның үстіне хазірет асқан аңқұмар саятшы еді, бұл өңірдегі ең қыран сұңқарлар мен жүйрік тазылар соның қолында болатын; осындай саятшы, құсбегімен ол ақсүйектердің жастар жағын аузына каратым алған; ал жасы келген үлкен адамдармен ол басқаша сөйлесетін; бұларға келгенде имам мінезінен тіпті мүлтік таптырмайтын. Айналасындағы қараңғы, надан жандарға ғұлама ғалым болып көріну үшін оның одан-бұдан қамтыған үстірт білімпаздығы жетіп артылатын да сыртқы сырбаздық айбары мен шеркеудің, діннің қасиеті жайындағы кептірме уағызы оның әулиелігі жөнінде ешбір күмән қалдырмайтын. Тіпті жоғарғы қауымның мінез-құлқына мін таққыш келетін қарапайым халықтың өзі де Эймер хазіреттің жеңілтек жүріс-тұрысына онша қатал қарамаушы еді. Өйткені Эймер өте жомарт болатын, ал қайырымдылық үшін көп күнәның кешіріліп кететіні басынан мәлім. Монастырь табысының басым жағы имамның билігінде болатын. Сондықтан оны өз қажетіне еркінше жұмсаудың үстіне, көршілес шаруаларға да көп көмек көрсетіп тұратын. Егер Эймер хазірет аңның қызығына түсін кетіп, ұзақ уақыт шапқылаумен жүріп қалса, әйтпесе бір жерде той тойлап. көп уақыт отырып қалса, ол болмаса, тіпті хазіреттің түні бойы бір әйелмен сұхбаттас болып, таң сәріде шеркеудің бөгде есігімен үйіне қайтып бара жатқанын әлдекім көріп қалса, ондайлар нығын қиқаң еткізіп, мейлің білсін дегендей, жымып жүре беретін, өйткені мұнан басқа да талай тақсырлардың ешбір күнадан қорықпастан, осылай зына қылып жүргеніне бойлары үйренген ғой. Қысқасы, бұл Эймер имам біздің сакстарға да әбден мәлім болатын. Олар да бұған самарқау иілетін де: «Benedicitе, mes filz»2 деген батасын алып жүре беретін.

Алайда, Эймердің серігі мен оның нөкерінің елден ерекше көрнегі шошқа бақташысы мен Вамбаны өте-мөте қайран қалдырды; соның салдарынан бұлар хазіреттің; қай жерге кімге түнеп шығуға болатынын білмес пе екенсіңдер деген сауалын да естімеді. Малайлардың әсіресе таң қалған нәрсесі: тотыққан шетелдіктің монах киімі мен әскери адамның киімін аралас киінгені, оның үстіне мұның күншығыстық қызметкерлерінің төтенше ат-тоны мен бұрын-соңды көрмеген қару-жарағы еді. Сонымен қатар хазіреттің батасы мен сауалының айтылған тілі де саксон шаруаларының құлағына жат естілуі ықтимал. Бұлар оны түсініп тұрса да, түсінбеген кісі болды.

Хазірет осыдан соң нормандар мен сакстардың түсінісетін тіліне ауысып, дауысын көтеріңкіреп қайта сұрады:

— Менің сіздерден сұрап тұрғаным, балалар, құдай үшін, біздің әулие-анамыз шеркеудің құрметі үшін соңын. ізгі ниетті екі қызметкеріне һәм солардың серіктеріне бүгінгі түнге меймандостық көрсетіп, нәсіп болған ырзығын тататын осы маңда мейірбан адам бар ма деймін?— Бұл сөзді хазірет қанша сыпайылап айттым десе де, ар жағында зіл жатқаны көрініп тұрды.

«Әулие анамыз шеркеудің ізгі ниетті екі қызметкері дейді! Сонда бұлардың қора сыпырушылары мен аспаздары, басқа қарашылары қайда болды екен»,— деп ойлады Вамба өз ішінен, бірақ, қанша ақымақпын десе де, мұны сыртына шығарып айтуға сақтанды.

Хазіреттің өзі ішінен осыны ойлады да, бірақ оған қарап басқаша жауап берді:

— Егер қасиетті тақсырларға жақсы тағам мен жұмсақ төсек керек болса, осыдан бірнеше шақырым жерде Бринксворт шеркеуі бар, сонда барсаңыздар, өздеріңіздің мәртебелеріңізге лайық зор құрмет көресіздер; жоқ, түнді тағат, ғибадатпен өткізбек болсаңыздар, онда сонау орман ішінде жатқан соқпақ сіздерді Копменхерст сайындағы иесіз үйшікке тура алып барады, онда барсаңыздар, сондағы тақуа машайық баспана беріп, түнгі намазды сіздермен бірге оқиды.

Вамбаның айтқан екі ұсынысын да тыңдап алып, хазірет басын шайқады:

— Мейірбан достым, — деді ол, — егер басындағы қоңыраулар миыңды айналдырып тұрмаса, сен Clericus clericum non decimat3 деген сөздің мағынасын білер едің, яғни діни адамдардың бір бірінен меймандостықты сұрап жатуы ләзім емес, Алланың рахманына ие болу үшін жай пенделер дін иелеріне қызмет етіп, олардың фатихасын алып қалуы керек.

— Мен деген бір есек емеспін бе, — деді Вамба, — сіздей тақсырдың қашырының мойнындағыдай қоңырау тағып жүргенім де сондықтан ғой. Бірақ басқа жандардың барлығы сияқты, қасиетті шеркеу-анамыз бен дін иелерінің де рақымы ең алдымен өз жамағатына түсетін шығар деп ойлаушы едім.

— Тарт тіліңді, оңбаған! — деп ақырып жіберді қарулы жауынгер, әумесердің шатпағына қатты тыйым салып. — Одан да өзің білетін босаң, әлгі айтылған ордаға баратын жолды көрсетіп жібер... Анау франклиннің атын кім деп едіңіз, Эймер тақсыр?

— Седрик, — деді имам,—Седрик Сакс... Соның тұрағына қанша жер бар, жақыным, жол көрсетіп жіберсең қайтеді соған?

— Оның жолы қиындау. болады,— деп буған дейін үндемей тұрған Гурт сөзге араласты.— Оның бер жағында Седриктің үй-іші ерте жатып қалады.

— Тоқтат, аузыда келгеніңді шатпай!—деді жауынгер тағы кірісіп.— Біздей жолаушыны қабыл алу үшін төсегінен тұрса да түгі кетпейді. Берсе қолынан, бермесе жолынан қонақасы жейтін жерімізге жалынып тұра алмаспыз енді біз.

— Оншасын біле алмадым,— деді Гурт қабағын түйіп.— Менің қожам жақсылықпен қонақасы берсе, кім де болса қуанушы еді, ал енді берсе қолынан, бермесе жолынан деп тұрған адамға жөн көрсетуім қалай болар екен, сірә.

— Сен немене, менімен сөз таластырайын дедің бе, құл иеме!—деп тағы ақырды жауынгер.

Сөйдеді де, атын тебініп қалып, омыраулатып келді де қамшысын үйіріп, оспадар төлеңгітті тартып жіберуге ыңғайланды.

Гурт та ашу шақырып, оқты көзімен ата қарады оған, езі тайсалмай тұрса да, беліндегі пышағына бұл да қол салды; сол арада Эймер хазірет келіп, сері мен бақташының арасына түсе кетті.

— Жоқ, бауырым Бриан, Мариядай әулие анамыздың атынан өтінемін, қол жұмсай көрмеңіз, бұл жер түрік жәдігейлері мен діні. жат сарациндарды бір шыбықпен айдайтын Палестина емес екенін естен шығармаңыз; бұл біздің аралымызда кім де болса қол жұмсағанды жақсы көрмейді, оның есесіне жазаны бізге дін жолымен қасиетті шеркеудің өзі-ақ береді...— Бұдан соң хазірет Вамбаға кішігірім күміс сөлкебай сыйлап, ішіне тарта сөйледі,— Седрик Сакстың үйіне баратын жолды сен білуге тиіссің, сондықтан оны әрбір жолаушыға, оның ішіңде біз сияқты діни адамдарға көрсетіп жіберуге міндеттісің,— деді хазірет.

— Оныңыз дұрыс қой, құрметті тақсыр,— деді қылжақбас,— бірақ сіздің қадірлі бауырыңыз сарацин басымен зәремді ұшырып жібергендіктен, керек десе4із үйге баратын жолдан да жаңылып қалдым... Енді соны өзімнің де бүгін тауып баруым екі талай...

— Оның сөз емес!— деді хазірет.— Үйіңді тапқың келсе, табасың ғой. Менің бұл құрметті бауырым өмір бойы сарацин-даомен тәңірдің зияраты үшін атысып-шабысып келеді. Ол қасиетті ғимарат орденінің айтулы серісінің бірі, мүмкін, мұны өзің де естіген шығарсың: ол бір жағынан монах болса, екінші жағынан жауынгер батыр.

— Ол өзі бір жағынан монах болса, кез келген адаммен бұлай сөйлесуі ләзім емес қой, егер ол адам өзіне тиісті емес сұраққа жауап бере алмай қалса, оның не айып-шамдығы бар,— деді әумесер.

— Жарайды, мен сенің әбестігіңді кешірдім, тек маған Седриктің үйіне баратын жолды көрсетіп жіберсек болды,— деді хазірет.

— Олай болса, құп,— деді Вамба.— Сіз, құрметті тақсыр, осы соқпаққа түсігі жүре берсеңіз, жолдың үстінде жерге қағулы тұрған кресті көресіз; крестің басы жердей қылтиып қана тұрады, бар болғаны қолдық басындай десе де болады. Міне, сол крестен тарам-тарам төрт жол тарайды. Сіз соның сол жағындағы жолға түсіп жүре берсеңіз, мына дауыл келіп қалғанша, құрметті тақсырдың қоналқы жерге барып жетуіне кәміл сенемін.

Хазірет мейірбан жол көрсетушінің ақылына алғыс айтты да, сонсоң бір топ жолаушы аттарына қамшы басып, жосыта жөнелді; өйткені түн ішінде жауын-шашынның астында қалмау үшін қоналқы жерге жетіп алулары керек еді. Жолаушылардың ат дүбірі алыстап, дыбысы естілмей кеткеннен кейін Гурт тұрып серігіне тіл қатты:

— Егер әулие тақсырлар сенін айтқаныңды істеп, ақылыңмен жүретін болса, олардың бүгін Ротервудқа жетіп қонуына күманым бар.

— Иә, ғажап емес,— деді әумесер мырс етіп күліп,— Ротервудты таппаса, Шеффилдке өтіп кетер, жолдары болып соған жетсе де, тақияларына тар келмес. Сен мені оңай орманшы деп жүр ме едің, тазы ерткен аңшыға аңның жатқан жерін көрсетіп беретін; аңды жатағында бас салсын демеген жолбасшы еш уақытта өйтпес болар.

— Сен бұл жерде тауып кеттің,—деді Гурт.— Ровена бикешті Эймердің көрмегені дұрыс, оның үстіне ана монахпен'

Седриктің жанжалдасып қалуы мүмкін, онда тіпті жаман болар еді. Біз екеуміз, қанша айтқанмен, адал малайлармыз ғой: айтқандарына көніп, айдауларына жүріп, көрген-білгенімізді, үн-түн жоқ, ішке түйе бергеннен басқа бізге не бар?!

Енді Седриктің құлдарын жайларына қалдырып, баяғы атты жолаушыларға келейік. Аттылардың алдыңғы екеуі, сол кездегі жоғарғы тек адамдарының рәсімі бойынша, өзара норман-француз тілінде сөйлесіп келе жатты, заты бұл тұста өздерінің саксон тегінен жаралғандарын мақтан керетін аз-ақ жұрт қана ана тілдерін сақтап қалған еді.

— Тегі, әлгі арсыздардың ойында не бар еді, өздерінің сазайын тартқызайын деп едім, сіз жібермедіңіз ғой,— деді хазіретке Ғымарат серісі.

— Ой, достым Бриан-ай,— деді хазірет,— олардың біреуі иіс алмас ақымақ жан, оның надандығын кешірмесек, біздің білгендігіміз қайсы, ал екінші оспадарға келсек, мен сізге бұрын да талай айтып едім ғой, біздің жаулап алған сакстарымыздың ішінде ондай ұзын сойыл ұр да жық тағылар әлі кездеседі; жеңіп тұрған біздерге өшпендігін кез келген жағдайда көрсетіп қалуды олар заңды борышымыз деп біледі.

— Ондай болса, мен оларды айтқанша жібектей ғып шығаратын едім,— деді ғымаратшы.— Ондайларды мен жөнге сала білемін. Біздің түрік тұтқындарымыздың ызақорлығы долданған уақытта Жаратқан Жалғыздың қаһарынан да асып түсетін шығар; дегенмен солардың өздері де бір-екі ай біздің жалаң төстердің теперішін көргеннен кейін бетегеден биік, жусаннан аласа дегендей жуасып, құрдай жорғалап шығады, керек десеңіз, тіпті езіліп жүн боп кетеді. Рас, олардың уы мен қанжарынан да сақтану керек, сәл байқамай қалсаң, осының екеуін де қолданудан тайынбайды олар.

— Алайда әр елдің өзінше тұтынатын әдет-ғұрпы бар,— деді Эймер хазірет серінің сөзіне қосыла қоймай.— Егер сіз әлгі малайды ұрып тастасаңыз, біз одан Седриктің үйіне баратын жолды біле алмай кеткен болар едік; оның үстіне біз оны өз бетімізбен тапқан күнде, құлдарын таяқтағаныңыз үшін Седрик сізбен сөзсіз жанжалдасқан болар еді. Менің осы сөзімді есіңізден шығармаңыз: бұл бай франклин өзі өркөкірек, іші тар кісі, әрі жоқ жерден ілік іздеп, қызғаныш туғызып отырады; біздің ақсүйектерімізді суқаны сүймейді; керек десеңіз өзінің ешкім басына алмайтын көршілері — Реджинальд Фроп де Бефпен де, Филипп Мальвуазенмен де удай араз. Седрик өзінің ата тегінің, намысын қызғыштай қорғайды және тағы атақты жеті патша қолдаушыларының бірі Хервардтың нағыз тұқымы екенін мақтан тұтады; сондықтан да оны жұрт Седрик Сакс деп атайды, Өзінің аталастарының көбі жеңілген халықтың қырсығына ілініп, долығына күйіп кетпейік деп, одан ат-тонын ала қашса, ал Седрик Сакс сол халықпен қапы бір, жаны бір болғанын зор мәртебе деп біледі.

— Тақсыр Эймер,— деді ғымаратшы,— сіз әйелдің сұлулығына баға бере білетін нағыз сайыпкерсіз және махаббаттың барлық жөн-жосығын баяғы ғашықтар жайын мадақтап өткен сарай жырауларынан бір де кем білмейсіз; мақтап отырған Ровенаңыздың сұлулығы айтқаныңыздай шын керемет боп шықса, онда менің еңбегім өтелді дей беріңіз; қыздың әкесі, өзіңіз айтқан содырлы сотанақ Седриктің қандай сойқаны болса да, мен соның бәріне төзіп беруге даярмын.

— Седрик оның әкесі емес, тек жам ағайыны,— деді хазірет.— Седриктен гөрі қыздың арғы заты тектірек. Ол өзі тіленіп, қызды қамқорлығына алған, оны өзінің туған қызынан артық керіп мәпелейді. Ал сұлулығына келсек, оған қазір өз көзіңіз де жетеді. Сұлудың айдай аппақ жүзі мен аспандай мөлдір кезіндегі алапат пен шарафатты көргенде, Палестинаның қолаң шашты арулары мен мұсылман ұжмағындағы хор қыздары есіңізден шығып кетпесе, мені діннен шыққан суайт екенсің дей беріңіз.

— Ал енді мадақтаған сұлуыңыз айта қалғандай болмай шықса, онда тіккен бәсіңізді ұмытқан жоқсыз ғой?—деді ғымаратшы.

— Менің тіккен бәсім — алтын алқа да, сіздің бәсіңіз — он кеспек хиос шарабы ғой,— деді хазірет.— Ендеше сол шарапты менікі деп есептеп, ол менің даяршым Денис қарттың қарамағында, монастырьдің подвалында құлыптаулы тұр дей беріңіз.

— Бірақ сіз төрелікті менің өзіме бересіз,— деді Ғымарат серісі,— өткен жылғы аталы-балалы құдайлар мейрамынан бepi мұндай сұлуды көрмегенім шын болса, онда менің ұтылғаным. Біз бен сіздің бәтуамыз осылай емес пе еді? Сондықтан, тақсыр хазірет, алтын алқаңызға қош айтыса беріңіз. Мен оны Ашби де ла Зуштағы сайыс күні омырауыма тағып шығамын.

— Егер әділетпен ұтып алсаңыз, қайда тақсаңыз онда тағыңыз,— деді хазірет.— Мен сіздің серілік, шеркеулік сөзіңізге ден қоямын. Бірақ сонда да, достым, менің тілімді алып, неғұрлым сыпайырақ бола көріңіз: өйткені бұл арада пұтқа табынушы тұтқындар мен күншығыстық құлдар жоқ, ісіңіз басқаларға түседі. Седрик деген — сондай адам, ол ешбір астамшылықты көтермейді; егер өзін кемітті, қорлады деп білсе, ол сіздің серілігіңізді де, менің биік мәртебемді де, ешбір әулие-әнбиелігімізді де керек қылмайды, маған десе, түн ортасы болса да, дүркіретіп айдалаға қуып шығады. Оның бер жағында, Ровена бикешке тым сүзіліп қарай бермеңіз: мен соны қатты қызғанады деп естимін. Егер біз осы жағынан сәл де болса сезікке ұшырасақ, онда біздің күніміз қараң. Елдің айтуына қарағанда, сол сұлуға қызыға қарадың деп, ол өзінің жалғыз ұлын да үйінен қуып жіберіпті. Мұнысына қарағанда, сірә, қызға алыстан ғана иіліп сәлемдесуге болады ғой деймін; қысқасын айтқанда, біз тәңірия бикештің әулиелік тұмарын ешбір бөтен ойсыз, қандай құрметпен тауап ететін болсақ, бұл бикешке де сондай дәрежеде ғана жақындауымызға болатын шығар.

— Хұп, солай-ақ болсын, өзімді өзім тежеп ұстап, тап бір тәрбиелі бойжеткенше-ақ сызылып тұрайын,— деді ғымаратшы.— Бірақ бізді біреу үйден қуып шығады екен деп қам жемей-ақ қойыңыз. Менің қару ұстаған нөкерлерім, Әмет пен Абдулла секілді малайларым тұрғанда, өзімізді сый-құрметпен қабылдатуға шамамыз келіп бағады.

— Біз өйтіп қатты кетпей-ақ қояйық...— деді хазірет.— Ә міне, әлгі қылжақбастың айтқан жерге қағулы кресіне де келіп қалдық. Бірақ мына түннің қараңғылығынан жолдың қалай кетіп жатқанын да айыру қиын екен. Сірә, ол солға бұрылу керек деді ғой деймін.

— Жоқ, оңға,— деді.— Мен білсем, оңға бұрылу керек,— деді Бриан.

— Жоқ, солға, әрине, солға деген. Менің білуімше, ол өзінің ағаш сапысыпың ұшымен дәл сол жақты көрсеткен.

— Бірақ оның сапысы сол қолыңда еді ғой, сонымен тұрған бетінде кесе-көлденең сілтеп, қарама-қарсы тұсты нұсқады емес пе,— деді ғымаратшы.

Әр қашанғы әдеттей, мұның әрқайсысы өзінікін дұрыс деп, біріне-бірі көне қоймайды; сонан соң атқосшыларынан сұраған еді, олар бұлардан алысырақ келе жатқандықтан, Вамбаның дәл не дегенін ести алмаған еді. Сөйтіп тұрғанда, қараңғыға көз тіккен Бриан крестің түбінде біреудің жатқанын байқап қалды да:

— Мына жерде біреу жатыр ғой: ұйықтап жатқан адам ба, әлде өлген адам ба? Найзаның ұшымен түртіп қарашы, Гуго,— деді.

Қарулы атқосшы жатқан кісіні қозғап үлгірмеді, әлгі адам орнынан атып тұрып, таза француз тілінде жауап қатты:

— Кім болсаң ол бол, бірақ менің ойымды бөлгенің ләзім емес.

— Біз тек сізден сұрап алайық деп едік, Седрик Сакстың мекені Ротервудқа қалай жетуге болады,— деді хазірет.

— Мен де сол Ротервудқа келе жатырмын,— деді жаңағы бейтаныс кісі,— Астымда атым жоқ, атым болса, мен сіздерді бастап-ақ апарар едім. Бұл араның жолы шым-шытырық келеді, сонда да мен оны жақсы білемін.

— Ал, достым, сен бізді Седриктің отанына алып барсаң, алғысымызды айтып, ақысын берер едік,— деді хазірет.

Сонан соң хазірет нөкерінің біріне әмір етті: атыңды мына адамға бер де өзің менің, төл атыма мін деді.

Енді жолбасшы бұларды бастап, Вамбаның сілтеген жағынан мүлде басқа тарапқа қарай алып жүрді. Көп ұзамай соқпақ қалың орманның ішіне келіп кірді, жолаушылар орта жолда жағасы ми-батпақ бірнеше бұлақтан өтті; мұндай жолмен жүру білмеген кісіге аса қауіпті еді, бірақ әлгі бейтаныс адам өткелдің қайдағы бір құрғақ, қауіпсіз тұстарын дәл тауып, жолаушыларды ешбір қиындықсыз алып етті. Осылай сақтықпен жүріп отырып, ақырында бұлар орманның беті ашық үйегіне шықты, сол жазықтың шетінде қарайып тұрған абажадай үлкен сарай да көзге шалынды.

Сол үлкен үйді қолымен көрсетіп тұрып, жол бастап келген кісі:

— Седрик Сакстың отаны — Ротервуд міне осы болады,— деді хазіретке.

Бұл хабарға әсіресе Эймер қатты қуанды, өйткені оның жүйке жүйесі онша мықты болмауға тиіс, сондықтан милы-батпақ жерлерден өтіп келе жатқанда өте қорқып, өзіне жол бастап келе жатқан кісімен де жөн сұрасуға зауқы болмаған, Ал енді қауіптен құтылғанын және тағы қоналқы орынға жақын келгенін сезген соң, ол қауырт көңілденіп кетті; жаны жадырап, көңілі сергіген хазірет енді жол бастап келген адамның кім екенін, қайда келе жатқанын сұрай қалды.

— Мен жаһанкез шайқымын, Қасиетті Жерден жаңа қайтып келемін,— деп жауап берді ол.

— Қайтып әуре болғанша, қасиетті қабірді жаулап алу; үшін сонда қалсаң етті,— деді Ғымарат серісі.

— Дұрыс айтасыз, құрметті серім,— деді жаһанкез, сірә, ғымаратшының сырт пышынын шырамытып қалса керек.— Бірақ мен сияқты қарапайым пенде үйіне қайтып келе жатса, оның не сөкеттігі бар; ол түгіл бүкіл өмірін қасиетті шаһарды азат етуге арнаймын деп ант еткен адамдар да әлдеқайда саяхат құрып жүрген көрінеді ғой! Сонда олардың берген анты қайда, азат. етпекші болған жері қайда — біреу қайда?

Мына сөз намысына қатты тиген ғымаратшы оған есесін жібермегісі келіп, ашу шақырып келе жатыр еді, сезді хазірет, бөліп жіберді. Эймер бұл арадан баяғыда кеткен жолбастаушының әлі күнге дейін орманның соқпақ тораптарын есінде сақтап жүргеніне таң қалған еді.

— Мен осы жерде туып-өскен адаммын,— деді жолбастаушы.

Соның арасынша бұлар Седриктің үйіне келіп те қалды. Бұл келгендері бұрма-бұрма аула, шарбақтары бар орасан зор, абажадай көрнексіздеу үй еді. Үйдің тәрізіне қарағанда қожасының дәулетті адам екені көрініп тұр, бірақ биік тас дуалдармен қоршалған, өркеш-өркеш мұнара қорғандармен бекемдеп тастаған норман ақсүйектерінің сәулетті сарайларына жету қайда; бұл ақсүйек мекендері ақыр-аяғында бүкіл англияның сәулет өнерінің байырғы үлгісі боп қалды ғой. Дегенмен, Ротервудтың да өз әлінше қорғаны барды. Ол кездің аламан заманында ешбір мекеннің қорғансыз болуы мүмкін емес еді, қорғаны жоқ мекендердің шабыншылыққа ұшырауы, әйтпесе өртеліп жіберуі ғажап емес-ті. Сондықтан Ротервудтың айналасы да жақындағы өзеннен тартылып келтірілген суға толы терең ор болатын. Ордың екі жақ қабағына сол маңдағы орманнан кесіп әкелініп үшкірленген діңгек-бөренелер орнатылған. Үйдің күнбатыс жақ дуалынан үлкен қақпа шығарылған; ал ішкі шарбақтағы қақпаға сырттан көпір арқылы барады. Қақпалардың екі жақ бүйіріндегі бұқпантай баспалдақтардан жауды садақтар мен сақпандардан ерсілі-қарсылы атқылауға болатын.

Қақпаның алдына келіп тірелгеннен кейін ғымаратшы дереу сыбызғысын алып, «шығып сөйлес» дегендей, қатты-қатты ойнап жіберді. Бұдан артық шыдап тұруға да болмай қалып еді, өйткені күні бойы түнере төніп келген нөсер жаңбыр тап осы кезде селдете құйып кеткен.

III ТАРАУ

Сұмдық-ай! Сабаз туған Саксон ері,
Жарқылдап аспан түстес көк көздері.
Желкілдеп алтын шашы иығында
Кеп жетті сонау дала шалғай жақтан
Жағаны терістік теңіз сүйіп жатқан.

Томсон, «Азаттық

Аласалау келген кең залда дөрекі сүргіленіп, өңсіз тақтайдан епсіз құрастырылған үлкен емен столдың, үстінде Седрик Сакстың кешкі асына дастарқан жайылып жатыр еді.

Бөлменің төбесі қара дүрсін тақтаймен, қамыс-қоғамен жабылған, шатырды шомбал салдау, арыс ағаштар тіреп тұр.

Залдың есік жағынан қазан аспай, үлкен жер ошақтар жасалған, мұржаларының нашар шығарылғандығынан ошаққа жағылған оттың түтінінің көбі үйдің ішінде қонақтап қалады екен. Шатырды көтеріп тұрған салдау ағаштар мен арыстарды қап-қара сырмен бояп қойғандай жып-жылтыр ғып қара күйе, ыс басып қалыпты. Үйдің қабырғаларында аң аулайтын жабдықтар, әскери қару-жарақтар ілулі тұр, ал залдың бұрыш-бұрыштарында үлкен үйдің басқа бөлмелеріне баратын жармалы есіктер бар.

Бұл үйдің барлық жай-жапсары, жасау-жабдығы сол кездегі саксондардың қарапайым тұрмысына лайық, Седриктің өзі де осыны ұнатады. Үйдің едені балшық пен әк қосылған қою лаймен сыланған, біздің албарларымыздың едені көбінесе әлі күнге дейін осындай. Залдың жоғарғы жағының едені басқа жағынан біраз көтеріңкі; үй-ішінің үлкендері мен сый қонақтар отыратын бұл орын үйдің сәкісі яғни төрі боп саналады. Осы төрдің алдында көлденеңінен алқызыл дастарқан жабылған стол тұр, сол столдың орта шенінен төмен, залдың есігіне қарай осы үйдің қоңсы-қолаңдары, қарашы-жалшылары тамақ ішетін және бір стол қойылған.

Столдың бүкіл формасы «т» әрпінің суретіне ұқсайды; яғни басқаша айтқанда, Оксфорд пен Кембридждің көне үлгідегі колледждерінде әлі күнге дейін қалмай келе жатқан ескі тамақ столдарының тәртібіне келеді. Сыйлы столдың айналасына емен ағашынан қиып жасалған ісі берік орындықтар мен креслолар қойылған. Сәкінің үстінен шұға шымылдық тұтылған; мұндай керме шымылдық шатырдың саңылауларынан өтіп кететін жаңбырдан құрметті қонақтарды қорғау үшін керек еді.

Бөлменің төр жағына ала-құла, әлеміш өрнектері бар мата-кілем құрылған, еденге де сондай ашық түсті кілем төселген. Жоғарыда айтқанымыздай, төменгі столдың үстінде жөнді тебе дерлік төбе де жоқ-ты, үйдің бұл жағы қабырғаға құрылған алаша матадан, жер едені — кілем төсеніш дегеннен жұрдай болатын; бұл араға емен орындықтың орнына шомбал скамейкалар қойылған.

Жоғарғы столдың орта шенінде үй иесі мен оның бәйбішесі отыратын, басқа орындықтардан биігірек екі кресло тұр; дастарқан басында өздері отырып, сый-құрметті өздері жасайтын болғандықтан бұларды «Дәм иесі» деп мадақтайтын салт бар. Бұл креслоның әр қайсысына үй иелері аяғын қойып отыратын, піл сүйегімен нақыштап, оюлап істелген кішкене аласа скамейкалар арналыпты.

Қазір осы креслоның бірінде, кешкі тамағын шыдамсыздана күтіп, Седрик Сакс отыр. Нормандар оны тан, франклин деп қанша кемітсе де, түстік я кештік астың кешіккеніне ол әр қашан ыза боп қалатын; бұл тәртіпті қолдану жөнінде Седрик ескілі-жаңалы ұлықтардың ешбірінен кем емес-ті.

Седриктің тік мінез, тезқатар, ашуланшақ кісі екені нұсқасынан да көрінеді. Орта бойлы, қақпақ жауырын, кең құлашты, мығым денелі, соғыстың ауыртпалығына да, аңшылықтың шаршап-шалдығуына да төтеп беретін мықты адам. Оның тура біткен дөңгелек басы, аппақ тісі, үлкен көгілдір көзді жалпақ беті бұл адамның батыл, турашыл адам екенін және де бір нәрсе көңіліне жақпай қалса, аққөңіл, тік мінезінің орнына лездік арасында ашу шақырып шыға келетінін айтып тұрғандай. Седриктің үнемі секем алғыш, өркөкірек мінезі көзінен де көрінеді, өйткені бұл адам өмір бойы өзінің правосын қорғаумен, өзіне жат, жау адамдармен кірпік қақпай арпалысумен келе жатқан сақ адам. Оның аяқ астынан ашу шақыратын тезқатар, жылдам, батыл мінезі өзінің ешкімнен кем түспейтін артықшылық дәстүрін әрдайым қорғап қалуға әдеттендірген. Седриктің өсіріп жіберген ұзын, ақсары шашы төбесінен маңдайына дейін тура бөлініп, иығына түсіп тұр, жасы алпысқа келіп қалса да, оған ептеп қана ақ кірген.

Седриктің үстінде жағасы мен өңірі аң терісімен жиектеген жасыл шапаны бар; жағасындағы аңы ақ тышқан терісінен гөрі арзанырақ, сірә, сұр тышқанның терісі болса керек. Шапаны түймеленбеген, оның астынан кеудесін қысып тұратын Қызыл шұға куртка киген. Сондай матадан тігілген шалбары тек тізесіне дейін ғана жетіп тұр, ал сирағы жалаңаш. Аяқ киімі шаруалардың кигеніндей, жалғыз-ақ былғарысы одан жақсырақ болуға тиіс; аяқ киімі алдыңғы жағынан алтын тоғамен түймеленеді екен. Седриктің қолына салғаны — алтын білезік, мойнына таққаны — сондай асыл металдан жасалған жалпақ алқа, беліндегі — неше алуан асыл тас орнатылған кемер белбеу; белбеуге екі жүзді өткір қанжар таққан. Креслосының тұсында бай алпауыттардың бір киер сәні боп есептелетін, қызыл шұғадан аң терісімен жұрындап істеген ұзын плащ, оюлап тіккен әсем бөрік ілулі түр. Оның креслосының арқасына жалпақ, жалтырауық имегі бар кеспелтек аса сүйелген; бұл, сірә, серуенге шыққанда әрі сүйенетін таяғы, әрі жұмсайтын қаруы болуға тиіс.

Қожасының сәнді киім-кешегінен нашарлау, шошқа бақташысы Гурттың олпы-солпы өрескел киімінен әдемірек киінген бірнеше жалшы әміршісінің аузына қарап, соның пәрменін күтіп тұр. Мұның үлкенірек екі-үшеуі Седриктің креслосының артын ала, сәкіде тұр да, өзгелері залдың төменгі жағында қалға. Мұнда бұлардан басқа түрлі де малайлар бар еді: сол кезде қасқыр мен бұғы аулауға қосатын жүндес үш аңшы ит, үлкендігі тайыншадай бірнеше құмай тазы, қазір терьер деп аталып жүрген екі қанден осында анталап тұрған. Бұлар да сол кешкі тамақты телміре күткенмен, қожаларының қошуағы жоқ екенін нағыз итке біткен сезімталдықпен аңғарып қойып, қазіргі жым-жырт жағдайды бұза алатын емес; мүмкін, олар төрт аяқты малайлардың ашқарақтығына тыйым салу. үшін әзірленіп қойған, қазір үй иесінің алдында жатқан ақ таяқтан да қорқып отырған болар. Иттердің ішінде бұрыннан еркелеп үйренген, қызметі артық болса да түсі суық жалғыз кәрі бөрібасар ғана құрметті креслоға жақын келіп отырып, біресе Седриктің тізесіне дағарадай басын қойып, біресе тұмсығымен алақаның иіскелеп, ауық-ауық иесінің көңілін бөле береді. Бірақ оның өзін де: «Кет, Болдер, аулақ. кет! Қазір саған уақыт жоқ!»— деген қатты зеккімен қуып тастап отыр.

Жоғарыда айттық қой, Седрик бүгін қобалжып отыр еді. Өйткені Ровена бикеш бір мойны қашық шеркеуге кешкі ғибадатқа барып келіп, жолда жаңбырдан су болған киім-кешегін ауыстырып кию үшін өз бөлмесінде айналып. жатқан. Оның үстіне малды әлдеқашан ауылға айдап келуге тиісті Гурт бақташыдан әлі хабар жоқ-ты. Уақыт болса тынышсыз, айналадағы орманның ішінде қаптап жүрген қарақшыларға кезігіп қалды ма деп қауіптенуге болады, ол болмаса өзінің күшіне сеніп, басқаның малына сұғын қадап отыратын көршілес манаптардың бірі барымтаға салып кетті ме деп те қорқады, Саксон алпауыттарының басты байлығының езі де орманды жерде азығы мол осы шошқаларының көптігі болатын. Сондықтан Седриктің қауіптенуі де орынды еді.

Мұның бәрінің үстіне біздің саксон мырзамыздың іші пысып отырған себебі — оның сүйікті қылжақбасы Вамба жоқ боп отыр, ол болса өзінің күлкілі сөздерімен кешкі асқа керік беріп, мына арақ-шараптың дәмін кәусар шарабына айналдырып отырған болар еді. Седриктің кешкі асты ішетін мезгілі әлдеқашан өтіп кетті, ол түстен бері нәр татқан жоқ, ол түгіл осы біздің тұсымызда да мезгілімен тамақ ішпесек, көңіл-қошымыз келмей қалады, ал ардақты алпауыттың көңіл күйін бұзбағанда енді қайтсін. Ол біреуді бірдеңе деп қағытып қалып, немесе өзінен-өзі күбірлеп, біресе малайларына тиісіп, көбінесе өзінің көңілін табу үшін күміс стаканмен шарап әкелген аспазына соқтығып, қысқасы, осының бәріне өзінің разы еместігін көрсетіп қойып отыр.

— Ровена бикеш неге айналды бұл?

— Қазір келеді, тек бас киімін ауыстырсын да,— деді еркін сөйлейтін әйелдің бірі, ханшаның сүйікті қызметші әйелдерінің ішінде осылай шолжың келетіндері болады ғой.— Бикештің жалаң тақия, жай белдемшемең дастарқанға келуін алдымен өзіңіз ұнатпайсыз ғой, әйтпесе біздің өңірімізде Ровена бикештей тез киінетін бір де әйел жоқ.

Мұндай үзілді-кесілді дәлелге Сакстың өзі де тоқтап қалса керек, ол енді парықсыз бірдеңе деп жыбырлады да сөзді басқа тілеуге бұрды:

— Иоанн әулиенің шеркеуіне ендігі баратын жолы тәңірім күнді ашық қыла көрсін,— деген тілек айтты. Сонан соң сыныққа сылтау табылғанына қуанып кеткендей, айылын жимастан, аспазға ақырандап қоя берді:— Гуртке не болды бұл, осы уақытқа дейін даладан атасының басын іздеп жүр ме екен? Қара да тұр, осы мал жақтан бір жаманат естіп жүрмейік. Ол өзі қашанда елгезек, саққұлақ малай еді ғой! Мен оның қызметін көтеріп, өзіме бас қорғаушы етіп алуды ойлап жүр едім.

Осыған келген де Освальд аспаз қарап тұрмай, отты сөндір деп белгі бергеніне бір сағат та болған жоқ қой, деп қалды. Оның бұл сөзді қозғайтын жөні жоқ еді, өйткені мұны есіне салса, Сакстың жыны қозып шыға келетін.

— Мұндай белгі беретін қонырауы құрысын,— деп Седрик шыр ете қалды,— осы азапты ойлап тапқан адамның да аты құрысын және тағы саксонның құлағына осыны саксон тілімен жеткізіп отырған миы жоқ құлдың аты сонымен қоса құрысын!.. Белгі қоңырау дейді, ә! Солай болмағанда қайтушы еді... Ол белгі қоңырау жөні түзу адамдардың отын өшіртеді, сонсоң қараңғы түскен соң ұрылар мен қарақшылар оларды кеп тырдай ғып тонайды. Иә, тағы сол белгі қоңырау! Оның пайдасын Реджинальд Фрон де Беф пен Филипп де Мальвуазен әбден біледі. Гастингстің түбінде соғысқан барлық норман мұндарлары мен Вильгельм ублюдоктің өзі де белгі қоныраудың мәнісін біліп бағады. Тура қал осы, қарамақтарындағы қанды балақ қарақшыларын талан-таражбен асырап сақтап қалу үшін осылар енді менің мал-мүлкіме ауыз салып жүрмесін. Онда менің ақ-адал құлымның қазасы жетіп, мал мүлкімнің жау қолында кеткені де, және тағы Вамба ше... Қайда Вамба? Оны да біреу Гуртпен бірге кетті деп еді ғой?

Мұны Освальд та осылай деді.

— Ал ендеше мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты деген осы! Ондай болса бұл ақымақ саксон да норман мырзасының құлдығында кетті дей бер. Өйтпегенде қайтсін: солардың айтқанына көніп,. айдауына жүре берсек, біз ақымақты енді не қылушы еді: біз жаратылысымыздан қанша жарымес болып тусақ та, олардың бізді мұнша кемітетін жөні жоқ еді. Бәрібір мен кегімді аламын олардан!—деп Седрик асасын ұстай-мұстай ақыра түрегелді орнынан; өзін біреу қорлап жатыр деп ұқса керек.— Мен ең Жоғарғы советке шағым беремін - маған онда достар да, жақтаушылар да табылады. Норманды мен еркекше ашықтан-ашық майданға шақырамын. Қорқақ болмаса, барлық сауыт-сайманын киіп, қару-жарағын асынып, шайқасқа шықсын. Мен олардың қалқанынан үш есе қалың қорғанды мынадай-ақ найзамен бұзып шыққамын. Мүмкін, олар мені шал деп басынатын шығар, бірақ кім екенімді мен оларға көрсетемін, жалғыз басты, баласыз шал болсам да, менің бойымда Хервудтың қаны ағып жатыр! О, Уилфред, қайтейін сені, Уилфред,— деп шал қайғыра сөйледі,— егер сен тағатсыз нәпсіне ерік бермеген болсаң, сенін әкең қартайған шағында, мына сұрапыл дауылға жалаңаш, сынық бұтағын төсеген сыбай-салтаң емендей, жападан-жалғыз қалмас еді ғой!

Осындай ой шалдың ашуын терең қайғыға айналдырса керек. Седрик найзасын былай алып қойып, өз орнына отырды да, басын төмен салып, қалың ойға шомды. Сол мезетте қатты тартылған кернай даусы оның ойын бөліп кетті; залдағы барлық иттер, оған қосыла бүкіл қора-жайдағы отыз шамалы төбеттер кернайдың айғайына аттан қосқандай, қаңқылдап, абалап қоя берді. Иттердің дауырығын басып, жөнге келтіру үшін ақ. таяқ пен малайлар аз еңбек еткен жоқ.

— Әй, жігіттер, қақпаға біреулерің барсаңдаршы!—деді Седрик, залдың іші тыншығып, сөзі естілетін болған соң,— Мына кернайдың бізге не хабар әкелгенін біліңдер. Менің жерімде қандай қиянат, қандай зұлмат болды екен.

Үш минуттай уақыт өткенде қақпаға барып қайтқан жігіт мынадай хабар жеткізді: келіп тұрған қонақтар Жорво аббаттығының хазіреті Эймер мен ғымаратшылар орденінің әрі ардақты, әрі ержүрек командиры атақты сері Бриан де Буагильбер екен, қастарында бірнеше кісі нөкері бар, соларға меймандостық көрсетіп қоналқы жай сұрайды. Ашби де ла Зуш маңында бүрсігүні болмақшы сайысқа кетіп бара жатқан беттері екен.

— Эймер? Эймер хазірет? Һәм Бриан де Буагильбер?—деп біраз күбірлеп отырды Седрик.— Екеуі де нормандар... Бірақ норман болса да, сакс болса да, оның бәрі бір,— Ротервуд бұларға қонақасы бермей тұра алмайды, қонаға келген екен — хош келіпсіздер деу керек оларға. Әрине, егер өтіп кетсе, құпына құп деуге болар еді. Бірақ жолаушыға қонақасы бермеуге, қондырмай жіберуге болмайды; оның бержағында қонақ жолын нормандар да білуге тиіс, сондықтан өздерін сыпайы ұстайтын болулары керек. Осылай деп ойлады да, Седрик креслосының артын ала тұрған ақ асалы жігітті жұмсады:— Пар, Гундиберт, қасыңа бірнеше кісі ал да, келгендерді қонақ үйге апарып түсір. Аттары мен қашырларын да жайғастыр, есінде болсын, қастарындағы нөкерлері де еш нәрседен тарықпайтын болсын, киімдерін ауыстырсын, керек десе, от жағып бер, жуынатын суы да дайын болсын, сырасы мен шарабын да жетістір. Аспаздарға айт, біздің кешкі тамағымыздың үстіне тағы тамақ қоссын, сонсоң қонақтар дайын болысымен, столға ас берілетін болсын. Және тағы, Гундиберт, қонақтарға мынаны айт: қонақтармен сәлемдесуге Седриктің өзі шыққан болар еді, бірақ, оған беріп қойған уәдесі жол бермейді—саксон корольдерінің әулеті болса да, басқа меймандарға өзінің сатысынан үш қадам артық аттап шықпауға ол кісі ант еткен. Ал енді бара бер. Байқа, барлығы айтқанымдай болсын: бұлардың тәкаппар келетін әдеті — оспадар Сакс сараңдығын істеп, қараулығына басты деп жүрмесін түбінде.

Даяршы жігіт пен тағы бірнеше малай қожасының әмірін орындауға кетті де, ол кеткен соң Седрик өзінің Освальд аспазына мынаны айтты:

— Эймер хазірет... сен білетін бе едің, ұмытпасам, бұл әлгі Жиль де Мольверердің туған інісі, қазір ол лорд Миддлгем болып алды.

Освальд оның сөзін мақұлдап, ілтифатпен басын изеді.

— Ол өзінен анағұрлым асыл тұқымның. — Уилфгор Миддлгем тұқымының сарайына басып кіріп, жер-суы мен мал-мүлкін тартып алды. Жалпы норман лордтарының бәрінің де істеп отырғаны осы емес пе? Елдің айтуына қарағанда, мына хазірет бір көңілді поп көрінеді; сірә, бұл шеркеу қоңырауының даусы мен діншілдердің киіз кітабындағы әдет-ғұрыптан гөрі шарап толы тостағанды, аңшылардың мүйіз сыбызғысын артық көретін болса керек. Заты, оның не айтатыны бар. Алда-жалда келген екен, кіре берсін енді, мен лайықты қонақасысын беремін. Айтпақшы, анау ғымаратшының аты кім дедің?

— Бриан де Буагильбер.

— Буагильбер?—деп Седрик өзімен-өзі сөйлескендей, ойланып қалды, аузына қарайтын қаншама бағынышты жандардың арасында тұрса да, өзгелерден гөрі өзімен сөйлескенді тәуір көретін мұндайлардың үйреншікті әдеті.— Буагильбер?.. Аты шулы кісі. Мұны мақтайтындар да, жамандайтындар да көп. Ел аузындағы лақапқа қарағанда, бұл Ғымарат орденінің ең батыр серісінің бірі, бірақ өздерінің бойларына лайық міндердің бәріне батып болған: менмен, өркөкірек, кекшіл, зынақор көрінеді. Өзін жерде де, көкте де ешкімнен қорықпайтын, мейлінше мейірімсіз адам деседі. Палестинадан тамтұмдап қайтып кеп жатқан азғана жауынгерлер оны осылай атайды. Мейлі, ол кім болса ол болсын, маған бір түнге ғана қонақ қой, ештеме емес, оған да рақым етіңіз деуге болады Сонан соң, Освальд, ең ұзақ сақталған кәрі шарапты ашарсың; дастарқанға ең жақсы балды, ең күшті сыраны, иісі аңқыған моратты, көбігі бұрқыраған сидрды, тәтті-дәмді деген тағамның бәрін жаса, шарапты ең үлкен тостағандарға толтыра құй! Ғымаратшылар мен хазіреттер шараптың жақсысы мен үлкен тостағанды жаратады. Ровена бикешке айтарсың, Эльгита, егер өзінің көңілі соқпаса, біз оны дастарқан басына күтпей-ақ қоярмыз.

Бикештің әбден келгісі келетін болар, өйткені Палестинадан келетін жаңалықты естігісі кеп тұрады,— деді Эльгита, еш мүдірместен.

Седрик әйелдің өжет жауабына шамданып қалды. Бірақ Ровена бикештің өзіне де, оған қызмет ететін әйелдерге де бұл үйде өте құрмет көрсетілуші еді де, Седрик оларға ешбір ашу шақыра алмаушы еді. Тек әйелге жаман көзімен қарап:

Тарт тіліңді!— деп қалды.— Жалғыз-ақ бикешіне менің сөзімді жеткіз — өзінің қалауы білсін. Альфредтің немересінің жарлығы бұл үйде королеваның жарлығынан кем болмайды.

Бұл сөзден соң Эльгита залдан шығып кетті.

- Палестина! Палестина...— деп қайталады да Седрик ойға кетті. – Крес жорығының бұзақылары мен сумақай кезбелердің бұл соры бейбақ елден айтып кеп жатқан өсек-аяндарына құлақ тігетін жұрт қаншама дейсің. Құдайы меймандығын сатып, үйімізге кіріп, асымызды ішіп, аяғымызды босата жүріп, бұл алааяқ қаңғыбастардың шертетін өтірікті-шынды кептеріне мен де құлақ қойған болар едім; олардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып соққан хикаяларына мен екеш мен де аузымды ашып, көзімді жұмып, қатып қалған болар едім... Бірақ не керек, мені тыңдамаған ұл — ол маған ұл емес, мен оның тілеуін тілемеймін. Иығына кресті жапсырып ап, неше түрлі бұзақылық істеп, қан төгетін және мұны құдайдың әмірі деп соғатын барып тұрған баукеспе қанішер де бір, ол ұл да бір енді маған.

Осыны айтты да Седрик, төмен қарай, қабағын салып жіберіп, бір минуттай осылай отырып қалды. Содан қайта қабағын көтеріп, жоғары қарағанда, залдың екінші шетіндегі жармалы есік шалқасынан ашылып, алдарында аса таяқ ұстаған даяршы жігіт пен шырақ ұстаған төрт малай бар, кештеп келген қонақтар залға кіріп келді»

IV ТАРАУ

Қой, ешкі, шошқа қаны судай ақты;
Теңкиген атан өгіз еті таста.
Боршалап, шауып тұрып отқа қақтап,
Қосылды күрең шарап тәтті асқа.
Бұл тойға құрмет-сыйсыз Улисс келді
Ханзада қалың топтан оңашарақ
Шеттегі нұсқады оған бір столды.

«Одиссея», 21 кітап.

Аттан түсіп, қонақ үйге кіргеннен кейін аббат Эймер жолға шыққанда ат үстінде киетін киімдерін шешіп, жаңадан жақсы киімдерін киіп, оқалап тігілген жеңсіз беренін сыртынан салған еді. Діни дәрежесінің белгісі боп табылатын шомбал алтын балдақтан бөлек, тақсыр хазірет қолына неше алуан асыл тастар орнатылған әлденеше алтын сақиналар киген; мұның мүфтийлік шариғат жолына қайшы келетінін о кісі бұл жолы елегем жоқ; аяғына кигені — биязы испан сафьянынан тігілген шекейме етік; сақалын діни мәртебесінің пұрсаты бойынша тұқылдап қырыққан; басында — сәндеп кестелеген алқызыл бөрік.

Келгеннен кейін ғымаратшы да киімін ауыстырып киді — мүфтийдікіндей алуан-алуан ою-өрнекпен сәнделмегенмен, мұның киімі де әсем еді; киім салтанаты жағынан Эймерден аспаса да, келбеті мен айбаты одан басым болатын. Ол кеудесіндегі сауытын шешіп, оның орнына қоңыр-қызыл жібектен құндызбен әдіптеп істеген жейде киді де, оның сыртынан қат-қабаттары жерге төгілген аппақ плащты желбегей салды. Діни орденінің мақпал қара барқыттан ойылған сегіз қырлы кресі аппақ береннің омырауына тігілген. Ол қазір тік төбе бұлғын бөркін шешіп қойды: қара-торы жүзіне келісімді көмірдей қара, қою шашы кен маңдайына төгіліп, онсыз-ақ жараса қалды. Егер ғымаратшының шеннен шыққан өктемдікке бойұрып тұратын ожар кескіні болмаса, оның айбын-келбеті мен түр-тұрпатының өзіне көз тояттағандай еді.

Залға құрметті қонақтардың соңынан олардың атқосшылары, олардан соң жолаушыларды бастап келген жаһанкез шайқы да келіп кірді, момақан шайқының үстінде кезбенің киімінен бөлек көзге түсерлік ештеңе де жоқ еді. Иығынан пұшпағына түсетін, қара матадан тігілген ұзын да кең плащы бар, бұл склавэн яғни салавян плащы деп аталатын, жең орнына қондырмалы қақпақ орнатылған осы күнгі гусарлар плащына ұқсас болатын. Жалаң аяғына таспалап киген жабайы шоқай, айналасы қатармалап сырылған жалпақ етек қалпақ, сабына пальма шашағы тағылған темір ұшты ұзын асай-мұсай — шайқының бар аттоны осы ғана. Седриктің даяршы жігіттері мен қонақтардың көп нөкері тұрғанда, төменгі столдан маған орын тие қояр ма екен деген кісіше, жаһанкез өзінен-өзі қорынып, елдің бәрінің артынан бүгежектеп кірді де, қазан-аспайға қарай сырылып барып, ықтырманың астындағы скамейкаға барып отырды. Әлдеқалай біреу столдан орын берер, әйтпесе даяршы осы қазан-аспайдың басынан-ақ, тамақтандыра салар деп ойлап, шайқы енді жайғасып отырып су болған киім-кешегін кептіре бастады.

Сый қонақтарды көрген соң Седрик орнынан маңғаздана көтеріліп, төрдегі сәкіден үш қадам ілгері басты да сол арадан:

- Айыпқа бұйырмаңыз, құрметті тақсыр,— деді,— менің серт қып беріп қойған. құзырым, сіз тақсырдың және мына ержүрек ғымаратшы сері секілді қадірлі қонақтардың да алдынан шығып сый көрсетуіме ерік бермей тұр. Бірақ менің даяршы жігітім бұл қажетті тұрпайылықтың себебін айтып түсіндірген шығар деймін. Екінші тағы ғапу өтінемін, мен сіздермен ана тілімде сөйлеспекпін және егер сіздер ол тілді білетін болсаңыздар, ол сізге онша қиындық келтірмейтін болса, сіздер де сол тілде сөйлесеңіздер екен деймін; ал енді олай болмаған күнде сіздердің маған айтам дегендеріңізді, мен өзім норманша қанша білсем, сонша түсінермін.

— Серт дегенді, құрметті франклин,— деді хазірет,— яғни мұндай атақ қазір біраз ескіріп кетсе де, солай деп атауға рұқсат етіңіз, құрметті мырзам, оны орындау керек. Себебі серт дегеніміз бізді аспанмен тілдестіріп тұрған дәнекер яғни әулиеге байланатын әлем; сондықтан, менің әлгі айтқанымдай, сертті бұлжытпай ұстап тұру керек; қашан шеркеу-анамыз өзі тәрік етпесе, оны біз тәрік етуге тиіс емеспіз. Ал енді тіл дегенге келсек, өзімнің марқұм болған әжем Хильда Миддлгемскаяның сөйлеген тілінде сөйлесуге мен әзірмін, құзырыңызға мағлұм болсын, жарықтық ол кісінің қазасы Витби абаттығында әулие өліміне жаны жай тапқан, иманды болғыр, марқабатты адасы тақсыр Хильданың қазасымен айна-қатесіз ұқсас болған еді ғой!

Хазірет осындай биязы, инабатты сөзін сөйлеп болған кезде, ғымаратшы дәсерлі әдетімен ықты-жарды тыңдамастан өз бетінше қойып қалды:

— Мен қашанда Ричард корольдің және соның ақсүйектерінің тілінде, яғни француз тілінде сөйлеуші едім; ал ағылшын тілін осы елдің жергілікті: адамдарымен түсінісетін дәрежеде ғана сөйлей аламын.

Бұл бақталас ұлттардың аттары қабат аталғанда әрқашан қитығына тие қалатын әдетінше, Седрик ғымаратшыны оқты көзімен атып, оның сөзін жақтырмай-ақ қалды; бірақ әйтсе де қонақ ақысының, жүктейтін міндетін есіне алып, ашуын тежеп қалды да, қолын жайып, қонақтарына өзінің креслосынан төменірек, бірақ өзімен қатар орын ұсынды. Осыдан соң тағам жасауға бұйрық берді.

Даяршылар бұйрықты орындауға ұмтылған еді, дәл осы кезде залға кіріп келген бақташы Гурт пен оның серігі Вамбаға көзі түсіп кеткен Седрик енді соларға дүрсе қоя берді.

— Мына оңбаған қаңғыбастарды қара, кәне, бері келіңдер!— деді Седрик, ашу шақырып.

Жазықты құлдар сәкіге жақындап келгенде:

— Ал бұларыңа жол болсын, сұмырайлар? Сен неге, Гурт, осынша кешіктің? Малыңды аман айдап келдің бе өзің, жоқ, жол тосып жүрген қарақшылардың олжасына тастап келдің бе?— деді.

— Құзырыңызға мәлім болсын, малыңыз дін аман,— деп жауап берді Гурт.

— Ал маған мәлімдегеніннің текке керегі жоқ, бұзық неме,— деді Седрик,— екі сағат бойы әр шатпақты бір ойлап, уайыммен отыру, ешбір жазықсыз көршілерден қайтсем кек алам деп шатасу маған оңай деймісің! Есіңде болсын, енді қайтіп мұндай бұзақылық істесең қол-аяғыңды бұғаулап, абақтыға қамап тастауым хақ деп біл.

Қожасының ашуланшақ мінезін білетін Гурт оған қарсы келген жоқ; ал өзіне көп кешірім жасайтын Седриктің сырына қанық қылжақбас өзін де, жолдасын да арашалап сөйледі:

— Тегі бүгін, Седрик ағай, айтып отырған сөзіңнің тіпті сөз сияғы жоқ.

— Не дейсің?— деді қожасы.— Егер сен, мияу неме, тіліңді тарта сөйлсмесең мен сені қарауыл үйіне аттандырып, жоныңнан қайыс алдырармын!

— Онда сен данышпан екенсің, әуелі мына сөзге жауап бере ғой,— деді Вамба тартынбастан,— басқа біреудің қылығы үшін жазықсыз жанның жаза тартқаны қалай ақылдылық, қалай әділет болмақшы?

— Әрине, ол дұрыс болмайды, ақымағым.

— Ендеше Гурт байғұсты итінің жазығы үшін неге бұғаулаймын деп қорқытасың? Біз малдың бас-аяғын жинап алғаннан кейін жолда бір минут та алданбағанымызға осы қазір не деп ант іш дейсің, ал Фангс кешкі қоңырау құлағымызға тигенде ғана, малды әрең деп жинап болды ғой.

— Ондай болса, Фангсты асып өлтіру керек екен,— деді Седрик ойланбастан,— жазалы сол боп шықты. Ал Гурт оның орнына басқа ит алсын.

— Жоқ, ағатай, сабыр етіңіз,— деді әумесер,— мұндай билік те тура болмайды: аяғы ақсап жүргендіктен малды жинап үлгірмесе, оған Фангс неге жазықты болады? Бұған айыпты адам иттің алдыңғы аяғының тырнағын алып тастаған кісі; егер Фангстың өзінен сұрасаңыз да айтады, ол бұл оташылыққа разы болып көрген емес.

Ал енді менің құлымның меншігіндегі итті мүгедек қып тастап жүрген кім, соны айтшы?—деп Седрик айтқанша шатынап шыға келді.

- Оны мүгедек қып тастаған анау Губерт деген қақбас,— деді Вамба,— ол ана Филипп Мальвуазен мырзаның аңшылық кәсібінің бастығы ғой. Тоғайдағы бұғыны қуып келеді екен деп, Фангсты ұстап алып жүрген, әне сол. Оның айтуынша, қожасы бұған тыйым салыпты-мыс. Өзі орманшы болған соң, істеп жүргені...

Сол Мальвуазенді де, оның күзетшісін де тәңір алсын!— деді Седрик — Ұлы орман жарлығы бойынша белгіленген аң қорықтарының санатына кірмейді бұл орман — мен мұны оларға дәлелдеп беремін... Ал енді бұл сонымен бітсін. Бар, сумақай, өз орныңа барып отыр. Сен, Гурт, өзіңе басқа ит тауып ал, егер анау күзетші тағы да тиісетін болса, мен оны енді қайтіп садақ тартудан қалдырамын. Мен соның он бармағын шауып тастамасам, қоян жүрек қорқақ болғаным — онда мені құдай атсын! Бұдан соң, ол садақ тартуды мүлде қояды... Ал сіздерден ғапу өтінемін, құрметті қонақтар. Менің көршілерім -Әулиелер жеріндегі Пұтқа табынушы дінсіздеріңізден асып түспесе, кем түспейді, сері мырзам. Сөйтіп, бұйырған қонақасыларыңыз алдарыңызға келіп қалған екен ғой. Бұйырсын деп ала беріңіздер, бар әл, жоқ жай деп, алдарыңызға тартылған тағамды аз да болса көптей көріп, рақым етулеріңізді сұраймын.

Үй иеci осылай деп отырса да, столға жасалған тағам үшін ұялатын жөні жоқ еді. Төменгі столдың өзіне түр-түрімен пісірілген шошқа еті, оның үстіне асыранды құс, бұғы, ешкі, қоян, балық етінен даярланған неше түрлі тағам тартылған, таба-таба ғып пісірілген нан, печенье, әр алуан тәтті нан, неше алуан жеміс пен бал шырындарында тіпті есеп жоқ. Арша, тобылғы істіктерге шаншылып қақталып пісірілген майда құстардың еттері тағы толып жатыр. Осындай молшылықпен тартылған сансыз көп тағамды қонақтарға даяршылар мен аспаздар да кезек-кезегімен ұсынып тұрды; өздерінің қалаған тамақтарын қонақтардың өздері де іркілмей алып жатты. Құрметті қонақтардың әрқайсысының алдында күміс тостаған, ал төменгі столда шарапқа арналып мүйіз ыдыстар қойылған.

Қонақтар алдарындағы асты алуға кірісе бергенде, жұртты жайғастырып жүрген даяршы жігіт қолындағы таяқшасын көтеріп:

— Ғапу етіңіздер, Ровена бикешке орын беріңіздер!—деді.

Төрдегі столдың сырт жағынан бүйірдегі қосалқы есік ашылып, залға қасына ерген төрт қызы мен Ровена бикеш кіріп келді.

Өзінің тәрбиесіндегі бикештің мұндай жат қонақтардың алдында көзге түскеніне таңданып, разы болмай қалған Седрик наразылығын білдірмеуге тырысып, дереу бикештің алдынан шықты, зор қошаметпен Ровена бикештің қолын алып, өзінің он жағындағы, үй иесі әйелге арнап қойылған креслоға алып келді. Бикеш келгенде отырған жұрт түгел орнынан тұрып қарсы алды. Жұрттың ілтипатына үнсіз сәлем қайырып, бикеш аяғын кербез басып, өзінің орнына кеп отырды. Осы кезде ғымаратшы хазіреттің құлағына:

— Сіздің алтын алқаңызды сайыста тағуыма бұйырмаған екен, ал хиос шарабы сіздікі болды!—деп сыбыр ете қалды.

— Мен сізге айтып едім ғой,— деді хазірет.— Енді онша таң қала бермеңіз — Франклин сізді байқап отыр.

Бірақ өзімен ғана санасып жаман үйренген менмен Бриан де Буагильбер хазіреттің сөзіне құлақ қоймай, саксон сұлуына қадалды да қалды, сірә, күншығыс сұлтандарының қыздарына ешбір ұқсамаған Ровенаның көркі мұны есінен жаңылдырса керек.

Ровена ұзын бойлы, аса сымбатты қыз еді, бірақ бойының ұзындығы көзге ұрғандай сорақы емес-ті. Оның бетінің ақтығынан ой жаңылып көз таятын, ал бас бітімі мен бет нұсқасының әдемілігі көбінесе боп-боздығымен сұлу саналатын ақшыл арулардың кескін-келбетінен мүлдем бөлек болатын. Төгіліп тұратын кірпігі мен айнадай жарқыраған аякөзі, ақ маңдайына жараса біткен каштан түсті жіңішке қасы бір-біріне сайлап алғандай еді. Бұл көз жанарымен күйдіріп-жандыруға да, жақсылықпен жайғастыруға да жарайтын; ол көз әмір етіп, бағындыруға да, жалынып-жалпайып өзіне қаратып алуға да жарайтын. Бәрінен де оның түр-тұрпатына биязылық, әдептілік жарасушы еді. Алайда жалпы жұрттың жапырыла бас игеніне, айналасындағы қарашы-төрешіге әмір еткенге бойы үйреніп алған бұл саксон бикеші жаратылысынан дарыған әсемдікпен қатар айырықша бір алапаттың иесі болып алған. Толқын ұра бұйраланған ақсары түсті қолаң шашы қолға түспес асыл тастармен безеліп, иығына емін-еркін төгіліп тұр — асыл текті бекзаттықтың бұл да бір төтенше белгісі еді. Сұлудың мойында бір ұшына Нух кемесінің кішкене алтын суреті тағылған алтын алқа. Жалаңаш білегінде жалтылдаған асыл білезіктер. Теңіздің суы түстес ал қара көк жібек көйлектің сыртынан шынтағына түсетін кең жеңі бар, жер сызғандай ұзын да аса кең тағы бір көйлекті желбегей жамылған. Ең биязы жүн матадан істелген, қызыл-күрең түсті бұл көйлекке алтын нақыш салынған жібек тор түйіліпті. Бұл торды қажет болғанда, испан қыздарының әдетінше, омырауға жамылуға, әйтпесе иыққа салуға болады екен.

Осы кезде баялыштың шоғындай ұшқын атқан көзімен ғымаратшы да Ровенаға көз тіге қалған екен, мұны байқаған бикеш бұл қарауыңыз маған ләзім емес дегендей, дегдарлығын көрсетіп, пердесін бетіне түсіріп жіберді. Мұны Седрик те байқап қалып, себебін түсіне қойды.

— Сері мырза,— деді Седрик,— біздің саксон қыздарының беті күн көзін аз көреді, сондықтан крес жорықшыларының қадалып қарағанына төзе алмайды.

Егер мен айыпты болсам,— деді Бриан сері,— кешірім сұраймын, былайша айтқанда Ровена бикеш мені кешірсін; иен енді бұдан артық мөлтілдей бере алмаймын.

Ровена бикеш,— деді хазірет,— менің серігімнің батылдығын жазалаймын деп, біздің бәрімізді соған күйдіріп жіберді ғой. Бірақ ертең сайыста көрісетін тамаша қауымға сонша қаһар тікпес деп ойлаймын.

- Сол сайысқа біз бapap ма екенбіз, сол жағын мен әлі білмеймін, деді Седрик. – Заты, Англияның азат кезінде ата-бабаларымыз көріп-білмеген сол дырдуға мен өзім онша құмар емеспін.

Сонда да,— деді хазірет,— біздің отрядымыз қосшы болып отырғанда, сіз сонда барар деп сенеміз. Жол жүрудің мұндай қауіпсіз болмай тұрған кезінде, Бриан де Буагильбер мырзаның қасыңызда болғаны теріс емес.

- Тақсыр хазірет,— деді оған Сакс,— мен осы елдің қай тұсына сапар шексем де, өзімнің алмас қанжарым мен сенімді жігіттерімнен бөлек, бұған дейін ешкімнің қорғауын тілеген емеспін. Оның үстіне Ашби де ла Зушқа баратын болсақ, бізді қадірлі көршім Ательстан Конингсбургский ертіп жүретін болады, ол нөкерімен тұрғанда біз қарақшылардан да, алпауыттардан да қорықпаймыз. Сонымен, бұл шарапты мен сіздің денсаулығыңызға ішемін, тақсыр хазірет, менің шарабым сізге ұнап отыр ғой деп ойлаймын, және сол ілтипатыңыз үшін алғыс айтамын. Егер сіз монастырьдің жол-жобасын ұстап, айран ішкіңіз келетін болса, одан именбессіз деп ойлаймын және мені сыйлағандықтан ғана шарап ішіп отыр екен деп тағы ойламаймын.

— Жоқ, олай дей көрмеңіз,— деді хазірет күліп жіберіп,— біз сүт пен айранды монастырьдің ішінде ғана ішеміз, ал халық арасында — халық не ішсе соны ішеміз; сондықтан сіздің жақсы лебізіңіз үшін мынадай ақ-адал шарапты алып жіберейін, бұдан жуастауын мүритімнің еркіне берейін.

— Олай болса,— деді ғымаратшы, өзіне шарап құя түсіп,— мен Ровена арудың денсаулығына ішемін. Англияның топырағына сіз келгеннен бері мұндай бас иіп, табынарлық әйел дүниеге келген емес. Вортигерн байғұстың бақытсыздығына тәупық етемін. Егер біздің көз алдымыздағы арудың көлеңкесі елес беріп кетсе де, патшаның ар-инабаты мен зор мәртебесін құрбан етуіне сол жеткілікті болар еді.

— Сіз сезіміңізді осынша рәсуа етпесеңіз де болар еді, сері мырза,— деді Ровена, пердесін ашпастан, паң келбетімен,— одан да мен сіздің Палестинадан ала келген жаңа хабарларыңызды айта отыруыңызды өтінген болар едім, өйткені сіздің французша тәрбиеңізден туған ашнажайлығыңыздан гөрі сол хабарыңыз біздің ағылшындардың құлағына жағымдырақ тиген болар еді.

— Мен ол туралы көп қызықты хабар айта алмаспын,— деді Бриан де Буагнльбер.— Менің білетінім — әйтеуір Саладинмен бітім жасалды деген хабар.

Солай дей бергенде, сөзді Вамба бөліп жіберді. Әумесер қожасының арт жағында екі қадамдай жерде ғана отыр еді, қожасы өзінің табағынан оған оқта-текте тамақ асатып қойып отырған. Сонымен қатар Седрик осы залда елмен бірге отырған өзінің жақсы көретін иттерін де құр қалдыра қойған жоқты. Әумесер өкшесін отырған орындығының астына жіберіп, екі бетін омсырайта суалдырып, жақтарын кемпір ауызша жымқырып алған, өзіне пұрсат етілетін қулықтарының дер кезін жіберіп алмау үшін әнгімеге құлақ түріп, көзін ілмите түсіп отырған.

— Бітім-бітім дегенді тауып алыпты!—деп әумесер бір бүйірден қойып қалды, айбатты ғымаратшының сөзін елең қылмастан.— Осы сөз-ақ құлағыңды тұндырып болды!

— Не дейсің, суайт? Мұныңа жол болсын?—деді Седрик, қылжақбастың қулығына әдейі жол бергендей болып.

— Оның несін сұрайсыз,— деді Вамба.— Осы менің өмірімнің өзінде үш қайтара бітім болды, соның әрбірі — бес-он жылдан. Сонда немене, менің жүз елуге келгенім ғой.

— Сен бар ғой осы, менің білуімше, өз ажалыңнан өлмейсің тегінде,— деді ғымаратшы, өзінің орманда кездескен жүз танысын тани кетіп.— Егер сен жолды, хазірет пен маған көрсеткеніндей, жолаушы атаулыға солай көрсететін болсаң, онда ажалың кісі қолынан болатыны тумысыңда жазулы тұр.

— Бұ қалай, жылпос неме?—деп ақырып қалды Седрик.— Жолаушыларды жолдан адастырып жүрмісің! Өзіңді бір дүрелеп алу керек екен: басың қандай милау болса, суайттығың да сондай екен ғой.

- Кешіре көріңіз, ағаке,— деді әумесер,— бұл жолы милаулығым суайттығыма араша болатын шығар. Менің бар жазығым: осында оң қолым мен сол қолымды жаңылыстырып алыппын. Ал енді тегінде ақымақтан ақыл сұраған кісі кешірімді болу керек қой.

- Осыған келгенде, сөзді сырттан келген даяршының хабары бөліп кетті: алыстан келе жатқан жолаушы қонуға рұқсат сұрап, қақпаның алдында тұр екен.

- Кім болса о болсын, кіргізіңдер,— деді Седрик.— Тыста дауыл соғып тұрғанда, табиғаттың дүлей күшінен мерт болып кетпеу үшін ұшқан құс, жүгірген аң, өзінің қатерлі жауы адам баласынан сауға тілейді мұндай түнде. Өзіне не керек болса, соның бәрін беріңдер, Освальд, сен осыны жақсылап орында.

Даяшы дереу залдан шығып, қожасының бұйрығын орындауға кетті.

V ТАРАУ

Әлде жебірейлердің көзі жоқ па? Әлде олардың қол-аяғы, төрт мүшесі түгел емес пе, әлде оларда жек көру, жақсы көру, құштар болу, ынтық болу деген сезімдер болмай ма? Олардың да қорек ететіні сол бір тамақ емес пе, оларды да жаралайтын сол қару емес пе, олар да ауру-сырқауға ұшырап, сол аурудан жазылса — сол дәрімен сауықпай ма, олар да сол христиандар сияқты, жазда — жылынып, қыста — тоңбай ма?

«Венеция көпесі».

Освальд тыстан қайтып оралып, қожасының құлағына сыбырлады:

- Бұл келіп тұрған жебірей екен, Йорк қаласының жебірейі Исаак дегенмін дейді. Мен оны осында алып келсем, дұрыс бола ма?

— Оған Гуртты жіберу керек, Освальд, сол қарсы алсын,— деді Вамба, өзінің бетімен сөйлейтін әдеті бойынша.— Шошқа бақташысы жебірейге деген табылмас күтуші болады.

— Сақтай гөр, әулие анамыз Мария, жебірейді мына қауымның үстіне келтіру деген не сұмдық!— деп хазірет крес дұғалығымен шоқынып, тәубе келтіре бастады.

— Не дейді! Әулие табытын қорғаушылардың үстіне жебірей итті кіргізбек пе!— деп ғымаратшы дүрсе қоя берді.

— Мынаны қарай гөр, байқасақ, ғымаратшылар жебірейлердің ақшасын жақсы көреді екен де, олардың өздерін жақтырмайды екен ғой!—деді Вамба.

— Енді қайтеміз, ардақты қонақтар,— деді Седрик,— сіздерге бола мен қонақ ақысын жоққа шығара алмаймын. Бұл жәдігөйлерді бүкіл бір халық етіп, ғасырлар бойына ерік беpiп қойған құдай тағаламның өзі болса, бір жебірейдің бірнеше сағат бірге болуына біз де көнеміз де. Бірақ мен онымен қарым-қатынас жасауға, я бірге отырып тағам ішуге ешкімді зорламаймын. Оның өзіне жеке дастарқан жайып, тамақты бөлек беріңдер. Айтпақшы,— деді Седрик сонсоң қулана жымиып,—мүмкін, анау сәлде ораған шетелдіктер оны өздерінің қатарына алар?

— Франклин мырза,— деді ғымаратшы,— менің сарациндық тұтқындарым,— нағыз адал мұсылмандар, жебірейлерді христиандар қандай жек көрсе, олар да сондай жек көреді.

— Құдай біледі деп айтайын,— деді Вамба, сөзге қайта кірісіп,— бір кезде құдайдың өзі сүйіп жаратқан осы халықтан Махмуд пен Термаганттың пенделерінің несі артық дейсің?

— Ендеше, жебірей сенің қасыңа отырсын, Вамба,— деді Седрик.— Ақымақ пен суайт — жараса кетеді.

— Ақымақ суайттан оп-оңай-ақ құтылып кетеді,— деді Вамба, шошқаның мұжылған сүйегін жоғары көтеріп.

— Тсс!.. Өзі келе жатыр,— деді Седрик.

Жаңа келген қонаққа ешбір құрмет-мадақ жасалған жоқ, ұзын бойлы қағілез қарт адам қысылып-қымтырылып, аяғын аңдап басып, бүгежектеп залға кеп кірді; қадам басқан сайып отырғандарға сәлем беріп, тағзым етеді, жаратылысынан бойы биік адам болса да, үнемі еңкейіп, бүгжиіп жүруге әдеттенгендіктен, тұрқы қысқа адамдай боп көрінеді. Бет нұсқасы түзу, дұрыс біткен; бүркіт тұмсықты, өткір қара көзді, айғыз-айғыз ажым түскен кең маңдайлы, ұзын ақ шашты, күректей қаба сақалды қарттың айбынды-ақ келген түрі бар; бірақ не керек, баяғы қараңғы заманда дінге сенген надан қара халық үшін жексұрын көрсетілген, баққұмар, құлқын құлы, қомағай ақсүйектер тарапынан сұмдық қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттың әулеті екенін сырт пішіні әшкерелеп айтып тұр.

Жауын-шашыннан суға малшынған жебірейдің бар киімі жөнтекі қоңыр плащ, қызыл күрең ұзын хитон ғана еді. Аяғында қонышын аң терісімен жиектеген сабадай кең етігі бар, белінде жалпақ белдік, оған кішкене кездікпен қағаз-қалам салған сауытты қыстырып қойыпты. Басында айырықша үлгімен тігілген төрт қырлы сары құлақшын: христнандардан айырып алу үшін заң бойынша жебірейлер осындай бас киім киюге міндетті болатын.

Седрик Сакстың шаңырағында бұл адамға көрсетілген і уықтық израил ұлтының барып тұрған қас жауларының түсі еді. Седриктің өзі жебірейді қайта-қайта сәлем беріп, тағзым еткеніне қарамастан, оған тек басын изеді де, төменгі столдың ең шеткі жағын нұсқай салды. Бірақ оған бұл арадан қағысып орын берген ешкім болмады. Тамақ ішіп отырғандарды жағалап өтіп, төменгі столдың шетіндегі жандарға көзін сатып, жалынышты назармен қанша телмірсе де, құл-құтан сакстар шынтақтарын қасақана жайып салып, жаңа келген қонақты елең қылмастан, тамақтарын қораздана қылғыта берді. Ал монастырьдің сопысынған мүриттері жебірейге жеркене қарасып, оңды-солды шоқынып жатты, керек десең, тұтқындалған арабтардың өздері де, Исаак қастарынан өткенде, мұрттарын ызалана ширатып, жақындасаң жаныңды аламыз дегендей, қанжарларына қол жүгірте бастады.

Қарғыс ұрған халықтың үрім-бұтағын отының басына келтіруге себеп болған қисынға қарағанда, Седрик Сакс өз жігіттеріне Исаакты жәбірлетпей, құдайы қонақасысын бергізуге тиіс еді, бірақ дәл осы кезде ол өзінің сүйікті иттерінің тұқымы, қадір-қасиеті туралы бір қызықты әңгімеге кірісіп кетті де, басқа мәселеге мойын бұра алмай қалды, заты Седрик саятшылық әңгімесін бір бастап алса, жебірейдің тамақ ішпей ұйықтауы түгіл, одан да маңыздырақ іске қарай қоймаушы еді.

Бұл кезде Исаак тым болмаса отырып, дем алатын орынды кім берер екен дегендей ғып, бір шетте салы суға кетіп тұрған. Ақыры, қазанаспай алдындағы скамьяда отырған жаһанкез шайқының қартқа жаны ашып, орнынан түрегелді де:

— Ақсақал, менің киімім де кепті, өзім де тойындым, ал сенің киімің су, өзің де ашсың,— деді.

Осыны айтып, ол аумақты ошақта бейберекет болып, сөніп бара жатқан шаланы қағыстырып, ортаға жинады да отты лаулатып қайта жақты сонсоң столға барып, лақтың еті салынған ыстық көженің бір аяғын алып, өзі тамақ ішкен кішкентай столға әкеп қойды. Одан кейін жебірейдің алғысын күтіп тұрмай-ақ, залдың екінші жағына қарай беттеді; кім біледі, мүмкін ол қызмет еткен адамымен бұдан әрі сөйлескісі келмеді ме, әлде залдың төрдегі сәкісіне жақын барғысы келді ме, әйтеуір, бұл арадан сырғып кетті.

Егер сол заманда осы тақырыпты бейнелеп түсіретін суреткер болса, қазір ошақтағы отқа еңкейіп, суықтан сіресіп қалған қолын жылытып отырған мына жебірейдің ұсқыны қыстың осы мезгілін суреттеу үшін таптырмайтын көрініс болар еді. Бірақ жылынып алғаннан кейін Исаак буы бұрқырап тұрған көжеге ауыз салды, тамақты әрі ашқарақтана, әрі рақаттана қолға алғаны сондай, ол көптен бері ас көрмегендей-ақ, көжені теп-тез-ақ сыпырып-сиырып ішіп қойды.

Бұл уақытта Седрик аңшылық жайында хазіретпен әңгімелесіп отырған; Ровена бикеш өзінің күтуші қызының бірімен ұзақ-сонар сөзге кірісіп кеткен, ал өркөкірек ғымаратшы біресе жебірейге, біресе саксон сұлуына көз салып қойып, сірә, бір тәтті қиялға беріліп кеткен болу керек, әйтеуір, терең ойға қалған түрі бар еді.

Бір сөздің кезегінен, хазірет мынадай сөз бастады:

— Осы сізге қарап отырып, құрметті Седрик,— деді хазірет,— мен таң қаламын. Өз еліңіздің мәнерлі тіліне қанша сый-сияпат көрсетсеңіз де, осы біз әнгімелеп отырған саят мәселесіне келгенде норман-француз тілінің одан анағұрлым артық екенін не себепті мойындамайсыз? Шындығында кең жазықта болсын, әйтпесе орман арасында болсын, саят құрғанда, мұндай толып жатқан сөз өрнектерін бұдан басқа тілде тауып айта алмайсыз ғой.

— Марқабатты Эймер тақсыр,— деді Седрик,— зады сіздің қатеріңізде болсын, мен шет елдердің әр нәрсеге ат қойып, айдар тағып жататын қитырқұлы сөздеріне тіпті де әуес емеспін; осы орман ішінде өз өмірімді онсыз да жап-жақсы өткізіп жатырмын. Сыбызғының сазын receat немесе mort4 деп айтпасам да, мүйіз кернайды онсыз да тарта аламын, аң көргенде, тазыма ойт деп қалсам, көрінген түлкі, қасқырға сарт ете қалады; алынған аңнын терісін сыпырып оны керіп-жаюды да әбден жақсы білемін, шет жұрттардың curee, arbor, nombles5 деген сияқты жаңа сөзсымақтарды ертедегі Тристрам мырзаның лебізі-міс деп келетін шатпақтарды айтып жатпай-ақ күнелтуге болатын шығар.

— Француз тілі,— деді ғымаратшы, өзінің кез келген жерде өркөкіректеніп шыға келетін әпербақандығына салып.— тек бір аңшылықта ғана емес, махаббатта болсын, соғыста болсын, ол құдай қосқан абзал тіл. Осы тілде әйелдердің жүрегін елжіретіп алуға да, соғыста жауыңды жеңіп шығуға да болады.

— Сонымен, сері мырза, бір-бір стаканнан шарап ішіп жіберейік,— деді Седрик,— айтпақшы, хазіретке де құйып жіберіңіздер! Сонсоң мен сіздерге бұдан отыз жыл бұрын болған бір оқиғаны айтып берейін. Ол кезде осы Седрик Сакс қолданған қарапайым ағылшын тілі-ақ сұлулардың құлағына жағатын, француз заржақтарының шәлдірік-шүлдірігі ойда жоқ еді. Норталлертон даласында ұрыс салған кезімізде шотланд әскерінің шеруінен ұрандаған сакстардың айбынды нығырасы норман барондарының ең әйгілі батырларының сrі bu duerre6 ұранынан бір де кем соқпаушы еді. Ал енді сол майданда ойран салған ерлердің аруағына бір тостаған шарап ішіп жіберейік. Менімен бірге ішіп қойыңыздар, құрметті қонақтарым.

Седрик өз шарабын бірден қағып салды да одан арман көтеріле сөйлеп кетті:

— Ол күні қаншама қалқан қаусады! Батырлардың төбесінде жүздеген жалаулар желбіреді. Қан судай тасыды, еңіреген ерлер қашқаннан қара жер қапқан артық деді. Саксон жырауы бұл күнді алдаспанның алапатты күні, қыранның қанжығаны қандаған күні деп сайраған күні еді. Қарсыласқан жаудың дулығасы мен қалқанын дал-дал қылған айбалта мен ақ алмастың сыңғырын, қан майданның дабысы мен айбынды ұран үнін жыраулар айт пен тойдың жар-жарынан артық деп мадақтаған еді. Қазір бізде жырау жоқ. Біздің аламан ерліктерімізді бөтен елдің алапаты басып кетті, енді біздің тіліміз, оны айтсаң тіпті атымыз да көп ұзамай ұмыт болады. Міне сонда оны менен басқа, мына отырған қубас шалдан басқа ешкім жоқтамайды... Әй аспаз, антұрған жалқау, тостағандарды толтыр! Қан майданда ерлік көрсеткен батырлардың денсаулығы үшін, сері мырза, қай ұлттан туса да, қай тілде сөйлесе де, сол батырлар үшін! Кресті қорғаушылардың санында болып, Палестина жерінде асқан ерлік көрсеткен батырдың батыры үшін!

— Крест таңбасын өзім де кеудеме тағып жүрмін, сондықтан оны айтып жатуым маған ләзім емес, сонда да тәңір табытының шын сақшылары — Ғымарат серілері алмағанда крес жорықшыларының ішінде бірінші орынды кім алушы еді!— деді Бриан де Буалгильбер.

- Иоанниттарды қайда қоясыз,— деді хазірет,—Менің бауырым да осы орденнің мүшесі ғой.

— Мен олардың абыройына таласпаймын,— деді ғымаратшы,— бірақ...

— Сіз білесіз бе, Седрик аға,— деді Вамба, тағы да сөзге араласып,— егер Арыстан жүрек Ричард ақылдырақ болып, мен ақымақтың тілімді алғанда, өзінің шат-шадыман ағылшындарымен бірге үйде отырып, Иерусалим үшін жауласуға оны қолынан беріп қоя берген серілердің өздерін жібергенде дұрыс болатын еді.

Бұған дейін сөзге кіріспей отырған Ровенна бикеш осы араға келгенде:

— Сөйтіп ағылшын әскерінің ішінде Ғымарат серілері мен Иоанниттарға тең келетін ешкімнің болмағаны ма?—деп сұрай қалды.

— Кешірерсің, бикеш,— деп Буагильбер қызға жауап беруге кірісті,— ағылшын королі өзімен бірге Палестинаға топ-топ жауынгер батырларын алып-ақ келген еді, бірақ олар Қасиетті Жер үшін жанын шүберекке түйіп, аянбай арпалысқан ерлерден кем соға берді.

Осы сөздің шеті шыққанға дейін әңгімеге өте ынта қойып, жақын жерде құлақ түріп тұрған жиһанкез шайқы ғымаратшының мына сөзін басынан асырып жібере алмады:

— Ешкімнен кем соққан жоқ олар,— деп шыға келді.

Тосыннан шыққан мына сөзге елдің бәрі қарай қалып еді.

— Мен айтсам,— деді шайқы, ашық, жігерлі үнмен.— Қасиетті Жер үшін қылыш суырғандардың еш бірінен ағылшын серілері кем түскен жоқ. Оның үстіне тағы айтайын, Сен - Жан д'Акр қамалы алынғаннан кейін король Ричардтың өзі және оның бес серісі сайыс жариялап, жекпе-жекке шығам деген талапкерлерді ұрысқа шақырды. Осыны мен өз көзіммен көрген едім, сондықтан айтып тұрмын. Сол күні әлгі ерлердің әрбірі үш реттен майданға шығып, соның әр қайсысында жеңіп шықты. Ал соларға қарсы сайысқа шыққандардың жетеуі Ғымарат серілері орденінің батырлары еді Бриан де Буагильбер мырза мұны жақсы біледі, менің сөзімді ол да растауға тиіс.

Бұл сөзден кейін онсыз да қара торы ғымаратшының нұсқасы лездің арасында бұрынғыдан бетер қап-қара боп түнеpiп шыға келді де, сұрапыл ызадан талағы тарс айырыла жаздады. Ашу мен намыс бірдей қысып, жарылып кете жаздаған ғымаратшының қолы қалш-қалш етіп, қанжарының сабына барып қалды, бірақ мұндай жерде, мұнша халықтың алдында сазасын тартпай кетпейтіні ойында болу керек, әйтеуір, қаруын суыра алмады. Қилы-қилы жағдайда қырық құбыла білмейтін бірбеткей, қарапайым Седрик өзімен қаны бір жауынгерлердің ерліктеріне масаттанғандықтан, қонағының сабасынан шығып, ашуға булығып отырғанын байқаған жоқ.

— Біздің көңілді Англияның атақ-абыройы үшін басын бәйгіге тіккен сол серілердің аттарын атап берсең, жаһанкез, мен мына алтын білезікті саған сұраусыз берер едім,— деді ғымаратшы.

— Олардың аттарын ақысыз-пұлсыз-ақ атап берейін, бірақ маған ол үшін ешқандай сый-сияпаттың керегі жоқ: тиісті мерзімі жеткенше алтынға алданбаспын деген антым бар.

— Сол білезікті сен үшін мен кисем қайтеді, жаһанкез достым?— деп Вамба жабыса кетті.

Ерлігі, жауынгерлік өнері, атақ-даңқы және өзінің алапатты мәртебесі жағынан алсақ та, сол батырлардың ең біріншісі — Англияның королі, жүрек жұтқан Ричард болды,— деді шайқы.

— Мен оған кештім!—деп секіріп түсті Седрик.— Зорлықшыл герцог Вильгельмнің әулеті екенін де кештім!

— Екіншісі — граф Лестер, үшіншісі — гилслендік Томас Малтон мырза,— деп атады шайқы.

— О, бұл сакс!— деп сүйсініп қойды Седрик.

— Төртіншісі — Фолк Дойли мырза,— деді шайқы.

— Бұл да саксон, қанша дегенмен шешесі жағынан жиен боп келеді,— деді, шайқының әр сөзін қалт жібермей аңдап отырған Седрик. Ағылшын королінің, өзінің бір аралда туып-өскен жерлестерінің жеңісті қуанышына мәз-мейрам болған намысқой шал қазір нормандармен қастығын да ойынан шығарып жібергендей халде еді.— Ал сонымен, бесінші кім болды?— деп сұрады.

— Бесінші — Эдвин Торнхем мырза болды.

— Хенгистің аруағына сыйынып айтайын, бұл нағыз сакстың бел баласы,— деп дәуірледі Седрик.— Ал алтыншысы кім? Алтыншының аты-жөні қалай?

— Алтыншы,— деп шайқы, әлденені ойлағандай біраз үндемей қалды да,— бұл алтыншы бір қыршын жас жігіт еді, өзі атағы шықпаған, ата тегі де белгісіздеу біреу болатын, сірә, оны мұндай құрметті серіктікке алғанда, қайраты үшін емес, әйтеуір сан толтыру үшін алса керек. Аты да жадымнан шығып кетіпті.

Ашуға булығып, одан сайып шилығып отырған Бриан де Буагильбер тіпті кекірт сөйледі:

- Жаһанкез мырза, осынша кепті еске түсіріп, баяндап бергеннен кейін, өтірік ұмыттым дегеніңізге біз көне алмаймыз. Астымдағы атымның жығылып қалғандығынан, күтпеген жерден мені ерден түсіріп кеткен серінің есімін сіз айтпасаңыз, мен-ақ айтайын. Оның есімі — Айвенго сері болатын; өзінің өндірдей жастығына қарамастан, қаруды ұршықша ойнату жағынан серіктерінің ішінде Айвенгодан асатын бірде-біреуі жоқ. Мен осынша қауымның алдында жар салып айтамын: егер ол осы уақытта Англияда болып, алда болатын сайыста Сен-Жан д’Акрдағы жекпе-жегін және қайталаймын десе, мен оның таңдаған қаруымен қайта айқасуға даярмын. Өзімнің қазіргі ат-тұрманым мен қару-жарағым тұрғанда, жекпе-жектің маған сәтті болатынына сөз беремін.

— Жекпе-жекке шақырып отырған адамыңыз егер осында отырған болса, сіздің шақыруыңызды дереу қабыл алған болар еді. Ал енді қазіргі жағдайда болар-болмасы неғайбыл жекпе-жекте жеңемін деп көпірудің қажеті аз шығар деймін, онан да мынадай меймандос бейбіт үйдің шырқын бұзбай-ақ қойыңыз. Егер осыдан Айвенго күндердің күнінде Палестинадан қайтып келе қалатын болса, оның сізбен жекпе-жекке шығудан қашып қалмайтынына мен кепіл.

— Miнe мынау жақсы серт!—деді ғымаратшы.— Ал кепілдікке не тігесіз?

Жаһанкез плащының қойнынан піл сүйегінен жасалған кішкене жәшікті шығарып, оның ішіндегі крес тұмарын көрсетті:

— Мынау Нұқ пайғамбардың адам баласын топан суынан сақтап қалған қасиетті кемесінің суреті. Осы қобдидың ішінде Монт-Кормель монастырінен келтірілген нағыз тәңір кресінің бір бөлігі жатыр.

Осыны көрсеткенде Жорво аббаттығының хазіреті ғыбадат етіп, қасиетті дұғаны дауыстап оқи бастады. Жебірей мен мұсылмандардан және ғымаратшыдан басқа елдің бәрі сол ғыбадатқа ұйыды. Қасиетті дұғалыққа ешбір ғыбадат етпестен, ғымаратшы мойнындағы алтын алқаны сыпырып алып, столдың үстіне тастай берді.

— Менің кепілдігім мен мына аты-жөні мәлімсіз жолаушының кепілдігін сақтап қоюыңызды сұраймын, Эймер хазірет, Айвенго сері төрт теңіз жуып тұрған Британия топырағына келген бетінде Бриан де Буагильбермен жекпе-жекке шығатындығына осы айғақтар кепіл болсын. Егер аты аталған сері бұл жекпе-жекке шықпай қалса, оны мен ғымаратшылар орденінің Европадағы барлық мұнараларынан қорқақ деп жариялап жар саламын.

Бұған дейін үндемей отырған Ровена бикеш ғымаратшының сөзінен соң қарап қала алмады: — Оныңыз бола қоймас,— деді қыз.— Егер бұл үйде ешкім оның сөзін сөйлегісі келмесе, көзі жоқ Айвенго үшін мен айтамын. Айвенго әділ жүргізілетін қай жекпе-жекті болса да қабыл алады. Егер менің осындай әлсіз кепілдігім сондай айбарлы жолаушының күн жетпейтін қымбат кепілдігінен аса алатын болса, Айвенго тәкаппар серінің сазасын тартқызатынына өзімнің пәк есімім мен адал ар-инабатымды кепілдікке тіккен болар едім.

Седриктің жанын біріне бірі қарама-қарсы сезімдер алай-түлей ғып жіберді, сондықтан айтыс-тартыстың тұсында оның бір ауыз сөз айтуға мұршасы келмеді. Оның ақ ниет, адал кескінінде қуанышты мақтан мен ашу-ыза апыр-топыр жағаласып өтіп жатты. Айвенгоның атын естігенде электрдің ұшқыны түскендей әсер алып қалған үй қызметкерлері қожаларынан көз алмай, демдерін іштеріне тартып, енді не боларын күтіп қалды, Ровена сөйлей бастағанда, Седрик қыздың дауысынан оянып кеткендей, өзіне-өзі келе қалды.

— Ровена бикеш, мұныңыз артық болады,— деді шал.— Егер кепілдік керек болатын болса, Айвенгоның мені қатты кемітіп кеткеніне қарамастан, оның ар-намысының жолына өз ар-намысымды қиған болар едім. Бірақ осыған тігілген кепілдік жеткілікті болған шығар деймін — норман серілерінің шіреген ережелері де осыдан артып кетпес. Меніңше, осылай ғой деймін, Эймер тақсыр?

— Әбден мақұл,— деп қостады хазірет,— қасиетті дұғалық пен Нұқ кемесінің суретін және анау асыл алқаны мен біздің монастырьге апарып, бұл істің тиісті нәтижесі шыққанға дейін шеркеудің қоймасында сақтап тұрамын.

Сонан соң хазірет бір дұға оқып, ғыбадатпен әлденеше қайтара иіліп тағзым етіп, қайта-қайта шоқынды да, кеменің суретін қасына ертіп жүрген сопысы — Амвросий попқа тапсырды; ал енді алтын алқаға келгенде ешбір ғыбадат жасамастан, бірақ сондай ілтипатпен, алқаны столдан көсіп алды да, өзінің кісесінде ілулі тұрған, иісі жұпар аңқитын сафьян қалтаға салып жіберді.

— Ал, Седрик мырза,— деді хазірет бұдан кейін,— сіздің шарабыңыздың күштілігі сондай екен, тіпті қонақ кәдесін жасау дегендей, менің құлағымды шыңылдатып барады. Енді Ровена бикештің денсаулығына бір рет ішіп жіберейік те, сонсоң сіз бізге демалуға рұқсат етіңіз.

— Бромхоль кресіне сыйынып айтсам,— деді Седрик Сакс,— тақсыр хазірет, сіз өзіңіздің жақсы атағыңызды онша жақсы ақтамай отырсыз. Халық сізді дұрыс монах деп мақтайды; елдің айтуына қарағанда, сіз жақсы шарапты сәресі болғанда бір-ақ тоқтатады екенсіз; шынымды айтсам, жасым келіп қалғанда, сізбен жарысып ішуге мен қорқып отыр ем. Құдай біледі, біздің жас кезімізде сакстың он екі жасар баласы дастарқан басында сізден ұзақ отыратын.

Дегенмен хазіреттің бұл жолы сыпайылық сақтайтын қисыны бар еді. Ол өзінің тиісті мәртебесі бойынша дау-шарды бітістіруші қазылығының үстіне, заты дау жанжалды, ұрыс-керісті жаны жек көретін. Мұның себебі — біреуді жақсы, біреуді жаман көргендіктен, не болмаса өз басын арашалағандықтан емес-ті; ол бір жағынан, сакс шалдың шарт ете қалатын қызбалығынан сақтанса, екінші жағынан, ғымаратшының бұған дейін де бірнеше рет көрінген өрескел өр кеуделігінен сақтанып отырды; бұл екеуінің арасынан ақыр аяғында насырға шабатын шатақ шығып кетуі мүмкін еді. Сондықтан ол арақ-шарапқа келгенде, сакстардың басының мықтылығын, шыдамдылығын айтып, бұл жөнде оларға тең келе алатын халық жоқ деп бір жақауратып өтсе, сөз арасында өзінің діни дәрежесінің шарафатын тағы ескертіп, ақыр аяғында ұйқыға рұқсат етуін өтініп, үзілді-кесілді шарт қойды.

Осының соңынан ақтық тостаған шарап отырғандарға жағалай құйылды. Қонақтар үйдің иесі мен Ровена бикешке тағзым етіп, орындарынан тұрды да залға тарап кетті, ал үй иелері жақын қызметкерлерін алдына салып өз бөлмелеріне қарай беттеді.

— Арсыз төбет, сен де сайысқа кетіп бара жатырсың ба?— деді ғымаратшы, жебірей Исаактың қасынан өтіп бара жатып.

— Иә, бара жатырмын, құзырыңызға мақұл болса, құрметті батыр,— деп құлдықпен басын иді Исаак.

— Бәсе, сөйтпегенде сен қайтушы ең, пайдакүнем сұрқия, ақсүйектердің сіңірін созып, қатын-қалаш, бала-шағаны жылтырақ ол-пұлыңмен алдап түсіруің керек қой. Құдай біледі, сенің әмиянің ұсақ тиын-тебеннен қазірдің өзінде айрылып кеткелі тұрған шығар.

— Авраам әулиенің атымен ант ішейін, әмиянымда тиын-тебен, күміс теңге дегеннен соқыр тиын болса, бұйырмай кетсін!—деп азар да безер болды жебірей, қолын сілкіп.— Мен осы келе жатқанда, жебірей қазынасының палатасына борышты боп қалған соң, ағайын-туыстарымнан көмек сұрағалы келемін. Иаков әулиенің өзі жар болып ісімді оңғарсын. Әйтпесе, мүлдем титығыма жетіп, сынып қалдым. Тіпті мына үстіме киіп келе жатқан плащтың өзін Тадкастерде тұратын Рейбен уақытша кие тұруға берді.

Ғымаратшы мұқата мырс етті де:

— Қарғыс атқан суайт!— деп өтіп кетті.

Жебірейге айтарын айтып кеткеннен соң, ғымаратшы өзінің мұсылман тұтқындарына қарап, мұндағы жұрттың ешқайсысы түсінбейтін жат тілде әлденелер айтып жатты.

Қаһарлы монахтың бишара шалды қорлап, жерге тығып кеткендігі сондай, ғымаратшы залдың екінші шетіне шығып кеткенше, сорлы жебірей белін жазып, басын жоғары көтере алмады. Әлден уақытта есін жиып, еңсесін көтеріп жан-жағына қарағанда, жебірейдің бет ұсқыны көрден тұрған адамдай еді.

Ғымаратшы мен хазірет көп кешікпей қонақтар жататын бөлмеге кетті. Даяршы жігіттер мен аспаздар оларды ертіп барады. Әрқайсысының алдында шырақ ұстаған, екі-екіден күтушілер бар, бұларға қоса екі малай қонақтардың төсекте ішетін сусынын көтеріп келеді; бұл кезде қалған малайлар ғымаратшы мен хазіреттің нөкеріне және өзге қонақтарға төсек салынған жатын орындарын көрсетіп жүрді.

VI ТАРАУ

Сенімін ішке кіріп алмақ үшін,
Онымен жолдас болу ендігі ісім —
Ол егер жүзеге асса — берді құдай,
Аспаса — айып етпе, жазмыш солай.

«Венеция көпесі».

Белгілі бір жоспарсыз, қалай болса солай салынған осындай рабайсыз үлкен үйдің шимай-шатақ өткелдерімен шырақ ұстаған қызметкер жігіт жаһанкезді ертіп келе жатқанда, соңдарынан оларды даяршы қуып жетті де, шайқының құлағына мынаны айтты: егер ол бір тостаған балсырадан бас тартпаса, менің бөлмемде көп малайлар жиналып отыр, бәрі де Қасиетті Жер туралы, әсіресе Айвенго серінің жайынан әңгіме естігілері келеді деді. Бұл даяршыдан кейін оған Вамба келіп, түн ортасы ауғаннан кейін ішілген бір стакан шамды сөндіру хабарынан кейінгі шараптың үшеуіне татиды деп ол да өтініш айтты.

Бұл үйдің мән-жайын жақсы білетін адамның сөзіне күмән келтірместен, шайқы бұл екеуінің шақыруына алғыс айтты, бірақ та үй иесінің дастарқан басында айтылмаған сөзді ас үйде әңгіме қылуға өзінің бұрыннан беріп қойған серті рұқсат етпейтінін бұларға әбден түсіндірді.

— Мұндай сертті малайлар есепке ала қояр ма екен,— деді Вамба даяршы жігітке қарап.

— Мен бұл жолаушыны жоғарыдағы бір бөлмеге жатқызғым келіп еді,— деді даяршы жігіт, наразылығын жасырмай,— бірақ, жай христиандармен бас қосуды өзі қаламады ғой, ендеше мейлі, Исаакпен-ақ қатар жата берсін,— деді. Сонсоң,— Энвольд,— деп шырақшыны шақырып алды да,— мына жаһанкезді ең түстік жақтағы бөлмеге апарып кіргіз,— деді.—«Сыйға — сый, сыраға — бал» деген нақыл бар. Жақсы жатып, жай тұрыңыз, жаһанкез мырза.

— Аман болыңыз, тәңір иесі жарылқасын,— деп жаһанкез еркін жауап берді де, бастаушының соңынан жүріп кетті.

Үйдің тұс-тұсына әлденеше есік тарайтын, жай ғана темір шамдал жарық қып тұрған шағын бөлмеге келе бергенде, бұларды Ровена бикештің күтушісі тоқтатып, өз ханшасының жаһанкезбен сөйлескісі келетінін білдірді де, Энвольдтың қолындағы шырақты алып, біз қайтып келгенше осында тұра тұрасың деп бұйырды, сөйтіп, жаһанкезге менің соңымнан жүресің дегендей белгі берді. Алғашқы шақыруды қабылдамағаны есінде тұрған жаһанкез енді мына шақыруды қабылдамағаным дұрыс болмас деп ойласа керек, сондықтан ол бұған сөзсіз бағынды, тағы бір жағынан мұндай өктемдікке өзі таңданыңқырап та тұрды.

Осы арадағы бір қысқа коридормен келіп, жуан емен бөренелерден салынған басқышпен жоғары көтеріледі екен де, содан Ровенаның бөлмесіне кіреді екен, үй иесінің бикешті сондай сыйлайтынына, мына бөлменің қарапайым сәні де сай келіп тұр. Жүйрік ит пен қыран құс саятының алуан-алуан суреттері неше түрлі жібекке алтын, күміс жіптермен кестеленіп, бөлменің бүкіл қабырғасын жайнатып қойған. Қара күрең түсті шымылдықтың астындағы керуетте керемет кестелі төсек жапқыш құлпырады. Бөлмедегі орындықтардың үстінде түрлі түсті жастықтар жатыр; басқаларынан биік бір орындықтың алдына неше түрлі нақыш-оюмен піл сүйегінен жасалған аласа скамейка қойылыпты.

Күміс шамдалға орнатылған төрт балауыз шам бөлмені жарық қып тұр. Әйтсе де қазіргі заманның сұлулары саксон ханзадасының салтанатына қызықпай-ақ қоятын жайы да бар екен. Бөлменің қабырғалары, сірә, нашар бітелген болса керек, тұс-тұстан тұтылған әдемі мата кілемшелерді жел үріп, қампайтып жіберіпті. Желдің өтіне қарсы қойылған қалқа шымылдықтар шырақтарға пана бола алмай, қабырғадан соққан жел шамның жарығын қалай болса солай ұйтқытып әкете береді. Әрине, бөлменің жасауында байлықтың белгісі бар, ол тұрсын, әсемдіктен де құр емес; бірақ, толық сән-салтанаттан ауылы алыс, заты, ол заманда жұрттың әсемдіктен хабары аз болатын, сондықтан келіспей тұрған жақтары білінбейтін де.

Бикештің үш күтушісі арт жағынан тұрып алып, Ровенаның шашын түнге лайықтап өріп жатыр еді. Ал сұлудың өзі патшалардың тағына ұқсас биік орындықтың үстінде отырған. Ровенаның қазіргі келбет, кескіні адамды өзіне табындыру үшін жаралған жан сияқты еді. Жаһанкез мұны бірден бағалай біліп, қыздың алдында тізесін бүгіп, тағзым етті.

— Тұрыңыз, жаһанкез,— деді Ровена, жарқылдай қарсы алып,— көзі жоқтың сөзін сөйлеген кісіні ақиқат пен ерліктің құнын білетін әрбір адам құрмет етуге тиіс..

Сонсоң бикеш өзінің нөкеріне қарап:

Эльгитадан басқаларың бара тұрыңдар. Мен мына әулие жаһанкезбен сөйлесуім керек,— деді.

Нөкер қыздар бөлменің ана шетіне барып, қабырғаға тірей қойылған жіңішке скамьяға отырысты да, ханзадасы мен жолаушының әңгімесіне бөгет келтірместей-ақ, емін-еркін сыбырласа берулеріне мүмкіндік барлығына қарамастан, тым-тырыс болып, қабырғаға жабысып қатты да қалды.

Ровена бикеш сөзді неден бастарын біле алмай қалған кісіше, бір минуттей үндемей отырды да, сонсоң барып сөзін бастады:

— Жаһанкез, сіз бүгінгі кеште бір адамның атын атадыңыз. Менің айтайын деп отырғаным — Айвенго деген есім,—- деп қыз оны мұңдана айтты; — табиғат заңы, туыстық жолы бойынша, бұл есім естілгенде, осы үйдің іші масайрап, рақаттанып қалуға тиіс еді; бірақ тағдырдың бұйрығы солай болса керек, әлгі есім аталғанда көп адамның жүрегі дір ете қалса да, солардың ішінен жалғыз. менің ғана сұрауға батылым барып отыр: айтыңызшы, айтылмыш адамды қай жерде, қандай жағдайда көріп едіңіз. Біздің естуімізше, ол науқастанып, Палестинада қала тұруға мәжбүр болыпты да, ағылшын әскері ол жерден кетіп қалғаннан кейін француз партиясын жақтаушылар тарапынан ол қуғынға ұшыраған болса керек, ал біздің білуімізше, мына ғымаратшылар да сол партияның адамы ғой.

— Мен Айвенго сері жөнінде көп еш нәрсе білмеймін,— деді жаһанкез, қысылыңқырап,— бірақ оның тағдырына сіз мүдделі болсаңыз, мен де ол туралы көп нәрсе білгім келер еді. Мен білсем, ол өзінің Палестинадағы дұшпандарының қуғынынан аман-есен құтылып, Англияға қайтуға әзірленіп жүрсе керек. Менен гөрі, бикеш, сіз хабардарсыз ғой, оның мұнда келгенде бақыты жанатын үміті болар ма?

Ровена бикеш бұған қатты күрсінді де, егер Айвенго еліне қайтатын болса, қай шамада келіп қалар екен, сапар шеккенде оған үлкен қауіп-қатер кездеспес пе екен деп жаһанкезге қайыра сауал берді.

Айвенгоның қайтатын мерзімі жөнінде жаһанкез басы ашық еш нәрсе айта алмады; ал Ровена бикештің екінші сауалына келгенде, егер ол Венеция мен Генуя арқылы қайтатын болса, содан келіп Франция мен Англия жерінің шегіне өтіп кетсе, жолаушы сапарының қауіпсіз болатынына жаһанкез бикешті сендіре сөйледі.

— Айвенго француз тілін және француз халқының әдет-ғұрпын жақсы біледі, сондықтан оған бұл жолда төніп тұрған қауіп жоқ,— деді ол,

— Айтқаныңыз келіп, әйтеуір ол аман-есен жетіп, алда болғалы тұрған сайысқа қатыса алатын болса екен,— деді Ровена бикеш,— бұл сайыста осы елдің барлық серілері қажыр-қайраты мен өнерін көрсетуге тиіс. Егер осыдан Ательстан Конингсбургский бәйгі алып шығатын болса, онда Айвенго Англияға келген бетінде жақсы хабар ести алмайды. Расын айтыңызшы, шайқы, соңғы рет көргеніңізде оның хал-ақуалы қандай еді? Душар болған науқасының зардабынан күш-қуаты кеміп, келбет-көркі өзгеріп кетпеп пе еді?

— Арыстан Жүрек Ричардтың нөкерімен Кипр аралынан Палестинаға келгеннен кейін Айвенго жүдеп, өңі солғын тартып кетті. Менің байқауымша, оның жүзінде үлкен бір қайғы бар сияқты. Бірақ мен жанына жақын барып көргенім жоқ, өйткені онымен таныс емеспін ғой.

— Отанына келгенде көретіні оның жүзіндегі қайғыны тарқата алмай ма деп қауіптенем...— деп күрсінді Ровена.— Менің бала күнімнен бірге ойнап, бірге өскен құрбымнан хабар жеткізгеніңіз үшін, қайырымды жаһанкез, сізге үлкен алғыс айтамын. Оу, бойжеткендер, мына қасиетті тақсырға жатар орынға бір тостаған шарап келтіріңдер. Әулие адамның тынығатын мезгілі жетті, оны бұдан ары енді кешіктірмей-ақ қояйын.

Бір қыз күміс тостағанмен ыстық шарап келтірді, Ровена тостағанның шетіне ернін тигізіп, ауыз тигендей болды да, содан кейін шарапты жаһанкездің алдына тартты. Жаһанкез оны тағзыммен қабыл алып, бір жұтты да қойды.

— Достым, мына құдайыны алыңыз,— деді Ровена, оған алтын тенге ұсынып.— Сіздің басыңыздан кешірген ауыр азабыңыз бен тауап еткен қасиетті жерлеріңізді қадір тұтатындығыма тартқан таралғым болсын.

Шайқы тартуды алып, тағы да иіліп тағзым етті де, Эльгитаның соңынан еріп, бөлмеден шығып кетті.

Жоғарыда айтылған малай Энвольд оны коридорда күтіп тұр екен. Күтуші қыздың қолынан шырақты алып, Энвольд ешбір ресім, ізетсіз-ақ қонақты төмен дәрежелі келімсектермен жай жалшы, малайлар жататын қатар-қатар чуландарға қарай бастап жүрді.

— Жебірей мұнда қай жерге түнеді екен?—деп сұрады шайқы келе жатып.

— Арам төбет сіздің мархабатыңызбен қатар түнейтін болды,— деді Энвольд.— Ой, қасиетті Дунстан әулие-ай, ол малғұн қонып шыққан чуланды христиан кіретін баспанаға жарату үшін қайтадан қырғыштап, жуып-шайып әлекке түсетін болдық-ау!

— Ақ бақташы Гурт қайда түнейді?—деп сұрады тағы жолаушы.

— Гурт сіздің оң жағыңыздағы чуланда түнейді, ал сол жағыңызда — жебірей болады, әйтеуір, бұл азғын халықтың ұрпағынан аулақ бола көріңіз. Освальдтың айтқанына көнгеніңізде, сізге одан жақсырақ жай берілетін еді ғой,— деді малай.

— Ештеңе етпес, маған мына жер де жаман болмайды,— деді шайқы.

Осылай деді де ол өзіне арналған чуланға кіріп, малайдың қолынан шырақты алды, оған алғыс айтып, жақсы жатып, жай тұрыңыз деді. Бөлмесінің есігін жауып, шырақты ағаш шамдалға орнатты да, өзінің жататын жайын көзімен шоли бастады, чуланның бар жабдығы домбайлап құрастыра салған ағаш орындық пен керует орнына қойылған жалпақ ағаш жәшік екен, жәшіктің ішіне таза сабан толтырылып, оның үстінен екі-үш қой тәйтерісі жайыла салыпты.

Жаһанкез шырақты сөндіріп, осындай төсек болмыстың үстіне киіммен сұлай кетті, оның бұл орында ұйықтаған-ұйықтамағанын кім білсін, әйтеуір үйшік бөлмесінен жарық түсіріп, таза ауа кіргізіп тұрған торкөзді кішкентай терезеден жаңа шыққан күн көзі сығалағанша тырп етпестен жатып шықты. Күн шыға оянып, таң намазын оқыған соң үстіндегі киімін қағып-сілкіп киді де, есікті ептеп ашып, жебірей жатқан бөлмеге келді.

Жаһанкез қандай жерге қонып шықса, Исаак та дәл сондай төсекке түнеп, тынышсыз ұйықтаған. Кешке жақын шешіп алған бар киім-кешегін, ұйықтап жатқанда біреу ұрлап кетпесін деп, не үстіне жамылып, не астына басып алыпты. Ұйқыда жатқанның өзінде жебірейдің бетінен жапа шегіп, жаны қиналып жатқаны көрінеді, өзін бассалғалы келе жатқан қорқынышты елестен жанталаса қорғанғандай, екі қолы ербең-сербең етеді; жебірей тілінде әлдене деп бажылдап, байбалам салып қалады; әредік-әредік жергілікті елдің сөздерін де шатастырып, жан-сауға далбас іздейді; жебірейдің сондағы сөздері: «Авраам пайғамбардың аруағы үшін, бишара шалды есіркей көріңдер! Мен бір сіңірі шыққан кедеймін, менде соқыр тиын ақша жоқ, мейілдерің — аяқ-қолымды бұғаулап керіп тастаңдар немесе борша-боршамды шығарып кескілеп әкетіңдер, бәрібір мен тілегендеріңді орындай алмаймын»,— деген сияқты қарғану.

Жаһанкез Исаактың өзі оянуын күтіп тұрған жоқ, асасының ұшымен түртіп қалып оятып жіберді. Асаның ұшын ұйықтап жатқан жебірей түсім деп қалса керек: ұйқысынан шошып, орнынан атып тұрды, төбе шашы тік тұрып, өткір қара көзі шарасынан шығып, алдында тұрған жолаушының өңменінен өтіп кете жаздады, зәресі зәр түбіне кетіп, ес-тұсынан айрылған шалдың аяқ-қолы қалшылдап-дірілдеп, саусақтары жолаушының, киіміне жармасып тастай қатып қалды.

— Сен менен қорықпа, Исаак, мен саған достық ниетпен келіп тұрмын,— деді жаһанкез.

— Израилдың тәңірі жарылқасын сізді,— деді жебірей, азырақ есін жиып.— Түс көріп жатыр екем... Авраам бабамыздың аруағы қолдап, тегі сол түс — түс күйінде қалсын.

Аздан соң шал өзіне-өзі келгендей болып, жолаушыға жөні түзу сауал берді:

— Мұндай таң сәріде бишара жебірейден не тілейтін едіңіз, марқабатты тақсырым?

— Саған айтайын дегенім,— деді жаһанкез,— егер сен қазірден бастап осы үйден көзіңді жоғалтып, не ғұрлым бұдан жырақтап кетпесең және не ғұрлым мұны тез орындамасаң, онда сенің жол үстінде бәлеге ұшырауың мүмкін.

— О, тақсыр әулие, мендей кені қатқан кедейге кім соқтығушы еді?—деді Исаак, еркінсіп.

— О жағын енді өзің білесің,— деді жаһанкез,— бірақ кеше кешке Ғымарат серісінің залдан өтіп бара жатып, өзінің мұсылман мендікерлеріне айтқан сөзін естіп қалып едім, мен мұсылман тілін жақсы білемін, сондықтан оның мынадай бұйрығын жақсы түсіндім: таң атысымен жебірейдің қалай қарай жол шеккенін аңдып тұрыңдар, сонсоң осы мекеннен ұзаңқырап шыққаннан кейін оны ұстайсыңдар да не Филипп де Мальвуазеннің, не Реджинальд Фрон де Бефтің сарайына жеткізетін боласыңдар,— деп бұйырды ғымаратшы, өзінің мұсылман құлдарына.

Бұл хабарды естігенде жебірейдің нендей сұмдық халге ұшырағанын тіпті айтып болмайды; ол мүлде не болып, не қойғанын сезуден қалғандай еді. Бүкіл денесі мен жан жүйесі болбырап түсіп кетті, қолдарынан жан қашып, басы былқ-сылқ етіп, қалай болса солай салбырап кетті, аяқтары шалынысып шатқаяқтай түсті де, әлдеқандай бір ғайып күш ұрып жібергендей, жаһанкездің аяғының астына сылқ ете қалды; ол бір медет тілеп жалбарынған адам емес, кәдуелгі жаны кеткен құр сүлдер сияқты еді.

— О, пәруардәгір Авраам!—деп дауыстады жебірей, аппақ басын жерден көтерместен, айғыз-айғыз ажым қолын көкке көтеріп.— О, Мұса! О, һарон хазрет! Әне бір түсі түскір тегін көрінбеген екен, түсте көрінген аян да тегін берілмеген екен! Сіңірімді созып, тарамысымды қышқашпен тартып бара жатқанын қазір-ақ сезгендеймін. Раббоның пенделерін кескілеп, боршалап азаптаған алмас аралар мен болат балталардың, өткір тістері, Аммон тамұғының улағыш иісі қазірдің өзінде етіме түрпідей қадалып, тәнімді тілгілеп, жанымды қинап барады.

— Орныңнан тұр да менің айтқанымды тыңда, Исаак,— деді жаһанкез, ар жағы жек көріп тұрса да, жебірейдің тартқан азабына шыдай алмай,— Сенің неге қорқып тұрғаның маған түсінікті: шаһзадалар мен ақсүйектер сенің ағайындарыңнан ақша түсіріп алғысы келгенде, оларға ешбір рақым қылмайды. Бірақ сен орныңнан тұр сонда да, мен саған бәледен қалай құтылудың амалын үйретейін. Сен қазірдің арасында бұл үйден көзіңді жоғалт, кешегі сен іш — мен іш болған арақ-шараптан соң қатты ұйықтап қалған даяршы жігіттер оянбай тұрып, кетіп қал. Осы жердің орманын мен қай орманшыдан болса да кем білмеймін, құпия соқпақтар арқылы тоғайдан өзім өткізіп жіберемін. Қашан сайысқа кетіп бара жатқан бектер мен алпауыттардың біріне қолымнан тапсырғанша, мен сені тастап кетпеймін; сонан соң оның аузын алудың амалын өзің табарсың деп ойлаймын.

Бәледен құтылатын үміт туған шақта Исаак орнынан көтеріле бастады, бірақ әлі де жүгінуден ары барған жоқ тізесін бүккен қалыпта отырып, ұзын ақ шашын кейін қапырып, сақалын тарамдап алды да, шұбалы қара көзімен жаһанкезге қадала қарады. Оның бұл назарында үрей, үміт, шұба сезімдері қабаттасып қатар келіп тұр еді.

Дегенмен жаһанкездің соңғы сөзінен үрейі ұшқан Исаак қайтадан есінен жанылып, етпетінен құлап түсті де былдырақтап сөйлей берді:

— Қайырым қылған кісіге оның қарымын қайырып бағамын ғой! Бірақ, одан не пайда! Христиан пенделерінің рақымын келтіретін жалғыз-ақ жол бар, бірақ сіңірі шыққан мендей кедей жебірейден ондай қаржы қайдан табылсын? Құдай үшін, жас жігіт, мені ұстап бере көрме! Бәрімізді жаратқан аспандағы тәңірдің бір өзі үшін, жебірей мен христиандарды, Израил әулеті мен Исмаил әулетін жаратқан, жалпы жер бетіндегі пенденің әмбесін дүниеге келтірген бір құдайдың өзі үшін, әйтеуір мені ұстап берме!— Осы сөзден кейін оның басқа сезімдерінің бәрінен күдік үстем боп кетті де: - Тіпті ақырғы тиын-тебеніме дейін, түгін қалдырмай жиып берсем де, христиан жолаушының жақсылығын өтерлік қаражат менде жоқ!— деп су қара көк болды Исаак.

Бұл сөздерді айтқанда ол жаһанкездің етегіне жармасып, жаны қалмай жалынып-жалпайып тұр еді.

— Сен саспа,— деді жаһанкез.— Заты, тұқымыңның барлық қазынасы бір сенің қолында болса да, маған сені жәбірлеудің қажеті жоқ. Мен жоқшылық сертімді осы киім-кешегіммен орындап шығуға міндеттімін, егер одан тайсам, тек қана бір қалқан мен бір жақсы ат үшін ғана таярмын. Оның бер жағында мен саған бірге жүр деп жалынбаймын, егер қалғын келсе, осында қал: Седрик Сакс сені қорғай алады.

— Ой, ол болмайды!— деп жебірей без ете қалды.— Ол мені өз нөкеріне қоспайды. Саксондар мен нормандар бишара жебірейді бірдей жек көреді. Ал енді Филипп де Мальвуазенге, не Реджинальд Фрон де Бефке қараған жерде жалғыз жүру деген... Жоқ, болмайды! Мен сенімен бірге кетемін, жақсы жігіт! Ал кетейік! Белімізді бекем буып безіп берейік! Ал мына асаңды... тезірек, қашпақ болсаң, зымыра деген!

— Жоқ, алданайын деп тұрған мен де жоқ,— деді жаһанкез, серігінің сөзіне қосылып,— бірақ әуелі осы үйден шығып кетудің жолын табу керек. Ал сонымнан ер!

Жаһанкез бұдан шығып, оқырман қауымға жоғарыдан белгілі Гурт жатқан бөлмеге келді.

— Тұр, Гурт,— деді жаһанкез,— тезірек тұр. Артқы қақпаның кішкене есігін ашып, бізді шығарып жібер.

Гурттың біздің уақытымызда қорлық боп саналатын бұл міндеті ол замандағы саксондар Англиясында, Эвмейдін Итака аралындағы ардақты міндетіндей, қадірлі міндет деп есептелетін еді. Жаһанкездің мұндай бұйыра сөйлегеніне Гурт ыза боп қалды.

Сондықтан орнында жатқан бетінде шынтақтап қана басын көтеріп, кекірттене тіл қатты:

— Е, Ротервудтан жебірей кетпекші екен ғой, оған серік боп, жаһанкез де қоса аттанбақшы екен.

Осы кезде кеп чуланның есігінен қарап тұрған Вамба қу:

— Шошқаның артқы жілігін жымқырып алып, сарайдан жебірей зытып барады екен деп ойлап едім мен,— деп қағытып қалды, өзінің қырыс сөйлейтін әдетінше.

— Қалай десең олай де, ал жебірей мен жаһанкез үлкен қақпа ашылғанша тоқтай тұрады. Бізде бүйтіп қонақтың үрпек бастан жасырын кететін әдеті жоқ.

— Солай бола тұрса да, менің айтқанымды істерсің деп ойлаймын,— деді жаһанкез, бұйыра сөйлеп.

Осыны айтты да ол келіп бақташының құлағына саксон тілінде бірдеңе деп сыбырлады. Сол-ақ екен, Гурт орнынан атып тұрды, ал жаһанкез ақырын дегендей, бір саусағын жоғары көтерді де:

— Сақ бол, Гурт! Сен өзің әрқашан епті едің ғой. Арт жақтағы кішкене есікті ашып берсең болады. Басқа сөзді кейін айтамын,— деді.

Гурт айтқанша жіптіктей болып, айтқанды орындай бастады да, Вамба мен жебірей соның соңынан жүрді, шошқа бақташысының лезде өзгере қалғанына екеуі де аң-таң.

Кішкене есіктен шығысымен:

— Менің қашырым! Қайда менің қашырым?— деп жебірей дауыстап жіберді.

— Мұның қашырын келтір осында, сонсоң маған да бір қашыр тап, мен осымен осы жердің шегінен шыққанша бірге барамын. Қашырды мен Седрик Ашбиге келгенде соның нөкерінің біріне аман-есен табыс етермін. Ал сен өзің...— деп келді де, жаһанкез сезінің ақырын Гурттың құлағына айтты.

— Бұл сөзіңді мен қуана-қуана орындаймын,— деді де Гурт жүгіріп кетті.

— Қасиетті Жерге барғанда, осы сіздерді — жаһанкездерді не деп үйрететінін білсем дер едім,— деді Вамба, бақташы жолдасы жүгіріп кеткенде.

— Бізге ғыбадат етуді үйретеді, ақымағым,— деді жаһанкез,— сонсоң тағы күнаға кешірім сұрауды, өзіңнің нәпсіңді тыйып, ораза тұтуды, жатпай-тұрмай намаз оқуды үйретеді.

— Жоқ, бұдан гөрі күштірек бірдеңе үйрететін болса керек,— деді әумесер.— Әйтпесе ғыбадат, намаз дегендерге Гурт бағына қоймас еді, ал ораза тұтып, нәпсіні тыю дегенге ол қашыр түгіл көшиектің де маңына жуытпас еді. Тегі ораза, намаз деген шатпағыңды — Гурттың бір бәсіре қара қабаны бар — соған айтсаң да болар.

— Эх, Вамба! Сен қазір басқа ешкім де емес, нағыз саксон ақымағы болып алған екенсің!—деді оған жаһанкез.

— Мұны дұрыс айттың,— деді әумесер,— сен сияқты мен де норман болсам, біздің ауылда күнде той, күнде жиын болып жатар еді де, мен соның ішінде данышпан атанып жүрген болар едім.

Осы кезде ордың арғы жағынан екі қашыр жетелеп келе жатқан Гурт көрінді. Қақпадағы кішкене есікке және сыртқы дуалдың шыға берісіндегі өткелге дәлдеп жасаған, көлденеңі екі тақтайдың еміндей ғана тар көпір арқылы ордың арғы қабағына өтіп, жол жүрушілер тұпа-тура орманға келіп тірелді, Арғы қабаққа шығысымен жебірей ұзын жейдесінің қойнынан бір май-май кенеп дорбаны ептеп алып, қашырының үстіндегі ертоқымның оқпанына жаушы-жаужалам тығып жіберді, бар болғаны: «Мұнда бір көйлек-көншек, ауыстырып киермін деген көйлек-дамбал бар еді, басқа онда ештеңе де жоқ»,— деп өзінен-өзі қуыстанып, жыбырлай берді. Содан соң өзінін егде тартқан жасына қарамастан қашырдың еріне лып етіп мінді де алды-артына қарамастан, дорбаны көзге түспейтіндей етіп, плащының етегімен оңдап тұрып бүркеп алды.

Қайта, жаһанкез ерге одан гөрі байсалдырақ отырып, жүрерде Гуртке қолын ұсынды; Гурт оның қолын үлкен құрметпен сүйіп алды. Содан жолаушылар қалың орманның ішіне кіріп, қара үзіп кеткенше көз алмай, ізінше қарап тұрды. Ақыры оның ойын Вамбаның сөзі бөліп кетті.

— Білесің бе, достым Гурт, сен бүгін керемет кішіпейіл, керемет әдептісің. Әттең мен де не хазірет, не қаңғыбас шайқы болсам деп ойлаймын, онда сенің мынадай сый-құрметіңнен құр болмас едім-ау. Бірақ, онда мен құр қолымды сүйгізіп қана қоюдан гөрі, маңыздырақ бірдеңе дәметер едім ғой.

— Бұл сөзіңді бекер деуге болмайды, Вамба, бірақ сен ылғи үстірт бағалайсың; заты, бұл ең ақылды адамдардың әдеті... Ал енді мен малымды көздеуге кеттім,— деді Гурт.

Осыны айтып ол қора-жайға қайтып кетіп еді, оның соңынан қылжақбас та қоса келді.

Қорыққанға қос көрінеді деген бар емес пе, сірә, соның салдары болуға тиіс, бұл уақыттың ішінде жебірей, өзінің кәрілігіне қарамастан, өте-мөте суыт жүріп отырды. Жаһанкез жол бастап келе жатқан болатын, тегі өзі тоғай соқпақтарына өте жетік болса керек, сондықтан ылғи қалтарыс жолдармен алып келе жатты; бұдан сезіктенген Исаак: осы жәдігой мені бір қақпанға апарып түсіргелі келе жатқан жоқ па екен деп те күдіктеніп қояды.

Сезіктенсе — сезіктенетін де жөні бар емес пе, сол бір заманда жер үстінде, су бетінде, аспан аясында он сегіз мың ғаламнан сірә, жалғыз қанатты балық болмаса, жебірей атаулыға өшікпеген, оларға қастандық істемеген бірде-бір жан иесі болмаған шығар. Тіптен ешбір қисынсыз, болар-болмас ілік жасалса яки ақылға сыймастай зәредей айып тағылса болды, олардың басына бәле жабылып, дүние-мүлкі талан-таражға салынып жатты. Нормандар мен саксондар, даниялықтар мен британдықтар бір-бірімен қандай жауласып жатса да, жебірейлерді қудалауға келгенде бәрі бірігіп кетіп, оларға қиянат жасауды, қуғын-сүргінге ұшыратуды өзіміздің діндестік парызымыз деп білді.

Арамдыққа, пайдакүнемдікке жеріген норман патшаларының әулеттері және оларды еліктеген ақсүйектер үнемі жебірей ұлтының соңына түсіп, соларды қудалаумен болды. Шаһзада Джонның бір бай жебірейді ордасындағы қапасқа тығып қойып, күн сайын бір тісін жұлдырып отырған хикметі жалпы жұртқа мәлім. Мұның ақырында бишара жебірей бар тісінің қақ жартысынан айрылып шығады да, бірақ шаһзаданың талап еткен хисапсыз көп сомасын төлеуге де мәжбүр болады. Жалпы халықтың алық-берігінде жүріп тұрған ақшаның басым сомасы осы қуғындағы ұлттың қолында болды да ал ақсүйектер патшасынан көргенін істеді, жебірейлерден ақша түсіріп алу үшін олардың істемейтін айласы жоқ еді, тіпті көрінеу қорлық-зорлық көрсетіп, жанын қинауға дейін баратын. Пайда түсетін жерде неден болса да тайынбайтын қасақылық жебірейлерді алуан түрлі қорқыныш, бәлеге де айдап салып отырды, әсіресе, Англия сияқты асқан бай елде қыруар пайдаға белшесінен батып қалатын еді. Толып жатқан қиын-қыстау кедергілерге қарамастан, жоғарыда айтылып кеткен жебірей қазынасы дейтін айырықша салық төлететін, сонымен оларға зор ауыртпалық түсіретін мекеменің барлығына қарамастан, жебірейлер ақшаны үсті-үстіне көбейтіп, үсті-үстіне арттырып, хисапсыз соманы басып алып, вексель арқылы қолдан-қолға жүгіртіп отырды; шынтуайттап келгенде, осы вексель дейтін коммерция шарты жебірейлердің ойлап тапқан өнері. Бұл вексель қазына-байлықты бір елден екінші елге ауыстырып отыруға жол ашты; өйткені жебірей бір елде күйреп, сынып бара жатса, оның қазына-мүкаммалы екінші елде мүлтіксіз сақтаулы тұра берді. Жебірейлердің қайсарлығы мен пайдакүнемдігі өздерін билеп отырған тоңмойын озбырлыққа, зорлық-зомбылыққа недәуір қарсылық көрсетті; неғұрлым қуғын-сүргін күшейген сайын бұл қарсылық та соғұрлым арта түсті; жебірейлердің саудадан табатын орасан зор байлығы бір есептен оларды көп реттерде үлкен қатерге ұшыратып отырса, екінші жағынан тағы солардың ықпалын күшейтіп, өздеріне қамқор қорғаушы тауып беріп, пайдалы қызмет етіп келеді. Жебірейлердің тіршілік еткен жағдайы осындай болып кездесті де соның әсерінен келіп, олардың мінез-құлқы туды; зеректік, сауысқаннан сақтық, жасқаншақтық, сонымен қатар қайсарлық, ымыраға келмейтіндік, қиын-қыстау жағдайда айла тапқыштық қасиеттері осындайда келіп пайда болған.

Жолаушылар бұрыс-бұрыс жолдармен, үн-түн жоқ, ұзақ жүріп келген, бір мезгілде жаһанкез тұрып тіл қатты:

- Анау қурап қалған кәрі еменді көрдің бе?—деді ол.— Сол ағаш - Фрон де Бефтің жерінің шегі болады. Ал Мальвуазеннің қол астынан алдақашан өтіп кеткенбіз. Енді саған төніп тұрған ешбір қауіп-қатер жоқ.

— Ой, олардың аты өліп, жаяу қалсыншы!—деді жебірей.— Бірақ сен мені тастап кете көрме, қайрымды жаһанкез. Сонау кәпірстан ғымаратшы мен оның сарацин құлдарын білесің ғой. Жер шегіне де, мекен-жайға да, иесінің атақ-даңқына да қарамайды олар.

— Біздің жолымыз осы арадан бастап екі айырылуға тиіс. Шын қажеттігі жоқ жағдайда менің атағымдағы адамның сенімен қатар жүруіне болмайды. Оның үстіне қару-жарағы сай екі бірдей жәдігөйге құдай деген мен сияқты бейбіт пенде не істей алады?

— О, жақсы жігіт! — деп без ете қалды жебірей.— Сен маған болыса аласың және болысасың да. Қанша кедей болсам да, мен де соның қаруын қайырармын — бірақ ақшамен емес, Авраам бабам біледі, ондай ақша менде жоқ.

— Мен саған айттым ғой,— деп жаһанкез оның сөзін бөліп жіберді,— ақшаңның да, басқа сыйыңның да маған керегі жоқ. Бірақ сені шығарып салайын. Тіпті оны айтсаң мен сені қорғай да алады екем, өйткені сарациндерден жебірейді. қорғауға ешбір христианға тыйым салына қоймаған болар. Сондықтан, өзіңе сенімді қорғаушы табатын жеріне жеткенге дейін мен сені ұзатып саламын. Біздің Шеффилд қаласына жетуімізге енді көп қалған жоқ. Онда барған соң сен өзіңнің туыстарыңды табасың, паналайтын орын да табасың.

— О, Иаковтың аруағы қолдасын сені, қайырымды жігіт!— деп жебірей батасын берді.— Шеффилдте Зарет деген туысым бар, мен сонда барып түсемін, ал одан ары амансау жететін жолды өзім табамын.

— Жақсы,— деді жаһанкез.— Ондай болса, біз Шеффилдте ажырасамыз. Жарты сағаттан соң біз сол қалаға жетеміз.

Қалған жарты сағаттың ішінде бұлар екеуі де бір ауыз сөз айтысқан жоқ; мүмкін, жаһанкез қажет болмаған кезде, жебіреймен сөйлесуді өзіне ләзім көрмеген болар; ал жебірей, тәңірдің қабірін тауап етіп, әулие атанып қайтқан адамның мазасын алып, басын қатыра беруге әдеп сақтаған болуы да мүмкін. Сонымен, бұлар бір аласа төбенің басына кеп шыққанда, жаһанкез тұрып, төбені бөктерден салынған Шеффилд қаласын көрсетіп:

— Міне, біз осы арада ажырасамыз,— деді.

— Бірақ бишара жебірей сізге өзінің алғысын айтқанша, сабыр ете. тұрыңыз, сізді туысқаным Зареттің үйіне шақыруға менің батылым бармай тұр, егер. онда бара қалсаңыз, сіздің істеген жақсылығыңыздың қаруын қайыруға маған көмектескен болар еді,— деді Исаак.

— Мен саған алдақашан айттым ғой,— деді жаһанкез,— ешқандай сыйыңның керегі жоқ деп. Егер өзіне борышты болғандардың қалың тізімнің ішінде, әлдеқандай бір христиан кедейі көзіне түсе қалатын болса, мен үшін соны қарыз ауыртпалығынан, түрме азабынан құтқарып жіберсең, менің еңбегімді өтегенге балар едім.

Сол кезде Исаак:

— Тоқтай қал!— деп жаһанкездің етегінен ұстап алды.— Мен мұны сенің өз ойлағаныңнан артық қып шығаруға тырысқан болар едім, бірақ, құдайға аян, мен бір сорлы кедеймін...

Иә Исаак — өз ағайындарының ішіндегі қайыршысы. Ал енді, сен мені, ғапу ет, егер саған қазіргі минутта дүниенің бәрінен бұрын не қажет екенін тауып берсем... сонда қалай болады?

Менің ойымдағы ең керекті нәрсені тапқаныңмен, бәрі-бір оның өзін тауып бере алмаған болар едің, сондықтан қанша кедей боп көрінгің келсе, байлығың одан сонша артық боп шықсын мейлі, бірақ одан маған келер пайда қанша,— деді жаһанкез.

— Кедей боп көрінгің келеді дейсің ә?—деді жебірей.— Сонда да менің сөзіме сен: мені талан-таражға салып сындырды, қазір құлақ-шекемнен борышқа батып тұрмын. Рақымсыз жандар мені барлық товарымнан айырды, тең-тең товарымды, жүріп тұрған кемелерімді, қысқасы, бар байлығымды тартып алды... Сонда да саған не қажет екенін мен білемін, мүмкін, соны мен тауып та қалармын. Саған қазір ең керекті нәрсе жақсы ат пен қару-жарақ қой.

Жаһанкез оның сөзінен селк ете қалып, бетіне дереу бұрылып қарады да:

— Мұны сен қайдан білдің?— деп шап ете қалды.

— Қайдан білгенімді қайтесің, әйтеуір ойдағыңды дәл тапсам болғаны ғой. Саған не керек екенін білгенім рас болса, соны мен тауып та беремін.

— Менің атағымды, үстімдегі киімімді, берген сертімді білемісің...

— Білемін, христиан адамдарының бұл сырын,— деді жебірей.— Олардың ең атақтылары да діни жандардың суретіне кіріп, қолдарына .жаһанкездің асасын ұстайды да, марқұм болған әулие-әнбиелердің қабірін тауап етеміз деп, ел ақтап жаяу жүре береді.

— Сайқалданба!— деп шайқы оны қатты қайырып тастады.

— Әбес айтсам, ғапу ет,— деді Исаак.— Мен байқамай қалсам керек. Бірақ кеше кешке және бүгін таңертең де сен бір сөздер айтып қалдың, сол сөздер жүрегіңде жатқан сырды тайға таңба басқандай айқындап берді. Оның үстіне сенің жаһанкездік киіміңнің қойынында серінің шынжыры мен алтын шпор жасырулы екен. Бүгін таңертең сен менің төсегіме еңкейгенінде осы асыл заттар жарқ етіп көрініп қалды.

Жаһанкез осыған келгенде еріксіз күліп жіберіп:

— Егер, Исаак, сенің киіміне де осылай қадағалап қарасақ не болар еді? Менің білуімше, сенің бойыңнан да керекті нәрселер табылып қалар еді деп ойлаймын.

— Ой, оны айтып қайтеміз!—деді жебірей өңі бұзылып. Сонсоң жалмажан дорбасынан қалам алып, сары құлақшынын ерінің үстіне бүктеп салды да, бір тарақ қағазды жайып қойып, жұмбақ әңгіме осымен бітсін дегендей, енді хат жаза бастады. Хатты жазып болып, оны жаһанкезге ұсынды да мынаны айтты:

— Лестер қаласында Ломбардиядан шыққан Кирджат Джайрам атты бай жебірейді жұрттың бәрі біледі. Мына хатты соған табыс ет. Қазір оның қолында сатуға арналып, Милан ұсталарының қолынан шыққан алты қалқан тұр — оның ең нашар дегені сері былай тұрсын, патша ағзамның өзіне де caй келеді; тағы онда он сәйгүлік бар, ең жарамсыз дегені — етер патша өзінің тағы үшін сайысқа шықпақ болса, соның да тайынбай шабысуына жарайды, Мына хат бойынша ол саған таңдаған қалқаныңды, таңдаған атыңды береді. Мұның үстіне ол сені алдағы сайысқа керекті құрал-жабдықтың бәрімен қамтамасыз етеді. Ал сонан соң қажеті болмаған кезде бұл ат-тұрманды өзіне қайырып берерсің, я болмаса, толық қып соның құнын төлерсің.

— Сен, Исаак, сайыста серіні аттан түсіріп кетсе, оның аты мен қару-жарағы жеңген кісінің олжасы болатынын білмеуші ме едің? Сондай сәтсіздікке менің де ұшырауым мүмкін ғой, ал сол уақытта ат пен қалқанның құнын төлейтін қаржы менде жоқ.

Сірә, жебірей бұл жағын ойламаса керек, сонда да ол өзінің бар қажыр-қайратын жиып алып, бөгелмей жауап берді:

— Жо-жоқ, атама. Мүмкін емес, ондай сөзді менің естігім келмейді. Ата-бабамыздың аруағы сені қолдайды. Мұса пайғамбардың асасында болған күш-қуат сенің найзаңа дариды.

Осыны айтып ол қашырынын басын бұра беріп еді, жаһанкез оның плащынан ұстай алып, тоқтатып қалды:

— Жоқ, сен тұра тұр, Исаак, өзіңнің қандай тәуекелге барын тұрғаныңды сен әлі білмейсің. Мен сайысқа шыға қалсам, атты да, адамды аяп қалмаймын, атты өлтіріп, қалқанның быт-шытын шығарып кетуі де мүмкін. Ал сенің тұқымың еш нәрсені тегін бермейді. Жойылған дүние-мүлік үшін бірдеңе төлеу керек емес пе?!

Мұны естігенде Исаактың жаны ауырып, бүгжиіп кетіп еді, бірақ өзіне үйреншікті сезімді билеп алып, сонда да ол былай деді:

— Қажеті жоқ, оның бәрібір. Мені қоя бер. Егер залал шегіп қалсаң, оған сен жауапты болмайсың. Сен сақтап қалған туысқаны Исаак үшін Кирджат Джайрам ол шығынды кешеді. Қош-сау бол. Дегенмен, жақсы жігіт, менің саған айтарым,— деді жебірей, әдейі қайрылып тұрып,— бұл ойран-топыр басталған кезде сен ылғи алға ұмтыла берме. Мен мұны ат пен қалқанды аяғандықтан айтып тұрғам жоқ, тек сенің жаның мен тәнің аман болсын деп тұрмын.

- Менің қамымды ойлағаның үшін саған көп рақмет,— деді жаһанкез жымиып,— мен сенің жақсы тілегіңді есте сақтап, қайтсем де қарымын қайыруға тырысып бағармын.

Осыдан кейін бұлар ажырап болып, Шеффилдке екеуі екі жолмен кетті.

VII ТАРАУ

Caп құрып келеді ерлер иін тірескеп,
Оқа-зер, алабажақ киім сірескен.
Келеді әне бірі қалқан көтеріп,
Мына біреу дулығасын қолға өңгеріп,
Анау біреу найзасымен ауа тескен
Арғымақ келеді орғып жалт-жұлт ойнап,
Тісімен алтын ауыздық қарш-қарш шайнап,
Ұсталар қолдарында — ара, балға
Ежелден ескі шебер айла-амалға,
Ілезде қалқан, сойыл, жамап-жасқап,
Берген соң, жауынгерлер алға бастап,
Иоменнің салтанатты тобырлары
Келеді елді қырып жолындағы.

«Паламон мен Арсит»

Ағылшын халқының басына қаралы күн орнап тұрған кез еді бұл. Англияның патшасы Арыстан Жүрек Ричард Австрияның аса қатал зұлым герцогінің қолына тұтқынға түсіп кеткен. Ричардтың қай жерде тұтқында жатқаны да белгісіз болатын, оның жоғында қатты қанауға ұшырап, күйзеліп тұрған халқы королінің тағдырынан мүлде бейхабар еді.

Ал корольдің өзі патшалық құрып тұрған кезінде қамқорлығына алып, көп жақсылық жасаған Джон деген інісі барды; сол шаһзада Ричардтың хас дұшпаны — француз королі филиппен одақтасып, өзінің бар ықпалын Австрия герцогінің Ричардты не ғұрлым ұзақ ұстауына жұмсады.

Джон корольдің жоқ уақытын пайдаланып, өзіне сыбайластар жинай бастады; ондағы арам ниеті — егер Ричард тұтқында өліп кетсе, тақтың заңды мирасқоры болып табылатын немере інісі – Британия герцогі Артурдан — яғни өзінің үлкен ағасы Джефри Плантегенеттің ұлынан патшалықты тартып алу еді. Ол осы арам ниетін кейін іске асырады да өкімет билігін ақыры заңсыз басып қалады. Ричардтың жоғында жасаған қылмыстарынан қуыстанып, оның қаһарынан қорыққан топастар былай тұрсын, бұрын крес жорықтарына қатысқан қанды шелек қарақшылардың қалың тобырын арамза, қаскүнем шаһзада Джон сауық-сайранмен алдап-арбап, өз жағына шығарып алды. Бұл жандар отанына оралғанда, боса-болмаса Шығыстың барлық былығына белшесінен батып қайтқан еді, ал енді жерге қарап, қайыр сұрап қалғаннан кейін азды-көпті ауқат жинап алу үшін ел ішінен бүлік шығып, өзара қым-қиғаш соғыс басталуын тілеп жүрген.

Жалпы жұртқа қобалжу салып, қауіп-қатер туғызып жүрген тағы бір себеп: алпауыттардың зорлық зомбылығынан, орманды қорғау заңының аса қаталдығынан қатты ашынған қалың шаруа үлкен-үлкен жасақ құрып, жергілікті әкімдерден жасқанбастан орман-тоғайлар мен иен жатқан жерлерді билеп алды. Бұған қарама-қарсы, әй дер — әже, қой дер — қожа болмай, жүгенсіз кеткен ақсүйектер де қанды балақ қарақшылардан бір де кем соқпайтын өңшең бұзақыларды маңайларына жинады.

Бұл бандылардың тауқыметін көтеру үшін және өздерінің өркөкірек менмендігіне қарай, ішкен мас, жеген тоқ дегендей, қол-көсір өмір сүру үшін, ақсүйектер көп есіммен қайтаруға міндеттеніп, ақшалы жебірейлерден несие алды. Келе-келе бұл қарыз өздерінің мал-мүлкін сүліктей сорып бара жатқан соң тәкаппарланған мырзалар әлгі несие иелеріне зорлық қылумен құтылып жүрді. Тіршіліктің осындай құлдырап кеткендігінен ағылшын халқы бұл кезде зор ауыртпалықтарға ұшырап тұрған және бұл ауыртпалықтардың келешекте бұдан да қатты ұласуына мүмкіндік бар еді. Мұның үстіне, жұт жеті ағайынды дегендей, бүкіл елдің ішіне әлдеқандай бір, қатерлі, жұқпалы дерт жайылды. Халықтың әл-ауқаты өте төмен, жарлы-жақыбай жақтарын өте-мөте басынған індет солардың арасынан көп адамды құрбан ғып әкетті, ал тірі қалған жұрт алда төніп келе жатқан апаттан мезгілінде құтылып алған, сол құрбандардікі табылған ақыл болды дегендей аңыз айтатын.

Бірақ, осындай ауыртпалыққа қарамастан, бай, кедей, төре, төлеңгіт деместен,— елдің барлығы бірі қалмастан бәсеке-сайысқа даярланды. Бұл сол заманның ең қызық, ең тамаша сауық-сайраны болатын, бір кезде Мадридтің ішер асқа жарымаған жарлы-жақыбайы барлы-жоқты тиын-тебенімен бала-шағасын асыраудың орнына, ақырғы ақшасын бұқа соғысын тамашалауға салатын данғой испандықтар қандай болса, сайысқа келгенде ағылшын халқы да сондай еді. Ешбір жоқшылық, ешқандай шаруабастылық кәрі, жастың ешқайсысын бұл қызықтан ұстап қала алмайтын. Оның бер жағында Лестер уалаятындағы Ашби қаласының маңында болмақшы бұл ұлан асыр думанға шаһзада Джонның өзі қатысып, ең атақты деген серілер сынға түседі деген лақап тарады да, қызықтың маңызын одан сайын арттыра түсті. Сонымен, сайыс тағайындалған күні таңертең бай, кедей демей сансыз көп жұрт думан өтетін жерге қарай ағыла бастады.

Сайыстың болатын жері өте көркем. Қалың тоғайдың етегінде, Ашби қаласынан бір шақырымдай жерде, бір жағын сыңсыған қалың ағаш қоршаған, екінші жағына әредік-әредік жасамал емендер орнаған көкорай шалғынды тамаша жазира, кең жазық болатын. Жазықтың көлбей біткен етегі бір тегіс жалпақ алаң болып келгенде, ол алаң берік дуалмен қоршалған. Дуал төрт бұрышты болса да, бұрыштары халыққа жайлы болу үшін дөңгелентіп келтірілген.

Сайыскерлердің Майдан алаңына өтуі үшін, қоршаудың солтүстік жақтауы мен оңтүстік жақтауынан екі атты қатарынан шауып өткендей кең қақпа жасалған. Әр қақпаның алдында екі-екіден жаршы, алты кернейші, алты хабаршы тұр, бұлардың үстіне тәртіп орнатып тұру үшін солдаттардан мықты отряд қойылған. Ал жаршылар сайысқа қатысам деген серілердің лауазым, дәрежелерін тексеріп тұруға тиіс.

Күнгей жақ қақпаның сыртындағы бір төбешіктің басына, сайыскер серілердің таңдауы бойынша, қызыл күрең, қара түсті жалаулармен сәнделген бес әсем шатыр тігілген: мұндай түсті сайысқа шақырған серілердің өздері қалап алыпты. Бұл бес шатырдың басында желбіреген шашақтың түсі де осындай. Әр шатырдың алдына шатыр иесі серінің қалқаны ілінген, ал қалқанның жанында, иесінің қалауына қарай, әлдеқандай бір құбыжық әруейдің, немесе бір ертегі дәу-перісінің суретіне кipген, қару-жарақты даяршы жігіт тұр. Ортадағы ең ардақты шатыр Бриан де Буагильберге берілген екен. Серілік жекпе-жектегі ерекше қажыр-қайратын мадақтаған дақпырт-даңқтың арқасында, оған қоса осы сайысты басқарып жүрген серілермен дос-жарлық қарым-қатынастың арқасында, Бриан олардың ортасында құрметке бөленумен бірге, Англияға келгеніне аз-ақ уақыт болғанына қарамастан, ол байырғы сайыскерлердің көсемі болып алды. Бриан де Буагильбердің шатырының бір жағында Реджинальд Фрон де Беф пен Филипп де Мальвуазеннің шатыры болса, екінші жағына атақты жауынгер Вильгельмнің патшалық құрған заманында Англияның орда басқарушы лорды болған Гранменильдердің жұрағаты, белгілі манап Гуго де Гранменильдің шатыры тігіліпті. Ал бесінші шатырды Ашби де ла Зуш қаласына тиіп тұрған Гэсер қыстауындағы ірі жер қожасы Ральф де Випонт атты иоаннит иеленіпті. Шатырлар тігілген алаңның айналасы ноян бөренелермен қоршалыпты да одан сайыс майданына түсетін кең де жайлы өткел жасалыпты; өткелдің екі жағы да дуалмен қоршалған. Бөгет бөренелердің бойында қарулы күзетшілер тұр.

Майдан жердің теріскей қақпасының сыртынан қоршаулы алаңға сайысты бастаушылар мен жекпе-жекке шығамыз деген серілерге арналып тағы бір шатыр тігіліпті. Ол жерге неше түрлі тағамдар мен сусын қойылыпты, оның қасынан жауынгерлерге керек болған минутында дереу қызмет ететін ұсталар, қару жөндеушілер және шеберлер мен даяршылар орналасыпты.

Дуал бойын жағалай арнаулы галереялар жасалған. Галереяларға әсем мата тұтылып, кілемдер төселген. Асыл текті тойшылар мен бикештердің жайлы орналасуы үшін кілемдердің үстіне жағалай жастық тасталған. Галерея мен дуалдың аралығындағы тар жер иомен деп аталатын шағын шаруалы фермерлерге қалдырылған, бұл орынды біздің қазіргі театрларымыздағы партер десе де болғандай еді. Ал енді қара халыққа келсек, олар айналадағы төбелердің бертінде жасалған шым зерелерге орналасатын болды; бұл зерелерде отырғандардың галереядан аса қарап, майдан жерде болып жатқан тамашаның бәрін көріп отыруына мүмкіндік барды.

Мұның үстіне әлденеше жүздеген адам майдан жерге жағалай өскен ағаштардың басына шығып кетті; және тағы жақын арадағы село шеркеуінің күмбездеріне жағалай отырып алды.

Күншығыс жақтағы галереяның дәл ортасынан, майдан алаңының кіндігіне қарама-қарсы төбешік жасалып, патшалық таңба салынған зейнетті түсбақан керменің алдынан тақыт мәнзелдес биік кресло қойылды. Қадірлі орынның айналасында сәнді киінген нөкер жігіттер, қару-жарақ ұстаушы атқосшылар, сақшылар толып жүр; бұл ардақты орынның Джон шаһзада мен соның нөкеріне арналғаны айтпай-ақ көрініп тұр. Күнбатыс жақтағы галереяның орталығына, патшаға арналған орынның қарсысына, аса сәулетті болмаса да, әлеміштеп жасалған басқа бір сұңғақ тахыт орнапты. Бұл тахыт та алқызыл, көк жасыл маталармен сәнделген, мұның маңында да қызылды-жасылды киім киіп, кербездіктің неше алуан түр-түріне малынып, әлекке түскен көрікті жігіттер, әдемі қыздар жыртылып айырылады. Құрметті орынның жан-жағы алуан-алуан байрақ, жалаулармен безелген, жалауларға семсер жаралаған жүрек, жалын атқан жүрек, қансыраған жүрек, қорамсақтан суырылған жебе, атылған садақ, қысқасы, махаббат тәңірі Купидонның осы сияқты таңбалары бейнеленген көркем суреттер. Бұл құрметті тахыт ғашықтық, сұлулық, падишаһысына тиесі деп жар салған сәулетті жарнама тағы осында мен мұндалап атой беріп тұр. Бірақ бұл падишаһының кім болары әлі белгісіз.

Осы кезде сайысқа жиылған жұрт хан-қара, демей майданға қарай ағыла бастап еді. Орта жолда орынға таласқан дау-дамай да аз болған жоқ, жұрттың көбі тіпті өздеріне тиіссіз орындарға ұмтылып жүр. Мұндай жағдайда таласты, әрине, сақшылар шешпекші, ал олар тым қызыл кеңірдектікке түсіп кеткендерді семсерінің, айбалтасының сабымен бағындырып қояды. Ал енді орынға таласушылар тектілеу адамдар бола қалса, олардың дауына майдан алаңының қос маршалы Уильям де Вивиль мен Стивен де Мартиваль араласады. Мұздай темір құрсанған бұл маршалдар жұрттың тәртіп сақтауын бақылап, майдан жерді ерсілі-қарсылы кезіп жүр.

Енді галереяларға серілер мен ақсүйектер тола бастады; бұлардың желбегей салған қара шекпендері бикештердің ашық түсті әдемі киімдеріне араласып көз тарта, жараса келді. Заты мұнда еркектерден әйел қауымы көп екен; ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы айыратын мұндай қаһарлы қан төгістер әйел қауымына лайық болмаса да, олар бұған қарамайды. Төмендегі галереялар мен өткелдерге ауқатты номендер мен уақ-түйек ақсүйектер лық толды; бұлар кедейлігіне, тектілер арасында әлсіздігіне бағып, құрметті орынға таласа алмап еді. Сондықтан, көптің осындай төменшік тобының арасында неғұрлым жоғарырақ орынды иеленіп қалу үшін талас-тартыстың көбірек болатыны өзінен-өзі белгілі ғой.

Үстіндегі көнетоздау киімі кедейлігін көрсетіп тұрса да, беліндегі семсері мен қанжары, мойнындағы алтын шынжыры әлі де оның тектілікке таласы барлығына айғақ сары-кідір кісі:

— Ардан безген төбет! Азғын хайуан! Христиан адамды, оның үстіне норман тұқымының Мондидье сияқты ізгі ақсүйектер әулетін қалайша қағып-соғып кетпексің!— деп сыбап салды.

Бұл қатты сөз, өлшесе өзімен кетсін, тап біздің ескі танысымыз Исаакқа айтылып еді, ол бүгін өзінше әдемі киініп, сыртынан бір тамаша жақсы плащын салып, төменгі галереяның алдыңғы қатарынан көзінің ағы менен қарасы, Ревекка сұлуға жақсы орын алу үшін қалың топты қақ жарып келе жатыр еді. Қыз әкесінің соңынан Ашбиге келген, енді соның білегіне жармасып, сірә, әкесінің өрескел қылығына наразылық білдірген көпшілікке үрке қарап, аяғын қорқа-қорқа әрең алып келеді. Кейбір жағдайда Исаактың қорқақ екені де бізге мәлім ғой, бірақ мына жерде ол айылын да жиған жоқ. Халықтың мұндай көп жиналған жерінде оның барып тұрған қастан, барып тұрған қаны қара дұспаны да оған зорлық қылуға бата алмаған болар еді. Заты мұндай үлкен жиындарда жебірейлер жалпыға бірдей ортақ заңның қорғауында болатын, ал егер ол аз болса, ақсүйектердің ішінен өз құлқындарының қамы үшін әp қашан ара түсетін бірнеше атақты бектер табылатын. Оның үстіне, Джон шаһзаданың асыл қазына, шұрайлы жерлерін кепілдікке ұстатып, Йорктегі жебірей байларынан қарызға ірі сома алмақшы боп жүргені де Исаакқа жақсы мәлім болатын. Бұл саудаға Исаактың да қатысы бар-ды, шаһзаданың бұл шаруаны неғұрлым тезірек іске асырып алғысы кеп жүргенін ол әбден білетін. Сондықтан, жанжал шыға қалған күнде Джонның оны жақтап шығатынына кәміл сенуші еді.

Исаак ілгері қарай ентелей ұмтылғанда, бір норман ақсүйегін байқамай қағып кетіп еді. Сол-ақ екен, шалдың дауысын естіген жұрт тұра даурығып қоя берді. Үстіне жасыл шұғадан шапан киген, беліне самсатып жебе, омырауына жарқыратып күміс знак тағынған, қолыңда абажадай үлкен садағы бар, еңгезердей бір номен кенет бұрылып, бетіне қарады, күнге күйіп, жел қағып, тотыққан қара күрең бет әлпеті түтігіп кеткен екен; сол тұрып, жебірейге былай деді: қолыңа түскен пақырлардың қанын сора-сора, өзін де өрмекшідей боп қампиып алған екенсің, бірақ есіңде болсын, өрмекші тым-тырыс бұрышта отырғанда оған ешкім тимейді, ал енді ол жарыққа шыға келсе — бырс еткізіп аяқпен бір-ақ басады. Иоменнің суық түсінен, қаһарлы дауысынан қаймығып, жебірей кері шегініп кетті. Егер дәл осы кезде Джон шаһзада мен оның дуылдасқан қалың нөкері майдан алаңына шыға келіп, көптің көңілі соларға аумағанда, мұндай қатерлі көршіден Исаак әлдеқайда аулақ кетер ме еді, әлде қайтер еді. Нөкердің жарым-жартысы ақсүйектер еді де өзгесі діни адамдар болатын, бұлар да ақсүйектерден қалыспай әдемі киініп, соларша еркіндеп, әбден желігіп алған. Дін адамдарының ішінде Жорво хазіреті де бар еді, діни мәртебесінің рұқсат етуіне қарай, бұл да мейлінше сәнденіп баққан. Үсті-басын барынша алтынға, асыл аң мамығына малындырып тастапты, етігінің ішінен киген байпағының қонышын қара санынан асыра қайырып, қазіргі өрескел сәннің шегінен де өткізіп жіберіпті. Қонышының ұзындығынан оны сирағына байламай, беліне дәлдегендіктен, атқа салт мінгенде тіпті үзенгіге аяқ салу мүмкін емес еді. Бірақ сол хазірет мұны сөкет деп білген жоқ. Мүмкін, мұндай көптің алдында. Мүмкін, мұндай көптің бикештердің көзінше ат үстінде үзенгісіз жүре білгенін эсер хазірет, қайта, өнер көрген шығар. Джон шаһзаданың басқа нөкері ылғи өзінің қалаулы адамдары — жалдамалы – әскерінің бастықтары, бірнеше бекзадалар, сарай маңындағы бұзақы мұндарлар және Ғымарат орденінің серілері мен иоанниттер болатын.

Осы арада бұл екі орденнің серілері Ричард корольдің дұшпаны екенін айта кету керек: Палестинада француз королі Филипп пен ағылшын королі қатты тартысқан уақытта бұлар Филипиті жақтап шыққан. Дәл осы тартыстың салдарынан Ричардтың жеңген жолдарынан нәтиже шықпай қалды, Иерусалимды жаулап алу ниеті іске аспады; қанша жеңіп атағы аспанға шығып тұрса да, жеңістің ақыры Саладин сұлтанмен асасалған тұрлаусыз бітіммен ғана тынды, Ғымаратшылар мен иоанниттердің Қасиетті Жерде ұстаған саясатының кесірінен, Англия мен Норвегияда тұрған бұл орден жақтаушылары Джон шаһзадаға қосылып кетті, керек десе, бұлар Ричардтың Англияға қайтып келуін де, тақтың заңды мұрагері Артур шаһзаданың патша болуын да қаламады.

Тағы бір жағынан Джон шаһзада саксон ұлтының аман қалған ақсүйектерін сұмдық жек көрді, көзі келген жерде оларды қалайда кемітіп, қорлап отырды. Себебі, саксон алпауыттары, олармен бірге Англияның саксон тектес қарапайым халқы да Джонның арамдық әрекеттерін жақтырмайтынын шаһзада да білетін; Джон шаһзада сияқты қиянатшыл адамнан өздерінің бұрынғы праволарына одан сайын қысым жасаудан басқа ештеңе күтуге болмайтынын саксон халқы да түсінетін.

Сыбайластары кеу-кеулеп, ортаға алған Джон шаһзада, жер-су баспайтын көк тұлпарды ойқастатып, жерге түспес қыран сұңқарды шаңқылдатып, майдан аланына кірді. Үстінде — қарауға көз ұялатын алтын оқалы қара күрең костюм, басында — асыл тастары жарқырап мың құбылған бұлғын бөрік, жіліңшіктеп өсірген шашы иығына төгіліп тұр. Ол нөкерінің алдында, олармен қатты, масайрай сөйлесіп, патша әулетінің әдетінше өзін емін-еркін ұстап, жоғарғы галереяларға көрік беріп отырған сұлуларды көзінен өткізіп келеді.

Шаһзаданың сырт көрінісінен жүгенсіз кеткен оспадарлықты, шеннен шыққан менмендікті, басқа жанның ой-пікірімен санаспайтын тұрпайылықты байқап қалған адамдар да оның бет келбетін сүйкімсіз деп айта алмаған болар еді; жаратылысынан дарыған келісті келбетіне, тәлім-тәрбиесінен сіңген жайдары жарқындығына қарап, мұның бәрін табиғи ақкөңілдік пен адалдыққа жоруға болатын еді. Керек десең, мұндай келбетті ер көңілділікті, ағынан жарылатын таза пиғылдың белгісіне балайтындар да бар-ды, ал шындап келгенде, мұның ар жағында өзінің жан дүниесінен аулақ кеткен немкетті, көлгір, қара ниетті жан тұрғанын байқамайтын, мұндай жандар, әсіресе, ата тегінің атақтылығын яки дәулетінің молдығын, я болмаса, әйтеуір бір кездейсоқ артықшылығын бешкеш етіп өте беретін.

Алайда сайысқа келушілердің көбі өз ойларына терең бойлаған жоқ. Джон шаһзаданың тамаша әдемі бұлғын бөркін, құндызбен жұрындаған әсем шекпенін, алтын тақалы сафьян етігін, қысқасы, сәйгүлік атын ойнақтатып өткен сән-сәулетін көрсе болды, жиналған жұрт бұған балаша қуанып, ұран сала құттықтап отырды.

Көңілі шат шаһзада тұлпарын ойнақшыта бастырып, майдан алаңын айналып өте берді, Сөйтіп келе жатқанда көпшіліктің арасынан бір әбігершілік туып, жақсы орынға таласып қалған Исаакты көзі шалды. Джонның көреген көзі жебірейді айтқанша танып алды да, әсіресе, қарт әкесінің қолына жасқаншақтай жабысып жүрген Сион сұлуына ерекше назары ауды.

Шынына келсек, Джон секілді аса қырағы сыншының жанары жаза басты деп айта алмаймыз, Ревекка арудың ажары ағылшынның ең айтулы сұлуларымен тайынбай таласуға жарайтын еді. Қыздың сымбаты айта қалғандай әсем болатын, бұл жерде шығыс қыздарының мол киімі де оның мінсіз мүсінін көлегейлей алған жоқ. Сары жібектен шекесіне салған шекейме тақиясы қара торы жүзіне тамаша жараса кетіпті, көзі айнадай жарқырайды, нәзік қасы қарлығаштың қанатындай біледі, кіршіксіз аппақ тісі меруерттей тізілген, қолаң қара бұрымы иығынан аса төгіліп тұр; үстінде парсының қызыл күрең жібегінен, неше алуан гүлмен кестелеп тігілген ұзын бешпеті бар екен, оның өңірін меруерт тізген алтын қапсырмалармен жағалай түймелеп тастапты — міне, осындай көз тұндыратын зейнетінің бәрі қосылғанда, Ревекканы осында отырған керемет сұлулардың қай-қайсысымен болса да, салыстырып көруге болатындай әсер туғызды. Қыздың көйлегіне ылғи інжу запонка тағылған; күн ыстық болғандықтан соның үстінгі үш запонкасы ағытулы екен — ашық қалған мойнынан неше алуан салпыншақтарымен баға жетпес гауһар алқа көрініп тұр; жібек тақиясына қадаған алмаз түйреуіш пен түйе құс қауырсыны да бірден көзге түседі; жоғарғы галереяда отырған паң бикештер жебірейдің ару қызына қанша кесірмен қараса да, іштерінен оның сұлулығы мен байлығын күндеп-ақ отыр.

- Авраамның аруағына сыйынып айтсам,— деді Джон шаһзада, жебірейдің осы қызы — ең дана деген патшаның өзін де есінен тандырған сиқырлы сұлулық пен асқан әдеміліктің барып тұрған үлгісі. Сен қалай дер едің, Эймер тақсыр? Біздің данышпан ағамыз Ричард та қанша алам деп аласұрып бақса да, ала алмай қойған, Сүлеймен пайғамбардың қағбасына бас ұрып айтайын, бұл қыздың сұлулығы Әннің әнінде баяндалған ғашық жардың өзі де осындай-ақ шығар.

- Саронның Розасы мен Долиналардың Лилиясын айтасыз ғой, - деді хазірет.— Бірақ, жоғары мәртебеңізге мағлұм болсын, қалай десеңіз де бұл қыздың жебірей екенін есіңізден шығармауыңыз керек.

- Еһе!—деді шаһзада, хазіреттің сөзіне құлақ аспай.— A міне, менің ардан безген месқалтамның өзі тұр... Саф алтын мен ақ күмістің бұл қожасы, құдай біледі, қалтасында соқыр тиыны жоқ бір жалаң аяқпен жақсы орынға таласып жүрген болу керек. Марк әулие біліп тұр, ақшаға шіріген бұл манап пен оның көркем қызы қазір жоғарғы галереядан орын алады.— Эй, Исаак, сенің мына қасындағың кім? Саған ол кім болады, әйелің бе, әлде қызың ба? Бұл күншығыс періштесін — қазынаңды сақтаған қобди құсатып, қолтығына нағып қысып жүрсің?

— Мәртебелі тақсыр, бұл менің қызым Ревекка,— деп жауап қатты Исаак, иіле тағзым етіп; шаһзаданың әрі ажуалап, әрі қошуақтап ниет көрсеткен сәлемінен өзін қор тұтып именшектеп қалған Исаак та жоқ еді.

— Ой, жүдәлім-ай, ә!—деп қойды шаһзада, қарқылдап күліп, сол-ақ екен, оны қошуақтай, қасындағы сыбайластары қоса күлісті.— Не әйелің, не қызың шығар, оның бәрібір, сонда да оның сұлулығына, сенің қызметіңе лайық құрмет көрсетілуге тиіс... Әй, анау жоғарыда отырған кімдер өзі?—деді шаһзада, галереяны шолып өтіп.— О, можам-томпай саксондар екен ғой... Көсіліп кеткендерін қарай көр. Қуып шығу керек өздерін! Менің ақша тапқыштарымның жөдесі мен оның ару қызына қағысып орын берсін. Ол надандарға мен көрсетемін, синагогаға барғанда оның ең жақсы орындарына олар сол синагоганың заңды иелерімен бөлісіп отыруға міндетті!

Намысқа тиетін бұл қорлау сөз сайысқа келгендердің ішінде Седрик Сакс пен оның үй-ішінің жандарына және соның одақтас ағайыны Ательстан Конингсбургскийге айтылып еді; саксондар тағының соңғы королінің ұрпағы Ательстанды Солтүстік Англияда тұратын барлық сакстар басына көтеріп, зор құрмет тұтатын. Ата-бабасының патшалық қанымен қатар бұл Ательстан солардың көп нашарлықтарына да ортақ боп қалған еді. Өзі ұзын бойлы, балуан денелі, кемеліне келіп тұрған жігіт болатын, бірақ, бет бейнесі қанша әдемі болса да, түсі былжыр, топас қарайтын өңез көз, мың салсаң бір баспайтын жалқау, қанша қайрасаң бір өтпейтін жетесіз, нәуетек, қопал Ательстан атанып кеткен шіріктеу кісі еді. Седрик сияқты оны қастерлеп келген, жанашыр көп достары бар-ды; әне, солардың айтуынша, Ательстанның былжырлығы оның қажыр-қайратының кемдігнен емес, тек белсеніп шыға қоймайтын именшектігінен дейтін. Ал енді біреулері мұның ата қуалап келе жатқан маскүнемдігі жігерін қайырып жіберді, ұзақ уақыт ішкіліктің соңына түсіп, салынып ішетіндігі жақсы қасиеттерінен айрылуына себеп болды, содан келіп мұның бойында көзсіз батырлық пен көңіл жықпайтын мейірімділік қалды деп те соғатын.

Джон шаһзаданың Исаак пен Ревеккаға қағысып орын беріңіздер деген бұйрығы, міне осыған тура келіп еді, Ол уақыттың жол-жобасы мен салт-санасы бойынша - адам айтқысыз қорлық боп саналатын мұндай әмірден аңырып қалған Ательстан шаһзадаға бағынатын рай көрсете қоймады. Бірақ мұндай бұйрыққа не деп жауап берерін де білмеді. Ол сол отырған бетінде отырып қалды. Бұйрықты орындау үшін шөп басын да сындырмаған күйінде ол өзінің алақандай боз көзін бадырайта түсіп, шаһзаданың бетіне таңырқай қарады, Ательстанның аң-таң болған көз қарасы жаны бар адам күлерлік болды. Бірақ шыдамсыз Джонның бұған күлкісі келмеді.

— Мына шошқа баққан саксон ұйықтап отыр ма, әлде менің сөзімді түсінген жоқ па!—деді Джон.— Де Браси, найзаңның ұшымен өзін қытықтап көрші,— деді ол, өзімен қатар келе жатқан жалдамалы әскери жасақтың басшысы, де Браси деген серіге, Ол кезде белгілі бір ұлттың намысын қорғамайтын, әйтеуір жалақы төлеген шаһзаданың кез келгені үшін қару жұмсай беретін осындай жалдамалылар болған.

Бұл бұйрықты естігенде шаһзаданың өз нөкерінің арасында да қобалжу туып қалды. Бірақ ешбір бұлтарысты білмейтін, ұзын сойыл — ұр да жық де Браси найзасын оңтайланып алып, Қопал Ательстан одан жалтарып кетуді ойланғанша Одрик жарқ еткізіп қысқа семсерін суырып алды да найзаның болат сүңгісін бір-ақ шауып түсірді.

Джон шаһзаданың қаны қайнап, қып-қызыл боп бетіне шыға келді, Ызадан қатты балағаттап жіберіп, одан бетер қаһар төгейін деп тұрды да, кенеттен басыла қалды, өйткені тұс-тұсынан қаумалап, ашуға ерік бермеуін нөкерлері де өтіне берді, екінші жағынан, көтеріліп алған көпшілік Седрикті құттықтап, қатты дуылдасып кетті.

Жігері құм болған шаһзада енді кімге тиісерін білмей, жиылған топқа кектене қарады. Сөйтіп тұрғанда, бағана Исаакқа тілі тиген жасыл шанаңды мергенге әлде қайдан көзі түсе қалды. Бұл адамның сонша намысы қозып, Седрикті өте мақұлдап тұрғанын байқап қалған шаһзада, сен мұнша неге даурығасың деп сұрады.

- Батпан нысана мен батыл қолды көргенде, менің алақайлап қуанатын әдетім еді,— деді йомен.

— Ә, солай ма еді! Ондай болса, нысанаға өзің де дәл тигізетін шығарсын?—деді шаһзада.

— Әйтеуір, қай орманшыдан болса да, кем атпаймын,— деді йомен.

— Уата Тиррелдің тіккен нысанасын жүз метр жерден қате жібермейді ол,— деп қалды біреу арт жақтан, бірақ оның кім екенін айырып болмады.

Шаһзаданың бабасы Шикіл Вильгельмнің тағдырын меңзеп айтқан бұл тұспалдан ол әрі шамданып, әрі қауіптеніп қалды.

Сондықтан ол мынау мақтаншақ йоменді байқап тұрыңдаршы деп, сақшыларына әмір етті.

— Гизельда әулиенің аруағы біледі, басқа біреудің атақ-даңқына жармасқан бұл бөспені біз бір сынап көрерміз,— деп қойды тағы.

— Мен ондай сыннан қашпаймын,— деді йомен, айылын жимaйтын әдетінше.

- Негe тұрмайсыңдар, еркектана саксондар?—: деп ақырды шаһзада.— Көк тәңірісінің өзі біледі, мен айттым болды — осы жебірей сендермен қатар отырады!

- Бұл қалай болады? Мәртебеңізге құлдық, тақсыр, біздің мұндай асыл текті мырзалармен қатар отыруымыз мүлдем күнә болады,— деді Исаак; Мондидье деген кедейленіп, күйзеліп қалған ақсүйек ұрпағымен орынға таласып қалса да, ауқатты саксондардың артықшылығына шәк келтіретін оның ешбір ниеті жоқ еді.

— Ар-намыстан безген төбет, бар деген соң бар, мен саған бұйырамын! - деп ақырды шаһзада.— Егер орындамасаң, теріңді теспей сыдырып, ат-тұрман ғып илетемін.

Мұны естіген Исаак, тар, биік сатымен жоғарғы галереяға өрлей бастады.

— Қане, кім тоқтатар екен, мен соны көріп тұрайын,— деді шаһзада, жебірейді төбесінен төмен шаншылдырғалы тұрған Седрикке қадала қарап.

Сол арада бұған ойламаған жерден қылжақбас Вамба араласа қалды да, көрінеу жанжалдың шырқын бұзып жіберді; қылжақбас орнынан ұшып тұрды да қожасы мен Исаактың арасына көлденең тұра қалың:

— Ендеше мен былай етіп көрейін!— деді ол. Сөйтті де плащының қойнынан кетпектей шошқа етін суырып алып, Исаактың дәл аузына апарып иіскете қойды.

Сөз жоқ, бұл жолы азықты ол, сайыс ұзаққа созылып кетсе, қарным ашатындай күн бола ма деп, сақтықпен ала келген еді. Көзінің алдындағы өзі үшін сұмдық харам затты көріп, және тағы төбесінен төніп тұрған қылжақбастың ағаш сапысын байқап, жалма-жан Исаак шегіне берді де, ақыры аяғы тайып кетіп, сатыдан төмен қарай домалап түсті. Ерігіп отырған сауықшыларға бұл бір тамаша қызық болды да, жұрт ду қойып күліп жіберді, олармен қоса Джон шаһзаданың өзі де және барлық нөкері де шек-сілелері қатқанша күлді.

— Ал, тақсыр шаһзада, бәйгімді әкел,— деді Вамба.— Мен жауды ашық майданда жеңдім — семсер де суырылды, қалқан да тұтылды,— деп қылжақбас бір қолымен — сапысын сілтеп, екінші қолымен — бір кесек шошқа етін білемдеп қойды.

- Кімсің өзің, қайдан пайда болдың, ер жігіт?—деді шаһзада, әлі күле сөйлеп.

- Мен шыр етіп жерге түскеннен ақымақ екем,— деді әумесер,— атымды Вамба қойыпты, Милаудың ұлы болыппын, оның әкесі Басы жоқ екен, ал оның бабасы баяғы Зеңгі-Бабадан тарайтын болса керек.

- Олай болса, жебірейге төменгі галереядан орын босатып беріңдер,— деді Джон шаһзада, сірә, алғашқы әмірін бұзуға сылтау табылғанына өзі де қуанып қалса керек,— Шынында жеңілген адамды жеңімпазбен қатар отырғызуға болмас! Бұл серілік жолына қайшы келеді.

— Жылпосты — ақымақпен, жебірейді — шошқамен қатар отырғызғаннан гөрі, бұл табылған ақыл.

— Рақмет, достым, сен менің көңілімді көтеріп тастадың!— деді Джон шаһзада, масаттанып,— Эй, Исаак, сен маған қарызға бір уыс ділда берші!

Бұған дал болған Исаак, мұның уысына қанша теңге сияр екен дегендей боп, беліндегі тері дорбасын ұзақ ақтарып, бүгежектей беріп еді, оның күдігін шаһзаданың өзі шешті: ол ат үстінен еңкейе беріп, жебірейдің қолынан дорбасын жұлып алды да, одан екі сөлкебай алтын алып, Вамбаның қолына тастай салды. Сонан соң майдан алаңын бойлап шауып кете барды. Сайысқа жиылған жұрт жебірейді жапа-тармағай сынаққа айналдырып, ал шаһзаданы, тап бір ол игілікті, инабатты іс бітіргендей, дүрліге айғай салып, қошаметтеп қала берді.

VIII ТАРАУ

Бастаушы дабылын тұр азынатып,
Батырлар оған қарсы жауап қатып,
Аймақ пен алыс аспан күңірелген
Түсірді томағасын келген жерден
Түйіліп жеке айқастың шеберлері,
Сауытқа құрық бекітіп шегеледі.
Ал кетті, ағылды аттар екі жақтан,
Бетпе-бет келісті ерлер жеті батпан.

«Паламон мен Арсит»

Майдан алаңын одан ары аралап келе жатып, бір мезгілде шаһзада оқыс кідіре қалды да, Эймер хазіретке бүгінгі күннің бір үлкен жұмысын мүлде есінен шығарып ала жаздағанын айтты.

— Әулиелер, өздерін жар бола көріңдер,— деді шаһзада,— білесіз бе, тақсыр хазірет, біз махаббат пен сұлулық падишаһісін белгілеуді ұмытып кетіппіз ғой, ол болмаса, мына сауық-сайранның тарту-таралғысын мүбәрәк қолымен кім таратпақшы! Мен өз ойымды айтсам, ол падишаһі қара көз Ревекка болуға тиіс деймін. Менің ескі сенімге табынбайтынымды осыдан біліңіз.

— О, әулие анамыз, кешіре гөр! — деді хазірет көзімен көкке телміріп,— жебірей қызы дейсіз бе!.. Мұны естіген жұрт бізге тас атып, сайыстан қуып жіберер, ақырымды мұндай масқаралықпен бітіретін мен әлі онша жер таянып қалғам жоқ қой. Оның үстіне, әулие піріме сыйынып айтайын, сұлулыққа келгенде, Ревекка саксондардың ару қызы Ровенаның сүйіншісіне де алуға жарамайды.

— Саксон қызы ма, жебірей қызы ма — оның иті не, шошқасы не? Бәрібір емес пе,— деді шаһзада.— Онда тұрған не бар? Шынында, Ревекканы сайлайық, қайта можам-томпай саксондардың намысына мықтап бір тисін!

Мұны естігенде шаһзаданың нөкері де қобалжып қалды.

— Мұнымен ойнауға болмайды, мырза,— деді де Браси,— мына жиылған қауымды өйтіп қорлайтын болсақ, бірде-бір сері найза сілтемейді.

Шаһзада нөкерінің ішіндегі ең жасы үлкен, ең беделді бектердің бірі Вальдемар Фиц-Урс та ескерту жасады:

— Бұлай ету өте білместік болар. Мұндай қадам ең. алдымен өзіңіздің ойыңызға алған мақсатыңызды іске асыруға кедергі келтіреді.

Осыған келгенде, шаһзада шамданып қалып, өте өктем кетті. Атының басын бұрып алып, бектің бетіне ажырая қарады:

— Мырза, мен сізді ақыл айту үшін емес, нөкердің ішінде болсын деп шақырғам.

— Құзырыңызға мағлұм болсын, тақсыр мырзам, сіздің жолыңызға түсіп, артыңыздан ерген әрбір адам ақыл айтуға қақылы болады, өйткені сіздің мақсатыңыздың орындалып, аман-есен болуыңыз біздің де мүддеміздің іске асқаны болып табылады.

Бұл сөздің үзілді-кесілді айтылғандығынан мүдіріп қалған шаһзада, дос-жарандарының сөзіне құлақ қоймасқа лажы болмады.

— Мен не дер екен деп айтсам, сіздер бәріңіз бірдей жабылып кеттіңіздер ғой! Ендеше мейілдеріңіз, кімді сайласаңыздар, оны сайлаңыздар!

— Жо-жо, жоқ, олай демеңіз,— деді де Браси,— тақты әзірге ашық қалдырыңыз, кім сайыста жеңіп шықса, махаббат пен сұлулық падишаһісін сол өзі сайлайтын болсын. Бұл жеңістің сән-сәулетін көтереді, әрі өздерін көкке көтерген жау жүрек серілердің махаббатын ақ дидарлы арулар да солғұрлым бағалай білетін болады.

— Егер осыдан Бриан де Буагильбер жеңіп шығатын болса,— деді хазірет тұрып,— махаббат пен сұлулық падишаһісінің кім болатынын мен онда әлден-ақ болжап қойдым.

— Буагильбердің жақсы жауынгер екені рас, тақсыр хазірет, бірақ мұнда онымен күш сынасудан қашпайтын серілер де аз емес.

— Оны қоя тұрайық, мырзалар,— деді Вальдемар,— шаһзада енді өз орнына отырсын. Қызыққа келушілердің де, серілердің де тағаты таусылып барады — сайысты бастайтын уақыт баяғыда болды.

Джон шаһзада әлі нағыз патшаның өзі бола қоймаса да, бірақ Вальдемар Фиц-Урс оның аяқ-қолын жерге тигізбей, хан көтеріп әкетіп барады, шаһзаданың оны бірінші министр тағайындаймын деген уәдесі бар-ды, сондықтан бұл сүйікті министрінің барлығы бір жағынан оны сыпайылық шегінен шығарып бара жатса, екінші жағынан оған ырық бермей, бір өзі билеп-төстеп әкетіп барады. Шаһзаданың анау-мынау ұсақ-түйектен қылт етіп, сіресіп қалатын мінезі болса да, бұл жолы ол оған қарсыласпады. Шаһзада өз креслосына отырып, нөкері айналасына жиналып болған кезде, ол жаршыларға сайыстың ережесін жариялауға белгі берді. Бұл ереже мынадай болатын.

Сайысты бастаушы бес сері жекпе-жекке шығамын деген талапкерлердің қай-қайсысын болса да ұрысқа шақыра береді.

Сайысқа түсетін әрбір сері жекпе-жекті бастаушының ішінен біреуді таңдап алуға праволы. Бұл үшін соның қалқанына тигізуге тиіс. Егер қалқанға найзаның түбін тигізсе, онда сері моғал қарумен ұрыспақшы деген сөз, басқаша айтқанда, ағаш найзаның ұшы жайпақтау келеді, яғни бұл «сыпайылық қаруы» деп аталады, мұндай қарумен ұрысқанда жалғыз ғана қатерлі нәрсе — аттылардың соғылысып кетуі. Ал егер сері қалқанға найзаның өткір сүңгісін тигізсе, бұл нағыз қан майдандағыдай, өлімге басып байлап соғысады деген сөз.

Сайысқа түскен әрбір сері найзасын бес реттен сындырғаннан кейін шаһзада алғашқы күннің жекпе-жегінде қай батырдың жеңіп шыққанын жариялап, оның бәйгісін беруге бұйырады яғни ол сері бәйгісіне шабысқа — жүйрік, тартысқа -— мықты, керемет сұлу ат алады. Бұл бәйгінің үстіне жеңімпаз атағына ие болған сері махаббат пен сұлулық падишаһісін өз еркімен таңдап тағайындайды.

Жекпе-жек сайыс біткен күннің ертеңіне жалпыға бірдей ортақ сайыс жарияланады; бұған жиынға келген барлық сері қатыса алады. Бұларды екі жаққа тең бөліп шығарып, емін-еркін қайрат көрсетулеріне ерік беріп қоя береді, көп қатысқан сайыс содан шаһзаданың белгі берген мерзімінде ғана аяқталады. Осының соңынан баяғы махаббат пен сұлулық падишаһісі болып жарияланған ару шаһзаданың бәрінен асты деген серісіне нағыз саф алтыннан тәж кигізеді.

Ал сайыстың үшінші күніне садақ атысу, бұқа сайыстыру және тағы қара халық үшін басқа да көңіл көтеру сауық-сайрандары белгілейді. Шаһзада жазықсыздан-жазықсыз беталды тиісіп, өне бойы зорлық-зомбылық жасап келген адамдарын өзіне қаратып, көңілдерін аулап қою үшін осындай мейрамдарды пайдаланып қалмақшы еді.

Сайыс болайын деп жатқан жердің қазіргі көркі айта қалғандай-ақ құлпырып тұрған еді. Англияның теріскей өңірі мен орталық алабындағы асыл текті ақсүйек, дәулеті шалқыған бай, аялаған ару атаулының бәрі түгел осы сайысты тамашалауға жиылып, майдан алаңын айнала жасалған рәтөкпе галереяларға лық тола орын алған; бұл ардақты сауықшылардың қызылды-жасылды болып келген неше алуан сәнді киімдері көңілді көтеріп, көздің жауын алғандай. Галереялардан төмен бүкіл дуал бойында қара құрттай қаптап, жыртылып айрылған маңызды қала жатақтары мен қыр йомендерінің құбақан қоңыр киім-кешектері бірсыдырғы қара белдеу болып тартылып, жоғары қатардағы асыл тектердің сән-салтанатына әдейі бір өң беріп тұрған сияқты.

Жаршылар сайыстың ережелерін оқып болып, соның ақырында өздерінің қашанғы әдеттерінше: «Сауға, сауға, дарқан серілер!»— деп салауат салды. Бұл салауатқа жауап бергендей, барлық галереялардан алтын, күміс теңгелер жауып кетті. Жаршылар сайыстардың шежіресін баяндаудан жалыққан жоқ, ал серілер өздерінің ерліктерін паш еткен зар жақтардан ақша да аян қалған жоқ. Өздеріне берілген тарту-таралғынын құрметіне жаршылар: «Бикештерге — махаббат! Ажалдыға— өлім! Жомартқа — абырой! Батырға—даңқ!»—деп тағы ұран тастады. Сауықшылар бұл ұранға өздерінің шат-шадыман айғайын қосты; осы кезде кернайшылар да өз құралдарының айбынды айғайын боздатып қоя беріп еді. Бұл айқай-шу басылған уақытта жаршылар сабын түзеп, майдан алаңынан шығып бара жатты. Майданның екі жақ шетінде, тастан құйған мүсіндей, «буырқанған-бұрсанған, мұздай темір құрсанған» маршалдар ғана қалшиып қалды.

Майданның солтүстік дарбазасының тұсынан қоршалған бүкіл аймақ бұл кезге дейін сайысты бастаушылармен күш сынасуға талаптанған серілерге толып болған еді. Жоғарғы галереялардан көз жіберген кісіге тербелген қауырсындар мен жарқ-жұрқ еткен дулығалардың, сала құлаш көк сүңгілердің ұлан-асыр көрінісі көсіліп жатқан бір телегей-теңіз болатын; найзалардың желегіне байланған алақандай знак белгілер желдің екпінімен желкілдей теңселіп, онсыз да шарасынан төгілгелі тұрған көріністі одан бетер құтыртып тұр.

Ақыры дарбаза ашылып, зеребемен талғап алынған бес сері салмақпен аяңдап, майданға келіп кірді: біреуі алдында,басқалары екі-екіден. Бәрінің де қару-жарақтары сайма-сай. Хикаяны жеткізген саксон жырауы серілердің ұран-атағын, бәсірелі белгісін, тіпті аттарының ер-тұрманындағы ою-нақышқа дейін суреттеп айтып берген еді. Бірақ оның бәрін теріп жатудың бізге қажеттігі шамалы. Содан бізге жеткен әредік бір шығарманың иесі замандас ақынның жазуынша:

Ол серілер енді жоқ,
Бақи кеткен фәниден.
Қаруы тоттан сарғайып,
Опат болған бұл дүниеден.

Ордалардың дарбаза-дуалдарынан олардың ұран-таңбалары ұшты-күйді жоғалды, ол түгіл тіпті ордалардың өздері де жасыл төмпешікке айналып, жермен-жексен боп кетті. Бір кезде дақпырт қып айтысып жүретін жерлерде қазірдің өзінде олардың аты түгіл заты да жоқ — ешкім айтпайды да ешкім білмейді. Бір кезде жер тәңірісі — шонжар алпауыттар билік құрған жерлерде содан бері талай-талай ұрпақтар дүниеге келіп-кетті, бұл аймақта көп нәрсе жойылып, көп нәрсе ұмыт та болды. Олардың аттары мен заттарының, серілік ұран-таңбаларының оқушы қауымға қазір қанша қажеттігі бар!

Сонда да болса, өздерінің аттары мен заттары да, заманында еткен ерліктері де келешекте ұмыт болатынына қарамастан, бұл жауынгер серілер майданға шықты, ауыздығымен алысып, тізесін кемірген тұлпар аттарын еріктеріне бағындырып, алшаң-алшаң бастырады, аттарының жүрісін, оларды ырқына көндірген өздерінің сыр-сымбатына, ақыл-айласына масаттанып, көпшілікке қыр көрсетеді. Дәл осы кезде күнгей жақтағы шатырлардың сырт жағында бой тасалап тұрған кернайшылар аза бойыңды қаза қылатын бір дөрекі күйді басып кеп жіберді мұндай ресімді серілер Палестинадан алып қайтқан еді. Кернайшылардың ойнаған аспабы шек тағылған барабан мен қоңыраулы аспап болатын; осы музыканы дүркіретіп кеп жібергенде, сайысты бастаушылар өздеріне жақындап келе жатқан серілерге әрі сәлем жолдағандай, әрі жекпе-жекке шақырып тұрғандай екі жар үн естілді. Жиылған жұрттың көзінше. бес сері майданға шығып, сайысты бастаушылардың шатырлары тігілген қыратқа көтерілді де, әрқайсысы өз беттерімен барып, күш сынасамын деген серісінің қалқаның найзасының түбімен түйін өтті, Қарапайым сауықшылар, олармен бірге текті адамдардың бірқатары, оны айтсаң тіпті кейбір бикештер де серілердің топас қарумен сайысамыз дегендеріне разы болмай қалды. Осы біздің замандастарымыздың арасында да шектен шыққан иелер сұмдық оқиғаларға жаны құмар жандар бар ғой, сол сияқты бұл сауық-сайранның да сайыскерлерге неғұрлым қатерлі болғанын қызық көретін жандар ол тұста да болып өткен.

Өздерінің бейбіт ниеттерін жариялап өтті де, серілер майданның арғы шетіне шығып, қаз-қатар сап түзеп тура қалды. Сол кезде сайысты бастаушылар да шатырларынан шығып, аттарына мінді де, Бриан де Буагильбердің бастауымен, қырдан төмен түсіп, әрқайсысы өзінің қалқанына тиіскен серіге қарама-қарсы барып тұрды.

Кернайлар нығыра тартып, ұран салған кезде жекпе-жекшілер біріне-бірі қарсы ат қойды. Бұл жекпе-жек ұзаққа созылмады: сайысты бастаушылардың мерейлері үстем болып, өнерлері асып кетті де, Буагильбердің, Мальвуазеннің, Фрон де Бефтің қарсыластары аттарынан бірден құлап түсті. Ал Гранменильдің қарсыласқан серісі найзасын жауының дулығасынан қалқанына дәлдеп сілтеудің орнына, оның кеудесіне тіреп сындырып алды; мұның масқаралығы аттан құлап түскеннен де жаман еді; өйткені аттан құлағанды жазатайымдыққа санауға болатын еді де, ал найзасына оралып қалғандықты қаруын да билей алмайтын орашолақтыққа апарып тірейтін. Бұл топтың ішінен тек бесінші серінің ғана сағы сынбай кетті: ол йоаннитпен айқасқан бетте екеуі де пайзаларын опырып алып, ит жығыс түсіп ажырап кетті.

Сөйтіп, сауықшылардың айқай-ұйқайы, жаршылардың жарнамасы сайысты бастаушылардың жеңісін, оларға қарсы шыққандардың жеңіліп қалғанын баяндап өтті. Жеңгендер өзді-өзінің шатырына қайтып кетті де, жеңілгендер орындарынан зорға тұрып, майданнан масқара болған күйде қайтып бара жатты; енді олар сайыстың заңы бойынша, жеңімпаздардың олжасына айналуға тиісті өздерінің қару-жарағы мен аттарының нарқын кесу үшін жеңген серілермен сөз байласулары керек еді. Майданда жалғыз бесінші сері ғана біраз бөгеліп, ерсілі-қарсылы ат ойнатып жүріп қалды да, көпшіліктің қол шапақтап, құрмет көрсетуіне ие болды, бірақ бұл ез сыбайластарының одан сайын жүні жығылып, салы суға кетуіне себеп болды.

Бірінші топтың соңынан серілердің екінші, үшінші топтары майданға шығып, өздерінің бақтарын сынады. Бірақ қанша айтқанмен жеңіс сайысты бастаушылар жағында қала берді. Қарсыластар жағы бірінен соң бірі сәтсіздікке ұшырап жатқанда, сайысты бастаушылардың бірде-бірі не аттан құламады, не қаруын ағат сілтеп ұятқа қалмады. Сондықтан сауықшылардың бұларды жақтамайтын топтары өте-мөте мұқап, көңілдері су сепкендей басылып отырды. Енді төртінші кезек келгенде үш-ақ сері майданға шықты: бұлар Буагильбер мен Фрон де Бефтің қалқандарын жайына қалдырып, олардың ішінен әрі орашолақтау, әрі әлсізірек деген өзге үшеуін сайысқа шақырды. Бірақ бұл ептеуден де мән шықпады. Сайысты бастаушылар қайтадан жеңіп шықты. Талапкерлердің біреуі аттан құлап түсті де, қалған екеуі қаруларын жөндеп сілтей алмады, басқаша айтқанда, дұрыстап сайыса алмай жапа шекті; сайыстың заңы бойынша, найза көздеген жерден әрі дәл, әрі мықтап ұруға тиіс еді, анықтап айтқанда, найза жекпе-жекшінің не дулығасына, қалқанына дәл тиюі керек те, соққының күшінен сынып кетуге тиіс, әйтпеген күнде найзаның сабына тірелген сайыскердің өзі ұшып түсуге тиіс. Міне, осыны сайыс деп айтады!

Сайыстың төртінші кезегінен кейін қызық тоқырай түскен еді, Сірә, жекпе-жекке шығам деушілер болмай қалса керек. Сауықшылардың арасында: «бұл қалай, бұл қалай» дескен күңкіл пайда болды; шынын айтқанда, сайысты бастаушы бесеудің ішінен мінездерінің қаталдығы, мейірімсіздігі үшін халық Мальвуазен мен Фрон де Бефті жек көретін; ал өзгелерінің ішінде Гранменильден басқасын шетелдік келімсектер болғаны үшін қаламайтын.

Норман серілері жеңген сайын мұны Англияның намысына тигендік деп біліп отырған Седрик Сакс сайыстың нәтижесіне өте-мөте разы болмай отырды. Жалпы ұрыстарда өзінің батырлығы мен қайсарлығын сан жерде көрсетіп жүрсе де, серілердің қаруын ұстап, сайыс өнерін үйрену жөнінде жас күнінен шеткері қалған адам еді. Сондықтан ол енді заманында осы өнермен айналысып, қару-жарақ үйіріп үйренген Ательстанға жалтақ-жалтақ қарай берді. Седрик өз ойынша, ғымаратшы мен оның сыбайластарынан жеңісті жеңіп алушы Ательстан болса еді деп-ақ отыр еді. Бірақ не керек, бойына біткен күш пен батырлығына қарамастан, Ательстан мың салса бір баспайтын жалқау, қанша қайраса бір өтпейтін жетесіз еді де, Седриктің одан күткен қайрат-жігері бостан-босқа жерде қалды.

— Бүгін Англияның жолы болмады, мырзам,— деді Седрик салмақпен.— Бұл сіздің намысыңызға тиіп, найза алуыңызға себеп болмас па екен?

— Мен сайысқа ертең шықпақшымын,— деді оған Ательстан.— Бүгін енді сауыт-сайман киіп жатудың қажеті жоқ. Мен ертең melee-гe түсемін.

Бұл жауапты Седрик тіпті жақтырмай қалды: біріншіден, melee деген норман сөзі қытығына тиді, бұл жапа-тармағай айқас деген сөз еді; екіншіден, бұл жауаптан өз отанының намысына Ательстанның немкетті қарайтындығы көрінді. Солай бола тұрса да, бұл сөзді айтып тұрған өзінің табынатын адамы болғандықтан, оның дұрыс-терістігіне де, кемшіліктеріне де еш мән берілмей қалды. Бірақ, бұл жерде аузын аңдып тұрған Вамба бар еді, сол бір сөзді қыстырмай қала алмады:

Сөз бар ма!—деді қылжақбас — Қанша қиын болса да, бірден озып шыққаннан гөрі, жүзден озып шыққан әлдеқайда артық қой.

Бұл сөзді шын көріп қалған Ательстан, сірә, сөзімді мақұлдап тұр екен деп ойлады, ал қылжақбастың астарлы сөзінің байыбына барған Седриктің қабағынан қар жауып, оған қаһар тіге қарады. Вамбаның бағына қарай, оның сазасын тартқызып жатуды қазір уақыт та, жағдай да көтермейтін еді.

Осы уақытқа дейін сайыс әлі қайта басталмаған болатын; тек әр жерден жаршылардың айқайласқан дауыстары естіліп қояды:

— Сіздерді бикештердің ілтифаты күтеді, найзаларыңызды солардың ажарына суарыңыздар! Шығыңыздар майданға, жаужүрек серілер! Сіздердің қажыр-қайраттарыңызға жаудыраған мөлдір көздер қарап отыр!

Музыканың құлақ тұндырып, жеңіс салтанатын мадақтаған, сайыс майданына шақырған үйі ауық-ауық айналаны жаңғырықтырып, бір дүрліктіріп тастайды. Көп ішінде: «көптен күткен бір мерекеге қолымыз жетіп еді, мұның өзінде де ешбір қызық көре алмайтын болдық қой»,— деген абыр-сабыр күңкілдер естіледі. Қарт серілер мен егде тартқан ақсүйектер өзара сырласып, жайнап тұрған жастық шақтарын естеріне алады, халықтың жауынгерлік рухы өшіп барады деп арыз айтады, сонымен бірге, баяғы замандағыдай, ерлердің арқасын қоздыратын айтулы сұлулар қазір жоқ деп те тұжырым жасап қояды. Сауық-сайран осылай қожыраған кезде, Джон шаһзада өзінің дос-жарандарымен кеңесіп, енді осының ақырында болмақшы той-думанның жайын, бір найзамен екі серіні аттан түсіріп, үшіншісін былайша жеңген Бриан де Буагильберге берілетін бәйгінің жайын сөз қыла бастаған еді.

Содан сарацин күйшілер тағы бір ұзақ маршын ойнап болған кезде, майданның теріскей жақ дуалының сыртынан сайысқа шақырған жеке-дара кернайдың дабысы естілді. Елдің бәрі бұл келіп қалған бейтаныс сері кім болды екен дегендей, әлгі дабысқа бет бұрды. Сөйткенше болмай, дарбаза дереу ашылып, жаңа келген сері майданға шықты.

Мұздай темір құрсанған адамның сырт келбетіне қарағанда, жаңа жеткен бұл жауынгер ортадан гөрі жоғарырақ әбі-тәбі бойы бар, мығым денелі деуге келмейтін талдырмаш қана жігіт екен. Денесіне кигені — бунақ-бунақ алтын топсалы әсем болат сауыт; қалқанына ойылған ұран таңбасы—түбірімен жұлынған жас емен; оның астына испан тілінде: «Desdichado» - яғни «Беймұра» деген жазу жазылған. Сері жүзіктің көзінен өткендей бір қара тұлпардың үстінде келеді. Галереялардың алдынан өте бергенде ол шаһзаданы һәм бикештерді құттықтап, найзасын үйіре келіп төмен иді. Жас батырдың тал шыбықтай ширатылған келісті қимылын, аттың құлағында ойнаған әсем әдісін көрген сауықшылар оны салған жерден іш тартып, тілектес бола қалды.

— Ральф де Випонттың қалқанын қағып өт! Ат үстінде осал ол, оп-оңай жеңесің, шақыр сол иоаннитты!—деп айғай салды көп жұрт.

Халықтың осындай тілектестігін естіген сері қырдың басына көтеріліп келді де, сол халықты тағы бір таң қалдырды: дәл ортадағы шатырға жақындай беріп, Бриан де Буагильбердің қалқанын найзасының өткір сүңгісімен періп кеп жіберіп еді, болат қалқан сыңғырлап қоя берді. Жас жігіттің мұндай өжеттігіне жұрт аң-таң болды, әсіресе, қанды сайысқа шақырылған айбынды серінің өзіне де бұл оңай тиген жоқ. Ешкім батып шақыра қояды деп күтпеген сері тап сол кезде шатырының алдында жайбарақат қалпында бейқам-бейбіт тұрған еді.

— Бүгін өзің ғыбадатқа барып па едің, бауырым?— деді ол.— Мұндай тәуекелге бел байлап тұрғаныңа қарағанда, түскі намазыңды да оқып шыққан шығарсың?

— Өлімге мен сенен кем дайындалғам жоқ,— деді Беймұра сері; ол сайыстың тізіміне де осы атпен жазылған еді.

— Ондай болса, майданға барып орныңа тұр да, күннің нұрына жақсылап тұрып қарап ал — кешке жақын жаның жаннаттан жай табады ғой.

- Ақылыңа рақмет, - деді Беймұра сері.— Ендеше менің ақылымды сен де тастама: тың атыңа мініп, мықты найзаңды сайлап ал мұндай қаруға сенің де зәру болатыныңа иманым кәміл.

Осыны айтты да дөң басынан атын шегіншектетіп түсіріп, со жүрісімен бүкіл алаңнан өтіп, теріскей қақпаға дейін барды. Сонда ғана атының басын бір-ақ тартып, жекпе-жек айқасатын серіні күтіп, тапжылмай тұрып қалды. Атын осылай жүргізген өнерінің өзімен көпшілікті тағы бір қайран қалдырып, Беймұра сері мақтау үстіне мақтау алды.

Сайысқа шақырған серінің айтқан ақылы қанша қытығына тиіп кетсе де, Буагильбер оны қалтқысыз орындауға мәжбүр болды: тәкаппар серінің намысын сақтап қалуы осы сайыстың нәтижесіне байланысты еді, сондықтан бұл нәтижені елемеске оның амалы болмады. Сондықтан ол бір серкесан белді атын тыңнан мініп, алғашқы ұрыстарда мұқалып қалды ма деген найзасын мықтысынан жаңалап алып, дақ түсті ме деген қалқанын да ауыстырып ұстады. Ғымаратшының алғашқы қалқанындағы таңбасы бұрынғы ескі таңба болатын; ол мұқтаждық пен тәубешілдіктің ғыбраты есебінде бір атқа мінгескен екі серінің бейнесі еді. Алғашқы бетте ғымаратшылар үшін сауап деп табылған бұл қасиеттің орнына қазір Ғымарат серілері дандайсып алып, кесір-қырсықтың қандайынан болса да бас тартпайтын боп кеткен; соның салдарынан бұлар өздерінің сыйынған орденін де жойып алып еді. Ал Буагильбердің жаңа қалқаныңа қу басты шеңгелдеп алып, самғап келе жатқан құзғынның суреті салынып, оның астына: «Сақтан, құзғыннан» деп жазу жазылған.

Өліспей беріспеуге бекінген екі жау майданның екі шетіне келіп, біріне-бірі қарсы тұрған кезде, бұл сайыстың ақырын күткен халықтың қауіп-қатері де шегіне жеткен еді. Беймұра серінің бұдан аман қалуы екіталай деушілер бір жағынан көкірек болып тұрса, безбеннің екінші басын оның қажыр-қайраты да басып тұрғандай көрінді.

Кернай ойнап, белгі берілісімен екі сері жайдың оғындай жарқ-жұрқ етіп, майданның қақ ортасында сатыр-сұтыр айқаса кетті. Сол бетте екеуінің де найзасы быт-шыт боп аспанға ұшып, көзді ашып-жұмғанша екі сері де аттан құлап түскендей көрінді, өйткені екеуінің де аттары артқы екі аяғымен тік тұрып, шалқалап кетіп бара жатқандай болып еді. Бірақ әдісқой серілер тізгіндерінен де айрылмай, темір тақаларын да мезгілімен жұмсап, ат үстінде отырып қалды. Екі жау бірін бірі оқты көзімен атып, бір сәт тесірейе қарасып тұрды; екеуінің де көздері жалын атып, дулығаларының көзілдірігін тесіп өткендей еді; қарусыз қалған жекпе-жекшілер, дегенмен, аттарының басын бұрып, әрқайсысы өз жағына барды да, дарбаза алдында жаңа қару даярлап тұрған атқосшыларының қолынан жаңа найза алысты.

Қалың көптің дуылдасқан айқайы, сайыскерлерді көтермелеген тілек-баталары бұл жекпе-жекті олардың барлық ынта-ықыластарымен бақылап отырғандарына айғақ болды; сайыстың қызығына берілген халық орамал, бекебайларын бұлғасып, күш-қуаты, амал-айласы пара-пар ерлер майданға, міне, жаңа шықты десіп жатты. Әлден уақытта серілер майданға қайтып оралып, бір-біріне қарсы кеп тұрған Кезде, айқай-шу, қошаметтің бәрі пышақ кескендей тыйылып, майданда ұшқан үстемдігі бірдей болып шықпады.

Сайыскерлерді, олардың аттарын біраз тыныстатып алып, Джон шаһзада кернайшыларға сайысты баста деген бұйрық берді. Екінші рет қарсыласқан жаулар тағы да сондай күшпен, сондай өнермен қайта айқасты, бірақ бұл жолы екеуінің үстемдігі бірдей болып шықпады.

Бұл жолы ғымаратшы сайыскердің қалқанын дәл ортасынан көздеп керемет күшпен қатты соғып жіберіп еді, сол күштің әсерінен найзасы күл-талқан болып, қарсыласқан серісі ат үстінен теңселігі кетті. Әуелгі бетте Буагильбердің қалқанын көздемек болған Беймұра сері найзасының күшін тек зәредей уақыттың ішінде өзгертіп, қарсыласын дәл дулығасынан ұрып жіберді. Дулығаның тұмылдырығын дәл көздеу қиын еді, бірақ дәл ұрғандай болса, оның жаза баспауы анық еді. Шынында сайыскердің ұрысы қате кетпеді де, найзаның сүңгісі Буагильбердің болат көзілдірігін жайпап өтті. Бірақ ғымаратшы соның өзінде де жүректілігін көрсетіп, өзінің айтулы атағын сақтап қалып еді. Егер үзеңгісінің таралғысы үзіліп кетпегенде, ол аттан құламайтын еді. Бірақ жазым болды да, оның ер-тоқымы да, аты да, сонымен бірге өзі де құлап түсіп, шаң-тозаңға көмілді де қалды.

Құлаған аттың астынан босап, үзеңгісінен аяғын шығарып атып тұру ғымаратшыға бұйым да болған жоқ. Оның аттан құлағанын табалаған сауықшылардың мәз-мейрам болғанына, әрі өзінің кеміп қалғанына жарылып, кете жаздаған ғымаратшы орнынан атып тұрған бетінде қажарын суырып алып, жекпе-жекшіге қаруын білеп тұра қалды. Оны көрген Беймұра сері атынан атып түсіп, қанжарын ол да оңтайлап алды. Бірақ сол кезде аттарына қамшы басқан маршалдар екпіндеп жетіп келіп, сайыстың тәртібі бойынша, сайыскерлердің мұндай жекпе-жекке қақылары жоқтығын жариялады.

Бұған бой ұсынған ғымаратшы айқасқан серісін оқты көзімен атып:

Біз тағы кездесеміз, бірақ онда бізді ешкім де тоқтатып ала алмайды,— деп салды.

Бұдан тайынатын Беймұра сері ме, ол тұрып:

— Егер осыдан кездесе алмасақ, ол кінә менде болмайды: Жаяу ма, әлде ат үстінде ме, найза ма, әлде қанжар ма — оның бәрібір, мен сенімен сарапқа түсуге әрқашан дайынмын,— деді кектескен жауынгер.

Aшy үстінде бұлар осылай салғыласып тұра берер ме еді, әлде қайтер еді, бірақ сайыстың маршалдары найзаларын айқастыра ұстап, кектескен жауларды айырып жіберді. Беймұра сері өзінің шыққан орнына тайып тұрды да, ал Буагильбер өзінің шатырына барып, қалған күнді ыза, өкінішпен өткізді.

Жеңімпаз сері атынан түспестен, дулығасының тамағын ағытып, бір тостаған шарап сұрап алды да, «адал жүректі ағылшындардың амандығы үшін, барлық келімсек озбырлардың құруы үшін ішем!»—деп, шарапты бірден көтеріп жіберді. Осыдан соң ол кернайшыларға барлық сайысқа шығам деген талапкерлерге ерік беруді бұйырды да, жаршылардан тағы өтініш етті: кімде-кім жекпе-жекке шығамын десе, ешкімді де ол талғамайды, солардың қалаған тәртібімен шайқаса беруге дайын екенін айтып, жар салдырды.

Ең алдымен майданға қара құрыштан сауыт киіп, ақ қалқан ұстап алпамсадай дәу баһадүр Фрон де Беф шықты; қалқанына қара бояумен бұқаның бас суреті салынған екен, бірақ сан сайысқа түскен қалқанның бұқа таңбасы өшіңкіреп қалыпты, сонда да онда: «міне, мені көріңдер де сақтаныңдар» деген даңғойлық ұраны әлі де болса көрініп тұр еді. Бұл қарсыласын Беймұра сері қас қаққанша тайдырып шығарды: айқаса кеткенде екі серінің де найзасы ортасынан опырылып кетіп еді, бірақ сонда Фрон де Беф үзеңгісінен айырылып қалды да, мұны көрген төрешілер оны жеңілді деп жариялады.

Бейтаныс серінің үшінші айқасқаны Филипп де Мальвуазен мырза еді, оны айта қалғандай мықтап ұрып, майданнан кетірді: Беймұра сері бектің дулығасын көздеп, найзасымен табандата періп жіберген еді, құлақ бауы үзіліп кетті де дулығасы басынан ұшып түсті, тек соның арқасында ғана Мальвуазен атынан жығылмай қалды, бәрібір, бірақ бұл да жеңілген боп саналды.

Төртінші сайыс Гранменильмен екеуінің арасында болуға тиіс еді. Беймұра сері бұға дейін қандай қажыр-қайрат, амал-айла көрсетсе, бұл жолы енді ер көңілді жігіттің нағыз сондай мәрттігін жасады. Гранменильдің мінген аты басасау жас жылқы еді, екі сері қарсыласа кеткенде шәлкес ат басымен ала қашып, жалтарып кетті де, Гранмениль қару жұмсай алмай қалды, ал Беймұра сері бұл қапыны пайдаланудың орнына, найзасын тік көтеріп алды да, қарсыласының қасынан ағып өтіп кетті. Содан атының басын бұрып алып, алғашқы орнына оралып келді де, Гранменильді жекпе-жекке қайта шақырып еді. Бірақ Гранмениль бұл серінің өнерінің үстіне ер көңілді мәрттігіне мойын сұнып, өзін жеңілдім деп жариялады.

Бейтаныс серінің бұл күнгі жеңісінің соңғы санын Ральф де Випонт аяқтады; бұл сері сайыста оңбай жығылып, аузы-мұрнынан дірдектеп қан кетті; сонсоң есінен танып қалған серіні жаршылар майданнан тік көтеріп алып кетті.

Сонымен, бұл күннің бәйгесін бір ауыздан Беймұра серіге бұйырған шаһзаданың және маршалдардың жарлығын мыңдаған халық қуанышпен қарсы алды.

IХ ТАРАУ

Қоршаған қалың қыздар қанат жайып,
Тұрды ол қыз тәңірісіндей таңғажайып —
Сол еді шынында да патшаға лайық.
Сұлу жоқ оған көрік таластырар,
Тұлғасы киген киім жарастырар.
Басында сәукелесі үсті жарқ-жұрқ
Етпей-ақ жұрт көз алмай қарап тұрар.
Қолында ақ сабақты гүлдің шоғы —
Әмірмен көтереді қыздың қолы.

«Жапырақ пен гүл»

Сайыстың маршалдары Уильям де Вивиль мен Стивен де Мартиваль жеңімпаз серіні ең алдымен келіп құттықтады.

Джон шаһзаданың алдына барып, оның қолынан бәйгі аларда дулығасын шешуі яки ең болмағанда бет-қалқанын көтеріп қоюы керек екенін ескертті маршалдар. Бірақ Беймұра сері маршалдарға бұл талаптарын орындай алмайтынын әдепті түрде түсіндірді, мұның себебін майданға түсерде жаршыларға да мәлімдегенін айта келіп, өзінің күні бұрын беріп қойған серті бойынша, шаһзаданың алдында да бетін аша алмайтынын білдірді. Ол заманда серілердің белгілі мерзімге бүркеншік атпен жасырын жүруге, яғни мақсатты оқиғасы бір жайлы болып тынып кеткенше құпиялық сақтауға ант ететін бір түрлі оғаш салттары болып тұратын; міне осы салтқа сайыстың маршалдары да толық қанағаттанып қалды. Сондықтан бұлар жеңімпаздың не себепті өзін жарияламауға тиіс екенін қуаттап жатқан жоқ, тек қана Джон шаһзадаға осы жайды мәлімдеп, ерлік көрсеткен серіге бәйгіні өз қолынан тапсыруы үшін жоғары мәртебелі тақсырдың құзырына сол серіні алып келулеріне рұқсат сұрады.

Бұл құпия сыр Джонның менмендігіне қатты тиді. Сайысты бастаған серілер мұның сүйікті сыбайластары; бір серіден бәрі бірдей жеңіліп қалып, жекпе-жектің нәтижесіне шаһзада онсыз да қынжылып тұр еді. Сондықтан ол маршалдарға өршелене жауап қатты:

— Әулие ананың аруағы ұрсын, бұл сері, егер біздің алдымызда да бетін жасырып ұстағысы келетін болса, ол өзі мұрагерліктен мақрұм қалғанымен тұрмай, заты әдеп-инабаттан да айрылған адам шығар! Қалай деп ойлайсыздар, мырзалар, бұл тәкаппар батыр кім болғаны сонда?—деді шаһзада нөкеріне қарап.

— Біле алмадым,— деді де Браси.— Біздің мына бес серіні бір күннің ішінде бірден жеңіп шығатын батыр Англияның жағалауын жуып тұрған төрт теңіздің көлемінде болады деп ойлаған емес едім! Ар-инабатым куә болсын, Випонтты оның қалай ұрып түсіргенін мен ешқашан ұмытпаспын! Байқұс иоаннит сақпаннан атқан тастай ұшты ат үстінен.

Иоанниттер орденінің намысына ара түскен бір сері тұрып оған қарсыласа кетті:

— Ой, енді оны айта берудің қажеттігі не, ол түгіл ғымаратшыға да оңай тиген жоқ. Сіздердің мақтап болмайтын Буагильберіңіздің де сан рет топырақ қауып, сан рет домалап кеткенін мен өз көзіммен көріп отырдым.

Ғымаратшылармен дос-жар боп жүрген де Браси иоаннитке қарсы бірдеңе айтайын деп келе жатыр еді, бірақ Джон шаһзада оны тыйып тастады.

— Тоқтаңыздар, мырзалар! Неменеге босқа дауласасыңыздар?— деді ол.

— Жеңімпаз сері сіздің әміріңізді күтіп тұр әлі,— деп сайыстың маршалы де Вивиль сөзге араласты сол арада.

— Бізге керегі сол,— деді Джон,— оның аты-жөні табылғанша ол тұра тұрсын. Тіпті кешке дейін тұрса да бәрібір, манағыдан қызу айқастан кейін ол әзір тоңа қоймас.

— Ондай болса сіз жеңімпазды онша құрмет тұтпайды екенсіз!—деді Вальдемар Фиц-Урс.— Жоғары мәртебелі тақсыр, қашан біз тумысымызда көріп-білмеген адамымыздың кім екенін айтқанымызша, сіз оны тостырып қоймақшысыз. Қалай десеңіз де, менің бұған ақылым жетер емес. Шынтуайттап келгенде мұның өзі Ричард корольге ілесіп, Палестинаға кеткен, содан енді Қасиетті Жердей қайтып келе жатқан ерлердің бірі болып жүрмесін.

— Әлде бұл граф Солсбери шығар? Мұның бойы, сірә, coғaн келіп қалады,— деді де Браси.

— Жоқ, Солсберидің сүйегі бұдан ірірек. Одан гөрі сэр Томас де Малтон мен сері Гислендскийдің біреуі болып қалар,— деді Фиц-Урс.

Сол мезгілде нөкерлер сыбырласа қалды да, бірақ соның ішінен кім айтқанын ешкім аңдай алмады:

— Бұл өзі король боп шығып жүрмесін? Мүмкін, Ричард Арыстан Жүректің өзі шығар?

— Сақтай гөр, құдайым!—деді Джон шаһзада, шүберектей құп-қу боп, аяғының астына жай түскендей, шегіншектен берді.— Вальдемар!., де Браси... Ер жүректі серілер, инабатты мырзалар, бәріңіз де берген уәделеріңізді ұмыта көрмеңіздер, күн туғанда менің қолдаушым болыңыздар!

Қорқатын ештеңе жоқ!—деді Вальдемар Фиц-Урс.— Сіз өзіңіздің әкеңізден туған ұлдың баһадұрға біткен еңгезердей зop денесін қалай ойыңыздан шығарып алдыңыз, сол Ричард мына жауынгердің сауытына қайтіп сыйып тұратын еді? Де Вивиль һәм Мартиваль, сіздер қазір барып, сонау жеңімпаз серіні тақтың алдына алып келіңіздер де мына күдікті бітіріңіздер, әйтпесе тақсыр шаһзаданың бет-аузында кісі қарайтын түр қалмады! Қазір келген соң өзіңіз жақсылап қараңызшы,— деді тағы Вальдемар, шаһзадаға қарап,— мұның Ричардтан бір сүйемдей аласа, жаурынының әлдеқайда қушық екенін сонда өзіңіз де көресіз. Және мұның астындағы аты да Ричард корольдің салмағын тартып жүре алатын ат емес.

Вальдемар Фиц-Урс шаһзадаға осыны айтып жатқан кезде маршалдар майданнан биік тұрған тақтың ағаш сатысының түбіне Беймұра серіні алып келді. Кезінде одан қанша жақсылық көрсе, тағы соған сонша жаманшылық жасаған зор мәртебелі патша ағасы ойламаған жерден королевствоның шегіне келді деген лақаптан қатты сағы сынып, Фиц-Урс қанша дәлелдеп бақса да, еңсесі бір көтерілмей қойған Джон шаһзаданың саудасы әбден бітіп болған еді. Шаһзада дірілдеген дауыспен Беймұра серінің қажыр-қайратын мадақтаған болып, бірнеше сөз айтты да, жеңімпаздың бәйгісіне арналған арналған сәйгүлік атты алып келуге әмір етті; соның өзінде де ол осынау болат сауытты серінің бетін жауып тұрған перденің ар жағынан Арыстан Жүрек Ричардтың қаһарлы қоңыр дауысы естіліп қала ма деп қыпылдап отырды.

Бірақ Беймұра сері оның құттықтауына үн қатқан жоқ, жалғыз-ақ басын иді де қойды.

Жақсы киінген екі атты тамаша сәнді ер-тұрманымен бір серке сан, аякөз тұлпарды майданға жетектеп алып келді. Беймұра сері үзеңгіге де аяқ салмастан еріне бір қолын ғана тіреп күш алды да, аттың үстіне ырғып мінді, жақсы атқа мініп алғанда ер жігітке бітетін желікті тақымы сезген жеңімпаз сері тұлпардың алып ұшқан екпінімен сыдыртып өтіп, найзасын ойнатқан бетінде майданды екі айналып шықты.

Тұлпар атпен ағызып өткен серіні басқа біреу болса, мынау бір мақтаншақ екен, дер еді жұрт. Бірақ жеңіп алған атының жүрісін, шабысын сынап көрген серіні ешкім де айыпқа бұйырған жоқ, қайта жиылған көп серінің бұл қылығын мақтап та, мадақтап та ұран салды.

Оның бер жағында тыншымай отырған Эймер хазірет шаһзаданың құлағына сыбырлап, жеңімпаз сері енді батырлықты қоя тұрып, өзінің әсемдік талғамы қандай екенін көрсетсін, мына галереяларды гүлдендіріп отырған сұлу бикештердің ішінен махаббат пен сұлулық падишаһісін таңдап алып, ол сұлу ертеңгі сайыста жеңіп шыққан серіге өз қолынан бәйгі тапсыратын болсын деген сөзді айтты. Сондықтан Джон шаһзада майданды екінші рет айналып келе жатқан сері тақтың тұсына жете берген кезде асасын көтеріп, белгі берді. Соның арасынша сері де атының басын бұрып алып, тақтың алдына тоқтады да, найзасын жерге тіреп, шаһзаданың ендігі әмірін тапжылмай күтіп қалды. Еті қызып, басымен алысып тұрған сәйгүліктің айтқанша ерікке көніп, тастан қашалған мүсіндей, қатып қалғанына елдің бәрі қайран болды.

— Беймұра сері мырза,— деді Джон шаһзада,— сіздің бар аты-жөніңіз осы ғана болғандықтан, біз сізді осылай ғана атай аламыз... Сіздің алдыңызда енді махаббат пен сұлулық падишаһісінің тағына отырып, ертеңгі мерекемізге басшылық ететін асқан сұлу әйелді таңдап алу секілді ардақты міндет тұр. Егер басқа елдің адамы болғандықтан, мұндай таңдау сізге қиын тиетін болса, һәм жаңа басқа біреудің ақыл-кеңесіне мұқтаж бола қалсаңыз, біз өз тарапымыздан тек есіңізге саламыз, ер жүрек сері Вальдемар Фиц-Урстың қызы Алисия бикеш біздің ордамызда көптен бері айтулы сұлу болып саналады, сонымен бірге бұл арудың алып отырған дәрежесі де аса жоғары. Бірақ, шынтуайтқа келгенде, мына сәукелені кімге кигізем десеңіз, ол сіздің толық еркіңізде. Сіздің осы сәукелені тапсырған әйеліңіз ертеңгі сайыстың махаббат пен сұлулық падишаһісі болып жарияланады. Енді найзаңызды жоғары көтеріңіз.

Сері найзасын көтерді де Джон шаһзада найзаның ұшына жасыл атластан тігілген сәукелені кигізді, сәукеле алтын шеңберге керіліп төңірегі жүрек бейнелі ирекпен, садақтың жебесі іспеттес сүйір өрнекпен нақышталған еді, сәукеленің зейнеті тізбектелген бүлдірген жапырақтарымен, бүйрек-бүйрек шарлармен мәнерленген герцог тәжі мәнзелдес болатын.

Вальдемар Фиц-Урстың қызы туралы ишарат жасағанда Джон шаһзада бір оқпен бірнеше қоянды бір-ақ атып алмақшы еді, өйткені оның ақыл-айласының өзі де қулық-сұмдық араласқан көлгір бейқамдық пен менмендіктің көже-қойыртпағы болатын. Біріншіден, нөкерлерінің алдында ол Ревекка жөніндегі орынсыз әзілін жуып-шаймақшы болды; екіншіден, осы бір күннің ішінде бірнеше рет тойтарып тастаймын деп өзіне наразы ғып алған, әрі көбінесе өзі жасқанып жүретін Вальдемардың яғни Алисия сұлудың әкесінің көңілін табайын деп ойлады. Оған қоса Алисияның өзіне де жақсы атты көрініп қалудан аулақ емес-ті, өйткені, Джон нәпсі жағынан тыйымсыз кеткен сарауыз, адамгершіліктен ада, зынақор еді. Мұның үстіне өзі әбден жек көріп қалған Беймұра серіге де Вальдемар Фиц-Урс сияқты құдіретті кісіні дұшпан ғып шығарғысы келді, егер осыдан оның қызы серінің таңдауына ілікпей, атақты ару қатарынан шығып қалса, Вальдемардың мұны кек тұтуы сөзсіз болатын.

Бұл шынында солай болып шықты. Шаһзада тағына жақын орналасқан, атағы жер жарып тұрған паң сұлу Алисияның ложасынан ағып өтіп, Беймұра сері майданды жайымен жағалап жүре берді, өңшең ығай мен сығай жиналған бұл тамаша топты көркімен жайнатып отырған сансыз көп аруларды көзінен өткізіп, армансыз таңдап шығуға оның қақысы да бар еді.

Сері майданды аралап келе жатқанда бикештердің өздерін қалай-қалай ұстараны бір түрлі қызық болды: біреулері қызарып, екіншілері сазарып, қол жетпес паң көрінгісі келді; басқа біреулері алдарына тура қарай-қарай қалып, ешкімді байқамаған кісі болды. Енді бірсыпырасы қасақана зәресі ұшқан кісідей, отырған жерінде шалқайыса шірене қалды; тағы біреулері күлкі қысқандықтан зорға отырды да, екеу-үшеуі тіпті ашықтан-ашық күліп те жіберді. Бұлардың ішінде, айта берсек, әуел бет перделерін түсіріп отырғандары да болды; саксон тарихшыларының айтуына қарағанда, мұндайлар тектілер қауымында он шақты жылдан бері белгілі боп қалған арулар еді. Сірә, бұл жалғанның сергелдең серуені мезі қылғландықтан болар, бұл сұлулар енді тұғырынан тайып, орындарын жеткіншек жас аруларға беріп тұрған.

Ақырында сері жағалап отырып, Ровена бикеш отырған балконға жетіп тоқтады, бұл кезде халықтың төзімі де шегіне жетіп, шеңберінен асып қалған еді.

Егер Беймұра сері сайыстың үстінде өзінің жеңіп шығуына тең тілектес қауым жағына шығады деп есептейтін болсақ, онда галереяның дәл осы тұсы елден ерек көзге түсті деп білуіміз керек. Ғымаратшының жеңілгеніне алақайлап қуанған, өзінің ата жау екі көршісі — Фрон де Беф пен Мальвуазеннен кегі қайтқанына одан бетер масайраған Седрик Сакс балконның жақтауынан асыла қарап, жеңімпаз серінің қайратына жан-тәнімен бірдей сүйсініп тұрған еді. Ал Ровена бикеш өзінің толқып тұрған әсерін ешкімге сездіре қоймаса да, бүгінгі күннің оқиғаларына түгелдей беріліп кеткен. Тіпті түк сезбес деген Ательстанның өзі де үйреншікті енжарлығынан сергіп, бір тостаған мускат шарабын сұрап алған да Беймұра серінің саулығына ішемін деп көтеріп салған.

Ал енді осы галереяның дәл астында отырған бір топ сакс сайыстың нәтижесіне жоғарғылардан кем қуанған жоқ-ты.

Ғымаратшы мен Беймұра сері алғашқы айқасқан кезде Йорктан келген Исаак жебірей:

— О, бабам Авраам!—деп жағасын ұстады.— Мына христиан баласы астындағы атты қалай-қалай ұршықтай үйіреді! Бұл өзі бір қиырдан — сонау Бербериядан әкелінген аяулы-ақ ат еді, ал мына жігіт оны тақымымен есекше илейді ғой өзі! Тағы анау тамаша сауыт-сайманды қара, Миланның қару-жарақ көпесі Иссиф Перейра оны ердің құнына зорға түсірген! Оны күтіп ұстайын деген ой мұның миына кіретін емес, тап бір жолдан тауып алған зат тәрізді!

— Ой әке, анау сері осындай қатерлі сайысқа жаны мен тәнін бірдей сарп етіп тұрса, оған енді ат пен сауытты аяп ұста деп қалай айтпақсың,— деді Ревекка.

— Е, балам, не айтып тұрғаныңды сен өзің де білмейсің!— деді Исаак бұған шамданып.— Жаны мен тәні оның өзінікі ғой, онан да анау ат пен қару-жарақты айтсайшы... О Жақып бабам, мен осы не сөйлеп тұрмын... Анау жігіт бір аяулы бала еді ғой. Осы аяулы жігітті, оның аты мен сауыт-сайманын сақтай гөр деп, балам, сен де дұға қыл! Қарашы, Ревекка, қарашы өзің! Ол анау малғұнмен тағы ұрысқа түспекші. О құдайым, тәуба! Жақсы жігіт жеңді! Мұның найзасынан анау арам малғұн құлап түсті, біздің бабаларымыздың семсерінен заманында Бешан патшасы Оч, Армарит патшасы Сихон да осылай мерт болған! Енді бұл сері ана малғұнның алтыны мен күмісін, тұлпар аттары мен сауыт-сайманын тартып алады. Барлық байлығы осының олжасы болады!

Беймұра серінің жеңіске жеткен әрбір батырлығын көрген сайын жебірей ақсақал өстіп, әрі қуанып, әрі әбігерленіп қалып тұрды, әрбір жолы жеңімпаздың сауғасына түсетін ат пен сауыт-сайманның құнын ақшаға шағып әуреге түседі. Сондықтан Беймұра сері алдарына келіп тоқтаған жұрт оның жеңістеріне өте-мөте мүдделі боп отырды.

Әлде батылы бармады ма, немесе бөгелетін басқа бір себебі болды ма, әйтеуір жеңімпаз сері бір минуттай қимылсыз тұрып қалды. Тым-тырыс болған көпшіліктің көзі де осында еді. Әрі-беріден соң барып ол найзасын жай ғана сыпайы иіп, сәукелені Ровена сұлудың аяғына қойды. Сол-ақ екен, кернайлар күйге басып, жаршылар Ровена бикешті махаббат пен сұлулық падишаһісі деп жариялап жіберді, сонымен бірге бұл махаббат пен сұлулық падишаһісінің әмірін екі еткен жанға ешбір рақым болмайтынын да ескертіп қояды. Мұның соңынан жаршылар өздерінің машық кәдесін сұрауға кірісті; жаны жай тауып, көңілі өсіп тұрған Седрик жаршыларға бір кесек соманы ұстата берді, ондай шапшаң суырып бере қоймағанмен, Ательстан да одан қалыспай, сондай ірі соманы бұл да сыйға тартты.

Бұл кезде норман бойжеткендері көңілдеріне алып, өзара күбірлесе қалған еді, заты, өздері бастап шығарған мұндай серілік сауық-сайрандарында жеңіліп дағдыланбаған норман серілері сияқты, өздерінен саксон қызының артылып кеткеніне норман қыздары да разы емес-ті. Бірақ бұл наразылықты жұрттың: «Махаббат пен сұлулық падишаһісі — Ровена бикеш жасасын!»—деген айқай-қиқуы басып кетті. Ал қара халықтың қалың тобының ішінен: «Саксон королевасы жасасын! Мәңгі өлмейтін Альфредтің әулеті жасасын!»—деген ұран көтерілді.

Мұндай ұранды есту Джон шаһзаданың құлағына қанша қақпай тұрса да, жеңімпаз серінің таңдауын әбден заңды деп білуге амалсыздан мойынсұнды. Атын келтіруге әмір беріп, тақтан түсті де, арғымағына мініп алып, қалың нөкерінің қостауымен майданды аралауға қайта шықты. Содан Алисия бикеш отырған галереяның алдына бір минуттай кідіріп, Джон шаһзада сұлуды зор құрметпен құттықтады да, маңайындағы адамдарға қарап мынадай сөз айтты:

— Әулие-әнбиелердің аруағына сыйынып айтайын, мырзалар, мына серінің бүгінгі қайраты оның жүрегі мен білегінің мықты екенін көрсетсе де, оның мына таңдауына қарағанда, көзінің онша көреген емес екендігін танытты деп білу керек.

Джон шаһзаданың бүкіл өмір бойы сәті түспей қойған ісі еді бұл, біреудің көңілін табамын деп бұл жолы тағы бүлдіріп алды. Вальдемар Фиц-Урстың қызының таңдауға ілінбей қалғанына өкініш білдірмек болған шаһзада, қыздың әкесінен алғыстың орнына қарғыс алып қалды.

— Meн білетін серілік шарттардың ішінде,— деді Фиц-Урс,— әрбір сырбаз серінің өз жүрегінің қалауы бойынша сұлу тандап алуынан ардақты шартты көрген емен. Менің қызым артықшылықты ешкімнен сұрап алмайды; ал өзінің жүрген қауымында ол, әлбетте, өзіне лайықты сый-құрметтен кенде де болмайды.

Джон шаһзада бұған түк те айта алған жоқ, жалғыз-ақ кегін атынан алғандай боп, тебініп жіберді де шаба жөнелді. Басымен алып-ұшып тұрған саңлақ ат көзді ашып-жұмғанша оны Ровена бикеш отырған галереяның тұсына алып келді, мана Беймұра сері әкеп тастаған сәукеле сұлудың аяғында әлі жатыр еді.

— Ардақты ару, өзіңіздің падишаһилық тәжіңізді қабыл алыңыз,— деді шаһзада,— сіздің бұл жоғары мәртебеңізге Анжуй шаһзадасы Джондай ақ жүрегімен бас иетін жан болмайды. Егер құзырыңызға ләзім болса, өзіңіздің ізгі жүректі әкеңізбен, һәм өзге досжар адамдарыңызбен, біздің Ашби сарайында болмақшы бүгінгі тойымыздың сән-сәулеті болып, ертеңгі күніміздің құрметіне арнап қызмет ететін королевамызбен танысуымызға мүмкіндік берсеңіз екен деймін.

Ровена бұған тіл қатқан жоқ, ол үшін Седрик өзінің ана тілінде жауап берді:

- Ровена бикеш сіздің көрсеткен құрметіңізге жауап беруге тиісті тілді білмейді,—деді Седрик,— сондықтан ол сіздің тойыңызға да қатыса алмайды. Сол сияқты мен де һәм құрметті Ательстан Конингсбургский де өзіміздің бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың тілінде ғана сөйлейміз және солардың әдет-ғұрпымен жүреміз. Сол себепті сіздің зор мәртебелі сый-құрметіңізге алғыс айтумен бірге оны қабыл ете алмайтынымызды білдіреміз. Ал ертең Ровена бикеш жеңімпаз серінің еркін таңдауымен бұйрылған һәм және бүкіл халық мақұлдаған даңққа лайық міндетін атқаруға кіріседі.

Осы сөзді айтып Седрик сәукелені көтеріп алды да, уақытша өкіметті қабылдағаны есебінде, оны Ровена бикештің басына кигізді.

Саксон тілін әбден жақсы білсе де, Джон шаһзада оны қасақана білмеген кісі болып:

— Не деп тұр бұл?— деп сұрады.

Нөкерінің ішінен біреу Седриктің сөзінің мағынасын оған француз тілінде түсіндірді.

— Жарайды онда, ертең тіл-аузы жоқ бұл падишаһіні құрметті орнына біз өзіміз-ақ апарып отырғызамыз,— деді ол.— Ал, ардақты сері,— деді шаһзада, галереяның алдында әлі тұрған жеңімпаз серіге қарап, — бұл құрметті бізбен бірге тым болмаса сіз атқарысарсыз?

Бұл арада сері алғашқы рет тіл қатты. Өзінің шаршап жүргенін және ертеңгі сайысқа бірсыпыра әзірлік жасауы қажет екенін айтып, жай ғана жылдам-жылдам сөзбен шаһзададан ғапу өтінді.

— Жақсы,— деді шаһзада Джон тәкаппарлана сөйлеп,— заты, біз сөзіміздің жерде қалуына әдеттенбеген едік, бірақ, сайыста жеңіп шыққан серінің һәм оның таңдап алған махаббат пен сұлулық падишаһісінің де рақым етпегеніне қарамастан, бұйырған тағамды ішіп-жеп, бойымызға сіңіретін шығармыз.

Осыны айтты да ол сайыстың аяқталғанын білдіріп, атының басын бұрып майданнан кетуге айналды.

Бірақ намысына тиіп, сағын сындырған кек оңайлықпен ұмытыла қойсын ба, Джон шаһзада үш қадам да ұзап шықпай, жан-жағына қарады да, бүгін таңертең өзін ашуландырған йоменді оқты көзімен атып, сақшыларына қатал бұйрық берді:

— Егер осынау жігіт құтылып кетсе, сендер маған бастарыңмен жауап бересіңдер.

Йомен шаһзаданың жаман көзінен айылын да жиған жоқ, жайбарақат жымиып тұрған бетінде:

— Бүрсігүнге дейін Ашбиден кете қоятын мен де жоқ. Стаффордшир мен Лестер жігіттерінің садақты қалай тартатындарын көргім келеді. Нидвуд пен Чарнвуд ормандарында құралайды көзге атқан мергендер болуға тиіс,—деді йомен жігіт.

Енді йоменді тастай беріп, Джон шаһзада өз нөкерлеріне қарап:

— Садақты оның өзі қалай тартатынын біз де көрерміз, егер осыдан өнері оспадарлығына сайма-сай болмай шықса, көресісін бұл сонда көрер,— деді ол.

— Бұл еркектаналардың кейбірінің сазайын тартқызып, үйретіп қоятын мезгіл әлдеқашан жетіп еді. Әйтпесе өздері тым жүгенсіз кетіп барады,— деді де Браси.

Ал Вальдемар Фиц-Урс тіс жарып ештеңе айтпады. Сірә, бұл көсеміміз абыройлы жолға беттеп бара жатқан жоқ деп ішінен ойласа керек. Бұдан соң шаһзада майданнан кетіп қалды. Оның соңынан басқа жұрт та тарай бастады.

Топ-топ адамдар, әрқайсысы өздерінің келген жағына қарай, бет-бетімен тарасып жатты. Текті қонақтардың көбі Ашбидің сарайларына орналасқандықтан, жұрттың үлкен бір тобы қаланың ішіне қарай беттеді, енді бірсыпырасы қаладан пәтер тауып, тағы сонда қалды. Бұлардың ішінде бүгінгі сайысқа қатысқан, яки ертеңгі сайысқа қатыспақшы серілер де бар еді. Бүгінгі күні болып өткен оқиғаларды әңгіме етіп, серілер ат үстінде жайма-жай мәслихат құрып келе жатты, ал айналада келе жатқан қарапайым халық бұларды қошаметтеп, қайтадан айқай салды. Мұндай дырду Джон шаһзада өтіп бара жатқанда да көтеріліп еді, бірақ, ол қошаметтің шаһзаданы сыйлағандықтан емес, одан гөрі нөкерінің әсем киім-кешегіне, сән-салтанатына таң-тамаша қалғандықтан екені көрініп тұрды.

Ал енді халықтың жеңімпаз серіні құттықтап шын көңілдерімен ілтипат, құрмет көрсетуі мүлде ерекше болды. Бірақ жеңімпаз жалпы халықтың көзіне түсе беруден жасқанып, неғұрлым одан тезірек тайып кетуге бой ұрды да, майдан маршалдарының айтқан ақылын хұп алып, сайыс алаңының ең шеткергі жағынан тігілген бір шатырға бет түзеді. Ол өз шатырына кетісімен, жеңімпаз серіні бір көріп қалуға тырысқан, сөйтіп ол жайында неше түрлі ойларын, лақап аңыздарын бір-біріне жеткізіп кетуге құмартқан қалың топ та өз жайларына кете барды.

Көп халық жиылған жерде болатын айқай-шу дырду-думан бірте-бірте басыла берді. Тұс-тұсқа бытырап кетіп жатқан адамдардың дабыр-дұбыры біразға дейін естіліп тұрды да әрі-беріден соң ол да тына қалды. Енді тек түнге қарай кілемдер мен жастықтарды жинастырып жүрген малайлардың ғана дауыстары естіледі, күні бойы көпке таратқан тағамдардың түгел ішіліп бітпеген шараптардың қалдықтарына таласып, абыр-сабыр болғандары құлаққа келеді.

Қоршаудың сыртындағы көк шалғынға ана жердей де, мына жерден де ұсталар орналасқан. Кеш болып, ымырт жабыла түскен сайын олардың жаққан оттары алаулап, көзге айқын көріне бастады; ұсталар ертеңгі сайыста жұмсалатын қару-жарақты бабына келтіріп, сайма-сай қып қою үшін бүгін түнімен тынбай жұмыс істеп шығулары керек.

Әрбір екі сағат өткен сайын ауысып тұратын қарулы сақшылардың күшті отряды майдан алаңын қоршап алып, түні бойы мықтап күзетіп шықты.

X ТАРАУ

Құзғындай меңіреу түнде қанат қаққан,
Болашақ, бір сұмдықтан хабар айтқан.
Ауруға ажал лебім жақындатып,
Қауырсын өлім уын тамшылатқан,—
Дәл сондай сорлы Варавва келеді қашып
Күн тілеп христианға қарғыс атқан.

«Мальтаның жебірейі».

Беймұра серінің шатырына кіргені сол еді, біреулері сауыт-сайманын шешіндіруге, екіншілері таза ішкиім әзірлеп, жуындырып-шайындырып шығаруға рұқсат сұраған жарақшылар мен басқа да күтімшілер даяр бола кетті. Олардың жарамсақтануының ар жағында, әрине, жасырын астар бар еді, бұлардың бәрі де бір күннің ішінде осынша атақ абыройға ие болған, оның үстіне тіпті дулығасының пердесін ашып, өзінің аты-жөнін айтуға бұйырған Джон шаһзаданың әміріне де бағынбай қойған серінің кім екенін біліп алмақшы болатын. Бірақ, қанша соңына түссе де, бұл ойларынан дәнеңе шықпады. Беймұра сері өзінің жарақшысы бар екенін айтып, басқаның қызметінен үзілді-кесілді бас тартты. Қарапайым йоменге ұқсас, мұжық тәрізді қара дүрсіндеу келген қызметкерінің үстіндегі киімі қоңыр киізден тігілген шидем шекпен, басына кигені норман үлгілес қара құлақшын болатын. Кейбіреулердің танып қоймауы құлақшынын көзіне түсіре киіп алған. Бөтен кісілердің бәрін шатырдан шығарып салғаннан кейін қызмет серінің зілмауырдай сауыт-сайманын шешіп алып, алдына тағам мен шарап қойды, бүгінгі күннің қатты қайырымды ауыртпалығынан соң тамақ пен шарапты баса ішу қажет-ақ еді.

Сері тамағын ішіп бола беріп еді, соның арасынша даяршысы келіп, бейтаныс бес кісінің серіні сұрап тұрғанын, әр қайсысының жетегінде сауыт-сайманы мен аттары барлығын хабарлады. Сері сауытын шешкенде үстіне үлкен күлапаралы ұзын шекпен жамыла салған еді, осы күлапара дулығаның пердесі сияқты серінің бет бейнесін жөнді көрсетпей тұрған, Оның үстіне ымырт жабылып, көз байланып қалғандықтан мұндай жасырынбақтың қажеті де шамалы болатын: серіні , қазір ең жақын адамдары болмаса, басқаның тануы мүмкін емес еді.

Сондықтан Беймұра сері шатырынан емін-еркін шыға келгенде сайысты бастаушы бес серінің жарақшыларын көрді; бұларды тану қиын емес-ті; әрбірінің үстінде қара күрең шапаны болатын және әрқайсысы қожасының сауыт-сайманы бөктерілген аттарын жетектей келіпті.

Ең алдымен бірінші жарақшы тұрып сөз бастады:

— Мені,— деді ол,— айбынды сері Бриан де Буагильбердің жарақшысы Болдуин де Ойлей деп білесіз, серіліктің шарты бойынша, мен серімнің атынан, қазірде өзін Беймұра деп атайтын серіге бүгінгі сайыста айтылмыш Бриан де Буагильберге қызмет еткен аты мен қару-жарағын табыс етуге келіп тұрмын. Бұл ат пен қару-жарақты өзіңізге алып қалуға, не солардың құнын төлетуге қақыңыз бар. Ұрыс майданының заңы осылай дейді.

Өзге төрт жарақшы да осыны айтып, Беймұра серінің жауабын күтіп қалды.

— Сіз төртеуіңізге және сіздердің құрметті ержүрек қожаларыңызға қайыратын жауабым бірдей,— деді Беймұра сері.— Ізгі жүректі серілерге менің сәлемімді жеткізіп тұрып айтыңыздар: оларды қару-жарақтары мен аттарынан айырсам, дұрыс істемеген болар едім, себебі бұл қарулар мен аттарға лайық олардай сайма-сай батыр жігіттер қайтып табылмайды. Бұған қосымша тағы бір айтар сөзім менің тек атағым ғана емес, өзім де іс жүзінде шын мирассыз қалған адаммын, егер жомарт серілер өздерінің аттары мен қару-жарақтарының құнын төлеп кетеміз десе, мен бұған муапық болар едім, өйткені мініп шыққан атым мен асынып шыққан қару-жарағымды да мен өзімдікі деп айта алмаймын.

Бұған Реджинальд Фрон де Бефтің жарақшысы тұрып жауап берді:

— Бізге қару-жарағы мен әрбір аттың басы үшін жүз ділдадан алтын төлеуге тапсырылған еді,— деді.

— Міне, осы жеткілікті,— деді Беймұра сері.— Сол соманың өзінен де жартысын ғана аларлық жағдайым бар. Ал қалған ақшаның жарым-жартысын, жарақшы мырзалар, өздеріңіз бөлісіп алыңыздар да одан қалғанын жаршыларға, хабаршыларға, жырауларға және басқа даяршыларға бөліп беріңіздер.

Мұндай дарқандығы үшін жаршылар серіге аса ризалық алғыстарын айтып, бас киімдерін шешіп, тәжім етті. Бұдан соң сері Бриан де Буагнльбердің жарашысы Болдуинге қарап былай деді:

— Мен сіздің қожаңыздың сауыт-сайманын да, оның құнын да қабыл алмаймын. Менің атымнан оған мынаны жеткізіңіз: ол екеуміздің арамыздағы жекпе-жек әлі біткен жоқ, енді кездескенде я қанжар, я найза, я жаяу, я ат үстінде шайқаспайынша, ол жекпе-жек бітпейді де. Өліспей бітіспеуге ол мені өзі шақырды, мен мұны ұмытқамын жоқ және ұмытпаймын да. Есінде болсын, мен онымен басқа серіктес серілерімен сыйласқандай мәмілеге келе алмаймын: мен оны қан төгіспей бітіспейтін хас дұшпаным деп білемін.

— Менің мырзам—жау болса — жауыға білетін, сайысам десе — сайыса білетін, жоқ егер сыйласам десе — сыйласа білетін ер мінезді жауынгер. Егер сіз одан басқа серілердің қару-жарағына кесілген құнның тым болмаса жарым-жартысын қабыл алмайтын болсаңыз, мен оның сауыт-сайманы мен атын осында қалдырып кетуге тиіспін. Өйткені бұл атқа қайтып мінбеуге, ол сауыт-сайманды қайтып кимеуге оның батылы баратынына көзім әбден жетеді.

— Тауып айттыңыз, жақсы жарақшы!—деді Беймұра сері.— Сіздің мына сөзіңіз — көзі жоқтың сөзін сөйле дейтін нақылдың толық төлеуі, айқын айғағы болды. Бірақ сонда да бұл ат пен қару-жарақтың бірін де мұнда қалдырмаңыз, иесіне қайтып апарып беріңіз. Егер сері қайтып алудан бас тартса, онда, достым, ат пен сауыт-сайманды өзіңіз алыңыз да басымен иемденіп кетіңіз. Егер менің билігімде екені рас болса, осы ат пен қару құдай алдында сұраусыз.

Болдуин серіге бас иіп, тәжім етті де жарақшылармен бірге қайтып кетті, ал Беймұра сері шатырына қайтып келді.

— Бұған дейін ағылшын серілігінің ар-намысын ешкімге қолдан бергем жоқ,— деді ол Гуртке, қайтып келген соң.

— Ал мен, саксон бақташысы бола тұрып, норман жарақшысына жарап кетсем керек,— деп кезегі келгенде Гурт те бір мақтанып қалды.

- Оның рас,— деді Беймұра сері.— Сенің олпы-солпы кейпінің бір жерінен шиі шығып қала ма деп мен өзім де мүлде қорқып болып едім.

- Жоқ мен одан бір де қорықпаймын!—деді Гурт.— Мені таныса, тек қылжақбас Вамба ғана танып қалуы мүмкін! Мен соның әлде ақымақ, әлде жылпос екенін әлі күнге дейін айыра алмай қойдым. Ой, несін айтасың, өзімнің бұрынғы қожам қасымнан өтіп бара жатқанда күлкімнің келгені-ай! Оның ойынша Гурт бұдан әлденеше шақырым жерде, Ротервудтың шіліктері мен батпағының ортасында соның шошқасын кішт-кішттеп жүр деп ойлаған болар! Егер мені таныса...

— Жарайды, бұл сонымен бітсін,— деп сері оның сөзін бөліп жіберді.— Сен менің уәдемді білемісің.

— Жоқ, әңгіме онда емес!—деді Гурт.— Мен жазадан қорқып досымды сатқан адам емеспін. Терім қалың, дүрені көтере береді, өзім баққан қабанның қай-қайсысынан болса да кем түспейді.

— Мені жақсы көргенің үшін кезіккен қауіп-қатеріңнің барлық қаруын қайтарамын, Гурт, бұған сене бер,— деді сері.— Ал әзірге мынау он сомдық алтын ділданы ала тұр.

— Мен қазір бұрынды-соңды болған құлдардың, яки шошқа бағушылардың бәрінен де баймын,— деді Гурт, алтын ділданы қалтасына салып жатып.

— Ал енді мына қаптағы алтынды алып Ашбиға барасың,— деді сері сөзінің ақырында.— Барған соң Иорктан келген Исаакты тауып ал. Мынау ақшадан маған несиеге тауып берген аты мен сауыт-сайманы үшін тиісті ақшасын алсын.

— Жоқ, Дунстан әулиенің аруағы ұрсын, мен мұны орындай алмаймын,— деп Гурт азарда-безер болды.

— Қалайша орындамайсың, суайт неме? Менің әмірімді орындамаймын дегенді сен қайдан шығардың?—деді сері.

- Егер христиан жолына тура, адал, әділ өмір болса, оны орындауға мен даярмын,— деді Гурт.— Ал енді мына ісіңе жол болсын? Жебірей өзіне керекті ақшаны өз қолымен алсын дегенді қайдан шығардың — бұл дұрыс емес, мұның аты — өз қожамды өзім алдау болып шығады; сөйтіп өзіңнен өзің ақымақ боп қалу деген сөз болады — бұл әділет емес; христиан жолына да бұл тура келмейді, өйткені жәдігөйді байыту үшін өзімнің діндес, қандас адамымды тонаған боп табыламын.

— Жоқ, қалай десең де ақшасын толық төлеп риза қыл, сірескен шайтан!—деді ақыр-аяғы Беймұра сері.

— Иә, мұныңды мен орындаймын,— деді Гурт, қапшықты плащының қойнына тыға беріп. Бірақ шатырдан шыға бергенде тағы бірдеңе деп күбірлеп бара жатты.

— Осыдан Исаакты сұраған сомасының жартысына көндірмесем, Гурт деген атым құрсын!—деп кете барды серінің сенімді қызметкері.

Бұл міндеттен құтылдым деп білген Беймұра сері енді ез басының қамын ойластыра бастады. Серінің басындағы тауқыметті сан себептермен біз оқырмандарымызға әзір айта алмаймыз, оның басындағы тауқымет өте ауыр, өте қайғылы еді.

Біз хикаяны қазір Ашбидің маңындағы бір мекенге көшіруге тиіспіз, ашып айтқанда Ашбидің шет жағында тұратын бай жебірейдің үй-жайына келеміз, осының алдында Исаак қызымен, күтімші әйелімен сол жебірейдің үйіне келіп орналасқан. Жебірейлердің діні бір бауырларына өте меймандос келетіні, ал өздері дінсіздер деп санайтын бөтен ұлт адамдарын жек көріп, сыртқа тебетіндері баяғыдан белгілі; айтты-айтпады, жебірейлерді өздері шет қақпай еткен соң олардың жақсылық күтетін жөндері де жоқ еді.

Күншығыс тәртібімен сәнделген кішірек бөлмеде, қабырғаны жағалай, орындық, скамья орнына жасалған аласа сәкінің үстінде кестелі жастықтарды қабаттай салып, Ревекка отыр. Бөлмені ерсілі-қарсылы, дамылсыз кезіп жүрген әкесінің қимылын бағып, дегбірі қашқан қызы оған жаны аши қарап қалған. Ал әкесі бір зор қасіретке ұшыраған адамдай, көзін жоғары төңкеріп, қолын жайып жалбарынады.

— О, Иаков пайғамбар, о, он екі атаға келген ата-бабаларымыздың аруағы, қайдасыңдар! Мен неден күнакар болдым, Мұса пайғамбардың өсиеттерін мүлтіксіз орындап, шариғаттың парыз, сүндеттерін бұлжытпай атқарып келген осы мен емес пе едім? Бұл тәңір мені неден қарғады? Сонау зорлықшыл зұлым елу ділданы қолымнан бір-ақ жұлып әкетті ғой!

— Ол алтынды, әке, Джон шаһзадаға сен өз еркіңмен берген шығар деп ойлап едім.

— Еркінмен дейсің? Ол залымға египет түйнегі неге тимейді! Сондай ерік бола ма екен! Баяғыда Лион шығанағында дауыл соққанда кеменің жүгін жеңілдету үшін қаншама пұлымды өз қолыммен теңізге лақтырғаным есімде. Неше алуан асыл жібектеріммен теңіздің аласұрған толқынын орап, көбік атқан апаттың бетін қайырамын деп неше түрлі хош иісті өсімдіктерімді текке жұмсаған едім, тағы да қаншама алтын, күміс мүкаммалымды теңіздің түбіндегі үңгірлер жұтты дейсің! Қыруар мал-мүлікті өз қолымнан құрбан етсем де, бұл бір болжалсыз қайғы-қасіреттің уақыты болды.

— Бұл құрбандық жанымызды алып қалу үшін құдайдың өзіне керек болды ғой,— деді Ревекка,— бірақ біздің ата-бабаларымыздың тәңір-иелері содан бері сенің сауда-саттық ісіне ақ батасын беріп, байлығыңды еселеп арттырып келді ғой?

- Бұл солай-ақ болсын,— деді Исаак,— ал егер озбыр зорлықшы бүгінгісіндей зорлық істеп, дәулетіме суық қолын сұғатын болса, оған қоса өзі тонап жатқан уақытта бізді еріксіз күліп тұр дейтін болса, сонда не лаж қылмақшымыз? Ой, қызым, қалай айтсаң да, сені мен біз есесін ит жеген бишара қаңғыбаспыз! Ұлтымыздың бешенесіне жазылған қайғы-қасіреттің ең зоры — бізге зорлық-зомбылық жасап, талан-таражға салып жатқанда, айналамыздағы жұрттың бәрі соған қарап масайрап тұрады да, ал біз зығырданымыз қайнап, қан жылап тұрсақ та, өтіріктен-өтірік күлген боламыз!

— Жетеді, әке ылғи олай емес, біздің де кейбір артықшылығымыз бар!—деп Ревекка, қайсарланып шыға келді.— Әлгі діні харам мәжусилердің мейірімсіз, ожар екені рас, деген мен қанша соңдарына түсіп, қуғынға салса да, олардың да Сион ұрпағына жалынатын кездері болады. Егер біздің дәулетіміз, байлығымыз болмаса, олар соғыс кезінде өздерінің әскерін асырап сақтай алмайды, жеңген уақытта сол қуанышын тойлай алмайды; ал біздің сонда берген алтынымыз артығымен өз сандығымызға құйылып жатады. Ал біз деген, таптаған сайын қаулап өсе беретін бір шөп бар ғой, біз дәл солмыз. Тіпті сән-салтанатымен өткен бүгінгі тойдың өзін алыңызшы, соның өзі де жексұрын көріп отырған жебірейдің жәрдемінсіз өткен жоқ, тек соның арқасында ғана жақсы боп өтті.

— Он, қызым,— деді Исаак,— сен тағы бір жараның аузын тырнап кеттің! Лестердегі Кирджат Джайраммен екеуміздің арамыздағы саудадан түскен таза пайданың нәтижесі — анау бір аякөз ат пен керім сауыт-сайман түгелімен күйіп кетті. Иә солай, мына сенбіден ана сенбіге дейінгі алты күннің, яғни бүтіндей бір жұманың табысы жоқ болды! Тұра қал! Өзі қалай болар екен, түбі жақсылыққа айналып кетуі де мүмкін-ау. Мен білсем, сол бір жасұланнан жақсы жігіт шыққалы тұр!

— Сен, сірә, сол серінің жақсылығы үшін төлеген ақшаңа өкінбейтін шығарсың деп ойлаймын,— деді Ревекка, әкесінің ойына разы болмай.

— Мұның солай шығар,— деді Исаак,— бірақ христианның ен инабатты дегені жебірейге бересі борышын өз еркімен әкеп бере қоятынына иманым кәміл деп айта алмаймын.

Осы сөзді айтты да Исаак ренішті күйінде бөлмені кезіп қайтадан жүре бастады, ал Ревекка әкесіне басу айтпақшы болған талабынан мән шықпайтынын, қайта оның уайым-қайғыны үсті-үстіне қоздырып, еңсесі түсе беретінін түсінген соң бұдан .ары ақыл қосудан тыйылып қалды. (Қыздың бұл пікірі ақылды адамның ісі деп. білу керек, мұндай уақытта басу айтушылар мен ақылшылардың бәріне осы қыздан үлгі алыңдар дегенді біз өзіміз де айтқан болар едік.)

Бұл кезде түн болып, әбден қараңғы түсіп кеткен еді, бөлмеге келген малай шам жағып, екі күміс шамдалды столдың үстіне қойды, шамдардың білтесіне құйылған майдан бір өсімдіктің хош иісі аңқып тұр; басқа бір малай ең таңдаулы шараптармен жылы-жұмсақ тағамдарды әкеліп, күмісті, қара ағаштан қиылған кішірек столдың үстіне жайғастырды. Тағы сол малай қожаңда жұмысым бар еді деп бір христиан кісінің келіп тұрғанын хабарлады. Саудамен айналысқан адамның қай мезгілде келсе де, кіммен де болса сөйлесуді міндет деп білетін әрбір саудагердің әдеті болатын. Сол сияқты Исаак та аузына апара берген грек шарабын ерніне тигізер-тигізбестен столға қайта қойды да: «Ревекка, пердеңді түсіре тұр»,— деп айтып, малайына келген адамды шақыруға бұйырды.

Ревекка өзінің аппақ бетіне күміс оқалы мол пердесін түсіре салысымен, есік ашылды да, сан жерден қатарын тастаған, нормандардың көл-көсір плащына оранып, бөлмеге Гурт кіріп келді. Оның сыртқы түрі адамды сендіргеннен гөрі сезіктендіргендей еді, тағы да өзі бас киімін алмастан, қайта түнеріңкі қабағына құлақшынын түсіре киіп алған.

— Йорктен келген Исаак сенбісің?—деді Гурт саксон тілінде.

— Иә, мен боламын,— деді Исаак та сол саксон тілінде; Англия көлемінде сауда жүргізгендіктен жалпы Британия жерінде қолданылатын тілдің бәрін де еркін сөйлеуші еді Исаак.— Ал өзің кім боласын?— деді жебірей өз кезегінде.

— Онда жұмысың болмасын,— деді Гурт.

— Ендеше менің атымда сенің де жұмысын болмасын,— деді Исаак.— Ал сонда кім екеніңді білмесем, сенімен мен қалай сөйлеспекшімін?

— Ол оп-оңай,— деді Гурт,— затында сенін кім екеніңді ақша төлейтін мен білуге тиіспін, ал ақшаны кімнің қолынан алғанын саған бәрібір.

— А құдайым, бере гөр! Сен маған ақша әкеліп отырсың ба? Кімнен әкелдің ол ақшаны?

— Беймұра серіден,— деді Гурт.— Бүгінгі сайыста ол жеңіп шықты ғой, ал ақша жіберіп отырғаны — сенің хатың бойынша Лестердегі Кирджат Джайрам берген батырдың сауыт-сайманы үшін. Аты сенің қораңда байлаулы тұр; мен енді сауыт-сайман үшін қанша төлейтінімді білуім керек.

— Айтып ем ғой, ол жақсы жігіт!—деп секіріп түсті Исаак, қуанышы қойнына сыймай.— Бір стакан шарап қағып жіберуден бас тартпайтын шығарсың деді тағы жебірей, Гурттың тумысында татып көрмеген тамаша шарабын шошқа бақташысына ұстата беріп.— Ал енді қанша ақша әкелдің, соныңды айтшы?—деді Исаак ақырында.

- Әулие анамыздың аруағы бұйырта берсін!— деді Гурт, шарапты сіміріп жіберіп, стаканды столға қойып жатып.— Қарай гөр мына адамдардың ішетін шарабын, ал біздер сияқты құдайдың шын құлдары ғой, шошқаның астауынан жалайтындай, қайдағы бір удай сары сумен ақымақ боп жүргені! Айтпақшы, қанша ақша әкелдің?—деп сұраған екенсің ғой. Онша көп сома емес, шамалы ғана, бірақ саған жетеді. Өзің ойлан, Исаак, нысап та керек шығар.

— Онысы қалай,— деді Исаак,— сенің қожаң ақ найзаның, ұшымен, ақ білектің күшімен нелер сәйгүлік ат пен қаншама келісті сауыт-сайманды олжаға түсірді емес пе. Дегенмен ол өзі жақсы жігіт. Қарызым үшін сауыт-сайман мен аттарды аламын да, артылған ақшасын өзіне қайырып беремін.

— Менің қожам бұл малдың бәрінен құлан-таза құтылып та қойды.

— Ой, онысы бекер болған екен!— деді жебірей.— Сонша ат пен сауыт-сайманға шамасы келетін христиан жоқ мұнда.— Сонсоң оның көзі Гурттың плащының қойнындағы қапшыққа түсіп кетті де:— қойнындағы жүгін салмақты-ау деймін, қаншығында жүз ділдадай алтын бар ма тегі?—деп еміне қалды.

— Онда менің садағымның оғы жатыр,— деп мүдірместен өтірікті соғып жіберді Гурт.

— Ал жарайды,— деді Исаак бір жағынан пайдакүнемдіктің, екінші жағынан аяқ астында туа қалған сыпайылықтың арасында толқып тұрып.— Егер жақсы ат пен келісті сауыт-сайман үшін сексен ділда алатын болсам, сонда өзіме соқыр тиын да пайда қалмайды ғой. Маған төлейтін сондай ақшаң бар ма өзіңде?

— Жиып-теріп сонша табармын,— деді Гурт, күткен мөлшерінен жебірейдің анағұрлым кем сұрағанын біле тұрып,— мұны бергенде қожамның өзі құр жан қалатын болды-ау, Ақырғы сөзін осы болатын болса, амал жоқ, көнуге тура келеді.

— Енді өзіне бір стакан шарап құйып ал,— деді Исаак.— Сексен ділда азырақ болатын болды, маған сонда түк те пайда қалмайды. Ал аттың мертіккен жері жоқ па, төрт мүшесі түгел ме, әйтеуір? Ой, бұл сайыс деген сұмдық сұрапыл нәрсе болады екен ғой! Адам мен ат құтырған қасқырдай бірінің үстіне бірі шығып кетеді екен. Мұндай айқаста аттың аман қалуы мүмкін емес.

— Аттың бас-аяғы мұздай аман, нанбасаң көріп шығуыңа болады,— деді Гурт.— Оның бер жағында мен саған ашық айтайын, сауыт-сайман үшін жетпіс ділда да жеткілікті деп ойлаймын, бұған көнбесең, христианиннің бір сөзділігі жебірейдікінен сорлы емес, жетпіс ділдамды қаз-қалпында қайтып апарамын да қожамның өзіне табыс етемін (осы сөзін айтып отырғанда Гурт қапшығын қозғалтып, жебірейді қызықтыру үшін ділдаларын сылдыратып қойды).

- Жоқ, жоқ, ол болмайды,— деді Исаак,— теңгелеріңді шығар... жайып сал мұнда... сексен ділданы, сонсоң менің мырзалығымды көресің.

Гурт сексен ділданы столдың үстіне жайып салды, ал Исаак ақшаны біртіндеп санап алып, ат пен сауыт-сайманды алдым деп қолхат берді.

Алғашқы жетпіс теңгені орап салғанша, қуанғанынан жебірейдің қолы қалтырап отырды; соңғы он ділда қалғанда, санаған сайын әр нәрсені бір сөз қылып, әр сөлкебайды қалтасына біртіндеп жоғалта берді. Ділданы бір-бірлеп санап отырғанда, Исаактың ішкі сезімін бір жағынан сараңдығы, екінші жағынан ар-инабаты түртпектеп, жағаласып жатқандай көрінді; ар-инабаты ақшаның жарым-жартысын жақсылық істеген кісінің өзіне қайыру керек, тіпті ең болмаған күнде оның жіберген жігітін сыймен қайтару керек десе, дүние қоңыздығы ол сезімнен үстем шығып, ділданың бірін — бір, екісін — екі, қалтасына сүңгіттіріп отырды. Исаактың сондағы ақша санағаны былай боп шықты:

— Жетпіс бір, жетпіс екі; сенің қожаң жақсы жігіт... Жетпіс үш...Несін айтасың, оған тіпті жігіт жетпейді. Жетпіс төрт... Мына бір ділданың шеті азырақ қажалған екен... Жетпіс бес... Ал мына біреуі тіпті жеңілдеу... Жетпіс алты... Егер сенің қожаңа ақша қажет бола қалса, тіке Йорктағы Исаактың өзіне келсін... Жетпіс жеті... Ашығын айтқанда, әрине, сенімді кепілмен...

Осы арада ол азырақ мүдіріп қалып еді, ал Гурт енді қалған үш теңге алдыңғы ділдалардың ізімен кетпес деп үміттеніп қалды.

Бірақ жебірей қайта санай бастады:

— Жетпіс сегіз... Сенің өзің де аяулы жігітсің... Жетпіс тоғыз... Сөз жоқ, сен де сыйға лайықсың.

Ең ақырғы теңгені Гуртке ыңғайлады да, Исаак ділданың мөріне қарап, тоқталып қалды. Жебірей ділданы салмақтап көріп, саусағының басымен секіртіп отырды да, ақшаның сылдырын тыңдағысы келіп, столдың бетіне тастап жіберді. Егер ділданың сылдыры пасықтау естілсе, оның үстіне салмағы да жеңілдеу көрінсе, онда жебірейдің мырзалығы ұстап кететін еді; бірақ, Гурттың қай бір жолы болып тұрған жігіт, ділда жарқ етіп, еденнің бетінде дөңгелеп кетті, ақша жаңада ғана құйылып шыққан екен, салмағы да бір мысқалдай ауырлау көрінді. Мұны байқаған соң Исаактың қомағайлығы ұстап кетті де, тап бір қолынан түсіріп алған кісі болып, сөлкебайды қапшығына түсіріп жіберді.

— Сексен теңге болды; сенің қожаң енді сені сыйлап бағатын шығар.— Сонсоң Гурттың қолындағы қапшыққа тағы аңсары ауып кетті білем: — дегенмен сенің қапшығыңда тағы да ақша қалды-ау деймін? — деп, сыйламақ түгіл, Гурттың өзіне қайта ауыз салды.

Гурт күлген боп ыржиды да:

— Мұнда тағы сенің санағаныңдай ақша болу керек,— деді.

Сонсоң жебірейдің қолхатын жақсылап бүктеп, құлақшынының маңдайына тығып алды да:

— Бірақ есіңде болсын, қолхатты теріс жазған болсаң, сақалыңды бір талдап жұламын,— деді,

Осыны айтты да ол сұрамай-ақ үшінші стакан шарапты құйып, сіміріп алып, қоштаспастан шығып кетті.

Енді Исаак қызына арыз қыла бастады:

— Білдің бе, Ревекка, мына Измаилдың үмбеті мені алдап кете жаздады. Сонда да мұның мырзасы жақсы жігіт; серінің сонша алтын мен күмісті олжа қылғанына мен қуаныштымын; мұның бәрі мінген атының жүйріктігі мен найзасының мықтылығының арқасы; тәураттағы баһадүр Голиафтың шапшаңдығына көз ілеспейтін сиқырлы найзасының күші де осындай-ақ болған шығар.

Жебірей осы сөзін айтып, қызы не дер екен дегендей, артына бұрылып еді, Ревекка бөлмеде жоқ боп шықты, сөйтсе, Исаак Гуртпен саудаласып жатқанда, қыз шығып кеткен екен.

Бұл кезде Гурт қараңғы ауыз үйге шығып, енді мұның шығатын есігі қайсы екен деп, жан-жағына алақтап тұр еді. Сол арада күміс шамдал ұстаған бір ақ киімді әйел есік алдына шыға келді. Әлгі әйел қатардағы бөлмені нұсқап, соңымнан жүр дегендей ым қақты. Алғашқыда Гурт сескеніп, шегініп кетті. Өзіне бір қара күшпен қатер төнген кезде Гурт неден болса да тайынбайтын батыл, қабанға ұқсас, ықтыжарды тыңдамайтын ожар еді, ал енді жын-шайтан, көз байлаушы, сиқыршы, жезтырнақ әйел деген сияқты саксондардың ескі ырым-сырымдарына келгенде, өзінің баяғы германдық тұқым-тұғияндарындай, қоян жүрек, қорқақ болатын. Тағы да өзінің жебірейдің үйінде тұрғаны есінде, бұл халыққа жабылатын ел аузындағы жала лақаптардың үстіне, қара дүрсін жұрттың ойынша, жебірей ұлтының неше қилы көз байлау, сиқыр өнеріне жетілген, білгіш екені мәлім еді. Гурт осыны ойлап, сәл толқып тұрды да, біраздан соң әлгі елес берген әйелдің соңынан жүріп кетті. Сиқырдың нұсқаған бөлмесіне кірген соң бұл әйелдің ешбір аруақ емес, жаңа ғана әкесінің бөлмесінде көрген, және тағы күндізгі сайыс кезінде көзі түскен керемет сұлу жебірей қызы болып шыққанына Гурт таң-тамаша боп, қайран қалды.

Ревекка оның Исаакпен қалай есептескенін, не төлегенін сұрастырып еді, Гурт оны бастан аяқ бажайлап айтып берді.

— Менің әкем,— деді Ревекка,— әшейін қалжыңдап есептескен ғой, әйтпесе ол сенің мырзаңа қайдағы бір сауыт-сайман мен бір ат түгіл, одан әлдеқайда зор борышкер. Сен өзін менің әкеме қанша ақша төледің?

— Сексен ділда,— деді Гурт қыздың сауалына таңданған түрмен.

— Мына күмәжнекте жүз ділда ақша бар,— деді Ревекка.— Осының тиістісің мырзаңа бер де өзгесін өзің ал. Енді бар! Кет тезірек! Алғыс айтамын деп уақытты босқа өткізбе! Шаһардың ішімен жүргенде сақ бол, әйтпесе күмәжнектегің былай тұрсын, өзіңнің басыңнан да ажырап қалуың оп-оңай... Сонсоң Ревекка алақаның шарт еткізіп, Рейбен деген малайын шақырды:— Мына қонақты үйден шығарып сал да соңынан есікті жауып ал!—деп бұйырды оған.

Израильдің қасы да, сақалы да қап-қара перзенті қыздың әмірін орындап, қолына шырақ алды да үйдің сыртқы қақпасын ашып, Гуртты тас төсеген қораның ішімен бастап келіп, үлкен дарбазадан жасалған кішкене есік арқылы тысқа шығарып жіберді. Сонсоң кішкене есікті жапты да үлкен дарбазаны.үй түгіл абақтының есігін жабатындай, мықты шынжырмен, көлденең кепілмен тас қып бекітіп тастады.

— Дунстан әулиенің атымен ант етейін,— деді Гурт қараңғыда сүрініп, жүрер жолды әрең тауып келе жатып,— әлгін жебірей қызы емес, нағыз аспанның періштесі екен! Он ділданы жас мырзамның өзі берді, жиырма ділданы Сионның әлгі інжу-гауһары берді. Ой, құдайдың мені бір жарылқаған күні болды-ау бұл! Тағы бір осындай сәтті күн кездессе болды, басыбайлы құлдықтан азатсын, Гурт! Құныңды төлейсің де, әрбір ақсүйекпен тең боласың да шыға келесің! Қош бол сонда қойшының таяғы мен сырнайы, қолыма алмас қанжар, болат қалқан аламын да, атымды да, затымды да жасырмастан, өле-өлгенше жас мырзама қызмет етіп өтемін.

XI ТАРАУ

Бірінші қарақшы
Тоқтаңдар!
Беріңдер барларыңды қолға салып!
Әйтпесе өзіміз аламыз қалта ақтарып.
Спид
Сэр, біз құрыдық! Бұлар әлгі
Жауыздар аямайтын түк адамды.
Валентин
Достарым менің...
Бірінші қарақшы
Жоқ, сэр, біз жауларыңбыз.
Екінші қарақшы
Тұра тұр, не дер екен, тыңдайық.
Үшінші қарақшы
Әрине!
Мынауың ұнап тұр маған!

(«Екі вероналық»)

Гурттың түнгі сергелдеңі мұнымен бітпеген еді. Қаланың шет жағындағы бір-екі қора-жайдан өткен соң, алдынан бір терең сай кездескенде ол өзі де солай деп ойлаған. Сайдың екі жақ бөктері сыңсыған жаңғақ ағашы мен қалың шеңгел екен; жолдың екі жақтауында өскен аласа емендердің бұтағы айқасып, шатысып қалыпты. Сайысқа азық-түлік, керек-жарақпен келгендердің арбасының дөңгелектері сайдың табанын айғыздап қазып, әлем тапырығын шығарып кеткен. Сайдың екі беті биік жар, қалың жыныс болғандықтан, оның табанына айдың бұлыңғыр жарығы тіпті өтетін емес.

Кішкентай қаладан сауық құрған халықтың қарқылдаған күлкісі, айғай-шуы, өрескел музыканың үні осы араға дейін жетіп тұр. Қалашықты кернеп алған өркеуде ақсүйектер мен олардың бейбастақ қарашыларының жүгенсіздігі Гурттың ойына қауіп кіргізе бастады.

«Жебірей қыздың айтқаны тура боп шықты,— деп ойлады ол өзіне-өзі. Тәңір ием мен Дунстан әулиенің аруағы қолдап, қолымдағы мол қазынаммен үйге аман-есен жетсем жарар еді! Аты шулы қарақшылардың жол кескен жасақтарын былай қойғанда, ел аралаған жолаушы серілер, оларды жанаған жарақшылар, ел ақтаған шайқылар мен өлеңші, жыршы музыканттар, ел қыдырып, ойын көрсеткен, таң-тамаша жасап, күлкі-сықақ баққан қылжақбастар, көз байлаушылар мұнда қанша дейсің, бұлардың арасынан жүріп өтуге қалтасында бір теңгесі бар кісінің жүрегі суылдайтын шығар, ал сонда бір қапшық ділда арқалап келе жатқан бақташы малайдың күні не болмақ. Мынау қара басқан шіліктің ішінен тезірек шығып кетсем екен! Тым болмаса иығыңа міне түспей тұрып, әлгі перілерді бұрынырақ керер едің».

Сайдан құтылып, беті ашыққа шығып алайын деп, Гурт аяғын жылдамырақ басты. Бірақ ол онымен құтылып кете алмады. Сайдың ішіндегі қалың жыныс одан сайын жиілеп, енді содан сытылып кетем дей бергенде, төрт кісі оны бассалып ұстап алды, екі-екіден жан-жағынан шыға келіп, тіке қолына жармасты.

— Дереу әкеле жатқаныңды бер, біз басқаның дүниесін тасушымыз, кімді болса да, артық жүгінен жұрдай ғып жібереміз,— деді бір қарақшы.

— Тым болмаса үшеуіңді үш періп қалғанымда, мені жұрдай ғып шығара алмайтын едіңдер,— деді ержүрек Гурт, өзінің қолға түсіп тұрғанына қарамастан.

— Көрерміз оны,— деді қарақшы.— Бұл сұмырайды ағаштың арасына алып кетіңдер,— деп бұйырды ол серіктеріне.— Бұл өзі басымды быт-шыт қып, қапшығымды тартып алсын деп тұрған шығар.

Қарақшылар Гуртты алды-артына қаратпастан, сайдың бір бетіндегі қалың ағаштың ішімен, жол бойындағы беті ашықтан жырақтатып, дедектетіп ала жөнелді. Қалың ағаштың ішіне қарай, қаныпезер ұры-қарылардың соңынан Гурт байқұс амалсыз ерігі келеді. Бір мезетте қарақшылар айдың жарығымен жарқырап тұрған аландай шалғынға келіп кенет тоқтай қалды. Осы арада, өздерінің жасақтас адамдары болу керек, бұларға тағы бір екеу қосылды. Белдеріне таққан келте сапылары, қолдарында ноян шоқпарлары бар. Бәрінің беттеріңде бүркеншік перделері бар екенін Гурт қазір ғана байқады. Бұлардың кім екеніне және кәсіптерінің не екеніне енді ешбір шүба қалмады.

— Қалтаңдағы ақша қанша, жігітім?— деді біреуі тұрып:

— Менің өз ақшам отыз теңге,— деді Гурт түнерген бетінде.

— Алу керек, тартып алу керек!— деп шу ете қалды қарақшылар.— Бұл сакстың отыз теңге ақшасы бар екен, және өзі ішпей-жемей, қаладан сау қайтып келеді, ә! Не сөйлесіп тұратыны бар онымен! Ақшасын түк қалдырмай тартып алу керек! Басқа сөз болмасын!

— Құнымды төлеп, азаттық алайын деп жинап едім,— деді Гурт.

— Miнe, оны есек десем, болмайсыңдар!—деп өзеуреді бір қарақшы.— Күшті арақтың бір-екі шөлмегін сыңғытып алсаң ғой, өзіңнен өзің қожаңнан да асып кетер ме едің, әлде қайтер едің, сірә, қожаң да өзің секілді бір саксон шығар.

— Мұның енді қаны сорғалаған шындық,— деді Гурт,—алда-жалда мен өзімнің отыз теңгеммен құтылатын болсам, қолымды босатыңдар, соны мен қазір-ақ санап берейін.

— Тоқтай қал!—деді басқа біреуі тұрып, сірә, бастығы болса керек.— Сенің қойныңда тағы бір қапшық бар. Мен плащыңның сыртынан байқап қойдым, ондағы ақша сенің айтқаныңнан анағұрлым көп болса керек.

— Ол ақша менің мырзамдікі, әйгілі серінің ақшасы,— деді Гурт.— Егер менің өз ақшамды қанағат қылсаңыздар, ол ақша туралы жағымды ашпаған болар едім.

— Бұл малайдың адалын қарай көріңдер!—деді қарақшы.— Мұның жақсы-ақ. Бірақ сенің отыз теңгеңе қызығып қалатын біз де сайтанның сапалағы емеспіз ғой. Жалғыз-ақ сен бар шыныңды айт. Ал әзірге қапты бері әкел.

Осыны айтып ол Гурттың қойнынан былғары қапты суырып алды, оның ішінде артық ділдадан бөлек. Ревекканың берген күмәжнегі де жатыр еді. Бұдан соң сауал қайта басталды.

— Ал сенің мырзаң кім?

— Беймұра сері,— деді Гурт,

— Бұл әлгі бүгінгі сайыста бәйгіні жеңіп әкеткен сері ме? Ондай болса, ол серінің атын айт, қайдан шыққан, ұлты кім?

— Ол өз атын жасырып жүреді,— деді Гурт.— Оның құпия сырын, әрине, мен айта алмаймын.

— Ал сенің өз атың кім?

— Мен атымды айтып қойсам, онда мырзамның атын да біліп қоюларың мүмкін,— деді Гурт.

— Заты түйсіктен түк жоқ қой өзіңде!—деді қарақшы.— Жарайды. Оны кейін көрерміз. Бұл алтынды қайдан алды мырзаң? Мирастан тиді ме, әлде өз табысы ма?

— Бұл алтынды ол ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тапты. Бұл қапта төрт аякөз аттың және төрт серінің толық сауыт-сайманының төлеуі жатыр,— деді Гурт.

— Сонда барлығы қанша?

— Екі жүз ділда.

— Болғаны ек-ақ жүз ділда ма?— деді қарақшы.— Ондай болса мырзаң жеңілгендерге мәрттік жасап, төлеуді тым аз алған екен. Алтынды сонда кімнен алды, аттарын аташы.

Гурт серілердің аттарын атап шықты.

— Ал сонда ғымаратшы Бриан де Буагильбердің қару-жарағы мен аты қайда кетті? Оның құнын қаншаға кесіп еді? Көрдің бе міне, мені алдай алмайсың.

— Менің мырзам ғымаратшыдан қаннан бөлек түк те алмайды. Олар қаны қас дұшпандар, бұлардың арасында еш бітім болмайды, - деді Гурт.

— Солай ма еді! — деп қарақшы сәл ойланып қалды.— Ал енді өзің осынша ақшамен Ашбида нағып жүрдің?

— Мен Йорктан келген Исаак деген жебірейге осы сайыста мырзама тауып берген сауыт-сайманының құнын төлеуге. барған едім.

— Исаакқа сен қанша төледің? Қаптың салмағына қарағанда, мұнда әлі де бір-екі жүз ділда бар ay деймін.

— Исаакқа мен сексен ділда төледім,— деді Гурт,— ал ол маған жүз ділда берді.

— Қалай дейсің! Сен өзің шатып кеттің!—деді қарақшылар ду етіп.— Әлде бізді тәлкек қылуға айналдың ба сен?

— Мен имандай шынымды айтып отырмын, - деді Гурт.— Анау аспандағы айдың жарығы қандай болса, менің сөзімнің де шындығы сондай. Алып қараңдар өздерің: қаптың ішіндегі жібек күмәжнекте бір кемі жоқ жүз ділда бөлек жатыр.

— Есіңді жи, жігітім,— деді қарақшылардың үлкені.— Сенің айтып отырғаның жебірей ғой: ондай болса, жебірейдің қалтасына түскен алтын да бір, Сахараның шөлінде құмға төккен су да бір. Отты жарық қылыңдаршы. Қабында не бар екен, көрейін. Егер мына жігіттің сөзі рас болса, мына жебірейдің жомарттығы — ата-бабаларының шөлде тастан су шығарғаны сияқты, ғажайыптың нағыз өзі де де қой.

Қарақшылар отты дереу жағып жіберді де, үлкені қапты қарай бастады. Қалғандары оны айнала қоршап алды; әуелі Гуртты ұстап тұрғандары да басқаларына елігіп кетіп, қолдарындағы тұтқынын да естерінен шығарып жіберді. Осы кезді пайдаланып, ұстап тұрған қарақшыларды итеріп тастап, Гурттың тұра қашуына болатын еді, бірақ мырзасының ақшасын далаға тастап кете алмады. Соны ойлады да Гурт бір қарақшының қолындағы шоқпарын жұлып алып, ана бастығы ештеңеден қаперсіз, тек қапты қарауға кіріскен кезде, дәл соны бастап періп кеп жіберді. Енді болмаса, ол қапты да жұлып әкеткен болар еді. Бірақ қарақшылар одан да шапшаң екен, демнің арасында қапты да, Гуртты да тапжылтпай басып қалды.

— Қап, оңбаған алаяқ!— деді бас қарақшы.— Миым ойылып кеткенде қайтетін едің! Біздің кәсібімізді істеп жүрген басқа біреудің қолына түскеніңде, мұндай нойыстығың үшін сазаңды тартатын едің! Бірақ ақырыңның не боларын қазір де білесің. Әуелі мырзаңның жайын біліп алайық, сонсоң кезек саған келеді, алды мен сері жүреді де, жарақшы соңынан жүреді ғой; серілік заңы бойынша солай емес пе? Сол орныңда тапжылмай тұр! Егер тырп етсең, басыңмен бірге қоштасасың. Ал жарандарым,— деді бас қарақшы жасағына сөз салып, — күмәжнекке жебірей жазуы кестеленіпті, сірә, мынау йоменнің сөзі шын болу керек. Мұның мырзасы өзіміз сияқты, жаһанкез сері, сондықтан біздің арамыздан алымсыз-ақ өтсін; түлкісі мен қасқыры көп жерлерде ит екеш иттер де бірімен бірі таласпайды ғой.

— Оның несі ұқсайды бізге? — деп сауал қойды бір қарақшы.— Соның дәлелін айтшы, тыңдап көрейік!

— Ақылың жоқ адамсың сен!— деді атаман.— Байқасаң, бұл сері де біз сияқты жарлы-жақыбай, біз сияқты сіңірі шыққан қу кедей емес пе? Ол да ішерлік асты көк семсердің жүзімен тауып жүрген жоқ па? Қолымыздан келсе, ұрып жығайық деп тісімізді қайрап жүрген Фрон де Беф пен Мальвуазенді таяққа жыққан осы сері емей енді кім? Сан түрлі себептермен өзіміз айбынып жүретін Бриан де Буагильберге бұл дүниеде не сен тұрасың, не мен тұрам деп, қанды кек жариялап жүрген сол сері емей енді кім? Шынтуайттап келгенде, біздің ар-намысымыз анау жәйттан қалай кем боп шығады?

— Жоқ, бұл ұят болар еді!— деп бір қарақшы дүрсе қоя берді.— Бірақ мен кәрі шеңгелдің жасағында жүргенде, мұндай егжей-тегжейге барыспаушы едік... Ал енді мына арсызды қайтпекпіз? Тәубасына бір келтірмей, шынымен қоя бергеніміз бе?

— Кәне, мықты болсаң, тәубасына келтіріп көрші өзің,— деді бас қарақшы.— Эй, бері қара!— деп,. ол енді Гуртты шақырды.— Шоқпар ұстауға құмар екенсің, мүмкін, оны жұмсай да білетін шығарсың?

— Өзің байқаған жоқпысың оны,— деді Гурт іркілместен.

— Иә, шынын айту керек, сен мені жаман ұрған жоқсың,— деді атаман.— Ал енді мына жігітті ұрып жық та, қалаған жағыңа кете бер; егер шамаң келмей қалса, өз обалың өзіңе... Сонда да өзің жаман жігіт емессің, сенің айыбыңды өзім төлеймін-дағы. Кәне, Тиірменші, шоқпарыңды ал да басына ие бол, ал басқаларың тұтқынды босатыңдар да қолына тап сондай шоқпар беріңдер. Мына араның жарығы қазір жетерлік болды, жігіттер бірін-бірі армансыз төмпештейді.

Шоқпар алған екі жауынгер шалғынның орта шеніндегі жарыққа шықты да, өзге қарақшылар алқа-қотан жайғасты.

Тиірменші шоқпарды ортан белінен ұстап, француздардың faire le moulinet деп атайтын әдісімен, басынан асыра тезбе-тез айналдырып-айналдырып жіберді де, мақтаншақтығы ұстап кетіп, Гуртты жекпе-жекке шақыра бастады.

— Кәне, шық, қыстақтың салпаң құлағы! Мен саған көрсетейін қазір, қолыма түскеннің қандай болатынын!

— Сенің тиірменші екенің рас болса онда баукеспе қанды балақтың өзі екенсің ғой,— деді Гурт, шоқпарын одан қалыспай ойната түсіп. Мен өзім ақ ниетті адал адаммын, сенімен соғысудан мен де қашпаймын!

Бірін-бipi осындай шақпа сөзбен сыйласып алып, жауынгерлер тайынбай айқаса түсті де, бірнеше минут бойы қайтпа-қайтпаласып, бірінің сойылын екіншісі қағып жіберіп, сатыр-сұтыр ұрысып кетті. Сайыстың қызулығы мен шапшаңдығы сонша, бұлардың шоқпарының сарт та сұрт, тасыр да тұсыр тиген дабысы үздіксіз майдан алаңын жаңғыртып, екі жақтан кемінде бес-алтыдан адам соғысып жатқандай көрінді. Бұған жетпейтін, әшейін ауыл арасы төбелестер атағы дардай қиссаларда жырланып жатады. Ал Тиірменші мен Гурттың айта қалғандай соғысы, бұларға көңіл бөлетін ақынның жоқтығынан жырланбай қалып барады. Қазір шоқпар соғысы кәдеден шығып қалғанмен, сонда да біз өлең-жырды қоя тұрып, қара сөз жүзінде осы жаужүрек ерлердің қарадүрсін соғысына әділ бағасын бере кетейік деп отырмыз.

Екі сайыскер бірінен-бірі кезек үстем шығып, көпке дейін жеңісе алмай ұзақ соғысты. Ақыр аяғында Тиірменші қатты таяқ жеп, оның үстіне серіктерінің күлкі, мазағына ұшырап, терісіне сыймай ыза болды. Борыш-қарыздығы жоқ, мұндай бәсеке ойын үшін ызақорлықтың пайдасы тимейтіні ертеден мәлім, мұнда әрдайым ұстамдылықтың мерейі үстем шығады. Айтты-айтпады, бұл жолы да Гурттың тастаған тасы өрге домалап, Тиірменшінің әрбір әбестігін асқан әдіспен пайдаланып кетті.

Тиірменші қарсыласымен қоян-қолтық келуге ұмтылып, шоқпарымен оңды-солды төпелеп, аяусыз-ақ қимылдап бақты. Ал Гурт қарсыласын бойына жуытпай, шоқпарын алыстан қағып жіберіп, қаша ұрыс салып жүрді. Біразға дейін осылай қорғанып келді де, бір кезде қарсыласының шаршап қалғанын байқады. Сол-ақ екен, шоқпарын басынан асыра көтеріп алды. Тиірменші көтерілген шоқпарды қағып жіберуге ыңғайланып алып еді, сол кезде Гурт көзді ашып-жұмғанша қаруын оң қолына ауыстыра қойып, сайыскер-батырды бар пәрменімен қақ шекеден періп кеп жіберді. Тиірменші тұрған жерінде ұзынынан сылқ ете түсті.

— Бәрекелде, жігітсің, таза жеңдің!—деп айғай салды қарақшылар.— Кәне Англия да, оның, ұлт ойыны да ұзақ жасасын! Саксон жігіті өзінің ақшасын да, басын да аман-есен әкететін болды, ал біздің Тиірменші одан жеңіліп қалды.

— Ал, досым, енді өз бетіңмен кете беруіңе болады,— деді қарақшылардың басшысы, бәрінің атынан.— Мен саған бастап баратын екі жігіт қосамын. Олар сені тура жолмен мырзаңның шатырына дейін жеткізіп салады, егер орта жолда ниеті бұзық қаңғыбастар кездесіп қалатын болса, менің жігіттерім сені ешкімге жәбірлетпейді. Біздей ар-ұяты бар жүргіншілер табыла бермейді. Бүгінгі бұл жерлерде сандалып жүргендер жеткілікті. Ал енді өзіңе-өзің берік бол,— деді бас қарақшы, түсін суытып.— Сен бізге өз атыңды айтпадың ғой, ендеше, біздің де аты-жөнімізді сұрама, кім екенімізде, қайдан жүргенімізде жұмысың болмасын. Егер ақылымды тыңдамасаң, өз обалың өзіңе.

Гурт қарақшылардың басшысына алғыс айтып, ақылынан шықпауға уәде берді. Екі қарақшы қолдарына шоқпарын алып, Гуртты қалың жыныстың ішімен, сайды жағалап, төмен қарай тура бастап әкетті. Сайдың шетіне шыға бергенде, тағы бір екеу кездесіп еді, олар мына жігіттермен бір-екі ауыз тіл қатысты да қайтадан ағаштың ішіне сіңіп кетті. Гурт бұдан қарақшылардың жасағы үлкен екенін, олардың бас қосатын жерінде қырағы күзет тұратынын сезді.

Әредік көк шыбық өскен ашық алаңға шыға келгенде, Гурт бұдан ары қалай беттерін біле алмаған болар еді, бірақ қарақшы басшылары бар, солар бастап тіке жолдың басына қарай алып жүрді. Жалдың қырына шыққанда айдың жарығымен сайыс алаңының айналасындағы шарбақ алаңның екі шетіне тігілген шатырлар, олардың үстінде желбіреген тулар аяқтың астында сайрап тұрады екен. Түнгі күзетшілердің ермек үшін ыңылдап салған әндеріне дейін Гурттың құлағына келді.

Осы жерге жеткен соң қарақшылар тұра қалды.

— Бұдан ары біз бармаймыз, әйтпесе өзімізге де қатерлі болады,— деді бір қарақшы.— Ал өзіңе айтылған сөзді ұмытпа: бүгінгі көрген-білгеніңді аузыңнан шығарушы болма, сонда ақырының жақсы болғанына көзің жетеді. Егер айтылған ақылды есіңнен шығарып, ләйліп жүрсең, маған десең, тескен тау өтіп кетсең де, біздің зауалымыздан құтылмайсың.

— Есен-сау болыңдар, қайырымды мырзалар,— деді Гурт, қоштасарда,— сіздердің бұйрықтарыңызды ұмытпаймын, ал егер сіздерден де мен бұдан гөрі қауіпсіз, адал кәсіппен айналысуларыңызды тілесем, көңілдеріңізге ала көрмеңіздер.

Сонымен бұлар қош айтысты. Қарақшылар ізінше қайтып кетті, ал Гурт мырзасының шатырына беттеді, сонда да ол, жаңа ғана естіген ақыл-өсиетіне қарамастан, басынан кешкен сергелдеңнің бірін қалдырмай, мырзасына айтып берді.

Беймұра сері бәрінен бұрын Ревекканың жомарттығына қайран қалды, бірақ қыздың жомарттығын да, сол сияқты қарқақшылардың мәрттігін де пайдаланамын деген жоқ. Қанша қайран қаларлық оқиғалар болса да, бұған ол онша көңіл бөле қоймады, өйткені неғұрлым тезірек жатқысы кеп отыр еді. Ертеңгі күннің сайысына қайрат-күш жиып алу үшін оған жақсылап тұрып дем алу қажет болатын.

Сөйтіп, Беймұра сері шатырында салынып қойған үлде мен бүлде төсекке жатты, ал еркөңілді, сенімді Гурт, кілем орнына аю жарғақтар төселген, жер еденнің үстіне ұзынынан сұлай кетті, серінің қамын жеген адал жарақшы өзін оятпай, оған ешкім өте алмауы үшін дәл есіктің көзін қоршалай орналасты.

XII ТАРАУ

Жаршылар, ерсіл-қарсыл жүрмей енді,
Айқасқа дабыл даусы күңіренді.
Батыс топ. Шығыс топ та шиыршық атты,
Найзалар бір-бірімен түйісті қатты.
Қадалып істік темір ат сауырына
Соғыстың кірді ерлер от-дауылына.
Қылыштар қырық бөлініп қалқан ұрған,
Қадалған қара найза аш қарыннан,
Сынығы қарулардың аспанға ұшып.
Бас асырып, көз шығарған қайта түсіп.
Жарқырап күміс семсер күн көзіне
Сауыттың сартылдайды күмбезінде.
Осынша ортасында қым-қиғаштың
Қызыл қан ақты бейне қызыл тасқын.

Чосер.

Аспан шайдай ашық, жадырап атқан таңның шағы. Көкжиектен күн жаңа ғана көрініп келеді, қызық қуған ең серқұмар сауықшылар бұрынырақ барып, майданның жан-жағындағы шалғын жерден жайлы орын алу үшін әлден шұбап барады. Сауықшылардың соңынан іле-шала өздерінің шабармандарын алып маршалдар мен жаршылар да жетті. Бұлар жалпы сайысқа қатысушылардың тізімін жасауға тиіс еді; әрбір сері кімнің жағында соғысатынын айтуға міндетті болатын. Екі жақ боп сайысушылардың саны бірінен бірі артып кетпей теңбе-тең келуі үшін осындай қолданылмаса, әділдік болуға тиіс емес.

Жалпы сайыстың заңы бойынша.. Беймұра сері бірінші топтың басшысы деп танылды да, алғашқы күннің нәтижесінде одан кейінгі орыңды алған жақсы жауынгер Бриан де Буагильбер екінші топтың басшысы боп тағайындалды. Бірінші күнгі сайыста құлап түскен Ральф де Випонттан басқа, сайысты бастаушылар боса-болмаса Буагильберге қосылды. Сөйтіп екі жақтан да сен тұр, мен атайын дегендей өңшең айтулы серілер іріктеліп шықты.

Жекпе-жек сайыспен салыстырғанда, жалпы сайыстың қауіп-қатері көп болса да, көпшілік қатысқан ұрысты серілердің көбі қызық көретін. Сайысты бастаушы аты шулы серілермен жекпе-жек шығуға бата алмаған орта қолды серілер өздеріне күш-қуаты сайма-сай қарсылас табатын осы екінші ұрысқа балуан болатын. Бұл жолы да дәл осылай боп шықты: әрбір топқа елу-елуден сері сайланып шыққаннан кейін, бұдан кеш қалғандарды өкінсін-өкінбесін, маршалдар қабылдамаймыз деп жар салып жіберді.

Сағат он мезгілінде майданның айналасындағы алаңға аттылы-жаяулы қызыққұмар қауым толып кетті, Көп кешікпей нөкерімен Джон шаһзаданың келгенін жариялап, оған ілесе сайысқа қатысатыны-қатыспайтыны бар, бір топ серілердің келгендігін білдіріп, солардың құрметіне керней ойналды.

Осы уақыттың қарсаңында Ровена бикеш пен Седрик келіп үлгірді, бірақ бұлардың қасында Ательстан жоқ еді, өйткені ол батырдың сауыт-сайманын киіп, сайыскерлердің қатарында болатынын мәлімдеп қойған. Седрик қалай қапа болса да, өзі білсін, ал Ательстан қас қылғандай, Бриан де Буагильбердің жасағына жазылып қойыпты.

Досының бүл әбес қылығына Седрик қатты қарсы болды, бірақ Ательстан өз ісінің дұрыстығын дәлелдей алмаса да, бір бетінен қайтпайтын тоң мойын адамның әдетінше қоңқ етті де қойды.

Ғымаратшының тобына қосылатын оның төтенше себебі бар-ды, бірақ сақтықпен ол себебін айтпай қалған. Ровена бикешті жаны жақсы керетіндігін мінезінің өздігімен білдіре алмаса да, қыздың әсем көркіне қатты қызығатын. Седрик те, сұлудың басқа туған-туыстары да өзінің жағында болғандықтан, Ательстан Ровенаны өзімдікі доп санайтын. Міне, осы себептен, кешегі күннің қаһарманы жеңімпаз серінің Ровенаны осы мерекенің ханшасы етіп таңдағанына Конингсбургтың өркөкірек әміршісі ішінен тынып, кек сақтап қалған еді. Өзінің құда түсіп қойған қалыңдығын азғырушы боп көрінген тандау несінің сазайын бір тарттырып жібермекші болды Ательстан. Бір жағынан өзінің жан шақ келмес қара күшіне, екіншіден, соғыста керемет айлакерсің деп көпшік қойған жарамсақтардың жел сөзіне сеніп қалған аңқау батыр Беймұра серіні өзінің көмегінсіз қалдырып, бір жер қаптырмақ болса және тағы кездесіп қалса, алмас айбалтасын армансыз бір сілтеп қалмақшы еді.

Джон шаһзада сайысты бастаушылар тобының жеңісіне тілектестігін білдіргендіктен, ішінде де Брасиы бар, шаһзаданың өзге әріптес серілері солардың жасағына жазылған еді. Екінші жағынан, Англияда және бөтен елдерде тұратындары бар, саксон, норман ұлтынан шыққан айтулы серілердің көбі тары жер жарып тұрған Беймұра сері секілді аяулы ердің сойылын соқпақшы болып, осының тобына кірді.

Осы сайыстың падишаһысы боп сайланған Ровена арудың майдан алаңына келіп қалғанын байқап, Джон шаһзада алдынан шауып шықты, сұлудың алдында бас киімін алып, құрдай жорғалаған түлкі әкім қызды атынан сүйеп түсірді, оның ең жоғарғы дәрежелі әкімдерінің бірі атынан түсіп, Ровенаның мінген атын жетектеп жүрді.

— Міне, көрдіңіз бе, бикеш,— деді Джон шаһзада,— махаббат пен сұлулық падишаһысын құрмет тұтудың үлгісін ең алдымен біз өзіміз дәлелдеп тұрмыз. Аяулы бикештер,— деп ол сонсоң галереяға қарады,— осындай құрметке ие болғыларыңыз келсе, өз әміршілеріңіздің соңынан ерулеріңізді сұраймын.

Осы сөзбен шаһзада Ровена бикешті тақтына алып келді. Өздерінің уақытша падишаһысына неғұрлым жақын отыруға тырысып, осында жиылған ең текті, ең көрікті ханымдар Ровенаның соңынан жүрді.

Ровена бикеш орнына келіп отырғанда, салтанат күйі ойналып, көпшіліктің құттықтау айғанымен қоса жаңғырығып кетті. Серілердің қару-жарақтары мен сауыт-саймандары күннің көзіне шағылып жарқ-жұрқ етеді; майданның екі шетінде шеру тартқан серілер өз жасақтарының саптарын сарапқа салып, қызу әңгіме ғып тұр.

Жыршылар сайыстың шарттарын жарияланған кезде тыныштық сақтауға шақырды. Бұл шарттар бойынша, серілер өткір қанжар, үшкір найзамен сайысатын болғандықтан, сайыс кезіндегі қауіп-қатерді мейлінше азайту көзделген еді.

Сайыскерлердің қанжармен шаншуларына рұқсат етілмейді, тек шапқыласуларына болады. Олардың қанжар емес, күрзі, айбалта қолдануларына қақылары бар. Атынан құлап түскен сайыскер тек жаяу қалған қарсыласпен ғана соғыса алады. Атты жауынгердің жаяуға шабуыл жасауына болмайды. Егер бір сері екіншісін майданның бір шетіне қуып тыққан жағдайда серінің не өзі, не аты, не қару-жарағы сыртқы шарбаққа барып соғылса, онда бұл өзінің жеңілгендігін мойындап, аты мен сауыт-сайманын жеңушінің қарамағына тапсыруға міндетті. Мұндай боп жеңілген сері бұдан ары сайысқа қатыса алмайды. Егер атынан құлап түскен сері өз бетімен орнынан тұра алмай қалса, онда не жарақшысы, не күтімшісі майдан аланына шығып, қожасының ойран-топырдан құтылып шығуына көмектесе алады, бірақ ол сері бәрібір жеңілген деп саналып, аты мен қару-жарағын жеңушіге беруге тиіс, Сайыс Джон шаһзаданың майдан алаңына тастаған қол шоқпар, я таяқ белгісі бойынша тоқтатылады. Сайыста көп қан төгіліп және ол ұзаққа созылып кетсе, осындай сақтық шарасы қолданылуға тиіс. Сайыс ережесін бұзған, яки серілік заңына қайшы басқа бір нұқсан келтірген сері сауыт-сайманынан айрылады; сонан соң оның қолына қалқаннан бұғау кигізіледі де, елдің алдында масқаралап, шарбақтың қырына отырғызып қойылады.

Осы ережелерді жариялап болғаннан кейін жаршылар сөздерінің ақырында ардақты серілерді өз борыштарын мүлтіксіз атқаруға, сөйтіп, махаббат пен сұлулық падишаһысынан мақтау алып шығуға шақырды. Осыны айтып олар өз орындарына барып тұрды. Енді майданның екі шетінен серілер тізбек-тізбектерімен шығып, біріне-бірі қарама-қарсы екі қатардан сап түзеп тұрды, өз жауынгерлерін шеру тартқызып қойғаннан соң әр топтың басшысы өзі кеп алдыңғы саптың дәл ортасынан орын алды.

Тұлпар мініп шіреніп, мұздай темір киініп, қиян-кескі майданға тас түйін даяр боп алған серілердің түстері суық келбеттері айбатты да еді. Ат үстінде құрыштан құйылған болат мүсін іспетті, айбат шеккен өңшең қырандар сайыстың сын сағатын сабырсыздана күтіп қалған, астарындағы жүйріктері тізгіндерімен алысып, жер тарпиды.

Серілер сала құлаш найзаларын көтеріп алып еді, олардың болат сүңгілері жарқ-жұрқ етіп, күнге шағылды, бастарына киген дулығаларының қауырсындары мен желбіреген байрақтары қозғалысқа келді. Маршалдар екі жасақтың да қатарларын қарап шығып, сайыскерлердің саны теңбе-тең екеніне көзі жеткенше, серілер сол қалпында тұрып қалды. Тексерушілер серілердің саны түгелдігін анықтады. сонсоң маршалдар майданның шегінен шыққан кезде Уильям де Вивиль жер жаңғырықтырған зор дауысымен:

— Laisser aller7 — деп бұйрық берді.

Кернай даурығып қоя берді, найзалар бірден таралғыға тіреліп, оңтайланып алынды, серілер аттарын өкшесімен тебініп жіберіп, алдыңғы қатардағылар бір-біріне қарсы шауып, майданның дәл ортасында опыр-топыр айқаса кетті де соғыстың дабысы ат шаптырым жерден естіле бастады. Алғашқы айқасқан бетте аттан түскендерге көмектесу үшін, немесе жеңіске жеткендермен сайысып, күш сынасып қалу үшін, екі жақтың да артқы саптағылары жай ілгерілеп келе жатты.

Қалың шаң аспанға көтерілгендіктен сайыстың алғашқы бетін байқай қою мүмкін емес еді. Сабыры қашқан сауықшылар тек біраздан соң ғана майданның қызу жерінде не болып жатқанын көрді. Екі жақтан да сайыскерлердің қақ жартысы. аттан түсіп қалған екен. Біреулері дәл тиген найзадан құлаған, екіншілері қарсыласының асқан күші мен астындағы атының қатты екпінінен ұшып кеткен, тіпті кейбіреулер? құлаған жерінен көтерілуге мұршасы келмей, майданда аунап жатыр; ал атынан оқыста түсіп қалғандары, орнынан тұра сап, өзіндей жаяу қалған жауынгермен қайта айқасып жатыр; сайыскерлердің ауыр жарақатты болғандары жарасынан сорғалаған қанды бөкебайымен басып алып, ойран-топырдың ортасынан сүйретіліп шығып барады.

Жан алып, жан берген айқаста найзалары сынып, қолдары қысқарып қалған сайыскерлер сапыларын суырысып алды да, осы майданда не өлем, не жеңем дегендей, қайтадан ұран салып, қарсыласымен салысып-салысып өтті.

Серіктеріне көмекке ұмтылған екінші саптағы серілер майданға кіріп, ұрысқа араласқан кезде ызың-шымқуыт тіптен күшейді. Бриан де Буагильбердің сойылын соғушылар: «Ғымарат, ғымарат үшін, Босеан, Босеан!»—деп айғай салды. Ал оған қарсы топтың сайыскерлері өз көсемдерінің қалқанына салынған: «Desdichado! Desdichado!—деген таңбаны айбынды аруағына айналдырып, жер жаңғырықтыра ұран салды.

Сайыскерлердің жекпе-жек арпалысы қызған сайын, жеңіс толқыны майданның біресе оңтүстік, біресе солтүстік шетіне ауытқып, екі топ алма-кезек басым шығып тұрды. Майдан алаңына ұзынынан құлап, аттардың аяғының астында қалып жатқан жаралылардың ыңыранған жаң азабын қару-жарақтың сатыр-сұтыры, сайыскерлердің айғай-шуы, азынаған кернай үні тұншықтырып тұр. Серілердің жалтыраған сауыт-сайманын шаң аралас қан басып, семсерлер мен айбалталардың соққысынан жеміріліп, майысып қалып жатыр. Серілердің дулығаларынан үзілген үлпілдек қауырсындар қардай жауып, аланды алын кетті. Серілердің жасағы алғашқы беттегі жауынгерлік сән-салтанатынан айрылып, қазір енді жан түршіктірерлік аяныш туғызарлық мүсәпір халде қалды.

Сонда да сүйекке сіңген әдет бойынша, мұндай қан төгіс оқиғаларға жаны құмар қара халық былай тұрсын, галереяларда толып отырған ақсүйек паң ханымдардың өздері де қанды майданнан көз алмай, өліп-өшіп, қызыға қарап отырды бұл сияқты сұмдық көріністен жүректері айнып, сырт айналған біреуі де болған жоқ. Рас, кейбіреулердің сүйген жары, я жан күйер бауыры, не жұбайы оқыс аттан құлағанда, үрейлері ұшып, шыңғырып жібергендерін де көрдік; аппақ әсем беттердің қу шүберектей боп-боз боп кеткендері де болды. Солай десек те, ханымдардың көбі серілерді қол шапалақтай көтермелеп, орамалдары мен шарфтарын былғап, құттықтай берді; тіпті сайыскерлердің қарсыласын дәлдеп шанышқаны, мықтап ұрғаны көздеріне түсе қалса: «Жарайсың, мерген-ақсың! Бәрекелде, семсеріңе болайын!» — десіп сүйсініп отырды.

Егер мұндай қан төгісті әдемі әйелдер қауымы сонша мадақтайтын болса, онда еркектердің құмарлығын қайтіп тыярсың. Ұрыстың беталысы өзгерген сайын ерлер жағы ұран салып, айғайға басты; бәрі де алаңдағы айқастан көз алмай қолы бұған қарағанда, әрбір соққыны қолдарынан таратып, қайтып алып отырған сияқты. Тек айғай-шудың саябырлаған шағында жаршылардың:

— Айқасыңдар, жаужүрек серілер! Өлім қақ, атақ мәңгілік! Шайқасыңдар, ерлерім! Жеңілгеннен өлген артық! Сендердің ерліктеріне жаудыр көздер қарап отыр, аянбаңдар, батырлар! — деп дем берген дауыстары естіледі.

Сайыста екі жақ кезек үстем болып тұр. Көпшіліктің көзі айқастың жуан ортасында қарсыласын қайратымен жапырып, серіктеріне айғайымен дем беріп жүрген екі топтың басшыларында. Екеуінің де қайраты басқалардан басым, серілердің ішінде бұл екеуіне тең келетіндері жоқ. Біріне бірі қандары қарайып, қатты қастасқан ерлер, екеуінің бірінің аттан құлауы сонысының мерт болғаны деп біліп, кездесуді тайынбай-ақ іздеп жүр. Бірақ ұрыстың бас кезіндегі қым-қиғаш апыр-топыр екеуінің де тілегіне жол бермеді: қарсы топтың көсемімен кездесуді ізденген сайыстың басқа жауынгерлері екеуінің арасын бөліп кете берді.

Дегенмен бір кезде сайыскерлердің қатары біртіндеп сирей бастады: біреулер жеңілгендігін мойындап, ұрыстан шығып кетті, екіншілерің тықсырып апарып, майданның шарбағына тықты, үшіншілері жараланып, құлап қалды, ақыры ғымаратшы мен Беймұра сері бетпе-бет қарсы келді. Жұлдызы қарсы екі жау бір-бірімен аянбай айқасты. Екеуінің бірін-бірі ұрғанда яки соққысын тойтарып тастағанда көрсеткен қайраты мен өнерінің кереметтігіне қалың көрермендер таң-тамаша қалып, еріксіз айғайлап жіберіп, көтермелеп отырды.

Бірақ дәл осы кезде Беймұра сері бастаған топтың жағдайы аса қиынға айналып еді: майданның бір қанатынан Реджинальд Фрон де Беф келіп тиісіп, Беймұра серінің сойылын соғушыларды өзінің алып күшімен апырып-жапыра бастады; екінші қанатында — дәу Ательстан кез келгенін беттетпей, бұршақша атып келе жатты. Қарсы алдарынан өздеріне шақ келетін жауды көре алмаған бұл екі сері де, егер ғымаратшының хас дұшпанын құлатпауына көмектессе, өз тобының мерейі үстем болып шығады деп ойлаған болуы керек. Сондықтан екеуі де аттарының басын бұрып алып, Беймұра сері қайдасың деп, екі жақтан ат қойды. Жаудың саны артып, әрі тұтқиылдан мұндай тосын шабуыл жасап қалғанда, жалғыз адамның оған төтеп беруі мүмкін емес еді, осы кезде ердің басына төнген сөзсіз қатерге көздері жеткен көрермендер қарап қала алмай, тұс-тұстан шулап қоя берді:

— Сақтан, сақтан, Беймұра сері!—деп жан-жақтан айғайды салып жібергенде, келіп қалған жауларын сері де көріп үлгірді.

Соның арасынша ғымаратшыны мықтап бір ұрып жіберіп, Ательстан мен Реджинальд Фрон де Бефтің соққысынан жалтарып кетті. Бұл екі сері екпінімен қарсы соғылысып қала жаздады да, аттарының басына ие боп қап, қарсыластардың арасынан ағып өтіп кетті. Дегенмен бұлар алғашқы бетінен түзеліп алып, енді Бриан де Буагильбермен тізе қосты да, үшеуі бірдей Беймұра серіге жабылды.

Беймұра серінің бағына қарай, кешегі жеңісінен кейін олжаға келген атының бірі өте мықты да шабысты еді, сол жақсы ат жанына серік болды. Оның үстіне Буагильбердің аты жараланып қалып еді, ал Ательстан мен Реджинальд Фрон де Бефтің аттары алып денелі қожалары мен олардың батпан-батпан сауыт-саймандарын ауырлап, болдыруға айналған еді. Соны білген Беймұра сері ұршықша айналған әдісқой атын тақымымен қоса ойнатып, бірнеше минуттың ішінде үш қарсыласына таяқ жегізіп шықты. Үш серіге бірдей соққы беріп, қарсы келгенін семсермен қағып жіберіп, екіншісінен айтқанша бұлтарып кетіп, денесіне таяқ дарытпай, Беймұра сері дауыл күнгі қырандай ойнады.

Отырған жұрт оның ұрыс өнеріне естері кеткенше қол шапалақтады, бірақ шынтуайтқа келгенде, үш серінің таяғынан жеңілуге тиіс екендігі анық еді. Сондықтан да Джон шаһзаданы қоршалап отырған бүкіл қасқа мен жайсаң қарсыластарының саны артықтығынан ержүрек серінің қор боп жеңілмеуі үшін майданға дереу таяғын лақтырып, белгі беруін өтінді.

— Жоқ, болмайды, бұл өркөкірек жігіт өзінің аты-жөнін айтпады және біздің дәм-тұзымызды аттап кетті, оның үстіне бәйгіні бір рет алған, ендігі сыйлықты басқалар алсын, — деп сіресіп болмады шаһзада.

Шаһзаданың осы қиқарлығына қарап тұрғандай, сайыстың тағдырын бір кездейсоқ оқиға шешті де кетті.

Desdichado жасағының ішінде қарамен сырланған сауыт-сайманды бір сері бар еді, өзінің мінген аты да мақпал қара болатын, үстіндегі иесінің нояндығы қандай болса, аты да сондай әрі мықты, әрі көрнекті келген. Серінің қалқанында ешбір таңба жоқ-ты, бұған дейін өзі сайысқа да қатыса қоймай, тек түлеп түртіп өз бетімен соқтыққандардың ғана сазайын тартқызып, ешкімнің соңына түспей, ешкімді жекпе-жекке де шақырмай-ақ жай бейтарап жүрген. Қысқасы, сайыстың белсенді сойыл соғарынан гөрі, қалыс қызықтаушысына ұқсас болатын сондықтан да сайыстағы жұрт оған Le noir Faineant яғни Қара Жалқау деп ат қойып алған. Қазір енді осы сері ұйқыдан оянған тәрізді. Өз тобының басшысын қатты тықсырып бара жатқандарын көріп, астындағы атын тебініп жіберді де, ащы дауыспен айғай салды:

Desdichado! Саған болысуға келемін! — деп жолдасына көмекке тұра шапты.

Деген болысатын да кезі келіп еді. Беймұра сері ғымаратшымен ұрысып жатқанда, сырт жағынан келіп, Фрон де Беф семсерін көтеріп алды. Міне дәл осы кезде, Фрон де Беф шауып жібергенше, қара атты батыр оны қақ шекеден періп жіберді. Семсер тайғанақ дулығадан сырғанап келіп, атының белінен дүрс ете қалды, қабағат соққыдан есі ауып кеткен Фрон де Беф ат-матымен күрс етіп құлап түсті. Бұдан соң Қара Жалқау Ательстан Конингсбургке қарай тұра ұмтылды. Фрон де Бефті ұрғанда сынып кеткен семсері» тастай беріп, обадай сакстың қолынан ауыр айбалтасын жұлып алды да, Ательстанды дулығасының төбесінен салып жіберіп еді, ес-тұсынан айрылып, ол да ұзынынан бір-ақ кетті. Ойда жоқ жерде жасаған екі ерлігі үшін жиылған жұрт оны шексіз ризалықпен дуылдасып құттықтады да, Қара Дәу қайтадан ештемемен ісі жоқ кісіше майданның теріскей шетіне қарай жай аяңдап жүріп кетті, енді Бриан де Буагмльбер Беймұра серінің сыбағасына дара қалды. Қанша айтқанмен бұл бұрынғыдай ауыр міндет емес еді. Ғымаратшының қансырап, әбден әлсіреген аты Беймұра серімен ақырғы айқасуына шыдамай құлап түсті. Бриан де Буагильбер жерге домалап кетті де, аяғы үзеңгісіне ілініп, шатылып қалды. Бұл кезде оның қарсыласы атынан лезде қарғып түсті де, құлаған жауының басынан ажал семсерін жарқ еткізіп, жеңілгенін мойындауды талап етті. Дәл осы арада Ғымарат серісіне төнген қатерді көріп, сасып қалған Джон шаһзада Буагильберді жеңілдім деп тізе бүгуден арашалап әкетті. Ол дереу майданға таяғын тастап, сонымен сайыстың аяқталғанын жариялады:

Оның бер жағында ақырғы айқастар өз-өзінен бітуге айналып еді, өйткені әлде болса майданда қалған серілер өзара бітім жасағандай болып, екі топтың сайысының тағдырын көсемдерінің шешуіне қалдырған.

Сайыс үстінде өздерінің қожаларына жәрдем беруден бой бағып тұрған жасақшылар енді майдан алаңына лап қойды. Жаралы болған сайыскерлерді орындарынан көтеріп алып, зор қамқорлықпен сылап-сипап, күтім көрсетті де, таяу тұрған шатырларға апарып орналастырды, бағзы біреулерін жақын жердегі селендерден алдын-ала әзірленіп қойған үйлерге апарып жайғастырды.

Заманындағы ең қызықты сайыстың бірі болған Ашби де ла Зуш маңындағы ұлан-асыр думан осылай аяқталған еді, бұл сайыста төрт сері майдан алаңында қаза тапты, соның бірі үстіне киген сауытына булығып, жарылып өлді, ал ауыр жараланып, кем-кетік боп қалғандардың саны отыздан асып кетіп еді, олардың да төрт-бесеуі көп ұзамай дүние салды, бірқатар сері өмір бойына мүгедек боп қалды. Міне сондықтан да ескі шежірелерде бұл сайысты «Ашбидағы ұлан-асыр қызықты думан» деп атайды.

Сайыстың ақырында Джон шаһзаданың ұрыста қай серінің ерлігі асқанына төрелік беруі керек еді, осыған келгенде шаһзада жеңістің абыройы Қара Жалқау деп халық атаған серіге бұйырылсын деп бұра тартты.

Сарапқа қатысып отырғандардың кейбіреуі жеңістің бірінші қаһарманы Беймұра сері деп танылу керек емес пе деп наразылық айтқан еді: ол алты сайыскерді бір өзі жеңді, оның үстіне қарсы топтың көсемін аттан құлатып, жер қаптырды деп дәлелдеп көріп еді. Бірақ Джон шаһзада бұған көнбеді: Беймұра сері мен оның жасағындағылар сайыста жеңілуге айналған еді, сол кезде қара сауыт киген хас батыр ұрысқа араласты да таразының басын басып кетті, сондықтан бұл сайыстың бәйгісі соған бұйырылуға тиіс,— деді шаһзада.

Бірақ осы кезде Қара Дәу майдан алаңында жоқ боп шықты да, қалың жұртты қайран ғып кетті. Сайыс аяқталған сәтте-ақ ол бұл жерден тайып тұрған еді, өзінің Қара Дәу аталып кетуіне де себеп болған сүлесоқ, сылбыр қалпымен оның орманға қарай аяңдап бара жатқанын бірнеше сауыққойлар көріп қалған. Екі қайтара кернайлар даурығып, жаршылар қанша жар салып бақса да, ол қайтып жұрт алдына шықпады. Енді Джон шаһзаданың бәйгіні кімге бұйыру туралы қайта билік айтуына тура келді. Бұл жолы Беймұра серінің даусыз жеңіскер екенін мойындамауға лажы болмады; ақыры бүгінгі күннің қаһарманы да сол деп жарияланды.

Қаншама қан төгілген, қару-жарақ қараған, өлген аттардың денесі теңкиіп жатқан майданның ортасымен маршалдар жеңімпазды Джон шаһзаданың тағының алдына алып барды.

— Беймұра сері,— деді Джон шаһзада,— сіз өзіңіздің шын аты-жөніңізді айтуға әлі де ризалық бермесеңіз, біз осы лақап аттың өзімен сізді екінші қайтара сайыстың жеңімпазы деп танимыз да, енді өзіңіздің ерлігіңізбен жеңіп алған сәулетті тәжді махаббат пен сұлулық падишаһысының қолынан қабыл алуға еріктісіз деп білеміз.

Сері әдеппен сырбаз түрде тәжім етті, бірақ тіс жарып тіл қатпады.

Тағы да кернайлар жаңғырығып күй ойнады, батырлардың аруағын мадақтан, жеңімпаз ердің атағын аспанға көтеріп, жаршылар жер күңіренте жар салды. Сұлулар жібек орамал, кестелі шәлісін бұлғап, жеңімпазды құттықтады. Төре, төлеңгіт демей, бүкіл халық мәз-майрам боп, қуанышты ықыластарын білдірді, маршалдар серіні Ровена бикеш отырған құрметті тақтың алдына алып келді.

Жеңімпаз серіні тақтың төменгі басқышына жүгіндіріп қойған. Сайыс біткен минуттан бастап ол өз еркімен жүрген адам сияқты емес, қайта айналасын қоршаған адамдардың нұсқауымен жүрген сияқты еді. Майдан арқылы екінші рет алып келе жатқанда, кейбіреулер серінің тәлтіректеп кеткенін де байқаған. Ровена сұлу сымбатты, сырбаз қалпымен биік тақтынан төмен түсіп, қолындағы тәжді серінің дулығасының сыртынан кигізуге ыңғайлана беріп еді, сол кезде маршалдар:

— Олай болмайды. Серінің жалаң бастануы керек,— деп, бір ауыздан бәрі шулап қоя берді.

Сері дулыға пердесінің астынан ақырын ғана бірдеңе деген болып еді, бірақ ол сөзі жөнді естілмеді. Жалғыз-ақ дулығасын шешпеуді өтінгені ғана байқалды.

Бірақ маршалдар сайыстың шартын орындағысы келді ме, әлде серінің кім екенін көргісі келді ме, әйтеуір оның сөзіне құлақ қоймады, дулығаның бауын шешіп, мойындағы жез қапсырманы ағытып жіберді де серінің басын жалаңаш қалдырды. Көрген жұрттың көз алдына қысқа ақсары шашы бар, күнге күйіп тотыққан әдемі кескінді жиырма бестер шамасындағы жас жігіттің бет бейнесі көлденең тартылды. Шүберектей құп-қу боп кеткен бетіне бір-екі жерінде қан қатқан.

Бұл көрікті көргенде Ровенаның көкірегінен аһ деген ақырын дыбыс шығып кетті. Бірақ сол мезетте-ақ бойын билеп, қалтыраған денесіне не бола қойған сұлу сыр бермеуге серт еткен еді. Жеңімпаз серіге бұйырылған зейнетті тәжді еңкейе түскен серінің басына кигізіп, падишаһыдай ару бикеш сабырлы, анық үнмен мына сөзді айтты:

— Бүгінгі сайыста жеңіп шыққан ердің бәйгісі ретінде, құрметті сері, осы тәжді сізге бұйырамын.— Осы сөзді айтты да, сұлу бірнеше секунд үнсіз қалды, сонсоң әлден уақытта бойын билеп алып, сабырлы дауыспен:— серілерге белгіленген бұл тәж бұдан бұрын ешқашан мұндай лайықты адамын тапқан емес,— деді.

Ерлігіне лайық бәйгіні қолынан тапсырған сайыстың тамаша сұлу падишаһысына сері бас иіп, арудың қолынан сүйді де, сол арада оқыс тәлтіректеп кетіп, қыздың аяғының астына құлап түсті.

Көріп тұрған жұрт дүрлігіп, не қыларын білмей қалды. Өзінің үйінен қуып жіберген ұлының аяқ астынан шыға келгеніне есеңгіреп қалған Седрик Ровенадан оны айырып жібергісі келгендей тұра ұмтылып еді. Бірақ маршалдар оған жол бермеді; Айвенгоның не себепті есінен танып қалғанын сезген маршалдар дереу серінің сауытын ағытып, кеудесін жалаңаштап жібергенде, оның бүйірінде ырсиып тұрған, найза тиген жараны көрді.

XIII ТАРАУ

«Ер болса өнері асқан келсін бері!—
Деп сонда айқай салды Атрид сері —
Шығарған батыр келсін жорықта атын.
Жеңілсе, жазасынан қорықпайтын.
Жеңсе егер, жеңісіне атан өгіз
Сыйлаймыз, қошеметін атап егіз.

«Илиада».

Айвенго деген есім естілісімен, біреулердің оған ықыласы түскендіктен, екіншілердің тек қызық құмарлығы ұстағандықтан, әйтеуір осы есім ауызға тарап, лездің арасында жалпы жұртқа мәлім болды. Көп кешікпей ол Джон шаһзаданың да құлағына жеткен еді, бұл жаңалықты білісімен оның түсі бұзылып кетті де, соңынан жан-жағына қаранып алып, менменсіне сөйледі:

— Біздің еркімізден тысқары, біреуді жек көру, я жақсы көру сезімі жөнінде ғалымдар не айтады екен, мырзалар, әсіресе тақсыр хазірет, сіз не дейсіз? Осы бір ер жігіттің сауыт-сайманының астарында біздің ағамыздың жақсы көретін жігіті тұрғанын күні бұрын білмесек те, әйтеуір соның бізге жақпағаны бірден мәлім болған еді.

Сайыста өз міндетін ойдағыдай атқарып, қалқаны мен дулығасын шешіп кеп, шаһзаданың тобына қосылған де Браси:

— Сірә, Фрон де Беф енді Айвенгоның мекен-жайын өзіне қайыруы керек болар,— деді.

— Иә, солай шығар,— деді Вальдемар Фиц-Урс,— кезінде Ричардтың бұйрығымен берілген, кейін сіздің жоғары мәртебеңіздің мырзалығы бойынша Фрон де Бефтің иелігіне көшкен мекені мен жерін бұл жауынгер жігіттің қайта талап ететіні анық болса керек.

— Фрон де Беф Айвенгоның бір мекенін қайтып бермек түгіл, тағы сондай үш мекен-жайды жұтып жіберетін шығар,— деп Джон шаһзада оларға қарсы келді.— Заты, не өзінің отанын қорғауға жарамай, не бізге адал берілгендігін көрсете алмай, бет алды шет елдерге қаңғып кеткен қаңғыбастарды былай қоя тұрып, ол мекен-жайларды өз төңірегімізге топтасқан сенімді қызметкерлерімізге үлестіріп беруге қақымыз бар екендігіне ешкім қарсы тұра алмас деп ойлаймын.

Шаһзаданың айналасында тұрғандардың бәрі де осыған мүдделі болып, өз құлқындары құрып бара жатқандықтан, оның жалған правосына ешкім қарсы тұрмады.

— Міне, дарқан шаһзада! Міне, нағыз ізгі билеуші деп осыны айт: өзінің адал Жақтаушыларын жарылқауды міндетіне алып тұр!—деп шуласты маңайындағы өңшең жарамсақ.

Шаһзаданың маңайына жиылған құлқын құлдарының аузынан шыққан сөз осындай еді: бұлардың әрқайсысы Ричард корольдің тәуір көрген адамдарының есесінен пайда тауып қалуға тырысты, бірқатары қазірдің өзінде олжаға батып та қалып еді.

Аббат Эймер көпшіліктің пікіріне қосылды да, тек «қасиетті Иерусалимды» бөтен ел деп санауға болмайтынын, өйткені ол жалпы жұрттың шыққан жері, бүкіл христиан атаулының ата тегі екенін ескертті.

— Солай болса, Айвенго серінің Иерусалимға қандай қатысы бар екенін мен біле алмадым. Менің білуімше, Ричард бастаған крест жорықшылары Аскалоннан ары аса алған жоқ, ал Аскалонның мұсылман қаласы екені елдің бәріне белгілі, сондықтан ол қасиетті қаланың санатына қосыла алмайды,— деді аббат.

Айвенгоның қандай халде екенін көргісі келіп, сол жаққа барған Вальдемар шаһзаданың қасына қайтып келген еді.

— Анау батырсымақ жігіт, сірә, сіздің жоғары мәртебеңізге ешбір нұқсан келтіре алар ма екен, сондықтан Фрон де Бефтің де иеленген жерін емін-еркін билеп-төстей беруіне болар деп ойлаймын; өйткені серінің хал-жайы өте нашар екен,— деп келді Вальдемар.

— Алдағы тағдыр қандай болса да, ол бәрібір бүгінгі күннің жеңімпазы,— деді Джон шаһзада,— ол мейлі, біздің жауымыздың ішіндегі ең қауіптісі болсын және біздің ағамыздың достарының ішінде ең қалаулысы болсын, бізге бәрібір,— қалай болса, оның жарасын емдеп, дауасын істеу керек: біздің өзіміздің арнаулы дәрігеріміз көмек көрсетеді оған.

Бұл сөзді айтқанда, шаһзаданың ернінде залымдық күлкі ойнап тұр еді. Бірақ Вальдемар — Айвенгоның қазір майданнан алып кетілгенін, оның достарының қамқорлығында екенін айтып қойды.

— Мен махаббат пен сұлулық падишаһысының қайғысын көріп, жабырқап қалдым,— деді Вальдемар:— сұлудың патшалығы бір-ақ күндік еді, соның өзі де кезеңдінің кезіне ұшырап, мынандай аза күніне айналды. Заты мен өзім әйелдің қайғысына еріп, мұқайтын кісі емес едім, бірақ мына Ровена бикеш басына түскен қайғыны үлкен қайраттылықпен көтеріп кетті, қыздың ауыр азасын тек қатты жұмылған қолынан, аяғында тыныссыз жатқан жансыз тәнге жас алмай қараған құрғақ көзінен ғана айыруға болатын еді.

— Сонша айтып қоймайтындай бұл Ровена бикеш деген кім еді өзі?—деп сұрады Джон шаһзада.

— Бұл қыз аса текті саксон әулетінің асқан бай мұрагеpi,— деп жауап берді оған аббат Эймер.— Оның бер жағында бұл ару — сұлулықтың шешек атқан раушан гүлі, баға жетпес гауһар тастардың ең асылы, мыңдардың ішінен жұлдызы озып шыққан ұжмақтағы хор қызы, аспандағы періште.

— Ендеше біз оны азасынан айықтырамыз,— деді Джон шаһзада,— оған қоса бір норманға күйеуге беріп, тұқымын асылдандырамыз. Сірә әзі әлі бәлиғатқа толмаған болуға тиіс, ондай болса, сұлудың қолынан сүюге біздің корольдік хақымыз бар. Сен бұған не дейсің, де Браси? Жаһангер патшаның өнегесімен, саксон қызымен некелес болып, қыруар жерге, мол табысқа қарқ болып қалғың келмей ме?

— Егер жері қолайыма жақса, қалыңдықтың маған ұнап қалуы мүмкін, мұндай игілікті ісіңіз үшін сіздің жоғары мәртебеңізге зор алғыс айтар едім. Өзіңіздің адал қызметкеріңізге, айнымас мендікеріңізге берген барлық уәдеңізді осы ісіңізбен асыра атқарып кеткен болар едіңіз,— деді де Браси.

— Біз мұны ұмытпаймыз,— деді Джон шаһзада.— Ал енді уақытты босқа өткізбеу үшін, біздің ішкі басқарушымызға тапсырып қой, бүгінгі кешкі тойда сол Ровена бикеш болатын болсын. Бикешпен бірге оның қамқоры — ана бір еркек тана саксон да, бүгінгі сайыста Қара Дәу жер сүздірген саксон бұқасы да қоса шақырылсын. Сонсоң де Бигот,— деді шаһзада, келін қалған ішкі істер басқарушысын көріп,— солардың саксондық менмендігіне жарамсақтанған боп, тойымызға келуден тағы да бас тартқызбау үшін, біздің осы екінші шақыруымызды сыпайы, сыйлы түрде жеткізерсің. Бірақ бұларға істеген жақсылық — шошқаның алдына інжу-маржан тастағанмен бірдей, сонда да мейлі деп қоямыз да.

Осы сөзді айтып Джон шаһзада майдан алаңынан кетуге айналып еді, сол кезде біреу келіп, оған бір хат тапсырды.

— Бұл қайдан?—деді шаһзада, хат берушінің бетіне қарап.

— Шет елден, патша ағзам, бірақ қайдан екенін білмеймін,— деді қызметкер,—бұл хатты әкелген бір француз, сөзіне қарағанда, сіздің жоғары мәртебеңізге осы хатты жеткізу үшін күні-түні бірдей шапқыладым дейді.

Джон шаһзада хаттың сыртындағы адреске, конвертін орап байлаған жібек жіптің үстіндегі мөрге анықтап қарады: мөрде үш шоқ ақ гүлдің суреті салынған. Шаһзада өте дегбірі қашып, хатты ашып көрді, оқып жібергенде одан сайын зәре-тағаты қалмады.

«Пері шынжырдан босап кетті — сақ болыңыз»,— депті хатта.

Шаһзаданың түсі бұзылып, аппақ боп кетті, әуелі ұнжырғасы түсіп, солбырап қалды да, сонсоң өлім жазасына кесілгенін жаңа білген адамдай, көзін аспанға төңкерді. Әлден уақытта алғашқы күйзелуден есін жиғандай болып, Вальдемар Фиц-Урс пен де Брасиды оңаша алып шықты да хатты бұларға кезек-кезек оқытты.

— Демек бұл — менің ағам Ричард бостандық алды деген сөз,— деді ол, мойнына су құйылғандай.

— Мүмкін, бұл жалған қоқан-лоқы шығар, әйтпесе хаттың түбі шикі шығар?—деді де Браси.

— Жоқ, бұл Франция королінің нағыз өз жазуы, өз мөрі,—- деді Джон шаһзада мойын бұрмастан.

— Ондай болса, біздің партиямыз бір жерге, мәселен йоркке жиналып, топталуы керек қой. Бірнеше күнді өткізіп алсақ, онда өте кеш қалатын шығармыз. Сіздің жоғары мәртебеңіз мына ойын-сауықты тоқтатуы керек,— деді Фиц Урс.

— Дегенмен, жай халық пен йомендерді айтылған сауық-сайрансыз таратып жіберуге болмайды,— деді де Браси.

— Онда несі бар, түнге дейін әлі күн ерте, мергендер нысанаға жүз қаралы оқ атуына болады, соның бәйгісін үлестіріп қоя беру керек. Мына саксон құлдарының тобырына шаһзаданың берген уәдесі де сонда артығымен орындалып шығады.

— Рақмет, Вальдемар,— деді шаһзада.— Сен менің есіме жақсы салдың, білесің бе, ана бір ожар төлеңгітті, ол біздің мәртебемізге тіл тигізді ғой, әне соның сазайын да тартқызып жіберуім керек. Мейлі енді, кешкі той да өз ретімен, тағайындалған тәртіппен өтетін болсын. Тіпті, бұл менің билігімнің ақырғы сағаты болса да, оны мен кек алатын кісімнен кек алып, рақатпен өткізейін: ертеңгі күннің не салғанын көріп алармыз.

Көп ұзамай қайтадан кернай ойнап, бытырай бастаған сауықшыларды тағы жиып алды. Содан соң мынадай жарнама жасалды. Өте тығыз істері болғандықтан, Джон шаһзада ертеңгі мейрамды тоқтатады. Сонда да ол азамат йомендердің өнерлерін көрмей, мергендіктерін сынамай, таратып жібергісі келіп тұрған жоқ. Сондықтан ертеңге тағайындалған садақ сайысын бүгін, күн батқанша өткізіп жіберуге рұқсат етті. Озып шыққан мергенге: күмістелген мүйіз сырнай, аңшылардың пірі Губерт әулиенің медальоны тағылып, тамаша әшекей кесте тігілген жібек аспа-белбау бәйгіге беріледі.

Алғашқы бетте отыздан аса йомендер жарысқа келіп еді. Олардың ішінде Нидвуд пен Чарнвудтан келген король орманшылары да бар-ды. Бірақ мергендер өздерінің кімдермен сынға түсетінін білген соң жиырма шақтысы жарыстан бас тартып шықты, өйткені мергендерді көріп тұрып, ешкімнің көріне көзге ұтылғысы келмеді. Ол заманда құралайды көзге атқан әрбір өнерлі мерген бүкіл атырапқа белгілі болатын да, сынға түсушілердің бәрі де кімнің қалай ататынын алдын-ала біліп тұратын; мына,біздің заманымызда Нью-маркетте жарысқа қосылған әрбір аттың түс-түгі мен шабысын әрбір спорт әуесқойы қандай білсе, ол уақытта мергендер де сондай білуші еді.

Осылай дегенмен, сынға түсушілердің тізімінде әлі де болса сегіз йомен қалып еді. Осы таңдаулы мергендерді жақыннан көріп алғысы келіп, Джон шаһзада майдан алаңына түсті. Бұлардың кейбіреулерінің үстінде король мергендерінің шенді киімдері бар еді. Мергендерді көріп болған соң ол өзінің жек көретін йоменін іздеп, жан-жағына қарады. Сөйтсе, ол йомен еш нәрсемен ісі жоқ, өзінің кешегі орнында тұр екен.

— Ей жігіт!— деді Джон шаһзада.— Мен сенің шын мерген емес, арсыз мақтаншақ екеніңді күні бұрын-ақ біліп едім! Енді көріп тұрмын, сен мына жігіттердің қатарына келе алмай қалыпсың ғой.

— Ғапу етіңіз, мырза,— деді йомен,— мен жеңіліп қалармын деп қорқып тұрғамын жоқ, атысты қоя тұратын менің басқа бір себебім бар еді.

— Ол қандай себеп? — деп тағы қуаттады шаһзада. Бірақ осы бір адамның соңына неге түскенін өзі де білмейтін еді.

- Бұлардың ататын нысанасы сол мен ататын нысана ма екен және өздері соған қанық па екен, мен сол арасын біле алмай тұрмын,— деді йомен.— Оның үстіне, жазықсыздан-жазықсыз сіздің жек көріп қалған адамыңыз үшінші рет бәйгі алып кетсе, онда қалай болады, бұл сіздің жоғары мәртебеңізге ұнар ма екен, мен тағы соған күдіктеніп тұрмын.

Джон шаһзада қызараңдап:

— Өзіңнің атын кім?—деп сұрады.

— Локсли,— деді йомен.

— Ал, Локсли,— деді шаһзада,— мына йомендер өнерін сынасып болғаннан кейін, сен жарысқа сөзсіз қатысасың. Егер бәйгіні ұтып шықсаң, мен саған жиырма теңге үстеп беремін, ал егер ұтылып қалсаң, онда сенің үстіңдегі жасыл шапаныңды сыпырып алып, арсыз бөспе есебінде майданнан қамшының астына алып қуып шығады.

— Егер менің мұндай шартпен садақ атысқым келмесе қайтесіз? — деді йомен. -Сіздің мәртебеңіз зор, құдіретіңіз күшті адамсыз, оған да у жоқ! Сақшыларыңыз көп, менің киімімді сыпырып алып, сойып-сойып қоя беру оңай, ал бірақ маған садақ, тартқызып, оқ шығарта алмайсыз.

- Егер сен менің сөзімді орындаудан бас тартсаң, онда қарауылдың бастығы садағың мен жебелеріңді тартып алып қиратады да, сені қоян жүрек қорқақ деп тауып, майданнан қуып жібереді.

— Сіздің маған қойып отырған шарттарыңыз әділет емес, тәкаппар шаһзада,- деді йомен.— Сіз маған зорлық, қып, Лестер мен Стаффордширдың өңшең саңлақ мергендерімен бәсекеге саласыз, егер олардан жеңіліп қалсам, жоғарыда айтылғандай масқара қылам дейсіз. Сонда да жарайды, сіздің айтқаныңызға мен бағындым.

— Жауынгерлер, мынаны жақсылап бақылап тұрындар!— деді Джон шаһзада.-Мұның жүрегі әлден-ақ ұшып кетті, бірақ мен онысынан құтқарып жібергім келмейді. Ал, достарым, сіздер жүрексінбей тартындар садақтарыңды. Сонау бір шатырда үйтілген бұғы мен бір кеспек шарап сіздерге даярланып қойды. Бәйгілеріңізді алғаннан кейін сынға жұмсалған күштеріңізді орнына келтіретін боласыздар.

Нысана майданның түстік дарбазасының жоғарғы шетіне қойылды. Бәйгіге түскендер дарбазаның төменгі жағында тұрып, кезекпен садақ тартуға тиіс; бұл арадан нысанаға дейін садақ тарту үшін аралық жеткілікті, және мергендер «желге қарсы» деп айтылатын мерзімге оқ атады. Кезек алу үшін зеребе тасталады, зеребе бойынша кезегі келген әр мерген кісі басы үш жебеден оқ шығарады. Бәйгіні «ойын бастығы» деген атағы бар, төменгі шенді старшина басқарып тұрады, өйткені йомендердің ермегін басқаруды сайыстың маршалдарды бойларына мін көретін eді.

Мергендер бірінен соң бірі шығып, іркілмей нысанаға садақ тартты. Сегіз мергеннің үш-үштен тартқан жиырма төрт жебесінің оны нысанаға қадалды, өзгелері солардың айналасына жақын тиді, сондықтан мергендердің дәлшілдігін жақсы деп бағалауға болатын еді. Нысананың ішіне тиген он жебенің екеуі Мальвуазенде қызмет ететін Губерт деген орманшынікі еді. Сондықтан жеңіс сонікі деп табылды.

— Ал, Локсли, енді не айтасың?—деді Джон шаһзада, .ержүрек йоменді кекете мысқылдап.— Губертпен сынасқың келе ме, жоқ садағың мен қалқаныңды беріп жүре беремісің?

— Басқа лаж жоқ болса, енді қайтемін, бағымды сынап көрем де,— деді Локсли.— Тек бір ғана шартым бар: егер Губерттің нысанасына екі рет тигізсем, ол да менің қойғaн нысанамды ататын болсын.

— Бұл әділ талап, біз бұған ризамыз,— деді Джон шаһзада.— Егер сен, Губерт, мына мақтаншақты жеңіп шықсаң, онда мен сенің мүйіз сыбызғыңды толтырып күміс беремін.

— Адам тек өз шамасынан келгенді ғана істей алады,— деді бұған Губерт.— Гастингсте болған ұрыста менің бабам керемет мергендік көрсеткен екен, мен де соның аруағын жер қылмауға талаптанып көремін.

Енді алғашқы нысананы алып тастап, орнына сондай жаңа нысана тікті. Алдыңғы жарыста жеңіп шыққан Губерт алдымен ататын болды. Ол аралықты көзімен мөлшерлеп, ұзақ көздеді, сонымен бірге жебені керме баудың үстіне салып қойып, садақты соншама керіп ұстады. Ақыр аяғында бір адым алға аттады да, садақтың кіндігі яғни нысанасы бетімен деңгейлес келгендей, сол қолын созып тұрып, керме бауды құлағына дейін кере тартты. Жебе ауаны ысқырта жарып өтіп, нысананың шеңберіне барып қадалды, бірақ дәл ортасына тимеді.

— Сіз желді есепке алмадыңыз, Губерт, оны ескергенде бұдан да дәлірек тигізетін едіңіз,— деді Локсли, садағын кере беріп.

Осы сөзді айтты да ол белгіленген орынға тұрып, бейқам түрде, тіпті жөнді көздеместен, садақты тартып қалды. Оның жебесі Губерттікінен екі дюйм ішкері, нысананың ортасына жақын тиді.

— Аспан ұрсын, егер осы атыста мына сұмырай сенен асып кететін болса, онда сені асып өлтіруден басқа ештеңе қалмайды,— деді Губертке Джон шаһзада.

Ал Губерттің барлық жағдайда айтатын бір-ақ жауабы бар.

— Ассаңыз аса беріңіз, жоғары мәртебелі тақсыр, бірақ адам тек шамасынан келгенді ғана істей алады,— деді Губерт, өзінің әдеті бойынша.— Ал менің бабам садақты мықты тартқан екен...

— Ой, сенің бабаңды да, оның үрім-бұтағын да тәңір алсын!—деді Джон шаһзада, оның сөзін бөліп тастап.— Ат деймін, оңбаған, жақсылап ат, әйтпесе сазайыңды тартасық!

Шаһзададан естірін естіп алған Губерт қайтадан орнына тұрды, ол енді өзінің бақталас мергенінің ақылын ұмытпай, жаңа ғана көтерілген самал желді есепке ала көздеді де садағын тартып қалып еді, оғы дәлдегендей барып нысананың ортасына қадалды.

— Ой, бәрекелде, Губерт! Жарайсың, Губерт! — деп, бейтаныс мергеннен гөрі мұны анағұрлым іш тартатын қалың көп дуылдасып қоя берді.— Дәл ортаға! Нысананың дәл кіндігіне тигізді! Жасасын Губерт!— деген айғай майданды басына көтерді.

— Сен енді бұдан артық ата алмайсың, Локсли,— деді шаһзада, табалап күлмеңдеп.

- Ал, қара да тұр, мен соның жебесін атып түсіремін,— деп, Локсли басып жіберді де, нысанада қадалып тұрған Губерттің жебесін быт-шыт қылды. Айналада анталап тұрған сауықшылар мынадай кереметке қайран қалғандықтан, әшейінде дырдуға салып жіберетін айқай-ұйқайынан да айрылып қалды.

— Мынау тегі адам емес, пері шығар!— десті йомендер, біріне бірі сыбырлап.— Англияда тұңғыш садақ иілгеннен беpi мұндай мергенді ешкім көрген емес!

— Енді,— деді Локсли,— мәртебелі тақсыр, біздің теріскей облыстардың әдетінде қолданылатын нысананы тігуге рұқсат етіңіз және тағы өзінің сүйген жарының көңілін қош еткісі келген әрбір ержүрек йоменнің осындай нысананы атып керуін сұраймын.

Осыны айтып ол шарбақтың сыртына қарай беттей берді де, сонсоң артына қарап:

— Мүмкін болса, менімен бірге бір сақшыңызды жіберсеңіз екен. Менің осы маңайда тұрған бір талдың бұтағын кесіп алуым керек,— деді Локсли.

Джон шаһзада ертіп барыңдар деп, күзетшілерге белгі жасауға ыңғайлана берген еді, сол арада: «Масқара, масқара!» — деп жан-жақтан жұрт айқай салды да, шаһзадаға өзінің бойына мін болатын бұйрығын қайтып алуға тура келді.

Бір минуттан соң Локсли қайтып оралып, жуандығы бір саусақтай, ұзыны алты футтай түзу шыбық алып келді. Ол енді сол талдың қабығын сыдыра бастады:

— Алдыңғы ретте тігілгендей жуан нысананы аттыру жақсы аңшыны қорлағандық болар еді,— деп дәлелдеді ол мұнысын.— Біздің туған жерімізде мұндай нысананы атқанша, одан да Артур корольдің айналасына алпыс кісі сыйып отыратын дөңгелек столын атсаңдаршы,— деп әркім-ақ күлер еді.

— Біздің жерімізде ондай нысанаға жеті жасар бала доғал садақпен атып та тигізе береді,— деді Локсли.

Сонан соң ол асықпай-саспай майданның екінші шетіне барып, талдың оқтай түзу шыбығын жерге қадады да:

— Ал егер кімде-кім жүз ярд8 жерден осы шыбыққа тигізетін болса, маған десе осында атақты Ричард корольдің өзі тұрсын, мен соның көзінше-ақ: міне мынау садақ пен жебе тағып жүруге жарайтын жігіт деп айта алар едім.

— Менің бабам,— деді Губерт,— Гастингсте болған ұрыста садақпен жақсы атып баққан екен, бірақ дәл мынадай нысана атып көрмепті, сондықтан мұны мен де атпаймын. Егер мына йомен осындай шыбықты атып түсіретін болса, мен оған бәйгіні өз қолымнан бере саламын. Тегінде бұл өзі адам емес, бешпет киіп жүрген шайтан болар, неге десеңіз, адам баласы ондай ата алмайды. Адам деген тек өзінің шамасына келгенді ғана істей алады. Мен, заты, мұны атпаймын; өйткені тигізе алмайтыным өзіме аян. Бұл нысанаға оқ ату — пышақтың жүзін, я бір тал шөпті, я күннің бір тал шапағын атумен тең. Ана тұрған ақ сызықтың нәзіктігі сондай, мен оны көзіммен ажырата да алатын емеспін.

— Қоян жүрек қорқақ төбет!— деп Джон шаһзада Губертті боқтап салды.— Ал, Локсли, тым болмаса сен ат енді, оңбаған жылпос, егер мұндай нысанаға тигізетін болсаң, осындай керемет қолынан келген бірінші адам деп санаймын мен сені. Егер мұны іс жүзінде ақтап шықпасаң, мен сондай да мұндаймын деп бесетін ештеңе жоқ.

— Мен қолымнан келгенімді істеймін,— деді Локсли.— Губерт айтқандай, адамнан одан артықты талап етуге болмайды.

Осыны айтып, ол садағын тағы да қолына алды, бірақ бұл жолы садағының керме бауын мүлтіксіз дөңгелек емес, және алдыңғы екі атыстан азырақ созылып кеткен деп тауып, кермесін жаңадан өзгертіп тақты. Бұл атыста және бұрынғысындай емес, көбірек сығалап көздеді, қалың көп не болар екен деп, үн шығармай тына қалған. Ал мерген тағы да өзінің асқан өнерін дәлелдеп шықты: жебе талдың шыбығын қақ жарып өтіп кетті. Қарап тұрған жұрт сүйсінгендіктен ұран салып айғай-шуға басып жіберді. Әуелі Джон шаһзаданың өзі де Локслиды жек көретінін ұмытып, оның керемет дәлшілдігіне таң-тамаша қалды.

— Мә, саған жиырма ділда ақша мен аңшының мүйіз сыбызғысы,— деді шаһзада.— Сен бәйгіні адал енбегіңмен жеңіп алдың. Егер сен форма киіп, біздің жеке басымыздың қорғаушысы болуға ризалық берсең, онда саған елу ділда жалақы береміз. Сенің қолыңдай күшті қол мен дәлшіл көзді мен ешқашан, ешкімнен керген емен.

— Кешіріңіз, құрметті шаһзада,— деді Локсли.— Егер мен қашан да болса, біреуге қызметке кіретін болсам, онда сіздің жоғары мәртебеңіздің патша-ағзам ағасы Ричард корольдің қол астына барамын деген уәдем бар еді. Мына жиырма ділдаңызды мен Губертке сыйлаймын: ол Гастингсте ұрысқа қатысқан өзінің марқұм бабасынан садақты бүгін ешбір кем тартқан жоқ. Егер Губерт мінезінің сыпайылығы себепті жарыстан бас тартпағанда, сол шыбыққа, мен сияқты, ол да тигізетін еді.

Губерт басын шайқап тұрып, бейтаныс мергеннің дарқандық сыйлығын әзер қабылдады. Осының ізінше Локсли көпшіліліктің көзінен тезірек таса болуды көздеп, қалың топырмен араласып кетті де, мүлде көзден ғайып болды.

Егер Джон шаһзада сол минутта одан гөрі анағұрлым маңызды іспен шұғылданып және қатерлі ойлар басын билеп кетпегенде, шаһзаданың құрығынан жеңімпаз мергеннің оп-оңай сытылып кетуі екі талай еді. Бәйгінің біткен белгісін беріп, ол өзінің камергерін шақырып алды да, қазірден бастап дереу Ашбиға шауып, сондағы бай жебірей Исаакты тауып алуға бұйрық берді.

— Сол төбетке айт,— деді шаһзада,— күні бүгін, күн батқанша, маған ол сөзсіз екі мың крон ақша жіберсін. Оның орнын немен жабатынымды өзі біледі, сонда да менің кісім екеніне шүбәланбауы үшін ол итке менің мына балдағымды көрсетіп қой. Ал қалған соманы алты күннен қалдырмай, менің өзіме йоркке жеткізсін. Егер бұл бұйрығымды орындамаса; мен оның басын аламын. Жолда бара жатқаныңда, жан-жағына анықтап қарап отыр — байқамай өткізіп алып жүрме; бұл арам ит күні бұған менің көз алдымда жұртты тонап түсірген үлде мен бүлдесіне оранып, сәнденіп жүрген.

Осыны айтты да, шаһзада атына мініп, Ашбиға жүріп кетті, содан кейін басқа сауыққойлар да тарай бастады.

XIV ТАРАУ

Сарбаздар салтанатпен киінетін,
Аймағы айбарына сүйінетін,
Көрсетіп жақсы туыс парасатын
Істері аттарына жарасатын.
Кей-кейде жауынгерлер жиналысын,
Құшақтап, бауырына қыздар құшып,
Рахаттың бал шарабын қанын iшiп,
Дуылдап жатушы еді сарай іші.

Уортон.

Джон шаһзада Ашбидің ордасында ұлан-асыр той жасады. Бірақ бұл орда құлап жатқан жұртына саяхатшылар күні бүгінге дейін көңіл бөлетін еңселі сарай емес-ті; ағылшын патшасының сарайында болған обергопмейстер, Ричард III патша боп келгенде алдымен құрбан ғып жіберген лорд Гастйнгстың дәуірінде кейінірек салынған орда осы Джон шаһзаданың той өткізіп жатқан үйі болатын; ал кезі келіп тұрғанда айта кету керек, әлгі айтылмыш лордтың аты тарихта белгілі боп қалғанда соншалық бір айтулы еңбегімен атақты болған адам емес, тек Шекспирдың сахнаға шығарып кеткен кейіпкері болғандықтан, белгілі деп білген дұрыс.

Ол кезде Ашбидің ордасы да және қаланың өзі де Ричардпен бірге Палестинаға жорыққа кеткен Роджер де Квинси граф Уинчестердің меншігінде болатын. Джон шаһзада сол графтың ордасын басып алып, дүние-мүлкін ұялмастан билеп-төстеп жатты. Жиылған көпті сән-салтанатымен де, қонақасысымен де қарық қылмақ болған шаһзада, тойды жұрт аузын ашып, көзін жұмғандай ғып даярлауға бұйрық берді.

Шаһзаданың азық-түлік дайындаушылары корольдің әмірін пайдаланып, сол өңірді жаудай шапты. Шақырылған қонақта сан болған жоқ. Жергілікті халыққа атағымды шығарып, абыройлы болып қалайын деген Джон шаһзада саксондар мен даниялықтардың бірнеше асыл текті әулеттерін, солармен қатар асқан атағы болмаса да, жергілікті ақсүйектердің бірсыпырасын тойға шақырды. Бұратана болып, қанауда келе жатқан сакстардың көп шақырылған себебі — төніп келе жатқан бүліншілікте соларға арқа сүйеп, үлкен күш етіп пайдалану еді; сондықтан, осындай саясатпен сакстардың көсемдерінің аузын алып қою қажет болды.

Шаһзада сакстарды қанша жек көрсе де, осы мақсатпен, бүгінгі кеште олардың қонақтарын сылап-сипап ұстауға бекінген. Өзінің ішкі сезімін арам ниетіне құрбан етуге келгенде Джон шаһзадаға адам шақ келмейтін еді; бірақ жеңіл мінезділігі мен ашуланшақтығы оның жарамсақтықпен жеткен барлық табысын жоққа шығарып отыратын.

Осының айғағы ретінде оның Ирландияға барған сапарын мысалға келтіруге болады; шаһзаданың әкесі Генрих II Англияның қол астына жаңада ғана кірген осы елдің халқына жақсы көріну үшін баласын Ирландияға жібереді. Ирландияның көсемдері жас шаһзаданы зор құрметпен қарсы алып, өздерінің адал бағынудан басқа ешбір бөтен пікірі жоқтығын, тек қана бейбіт өмір сүруді тілейтіндерін көрсетіп, құлдық ұрады. Ал сонда өзін жақсы қарсы алған Ирландия көсемдеріне сыйға сый, сыраға бал деудің орнына, Джон шаһзада және оның нөкері бұлардың сақалдарының ұзындығына тиісіп, масқара қылады. Әрине, мұндай дөрекі мінез Ирландияның айтулы кісілерінің намысына қатты тиіп, екі елдің қарым-қатынасына жаман әсер етеді; қысқасы, Джон шаһзаданың: қазан бұзарлығынан ирландықтар Англияға қарамай кете жаздайды.

Міне қазір да шаһзаданың тойда көрсеткен мінезін түсіну үшін оның осындай тұрақсыздығын есте ұстау керек.

Кеңшілік уақытта ойланып алған ақылы бойынша, Джон шаһзада Седрик пен Ательстанды аса жақсы қарсы алды; жалғыз-ақ Ровенаның сырқаттанып қалуына байланысты, шаһзаданың құрметті шақыруына келе алмағанын айтып, Седрик кешірім сұрағанда тек өкінді де қойды. Седрик пен Ательстанның үстіндегі киімдері ескі саксон үлгісімен тігілген киімдер болатын. Олардың асыл матадан тігілген костюмдерінің мін тағарлық ештеңесі жоқ еді, бірақ басқа қонақтардың со күнгі модамен істелген жарастықты киімдеріне қарағанда, үлгісі өзгеше келген еді; сол үшін де шаһзада мен Вальдемар Фиц-Урс сакстардың түріне қарап күліп жібере жаздады да, өздерін әрең ұстап қалды. Ал бірақ әділ баға берген кісіге сакстардың кеудені қысып тұратын қысқа жейдесі мен ұзын плащы нормандардың костюмдерінен әдемі де, ыңғайлы да болатын; нормандардың әрі кең, әрі ұзын камзолы көл-көсір молдығынан көбінесе көйлекке, әйтпесе арбакештің шапанына ұқсас келетін де, оның сыртынан шолақ плащ киілетін. Бұл плащтың не жаңбырдан, не суықтан панасы жоқ-ты; бір ғана іске асатын жері — қымбат мамық, оқа-шілтер, асыл тастарды тігінші қанша жапсырам десе, сонша сыйғыза беретін. Ұлы Карл патшалық құрып тұрған заманда жұрт осындай плащты алғаш кие бастапты. Сонда ол тұрып: «Құдай ақында айтыңыздаршы, осы бір шолтиған плащ неме керек? Төсекте ол — жамылуға жарамайды, ат үстінде — желден, жауыннан қорғамайды, ал жаяу болсаң — аяғыңды не сыздан, не аяздан сақтамайды»,— деген екен.

Сонда да бұл қысқа плащтар ол кезде, әсіресе Анжу әулетінен шыққан шаһзадалардың ордасында кәдеден қалмай-ақ қойды. Бұл әдет Джон шаһзаданың тұсында да өзгерген жоқ-ты, оның нөкерлері де осы плащпен тылтиып жүрген. Сондықтан сакстардың сырттан киетін ұзын шидем шекпені нормандарға күлкі болмағанда қайтсін!

Қонақтар дастарқан басына отырған, столдар жылы-жұмсақ тағамнан қайысып тұр. Шаһзаданың маңайындағы сансыз көп аспаздар столдағы тағамның түр-түрін көбейтеміз деп, тамақты пісіргенде тіптен өнін айналдырып жіберген; бояушы-бояушы дегенге — сақалын бояпты дегендей, қазіргі өзіміздің тұсымыздағы тағам пісіру өнерінің шеберлері де кәдімгі азық-түлігімізді адам танымастай түрге түсіріп жүр. Үйде пісірілген тағамдардың үстіне бір қиырдан неше түрлі таңсық астар, майы шылқыған паштет, тәтті пәреміш, самсаға дейін жеткізілген, кіріпшеткеден пісірілген нан ең текті деген қонақтардың алдына қойылған. Шет елдердің де, осы жердің де ең таңдаулы шәрбат шараптары тойға тартылған.

Тамақты талғап ішуге дағдыланған норман ақсүйектері екі шоқып бір қарап отыр. Олар ас қадірін біледі, сондықтан тамақты артық ішіп-жегеннен гөрі, не ішіп, не жегеніне көп мен береді. Нормандар қомағайлық пен ішімпаздықты жеңілген сакстардың бойына біткен мінез деп есептейді де бұл әдетті тұқымы жаман адамдардың пешенесіне жазып қояды.

Дегенмен Джон шаһзада және оның еліктемей солықтаған сыбайластары тамақты артық ішіп-жеуден өздері де қашпайтын еді. Джон шаһзаданың шабдалы жемісін тоя жеп, оның үстіне ашымаған сыра ішемін деп күпті боп өлгенін жұрт біледі. Бірақ, қалай дегенмен, оның өлімі қалың отандастардың ортасында жеке-дара өлім болды.

Норман ұлтының серілері мен ақсүйектері қулана көлгірсіп, бір-біріне ым қағып қояды да, мұндай тойда туғалы болып көрмеген Седрик пен Ательстанның ашық ауыз аңқаулығын әдейілеп бағып отыр. Жақсы мәнерге үйренбеген сакстардың оғаш мінездері осындай күлкіге айналып отырғанда, олар үлгілі қауымның әдеп-ғұрпына сыйымсыз бірнеше өрескелдік істеп қойды. Мұндайда жақсы тәлім-тәрбиеге, ол тұрсын адамшылық ар-инабатқа қайшы істелген үлкен қателер қалай болса солай кешіліп кете беретін де, ал жоғары қауымның сырбаздығынан ыздиған мода үлгісінен зәредей тайып кетсең оның зор айыпқа таңылатын реттері болады. Осы кезде қол жуған Седрик ауаны желпіп, қолын сәнмен кептірудің орнына, оны сүлгімен сүртіп қойып еді. Сол заманда карумпай деп аталған, тіпті бір жердің түбінен келтірілген құс еті қамырға оралын пісірілген табақтай пәремішті Ательстанның бір-ақ жеп қойғаны өрескел болған жоқ, қайта отырған жұртқа Седриктің қол жуғаны күлкі болды. Ақыр сұрастыра келгенде, Конингсбург қорқауының не жегенінен хабары жоқтығы, пәреміштің ішіне салынған карумпайды суық торғайдың, я кептердің еті деп білгені анықталды, ал дұрысында бұл беккафиш пен бұлбұл құстың еті еді, міне сондықтан оның қомағайлығынан гөрі топастығы көп күлкі болды.

Бәрін айт та бірін айт дегендей, ұлан-асыр той сонымен бітуге айналды. Қонақтарды бәріне сый аяқ құйылған кезде олар өткен сайыста ерлік көрсеткендерді, садақ тартысқанда озып шыққан белгісіз мергенді, өзінің ерлігін мадақтаған атақ-абыройды керек қылмай кеткен Қара Дәуді, өміріне төнген қатерден қорықпай, ақыры жеңіп шыққан қаһарман Айвенгоны әңгіме қылды. Жауынгер адамдардың әдетінше, болған кеп тура, ашық айтылды, бүкіл залды әзіл-күлкі баурап әкетті, Соның ішінде қабағын қарсы жауып, жалғыз Джон шаһзада көңілсіз отырды; оның жан-дүниесін аса бір зілдей ауыр салмақтың басын отырғаны белгілі еді. Тек өзінің жолдас-жораларының әсерімен ғана анда-санда көңілі бір көтеріліп, айналасындағы халықтың әңгіме-дырдуына араласқан болады. Сондай минуттарында ол столдан тостағанды жұлып алып, бірден қағып салады, көңілін көтеру үшін көптің сөзіне де кірісіп кетеді, бірақ ол далбаса бас десе — құлақ дегендей, қисынсыз боп шығып отырды.

Бұл тостағанды,— деді ол бір кезде,— біз осы сайыстың қаһарманы Уилфред Айвенгоның денсаулығы үшін ішеміз. Әттең, оның жарасы біздің тойымызда болуына бөгет жасады. Сонда да оның денсаулығына бәріңіз де ішіп қойыңыздар. Әсіресе, үлкен үміт күттіріп отырған ұлы үшін оның құрметті әкесі Седрик Ротервудский көтеріп жіберсін.

— Жоқ, мәртебелі тақсырым,— деп Седрик орнынан өре түрегеліп, шарап толы тостағанды столға қайта қойды,— менің әмірімді орындамаған, ата-бабасының әдет-ғұрпынан безген, тіл азар ұлды мен бұдан былай ұлым деп санамаймын:

— Олай болуға тиіс емес,— деп өтірік наразы болғансыды Джон шаһзада, қасақана таңданған түрмен.— Сондай ержүрек сері ата-бабасынан безген тіл азар бала бола қояр ма екен?

— Иә, солай, мәртебелім, Уилфред сондай боп шықты. Ол әкесінің үйінен безіп, сіздің ағаңыздың сарай нөкері боп алған жеңілтек ақсүйектерге қосылып кетті. Өзіңіз жоғары бағалап отырған, аттың құлағында ойнайтын фокусты да ол сонда үйренді. Альфред корольдің тұсында мұндай қылық тіл азарлық деп танылып, қатал жазаға бұйырылатын қылмыстың қатарына қосылушы еді.

— Әттегене, бекер болған екен! — деп Джон шаһзада, өтірік жаны ашығансып, күрсініп қойды. Егер сіздің ұлыңыз менің бақытсыз ағаммен бірігіп кеткен болса, онда әке сыйламағанды қайдан, кімнен үйренді деп сұраудың қажеті де жоқ.

Мұны айтып тұрған тағы Джон шаһзада, түйсінбестен; Генрих II барлық ұлдарының ішінде ешкімді тыңдамайтыны, әкеге бағынбайтыны, үлкендеріне тас атқаны кім десең, осы Джон шаһзаданы айтуға болар еді, қазір сол шаһзада ұялмастан біреуге ақыл айтқансып тұр.

— Менің естуінше,— деді ол тағы көлгірсіп,— ағам өзінің, сүйікті қызметкеріне бір үлкен, бай мекен сыйлаймын деген ғой деймін.

- Ол сол уәдесін орындаған да,—деді Седрик. – Менің ұлыммен жанжалдасқан бір үлкен себебім де осы, намысқа тиетін мендікерлік шарты болды; біздің ата-бабаларымыз ешкімге жалынышты болмай-ақ, мұндай мекен-жайды өздерінің заңды правосымен алып келген.

— Егер сол жерді біз Британия патшалығының сыйлығы ретінде қабылдаудан бас тартпайтын және оған жәбірленбейтін бір адамға бекітіп берсек, мархабатты Седрик, оған сіз қарсы болмайды екенсіз ғой, солай емес ие? — деді Джон шаһзада.— Ондай болса, Реджинальд Фрон де Беф мырза — деді ол сол арада баронға қарап,— Айвенгоның барондық мекен-жайына сіз ие болып тұра аларсыз деймін. Сонда ол жерді қайтадан иемденеміп деп Уилфред мырза да екінші рет әкесінің қаһарына ұшырамайтын болады.

— Антоний әулиеге табынып, уәде берейін,— деді қара қасты баһадұр,— сіздің мархабатыңызбен берілген мекенді, егер Седрик, не Уилфред, әйтпесе тіпті ата-бабасынан бері бектігі арылмаған ең мықты ағылшын тартып ала алатын болса, онда сіздің жоғары мәртебеңіздің мені саксқа санап жіберуіне ризамын.

Нормандардың ағылшындарды кемітіп айтқан әлгі сөзіне ыза боп қалған Седрик:

— Ал, барон мырза, бері қараңыз, егер сізді біреу сакс деп атай қалатын болса, онда мұны өзіңізге орынсыз берілген зор абырой деп біліңіз,— деді.

Фрон де Беф бұған қарсы жауап берейін деп еді, бірақ Джон шаһзада өзінің құдай берген жеңілтек, тасыр мінезіне салып, баронның сөзін бөліп кетті:

— Әрине, мырзалар,— деді ол,— инабатты Седрик дұрыс айтады: ата-бабаларының шежіре тізімінің ұзындығы жағынан да, плащтарының етегінің ұзындығы жағынан да олардың тұқымы бізге алдын бермейді.

— Ұрыс майданында да олар, ит қуған бұғыша, алдымызға түсіп алып зытады, — деді Мальвуазен, тәлкекті қағып әкетіп.

— Олар біздің алдымызда болуға да тиіс,— деді Эймер хазірет.— Көрдіңіздер ғой, мәнер, әдеп, сыпайылық жөнінде де олар бізге бәйгі берген жоқ.

— Оның үстіне асқа қанағат, мінезге сыр-сипат жағына да қосып айтыңыз,— деді де Браси, өзің сакстардан қалыңдық таңдамақшы болғаны есінен шығып.

— Гастингсте және басқа ұрыстарда көрсеткен олардың қажыр-қайратын қайтерсіз,— деп Бриан де Буагильбер тағы мұқатты.

Сарай маңындағы қызыл тілді қыздырмалар осылай күліп қойып, біреуі іреп, біреуі сойып жатқанда, Седрик ызадан жарыла жаздап әрең отырды, нормандардың бірінен бірі іліп әкетіп жатқан ащы қалжыңына бірден жауап беруге мүмкіндік болмағандықтан, өзін жыландай шаққан озбырларға кезек-кезек көзін қадап, ішқұса боп кете жаздады. Көп ит жабылып талаған жалғыз иттей, кегін кімнен аларын біле алмай, кеп ойланды.

Ақыры, кеудесі қысылып кеткен адамдай, екі иінінен демалып, өзіне тіл тигізуді бастап берген ең басты айыпкер Джон шаһзадаға қарап мынаны айтты:

- Біздің ұлтымыздың міні мен кемшілігі қанша, қандай болса да,— деді ол,— егер өз үйінде қойдан жуас қонақ ретінде отырған адамға, cіздің жоғары мәртебеңіз айттырғандай жаман сөздерге жол берсе, ол сакс өзің масқара болдым деп есептеген болар еді. Оның үстіне Гастингсте болған ұрыста біздің бабаларымыз қандай апатқа ұшыраса да, осыдан екі-үш сағат қана бұрын (осы арада ол Фрон де Беф пен ғымаратшының бетіне қарады) сакстың найзасының күшімен аттан ұшып түскендер ауыздарын ашпаса да болар еді.

— Құдай біледі, мынау табандатты!— деді Джон шаһзада.— Ал, қалай екен, мырзалар? Біздің бағынышты саксондарымыздың тілдері өткір, өздері батыр боп келеді. Заман не боп барады, бұл! Не дейсіңдер, игі жақсылар? Аспандағы күн ұрсын, осы кемелерге отырып алып, Нормандияға қайта тартып жүрмесек?

— Сонда сакстардан қорқып сөйтпекпіз бе? — деп де Браси күле жауап қатты.— Бұл қабандарды үйшігіне қуып тығу үшін аңшылардың шыбығынан басқа қарудың да керегі болмас.

— Жарайды, жетеді, әзіл бітсін осымен, сері мырзалар,— деді Фиц-Урс.— Ал сіз, жоғары мәртебелі тақсыр, мұндай әзілге шамданатын ретіңіз жоқ екен, құрметті Седрикке айтуыңыз керек, тегінде біздің тіл мен жаққа сүйенуіміз үйренбеген адамға жәбір болуы мүмкін ғой.

— Жәбір дейсіз бе?— деді Джон шаһзада, ештеңе көрмеген, білмеген кісідей, әп-әдепті бола қалып.— Мен өзім отырған жерде қонақты жәбірлеуге жол бере қоймаспын. Ал мен тостағандарды қайтадан толтырып, енді сол Седриктің өзінің денсаулығына ішемін, ол ұлының денсаулығына ішпесе, ішпей-ақ қойсын.

Сөйтіп, сарай маңындағы жарамсақтардың көпірме сөздерімен сылап-сипалған әркімнің денсаулығына арналған тостағандар қайта жағалап кетті, бірақ мұның бәрі Седрикке онша әсер ете алған жоқ. Жаратылысынан ол аса зерек адам болмаса да, көрінгеннің жетегінде кете қоймайтын сезімталдығы бар еді. «Ательстан Конингсбургскийдің денсаулығы үшін» деген шаһзаданың сөзін тыңдап алды да, ол жұртпен бірге ішіп салды.

Ал Ательстан өзіне көрсетілген құрмет үшін тек басын иді де, дәу тостағанды түк қалдырмай жұтып салды.

Қайта-қайта ішілген шараптан өзінің де басы айнала бастаған шаһзада енді былай деді:

— Ал мырзалар, біз өзіміздің сакс қонақтарымызға тиісті құрметімізді көрсеттік. Қазір құрмет көрсететін кезек солардікі. Құрметті мырза,— деді ол Седрикке қарап,— нормандарды онша жақсы көрмесеңіз де, солардың ішінен өзіңіздің ең болмаса қалыс қарайтын біреуінің атын атамас па екенсіз. Егер сол атты аузыңызға алғаныңыздан ерніңізде нашар дәм қалатын болса, оны бір тостаған жақсы шараппен шайып жіберерсіз.

Осы кезде Фиц-Урс орнынан тұрып, Седрик отырған креслоның арқалығына жақындап келді де, екі ұлттың арасында ауыз бірлік орнату үшін Джон шаһзаданың атын атап, қолайлы жағдайды пайдаланып қалуға тиіс екендігін сыбырлап жеткізді.

Сакс бұл елшілік ұсынысқа жауап қайырмады, орнынан тұрып, тостағанын толтыра шарап құйып алды да, шаһзадаға мынадай сөз айтты:

— Сіздің жоғары мәртебеңіз осы тойымызда аты аталуға лайықты норманды атасам екен деген тілек білдірді. Бұл маған аса ауыр міндет еді: өйткені бұл құлдың өз қожасын мақтап сөйлеуімен пара-пар, яғни шабыншылықтың бүкіл қасіретін тартып отырған табан астындағы халықтың төбесінде ойнап отырған жеңімпаз халықты мақтауымен пара-пар. Сонда да мен батырлардың бәрінен батыр, атақ-даңқы жағынан бәрінен жоғары, өз ұлтының ең жақсы, ең ізгі перзенті — бір норманды атағым келіп тұр. Егерде кімде-кім соның ез басының қадір-қасиетімен жеңіп алған атақ-даңқына мені бірге мойын ұсынудан бас тартса, оны мен өтірікші, арамза адам деп атап, өз ісім үшін өз өміріммен жауап беруге даярмын. Мен шарабымды Ричард Арыстан Жүрек үшін көтеремін!

Сакс өзімнің атымды атайды деп күтіп тұрған Джон шаһзада өзінің жер қылған ағасының атын естігенде қалтырап кетті. Шарап құйылған тостағанды алғашқы екпіні мен аузына апарды да, сонсоң столға қайта қоя салды, енді ол тосыннан жарияланған бұл тосты қалған қонақтар қайтер екен деп соны бақылай қалды. Бұл шарапты ішу де, ішпеу де бірдей қауіпті еді. Сарай маңындағылардың кейбіреулері, әсіресе жастары келген, тәжірибесі молдары шаһзаданың істегенін істеді, яғни тостағанды аузына апарды да орнына қайта қойды. Ал мінез-құлқы адал, ар-инабаты тазалары: «Король Ричард жасасын! Оның өзімізге тезірек қайтып оралуы үшін!»— деп ұрандап, шарапты ішіп салды. Енді кейбіреулері, соның ішінде Фрон де Беф пен ғымаратшы шарапқа мүлде қол созған жоқ, олар қабағы салбырап, орындарында сазарып отырып қалды. Бірақ заңды корольдің атына айтылған бұл ниетке ашық қарсы шыққан ешкім болған жоқ.

Өзіне-өзі сүйсінген Седрик енді серігіне мынаны айтты:

— Ал кетейік, құрметті Ательстан,— деді ол.— Өзінің меймандос тойына шақырған Джон шаһзаданың сый-сипатына тиісті сыбағасын қайырамыз деп біз осында отырып бақсақ керек. Біздің саксондардың қарапайым әдет-ғұрпымен танысам дейтіндер болса, ата-бабамыздың қара шаңырағына мархабат етуін сұраймыз. Король әулетінің той-томалағына тойып болдық. Нормандардың сый-құрметі бастан асып кетті.

Осыны айтты да ол залдан шығып кетті, оның соңынан Ательстан да, Джон шаһзада мен оның дос-жораларының мазағына намыстанған бірсыпыра сакс қонақтар қоса тайды.

Бұлар кеткен соң Джон шаһзада:

— Фома әулиенің аруағы ұрсып, бұл добал саксондар бүгін күндіз сайыста абырой алып кетіп еді, енді мына тойда да білгенін істеп кетті-ау!—деп өкінді.

— Couclamatum est, poculatum est — деді Эймер хазірет, яғни басқаша айтқанда толтыра ішіп, тойғанша шуылдастық, енді тостағандарымызға да тыныс беретін уақыт болды.

— Столдан асығыс тұрып кетіп бара жатқанына қарағанда, мына монах, сірә, бүгін түнде бір сұлуға түшкіргелі барады-ау деймін,— деді де Браси.

— Жоқ, күнәкер болмаңыз, сері, мен бүгін қалай да үйге жетуім керек,— деді аббат.

— Қаша бастады,— деп сыбырлады шаһзада, Фиц-Урска мұңын шағып.— Күні бұрын-ақ зәрелері ұшып кетті. Анау арамза имам алдымен безіп барады менен.

— Қам жемеңіз, патша-ағзам,— деді Вальдемар,— Йоркте жиналғанда, бізге қосылу керектігіне бәрінің де көзін жеткізетін дәлел тауып айта аламын... Тақсыр имам, атыңызға қонбай тұрып, менің сізбен оңаша сөйлесетін сөзім бар,— деді ол, енді Эймерге қарап.

Оның бер жағында бар қонақ тезбе-тез тарап кетіп жатыр еді. Қазір тек шаһзаданың партиясындағы адамдар мен оның малайлары ғана қалған.

— Сіздің ақылгөйлігіңіздің нәтижесі міне осы,— деді шаһзада, Фиц-Урсқа ызалана қарап. — Өз столымның басында бір маскүнем добал саксонның ақымақ қып кеткені анау, ағамның атын естісе болды, елдің бәрі мені бір алапес адамдай кәріп, безе қашатын болды.

— Сабыр, патша-ағзам, сабыр,— деді ақылгөйі,— сіздің осы ұшқалақтығыңыз менің жоспарымды жоққа шығарып, өзіңізді ақылға қонымды айланың шегінен шығарып әкетті деп мен де дауласа алар едім. Бірақ қазір бірімізді біріміз кіналайтын уақыт емес. Де Браси екеуміз қазірден бастап анау тұрақсыз су жүректерге барып, енді кейін шегінулеріңе жол қалған жоқ, сендер белшелеріңнен батып кеттіңдер деп, дәлелдеп көреміз.

— Одан енді түк шықпайды,— деді Джон шаһзада, бөлменің ішінде қатты толқып жүріп; бір жағынан ішкен шарабының әсерінен де жүйе-жүйесі босаңсып қалған еді.— Олар қабырғада жазылып қалған уағызды оқып көрді; құмның бетінен арыстанның ізін байқады; орманды күңіренте ақырып, келіп қалған арыстанның дабысын естіді. Енді олардың қажыр-қайратын қайта оятатын күш жоқ.

— Құдайым енді осының өзін қоян жүрек қорқақ қып жібермесін дей бер,— деп сыбырлады Фиц-Урс де Брасиға қарап.— Ағасының атын естісе-ақ болды, безгегі ұстағандай қалтырайды өзі. Жалғанда игілікті істе болсын, игіліксіз істе болсын, табансыз шаһзадаға ақылшы қыла көрмесін.

XV ТАРАУ

Қызық-ау! Ойлайды екен ол мені бір
Малай деп, қаруым деп қолға ділгір
Ойласын. Сол зұлымдық қылығынан
Тағдырдың туа қалған сұмдығынан
Өзімнің биік мақсат, арманыма
Кім маған қояр екен сонда кінә?
Жол салып шығармын мен.

«Базиль» трагедия.

Еңбекқор өрмекші өзінің жыртылып қалған өрмегін қайта орнына келтіру үшін қаншама әуресарсаңға түссе, Джон шаһзаданың берекесі қашқан сұрқия сыбайластарының басын қосу үшін Вальдемар Фиц-Урс та сонша арам терін аяусыз жұмсады. Шаһзаданың арамза тобырының ешқайсысы өз басын жақсы көргендіктен қосылып жүрген жоқ-ты, тек қана арам пиғылын іске асыруына көмектесіп жүргендер болатын. Сондықтан Фиц-Урс олардың көріп келген бас пайдасын естеріне салды, керек болса, тағы да белшесінен батыруға уәде берді. Бұзақылыққа салынып кеткен жас ақсүйектердің ойын-той, қыз ойнағына жол беріп, оларды сонымен қызықтырып қойды; қысқасы, баққұмарларды — әкімшілік, билік, дүниеқоңыздарды — байлық, дәулет, салтанатты мекен, кең жермен қарық қылмақ болды. Жалдамалы отряд бастықтарының құлқынына көкейлерін тескен ақшасын тықты, оларға ақша бермесең, басқаның бұты бір тиын еді. Сонда да шаһзаданың түлкідей айлакер агенті ақшадан гөрі құрғақ уәдені молырақ таратты. Сынаптан толқын тұрғандардың көңілдеріне жел бітіріп, қорқып қалған ездерді жігерлендіру үшін қолында бардың бәрін жұмсады. Ричард қайтып келді деген лақапты ол, қисыны жоқ өтірікке шығарып қойды; ал сыбайластарының бәрінен бұрын осыдан қауіптенеміз деген күдікті түрлеріне, былқылдақ жауаптарына қарап, қу елші соның арасынша әдіс-айласын өзгерте қойды; енді ол солай болған күнде несі бар, тіпті мұның саяси есебімізге ешбір әсері болмасқа тиіс деп қасқайып соқты.

Шаһзаданың елшісі саясатты енді былайша талдап берді:

«Егер Ричард қайтып келсе, ең алдымен өзімен бірге Қасиетті Жерге бармай қалғандардың есебінен қазір қайыршы боп, кедейленіп қалған крест жорықшыларын байыту үшін қайтып келеді. Ол өзінің жоқ уақытында мемлекеттің заңдарына, патша ағзамның өміріне қарсы айыпты болғандарды аяусыз жазалау үшін қайтып келеді. Ол Палестинадағы соғыстың кезінде француз королі Филиппті өзінен артық көріп, соның жағына шығып кеткен Ғымарат серілері мен иоаннит серілерінен кек алады. Қысқасын айтқанда, қайтып келген соң ол өзінің інісі Джон шаһзаданың барлық сыбайластарын опасыз сатқын ретінде жазалайды... Айтты-айтпады, оның құдіретінен неменеге зәрелерің ұшады? — деді шаһзаданың қулығы асқан оң қолы.— Оны біз батыр, қайратты сері деп білеміз, бірақ, бұл Артур корольдің тұсындағыдай, бір батыр қалың қолға жалғыз қарсы шабатын заман емес. Ал егер Ричард шын қайтып келген болса, оны жалғыз қалдыру керек... Оның соңынан іздеп келетін ешкім де жоқ. Серілерден құралған әскерінің сүйегі қурап, Палестинаның құмында қалды, ал отанына қайтып оралған бірлі-жарым серіктері болса, Уилфред Айвенго құсап қаңғыбас қайыршы боп кетті».

«Ричардтың таққа отыруға қақысы бар деген сөзді несіне айта бересіңдер?—деп сөзін соза түсті Фиц-Урс, істің осы жағынан жасқанатындардың бар екенін біліп.— Оны айтатын болсақ, шынында Жаһангер Вильгельмнің үлкен ұлы герцог Роберттың сондай қақысы жоқ па еді? Сайып келгенде, тақты оның кіші інілері — әуелі Уильям Шикіл, онан соң Генрих басып қалды. Ал Ричардты мақтағанда айтылатын жақсы қасиеттер Робертке де дарығанды: ол жаужүрек сері, өнерлі қолбасы, серіктеріне қолы ашық, жомарт, шеркеуге ынталы, жігерлі үмбет болатын; оған қоса крест жорығына қатысып, тәңірдің зияратын құтқарған. Міне, сол Роберт те Кардиф сарайында тұтқын боп отырып, көзінен айрылып, мүсәпір боп өлді, өйткені король болуын қаламаған халықтың еркіне қарсы шықты! Демек, король әулетінен жаралған шаһзадалардың ішінен,— деді Фиц-Урс,— жоғары мәртебелі әміршіге ең лайықтысын таңдап алуға біздің қақымыз бар... Басқа сөзбен айтқанда,— деп сөзін қайта жандандырды,— ол король болғанда, ақ сүйектердің пайдасын көздейтін болсын. Джон шаһзадаға қарағанда, Ричардтың жеке басының қасиеті артық-ақ шығар; бірақ Ричард қолына кекті семсер ұстап келгенде, Джон бізге шен-дәреже, билік, еркін өмір, байлық, сый-құрмет ала келді ғой; міне, ақ сүйектердің кімді қолдайтынын біз сонда білеміз».

Сөйлесіп отырған адамдарының ой-пікіріне үйлес келуді көздеп, тілмар шешен осы мәнзелдес қисын-дәлелдерді қоздатты-ай кеп; Джон шаһзадаға қосылып жүрген ақ сүйектерге оның келтірген дәлелдері тиісінше әсер етті. Джон шаһзаданы таққа отырғызу жөнінде үзілді-кесілді келісуге бас қосатын йорк қаласына олардың көпшілігі келетін болды. Еңбегінің нәтижелі болғанына көңілі көншіп, екінші жағынан өзі де әбден шаршап-шалдығып, Вальдемар Фиц-Урс кешке жақын Ашби сарайына қайтып оралды. Сарайдың бір залына кіріп келгенде, ол үстіндегі жақсы киімдерін шешіп тастап, келте жасыл камзол, сол іспетті шалбар киіп алған де Браси серіге кездесе кетті, де Брасидың басында — былғары тақия, белінде — қысқа семсер, иығында — аңшылардың мүйіз сырнайы, белбеуінде қыстырылған бір топ жебе, қолында — салалы садақ. Егер Фиц-Урс сарайдың сыртында жолықса, оны бір қарауылдағы номеннің бірі деп біліп, қасынан өтіп кете береді екен: ал залға кірген соң оған көз тоқтатып қарады да, ағылшын йоменінше киініп алған норман серісін танып қойды.

— Бұл не құқай, де Браси?—деді оған Фиц-Урс шамданыңқырап.— Көсеміміз Джон шаһзаданың тағдыры шешілейін деп жатқанда, дін мейрамындағыдай жасырынбақ ойнайтын уақыт па осы! Баяғыда «үмбет» деген сөзден жылаған баласы уанғаны сияқты, король Ричардтың жалғыз атынан зәресі ұшып отырған анау қоян жүрек қорқақтарға сен неге менімен бірге бармадың?

— Өз басыңыздың шаруасымен жүргеніңіз секілді, Фиц-Урс, менің де өз шаруам болды,— деді де Браси.

— Немене, мен сонда өз шаруаммен жүріп пе екем!— деп Вальдемар шап ете қалды.— Жоқ, шырақ, мен бәріміздің қорғанымыз Джон шаһзаданың жұмысымен жүрдім.

— Ашып айтқанда, сонда сен өз басыңның пайдасынан бөлек еш нәрсе ойладың ба,— деді де Браси.— Қой, бұл жағын жаба тұрайық, Фиц-Урс, біз біріміздің сырымызды біріміз өте жақсы білеміз. Сенің іздеп жүргенің — бақ, менің іздегенім — қыз-қызық, мұның екі жағы да біздің жасымызға лайық. Ал Джон шаһзада жөнінде екеуміздің пікіріміз бір. Ол — әмірлі патша болуға тым әлсіз, нашар; халыққа жағымды, сүйкімді патша болуға — ұзын сойыл, ұр да жық сотқар, қазан бұзар тентек; елге жаққан білікті патша болуға — аса өр көкірек, ожар; ұзақ, өмірлі патша болуға — өте табансыз, қорқақ. Жалғыз-ақ ол өз дәуірінде Фиц-Урс пен де Брасиды көтермелеп, қолын көкке жеткізетін патша; сондықтан сен оған саясатыңмен болыс, ал мен — ерікті жасағымның өткір найзасымен болысайын.

- Жақсы дос екенсің!—деді Фиц-Урс, разы болмай.— Нағыз толғағы жетіп тұрған істі ойыншыққа айналдырып жібердің! Шыныңды айтшы, осы ойыншық жасырынбақты не үшін істеп отырсың?

— Өзіме әйел тауып алу үшін,— деді де Браси міз бақпастан.— Вениамин ұрпағының салып кеткен жолымен.

— Вениамин ұрпағы дейсің бе? Нені айтып тұрғаныңды түсінгем жоқ!—деді Фиц-Урс қайтарып сұрап.

— Қалайша, кеше кешке жыраудың айтқан хикаясынан кейін Эймер имам бізге бір тарихты баяндап бергенде сен жоқ па едің?.. Ендеше оның айтқан хикаясы былай: ерте заманда Палестинада Вениамин руы мен Израиль халқының қалған руларының арасында қан төкпей бітімге келмейтін қастандық туады. Сөйтіп Вениамин әулеті екінші рудың барлық серілерін қырып тастайды, ал қырылған рудың тірі қалған ұрпағы қастасқан әулетінің тұқымына қыз алып, қыз бермеуге тәңірия анасының атымен ант қылады. Бірақ бірнеше замандар өткенде бұлар ант бергендеріне өкініп, ең әулие деген поптарына осы антымызды қалай қайтып алсақ екен деп, кісі салады; сонан соң әулие папаның берген кеңесі бойынша, Вениамин руының жастары бір ұлан-асыр сайысқа аттанып барып, сол сайыста болған ханымдардың бәрін алып қашып кетеді де, ханымдар мен олардың туған-туысқандарының ризалығына қарамастан, әйелді боп алады.

— Бұл тарихты естіген едім, бірақ менің білуімше, бұл оқиғаның болған уақыты мен мән-жайын не сен, не имам шатастырып айтқан.

— Ой, оның бәрібір емес пе! — деді де Браси.— Мен айттым ғой, қалай болса да, сол Вениамин тұқымының жолымен, әйел тауып алмақпын. Ашығын айтқанда, бүгін Ашбидан жүріп кеткен саксон тобырына шабуыл жасаймын да, олардан Ровена сұлуды тартып әкетемін.

— Не деп тұрсың, сірә, сені жын ұрған шығар!—деді Фиц-Урс.— Ойланшы өзің, бұлар қанша сакс десең де, дәулетті, беделді адамдар ғой. Өз ұлтының ортасында сый-құрметі зор; бұлардай атақты, текті сакстар саусақпен санарлық.

— Маған десе, біреуі де қалмасын. Ақырына дейін жаулап, бағындырып болу керек,— деді де Браси.

— Қалай айтсаң да, қазіргі уақыт мұның уақыты емес,— деді Фиц-Урс.— Бүлік жақындап қалды. Халықтың тілектестігіне ие болу керек. Есіңде болсын, халық алдында қадір-қасиеті бар адамдарды жәбірлегендерді Джон шаһзада кім де болса аямайды.

— Аямағанда не істегенін көрерміз! — деді де Браси.— Сайдың тасындай менің жігіттеріммен анау саксон иісалмастарында қандай айырма барлығын ол сонда біледі. Әрі-беріден соң мен өзімнің, аты-жөнімді әзір жария қылғалы да тұрғам жоқ. Шынында мен мына киіміммен мүйіз сыбызғыны ысқыртып жүрген қанды қанжыға жырыңды аңшыға ұқсамаймын ба? Мен соны білем, әйтеуір, барлық бәле Иоркшир орманында сайраңдап жүрген қанды балақ қарақшыларға жабылады. Бұл сакстардың қалай жүріп, қалай тұратындары менің қолымда, жансыздарым одан қате жібермейді. Бүгін олар Витольд әулиенің, яғни сакстардың өздерінше айтқанда, Трента қабағындағы Бертонда, Витольд әулиенің монастырінде түнейді. Ал ертең дәлме-дәл біздің бекініп жатқан жасағыңызға жетеді, сол жерде біз оларды үйрек-қаз ілген сұңқардай іліп түсеміз. Ол екі арада мен кәдуелгі өз киімімді киіп алып, күтпеген жерде кезіккен сылқым серіше, орман кезіп, жол тосқан ұр да жық қашқындарға пенде боп қалған бақытсыз сұлуды босатамын да аламын. Сөйтемін де оны Фрон де Бефтін сарайына жеткіземін, әйтпесе тіпті керек десең Нормандияға алып кетемін, ардақты аруды содан сакс туыстары, қашан Морис де Брасидың заңды зайыбы болғанша көре алмайтын болады.

— Несін айтасың, жоспарың жоспар-ақ,— деді Фиц-Урс.— Оны айтсаң маған осыны ойлап тапқан өзің емес-ау деген ол келіп тұр. Шыныңды айтшы, де Браси, кім үйретті мұны саған, және бұл жоспарыңа көмектесіп жүрген кім өзі? Мен білсем, сенің қарауыңдағы жасағың сонау Йорк маңында жатыр ғой.

— Егер тіпті құмар боп бара жатсаң,— деді де Браси.— Мұны ойлап тапқан Бриан де Буагильбер, бастапқы; ой өзіңдікі еді, Вениамин тұқымының бастан кешкен оқиғасын естіген соң, осы пікір ойыма түсе қалған. Ал Буагильбер менің шабуылыма болысады; ол өз кісілерімен қарақшы боп көрінеді, ал, мен, кейінірек өз киімімді киіп аламын да, олардан қызды айырып қалған кісі боламын.

— Енді құдай менің өзіме абырой берсін,— деді Фиц-Урс,— ал мына жоспарларың сендердің ақылға біткен бастарыңа дәл келіп тұр! Әсіресе, де Браси, сенің осы жоспардағы айлакерлігіңді айтамын да: сұлуды қадірі асқан одақтасыңның қолыңа беріп қоймақсың. Айталық, сенің қызды сакстардан тартып алатыныңа күманым жоқ, бірақ оны Буагильбердің тырнағынан қайтіп шығарып аласың? Ол деген дуалақты өзі шеңгелдеп жаман үйренген қыран емес пе, оның уысынан ажыратып алу қиынға түсер.

— Буагильбер шеркеуді тауап еткен ғымаратшы емес пе,— деді де Браси.— Оның әйел алмайтын анты бар, сондықтан ол маған қиянат ете алмайды. Ал егер ол де Брасидың болашақ зайыбына арамдық ойлайды Дейтін болсақ, онда аспандағы тәңірдің өзіңе ант етейін, ғымаратшы өзінің бүкіл ордені мен барлық әулие-әнбияларын артына байлап алса да, дәл мені өйтіп кеміте алмайды.

— Тегі, қалай айтсам да, менің ақылымнан ешбір береке шығатын емес,— деді Фиц-Урс.— Сенің бірбеткей томырық мінезің маған белгілі. Жалғыз-ақ менің сенен өтінерім: уақытты текке өткізбе, тек мынау орынсыз, ақылсыз ермегің тезірек аяқталсын.

— Маған сене бер, бірнеше сағаттың ішінде барлық істі тындырамын,— деді де Браси.— Айтылған Йоркіңе жігіттеріммен дер кезінде сау ете қаламын да, ойлаған ісіңді жеріңе жеткізіп шығуыңа көмектесемін... Ал менің серіктерім жиналып қалды ғой деймін:—қорада аттың дүбірі мен кісінегені естілді...— Сау бол. Нағыз сері екенімді көрсетіп, асқан арудың жылы шырайы мен жымыңдаған күлкісін ақтап алуға аттандым.

— «Нағыз сері» дейді!—деп Фиц-Урс оның сөзін қайталады, артынан қарап тұрып.-—Одан да аса маңызды істі тастап, ұшып-қонып жүрген көбелекті қуып кететін ақылы толмаған ойын бал асы демей ме екен. Иә, мініки, қандай адамдармен іс бастау керек және кім үшін? Әкесіне — тілазар ұл, ағасына — опасыз бауыр болған, енді мүмкін жақсылықты өтеуге жарамайтын патша-ағзам болмақшы ұшып-қонған жеңілтек, нәпсі құмар, бұзық шаһзаданы таққа отырғызбақшымын. Бірақ мұның өзі де менің қолымда дөңгелек ойнайтын құрал болуға тиіс қой. Ол ата-тегін айтып қанша мақтанса да, жалғыз-ақ менің бетіме қарсы келіп көрсін, өзіне қандай қатер төнгенін сол сағатында-ақ біледі.

Осы арада бұл мемлекет қайраткерінің ой-толғауын төрдегі бөлмелерден естілген шаһзаданың дыбысы бөліп жіберді:

— Құрметті Вальдемар Фиц-Урс!—деп ол дауысын шығарды.

Енді болашақ үкімет бастығы (түлкідей айлакер бұл норманның жетешек мәртебесі осындай болатын) бөркін алып, болашақ патша ағзамның алдына қарай жүгірді.

XVI ТАРАУ

Әлемнің әбігер-шуынан ең аулақта
Қасиетті тақуаның күндері өтті.
Дегендей тамақ хақтан, су бұлақтан
Төсеніп жатып жүрді мүк пен шөпті.
Адамнан безіп, жаттап құдай атын
Жүрді ол қаза қылмай мінәжатын.

Парнелл.

Болып жатқан оқиғаның бәріне бейтарап, селқос қарағаны үшін Қара Дәу атанған белгісіз серінің ақырында келіп сайысқа араласып, соның тағдырын шешіп кеткені оқырмандардың есінде шығар. Айвенгоға болысқаннан кейін, жекпе-жек аяқталған соң, сері майданнан іле-шала кетіп қалған, көрсеткен ерлігі үшін бәйгі бермек болғанда, оны ешкім іздеп таппаған. Кернайшылар мен жаршылар майданды азан-қазан ғып, құлақты сарсылтып жүргенде, бұл сері баяғыда-ақ орманға кіріп, ел жүретін даңғыл жолдарға соқпастан, солтүстікті беттеп, сапар шегіп бара жатыр еді. Ол үлкен жолдан бұрыс тұрған бір кішкентай асханаға түсіп, сонда түнеп шықты. Сонда отырып, ел кезіп жүрген жыраудан сайыстың немен біткенін білді.

Келесі күні таңертең сері ұзақ сапар шекпекші болып жолға шықты; кеше ол атын әлсін-әлі шалдырып, көп қинамай, тыныстатып келген еді, енді бүгін қанша жүрем десе де еркі бар-ды. Бірақ тоғыз жолдың торабынан шатасып қалды да, бастапқы мақсатын орындай алмады. ЬІмырт жабылар қарсаңда жолаушы Иоркширдың батыс жақ шегіне әзер жетті. Сол екі арада қараңғы түсіп қалды. Бұл кезде жолаушының өзі де, аты да қажыған еді. Енді қоналқы жерді ойлауына тура келді.

Бірақ серігінің қазіргі жеткен маңында қонатын жердің де, кешкі тамақтың да ыңғайы жоқ сияқты. Алысқа сапар шеккен серілердің басына түсіп тұратындай, енді бұған да бір-ақ жол қалды, атты тұсап, отқа жіберу, ал өзі бір еменнің түбіне жатып алып, сүйген жарын еске алып, ұзақ-сонар қиялға берілу. Бірақ Қара Дәуде сол сүйген жар дегеннің өзі де жоқ, болуға тиіс; әйтпесе, өзі ұрыс майданында қандай сабырлы болса, махаббатқа келгенде де сондай салқын қанды болғандықтан, әйелдің көркі мен еркелік назынан гөрі өзінің шаршап-шалдығуы мен бір тамағының мүддесі билеп кетті; бұған қарағанда, махаббат жөніндегі тәтті қиял қонатын жер мен кешкі астың орнын баса алмайды екен. Сондықтан ол өзінің осынша бір ит арқасы қиянға шығып кеткеніне қынжылып, айналасына өте көңілсіз қарап келе жатты; жүріп келе жатқан өңірінде шалғынды жер, малдың ізі, сүрлеу-соқпақтар жиі кездесіп келе жатса да, бірақ соның бәрін жайылған мал, я тағы бұғылар, не соларды қуған аңшылар шарлап, таптап тастағаны көрініп тұр.

Бұған дейін сері күннің бағдарымен жол шегіп келген еді; бірақ күн Дербишир жотасының тасасына түсіп кеткен соң жолдан адасып кету оп-оңай болатын. Әлде малшының күркесіне, не орман күзетшісінің үйіне кездесіп қалар ма екем деп, ол енді даңғыл жолға түсіп көріп еді. Одан да дәнеңе шықпады. Ақырында, өзінен қайран болмаған соң сері атына ерік беріп қоя берді. Дұрыс бағытпен жүру қажет болғанда ат жануардың керемет сезімтал келетінін ол талай-талай сынап көрген еді.

Мұздай темір құрсанған еңгезердей серіні ауырлап, босаңси бастаған жануар, тізгіннің еркі өзіне тигенін сезген соң аттың аруағы көтеріліп кетті: Бұған дейін үстіндегі сері шү-шүуге салып тебініп қалғанда, аты жалынышты дауыспен кісінеп қана қоюшы еді. Ал енді ерік өзіне берілген соң жарықтық құлағын қайшылап алып, жүрісін үдете түсті. Аттың өз бетімен түскен жолы бұрынғы бетінен күрт бұрылып кетіп еді, бірақ аттың бұл жолмен қасқая тартып келе жатқанын көріп сері де тізгінін тартпады.

Шынында ат сенімді ақтады. Соқпақ келе-келе кеңейіп, із көбейді, алдыңғы жақтан құлаққа шалынып тұрған қоңырау дыңғыры, осы жақын маңда бір кішігірім шеркеу, не бір тақуа жанның лашығы барлығын байқатты.

Содан көп кешікпей сері бір жазық жерге ілікті; жазықтың екінші жағы жел қажап, жаңбыр шайып кеткен, төбесіне қарасаң тақияң жерге түсетін биік құз-жартас екен. Жақпар тастардың жарығына тамырын терең бойлатып, тәпелтек емендер мен тікен жапырақты аласа ағаштар өсіпті, құздың беткейінде мәуелеп өскен ағаштардың мақпал жапырақтары жауынгерлердің дулығаларына тағылған қауырсындай желбіреп, табиғаттың өздігінен жасап қойған айбаты мен айбынына жарасымды көркемдік бергендей. Құздың етегінде, бір қабырғасы жартасқа жабысып, қол жетер жерде тиіп тұрған орманнан келтірілген, өңдемеген қалпында бөренеден құрастыра салған лашық үй тұр; бөренелердің ара-арасында ашық қалған саңылау, мүк аралас лаймен сыланыпты. Есіктің алдына бұтағынан тазаланып, жас қарағай қағылған, оның бас жағына крест таңбасына ұқсастырып, көлденең ағаш шегеленген. Құздың жырасынан сарқырап, мөлдіреген тұнық су жалпақ тастың бетіндегі табақтай шұңқырға құйылады екен. Жаратылыстың, жасап қойған бастауынан асқан су жазыққа құйылып, одан өзі шығарған арнамен сылдырай ағып, тиіп тұрған орманға жоғалып кетіп жатыр.

Сол бастаудың жанында шатыры құлаған кішкене шеркеудің жұрнағы қалыпты. Әйтеуір бір ерте заманда қалқиып тұрған аядай үйдің ұзыны он алты футтан, көлденеңі он екі футтан артық болмаса керек; төбенің төрт бұрышындағы келте де жуан тіректерге салмағын сала жасалған күмбез аласа шатырды көтеріп тұрғанға ұқсайды; шатыр құлап қалса да, бұрыштардағы екі бағана әлі орнында тұр екен. Көне шеркеушеге кіру үшін жасалған аласа есіктің маңдайшасын тастан қашап, дөңгелете иіп кеп, жайынның аузындай, ирек-ирек өрнекпен мәнерлеген екен; ерте заманда саксондардың үй салу өнеріне осындай ою-өрнек көп қолданылса керек. Әшекейлі есіктің үстінен төрт бағанаға көтертіп, шеркеушенің ең жоғары мінбері шығарылған, мінберде замананың зардабынан, жауын-шашынның зақымынан көгерген жез қонырау тұр. Бағана орман ішінде Қара Дәудің құлағына келген осы қоңыраудың дыңылы болатын.

Қоюлана түскен қараңғылықтың елең-алаңында жолаушының көз алдына келген, құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштық оның жайлы орын тапқанына зор сенім тудырып тұрғандай болды, өйткені орман арасына кеткен тақуа машайықтардың ең құрметті парызының бірі—түнге қалған яки жолдан адасқан жолаушыларға меймандостық көрсету болатын.

Енді сері біз баяндаған суреттерді бастан-аяқ көріп жатуға уақыт оздырған жоқ, аттан қарғып түсіп, өзіне қоналқа жер тауып бергені үшін саяхатшылардың қамқоры — Юлиан әулиеге алғысын жаудырды да, найзасының басымен лашықтың есігін тықылдатты.

Бірақ көпке дейін ешкім жауап бермеді. Әлден уақытта, әйтеуір, біреу тіл қатқандай болып еді, онысынан жақсылық шығатын тәріз көрінбеді.

— Ағып өтіп кет, тәңір нем мен Дунстан әулиенің құлына кешкі намазын оқуына бөгет болма,— деді бір қарлыққан жіңішке дауыс.

— Әулие тақсыр әкеміз,— деді сері, мен осы араның орманынан адасып келген бір ғаріп жолаушы едім, рақым жасап, меймандостық көрсетіп, сауабымды алып қалыңыз.

— Ізгі бауырым менің,—деді лашықтың иесі,— тәңірия анамыз бен Дунстан әулиеге ләзім болғандықтан, сол қайырым мен меймандостыққа мен өзім де мұқтаж боп отырмын, саған мен немді бермекпін. Менің қорек қып отырған асымды ит те ішпейді, менің жатқан төсегіме әр мырзаның ат қорасында тұрған аты осқырып қарайды. Онан да өз бетіңмен жүре бер, саған құдайым өзі рақым етсін.

— Осындай ит арқасы қиянда, және де мынадай көзге түртсе көргісіз қараңғыда мен енді жолды қайдан іздемекпін? Егер сен өзің адал ниетті христианин болсаң, есігіңді аш та, тым болмаса, қай жаққа қарай жүрерімді көрсетіп жіберші.

Христостың құлы болсаң, бауырымсың ғой, енді менің мазамды ала берме, тәңір жарылқағыр, сенен мен өтініп сұраймын!—деді машайық.— Онсыз да сен намазымды қаза ғып жібердің — бір pater екі aves және бір credo намазым өтіп барады, құдай ұрған күнақар басым, өзімнің берген антым бойынша, осыларды мен ай туғанша оқып болуым керек еді.

— Жол деймін! Жол көрсет маған!— деп ақырды енді сері.— Егер өзіңнен түк шықпайтын болса, ең болмаса жолды көрсетіп жіберсейіші!

— Жолды көрсету қиын емес,— деді машайық.— Соқпақпен жүріп отырып, орманнан шықсам, алдыңнан батпақ кездеседі, одан өтсең — өзен. Бұл күндері жауын-шашын болған жоқ, сондықтан одан өту қиын болмас деймін. Өткелден өткеннен кейін сол жақ қабақпен жүре бер. Жалғыз-ақ жардан құлап кетіп жүрме, өйткені жар биік. Тағы мен соқпақтың кейбір жерінің топырағы құлаған деп естідім. Содан өтсең тура тарта бересің...

— Бұл немене сонда — соқпақ та құлаған, жар да биік, өткел де терең, оның үстіне жол да батпақ!—деп сері оның сөзін бөліп жіберді.— Ал енді, машайық тақсыр, жүз жердей әулие-әнбия боп шықсаң да, мұндай жолмен сен мені түн ішінде шығарып сала алмайсың. Мен саған шындап айтамын... Өзің жұрттың құдайы зекет, бітірімен өмір сүресің, сондықтан адасқан жолаушыны қондырмауға қақың жоқ. Дереу есігіңді аш, әйтпеген күнде, құдай ұрсын, сындырамын.

— Ай достым, қой-сана, енді менің мазамды ала берме!— деді машайық.— Егер ашуымды келтіріп, қолда бар қаруымды жұмсауға мәжбүр етсең, онда өз обалың өзіңе.

Сол мезетте жолаушының бағанадан бері құлағына келіп тұрған иттердің ырылы мен қыңсылы, енді қатты арсылдап, абалауға айналды. Есікті күшпен сындырып кірем деген қаһарлы айқайдан қорыққан машайықтың іштегі иттерін айтақтап тұрғанын сері де сезді. Осыған жыны ұстаған сері есікті күшпен теуіп кеп жіберіп еді, лашықтың қабырғалары мен тіреулері селкілдеп кетті.

Жаңағыдай күштің екінші тегеурініне шыдай алмаған машайық:

— Сабыр ет, жолаушы! Кішкене тоқтай тұр, қазір-ақ өзім ашамын, бірақ оны қалай, немен жарылқайтынымды білмей тұрмын.

Соның арасынша есік ашылып кетті де, серінің алдынан ұзын бойлы, балуан денелі, үстіне пұшпағына түскен сабалақ жүндес ұзын шидем киген, кендір жіппен белін буған машайық шыға келді. Бір қолында — жаққан шырағы, екінші қолында ноян шоқпары бар. Сабалақ жүндес тайыншадай екі дүрегей төбет бөтен қонақты айт десе, ала түскелі екі жақта жалаңдап тұр. Бірақ шырақтың жарығы сыртта тұрған серінің дағарадай дулығасы мен алтын тақасына түсіп кеткенде, машайық алғашқы райынан қайтып жүре берді. Ол арсылдаған төбеттерінің ентігін басып, сыпайы мінезбен серінің үйге рақым етуін өтінді, есігін әуелде аша қоймаған себебін — қазір тәңірия анамызды да, әулие бабамыз Дунстанды да сыйламай кеткен, солай болған соң өмірін құдайға құлшылық ғыбадатпен, намаз-дұғамен өткізіп келе жатқан тақуа машайықтарды да керек қылмайтын ұры-қарылардан, қан құйлы қарақшылардың қорыққанынан осылай болды деп жуып-шайды.

Дегенмен, сері лашықтың жоқшылық күйін қарастыра келіп, оның ішінде төсек орнына бір қолтық кебу жапырақ жатқанын, жиһаз дегенде шала-шарпы өңделген тақтай стол мен екі отырғыш қана тұрғанын, одан басқа тәңірдің ағаш мұғжазасы бір дұғалық қана бар екенін тізіп айтты; ал енді осындай кем-кетік халіңізде ұры-қарылардан сескенбей-ақ қойсаңыз да болады екен; оның бері жағында сіздің мынау иттеріңіз адам түгіл, бұғыны да алып ұрғалы тұрған жоқ па,— деді Қара Дәу, машайықтың сөзіне шұбаланып.

— Бейбіт заман орнағанша, менің жалғыз-жарымдығымды қорғай тұрсын деп, иттерді әкеп қойып жүрген осындағы әлгі бір мейірімді орманшы ғой,— деді машайық.

Осыны айтты да ол шамдалдың орнына темірден майыстырып келтірілген бір текшеге шырақты орнатты, үш аяқты столды қазандыққа жақындатып қойды, сөніп бара жатқан оттың көзіне бірнеше шәрке отын тастап, скамьяны столға жақындатты да қолымен ымдап, серіні өзіне қарама-қарсы отыруға шақырды.

Бұлар столға жайласты да, бірқатарға дейін бір-біріне қозғалмай қарап отырды. Сірә, екеуінің де ойы—қазір өзімнің қарсы алдымда отырған адамдай мықты, баһадүр жанды тумысымда сирек көрген шығармын деп отырған болуы керек. Қысқасы, бұлардың қарама-қарсы ойлағаны осы еді.

— Аса ғыбадатты машайық,— деді сері, қожасын ұзақ анықтап қарап алғаннан кейін,— ақ ниетті ойыңызды тағы бір бөліп жіберуге рұқсат етіңіз, Сіздің әулиелік мейіріміңізден үш нәрсе сұрағым келеді: біріншіден, мен атымды қайда қоямын, екіншіден, менің кешкі тамағым не болады, үшіншіден, мен қайда демаламын?

— Мен саған ыммен жауап беремін,— деді машайық,— өйткені ыммен түсінісетін жерде сөз шығармауға дағдыланған әдетім бар.— Сөйтіп, лашықтың бір-біріне қарсы тұрған екі бұрышын көрсетті де: анау — сенің атыңның орны, мынау — өзіңнің төсегің, ал мынау — кешкі асың,— деді де сөзін бітіріп, ішінде екі уыстай бұршағы бар, ағаш табақты сөреден алып, столдың үстіне қойды.

Сері иығын қозғап қойды да, лашықтан тысқа шығып, алғашқы бетте байлаған ағашынан атын үйге кіргізді, сонсоң атты сылап-сипап, ер-тоқымын алды да, үстіне өзінің плащын жауып қойды.

Бейтаныс қонақтың атын сылап-сипап тарағаны, атты күткен кездегі мінсіз қимылы, сірә, машайықтың көңіліне жағып қалса керек. Орманшының атынан артылған пішен еді дегендей бірдеңені желеу қылып, әлдеқайдан бір құшақ шөп әкеліп, серінің атының алдына салды; сонсоң тағы бір қолтық кебу жапырақ әкеліп, оны серінің жататын бұрышына тастады. Сері машайықтың бұл құрметіне үлкен рақмет айтты. Осының бәрін істеп болғаннан кейін екеуі қайта келіп, табақтағы бұршақ тұрған столға отырды. Машайық латын тілінен бірнеше ауыз сөз ғана араластырып, бір ұзақ аят оқыды; дұғадан кейін тағы қабанның азуындай қылшылдап тұрған, аппақ, өткір тістерінің арасына үш-төрт бұршақты тастаған болып, қонағына үлгі көрсетті.

Қожасының үлгілі ісін қайталамақ болған сері алдымен дулығасын, сауыт-сайманын шешіп, бір шетке алып қойып еді. ІІІешіне келгенде қалың ақ сары шашты, қыран қабақты, қыр мұрынды, ақыл-ойы назарынан сәуле беріп, тұнық көкшіл көзі жайнап тұрған, шашынан гөрі қоңырқай мұрты әдемi аузының суретін шебер көрсеткен бір келбетті қаһарманды машайықтың алдына тартты; бұл жігіттің бүкіл келбеті қайратына ақыл-айласы тең біткен адамды көз алдыңызға әкеп тұр еді.

Қонағының ер көңілділігіне сондай ақ көңілімен жауап бергісі келетін машайық та бүркеншік күлапарасын сыпырып тастап, кемеліне келіп тұрған ер кісінің дөп-дөңгелек мінсіз басын жалаңаш қалдырды. Ұстарамен қырып жүретін тықыр басына қайратты қара шаш біткен. Кескін-нұсқасына қарағанда, бұл адам қан-сөлі қашқан, түсі суық монах та, тәркі дүние тақуа да емес. Қайта, қалың қара қас біткен иман жүзді, ақ жарқын беті, кере қарыс әдемі маңдайы бар, бұйра қара сақалды, ер тұлғалы, деген жігіт ағасы. Бет нұсқасы, мығым денесі құр бұршаққа қарап қалған кісі емес, жас ет пен дәмді сүрге жарып жүрген адамды көрсетеді. Машайықтың бұл сырын сері ашпай-ақ білді.

Сері құрғақ бұршақтың бір уысын зорға дегенде шайнап болып, таупықты қожасынан жеген тамағын жылжытатын сусын сұрады. Машайық оның алдына үлкен күрешкемен мөлдіреген тұнық су әкеліп қойды.

— Бұл суды Дунстан әулиенің бала шомылдыратын шарасынан әкелдім,— деді ол.— Бір күнде күннің шығуынан-батуына дейін ол даниялықтар мен британдықтардың бес жүз баласын шомылдырып, христиан дініне шоқындырған екен. Соның аруағына құлдық!

Осы сөзбен ол сақалды басын күрешкеге еңкейтіп, судан яуыз тиді.

— Инабатты әулие әкеміз,— деді сері,— сенің мына мандымсыз асың мен қанша қасиетті болса да, шөліңді қандырып жүрген татусыз-дәмсіз құр суың өзіңе тамаша жұғады екен. Жапан түзде, айдалада өмір сүріп, құрғақ бұршақ, құр суды қорек еткен адам дейтін емес, өзіңді жұдырықпен шоқпар сайысына салуға толық жарайтын адамсың ғой.

— Ой, құрметті серім-ай,— деді машайық,— сен де қарапайым қараңғы пенденің сөзін айтасың. Менің тәңірия әмірші анам, һәм және қамқор әулие бабам осы болымсыз асының өзіне бата беріп, құт-береке дарытып қойған жоқ па, баяғыда мұсылман патшасының жіберген тәтті-дәмді тағамы мен шәрбат-шарабынан бас тартып, Содрах, Мисах және Авденаг деген жеткіншектер сол батасымен береке дарыған қабық пен суды қорек етіп, күн көріп кетпеп пе еді, міне, менің тамағым да осындай.

— Әулие әкеміз,— деді сері,— шынында тәңір сізге бір керемет көрсетіп тұр екен, сондықтан біздей күнақар пендеңізге атыңызды айтсаңыз.

- Мені Копменхерст бірадары деп атауыма болады, өйткені бүкіл осы өңір солай атап кетті. Рас, осы атаққа әулие деген сөзді қосақтап қоятындар да бар, бірақ мен оны сұрамаймын, өйткені ондай дәрежеге мен лайық емеспін. Ал, сен өзің, ер жүрек серім, енді менің құрметті қонағымның аты кім болатынын айтпас па екенсің?

— Білгіңіз келсе айтайын, Копменхерстың әулие бірадары,— деді сері,— бұл өлкенің елі мені Қара Дәу деп атайды; бірқатары бұған Жалқау деген лақапты да қосып жүреді, бірақ ол лақапты қуып жүрген мен жоқ.

Мұндай жауапты естігенде, машайық күліп жібере жаздады.

— Байқадым, Жалқау Серім, сен өзің әрі есті, әрі зерек адам екенсің,— деді бірадар,— оның бері жағында сопының жаман-жәутік асы да саған ұнап отырған жоқ; мүмкін, сен сарайдың асып-төгіліп жататын молшылығына, ең болмағанда қаланың ішкен мас, жеген тоқ тұрмысына дағдыланған адам шығарсың... Есіме жаңа түсті, осы араның жомарт орманшысы маған мына иттерді әкеп, шеркеудің алдына атын байлап, шөп салып жүргенде, бір кәкір-шүкір азық-түлік қалдырып жатқан сияқты еді, қазір соны қарап келейін. Өзім ішетін ас болмаған соң, тағат-ғыбадатыма айналып жүріп, соны мен ұмытып та кете жаздаппын.

— Құдай біледі, ол бірдеңе қалдырған,— деді сері.— Сен өзіңнің күлапараңды сыпырып тастағанда-ақ білгемін, осы құжыранда бұршақтан тәуірірек тамақ барын. Енді сенің анау күзетшіңнің де ақкөңіл, аңқылдақ адам екені белгілі болды. Анау пышақтай тісіңмен тастай бұршақты қажап, құр суды қылқылдатып жұтып отырғаныңды көрген адамның сені бұл аттың жеміне қаратып, оған тоғырақ тамақ қалдырмауы мүмкін емес. Бар енді, күзетшіңнің қалдырған азығын әкел.

Машайық серінің бетіне байыптай қарады. Осы қонақпен сыр ашысу дұрыс бола ма деп, әрі-сәрі толқуда екені көрінді.

Ал серінің адал адамға лайық жарқын да жайдары беті бар еді, оның ағынан жарылып, жарқылдап күлгені құжыра қожасын еріксіз билеп, өзіне тартып әкетті.

Серімен үнсіз қарасып алды да, машайық лашықтың бір шетіне барып, көздеп қақас тұрған чуланның аузын ашты, чуланды ешкім байқай қоятын емес екен, оны айтсаң, тіпті шытырман сыры бар ыдыс еді. Сол жұмбақ ыдыстың ішіндегі қонырқай сандықтың түбінен ол мырыш тегенемен қойылған керемет үлкен пәремішті көтеріп алды. Бірадар тағамды столдың үстіне қойды, қонақ өзінің қанжарын суырып алды да, пәреміштің ішінде не бар екенін көру үшін, оның қабығын тіліп жіберді.

— Қалай, анау мейірбан күзетшінің келіп кеткеніне көп болып па еді?—деді, тағамның бірнеше жапырағын жеп жіберіп.

— Екі айдай болды,— деп машайық ойланбай айтып қалды.

— Құдай біледі,— деді сері,— сенің лашығыңда шын кереметтер болып тұрады екен! Осы пәреміштің ішіне салынған семіз бұғының осыдан бір-екі күн бұрын орманда заулап жүргеніне не деп ант-су іш дейсің.

Машайық ойланбай айтқан сөзінен ұялып қалды; қонақтың пәремішті еңсеріп бара жатқанына қарай түсіп, үн қата алмай, қор болып отырды. Өзінің тамақтан тағат етіп, нысап етіп қалғаны туралы аузынан шығып кеткен сөздерінен кейін қопақпен бірге ас ішу оған ыңғайсыз болды.

- Мен Палестинада болдым, бірадар мырза,— деді сері, бір мезгіл тамақты тоқтата қойып,— сондағы байқаған әдет-ғұрпымды айтайын, қонақ күткен әр үйдің иесі, ол тартып отырған тағамында уланып қалатын бөтен-бастақ заттың жоқтығына мейманының көзін жеткізу үшін, ол тағамды өзі де бірге жейді екен. Әулие адамды ондай арамдық жасайды деп,әрине, мен айта алмаймын, дегенмен, күншығыстың осы дәстүрінен үлгі алсаң, мен де саған зор алғыс айтқан болар едім.

— Сіздің орынсыз сақтығыңызды серпілту үшін, серім, мен өзімнің бұрынғы ғадетімнен бір жолға тая тұрайын,— деді машайық; сөйтті де, ол уақытта тағамға шанышқы берілмейтін болғандықтан, ол дереу пәреміштің ішіне саусағын салып жіберді.

Міне, сонымен, мұз еріп, арбасу тоқталғаннан кейін, қонақ пен үй иесі енді тағамды қайсысы жегіш екенін дәлелдеуге тырысып кетті, қонақтың көп уақыт ораза-ауыз отырып қалғанына қарамастан, машайық одан анағұрлым көп жеп қойды.

— Әулие бірадар.— деді сері, тамағы тояттап болғаннан кейін,— осындай тамаша аң етімен сыйлаған сонау ақ ниетті күзетшінің тағы сондай керемет пәремішті жылжыту үшін бір бөтелке шарап не болмаса кішірек кеспекпен қанар шарбатын қалдырып кеткеніне сен ділда тіксең, мен атымды бәске тігер едім. Сендей жинақы қанағатшылдың ойында мұндай ұсақ-түйектің қалмауы, әрине, мүмкін емес. Менің білуімше, сен әлгі үңгіріңді жақсылап тінтіп көрсең, бұған өз көзің де жетеді.

Машайық енді мырс етіп күлді де сандығынан жарты шелек шарап сыйғандай тері торсықты суырып алды. Сонан соң ол буйволдың мүйізінен күмістеп істелген екі үлкен тостаған әкелді; бұдан соң именетін ештеңе қалған жоқ қой дегендей ғып мүйіз тостағандарды шөпілдетіп құйды да, сакстардың әдеті бойынша: «Сенің саулығыңа, сэр Жалқау Сері»,— деп түбіне дейін түгел ішіп алды.

— Сенің саулығыңа, Копменхерстың әулие бірадары,— деп өз кезегін сері де босатып салды.

— Біле білсең, әулие бірадар,— деді сері осыдан соң,— сен сияқты балуан денелі азаматтың және тамақты жақсы ішетін жігіттің осындай алыс түкпірде жалғыз тұрғаныңа менің тіпті ақылым жетпейді. Меніңше, сенің қалған-құтқан қабықты жеп, құр сумен күн көргенше, әйтпесе, қайдағы бір күзетшінің қайыр-садақасын қанағат тұтқанша, кең сарайда тұрып, жылы-жұмсаққа тойып, таңдаулы шарапты аузы-мұрныңнан шыққанша сіміріп-ақ жүретін жөнің бар... Мен сенің орныңда болсам, корольдің саят жасайтын аңдары мен құстарын аулап, қызықты ермек тапқан болар едім. Осы орманда .жайылып жүрген ашулы аңдар аз ба, маған салсаң, сол бұғыны Дунстан әулиенің ғыбадат тұтып жүрген тақуасынан ешкім де көрмейді.

– Жалқау Серім,— деді бірадар,— айтып отырғаның қатерлі сөз, мұндай сөзді аузыңа алмауынды сұраймын. Мен король мен заңның алдында жауапкер нағыз машайықпын. Егер әміршімнің аңына қиянат қылсам, онда отыратын орным түрме, оны айтсаң, тіпті үстімдегі монах шапаны алып қалмаса, дарға асылып та кетуім ықтимал.

— Сонда да,— деді сері,— сенің орныңда мен болсам, орманшылар мен күзетшілер шырт ұйқыда жатқан кезде айдың жарығымен орман аралап, дұғамды ыңылдап айтып жүрер едім де, көк арай шалғында жайылып жүрген теңбіл бұғының табынына садақты тартып кеп қалған болар едім... Менің көңілімде тұрған түйткілді шешіп жіберші, әулие бірадар: осындай іспен, сірәда, айналысып көрген жоқсын ба?

— Достым Жалқау,— деді бірадар,— менің шаруашылығымда не бар, не жоқ, бәрін де біліп болдың, тіпті зорлықпен басып кірген озбыр қонаққа ләзім болмаған нәрселерді де біліп алдың. Енді менің сөзіме қанағат қыл, құдайдың нәсіп еткен ырзығынан пайдалан да, ненің қайдан келіп жатқанын білейін деп әуре болма. Мархабат, өзіңнің тостағаныңа толтырып шарап құйып ал, бірақ, тәңір жарылқасын, бұдан былай маған оспадар сауал беруші болма. Егер оған көнбесең, мен рақым етпегенде, бұл жердей баспана таппайтыныңды әлде де көрсетемін.

— Құдай ұрсын, мына сөзің мені тіптен құмарландырып жіберді!—деді сері.— Мен білген машайықтардың ішінде, сен ең жұмбағы боп қалдың. Ажыран боп кеткенімізше, менің жақсылап танысып, білісіп алғым келіп отыр. Ал енді сенің қоқанлоқыңа келсек, біліп қой, әулие тақсыр, менің кәсібімнің өзі қатер қайда болса, соны іздеп, тауып жүру болып табылады.

— Ал, Жалқау Серім, сенің саулығыңа ішемін,— деді машайық.— Мен ерлігіңді жоғары бағалаймын, бірақ сыпайылығың жөнінде көңілім қалып қалды. Егер екеумізге бірдей қарумен алыспақ болсаң, мен сені досжар, бауырлас адам есебінде, басы артық құмарлық деген күнадан бүкіл он екі ай бойы жоламайтындай ғып сазайыңды тартқызамын.

Сері шарабын машайықпен бірге көтеріп қойды да, алысатын қаруын таңдауды өтінді.

— Дәлиланың қайшысы мен Ианлидің бір тиындық шегеciнен бастап Голиафтың семсеріне дейін,— деді машайық,— менің сенімен пара-пар келмейтін қаруым жоқ... Ал енді қару таңдау кезегін маған бере қалған екенсің, досым, онда мынадай бір асай-мұсай туралы не айтар екенсің?

Осыны айтты да, ол тағы чуланды ашып, одан кәдуелгі йомендер асынып жүретін екі бірдей наркескен мен екі қалқанды суырып алды. Оның аяқ басқаның бақылап отырған сері, бұл құпия чуланда екі, я үш мерген садағы, арбалет, сымбалдан байлаған бір топ нысана және жебесімен алты қорамсақ жатқанын көрді. Діни адамдарға үш қайнатсақ сорпасы қосылмайтын бөтен заттармен қатар, чуланның ең түбінде жатқан арфаны да серінің көзі шалды.

— Ал, бірадар бауырым, енді қайтып саған көңіліне келетін сауал қоймауға уәде беремін—деді сері.— Менің шкафтан көріп тұрған заттарым ешбір күдік қалдырған жоқ. Оның үстіне тағы бір нәрсе көріп тұрмын,— деп ол, чуланға өзі еңкейіп арфаны көтеріп алды.— Енді сенімен семсермен алысқанша, мына қарумен жарысқаным әлдеқайда артық.

— Менің ойымша, серім, сені Жалқау деп әбес атап жүр ғой деймін,— деді машайық.— Шынымды айтсам, сен маған өте сезікті адам көрініп қалдың. Бірақ сен маған қонақсың, сондықтан өзіңнің қалауыңнан бөлек нәрседен мен сені сынға салмай-ақ қоямын. Ал енді отыр да Тостағаныңды толтырып ал, ішеміз де ән саламыз, көңіл көтереміз. Білетін жақсы әнің болса, Дунстан әулиенің шеркеуінде имам болып мен тұрғанда, әр қашан Копменхерстың сүйікті мейманы боласың, тәңірім жазса, ол бұйрық шеркеудің сүр шекпенінің орнына, тәнімді жасыл шым жасырғанша, ол солай болады. Сен неге ішпей отырсың? Іш те тостағанды толтыра құй, қазір мынау арфаны күйіне келтіріп болғанша, бір заман өтеді. Даусыңды шырқатып, саңлағыңды көкке көтеретін дүниеде шараптай шипа жоқ. Өз басымды алсаң, саусағымның басына дейін шарап шалқытқанын жаным сүйеді; ал сонда арфаны мен бармағымның басында ойнатамын.

XVII ТАРAY

Кәнігі мекен қуысымда
Оқимын кітап кешкісін,
Ырысым да сол, туысым да,
Үйреткен тірлік ныспысын,
Әулие сөздер бар онда,
Өшіріп қойып шырақты,
Түн жарымы болғанда
Салауат айтам бір тәтті.
Ермектен, ерігуден кім безбеген,
Ер бар ма таяқ ұстап ел кезбеген,
Қарбалас, қараталас ит тірліктен
Бәрі де тыныштық аңсап, жөн көздеген.

Уортон.

Қонақ меймандос машайықтың айтқанын екі етпей орындады, бірақ арфаны күйіне келтіріп алғанша көп машақаттанды.

— Менің ойымша, әулие перім,— деді ол,— арфаның бір шегі жетпейді және өзге шектерінің де күйі нашар.

— Оның рас, қайдан біле қойдың? — деді машайық.— Байқаймын, өзің осының шебері екенсің. Шарап пен алма арағының кесірі ғой,— деп маңызданып, көзін көкке көтеріп қойды.— Мұның бәрі шарап пен алма арағының істеген пәлесі. Теріскей өлкеміздің жырауы, Лощинадағы Алленге айтқан ем, болмады, заты, жеті тостағаннан соң арфаны қолға алудың қажеті жоқ, достым, сенің айтқан жақсы әнің үшін.

Осыны айтып ол тостағанын босатып салды, бірақ көпке дейін әлгі шотланд жырауды есіне алын, басын шайқап қойып отырды.

Бұл уақыттың ішінде сері аспаптың шектерін жөнге келтіріп, біраз құлақ күйін ойнап алғаннан кейін, машайыққа тағы не ұнайтынын сұрады: ок9 тілінде сирвентаны10 я уа тілінде лені, жоқ әлде ағылшынның қарапайым халық тілінде виреле11 болмаса баллада айтып берейін бе? — деді сері.

— Баллада айт, баллада,— деді машайық.— Француздың түрлі шәлдүрік-шүлдірігінен сол артық. Мен барып тұрған нағыз ағылшынмын, серім, менің пірім Дунстан әулие қандай ағылшын болса, мен де соның өзімін, кезінде ок, уа деген шатпақтарыңнан ол да безген шығар. Менің құжырамда тек ағылшын әні рұқсат етіледі.

— Ал жақсы,— деді сері,— ендеше мен Қасиетті Жерде болғанда үйренген, бір сакстың шығарған балладасын айтайын.

Байқай келсек, серінің өзі даңғыл жырау болмаса да, оның талғампаздығы белгілі өнерпаз ұстаздардың ықпалымен дамыған екен. Табиғаттан жуан боп дарыған және аса биік шарықтап кетпейтін дауысы жақсы музыкалық мектептен өткен. Сондықтан серінің жап-жақсы әніне машайық түгіл одан да талғампаз сыншы да мін таға алмайтындай еді; сері әнді біресе созып, біресе екпіндетіп, жақсы мәнермен салды, әннің өлеңіне зор мағына, күш-қуат беріп, сөзін анық шығарды.

КРЕСТ ЖОРЫҒЫНАН ҚАЙТҚАН ЖАУЫНГЕРДІҢ САЛАУАТЫ

1
Палестинадан оралды ол
Әскери даңққа оранып
Дауылды сапар, боран жол
Бәрінен өтіп, сау қалып,
Асынған крест жығылмай,
Ақ болат сауыт қырық жерден
Тесілсе де суынбай
Аман да есен бұл келген
Қызарып күндер батарда
Бұлыңғыр аспан тартарда,
Сүйікті әнін шырқайды ол
Жаңғырып даусы жапанда.
2
Сүйгенім менің! Жат елден
Оралды батыр ғашығың
Олжам жоқ, бірақ әкелген
Бар байлығы басымның —
Тұлпарым аман, семсер сау,—
Аяқта жатты есер жау
Сол үшін маған, қалқашым,
Сыйлығың болсын орасан —
Жарқырап жақсы қарасаң,
Жарқын бір күлкі сыйласаң.
3
Ғашығым менің! Сенімен
Майданға кірдім сұрапыл.
Салтанат сарай төрінен
Қошемет көріп тұра тұр
Сені айтып сонда жар салар:
«Жүрек біткеннің алласы,
Сол үшін тынбай соғысып,
Кесілді ерлер сан басы.
4
Ол қолдаған қылыштың
Дәрмені асып сонда тым!
Күйеусіз қалды сан қатын
Сұлтан да тапты ажалын.
Жар бола алмай Мұхаммед,
Төгілген шашы cap жалын
Аруақты ердің бұтағы ед
Қырылған адам шаштан кеп,
Қан сасыған аспан көк!»
5
Ғашығым менің! Жеңістің
Абыройын саған сыйладым.
Түн басты міне жер үстің,
Есігіңді аш, сүй, жаным,
Сирияның үйренген
Аптабына бұл денем
Суықтан мынау жиренген
Аш кірейін, үйге мен
Сөзімде, сірә, жалған жоқ
Махаббатқа даңқымды
Сый ғып тартсам арман жоқ.

Әннің үстінде машайық жада операның алғашқы ойынында отырған кәнігі сыншы секілді болды. Ол орындықтың арқалығына шалқая отырып алып, көзін жұмды да, біресе саусақтарын шыр айналдырып, біресе қолын жайып күйдің әуенімен қоса ырғалды. Ән әуені шарыққа шығып, серінің дауысы оған жетпей жатқандай боп көрінгенде, өзі бір даңғыл жүйрікше, әнді қосыла көтеріп әкетіп отырды. Баллада айтылып болған кезде, тәркі дүние дуана ән де жақсы, айтылуы тіптен тамаша деп үзілді-кесілді баға берді.

— Жалғыз-ақ менің саған айтайын дегенім мынау,— деді ол.— Менің ойымша, отандас сакстарым көп заман нормандармен бірге өмір сүргендіктен, әнді де соларға еліктеп мұңға айналдырып жіберген сияқты, әйтпесе ән ардақты серіні үйінен неге кетіреді. Ол жоқта сонда сүйген жарының бақ күндес жігітіне тиіп кетпесіне кім кепіл? Мұндай жағдайда жігіттің ғашықтық өлеңі деуші ме едіңдер — тағы не деуші едіңдер, ондайды — қысқасы, сұлу сол ғашықтың өлеңіне пысқырып та қараған жоқ — мысалы, ол ит үрді — керуен көштінің көбі болып қалып қойды... Сонымен, ардақты серім, сенің саулығың үшін, жарын сүйген опалы жігіттің саулығы үшін ішемін.— Қайта-қайта жақсы лебіз айтып іше бергендіктен, сері басының айналып бара жатқанын сезіп, өз тостағанына шараптың орнына; құмырадан су құйып алған еді. Соны байқап қалған машайық:— Мен сені ондай емес қой деп ойлаймын,— деп шарабын тағы көтерді.

— Қалайша, бұл суды өзіңнің пірің Дунстан әулиенің қасиетті бастауынан деп айтқан өзің емес пе едің?—деді сері.

— Солай екені солай,— деді машайық,— бұл сумен ол мәсүйлерді жүз-жүзден шоқындырған. Бірақ осы суды өзінің ішкенін еш уақытта естіген емеспін. Бұл жалғанда әр нәрсенің өз орны, өзінің атқаратын міндеті бар. Сірә, Дунстан әулие шат көңіл монахтың да артықшылығын бізден кем білмеген болу керек.

Осы сезбен ол арфаны қолына алып, ағылшынның дерридаун деген ең ескі, көпке мағлұм хор әнінің мақамына келтірді де, қонақты мынадай бір қызықты жырмен еліктіріп әкетті. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл ән ағылшындар мен сакстардың жеті мемлекет болып тұрған дәуірінен де арғы, тіпті көне заманда айтылған деседі; сірә, бұл баяғы бағы заманда орманға жидек теруге бара жатқан абыздарды мадақтап айтқан ән болса керек.

ЖАЛАҢ АЯҚ МОНАХ

1
Сан жыл бойы сапар шегіп шет жерде —
Испания, Византия кезсең де
Сен таппайсың сонша жұртты танаптан
Бақытты адам жалаң аяқ монахтан.
2
Әйел үшін жау іздеген ерлер де
Жарадар боп, жан тапсыра келгенде,
Жары жылап, болған кезде дүние тар,
Жалаң аяқ монах қана жұбатар.
3
Талай патша ұлық-шенін тәрік қып,
Монах болып, ғұмыр кешкен ғаріптік,
Патша болсам екен деген монахтың
Бірде бірін көргенім жоқ — міне антым.
4
Бұл өмірде монах еркін бір тұрар,
Өзге мүлкін өзінікі тұтынар
Қайда барса жалаң аяқ монахты
Жібереді күтіп-сыйлап қонақ қып.
5
Барын соған қояр сақтап жұрт әмән.
Оған әзір тәтті-дәмді бір тағам.
Ортасында шалқып сыйлы қонақтың
Отырғаны жалаң аяқ монахтың,
6
Астан кейін салқын сусын сораптап
Жатар болар төсекке де ол аппақ.
Қуып шығар иесін де «үй тар» деп,
Жалаң аяқ монах тиыш ұйықтар деп.
7
Жасасын менің киімімнің жыртығы.
Рим папа, өшсін діннің қырсығы.
Райхан гүлді тікеннен үрікпей үзетін,
Үзетін де, иісіне қанатын
Meн ғанамын, жалаң аяқ монахпын.

— Шындығында сен бір жақсы, көңілді ән салдың, әрі өзіңнің атыңды да ақтап шықтың,— деді сері.— Айтпақшы, осының ішінде сен шайтанды да айтып өттің ғой, бірадар тақсыр: бір күні осындай пендешілік сайраныңның үстінен шығып қалар деп қорықпайсың ба?

— Пендешілік дейсің? Пенде деп отырғаның мен ғой сонда?— деп машайық шамданып қалды.— Мен құдайдың құтты күні ғыбадат тұтып, бес рекағат намазының бірін қаза қылмай оқып отырамын.

— Тек аң аулауға шығатын айлы түндерден басқа күндері дейтін шығарсың,— деп қойды қонақ.

— Exceptis excipiendis12,— дейтін мұндайда менің қарт ұстазым, кейбір оспадар пенденің шариғат заңдарының бәрін бірдей орындап отырасың ба деген сауалына осылай деп жауап беруді үйреткен еді жарықтық.

— Мұның солайы солай ғой,— деді сері,— бірақ шайтан деген әдейі қас қылғандай, сондай бір кезеңдінің кезін аңдып жүреді ғой. Өзіңе белгілі ол, ырылдаған арыстанша, қай жер болса, сол жерден шыға келеді емес пе.

— Ырылдамаса, арсылдап кетсін,— деді монах.— Дунстан әулиенің көсеуінен қандай шыңғырса, менің арқанымнан да сондай шыңғырады ол. Осы жасымда ешбір жаннан қорқып көргем жоқ—сол сияқты, мың дию-перісін ертіп жүрсе де, ешбір шайтаннан айылымды жимаймын. Дунстан әулиенің, Дубрик әулиенің Винибальд, Винифред әулиелердің, Суиберт, Уилик әулиелердің һәм және Кенттегі Фома әулиенің қайыр-дұғасында, өз басымның құдайға құлшылық еткен азды-көпті тағатымды қоспай-ақ, мен шайтанның құйрықтысын да, құйрықсызын да пысқырмаймын. Алайда, досым, оңашада өзіңе ғана айтып қойғаным, таңғы ғыбадаттың алдында мен мұндай нәрселерді еш уақытта есіме алмаймын.

Сонан соң машайық әңгіменің бетін басқа нәрсеге аударып жіберді де, ішкілік сайраны бірден-бірге жалғаса берді. Мәслихаты жарасқан екі дос бұл уақытының ішінде талай-талай әндерді де айтып тасаған еді, дәл осы жерде бұлардың шат-шадыман мерекесін лашықтың есігін қатты қаққан дабыр-дұбыр бұзып жіберді.

Бұл кедергінің неден болғанын хикаямыздың басқа кейіпкерлеріне оралғанда апта жатармыз, өйткені, Аристо ақсақалдың салған жолы бойынша, бір ғана қаһарманмен шектеліп отырып қалмай, оқиғаға қатысы бар адамдар мен жай-жағдайының өзгеріп отырғанын біз де жақсы көреміз.

XVIII ТАРАУ

Алға! Сонау аңғарлар, ойпат, жазық,
Киік жортқан төсінде баурын жазып,
Бала марал соңынан бүкеңдеген,
Ойында жоқ еш кімнен үркем деген.
Алып емен айқасқан бұтақтары,
Күн сәулесін көрмеген соқпақтары.
Алға! Сонау соқпақпен шұбырарға,
Алтын аспан тағында күн тұрғанда,
Жолдық меңіреу жақсы ғой үрейлісі,
Жарығы әлсіз жұлдыздың жүдеулісі.

«Эттрик орманы».

Седрик Сакс Ашбидың майдан алаңында ұлының ессіз-түссіз құлап түскенін көрген бетте, оған өз адамдарын жіберіп, күту жасату ниетінде болып еді, бірақ ол ниеті соңынан кеңірдегіне тіреліп, аузынан шықпай қалды. Өзінің үйінен қуып, мұрагерліктен айырған ұлын осынша жұрттың көзінше қайтадан бауырына тартып, қабыл алуға Седриктің батылы бармады. Сөйткенмен, оны көзінен таса қылмай, қалың тобыр тараған соң, бір-екі мендікер құлдың көмегімен, Ашбидан алып шығуға Освальдқа бұйрық берді. Бірақ Освальд бұл бұйрықты орындауға үлгірмеді: көпшілік тарап кетсе де, серіні ол еш жерден көре алмады.

Седриктің жігіті жас мырзасының қайда жоқ боп кеткенін білмей, жан-жағына жалтақтап қарай берді, қыршын жас серінің әлгінде ғана жатқан жеріне келіп, орнында ұйып қалған қанды көрді, ал серінің өзі ұшты-күйлі жоқ боп шықты: тап бір сиқыршылар бір жаққа жасырын алып кеткендей. Айвенгоның күтпеген жерден ғайып боп кетуін Освальд дәл осылай көйітіп келер ме еді, әлде қайтер еді (өйткені қайдағы жоққа нанғыш ырымшыл келетін); бірақ сол арада ойламаған жерден жарақшы боп киініп алған бір адам көзіне жылы ұшырай кетті, сөйтсе, бұл өзінің жолдасы баяғы Гурт екен. Жас мырзасының тұтқиыл жоқ боп кеткенінен есі шығып, адал малшысы өзінің жасырын қашып жүргеніне қарамастан, оның шарқ ұрып іздеп жүр еді. Ал Освальд қашып кеткен құлды ұстауға міндеттімін деп біліп, оның тағдырын қожасының сотына тапсыру үшін Гуртты өзінен қалдырмай ала жүрді.

Жолшыбай келе жатып, Освальд Айвенгоның қайда кеткенiн көрмедіңдер ме деп, кездескендердің бәрінен сұрастырып, келе жатты. Ақырында біреулер оған жақсы киінген бірнеше . малайдың жаралы серіні осы сауыққа келген бір ханымның зембіліне ептеп көтеріп салып, бірден шарбақтың сыртына шығарып әкеткенін айтты. Осы хабарды естіп алған соң Освальд қожасынан жаңа әмір алу үшін қайта тартты, өзімен қоса қашқын малай Гуртты да ала кетті.

Седрик Сакс ұлы жараланып қалған соң не істерін білмей, сандалып отыр еді. Оның елін сүйген сакстық табандылығы әкелік сезімімен арпалысып, екі дай ғып қойды. Дегенмен табиғат үстем боп шыққан секілді еді. Бірақ Айвенго досжар адамдарының қамқорлығында екен деген хабарды естісімен, мұны «Уилфредтың әке сыйламағандығы» деп тауып, бұрқан-талқан болды да, әкелік сезімін қорлану, намысқорлық сезімі билеп кетті.

— Мейлі, сол бетінен қайтпасын,— деді ол.— Кім үшін жараланса, солар-ақ емдесін. Отанымыздың баяғыдан бергі ескі қаруы — семсер мен айбалтаны қолына алып, ағылшын ата-бабаларымыздың атақ-даңқы үшін алысудың орнына норман серілерінің ойлап тапқан ойыншықтарымен әуестеніп алды, енді сол бетімен жүре берсін.

Седрик осы сөзді айтқанда Ровена да сонда тұр еді.

— Егер ата-бабаларының атақ-даңқын қолдау үшін кеңеске дана, ұрысқа батыр болса, егер өзі барлық жүректілерден жүректі, ізгілерден ізгі болса, онда соның әкесінен басқа, кім оны теріске шығарар екен...

— Сөйлемеңіз, Ровена бикеш! Мен сіздің сөзіңізді тыңдамаймын! Онан да шаһзаданың кешкі жиынына даярланыңыз. Осы жолы ол Гастингсте болған қаралы күннен бері сакстардың естіп-білмеген сый-құрметін көрсетіп, арнап шақырып отыр. Қазірден бастап мен соған жүремін, тіптен сол тәкаппар нормандарға ұлымның тағдыры үшін қайғырмайтынымды, олардың ең батыр деген серілерін бүгін жеңіп шықса да, оған мен асып-таспайтынымды көрсету үшін қасақана барамын.

— Ал мен онда бармаймын,— деді Ровена бикеш.— Және сіздің сақтануыңызды өтінемін, өйткені сіздің табандылық, ерлік деп жүргеніңізді жұрт тасбауырлық деп түсінуі мүмкін!

— Ендеше үйде қала бер, рақметсіз неме!— деді Седрик,—Езіліп, қорлық-зорлық көріп отырған халқыңның игілігін өзіңнің бос далбасыңа, қайыры жоқ сезіміңе айырбастап отырған мына өзіңді тасбауыр деп білу керек! Қазір мен ақ ниет Ательстанды тауып аламын да сонымен Джон шаһзада Анжуйскийдің тойына барамын.

Сөйтіп ол тойға кетті, онда болған негізді оқиғаны біз жоғарыда баяндағамыз. Ордадан қайтып келгеннен кейін саксон мырзалары қаралы некерлерімен атқа қонды. Бұлар жүрейін деп әбігер боп жатқанда қашқын Гурт бірінші рет Седриктің көзіне түсіп қалды. Біз ақжүрек сакстың тойдан ашулы қайтқанын білеміз, бөрі ашуын тырнадан алады дегендей, енді оған біреуді жүндеу үшін сылтау керек екені де белгілі.

— Бұғау салыңдар оған! Бұғау!—деп айқай салды Седрик.— Освальд! Гундиберт! Қайдасыңдар, оңбаған төбеттер! Мына суайтты бұған дейін неге байлап-матап тастамадыңдар?

Оған қарсы келетін күш қайда, Гурттың жолдастары қолына түскен бір қайыс шылбырмен оны байлады да тастады. Гурт ешбір қарсылық жасаған жоқ, тек қожасына тұмсырая қарап тұрып:

— Өз басымды сенің қаныңа құрбан қылғанның ақыры осы болды-ау!—деді.

— Атқа қоныңдар да — тартыңдар алға!—деді Седрик дауыстап.

— Әлдеқашан уақыт болып еді,— деді асыл тек Ательстан.— Егер суыт жүріп жетпесек, құрметті Вальтофф аббаттың кешке дайындап қойған тағамының бәрі бұзылып кететін болды.

Ал жолаушылар. суыт жүріп отырды да, Витольд әулиенің монастыріне мезгілінен бұрын жетті, сөйтіп Ательстанның уайымдаған кебі болмай қалды. Аса текті саксон тұқымынан шыққан хазірет атақты саксон қонақтарды зор құрметпен сыйлап алды, кешкі тамақтың молдығынан олар сол отырғаннан түн ортасы ауғанша, яғни таң жарғанша отырды. Ертеңіне таңертең меймандос қожасының жылы-жұмсақ тағамына тағы тойып, тек содан соң ғана аттануға рұқсат алды.

Сонымен, топ аттылар монастырьдің қорасынан шығайын деп жатқанда, сакстардың жүрегін су еткізіп, бір кездейсоқ оқиға бола қалды. Сол заманда Европаны мекендеген халықтардың ішінде сакстардай ырымшыл халық болмаған еді: біздің халқымыздың ішінде осы уақытқа дейін етек алып келген ырым-жырымдардың көпшілігі сол діни нанымдардан басталып келген. Ал ол кезде нормандар бізден анағұрлым білімді еді, оның себебі — олар әр түрлі тайпалардан құралған жеті ру халық болды да, уақыт озған сайын ата-бабаларының Скандинавиядан алып шыққан ескі нанымдарының көбінен бірте-бірте арыла берді; бір кезде олар ескі әдет-ғұрыпқа біз сенбейміз деп, мен-менсіп те жүрді.

Ал қазіргі оқиғада келе жатқан бәлеге сәуегейлік қылған суайттау пайғамбар қорада отырған дәу, арық төбет болды. Алдыңғы аттылар қақпадан шыға бергенде әлгі иттің зарлы дауыспен ұлып қоя бермесі бар ма, сонсоң қолды-аяққа тұрмай, біресе олай, біресе бұлай жүгіріп, қатты абалай бастады. сірә, бишара кетіп бара жатқан аттыларға ергісі келсе керек.

— Маған мына бір жоқтау ұнамай тұр, Седрик әке,— деді Ательстан; ол Седрикті сыйлағандықтан оны әке деп атаушы еді.

— Мен де жақтырмаушы едім, аға, түбінде осы жоқтаушыға ақы төлеп жүрмесек,— деді Вамба да.

Хазіреттің сырасын қимай тұрған Ательстан жақауратып сөз бастады. Өйткені Бертин деген шағын қаланың сырасы атақты сыра болатын.

— Меніңше,— деді Ательстан,— қайта түсіп, аббатқа түстеніп шығу керек, егер жолыңды монах кесіп өтсе, әйтпесе, алдыңнан көлденең қоян қашса, яки егер жүрейін деп тұрғаныңда ит ұлыса, онда жолға шығу жарамайды. Онан да екінші бір жүргіншілер жүріп өткенше, тоқтай тұру керек.

— Түк емес!—деді Седрик шыдамсызданып.— Біз онсыз да көп уақытымызды өткізіп алдық. Ол итті мен білемін. Ол менің қашқын құлым Гурттың иті — бұл да иесі сияқты бір арсыз арам тамақ.

Осыны айтты да Седрик үзеңгісіне аяғын тіреп тұрып, ат үстінен көтеріле беріп, бишара Фангске келте найзасын атып кеп жіберді. Бұл иттің Гурттан өмірінде айрылмайтын Фангс деген төбет екені рас еді. Гурт Айвенгоға қашып кеткенде адасып қалған байқұс төбет енді Гуртпен қайта табысқанына қуанып, ұлығаны соның белгісі болатын. Седриктің келте найзасы иттің иығын жалап өтіп, біржолата жер жастандырып кете жаздады. Байқұс төбет бұрынғысынан да өршелене ұлып, ашуланшақ мырзаның жолынан безе жөнелді!

Мұны көргенде Гурттың қаны қайнап кетті. Сенімді досы, жан серігі болған итін өлтірмек болғаны Гурттың өзіне тартқызған манағы рақымсыздығынан мынасы жанына қатты батты. Ол көзін сүртпек болып еді, байлаулы қолы кезіне жетпеді, сонсоң мырзасының ашулы екенін біліп, одан әдейі қашақтап келе жатқан Вамбаға айтты:

— Рақым етші, досым, плащыңның етегімен көзімді сүртіп жібер, шаң-топырақ жанарымды жеп барады, сүртейін десем, қолымды қайыс жібермейді.

Вамба айтқанын істеді де, екеуі біразға дейін қатар жүріп келе жатты. Гурттың қабағы түсіп, түнеріп кеткен екен. Ақыры шыдамы таусылып, жолдасына былай деді:

— Достым Вамба,— деді ол,— Седриктің қызметіндегі көп ақымақтың ішінде жалғыз сен ғана алдасаң да, арбасаң да, әйтеуір, қылжақбастығыңмен оның ақылын тауып, жаға аласың. Сондықтан оған бар да айт, Гурт енді сыйлап та, қорқып та, оған қызмет етпейді де. Ол менің басымды алсын, қамшымен дүреге жықсын, шынжырмен байлап-матап тастасын мейлі, бірақ енді мен оған малай емеспін. Бар да айт, Беовульфтың ұлы Гурт енді оған қызмет етпейді де.

— Мен қанша ақымақ болсам да,— деді Вамба,— мұндай ақымақтық сөзді мен айтып бармаймын. Седриктің беліне қыстырған қысқа найзасы әлі де жеткілікті, ол кейде көздегенін қате жібермейді.

— Маған енді бәрібір,— деді Гурт,— керек болса қазір өлтірсін мейлі. Кеше ол менің жас мырзам Уилфредты қанға бөктіріп, майданда тастап кетті, бүгін менің көзімді бақырайтып қойып, маңдайыма біткен жалғыз тірі жәндікті өлтіріп кете жаздады. Эдмунд әулие, Дунстан әулие, Витольд әулие, Өсиетші Эдуард әулие, саксон хатында жазылған барлық басқа әулиелерді қуаға тартамын — мен мұны оған еш уақытта кешпеймін!

Мұндайда біреуді біреуге шағыстыра қойғысы кеп тұратын Вамба жолдасының қатты кеткеніне қарсы болды:

— Меніңше, Седрик Фангсты өлтіріп тастай қойғысы келген жоқ, тек қорқытқысы келді ғой деймін. Найзаны иттің басынан асыра атқысы кеп, ат үстінен көтеріле бергенін өзін де көрдің ғой, бірақ, кесір болғанда, Фангстың дәл сол кезде жоғары шапшып кеткені бар емес пе. Сондықтан найза оның иығын жалап өтті, бір шөкім қара май болса, ол жарасын мен өзім-ақ емдеп жазып жіберемін.

- Сен солай дейсің ғой,— деді Гурт,— бірақ мен олай деп білмеймін!.. Жоқ, ағама! Оның дәлдеп тұрып көздегенін мен өзім көріп тұрдым, найза зулап барып, жерге қадала түскенде, нысанасын тимегеніне ызасы келгендей, қадалған жерінде қалшылдап тұрғанын да байқадым. Бұл нағыз қастандықпен атқан кісінің оғы. Жоқ, енді оның иесін айта бересің, Антоний әулиенің ақ шошқасын құрбанға шалайын, бірақ мен оған қайтып қызмет етпеймін!

Сөйтті де қатты қорланған бақташы қайтадан үндемей-түндемей, қайғыға беріліп кетті, Вамба оның еңсесін көтерем деп қанша қалжыңбастығына салса да, одан ештеңе шығара алмады.

Бұл кезде керуеннің алдын бастап бара жатқан Седрик пен Ательстан елдің жайын, король әулетінің арасындағы ала ауыздықты, норман ақ сүйектерінің өз ара жауласып, біp-бірімен қастасып кеткенін әңгіме ғып келе жатқан еді; ұлттар арасында болашақ соғысты пайдаланып, норман үстемдігінен құтылу мүмкіншілігі бар ма, тіпті ең болмаған күнде ұлтытымызға тәуелділіктен азды-көпті кеңшілік әперуге бола ма, деген мәселені бұлар оңаша талқыға салды. Бұл мәселені сөз қылғанда Седрик елден ерекше жанып түсетін. Сакстардың өз алдына елдігін қалпына келтіру — Седриктің көкейін тескен арман; керек десең, өз отының басын да осыған құрбан қылып, ұлының да тағдырын екі талай жұмбаққа айналдырып жүр. Ал осындай ұлы төңкерісті негізгі ағылшындардың пайдасына шешіп шығару үшін бір көсемнің төңірегіне бірігу керек еді және ондай көсем ежелгі король әулетінен шығуға тиіс еді. Өзінің құпия ой-арманын айтып, сырласқан кісілері де Седрикке осы талапты қойып келеді. Міне, олардың осы талабына тура келетін адам — Ательстан. Рас, онда асып кеткен ақыл, әкетіп бара жатқан өнер-білім жоқ, бірақ оның толымды тұлғасы мен келісті келбеті осы шартқа сай келеді, ол бұғынып қалатын қорқақ емес, әр түрлі ұрыстың амал-айласына жетік, қажет болғанда, өзінен ақылды адамдардың айтқанынан шықпайды. Оның бер жағында, өзі дарқан, меймандос, мейірман адам. Бірақ, осы Ательстанды қанша мақтасақ та, сакстардың көпшілігі одан Ровена бикешті артық көретін, осы қызды ақылды деп білетін. Ровена бикеш — Альфред корольдің қызы, ол өзінің даналығымен, ержүрек батырлығымен, адамгершілік мінез-құлқымен даңқы шығып кеткен адам, сондықтан, туған елінің барлық халқы Альфредты осы уақытқа дейін төбесіне көтереді.

Ал енді осылардан кейінгі үшінші партияға бас болып шығам десе, онда Седриктің алдынан ешкім шықпас еді және олардан кем де соқпас еді. Ательстан мен Ровена бикешті корольден жаралған ата-тегі көтере беруші еді, ал Седриктің оларға қарсы келем десе, ұпайын жібермейтін батырлығы, өжет мінезі мен қажыр-қайраты бар-ды, тіпті одан да басты қасиеті — отандастарының Сакс деп атақ беруіне себеп болған ұлтының жолына басын тіккен көзсіз ерлігі бар-ды. Седриктiң ата-тегі де ешкімнен сорлы емес-ті, бұл жөнінде ол Ательстан мен өз тәрбиесіндегі қыздан басқа ешкімге теңдік бере қоймайтын. Бірақ осыған қарамастан, оның ойында ешбір баққұмарлық салқыны жоқ еді, өз алдына жеке партия құрып, онсыз да әлсіз халқының бірлігін кемітудің орнына, Седрик қайта, болып отырған алалықты қайтсем жоямын деп арпалысты; сондағы оның көздеген мақсаты — Ровена бикешті Ательстанға күйеуге беріп, екі партияның басын бір жерге қосу болатын. Бірақ Ровена бикеш пен өз ұлының бірін-бірі сүйетіндігі бұған бөгет болды. Осының ақырында Седрик өз ұлы Уилфредті үйінен қуып шығарды.

Седриктің бұлай қатты кеткен себебі — Уилфред жоқ болса, Ровена одан үміт үзер деп ойлады. Бірақ қателескен екен: Ровена бетінен қайтпады, өйткені қыздың алған тәлім-тәрбиесі солай еді. Ал Седрик қыздың әкесі Альфредке құдайдай табынатын. Сондықтан оның кіндігінен жаралған соңғы перзентін де елден ерекше күтіп ұстады; сол кезде патшалық құрған әулеттің ешбір ханшасы мұндай құрметпен пайдаланып көрмеген шығар. Седриктің үйінде Ровенаның әрбір тілегі заң орнына жүрді, ал Седриктің өзі қыздың әмірін сол бір шағын ортаның шеңберінде бұлжымайтын заң деп танып, соның ең бірінші орындаушысы болғанын өзіне зор абырой көрді.

Бала күнінен қыз өз еркімен жүріп-тұру былай тұрсын, басқаларға әмір етіп үйренді; сондықтан жастайынан бағынышты, тіл алғыш болып өскен қыздардың өзі кей кезде өз еркімен кетіп, тәрбиелеушілері мен әке-шешелерінің әміріне қарсы келетін болса, Ровена сияқты патша қызының айтқанға көнбей, ашу шақырғанына таңдануға болмайтын еді. Қыз басқа адамдардың сырттан қысым жасауына үзілді-кесілді қарсылық көрсетіп, өзінің сүйіспеншілік сезімін басқа біреудің басқаруына яки жаратпайтын кісісінің өзіне сөз салуына ешбір көнбей қойды. Өзінің көңіліндегі сөзі мен ой-пікірін ол тайынбай ашық айтып отырды. Сондықтан жасынан ерік беріп қойған әдетіне қарсы бара алмай, Седрик қазір тұйыққа қамалып, қайтсем бұл қызға қамқоршылық қақымды орындатам деген шым-шытырық ойда қалды.

Болашақ корольдік әмірмен қызықтырып көріп еді, одан да ештеңе шықпады. Жастайынан саналы ақыл-ой дарыған Ровена Седриктің жоспарын мүлдем қисынсыз, ал өзі үішін қажеті жоқ жоспар деп тапты. Сонымен бірге Ровена өзінің Уилфред Айвенгоны басқадан артық көретінін де жасырмады. Оны айтсаң — Ательстанға тиіп, таққа ортақ болғаннан гөрі монастырьға кеткенім артық деп сан рет айтып та қойғaн. Заты, Конингсбург мырзасын ол басынан жек көруші еді. ал қазір соның кесірінен болып отырған осынша селебеден кейін, оған тіпті қарағысы да келмей кетті.

Әйелдің тұрақтылығына онша сене қоймайтын Седрик, осы екеуінің басын байлауға күш салуын қоймай қойды, сонымен ол байғұс сакстарды тәуелділіктен азат етем деген мұратынан бір таймады. Жоғалып кеткен ұлы Ашбидағы сайыста көктен түскендей пайда бола кеткенде, мұны өз мұратының көрі қазылған жері деп ұққан еді. Рас, әкенің сүйіспеншілігі сакстардың елдігіне жан-тәнімен берілген қайсарлығы мен екі сөйлемейтін ерлігінен бір сәт үстем болып тұрған еді, Бірақ кейінгі екі сезім жан-тәнін тағы да билеп алды да, Ательстан мен Ровенаның қосылуы басқа шаралармен бірге, сакстардың өз алдына ел болуына жағдай жасайды деп біліп, бұл некеге күшін салып қалуға бел байлады.

Сөйтіп ол саксондардың мәселесін Ательстанмен бөле жарып, әңгіме ғып келе жатты. Ішінара осы әңгіменің үстінде «қаймағы алынған сұйық сүтті ұйытамын» деп босқа арам тер боп келе жатқанын ойлап, өкініп те қояды. Рас, Ательстан баққұмарлықтан да аулақ емес, ол ата тегінің асылдығы туралы, сол тектен жаралғандықтан құрметпен, билікпен пайдалануға тиіс екендігі туралы әңгімені де ол сүйсініп тыңдайды. Бірақ сүйегіне біткен бойкүйездік үй ішіндегі адамдардың, өзін қоршалаған сакстардың әлпештеп, хан көтеруінен аспай қалады. Ательстан келе жатқан қатерден қорқу дегенді білмейтін, бірақ белсеніп шығып, оған қарсы баруға жоқ-ты, оған тым сылбыр, бойкүйез болатын. Сакстардың өз алдына елдігін жеңіп алу керек деген мәселеге келгенде ол Седриктің ақылынан шықпайтын; сол елдікке қол жеткен күнде, оларға патша болудан да ол тайынбайтын. Ал енді корольдің тағына оны қалай отырғызу жоспарын талқыға сала бастағанда, ол баяғы топас, ынжық, зердесіз, қопал Ательстан боп қала беретін. Седриктің зығырданы қайнап, жан-тәнін сала сөйлеген жалынды сөздері де оның былжыраған ез мінезіне ешбір әсер етпейтін: суық суға малып алған ыстық темір сияқты, бір азғана шыжылдап, түтіні шығып тұратын да, әрі-беріден соң боп-боз боп, жасып шыға келетін.

Ательстанды қайрау — болдырған жаман тұғырға қамшы басқанмен, яки суы қайтқан суық темірді шындаймын деумен бірдей екеніне көзі жеткен соң Седрик өзінің мәпелеген ардағына келіп еді, бірақ онымен де кеңесі жараспады. Ровена өзінің сүйікті күтімші қызымен Уилфредтың ерлігі, оның ендігі тағдыры туралы сырласып келе жатыр еді, Седриктің келуі осы сұхбатты бұзып жіберді, мұны жақтырмай қалған Эльджита өзі үшін де, өзінің әмірші аруы үшін де кек алып, Ательстанның майданда аттан қалай құлағанын іле-шала сөз қыла бастады; ал сүйектен өтетін бұл қорлықты еске салу Седриктің намысына қатты тиетін еді. Сонымен, адал ниетті сакс үшін бұл сапар толып жатқан кесір-кесапат, орны толмас өкініш сапары болды. Осы сайысты ойлап шығарған адамдарды да, соған ойланбай барып қалған өзін де қайта-қайта қарғап-сілеп, балағаттап келе жатты.

Күн түске айналған кезде, Ательстанның ұсынысы бойынша, ат шалдырып, өздері де жүрек жалғап алу үшін бұлар шоқ орманның ішіндегі бір бұлаққа келіп түсті: меймандос аббаттық есекке артып, жолға берген азық-түлігі мол еді, Бірақ тамақ ішу ұзаққа созылмаса да, жол үстінде бөгелу көп уақыт алғандықтан, Ротервудқа жарықта жетуден бұлар үміт үзген еді. Сондықтан асығыс жиналып, бұрынғыдан суыт, қатты жүруге тура келді.

XIX ТАРАУ

Ханшаның бір атақты нөкерінде
Сап тізген жауынгерлер (қапелімде
айтылған әңгімеден естіп алдым),
Сарайға таяу келіп, әзір-ақ тұр
Осында қону үшін келер түнде.

«Орра», Трагедия.

Саяхатшылар енді мүлгіген қалың орманның иесіз түкпірлерімен сапар шегуге тиіс еді, қарақшылар мен қашқындардың көптігінен бұл жерлер ол кезде өте қауіпті деп саналатын, қорлық-зорлық пен жоқшылықтан жеріне жете ашынған шаруалар орманның ішіне қашып кетіп, үлкен-үлкен жасақтар құрып алған; сондықтан бұларға бірдеңе істеу жергілікті сақшылардың да қолынан келмей қалған еді. Солай бола тұрса да, біреуін қылжақбас, екіншісін байлаудағы тұтқын деп, Намба мен Гуртты санатқа қоспағанның өзінде, қастарында қару-жарағы сайма-сай он жігіті бар Седрик пен Ательстан мезгілдің кештігіне қарамастан, сол қарақшылардың тиіп қалуынан қорықпай-ақ алға тартып келе жатты. Орманның ішімен кештетіп сапар шеккенде Седрик пен Ательстан тек өздерінің жалаң батырлықтарына сеніп қойған жоқ, сонымен бірге ата тектерінің мықтылығы мен ел ішіндегі абырой-беделдеріне де сүйенді.

Қарақшылардың көпшілігі орман мен аң аулау заңдарының қаталдығына шыдамай босып кеткен саксон ұлтының йомендері мен шаруалары болатын; ал әдетте олар өздерінің руластарына тимеуші еді:

Орманның бір қалың түкпіріне кіре бергенде жолаушылар жәрдем сұрап шыңғырған ащы дауысты естіп шошып кетті. Айқайдың шыққан жеріне келсе жерде атқа жегілетін себет жатыр екен; оның қасында, көгалдың үстінде жебірейше әдемі киінген бір жас әйел отыр, ал одан арырақ сары тақиясына қарағанда ол да жебірей болу керек, бір шал ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр; әлгі шал үлкен бір апатқа ұшыраған кісіше, шашын жұлып, қолын сілтеп, біресе олай, біресе бұлай зар қағып, безектейді кеп.

Ательстан мен Седрик сұрастыра келсе, жебірей шал Атам заманда болып өткен бар әулие-әнбиядан медет тілеп, зар жылайды, қазір келіп, алмас семсермен бұларды кескілеп өлтіретін Смағұл пайғамбардың үмбеттерін ата гөр деп қарғап-сілеуді. Ақыры келіп Йорктан шыққан Исаак (бұл біздің баяғы ескі танысымыз болатын) өйтіп-бүйтіп, өзінің Ашбидан қару-жарақты қашыр мінген алты жігіт жалдап алғанын, тағы да науқас досжар адамы үшін атқа жегілетін себеті болғанын түсіндірді-ау әйтеуір; жалдаған жігіттері оны Донкестерге жеткізіп салуға тиіс екен. Осы жерге дейін бұлар аман-есен келіпті, ал сонсоң жолшыбай кездескен бір отыншы орманның ішінде үлкен бір қарақшылар жасағы бекініп отырғанын айтыпты. Сол-ақ екен, жалданған малайлар себеттегі аттарды доғарып тастайды да, Исаакты қызымен тоғайда қалдырып, өздері қашып кетеді. Енді бұлардың не қорғанатын қаруы, не сапар шегетін көлігі жоқ, орманнан шыға келіп, өздерін тонап алатын, әйтпесе тіпті өлтіріп те кететін қарақшылардың жолын күтіп қалған түрі екен.

Исаак енді жер-көктегі ант-судың бәрін ішіп, жік-жапар боп жалынды:

— Егер осыдан бекзаттық қайрымдарыңыз түсіп, бізді қанаттарыңыздың астына алып, өздеріңізбен бірге ала кететін болсаңыздар, сонау Израиль тұтқынға түскеннен бері ешбір жебірей төлеп көрмеген сыйлық берер едім,— деді ол жаны қысылғаннан.

Мұндайда ұсақ-түйек өкпені жіпке тізіп жүретін Ательстан табанда бетіне баса қойды:

— А, солай ма екен, төбетім!—деді ол.— Кеше ғана майданның галереясында ханға сәлем берместей боп, кекірейіп тұр едің ғой, мен оны ұмытқамын жоқ әлі! Енді қалай қорғансаң— олай қорған қарақшылардан: мейлің қаш, мейлің құныңды төлеп, сатып алып қал бастарыңды, бірақ бізден жақсылық күтуші болма! Жер жүзін жалмаған сендей жалмауыздарды тонайтын болса, бұл қарақшылар барып тұрған әділ, адал жандар екен!

Ал Седрик Ательстанның мұндай қайырымсыздығына наразы болды.

— Одан да біз былай етейік,— деді ол.— Бұлардың астарына ат беріп, нөкерімізден екі кісі қосып жіберейік, алдағы елді мекенге дейін жеткізіп салсын. Оған біздің ештемеміз кетпейді, сіздің өткір семсеріңіз тұрғанда, қымбатты Ательстан, және өзге атқосшыларымыз барда, бір келген жиырма шақты қаңғыбастарды біз бұйым демейміз.

Қарақшылар келіп қалады деген қорқынышқа қарамастан, Ровена өзінің қамқор әкесінің сөзін жақтап шығып еді. Сол-ақ екен, бұған дейін үндемей отырған Ревекка жолыңдағы көп қарақшыларды жарып өтіп, Ровенаның шаужайына оралды да, күншығыс халықтарының дәстүрі бойынша, тізесін бүге тәжім саксон бикешінің етегінен сүйді. Сонсоң қыз тік көтеріліп, бетіндегі пердесін ашып жіберді де, екеуі де табынатын бір құдайдың хақтығына, екеуі де шын деп білетін Синай тауында түскен пайғамбардың құрметіне, өздерін осы жасағынан қалдырмай ала жүруін өтініп, жатып жалбарынды.

— Мен сіздің рақымдығыңызды сұрағанда, өзім үшін де емес,—деп еді сонда Ревекка,— тіпті мына тұрған ғаріп шал үшін де емес. Біздің халқымызға озбырлық істеп, барын тартып алуды христиандардың күнә деп білмейтіні, керек десе, тіпті оны сауап деп білетіні маған мәлім; ол.зорлықтың және қайда жасалғаны — қалада ма, жапан түзде ме, я беті ашық далада ма — оның бәрібір. Мен сізге осынша жалбарынып, өтінгенде, өзіңізге де қымбат жан үшін өтініп тұрмын, сол науқас адамның хақысы үшін, өзіңіздің қанатыңыздың астында, сіздермен бірге сапар шегуге рұқсат етсеңіз екен. Егер сол адам бір жаманшылыққа ұшырап кетсе менің осы өтінішімді орындамағаныңызға бүкіл өміріңіз бойы өкініп өтетін боламыз.

Ақтық өсиетше айтылған ғажайып сөз саксон аруына қатты әсер етті.

— Мына бір шал сондай әлсіз, ғаріп адам екен және қасындағы қызы да бүлдіршіндей жап-жас, сүйкімді бала екен,— деді Ровена, қамқорына.— Оның үстіне қастарында әл үстінде жатқан науқасы бар көрінеді. Бұлар қанша жебірей болса да, біз мейірбан христианбыз ғой, мұндай ауыр халде оларды тастап кетпеуіміз керек. Екі қашырдың жүгін түсіртіңіз. Себетіне қашырларды. жексін де, сонсоң шал мен оның қызына қосалқы аттан салт мінетін екі ат берілсін.

Седрик бұл ұсынысты сөзге келмей қабыл алды, ал Ательстан жебірейлер барлық жұрттың артынан жүретін болсын, оларды шошқаның терісінен жасалған қалқанымен Вамба алып жүрсін деген талап қойды.

-Ол қалқанымды мен майданға тастап кеткенмін. Мен түгіл басқа серілердің көбінен артықпын деп жүргендердің де басына түскен кеп сондай болды емес пе,— деді оған Вамба, айылын жимастан.

Ательстан бұл сөзден қып-қызыл боп кетті, өйткені сайыстың екінші күнінде осы оқиға оның да басына келіп еді ғой. Ал Ровена бикеш, өзінің қопал әмеңгерінің өрескел әзілін жуып-шайып, Ревекканы қасына ертіп алды.

— Менің бұлай етпеуім керек еді,— деді Ревекка, мүләйімсіп.—Менімен қатар жүруге қамқорым арланып жүрмесін.

Қашырлардың жүгі тезбе-тез-ақ ауыстырылды. Малайларды асықтыру үшін «қарақшы» деген жалғыз сөздің өзі жеткілікті болды, оның үстіне кеш те жақындап қалған. Ауыспақ-түйіспек әбігердің кезінде Гуртты бұрынғы атынан түсіріп, басқа атқа мінгестіру қажет болып еді, осы опыр-топырдың үстінде ол қолын байлаған жіпті босатыңқырауды өтінген еді. Бұл өтінішті орындаған Вамба оның қолын қайтадан байлағанда, арқанның түйінін қасақана сусымалы ғып жіберді ме, әлде кім білсін, әйтеуір, Гурт қолын оп-оңай босатып алды да, сып етіп, шіліктің ішіне кіріп кетті. Оның қашып кеткенін ешкім байқамай да қалды.

Жаңа бұйрықтарды орындаймыз деп, әуре-сарсаңға түсіп кеткен жұрт жуыр маңда Гуртты іздей қоймады. Әйтеуір бір малайдың артына мінгестірілуге тиіс деп білген көпшілік оны өзіндей бір жолдасының артында отырған шығар деп ойлады; ал Гурттың жоқ боп кеткенін білген кезде, қарақшылардың келіп қалатыны көзге елестеп тұрғандықтан, онымен шұғылдануға ешкімнің мұршасы болмады.

Оның бер жағында жолаушылардың жүріп келе жатқан соқпағы, екі атты қатар жүрсе әрең сиятындай, қысылшаң болып кетті; сонымен келіп, бұлар бір сайға түсіп еді, сайдан бұлақ ағады екен, оның қабағы тал өскен ми-батпақ боп шықты. Алда келе жатқан Седрик пен Ательстан жолдың қым-қиғаштығын ойлап қорқайын деді. Бірақ одан не пайда, қиын жерде ұрыс салуға екеуінің де тәжірибесі жоқ болатын. Сондықтан, бұлар қалайда осы сайдан тезірек шығып кетуді ойлады. Жолаушылар үздік-создық бейберекет қалпымен үдере алға тартып беріп еді. Бір азғана нөкерімен жол бастаушылары бұлақтан өте берген кезде, қарақшылар бұлардың алдынан да, артынан да, екі бүйірінен де қаусырмалай тиіп кеп қалды, жырыңды жауынгерлер аңқау қарашыларды тырп еткізбей лездің арасында қусырып алды, жолаушылардың қарсылық көрсету түгіл, қыңқ етуге шамасы келген жоқ.

— Ақ аждаһа! Қарт Англияның ардағы Георгий әулие, қайдасың!—деген айбынды ұран айналаны басына көтеріп әкетті, бұл ұран саксон қарақшыларының шақыратын белгілі аруағы болатын.

Жау жолаушыларды тұтқиылда бас салып, қауырт қайрат-жігермен аяғын басына бір-ақ қайырды, соншама адамды шыбын құрлы көрмей, лездің арасында астан-кестеңін шығарып, жайғады да салды; бұған қарағанда, шабуыл жасаған жау шамасын бұдан екі есе көп пе деп ойлауға да болатын еді.

Саксондардың қос көсемі бірден қолға түсті, бірақ әрқайсысының қимыл-әрекетіне қарай, оларды жаудың алуы да әр қилы болды. Алғашқы қарақшы көзіне түсіп қалған бетте, Седрик келте найзасын дәлдеп атты да, оны тұрған жеріндегі еменнің түбінде сеспей қатырды. Жаудың біреуін жайғап тастап, семсерін суырып алды да, атының басын бұры алып, екіншісіне дүрсе қоя берген еді. Бірақ Седрик бұл жолы қаруын ағат сілтеді де, семсер жолдағы ағаштың жуан бұтағына килігіп, бел ортасынан бөлініп кетті — қайран ер, сөйтіп қарусыз қалды. Сол жерде екі-үш қарақшы жабыла кетті де, аттан оны жұлып алып байлап тастады. Ал Ательстан да осы Седрикпен қатар қолға түсті, бірақ бұл сабаз әлі ұрысуға оңтайланып та болған жоқ еді, сөйткенше болмай, қарақшылар оны аттан сүйреп түсірді де табанда байлап алды.

Артынып-тартынған жүктерінен ыңғайлары келмеген, әрі мырзаларының мынадай халінен естері шығып, қорқып кеткен қарашылары мүлде қарсылық етуді де ойлаған жоқ ал жасақтың дәл ортасында келе жатқан Ровена бикеш, оның соңына ерген жебірей мен қызы, олар да тұтқынға алынды.

Бүкіл жасақтан жалғыз Вамба ғана қашып құтылды. Соның өзінде қылжақбас жайымен кетпейді, ол өзінен ақылдымын деп жүргендердің талайынан жүректі екенін көрсете кетеді. Вамба қолына түскен бір малайдың семсерін ала салып, соны оңды-солды сермей жүріп, жауды шеніне келтірмей қояды, онымен тұрмай, батыл қимылдап, Седрикті құтқарып алуға ұмтылады. Бірақ бұл талабынан түк шықпайтынын көрген соң, жаудың кезін алдай беріп, атынан секіріп түседі де, шіліктің ішіне кіріп кетеді.

Сөйтіп, құтылуын құтылып кетсе де, ер жүрек қылжақбас өзінің көп уақыттан бері бойы үйреніп қалған мырзасына қайтып барып, не көрсем де сонымен бір көрсем бе екен деп, әлде неше қабат ойға қалып, артына қарайлап та тұрып көрді.

— Осы жұрт бостандық, бостандық деп қақсайды кеп,— деді ол, өзіне-өзі күбірлей сөйлеп.— Ал сол бостандығы болған күнде, бір данышпан табылып, енді соны қалай іске асыруды үйретсейші маған!

Ол бұл сөздерді айтып келе жатқанда, дауысы қаттырақ шығып кетсе керек, бір мезетте қақ қасынан: «Вамба!»—деп ақырын ғана сақтанып айтқан өз атын естіді. Соның арасынша болмай, баяғы өзі білетін Фангсы арсалаңдап жүгіріп келді.

— Гуртпысың!— деді бұл да, ақырын сыбырлап.

Ақыры сол минутында өзінің жолдасы Гурт бақташы алдына келді.

— Бұ қалай?— деді Гурт, сасып-пысып.— Ана жақтағы айқай-уйқай не, сатыр-сұтыр еткен семсер дыбысы қайдан шықты?

— Ол солай, кәдуелгі оқиға — елдің бәрі тұтқынға түсті,— деді Вамба.

— Қалайша тұтқынға?—деп Гурт шыдамсыздана берді.

— Біздің мырзамыз, Ровена бикеш те, Ательстан да, Гундиберт те, Освальд та... бәрі тұтқын!

— Құдай-ау, сақтай гөр! Қалайша олар тұтқын болады және кімге!—деп дегбірсізденді Гурт.

— Біздің қожамыз салған бетте-ақ ұрысты бастап еді,— деді Вамба.— Бірақ Ательстан серпіліп үлгірмеді, ал қалғандары — екі бастан. Оларды тұтқынға алған қара масқалы; жасыл шапанды қарақшылар. Біздің адамдар көгендеп қойғандай, тізіліп жатыр. Тіпті адамның күлкісі келгендей, көргені көзімдегі жас болмаса, күліп те жіберер едім!—деді ақ ниетті қылжақбас, шынымен көзінің жасын төгіп тұрып.

Ал Гурт ойланып, толқи берді.

— Вамба,— деді Гурт бір мезетте,— сенің қолында қару бар, байқасам, ақылыңнан ерлігін де артық боп шықты; біз екеу-ақпыз, бірақ батыл кіріскен адамдардың тосып шабуылы да бірқатар нәрсені өзгертіп жіберуі мүмкін. Жүр, кеттік.

— Қайда, неменеге?—деді қылжақбас.

— Седрикті құтқарып алайық.

— Оған қызмет етпеймін деп безектеген сен емес пе едің?

— Енді әңгіме басқаша,— деді Гурт,— онда жағасы жайлау, бостандықта еді ғой, енді бәлеге жолығып, бишара боп қалды ғой... Қой, кеттік!

Қылжақбас енді ыңғайланып, Гурттың айтқанын істейін дей беріп еді, бұлардың алдынан бір адам шыға келіп, тоқтаңдар деп бұйырды. Үстіндегі киімі мен қару-жарағына қарап, Вамба оны Седрикті тұтқынға алып жүрген қарақшының бірі екен деп қалып еді. Бірақ мұның бетінде маскасы жоқ, иығыңа асыра салған әсем аспасы мен аңшының тамаша мүйіз сыбызғысына, сабырлы тұрпаты мен әмірлі дауысына қарап, Вамба мергендердің бәйгісінде озып шыққан Локсли есімді йоменнің дәл өзі екенін тани кетті.

— Бұл не айқай?— деп сұрады ол.— Бұл орманның ішінде біреуді тонап, зорлық-зомбылық жасап жатқан кім өзі?

— Жақындап барып, шапанына қарап көрсейші,— деді Вамба,— осылар, дәу де болса, сенің балаларың емес пе екен: өйткені екі тамшы судай, дәл өзіңнің шапаныңа ұқсап тұр.

— Оны мен қазір-ақ білемін,— деді Локсли,— ал сендер, өздеріңе жан керек болса, мен келгенше, тұрған жерлеріңнен тапжылмандар. Заты, менің тілімді алсандар, өздеріңе де, сендердің қожаларына да жақсы болады. Ал енді бұл тонаушыларға ұқсап алу үшін, алдымен өзімізді тәртіпке келтіріп алайық.

Осыны айтты да ол мойнына салған аспа бауы мен мүйіз сыбызғысын сыпырып, бac киіміне қадаған қауырсынын алып, мұның бәрін Вамбаға тапсырды, Содан кейін қоржынынан маскасын алып, басына киді де, орындарынан қозғалмауға берген бұйрығын қайталап айтып, өзі барлауға жөнелді.

- Немене, күтеміз бе соны, жоқ, тәуекелден, зытып көреміз бе?—деді Вамба.— Ақ ниет адал адам деуге бойында тым қарақшының асай-мұсайы сіресіп тұр екен.

— Мейлі, маған десе, шайтанның тап өзі болса да, соның айтқаны болсын,— деді Гурт.— Оны тосқаннан біздің жоғалтарымыз шамалы. Егер ол анау қарақшылардың кісісі болса, ендігі оларға ескертіп қойды, біздің енді тонаушыларға тиісуімізге де, қашып құтылуымызға да болмайды. Оның үстіне шын қарақшылардың өзі жаман да адам емес екендігіне кейінгі кезде көзім жетейін деді.

Біраздан кейін кеткен йомен қайтып келді.

— Достым Гурт,— деді ол,— мен қазір ана жігіттерге барып қайттым, енді олардың кім екендерін, қайда кетіп бара жатқандарын білемін. Менің ойымша, олар тұтқындағы адамдарын өлтірмекші емес. Ал үшеуіміздің оларға шабуыл жасауымыз ақылсыздық болар еді: бұлар нағыз жауынгер жігіттер көрінеді, тәжірибелі, жырынды адамдар болғандықтан, олар тиісті жерлеріне сақшылар қойған, егер өздеріне тиісуге ойланған адам болса, бұлар дереу дабыл қағып, сақадай сай болады. Бірақ қалай қамданса да, бұларды жеңіп алатын жасақ жинап келермін деген ойым бар. Сіздер екеуіңіз де малайсыздар, менің білуімше, ағылшындардың азаттығын қорғаушы — Седрик сакстың адал адамысыздар. Сондықтан оны мына бәледен құтқару үшін белсеніп кірісетін ағылшын аз болмайды. Ал сіздер әзірге соңымнан ере беріңіздер.

Осы сөздерді айтты да ол алға қарай тез тартып кетті, ал шошқа бақташысы мен қылжақбас соңына ілесті. Бірақ онымен Вамба үндемей отыра алмады.

Ол қолына ұстап келе жатқан аспа бау мен мүйіз сыбызғыға қарап и қойып, сөз бастады:

— Мен білсем, осы тамаша бәйгіні жеңiп алған жебенің қалай ұшқанын көзіммен көрдім, және бұған көп те болған жоқ.

— Ал мен,— деді Гурт,—өзімнің амандығыммен ант етемін, сол бәйгіні жеңіп алған аяулы йоменнің дауысын мен күндіз де, түнде де естігендеймін, және мына тұрған ай содан бері үш күнге де ескірген жоқ.

— Сүйікті достарым,— деді йомен бұларға қарап,— қазір менің кім екенімді, қайдан шыққанымды тексеретін уақыт емес. Егер сіздердің қожаларыңызды құтқарып бере алсам, сонда мені ең жақсы досымыз деп санағандарыңыз дұрыс болады. Ал менің атым кім, садақты мен сонау бір орманшыдан артық ататыным рас па, жоқ па, сайранды мен қашан салғанды ұнатамын, күндіз бе, түнде ме — мұның бәрі сіздерге қажет емес, сондықтан ол үшін бастарыңызды ауыртпай-ақ қойыңыздар.

— Ой, біз бір арыстанның аранына ілініп кетіппіз-ау! Енді не істедік?—деді Вамба, серігіне сыбыр етіп.

— Тсс! Құдай үшін, аузыңды ашпа!—деді Гурт.— Жалғыз-ақ жаман басыңнан шыққан былшылыңмен ашуландырып жүрме, сонсоң қара да тұр, ісіміздің бәрі орын-орнына қона қалады.

XX ТАРАУ

Күзгі кеш күңгірт, жоқ шуақ,
Қабағын түйген қара орман.
Жолшыға түнгі дәт-қуат
Кезбелер сүйіп салған ән.
Жаның бір шырқап тұрғандай
Жайып сап сыңғыр қанатын.
Мадақтап құсша жырлардай
Күн есімін, таң атын.

басындағы кезбе».

Седриктің малайлары жасырын сырлы жол бастаушысының соңынан ере отырып, үш сағаттай уақыт өткенде қалың орманның арасындағы бір алаңқай жерге жетті, алаңқайдың ортасында жуан бұтақтары жан-жағына тегіс жайылған зор емен тұр екен. Сол ағаштың түбінде, көкорай шалғынның үстінде төрт-бес йомен ұзындарынан түсіп ұйықтап жатыр; айдың жарығы түскен айналада жай аялдап күзетші жүр.

Келіп қалған адамның аяқ дыбырын естіп, күзетші дереу белгі берді; ұйқыдағы адамдар айтқанша болмай, орындарынан атып-атып тұрды да, барлығы да садақтарын кезене қалды. Алты бірдей көк жебе садақтың керме бауымен шиыршық атып, сыбдыр шыққан тарапқа көзделген еді, бірақ, мергендер келіп қалған кісінің кім екенін бірден тани кетті де, жол бастаушыға бәрі бірдей қол қуысырып, сәлем берді.

— Диірменші қайда?-—деп сұрады бастаушы, келген бетте.

— Ротерхем жолында.

— Қанша кісі бар қасында?—деді қолбасы, сірә, басшылары осы болуы керек.

— Алты кісі, жолды Виколайдың аруағы қолдаса, олжалы қайтар деп тұрмыз.

— Дұрыс айтасыңдар!—деді Локсли,— Лощинаның Аллені қайда?

— Ол Уотлинг жолына кеткен — Жорво имамының жолын тоспақшы.

— Бұл да дұрыс кеткен,— деді қолбасы.— Ал монах қайда жүр?

— Ол өзінің құжырасында.

— Оған мен өзім барайын,— деді Локсли,— ал сендер жан-жаққа тарап, жігіттердің бәрін жинандар. Адам неғұрлым көп болсын, бір көкжал қолға түскелі тұр, ініне тығу да оңай емес, қарсылық та істеп бағады. Таң ата бәрін де осы жерге жиылыңдар, мен өзім де осында боламын... Айтпақшы, тоқтай тұрыңдаршы. Ой, ең үлкен мәселені ұмытып барады екемін ғой. Екі кісі Торкилстонға, Фрон де Бефтің сарайына жүрсін. Киімдерін өзгертіп, басқа түрге енген өңшең бір сабаздар қолдарына түскен бес-алты адамды тұтқындап әкетіп барады. Соларды соңдарынан қалмай аңдыңдар. Адамдарымыздың бас-аяғы құралғанша, тіпті сарайларына жетіп қалса да кез жазушы болмаңдар, сазайларын тартқызу — біздің ар-намысымыздың борышы. Сондықтан қия бастырмай, іздеріне түсіп барыңдар да, қай жылдамың маған жетіп, хабарын айтсын.

Мергендер жарлығыңызды екі етпей орындаймыз деп уәде берісті де, әр қайсысы өз жөніне тарады. Бұл кезде мергендердің қолбасысы, Седриктің өзіне әрі табынып, әрі бағынып қалған екі жігітін ертіп алып, Копменхерст бастауындағы ескі шеркеушеге қарай жол тартып келе жатты.

Бұлар ай жарығымен алақандай айқындалып тұрған ашық алаңға жетіп, құлаған шеркеудің қалдығын, бірадар адамның дегдарлығына лайық жұпыны құжыраның қарасын көрген кезде, Гурттың құлағына Вамба сыбырлай қойды.

— Бұл жер ұрының жатағы екені рас болса, онда «Шеркеуге» неғұрлым жақын келсең, құдайдан соғұрлым алыс кетесің» деген мақал тегін айтылмаған екен. Мұның ақиқаттығын басыңдағы бөркіңдей көр. Енді бұл сопының құжырасынан естіліп тұрған әуенді тыңдап көрейікші.

Бұл кімде машайық пен оның қонағы дастарқан басында шырқалатын мынау әнді дәсерлете, дестете соғып отыр еді:

Тостаған әкел, тостаған.
Талай бір тойды бастағам.
Тостағанымды тос маған,
Бәрің де бүгін дос маған,
Әй, тостаған берші. Тостаған!
Дженкин сен жаман ішпейсің,
Құлқының құрғыр, мешкейсің.
Әй, тостаған әкел, тостаған
Талай бір тойды бастағам...

— Әнді қарай гөp, тауып айтады өздері!—деді Вамба, әннің қайырмасына қосыла түсіп.— Сонда да, құдай үшін айтыңдаршы, түн ортасынан ауған беймезгіл уақытта машайықтың құжырасынан осындай сауық-сайран ғазалын естимін деп кім ойлаған.

— Оған таңданатын не бар,— деді Гурт.— Осында тұратын бірадардың жүрген бір сері жан екенін елдің бәрі біледі, осы өңірден қарасы өшкен аң мен құстың жартысынан көбін жаппарына тапсыратын осы болса керек. Орманның күзетшісі әкімдеріне үстінен шағым да айтыпты-мыс, егер бұл машайық тәубесіне келмесе, сопылық шапаны мен тақиясын сыпырып аламыз депті-міс.

Седриктің малайлары осы әңгіменің үстінде тұрғанда, Локсли құжыраның есігін тарсылдатып сындырып бара жатыр еді; машайық пен оның қонағы қатты тарсылды енді естіді.

— Бірадардың тартқан тасбиығы қабыл болсын,— деді машайық, екпінді желдірмесін күрт үзіп,— мен білсем, біздің есікті біреу қағып тур! Осындай көңілді уақытымызда бізді ешкім көрмей-ақ қойса деп едім, бірақ оған болмады ғой: әр адамның көре алмайтын дұшпаны бар емес пе, құрметті Жалқау серім. Менің жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушыға меймандостық көрсетіп, онымен түнгі уақытымның екі-үш сағатын бірге өткізгенімді азғындық, маскүнемдік деп қарайтын өсек-аяншылар табылмай тұрсын ба.

— Бұл не деген сұмырай жалақорлар еді!— деді ызасы келген сері.— Бәлемдер қолыма бір түсер ме еді, сазайын тартқызатын. Айтты-айтпады, тақсыр әулием, әр қайсымыздың да, әйтеуір, бір жауымыздың бар екені рас. Осы өлкенің өзінде бетімді ашпай, дулығамның пердесінің астынан ғана тілдесе алатын дұшпандарым менде де жетіп жатыр.

— Ендеше, Жалқау досым, басыңа темір дағаранды ки де, неғұрлым тезірек үлгір. Оған дейін мен мына қола ыдыстарды жинастыра берейін. Боса-болмаса бұл кеспектердің ішінде болған зәмзәмдар қазір менің басымды әңкі-тәңкі ғып тұр ғой. Ал енді қолымның сәл қалтыраңқырап тұрғанын білдірмейін десең мынау ыдыс-аяқты салдыратпай жинап тастайық, оның үшін менің қазір бастағалы тұрған әніме қосылып жібер. Әннің сөзін білмеймін деп тартынбай-ақ қой. Менің өзім де оның он екіде бір нұсқасын білемін.

Осыны айтып машайық «Шыңырау зынданның түкпірінен үн қатқан...» деп басталатын ғазалды күңіренте көтеріп жіберді де, думанның ақырын «қой болдыға» шығаруға айналды. Бұған жан-тәнімен күліп жіберген сері айбынды сауыт-сайманын асына тұрып, әрі шек-сілесі қатып қалған күлкісін тия алмай, қожасының азыната сарнаған ғазалына дауысы жеткенше қосыла берді.

Есіктің сыртындағы дауыс:

— Түн ортасы ауғанша бітпеген бұл не қылған тарауық?— деп айғай салды.

— Жаратқан жаппар ием өзі кешірсін, саяхатшы мырзам,— деп тіл қатты іштен, келіп тұрған кісінің кім екені даусынан белгілі болса да, оны әлі де болса тани қоймаған масаңдау машайық. Сондықтан да ол:— құдайдың құдіреті мен Дунстанның әулиелігі үшін, өз жөніңмен жүре бер, жолаушым, менің де және қасымдағы қадірлі бауырымның да ақ ниетті ғыбадатына кедергі болма,— деп жөн айтты машайық.

— Немене, сен монах, есіңнен адасқансың ба өзің?— деді сырттағы дауыс.— Бұл келіп тұрған мен — Локсли емеспін бе, аш есікті!

— А-а! Онда бәрекелде, іс орнына келді!—деді машайық, қонағына қарап.

-— Бұл кім?—деді Қара Дәу.— Мен де білуім керек.

— Кім дейсің бе? Айттым ғой, досым,— деді машайық.

— Досым-досым дейсің, оныңның аты-жөні бар ма өзі? Мүмкін ол саған дос болғанмен, маған қас шығар?— деп сері одан сайын қуаттай түсті.

— Қандай дос деп болмайсың ғой тіпті? Бұл сауалға жауап беруден гөрі қуаттай беру оңайырақ. Достың да досы бар екені рас. Ал шынтуайтына келсек, бұл менің бағанадан бері айтып отырған ең мейірман досым, кәдуелгі ақ ниет орман күзетшім осы,— деді машайық.

— Енді түсіндім,— деді сері,— сенің таупықты монахтығың қандай болса, оның адал күзетшілігі сондай болды ғой. Ендеше аш есігіңді, әйтпесе тіпті сындырып жіберер.

Алғашқыда қатты абалап, өршеленіп кеткен иттер енді сыртта тұрған кісінің дауысын танығандай болып, басылып қалған еді. Келген кісіні тез кіргіз дегендей, иттер қыңсылап, еркелей бастады. Машайық есіктің кепіл темірін сырғытып жіберіп, Локсли мен оның қасындағы екі жолдасын кіргізіп алды.

— Ой, тақсыр-еке, мынауың кім бұл, шарап-дос тауып алыпсың ғой,— деді йомен, кіріп келген бетінде серіні көріп.

— Бұл біздің орденнің бір монағы, екеуміз түні бойы бірге ғыбадат ұстап шықтық,— деді машайық.

— Ол, сірә, әмірі жүріп тұрған бір шеркеудің сопысы болар, қазір қайда барсаң, алдыңнан солар шығатын болды, тіптен әулиемүфти дегендерден аяқ алып жүре алмайсың,— деді Локсли,— Ал енді, монах, тасбиығыңды жиып қойып, қолыңа шоқпар аласың. Бізге қазір дін иесі болсын, жай адам болсын, бәрібір, әйтеуір сойыл соғатын адам болса — болғаны. Байқаймын, сен өзің есеңгіреп қалыпсың ғой!—деді Локсли, машайықты оңашарақ алып кетіп, күбірлеген дауыспен.— Мұның қалай, мүлдем білмейтін адамыңды ішке тартуға бола ма екен? Немене өзің, біздің тәртібімізді ұмытқанбысың?

— Қалайша білмейтін адам болады?—деді монах іркілместен.— Мен оны өзімнің басымдағы бөркімнен кем білмеймін.

— Білсең — аты кім оның?—деді Локсли.

— Аты кім дейсің бе?— деп қайтып сұрады машайық.— Оның аты — Энтони мырза Скрэблстон. Соны да білмейді деймісің! Мен, сірә, атын білмейтін адамыммен бірге шарап ішетін бе едім!

— Дегенмен, достым, бүгін тым көп ішіп жіберген сияқтысың, сонымен бірге тілің де көбірек шешіліп кетіп жүрмесе дегенім ғой,— деді йомен.

Бұл жайды түсініп тұрған сері жағалап бұлардың қасына келді.

— Йомен достым, менің ақкөңіл қожама тым шүйіле берме,— деді сері.— Ол маған тек меймандостық көрсетті, бұл сөздің шыны, ал егер мені кіргізбеймін деп қиқаңдаса, бәрібір мен айтқанымды күшпен істеткен болар едім.

— О шіркін, күшпен істете қоярсың!—деп машайық бұған қырсықтанып қалды.— Бәлем тоқтай тұр, мен мына пендешілік жабуымды жасыл камзолыма айырбастап алайын, менің кім екенімді сонда көрерсің, шоқпарымды алып тұрып, басыңның быт-шытын шығармасам, мен абыройлы монах та, жырынды орманшы да болмай кетейін.

Осыны айтты да ол үстіндегі салпы етек шидемін жұлып тастап, лездің арасында жасыл бешпет-шалбарды киіп алып, сыптай боп шыға келді.

Сонсоң Вамбаға қарап:

— Құдай үшін, менің мына ілгектерімді бірін қалдырмай түгел іліп жіберші. Ақына бір аяқ мықты шарап берейін,— деді.

— Жақсы сөз жарым ырыс деген, айтқаның келсін,— деді Вамба,— бірақ сенің әулие машайықтан күнақар жалаң тос болып шығуыңа көмектескенім құдайдан безгендік болып шығып жүрмесе,— деді Вамба.

— Одан қорықпа,— деді машайық.— Менің сұр шидемім менің жасыл шапаныма бір үшкіріп жіберсе болды, ол күнаң жай-жайына айығып жүре береді.

— Аминь!— деді қылжақбас.— Шұға киген күнақарға кенеп киген пенде әулие боп шығатын болды, ондай болса сенің әулие шидемің менің күнақар күртеме де бір үшкіріп батасын беріп қойсын.

Осы сөзбен Вамба монахтың шалбарын күртесіне түймелейтін толып жатқан ілгектерін түгел іліп шықты.

Бұлар осы ілгекпен әуреленіп жатқанда Локсли серіні оңаша шығарып әкетіп мынаны сұрады:

— Шыныңызды айтыңызшы, тақсыр серім, мен білсем, сіз Ашбида болған сайыстың екінші күнінде жеңістің ағылшындар жағында қалуына себеп болған қаһарманның өзі боласыз ғой деймін.

— Сіз танып отырсаңыз, достым йомен, оның енді несін жасырамын?—деді сері.

— Ондай болса, мен сізді әлсіздер партиясының жақтаушысы деп білемін,— деді йомен.

— Әрбір нағыз серінің бұл — қасиетті борышы болуға тиіс,— деді Қара Дәу,— егер мен туралы бұдан бөтен ойлайтын адам табылса, ол менің сорымның жеңгені болар еді.

— Ал енді менің көңілімдегі мақсатым үшін адал ниетті сері болу аз, ол үшін сонымен бірге адал ағылшын болу керек. Менің саған айтайын деп отырған шаруам әрбір адал адамның борышы, оның ішінде осы елдің әрбір адал ұлының ардақты борышы деп білемін.

— Олай десең, Англияның мүддесін, әрбір ағылшынның өмірін мендей жоғары бағалайтын адам таба қояр ма екенсің,— деді сері,

— Оған мен кәміл сенемін,— деді йомен.— Біздің еліміз өзін шын жақсы көретін адамдарының көмегіне бұрын-соңды қазіргідей сыйынып көрген емес. Енді менің айтқалы отырған кебімді тыңда. Егер сен менің шын көңілімдегі адам болып шықсаң, бұл істен нағыз ардақты орын алуға тиіссің. Сонымен, өздерінен анағұрлым артық адамдардың киімдерін бүркеншік қып бетке ұстаған бір топ қаныпезер Седрик Сакс десең бір атақты ағылшынды, оның тәрбиесіндегі асыл текті ару қызды және Седриктің досы Ательстан Конингсбургскийді тұтқынға алып, қалың орманның ішіндегі Торкилстон деп аталатын бір сарайға қарай алып кеткен. Егер нағыз адал сері, адал ағылшын болсаң, жауап бер, маған осы жандарды құтқарып алуға болысамысың?

— Берген сертім бойынша, мен осылай етуге міндеттімін де,— деді сері,— бірақ менен мұны өтініп отырған кім, соны білгім келеді.

— Мен,— деді йомен,— аты жоқ адаммын, бірақ отанымның досымын, оны жақсы көретіндердің досымын. Менің кім екенім туралы әзірге осы мәліметті місе тұта тұрыңыз, айта берсек, сіздің өзіңіз де белгісіз болып қала беруді қалайсыз ғой. Оның бері жағында, біліп қойыңыз, менің адал сөзім алтын тақа таққандардың сөзінен артық болмаса, кем емес.

— Сөзіңе кәміл сенемін,— деді сері.— Сенің бет нұсқаң адал, жігерлі адамның нұсқасы. Сондықтан бұдан ары сенен eшнәрсе де сұрамаймын, жалғыз-ақ әлгі айтқан бақытсыз тұтқындарды құтқарып алуға көмектесемін. Ал одан ары жақын танысып кетеміз, қысқасы, айрылысарда бір-бірімізге әбден разы боп кетеміз.

Қара Дәу мен Локсли осындай сыр шертісіп жатқан уақыттың ішінде машайық та, ақыры, киініп болды, ал Вамба лашықтың екінші жағына шыға бергенде, сері мен йоменнің әңгімесін шет-бұшпақтап естіп қалды.

— Міне, әңгіме қайда жатыр,— деп сыбырлады ол Гуртке келіп,— біздің енді жаңа жақтаушымыз болады. Тек мынау серінің қайраты машайықтың әулиелігі мен йоменнің адалдығы сияқты жалған ақшаның мөрі болып жүрмегей де. Байқасақ, мына Локсли деген бөгде біреудің аңына олжалас мал тапқыш болды да, ал поп дегеніміз бір сауықшыл суайт боп шықты ғой деймін.

—Тәңір жарылқасын, Вамба, тіліңді тарта тұршы,— деді Гурт.— Мүмкін, сенің сөзің рас та боп шығар, бірақ маған десе, қазір екі мүйізді шайтанның өзі келіп, Седрик пен Ровена бикешті құтқарып беремін дейтін болса, содан бас тартуға менің құдайшылығым жетпей қалар ма еді, әлде қайтер еді.

Бұл кезде машайық дәл йоменнің өзінше — семсер, қалқан, садақ, жебелі қорамсақпен қаруланып, мойнына дәу берданка асынып алды. Сөйтті де лашықтан ең алдымен шығып, есікті мықтап жауып, кілтті табалдырықтың астына тыға салды.

— Ал қалай, достым, енді іске жарайсың ба, әлде басыңды шарап әлі де шыр-көбелек айналдырып тұр ма?—деп сұрады Локсли одан.

— Бастың айналғанын айықтыру үшін Дунстан әулиенің бастауынан бір жұтым су ішіп жіберсем болғаны,— деді монах.— Шынымды айтсам, басымда әлі де болса бірдеңе дыңылдап, аяғым ырыққа көніңкіремей тұр, бірақ мұның бәрі қазір-ақ жоқ болады.

Осыны айтты да ол тастың қоршауындағы астауға бас қойды. Бастаудың беті сансыз көп көпіршікке толып, күңгірт айдың жарығымен неше алуан түрге түсіп тұр еді, монах бастаудың суы таусылғанша ішетіндей, басын астаудан алмастан ұзақ сімірді.

— Копменхерстың әулие бірадары, бұдан бұрын, сірә, мұнша су ішіп көріп пе едің?—деді Қара Дәу оған.

Шарап құйған кеспегім қаңсып кетіп, ішіндегі шарап далаға ағып кеткенде, тек бір рет ішкенім бар. Дунстан әулиенің жомарттығымен, судан бөлек ішетін ештеңе болмай қалғанда; сонда бір ішсем керек,— деді монах.

Осыдан соң ол қолын суға малый көрді де, іле-шала бүкіл басын суға сүңгітіп жіберді, сөйтіп, суық судың сауықтырғыш қасиеті түні бойғы мастықты құлан-таза шайды да кетті.

Есіріктігінен біржола айыққан көңілді машайық жерде жатқан айбалтасын үш саусағымен іліп алып, басынан асыpa айналдырып-айналдырып жіберді. Әрлі-берлі желігіп алды да, сонсоң ол:

—- Аруларды алып қашып жүрген арамза ұры-қарылар, кәні, қайдасыңдар? Ондай қаскүнемдердің бір оның бір өзім жайғап салмасам мені албасты бассын!— деп айғай салды.

— О, тақсыр бірадар, сен өзің жаман сөз де айта біледі екенсің ғой?— деді Қара Дәу, оны әзіл ғып.

— Мені бірадар санағандарың жетеді енді!—деп өзгерілген монах қарсы бола кетті.— Георгий әулие мен оның аждаһа, айдаһарларының аруағы ұрсын, менің монахтығым үстімде дін шекпені тұрғанда ғана... Ал одан кейін жасыл шапанды киіп, сәнденіп алғаннан соң мен шарап та іше аламын, балағат, ғадауат та айта аламын, қыз-қырқынды да айналдыра аламын, қысқасы, мен деген орманшының еш бірінен кем соқпаспын.

— Ілгері жүріп кет те үніңді өшіре тұршы, құдай үшін, әйтпесе бүгін дін мейрамында зікір салған монахтарша шуылдап кеттің. Ал, достарым, ілгері жүрейік, кешеуілдеуге болмайды енді. Тезірек жетіп, халықты жинап алу керек. Реджинальд Фрон де Бефтің сарайын қауырт шабуылмен алу үшін жасағымыз әлі де аздық қып жатыр.

— Не дейсің?— деп Қара Дәу сап ете қалды мұны естігенде:—Бүгінде даңғыл бойына шығып, корольдің қарамасындағы адамдарың тұтқынға алып жүрген сол Фрон де Беф еді десейші? Қашаннан бері ол барымташы ұры болып алып еді?

— Ол зорлық-зомбылық жасағалы қашан,— деді Локсли.

— Ал енді ұрлық жағына келсек,— деді монах, оның сөзінің ақырын іліп әкетіп,— мен білетін ұрылардың көбі оның шеніне де келе алмайтын шығар,

— Болды, болды, монах, қоя тұр енді!—деді Локсли.— Аузына келгенді айтып, мылжыңдай бергенше,— онан да сен бізді табыспақ жерге тезірек жеткізудің қамын ойласайшы!

XXI ТАРАУ

Кетіпті-ау талай жыл мен күндер өтіп,
Отырған осы столда дүбірлетіп,
Шырақтан әлсіз сәуле дір-дір етіп.
Осынау биік күмбез діңгектерден
Дауысы естіледі өткен дәурен.
Ол бейне сыбырындай сол жандардың:
Сүйегі қурап-шіріп қалғандардың.

«Орра», трагедия.

Седрик пен оның серіктерін құтқару үшін осындай шұғыл шаралар қолданылып жатқанда, бұларды тұтқынға алып кеткен қару-жарақты жасақ мықты қақпасы бар берік қорғанды зәулім сарай қайдасың деп салып-ұрып келе жатты. Бірақ қанша асыққанмен, қараңғы тез түсіп кетті де, қуғын-сүргінді қашқындар орманның шиырлы жолынан көз жазып қала берді. Сан сүрлеуден адасып, бұлар бір жүріп кеткен жеріне екі қайтара қайтып та келді. Сөйтіп жүргенде жаздың қысқа таңы тура жоға түскендерінше ағарып қалып, бұлар енді өте жедел ілгері жүріп кетті. Сол жүрістің үстінде алда келе жатқан басшыларының арасында төмендегідей тәжіке әңгіме болды:

— Енді сен бізден айрылуға тиіссің, Морис мырза. Құпия сырымыздың екінші тарауын іске асыру үшін сен қазір тұтқындарды азат етуші болып көрінуің керек қой,— деді ғымаратшы, де Браси серіге.

— Жоқ, мен одан айнып қалдым,— деді де Браси.— Олжамыз Фрон де Бефтің сарайына жеткізілгенше мен сенен айрылмаймын. Сонда барған соң Ровена бикешке өзімнің кім екенімді танытып, осының барлығына себеп болған менің оған құштарлығым екеніне көзін жеткізуім керек.

— Сенің бұл алғашқы жоспарыңнан тайып қалуыңа не себеп болды, де Браси?—деп сұрады ғымаратшы.

— Онда сенің жұмысың болмасын,— деп серігі оны қатты қайырып тастады.

— Бірақ сенің бұзылуың менің арам ойым бар дегендей ғып Фиц-Урстың сыбырлаған өсек-аяңынан болмас деп ойлаймын, құрметті серім?— деді ғымаратшы.

— Не ойым барын мен өзім білемін ғой,— деді оған де Браси.— Ұрыны қарақшы тонағанда сайтан қуанады дейді екен. Бірақ Ғымараттың серісіне сайтанның әмірі жүрмейтіні жұртқа мәлім.

— Дұрыс айтасың, ендеше жалдамалы жасақ көсемінің қарайған халыққа жасап жүрген зорлық-зомбылығынан сескенетін несі бар, азар болса, бұл да соның біреуі боп кете барады-дағы,— деп ғымаратшы да аузын жиып алғанша дереу есесін берді.

— Біз бүйтіп, бір-бірімізді бостан-босқа кекетіп-мұқатыспай-ақ қояйық,— деді де Браси.— Ғымаратшылар орденінің жолын тұтынған серілердің ар-инабаты қандай екенінен менің хабарым жеткілікті, сондықтан басымды бәйгіге тіккен сұлуымды сенің бұзып әкетуіңе мен жол беріп тұра алмаймын.

— Сөз емес!— деді оған ғымаратшы.— Сен өзің неден і қорқасың? Біздің орденіміздің аты қандай екенін сен өзің де білесің!

— Білгенде қандай!—деді де Браси.—Анттың өзі түгіл, оның қалай орындалатынын да білемін. Сонымен бітсін, серім Әйелдерге қызмет ету жөніндегі шариғат жолының Палестинада толып жатқан аят-хадисы барлығын жұрттың бәрі де біледі. Сонымен, қысқасын айтқанда, бұл жөнде мен сенің аp-ұятыңа сеніп қала алмаймын.

— Онда сен де біліп қой,— деді ғымаратшы,— маған сенің мөлдір көз сұлуыңның түкке де керегі жоқ. Сол қыз болған жасақтың ішінде менің одан артық көретін адамым бар.

— Не дейсің, сонда күтімші қызға ауыз салмақпысың?— деді де Браси.

— Жоқ, серім, күтімші қызға ауыз салмаймын,— деді ғымаратшы көкірегін кере түсіп.— Тұтқындардың ішінде сенікінен бір де кем соқпайтын таңдаулым бар.

— Мүмкін емес. Сонда сен анау жебірейдің әдемі қызы демекпісің?—деді де Браси.

— Олай болса қайтушы еді, маған сонда кім қой демекші?— деді Вуагильбер.

— Әйелсіз өтемін деген атың болмаса, әрине, саған ешкім тоқтау сала алмайды. Жалғыз-ақ жебірей қызымен шатысуға өзің арланбасаң болғаны,— деді де Браси.

— Антты айтатын болсаң, біздің піріміз одан бостандық береді, ал ар-намысқа келетін болсақ, өз қолымен үш жүз жәдігейді өлтірген кісі ұсақ-түйек күнәні керек те қылмайды. Әрі-беріден соң мен деревняның үлгі-өнеге тыңдауға келген жас қалыңдығы емеспін, -деді ғымаратшы.

— Ерлік еңбектеріңнің қанша жерге апаратынын өзің білесің,— деді бұған де Браси,— дегенмен өсімқор қарттың қарақат көзді қызынан гөрі оның қап-қап ақшасы көбірек билеп кетіп отырғанына менің ешбір күманым жоқ;

— Оның екі жағы да жаман емес,— деді ғымаратшы.— Бірақ жебірей шал бүтіндей менің олжам емес. Оның әлі Реджинальд Фрон де Бефпен ортаға салуымыз керек. Беф бізді тегіннен-тегін ордасына жатқызып қоймайды. Бұл жорықтан мен өз үлесімді алып қалғым келеді, сондықтан жебірейдің ару қызын өзімнің басы ашық олжам деп білемін. Ал енді менің пиғылымды біліп алдың ғой, бұдан соң алғашқы жоспарыңнан қайтпауыңа болады. Сенің сыбағаңа мен жармасады екен деп алаң болмай-ақ қой.

— Жоқ, мен сонда да өз олжамның маңайында боламын, деді де Браси.— Сенің айтып тұрғаныңның бәрі дұрыс, бірақ иіріңнің рұқсат бере қоятынына менің шегім бар, жана да үш жүз жәдігөйді өлтіргенің де қанша артықшылық беретіні сенімді емес. Істеген қиянатыңның барлығын ұсақ-түйек нәрсе деп қарайсың да, соның бәрі маған кешіріле береді деп ойлайтының қызық екен.

Екі серінің арасында осындай тәжіке болып жатқан кезде, Седрик өзін қоршап келе жатқан сақшыларды айналдырып, олардың кім екендерін, не себепті бұларға шабуыл жасағандарын сұрастыра бастады.

— Түрлеріне қарағанда, өздерің ағылшын сияқтысыңдар,— деді оларға Седрик,— солай бола тұра, өздеріңмен отандас адамдарға құдды нормандар құсап, ат қойдыңдар. Егер менің көршілерім болсаңдар, сендер маған досжар адамдарсыңдар: өйткені іргелес отырған ағылшынның ешқайсысы ешқашан менімен жауласқан емес. Айтқанымды тыңдаңдар, йомендер: тіпті сендердің іштеріңнен қуғын-сүргінге түскендер болса, солардың өздері де менің қанатымның астына тығылушы еді; олардың жоқшылыққа ұшырағандарын демеп-жебеуші едім, соларға зорлық-зомбылық жасаған арсыз ақсүйектерге қарғыс айтып, бірге жауласып шығушы едім. Енді сендер маған пе қыл дейсіңдер? Неге маған күш жұмсайсыңдар? Айтыңдаршы, неге үндемейсіңдер? Сендердің мына қылықтарың ақылы жоқ айуаннан асып кетті ғой; қалайша, тіл-аузы жоқ айуан боп осы беттеріңмен кете барасыңдар?

Бірақ бұларға айтылған сөздің бәрі босқа кетті. Сақшылардың тіл қата алмайтын мықты себептері толып жатыр еді. Сондықтан да Седриктің ашынып айтқан ызалы сөздері де, сылап-сипап айтқан сыпайы сөздері де сақшыларға ешбір әсер етпеді. Тұтқындарды сол бетінде салдыртып, ілгері қарай алып жүре берді, содан қарсы алдарынан жалпақ алан ашылып, алаңның арғы шетінде қазір Реджинальд Фрон де Бефке қарап қалған Торкилстан сарайы көрінгенше бұларды алды:артына бір қаратқан жоқ. Заманнан заманды көрген бұл көне сарай — айналасында аласа үйлері бар, сыртынан мықты қорғанмен қоршалған, зәулім төрт бұрышты мұнара болатын. Осы қорғанды айналдыра терең ор қазылып, ол орға жақындағы өзеннен бетімен бірдей су толтырылған. Фрон де Беф көршілерімен жиі атысып-шабысып тұратындықтан, қорғанның сыртқы қабырғасының әр бұрышынан бір-бір мұнара орнатып, сарайын мықты қамалға айналдырып қойған еді. Сол заманның барлық бекіністері секілді, сарайдың сыртқы қақпасы қабырғадан күмбездеп шығарған дарбаза етіліп келтірілген де, дарбазаның екі бүйіріне кішірек екі мұнара орнатылған.

Сарайдың мүк басқан, ирек-ирек сұрғылт қабырғасын, айналадағы орманнан асып тұрған биік қамалды көргеннен-ақ Седрик қайдағы қапасқа тұтылғанын бірден түсінді.

Өздерін тұтқындап келе жатқан қарақшылардың кімнің кісілері екенін ойлап алды да:

— Бұл ормандағы ұры-қарыларға бекер тиіскен екем,— деді Седрик өз ішінен...— Өз орманымыздың түлкісін Францияның аш бөрілеріне апарып теңедім-ау. Шындарыңды айтыңдар, сұмырай иттер, сендердің қожаларыңа менен не керек: менің жанымды ала ма, жоқ, малымды ала ма? Бұл елде енді мал-жаны, мекен-жайы бар екі сакстың: мені мен адал ниетті Ательстанның қалғанын көп көріп отырған болар. Ендеше бізді өлтіріңдер де, жауыздықтарыңды жеріне жеткізіп тыныңдар. Сендер бізді еркімізден айырдыңдар, енді жанымызды қоса алыңдар. Англияны қорғап қалу Седрик Сакстың қолынан келмесе, ол үшін өлу қолынан келеді. Адамшылықтан кеткен қожаларына айтыңдар: жалғыз-ақ, ешбір қорлық көрсетпей, Ровена бикешті босатуын өтінемін. Қанша айтқанмен, оның заты әйел ғой; одан қорқатын түгі жоқ; ал біз елуге даярмыз, бізбен бірге оны қорғап сойыл соғатын ең соңғы жауынгерлер де өледі.

Сақшылар оның сөзіне жауап қатқан жоқ; бұл кезде тұтқындар сарайдың қақпасына келіп қалған еді. Де Браси үш қайтара сыбызғы ойнады. Топ атты жақындап келгенде қорғанның басына шығып отырған күзетшілер дереу жерге түсіп, көтермелі көпірді орнатып жіберді де, жасақпен келген кісілерді сарайдың қақпасынан кіргізіп алды. Сарай күзетшілері тұтқындарды атан түсіріп, өз алдына бөлек залға кіргізді де, ең алдымен оларға таңғы тамақтарын ұсынды; бірақ Ательстанның басқа ешкім ол тамақтан татып алған жоқ. Соның өзінде өсиетті корольдің әулеті алдына тартылған тағамды түшіркеніп жеп отыра алмады, бұл екі арада күзетшілер жетіп келіп, Седрик пен Ательстанды Ровена бикештен бөлек бір бөлмеге орналастыратынын хабарлады. Бұған қарсы тұратын хал болмады. Сакстардың екі көсемін алып келіп, саксондардың қара дүрсін бағаналарымен төбесін күмбездей көтерген, даладай кең бөлмеге кіргізді. Біздің көне монастырьлерде көп қонаққа ас беретін мұндай үлкен залдар әлі күнге дейін кездеседі...

Бұлардан соң Ровена бикешті күтімші қыздарынан да айырып, оңаша бір бөлмеге әкеп кіргізді — қызға өте сыпайылық көрсеткенмен, бірақ оның қалауын ешкім сұраған жоқ. Ровенадан кейін Ревеккаға да осындай сезікті құрмет көрсетілді, қанша жалынып-жалбарынса да оның әкесінің тілегін ешкім тыңдамады. Шал сорлы тек қызымды қасымда қалдыра көріңдер деп, жаны қысылғандықтан ақша да ұсынып көрді.

— Арамза қақбас, өзіңнің қандай ит қорада болатыныңды көрсең, қызымды қасымда қалдыра көр деп, еш уақытта сұрамаған болар едің!—деді оған бір күзетші.

Бұдан ары Исаак шалмен көп сөйлесіп тұрған жоқ, оны өзге тұтқындардан бөлек, дедектетіп алып кетті. Сонсоң барлық малайларды қатты тінтіп, бойларындағы бар қаруды тартып алды да, басқа бір ерекше жайға апарын қамап тастады. Ровена бикештің қасында тіпті сүйікті күтімшісі Эльгитаны да қалдырған жоқ.

Саксондардың қос көсемін қамаған үлкен бөлме, ертеде сарайдың ардақты залы болып келсе де, кейін күзет бөлмесі сияқты жай ғана бір баспана боп қалған еді. Сарайдың жаңа қожасы өзінің бектік мәртебесіне лайық әрі жайлы, әрі берік, әрі сәулетті жаңа құрылыстардың қатарында әдемі, келбеті бағаналарға орнатылған күмбез төбелі әсем зал жасатып алған, бұл залдың ішкі ою-ернегі нормандардың сәулет өнеріне енгізіп келе жатқан тамаша зейнет, нақыштарының үздік үлгілері болатын.

Өткен дәурені мен басына түскен жаңа қорлықты ішіне сыйғыза алмай, өр кеудесі қысас, шерге толған Седрик бөлменің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүрді; ол сөйтіп шала бүлініп жүргенде, тумысынан енжар боп жаралған Ательстан әлдеқандай бір фәлсефелік шыдамдылық пен сабырлылыққа беріліп, маңайында болып жатқан оқиғаның бәріне селқос қарап, селт етпей отырып алды, тек қана ішіп-жем секілді, ұсақ-түйекті оқта-текте аузына алып қояды. Седриктің қатты ызаланып, күйіне сөйлеген жалынды сөздеріне әредік қана тіл қатып қойғаны болмаса, көбінесе ол үндемей-түндемей, сүлесоқ отырған қалпында қалды да қойды.

— Иә, солай,— деді Седрик, өзімен өзі ойласқандай болып, сонымен бірге бұл Ательстанға да айтып тұрған сөзі еді,— дәл осы сарайда менің бабам Торкиль Вольфгангермен бірге сайран салып, жолы болмаған, бағы жанбаған қайран ер Гарольдке сый-құрмет көрсеткен еді. Ол жолы Гарольд өзінің бүлікшіл інісі Тости бастап келген норвеждіктермен соғысуға кетіп бара жатқан. Дәл осы залда Гарольд өзіне қарсы тұрған інісінің елшісін қабылдап, оған тиісті сыбағасын көлденен тартқан! Менің әкем сонда болған оқиғаны қоярда-қоймай жыр ғып айтатын! Саксондардың игі жақсылapын осы залға лық тола жиналып, өздерінің сүйікті патшасымен бірге қаусар шарап ішіп отырған кезде, Тостидың елшісін солардың үстіне әкеп кіргізген екен.

Осы арада дер кезі екенін байқаған Ательстан:

— Түс кезінде бұлар бізге шарап пен жүрек жалғайтын тамақ бірдеңе жіберетін болар,— деп сөз қыстырып қалды.— Таңертең біз берген тағамдарынан ауыз тиіп те үлгірмедік. Оның үстіне, ат үстінен келе сап ішкен астың маған тамақ сияғы да болмайды, дәрігерлердің мұны несіне пайдалы деп қақсайтынын, тегі, біле алмадым.

Седрик оның сөзін елен қылмастан өз хикаясын жалғай берді:

— Тостидың елшісі, жиылып отырған жұрттың қатулы қабағына қарамай, бүкіл залдың о шетінен бұл шетіне кідірмей өтіп келеді де; король Гарольдтың тап тағынын алдына келіп тоқтап тағзым етеді:

«Айтыңызшы, тақсыр патша ағзам, егер ініңіз Тости қаруын тастап алдыңызға келіп бітім сұрайтын болса, сонда сіз оған қандай кеңшілік жасаған болар едіңіз?»—дейді елші.

Сонда Гарольд тұрып мүдірместен:

«Алдымен бауырым деп, құшағыма алар едім де, оның үстіне Нортумберленд уалаятын түгелдей қосып берген болар едім!»—дейді ер көңілдігі билеп кеткен жомарт король.

«Ал егер Тости бұл сыйыңызды қабыл алып, айтқаныңызға көнетін болса, оның сенімді одақтасы норвеж королі Хардрадқа қандай жер-су берер едіңіз?»—деді тағы елші.

«Ағылшын жерінен жеті қадам жер бұйырар едім!—деді әзезілге жаны күйіп кеткен Гарольд.— Айтпақшы, оның денесі өте зор дейтіндері шын болса, онда біз тағы бір он шақты өлідей жер қоса аламыз».

Бүкіл залда отырған жұрт патшасының өткір сөзін ұрандаса жәуеттеп, мүйіз тостағандар тағы шарапқа толтырылды, саксондардың көсемдері норвеж короліне «ағылшын жерінен» тезірек,топырақ бұйыруы үшін шараптарын көтеріп жіберді.

Солармен бірге мен де ішіп жіберген болар едім, айтты-айтпады, тіпті кеңірдегім кеуіп, тілім таңдайыма жабысып қалды,— деді Ательстан.

Тыңдап отырған адамы оның әңгімесін ешбір ілтипат етпесе де, намысына қызып, арқасы қызып алған Седрик:

— Сонымен, сағы сынып қалған елші жусаннан аласа, бетегеден биік күйге түсіп, корольдің інісі Тости мен оның одақтасы норвеж короліне кектеніп қалған Гарольдтың удай ащы жауабын арқалап, осы залдан тайып тұрған еді,— деп, шертіп отырған кебін баяндай берді ер Сакс.— Міне сонда мына Йорктың мұнаралары мен Дервент өзенінің ағын суы қабырғадан қан кешкен қиян-кескі шайқастың куәсі болған, сол қанды майданда норвеж королі мен Тости нелер керемет ерлік көрсетіп қаза тапқан, олармен бірге бастап келген, сайдың тасындай он мың таңдаулы жауынгері де қырылған. Ал енді тап сол күні, осындай ұлы жеңіске қолы жеткен күні саксондардың айбынды туларын шарықтата желбіреткен өкпек жел норман жел қайықтарының да желкендерін шеңберек аттырып, Сассекстың бағы таятын жағалауына жау кемелері аттанып келе жатқанын кім біліпті! Осыдан соң бірнеше тәулік өткенде Гарольдтың өзі де корольдігінен айрылып, өзінің жауы норвеж короліне бұйырған бірнеше қадам ағылшын жерінің оның өзіне де бұйырылып тұрғанын кім біліпті! Сол қайран ердің, жау жүрек Гарольдтың әулеті арқар жанды, аяулы Ательстан сен де, саксондардың тағы мен тәжінің көзсіз батыр бір тірегінің бел баласы мен де, бір қаныпезер норманның қолына түсіп, кешегі күнде өзіміздің аталарымыз сайран салып, ұлан-асыр той берген сарайдың қабырғасында мүсәпір тұтқын болып, күзетшілердің қол астында отырамыз деп кім ойлапты!

— Иә, бұлары бір жарамсыз жағдай болды,— деді Ательстан.— Бірақ бұлар қалай да құнымызды алып, өзімізді босататын болар. Солай болған күнде де бізді аштан қатыруға тиіс емес қой. Сірә, болар түстің өзі де болып қалса керек, ал бұлардың тіпті түскі тамақ беру керек деген ойы да көрінбейді. Терезеден байқаңызшы, ардақты Седрик, күннің көзіне қарап түстің болған-болмағанын білуге болмас па екен.

— Мүмкін, түс болса, болып та қалған шығар,— деді Седрик,— бірақ мен мына шимайлы терезелерге қарап тұрғанымда ойыма бір күндік ішер тамақ секілді ұсақ-түйек емес, одан гөрі күрделірек нәрселер түседі. Мына тұрған терезелерді өрнектеп шығарғанда, қымбатты достым, біздің ер жүрек ата-бабаларымыздың сырлау, нақыштау өнері түгіл, жалпы оны қалай ғып жасайтыны жөнінен ешбір хабары жоқ-ты. Сөйтіп жүргенде, Вольфгангердің мақтанды жақсы көретін өр көкірек әкесі, құдайдың өзі жаратқан жарығын неше алуан түр-түске енгізіп, қызылды-жасылды бояуға малындырып шығару үшін осы залдың терезелерін әдемілеуге Нормандиядан бір өнерпаз суретші шақыртады. Жат елдің адамы сол кездегі біздің ең төмен құл-құтанымыздың алдында бас киімін сыпырып, қол қусырып тәжім ететін жарамсақ, жағымпаз, сіңірі шыққан кемтар адам болып келеді де, қайтарында болып толған, семірген көрнекті адам болып аттанады, саксон ақсүйектерінің қисапсыз байлығын, кеңпейіл аңқаулығын өзінің пайдакүнем ағайындарына айта барады, Міне, бұл біздің жасағaн зор қатеміз еді, Ательстан, мұның қате екенін Хенгистың бізден бұрын өткен ұрпақтары, оның егеулі найза ұстаған әр жасағының тұқымдары баяғыда түсініп, ата-бабаларымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпына нұқсан келтірмей, біле-тұра бұлжытпай ұстап келген. Оның бер жағында біз шет елдің адамдарын құшағымызды кең жайып, қарсы ала бердік. Олар біздің ішімізге кіріп, досжар серігіміз де, сенімді қызметкерлерім де болып кетті, шетелдіктер бізді түрлі кәсіпке үйрете бастады, біз олардың шеберлерін тартынбай шақырып отырдық. Ақыры шынтуайттап келгенде өзіміздің аяулы ата-бабаларымыздың ақкөңіл адал салтын менсінбейтін болдық; нормандықтар бізді қарудың күшімен бағындырып алмай тұрып, өнерімен-ақ қызықтырып, әлдеқашан алып қойған. Одан да біз телегей:теңіздердің ар жағынан келген жат жұрттардың тәтті-дәмдісін таңсық көрмей-ақ, өз үйіміздегі жылы-жұмсақ асымызды қорек етіп, азат, тыныштық өмірімізді күйттей берсек еді; біз олай етпедік қой, сол таңсықты тан көреміз деп жүргенде, қол-аяғымызды байлап-матап, жат елдіктер бізді басыбайлы құл ғып алды ғой!

— Маған қазір кәдуескі жай тамақтың өзі сол жат елдің тәтті-дәмдісіндей көрінер еді,— деді Ательстан.— Мен осы сіздің өткен хикаяларды есіңізде сақтап келгеніңізге таң қаламын, ардақты Седрик, бірақ бір айыбыңыз — сөйтесіз де ішер асты ұмытып кетесіз!

— Әне, бұған тамақтан бөлек бірдеңе айтсаң, айтқан cөзiң далаға кетеді,— деді ызасы келген Седрик өзіне-өзі.— Мұның ішінде, сірә, жеті басты жалмауыз жатқан болу керек. Есі-дерті — тек ішіп-жеу.— Әттең дүние,— деді ол Ательстанға қорлана қарап,— осындай алпамсадай қауашақтың ішінде бір шіріген жұмыртқаның жатқанын қарашы! Англияны қайта кемеліне келтіру секілді ұлы істі осы шірікке қаратып қалдырған бұл құдайға амалың қанша! Егеp бұл Ровенаға қосылатын болса, бикештің асыл тегі рухын көтеріп, аруағын қозғар ма еді әлде қайтер еді... Бірақ Ровена да, Ательстан да, менің өзім де – бәріміз бірдей мына қан құйлы қарақшыға тұтқын болып отырғанда, той қылып,қыз ұзатуды бізге де берсін! Әлде мұның бізді тұтқынға алып отырған себебі — саксктардың бас көгерер адамдарының бостандықта жүргенінен қауіптене ме екен, сөйтіп өздерінің қиянатпен басып алған өкіметінен айрылып қалармыз деп қорқа ма екен.

Сакс өстіп қайғырып отырғанда, бұлардың түрмесінің есігі шалқасынан ашылын, қолында өзге атаман-шабармандардың жоғарылығын көрсететін ақ болыскей белгісі бар, бір даяршы кіріп келді. Бұл дәрежелі шабарман залға кердеңдей басып, айбат шегіп келді де, оның артынан келген төрт малай тамақ, жасалған столды кіргізді, тамақты көріп, иісін алған соң Ательстанның жаны жадырап, мұның алдындағы уайым-қайғының бәрін жуып-шайып кетті. Байқаған кісіге, тамақ әкелген малайлар беттерін бүркеншікпен тасалап, үстеріне плащ киіп алған екен.

— Бұл не бүркеншік?—деді Седрик.— Сірә, біз қожаларының сарайында тұтқын боп отырсақ, өзімізге зорлық-зомбылық істеп отырған кім екенін білмейді деп ойлайсыңдар ма? Ондай болса, Реджинальд Фрон де Бефке сәлем айтыңдар,— деді Седрик, осы тамақтың тұсында сөз бастап қалғысы келіп,— осы жасап отырған зорлығының жалғыз себебі — бізден олжа түсіріп, қиянатпен байып қалу шығар. Ендеше оған айтыңдар, біз нағыз қандыбалақ қарақшылардың қолына түссек те құнымызды беріп құтыламыз ғой, сол секілді оның да дүниеқоңыздығын өтеп кетуге біз даярмыз. Жалғыз-ақ бас бостандығымыз үшін алатынын алсын да бізді босатсын, әл-ауқатымыздан асып кетпесе, сонысын төлеп құтылайық.

Шабарман жігіт бұған жауап берудің орнына басын изеді де қойды.

— Бұған қоса Реджинальд Фрон де Бефке айтыңдар,— деді Ательстан,— мен оны қан төгісетін жекпе-жекке шақырамын, осыдан босанғаннан кейін сегіз күннен соң, қалаған жерінде, жаяу да, ат үстінде де алыса беруге даярмын. Егер ол шын сері болса, жекпе-жекті кейінге соза алмайды және одан қашып құтыла алмайды да.

— Шақыруыңызды серіге айтып барамын,— деді даяршы жігіт.— Ал әзірге тамақ алыңыздар.

Ал Ательстанның жекпе-жекке шақыруы көңілдегідей айбынды боп шықпап еді: осы кезде қолына түсіп қалған қомақты ет оның туа біткен қомағайлығын қоздырып, қайсарлық сөзінің қуатын қашырып жіберді. Сонда да бұған Седриктің айызы қанып, серігінің жауынгерлік рухының көтеріле бастағаны деп біліп, оны шын жүректен қуаттай жөнелді. Ательстанның асыл тегіне бас иіп келген Седрик әйтпеген күнде одан мүлде үміт үзіп, оның өздігінен мезі боп кетуге айналған еді. Мына шақырудан кейін Седрик оны жан-тәнімен қостап, қолын қыса бастады. Сөйткенше болмай тағы Ательстан: «Көжесі сарымсақ сасыған осы сарайдан неғұрлым тезірек құтылу үшін, Фрон де Бефтей жігітпен атысып-шабысуға даярмын»,— деп сезбестен соғып қалды, оның бұл сөзі Седрикті тағы бір ренжітіп тастады.

Бос белбеу мәу етектігі мен тамақсаулығына қайтадан беріліп кеткен Ательстанға енді көңіл бөлместен, Седрик оның қарсы алдына отыра қалып, отанының басына түскен қайғы-қасірет тамақ жайын қанша ұмыттырып жүрсе де, жақсы тағам жасалған столдың басына келгенде, өзінің саксон ата-бабаларының әдеті бойынша, араны ашылып кететінін дәлелдеп берді.

Тұтқындар таңертеңгі асты жақсылап ішіп болмай жатып, сарайдың қақпасының алдында ойналған мүйіз сыбызғының дауысы олардың игі нәсібін бөліп жіберді. Соның арасынша сыбызғы үш дүркін нығыра ұрды, сыбызғы дауысының қатты шыққандығы сондай, тап бір ертегінің батыры сиқырлы сарайдың алдына кеп сыбызғы ойнап, сонымен бүкіл сарайдың қабырғалары мен мұнараларын, қамалдың қару жұмсайтын ұялары мен иір-тістерін дуалап қойған сиқырды екпінімен ұшырып жіберетіндей болды.

Сакстар орындарынан дүрліге көтеріліп, терезеге ұмтылды, бірақ одан ештеңе көре алмады, өйткені сарайдың терезелері ауланың ішіне қарайтын еді. Сонда да сарайдың ішінде айтқанша көтеріле қалған әбігер мұнда бір айта қалғандай оқиға болғандығын айқындады.

XXII ТАРАУ

О, қайран қызым менің! Қызым қайран!
Дукаттар христиандық қызыл жапырақ!
Сот қайда? Заң қайда? Қайран қызым...
Дукаттарым!

«Венеция көпесі».

Сарайдағы оқиғадан анық хабар біле алмай алакөңіл боп қалған, әрі алдарындағы тамақтарын тояттап ішіп, барқадар таппаған саксон көсемдерін қайтадан стол басына бұрғызып тастап, ендігі әңгімені ең бишара тұтқын — Йорктың жебірейі Исаактан қозғайық. Бұл сарайда оның іргесіндегі ордан да терең қазылған іші дымқыл бір жер үйшік бар еді, мүсәпір жебірейді сол қапас зынданға әкеп тастаған. Қапасқа жарық төбедегі екі кішкене саңылаудан ғана түсетін, ол саңылауға тұтқынның қолы жетпейтін сығырайған тесіктен шаңқай түстің кезінде де жарықтың нышаны аздап қана қылаң беруші еді де, түс ауған соң зынданның іші мүлде қараңғы боп кетуші еді. Бұрынғы тұтқындардан қалған кісендер мен бұғаулар зынданның қабырғасында әлі ілулі тұр. Бір бұғаудың шынжырында осында өлген адамның борша-борша болған жіліншігі қыстырылып қалыпты, бұл —зынданда отырған тұтқынның өлмек түгіл, өлексеге айналатынына сөзсіз айғақ.

Қаһарлы зынданның бір бұрышында үлкен ошақ тұр, ошаққа тот басқан темір тор орнатылған.

Бұл қараңғы қапастың қорқыныштылығынан Исаак түгіл, одан жүректі адамның да үрейі ұшқан болар еді. Ал қазір алдындағы ажалды көзімен көріп, қолымен ұстағандай болып отырғанда, оның сұмдығын ойлап қорқатынындай емес, енді бір түрлі сабыр ойлап қалған секілді. Аңшылардың, айтуына қарағанда, қашқан қоянның жаны, тазының аузына түскеннен гөрі, оның соңына түсіп, қуып келе жатқанда қатты қиналатын көрінеді. Сол сияқты, бір қатерді күтетін жебірейлер де сол қатердің кезінде көретін азабын ойлап, не де болса соны көріп алуға бойлары үйреніп алады екен, сондықтан алдында тұрған қатер қандай ауыр болса да, соны ойлап, біліп отырғандықтан көтеріп кете береді екен. Адамның үрейін ұшырып, есінен тандыратын да осы ойламағандық, күтпегендік болу керек. Ал енді Исаактың, көріп отырған құқайы жалғыз бұл емес-ті. Ол сан сергелдеңнен сүрінбей өткен сұңғыла, көрген-білгені көп адам. Аңшының қанжығасына байланғалы тұрған аңының ойламаған жердей сытылын кете беретіні секілді, Исаак та әлі осының бір амалы қалай табылмас екен деп аңдып отыр. Сонда да Исаактың бәрінен бұрын сенетіні — өз ұлтының табиғатына дарыған қайыспас қайсарлығы мен алған бетінен таймайтын батылдығы, өздерін қорлаушылардың, дегенін болдырмай кетуге келгенде, Израильдің перзенттері әкімдер мен озбырлардың адам айтқысыз зорлық-зомбылықтарынан талай рет құтылып кете берген.

Дымқыл ызғарға бойын алдырмау үшін плащына оранып алып, Исаак безерген қалпында, зынданның бір бұрышында отыр еді. Жебірейдің бүкіл тұлғасы, қусырылған қолы мен үрпиген сақал, шашы, ішік плащы мен қоқиған сарғыш бөркі жер астының шашыранды күңгірт сәулесінде атақты суретші Рембрандтың қыл қаламына таптырмайтын нысана болып табылар еді. Осы қалпынан тапжылмай Исаак ұдайы үш сағаттай отырды. Бір мезетте жер астына келетін басқышта әлдекімдердің аяқ дыбысы естілді. ЬІсырылған кекіл темірлер сықырлап, тот басқан ілгектер шиқылдап, қапастың аласа есігі ашылды да, Буагильбердің жәдігөй құлының екеуін қасына ерткен Реджинальд Фрон де Беф кіріп келді.

Бүкіл өмірін соғыспен, көршілес ақсүйектермен атысып-шабысумен өткерген, алпауыттық құдіретін күшейте беру үшін еш нәрседен тайынбайтын Фрон де Беф ұзын бойлы, еңгезердей мықты кісі болатын. Қаттылық пен қаһарға құрылған мінез-құлқы оның кескініне сайма-сай еді. Басқа адамның бетіне жарақаттан түскен таңба, тыртықтар оның ерлігі мен батырлығының белгісі деп танылып, сый-құрметке бөлейтін болса, ал мұның бетіндегі айғыз-айғыз таңба, тыртықтар оның түсін суытып, жан түршігерлік, иманың хасам боларлық зәр шашып тұратын. Қаһарлы бек үстінде сауыт қажаған, майдан дауыс болған, денесіне құйып қойғандай былғары күрте. Белінде қанжардан бөлек қару жоқ, екінші жағына салмақ боп тұрған бір топ кілтке тең болсын деп әдейі таққандай.

Бектің қасында келген мендікер құлдар әшейіндегі жақсы киімдерін қалдырып кетіпті, оның орнына дөкір кенептен тігілген ұзын жейде мен ұзын дамбал киген. Мал соятын қасапшыларша, жеңдерін шынтағынан жоғары түріп алған. Екеуінің қолында да бір-бірден себеттері бар. Зынданға кіріп келген беттерінде олар есіктің екі жағына тұра қалды да Фрон де Беф есікті мықтап жауып қойды. Осындай сақтық жасап, бек Исаактың бетіне қадала қараған күйінде зынданның бұ шеті мен о шетіне жай аяңдап жүріп өтті. Елдің айтуына қарағанда, өзінің жейін деп тұрған әлсіз аңын осылай көзімен арбайтын күшті жыртқыштар болады дейді, сол сияқты, Фрон де Беф те жебірейдің құтын қашыру үшін оны көзімен арбап шықты. Шынында да бектің көзінде де сондай бір күш болу керек, оқты көзімен атып өткенде, бишара тұтқында зәре-құт дегеннен ныспы қалмады. Исаактың аузы аңырайып, бір орыннан тырп ете алмай отыр, қаһарлы серіге мөлтеңдеп телміріп қарай береді, қанішер норманның зәрлі көзінен бүкіл денесі бір уыс болып, бүрісіп кеткен мүсәпір тұтқын орнынан тұрып, тағзым етпек түгіл, бөркін алып, бір ауыз жан сауға да айта алмады; оның барлық ойы — қазір мені ұрып-соғып, қорлық көрсете бастайды, керек болса тіпті жанымды алып жіберуі кәдік деген сенімде болатын.

Бүркіт қуған атына түсер кезде бүкіл түгі тікірейіп, қанат-құйрығы суылдап, аспаннан бір құйылады ғой, жебірейдің көзіне норма алпамсадай тұлғасы да сол секілді, бірден-бірге зорайып бара жатқандай көрінді. Торғайдай боп бүрісіп отырған бишара жебірейдің алдына үш қадамдай жерге келіп тоқтап, сері қасына келген құлдың бір қолымен ымдап шақырып алды. Қара құл оның алдына кеп қолындағы себеттен бір үлкен таразы мен бірнеше кірді шығарып қойды да, өзі барып есіктің көзіндегі бірге келген серінің қатарына қайта тұрды. Алдарыңда болатын зұлымдықты жандары сезіп тұрғандай, бұл адамдар асықпай-саспай, сабырмен ғана қимылдайды. Егер Фрон де Беф соры қайнаған тұтқынға қарап тұрып, зынданның ішін жуан,қаһарлы үнімен күмбірлетіп:

— Қарғыс атқан төбет. Мына тұрған таразыны көрдің бе?—деді.

Сорлы жебірей төменшіктеп, жерге кіріп барады.

— Міне, осы таразыға салып, корольдің Лондондағы есеп-қисап палатасы тағайындаған нақты саны мен салмағы бойынша, мың қадақ күміс өлшеп бересің,— деді қаныпезер бек.

— О, қасиетті Авраам-ата!—деп шыр ете қалды жебірей.— Мұндай соманы құлағым естіп, көзім көрді ме екен? Мың қадақ күміс деген сөз жыраулардың хиссаларында да айтылған емес... Мұнша қазынаны адам баласының көзі қашан, қайда көрді екен? Бүкіл Иорк шаһарынан, менің үйімді және менің туыстарымның үйлерінің бәрін тінтіп қарасаңыз да, сенің тауып бер деп отырған күмісіңнің оннан бірін іздеп таппайсың!

— Менің ақыл-есім түзу адаммын,— деді оған Фронде Беф,— егер күмісін жетпесе, алтынды да ала беремін. Алтынның бір ділдасына алты қадақ күмістен санап бере бер, бұған дейін өңің түгіл, түсіңе де кірмеген азаптан құтыламын десең, өзіңнің арам жаныңды осымен ғана арашалап қаласың,

-— Ая мені, құрметті сері!—деп бажылдады Исаак.— Мен нашар, кедей, қарт адаммын! Маған зорлық жасағаның өзіңнің бойыңа мін болады. Құрт-құмырсқаны жаншып өлтіру абырой бермейді.

— Сенің қарт адам екенің рас,— деді сері,— ендеше обалың сол сақал-шашың ағарғанша алдау-арбаумен өмір сүргізіп қойғандардың мойнында болсын. Мүмкін, сенің әлсіз, нашар адам екенің де шын шығар, өйткені жебірейдің мықты, батыр болған кезі бар ма еді? Ал енді сенің бай екеніңді елдің бәрі біледі.

— Ант етемін, құрметті сері,— деді Исаак,— өзімнің бар ар-иманым мен сенетін әулие-әнбияларымның алдында және сіз бен біз бірдей сенетін қасиетті әулиелердің алдында ант етейін.

— Жалған антыңның керегі жоқ,— деп норман серісі оның антын бөліп жіберді,— босқа сіресемін деп жазаңды ауырлатып аласың, одан да алдыңда тұрған тағдырыңды ақылына салып, кесіп-пішіп ал. Ата-бабаларыңнан бері қарай мирас боп келе жатқан өтірік зәре-заптығыңды пайдаланып, мен саған құрғақ қоқан-лоқы жасап отыр екен деп алданып қалма, Исаак. Сенің сенбейтін кітабыңа — біздің шеркеуіміздің тұтынып отырған інжіліне, тағдырымызды кесіп-пішіп отырған шариғат жолына сыйынып айтайын — менің сөзім біреу және одан қайтпаймын. Мына зындан — ойыншық емес. Мұнда сенен мың есе, миллион есе артық тұтқындар жатқан, солардың . бәрі де осында жан тапсырған, оны ешқашан, ешкім білген емес. Ал енді сенің алдыңда ұзақ, ауыр азаппен өлетін өлім тұр — сенің ажалыңмен салыстырғанда аналар оңай, жеңіл өліп кеткен еді.

Сөйтіп, ол құлдарды шақырып алып, солардың тілінде ақырындап бірнеше сөз айтты: Фрон де Беф мұның алдында Палестинада болып қайтқан еді, бұл ауыр азапты, мүмкін, ол сол жақтан үйреніп келген болар. Жәдігөйлер себетінен көмір, көрік, май құйған шөлмек шығарды. Сонсоң біреуі шақпақ шағып, от тұтатты, екіншісі жоғарыда айтылған ошақтың астымдағы көмірді қағыстырып, көмір қып-қызыл болып қызғанша көрік басты.

— Мынау қып-қызыл көмірдің үстінде тұрған темір торды көрдің бе, Исаак?— деді Фрон де Беф.— Сені енеңнен туғандай жалаңаштап, осы ыстық төсектің үстіне жатқызады. Сонсоң бір құл мынау отты қыздырып тұрады да, екіншісі қуырдақ жанып кетпеуі үшін, оған оқтын-оқтын май құйып тұрады. Ал, таңда өзің, ыстық төсекке жатқан жақсы ма, жоқ, маған мың қадақ күміс төлеген жақсы ма? Әкемнің атына сыйынып айтайын, бұдан басқа таңдау жоқ.

— Мүмкін емес!—деп айқай салды бақытсыз жебірей.— Сіздің бұлай етуіңіз мүмкін емес! Рақымы күшті алла тағалам мұндай рақымсыз жүректі еш уақытта жаратқан жоқ.

— Оған сенбе, Исаак,— деді Фрон де Беф,— мұндай аңқаулық — кешірілмес қате болады. Нешеме қалалардың талан-таражға түскенін көрген, өзіммен қаны бір мыңдаған христандардың алмас семсермен кескіленгенін, суға батып, отқа жанып, қырылғанын көрген мен қайдағы бір қаңғыған жебірейдің шыңғырған ойбайынан жасқанып, айтқанымнан қайтады деп ойлайсың ба?.. Әйтпесе ата-анасын, туған-туысын, ел-жұртын, ар-ұятты, заң-законды керек қылмайтын, құдіретті қожасынын жалғыз ым қағуымен өрт салатын, у беретін, семсермен кескілеп, бұғаумен буындырып өлтіретін мына тұрған қап-қара құлдар рақым қылады деп ойлайсың ба?.. Әлде осылар аяу дегеннің не екенін біледі деймісің? Ол түгіл, бұлар жалынып-жалбарынған сөзіңнің өзін түсінбес! Одан да сабана түс, ақылына кел, байқұс шал, қазынаңның бір бөлігін бер де, өсімқорлықпен тонап алған ақшаңның біразын христиандардың өзіне қайыр. Егер осыдан қапшығың орта түсіп қалатын болса, бәрі бір оны қайтадан толтырып аласың ғой. Ал енді мынау торға жататын болсаң, сонда күйген терің мен етіңе дауа дауа болатын одан жазып шығаратын емші де, дәрі де табылмайды. Тезірек құныңды төле де, кісінің кісісі ғана тірі шығатын мына зынданнан оңай құтылып кеткеніне қуана-қуана ризалық ет. Енді саған сөзімді шығын ғып тұрмаймын. Өзіңнің қалағаныңды ал: не алтыныңды, не жаның мен тәніңді. Қайсысын таңдасаң, соның болады.

— Ендеше Авраам мен Иаков бас болып, ұлтымыздың барлық аруақтары маған жар болсын,— деді Исаак.— Менде ешбір таңдау да жоқ және сіздің шамадан тыс талабыңызды қабылдайтын хал да жоқ.

— Ұстаңдар мынаны, құлдар, шешіндіріңдер тырдай жалаңаштап, сонсоң мұны ұлтының әулиелері мен әнбиялары қалай қолдаса солай қолдасын!—деп бұйырды рақымсыз сері.

Бектің сөзіне бұрын қимылы мен ымына бағынған мендікер құлдар Исаактық жанына жетіп келіп, байқұсты қолтығынан тік көтеріп тұрғызды да, енді не қылайық дегендей, бектің бетіне қарады. Сорлы болған жебірей кімнен рақым болар екен дегендей, бек пен оның жендеттерінің бетіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Бірақ Фрон де Беф сазарған салқын мысқылмен алғашқы аяусыз азапты бастаған қалпынан таймай қалып еді; ал енді болашақ сұмдық азапты қолдарымен орындайтын болғандарына жандары түршігіп, шошып кетудің орнына, шаш ал десе, бас алатын жәдігөйлердің оған қуанатындай түрі бар.

Исаак өзін керіп салуға әзірленген тамұқтың отындай ошақты көріп, қиянатшыл норманның мейірімсіздігіне көзі жетті де, дегбірінен біржола айрылды.

— Мен мың, қадақ күмісті төлеуге ықтиярмын,— деді ол ақырын ғана күбірлеп.— Төлейін дегенде... әлбетте, ағайындарымнан жәрдем сұраймын дегенім ғой. Әйтпесе, шеркеудің алдында тұрып қайыр тілемесем, тумысымда көрмеген мұндай соманы мен қайдан алмақпын. Сонда мен бұл ақшаны қашан, қайда төлейін?—деді ақырында.

— Осында,— деді Фрон де Беф,— міне, осы еденнің үстінде, салмағы мен санын бірдей түгендеп, дәл осы арада төлейсің. Тегінде өзің қалай деп едің, аласымды алмай тұрып, мен сенен, сірә, айрылармын ба?

— Құнымды төлегеннен кейін менің бостандық алатыныма қандай кепілдік болады?— деді Исаак.

— Норман ақсүйегінің ауызба-ауыз айтқан сөзі саған жеткілікті, пайдакүнем доңыз. Сенің бүкіл руыңның қолындағы барлық алтын мен күмістен нормам ақсүйегінің ар-инабаты артық екенін біліп қой,— деді Фрон де Беф.

— Қате болса кешір, құрметті сері,— деді Исаак, именіп,— бірақ өзіңіз маған иненің жасуындай сенім білдірмей отырғанда, сіздің сөзіңізге мен неге сенуге тиістімін?

— А, жебірейім, өйткені сенін мұнан басқа амалың жоқ,— деді сері, түсін суытып.— Егер мен осы минутта сенің Йорктегі қоймаңда болып, несиеге ақша сұрап келген болсам, онда сен қарызыңды қайтаратын мерзімді тағайындап, оған кепіл болатын шартыңды белгілеген болар едің. Ал мұнда қалта менікі. Мұндағы әмірші — мен, сен менің билігімдесің. Сондықтан саған қандай шартпен бостандық беретінімді мен айтып жатпаймын.

Исаак бұл арада бір күрсініп алды.

— Мені босатқанда қасымдағы серіктерімді де бірге босататын бол,— деді жебірей.— Жебірей деп олар да мені жек көретін еді, бірақ менің әлсіз, нашарлығымды аяймын деп, жолда бөгеліп қалды, сөйтіп, менің ұшыраған бәлеме олар да ұшырады, оның үстіне, менің төлейтін құнымның жарым-жартысын олар да өз мойындарына алады.

— Егер сенің айтып тұрғаның анау саксон малғұндары болса... олардан өз алдына бөлек құн алынады,— деді Фрон де Беф..— Сондықтан сен өзіңді біл, басқаға қол сұғушы болма.

— Сонда сен менің өзіме ғана және менің жаралы досыма ғана бостандық береді екенсің ғой?— деді Исаак.

— Немене, мен сонда бұл Израилдың перзентіне, өз жөніңді біл, басқанын ісіне қол сұқпа деп екі қайтара айтуым керек пе еді? Сен өзің таңдауыңды алдың, енді тек соны тезірек төлеуіңді біл,— деп ақырды Фрон де Беф.

— Бері қарашы, құрметті серім,— деді жебірей, норманға қарап,— сол құнды өндіріп алу үшін сен өзіңнің...— дей берді де, ол мүдіріп қалды.

Жебірей ашуланшақ норманның шыдамын кетіріп алармын деп мүдірген еді. Бірақ Фрон де Беф бұған күліп жіберді де, айтылмай қалған сөзді өзі қосты:

— Өзіңнің ар-инабатыңа қарамай дегің келіп еді ғой, солай ма, Исаак? Оған мүдіретін не бар еді? Мен өзім айттым ғой, жөн білетін адам екенімді, сондықтан жеңілген жақтың дауын, ол тіпті жебірейдің дауы болса да, оны мен көтере беремін. Бірақ сен, Исаак, Жак Фиц-Доттрельдің үстінен шағым бергенде ондай шыдамды бола алмағансың, сонда ғой сен өзіңді қанішер өсімқор деп сөккені үшін жеріне жете күйретіп шығардың.

— Құдай біледі, мұныңыз қате, құрметті серім: өзімнен несиеге алған ақшамды қайыр дегенім үшін Фиц-Доттрель өз бөлмемде маған қанжар ала ұмтылды ғой. Оның бер жағында несиесінің мерзімі өтіп кеткен, пасха айтында толып кеткен еді.

— Оның енді маған бәрі бір,— деді Фрон де Беф,— маған керегі өзіме тиесі күмісті қашан аламын. Сөлкебайды маған қашан жеткізесің, Исаак?

— Сіздің қызметкерлеріңіздің күзетімен менің қызым Ревекка Йоркке баратын болсын, құрметті серім, сонсоң атпен барып қайтатын мерзімнің ішінде ақша осында жеткізілетін болады да, оны сіз осында, мына еденнің үстінде өлшеп, санап алатын боласыз,— деді Исаак.

— Меңің қызым дейсің бе?— деді Фрон де Беф, қазір естіп отырған кісіше таңданған болып.— Құдай біледі, мен мұны бұрын білмеген едім. Ол қарақат көз қызды мен сенің нақсүйерің екен деп ойлап, бізге жол салып кеткен, қария ақсақалдардың рәсімі бойынша, ол қызды біз Бриан де Буагильбер мырзаға қызметкер етіп қойып едік.

Серінің бұл сөзін естіп, аһ ұрғанда Исаактың көкірегі қарс айрылды, жебірейдің қайғы-шері бүкіл зынданның барлы-жоқты ауасын кернеп кетті, әуелі сорлы жебірейді ұстап тұрған екі жәдігөй де бұған қайран қалғандықтан, оны қолдарынан шығарып алды. Босанып кеткен жебірей еденге етпеттей кетіп, Реджинальд Фрон де Бефтің аяғын құшақтай алды.

— Құрметті серім,— деді ол,— сұрағаныңның бәрін ал, тіпті одан он қайтара артық ал, мені қана, күйрет, қайыршылыққа жеткіз. Жоқ! Ол аз! Қанжарыңмен мені жарып өлтір, отыңа қақтап, күйдір, жалғыз-ақ қызымды ая, қорлама оны, ар-ұятымен босатып жібер. Өзіңді тапқан ананың аруағымен жалбарынамын, араша түсетін, қорған болатын адамы жоқ, жетім қыздың ар-ұятын сақта! Ол менің қайтыс болған Рахиламның жалғыз тірі көзі, әйелімнен қалған махаббаттың ақырғы кепілі, алты баладан қалған жалғыз өзі! Тірі жетім болған мен сорлыны көзімнің жалғыз қарашығынан, жалғыз қуанышымнан айыра көрме. Ата-бабаларымыздың бейітінде, анасымен бірге жалғыз қызымның қатар жатпағанына туған әкесі, мына мен өмір бойы опық жеп, өмір бойы өкініп өтсін деп сен неліктен ойлайсың?

— Қап әттегене,— деді норман, тап бір шын жаны ашып кеткен кісіше,— әттегене, бұрынырақ білмегенімді қарашы мұны мен. Сендердің тұқымдарың ақша салған қапшықтарыңды ғана жақсы көреді екен деп қалдым ғой.

— Қанша жебірей болсақ та, бізді сен өйтіп кемітпе,— деді Исаак, серінің жаны ашығансып тұрған минутын қайткенде пайдаланып қаламын деп.— Аңшы қуып, ініне тығылған түлкі, жауынан қашқан мысық та өз баласын жақсы көреді ғой, сол секілді, біздің Авраам атамыздың қорлық-зорлық көрген, бұратана болған әулеті де өзінің балаларын жақсы көреді.

— Солай-ақ болсын,— деді Фрон де Беф,— мұны мен, Исаак, сен үшін бұдан былай ұмыта қоймаспын. Ал қазір кешігіп қалдық. Өтер іс өтіп кетті, болар іс болып қойды, мен енді оны өзгерте алмаймын. Қанды көйлек киіскен жолдасыма мен уәдемді беріп қойдым, енді он жебірей он қызымен қоса келсе де, сөзімді бұза алмаймын. Оның бер жағында, егер қызың Буагильбердің қарауына барса, ол қыз бір бәлеге ұшырайды деп неге ойлайсың.

— Сөз жоқ, ұшырайды!—деп зарлады Исаак, өзін-өзі жұлып, жер-көкке тұрмай.— Еркек болса — азапқа салғаннан бөлек, әйел болса — ұятқа қалдырғаннан бөлек, ғымаратшыдан не күтуге болатын еді?

— Арамза төбет,— деді Фрон де Беф, көзі шатынап, мүмкін, ашуына әдейі сылтау іздеген шығар,— Сион ғымаратындағы серілердің қасиетті орденіне тіл тигізуші болма! Одан да маған бермекші құныңды қалай төлейтініңді ойла, әйтпеген күнде кеңірдегіңді бітей саламын!

Жебірей өзінің дәрменсіздігіне қарамастан, көкірегін кернеп кеткен ашу-ызаға ерік беріп, құдіретті норманнан бір де тілін тартпады:

— Қанішер қарақшы, қара бет зұлым! Енді мен саған түк те бермеймін. Қашан қорламай, ұятқа қалдырмай, қызымды қолыма бермей тұрып, енді сен менен бір де күміс теңге ала алмайсың!

— Мына жебірейдің есі дұрыс па?—деді норман, түсін бұзып.— Немене, сенің жаның мен тәніңді біреу қып-қызыл темірге, қайнап тұрған майға күймейтін етіп дуалап кетті ме?

— Енді маған бәрібір!—деді, әкелік сезімі қорланып, әбден жеріне жеткен Исаак.— Не қылам десең, мен еркіңдемін. Нағыз жаным мен тәнім — жалғыз қызым —менің басымнан мың есе артық, мың есе қымбат, азап шектіретінің, қинайтынын менің тәнім болса — білгеніңді істе! Енді сен менен күміс көрмейсің! Істеген қылмысың үшін, өлім жазасына кесіліп, қарғыс атқан жаныңды содан алып қалу керек болса, қанішер малғұн, мен саған жалғыз күміс теңге бермеймін. Керек болса менің жанымды ала бер, ал сонан соң көрсеткен азабыңның бірде-біріне қарамастан, жебірейдің өзіңді жер қылғанын айта жүрерсің.

— Ендеше қазір көреміз,— деді Фрон де Беф.— Сенің қарғыс атқан тұқымың жек көретін қасиетті креспен ант етемін, сен қазір оттан да, өткір болаттан да сазайыңды тартасың. Шешіндіріңдер, құлдар, шынжырмен торға байлаңдар.

Жан дәрмен қылған шалдың әлсіз қарсылығына қарамастан, жәдігөй құлдар жебірейдің сырт киімін сыпырып, енді жалаңаштауға айналып еді, сол мезетте кернай азынап қоя берді, үш қайтара ойналған кернайдың даусы жер астының түкпір-түкпіріне дейін жаңғырықтырып жіберді. Соның арасынша Реджинальд Фрон де Бефті шақырған дауыстар да естілді. Мынадай масқара іспен айналысып жатқаны көзге түсіп қала ма деп именген қанішер бек, жебірейді киіндіріңдер дегендей ғып, жендеттеріне ым қақты да,құлдарын ерте-мерте, зынданнан шыға жөнелді. Енді жер астында жалғыз Исаак қалды, жебірейдің өз өмірі ардақты болса, жанын сақтап қалған құдайына құлдық ұрып алғысын айтар, әйтпесе қызының қамын ойлап, сол үшін қайғыланатын болса, соның тілеуін тілеп, зар илеп отыра берер.

XXIII ТАРАУ

Егер менің тәтті сөзім
Қозғамаса жаныңды,
Елжіреген нәзік сезім
Тулатпаса қаныңды,
О, онда мен — ғашық емес,
Батырлықпен, күшіммен ...
Сүйдіремін еріксіз.

«Екі вероналық».

Ровена бикешті әкеп кіргізген бөлмесі жасау-жабдық жағынан өздерінше бір келісті жай деп саналса керек; сондықтан сарайдың қожалары бикешті осында орналастырып, басқа тұтқындарға қарағанда, оған ерекше құрмет көрсеткен сияқты. Ал бұдан бұрын бұл бөлмеде тұрған, Фрон де Беф бектің зайыбы әлдеқашан қайтыс боп кеткен еді де, ханымның қалауымен істелген азды-көпті әшекейдің өңі түсіп, ескіріп қалған еді. Бөлменің қабырғаларын өңдеген астар әредік жыртылып, кей тұстары жалбырап тұр, басқа тұстары күннің көзінен оның көнеpiп қалған. Дегенмен бұл бөлмені қанша ескірді десек те, саксон патшасының, мұрагер аруына бірден-бір лайық бөлме осы болатын.

Бұл сұмдық сұрқия драманы ойлаушы актерлер өздерінің рольдеріне дайындалып жатқан кезде, Ровена бикеш әлгі бөлмеде өз тағдырын ойлаумен отырды. Реджинальд Фрон де Беф, де Браси һәм ғымаратшы болып бас қосқан мәжілісте драманың рольдері сарапқа салынған еді. Қаныпезер шабыншылықтан түсетін пайдаға таласып, әр қайсысы өз құлқынына тартып, бұл үшеуі кеп керісті, ақырында тұтқындардың тағдырын шешкендей болды.

Сонымен, осы жорыққа себеп болған де Браси түс кезінде ойындағысын іске асыру үшін, яғни Ровена бикештің әйелдікке көніп, жасау-жабдығымен өзіне тиюге келісім беруін сұрап, бикештің отырған бөлмесіне келді.

Тәрізіне қарағанда, де Браси өзінің олжалас серіктерімен кеңесуге барлық уақытын түгел кетіре қоймаған екен, өйткені соңғы кездегі кербездіктің сән-салтанатының бәрін орындап, бастан-аяқ киініп алыпты. Қарақшылардың жасыл шапаны мен бетін тасалаған маскасы жайына қалған. Әлденеше жерден жіліншіктеп, топшылап тастаған қалың, ұзын шашы, асыл аңның үйегімен жұрындалған әсем плащына төгіліп тұр. Де Браси сақал-мұртын тап-таза ғып қырып тастапты. Келісті камзолы тізесіне түседі, камзолдың сыртынан алтын жапқан кемер белдік буынып, алтын ілгекпен түймелеген, белінде салмақты наркескен қылышы бар. Сол заманның дәстүр болып, сәнге кірген бір жосықсыз аяқ киімін біз жоғарыда айтып кеткен едік, сонда да Морис де Брасидың башмағының ішінен киген ұйығы сыртына қайырылып, қойдың, мүйізінше шиыршықталып қойғанын, егер жосықсыз киімге бәйгі жарияланатын болса, оның сонда бірінші бәйгіге ие болғандай екенін айтпауға болмады. Сол заманның салының елден ерек, асып кеткен сәні осындай еді. Саран маңында жүргеніне мәз болып, шолжыңдап еркінсіп кеткен, әрі жауынгерлік даңғойлықпен даңдайсыған серінің сырты сұлу кескін-келбеті көрер көзге үлкен әсер етерліктей болатын.

Морис де Браси Мекаһіл періштенің диюді жайратқан кезін алтынмен бейнелеген әдемі барқыт бөркін басынан алып, Ровена бикешке құрметпен есендесті де, тағзыммен иіліп, қыздың отыруын өтінді. Ал Ровена бикеш түрегеп тұрған қалпында қала берген соң, сері оң қолынан биялайын шешіп, қызды креслоға отырғызбақшы болып еді. Бірақ Ровена оның ықыласын қабыл алмай, тұрған бетінде:

— Егер мен өзімді түрмеге қамап отырған кісінің алдында тұрған болсам, тақсыр сері,— деді бикеш,— онда бұйырылған жазамды түрегеп тұрып тыңдағаным мақұл шығар. Менің қазіргі тұрған халімді тек осындай деп түсінуге болады.

— Мұныңыз әбес, Ровена сұлу,— деді де Браси, сіз түрмеге қамаушының, алдында емес, қайта, сіздің мөлдір көзіңізге тұтқын адамның алдында тұрсыз. Үкімді тыңдайтын кісі сіз емес, міне, мына тұрған де Браси.

— Мен сізді танымаймын, мырза,— деді қыз, атақты сұлудың кек тұтып қалған асқақтығымен бойын түзеп алып,— мен сізді білмеймін, ал кезбе жыраулардың әдетімен маған сөз айтып тұрған өрескел әдепсіздігіңіз қарақшылық зорлығыңызға желеу бола алмайды.

— Жүрегімнің әмір етуші құдіреті, жанарымның жарық жұлдызы деп қалап алған кісіме мұндай әдепсіздік жасауыма да себеп—сол өзіңнің асып кеткен көркің емес пе,— деді де Браси, бұрынғы бетінен таймай.

— Тағы айтамын, мырза, мен сізді білмеймін, оның үстіне, есіңізге салып қояйын, шынжыр балақ, шұбар төс сері атанып жүрген бірде-бір еркек қорғансыз әйелге баса-көктеп сөз айтуға тиіс емес.

— Сізге таныс емес екенім рас, менің сорымды қайнатып тұрған да сол ғой,— деді де Браси,— бірақ та де Брасидың аты көпке әйгілі екенін біліп қойыңыз, ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшы сарапқа түскен сайыстарда, әйтпесе қабырғадан қан жауған майдандарда ерлігі асқан серілерді мадақтай, жырға қосқан жыраулардың, қызыл тілдің шешендігімен жар салсаң жаршылардың-аузынан естіген де боларсыз

— Ондай болса, мақтауыңызды жеткізуді сол жыраулар мен жаршыларға тапсырыңыз, мырза,— деді Ровена.— Өзіңізді өзіңіз мақтағаныңыздан гөрі сол дұрыс. Ал енді маған мынаны айтыңызшы, осы өткен түннің естен кетпес ерлігін — жалғыз шал мен бір уыс жасқаншақ малайды біріктіріп алған жеңісті, сонымен қатар жеңімпаз ерге олжа болып, қарақшының сарайына еріксіз әкелінген бақытсыз қыздың хикаясын кім шертер екен, сайыстардың шежірелерінде бұл оқиғаны өлеңге қосып, жырға айналдырып, келешекке тарих қып қалдыратын я жыршы, я жырау кім болар екен?

— Мұныңыз әділет емес, Ровена сұлу,— деді сері, қыздың сөзінен жеңіліп қалған соң, өзінің ежелгі қалпына көшіп,— сіз әділ көзбен қарамай тұрсыз, басқа түгіл, тіпті өзіңіздің жамалыңызға ғашық болған жанның шын ынтызарлығына жол бермей отырғаныңыз да сондықтан.

— Қыздырманың қызыл тілін тоқтатуыңызды тілеймін енді, мырза!—деді Ровена.— Бұл сияқты қызыл сөз жырауларға жарасса — жарасар, ал серілер мен ақсүйектердің қолы емес... Мен шынында енді еріксіз отырамын ғой деймін, өйткені ел ақтаған жарапазаншының қайталай беретін өлеңіндей, сіздің де көргенсіз сөздеріңіздің түгесілетін түрі көрінбейді.

— Тәкаппар бойжеткен,— деді де Браси, майын тамызып сөйледім деген әдемі сөздерін Ровена бойына теңгермей қойған соң ызаланып.— Тәкаппар бойжеткен, тым мен-менси берме, менің көкірегім де сенікінен кем емес екенін әлі-ақ көрсетемін. Мен сенің келісіміңді сұрағанда, өзіңнің салт-санаңа сай жолмен сұрағанымды біліп қой. Сөйтсем, сенің мінез-құлқыңа жақсы ресім, жарастықты сөзден гөрі, қару-жарақтың күші ләзім болады екен.

— Әдепті сөзді әдепсіз әрекет аралап кеткенде, құл киген құндыз бөріктей, тым сөлекет көрінеді екен—деді Ровена.— Сіздің сабыр-салмақтан кем-тар екеніңіз маған таңсық емес. Тегінде, ұры-қарылықты сұлу сыпат, сылдыр сөзбен бүркеймін деп әуре болғанша, сол баяғы қарақшының киімін киіп, сөзін сөйлеп қала бергеніңіз ойыңыз бен бойыңызға хұп жарасатын еді.

— Бұл ақылың өзіңе,— деді норман,— менің қайсар қылығымды қайтпай айта алатын тілім бар; ендеше, сен қыз, осы сарайдан не біржола шықпай қаласың, не Морис де Брасидың әйелі болып шығасың. Жорытқанда жолым болмады дегенді мен білген емеспін; ал норман ақсүйегі, әйелдікке аламын деп тұрған саксон қызының алдында ант-су ішіп ақталып жатпайды. Сен тым тәкаппарсың, Ровена, дегенмен, маған әйел болуға жарайсың. Маған тиіп, сый-құрметке бөленгеннен артық табатын жолың қайсы? Бар байлығы шошқа болып табылатын, деревняның мыжырайған ашық-тесік қорасында сол шошқамен қойындасып жататын сакстардың бишаралық өмірінен құтқаратын бұдан бөлек амалың бар ма? Англияның бар құдіреті, бүкіл сән-салтанаты әмірінде тұрған қауымның жуан ортасынан ардақты орынды, мен болмасам, қайтіп алмақсың?

— Сылқым сері,— деді оған Ровена,— сіздің жана ғана мал қораға теңеп, кемітіп кеткен үй-жайыңыз — менің кіндік кесіп, кір жуған жерім, өз үйім, өлең төсегім. Егер бір кезде маған сол үйді тастап кететін жазу болса, онда өзімнің туып-өскен ұямды қорламайтын адаммен ғана кетемін, бұған ешбір күмәныңыз болмасын.

— Менің зердеме жете қоймас деп бұлдыратыңқырап айтқаныңызбен, ойыңызды білемін, бикеш,— деді де Браси.— Бірақ Арыстан Жүрек Ричард енді қайтып тағына отырады екен деп ойлап қалмаңыз. Оған қоса корольдің жан жолдасы Уилфред Айвенго сізді зайыбы етіп патша тағының алдына алып барады екен деп дәмеңіз тағы болмасын. Сізден үміті бар басқа біреу болса, мүмкін, қызғаншақтық жасар ма еді, әлде қайтер еді, ал баланың ойыны секілді мұндай арзан сүйіспеншілік туралы бұзық ой менің қаперіме де кірмейді. Біліп қойыңыз, бикеш, бақталас адамымның тағдыры менің қолымда тұр. Айвенгоның осы сарайда жатқаны туралы құпияны Реджинальд Фрон де Бефке жеткізу-жеткізбеу маған байланысты; егер мұны біліп қойса, оның қызғанышының зардабы менікінен жаман болады.

— Не дейді, Уилфред осында ма еді?—деді Ровена түршігіп кетіп.— Сонда не демексіз, ол осында болып, Фрон де Беф соның бақталасы болып шыққаны ма?

Де Браси қызға қалай дерін білмей, бір минуттай дағдарып қалды. Содан соң барып:

Немене, сен оның осында екенін шын білмейтін бе едің?- деп сұрады.— Исаактың зембілінде келе жатқан Уилфред Айвенго екенін шынымен білген жоқсың ба? Несін айтасың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қасиетті әулиенің қабірін дұшпаннан жеңіп аламын деп аттанған крест жорығының қаһарманы үшін жарастықты көлік табылған екен!—деп, норман серісі табалай күлді.

Жанын күйзелткен қауіп-қатерден тұла бойы қалтырап тұрса да, дұшпанына сыр алдырмауға бекінген Ровена сабырмен сөйлеуге тырысты:

— Уилфред осында болсын-ақ дейік, ал сонда Фрон де Беф мырза оған қай жөннен бақталас болмақшы? Осы сарайда біраз күн тұтқын боп отырып, сонсоң серілердің арасында болатын лайықты тарту-таралғыдан кейін оның қорқатын несі бар?

— Кәдуелгі қарапайым әйелдер сияқты, Ровена, сен де солай деп ойлайсың ба, дүниеде сеңдердің көріктеріне таласудан басқа бәсеке-талас болмауы мүмкін емес деп білесің ғой? Баққұмарлық пен дүниеқоңыздықтың қызғанышы махаббат қызғанышынан кем түседі деп саған кім айтты? Біздің қазіргі қожамыз Фрон де Беф Айвенгоның бекке лайық көлкөсір мекен-жайына, бір мөлдір көз арудың махаббатынан бір де кем таласпайды. Сондықтан сен менің ықласыма оң қарасаң, жаралы серінің Реджинальд Фрон де Бефтің қаһарынан қорқатын да және Айвенгоның тағдыры үшін қайғыратын да түгің жоқ. Әйтпеген күнде Айвенго еш уақытта рақым, аяныш дегенді білмейтін адамның қолында тұр.

Сүйген жарының өміріне төнген сұмдық қатерден зәресі зор түбіне кетіп, бойын билей алмай қалған Ровена:

— Жаратқан жалғыздың хақысы үшін Уилфредты сақтап қала гөр!—деп жалбарынды.

— Мұны орындау менің қолымда және орындаймын да,— деді де Браси.— Жалғыз-ақ, Ровена де Брасидың әйелі болуға көнетін болсын, сонда оның жастайынан бірге өскен бауырына, қамқоршы әкесінің ұлына тиісуге кімнің батылы бармақшы? Ал осындай жақсылық бір сенің ғана махаббатың үшін істеледі. Әйтпеген күнде өзімнен жұлдызы биік боп шығатын бақталасының өміріне ара түсіп, оны құтқарып алатындай ақымағың мен емес. Сен мендік боп шықсаң ғана Айвенго аман-есен құтылады. Ал сен мұны істемесең, Уилфред өледі, сонымен бірге сенің бақытың да күйіп кетеді.

— Сенің суық сөзін қаншама қаһарлы болса да,— деді Ровена,— оның сұмдық мағынасымен үйлеспейтін бір жері бар. Мен сенің ниетіңнің соншалық мейірімсіз екеніңе яки сенің құдіретіңнің соншалық асып тұрғанына әлі де сенбеймін.

— Олай болса, менің айтқаным болатынына көзің жеткенше, құрғақ қиялды малдана тұр;—деді де Браси.— Сенің сүйген жарың жаралы болып, осы сарайдың қабырғасында жатыр. Фрон де Бефтің ар-инабаттан, сұлулықтан жоғары тұтатын дүние қоңыздығына оның кедергі болып табылуы мүмкін. Сондықтан оны қанжармен я найзамен бір шаншып жоқ қылу неге тұрады деп ойлайсың? Ал тіпті мұны істеуге Фрон де Бефтің батылы бармасын, сол уақытта емшінің бір дәріні жаңылыс жұтқыза салуы, әйтпесе науқастың басындағы жастықты жалшының қатты жұлып алуы мүмкін ғой, міне сонда қан төкпей-ақ шаруа біте қояды. Қазіргідей әл үстінде жатқанда, Уилфредтың осыдан да өліп кетуі ғажап емес. Седрик те сол...

— Седрик те солай дедіңіз бе?..— деп Ровена қайырып сұрады.— Қайран менің арқар жанды, асқар жүректі қамқор әкем! Ұлын ойлап, әкесінің тағдырын ұмытсам, құдайдың мені шын қарғаған жері осы-дағы!

— Седриктің тағдыры да сенің байламыңа байланысты,— осы жағын жақсылап ойлан,— деді де Браси.

Бұған дейін Ровена бір бетінен қайтпай, қарысып тұрып алған еді, өйткені ол қатерді соншалық зор, соншалық шарасыз деп ойлаған жоқ-ты. Қыз жаратылысынан әдепті, ұяң туған жан еді, табиғаттың білгіш сыншылары мұның тәнінің ақтығына, шашының ақ сарылығына байланысты құбылыс деп санайтын. Солай бола тұрса да, қыздың тәлім-тәрбиесі мінез-құлқына қатты әсер етіп, оның әдет-ғұрпын өзгертіп жіберді. Айналасындағы жұрттың бәрі, олар түгіл тіпті басқа елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстайтын Седриктің өзі де бикештің еркіне көніп, әмірін екі етпей орындап келген еді, қалың көптің осындай сый-құрметіне дағдыланған қыз, ақ дегені — алғыс, қара—дегені қарғыс орнына жүріп, абыройы әбден асып кеткен болатын. Сондықтан ол өзінің әміріне қарсы тұру, яғни, өзінің тілеген, қалаған нәрсесін орындамау дегеннің не екенін тіпті білмейтін.

Алайда қыздың асып кеткен алапатының ары жағында мейірлі, нәзік жан жатқан еді. Сондықтан бикештің өз басы және оған ғашық жары мен қамқор әкесі зор пәлеге ұшырап, бастарына қанды қатер төнгенде, сұлудың тағдыры күшті, қатыгез, қаныпезер қаскүнемнің қанды шенгеліне ілініп, енді бұған не істесем де өз еркімде деп даңдайсып тұрғанда, ардақты ару не істерін білмей, ақылынан адасып қалды.

Ровена өзіне болысатын жан іздегендей, жан-жағына жалтақтап, өксігін баса алмай, бірнеше қайтара ышқынып өкіріп жіберді де, түюлі жұдырығын көкке көтеріп, еңіреп қоя берді. Табиғаттың бере салған бұл сияқты асыл затының қайғы-қасіретін көріп тұрып, оны аямау, оған егілмеу мүмкін емес еді. Қызға жаны ашып кетпесе де,өз қылығынан өзі ұялып, де Браси да сасайын деді. Істі өзі насырға шаптырып алып, енді оны қайтарып ала алмады; ал қазіргі күйінде Ровенаның алдау-арбауға да, қоқан-лоқылап қорқытуға да көнетін түрі жоқ еді. Үрейі ұшып, зәре-дегбірі қалмаған қызды қайтсем сабасына түсірем деп ойға қалған де Браси енді бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп жүріп алды.

«Егер мен мына қыздың көз жасына қарап босаңситын болсам, өзімнің осынша тәуекелге барып, басымды бәйгіге тіккен қызықты арманымның орнын немен толтырмақшымын?—деп ойланды ол.— Оның үстіне Джон шаһзадаға және оның күлкі баққан нөкерлеріне мазақ боламын ғой. Жоқ, байқасам, мен өзімнің бел байлаған мақсатымды атқарып шыға алмайды екем. Қайғы-шерден өзгеріп кеткен мына ақ арудың бетіне, көз жасымен бұланған анау мөлдір көзге қарауға дәтім шыдайтын емес. Одан да бұл асқақ мінезді тәкаппар сұлу сол баяғы өр көкірек мен-мен қалпында тұра берсе еді, әйтпеген күнде Фрон де Бефтей бекке біткен қайсарлық пен қайрымсыздық менде молырақ болса еді».

Осындай ойлармен толқыған де Браси Ровенаны көңілін аулап, мұншама үміт үзіп, торығатындай әлі ештеңе бүлінген жоқ деп жақаурата бастап еді. Дәл осы кезде қатты ойналған мүйіз сыбызғының даусы шығып, оның бұл сөзін бөліп жіберді, сыбызғы үні жалғыз бұл емес, сарайдың түкпір-түкпірлерінде өздерінің дүние қоңыздық әйел құмарлық арам пиғылдарымен айналысқан басқа тұрғындарының да шырқын қоса бұзды. Де Браси енді сұлудың жанынан кетіп, көп адамдар жиылатын залға қарай асықты. Бұл арадан кеткеніне ол онша өкінген де жоқ, өйткені Ровена бикешпен екеуінің арасындағы әңгіме де Брасидың не бастапқы мақсатынан таймай қасарыса беруіне де, не ол ниетінен тайып, арам пиғылынан бас тартуына да өте қиын болып қалған еді.

Бұл арада біз бірыңғай сүйіспеншілік оқиғаларын тізе бергеннен гөрі, сол замандағы бұзылған мінез-құлықтың өзіміз айтқан жексұрын жайларын асырып айтпай-ақ нақпа-нақ дәлелдейтін қисынды айғақтарды келтіруді мақұл көрдік. Тақта отырған өкімет өкілдеріне қарсы, ағылшын еркіндігі үшін күрескен ержүрек бектердің, сол еркіндікті бізге қорғап берген бектердің өздері де нағыз озбыр зорлықшы екенін мойындау, ағылшын заң-законы былай тұрсын, ол түгіл тіпті жалпы табиғат әділетіне, кәдуелгі адамгершілік жол-жобаға қайшы, шідер бұзған жауыз сол бектердің өзі болып шыққанын ойлау қандай қасірет дерсің. Сол кездің тіршілігінде етек алған ақылға сыймастай қиянат, зұлматтарды дәлелдеу үшін сол заманның шежіресінен толып жатқан құнды мағлұмат жинаған белгілі тарихшымыз Генридың сансыз көп еңбегінен бірер мысал келтірсек қайтер едіңіз.

Стефан корольдің патшалық құрып тұрған заманында өңшең норман ұлтынан шыққан шонжар бектер мен ордалы нояндардың қандай зорлық-зомбылық жасағанын «Саксон мағлұматы» жіпке тізіп, баяндап береді; нәпсілері қозып, арандары ашылып кеткен кездерінде олардың қандай-қандай айуандыққа дейін баратындарына бұл газет мәліметтері таптырмайтын айғақ болып табылады.

«Олар кедейлерді аяусыз қанап, өздеріне сәулетті сарайлар салдырды, сарайлар салынып болған соң, олардың ішіне неше түрлі бұзақы адамдарды толтырды, бұл малғұндар еркек, әйел демей, қолдарына түскеннің бәрін бас салып ұстай берді, егер біреулердің ақшасы барын сезсе, оларды зынданға қамап, адам көрмеген қорлық көрсетті; бұлардың тартқан азаптары ертегінің әулие-әнбияларының тартқан азаптарынан да асып кетті. Кейбіреулерінің аузына боқтық толтырып, тұншықтырып өлтірді, басқаларын аяғынан, басынан, бас бармағынан дарға асып, астарынан от жақты. Ал қайсы біреулердің бастарына қылбұрау салып, бас сүйектері жарылып кеткенше, тұзақты бұрап өлтірді, енді біреулерді жылан, бақа-шаян құжынаған зынданға тастады...»

Ал енді біз бұл сияқты зұлымдық қиянаттарды тізумен оқырмандардың мазасын алмай-ақ қоямыз.

Мына бір тарихи оқиға шабыншылыққа ұшыраған елдің тартқан ауыр азабының тағы бір мықты мысалы болса керек. ІІІотланд королінің қызы Матильда ханшаның — кейін Англияның королевасы болғаны және оның белгілі Эдгар Этлингінің жиені, келешекте Германия императрицасының анасы, солай болған соң бірінен кейін бірі таққа отырған үш бірдей патшаның қызы, зайыбы, анасы екені көпке мәлім; міне сол Матильда Англияда тәрбиеленіп жүрген жаңа өспірім жас қыз кезінде еріксіз монахиня болып, шашын кестірген; өйткені, соңына түскен норман ақсүйектерінің нәпсі құмарлығынан құтылу үшін бұдан бөлек ешбір лажы болмаған. Ағылшын дін иелерінің ұлы жиылысына шақырылған уақытта, монахиня атағын алуыңызға қандай себеп болды деген сауалға Матильданың өзі дәл осылай ғана жауап беріпті. Дін иелері Матильданың бұл қадамын және сол қадамды жасатқан себептердің болғандығын растап, сонымен бірге сол замандағы мінез-құлықтың, әдет-ғұрыптың соншама босаңдап кеткенін даусыз, болған оқиға деп тапты. Дін иелері өздерінің қабылдаған қарарында оны солай деп жазды да: Англияны Вильгельм король жаулап алғаннан кейін оның норман руынан шыққан батырлары өздерінің ұлы жеңістеріне мастанып, ешбір заң-законды керек қылмай, тек қиянат, зорлық-зомбылық жасауға құнығып алды; олар сакстардың жер байлығы мен мал-мүлкін тартып алумен қоймай, ар-ұяттан безіп, олардың әйелдері мен қыздарының да абыройларын төгуге бет түзеген еді; осының салдарынан текті атаның қыз-келіншектері монастырьға кіріп, бірадар, сопы атанғысы келмесе де, тек қана еркектердің жүгенсіз кеткен зынақорлығынан өзін арашалап, ар-намысын таза сақтап қалу үшін дін санатының қорғауымен ғымаратқа жазылып, шаштарын қырықтырған еді.

Шежіре тізуші Идмердің айтуынша, алқалы кеңесіне жиылған әулие-хазіреттер сол кездегі нәпсі бұзақылығы мен салт-сананың азғандығын осылай дәлелдеп кеткен. Мұндай кептердің болғандығына және оның ақиқаттығына біз бұдан ары дәлел іздеп жатпаймыз; саксондардың тізген айғақтарына қанша шүба келтіргенімізбен, бұдан былайғы баяндауымызда сол фактілер негіз болып қала береді.

XXIV ТАРАУ

Мен өзімнің қалыңдығымды арыстандай айбатпен бағындырып аламын.

Дуглас.

Сарайдың түрлі түкпірінде жоғарыда біз баяндаған оқиғалар болып жатқанда, ең шеткергі оңаша қорғанда жебірей қызы Ревекка маңдайына жазылған тағдыр тақсіретін күтіп қалған еді. Бетіне перде жамылған екі малай осында алып келіп, оны бір аядай бөлмеге қамап қойған, қараса, ұршық иіріп мұнда бір кәрі мыстан отыр, кемпір еденде безектеп айналған ұршығының әуенімен ыңылдап ән салады. Бөлмеге кірген Ревекканы көріп өлмелі кемпір басын көтеріп алды да, кәрілік пен ұсқынсыздықтың жастық пен әсемдік қасында жексұрын көрінетін әдеті бойынша, кәрі мыстан жебірейдің сұлу қызына өшіге қарады.

Осыны байқаған малайдың біреуі:

— Жаныңның барында жоғал бұл арадан, кәрі сайтан. Біздің мырзамыз осылай деп бұйырды. Мына бөлмені жас сұлуға босатып беру керек.

— А, солай ма, істеген жақсылығыңды қазір осылай өтейді екен ғой. Бір кезде мен бір ауыз сөз айтсам болды, жігіттің жігіті деген ер азамат аттан жұлынып, қызметтен құтылып жатушы еді. Ал енді сен секілді бір мақұлықтың әмірі жеткілікті бопты, менің тайып тұруым үшін!

— Сөзді қысқарт, кет деген соң кету керек, Урфрида,— деді екінші малай.— Мырзаның әмірін екі етпей орындауымыз керек. Рас, бір кезде сенің де ақ дегенің алғыс болған, ал қазір ол күнің батып кеткен. Енді мініске жарамай қалған, жалаңаш, құр бұтаға жайылуға жіберілген алжыған кәрі ат та бір, сен де бірсің. Бір кезде сен топтан торай бермеген жүйріктің өзі едің, енді аяң-бүлкілге жарағаныңа шүкір ет. Ал енді тезірек қамдан да, дереу тайып тұр!

— Айтты-айтпады, сендерді қашан да бір жаман ырым, қырсық-кесір қуалап жүруші еді. Екеуін де ит өлімінде кететін нағыз төрт аяқтының өздерісіңдер ғой, сендерден қайбір жақсылық күтуге болатын еді,— деді кемпір.— Бірақ, мынау ұршығымдағы жібімді келебіне толтырып болмай, өз бөлмемнен мен албасты таласа да ешқайда бармаймын!

— Кәрі албасты, оныңды мырзаға әз аузыңнан айтарсың,— деді де, малай серігімен бірге шығып кетті, құдай душар қылған соң шара бар ма, Ревекка, сөйтіп, кәрі мыстанмен бір бөлмеде қала берді.

Сиқыршы кемпір Ревеккаға жаман көзімен қарап қойып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп жүр:

— Тағы да қандай сұмдыққа бастады екен, бұл сұмырайлар?— деді кемпір, ойға қалып.— Ә, бәсе, қисыны келіп тұр екен: монахтың ішірткі дұғасын ішпеген, азғыруына түспеген құралай көз, қолаң шаш, айдай аппақ ару қыз—келіспеген иесі бар... Иесіз қорғанға бөріге байлаған лақтан, оңаша алып келіпті: бұл арадан гөрі жердің астынан шыққан айқай аттанды тезірек естірсің. Сенімен көршілес, сұлуым, кілең жапалақ көз үкілер мекен етеді. Сенің даусыңнан бұрын солардың шақырғаны құлаққа жетуі мүмкін. Сірә, өзің — бөтен елдің адамысың ғой деймін,— деді мыстан, Ревекканың киіміне қарап алып.— Қай елден келгенсің? Мұсылманбысың — Мысырдан боларсың? Неге жауап қатпайсың? Жылағаныңа қарағанда, сөйлей де білесің ғой.

Ашуланбаңыз, шешетай,— деді Ревекка.

— Ә, енді сұрамай-ақ білдім,— деді Урфрида.— Түлкіні құйрығынан, жебірей әйелін созуарлығынан айырады.

— Тәңіріңіз жарылқап, тілегіңіз қабыл болсын, айтыңызшы, менің басыма қандай іс түскелі тұр? Мені осында күшпен алып келді — мүмкін, жебірей дінінде болғаным үшін менің жанымды алар? Олай болатын болса, жанымды мен қуана-қуана берген болар едім.

— Е, өміріңді айтасың, балақай!—деді кемпір, басын шайқап тұрып.— Өміріңнен айырып сені не ғысын? Жоқ, атама, маған сенсең, сенің өміріңе төніп тұрған еш пәле жоқ. Тек жалғыз-ақ, саксон аруына бір кезде не істесе, саған да соны істейді. Саксон қызына лайық болған нәрсе, жебірей қызына несі айып бопты? Өзің маған қарашы: мен де жас болғамын, сенен гөрі екі есе сұлу болғамын, мынау Реджинальдтың әкесі Фрон де Беф осы сарайды шауып алған кезде мен де сондай болатынмын. Менің әкем, қасында жеті ұлы бар, өзінің осы ата мекенің қарыстай жері қалғанша, қасарысып қорғаған, қайтпай тұрып соғысқан. Туған әкем мен ағайынды жеті бауырым осы сарайда қабырғадан қан кешті, олардың қан төкпеген бөлмесі, қанға бөктірмеген сатысы, баспалдағы қалған жоқ. Ақырында, бірі қалмай осында қаза тапты, кіндік кесіп, кір жуған үйлерінде бәрі бірдей қырылды. Әне солардың беті де бүркелмей, қаны да құрғамай жатып, мен жүзіқара, қанішер жендеттердің мазағы болдым.

— Сөйтіп, бұдан құтылып кететін амал жоқ па? Бір лажын тауып қашып шығуға болмай ма?—деді Ревекка.— Көмектесуші адам болса, ақысын аямай төлер едім. Ой, бір байып қалар еді!

— Ойыңа кіріп те шықпасын,— деді кемпір.— Бұдан құтылып шығатын жалғыз-ақ жол бар, ол — өлім жолы; ал өлімнің жолы жаһаннамның түбінде,— деді Урфрида, ағарып кеткен басын шайқап тұрып.— Мұнда тек бір-ақ жұбаныш бар, ол — сен өлгеннен кейін де біздер сияқты бақытсыз жандар болады. Ал, жебірей қызы, сонымен, қош бол! Әй, жебірей қызы деген не — ол да бір — пұтқа табынушы мәжуси де бір деген ғой! Айттым ғой, мен киген кебіңді сен де киесің, өйткені, рақымнан ада, ар-ұяттан безген жандардың қолына түстің. Ал, қош бол! Менің ұршығым иіріліп бітті, ал сенікі енді басталады.

— Тоқта, құдай үшін, тоқтай тұр!—деп жалбарынды Ревекка.— Осында бол! Мені, мейлі боқта, мейлің датта, бірақ кете көрме! Қанша айтқанмен, сен бар болсаң, аз да болса, қорғаныш боласың ғой!

— Саған мен түгіл, тәңірия анамыздың өзі де пана бола алмайды,— деді кемпір, бұрышта тұрған тәңірия қыз Марияның суретін көрсетіп.— Әне, тұр ғой, көріп ал; осы сені жазмышыңнан сақтап қалар ма екен, көрерсің.

Осыны айтты да кемпір табалай күліп шығып кетті; мыстанның сиқы қазір әшейіндегі түнеріп жүрген кезіндегіден де сұмпайы еді. Кемпір есікті жауып кетті, ал Ревекка оның тік басқыштан зорға дегенде түсіп, әр сатыны аттаған сайын оны қарғап-сілеп бара жатқанын көпке дейін естіп отырды.

Ровена бикешке қарағанда, Ревекканың басына түскен күн қараң еді. Саксон королінің мирасқор әулеті болғандықтан, Ровенаға азды-көпті сый көрсетілсе, ал жебірей қызының тұрпайылықтан өзге, сенерлік түгі жоқ болатын. Бірақ Ревекканың, жаратылысынан біткен жігері, зеректігі бар-ды, оның үстіне қыз осы бастан-ақ қауіп-қатерге қарсы тұрып үйреніп қалған. Қайрат-жігерінің алғырлығы, ақыл-ойының зеректігі бұл қыздың бала күнінен машықтанған қасиеті болатын. Әкесінің оны үлде мен бүлдеге бөлеген тәрбиесі, өзге де бай жебірейлердің үйлерінен көрген сән-салтанаты бұлардың осынша дәулетінің баянсыз, тұрақсыз екенін Ревекканың айқын түсінуіне кедергі перде бола алмады. Ертегінің ұлан-асыр тойында болған Дамокл сияқты, соншалық ит басына іркіт төгілген молшылықтың ортасында қаздай қалқып келсе де, өз аталастарының желкесінде бір тал шашқа ілінген алмас семсерді қыз көз жазбай көріп жүрді. Өмірге осындай ойлы көзбен қаған, көп толғанудың нәтижесінде Ревекканың мінез-құлқы да жұмсарып, байыпты кемеліне келді; егер баршылық, молшылық жағдайдың бетімен кете берсе, оның ақыры мен-мендік, өр көкіректікке апарып соғар ма еді, әлде қайтер еді.

Әкесінің көрсеткен үлгі-өнегесі мен айтқан ақылының арқасында, Ревекка елдің бәріне бірден қарап, айналасындағы жұртты сыйлап ұстауға, үлкенді — үлкен, кішіні — кіші тұтуға, әдеп сақтауға дағдыланған еді. Бірақ әкесінің жарамсақтығын, көрінгенге бас ұрып, аяғына жығылатын мінезіне еліктей алмайтын, заты қоян жүрек қорқақтық қыздың жаратылысына қайшы болатын. Жеккөрінішті халықтың қызы болғандықтан өзін кем тұтатын әдетке амалсыз мойынсұнғанмен, Ревекка бойына лайық кісілігін еш уақытта құрбанға шалып жібермейтін, қайта, діни әдет-ғұрыптың шектен шыққан ожарлығына қарамастан, өзінің неғұрлым жоғары дәрежеге лайық қасиеті барлығын әбден білетін.

Ғайыптан келетін пәле-жаланың бәріне әзір тұруға белін бекем байлаған Ревекка тап осы жолы да сасқалақтап қалмады. Оның басына түскен мына пәлеге төтеп беретін қайрат қажет еді, сондықтан ол тастай қатып, бойын билеп алды.

Қыз ең алдымен өзін әкеп қамаған бөлмені жете қарап шығып, бұдан қашып құтылу мүмкіндігі жоқтығына көзін жеткізді. Бөлменің ешқандай, көзден таса қосалқы есігі жоқ екен, өз алдына бөлек мұнараның ішінен қалың қабырғамен бөліп шығарылған бұл бөлме, сірә, сарайдың басқа жайларымен қатынаспайтын болса керек. Жалғыз есігі іштен не кілтпен, не ілгек күршекпен жабылмайтын боп шықты. Бөлменің жалғыз терезесі мұнараның ирек-ирек қоршаумен далдаланған алаңқай төбесіне қарай ашылады екен, алғашқы бетте Ревекка осы арадан қашып шығуға болар деп ойлаған еді; бірақ, бұл жердің басқа жақпен ешбір байланысы жоқтығын көріп, одан да үмітін үзді. Қорғанның төбесіндегі жадағай орын оқ ататын саңылаулары бар дуалмен қоршалған балкон тәрізді шағын алаңқай болатын, бұл ара қорғанды жаудан арашалап, қарама-қарсы оқ жаудырып тұратын амалдың орны болып табылатын.

Сонымен енді Ревекканың сабыр айлап, бір құдайға сыйынудан басқа ешбір амалы қалған жоқ, құдай артық жаратқан ізгі жандар әмсе осылай етуге тиіс те еді. Заты Ревекка әулиелік кітапта айтылған шариғат жолын өзінше қате түсініп, құдайдың абзал жаратқан асыл халқы израиль ұлтының маңдайына жазылған бақталайды әбес бағалайтын; алайда ол қазіргі басына түскен ауыртпалықты сын сағаты деп танығанда қателескен жоқ және басқа халықтарға бұйырылған игілікті үлесуге келгенде, Сионның тұқым-жұрағаты да қоса бөлісетін күн туарына иманы кәміл еді. Қазіргі уақытта Ревекканың төңірегінде болып жатқан оқиғаның барлығы сол мұғжазаны тартатын, қорлық-зорлық атаулының бәрін көретін күн туғанын көрсетті; сондықтан бұлардың ең зор міндеті басқа түскен зұлматтың барлығына шүбәсыз мойынсұнып, таудай пәлені тайсалмай көтеріп кету деп білді қыз. Ревекка өзін де осы жазмышқа алдын-ала бұйырылып қойған құрбан деп танып,өзінің ақыл-ойын жас басынан осы қауіп-қатерге көндіктіріп қойған болатын.

Басқыштан келе жатқан адамның аяқ дыбысы естілгенде, тұтқын қыз селк ете қалып, өңі қашып кетті. Сонан соң есік ақырын ашылды да, қыздың осы пәлеге ұшырауына себеп болған қарақшыларша киінген сұңғақ бойлы адам жайбарақат бөлмеге кіріп, артынан есікті жауып алды. Маңдайына түсіре киген қалпағынан бұл адамның, бет ажары көрінбеді. Сол сияқты иығына жамылған плащы оның иегі мен ауыз жағын да бүркеп қалыпты. Үрейі ұшып кеткен Ревекканың алдында өзі үн-түн жоқ сілейіп тұр. Тәрізі — көңіліне алып келген шаруасынан өзі де ұялып, соны не деп айтарын білмей тұрған адам сияқты. Ақыры Ревекка зордың күшімен сөзді өзі бастауға бел байлады. Қыз қарақшының дүниеқоңыздығын пайдаланып, сонымен көңілін ауламақшы болды да, өз бойынан күні бұрын шешіп қойған екі асыл білезік пен алтын алқаны оған ұсынып тұрып, өтініш айтты:

— Мына асыл заттарды алып, құдай үшін, жарқыным, менің өзіме және шал әкеме рақым жасай көріңіз! Беріп тұрғаным аса қымбатты заттар, егер бізді осы сарайдан жәбірлемей босатып жіберсең, мұның үстіне тағы әкемнің беретін тартуына тіпті төлеу болмас еді.

— Палестинаның раушан гүлі, күншығыстың бұл інжу-маржандары, бәрібір, сенің тісіңнің ақтығына теңелмейді.— деді қарақшы.— Бұл гауһар тастарың қанша жарқыраса да, бәрібір, сенің құралай көзіңе тең емес, мен өзім жігіт болып, ат жалын тартып мінгенде, әсемдікті дәулеттен жоғары ұстауға ант еткемін.

— Өйтіп күнәкар болма, беріп тұрған құнымызды ал да рақым ет!—деді Ревекка.— Алтынды алсаң, барлық жақсылық қолыңда болады, ал бізге зорлық қылсаң, ар-инабатыңды қинаумен өтесің. Менің әкем саған сұрағанның бәрін береді. Егер қолыңа түскен байлықты орнына жұмсай білсең, ақшаның арқасында ар-инабаты таза адамдардың арасынан тиісті орныңды аласың да, бұдан бұрын істеген күнәңның бәрі кешіріліп, ендігі әрі күнәға батудан тыйылатын боласың.

— Жақсы айтасың!—деді қарақшы француз тілінде, сірә, Ревекканың саксон тілінде бастаған сөзі бұған қиынырақ соқса керек.— Бірақ білесің бе, аппақ аруым, сенің әкең асқан шебер алхимиктің қолында тұр. Бұл алхимик түрме пешінің тот басқан темір торынан да алтын, күміс қорытып шығара алады. Сенің ардақты Исаагың оның күбі көрігіне түсіп шыжғырылғанда, қара бойынан зәредей пайдалы зат қоймай сығылып алынатын болады, мұны алхимик менің арашамсыз да, яки сенің тілек батаңыз да орындайды. Ал сенің құның өз басыңның әдемілігімен, махаббатыңмен төленуге тиіс. Бұдан басқа ақының маған керегі жоқ.

— Заты сен қарақшы емессің,— деді Ревекка да француз тілінде.— Әйтпесе, мен айтқан тартудан ешбір қарақшы бас тартпаған болар еді. Тегі бұл елде сен сөйлеген тілде ешбір қарақшы сөйлемесе керек. Жоқ, сен қарақшы емессің, сен кәдуелгі нормансың, мүмкін, тіпті ізгі атаның тұқымы шығарсың. Ал ондай болса, шын ізгі адам бол, мынау жауыздық пен зорлықтың жексұрын пердесін жұлып таста!

— Сен кісі тани біледі екенсің,— деді Бриан де Буагильбер, бетін бүркеп тұрған плащты төмен түсіріп,— сен өзің де Израильдың тегін қызы емессің ғой. Егер сен мынадай қыршын жас әрі көрікті болмасаң, мен сені Эндор сиқыршысы деп атаған болар едім. Иә, мен қарақшы емеспін, Сарон бағының жайнаған Раушан гүлі. Мен сені мынау асыл заттардан айырмақ түгіл, қайта, сенің қолың мен мойныңды сол інжу-меруерт, гауһар тастармен жайнатып қоюға жарайтын адаммын.

— Егер байлықтың керегі болмаса, енді менен не керек саған?—деді Ревекка.— Екеуміздің арамызда ешбір мәміле жоқ: сен христиан адамсың, мен жебірей қызымын. Сенің шеркеуіңнің алдында да, біздің синагоганың алдында да екеуміздің қосылуымыз заңға шет болып табылады.

— Дұрыс айтасың,— деді ғымаратшы күле сөйлеп.— Жебірей қызын әйел ғып алу деген не сұмдық! Despardieux13 Жоқ, маған десе, Саваның ханшасы болса да, ол мүмкін емес. Және тағы есіңде болсын, Сионның ару қызы, христианның ең әулие деген патшасы ең ардақты деген қызын беріп, оған қоса еншісіне Лангедок жаннатын атап тұрса, мен соны да әйелдікке алмаған болар едім. Хасам ішіп берген антым, par amours болмаған жерде, ешбір қызды сүюге жол бермейді — Мен сені де par amours-ке балап сүймекпін. Мен Ғымараттың серісімін. Көрдің бе, міне мынау сол қасиетті орденімнің таққан кресі.

— Осы арада сен соны да құрбан ғып тұрсың, ә!—деп Ревекка шап ете қалды.

— Мен өзім солай етіп тұрсам, онда сенің не жұмысың бар?—деді ғымаратшы.— Сен біздің сақтаушымыздың ең қасиетті осы белгісіне де сенбейсің ғой.

— Егер дінім теріс болса, құдайдың өзі кешірсін, мен өзіме не үйретсе, соған сенемін,— деп Ревекка тағы дауласа кетті.— Егер сен өзіңнің ардақты антыңды аяғыңа басып ең әулие, ең қасиетті деген нәрсеңді осы жерде құрбан ғып тұрсаң, сері мырза, сонда сенің дініңнің не болғаны.

— О, Сирахтың ару қызы, насихатың насихат-ақ!—деді ғымаратшы,— Бірақ та, менің ғұлама өсиетшім, сенің жебірейлік ескі әдет-ғұрпың біздің биік мәртебелі артықшылығымызды көзіңе көрсетпей тұр. Ғымараттың серісіне әйел алу үлкен күнә екені рас, бірақ біздің орденнің осы араға ең жақын тұрған ғыбадатханасына барсам болғаны, кәкір-шүкір майда күнәма айтқанша-ақ кешірім алып шығамын. Жебірейлердің пайғамбарларының ішінде сенің өнеге тұтып табынатын кемеңгерін Сүлеймен мен және соның әкесі Дәуіт пайғамбар ғой, әне сол Сүлейменнің өзі Сион Ғымаратын жанын сала қорғап жүрген біз сияқты мүсәпір жауынгерлерге қарағанда, әйел жөнінде толып жатқан зор кеңшілікпен пайдаланыпты. Ендеше сол кемеңгер пайғамбарларын Сүлеймен салып кеткен жол бойынша, Сүлеймен ғымаратының қорғаушылары да қызық көріп, ойнап-күлуге тиіс.

— Егер сен тәурат пен пайғамбарлардың өмір тарихын өзіңнің зынақорлығың мен қиянаттарыңды жуып-шаю үшін оқитын болсаң,— деді жебірей қызы,— онда сен гүлдеп тұрған пайдалы өсімдіктен у сығып шығарған жәдігөй секілді қылмыскер екенсің.

Мына айыпты естігенде ғымаратшының көзі құтырғандай шатынап кетті.

— Бері қара, Ревекка,— деді ол,— бұған дейін мен әдеп сақтап, сыйлап келіп едім. Ал енді мен жеңіп алған, үстем адам боп сөйлеймін. Мен сені ұшқыр садақтың сұр жебесімен, болат найзаның көк сүңгісімен жаулап алдым, ел-елдің, бар халықтың жол-жобасы бойынша, сен маған сөзсіз бағынуға міндеттісің. Енді мен өзімнің сол қақымнан бір бүршек кейін шегінбеймін де және өзімнің бұған дейін жақсылықпен өтінген нәрсемді күшпен алудан тайынбаймын.

— Аулақ тұр,— деді Ревекка,— ондай кісі өліміне пара-пар күнәға батардан бұрын аулақ тұр да, әуелі, мені тыңдап ал. Әрине, сенің әлің келеді маған, өйткені ерлердің қамқорлығына тапсырған да, әйел затын әуелден нәзік қып жаратқан. Бірақ та сенің хайуандығыңды мен бүкіл Европаға паш етемін. Сенің әріптестеріңнің дін жолына құлдығы олардың жанашырлығынан жақсылық көрмесем де, қалайда менің ойымды іске асыруыма жол береді. Дініңнен тайып, жебірей қызымен зына жасағаның діни орденіңнің әрбір шеркеуіне, әрбір махалласына мағлұм болады. Сенің қылмысыңды естіген жан екі қолын төбесіне қойып, безіп кетпесе .де, мен тұқымдас қызбен байланысты болып, өзіңнің бойтұмар кресіңді қор қылғаның үшін бәрібір саған қарғыс айтып, айып тағады.

— Сен не деген зерек едің, Ревекка!—деп салды ғымаратшы, қыздың тауып айтып тұрғаның мойындап, шынында, оның орденінің ережесінде мұндай қылмыс жасағандарға ауыр жаза қолдануға дейін баратын баптар барды. Шынтуайтқа келгенде, осындай қылмыс үшін серілерді масқара қылып, орден қатарынан қуып жіберген оқиғалар болған.— Сен аса ақылдысың, Ревекка, бірақ сенің дауысыңды осы сарайдың сыртындағылар ести қояр ма екен, ол үшін өте қатты айқайлау керек,— деді ғымаратшы, кекете сөйлеп.—Бұл сарайдың ішінде жылауға да, ыңқылдауға да, жәрдем сұрап айқайлауға да болар, бірақ сенің дауысыңды ешкім ести қоймас. Жаныңды сақтап қалатын жалғыз-ақ жол бар, Ревекка: жазмышыңа жалын да біздің дінімізге кір. Сонда сен қасиетті Ғымаратты қорғаушы батырлардың маңдай алды Бриан де Буагильбердің сүйген жары боласын да, норман сұлулары сенің көркін мен сән-салтанатыңа қарап, іштері күйіп тұратын болады.

— Жазмышыңа жалын дейді!—деді Ревекка кекесінмен.— Сөйтіп соның дінін қабылдауым керек! Сондағы мұның діні қайсы, жауызға жақ болып тұрса, оның несі дін? Қалай деді! Ғымаратшылардың ең батыр жауынгерімін дей ме? Жоқ, сен азғын серісің, антың бұзған монахсың, қоян жүрек қорқақсың! Жеркенемін сенен, иттің етінен жек көремін! Miнe, Авраам атамның аруағы өзінің қызын қор қылмай, мына сұмдық масқарадан да құтылатын жол ашты!

Осыны айтып, Ревекка қорғанның төбесіндегі тегіс алаңқайға шығатын тор көзді терезені ашып жіберді де, соның дуалына қарғып шығып, зәулім қабырғаның ең шетіне барып тұра қалды. Осы минутқа дейін қозғалмай тұрған Ревеккадан мынадай көзсіз ерлікті күтпеген Буагильбер не қызды ұстай алмай, не алдынан кес-кестей алмай қалды. Енді тұра ұмтылайын деп еді, қыз ақырып жіберді.

— Ер болсаң, орнында қал, өр көкірек сері әйтпесе кәне, келіп көр! Бірақ бір қадам аттасам — түпсіз тереңге кетемін. Сенің қомағай нәпсіне жем болмай тұрып, менің тәнім мына ауланың тасына соғылып быт-шыт болады.

Осы сөзбен, ажалға айбар жасаған саналы қыз жанына кешірім тілеп бата қылғандай, екі қолын көкке көтеріп берді. Ғымаратшы тайсалайын деді. Ешкімнің қайғы-қасіретіне ешқашан мойымаған, ешбір жанашырлық аяныш дегенді білмеген тас жүрек жанның қайтпас қажыры осы қыздың қайсарлығына таң қалғандай болды.

— Түс, төменге түс, албырт қыз,— деді ғымаратшы.— Жер мен көк, ғарсы-гүрсі, лаухи-ғаламның бәрімен ант етемін, мен саған ешбір жәбір жасамаймын!

— Мен саған сенбеймін, ғымаратшы, өйткені сенің орденіңнің қадір-қасиетін мен біліп болдым,— деді Ревекка.— Антыңды бұзған бұл қылмысыңды да жақын жердегі ғыбадатханаларында көше салуы мүмкін — өйткені ол жексұрын жебірей қызының ар-намысы тұралы ғой.

— Сен маған қасақана қисық сөйлеп тұрсың, Ревекка,— деді ғымаратшы ызалана түсіп.— Мен өзімнің аты-жөніммен, кеудемдегі кресіммен, тағып тұрған семсеріммен, ата-бабаларымның ақсүйектік мөр таңбасымен ант етейін! Мен сені қорламасқа ант етіп тұрмын! Өзің үшін болмаса да, қарт әкең үшін төмен түс. Әкеңмен мен дос болайын, бұл сарайда оған аса мықты қамқор керек.

— Әттең, дүние, мен оны білемін ғой. Бірақ саған сеніп бола ма?—деді Ревекка.

— Егер осыдан сені ренжітсем, жаныма қорған боп тұрған қалқанымның асты үстіне келсін, жұрт алдында менің ер атым жария масқара болсын,— деп қарғанды Бриан де Буагильбер.— Мен талай-талай заң-законды аттап кеткен шығармын, толып жатқан серттерді бұзған шығармын, бірақ өз сөзіме еш уақытта қиянат қылған емеспін.

— Ал жарайды, мен саған сендім,— деді Ревекка, дуалдан секіріп түсіп, сондағы оқ ату үшін жасалған бір саңылаудың алдына тоқтап тұрып.— Мен осы арада тұрамын,— деді қыз,— ал сен тұрған жеріңнен қозғалма. Егер маған қарай бір қадам аттасаң, онда көресің, жебірейдің қызы ар-ұятын ғымаратшыға қор қылғанша, өзінің жанын құдайына тапсырады.

Ревекканың қайтпас қайраты мен керемет ер мінезі тамаша әсем бет нұсқасымен жараса келіп сәулет бергенде, оның бүкіл түр-тұлғасына, дыбыс әуені мен көз жанарына бір түрлі ғажайып ізгілік қасиет бітіріп, қызды мүлдем жер бетінен асып тұрған бір ғайыптың періштесі ғып көрсетті. Оның назарында ешбір қорқып-үрку белгісі жоқ еді, өзінің басына төнген сұмдық ажалдан бет ажары да қуармаған, ол тұрсын қайта, өз тағдырына өзі қожа екеніне көзі жеткендіктен, қыздың қара торы бетінде алқызыл шапақ ойнап, көз жанары айнадай жарқырап кеткен. Аса менмен, ер мінезді адам Буагильбердің өзі де мұндай нұрлы, мұндай алапатты сұлулықты ешқашан көріп-білмегенін ішінен мойнына алып тұрды.

— Кел, Ревекка, татуласайық,— деді ол.

— Татулассақ — татуласайық,— деді қыз,—бірақ осы орнымыздан аумай тұрып татуласайық.

— Енді менен қорқатын ештеңең жоқ,— деді Буагильбер.

— Мен сенен тіпті де қорқып тұрғам жоқ,— деді қыз.— Бұл сарайды осынша биік қып салған адамның арқасында. жебірейлерді жаратқан жаппар иемнің арқасында, мен сенен мүлде қорықпаймын.

— Сен маған әлі де әділ қарап тұрған жоқсың, Ревекка,— деді ғымаратшы.— Жер мен көк, телегей теңіз, мұз мұхиттардың алапатымен ант етейін, сен әлі де әділ емессің! Мен сен көріп тұрған мейірімсіз, өзімшіл, жауыз жан емеспін-ді, мен жаратылысымнан мүлдем ондай адам болып туғам жоқ. Мені мұндай тас жүрек қып жіберген әйел, сондықтан мен де әйелдерден білгенімше кек алдым, бірақ сен сияқты әйелден деп ойлап қалма. Әуелі сен мені тыңдап ал, Ревекка. Өзінің сүйген жарыңа шексіз берілгендікке келгенде, дүниеде ешбір сері мендей ақ, мендей адал жүрегімен қолын алмаған болар. Менің сүйген жарым бір құба-төбел шаруалы можам-томпайлау бектің қызы болатын. Олардың бар байлығы Бордоның маңындағы күйреңкіреп қалған қорған, өнімі жоқ жүзім бағы мен бірнеше ғана акр құнарсыз жер еді. Ал енді сол қыздың атағының дәуірлеп кеткендігі соншалық болды — қолыңа қару алып, қайрат қылған, ерлік көрсеткен серілердің барлығына ол қыздың, аты мәлім еді, оның даңқы еншісіне бүтіндей бір графтықтың дәулеті арналған көп қыздардан асып кеткен. Иә, сонымен,— деп Буагильбер Ревекканың тұрғанын да ұмытқандай боп, қорғанның тар аумағында ерсілі-қарсылы толқып жүріп алды.— Иә, сонымен менің ерлік істерім, басымнан кешірген қауіп-қатерім, төккен қаным Аделанда де Монтемардың даңқын Кастилияның патша сарайларынан Византияға дейін апарды. Ал енді сол қыз маған қандай опа жасады дейік? Қабырғамнан қан кешіп, ойды орып,қырды қырып, еңбегіммен тапқан абырой-атағыммен сол қызыма қайтып келсем, ол бір өзінің тұрған мекенінен басқа еш жерге белгісіз, Гасконның майда-шүйде ақсүйегіне күйеуге тиіп кетіпті. Ал мен сол қызды жан-тәніммен адал сүйгендіктен, өзімнің жер боп қалған ар-намысым үшін, аяусыз кегімді алдым. Бірақ қайырған кегім қайта айналып кеп өзімді соқты. Сол күннен бастап мен өмірден және оның барлық қызық-шыжығынан баз кештім. Енді менде үй-іші, әйел-жамағат деген өмірінде болмайды. Қартайған уақытымда менің өз от басым, ошақ-қасым және болмайды. Моласындай бақсының қаңыраған молам тұрады, Буагильберлердің қашаннан бері келе жатқан атақты әулетін кейінгіге танытатын мұрагер менде болмайды. Мен әулие пірімнің аяғына бас ұрып, өзімнің «мен» деген атымды жойдым, бас еркімнен бездім. Ғымаратшы дегеннің тек аты ғана құл емес, әйтпесе ол басқа біреудің еркімен өмір сүреді, соның айтқанын істеп, айдауымен жүреді, соның бұйрығымен өмір кешеді.

— Әттең шіркін, мұндай тәркі дүниеліктің орны сонда немен толмақшы?— деді Ревекка.

— А, зауал деген бар ғой, Ревекка,— деді ғымаратшы,— және тағы атағыңды шығаруға кең жол ашылады.

— Адамға ең қымбатты дүниенің бар қызығынан баз кешу — онша жақсы ғанибет емес екен,— деді Ревекка.

— Олай деме!—деп қарсы тұрды ғымаратшы.— Жоқ, зауал жасау — құдайлардың сайран салатын тойы. Молдалар рас айтса, бұл шараны құдайлар өздеріне бола сақтап қойған; олай болса, құдайлардың бұдан бір рақат табатын жері бар; сол рақатты жай пендесіне олар көпсінеді. Ал енді атаққұмарлықты алайық! Бұл бір керемет арбаушы нәрсе, ол адамның жанын жеті ұжмақтың төрінде отырсаң да еліктірмей қоймайтын шығар.— Осыдан соң ғымаратшы азырақ кідіріп барып, сөзін қайта бастады.— Құдай біледі деп айтайын, Ревекка, ар-намыстан айрылғаннан гөрі өлімді артық көрген адам асқақ, мықты жанның иесі болуға тиіс. Сондықтан да сен менікі болуың керек. Жоқ, бұл сөзден сен қорықпа,— деді ол,— бұлай дегенде мен өз еркіңмен, өз қалауыңмен демек едім. Сен патша тағының биік дәрежесінен көрінетін кең байтақ мақсат-мұратты менімен бірге бөлісуге келісім берсең деймін. Маған жауап беруден бұрын әуелі сен мені тыңдап ал, және тағы бас тартудан бұрын әуелі ойланып ал. Өзің дәл тауып айтқандай, бұл жағдайда Ғымараттың серісі әлеумет алдындағы правосынан айрылып, өз бетімен харекет қылу мүмкіндігін жояды, бірақ мұның есесіне ол басқа түгіл, патшаның тағын да қалтыратып жіберетін құдіретті одақтың мүшесі боп алады. Тебіренбес шың құздарды жеміріп күйрететін, патшалардың шеру тартқан кемелерін жұтып, қарап қып жіберетін телегей мұхитқа сен болған жаңбырдың жалғыз тамшысы да осындай мысал емес пе? Сол сияқты біздің шонжар лигамыздың жер-жаһанды алып жатқан қажыр-қайраты осындай, міне сол құдіретті орденнің ең көрнекті мүшесінің бірі мына мен. Мен соның ең бір мықты командорымын, келе-келе оның сардары болып шығудан да дәмем бар. Ғымараттың серілері дарға асылған патшалардың мойнындағы кресі болып қала бермейді. Бұл харекет кендір шәрке киген әр монахтың қолынан келеді. Жоқ, біздің маңғаз басқан қадамымыз патша тағының сатыларына да көтеріле алады; біздің темірдей қарымды биялайымыз тақта отырған патшалардың қолынан асыл асаларын да жұлып ала алады. Тіпті аңызға айналған жарылқаушылардың Иисус Христостың өзі ғайыптан келіп, патшалық құрып тұрса да, сендердің сандалып қалған халықтарыңның тұқым-тұғияны менің көксеп отырған атақ-даңқыма қолы жетерліктей құдіретті өңі түгіл, түсінде де көре алмас. Маған тек осы қиялыма ортақ бола алатын өзіме лайық жаны бір адам керек болып еді, міне сол жандас адамды мен сенен тауып отырмын.

— Осы сөзді сен мен заттас әйелге не деп айтып отырсың! Әуелі ойланып көрші өзің!—деп Ревекка шап ете қалды.

— Біздің дініміздің бөтендігін желеу қылмай-ақ қой,— деп ғымаратшы қыздың сөзін бөлді.— Өз орденіміздің құпия жиналыстарында бұл мәнзелдес балалық әңгімені біз күлкі қыламыз. Орденнің негізін салушылардың ешбір жөнге келмес надандықтарына кейінгі біздер де бас жоқ, көз жоқ ілесе береді екен деп ойлап қалма, өтіп кеткен қараңғы адамдар ғана ескі дін жолы бойынша қасиетті ата мекеніміз деп біліп, сахараның шөлін тағы бәдәуилердің найзасынан кеудесін тосып қорғаған, сол үшін сусыз қаталап, аштан, обадан қырылған, осылай азаппен өлуді сауап деп біліп, өмірдің барлық рақаты мен қызығынан безіп шыққан. Жоқ, біздің орден бұл жолмен кеткен жоқ, біз өмірді сезімтал, батыл көзбен танып, оның сырын терең ұғынып, бұрын әбестікпен жасалған құрбандықтарымыздың бәріне басқа жолмен сыйлық алдық. Европаның барлық патшалықтарында шалқып жатқан біздің жер-су байлығымыз, барлық елдерде даңқы жер жарып, бүкіл христиандар әлемінің сайдың тасындай іріктелген көрнекті серілерін қатарымызға тартып отырған біздің ерлік атағымыз,— осының бәрі біздің дегдарысынған ескі көсемдеріміздің түсіне де кірмеген жаңа мақсат жолына қызмет етеді, бірақ біз бұрынғы қараңғы нанымда қалып біздің орден қатарына ескі жоба бойынша келіп жатқан шолақ ақыл, топастау жандардан бұл сырымызды жасырын ұстаймыз, сөйтіп оларды біз өз дегенімізбен жүргізіп, соқыр теке бақ-бақ ойнатып қоямыз. Жә, болды, саған мен бұдан ары құпия сырымызды әшкерелей бермейін. Кернайдың даусы шығады. Мүмкін, менің керегім болып қалар. Айтқанымды ойлан. Ал, қош бол! Зорлық жасаймын дегеніме кешірім сұрамай-ақ қояйын. Соның арқасында сенің жан сырыңды біліп алдым ғой. Алтынның тазалығы сынтасқа салғанда айырылады деген сөз бар. Кешікпей қайтып opаламын, тағы сөйлесеміз.

Ғымаратшы бөлмеден шығып, басқыштан төмен түсе бастады, бөлмеде Ревекканың, жалғыз өзі қалды. Өзінің тағдыры әмірінде қалған мынау әшәдда жауыздың атақ үшін дүниені күйдіріп жіберуге даяр екенін көргенде қыз жан түршігерлік өлімге басын байлап тұрғанда да тап осындай ғаламатқа кездесем деп ойламаған шығар. Дуалдың алдынан бөлменің ішіне түскенде де, Ревекканың ең алдымен бітірген шаруасы өз басын және әкесін қанатының астына алып, қорған болғаны үшін құдайға мың мәртебе алғыс айтып, құлшылық қылды. Қыздың оқыған ғибадат дұғасының ішінде тағы бір адамның аты аталып кетті; ол адамы—тағдырдың жазуы бойынша, қара басы қастан, қанқұйлы жауыздардың қолына түскен, жаралы христиан ұлы еді. Рас, қыз құдайға құлшылық етіп оқыған ғибадатында өзімен еш уақытта тағдыры қосылмайтын, әрі діні қас христиан адамын аузына алып, құдай алдында соның тілеуін тілегені үшін ар-ұяты өзін кінәлайтынын Ревекка білді. Бірақ оқылар дұға оқылып қойып еді, бұл үшін оны діндес адамдары қалай айыптаса да, Ревекка ол дұғасын қайтып алғысы, келмеді.

XXV ТАРAУ

Ғұмырымда мынадайлық
Шым-шытырық көрмеспін!
Дәл мынадан сайтанның да
Сирақтары құл болар.

«Ол жеңетінін біліп, кейін шегінді».

Ғымаратшы сарайдың үлкен залына келсе, онда де Браси тұр екен.

— Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды дегендей, менің жолым сияқты, сіздің махаббат серуеніңізді, сірә, мына бір абыр-сабыр бөліп кетті ғой деймін. Әйтсе де сіз бөгеліңкіреп барып, көңілсіз келдіңіз, соған қарағанда, сіздің табыспағыңыз менікінен гөрі сәттірек болса керек,— деді.

— Демек, өзіңіз саксонның мұрагер аруымен келісіп қайтқансыз ғой?—деп оспақтады ғымаратшы.

— Фома Бекеттің аруағы ұрсын, мына Ровена деген бикешін әйелдердің көз жасына менің шыдап тұра алмайтынымды естіп қойған ғой деймін,— деді де Браси.

— Мәссаған безгелдек!—деді ғымаратшы.— Ерікті жасақтың сардары әйелдің көз жасына да көңіл бөледі екен? Таңым бар! Махаббаттың шам шырағына бірнеше тамшы тамып кетсе, оның жалыны одан сайын лаулап кетпей ме.

— Бірнеше тамшың бар болсын!—деді де Браси наразы кейіппен.— Мына қыздың төккен жасы ұран отын да сөндіретін болған шығар. Эймер имамның анада айтқан хикаясында әулие әйел Ниобаның заманынан бері мұнша телегей-теңіз көз жасын ешкім де көрмеген болу керек. Саксонның осы аруының ішіне тап бір су перісі орнап қалғандай.

— Ал менің жебірей қызымның ішіне, сірә, бүтіндей бір жасақ пері орнап қалса керек,— деді ғымаратшы,— өйткені жай періні былай қойғанда, солардың дәу перісі Аполлионның өзі тұрса да, мына қызға мынадай ерлікті, мынадай қайсарлықты дарыта алмаған болар еді. Оны қойшы, әлгі Фрон де Бефің қайда жүр? Мына кернайдың дауысы тіпті құлақты жарып барады ғой.

—- Ол, сірә, Исаакпен айналысып жатқан болар,— деді де Браси жайбарақат тұрып.— Исаактың айқай-ұйқайы кернайдың айқайынан асып түсіп жатуы да мүмкін. Менің ойымша, Бриан мырза, сен тәжірибеңнен білетін болуың керек, Фрон де Бефтің талап еткен шарттары бойынша, ақша төлейтін болған жебірей қазынасымен қоштасып айқайға аттан қосқанда, жиырма мүйіз сыбызғының үстіне кернай-сырнайларыңды қабаттап қоссақ да естіртпей жіберуі ғажап емес. Дегенмен сарайдың қожасына хабарлайтын уақыт болды.

Сөйткенше болмай, өзінің теспей сорған кәсібін қалдыра тұрып, Фрон де Бефтің өзі де келді. Орта жолда малайларына тиісті бұйрық берем деп, залдың ішінде біраз бөгеліп қалған екен.

— Бұл улыған-шулығанның себебі не екен, қазір көрейік,— деді ол.— Мына бір хат, жаңылмасам, саксон тілінде жазылған. Фрон де Беф хатты дөңгелете қарап, сөйтсе оның байыбына баратындай, біраз айналдырып тұрды. Ақырында оны Морис де Брасиға берді.

— Мұның нендей жұмбақ таңбалар екенін біле алмадым, деді де Браси хатқа қарап тұрып. Сол замандағы серілілердің көпшілігі сияқты, бұл да надан еді.— Біздің молдамыз маған жазу үйретіп көрген екен, менің салған шимайым найзаның сүңгісі, семсердің, жүзіне ұқсап шыға беріпті, содан кәрі поп маған қолын сілтен қоя беріпті,— деп жақауратқан болды ол ақырында.

— Маған беріңдерші хатты, қанша айтқанмен біздің монахтармен азырақ ұқсастығымыз бар ғой, қайратымызды іліммен нұрландыру үшін аз-маз оқып көріп едік.

— Ендеше сіздің марқабатты іліміңіздің пайдасын бір көрейік те,— деді де Браси.— Ал не дейді екен, мына ұйпалақтанған түйіртпекте?

— Өлшесе өзімен кетсін, бұл хат—тура ұрысқа шақыру,— деді ғымаратшы,— Ал, Вифлсем жарықтықтың туған күніне сыйынып айтсам, мен білген бектердің сарайларына құрылған аспалы көпір арқылы жіберіліп отырған ұрыс шақыру шартының ең өрескелі, тек бұл хат әзілдеп жазылған бір орынсыз қалжақ болсын дей беріңдер.

— Қандай қалжақ!—деп бақырып-шақырып қоя берді Фрон де Беф.— Менімен қалжақтасуға кімнің батылы барып жүр екен, кім де болса, көрейін мен. Оқы, Бриан мырза.

Ғымаратшы дауыстап оқи бастады:

— «Инабатты һәм текті ақсүйек, лақап бойынша Сакс деп аталмыш, Ротервудский Седриктің үйіндегі әумесер, Милаудың ұлы мен, Вамба және Беовульфтың ұлы, шошқа бақташысы мен, Гурт»...

— Немене, сені жын соқты ма!—деп бұдан арғысын бөліп жіберді Фрон де Беф.

— Лука әулиенің аруағы ұрсын, мына хатта солай деп жазылған,— деп ғымаратшы одан ары оқи берді:—«...Беовульфтың ұлы, жоғарыда аталмыш Седриктің мекен-жайында шошқа бағушы мен, Гурт, осы істі өзімізбен бірге қорғаушы тілектес одақтастарымыздың қолдауымен, атап айтқанда: Қара Дәу деп аталмыш батыр серінің, Қырағы Мерген деп аталмыш ақ жүрек йомен Роберт Локслидың қолдауымен, Реджинальд Фрон де Беф, біз саған және қасыңдағы серіктес, одақтастарыңның бәріне мынаны мәлімдейміз: сендер ешбір себепсіз және дұшпандық ниеттеріңді айтпастан, қулық-сұмдық жолымен, біздің қожамыз һәм билеушіміз, жоғарыда аталмыш Седрикты, Харготстандстидта туған биік мәртебелі асыл зат Ровена бикешті, солармен бірге ізгі ақсүйек Ательстан Конингсбургскийді және тағы осылардың қызметіндегі өз еріктері өздерінде тұрған бірнеше адамды, сондай-ақ бірнеше мендікер шаруаны, сонымен қатар Йорктен жүрген жебірей Исаак деген біреуді қызымен тұтқынға алып кеткенсіңдер және солардың аттары мен қашырларын да олжалап алғансыңдар; жоғарыда аталған асыл текті адамдар, олардың қызметкерлері мен малайлары, аттары мен қашырлары, сол сияқты айтылып кеткен жебірей де қызымен, аса ұлы дәрежелі патша ағзамның алдында ешбір айыбы жоқ жандар; тек қана бұлар корольдің ізгі ниетті мендікерлері ретінде король жолымен бейбіт өтіп бара жатқан халық; сондықтан аттары аталған адал адамдар: яғни Седрик Ротервудский, бекзат бикеш Ровена, Ательстан Конингсбургский өздерінің қызметкерлерімен, құлдарымен, аттарымен,қашырларымен, жебірейімен және оның қызымен, сонымен бірге өздерінің дүние-мүліктерімен, осы хатты алғаннан соң бір сағаттан қалмай, төрт мүшесі түгел, есен-сау қалпында және ешбір ығын-шығынсыз біздің қолымызға, немесе біздің табыс еткен адамымыздың қолына өткізілуін талап етеміз. Егер бұлай болмаған күнде біз сендерді жолдан тайған азғын, бұзық қарақшы деп есептеп, төбелеске шығамыз, қамауға алып, шабуыл жасаймыз, қысқасы, қолдан келген қорлықтың бәрін көрсетіп, мал-мүліктеріңді талан-таражға саламыз. Бұл хат Витольд мейрамының қарсаңында, Марал төбенің басындағы үлкен Табыспақ Еменнің түбінде жазылды; ал бұл сөздерді жазған әділ адам, құдайдың, тәңірия ананың, Дунстан әулиенің шын құлы, Копменхерст орманының ішіндегі шеркеуінің бірадары деп білесіңдер.

Бұл документтің соңына айдары тікірейген қораздың басын шимайлап салып, мұны Милаудың ұлы Вамбаның мэрі деп жазыпты. Осы сияқты құрметті таңбаның астына сызылған крест Беовульф ұлы Гурттың қолы делінген; одан соң «Қара Дәу» деген сөз, тайға басқан таңбадай, ірі, айқын әріппен жазылған; ал бұдан кейін өте ұқсатып салынған садақтың, суреті йомен Локслидың қол таңбасы екен.

Серілер осы ғажап документте жазылған сөздерді бастан-аяқ тыңдап алып, мұның байыбына бара алмай, бірінің бетіне бірі қарады. Осылай тұрып-тұрып, бір мезетте де Браси сақылдап күліп қоя берді, мұндай өрескел күлкіге ілеспегенмен, оның соңынан ғымаратшы да күлді. Жалғыз-ақ Фрон де Беф бұлардың орынсыз күлкісіне наразылық түр көрсеткендей болды.

— Естеріңізде болсын, мырзалар,— деді ол,— қазіргі жағдайда жеңілтектік жасап, күлкіге берілгенше, мынау істі мықтап ойлануымыз керек.

— Фрон де Беф сайыста аттан құлатып кеткеннен бері әлі есін жия алмай жүр,— деді де Браси.— Ұрысқа шақырып тұрған әумесер мен шошқашы болса да, сайыс деген сөз естілсе, оның құты қашып кетеді.

— Михаил әулиенің аруағы ұрсын,— деді Фрон де Беф,— егер осы алаңға жауап беретін, де Браси, бір өзің болсаң, қандай жақсы болған болар еді! Егер бұл жалан аяқтарға нағыз қанды балақ қарақшылар жасағы көмекке келіп отырмаса, осы сүмелектер мені бүйтіп, осынша басына алар ма еді. Бұл орманды шарлап жүрген қаңғыбастар жыртылып айрылады, Ормандағы аң мен құсты қатты қорғағаным үшін олардың бәрі де маған тісін қайрайды. Қылмыс үстінде мен бір ғана жігітті қолынан қаны сорғалап тұрған жерінде қолға түсірген едім — соны мен тағы бұғының мүйізіне байлатып жібергем. Жабайы бұғы жанын қойсың ба, бес минуттың ішінде бұғы соның дал-далын шығарған. Әне, содан бері бұлар маған кешегі Ашбида тігілген нысанадай ғып, садақтан оқ жаудыратын болып алды,,. Эй, сен қайсың!— деді ол малайларының біріне.— Ана жақта қанша адам жиылды екен, білуге кісі жібердіңдер ме?

— Орман ішінде кем дегенде екі жүз кісі бар,— деді малай.

— Жақсы бопты!—деді Фрон де Беф.— Өз шаруасын ың-шыңсыз бітіре алмайтын адамдарға сарайды берсең, осылай болады екен! Құжынаған осынау сонаның ұясына тиісіп несі бар еді бұлардың!

— Сонаның ұясы дейді?—де Браси наразылығын көрсеткендей болды.— Сона емес, уыты жоқ, сенделген, қауқарсыз ара ғой бұларың. Жатып ішер жалқау құлдар еңбек еткісі келмейді де, ағаштың ішіне қашып барып, тон-тонаумен күнелтіп жүре береді ғой.

— Уыты жоқ дейсің бе?— деп Фрон де Беф оған қарсыласа кетті.— Тырнақтай француз тиынын атып түсіретін екі айыр, сала құлаш сұр жебе оңай уыт емес шығар.

— Ар-намысыңыз қайда бұл, сері мырза!—деп ғымаратшы тасырая қалды.— Өз адамдарымызды жиып аламыз да, бұларға қарсы шабуылға шығамыз. Бір серінің өзі, оны айтпай-ақ қару-жарағы сай жалғыз жауынгер олардың жиырма жалаң аяғын быт-шыт қылмай ма.

— Бәсе десейші!—Де Браси арқалана түсті.— Оларға қарсы найза алып шығудың өзі ұят маған.

— Оларың да жөн шығар,— деді Фрон де Беф,— бірақ сенің көргенің, ғымаратшы мырза, түріктер мен маврлар еді ғой, ал сенің істес болғаның, мықтымсынған де Браси, қоян жүрек француз қара шекпендері еді ғой, ал бұл жерде тұрған ағылшын йомендері емес пе. Олардан біздің жалғыз артық жеріміз — серінің қару-жарағы мен жүйрік атымыз ғана. Орманның жалғыз аяқ соқпақтарында аттан пайда шамалы. Қарсы шабуылға шығамыз дейсің сен. Жарқыным-ау, бізде адам саусақпен санарлық қана ғой, оларың осы сарайды ұстап тұруға жете ме, жетпей ме! Менің мықты жігіттерімнің бәрі — Йоркте; сенің жасағың түгелімен сонда ғой, де Браси. Соқыр текенің ойынындай берекесіз істеріңе ат салысқандарды қоспағанда, сарайдың өзінен жиырма шақты кісі табыла қояр ма екен.

— Сен немене, сарайға ат қоюға солардың адамы жетерлік деп ойлайсың ба?—деді ғымаратшы.

— Жоқ-а, Бриан мырза,— деді Фрон де Беф,— бұл қарақшылардың бастаушысы, рас өте батыр кісі, бірақ қамалды бұзатын машинасыз, жалғамалы сатысыз және жырынды жетекшісіз, олар менің сарайыма түк те істей алмайды.

— Реджинальд Фрон де Беф бектің сарайында әумесер мен шошқашы қамап алған үш серіні құтқарып алуға ұмтылсын деп маңайындағы көршілеріңе кісі шаптыр,— ,деді ғымаратшы.

— Сіз әлі тәлкек қып тұрсыз, сері мырза,— деді Фрон бек.— Шапқышыны кімге жібереміз? Мальвуазен өз адамдарын ертіп алып, әлдеқашан Йоркке аттанып кеткен шығар, өзге серіктеріміз де — солай болуға тиіс. Дұрысында менің өзім де сонда болуым керек еді, мына бір берекесіз ермек қолымды байлап қалды ғой.

— Ендеше, менің кісілерімді шақыруға Йоркке кісі шаптыр,— деді де Браси.— Егер менің жалауым мен атқыштарымды көріп, мына қаңғыбастар тым-тырағай боп бет-бетімен зытпаса, бұларды мен мынау жасыл жапырақты орманның ішінде бұрынды-соңды болған қарақшылардың нағыз жүрек жұтқан батырлары екен дейін.

— Ал сонда мұндай хатты кім жеткізеді?— деді Фрон де Беф.— Қарақшылар әр соқпақтың аузына тосқауыл қойып, шапқыншыны ұстап алады да, оның қойнындағы хатты қолдарына түсіреді... Онан да маған мынадай ой түсіп тұр,— деді ол біраз үнсіз тұрып барып.— Ғымаратшы мырза, сен оқи да, жаза да білесің... Осында өткен жылы дін мерекесінің қызу кезінде өліп кеткен менің қол молдамның дәуіт-қаламы қалуға тиіс, қазір соны іздетіп тауып алайық.

— Рұқсат болса, оны мен айтайын,— деді манадан бері бектің әмірін күтіп тұрған жарақшысы,— имамының көзіндей көріп жүрейін деп, сол дәуіт пен қаламды, сірә, Урфрида кемпір күні бүгінге дейін сақтап жүрген болу керек. Әйелдің құлағына жағымды лебіз естіген еркегімнің ақырғысы сол кісі болды деп отырғаның естігенім бар еді...

— Ондай болса, бар да алып кел, Энгельред,— деді Фрон де Беф,— ал сен, ғымаратшы мырза, мына өрескел хатқа жауап жазып жібер.

— Мен жауапты қаламнан гөрі семсермен қайтарғанды артық көруші едім, бірақ қалауыңыз сол болса, еркіңіз білсін,— деді Буагильбер.

Ол столға отыра қалып, француз тілінде мынадай хат жазды: '

Реджинальд Фрон де Беф мырза және онымен пікірі бір одақтастары, асыл текті серілер құлдар мен мендікерлердің қашқын-босқын жандардың ұрысқа шақыруын қабылдамайды. Егер өзін Қара Сал деп атап жүрген адам шын мәнісінде серілер одағына тиісті адам болса, қазіргі мынау одағымен өзін-өзі қорлап отырғанын түсінуге тиіс, сол үшін оның асыл текті ақсүйектер тарапынан сый-құрмет күтуге хақысы жоқ. Ал тұтқындағы адамдарға келсек, біз христиан дінінің өсиетін салған, құдай алдында тұтқындардың күнәсына кешірім сұрап, ғыбадат намазын оқу үшін әйтеуір бір дін иесін жіберулеріңізді сұраймыз, себебі: бүгін түске дейін ол тұтқындардың басын алып, бастарын сарайдың қабырғасына іліп қоюға, сөйтіп, оларды құтқармақ болғандардың талабымен санаса қоймайтынымызды дәлелдеп шығуға қаулы қылдық. Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, тұтқындарды өлімге даяр ету үшін поп жіберулеріңізді өтінеміз. Егер бұл өтінішімізді орындасаңыздар, марқұм болатындардың жер бетіндегі ақырғы тіршілігіне қызмет еткен болып табыласыздар.

Фрон де Беф хатты төрт бүктеді де, оны қақпаның алдында жауап күтіп тұрған, қарақшылардың мәлімдемесін әкелген шабарманға тапсыру үшін өз малайына берді.

Бұл міндетті атқарған йомен сарайдан садақтың үш оғы жетерліктей жерде тұрған, жалпақ мәуелі жасамал еменнің түбіне салық салған қарақшылардың бас пәтеріне қайтып келді. Мұнда Вамба, Гурт, Қара Сал, Локсли және сауықшыл машайық — бесеуі өздерінің мәлімдемесіне келетін жауапты асыға күтіп отыр екен. Бұдан аз әрірек құжынай қаптаған жау жүрек йомендер көрінеді, бұлардың жасыл киімдері мен тотыққан беттерінен қандай кәсіппен айналысып жүргендері айтпай-ақ белгілі. Қазіргі сандары екі жүзден де артып кеткенге ұқсайды, онымен тұрмай, күн сайын, үсті-үстіне жаңа жасақтар кезіп қосылып жатқан түрі бар. Бұлардың көсемдерінің басқаларынан айырмасы — бас киімдерінің төбесіне қадаған бір-бір тал қауырсындары көзге түседі; басқа жағынан алғанда, киімдері де, қару-жарақтары да қалған жауынгерлерімен бірдей.

Бүл топтардан өз алдына бөлек, ұрымтал жердегі көңілі, қонысы жақын сакстар жиылып келген, Седриктың көлемді мекен-жайларындағы мендікер шаруалар мен малайлары қожаларына ара түсуге аттанған. Бұлардың көбі айыр, шалғы, шынжыр сияқты шаруашылық құралдарымен қаруланған. Жаулап алған нормандар озбырлық саясатын жүргізіп, жеңілген сакстарға қылыш, найза ұстатпайды, мықты, саны көп халық болса да, әділет осылардың жағында болғандықтан, рухтары қанша көтеріңкі болса да, тиісті қару-жарағы болмаған соң, мына сияқты қамауда қалғандардың өзіне де онша қорқынышты емес еді. Сарайдан қайтарылған жауап осындай ала-құла әскердің басшыларына тапсырылды.

Хатты бұлар ең алдымен оқы деп, машайыққа берді.

— Дунстан әулиенің асасы ұрсын,— деп құрметті монах әуелі бір қарғанып алды,— ал сол таяқпен жүріп те ол жанаттағы бірде-бір әулие жия алмаған дін иелерін жиған...— деп тағы бір мақтанып қойды,— Құдай біледі, шынымды айтайын, бұл хатта не жазылғанын оқымақ түгіл, мен оның тіпті французша, я арапша жазылғанын да айта алмаспын деймін.

Осыны айтып ол хатты Гуртке жағалатып еді, Гурт көңілді басын изеді де, оны Вамбаға берді. Вамба мұндай кездегі маймылша қуланып, бір жөткірініп алды да, секіріп түсіп, қолындағы хатты Локслиге ұстата қойды.

— Егер бұл ұзын тұра әріптер садақтың саласы мен келте кебелер болса, одан мен бірдеңе айырған болар едім,— деді ақкөңіл йомен.— Ал мына таңбалардың мәнісіне келгенде, жиырма шақырым жерден бұлаңдаған маралды қалай атуды білмеген адамша, дағдарып отырмын.

— Ақырында сіздерге өзім оқымысты боп шықпасам, болмайтын шығар,— деп, Локслидың қолындағы хатты алып, Қара Сал оны әуелі өз ішінен оқып шықты да, сонан соң оның мазмұнын әріптестеріне саксон тілінде түсіндірді.

— Ізгі мінезді Седриктың басын алмақшы!—деп Вамба шыр ете қалды.— Крес ұрсын, сен, сірә, қателесіп тұрған шығарсын, серім.

— Жоқ, құрметті достым, мен хатта жазылған сөзді айнытпай жеткіздім,— деді сері.

— Ондай болса,— деді Гурт,— Фома әулиенің аруағы ұрсын, сарайды басып алу керек, маған десе, сарайын құр қолымызбен бір кесектен күйретсек те, құлатып шығу керек

— Екеуміздің құр қолымыздан басқа қайрат қылатын неміз бар,— деді Вамба,— Бірақ соған менің қолым жарай қояр ма екен.

— Олар мұны уақыт оздыру үшін айтып отыр ғой. Өздерінің басы кететін іске олар бара алмайды,— деді Локсли.

— Егер біздің біреу солардың сарайының ішіне өтіп кетіп, өздерінің ішкі жайлары қандай екенін біліп қайтса, тіпті жақсы болар еді,— деді Қара Сал.— Тұтқындар өсиет айтатын попты өздері сұрап отыр ғой; меніңше, біздің әулие машайық осы ізгі міндетті атқарып келер еді де, сонымен бірге бізге керекті мәлімет те жеткізер еді.

— А, сені бұл ақылыңмен қоса қара бассын!—деп безе қашты тақуа бірадар. Мен саған айтып едім ғой. Дәу мырзам-ау, мен ұзын етек шапанымды қалай тастаймын, сонымен бірге діни дәрежемді де қоса тастаймын, сонымен менің әулиелігім түгіл, латын оқуым да бірге кетеді. Жасыл шапанды киіп алған соң, бір христианға өсиет айтқаннан гөрі, жиырма бұғыны жайратып салу маған әлдеқайда жеңілірек.

— Сірә, осы арадан өсиет айтатын бір де поп шықпай жүрмесе нағысын,— деді Қара Сал.

Елдің бәрі біріне бірі қарап үндемей қалды,

— Сірә да байқаймын,— деді Вамба, жұрт біраз үнсіз отырғаннан кейін,— ақымақтың ақымақ боп қалуы, ақылды адамдар басын сауғалап кетіп жатқанда, ақымақтың басын бұғауға төсеуі — әзелде жазылған нәрсе болу керек. Және де бір сіздерге айтатыным, ардақты бауыр, қымбатты туыстарым, әумесердің қалпағына дейін мен поптың ұзын етек шапанын киіп, монах болуға әзірленіп келген едім, содан мен миымнан қағынып, басымда қалған миым ақымақтан артыққа жетпейтін болғанда ғана тоқтағанмын. Міне, сондықтан тағы ойлаймын, мынау ардақты машайықтың шапанына тігулі әулиелік пен тақуалықтың және тағы латын оқымыстылығының арқасында, біздің ізгі ниетті, ардақты қожамыз Седрикке, сонымен бірге оның соры қайнап тұрған жолдастарына кәдімгідей адамдық, рухани уағыз айта алармын деп ойлаймын.

— Қалай деп ойлайсың, осы жұмысқа бұл жарар ма екен?—деп сұрады Гурттан Қара Сал.

— Қайдан білейін,— деді Гурт.— Егер жарамсыз боп шықса, мұның ақылсыздығын ақылының сүйреп шыға алмаған бірінші жолы болғаны-дағы.

— Ендеше ұзын етек шапанды ки, жақсы кісім,— деді Қара Сал,— олардың сарайының ішкі жайы қандай екен, сенің қожаң бізге сол туралы хабар берсін. Сірә, олардың адамы аз болуға тиіс, сондықтан, ықтырды тыңдамай, тұтқиылдан атты қойып қалсақ, оларды ұмар-жұмар басып алуымыз мүмкін. Ал, уақыт өтіп барады, тез ұмтыл.

— Есіңде болсын,—деді Локсли,— біз сарайдың қабырғаларын мықтап қоршап тұрамыз, одан біздің әмірімізсіз шыбын да ұшып шыға алмайды. Сен ондағы қаскүнемдерге айтып бар, достым,— деді ол Вамбаға қарап,— тұтқындарға жасалған зәредей зорлық үшін біз олардан он қайтара еселеп кек алармыз.

— Pax vobiscuml14 —деді Вамба, үстіне монахты киімін толы киіп алып,

Бұл сөзді айтқанда ол айбаттанып, маңғаз түрге кірді де, аяғын шірене басып, өзінің міндетін атқаруға жүріп кетті.

XXVI ТАРАУ

Арғымақ аяңдаса сол.—
Бәйгеге мәстек таласар.
Әулие түссе сәл күйге —
Әумесер болар әулие.

Бұрынғының өлеңі.

Машайықтың ұзын етек шапанын салпылдатып, беліне түйнек-түйнек жіп буынған әумесер Реджинальд Фрон де Бефтің сарайының алдына келгенде қақпашы одан кімсің, не шаруамен келдің деп сұрады.

— Pax vobiscum!—деп жауап қатты әумесер.— Мен францискан орденінің тақуа монағы едім, осы сарайдың қабырғасында отырған тұтқындарға өсиет айтуға келдім.

— Мұнда келуге батылың барып жүрген сен өзің жүректі монах екенсің; бір кезде осында болған маскүнем попсымақты қоспағанда, сендей қораздың кукарекуі шықпағанына мұнда жиырма жыл болып кетті,— деді қақпашы.

— Марқабат болсын онда, рақым ете көр,— деді жалған монах,— сарайдың қожасына менің келіп тұрғанымды хабарла. Маған сене бер, ол мені жақсы қабылдайды. Ал егер қораз кукарекуіне салып айғайлап жіберсе, бүкіл сарайды басына көтереді.

— Сенің мұныңа рақмет!—деді қақпашы.— Бірақ сенің тілегіңе бола күзетті тастап кеткенім үшін таяқ жеп жүрсем, қара да тұр, монахтың сұр шекпені ата қаздың садағына шыдай алар ма екен.

Осыны айтып қақпашы күзет қорғанынан шығып, қақпаның алдына әулие монах келіп тұр, дереу ішке кіргізуді сұранды деген құлаққа жат өрескел хабармен сарайдың үлкен залына кетті. Қақпашының таңдануына қарамастан, сарайдың қожасы әулиені тоқтаусыз кіргізуге бұйрық берді де, қақпашы дереу қақпаға сақшылар қойып, өзі алған әмірін сөзсіз орындауға жөнелді.

Фрон де Беф сияқты қаһардың алдында сасып-пысып қалмауға Вамбаның ерлігі мен тапқырлығы азар жетті. Өзінің міндетін ақтаруда қатты сеніп келген бісмілләсі «pax vobiscum!» деген сөзді байқұс әумесер дірілдеген дауыспен әрең-әрең айтып өтті. Бірақ қандай адам болса да өзінің алдында қалтырап тұруына дағдыланған Фрон де Беф монахсымақтың бұл жасықтығынан ешбір секем алған жоқ.

— Сен кімсің, монах, қайдан жүрсің?— деп сұрады ол.

— Pax vobiscum!—деп қайта айтты әумесер.— Мен қасиетті Франдискінің мүсәпір муһмуні едім, осы араның орманының арасынан етіп келе жатқанда қарақшылар ұстап алды, guidam viator inciditin Iatrones15 —деп кітапта айтылғандай, сол қарақшылар сіздің жоғары мәртебелі әділ сотыңызбен — өлім жазасына бұйырылған, осындағы асыл текті екі мырзаның қолында тұрған тұтқындарды құдай жолына уағыздау үшін мені осында жіберді.

— Иә, иә, дәл солай,— деді Фрон де Беф.— Ал, әулие тақсыр, сол жиылған қарақшылардың өзі қанша екен, соны айта аламысың?

— Ер жүрек мырза, олардың өздерінің айтуынша,— nomen illis legio — әйтеуір легион деп атайды ғой.

— Сен маған тура санын айт, монах, адамдары қанша екен, әйтпеген күнде сені үстіңе киген шапаның да, беліңді буған жібің де арашалап қала алмайды.

— Апырау, тақсыр,— cor meum eructavіt16— қорыққанымнан жүрегім жарылып кете жаздады ғой!—деді жалған монах.— Ал енді менің білуімше, олардың бәрін қосқанда — йомені бар, жай қара халқы бар — кемінде бес жүз кісі болады ғой деймін.

— Қалай дейсің!—деп ақырып жіберді осы мезетте залға кірген ғымаратшы.— Мына соналарың сондай көп жиналып қалған ба? Бұл құжынаған шірік ұяны, сірә, жаныштап тастайтын уақыт болған екен.

Осыны айтып ол сарайдың қожасын оңаша шығарып алды да:

— Мына монахты білетін бе едің?—деп сұрады.

— Жоқ, бұл жердің адамы емес, жырақ монастырьден келіпті, оны мен білмеймін,— деді Фрон де Беф.

— Ондай болса, тапсыратыныңды оған сөзбен айтпа,— деді ғымаратшы.— Ол тек де Брасидың ерікті жасағына осында дереу жетіңдер, деген хатын апарып беретін болсын. Жалғыз-ақ, мұны монах сезбеуі үшін, оны әзірге өз міндетін орындауға жұмсап жібер, барсын да әлгі саксон шошқаларын қасапқа уағыздай берсін.

— Жақсы, солай болсын,— деп Фрон де Беф бір малайын шақырып алды да, Вамбаны Седрик пен Ательстан отырған бөлмеге апаруға бұйрық берді.

Бұл кезде Седриктың зығырданы қайнап, жанын қоярға жер таппай жүр еді. Жасанған жауға ат қоятын яки қамалды бұзып алатын хас батырша шүйіліп, ол залдың о шеті мен бұ шетін ерсілі-қарсылы кезіп кеткен. Ер мінезді қайратты адам кейде біреуге ақырып жібергендей қаһарлы үн шығарып қалады да әйтпесе бірде Ательстанға тіл қатып, мақұлдатқандай болады, ал Ательстан сабаз не де болса, істің ақырын күттім дегендей, түскі тамаққа тыңқиып тойып алып, тіпті міз бағар емес. Сірә, бұл тас қамауда қашанға дейін отырамыз деген сауал, тегі, оның жанына батпайтын сияқты: бұл жалғанда болатын әрбір қиянаттың ақыры сияқты, мұның да бір бітетін кезі болар дейтін түрі бар.

— Pax vobiscum!—деп сәлем берді әумесер кіріп келіп,— Дунстан әулиенің, Денис әулиенің, Дюток әулиенің, одан қалса тіпті барлық әулиенің аруақтары қолдасын сіздерді!

— Кел, айтқаның келсін,—деді Седрик жалған монахқа.— Не үшін келдің бізге?

— Мен сіздерді өлімге әзірлеуге келдім,— деді әумесер,

— Мүмкін емес!—деп шап ете қалды Седрик, түршігіп кетіп.— Қандай қаскүнем, қандай қаныпезер болса да, олар мұндай шектен асқан, көрінеу, ешбір дәлелсіз жауыздыққа бара алмайды.

— Әттегене,— деді әумесер,— бұларды қазір адамгершілікке иландыру — ауыздығын тістеп алып, басымен ала қашқан асауды тоқтатумен бірдей. Сондықтан ізгі ниетті адал Седрик, һәм және ер жүрек Ательстан сіз де, бұл жалғанда қандай күнә, айыбыңыз болды, соның бәрін жақсылап ойланып алыңыз, өйткені сіздер дәл бүгін тәңір иенің жоғарғы сотының алдына барып жүгінесіздер.

— Естіп отырсың ба, Ательстан?—деді Седрик.— Ал енді ең ақырғы ерлігімізді көрсетуге бар күшімізді салайық, өйткені бас еркімізден айрылып, басыбайлы құл болып өткенімізше, шын ердің өлімімен кеткен артық бұл өмірден.

— Мен дайынмын,— деді Ательстан,— солардың қанқұйлы жауыздығы не ойлап тапса, мен соның бәріне бармын, түскі тамаққа қалай барсам, өлімге де солай бара беремін.

— Сонымен, тақсыр, қасиетті ғайып сәтімізге кірісейік,— деді Седрик.

— Азырақ сабыр етіңіз, ағатай,— деді әумесер, өзінің бұрынғы таныс дауысымен,— сіз тым асығып кеттіңіз ғой деймін? Түпсіз терең тұңғиыққа түсіп кетердің алдында жан-жағыңызға жақсылап қарап алыңыз.

— Айтты-айтпады, осының дауысы маған таныс сияқты,— деді Седрик.

— Ол өзіңіздің ақадал құлыңыз, кәдімгі әумесеріңіздің дауысы ғой,— деді Вамба, басындағы күлапарасын сыпырыл тастап.— Егер мен ақымақтың ақылын бұрынырақ тыңдаған болсаңыз, сіз бұл жерге түспеген болар едіңіз. Тым болмаса, тілімді енді алсаңыз, сіз мұнда көп отырмайсыз.

— Онда қалай болғаны, суайтым?—деп сұрады Седрик.

— Ол солай болғаны,— деді Вамба,— Қазір менің әулиелік мәртебем болып тұрған мына ұзын етек шапанды ки де, мына арқанмен беліңді буын да, осы сарайдан емін-еркін шығып жүре бер, ал өзіңнің плащың мен белбеуіңді маған қалдыр, сонсоң мен сенің орныңда боламын да, қайда секір десе, сонда секіре берем.

— Сен менің орнымда қалам дейсің?— деді Седрик, әумесердің сөзіне таң қалып.— Ой, байқұс есалаңым-ау, олар сені дарға асып жібереді ғой!

— Мейлі, не қылса о қылсын, не де болса — құдайдың салғанын көремдағы,— деді Вамба.— Заманында ата-бабасы шынжырға қалай асылған болса, Милаудың ұлы Вамба да айылын жимастан, дәл солай асылып тұра алар деп сенемін.

— Ал, Вамба, сенің айтқаныңды мен былай орындайын деп тұрмын,— деді Седрик.— Сен мені қоя тұрып, киіміңді лорд Ательстанмен ауыстыр.

— Э, жоқ, болмайды,— Дунстан әулиенің аруағы ұрсын, мен мұныңа көне алмаймын!—деді Вамба.— Милаудың ұлы Хервардтың ұлын аман алып қалу үшін басын байлай алады, ал әкесі менің әкемді білмейтін адам үшін өлгенім — ол ненің ақысы?

— Оңбаған неме, Ательстанның ата-бабасы Англияны билеп өткен!— деді Седрик.

— Кім болса о болсын олар, маған бәрібір,— деп көнбеді Вамба,— әлдекімнің әкесі үшін мойнымды жұлғызып — о не болғаным. Ал сөйтіп, ардақты қожам, не менің айтқаныма көніңіз, әйтпесе, менің мына қорғаннан тайып тұруыма рұқсат етіңіз.

— Шіріген кәрі ағаш кепсе кебе берсін, тек бірақ бүкіл орманды көркейтіп тұрған бәйтерек аман қалсын деген бар!— деді Седрик қиналып.— Асыл тек Ательстанды сақтай қал, мен десең, адал әумесерім Вамба. Саксондық қаным бар деген әрбір адам осылай етуге міндетті. Мынау жауыз зорлықшылардың құрбаны боп біз екеуміз-ақ кете барайық. Ал ол тұтқыннан босап шыққаннан кейін біздің рулас бауырларымызды кек алуға бастап шығып, дұшпанымыздан қанымызды қайырады.

— Жоқ, ағатай,— деді Ательстан, Седриктың қолын қысып. Әлдеқандай бір ауыртпалық іс оның ойын билеп, жігеріне қозғау салған уақытта, Ательстанның сезімі мен харакеті асыл тегіне тартып, биік дәрежеге дейін көтерілуші еді.— Жоқ, олай етпеңіз,— деп ол қайталап айтты.— Малайының қожасына адалдығымен ойлап тапқан ақылың пайдаланғанша, мен осы залда қара нан, қара сумен бүтіндей бір жұма қарап отыруға бармын,— деді Ательстан.

— Сіздер ғой осы ақылды адамдар деп саналасыңыздар, мырзалар, ал мен ақымақтың аты ақымақ дегендердің қатарында жүремін,— деді әумесер.— Ал сонда да, Седрик ағай және бауырым Ательстан, сол ақымақ ақыл табады да, сіздердің дауларыңызды бітіріп шығады. Мен Джонның өзінен басқа ешкімді үстіне шығармайтын жалғыз тұғыры сияқтымын. Келген шаруам — өзімнің қожамды құтқарып алу. Егер бұдан ол бас тартса — амал нешік, қайтып кете беремін, іс сонымен бітеді. Ал ақ ниет, адал пиғыл дегенді — дөңгелетіп, домалатып ойнайтын шеңбер мен шар сияқты қолдан қолға жүгіртуге болмайды. Мен дарға асылып, арқанда салбырап тұруға даярмын, бірақ тек өзімнің әміршімнің орнында ғана.

— Барыңыз, ардақты Седрик, мұндай сәтті кезді қолдан жіберуге болмайды,— деді Ательстан.— Сіз сарайдың сыртына шығып, өзіміздің достарымыздың көзіне көрінсеңіз, олардың рухы көтеріледі де, соғұрлым бізді тез құтқарып аласыз, ал мұнда қалсаңыз, бәріміз бірдей құримыз.

— Ал сонда, сарайдың сыртында бізге болысатындар бар ма?— деді Седрик әумесерге қарап.

— Болысқанда қандай!—деді Вамба, көңілденіп.— Сіз өзіңіз біліп қойыңыз, менің күлапарамды киіп алған соң тап бір долбасының мундирын кигендей боласыз. Осы сарайдың қабырғасына бес жүз кісі жиылған күні бүгін мен сол көп қолды бастаушылардың бірі боп келдім. Мен ақымақтың құлақшыным дулығаның орнына жүрді де, сылдырмағым — маршалдың дәреже таяғы болып шықты Ал енді ақымақтың орнына ақылды адамын қойғанда олар қанша пайда табар екен, оны алда көреміз. Зәуде шіркіндер тым данышпансып кетіп, батырлығынан айрылып қалмаса жақсы болар еді. Сонымен қош бол, қожам, Гурт байғұсқа рақымды бол, оның Фанге дейтін итін есірке, ал менің қалпағымды өз өмірін қожасының жолына құрбан еткен... ақымақ еді деп Ротервудтағы үйдің қабырғасына іліп қой.

Соңғы сөзін ол әлде шындап, әлде әзілдеп айтқандай болып, екі саққа жүгіртіп кетті. Седрик көзіне жас алды.

— Бұл дүниенің ар-ұжданында адалдық пен махаббат тұрғанда сенің аруағың да жасай береді,— деді Седрик.— Егер Ровена мен сені, Ательстан, сендермен бірге адал қызметкерім әумесер Вамбамды құтқарып алармын деген үмітім болмаса, мұндай іске мен көне қоймаған болар едім.

Бұлар енді киімдерін ауысып киіп еді, сол арада Седриктың алдына тағы бір қиыншылық көлденен тұра қалды.

— Мен өз ана тілімнен басқа ешқандай тіл білмеймін; норман тілінде бірнеше ауыз сөзді ғана былдырақтатамын; ал сонда мен монахпын деп алай жүрмекпін?

— Бар әңгіме екі-ақ ауыз сөзде,— деді Вамба,— саған не айтса да, беретін жауабың: «Pax vobiscum!»—деген сөздер болсын, Сәлемдессек я қоштассақ, алғыс айтсаң, я қарғыс айтсаң, білетінін: «Pax vobiscum!» болсын — әне, сонымен іс бітеді. Аластағыш — албастыға, аса шыбық — сиқыршыға қандай қажет болса, монах үшін бұл сөздер сондай қажет. Жалғыз-ақ, жайлаңқырап, маңызданып айтсаң болғаны: Мейлі сақшы, мейлі қақпашы болсын, әлде сері, әлде жарақшы болсын, не жаяу, не аттылы болсын — бәрібір: бұл сөздер соның бәріне сиқырша әсер етіп, арбап алады. Егер ертең мені дарға асуға апаратын болса (ол әлі мәлім емес), бұл сөздің күшін мен жендетке де қолданып көремін

— Олай болса, мен қазірдің арасында-ақ монах бола қаламын.— Сөйтті де «Pax vobiscum!»— деп секіріп түсті Седрик.— Бұл сиқырды мен сірәда ұмыта қоймаспын Ал, қош бол, ардақты Ательстан.... Сен де қош бол, менің ақ ниет әумесерім. Сенің жүрегің мен деген мықты бастың ешқайсысынан кем емес екен. Мемлекетті билеген саксон корольдарының, ардақты қаны мен тірі тұрғанда төгіле қоймас. Өз басыңды бәйгіге тігіп, қожаңды сақтап қалуға нар тәуекел еткен менің адал қызметкерім, кеудемде жаным тұрғанда сенің жалғыз тал шашыңды жерге түсірмеспін. Қош бол.

— Қош болыңыз, ақ жүрек Седрик!— деді Ательстан.— Есіңізде болсын, егер ауқаттанып, әлденіп алыңыз дейтіндер болса;монахтар одан бас тартпас болар.

— Қош бол, ағатай!—деп Вамба да жол болсын айтты Седрикке.— «Раx vobiscum»-ды ұмытып жүрме,— деп ол тағы тапсырды.

Осындай аманатпен Седрик жолға шығып еді, әумесердің үйреткен сиқырлы сөзінің әсерін сарайдан шықпай жатып-ақ байқады. Иіліп келген коридормен үлкен залға қарай өтіп келе жатып, алдында тұрған бір әйелді көрді.

— «Pax vobiscum!»—деді жалған монах, әйелдің жанынан тезірек өтіп кетпек боп.

— Etvobis pater reverenissime!17 —деп жауап берді нәзік әйел дауысы.

— Құлағымның азырақ мүкісі бар еді,— деп Седрик саксон тілінде айтты да және өзі бірдеңе деп естіртпей күбірлеп кетті.— Әлгі бір ақымақ пен оның pax vobiscuml-ын қара бассыншы! Алғашқы рет аузыма алғаным осы еді —салған жерден мүлт жіберіп алдым-ау.

Бірақ ол заманда дін иелері латын тілін онша жақсы біле бермейтін еді, Седрикпен сөйлесіп тұрған әйел мұны өте жақсы білетін.

— Мәртебесі артық тақсыр, зор мейірбандық жасай көріңіз,— деп өтінішін саксон тілінде жалғады әйел,— осында жатқан жаралы тұтқынға кіріп, өсиет айтып шығыңызшы. Сіздің бұл жақсылығыңыз үшін монастіріңіз еш уақытта көріп-білмеген мол олжаға батып қалады.

— Қызым, бұл сарайда монахтық құрып, діни міндеттерімді атқарып тұруыма болмайды.— деді Седрик қатты қысылып.— Мен неғұрлым тез кетіп қалуға тиіспін. Көп жандардың өмірі мен өлімі соған байланысты боп тұр.

— Әулие тақсыр, жалбарынам сізге, өзіңіздің монах болғанда мойныңызға алған аттарыңыздың хақысы үшін, бақытсыз мүһмүніңізді ескерусіз қалдырмай, өсиет, уағыз айтып кете көріңіз!—деп, жік-жапар болды өтінуші қыз.

— Бұдан да мені қара басып, тәңір ие Один мен Тордың рухтарымен Инфринға отырғызып қойса еді,— деп қарғанды жаны кейіген Седрик.

Ол осы сияқты тағы бірнеше реніштерді қоса түсуі мүмкін еді, бірақ осы мезетте иесіз қорғанда жападан-жалғыз отырған мыстан кемпір — Урфрида келіп қалды да, соның байбалам салған тұрпайы дауысы бұлардың әңгімесін үзіп кетті:

— Мұныңа жол болсын, балапаным!—деп кемпір қызға келе соқтықты.— Қараңғы зындандай иесіз бөлмеден шығып, бой жазып жүруіңе рұқсат еткен жақсылығым үшін сен маған осындай қырсық дайындап қойып па едің. Пәлесі жұғатын жебірей қызының сұғанақтығынан құтылу үшін әулие адамның қарғана бастағанын көрдің бе?

— Жебірей қызы дейсің бе?—деп Седрик қасақана шошып кеткендей болды, оған қазір бұл екі әйелден қалай да құтылып кету керек еді.— Мен өтіп кетейінші, апай? Бөгемеңіз мені. Дін жолы бойынша осы жана ғана парызымды өтеп шығып едім, енді қайтып дәретімді бұзғым келмейді.

— Мұнда келіңіз, тақсыр,— деді кемпір.— Сен бұл араның адамы емессің, біреу жол көрсетпесе, сарайдан шыға алмайсың. Мұнда жүр, сенімен менің сөйлесетін сөзім бар. Ал, сұмырай халықтың қызы, сен науқасқа барып, соны бағып-қақ, мен қайтып келгенше, ешқайда шығушы бол ма. Енді менің рұқсатымсыз қадам басып шығатын болсаң, сорыңның қайнағаны дей бер!

Ревекка қарасын өшірді. Қыз жалынып-жалпая берген соң, Урфрида оның қорғаннан шығуына рұқсат етіп, әрі-беріден соң оны жаралы Айвенгоны бақтырып қойған еді. Тұтқындардың басына қандай қатер төніп тұрғанын түсінген, Ревекка солардың жанын алып қалу үшін қолынан келген зәредей себебі болса, одан аянып қалмады. Бүгін де осы құдайдан безген сарайға поп келгенін Урфридадан естіп қалып, тұтқындарға соның бір септігі тимес пе екен деген үмітпен, мына жалған монахты коридорда тосып тұрған беті болатын. Оның бұл талабының немен тынғанын көріп отырсыздар.

XXVII ТАРАУ

Сөзіңнің не десең де бәрінде — ұят
Қасірет, айып-күнә аңқып тұрад.
Істерің жақсы мәлім маған сенің.
Несіне үндемейсің, айыпкерім?
Тағы да көп бәлеге болдым душар,
Сондықтан жан жаралы, хәлім нашар.
Тілектес мен байғұста жақын да жоқ,
Қайғымды қақ бөлісіп, көңіл ашар.
Алайда алаулаған өрт құмарлық
Сырыма салғыртсынбай құлағың сал.

Крабб «Әділет сарайы»

Урфрида айқай-ұйқай байбаламмен Ревекканы науқастың бөлмесіне қуып тыққаннан кейін, Седрикты зорлағандай ғып сүйреп отырып, оңаша бір үйшікке апарып кіргізді де, артынан есікті мықтап жауып алды. Содан соң тақтадан шарап құйған фляга мен екі стақан алып, столдың үстіне қойды да, тап бір көзі жетіп отырған кісіше, сарт етіп айтып салды:

— Сен саксонсың ғой, тақсыр әулием?— деді кемпір; сонсоң Седриктың салғырт отырғанын байқап, сөзді жалғастырып әкетті.— Сен мұны жасырма да және таласпа; ана тілімнің үні менің құлағыма майдай жағады; оны мен бұл үйде даңдайсып кеткен нормандардың қорлап-зорлап, ең төменгі қара жұмысқа салып қойған бишара құл-құтандарының аузынан оқта-текте ғана бір естимін.Ал сен тақсыр, құдайдың қызметкері болсаң да, сакссың, қанша айтқанмен, өз еркің өзіндегі адамсың. Сенің сөзіңді тыңдау маған бір рақат.

— Мұнда, сірә, сакс поптар келмей ме?—деп сұрады Седрик.— Біздің жеріміздің қашқан-бысқан, аласталған ұлдарын қорғауына алу солардың борышы емес пе.

— Жоқ, олар мұнда келмейді,— деді Урфрида,— егер келе қалса, отандастарының арыз-шағымдарын тыңдағаннан гөpі, өздерін жаулап алған қожаларының столында отырып, той тойлап кеткендерін жақсы көреді. Тегінде мен оларды өте аз көремін, ал көргендер осылай дейді, Құдайдың құтты күні бұзықтық жасап, түн болса Реджинальд Фрон де Бефпен маскүнемдікке салынатын зынақор норман дүмшені шығарып тастағанда, он жыл бойы осы сарайға бір де поп бас сұққан емес. Сол дүмшенің өзінің көзі жоғалғалы қашан, сірә, шеркеуге сіңірген еңбегінен құдайына есеп бергелі кеткен болар. Ал сен сакссың, оның үстіне саксон попысың, сондықтан саған мен бір сауал беруім керек.

— Иә, менің сакс екенім рас, бірақ поп деген атаққа лайық емеспін,— деді Седрик.— Сондықтан, тілеуіңді берсін, мені босат! Құдай біледі, мен әлі осында қайтып ораламын, сонда саған мен арызыңды тыңдауға лайық нағыз дін иесін жіберейін.

— Азырақ тағы сабыр ет,— деді Урфрида,— көп кешікпей, осы естіп отырған дауысың қара жердің құшағына кіріп тыныш табады. Бірақ менің күнәма кешірім алмай, хайуан сияқты үн-түн жоқ кете бергім келмейді Өмірімде басымнан кешірген ғаламат зұлматтарды баян етуіме енді мына шарап маған қуат берсін.

Сөйтіп стақанға толтырып шарап құйды да, соның бір тамшысын жерге тамызбай, стақанды түбіне дейін құрғатып қағып салды. Шарапты ішіп болған соң, кемпір назарын жоғары көтерді де:

Шарап та енді қуат бермейді, тек миыңды айналдырады,— деді.— Ал, тақсыр, сен де ішіп қой, әйтпесе менің айтқалы отырған хикаяма шыдай алмай, құлап қаласың.

— Мен ата-анамнан туғанда, қазір өзің көріп отырғандай, бишара мақұлық емеспін-ді, тақсыр,— деді Урфрида.— Мен де ерікті, бақытты, қадірлі, біреу сүйетін, біреуді өзім де сүйе алатын жан болғамын. Енді мен ешкімге керегім жоқ, бақытсыз күңмін. Басымда көркім тұрғанда қожаларымның қолында ойнаған еркесі едім, көркім тайғаннан кейін қарайған жанға масқара, жексұрын сұмырай боп далада қалдым. Ал содан бері барлық адам баласына, бәрінен бұрын өзімнің тағдырымды осылай жермен-жексен еткен жанның ұрпағына лағнет айтып, топырақ шашсам, оған таңдануға бола ма, тақсыр? Көрген қорлығын, ішіне қатқан шерін тек қарғысқа үйіп-төгіп, бет-аузы мыжырайған кемпір заманында мыңдаған жан алдында тәуелді болған ардақты Торкиль мырзаның қызы екенін бүл өмірінде ұмыта алар ма?

— Сен Торкиль Вольфгангердің қызымын дейсің бе!—деді Седрик, кемпірден шегіне түсіп.— Сен... Сен шынымен сол ардақты сакстың, менің әкемнің досы әрі қанды көйлек жолдасының туған қызы болғаның ба?

— Сенің әкеңнің досы?—деп Урфрида шап ете қалды.— Сонда сен Сакс атанып жүрген Седрик болдың ғой, өйткені жарықтық Хервард Ротервурскийдің жалғыз ұлы болатын, оның аты отандастарының бәріне белгілі. Ал сен шын сол Ротервудтың Седригі болсаң, онда мына киіп алған монах киімің не? Шынынмен отаныңды қорғап қалудан күдер үзген соң, қорлық-зорлықтан монастырьдің қабырғасында жан сақтап қалмақ болғаның ба?

— Мен кім болсам о болайын, оның бәрібір,— деді Седрик.— Жалғыз-ақ, өзіңнің басыннан кешірген зұлматтарың мен қылмыстарыңды баяндай бер, мүсәпір. Иә, қылмыстарыңды айт деймін, өйткені сенің тірі қалғаныңның өзі — қылмыс қой.

— Иә, мен қылмыстымын,— деді ғаріп кемпір.— Адамның жаны түршігетін, қарабеттік пен пасық қылмыстар менің көкірегімді басып, тұншықтырып барады, өлерімде жанымды қинап, отқа салғаныммен оның бірі кешірілетін емес. Менің әкемнің, бірге туған бауырларымның кіршіксіз пәк қаны шашыраған осы үйде мен соларды өлтірген адамның құшағында жаттым, соның нас нәпсісінің мазағы, соны рақатқа батырып, айызын қандырушы болдым. Менің әр тынысымнан, әрбір кірпік қағысымнан қан сорғалап, қылмыс ағып тұр.

— Әй, сорлы әйел!—деді Седрик қара тұтып.— Сенің әкеңнің достары марқұмның һәм соның барлық ұлдарының жандары жаннатта болуын тілеп дұға қылғанда, солармен бірге сені де қаза болды деп біліп, Ульрика деген қыздың атын да баталарынан құр қалдырған жоқ еді, барлық жұрт өлгендерді жоқтап, жылап-сықтап жүргенде, мезгілсіз қаза тапқандар үшін қайғырып, солардың аруақтарын тірілтеміз деп жүргенде, сен жүзіқара өмір сүріп жүргенсің! Біздің қарғысымызды алып, бетіңе түкірту үшін өмір сүргенсің... Өзіңнің ең жақын, ең қымбат адамдарыңның бәрінің қанын төккен қарабет жауызбен, аяулы, ардақты Торкиль Вольфгангердің әулетінен ешбір тұқым қалдырмау үшін адам баласына жазығы жоқ жас нәрестенің де қанын ішкен жауызбен ауыз жаласқансың. Әне сен қандай қаныпезермен өмір сүргенсің... ол аз болса, заңсыз махаббатқа беріліп, рақат тапқансың!

— Заңсыз берілдің дегенің дұрыс болар, бірақ махаббат дегенің дұрыс емес,— деп қарсы тұрды кемпір,— бұл харам, нәжіс шатырдың астынан гөрі, жаһаннамның өзінде де махаббат жайы бар шығар. Жоқ, бұл жөнінде мен өзімді кінәлай алмаймын. Тіпті ауыз жаласып, зынаға батқанның өзінде де менің Фрон де Беф пен оның тұқымын иттің етінен жек көріп жеркенбеген уақытым болған емес.

— Қанша жек көрсең де, бәрібір онымен өмір сүрдің ғой!— деді Седриктың ызасы келіп.— Ой сорлы! Сонда сенің қолыңа не қанжар, не пышақ, ең болмаса не бір қандауыр түспеді ме? Норман сарайының құпиясы да бір — қазулы көрдің құпиясы да бір болғаны сенің бағың екен! Егер Торкильдің қызы өзінің әкесін өлтірген адаммен арамзалық одақта өмір сүріп жүргенін сонда мен білген болсам, шын сакстың семсері сүйген жарыңның құшағында жатсаң да сені сол орныңда жайратқан болар едім

—Сонда сен Торкильдің тұқымына шын болысқан болар ма едің?—деді Ульрика (осы арадан бастап біз Урфрида деген атты тастап, кемпірдің шын атымен атаймыз).— Онда сен халықтың мадақтап жүрген шын саксы болғаның! Тіпті осындай ғаламат сырлар жабулы қазан жабуымен жатқан, мына лағнет жауғыр қабырғалардың өзінде де Седрик деген есім зор сеніммен айтылушы еді де, кем, қор болып қалған бишара мен екеш мен де біздің бақытсыз халқымыздың намысын іздеп, жоғын жоқтаушы бұл жалғанда бір жан бар екен-ау деп қуанушы едім. Менің де сөйтіп кегімді іздейтін кезім болатын. Жауларымды шағыстырып, біріне бірін айдап салып, мастықпен естерінен жаңылған уақыттарында бірінің бірі қанын төккендей ғып өшіктіретінмін. Мен олардың қаны төгілгенінде, өкіріп-бақырып, өлім аузында жатқанын да көрдім! Седрик, сен менің бетіме көз салшы, мына мыж-мыж болған, жүзі қара бетімде Торкильге ұқсас бірдеңе қалды ма екен?

— Сұрама оны, Ульрика,— деді Седрик, уайым-қайғымен теріс айналып.— Жын-пері өлі жанды көрден тірілтіп, басын көтергенде, өліктің денесі тірі адамға осылай ұқсайтын болуы керек.

— Ол солай-ақ болсын,— деді Ульрика,— бірақ осы әзезілдің жүзі үлкен Фрон де Беф пен оның ұлы Реджинальдтың арасына от салып, екеуін өлердей өш қып жіберіп еді. Содан кейін болған оқиға тамұқтағы көрдей жасырылып қалуға тиіс еді, бірақ мен зәредей ғана сәтке соның пердесін көтеріп, көрде жатқан адам өкіре түрегелетіндей кепті көрсетейін саған. Қаныпезер әке мен қаскүнем ұлдың арасындағы қастандық солай қозданып, бірден-бірге өрши берді, өрши берді. Адам естіп-білмеген өшпендікті мен білдірмей, қоздыра бердім, қоздыра бердім. Міне, сол қастандық екеуі де мастықпен құтырып отырған кезінде лап ете қалды да, мені қорлаған адам өз столының басында өз ұлының қолынан мерт болды... Бұл шатырдың күмбезінің астында әне осындай кептер жасырулы жатыр. Қан жауғыр күмбездер, тоз-тоз болып күйреңдер,— деді кемпір, көзін төбеге көтеріп,— күйреңдер, жай түскір қабырғалар, осы ғаламат жасырын сырлар кімге мағлұм болса, соның бәрін басып қалыңдар!

— Ал сен ше, бақытсыз, қылмысты бетпақ,— деді Седрик,— бас қосқан жарың опат болған соң сен не істедің?

— Өзің түсін, бірақ сұрама. Мен осында қалып, жасымнан бұрын келген кәрілік бет-аузымды мыж-мыж ғып, адам сиқымды кетіргенше тұра бердім. Сонан соң, бұрын өзіме бас иіп, айтқанымды екі қылмай орындаған жерлерде енді мені күлкі қылып, бетіме күйе жағатын болды. Бұрын мен кек алып, қастандық істеймін десем, өзім би, өзім қожа едім, ал енді күтімші әйелге жақпай қалсам, болмашы нәрсе үшін солармен ұрысып-керісіп, бажылдаса беретін, қолынан түк келмейтін беяпар кемпір болдым да қалдым, бұрын өзім билеп-төстеп жүретін той-томалақтардың у-шуын енді иесіз қорғанда жападан-жалғыз отырып қана естимін, немесе жаңадан зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандардың шырқыраған жан дауысы мен ыңқыл-сыңқылын мұнараның басынан ғана құлағым шалады!

— Ульрика,— деді Седрик,— менің білуімше, сен сондай сұмдық қылмыстың ауыртпалығына айырбастап алған қызық, рақатыңнан айрылып қалғаныңа жүрегіңнің терең түкпірінде өлі де болса өкінетін сияқтысын; сөйтіп отырып мына сияқты әулиелік киім киген адамға не бетіңмен салық саласың? Тегінде ойлашы өзін, бишара жан, маған десе, осында Эдуард әулиенің өзі келсін, саған ол не бітіріп берген болар еді? Құдайдың өзі дарытқан кереметі бар сиқырлы балгер тон жарасынан ғана сауықтырушы еді, ал жан жарасын жаратқан жалғыз иенің бір өзі ғана жаза алады.

— Тоқта, қатал сәуегөй!— деп сап ете қалды бақытсыз әйел.— Біраздан бері жалғыз қалсам болды, мені бір қорқынышты сезімдер албастыдай басып алатын болғаны несі? Баяғыда болып кеткен хикметтер көз алдыма келіп алады да, неше түрлі сұмдықты ойыма орнатып қоятыны не болғаны? Жер бетінде осынша азап тартуға бұйырған пендесіне тәңір қабырға түскенде не жазып қойды екен? Өзімді қазір өңімде де, түсімде де азапқа салып, қинап жүрген құбыжық елестерді көре бергенше, ата-бабамыздың баяғы шоқынбаған кезіндегі тәңірлері — Воденге, Герта мен Зернебокке, Миста мен Скогулаға арыз айтып, кешірім сұрасам болмас па?

— Мен дін иесі емеспін,— деді Седрик, әйелден азар да безер болып, шегіне түсіп,— монахтың киімін киіп жүрсем де, жарқыным, мен поп емеспін.

— Монах я жай адамбысың, оның маған бәрібір,— деді Ульрика.— Соңғы жиырма жылдың ішінде мен сенен басқа құдайдан қорқып, адамды сыйлайтын тірі жанды көрген емеспін. Айтшы, менің кешірім алатын үмітім бар ма, жоқ па?

— Меніңше, сен күнәңды мойындап, тәубе қылуын керек,— деді Седрик.— Айыбыңнан қайтып, ғыбадат қыл, сонда құдай кешірім жасауы ықтимал. Ал енді мен сенің қасында қалғым келмейді, қала алмаймын да.

— Тағы бір минут тоқта,— деді Ульрика,— менің әкемнің досының ұлы екенің рас болса, сен мені қазір тастап кетпе. Әйтпесе, менің өмірімді билеп келген әзезіл азғырып әкетіп, сенің мені жек көріп, жеркенгенің үшін кек алуға айдап салуы мүмкін, Сен өзің қалай деп ойлайсың, егер Фон де Беф Седрик

Саксты өз сарайында көріп және тағы мынадай киімде кездестіретін болса, сенің тірі қалуың неғайбіл болар еді. Ол жемтігің көрген құзғындай, онсыз да сені көзіңнен таса қылмай жүрген.

— Мейлі, таса қылмаса, қылмасын,— деді Седрик.— Ол мені тырнағымен, тұмсығымен шоқып, быт-шытымды шығарса да мейлі, бірақ менің аузымнан бір ауыз жалған сөз шығара алмайды. Мен өлсем де, сөзім әділ, адал сакс боп өлемін. Кет жолымнан! Маған тиіспе де бөгеме. Менің көзіме қазір сен, көр, азғын жезөкше, тап Реджинальд Фрон де Бефтің өзінен де жексұрынсың.

— Жарайды, сол айтқанындай-ақ болсын,— деді Ульрика.— Бар, өз жөніңмен жүре бер, тәкаппарланып кеткен екенсің, алдыңда тұрған кемпір әкеңнің жан досының қызы екенін де ұмыттың ғой, Бар, өз жолыңды тап. Мен жалғыз-ақ қаламын. Ал кегімді мына өз қолыммен қайтарамын жауымнан. Маған ешкім болыспай-ақ қойсын, бірақ менің ерлігімді жұрт естиді. Қош бол! Сен жек көрген соң дүниемен ақырғы байланысым үзілді. Менің тартқан азабымды естіп, отандастарымның жаны ашиды ғой деп едім, бірақ ол болмады.

— Ульрика,— деді Седрик, оның мына сөзіңнен соң кемпірді аяп кетіп,— сен бұл өмірде көпті көріп, көпті басыңнан кешірдің ғой, сондықтан өзіңнің қылмысыңа көзің жетіп, ол үшін тәубе қылып, кешірім сұрау қажет болып отырғанда, неліктен сен дәл қазір қиқарлыққа салынып, неге сонша тұлданасың?

— Седрик,— деді Ульрика,— сен адамның жүрегін әлі аз білесің. Менің өмірімді бастан кешіру үшін ол адамның жанында рақатқа тоймайтын қызық құмарлық, есеңді жібермейтін кек алғыштық, өзіңнің күшіңе сыйынатын өркөкірек сезім болуға тиіс. Ішімдік адамның жүрегіне өте зиян ғой, сонда да адам одан бас тарта алмайды. Кәріліктен рақат табылмайды, айғыздалған ажым бет ешкімді қызықтырмайды, беяпар байбаламға айналып, кек алғыштық мұқайды. Miнe, сонда ар-ұятың ояна бастайды, сонымен бірге өткенге өкіну, келешектен күдер үзу сияқты сезімдер туады. Қайрат қайтып, күшті талап тайған уақытта біз азап шегіп жүрсек те, ешбір опық жеуді білмейтін тамұқтағы әзәзілге ұқсап қаламыз... Опық жеуге орын жоқ мұнда... Дегенмен, сенің сөзің бір жаңа ой салды маған. Өлімнен қорықпаған адам ештеңеден қайтпасқа тиіс деп сен дұрыс айттың. Сен маған кек алатын жол көрсеттің, сене бер маған, сол айтқаныңды орындаймын. Бұған дейін менің кеуіп қалған кеудемде кек алумен қатар басқа да талап-тілектер тайталаса беруші еді; енді менің көкірегімде жалғыз кек алу ғана қалады. Сонда сен Ульриканың өмірі қандай боп өтсе де, оның өлімі асыл адам Торкильдің қызына лайық болды деп өзің-ақ айтарсың әлі. Лағнет жауғыр мына сарайдың алдына жасанған айбынды жасақ жиылған болу керек — барда дереу соларды бастап сарайға шабуыл жаса. Қамалдың шығыс бұрышындағы қосалқы мұнараның басына қызыл жалау тігілгенін көрген кезде аянбай ат қой да қамалды бұз — нормандарға сарайдың ішіндегі тауқымет те жетіп артылады, сол кезде сендер олардың сақпан, садақтарын керек қылмай, бұзып-жарып сарайға кіресіңдер. Бар енді, өтінемін сенен. Міндетіңді орында өзіңнің, ал мені тағдырыма тапсыр өзімнің.

Седриктың Ульрикадан не істемек ойы барын сұрағысы келіп еді, бірақ осы мезетте Реджинальд Фрон де Бефтің қаһарлы дауысы шыға қалды:

— Қайда жүр әлгі қаңғыбас монах? Құдай біледі, егер ол менің қарақшыларымның арасына ірткі салып, опасыздық таратып жүрсе, онда мен оның сорын қайнатамын!

— Арамға жеріген иттің сауысқаннан да сағын қарашы!— деді Ульрика.— Ал сен оған алаң болма, өз адамдарыңа тезірек жет. Сакстардың айбынды ұранын аспанға көтер, сарбаздар жауынгерлік әніне бассын. Менің кегім олардың әндерін шырқата түсетін қайырмасы болады.

Осыны айтып кемпір қосалқы есіктен шығып кетті де, бөлмеге Рержинальд Фрон де Беф келіп кірді. Седрик тәкаппар бекке момақансып, ізетпен иілді де, ал бек оған кекірт түрмен басын изей салды.

— Кешірім сұраған күнәкарлар көп ұстап қалды ғой, тақсыр, сені! Бір есептен өйткені дұрыс та, бұл олардың ақырғы тәубесі ғой. Сонымен олар өлімге әзір болды ма?

— Мен барсам, олар ажалына мойынсұнып, әзір отыр екен, сірә, қожасының сыры өздеріне де мәлім болу керек,— деді Седрик, французша сөйлеуге тырысып,

— Мұның мәнісі қалай, монах! Сөйлеген сөзің саксон тіліне тарта береді ғой!—деді Фрон де Беф.

— Мен Бертондағы Витольд әулиенің медресесінде тәрбие алған едім,— деді Седрик.

— Ә, солай ма,— деді бек.—Одан да сенің норман болғаның жақсы еді. Бірақ амал нешік — басқа шабарман жоқ. Бертондағы бұл Витольд монастырі деген тұрған бір жапалақтың ұясы, Өзінің тас ошағын талқан қылатын уақыт баяғыда болып еді. Тоқтай тұрсын әлі, сакстарды оның ұзын етек шапаны түгіл, сауыты да сақтап қала алмайтын уақыт жетер.

— Не де болса, құдайдың жазғаны болар,— деді Седрик ызадан қалтырап кеткен дауыспен, Фрон де Беф оның мұнысын қорыққандық деп білген еді.

— Сірә, монах, зәрең зәр түбіне кетті ғой деймін, біздің жауынгерлеріміз ас ішетін бөлмелеріңе әлден кіріп кетіп, қойма, кілеттеріңде сайран салып жүргендей көріп қалсаң керек,— деді өркөкірек бек.— Жоқ, оны қоя тұр, басқа ағайындарың не көрсе, о көрсін, онан да сен маған бір қызмет етіп жібер, осыны орындасаң, қабыршағына кіріп алған ұлудай, қайғысыз - қамсыз өмір сүретініңе мен кепіл.

— Бұйырыңыз,— деді Седрик толқығанын тоқтатып.

— Онда менің соңымнан жүр, мен сені қосалқы қақпадан шығарып салайын.

Фрон де Беф Седриктың алдында қарыштай адымдап бара жатып, орта жолда жалған монахқа оның не істеуі керектігі жайында нұсқау беріп келе жатты.

— Білесің бе, монах, менің Торкильстандағы сарайымды қамап тұрғандар—саксон шошқаларының тобыры. Бұл қамалдың осалдығы жайында оларға аузыңа келгеніңді айта беруіңе болады,қысқасы, не десең ол де, әйтеуір олар осы қамалдың алдында тағы бір тәулік қамала тұратын болса — болғаны. Сол уақыттың ішінде сен мына хатты тиісті жеріне жеткізесің. Айтпақшы тоқтай тұршы, Заты, сен өзің хат танимысың?

— Жоқ, түк те білмеймін,— деді Седрик,— тек иман шартымды ғана оқи аламын. Оның өзің де тәңірия анамыз бен Витольд әулиенің арқасында тәңірге ғыбадат намазын жатқа білгендіктен танып оқимын...

— Ондай болса, тіптен жақсы. Сонымен, мына хатты Филипп Мальвуазеннің сарайына апарасың. Хатты — менен, жазған — ғымаратшы Бриан де Буагнльбер дейсің де, сонсоң менің неғұрлым тездетіп бұл хатты Йоркке жіберуді өтінгенімді айтасың. Оның бер жағында оған біздің тағдырымыз жөнінде онша қам жемей-ақ қойсын дерсің. Әшейінде атымыздың дүбірін ести сала бет-бетімен қашатын бір уыс сұмпайылар тобырынан жасырынып жатыр деген дақпырт біздің атымызға ұят болады. Менің саған тапсыратыным, монах, қалайда бір амал ойлап тап та, осы оңбағандарды орындарынан қозғалмайтын қулық жаса, біздің жауынгер сарбаздарымыз келіп жеткенше олар осылай қамала тұрсын, бәлемдер. Менің кекшіл қыраным қанатын қағып, жаңа сілкінді, ол енді тоятын жемге толтырмай, қайтып жатпайды.

Момақан монахтан күтуге болмайтын сергектікпен серпіліп алды да, Седрик оған қуыстанбастан былай деп соқты:

— Өзімнің әулие пірімнің аруағына, өлісі бар, тірісі бар, Англияда бұрынды-соңды болып өткен барлық әулие - әнбиялардың аруағына сыйынып айтайын, сіздің әміріңіз екі болмай орындалады! Егер менің ықпалым жүретін болса, бұл сарайдың қабырғасынан бірде-бір сакс аулақ кетпейді.

Э-һе, монах, сен тіптен ширап кеттің, ғой,—деді Фрон де Беф,— тап бір мына саксон тобырын қырып салатындай, мықты да батыл сөйлейсің; ал сен, ол шошқалардың өзіне туыс екенін білесің бе!

Седрик көлгірсуді білмеуші еді, сондықтан, қайткен күнде де бұған қисынды жауап тауып бере қоятын, қасында Вамбаның болмағанына қатты өкінді. Алайда, шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады деп, баяғының нақылында айтылғандай, жұрт қарақшылыққа салынса, шеркеу оны діннен аластайды да, өкімет заңнан тысқары ғып шығарады, деген сияқты бір далбасты қорқыта салды.

— Despardieux,— әбден мақал айтасың!—деді Фрон де Беф.— Айтпақшы, мен ұмытып барады екенмін ғой, бұл сұмырайлар өздерінің француз бауырларын тонағандай ғып, месқарын аббатты да тырдай жалаңаштап жіберуден тайынбайды. Жақында Сент-Ивский аббаттығының хазіретін ұстап алып, қашан сандықтары мен қапшықтарын тінтіп шыққанша, өзін еменге таңып қойып, түстік бәйіт оқытып жүрген, сірә, солар ғой деймін, бірақ тәңірия қызға сыйынып айтайын, бір есептен, оларға ұқсамайды, дәу де болса, мұны жайғап жүрген Мидделтоннан шыққан аты шулы Готье болуға тиіс. Ал Сент-Би шеркеушесін тонап, одан қасиетті тағам тарқатып табақ пен шамдарды жымқырып кеткен — бұл енді нағыз сакстардың ісі, осыным рас емес пе?

— Олар бір құдайдан безген малғұндар ғой,— деді Седрик,

— Және оның үстіне өздеріңіздің өтірік ораза ұстағансып, ғибадат қылғансып жүріп, ішімдікке салынатын құпия той-томалақтарыңызға сақтап қойған шарап, сыраларыңыздың, бәрін тік көтере ішіп кетті. Біле білсең, дінді қорлаған бұл бұзақылықтың кегін қайтару — сенің ардақты борышың.

— Бұл үшін кек алуға мен де серт еттім, Витольд әулиенің өзі куә менің сертіме,— деді Седрик, бұрқ етіп.

Сол екі арада Фрон де Беф оны қосалқы қақпадан өткізіп, кесе-көлденең бір тақтай тасталған орға алып келді. Ордан өткен соң бұлар қабырғаның сыртқы бекінісіне келіп шықты да, соның мықты қорғаныс - күзет тұратын қақпасы арқылы беті ашық даланы көрді.

— Ал енді бар, тезірек,— деді Фрон де Беф.— Жалғыз-ақ менің бұйрығымды орында, сонан соң Шеффилдтың қасабында шошқа еті қанша болса, сакстардың етінің де мұнда сондай су тегін болғанын көресің. Және тағы есіңде болсын: менің байқауымша, сен өзің көңілді поп екенсің, мына қырғын біткеннен кейін маған кел, сені бір бүкіл монастыріңді суарып шығарғандай, мальвазия шарабына қарық қылайын,

— Әлбетте, біз әлі кездесеміз,— деді Седрик,

— Ал әзірге мынаны ала тұр,— деп, норман сыртқы қақпаның алдында Седрикке бір алтын ділда берді.— Бірақ есіңде болсын, егер менің бұйрығымды орындамай кетсең, мен сенің шапаның тұрсын, өз теріңді сыдырамын.

— Мен соның екеуін де саған бердім,— деді Седрик, қақпадан ұзап, беті ашық жермен қуана адымдап бара жатып.— Егер келесі кездескенімізде, одан артық бірдеңе тындыра алмасам, мені ассаң—аса бер.

Осылай деп сарайға қарай бұрылып қарады да:

— Ақшаңмен қоса құры, ант атқыр норман!—деп, алтын ділданы лақтырып жіберді.

Фрон де Беф бұл сөзді ести алған жоқ, бірақ Седриктің қимылынан сезіктеніп қалды да:

— Эй, сақшылар,— деп сыртқы бастнонда күзетте тұрған сақшыларға айғай салды:—ана кетіп бара жатқан монахты атыңдаршы!—деді ол. Сақшылар садақты енді кезей бергенде:— Жоқ, тұра тұрыңдар. Атпай-ақ қойыңдар,— деп өз әмірін өзі тоқтатты.— Бәрі бір одан басқа шабарман жоқ — осыған сенуге тура келеді. Дегенмен, ол мені алдай алмайтын шығар. Ең жаман болған күнде өзімнің бұғауымда отырған саксон төбеттерімен бітім жасармын. Эй, Жиль түрмеші, анау Седрик Ротервудский дегенді және әлгі соның қасындағы мақұлығы Конингебургскийді, аты Ательстан ба еді, әне соны, маған алып келсін деп бұйрық берші. Өздерінің аттары да, сондай, тіпті норман серісінің айтуына да қиын әрі аузыңда одан шошқанын сүр етінің дәмі қалады. Қалжыңбас Джон шаһзада айтқандайын, олардың атынан кейін аузыңды шарап шаю керек—шынында шарап беріңдерші маған. Шараптан соң қару-жарақ тұрған бөлмеге тұтқындарды алып келерсің.

Әмір орындалды. Әкелі-балалы бектердің екісінің де қайратымен түскен көп қару-жарақ сәтектеп ілінген залға Фрон де Беф кіріп келсе, төрт малай күзеткен саксон тұтқындар сонда әкелінген екен. Нән емен столдың үстінде құюлы шарап тұр. Фрон де Беф шараптан мықтап бір жұтты да, сонсоң тұтқындармен айналысты.

Вамбаны көзіне түсіре киген құлақшыны, үстіндегі жаңа киімі, түрлі түсті әйнектен залға түсіп тұрған ала-құла, күңгірт сәуле, ала - құйын бектің Седрикті жыға танымайтындығы ең қажетті тұтқынның қашып кеткенін байқатпады (Седрик өзінің үй-жайынан ешқайда ұзап шықпайтын және өзінің норман көршілерімен ашына-жай емес-ті).

— Ал, қалай, саксон батырлар, Торкильстонда қонақ болу сіздерге ұнай ма?—деді Фрон де Беф.— Анжу ордасы шаһзадасының мейман достығын елең қылмаудың ақыры неге соғатынын енді түсінген шығарсыздар? Біздің патша орнында отырған Джон шаһзадамыздың шақырған құрметіне қандай жауап бергендеріңіз естеріңізде ме? Құдай алдында және Денис әулиенің алдында ант етейін, егер осыдан қыруар тарту-таралғы беріп, құндарыңызды төлемейтін болсаңыздар, мен сіздерді дәл мына терезелердің темір торына аяқтарыңыздан асып қоямын да, өлекселеріңізді қарға, құзғындар шоқып, қу қанқаға айналдырғанша солай ілулі тұратын боласыздар... Қане, айтыңыздар, саксон төбеттер, арамза жандарыңызды сақтап қалу үшін не бересіңіздер? Ал, айтыңызшы сіз, Ротервудтың қожасы, сіз не айтар екенсіз?

— Мәселенки, мен өзім бір де тиын бермеймін,— деді Вамба мүсәпірсініп,— ал енді мені аяғыңнан асып қоямын деген уәдеңізге келсек, бір есептен, соның өзі теріс те болмас деймін. Жұрттың айтуынша, басыма қалпақ кигізгеннен бері менің миымның үсті астына түсіп кеткен деседі. Сонымен басымды төмен келтіріп, асып қоятын болсаңыздар, мүмкін, миым өз орнына келер деп ойлаймын.

— О, Женевьева әулием, сақтай гөр өзің, мына сөйлесіп тұрғаның кім менімен?—деп зыр ете қалды Фрон де Беф.

Әумесердің басынан ол Седриктың бөркін қағып жіберіп еді, сөйтем дегенде Вамбаның мойнындағы құлдық белгісі — күміс мойынтырықты көріп қойды.

— Жиль! Клеман! Оңбаған төбеттер! Мынау әкеп жүргендерің кім маған?—деп азар да безер болды күйіп-піскен норман бегі.

— Сірә, бұл сұрауыңызға мен жауап бере алармын деп ойлаймын,— деді, дәл осының үстіне келе қалған де Браси.— Бұл Седриктың көңіл ашар күлдіргі әумесері, Йоркте болған сайыста жақсы орынға таласып, Исаак жебіреймен қызыл кеңірдек болған ердің дәл өзі.

— Жарайды, ендеше олардың дауын өзім шешейін,— деді Фрон де Беф,— егер оның қожасы мен әлгі Конингсбургтың қабаны, бұлар құнын мықтап төлемесе, оларды мен дар ағашқа қосақтап асамын. Бірақ бұлар онымен құтылмайды: сарайды қамап тұрған мынау қаңғыбас тобырды өздерімен бірге алып кетуге міндеттенсін, және өздері барлық праволары мен бас еріктерінен безгендіктеріне қол қойып, біздің тәуелді - бағынышты адамдарымыз екенін толық мойындайтын болсын. Еліміз де жаңадан күшіне кіргелі отырған жол-жоба бойынша, бұлардың тыныстау қақысын өздеріне қалдырсақ, соның өзіне де алақайлап алғыс айтатын болсын...— Бұдан соң екі малайына қарап:— Барыңдар да маған шын Седриктың өзін алып келіңдер! - деді.— Бұл жолғы қателерің үшін сендерді жазаламай-ақ қояйын, өйткені саксон франклинің кәдуелгі ақымақтан айырудың өзі қиын.

- Ал енді білесіз бе, тақсыр серім, қазір біздің ішімізде франклинымыздан ақымақтарымыз асып кеткеніне ұзамай-ақ көзіңіз жетеді,— деді Вамба тағы да сөзге араласып.

Мына суайт не деп оттап тұр өзі?— деді Фрон де Беф, малайларына қарап; ал дел-сал боп малайлар тұр, егер бұл Седрик болмаса, онда нағыз Седриктың қайда құрып кеткенін біз білмейміз деп айтуға батылдары бармай, тек аяқтарын ауыстырып, теңселе береді.

— Құдай-ау, сақтай көр!—деді де Браси жағасын ұстап.— Сірә, монах боп, қашып кеткен дәу де болса, сол шығар!

— Қара бассын, қара басқыр!—деп шабына шоқ түскендей болды Фрон де Беф.— Сонда Ротервудтың қабанын қақнаға дейін өзім шығарып салып, сарайдан өз қолыммен шығарып жіберген мен болдым ғой!—Ал сен,— деді ол Вамбаға шақырайып,— ақымақпын деп жүріп, өзіңнен милау, мына ашық ауыздарды алдап кеткен сен болдың ғой, тоқтай тұр әлі, мен сені нағыз монахтың дәрежесіне көтеремін! Басыңды шындап тұрып жалаңаштаймын. Эй, қайсын барсың онда! Мынаның бас терісін сыпырып тұрып, өзің қорғанның қабырғасынан әрмен қарай лақтырып жіберіңдер!, Тоқта, әулиелер, ендігәрі кіммен қылжақтауды білесің әлі!

— Ардақты серім, сіздің сөзіңізден осы ісіңіз артық па деймін,— деп мырс ете қалды Вамба, ескі әдеті бойынша, тіпті, өлім аузында тұрып та қылжағын қоймай.— Егер сіздің маған қызыл бөрік кигізетініңіз шын болса, онда мен жай монахтан асып, кардинал болатын болдым ғой,

— Байқұсым-ай, қайтсін, тіпті өліп кеткенше, әумесер боп кетейін дегені-дағы!—деді де Браси сөзге кірісіп.— Фрон де Беф, осының өзін дарға аспай-ақ, маған сыйлаңызшы. Менің ерікті жасағыма ермек боп, көңілдерін көтеріп жүрсін өзі. Ал бұған не дейсің, суайтым? Жүрегіңді орнына түсіріп, менімен бірге соғысқа аттануға барсың ба, сірә?

— Олай болса, қожамнан рұқсат алуым керек шығар, көрдіңіз бе, мынаны, оның рұқсатынсыз, менің мына жағамды шешуіме болмайды,— деді Вамба, мойынтырығын көрсетіп.

— Э, саксон таққан мойынтырықты норманның асыл арасы айтқапша-ақ турап тастайды,— деді де Браси.

— Солай ғой, құрметті тақсыр, біздің еліміздің аузымда жүрген мақал, сірә, осыдан шыққан болу керек.

Нормандардың балтасы —
Біздің орман жендеті,
Нормандардың езгісі,
Еңкейген ел еңсесі,
Нормандардың қасығы
Көжемізге батып тұр.
Нормандардың бастығы
Бізді билеп шалқып тұр —
Бұл төрт қырсық жоғалмай —
Қайран елдің, басына
Оралмас әсте шаттық бір.

— Жақсы екен - мынауың, де Браси,— деді Фрон де Беф,— біздің басымызға қатер төніп келгенде, бір ақымақтың былшылын тыңдап, жайыңмен тұрсын! Олардың бізден амалын асырып кеткенін көрмеймісің? Сенің ермекке айналдырмақ боп тұрған әумесеріңнің арқасында олар бізді одақтастарымызбен қатынастырмай қойған жоқ па. Біз енді сарайымызға шүйіліп келген шабуылдан басқа не күтпекпіз?

— Ендеше, оқ ататын бекіністердің аузына барайық,— деді де Браси.— Заты, сен менің ұрыстың алдында еңсем түсіп, тұнжырағанымды көріп пе едің? Ғымаратшыны шақыр, ордені үшін жанын сала қайрат қылғанындай, өзінің өмірін қорғау үшін, тым болмаса, соның жарым - жартысындай, ұрысқа кіріп, батырлығын көрсетсін. Және сен өзің де майданға шық. Мен саған күні бұрын сөз беріп қояйын, бұлттың ауылы қандай қашық болса, саксон қарақшыларының Торкилстон қамалына шығуы да сондай қашық болады, оған, міне, арғы қолыңды бері әкел! Ал егер енді бұл қарақшылармен бітім сөйлеспек болсақ, онда мына шараптың бөтелкесіне көз сүзіп отырған паңсымақ франклинды неге пайдаланып көрмейсің?— Бұдан соң ол Ательстанға тіл қатып, күрешкесін ұсынды.— Эй, сакс, мына қасиетті шараппен кеңірдегіңді жібітіп есіңді жи да, егер өзіңді босатып жіберсек, сонда бізге не бересің, онан да соныңды айтсайшы?— деді.

— Тек менің ар-ұятым мен ерлігіме тимейтін болсаңдар, шамамның келгенінше ақысын төлейін,— деді Ательстан.— Жалғыз-ақ маған жанымдағы серіктеріммен бірге бостандық беріңдер, сонда мен сендерге мың ділдә алтын беремін.

— Және тағы құдайдың да, корольдің де тыныштығын бұзып, сарайдың айналасында топырлап жүрген мынау қаңғыбас тобырларды қалдырмай алып кетуге міндеттенемісің?— деді Фран де Беф.

— Бұған менің билігім жетсе, оларды алып кетуге тырысып көрейін,— деді Ательстан.— Және бұған менің өкіл әкем Седрик те көмектесер деп ойлаймын.

— Олай болса, келістік,— деді Фрон де Беф,—сені серіктеріңмен қоса біз бостандық беріп жібереміз, ал сен бізге ол үшін мың ділда алтын төлейсің. Бұл онша көп сома емес, сендердің бастарың үшін біздің осындай мардымсыз ғана құн алғанымыз үшін сенің бізге алғыс айтуың керек, сакс, Жалғыз-ақ саған айтып қояйын бұл келісімнің ішінде Исаак жебірей жоқ, ол бұған кірмейді.

Және оның қызы да жоқ,— деді дәл осы бітімнің үстіне залға кеп кірген ғымаратшы.

Иә, ол мына сакстың компаниясына қосылмайды,— деді , Фрон де Беф.

— Егер олар біздің компаниямызда болса, мен өзімді. христианмын деп айтуға ұялған болар едім,— деді Ательстан.— Ол арамзаларды не қылсаңдар о қылыңдар.

— Бұл бітімге Ровена бикеш те кірмейді,— деді де Браги.— Ол қыз үшін жақсылап бір майдандаспай, ондай олжадан мен оңайлықпен бас тартады екен деп ешкім де ойлап қалмасын.

— Біздің бітімнің анау ант атқан әумесерге де ешбір қатысы жоқ,— деді Фрон де Беф, өз сыбағасын алып қалғысы келіп.— Оны мен өз үлесіме алып қалып, мені қалжақ қылудың ақыры не болатынын көрсетпекпін.

— Ровена бикеш — менің айттырып қойған қалыңдығым,— деді Ательстан міз бақпастан, салғыласа кетіп.— Ол бикештен айрылып қалғанша, менің тағы құландардың додасында кеткенім артық емес пе. Ал басыбайлы құл Вамба менің өкіл атам Седрикті аман алып қалу үшін өз басын бәйгіге тікті. Сондықтан оны біреуге жәбірлетіп қойғанша, өзімнің өліп кеткенім артық.

— Розена бикешті айттырып қойған қалыңдығым деймісің? Сондай ару қыз сен сияқты тәуелді мәуетектің қалыңдығы болмақ па?— деді де Браси тәкаппарлана түсіп.— Немене, сен сакс, баяғы жеті дүркін патшалық құрған заманымыз келді деп ойлап жүрген шығарсың! Біліп қой, сен, Анжу тағының шаһзадалары қамқорлығындағы бойжеткендерді сен секілді некесіздерге қайткенде беріп қоя бермейді.

— Білсең — біліп қой, менменсіген өр кеуде норман,— деді Ательстан да тайынбай,— менің тегім сенікінен әрі атақты, әрі абзал; менің ата-бабам — өзінің жоқтан бар, кемтар жалауының, астына қайдағы бір ұры-қарылар мен қаныпезер қанғыбастарды жинап, солардың қаны мен жанын саудаға салып күнелтіп жүрген, қайыршы французсымақ емес. Менің ата-бабам — ұрысқа — баһадүр, ақылға — кемеңгер корольдер; олардың кен мәслихат, алапатты алқасынан күн сайын — сенің артыңда жүрген бір уыс шоғырмағың емес, қарайған халық тойып шығатын болған. Олардың есімдері — жыраулардың аузында жырға айналған; халыққа жайған жол-жобалары — данышпан билердің Кеңесінде бекіген. Ал олардың мәйіттерін — әулие - әнбиялар жаназасын оқып, тәңіріне тапсырған, бастарына сәулетті сарай, ғажайып ғымараттар орнатылған.

— Ал, де Браси, сыбағаңды алдың ба? Мына сакс өзіңді табандатып отырғызды ғой деймін,— деді Фрон де Беф, досының сазайын тартқанына шоқ-шоқ дей күліп.

— Ой, жаны күйген адам не демеуші еді, сол сияқты тұтқын байғұс та шабаланып жатыр да,— деді де Браси, Ательстанның сөзіне мән бермеген кісі болып,— кімде-кімнің қол - аяғы байлаулы болса, соның қызыл тіліне жалынатын әдеті емес пе!—Содан соң ол Ательстанға қарап — Сен досым, тіл мен жағыңа қанша сүйенгеніңмен, Ровена бикеш онымен бостандық алып кете алмайды,— деді.

Әдеттен тыс ұзақ сөз сөйлеген Ательстан енді де Брасидың сөзіне ешбір жауап бермеді. Соның арасынша бір малай келіп, сөзді бөліп жіберді, малайдың айтуынша, қақпаның алдына бір монах келіп, сарайға кіргіз деп, жалынып-жалбарынып тұрған көрінеді.

— Осы бір қайыршы монастырьдің қамқоры Беннет әулиенің ақысы үшін айтыңдаршы,— деді Фрон де Беф,— - осы келіп тұрғанның өзі шын монах па екен, жоқ әлде киімін ауыстырып киіп жүрген алдаушы ма екен? Тінтіңдер өзін, малайлар, егер тағы алданып қалсаңдар, көздеріңді ойып алып, орнына қып-қызыл шоқ тығамын.

— Егер осы келген шын монах болмаса, мен сіздің айтқан жазаңызды алуға дайын тұрайын, мырза,— деді Жиль.— Өзіңіздің жарақшыңыз Джослин танып тұр оны, бұл монах Жорванның хазіретіне қызмет ететін Амвросий тақсырдың дәл өзі деп, ант-су ішеді ол.

— Жіберіңдер онда!—деп бұйырды Фрон де Беф.— Tәpiзінe қарағанда, ол өзінің жайдары қожасынан бізге жақсы хабар әкелсе керек. Сірә, монахтардың бүкіл өңірді кезіп, қыдырып жүргеніне қарағанда, жын-шайтандарда үлкен мейрам болып, бұл әулиелер өздерінің міндеттерінен қолдары босап қалғанға ұқсайды. Тұтқындарды өз орындарына алып кетіңдер. Ал сен, сакс, осында естіген сөздерің жөнінде жақсылап ойлан.

— Менің ата-тегімнің асылдығына қарап және құн төлейтін адамдарға дұрыс сый көрсетілуге тиіс деген ереже бойынша, тұтқында мені құрметпен ұстауды, тамағым мен жататын орнымды тәртіпке келтіруді талап етемін,— деді Ательстан.— Сіздердің іштеріңіздегі өзін үлкен санайтын адам менің бас бостандығыма қиянат еткендігі үшін басымен жауап беруге тиіс. Мен қызметкерің арқылы сені жекпе-жекке шақырып, шарт қойғанмын, демек, ол талабым саған белгілі, сен маған жауап беруге міндеттісің, Міне менің биялайым.

Мен өзімнің тұтқыныма жауап беруге міндетті емеспін,-деді Фрон де Беф,— және сен де жауап беруге тиіс емессің, Морис де Браси. Жиль,— деді ол малайына,— мына франклинің биялайын ал да қабырғадағы бұғының бір мүйізіне іліп қоя сал. Қашан иесі бостандыққа шыққанша, ол қыстырулы тұра берсін. Егер ол биялайын қайта талап ететін яки өзін менің тұтқындауымды заңға қарсы іс деп деп дәлелдемек болса, Христофор әулиенің аруағына сыйынып айтайын, сол уақытта мен оған қарсы, тумысымда ешкімнен тайынбаған, ат үстінде яки жаяу болсын, жалғыз өзі яки сойылын соғатын жоқтаушы кісілерімен болсын, еш уақытта одан жасқанып қалмайтын сайыскерді жіберемін!

Фрон де Бефтің осы қоқан-лоққысынан кейін малайлар тұтқындарды алып кетті де, олардың орнына онсыз да құты қашып, дегбірі қалмай тұрған Амвросий попты әкеп кіргізді.

— Міне, мынау нағыз Deus vobiscum! нің өзі екен — деді Вамба, дін өкілінің қасынан өтіп бара жатып.— Басқаның бәрі әшейін далбас еді.

— Иә, әулие анамыз, қолдай қор, ақыры әйтеуір бәледен құтылып, шын христиандардың арасына жеттім - ау!—деді монарх, осында тұрған серілерді көріп.

— Құтылдым дегенің дұрыс шығар,— деді де Браси,— ал шын христиандыққа келсек, мына тұрған құдіретті бектің өзі Реджинальд Фрон де Беф болады, бұл кісі барлық жебірей атаулыны иттің етінен жек көреді. Ал ана тұрған Ғымараттың серісі Бриан де Буагильбер деген кісі, сарациндарды аяусыз қырып келгеннің дәл өзі. Егер бұл христиандар аз болса — онда саған кімнің керек екенін біле алмадым!

— Сіздердің бәріңіз де Христосқа табынушы қасиетті әулиеміз, Жорва аббаттығының хазіреті Эймер тақсырдың достары, әріптестері көрінесіздер,— деді монах, де Брасидың емеурініндегі тәлкекті байқамай.— Христиандардың мейірімділігі, серілердің серті бойынша, оны құтқарып алу — сіздердің борыштарыңыз, өйткені De Civitato Deі... деген трактатында нұр келбетті Августин әулие айтқандай...

— Ой, мұның бәрі құрып кетсін!—деп Фрон де Беф, поптың рауаятына шыдамай, сөзін бөліп тастады.— Онан да, монарх, келген шаруаңды айт, тезірек! Әулие -әнбиялардың қасиетті кітаптарынан аят тыңдап отыратын уақытымыз жоқ біздің.

— Sancta Maria— деді Амвросий поп, шошып кетіп.— Мына күнәкар пенделерің неткен ашуланшақ еді! Сонда да құзырларыңызға мәлім болсын, ержүрек серілер, құдайдан қорқуды, шеркеуді сыйлауды білмеген, қайдағы бір құтырған қарақшылар қасиетті папаның тақытын аяққа басып — si gufs suadente Diabolo...

— Бері қараңыз, тақсыр,— деді ғымаратшы,— мұның бәрін біз өзіміз де жақсы білеміз, яки білмесек те, бағдарлаймыз. Онан да турасын айт, не болды сенің қожана: тұтқында отырған жоқ па өзі, егер тұтқында болса, кімнің қолында?

.— Міне, дәл солай,— деді Амвросий,— ол нағыз әзәзілдердің қолында отыр. Осы орманның іші толған солар және өздері: «Менің шапағатым тиген мәртебелі патша, пайғамбарларыма тиіспе, оларға ешбір қастық істеме»— деген кітап cөзін керек те қылатын емес.

— Ал, мырзалар, біздің семсерімізге тағы да жаңа жұмыс табылды,— деді Фрон де Беф әріптестеріне қарап.— Сөйтіп, бізге көмекке кісі жіберудің орнына, Эймер хазірет өзімізден көмек күтеді! Осындай қиын-қыстау кезеңде, осы бір жатып ішер жалқау поптарға жәрдем керек болады да отырады. Сонымен, не қыл дейсің, монах, сенің қожаң бізден не жәрдем тілейді?

— Онда тыңдай беріңіз,— деді Амвросий.— Әлгі әзәзілдің әруейлері біздің қасиетті хазіретімізге зорлық жасап, өздерінің сұғанақ қолдарымен оның барлық сандық, қапшықтарын тонап алды, одан екі жүз ділда тап-таза алтынды тартып алып тұрып, олар енді оның үстіне тағы көп ақша талап етеді, Оны бермесе, бұл шайтандар хазіретімізді өздерінің арам қолдарынан шығаратын емес. Сондықтан, біздің аса құрметті хазіретіміз өзінің шын достары—сіздерге қолқа салып, өзін құтқарып алуларыңызды яғни қарақшылардың талап еткен ақшасын төлеп жіберулеріңізді, әйтпеген күнде қарудың күшімен жаудан айырып алуларыңызды өтінеді.

— Сенін хазіретіңді қара бассыншы!— деді Фрон де Беф.— оның өзі, сірә, бүгін ашқарында мықтап басып алғанға ұқсайды. Әйтпесе қайдағы бір дүмше діншіл үшін норман бегінің қалтасын қаққанын қайдан көріп едіңдер, олардың ақшасы біздің ақшамыздан он есе көп екені онсыз да белгілі. Ал енді қарудың күшімен босатып алыңдар дегеніне келсек, өзімізден он есе күшті жау бізді қамап алып, тысқа аяқ бастырман отырғанда, әні-міні дегенше ат қойып қалады деп күтіп отырғанда біз нендей қайрат ете алатын едік?

— Мен тегі, осы туралы айтқалы келе жатыр едім, өздеріңіз тіпті сөз беретін емессіздер ғой,-— деді монах.— Құдайым өзі кешірсін, мен өзім қартайып қалған адам едім оның үстіне мына құдайдан безген жалан төстер мүлде есімді шышрып жіберді. Анығын айтқанда, олар сарайды қамап алып, оның қабырғасына бірте-бірте жақындап келеді.

— Қабырға дейді!—деп де Браси айбат шегіп бір қойды.

Сон соң ол сарайдың беті ашыққа қарай ашылатын, темірмен торланған терезесін ашып жіберіп, дереу залда отырғандарға айқай салды:

— Дение әулиенің аруағы ұрсын, мынау кәрі монахтың айтқаны дұрыс! Қарақшылар осылай қарай үлкен-үлкен қалқалар көтеріп келеді, ал олардың мергендері жауар бұлттай түйіліп, орманның етегінде сайланып тұр.

Реджинальд Фрон де Беф беті ашық, далаға бір қарап, мүйіз кернайды алып ұран салып жіберді де, адамдарына сарайдың қабырғасынан өз орындарын алып ұрысқа дайын бо-луға бұйрық берді.

— Де Браси, сен басқа қабырғадан аласарақ, шығыс жақты ал да, соны қорға. Ал ардақты Буагильбер, сен шабуыл жасауда да, қорғаныста тұруда да жырындысың ғой, сен батыс жақта тұрып, соны қорға. Мен өзім сыртқы қамалды алып, сонда тұрайын. Бірақ, менің ержүрек достарым, сендерден сұрайтыным, бір жерді белгілеп берді деп, сонда қатып қалмаңдар. Бүгін біз барлық жерде қимылдап, қиын-қыстау күн туған жердің бәріне де көмекке жетуіміз керек. Сан жағынан біз өте азбыз, бірақ шапшаң қимылдап, батырлық көрсетсек, ол кемшіліктің орнын толтыруымызға болады. Біздің соғысатынымыз қандыбалақ қарақшылар екенін ұмытпаңыздар!

— Ардақты серілер! Жорва монастырінің қасиетті хазіреті Эймер тақсырдың сәлемін шындарыңызбен ешқайсыңыздың тыңдамай кеткеніңіз бе?—деп Амвросий поп, осы әбігердің ішінде қоса шырылдап жүр.— Ақ батамды берейін, қадірлі Реджинальд мырза, ең болмаса менің тілегімді сіз тыңдай кетіңіз!

— Аулақ кет! Батаң болса, аспандағы құдайыңды жарылқа, жер бетінде оны тыңдай тұруға мұршамыз жоқ!—деді қапы қызған норман бегі...— Эй, Ансельм, қара май қайнатуға бұйрық берші, қайнап тұрған күйінде мынау дозақылардың басына құяйық! Байқап тұр, жақ - садақтың жебесі таусылып қалып жүрмесін. Мұнараның басына менің жалауымды көтеріңдер! Анау бұқаның басы бейнеленген туды айтамын. Бұл сұмпайылар әлі-ақ таниды, кімге соқтығып жүргендерін.

— Жау жүрек мырза,— деп тағы жалбарына бастады Амвросий поп, қоярда-қоймай.— Мен уәде беріп шықтым ғой, хәзіретімнің айтқанын орындайын да, Азғана пұрсат берші.,

— Мынау сүмелектің көзін құртыңдаршы!—деп Фрон де Беф айқай салды.— Апарып шеркеудің бір бөлмесіне жауып қойыңдар, тәсбиығын тартып отырсын сонда, мынау қырғын біткенше шығарушы болмаңдар. Торкилстонның тас әулиелеріне ғыбадат тыңдау жаңалық болады ғой. Тастан қашалып шыққаннан бері ондай құрметті кермей, іштері пысқан шығар.

— Әулиелерді қорлама, Реджинальд мырза,— деді де Браси,— мына қанғыбастарды қуып тастағанымызша, олардың септігі тиіп қалуы да мүмкін.

— Мен олардан септік күтпей-ақ қойдым,— деді Фрон де Беф.— Оларды анау оқ ататын тесіктерге апарып, сол арадан мына жауыздардың бастарына құлатпасаң, не көмек болушы еді тас суреттен. Соның ішінде орасан зор Христофор деген әулиенің суреті бар, соның бір өзі бүтін бір жасақты қарап қылар еді.

Дүлей Фрон де Беф пен ұшқалақ де Браси осылай, құрғақ тәжікемен тұрғанда, ғымаратшы жаудың шеруіне көз жіберіп, олардың ұрыс тәртібінен бір қатар нәрсені аңдады.

— Орденімнің аруағына сыйынып айтайын,— деді ғымаратшы,— мыналарынның шабуылға шыққан тәртібіне қарағанда, бұларды оңай жау деп қарауға тіпті болмайды. Өздерінің әрбір ағашты, әрбір түп бұтаны шебер пайдалануларын, біздің атқан оғымыздан ебін тауып тасаланатындарын қараңдаршы. Оларда не жалау, не бір айырма белгі жоқ, бірақ өздерін бір соғыс ісінен тәжірибесі бар жырынды сері, я бір текті ақсүйек бастап келе жатқанына дау жоқ, әйтеуір бұлардың бастығының соғыс өнерінен қара жаяу адам еместігіне алтын бауымды бәске тігуге бармын.

— Мен оны көріп тұрмын,— деді де Браси.— Әне, басындағы сері дулығасының қауырсыны қараңдап, сауыты жалтырап келеді. Бұзақы йомендердің сонау арғы жасағын бастап келе жатқан сол. Денис әулиенің аруағы біледі, менің байқауымша, бұл анада Қара Дәу деп атап кеткен серінің дәл өзі. Есіңде ме, Фрон де Беф, Ашбидағы сайыста сені атыңнан ұрып түсірген осы болатын.

— Онда тіпті жақсы болды, демек, менің кегімді алуыма дұрыс келе жатыр екен,— деді Фрон де Беф.— Бұл осындағы кеп қорқақтың бірі болуға тиіс. Сайыс аланында кезге түсіп, өзіне әлдеқалай кезі кеп қалған бәйгені алуға жүрексінген себебі де содан болу керек. Әрине, ақсүйектер мен нағыз серілердің ішінен мен оны кездестіре алмаған болар едім, оның мына оңбаған йомендердің арасында кезігетіні әбден жақсы болды.

Жау жағының мықты шабуылға шыққанын көрген кезде, мұндай әңгімені тоқтатуға тура келді, Серілердің әр қайсысы өзіне тиген азғана адамды ертіп алып, өзінің қорғайтын бекінісіне кетті; сарайға төнген шабуылды күтіп, әр сері өз орнында безере қалды,

XXVIII ТАРАУ

Қаңғыртқан хақтың өзі ол бір нәсіл,
Бойында талай-талай өнер асыл,
Шөл дала, тыныс орман, не бір теңіз,
Барған жер қазынасын ашты деңіз.
Ғажайып оған сыйқыр оттың көзі —
Гүлдер мен қарапайым шөптің өзі.

«Жебірей».

Хикаяның келесі кептерінің байыбына бару үшін оқырмандарға тиісті мағлұмат бере кету мақсатымен біз біраз кейін шегінуіміз керек. Әлхисса, сайыс майданында қалып бара жатқан Айвенгоны көтертіп, зембіліне салдыртып алып, Ашби қаласының шетінен Исаактың жалдаған үйіне апарту үшін Ревекканың әкесін қандай қиындықпен көндіргенін оқырмандарымыз, әрине, іштерінен сезіп отырған шығар.

Әшейінде Исаакты бұған көндіру оп-оңай-ақ нәрсе болар еді. Жаратылысынан мейірімді, өзіне істеген жақсылықты еш уақытта ұмытпайтын опалы адам бұл жөнде де сөзге келмес еді. Бірақ та ғасырдан ғасыр қорлық-зорлықта келе жатқан ұлттың атам заманғы салт-санасы мұнда да бой бермей кетеді.

— Өзің қазы бол, әділетті Авраам!—деп жебірей, шүу дегеннен бір сыйынып алды.— Мына жас жігіт аса жақсы бала еді, анау кестелі күрткесі мен өте қымбатқа түскен сауытынан өтіп, сорғалап бара жатқан қанды көргенде тіптен жаның ашиды... Бірақ сен соны үйге ал дейсің. Не айтып тұрғаныңды жақсылап ойланшы өзің! Ол христиан адамы ғой, біздің заңымыз бойынша, басқа діннің адамымен, оның ішінде мәжусилермен бізге тек сауда-саттық жүзінде ғана байланыс жасауға рұқсат етіледі.

— Олай деме, қымбатты әке!— деп Ревекка оның бетін қайырып тастады.— Рас, олардың сауық-сайрандарына біздің қатысуымызға болмайды, ал мәжуси жаралы боп, бақытсыздыққа ұшырап жатса, ол жебірейдің бауыры болады.

— Әттен, Иаков Бен-Тудель раввинның бұл жөнде не айтатынын мен білмеймін ғой!—деді Исаак.— Бірақ, мына қыршын жастың қансырап, өліп кетуіне жол беріп болмас! Шақыршы Сиф пен Рейбенді, мына жігітті Ашбиға жеткізсін.

— Жоқ, сен олай етпе,— деді Ревекка,— оны менің зембіліме салсын, ал мен салт атқа мініп барамын.

— Сонда саған мынау құдайдан безген төбеттердің бәрі қарап тұрады ғой!—деді Исаак күбірлеп, алаңда қаптап тұрған серілер мен олардың жасақшыларына сезіктене қарап.

Басқа шаруаларға айналып кеткен Ревекка, енді әкесіне көңіл бөлмей кетіп еді, бірақ Исаак қызын жеңінен тартып тоқтатып алды да:

— Әділетті һарон әулием жар бола көр! Ал сонда бұл жігіт біздің қолымызда өліп кетсе не болады?— деді Исаак, аза бойы қаза болып.— Егер ол біздің үйде өлсе, оны біз өлтірді деп айыптап, мынау халық бізді жүндей түтеді ғой.

— Жоқ, ол өлмейді, әкетайым,— деді Ревекка, әкесінің қолынан жеңін ептеп босатып.— Егер біз үйге алып кетсек, ол өлмейді, егер біз өйтпей, осында қалдырып кетсек, онда құдай алдында да, адам алдында да оның өліміне біз шын жауапты боламыз.

— Ох,— деді Исаак,— оның жарасынан ағып тұрған қанға қарағанда, жаным шыдамай барады, оның тәнінен шыққан әр тамшы қан өзімнің қалтамнан кетіп жатқан алтын ділдадай боп көрінеді маған. Сені, қызым, Византиядағы Манассия раввинінің қызы, жаны қазір жаннатта жүрген, ғұлама Мириам дәрігерлік өнеріне үйретіп еді ғой, ұлы дәрі мен шыпа дәрінің қасиетін өзің жақсы білесің, оны саған үйретіп жататын мен емес. Сондықтан не істесең де өз еркін. Қызым, сен жақсысың ғой, сен маған берген құдайдың рахматысын, шарафатысың, менің басыма, менің үйіме, бүкіл израиль халқына жіберген салтанат ғазалысын, сәулетті жырысың...

Оның бер жағында, Исаактың ойлаған қауіп-қатері тегін емес-ті. Ашбиға қайтқан бетте Ревекканың істеген жақсылығы, қыздың ізгі ниеті аш қасқырдай жаланған Бриан де Буагильбердің назарынан қақас қалған жоқ еді. Ғымаратшы атының басын екі қайтара бұрып келіп, жебірейдің асқақ ару қызына көзінің сұғын адап өткен; одан кейін тағдыр ардан безген бұл ұятсыз нәпсі құмардың қолына түсіргенде, сұлу қыздың көркі мұны қайда апарып соқтыра жаздағанын сарайда болған оңаша сөз жекпе-жегінен әбден көрдік.

Исаактың Ашбидағы пәтеріне келгеннен кейін Ревекка науқасты үйге кіргізіп, Айвенгонын жарасын өз қолымен жуып, орап танды. Осы заманның роман, қисса оқушы жастары білетін шығар, сол қараңғы, надан болды деген мезгілдің өзінде, әйел жынысы дәрігерлік ілімнің сырларына жетік болып, жаралы болған серілерді бағып-күтіп жүрген ғой, соларды күтіп, емдеген сұлулар қарауында болған жауынгер ерлердің жүрегінде айықпас дерт қалдырған кездері болған,

Ал жебірейлердің еркегі, әйелі болып, дәрігерлік ілімнің барлық сырларына жетік болғаны сондай, тақта отырған патшалар мен әмірі жүрген бектердің ауыр жарақат алған, не зілді дертке ұшыраған кезінде қарғыс айтылған ұлттың қайсыбір данасына ісі түспеген, шыпалы дауасын қабылдамаған кезі болмаған. Жебірей раввиндерінің сиқыр жөнінде терең ілімі бар, әсіресе, израиль данышпандарының құпия ғажайыптарынан пайда болған бас айналдырып, бағындыру кереметі бap деп, христиандар арасына тарап кеткен өтірікті -шынды лақаптан жебірей дәрігерлері ештеңе де жоғалтқан жоқ. Адам табиғатынан жоғары тұрған күштермен байланысы бар деген аңызды жебірей раввиндері жоққа шығаруға ұмтылмады, өйткені бұл аңыз өздерінің ұлтын жексұрын көрген мінез-құлыққа, бір есептен ештеңе де жамап-жасқамады, екінші жағынан, оларға онша жеркенішпен қарамайтын болды. Жебірей сиқыршысы жебірей өсімқорынан сүйкімді емес еді, дегенмен де, сиқыршыны соншалық соңынан түсіп қудаламайтын. Оның бер жағында небір түрлі дерттерді жазып жіберген таң қаларлық тамаша шипалы емдеріне қарағанда (бұл жағдайлар шежірелерде жазулы), жебірейлерге дәрігерлік құпияның дарығанына мойынсұнуға болатын еді, ол құпияны бұлар бірінен біріне мұра ғып қалдырып, христиандардан өте жасырып ұстайтын; қуғын-сүргін көрген ұлттың томаға-тұйық оңаша өмірінде өстімеске де болмайтын еді.

Әдемі Ревекка туған-туысқандары не білсе, соның бәрін жақсылап үйрене берді; жаратылысынан біткен зеректігі мен ақыл-ойының алғырлығы көрген - білгенінің бәрін ішіне түйіп, бір арнаға салуына, өзінің өмір сүрген ғасырындағы жас қыздарға қарағанда, терең толғанып, өз бетімен саналы өмір құра бастауына жетекші болды. Медицина мен дәрігерлік өнердің үлгісі мен тәсілін ол сол заманда болып өткен аса бір атақты жебірей раввині және докторының қызы Мириам атты егде әйелден алған еді. Ол Мириам деген әйел Ревекканы өзінің туған қызындай жақсы көріп өтіпті. Сол әйел өзінің дапышпан әкесінен мұра боп қалған құпия ілім - білімнің бәрін осы Ревеккаға тапсырып кетіпті деген сөз де боп жүрді бір кезде. Содан ол Мириам сол замандағы діни наным мен ескі надандықтың құрбаны боп кете барады. Ал дәрігерлік құпия сырлар мұра боп, оның дарынды, талантты шәкіртіне ауысады. Жалғыз сұлулық жағынан емес, ілім - білімі де асып кеткендіктен, Ревекка өз халқының ортасында өте-мөте абыройлы болды;жас қызды жұрт баяғының інжіл - таураттарында айтылған аса кемеңгер әйелдерге теңей бастаған еді. Ал қыздың әкесі перзентінің асқан талантына таң-тамаша бола отырып, қызы дегенде жаны қалмай, ішкен асын жерге қоюшы еді; жебірейлердің әдет - ғұрпында жоқ үлгіні бастап, ол қызына емін-еркін бостандық берді; қызынан ақыл-кеңес сұрағанның үстіне, кейде тіпті өз еркін де былай қойып, Ревекканың айтқанын істеп отырғанын да өз көзімізбен көрдік.

Айвенгоны Исаактың пәтеріне алып келгенде, ол әлі ес-түсін білмеуші еді, өйткені көп қанынан айрылған болатын. Ревекка оның жарасын қарап шығып, өзінің тиісті дәрісін қолданды да, егер науқастың безгегі ұстап қалмаса және Мириамның бальзамы дертке дауа болатын күшінен айрылмаса, қонақ жігіттің өміріне .төнген қатер жоқ, күні ертен-ақ өздерімен бірге Иоркке алып жүруге жарайды деп, әкесіне айтып салды. Мұны естігенде Исаак не дерін білмей, сасып ұалды. Өйткені оның мейірімділігі Ашбидан асып тұрған жоқ еді. Исаак жаралы христиан жігітін пәтер жалдаған жебірейлерінің қолында қалдырып, оның күтіміне байланысты барлық ығын - шығынды өз мойнына алмақ боп кете бармақ еді. Бірақ Ревекка бұған үзілді-кесілді қарсы болып, онысына өте қисынды дәлелдер келтірді. Ең алдымен аса бағалы бальзам құйылған шыныны мен өзімнен басқа ешкімнің қолына бермеймін, олай етсек, өте-мөте маңызды дәрігерлік құпиядан айрылып қаламыз,— деді қыз. Сонымен бірге қыз Айвенго — Арыстан Жүрек Ричардтың жан досы екенін ескертті әкесіне. Егер осыдан Ричард Англияға қайтып келетін болса, бүлікші шаһзада Джонды ақшамен қамтамасыз еткен Исаакқа корольдің алдында жанын алып қалатын аса зор абыройлы адам керек екенін де білдірді.

— Сенің айтқаның дұрыс, Ревекка,— деді Исаак, ойланып тұрып.— Қасиетті Мириамның құпиясын әшкерелеп қойсақ, біз зор күнәға батқан болар едік; құдай адамға бір қымбат қазына жіберсе, оны бос далаға шашып, я басқа біреуге беріп жіберуге болмайды. Ол мейлі, алтын я күміс ділда болсын, я данышпан дәрігердің мұра ғып қалдырған құпия шифа дәрісі болсын; әйтеуір, құдіретті күштің өзі сыйлап кеткен зат, не де болса, оны біз құрметтеп сақтауға міндеттіміз. Ал енді Арыстан Жүрек Ричардты айтсақ, егер інісімен ақша алық - берігін жасағанымды біліп қоятын болса, маған оның қолына түскеннен гөрі Идумей арыстанының тырнағына ілінгенім артық. Сондықтан мен сенің тіліңді алып, мына жас жігітті Иоркке ала жүремін. Тегінде ол жарасынан әбден жазылып шыққанша, біздің үйді өз үйіңдей көретін болсын. Ал әлгі Арыстан Жүрек деп атап жүрген патшаны Англияға қайтып келеді десіп жүр ғой, ол келетін болса, мына Уилфред Айвенго корольдің қаһарынан мені арашалап қалатын құз жартас болмай ма! Бұл өзі айтқан сөзінде тұратын, алғанын кесімді мерзімінде қайтып беретін инабатты адам, ізгі жігіт, Бұл жігіттің заты израиль адамына да жәрдем етіп жіберетін мінезі бap — әзәзілдің азғыруына еріп кеткен қарақшылар қамап тұрғанда, ол бір жолы менің әкемнің перзенті мені де қорғап алып қалды.

Айвенго есін жиып, айналасында не болып жатқанын сезе бастаған кезде, кеш батып, түн боп бара жатқан мезгіл еді. Есінен айрылып, талып бара жатқан уақытта келетін күңгірт елестер. қайта айналып соғып, ессіздіктен енді-енді ояна бастаған. Кеше болып кеткен оқиғаны біріне бірін жалғастырып, айқын есіне түсіре алмай шатасып біраз жатты. Сонсоң денесіндегі әлсіздік пен жарасының ауырғанын сезді. Сарт-сұрт тиген семсер мен найзаның дыбысы, аяусыз айқасқан, қиянкескі шабуылға көшкен көмескі елестер, астын-үстін еске кіріп, құлақта ұран - айқай, қару-жарақтың сатыр - сұтыры шуылдап, әңкі-тәңкі есеңгіреген күйді басынан кешірді. Ақыры қол-аяғын буып, өзінің қимылдауына жол бермеген жарадан қанша ауырықсынса да, соны зордың күшімен жеңіп, төсегінің бетіне құрылған шымылдықты сырып жіберді.

Сөйтіп, айналасына қараса, өзі күншығыс дәстүрімен жабдықталған әсем бөлмеде жатқанын көріп, таң-тамаша қалды; алғашқы минутта мені біреулер ұйықтап жатқанымда қайтадан Палестинаға апарып тастаған екен деп те қалғандай болды. Есіктің қалың пердесі көтеріліп, бөлмеге шығыстың үлдесі мен бүлдесіне оранған, әдемі киімді әйел кеп кіргенде, бұл әсер бұрынғыдан бетер күшейе түскен еді. Әйелдің соңынан қара торы түстес күтімші ер адам қоса келді.

Жаралы сері әдемі елестей көрінген бұл сұлуға тіл қатайын деп келе жатыр еді, ал сұлу сүйрік саусағын лағыл түстес оймақтай ерніне апара беріп, үн шығармауға әмір етті. Күтімші жігіт кереуетке жақындап келіп, жаралы адамның көрпесін ашты да, жебірейдің сұлу қызы оның танған дәкесінің орнынан сырғып кетпегенін байқап, жараның ушығып кетпеуін қадағалап қарады. Қыздың науқасты қарап көруінде мін тағарлық зәредей оғаштық, әйел жынысына сөкет боларлық ешбір көргенсіздік жоқ еді, қайта, қыздың жүріс-тұрысы, әрбір епті қимылы оның әдемі келбетіне, тал шыбықтай бұралған сымбатына бір түрлі келісіп, жарасып тұрды. Талдырмаш, жас сұлудың ер адамды күтіп бағып, оның жарақатын өз қолымен таңып байлағаны, тіпті байқаусыз нәрсе болып, ауыр жарақат алған адамның жанына батқан дертті жеңілдетуге себепші болған осы бір хор қызының адамгершілік қасиетінің қасында түкке тұрмай кетті. Ревекка науқасты күтуге көмектесетін қарт қызметкеріне бірнеше нұсқау берді де, қызметкері оның әмірін екі етпей орындамақшы болып, өз жайына қала берді.

Ревекка жебірей тілінде сөйлеп еді, өзіне жат тілдің дыбыстары Айвенгоға бір түрлі сүйкімді естіліп, өзіне тартып тұрды; мұның науқасқа еткен әсері әлдеқандай бір қайырымды сиқыршының кереметті дұға - батасындай боп естілді. Тіл құлаққа түсініксіз болса да, оны сөйлеп тұрған адамның жағымдылығы, бет нұсқасынын сүйкімділігі тыңдаушының жүрегін әлдилеп, өзіне қарай тартып бара жатты. Айвенго ешбір сұрақ қоймастан, қыздың жасаймын деген емінің бәріне сөзсіз бағынып қалды. Жасалуға тиісті ем әбден жасалып болғаннан кейін, өзіне дәрігер болған сұлу кетуге айналғанда, Айвенго бұдан артыққа шыдап қала алмай, қызға арнап, арап тілінде тіл қатты (Күншығысты көп кезген уақытында ол бұл тілді үйреніп алған еді де, күншығыстың тақиясы мен киімдерін киіп, алдында тұрған қызға осылай сөйлескенім дұрыс болар деп ойлаған еді)

— Сүйкімді қыз, рақымдылық істеп, айтып жіберуіңізді сұраймын...

Осылай деп сөзін бастай бергенде, қыздың ылғи ойда жүретін мұңды жүзі еріксіз күлімдеп, бір сәттің арасында өңіне сәуле беріп шыға келді.

— Мен киімім мен ата тегім бөтен жұрттың адамы болсам да, Англияда тұрмын ғой, сері мырза, сондықтан ағылшын тілінде сөйлеймін,— деді қыз.

— Инабатты сұлу...— деп Айвенго қайтадан сөз бастап келе жатыр еді, бірақ Ревекка оны сөйлетпей, тағы да бөліп жіберді.

— Мені инабатты сұлу деп көтермелемей-ақ қойыңыз, сері мырза. Сізге қызмет етіп тұрған күтімшіңіз бар болғаны бишара жебірей қызы екенін, осы жақында ғана өзіңіз қорғауыңызға алып, жақсылық істеген Йорктегі Исаактың қызы екенін осы бастан біліп алыңыз. Сондықтан оның өзі де және соның үй-ішінің барлық жандары да қолдарынан келгенше сізді күтіп алып, мейлінше қамқорлық жасауға міндетті.

Егер, Ревекка сұлуды көрген жерде, оның атқан таңдай ажары мен мөлдіреген көзіне ақ жүрек серінің қадала қалғанын білсе, Ровена ару онда қайткен болар еді; жібектей төгілген қалын кірпігінің көлеңкесінен нұр төккен Ревекканың құралай көзін, әлдеқандай бір көрген жырау байқап қалған болса, бұл көздің, етер әсерін гүлдеп тұрған боз қарағанның-арасынан жарқыраған кешкі жұлдызға теңер ме, әлде қайтер еді... Бірақ жебірей қызына бір көргеннен ынтық боп қалатындай, Айвенго да осал католик емес-ті. Мұндай сезімнің боларын Ревекканың өзі де ойлап, сол себептен әкесінің атын алдын ала айтып салған. Сөйткенмен де Исаактың әрі ақылды, әр сұлу;ару қызы әйел затына біткен өзімшілдіктен де құр емес еді, алғашқы бетте қызығып сүйсіне - түскен Айвенгоның лездің арасында бойын тарта қойып, қыздың әлдеқалай көрсеткен көмегіне салқын ғана разылық білдіргендей тәрізі барлығын байқады да, ішінен бір мұңдана күрсініп қойды. Рас, сұлулықтың алдында бас иетін әрбір жас жігіттің табиғи әдетінен өзгеше, Айвенгоның мінез - құлқында бұдан бұрын да көрініп тұрған еш нәрсе жоқ еді, бірақ бір ауыз сөздің сиқырлы батадай әсер етіп, Ревекканы өзіне тиісті сый-құрметтен айырғаныы бір өзін ғана емес, оның қорлық-зорлық көріп келе жатып бүкіл халқын кеміткендік боп көрінді.

Сонда да мінезі жұмсақ әрі әділ Ревекка, сол заманның надан әдет-ғұрпы мен діншілдік салтын ұстап қалдың деп Айвенгоны айыптамады; өзін аласталған халықтың қызы деп қарайтынын да көңіліне ауыр алмады. Қайта, жебірейдің ару қызы оны сол бұрынғысынша сыйлап күте берді. Қыз оған енді Йоркке жүруге әзірлену қажеттігін, Исаактың оны өзімен бірге алып кетпекші болғанын және жарасы әбден жазылып, денсаулығы қалпына келгенше ешқайда жібермеу ниетінде екенін хабарлады. Ал Айвенго өзіне жақсылық істеген адамдарды бұдан былай әуре қылып, тауқыметін түсіре бермеуге тиіс екенін айтып, Исаактың жоспарына мүлдем қарсы болды.

— Мен жазылып, қару-жарақ киетін болғанымша, жаралы туысын қарауына ала тұратын бір франклин немесе бір әлді шаруа Ашбидан я соның теңірегінен табылмас па екен? Әйтпеген күнде мені алып баға тұратын осы айналада бір саксон монастырінің болмағаны ма?.. Ең болмаған күнде мені Бертонға апарып тастауға болады ғой, сондағы Витольд әулие аббаттығының хазіреті бізге туыс болушы еді, тіпті сол қалай меймандостық жасамас екен?

— Оған сөз бар дейсіз бе,— деді Ревекка, суық күлкімен,— атаған орындарыңның қай-қайсысы болса да, әрине, жексұрын жебірейдің үйінен жақсы ғой. Бірақ та, сері мырза, егер дәрігеріңізден айрылып қалғыңыз келмесе, бізбен бірге жүруіңіз керек. Оның үстіне, біздің үйде Сүлеймен патшаның заманынан бері қарай сақталып келе жатқан кейбір дәрігерлік құпия бар, соның бірінің шипалық құдіретін өзіңіз де татып көрдіңіз. Бірде-бір назареян пенде... кешіріңіз, жаңылып кеттім, сері мырза... Британияға қараған төрт теңіздің көлемінде бірде-бір христиан дәрігері сізді бір айдан бұрын сауықтырып жібере алмайды.

— Ал өзіңіз қанша уақытта сауықтырар едіңіз?—деп сұрады Айвенго, шыдамсызданып.

—-Егер еркіме көніп, айтқанымды айнытпай орындап отырсаңыз, сегіз күнде жазылып шығасыз,— деді Ревекка.

— Ең әулие тәңірия қыздың - атын атасам, күнәкар боп кетпеспін, қазір мен болайын, басқа болсын, еш серінің төсекте аунап жатқысы келмейді. Егер осы уәдеңде тұрсаң, жақсы қыз, мен сенің ақыңды жемеймін. Ақша тауып аламын да, еңбегіне бір дулыға күміс беремін.

— Мен өзімнің уәдемді орындаймын,— деді Ревекка,— осы сағаттан санап, сегіз күн өткенде сен айбынды қару-жарағын мен сауыт-сайманыңды киіп шығатын боласың, бірақ бұл үшін менің де шартымды орындайтын бол, берем деп отырған күмісіннің орнына сен маған бір ғана жақсылық — зор рақым жаса.

— Егер сенің тілегіңді орындау менің билігімде болса,— деді Айвенго,— және тағы сен ұлттас адамға жақсылық жасау христиан дініндегі серінің ар-намысына қайшы келмейтін болса, сенің тілегіңді орындауға мен дайынмын.

— Ендеше былай,— деді Ревекка,— менің жалғыз-ақ сұрайтыным — бұдан былай сен христиан адамына жебірейдің жақсылық істей алатынына сенетін бол және жебірейлерді де, христиандарды да ортақ қолынан жаратқан, ұлы бабамыздың батасынан бөлек түк алмай, ешбір ақысыз-пұлсыз жақсылық істейтініне сенетін бол.

— Бұған күмән келтірген кісінің өзі күнәкар болар еді,— деді Айвенго.— Мен енді ешбір күмәнсыз сенің өнеріңе ден қойып, сенің арқаңда сегіз күн дегенде сауыт-сайманымды киіп шығатыныма шексіз сендім. Ал енді, менің аяулы дәрігерім, сен маған мынаны айт, ардақты саксон Седрик жөнінде және оның үй-ішінің адамдары туралы не естіп-білдің? Ана бір сұлу әйел...— дей беріп, Ровенаның атын жебірейдің үйінде атап жатуды оң көрмей, мүдіріп қалды.—Сонсоң барып, сайыстың королевасы болып сайланған әйелді айтамын?— деді.

— Сіз өзіңіз таңдап сайлаған деңіз, сері мырза,— деді Ревекка.— Сіздің ерлігіңізді бір қолдаса жұрт, таңдауыңызды да одан кем қолдамаған.

Айвенго жаралы болып, көп қанынан айрылып қалса да, Ровенаның атын еске аламын деп, қатты қызарып кетті де, ол қызды шын сүйетінін айқын көрсетіп алды.

— Менің айтайын дегенім Джон шаһзада жөнінде еді,— деді ол қысылғандықтан, әркімді бір атап.— Оның үстіне менің білгім келген нәрсе — қасымда шын адал жасақшым бар еді, оның да жанымнан неге кетіп қалғанын біле алмадым,— деді Айвенго, сауалын ұзарта түсіп.

— Мен өзімнің дәрігерлік әкімдігімді қолданып, сізді үндетпей қоямын,— деді Ревекка.— Мархабат етіп, өзіңіздің мазаңызды кетіретін ойдың бәрін қойыңыз, ал білгіңіз келетін мәліметтің бәрін өзім хабарлап отырайын, Джон шаһзада сайысты бітірер -бітірместен бөліп тастап, өзін қоршалаған ақсүйектерімен, серілерімен, діни жемдестерімен, осы араның ең .ақшалы деген байларынан сыпырып-сиырып көп сома құрап алып, Йорк қаласына асығыс тайып кетті. Елдің, айтуына қарағанда, ол ағасының тағын тартып алмақ дейді.

— Жоқ, ол бола қоймас, Англияда корольге жақ бір адам қалса, алыспай тақ берілмес,— деді Айвенго.— Ричард үшін қарсы жақтың ең мықты батырымен шайқасуға бармын.

— Ал енді мұндай қайрат қылуға шамаңыз келуі үшін,— деді Ревекка, серінің иығынан сипап,— сіз менің айтқанымды істеп, тыныш жатуыңыз керек.

— Рас, рас,— деді Айвенго,— мұндай дүрбелең заманда қойдан қоңыр момақан болғаннан жақсысы жоқ... Ал сонымен, Седриктың өз басы және үй-ішінің адамдары не болды дедіңіз?

— Осы жаңа ғана біздікіне малайы келіп кетті,— деді жебірей қызы.— Байқұс өкпесін қолына ала жүгірген екен, әкем Седриктен жүн алған екен, соның ақшасына жіберіпті. Сол малайы айтты: Седрик пен Ательстан Конингебургский Джон шаһзаданың тойында болған екен, содан қатты ашуланып шығыпты, енді алды-артына қарамай қайтқалы жатқан көрінеді.

— Тойда олармен бірге бір әйел болып па?—деп сұрады Уилфред.

— Ровена бикешті айтасыз ғой,— деді Ревекка, тап бір оны білетін кісіше,— Ровена бикеш шаһзаданың тойына бармапты, малайдың айтуынша, қазір өзінің қамқор әкесімен бірге Ротервудке қайтса керек. Ал енді сіздің сенімді жасақшыңызды айтсақ...

— Апыр-ау, сен оның атын да білетін бе едің?— деді сері...— Айтпақшы, солай екен ғой, кеше ғана ол келіп, сенен жүз ділда алтын алып кетті емес. пе, бәсе десе, сол сенің кеңпейіл мирзалынның арқасында берілгенін мен енді білдім!

— Соны тіпті айтпай-ақ қойшы!— деді Ревекка, қатты қызарып.— Бұл тіл деген пәленің өсекші екенін енді білдім, жүрегіннің білдірмеспін деген сырын сыртқа жаяды!

— Ал енді сол ақшаны айтсақ, оны мен әкеңе қайырып беруге тиіспін, ар-намысым соны бұйырады!—деді Уилфред.

— Оны өзің біл,— деді Ревекка,— жалғыз-ақ, мына кесімді сегіз күн өтсінші, оған дейін көңіліңді алан қылып, қобалжу түсіретін ештеңені ойлама да сөйлеме, ол сенің сауығуыңа кедергі болады.

— Жақсы, мейірімді қыз,— деді Айвенго,— сенің бұйрығыңды орындамау — менің тарапымнан үлкен білместік болар еді... Тек енді Гурт байқұстың жайынан бір ауыз сөз сұрайын, содан кейін тіпті аузымды ашпай-ақ қояйын.

—- Өкінішті болса да, сері мырза, мен сізге айтпай тұра алмаймын, Гурт Седриктың әмірімен тұтқынға алыныпты,—деді жебірей қызы. Осыны айтарын айтса да, бұл хабардың Уилфредке жайсыз тигенін сезіп, соның арасынша; сөздің ақырын бұра қойды:—Дегенмен, аспаз Освальдтың айтуынша, егер Гурт қожасының ашуын келтірмей тұра тұрса, Седриктың оған кешірім жасайтын түрі бар көрінеді, өйткені Гурт — ешқашан ешбір айыпты болмаған сенімді малай екен, бұл жолғыда жазығы бар болғаны Седриктың, ұлына адалдығын көрсеткені болса керек. Сонымен қатар Освальд айтыпты: егер Седрик Гуртке ашулануын қоймаса, біз, әсіресе, соның ішінде әумесер Вамба бар, бәріміз бірігіп, Гуртты жолдан қашырып жібереміз депті.

— Тегі құдай жар болып, сол айтқандарының сәті түссе жақсы-ақ болар еді!—деді Айвенго.— Мен өзім бір тумысымда жолым болмаған адаммын, өзімді біреу жақсы көріп, маған жақсылық істесе, соған мен арқылы бір бақытсыздық кездеседі де тұрады. Біздің короліміз мені тәуір көріп, қасына алып еді — енді міне, көрдің бе, өзінің мәпелеп өсірген туған інісі оған қарсы қару жұмсап, тағын тартып алмақшы. Мен бір асқан аяулы әйелді жақсы көріп едім, оның көрген күні де қаран болды. Ал енді маған адал болып, менің жағыма шыққаны үшін бишара құлға әкем күн көрсетпей, керек десе өлтіріп те жібергелі отырғаны мынау. Міне,көрдің бе, қандай, бешенесінің соры бес батпан адамға дауа істеп, жанын алып қалып отырғаныңды. Сондықтан ақылыңа кел де, шығарып қоя бер мені, әйтпеген күнде тарғыл төбеттей тақымдап, соңымнан қалмай жүрген бақытсыздық сені де қуып жетуі мүмкін.

— Жоқ, олай емес, серім, болжағыш ақылды адастырып отырған сенің денсаулығынның әлсірегені мен басыңа түскен уайым-қайғың. Сен өз отаныңа оған бір қуатты қол, адал жүрек аса қажет болып отырғанда тура келдің Сен өзіңнің жауларың мен короліңнің бауыры өте бір дандайсып тұрған уақытында соның үстіне дәл келіп, олардың аптығын басып, сағын сындырдың. Рас, сен бұдан ауыр жарақат алып қалдың, бірақ, саған құдай сонда да болысып, тіпті жексұрын халықтың арасынан болса да, науқасыңа дауа жасайтын дәрігер жіберді, бұда саған тәңірдің тура қарағаны емес пе.: Сондықтан, еңсең түспесін, рухын өшпесін, сені құдірет халқыңның бағына, сенін тағы да керемет ерлік жасауың үшін аман сақтап қалды. Енді қош бол! Мен Рейбеннен бір дәрі беріп жіберемін, соны ішіп ал да, ертеңгі жолға күш жиып алу үшін, жақсылап тұрып ұйықтап шық.

Айвенго Ревекканың айтқан ақылын тыңдап, бұйрығына мойын сұнды. Рейбеннің әкелген шифа дәрісін ішіп алған соң ол қатты ұйықтап қалды да, ертеңіне сап-сау адам боп тұрды,

Таңертең жайдары дәрігер науқасының ешбір ұстамалы безіскке ұшырамай - сергіп тұрғанын, алдағы жолдың ауыртпалығын емін-еркін көтеріп кететінін көріп, қуанып қалды.

Айвенгоны сайыстан осы араға жеткізіп ат зембіліне жайластырып жатқызып, сонымен жолға алып шықты. Жаралы серінің жолда жайлы жатуы үшін, Ревекка қанша қам жеп бақса да, жалғыз-ақ нәрсе азырақ беймазалау болды. Ювеналдың оныншы сықағында суреттелген жол үстіндегі байбатша сияқты, тек Исаакқа қайдағы бір тонаушы ұры-қарылар әрдайым елестеді де отырды. Телі-тентек норман ақсүйектері мен қанды балақ саксон қарақшыларының ол десе, жүндегісі кеп тұратынын білетін Исаак, соларды ойлап, аза бойы қаза боп келе жатты. Сондықтан ол бүкіл жол бойы аттарды тынымсыз сабылтып, аз мерзімге ғана тамақ ішуге тоқтап, соның өзінде дамыл таппай, қысқартып отырды. Ақыры өздерінен бірнеше сағат бұрын шыққан, жолда Витольд әулиенің аббаттығында той-томалаққа ұзақ бөгелген Седрик пен Ательстандарды қуып жетті. Әйтеуір, Мириам кемпірдің бальзамының дауалық қасиеті күшті болды ма, жоқ болмаса Айвенгоның тәнінің жаратылысынан біткен қуаты болды ма, қалай дегенмен науқастың денсаулығы суыт жүрістен ешбір мойыған жок, оның дәрігері, мейірімді Ревекка қыздың тілеуі бұл жөнде қабыл боп шыққандай еді.

Бәле жоқ десен шығар бөрік астынан деген мысалдың кері келіп, Исаактың асығыстығының ақыры жамандыққа жолықтырды. Оның неғұрлым тез жүру керек деген талабына жол серіктері наразы болған еді. Көшін қорғауға жалдап алынған бұл сакстар өздерінің ұлтына біткен ата кәсібі бойынша, бойкүйез жалқаулық пен ас ішсе атауындай ішетін мешкейлікке машықтанған жандар болатын, сол үшін нормандар оларды жатып ішер жалқау, қомағай жалмауыз деп мазақ қылатын. Исаактың есебінен тамаққа тоямыз деп құлқынын қаққан қомағайлар, жебірейдің тіиті ат шалдыруға пұрсат бермейтінін көргенде, мүлде күдер үзіп қалды. Олар енді атты зорықтыратын жайымыз жоқ деп қатты жүріске қарсы тұрды. Келе-келе Исаак олармен тоқтаған сайын ішілген шарап пен сыраның санына таласып, қызыл кеңірдек жанжалға дейін барды. Ақыр аяғында, нағыз қауіптенетін уақыт жетіп, Исаактың зәресі кете бастаған кезде, жалдамалы саксондарды алдап-арбап өзіне қаратып алудың орнына, ол бір бетінен қайтпай, сіресіп қалды да, өзін қорғайды деп сенген жалдамалылары мұны тастап кетті.

Міне дәл осы уақытта, оқырмандардың өздері бұрыннан білетіндей, Исаактарды Седрик те қуып жеткен еді, ал тағы соның ізінше бұлардың бәрі қосылып, де Браси мен оның әріптестерінің қолына түсті. Алғашқы бетте атқа жегулі зембілге ешкім де көңіл бөлмей еді. Бірақ Ровенаны іздестіріп келе жатқан де Браси, дегенмен зембілге көз сала қалды. Ровенаның орнында, зембілде жатқан жаралы серіні көріп, де Браси мұны не дерің білмей, қайран қалды! Ал енді саксон қарақшыларының тұтқынына түстім деп білген Айвенго, саксондықтардың арасында өз атынын мәлім екеніне сеніп, мен Айвенгомын деп айтып салды.

Серінің ар-намысы деген қатал ұғымнан ешқашан біржола арылып кете қоймаған де Браси, өзінің жеңілтек мінезі мен бейбастақ салтына қармастан, мүшкіл халде жатқан серіге ешқандай зорлық-зомбылық жасай алмады. Сол сияқты, Фрон де Бефтің қазіргі мекен-жайының бір кездегі иесі болған кісіні қолына түскен жерде жойып жіберетінін біле тұрып, серіні оның билігіне беріп те қоя бере алмады. Бірақ сонда да өзінің бақталас адамың босатып жіберуге де Брасидың ер көңілділігі тағы жетпеді. Оның үстіне Ровена бикештің сайыстағы бет алысына қарағанда және одан бұрын Седриктың ұлын үйінен қуып жіберді деген дақпыртқа қарағанда, Ровена бикештің Айвенгоны басқадан артық көретінінен ол хабардар болатын.

Сонымен, де Браси әділет пен қиянат арасындағы бір әрі-сәрі халде қалып қойды. Ол екі малайын шақырып алып, екеуің зембілдің екі жағында жүріп отырыңдар және оған ешкімді де жақын жібермеңдер деп бұйрық берді. Егер кейбіреулер сұрастырып қоймаса, бұл тек сайыстағы алыс-жұлыстың кезінде мертігіп қалған бір жолдасын салып қойған Ровена бикештің бос зембілі деп қана жауап беріңдер, деді де Браси. Ал Торкилстонға келгеннен кейін ғымаратшы мен Фрон де Беф өз жұмыстарымен шұғылданып, біреуі — Исаактың ақшасымен болып, екіншісі — оның қызына көз тігіп кеткен уақытта, Морис де Брасидың малайлары Айвенгоны оның жараланған бір жолдасы деп атап, сарайдың бір мойны қашық бөлмесіне апарып тастады. Енді сарайды қорғауға шығып, қорғанның үстіне барыңдар деп Фрон де Беф тықсырған кезде, үйдің иесіне де берген жауаптары осы болды.

— Жаралы жолдасы дейді!— деп ақырды, бүкіл тұла бойын ашу-ыза кернеген қаһарлы бек.— Жауынгер сарабаздар ауру бағып, зембілдің қасында отырса, сарай қамауда тұрған минутта ерікті жасақтың жауынгерлері өлімші адамды күзетіп, соның басында отырса, бектің сарайын мұжықтар мен йомендер қоршап алмай, әумесерлер мен шошқа бақташылары ақсүйектерді ұрысқа шақырып, айбат шекпей қайтушы еді! Жандарыңның барында, қазір қорғанға барыңдар, оңбаған жалқаулар! Қазірдің арасында орын-орындарыңда болыңдар! Әйтпеген күнде мына шоқпармен сүйектеріннен сүйек қоймай, қаусатамын!—деді күндей күркіреген бек, оның қаһарлы үні сарайдың күмбез-күмбезінің бәрінде жаңғырықты.

— Жалғыз-ақ, өлімші адамды бақтырып кеткен қожамыздың алдында қорғап қалсаңыз болды, сөйтсеңіз, қорғанды қорғауға біз өзіміз-ақ қуана-қуана барамыз,— деді түнерген малайлар, Фрон де Бефке көңілсіз жауап беріп.

— Өлімші дейді, ой жылдостар!—деді Фрон де Беф, малайларды кекетіп.— Естіп тұрсыңдар ма, егер сарайды мықтап қорғамасақ, біз бәріміз де сол өлімшіге айналамыз! Мен сендердің орындарыңа қазір кісі беремін — ант атқан жолдастарыңның қасында сол-ақ отырсын. Эй, Урфрида! Қарғыс атқан қу кемпір, бармысың сен? Эй, саксон албастысы, қайда жүрсің? Неге естімейсің? Бар да анау, көк соққан сұмырайды қарап отыр, егер басына кісі қоймаса болмайды екен, соны сен-ақ бағып-қак, ал мына суайттар қолдарына қару алсын! Ұстаңдар, мына екі садақты, мынау саған оқ, жебе. Барыңдар да қамалдың аузына тұрыңдар, әр атқан оқтарың саксонның басын жұлып түсетін болсын!

Бос қарап тұрғаннан іштері пысқан де Брасидың малайлары оқ ататын қамалдарға қарай тұра-тұра жүгірді, ал жаралы Айвенгоны күту Урфриданың яғни Ульриканың мойнына жүктелді. Бұл кезде кемпірдің тауқыметі де бір басына жеткілікті еді, сорлы кемпірді бір жағынан көрген қорлық-зорлығы ішінен жегідей жеп, екінші жағынан, қайтсе кегін қайтаруды ойлап, азап шегіп жүрген. Сол мақсатпен әуреленген кемпір енді жаралы серіні күтуді Ревеккаға бар ықыласымен тапсыра салды,

XXIX ТАРАУ

Ей, ер жігіт: көтерілші қамалға,
Баяндашы — не боп жатыр майданда.

Шиллер, «Орлеан қызы».

Жан шын алқымға келгенде, адамның айтпайтын шыны болмайды. Басыңа күн туып, жаның қысылған уақытта жайшылықта жасырып қалатын сырларың сыртқа шығады, оны басып қалуға шаман келе бермейді. Айвенгоның төсегіне қайта келгеніне Ревекка керемет қуанды да, өздерінің қиын-қыстау жағдайына қарамастан, сол қуанышына өзі де қайран болды. Оның тамырын ұстап, денсаулығының жай-жағдайын сұрастыра отырып, жігітті аялап, іші-бауырына кіріп бара жатқанын өзі де байқай алмаған болу керек. Қыздың үні тұншығып, қолы дірілдей берді, тек қана: «Ах, келіп қалған сүйкімді қыз сіз бе едіңіз?»—деген Айвенгоның салқын сауалы оны өзіне-өзін қайта келтіріп, бұл-сезімнің екі кісіге бірдгей болуы еш мүмкін еместігін есіне салды Осыдан соң Ревекканың көкірегінен сәл естірте .терең күрсінгені естіліп қалды. Ал оның денсаулығы жөніндегі одан кейінгі сауалдарының бәрін қыз әшейіндегі жай достық қалпымен сыпайы ғана беріп отырды.

Айвенго өзінің сау-саламат бола бастағанын, тіпті бұдан артық саулықты өзі де күтпегенін аңқылдап айтып салды.

— Miнe осының бәрі, сүйікті Ревекка, сенің өнеріңнің шарафаты!—деді сері.

«Ол мені сүйікті Ревекка деді-ау,— деп ойлады қыз өз ішінен,— бірақ немкетті, салғырт сарыны бұл сөзге жараспады. Оның сәйгүлік аты мен қыран тазысы жексұрын жебірей қызынан ардақты ғой!»

— Менің жарамның ауруынан мына бір сары уайым жаныма қатты батып барады, мейірімді қыз,— деді Айвенго.— Осында қасымда болып кеткен күзетшінің сөзіне қарағанда, менің тұтқында жатқан түрім бар. Егер қателеспесем, күзетшілерді осы жерден қуып жіберген дөрекі дауыс, сірә, Фрон де Бефтікі болса керек; сондықтан біз соның сарайында жатырмыз ғой деп ойлаймын. Егер олай болса, мұның ақыры немен бітер екен, Ровена мен әкемді мен қайтсем, қорғай алар екем?

«Ал жебірей мен оның қызын аузына да алмайды,— деп ойлады тағы да Ревекка.— Шынында ол бізді қайтсін, менің өзіме .де осы керек, осы серіні көп ойлағаным үшін құдай да мені дұрыс жазалап тұр ғой».

Өзінен-өзі осылай опық жеп алды да, қыз естіген-білген мәліметін тағы түгел Айвенгоға жеткізді. Бірақ ол хабарының өзі де онша маңдымды емес еді. Ревекка сарайды билеп тұрған ғымаратшы Буагильбер мен Фрон де Беф екенін, бірақ бұл сарайды сыртынан қамап тұрған біреулер барын, оның кімдер екенін әзір білмейтінін хабарлады. Тағы да ол: осы сарайға қазір христиан попы келгенін, оның көп нәрседен хабардар болуы мүмкін екендігін айтты.

— Поп дейсің бе!—деп қуанып кетті Айвенго.— Егер мүмкін болса, Ревекка, соны осында шақырып кел! Науқас адам өсиет айтып кетуіңізді өтінеді, деп айт. Қысқасы, не десең о де, әйтеуір, ертіп кел оны. Алда-жалда, менің де бір тіршілік етуім керек қой! Бірақ не болып жатқанын біле алмасам, онда мен не істей алам?

Айвенгонын осы тілегі бойынша, Ревекка Седрикты жаралы серінің бөлмесіне алып келмекші болған еді. Бірақ жалған монахты Урфрида да тосып тұр екен, соның кесірінен бұл істерінен нәтиже шықпай қалғанын өзіміз де білеміз, Бұл кепті Ревекка Айвенгоға айта келді.

Бұлардың талаптарынан ештеңе шықпағанына өкініп, тағы да бірдеңе ойластырып көрейік деп отырғаны сол еді, сарайдың ішінен көмескі дүңкілдеп тұрған айқай-шу лездің арасында даурығып ала жөнелді.

Жоғары, ирек-ирек қабырғалардың бойында, оқ ататын бекіністер мен басқа қамал-мұнараларға апаратын айналмалы тар сатылар мен коридорлардың бойында қару-жарақты малайлардың дүбір салып, асығыс жүгіріскен дабыстары құлаққа келді. Сарбаздарының рухын көтеріп, қорғаныс әрекеттерін басқарған серілердің дауыстары естілді; олардың бұйрық берген қаһарлы үндерін сарт-сұрт еткен қару жарақ пен сарбаздардың ұрандасқан дауыстарының жаңғырығы басып кетіп, естіртпей жіберіп тұр. Зор қан төгіс ұрыс болатынынан хабар беріп тұрған бұл қорқынышты айбарлар қанша зәрені алып, үрейді ұшырып тұрса да, соның өзінде мұнда бір салтанат, қуаныш нышаны бар сияқты еді. Ревекканың жақсылыққа жаратылған ізгі жаны сұмдық қауіп-қатердің үстінде де осыны сезбей қалмады. Бетінің қаны қашып тұрса да, бірдеңені жаны сезгендей, көзі жайнап, күйінішпен аралас бір зор сүйініш билегендей болып, қалшылдап -дірілдеп кетті; не өзіне өзі, не тыңдаушысына айтып тұрғанын білмей, қасиетті кітаптың: «Қорамсақ тебіреніп, найза, қалқан жарқылдап... сардарлардың әмірі, сарбаздардың жауабы жаңғырықты!» деген сөздерің күбірлеп қайталай берді.

Сол кітапта айтылған аламан ат секілді, Айвенго жаны жай таппай, осы айбат шеккен дабыстардың артынша болашақ қан майданға араласқысы келіп, тықыршып жатыр.

— Егер мен ең болмаса сонау терезеге еңбектеп жетіп, болып жатқан ұрысты көріп тұратын болар ма едім!— деді ол,— Ең болмаған күнде қолыма садақ түсіп, бір атып қалатын болсам, әйтпесе өзіміздің бостандығымыз үшін айбалтаны бір сілтеп қалатын болсам еді! Бірақ не керек, мұның бәрі құрғақ сөз — менде оған күш те, қару да жоқ!

— Қобалжыма, ардақты серім,— деді Ревекка — Естимісін, тым-тырыс бола қалғанын? Мүмкін, ешқандай ұрыс та болмас.

— Сен ештеңені білмейсің!— деді Уилфред, тағатсызданып.— Бұл тыныштық — жауынгерлердің бәрі қамалдан орын алып тұрды, енді жаудың шабуылын күтіп түр деген ғана сөз. Ал біздің бағанадан бері естігеніміз — тек ұрыстың алдындағы айбат шегу болатын. Енді бірнеше минуттан кейін нағыз қиян-кескі қан майданның өзін көресің... О, шіркін, ана терезеге ептеп еңбектеп жетер ме едім!

— Ондай әрекет, ардақты серім, саған залал болады,— деді де Ревекка, серінің қатты толқып тұрғанын көріп:—Терезенің алдына өзім барып тұрайын, маңдайда не болып жатқанын, қолымнан келгенінше, айтып берермін,— деді соңынан.

— Жок, қажет емес, керегі жоқ!—деді Айвенго, үзілді-кесілді қарсы тұрып.— Әрбір терезе, әрбір қылаң еткен саңылау мергендерге нысана болады. Әлдеқандай бір қаңғырған жебе...

— Онда тіпті жақсы болар еді!—деді Ревекка, күбірлеген бетінде, терезеге шығатын екі ме, үш пе, сатыға тайынбай шығып бара жатып.

— Ревекка, сүйікті Ревекка!— деп дауыстап жіберді Айвенго.— Бұл тіпті әйелдің ісі емес. Қауіп-қатерге қарсы барушы болма, егер сені не жаралап, не өлтіріп кетсе, обалың өмір бойы менің мойнымда кетеді. Тым болмаса әне бір ескі қалқанның тозығын алып, бетіне ұстап тұршы, сонсоң еш уақытта терезеден басынды шығарушы болма.

Ревекка дереу серінің айтқанын істеп, ескі қалқанмен терезенің төменгі көздерін тасалап қойды, сонсоң оны бетіне қалқалап тұрып алып, ешбір қауіп-қатерсіз-ақ сарайдың сыртында не болып жатқанын толық бақылап, қамаушылардың шабуылға қалай даярланып жатқанын Айвенгоға хабарлап тұра алатын болды. Қыздың таңдап алған орнының өте ыңғайлы болған себебі — бұл терезе үйдің негізгі бөлімінің бұрышына қарағанда да, Ревекка сарайдың сырт жағын көріп отырумен қатар, амаушылар ең алдымен шабуыл жасай ма деп қатер тіккен ең алдыңғы бекіністі де анық көріп отыруға мүмкіндік бар-тын. Бұл шағын мұнара Фрон де Бефтің Седрикті далаға шығарып жіберген қосалқы қақпаларын қорғап тұру үшін жасалған мұнара болатын. Мұнараның алдында оны қамалдың басқа қақпаларынан бөліп тұратын терең ор бар-ды, ол орға көпір есебінде жалғыз көлденен тақтай тасталған, тақтайды алып тастаса, мұнара мен сарайдың арасындағы қатынас үзіліп қалатын. Сарайдың қабырғасындағы қақпаға қарама-қарсы, алдыңғы бекіністің ішкі жағында өз алдына бөлек қақпа болатын да, оның айналасы мықты шарбақпен қоршап тасталған Осы мұнараны қорғауға жіберілген адамдардың санына қарап, Ревекка қамаудағылардың ең алдымен осы жақтан шабуыл күтетінін байқады. Оның үстіне осы бекіністі сарайдың ең осал жері деп біліп, қамаушылар да негізгі күшін осы араға қарсы топтаған.

Ревекка осы байқауын Айвенгоға жеткізгенше асығып, оның үстіне мынаны қосып айтты:

— Орманның балағында садақшылар тіреліп тұр, бірақ олар ағаштың арасына бой тасалап қалған, беті ашыққа шығып жүргендері шамалы ғана.

— Олардың тіккен жалауы қандай екен?— деп сұрады Айвенго,

— Жалау, байрақ дегендерің мен көре алмадым,— деді Ревекка.

— Бұлары қызық екен,— деді Айвенго.— Мынадай қамалға шабуыл жасай келіп, не жалауын, не туын көрсетпеуі тым өрескел! Ең болмаған күнде көсемдерін де айырып болмай ма?

— Бәрінің алдында көзге түсіп жүрген бір қара сауытты сері,— деді жебірей қызы.— Іштеріңдегі бастан-аяқ толық қаруланғаны да сол, тәрізіне қарағанда, бәрін билейтіні сол болуға тиіс.

— Қалқанында қандай таңба бар екен?—деді Айвенго.

— Қалқанында кесе-көлденең салған темір жолақ тәрізді белгісі бар, оған қоса қалқанының қарамен боялған бөлігінде көгілдір сырмен боялған аспалы құлыптың суреті көрінеді.

— Шынжыры мен құрсауы көкшіл ғой,— деді Айвенго, қыздың сөзін анықтай түсіп (бұл айтып отырған белгілері мемлекеттік гербты бейнелейтін геральдика ілімінде болатын деректер).— Мұндай таңбаның кімге дұрыс келіп жүргенін білмеймін, бірақ дәл осы минутта менің өзіме қатып кеткен болар еді!—деді де сері, оның соңынан:—Ал қалқанында қандай жазу бар екен?—деп сұрады.

— Ондай жерден таңбасы бұлдырап, жөнді көрінбейді екен, —деді Ревекка,— оны тек қалқаны күннің көзіне шағылғанда ғана айырып қалуға болатын.

— Ал басқа көсемдерін байқамадың ба?—деп сұрады жаралы сері, тағы да қуаттай түсіп.

— Мына арадан басқасын мен көре алмадым,— деді Ревекка,— бірақ, сарайға өзге жағынан да шабуыл жасап жатқандарына күмән жоқ. Сірә, өздері алға басып келеді ғой деймін, Иә, жақындап қалды... құдайым, өзің сақтай көр бізді! Қандай сұмдық қорқынышты еді! Алдыңғыларының жоғары көтеpiп алған үлкен қалқан, тақтай бөгеулері бар. Қалғандары бұларды беттеріне қалтқы ғып, садақтарын жүре кезеп келеді... Міне, олар садақтарың жоғары көтерді... Иә, Моисейдің тәңірісі, жаратқан пенденнің күнәсын кешіре көр!

Осы мезетте ұрандап ат қойған аттан қыздың сөзін кенет бөліп кетті. Сарайды қамаушылар мүйіз сыбызғыларын ақырта ойнап, оған қарсы жауап берген қамалшылар норман кернайлары мен барабандарын дүркірете тартып жіберді. Қамаушылар мен қамалғандардың атой берген айқай - аттандары музыкамен қосылып, бүкіл өңірді күңірентті. Саксондықтар: «Иә, әулие Георгий бабамыз, сауық-сайранды Англияны қол-да!—деп ұрандаса, нормандар: «Еn avant De Вгасу! Beau — scantl Beau — seantl Front — de — Boeuf a la rescouss! Босеан! Босеан! Фрон де Беф, сен де ұмтыл!»— деп атон салды, әрқайсысы өз бастығының аруағын көтеріп.

Бірақ бұл күннің тағдырын құрғақ атой-аттанмен шешпейтіндері екі жағына да мәлім еді. Қамаушылар ұрандап ат қойған екпінді тегеурініне сенсе, қамалғандар өздерінің жанкешті дүкпуіне сеніп, саксондардың бетін тойтарып отырды. Орман арасын еркін кезіп, кен жайлаған атқыштар садақ пен жақ мылтық атуға әбден машықтанып алған емес пе, қамалғандар сарайдың бір жерінен қылт ете қалса болды, құралайды көзге атқан тоғай мергендері құлаш-төсжара сұр жебелерімен оларды жаза бастырмай қағып түсіп отырды. Бұршақтай жауған сұр жебелер сарайдың ішін нысанаға алып, толассыз, бір қалыппен нөсерлей жауып тұрды; садақтың оғы қамалдың әрбір саңылауына, әрбір терезеге топ-тобымен құйылып, тіпті әлде қалай тап болған қорғаушыны да аман кетірмеді; содан көп кешікпей, қамаудағылардан екі-үш адам өліп, бірнешеуі жаралы боп қалды. Сонда да өздерінін қару-жарақтарының сайма сайлығына, сарай қамалының мықтылығына сенген Реджинальд Фрон де Беф пен оның сыбайластарының қайсарлығы қамаушылардың темір үземіз деген тегеурінінен бір де кем соқпады. Жауларының жаңбырша жаудырған жебелерінен бұлар арбалет, садақ, сақпан оқтарымен, алыстан атылатын снарядтарымен еселерін қайырып отырды. Қамаушылар тасаланатын оқ қағарлары нашар болғандықтан, қамалда тұрғандардан анағұрлым көп шығынға ұшырады. Жебелер мен снарядтардың ысқырған дабысына екі жағы да даурыға ұран қосты; біріне бірі солай қыр көрсетіп, сақтарып сындырмақ, үрейлерін ұшырып, сонымен үстемдік алмақ болды.

— Ал сонымен, не бостандық, не өлім деп, тағдырын таразыға тартылып жатқанда, мен әлсіреген монахша, осылай шалажансар халде жатпақпын ба!—деп қорланды Айвенго.— Терезеден тағы бір қарашы, мейірімді қыз, бірақ сақ бол, мергендер байқап қалмасын! Қара да маған айтшы, сарайға ат қоятын ешкім бар ма екен?

Ревекка ішінен құдайына бір сыйынып алды да, тайынбай барып, терезедегі орнына қайта төнді, терезенің төменгі жағын ешкім көре алмайтындай етіп, ескі қалқанмен тағы тасалап қойды.

— Ал не көрдің, Ревекка?—деді тағы да жаралы сері.

— Қаптай ұшқан оқты көріп отырмын. Аспандағы жебенің көптігінен көзім бұлдырап, тіпті кімдер атып жатқанын көре алатын емеспін.

— Ол ұзаққа созылмас,— деді Айвенго.— Тас қамал мен биік қорғанға жалғыз садақтың оғымен не істей алады? Тағы бір қарашы, аяулы Ревекка, Қара Сал қазір қайда және не бітіріп жүр екен, өйткені сардары қандай болса, сарбазы сондай болмақшы.

- Көрінбей кетті ол,— деді Ревекка.

— Оңбаған қоян жүрек! Дауылдың деген құтырған шағында қалай басшысыз тастап кетер екен?—деді Айвенго, ызаланып.

— Жоқ, ол шегінген жоқ, шегінбеген екен!— деді Ревекка.— Әне ол, мен көріп тұрмын оны; алдыңғы мұнараның шеткі дуалына қарай жасағын бастап келеді. Бағаналарды құлатып, тосқауылдарды бұзып, дуалды балтамен шапқылап жатыр. Майданның үстінде қалықтаған қырандай, дулығасына таққан қара қауырсыны қалың топтан асып, елден ерек көрініп жүр. Әне олар, дуалды бұзып, ішке кірді... Жоқ, оларды қайта шегіндірді. Қорғанушыларды бастап жүрген — бек Фрон де Беф. Еңгезердей тұлғасы топтан биік екен... Дуалдың ашық жерінен кие соғып, әне, тағы кірді, қазір бетпе-бет, қолма-қол арналысып жатыр... Ой, Иаковтың тәңірісі! Тап бір буырқанған екі тасқын — құтырып кеп, астан-кестен болғандай! Қарсы соққан желмен әлем-тапырық боп, бірін-бірі жеміріп, бірін-бірі жұтып жатқан екі мұхит секілді!

Кескілескен қан майданды көріп тұруға дәті шыдамағандай болып, қыз терезеден теріс айналып кетті.

— Тағы бір қарашы, Ревекка,— деді Айвенго, оның теріс қарап кеткенін, басқаша түсініп,— екі жақ қолма-қол айқасып кеткеннен кейін, енді, сірә, садақтың оғы сирексіп те қалған болу керек. Қазір терезеде тұру онша қауіпті емес, енді бір қарап көрші.

Ревекканың терезеге көз салғаны сол еді, соның арасынша қыз шыңғырып қоя берді:

— Ой, шарафатшы пайғамбарлар, жар бола көріңдер! Екеуі дуалдың аралығында жекпе-жек айқасып жатыр, қалғандары аруақ шақырысып, бұлардың алысына қарап тұр. Әділетті құдайым, қорлық көргендер мен тұтқындарға болыса көр!— деп жаратқан жалғызына сыйына берді де:— Ой, анау. құлады!—деп айқайлап жіберді.

— Кім құлады?—деді Айвенго.— Әулие анамыз жар болсын, айтшы тегі, құлаған кім?

— Қара Сал,— дегенде Ревекканың үні әзер шықты, бірақ сол екі арада түзеле қалып, қуана дауыстап жіберді:— Жоқ, жоқ, алысқанда айбат бер, тәңірім! Ол қайта түрегеле сап, жағаласып кетті. Сөйтіп жүргенде семсері түскірі екі бөлінді.., Енді ол бір йоменнің қолындағы балтаны жұлып алды... Балтамен ұрған сайын ол Фрон де Бефті тықсырып барады. Балтаның оққысы тиген емендей, қанқұйлы батыр теңселіп, ауытқып кетті. Құлады енді!.. Құлады!.,

— Кім? Фрон де Беф пе?— деп айқайлады Айвенго.

— Иә, Фрон де Беф!— деді жебірей қызы,— Жарандары жүгіріп барады көмекке. Оларға енді тәкаппар ғымаратшы бас болды. Барлығы жабылып, Қара Салды тоқтатпақшы. Қазір Фрон де Бефті сарайдың, ішіне қарай әкетіп барады.

— Қамаушылар шарбақтың ішіне кірді ме, сірә?—деп сұрады Айвенго.

— Иә, иә, кірді!—деп дауыстады Ревекка.— Қорғаушыларды тықсырып, сыртқы қабырғаға жапсырып тастады! Қамаушылар қабырғаға саты қойып, бірінің иығына бірі шығып, қорғаннан асып түспекші болып, араша үймелеп жүр. Олардың үстіне бұлар тас, бөрене құлатып, бүтіндей ағаштың астына бастырып тастамақшы. Жаралы болғандарды арт жаққа алып кетіп, олардың орнын ізінше жаңа жауынгерлермен толықтырып жатыр. Е, құдіреті күшті құдайым, бұл адамды өзіңмен түстес, бейнелес қып жаратқанда, өзіңдей бауырлары оны аяусыз қорлап, адам сиқынан кетірсін деп жаратып па едің!

— Сен мұны ойлама, қазір мұндай ойдың уақыты емес...— деді Айвенго.— Онан да сен қай жақ жеңіп барады? Қай жақ жеңіліп барады — міне соны айт.

— Сатылар құлап қалған, жаншылып қалған құрттай боп, сұлап түскен сарбаздар сол басқыштардың астында жатыр!.. Қамалғандар жеңіп шықты!—деді Ревекка.

— Георгий әулие, қолдай көр бізді!—деп жалбарынды сері.— Мына сатылғыш йомендердің қашып кеткені ме сонда?

— Жоқ, олай демеңіз,— деді Ревекка.— Йомендердің жау жүрек ерлер екенін, олар, міне, қазір де дәлелдеп отыр. Ал мына Қара Сал орасан дәу айбалтасымен қақпаның аузына келіп, оны балтасымен шапқылай бастады. Балтасының дабысы қазір ұрыстың айғай-шуынан асып, әуелі бізге де естіліп тұр. Тас, бөрене дегеннің бәрі батырдың басына қардай жауып тұр. Бірақ хас батыр оны бұйым дейтін емес, тас қамалдың құрыш қақпасын бауырдай жәркемдеуде!

— Иоанн әулие біледі,— деді Айвенго, шынтағына сүйеніп, сестене көтеріліп,— мұндай іс бүкіл Англияның көлемінде жалғыз-ақ кісінің қолынан келер деп ойлаушы едім!

— Қақпа шайқалып кетті!—деді Ревекка.— Балтаның соққысынан сытырлап, күйреуге айналды... Иомендер дуалдың ашық жерінен өте шығып, мұнараны алды! Құдай-ау, сақтай көр, қорғаушыларды ұстап, су толы орға лақтырып жатыр! Ой, адамдар, сендерге бұл не болды, егер зәредей адамшылық болса, тым болмаса, анау қарсылықтан қалғандарды мүсіркесеңдерші!

— Ал көпір мe? Сарайды мұнарамен жалғастыратын көпір әлі бар ғой? Йомендер соны басып қала алды ма?—деп сұрады Айвенго, қуаттай Түсіп.

— Жоқ, оны басып қала алған жоқ,— деді Ревекка,— орға көлденең төселген тақтайды ғымаратты құртып жіберді. Содан өтіп үлгірген қорғаушылардан бірнеше адам ғана жан сақтап қалды. Мынау гөй-гөйге салып, зар еңіреп отырғандардың үнін естідің бе? Бұл гей-гөй өздерінен басқа қорғаушылардың не күйге ұшырағанын көрсетеді. О, қайран дүние, жеңісің ғаламаты ұрыстың ғаламатынан да басым болатынын мен енді білдім.

— Бұлар енді не істеп жатыр екен?—деді Айвенго.— Енді бір қарашы! Қан судай ағып жатқанда қазір талып қалатын уақыт емес.

— Әзірге бәрі де тым-тырыс бола қалды,— деді Ревекка.— біздің жақтаушыларымыз жеңіп алған мұнараларына орын теуіп жатыр. Мұнара оларды жаудың оғынан жақсы тасалайды екен, қамауда қалғандар оларды бір шығынға ұшырату үшін емес, тек әншейін мазаларын кетіре түру үшін, оқта-текте оқ жолдап қояды.

— Біздің достарымыз сарайды басып аламыз деген бетінен енді қайтпайды, өздерінің ерлікпен бастаған істерің солай, жеріне жеткізіп шығады,— деді Уилфред.— Олар қазірдің өзінде көп іс бітіріп тастады. Мен емен қақпаны балтамен күйретіп, темір шынжырды үзген аяулы серіден қыруар үміт күтемін... Ғажап,— деді ол күбірлеп,— осындай көзсіз ерлікке белін байлап, қадам басатын дүниеде бұдан басқа жан бар ма екен, сірә? Қалқанының қарамен боялған жерінде кісен мен шынжырдың суреті бар дейді... Мұнын мәнісі не? Қара Салдың бойында бұдан бөлек қандай белгісі бар екен, көресің бе, Ревекка?

— Жоқ, деді жебірей қызы,— оның бойындағысының бәрі пара құстың қияғындай қап-қара. Басқа мен ешбір тақба көрмеймін. Ал бірақ ұрыстағы қажыр-қайратын көзіммен көргеннен кейін оны мен самсаған мың сан қолдың ішінен де танып алармын деп ойлаймын. Ұрысқа кірерде өзі ұлан-асыр тойға араласатындай болады екен. Менің байқауымша, оның әрбір жауына жұмсаған қаруын, сірә, жалғыз қолдың бұлшық еті ғана сілтеп қоймайтын шығар, ол қаруға затында оның бүкіл болмысының күші даритын болар деп ойладым мен. О, құдайым, төккен қанының күнәсын кешіре көр оған! Жүздеген жанды бір адамның қолы мен жүрегінің жеңіп кетуі бір ғаламат та алапат дүние екен бұл жалғанда.

— Ревекка,— деді Айвенго,— сен маған бір нағыз қаһарманды суреттеп бердің. Егер уақытша тыншыға қалған болса, олар тек күштерін жиып, ордан қалай өтудің амалын ойлап жатса керек. Сенің маған бейнелеген серіңдей бастық барда, сары уайым да, сүлесоқ ездік те, ойға алған мақсаттан қайту да болуға тиіс емес, өйткені кедергі мен қиыншылық неғұрлым көбейген сайын, болашақта қол жететін атақ, абырой да соғұрлым мол болады. Кіндігімді кесіп, кірімді жуған үйімнің ар-намысымен ант етейін! Сүйген жарымның аяулы атымен ант етейін! Осы тұрған қаһарман серімен тізе қосып, дәл осындай әділетті іс жолында бір күн ұрыс салсам — сол үшін он жыл өмірімді сарп етіп, онда да осындай тұтқында өткізуге мойын сұнған болар едім!

— Ой, әттегене-ай!—деді Ревекка, терезенің алдынан кетіп, жаралы серінің төсегіне қарай келе жатып.— Бүйтіп, әрекет іздеп әлекке түсе берсең; екі қолыңа түкіріп жау қайдалай берсең, онсыз да әлсіз денсаулығыңды сауықтыру сөзсіз қиындай бермек! Әуелі өз тәніңдегі жара жазылмай тұрып, сен басқаны жаралаймын деп қалай ойлайсың?

— Ах, Ревекка,— деді ол,— айналаңда басқа біреулер ерлік істеп жатқанда, сенің әлдеқандай бір монахқа, әйтпесе әйелге ұқсап, бос қарап жатуын серілер ерлігінің дәмін татқан, қызығы мен шыжығын көрген адамға қандай қиын екенін сен білмейсің ғой! Ұрыс деген — ол біздің күнделікті көрегіміз, ұрыстың жалыны — ол біздің тыныс алатын ауамыз! Біз жеңіс даңқына бөленбей, атақ-абырой алмай тұра алмаймыз, онсыз бізге өмірдің де қызығы жоқ! Серіліктің заңы осындай, оны орындауға біз ант еткеміз, ол үшін өмірдегі ең қымбат, ең ардақты нәрсеміздің бәрін құрбан қыламыз.

— Әттегене, жау жүрек сері,— деп жебірей сұлуы тіл қатты,— мұны сонда не демекпіз, атақ үшін әзезілге еріп, құрбан боп кету ме? Күн тәңірісінің алдында өзіңді-өзің отқа салу ма? Найзаларыңызды ажал ортасынан қақ бөлгенде, астарыңызға мінген ең дүлдүл деген аттарыңыздан өлім озып шыққанда, сіздердің төккен қандарыңызға, сарп еткен табан ет, маңдай терілеріңізге, озбырлықтарыңыздан зар илеген көздің жасына сонда не төлеу, қандай сый-құрмет болмақшы?

— Не сый, не құрмет дейсіз? Оның несін сұрайсыз? Атақ, даңқ бар емес пе? Сол атақ, сол даңқ моламызды алтыннан соқтырып, атымызды мәңгілікке қалдырады!

— Даңқ дейсіз?— деді Ревекка.— Серінің қараңғы, сыз лақатының басында қаралы таңбадай боп ілулі тұратын тот басқан сауыт, әйтпесе бір надан монах жолаушыға ғыбрат айтқансып, ежелеп оқып беретін жазуы өшкен бет тақтай — басқа біреулерді сорлату жолында арам тер болып, кемтарлықта өткізген өмірлеріңізге соған бола дүниенің барлық қызығын тәрк етіп, безіп кеткендеріңізге келісті кепіл, толымды төлеу болғаны ма? Не болмаса, кешке жақын бас қосқан бір топ масаңдау сандалбайлардың алдында өлеңдетіп отыратын кезбе жыраулардың қиссаларына қаһарман боп шығу үшін от басы, ошақ қасы семья мархабатынан, үй-жамағат, бала-шаға қызығынан, тату-тәтті, бақытты өмірден баз кешіп кеткенде, әлдеқандай бір ел ақтаған жыршының балдыр-батпақ ,жырында тұрған құдіретті күш, асқан әсемдік бар ма?

— Хервардтың аруағына аян,—деді сері, қыздың сөзіне шыдамай,— өзіңнің білмейтін нәрсеңді айтып отырсын, сен қыз! Сен бізге ненің асық, ненің пасық екенін айырып беретін, серіліктің барып тұрған жарқын шамшырағын сөндіргің келеді. Серінің рухы қара дүрсін, тағы жаннан нағыз еңіреген ерді айырып, ерекше бөлек қояды, ол бізге мал — жаным садағасы, жан — арым садағасы деп үйретеді, ол бізді барлық кемтарлықтан, азап-жападан, пендешілік күйкіліктен биік тұруға, арсыз пасықтықтан өзге еш нәрседен ат тізгінін тартпауға баулиды. Ревекка, сен христиан дініндегі адам емессің, сондықтан да, сұлу қыздың сүйген жары өзінін шын ғашық екеніне кепіл боларлық ғажайып ерлік жасағанда, оның жолына адал жардың жанын айтатындай халде болатынын сен білмейсің. О, шіркін серілік! Иә, ару қыз, сен білесің бе, ол деген — барып тұрған мөлдір таза, нағыз пәк ғашықтықтың қайнар бұлағы, езілген, қорлық-зорлық көргендердің арқа сүйер тірегі, өкімет басындағы әкімдердің озбырлығына қарсы тұрған берік қамал! Егер серілік болмаса, ақсүйектердің ар-намысы деген сылдыр сөз болар еді. Сол үшін бостандық деген нәрсенің де қорғаны серілердің найзасы мен семсері болып тұр.

— Оныңыз рас,— деді Ревекка.— Мен тек өз отанын қорғаған уақытта ғана батырлық көрсеткен халықтан туған адаммын. Сол бірыңғай халық болып тұрған заманның өзінде ол халық тек құдайдың әмірі болмаса, не оз елін езуден қорғау үшін болмаса, қару жұмсаған халық емес. Иудеяның жерін енді кернай үні жаңғырықтырмайтын болды, оның қор,кем боп қалған ұлдары енді қорлық-зорлықтың құлақ кесті құлдары боп қалды. Сен дұрыс айттың, сері мырза, Иаковтың тәңірісі өзінің қалаулы халқынан жана Гедеон мен Маккавей тудырғанша, жебірей қызының ұрыс туралы, соғыс туралы сөз қозғайтын жөні де жоқ.

Жебірейдің өр көкірек сұлуы соңғы сөздерін айтқанда, өз халқының қорлықта отырғанына қатты қорланатынын айқын көрсеткендей, қайғы-қасіретпен шерлене сөйледі. Мүмкін, бұған Айвенгоның оны ар-намыс мәселесінен тысқары шығарып сөйлеген сөзі де қосылған болар, бәрібір оның жанында қасиетті сезім болуы мүмкін емес, сондықтан бұл ол туралы сөз қозғап не қылады дегендей ишарат білдіргені де қыздың онсыз да арманды, намысына тиіп, шерлі көңілін шерменде қыла түскен шығар.

«Мені ол - қандай аз біледі,— деп ойлады Ревекка,—егер оның ойындағыдай, менің бойымда қазір тек қорқақтық пен пасықтық қана болса, оның үстіне назареяндардың серілігін қадір тұтпайды екен деген ұғым болса, онда мен туралы ол жөнді ештеңе білмейтін болып шықты ғой! Егер Иуданың әулетін тұтқыннан құтқарып алғаным үшін, тәңірім менің қанымды бір тамшыдан алып тамам ететін болса, мен қандай бақытқа батқан болар едім! Тіпті оны арман ғып қайтейін! Егер тым болмаса өзімнің әкем мен оның қамқорын зорлықшылардың қолынан құтқарып алуға тәңірім маған кеңшілік берсе, мен қандай бақытты жан болар едім. Онда мынау өр көкірек христиандар көрген болар еді, құдайдың қалап алған халқының қызы батырлыққа келгенде ешкімнен кем соқпайтынын, шынтуайтқа келгенде, суықтан дірдектеген тағы терістіктің ата тегін мақтан қылатын, жеңіл мінезді назареян қызының қай-қайсысынан болса да, сорлы еместігіне көздері жеткен болар еді!»

Қыз жаралы серінің бетіне қарап, өз ішінен ғана күбірледі:

«Ұйықтап кетті! Тәніндегі жарадан, жанындағы жападан жабыққан сері болмашы таласта, бәлкім, бой жасайын деген болар қазір мен оның бетіне телміріп отырсам, оның қанша айыптығы бар, мүмкін, бұл ақырғы қарауым болар! Кім біледі, енді біраз уақыт өткенде, мынау ұйқыда нұры таймай жатқан әдемі көркі жұмсарып, келісті келбетіне қажырлы жігер мен қайсар қайрат қайтып келмес? Мүмкін, жағы суалып, аузы ашылып, көзіне қан құйылып, жанары бір орында тесірейіп қалар. Дариға сонда, мына қарғыс атқан сарайдың кез келген сұмпайысы келіп осы жатқан өр кеуделі, ізгі ниетті ардақты серіні аяғымен бір теуіп кете барғанда, ол байқұс қимылсыз серейіп жатыр... Ал әкем ше менің? О, қайран әкем! Жастықтың алтындай құлпырған шумақ шашына қызығып, сенің аппақ шашыңды есімнен шығарсам, қызынды құдайдың қарғағаны емес пе! Өзінің туған әкесін ұмытып, тұтқынға түскен бөтен елдің жігітін артық ойлап кетсе, Иуданың шеккен азабын ұмытып, басқа діндегі жігіттің көркіне қызығып кетсе, Иеговтың опасыз қызын құдайдың атқан жері осы емес пе? Маған десе, жүрегімнің тілім - тілімі шығып, қанға батып жатса да, бұл ездікті мен жүрегімнен жұлып тастаймын!»

Осылай ойлаған сұлу көрпені тұйықтап жамылып, жаралы серінің төсегіне сырт берді де, сырттан келетін бәле былай тұрсын, өзінің ішінде әзезілдей арпалысып жатқан екі сезімге тастай берік болып, серіге теріс қарап отырып қалды.

XXX ТАРАУ

Қарашы! Табытта да, жатқан кезін
Көз жас пен күрсінудің қанатында
Көресің көкке қанат қаққан кезін —
Сәби жан періштенің санатында
Аспанға боз торғайдай зымыраған
Таңғы шық, кезде самал сыбырлаған

Ескі бәйіт.

Сарайды алуға ат қойғандар алғашқы жеңісіне жетіп, жеңіп алған жеріне бекініп, ал екінші жағы тағы қайтадан қорғануға даярланып жатты; сол екі арада туған таластың кезінде ғымаратшы мен Морис де Браси сарайдың зәулім залында жолығып қалды.

— Фрон де Беф қайда? Қаза болды деген сөз рас па?— деп сұрады қарама-қарсы тұсын қорғаушыларды бастап жүрген де Браси.

— Жоқ, тірі,— деді ғымаратшы сабырлы түрде,— әзірге тірі, бірақ оның қалқанындағы өгіздің басы өзінде болып, ол қалқан он қабат темірмен қапталса да, сонау басына тиген ажалды күрзіден бәрібір сау қалмаған болар еді. Сірә, марқұм болған ата-бабаларына барып көрісуіне санаулы-ақ сағат қалған болар. Сөйтіп, Джон шаһзада ең күшті сыбайласынан айрылатын болды.

— Онда жын-шайтанның дегені болды десейші,— деді де Браси.— Періштелер мен әулие-әнбияларды қолжаулық қылып, олардың бейне ескерткіштерімен оңбаған йомендерді атқылауға әмір етудің ақыры осылай болмақшы.

— Ой, өзің не деген топас едің!—деді ғымаратшы.— Реджинальд Фрон де Бефтің дінсіздігі қандай болса, сенің ырымшылдығын сондай екен. Екеуінде де бір шайнам ақыл болса бұйырмасын: біреуің — көзсіз діншіл болсаң, екіншің — нағыз діннен безген құдайсызсың.

— Benedicite, сері мырза!—деді де Браси.— Тіліңді тарта сөйлеуіңді сұраймын, Патшаһи тәңір иенің өзі біледі деп айтайын, менің құдайға құлдығым сенен гөрі, һәм сенің қауымындағы сыбайластарыңнан гөрі артығырақ. Сион Ғимаратының қасиетті орденіндегі серілердің қауымында діннен безген аз емес деп тегін айтылып жүрген жоқ, соның бірі сэр Вриан де Буагильбер болса керек.

— Бұл біздің сөз таластырып жататын жеріміз емес, одан соң мына сарайды қайтсек қорғап қалатынымызды ойлайық,— деді ғымаратшы...— Ал мына оңбаған йомендер туралы не айтасың, сарайдың сен қорғаған жағында олар қалай соғысты?

— Соғысқанда олар, несін айтасың, албастыдай арпалысты,—деді ,де. Браси — Анадағы садақ, атысында бәйгі алып кеткен жылпостың, дәл өзі-ау деймін.— мен оны сыбызғы мүйізі мен айқара асынған алқасынан таныдым, сол бастаған коп қол сарайдың қабырғасына құмырсқадай қаптады. Міне кәрі түлкі Фиц-Урстың мақтаулы саясатының салдары осы болды— бұл ант атқан құлдарды бізге қарсы бүлікке айдап салып жүрген сол еді ғой. Егер үстіме кигенім оқ өтпейтін құрыш болмағанда, ол мұңдар мені алдақашан-ақ бағылан бұғыша жайғап тастайтын еді. Ол менің панцирімнің әр шығыршығына құлаштай-құлаштай жебе қадады. Панцирімнің астынан киген испан сауытым болмағанда сау қалмайтыным күмәнсыз еді.

— Дегенмен сіздер қорғап тұрған бекіністеріңізді бермей қалдыңыздар ғой?—деді ғымаратшы.— Ал біз мұнарамызды алғызып қойдық.

— Иә, бұл елеулі шығын екен!— деді де Браси.— Сол мұнараны беттеріне ұстап, ол мүттәйімдер сарайды алқымдап қалуы мүмкін. Енді біз алды-артымызды қадағалап тұрмасақ, сарайдың қорғансыз тұрған бір бұрышына, не қақас қалған терезесінің біріне жетіп келіп, күтпеген жерден бас салады. Біздің санымыз сондай аз байқалды, осал тұрған тұсымыздың бәрін бірдей қорғауымызға мүмкіндік жоқ. Адамдарымыз онсыз да қыңқылдап, құлағымыздың етін жеп барады, сарайдың қабырғасынан басымыз қылтиса болды, бізді көздеген жебе жаңбырдай жауады дейді олар. Оның үстіне Фрон де Бефтің өлім халінде жатқаны анау; енді оның қалқанындағы өгізбас таңбасынан да, аюға біткен қара күшінен де қайыр жоқ. Қалай деп ойлайсыз осы, Бриан мырза, қажет болғандықтан, тұтқындарды қолдарына беріп, осы сұмырайлармен бітім жасасақ қайтер еді?

— Не айтып тұрсың өзің?— деп ғымаратшы ақырып жіберді.— Тұтқындарды босатып беріп, қарайған жұрттың бәріне мазақ болмақпыз ба? Түн қараңғысын жамылып, қарусыз -қамсыз жолаушыларды бас салып тұтқынға ала білгенде, әумесерлер мен шошқа бақташылары бастаған қайдағы бір қаңғыбастар мен ұры-қарылар тобырынан тапа - тал түсте, тастан берік қамалды қорғап қала алмай жүрген бұлар да: бір ердің ері екен, шіркін,— деп табаламай ма дос пен дұшпан! Мұндай ақыл қосуға ұялсаң еді, Морис де Браси. Бұл секілді масқара қорлық бітімге барғанымша, мына сарай менің төбеме құлап, қарабет болған тәнімді басып-ақ қалсын,

— Ондай болса, қамалды қорғауға кеттік,— деді де Браси, иығы түсіп.— Дегенмен, маған десең, ең қоры — қолға түскен түрік болсын, әйтпесе ең зоры — құрметті ғымаратшы болсын,- соның ішіңде жанын жерге тастай алмай жүрген ешкімді мен көргем жоқ, Ал енді өзімнің қарамағымдағы жауынгер жасағымнан қырық шақты жігіт қасымда болар ма еді десем, оның ешбір айып-шамдығы болмас деп ойлаймын. О шіркін, қайран менің ардагерлерім! Басшыларыңның жаны бүгін қандай қысылғанын көрсеңдер, найзаларыңның басына тағылған өз жалауым көзімнен бір-бір құшты ғой бүгін! Сондай бір күн болса, онда біз мына оңбаған бүлікшілерді демнің арасында тас талқан қылар едік қой!

— Қиялыңды сен қалай қусаң, солай қу,— деді оған ғимаратшы,— бірақ қолыңда бар жауынгерлермен қорғанды мықты қорғаудың қамын ойла.. Есіңде болсын, бұлардың көбі Фрон де Бефтің шаш ал десе, бас алған малайлары, жергілікті халыққа сансыз көп қорлық көрсетіп, қарғыс алғандардың дәл өздері.

Олай болса, тіпті жақсы,— деді де Браси,— демек, шаруалардың қолына түспеу үшін, бұлар қасық қаны қалғанша қарсыласады. Ал, кеттік, Бриан де Буагильбер, сайысып бағайық бір. не өлі, не тірі болармын, әйтеуір бүгін Морис де Брасидың қимылы асыл текті ақсүйектің ар-намысына лайық болады.— Сол-ақ екен:

— Орындарыңа тұрыңдар!—деп айқай салды ғымаратшы.

Содан, қамалды қолдарынан келгенінше аянбай қорғау үшін екеуі де майданға араласып кетті. Бұлардың екеуінің де бағдарлауы бойынша, қазірдің өзінде жаудың қолына түсіп кеткен мұнараны ең осал жер деп есептейтін. Рас, бұл мұнара мен сарайдың, аралығында су толған терең ор бар. Осы беттен өтпей тұрып, сарайды қамағандар қабырғаға да жете алмайды, қақпаға да шабуыл жасай алмайды. Оның бер жағында, ғымаратшы мен де Брасидың ойларынша, егер сарайды қамаушылар өздерінің қолбасыларының көрсеткен жоспарымен жүретін болса, сол арадан бұлар аянбай қатты шабуыл жасап, сарайды қорғаушылардың қолындағы бар күшін осы межеге тартып алады да, сол уақытта қорғанушылардың басқа бір жерден жіберген зәредей әбестігі болса, соны пайдаланып қалуға тырысады, деп ойлады екі сері. Сарайды қорғаушылардың саны онсыз да жетімсіз болғандықтан, екі сері күтпеген жерден шабуыл бола қалғандай болса, Дереу дабыл қағып, хабар беру үшін бүкіл қабырғаның бойына таратып-таратып, әр жерден сақшылар ғана қоя алды. Серілердің келісімі бойынша, шеткі мұнараның қарсы алдындағы қақпаны де Браси қорғайтын болды да, ал шабуылға ұшырай қалған күнде сарайдың кез келген бөлімін қорғайтын болып, жиырма шақты кісімен ғымаратшы өз алдына қосалқы жасақ құрды.

Сарайдың алдыңғы мұнарасынан айрылудың қорғаушыларға үлкен забыр боп тиген тағы бір себебі — қабырға ол.мұнарадан анағұрлым биік болса да, қорғаушылар қарсы жақтың қимылын бұрынғыдай бақылап отыра алмады. Шалғынды өзектің бойындағы ағаш пен шілік мұнараның екі жақтағы қақпасын өте мінбелеп өскен еді, сол ағаштың ара-арасымен сарайды қамаушылар өз кісілерін қорғанушылардың ішіне тіпті байқатпай еткізіп жібере алатын еді. Сондықтан мықты шабуылдың дәл қай тұста болатынын алдын ала біліп отыруына де Браси мен ғымаратшының мүмкіндігі болмады, қашан да болса, жауының қоршауында қалған қарсыластар шабуылдың қай уақытта, қандай жолмен басталатынын біле алмай іш құса болады ғой; сол сияқты, сарайды қорғаушылар қандай табанды, қандай батыл болса да, осы жұмбақты шеше алмай, зығырданы қайнады да отырды.

Бұл кезде қоршаудағы сарайдың әміршісі, тәні мен жаны бірдей қиналып, өлім халінде жатыр еді. Сол заманның діни ырымын орындап, шеркеудің айтқан қайыр-садақа, бітір-зекетін дін жолына үйіп-төгіп, жан азабын сонымен сатып алу сияқты ескі сенім мұнын әдетінде жоқ болатын. Осындай әдет - ғұрып жолымен сатып алынған және шынты -пейілімен тәубе қылғаннан кейін келген жан тыныштығы апиын ішіп, талып жатудан гөрі денесі балқып, шын ұйқыға батқан адамның табиғи халіне ұқсас болатын да, ар -инабатын қинаған жан азабынан бұл әлдеқайда жеңіл тиетін. Тоңмойын, қомағай адам Фрон де Бефтің толып жатқан кемшіліктерінің ішінде ең күштісі пайдакүнемдік еді: алтын беріп, жер-сумен қарасып, күнәсына кешірім алудан гөрі, шеркеуді және оның дін иелерін керек қылмай, кеудесімен соғып жүре беретін. Қажет болғанда құдайды аяққа басып кететін жанның бірі ғымаратшы Буагильбер: Фрон де Беф әдет-ғұрып заңдарына мойынсұнбай, керек қылмай жүргенде тым болмаса соның орынды себебін де айтып бере алмайды деп аныптағанда өзінің әріптесін мүлде қате түсінетін; өйткені бек бұған: шеркеу езінің товарын өте қымбатқа сатып жүр, олардың саудаға салып жүрген жан азаттығын, Иерусалим орденінің ең үлкен бастығының шені сияқты, «орасан көп сомаға» сатып ала беруге болады дей беруші еді және тағы сол Фрон де Беф дәрігерге ақша төлемеу үшін медицинаның емдеу, сауықтыру қасиетіне де қарсы тұрушы еді.

Енді міне, жер бетіндегі жалған қызығының барлығы да сән-салтанатынан айрылып, қаталдығы тиірменнің тасына тең мейірімсіз бектің жүрегін ақыр аяғында келешектің көзге түртсе көргісіз тұманы басып, жанын қоярға жер таппай, зәресі зәр түбіне кетіп жатқан түрі мынау. Бектің денесінің қалтырап-дірілдеп сандырақ қалпына ауысуы жан азабын онан сайын күшейте түсті; оның өлім аузындағы сағаты өмірбақи жібімейтін мінез-құлық пен сұмдық қорқыныштың жағаласып алпарысқан ит жығысында өтіп жатты: бұл бір еш амал-айласыз мүшкіл болған және зәре құты қалмаған хал еді, Мұндай халді тек ешбір арызың мен мұң-зарыңды қабыл алмайтын және зәредей жақсылық, кеңшіліктен үміт етуге болмайтын, ар-намысының оянуы тәубе қылып, шүкіршілік етумен еш уаққытта қабыспайтын, ешбір шарасыз жан азабының әмірі жүрген һәм және бұл азапта ешбір шек, ешбір ақыр болмайтынына көзің жеткен қаһарды патшалықтың құзырында қалумен ғана теңеуге болатын еді!

— Қайда құрып кетті, әлгі бір поп, монах дегендері,— деп сандырақтады бек, өлім халінде жатып,— бұлардың әлгі кісі құнын алып, ажал ғыбадатын жасайтыны қайда! Қайда жүр,әлгі жалаң аяқ діншілдін бәрі! Кезінде Фрон де Беф қарт олар үшін Анна әулиенің монастырын құрып, соншама құнарлы егінжай мен шүнгін шөпті мал өрісін мұрагерінен тартып алып, сол иттердің пайдасына бермеп пе еді! Қайда жүр енді сол аш Нирик төбеттер? Дәу де болса, бір жерде маскүнемдікке салынып, шарап пен сыраны судай сіміріп, қайдағы бір сүмелек мұжықтың төсегінде қыз ойнақ салып жатқан шығар?.. Ал мені, бір кезде өздерің құдайдай жарылқаған құдіретті қожасының мұрагерін, мәртебелі мақтау хаттың бұйрығы бойынша, онсыз да ғыбадат дұғасын оқуға міндетті қасиетті адамдарын сұмырайлар иман - жаназасыз қалдырып, далада қаңғып жүрген бұралқы иттің өлімінде кетірмекші. Айтпақшы, әлгі ғымаратшыны шақырыңдаршы: бәрібір, ол да дін адамы ғой, сол бірдеңе жасасын. Жоқ, оны қоя тұр: не ұжмақпен, не дозақпен ісі жоқ Бриан де Буагнльберге өсиет айтқызғанша, шайтанның өзіне ғыбадат еткенім жақсы. Бір жерде егде тартқан адам өзін шын өзі айтса да болады, олардың екі жүзді, поптарға жалынып-жалпайып та, оларға ақы төлеп те қажеті жоқ дегенді естігенім бар еді. Бірақ менің оны істеуге де бетім жоқ қой.

— Ой, Фрон де Беф те бірдедеге бетім жоқ деп, мойындайды екен-ау?—деді оның төсегінің жанынан, әлдекімнің үзіліп шыққан ащы даусы.

Мынадай сауал естіліп қалған да, өзінін ар-инабаты сондай пығылпын адам — Фрон де Бефтің, аза бойының қаза болғаны сондай, өлім аузындағы адамды жын-шайтан қамап алып, ақыры оның түзу жолмен кетуіне жол бермейді екен дейтін сол заманның ескі нанымы мұның да басына келіп, мына естіп тұрған дауысы сол әзәзілдің бірінің дауысы екен деп қалды.

Фрон де Беф селк ете қалды да, бірақ соның арасынша өзінің әдетіндегі батылдығына сүйеніп:

Сен кімсің? Қарқылдаған түңгі құзғынның дауысымен менің сөзіме үн қатып тұрған кім бұл? Кім де болсаң өзіңді көрейін, менің мына төсегімнің алдына келші—деп ақыра сөйледі.

— Мен сенің періңмің, Реджинальд Фрон де Веф,— деді әлгі дауыс.

— Ондай болса, түріңді көрсетші өзің, мен сенің қандай пері екеніңді көрейін,— деді өлейін деп жатқан сері.— Мен сенен қорқып кетеді екен деп ойлама. Құдайдың қаһарлы сотының алдында да айтарым осы, егер мен жер үстіндегі қауіп-қатермен бұрын қандай күрессем, енді мына өзімді қамап отырған құбыжықтармен сондай күресетін болсам, онда мені күрсетен қашады екен деп, жаннатта да, жаһаннамда да ешкім айта алмас.

— Өзіңнің күнәларыңды ойла, Реджинальд Фрон де Веф - деді жердің астынан шыққандай, қорқынышты жат дауыс.— Өзіңнің бұзақылығыңды, дүниеқоныздығыңды, қанішерлігіңді ойла! Ақсақалды әкесіне, ер көңілді инабатты арасына қарсы азғын Джонды айдап салған кім? Білемісің?!

— Мейлің пері, мейлің монах, я тіпті жын-шайтанның өзі бол, кім де болсаң, айтып тұрғаныңның бәрі жалған, бәрі өтірік!—деп ақырды Фрон де Беф.— Мен емес, Джонға бүлік шығартқан, жалғыз мен емеспін. Онда бүкіл орталық Англиядағы графтардың өңшең ығай мен сығайы, елуге тарта серілер мен бектер бар, бүкіл мемлекетте бізден артық жауынгер ер-азамат болған емес. Ылғи сен тұр, мен атаның, дегендей елу ердің күнәсына мен неге жалғыз жауап беруім керек? Суайт пері, мен сенің бетіне түкіремін! Кет аулақ, қайта келуші болма! Егер өзің ажалды білетін болсаң — менің де жайыммен тыныш өлуіме пұрсат бер; ал егер шайтан болсаң — онда сенің ажал уақытың жеткен жоқ

— Жоқ, мен сенің жайшылықпен өлуіне пұрсат бермеймін,— деді және сол дауыс.— Өлеріңде сен өзіңнің жасарап зұлматтарыңды, мына қабырғалардан естілген қайғы-қасірет, зар-мұңды, сарайынның еденіне сіңген қып-қызыл қанды ойлай өлесің.

— Сенің қыңсылаған қарғыс-қастығың бәрібір мені есімнен тандыра алмайды—деді Фрон де Веф, зорланып шыққан қамырықты күлкімен.— Ал енді арамза жебірейді алсақ, менің оған жасаған қысасым — құдай алдында адал іс; қолын сарациндардың қанымен жуған жандар онда неге әулие атанады? Ал мен көзін жойған саксон шошқалары — отанымның, ата - бабамның, әміршімнің дұспандары. Ха-ха-ха! Көрдің бе сен мені жерлей алмайсың. Немене, қаштың ба? Үніңді өшірдім бе, бәлем..

— Жоқ, әкесін өлтірген қаскүнем, өшіре алған жоқсың үнімді, - деді. тағы сол дауыс,—Өзіңнің әкеңді білесің бе, соның өлімін есіне түсірші, туған ұлының қолымен төгілген қанды, сол қанмен жуылған залдың еденін, сол залда болған тойды есіңе түсірші.

— Aһa.— деді бек бірқатар үнсіз қалып барып.— Сен оны да біледі екенсің! Сен, нағыз монахтар айтатын, дүниенің төрт бұрышынан хабардар перінің дәл өзі екенсің! Бұл сыр тек менің көкірегімде және мені шағыстырып, қылмысқа айдап салған әзезілдің көкірегінде көміліп қалды ғой деп ойлаған ем. Аулақ кет, әзезіл, менің жанымнан! Саксон мыстаны Ульриканы іздеп тап. Біз тек сол екеуміз ғана куә болған қылмысты саған жеткізген сол ғана. Бар деймін соған өліктің жарасын қолымен жуып, оны өз ажалынан өлген кісінің суретіне кіргізген сол болатын. Бар енді, соған бар: мені қылмысқа айдап салған да сол; осындай нас қастандықты жасатқан да сол; сол қастандықтан асып түсетін қастандық істеп, оны менің алдыма келтірген де сол. Ал енді мен тартқан азапты ол да татып көрсін—дозақтың азабы да бұдан артық болмайды.

— Ол азапты Ульрика сенсіз де татып көрді,— деді Ульрика. Фрон де Беф бектің төсегіне жақындап келіп.— Ульрика ол у құйылған аяқтан әлдеқашан ішіп көрген, бірақ сол улы аяқтан сенің, де ішкеніңді көрген соң, оның уыты қазір қайтып қалды. Сен, Реджинальд, бостан-босқа тісіңді қайрап, бостан-босқа көзіңді алартасың, енді жұдырығыңды түйетін де ештене қалған жоқ. Есімін саған мирас қылған, аты шулы бабаңның қолыңа тартып, сенің қолың да бұдан біраз бұрын бір қойғаннан өгізді құлататын еді, ал қазір сенің қолыңда, менің қолым сияқты, әлсіз, онымен тышқанды да ұрып жыға алмайсың.

— Сұрқия, құтырған жезтырнақ!—деді Фрон де Беф.— Қанқұйлы құзғын! Түбіне жеткен адамыңды қорлауға келген тағы сен бе едің?

—- Иә, Реджинальд Фрон де Беф,— деді кемпір,— бұл мен, Ульрикa, өзің өлтірген Торкиль Вольфгангердің қызымын, сен бауыздаған алты ұлдың қарындасыңмын. Сенен және сенің бүкіл тұқым-тұғияныңнан есеп ала келген, бұл менмін: менің әкем, оның үй-іші, менің атым, ар-ұятым — қарғыс атқан Фрон де Бефтіі тұқымы тартып алған барлық мал-жан, дүние-мұқамалым не болды, одан не қалды? Менің басымнан кешкен барлық -зорлықтың бәрін ойлан да соған жауап бер: менің айтып тұрғаным ақиқат па? Менің албастым — сен болғансың, Ал енді сенің албастың—мен боламын. Саған мен ақырғы демім, шыққанша азап тартқызамын.

— Сұмырай мыстан,— деп ақырды Фрон де Беф,— бәрібір сен менің өлімімді көре алмайсың Әй, Жиль, Клеман, Юстес, Сен-Мор, Стивен, қайдасыңдар! Мына жексұрын жезтырнақты ұстап алыңдар да дуалдың үстінен тастап жіберіңдерші Ол бізді саксондарға сатып жіберді. Әй, Сен-Mop, Клеман, оңбаған қорқақтар, өңшең құлдар, қайда құрып кеттіңдер?

— Ал кәне, тағы шақыр құлдарыңды, батыр неме,— деді кемпір мысқылдай күліп,— шақыр өзіңнің меңдік ерлеріңді, кешігетін болса, дүре соқ, түрмеге қама. Бірақ біліп қой, мықтымсынған әңгүдік, қазірден бастап, саған жауап беретін де, жәрдем ететін де, бағынатын да жан болмайды. Мына қаһарлы дауысты естимісін?—деді кемпір, енді қаһарын тігіп; қиян-кескі ұрыстың жаңғырыққан дабылы осы араға тағы жете бастап еді.— Мынау айғай сенің үйіңнің күйрегенін естіртіп тұр. Судай тасыған қызыл қанның ағынымен нығайған Фрон де Беф атты бектердің құдіретті ордасын —өзіңнің ит етінен жек көрген жауларың шаңырағың ортасына түсіріп, қиратып келеді. Білесің бе, Реджинальд, бұл келіп қалған сакстар! Сенің сарайыңның қабырғасына ат қойып, қаусатып алып жатқан сол сен жексұрын көрген сакстар! Таяққа жығылған құл құсап, ал сен мұнда нағып жатырсың? Сенің тебренбес берік қамалыңды, мына алып жатқан сакстар ғой!

— Қураған қу шұнақ құдай!—деп шыңғырды жаралы сері.— О, шіркін дүние, бұрынғы күшім қайтып келіп, тым болмаса, сонау майдан болып жатқан жерге бір жетіп, нағыз сері өлімімен қаза тапсам, еш арманым болмас еді-ау!

— Одан дәмең болмасын, жауынгер батыр!— деді кемпір.— Сен адал жауынгер құсап өлмейсің, аңшы шаруалар ініне түтін салып, қуып шыққанша ұрып алатын түлкі құсап елесің.

— Өтірік айтасың, сұмырай мыстан!—деп айқай салды Фрон де Беф.— Менің малайларым — ер жігіттер, менің сарайымның қабырғасы құрыштай берік, асқардай биік! Менің жауынгер жолдастарым — маған десе, сакстарды Хенгист пен Хорсанын өзі бастап келсе де, олардың қаптаған қалың қолынан да қорқып қалмайды! Ұрыстың мынау айқай-шуынан асып естіліп тұрған — ғымаратшы мен ерікті жасақ жауынгерлерінің айбынды ұрақы. Ар-намысыма сыйынып айтсам біз жеңісіміздің қуанышына арнап, ұран отын жаққанымызда, сол отқа өзін де жанып кетесің — сенің тәнің түгіл, сүйегіңе дейін өртеніп кетеді! Ал мен сенің жер бетіндегі оттан жер астындағы дозақ отына түсіп, сенен жаман әзезілді ешқашан жаратып көрмеген жын-шайтан патшалығының қарамағына өткен уақытыңды білетін кезге дейін өмір сүретін боламын.

— Нені ойласаң оны ойла,— деп жауап берді Ульрика,— бірақ қазір басқа бір нәрсеге көзін жетеді...— Сонсоң ол өз сөзін өзі бөліп, қайтадан бастады: — Жоқ, олай емес екен, сен қазір өз тағдырыңның не болатынын өз көзіңмен көретін боласың; бұл тағдырды даярлаған менің мына әлсіз қолым болса да оны сенің ешбір құдіретін де, күшін мен ерлігін де тоқтатып тұра алмайды. Мынау бөлменің ішінде, үздік-создық боп, будақтап жүрген жат иісті түтінді байқаймысың? Мүмкін, сен мұны көзің қарауытып, өлім алдында тұншықтырып бара жатқан тыныс тарылуы деп ойларсың? Жоқ, Реджинальд, мұның басқа себебі бар. Осы бөлмелердің астына жиылған, жер астындағы шілік, отын есіңде бар ма?

Ей, қу қатын!—деп шыр ете қалды, жаны шошып кеткен Фрон де Беф.— Шыныңмен сол шілікке от қойып жібердің бе? Бәсе, солай ғой — от қаулап, сарайды жалын алып барады.

Иә, өрт шапшаң қаулап келеді,— деді Ульрика, жайбарақат сес көрсетіп.— Көп кешікпей, өртті сөндіруге ұмтылғандарды тықсырып, қуып шығыңдар деп, қамаушыларға белгі беремін. Қош бол, Фрон де Беф! Баяғы сакстардың ертеде табынған құдайлары: Миста, Скотула, Зернобоктар, яғни қазіргі монахтар пері деп атайтын аруақтар саған өсиетші боп, өлім бесігінен орын алсын — ал, Ульрика сені тастап барады енді. Бірақ есіңде болсын, егер ол саған жұбаныш болатын болса, Ульрика сенімен бір жолмен жүріп барып. сұмдық зұлматтарыңа қандай ортақ болса, біліп қой, сол сияқты тартатын жазаңды бөлісіп алуға жарайды. Қош бол, әкесін өлтірген жауыз, біржола, мәңгі қош бол! Мынау төбеңдегі күмбездің әрбір тасына тіл бітіп, «әкесін өлтірген малғұн!»—деп қақсап тұратын болсын.

Осыны айтып, кемпір бөлмеден шығып кетті, мұны Фрон де Беф те естіп жатыр —есіктің бақандай кілті сықырлап, құлыпты екі қайтара бұрап жіберді, сонымен бірге бектің де құтылуынан үміті үзілді. Ыза-кектен жарылып кете жаздаған бек барып кеңірдегін созып, малайлары мен әріптестерін шақыра бастады:

Стивен мен Сен-Мор! Клеман мен Жиль! Мен ешбір жәрдемсіз, жалғыз қалып, отқа жанып кететін болдым. Көмекке келіңдер, көмектесіңдер! Буагильбер батыр, ер жүрек де Браси Бұл мен, Фрон де Бефпін, шақырып жатырмын сіздерді! Бұл мен, сендердің қожаларың, сатқын құлдар! Сендердің одақтас серіктерің, арың, дінің сатқан алдаушы сері болмыстар! Мені өлімге байлап беріп, жалғыз тастап кеткендерің үшін қарғыс атсын, тас төбелеріңнен, опасыз қорқақтар!.. Бірақ,олар еститін емес, естімейді де: менің дауысымды ұрыстың ұран айқай шуы басып кетті. Мына қап-қара түтін бірден-бірге қойылып, еденді от жарып өтіп келеді. О, дүние, ең болмаса. бір жуатын таза ауа болсайшы, одан соң мейлі, өлім келе берсін! - Ақылынан адасып, есуас сандыраққа көшкен, әрі ыза-кек жүрегін өртеген бақытсыз жан әр нәрсені бір далбастап, жауынгерлерге бұйрық беріп жатқан қолбасымын деп білді,өзін, әйтпесе, бір шәлдірік-шүлдірік бірдеңелерді былдырлап, біресе өзін, одан ары барлық адам баласын қарғап-сіледі, тіптеп алысқа сілтегенде, жер-көкке, бүкіл ғарсы-гүрсі, Лаух — Ғаламға қарғыс жаудырып шықты.

— Әне, будақ-будақ түтіннің арасынан, жалақтап қызыл жалын көрінді!—деп дауыстады ол.— Алай-түлей сұрапыл туын көтеріп, әне, албасты келеді маған қарсы. Жоғал аулақ, жын-шайтан! Мен өзімнің жолдастарымды алмай, сенің артыңнан бармаймын! Солардың бәр-бәрі де, сарайды қорғаушылардың бірі қалмай, бұйырылған сонда. Сеніңше, Фрон де Беф бармақ па жалғыз? Жоқ, ол болмайды! Діннен безген ғымаратшы, зынақор де Браси, сұмпайы ойнасқор мыстан Ульрика, бар ісіме жәрдемдескен малайларым, менің тұтқындарым — саксон төбеттері, ант атқан жебірейлер, міне соның бәрі барады менімен... Дозақ жолында бірге жүретін өңшең менің ығай мен сығай серіктерім! Ха-ха-ха!—Сандырақтаған бек қарқылдап күліп еді, оған қоса күмбез жаңғырық көтерді.— Кім мұнда қарқылдап тұрған?— деп әлдеқандай бір өрескел. үнмен Фрон де Беф ақырып жіберді. Өйткені оның ессіз күлкісін ұрыстың айқай-шуы да басып кете алмап еді.— Кімдер деймін, күлген? Сенбісің, Ульрика? Жауап қатсайшы, жалмауыз кемпір! Тек тіл қатсаң болды — көшейін мен саған. Мұндай минутта күлу сенін ғана қолыңнан келеді, әйтпесе ол күлген сайтан! Кет, бәлекет! Кет! Кет!

XXXI ТАРАУ

Ұмтыл алға, достарым! Бұзып жол сап,
Ағылшын денесімен жауып қоршап,
Алайық бұл қамалды!— көрсін сол шақ
Сұм дұшпан ағылшынның кереметін,
Тумыстан, тәрбиеден бойға сіңген
Жау жүрек, қайтпас қайсар ер келбетін.

«Король Генрих»

Седрик Ульриканың сөзіне онша илана қоймағанмен, оның берген уәдесін Қара Сал мен Локсли йоменге айта келді. Қиын - қыстау күн туғандай бола қалса, қамаудағы қамалда сарайға есік ашатын өз кісісі болғанына бұлар да қуанды. Қайткен күнде де қамалды ат қойып, басып алу керек деген сакстың ақылына Қара Дәу де, Локсли де сөзсіз қосылды, өйткені Фрон де Беф бектей жауыз адамның қолына түскен тұтқындарды құтқарып. алатын жалғыз жол осы ғана болатын.

— Альфред корольдің ұрпағы қатерде қалды,— деді Седрик.

— Бекзат қыздың ар-ұяты да қатерде,— деді Қара Сал.

— Менің иығыма асылған Христофор әулиенің бейнесіне сыйынып айтайын,— деп серттесті ер йомен,— егер әңгіме тек адал, сенімді қызметкер, Вамба байғұсты құтқарып алуға дайын тұрса да, мен ол үшін қол-аяғымды да аямас едім, тек оның, басынан жалғыз қылшық жығылмайтын болсын дер едім!

— Менің сөзім де сол,— деді машайық.— Өздерің ойлаңдаршы, мырзалар! Оны қанша ақымақ десек те, ол өзі ешкімге жазығы жоқ, ер көңілді ақымақ және тағы қолға алған ісін ұқсатып жіберетін бес аспап жігіт; мен оны ана жүрген монахтардың, ең ақылдысына да айырбастамаған болар едім. Ол жігіт керек болса, құдайға да ғыбадат ете алады, тіпті болмаса, оны тастай беріп, айбалтасын оңды-солды бірдей сермеп, жауға да шаба алады!—Осыны айтып, сопысынып жүрген біраздарымыз қолындағы зілдей шоқпарын басынан асыра дөңгелетіп, оны бір малшының шыбығынша дөңгелек ойнатты.

— Тауып айтасың, тақсыр бірадар!—деп оның сөзін Қара Сал қостап қойды,— Сенің сөзің тура Дунстан әулиенің өз сөзіндей. Ал енді, еңіреген ерім жақсы Локсли, ардақты Седрик біздің қолымызды бастан, шабуылға алып шықпай ма?

— Жоқ, мен бастай алмаймын,— деді Седрик,— Біздің туған елімізді норман зорлықшылары жаулап алып, оған мызғымас берік қамалдар орнатып қойды ғой, мен соны қоршау, қорғау өнерінен хабардар емеспін. Ал енді ұрысқа кіру керек болса, мен соның алдыңғы қатарында соғысуға даярмын. Бірақ менің солдат болмағанымды, қамалды бұзып алу өнерін үйренбегенімді тату-тәтті көршілерім біледі.

— Олай болса, инабатты Седрик,— деді Локсли,— мергендерді мен бастап барайын, осыдан егер мен бастаған жасақ қабырғадан қыбыр еткен тірі жанды қардай бораған сұр жебенің астына алмаса, біздің табыспақ орнымыз зәулім емен бар ғой, мені соған асып қойыңдар.

— Дұрыс айттың, ер йомен!— деді Қара Сал.— Ал енді қолбасы болуға мені лайық көрсеңдер, егер осы ер азаматтардың ішінен нағыз ағылшын серісінің соңына еретін жеткілікті жасақ шықса, мен өзімнің өнерімді аямай орталарыңа салып, шын соғыс тәжірибесін көздеріне көрсетейін; менің шын ағылшын серісі екеніме шүбаларың болмасын — сондықтан да сарайдың қамалын бұзуға сендерді бастап барамын.

Сарайға шабуыл жасағандағы өз орындарын тағайындасып алып, қамалды қамаушылар қабырғаға ат қойды; оның нәтижесі оқырмандарымызға бұрыннан мәлім болса керек.

Шеткі мұнараны алғаннан кейін, Қара Сал осы қуанышты Локсли йоменге хабарлау үшін кісі жіберді; сонымен бірге алынған бекіністі қайтаруға тырысатын қамаудағылардың тосыннан қайыра шабуыл жасауына мүмкіндік бермей, Локслидың оларды қадағалап бақылай тұруын өтінді. Сері ең алдымен.жаудық сыртқа шығуына жол бермеуді көздеген еді; өйткені өзі бастап келген ерікті сарбаздардың қару-жарағы нашарлығын, соғыс өнерінен ешбір мағлұматы жоқтығын бұл жақсы білетін; сондықтан норман серілерінің нөкеріндегі жырынды жауынгерлердің тегеурініне ерікті сарбаздардың төтеп бере алмайтыны өзінен-өзі белгілі еді; қамалдағы кәнігі жауынгерлер қару-жарағының бастан-аяқ сайма-сай болғанының үстіне, әскери тәртіп пен дағдылы жаттығулардың арқасында, бұлар өздеріне-өздері сенімді еркіндігімен басым болатын.

Осы таласты пайдаланған сері қалқымалы көпір яғни тақтайдан құрап ұзын сал жасауға бұйрық беріп, сол арқылы ордан арғы қабаққа өтіп шығамыз деп сенді. Мұндай сал жасау үшін шабуылды тоқтата тұру қажет еді, бірақ оған әскер басылар өкінген жоқ, өйткені қамаушыларға Ульриканың көрсетпек көмегін іске асыруына мүмкіндік беретін еді.

Сал жасалып болғаннан кейін Қара Сал қамалды қамаушыларға қарап мынадай сөз сөйледі:

— Енді күтетін ештеңе жоқ, достарым. Күн батысқа қарай еңкейіп барады, менің сіздердің араларыңызда тағы бір күн болуына мүмкіндік бермей тұрған маңызды жұмысым бар. Оның үстіне Йорктен жауға көмек беретін атты әскер келіп қалмаса, онда бізге құдайдың бергені. Біз асығуымыз керек. Сіздердің біріңіз Локслиға барып, ол сарайдың бізге қарама - қарсы жағынан садақтан оқ жаудырсын, сөйтіп шабуылға шыққан қолша, ілгері бассын деп хабар берсін. Ал сіздер, ағылшынның ер жігіттері, менің қасымда қалып, мұнараның қақпасы ашылысымен салды суға түсіруге әзір болыңдар. Сонсоң тақтайдың үстімен тайынбай ілгері басып, қамалдың негізгі қабырғасындағы сонау қақпаны бұзып кіруіне жәрдемдесіңдер. Ал бұл іске қатысқыларың келмейтіндер, яки тиісті қару-жарақтарың жоқтар, мына алдыңғы мұнараның басынан орын алып, садақтарын жақсылап керіп алсын да, сарайдың, қарсы қабырғасынан көрінген әрбір жауға оқ жаудырсын. Ардақты Седрик, сіз осы қалғандарға бас болып, осыларға бұйрық беріп тұрсаңыз қалай болар екен?

— О, жоқ! Хервардтың аруағы біледі, мен бұйрық бере алмаймын!— деді Сакс.— Бірақ сен бізді қайда бастап барсаң, солардың бірінші қатарында сайыспасам, кейінгі ұрпақ маған моламда жатқанда да қарғыс жаудыра берсін. Заты, бұл менің ар-намысымның борышы ғой, сондықтан жұрттың бәрінің алдында болғаным дұрыс.

— Еркің білсін, асыл тек Сакс, бірақ сенің, үстіңде сауыт - сайманың да жоқ қой,— деп ой салды сері,— басыңдағы жеңіл-желпі дулыға көрінеді, ұрысқа киетін сауыт-сайманның орнына сенің тек қалқаның мен семсерің ғана бар екен..

— Соның өзі жақсы,— деді Седрик.— Мұнымен менің қабырғаға шығуым оңай болады. Және мұнымды мақтаншақтық екен деп қалма, серім, норман болат сауытпен ұрысқа қалай кірсе, саксонның жалаңаш көкірегімен де содан кем түспейтінін мен бүгін дәлелдеп шығамын.

— Ал, құдай оңдасын!—деді Қара Сал.— Қақпаны ашын, қалқымалы көпірді суға салыңдар.

Сол кезде алдыңғы мұнарадан орға апаратын және сарайдың негізгі қабырғасынан сыртқа қарсы шабуылға шығатын қақпаға қарама-қарсы қақпа кенеттен ашылып кетті. Салды бұлар суға түсірді. Ол орға кесе-көлденең, үстіне қатарынан екі-ақ кісі сыйып тұратын түйетайлы, тиянақсыз өткел бола қалды. Жауды тұтқиыл, тосын жағдайда қалдырудың мәні зор болатынын жақсы түсінген Қара Сал, оның соңын ала ұмтылған Седрик қалқымалы көпірге секіріп түсті де, арғы қабаққа жып-жылдам өтіп шықты. Соның арасында сері сарайдың қақпасын балтаның астына ала бастады. Алдыңғы мұнарадан кейін шегінгенде ғымаратшы қасақана қаусатып кеткен көтермелі көпірдің де қалдығы осы қабырғаға сүйеулі тұр еді, жоғарыдан ұрған садақ оғымен құлатқан тастан сол көпірдің қалдығы бұларға біршама қалқан болды. Сол көпірдің көтергіш шығырымен, есіктің маңдайшасымен тұтасып қалған төсеніші Седрик пен серінің төбесін тасалап, оқ қағар болып тұрды. Серіден кейін қалқымалы көпір арқылы өткен кісілердің.мұндай оқ қағар қалқасы болмады да, екі жігіт тура тиген жебеден табан астында тіл тартпай кетті, екі кісі орға құлады, ал қалғандары жан сауғалап, мұнараның ішіне барып тығылды...

Оқтың өтінде тұрған Седрик пен Қара Салдық халі аса қатерде еді. Алдыңғы мұнараға бекінген атқыштардың асау ішіне әрекет, әлек салған оғы болмағанда, сері мен Сакстың не халде болары екі талай болатын атқыштар қабырғадағы оқ қамалдарын мерген жебелерінің астына алып, сарайды қорғаушылардың мүлде берекесін алды; соның салдарынан екі көсемнің басындағы оқ қағар қалқанын қағып түсіреміз деген снарядтарын жау жағы дәл түсіре алмай қойды. Соның өзінде де Қара Салдың басынан төнген қауіп минут сайын арта түспесе, азайған жоқ еді.

Өздеріңде ұяттан ештеңе қалған ба—деп ақырды Браси солдаттарына.— Сарайдың тап қабырғасында мына екі төбет білгенін істеп жатса, сендердің иелерің жауынгер! Анау бip тіс тастарды қабырғадан аударып, бастарына құлатыңдар олардың! Қолдарыңа лом мен сына алып, міне, мына тасты аударыңдаршы, тегі!— Сөйтіп ол сан жерден қиқы-жиқы ирек салынып, жақтаудан салбырап тұрған үйелмендей дәу тасты көрсетті.

Дәл сол минутта қамалды қамағандар Ульриканың Седрикке айтқан, бұрыштағы мұнарасының терезесінен желбіреген Қызыл туды көрді. Алдыңғы бекініске өтіп, қамаудың барысын байқағалы келе жатқан батыр йомен Локсли бұл атой берген белгіні алдымен көрді.

— Иә, Жеңімпаз Георгий!— деп ұрандап жіберді Локсли.— Георгий әулиенің аруағы, Англияға .жар бола көр! Алға басыңдар, батыр йомендер! Сері мен асыл тек Седрикті неге жеке қалдырғансыңдар? Немене, қамалды олар екеуден-екеу бұзбақ па? Әй, шалдуар монах, көрсет қане, тасбиғынның жолында қалай алысатыныңды! Алға ұмтылыңдар. ер жүрек йомендерім! Қамал біздікі болады, сарайдың ішінде біздің одақтас адамымыз бар. Көрдіңдер ме, қызыл жалауды? Бұл біздің сертті белгіміз. Торкилстон сарайы біздікі деген осы! Даңқы жер жарған ар-намысты, белшеден батқан олжаны айтыңдар! Енді бір күштеп жіберсек — қамал біздікі болады!

Осы сөзбен ер йомен садағын кере тартып жіберді де, де Брасидың жаңағы бұйрығымен қабырғадан дәу тасты қонарып, Седрик пен Қара Салдың басына құлатпақшы болған жауынгердің дәл өкпесінен жебе қадап, ту сыртынан бір-ақ шығарды. Екінші бір жауынгер өліп бара жатқан жолдасының қолынан болат ломды жұлып алып, иір тастың астынан өткізе беріп еді, дәл тиген жебе дулығасынан өте шығып, ол жігіт те жақтаудан омақасып барып, су толы орға өлі күйінде құлап түсті, Құралайды көзге атқан керемет мергенінің оғына ешбір сауыттың төтеп бере алмайтынын көрген жауынгерлердің естері шығып кетті.

— Қорықтыңдар ғой, оңбағандар!—деп де Браси айқай салды.— Mount joye Saint Denis! Ломды беріңдер бері!

Сонсоң ол ломды жұлып алып, ауырлығы бірнеше батпан керемет үлкен тастың астынан жүгірте бастап еді, егер бұл тас төмен құласа, қамаушыларға қалқа боп тұрған көтермелі көпірдің тіреулерін күйретіп кетер еді де, олардың ордан өткен қалқымалы салын батырып жіберген болар еді. Бұл қатерге барлық жұрттың көзі жетіп тұрды да, олардың ішіндегі ең жүрек жұтқаны да (онда ер жүрек машайық та тұрған) салға аттап баспай қойды. Локсли Мерген де Брасиды үш: қайтара көзден атып, дәл тигізіп бақты, бірақ үш жолы да оның сұр жебесі де Брасидың оқ өтпес құрыш сауытына тиіп, тайып кете берді.

— Сенін испан сауытыңды сайтан алып кетсе еді!—деп ызаланды Локсли.— Егер оны ағылшын ұсталары жасап шығарған болса, менің жебелерім оны жүндей түтіп, әлдеқашан тесіп өткен болар еді.— Осыдан кейін ол бар пәрменімен: айқай салды:— Әй, жолдастар! Естисіңдер ме, достарым! Асыл текті Седрик! Қайтыңдар кейін! Мынау құз тасын: құлатып тынсын!

Бірақ олар! мұның дауысын ести алмады, өйткені қақпаны құлатып жатқан сері балтасының жаңғырығы маған десең, жиырма кернай тартсаң да, соның бәрін басып кететін еді. Сонда да ақ жүрек Гурт шыдап тұра алмай, төніп келген қатерден Седрикті сақтандыру үшін тура жүгіріп еді, оны ескерте алмай қалған күнде, не көрсе де, Седрикпен бірге көретін еді. Ал оның ескертуі кешігуі кешігетін еді, өйткені орасан үлкен тас орнынан жылжып, қозғала бастаған, де Браси бәрібір оны ойдан төмен құлатып тынатындай кезге келген, міне, дәл сол арада ғымаратшының дауысы де Брасидың құлағына сап ете қалды:.

— Іс бітті, де Браси сарай өртеніп жатыр,— деді ол.

— Не дейсің, есің дұрыс па өзіңнің—деп сері шыңғырып жібергендей болды.

— Сарайдың бүкіл батыс бөлегін жалын алып кетті. Мен сөндіріп едім, бірақ одан түк шықпады.

Бриан де Буагильбер бұл сұмдық хабарды безірейіп тұрып- ақ айтып еді — бұл оның мінез-құлқының мықтылық қасиеті болатын; бірақ бұл хабарды оның аң-таң болған жолдасы басқаша қабылдады.

— Иә әулке-әнбиялар!—деп сыйынды де Браси.— Енді не істейін? Анможадағы Николай әулиеге саф алтыннан шамшырақ орнатайын...

— Антыңды қоя тұр:—деді ғымаратшы оның сөзін бөліп. — Әуелі мені тыңда, өз адамдарыңды алып, төменге түс, сонсоң шыға шабуыл жасайтын кісіше, қақпаны ашып жібер. Ол арада салдың үстінде тұрған екі-ақ адам бар, оларды орға тоғытып жібер де өзің адамдарыңмен алдыңғы мұнараға қарай тура ұмтыл. Соған дейін сыртқы қақпаға мен де жетіп, мұнараға арғы жағынан шабуыл жасаймын. Егер біз сол жерді қолымызға түсіріп алатын болсақ, онда біз өзімізге көмек келіп жеткенше, қорғана аламыз, бұған сене бер, не ең, болмаған күнде, өз ұпайымызды жібермей, сондай шартпен жеңілген боламыз.

— Бұл да жақсы ақыл екен,—деді де Браси.— Мен ез міндетімді орындаймын... Ал сен, ғымаратшы, мені тастап кетпеймісің?

— Міне саған, менің қолым мен биялайым, еш уақытта тастап кетпеймін,— деп жауап берді Буагальбер.— Бірақ тез қимылдауымыз керек! Құдай үшін, тезірек!

Де Браси өз адамдарын дереу жиып алып, төменге, шалқасынан.,ашып таста деп бұйырған қақпаға қарай ұмтылды. Оның осыны орындауы-ақ мұң екен, де Брасимен оның жауынгерлерінің қарсыласуын керек қылмастан, Қара Салдың ғаламат - күші бұзып-жарып ішке кіруіне мүмкіндік берді. Де Брасидың ең алда тұрған екі. адамы табан астында өліп кетті, бастықтарының тоқтатуына қарамастан, қалғандарын кері тықсырып, серпіп тастады.

— Хайуандар!— деп айқай салды де Брасн.— Құтылатын жалғыз жолымызды екі-ақ адамға қолдан беріп қоя бергеніміз бе?

— Енді қайтесің, анауың бір Дәу пері екен!—деді бір қарт жауынгер, Қара Салдың соққысынан тайқақтай беріп.

— Ал Дәу пері болса қайтетін едің!—деп, қыр көрсетті де Браси.— Одан қашып, дозаққа барып тығылатын ба едің сонда? Сарай өртеніп жатыр, сұмырайлар! Тым болмаса жандарың қысылғанда қайраттансаңдаршы, шіркіндер, әйтпесе өзімді-ақ жіберіңдерші соған, мен ол серісымақтың жанын табайын қазір-ақ!

Шынында да бұл күні де Браси өзінің серілік ар намысын ақтап, осы қиын-қыстау заманның руластық соғыстарында ие болған атақ-даңқына лайық екенін көрсетіп еді. Қазір де қабырғаның қақпадан кіре берістегі күмбезді төбесінің асты екі ордың белдескен айқасының майдан жері болды. Бұл екеуінің бірін-бірі күрсілдете соққан дыбысы күмбезді төбенің астында күмп-күмп жаңғырығып тұрды де Брасидың қолындағы — семсер, Қара Салдың қолындағы — зілдей айбалта еді. Айқастың ақырында қалқанымен қанша қорғанса да, де Брасиға қатты соққы тиіп, тас еденнің үстіне ол ұзынынан құлап түсті.

— Жеңілдім де, де Браси,—деді Қара Сал, үстен төніп келіп, қолында — серілердің ұрып жыққан жауын мерт қылатын ажал қанжары (қайрым қанжары деп аталатын бұл қару), дулығасының тамақ бауына ыңғайланып жалаңдап тұр еді,— жеңілдім де, Морис де Браси, сөзге келмей бағын, әйтпесе қазір ажалың!

— Аты-жөні жоқ жеңімпазға жеңілдім деп айта алмаймын,— деді де Браси, әлсіз дауыспен,— не маған атыңды айт, әйтпесе өлтіре бер... Ең болмаса, де Браси аты-жөні белгісіз, бір қараға бағынды деп жүрмесін жұрт.

Осыдан соң Қара Сал жеңілген жауының құлағына сыбырлап, бірнеше сөз айтқандай болды.

— Тұтқынға берілдім,—деді норман, бұрынғы қасарысқан оспадар қалпынан қайтып, мүсәпір боп мойын сұнып.

— Бар, алдыңғы мұнараға бар,— деді жеңімпаз, әмірлі түрмен,— сонда бар да әмірімді күт.

— Оның алдында саған айтар бір сөзім бар,— деді де Браси,— жаралы - күйінде тұтқынға түскен Уилфред Айвенго, қазір дереу жәрдем берілмесе, өртенген сарайда өліп кететін болды.

— Уилфред Айвенго дейсің бе!—деп ақырды Қара Сал,— тұтқында өлейін деп жатыр дейсің! Егер оның басынан бір тал шашы отқа шарпылса, сарайдың барлық халқы өмірімен қоштаса берсін. Қане, көрсетші, ол қай бөлмеде жатыр.

— Әне, анау арада бір бұрандалы көпір бар,—деді де Браси.— Сонымен жоғары көтерілсең, Айвенгоның бөлмесіне барасың... Егер рұқсат етсең, мен ертіп барайын,— деді ол момақай болып.

— Жоқ, бара бер, алдыңғы мұнараға, сонда барып, менің бұйрығымды күт. Мен саған сенбеймін, де Браси.

Осы айқастың және одан соң екі серінің арасында болған қысқа-қысқа тіл қатысудың ақырында, Седрик бастаған жасақ — оның ішінде көрнекті орын алған машайық бар — де Брасидың құты қашып, естері шыққан жауынгерлерін тықсырып отырып, кейін қарай шегіндірді, олардың кейбіреулері сауға сұрап, бас амандауға шықты, енді біреулері, қолдарында енді күш қалмаса да, әлі де қарсыласа берумен болды; ал көпшілігі кең сарайдың ауласына қарай қаша жөнелді. Ал де Брасидың өзі орнынан көтеріліп, өзін жеңген серіге қайғылы халде қарап тұрды.

— Ол маған сенбеймін деді-ау!—деп де Браси ақырын ғана күбірледі.— Бірақ сенетіндей менің не қылығым бар еді?

Сөйтіп ол жерде жатқан семсерін көтеріп, бағынышты түрмен дулығасын басынан шешіп алды да, ордан өткен жерде семсерін Локсли йоменге өткізіп кетті.

Бұл кезде өрт бірден-бірге өршеленіп бара жатыр еді; өрттің сәулесі енді Ревекка жаралы Айвенгоны бағып отырған бөлмеге де түсе бастап еді. Қайта басталған ұрыстың айқай -шуынан ұйқыда жатқан сері оянып кетті. Соның өтінішімен қамқор күтімші қыз айқастың қабырғада қалай өтіп жатқанын байқап, хабарын Айвенгоға жеткізіп отыру үшін терезенің алдынан қайта орын алды; бірақ маңайдың, бәрін иіс-коңысты түтін басып кеткендіктен, алғашқыда қыз одан ештеңе де ажырата алмады. Ақырында будақтаған түтін бұлардың бөлмесіне кіре бастады; оның соңынан шайқастың күңіренген айқай-шуына қарамастан: «Су! су!» деген қатты дауыс естілгенде — өздеріне де жаққа қатер төніп қалғанын бұлар да сезді.

— Сарай өртеніп жатыр!— деді Ревекка;— Өрт! Ал біз қайтіп құтыламыз?

— Қаш, Ревекка, өз жаныңды сақта,— деді Айвенго,— ал маған енді құтылатын айла жоқ.

— Мен сені тастап кетпеймін,— деді Ревекка.— Құтылсақ —бірге құтыламыз, әйтпесе бірге өлеміз. Бірақ, құдіреті күшті құдай-ау, менің әкем не болады, қайран әкем! Оның күні не болады?

Осы минутта есік шалқасынан ашылды да, бөлмеге ғымыратшы кіріп келді. Оның түрі адам көргісіз екен оның алтындаған сауыт-сайманы жеміріліп, майысқан, қанға боялған, ал дулығасының қауырсыны мыж-мыж боп жұлынған, отқа күйген.

— Ақыры таптым-ау сені, Ревекка!—деді ол.— Күйініш пен сүйінішті менімен бірге көресің деген сертіме жеткенімді сен енді көресің. Бізге қазір құтылатын бір-ақ жол қалды. Саған сол жолды көрсету үшін мен он сан кедергі, бөгетті жеңіп келдім, орныңнан тұр да дереу менің соңымнан ер.

— Мен жалғыз ешқайда бармаймын,— деді Ревекка.—Егер сен анадан туған болсаң, егер өзіңде бір тамшы мейір, рақым болса, егер сенің жүрегің мына болат сауытыңдай қатал болмаса, менің қарт әкемді құтқар, мына жатқан жаралы серіні құтқар.

— Сері дейді,— деп ғымаратшы өзінің үйреншікті сүлесоқтығымен жайбарақат жауап берді,— әрбір сері, Ревекка, маған десе, я семсерден, я оттан өліп бара жатсың, мейлі, ол өзінің тағдырына табынуға тиіс. Және тағы қайдағы бір жебірейдің не болғанында менің қандай шаруам бар?

— Құтырған қаныпезер,— деп Ревекка шап ете қалды,— енді сенің арқаңда құтылғанша, одан мына отқа өртеніп өлгенім жақсы!

— Сен оны таңдап тұра алмайсың, Ревекка, мені сен бір рет тоқтатқансың, ал енді екінші рет ешбір жан тоқтата алмайды.

Осы сөзді айтты да, ол зәресі кете шыңғырған қызды ұстай алып, бөлмеден шыға жөнелді, қыздың бақырған айқайына да, Айвенгоның сес көрсетіп, лағнет жаудырғанына да қараған жоқ.

Ғымаратшы, сүмелек төбет, дін орденінің қара бет малғұны! Жаныңның барында жазығы жоқ қыз баланы босат!

Опасыз төбет Буагдльбер! Мен, мына Анвенго, бұйырамын саған! Бұралқы сұмырай! Тоқтай тұр, бәлем, қаныңды төгермін,— деп зығырданы қайнаған сері, ғымаратшыға лағнет айтқан бетінде амалсыз қала берді.

— Айқайыңды естімегенде мен сені таппайтын ба едім, Уилфред, сірә, қалай болар еді,— деді дәл осы минутта бөлмеге кіріп келген Қара Сал.

— Егер сен шын сері болсаң,— деді оған .Уелфред,— мені қоя тұр да, ана қашып бара жатқан кезепті қуып жет, Ровена бикеш пен ардақты Седрикті құтқарып ал.

— Бәріне де кезек келеді,— деді Мықты Құлып серісі,— бірақ алдыңғы кезек сенікі.

Сонсоң ол, Ревекканы оп-оңай ала жөнелген ғымаратшы құсап, Айвенгоны да қолынан ұстап алып, қақпаға дейін жеткізді де, осы жерде екі йоменнің қамқорлығына тапсырып, өзі қалған тұтқындарды босату үшін сарайға қарай қайта ұмтылды.

Сарайдың бүкіл бір мұнарасын түгелімен от алып кеткен еді, мұнараның барлық терезелері мен оқ ататын қамал тесіктерінен жалын сыртқа теуіп, қаулап тұрған. Ал сарайдың басқа бөлімдерінде қабырға мен күмбезді төбенің қалыңдығы әлі де отқа бой бере қоймаған, оның есесіне өрт жалынынан бір де кем соқпайтын адамның қырып-жойғыш, қиратқыш-күйреткіш уыты әлі де болса бұрқ-сарқ етіп, қыз-қыз қайнап жатқан Қамалды қамаушылар сарайдың қорғаушыларын бөлмеден бөлмеге қуып тығып Фрон де Беф жауыздың құтырған шабармандарынан баяғыдан бері қанды кек боп қатқан өштерін алып, адам қанын судай ағызып жүр. Қорғанушылардың көбі соңғы демі шыққанша арпалысты; біразы жан сауғалап, кешірім сұрады, бірақ ондайларға рақым жасағандар да болмады. Айнала аһ ұрған ыңқыл-сыңқыл мен қару-жарақтың сарт-сұрт еткен дабысынан тұнып кетті; өлгендер мен жаралы болғандардың қанынан еденге қақ тұрды.

Осындай әбігердің ортасында Седрик Ровеканы іздеп, бүкіл сарайды кезді, ал ақ жүрек Гурт минут сайын басын бәйгіге тігіп, қожасын қауіптен қағу үшін ол қайда барса, бұл да сонда барды. Ақыры Седриктың жолы болып, тәрбиесіндегі қызын бір кезде тапты-ау әйтеуір, сөйтсе, Ровена бикеш құтылудан күдерін біржола үзіп, Иисустың керіп тасталған суретін кеудесіне қысып алып, дауасыз ажалын күтіп қана қалған екен. Қызын тауып алған соң Седрик оны Гурттың қамқорлығына тапсырды да, жолы жаудан арылған, әлі өрт барып жете қоймаған алдыңғы мұнараға жеткізуді бұйырды. Бұдан соң адал Седрик саксон корольдерінің әулетінен жалғыз қалған еркек кіндікті Ательстанды қалайда іздеп табу мақсатымен, енді соны іздеп жөнелді. Ал бірақ, Вамбаның тапқырлығының, арқасында, сарайдың ескі залына Седрик барып жеткене әумесердің өзі де, оның қанды көйлек жолдасы да бұлсарайдан құтылып кеткен еді.

Мұның мәнісі былай болған: ұрыстың айқай-шуы күшейіп, жан алыс-жан бері шайқас шегіне жеткен кезде, Вамба бар пәрменімен айқайға басқан: «А, Георгий әулие, а аруақты айдаһар! О, Жеңімпаз Георгий әулиенің аруағы, туған Англияны қолдай көр! Ура, біз жеңдік!»—деп залды басына көтерген.Сөйтіп, Вамба, бұл айқайдың қаһары күшті болуы үшін,өздерін қамаған залда тұрған тот басқан ескі қаруды дүңкілдете бастайды.

Ұрыстың қаһарынан онсыз да зәресі кетіп тұрған көршілес бөлмедегі сақшы Вамбаның ұран айқайынан мүлде қорқып кетті де, сыртқы есікті ашықтай-ашық тастай беріп жау қазір ескі залды алып қойды деп айтқалы ғымаратшыға қарай жөнелді. Соның арасынша тұтқындар емін-еркін көрші бөлмеге шығып,одан сырғи отырып, ақырғы айқас болғалы тұрған сарайдың ауласына өтті. Атқа мініп, сайланып алған тәкаппар ғымаратшы Буагильбер де осындай екен, өздерінің атақты көсемінің басшылығымен, осы арадан қайтсек құтылып шығамыз деген сарай қорғаушыларының аттылы-жаяулы азғана тобы соның; айналасында түрлі әрекет істеп, қарманып жүр. Буагильбердің бұйрығымен көтермелі көпір суға салынған еді, бірақ сарайды қамаушылар оны басып алып қойған. Бұған дейін сарайдың осы жағын садақтарынан алыстан атқылап тұрған йомен мергендері өрттің осы жаққа жетіп қалғанын, әрі сарайды қорғаушылардың көтермелі көпірді суға салып, сол арқылы қашып шығуға айналғанын көргенде, олар қақпаға қарай жаппай ат қойған еді, қамаушылардың ойы қорғаушылардың қашып шығуына жол бермей, сарай жанып біткенше мол олжаға батып қалу болатын.

Бұл кезде сарайды қамаушылардың алдыңғы бекініс жағынан ат қойған жасағы да аулаға енді ғана кіріп, аман қалып қорғанушыларды алқымға ала бастап еді, сонымен қорғаушылар қарсы алдынан да, ту сыртынан да шабуылға ұшырап, барар жер, басар тауы болмай қалды.

Жандары қысылып өршеленген, әрі ер жүрек көсемінің қайратымен рухтары көтерілген сарай қорғанушылары асқан ерлік көрсетті; өздерінің сандары да селдіреп қалып еді, сонда да;қару-жарақтары сай қорғанушылар өздерін басынып кеткен қамаушылар тобырын бірнеше қайтара тықсырып, шегіндіріп тастап отырды. Буагильбердің меидікер сарацин құлының атына міңгізілген Ревекканы шағын отряд дәл ортасына алып, қым-қиғаш қанды-ұрыстың жүріп жатқанына қарамастан, ғымаратшы қыздың қатерден тысқары болуын көздеумен болды. Ол керек десе, өз басының да қамын ойламай, болатпен қапталған үш бұрышты қалқанын Ревекканың алдына ұстап, қыздың қасына қайта-қайта келе берді. Тек анда-санда ғана одан бөлініп, алға шығып ұран салар еді де, шабуыл жасаушылардың тым екпіндеп келген бірнеше жауынгерін ұрып жығып тастап, Ревекканың жанына тағы қайтып келетін еді.

Оқырмандарымызға бұрыннан белгілі, жаратылысынан қорқақ емес, бірақ атақты жалқау боп жаралған Ательстан ат үстінде тұрған әйел затын көріп қалды да, Ғымарат серісінің қызғыштай қорып тұрғаны Ровена бикеш екен, оны, сірә, Буагильбер алып қашып барады екен деп түсінді.

— Эдуард әулиенің аруағы ұрсын, мен оны мына өр көкірек серіден қазір-ақ айырып аламын, бұл сері сөйтіп менің қолымнан өледі!—деп Ательстан топқа қарай ақыра ұмтылды.

— Мұның не, батыр? Тоқтаңыз!— деп Вамба айқайлап жіберді.— Асығыс түбі өкініш — асыққан қалар ұятқа,— деген сөз бар. Құдай ұрсын, менің сылдырмақты сайтаныма аян, бұл тұрған тіпті Ровена бикеш емес. Көрмейсің бе, мұның төгіліп тұрған қап-қара шашын. Егер бүйтіп ақты қарадан айырмайтын болсаң, сен қайтып көсем болатын едің, онда мені өзіңе нөкер деп ұқпай-ақ қой. Кім болса соған шыжық боп, күйрете алмай жүрген қабырғам жоқ. Және өзіңнің үстінде оқ қағар болатын сауытың да жоқ қой. Тегі, ойланшы өзің, басыңдағы жібек тақия болат семсерге қалай төтеп береді? Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деген осы екен! Ондай болса Deus vobiscum Ательотан батыр!—деді Вамба, саксты тоқтатамын деп ұстаған камзолының етегін қоя беріп.

Сол-ақ екен, Ательотан бір өліп кеткен жауынгердің қолынан түсіп жатқан шоқпарды ала салып, ғымаратшының жасағына қарай тура ұмтылды; аяқ астында кернеп кеткен ашу-ызаға қосылған арда күшке не шыдасын, кекшіл батыр қолына түскен ауыр шоқпарды оңды-солды сермеп, бетіне келіп қалған қорғаушыларды жапырақтай жапырды. Соның арасынша-ақ ол Буагильбердің қасына екі қадамдай жақындап келіп қалған екен, оны көре салып қатты ақырып жіберді:

— Тарт атыңның басын, діннен безген малғұн ғымаратшы! Жаныңның барында босат бикешті, сен оның тырнағына да тұрмайсың! Атыңның басын тарт деймін саған, қаныпезер қарақшы, өңшең қанішер екі жүзділер орденінен өpic алған мүттәйім!

— Ой, төбет!—деді Буагильбер, тісін қайрап.— Мен саған көрсетейін қазір! - Сион Ғымаратының қасиетті серілер орденін даттап, құдай жолына қарсы тұрудың не екенін!

Осыны айтып, ол атының басын бұрып алды да, оны артқы екі аяғымен аспанға қарғытып, өзі үзеңгіге аяғып тіреп тік тұрды, сөйтіп ат алдыңғы аяғымен жерге түсе бергенде, оның салмағынан да күш алып, Ательстанды алмас семсерімен дәл шекесінен періп кеп жіберді.

Жібек тақия болат қанжарға бұйым емес деп, Вамба дұрыс айтып еді ғой. Ательстан қанжарды темір табанды шоқпарымен қағып жіберем деп текке әуре болған екен. Ғымаратшының алмас семсері шоқпарды шыбықша турап өтті де, жолы болмаған сакстың басына күрзідей тиіп, оны жерге өлтіре құлатты.

— А, Босеан!—деп аруағын шақырды да, ғымаратшы:— Міне, көрдіңдер ме, Ғымараттың серісіне тіл тигізгендердің қалай жермен-жексен болатынын!—деді.— Ал енді құтыламыз дегендерің— еріңдер соңымнан!—деп атынын басын қоя берді

Көтермелі көпірге тура ат қойған Буагильбер, Ательстанның құлағанын көріп, сасқалақтап қалған атқыштардың бей-берекетін шығарып, бой бермей кетті. Оның соңынан өзінің меидікер сарацин құлдары мен атқа мініп үлгірген бес-алты жауынгері ілесе шапты. Ғымаратшының қашуынан туған қатер аса күшті еді, қаша жөнелгенде оның отрядының соңынан қуа жауған садақ жебесінен алай-түлей сұрапыл боран соққандай болды. Ғымаратшы, әйтеуір, өздерінің әуелгі жоспары бойынша, Морис де Браси шабуыл жасап, басып алмақшы болған алдыңғы мұнараға, әупірімдеп, азар жетті.

— Де Браси! Бармысың сен, де Браси!—деп ол келе айқай салды.

— Мен осындамын,— деді де Браси.— Бірақ мен тұтқынға түсіп қалдым.

.— Мен сені құтқарып алайын ба?—дед! Буагильбер.

— Жоқ, құтқара алмайсың,— деді де Браси:—Мен енді жеңген ердің, құзырындағы тұтқынмын, сол сөзімде тұрамын. Өзің құтыла бер. Сұңқар ұшып жетті. Теңізден өтіп, Англиядан көзіңді жоғалт.. Менің саған бұдан басқа айтарым жоқ.

— Жарайды, мейлің білсін, қалам десең, —қала бер,— деді ғымаратшы,— бірақ мен сөзімде тұрдым, оны білесің ғой. Қандай Сұңқар ұшып келсе де, Темплстоу Ғымаратында одан жан сақтап қалуға болатын шығар — ол тауаптың орны ғой, ұясына айналған көк құтанша, мен де сонда барып тығыламын да.

Осыны айтты да ол армен қарай шаба жөнелді, нөкерлері соңынан қоса кетті.

Ғымаратшының қарасы үзілгеннен кейін сарайды қаша алқалған қорғаушылары, ақыры ешбір рақым күтуге болмайтындығын біліп, қамаушыларға жан таласа қарсыласа бер.

Оның бер жағында өрт қаулай түсіп, бүкіл сарайды алып кеткен еді. Бір мезетте ғайыптан пайда бола кеткен ертегінің мыстанынша, осы өрттің құныкері Ульрика, сарайдың түпкі бір мұнарасынан шыға келді де, пұтқа табынушы мәжусилер заманында саксон жырауларының ұрыс майданында айтқан ескі бір айбынды әнін шырқап қоя берді. Кемпірдің желбіреген ұзын шашы дағарадай қауқиып, дөңгелек ойнап кеткен, кегін алғанына есі шыға айызы қанып, көзі жайнап, жанарланып алған, адамның өмір өрмегін иіріп-тарқату әмірі қолында тұрған сиқыршы апайдың біріндей, ұршығын құлаштай сермеп қояды. Өртпен қарап болған сол қырғынның ортасында жүріп кемпірдің салған рақымсыз ұран әнінің бірнеше жолы жұрттың. аузында, ақыз боп қалып, содан келіп біздің заманымызға жетіпті:

1
Қайраңдар қылыш,
Аждаһаның ұлдары!
Жағыңдар алау,
Хенгистаның қыздары!
Жап-жалаңаш жалпақ өткір пышақпен,
Жатқан жоқпыз той асына ет турап.
Қалыңдыққа айқасқан от құшақпен
Қошемет қып, жақпаймыз да біз шырақ.
Қайраңдар қылыш — шулады әне, құзғындар,
Жағыңдар алау — зарлады, әне, қыз мұңдар!
Қайраңдар қылыш — аждаһаның ұлдары!
Жағыңдар алау — Хекгистаның қыздары!
2
Қап-қара бұлтқа оранды сонда дәу сарай,
Сол бұлтқа бүркіт — салт атты қара кісідей.
Жолшысы көктің, асықтың мұнша сен неғып,
Мейрамың әзір.
Қонақ күт, қыздар, қолдарыңнан түсірмей,
Валгалдың сұлу сүмбіл де шашты қыздары
Дүбірлет тойды, даңғыра соғып дулатып
Сарбаздар анау сары аяз түсті ызғары
Келе де жатыр сарайды мынау шулатып.
3
Қараңғы түнек қанатын жайды замұққа,
Топырлап бұлттар тоғысты асау сол маңға.
Кешікпей олар болады қызыл қан соқта!
Ат жалы өрттей, әлегін салған орманға
Ойнақтап шығар бойында тұрған сол батыр.
Замұқ оты өртей, көтерген туы алаулап,
Алапат қырғын көзімен шолып қырда тұр.
Соғысады ерлер аттары майып, жаяулап,
Ал анау сойқан соларға мәз боп қарайды,
Жарадан аққан ып-ыстық қанды жалайды.
Қырылып жатыр! Қырылып жатыр,
Қылыштар турап дулыға басты.
Найзалар шапшып сатыр да сұтыр
Азуын алтын сауытқа басты.
Князьдің сарай салтанат жайын
Аямай жұтқан өрт-жалын жалмап,
Жығылып қоршау сілтеген сайын,
Кіреді әскер қораға аңдап.
Қырылып жатыр! Қырылып жатыр!
Хенгистің бүкіл әулеті қирап,
Хорсаның аты құрыған шақ бұл!
Тағдыры қырсық сағатты сыйлап.
Семсердің серілері сескенбе сен!
Шараптай қанды жұтсын қайқы қылыш!
Мұндай той таба алмайсың еш жерден сен!
Болмайды бұл қырғында қарап тұрыс
Қандарың әзір ыстық тұрған шақта,
Мықты ұста, семсеріңді, тая соқпа!
Аянба, аяма да, қайрат сақта!
Кек алудың кезі келер,
Өшпенділік өрті сөнер,
Қыз басым, келді кезек
Маған да өлер!

Жолындағы бөгеттің бәрін жалап-жұтқап, жан иесіне бой бермес жалмауыз жалын кешкі аспанда айшылық алыстан атой беретін енді бір орасан зор от діңгегіне айналды. Зәулім -зәулім мұнаралар бірінен соң бірі құлап жатты; от боп жанған шатырлар мен арыс салдаулар жоғарыдан төмен қопарылды; ұрыстағы жауынгерлер тықсырылып, ауладан қашып шықты. Олардың аздап тірі қалғандары болса, қашып барып, маңайдағы орманға енді. Жеңілгендер түгіл, жеңгендер де қайран қалып, өрт сұрқына оқшырая, зәрелене қарады; өрттің шашыранды жарығы жауынгерлердің бет кескіндері мен қару-жарақтарын қара-қошқыл өңге бояды. Өзі үстемдік құрған биік мұнарасының басынан саксон қызы Ульриканың ызалы тұлғасы көпке дейін кетпей жүрді. Салған өртінің әміршісіндей, қолын сес көрсете сермеп қойып, сонымен бірге әлде не деп зарланып қояды. Ақыр аяғында, аспаннан жай түскендей, бұл мұнара да сатыр-сұтыр құлап түсті де, өзінің атажау, жауыз дұспандарын жойған от-жалынның тап ортасында Ульрика да опат болды. Көзбен көрген әлеметтерінен жауынгерлердің тілі байланғандай болды, олар бірнеше минут бойы орындарынан қозғалмай қатып қалды, бар болғаны ерсілі-қарсылы шоқынып, дұға қыла береді. Сөйтіп тұрғанда Локслидың дауысы шықты:

— Шаттаныңдар, йомендерім: жауыздардың ұясы күйреді барлық табыс, олжаларыңды алып, табыспақ орынға, Марал төбеге қарай тартыңдар: өзіміздің ақ жүрек адал одақтастарымызбен бірге отырып, бар тапқан-таянғанымызды таңертең сол арада әділетпен бөлеміз, одақтастарымыз бізбен бірге ұлы зауал міндетін ақтап шықты.

XXXII ТАРАУ

Әр мемлекеттің өз тәртібі бар?
Қалалардың ресімі, патшалардың әмірі,—
Тіпті, орман қарақшылары,—
Солар екеш, солардан да
Салт табасың — ұқсас заңға,
Бірақ ол Адам ата кезінен емес,
Заңның бәрі кейін шыққан —
Бірлік табуға дүйім жұрттан.

Ескі бәйіт.

Таңертеңгі күннің сәулесі еменді орманның көкарай шалғынын шапағына бөледі. Шықтың меруерт тамшылары жасыл жапырақта жалтырады. Бұғы баласын ертіп, қалың ағаштың ішінен ашық алаңға шықты; үйірінің алдында кердеңдей басып бара жатқан сымбатты кер маралды аңдып, нысанаға алатын бұл маңда бір де аңшы жоқ еді.

Әлхисса, өзімізге белгілі қарақшылар Марал төбенің баурайындағы табыспақ еменінің айналасына жиылды. Кешегі ұрыстан соң, өткен түнді бұлар тынығуға арнаған еді біреулері — шараппен, екіншілері — ұйқымен айналысып ал қалған көбі өткен ұрыстың әр қилы оқиғаларын әңгіме қылып, әйтпесе жеңістің нәтижесінде бастықтарының қарамағына түскен олжаны санап, біреулері баяндап, өзгелері тыңдаумен уақыт алған.

Түскен олжа аса қомақты еді. Көп дүние өртеніп кетсе де, жүрек жұтқан жігіттер толып жатқан күміс ыдыс, қымбат қару-жарақ, әсем киім-кешекті сонда да олжаға салған. Көптің ортасына түскен тарту-таралғының бөлігін күтіп қалған ер көңілді жігіттер, бірақ көптің олжасынан бір сабақ жіпті өз беттерімен пайда көріп алмап еді.

Қарақшылардың табыспақ жері жасамал еменнің түбі болатын. Бірақ бұл Локслидың Гурт пен Вамбаны алғашқы ертіп келген емені емес-ті. Бұл ағаш күйреген Торкилстон сарайынан жарты шақырымдай жерде, орман ішіндегі шұқырда тұрған емен еді. Қалың бұтағы ығы-жығы шатасып өскен бір орасан зәулім ағаштың түбінен тұрғызылған шым тағынан Локсли келіп орын алды, ал оның орманда қосылған төлеңгіттері жапа-тармағай айнала отырысты. Локсли сонсоң он жағынан — Қара Салға, сол жағынан — Седрикке орын берді.

— Менің алдымен келіп өзім отырып алғанымды айыпқа бұйырмаңыздар, ардақты қонақтарым,— деді ол,— бұл қалың жыныстың ішіндегі әмірші мен боламын: бұл менің патшалығым, егер өзімнің қол астымдағы жердің көлемінде билікті басқа біреуге беріп қойсам, онда менің қарамағымдағы жау жүрек төлеңгіттерім күш-қуатымның кемдігі деп білген болар еді... Ал енді біздің капелланымыз қайда? Шолақ монағымыз қайда кетті бұл? Христиандар істі таңғы ғыбадаттан бастағаны жөн ғой.

Бірақ Копменхерстың бірадарын ешкім көрмеген боп шықты.

— Құдай өзі сақтасын!— деді қарақшылардың көсемі.— Менің ойымша, біздің шат көңіл монах бір торсық шарапқа алданып, азырақ кешігіп жатқан болар. Сарайды алғаннан кейін көргендерің бар ма өзін?

— Мен көрдім,— деді Диірменші.— Фрон де Беф бектің қоймасындағы гаскон шарабының дәмін татпай, тегі кетпеймін деп, бір подвалдың есігін жұлмалап, жер-көктегі әулиелердің бәрін атап жатқан еді.

— Онда,— деді Локсли,— сол әулиелердің барлығы қанша болса, соның бәрі оны мастықтан сақтасын дей беріңдер. Сөйтіп жүргенде оны сарайдың үйіндісі басып қалмаса жарар еді. Ақырғы кезде, Диірменші, сен оны қайда көріп едің, қасыңа бір топ кісі ертіп ал да қазір сонда бар. Қызып жатқан тастарға ордан су құйып, суытып кетіңдер. Ал шолақ монағымнан айрылып қалмау үшін мен үйінді біткенді бір-бір тастан аударып шығуға бармын.

Олжаны бөлгенде басы-қасында болуға бәрінің де аңсары ауып тұрғанмен, көсемдерінің әмірін орындауға барамыз деушілер кеп табылды. Бұл ынта қарақшылардың тақуа бірадарларын жек көрмейтінін көрсетті.

— Ал оған дейін біз іске кірісе берейік,— деді Локсли.— Біздің мына қимылымыздың дүбірі жұртқа тарасымен, де Браги мен Мальвуазеннің, Фрон де Беф бектің басқа сыбайластарының отрядтары соңымызға түсуі хақ, сондықтан біз бұл жерлерден тезірек тайып кетуіміз керек...— Сөзінің соңында ол Сакске қарап:—Асыл текті Седрик мырза, өзің көріп отырған, барлық олжа екі жерге үйілген: өзіңе және жігіттеріңе, жалпы осы ұрыста сойылымызды соққан серіктерімізге таңдаған бөлігіңді ал да үлестіріп бер,— деді.

— Ер жүрек йомен,— деді оған Седрик,— қазір менің жүрегімде — қайғы, көңілім —жүдеу. Ардақты патшамыз Эдуард Исповедниктің ақырғы ұрпағы, асылзат Ательстан Конингсбургский енді жоқ. Сонымен бірге көп үміт, көп тілек жоққа шығып, келмеске кетті. Адам баласының демімен еш уақытта үрлеп от шығара алмайтын ұшқын соның қанымен бірге сөнді. Менің қасымда қалған бірнеше кісіден басқа малайларым оның, қасиетті мәйітін ақырғы жай табатын жеріне жеткізу үшін тек қана менің қайтуымды күтіп отыр. Әрі Ровена бикеш Ротервудка қайтамын деп еді, енді қарулы малайлардың мықты жасағын қосып, бикешті жеткізіп салуым керек. Сондықтан менің бұл арадан әлдеқашан бұрын жүріп кетуім қажет еді. Бірақ мен олжа күтіп қалғаным жоқ, құдай алдында, Витольд әулиенің аруағының алдында, жоқ, оны атай көрмеңіз, мен өзім де және біздің адамдардың ешқайсысы да олжа дегенге жуымайды! Менің тек қана күткен себебім — біздің өмірімізді қорғап, ар-намысымызды сақтап қалғандары үшін сенің өзіңе және ер жүрек жолдастаркыңа алғыс айту еді.

— Жоға, бұл солай ма екен,— деді Локсли,— шынында біздің атқарғанымыз — асырып айтқанда, істің, жартысы ғана. Егер тіпті, сенің өзіңе ештеңенің қажеті болмаса, тым құрыса, көршілеріңе, әріптестеріңе бірдеңе ал.

— Жоқ, алмаймын, егер сыйлайтын болсам, оларға өз қазынам да жетеді,— деді Седрик.

— Ал кейбіреулердің тіпті ақылы мол екен,— деді Вамба,— олар өздерін өздері сыйлапты. Демек, құр қол кеткендері шамалы. Елдің бәрі бірдей ақымақтың қалпағымен жүрмесе керек.

— Онда тіпті дұрыс істеген,— деді Локсли.— Біздің жол - жобамыз—тек өзіміз үшін ғана.

Сол арада Седрик өзінің әумесеріне қарап, оның мойнынан құшақтады:

— Әй, әумесер байқұсым, мені құтқарып алу үшін өзіңді бұғауға салдырып, өлімге байлап беріп жүрген адал қызметкерім, осы сені қайтіп сыйласам екен? Жұрттың бәрі тастап кеткенде, менің қасымда жалғыз сен қалдың ғой, адал әумесерім.

Діні қатты әділ қожасы осы сөзді айтып, көзіне жас алып еді — ол әуелі Ательстанның өліміне де бүйтіп жылаған жоқты; қаза тапқан ердің өлімінен де артық, Седриктың жүйе-жүйесін қозғап жіберген әумесердің шексіз адалдығында тұрған өте-мөте бір зор қасиет бар еді.

— Бұған жол болсын,— деді әумесер, қожасының құшағынан босанып шығып.— Сен менің қызметімді ащы сумен жумақпысың? Бүйте берсең—саған қосылып әумесерің де жылар. Сонда ол қайтіп әзіл айтпақшы? Одан да бері қара, ағатай, егер сен мені шын разы қылмақ болсаң, мархабат ет, тәңір тілеуіңді берсін, сенен бір жұма қызметін ұрлап қалып, ұлыңның басы-қасында болған менің досым Гурттың кінәсын кешір.

— Кешір дейді!—деп Седрик дауыстап жіберді.— Кешірмек түгіл, мен оған сый беремін. Тізеңді бүгіп, отыра қал, Гурт!

Шошқа бақташысы демде айтқанын істеді.

— Сен енді құл да, мендікер де емессің,— деп жариялады Седрик, оны таяғымен нұсқап,— осыдан бастап сеп азат адамсың, бұдан былай қаланың ішінде де, сыртында да, орманда да, беті ашық далада да тұруға хақың бар ерікті азаматсың. Өзімнің Уолбругемдегі ата қонысымнан еншіңе меншікті жер сыйлаймын, менің және барлық семьямның атынан соны иелігіңе алып, өзіңнің және семьяңның игілігіне қазірден бастап түпкілікті иемденіп, мәңгі пайдалан; менің бұл еркіме қарсы тұрушы шықса, оны бір құдайдың өзі атсын.

Осыдан бастап құл емес, азат адам һәм жер иесі Гурт орнынан атып тұрып, екі қайтара аспанға секіріп кетті.

—. Енді маған ара мен ұста керек!—деді Гурт.— Азат адамның мойнынан мына қарғы құрысын! Білесің бе, асыл зат мырзам, сенің сыйыңнан соң мен бұрынғымнан екі есе мықты боп кеттім, сен үшін енді екі есе артық айқасамын! Кеудеме менің азаттық рухы орнады! Қазір мен өзіме де, жалпыға да мүлде төтенше жан боп кеттім!— Сол мезетте иесінің масайрап жүргенін байқаған ит екеш ит те өзінің тілектестігін білдіріп, иесімен бірге секіре бастап еді, оны көріп іші жылыған Гурт:— Немене, Фанге, сен енді қожаңның кім болғанын білесің бе?—- деп қойды.

— Несін айтасың,— деді Вамба,— біз Фанге екеуміз сені ұмыта қоймаспыз, Гурт, жалғыз-ақ біздің мойнымыздан да қарғы түспей тұр ғой; ал бірақ сен бізді ұмытып кетпе және өзің де есіңнен жаңылып кетіп жүрме.

— Сені ұмытқанша, қанды көйлек жолдасым, досым, мен өзімді ұмытармын,— деді Гурт,— ал егер азаттық өзіңе жарасатын болса, Вамба, біздің қожамыз оны сенен де аямаған болар еді.

— Жоқ, бауырым Гурт,— деді Вамба,— сен мені күндеп тұр деп ойлап қалма: дегенмен, құл пештің түбінде жайымен отырғанда, азат азамат майданда сайысып жатады ғой. Өзің білесің, сайыстағы жақсыдан, ас ішіп аяқ босатқан жаман жақсы демеп пе еді, Момсбериден шыққан Олдхели.

Осы кезде келе жатқан аттың дүбірі естіліп, қасына ерген аттылы-жаяулы кеп жасақшылары бар, Ровенна бикеш көрінді. Бикештің аман-есен құтылғанына масайраған сан малай нөкері қолдарындағы найза, айбалталарын ойнатып, шаттық құрып келеді. Ару қыз сән түзеп кербез киініп, жүзіктің кезінен өткендей сұлу торы аттың үстінде, өзінің бұрынғы келбетті, көркем сымбатына кірген. Жалғыз-ақ тұтқында тартқан жан азабын бетінің қаны қашып, сұрлана қалғаны байқатқандай. Арудың әдемі, әсем нұсқасы мұңды еді, бірақ сонда да болашағынан күткен үміті, басына түскен бәледен аман-есен құтылғанына разылық алғысы жанарынан сәуле беріп тұр. Қыз Айвенгоның бірі екенін, Ательстанның қаза тапқанын білетін. Алғашқы хабардан қыздың жүрегі шаттанып, қуанышқа толды, сонымен қатар тағдырдың бұйрығы солай болып, енді Седрикпен екеуінің арасындағы ала көздіктің біткеніне, қамқор әкесінің мақсатымен қайшы келген мәселенің өз-өзінен жайы табылғанына көңілі де көншіп еді.

Ровена Локслидың отырған жеріне жақындап келгенде, батыр йоменнің өзі бас болып, барлық жігіттері орындарынан тұрып, бикештің алдынан шықты. Қыздың бетінде енді ғана ал қызыл шырай ойнап, жігіттерді қолын жоғары көтеріп құттықтады, сонсоң басын иіп, ізет көрсеткенде, оның оралып біткен тамаша ұзын шашы бір сәт атының жалына төгіліп, бикеш қысқаша ғана орынды сөзбен өзіне көрсеткен барлық сый-құрметі үшін Локслидың жеке басына және оның барша жолдастарына разылық алғысын жариялады.

— Сіздерге тәңірім жар болсын,— деді бикеш, сөзінің ақырында.— Бастарыңызды бәйгіге тігіп, қорлық-зорлық көргендерге болысқандарыңыз үшін, батыр азаматтар, сіздерге жақсылық бере гөр деп жаратқан құдайға, мүлтіксіз пәк тәңірия анамызға ғыбадат етіп, жалынып-жалбарынамын. Естеріңізде болсын, іштеріңізде қарны ашып, қадірі қашқандар болса, Ровенадан ішетін тағам табылады, ол түгіл, аңсары ауатындар болса, шарап пен сыра да бізде жеткілікті. Ал егер нормандар сіздерді бұл арадан ығыстыратын болса, біліп алыңыздар, Ровенаның өз жер-суы, орман-тоғайы бар, сондықтан менің қорғаушыларым оны қанша кезіп, аң аулаймын десе, сонша ерікті және тағы мына бұғыны атқан кім деп, ешбір күзетші еш уақытта сұрамайды.

— Біздің де алғысымызды алыңыз, асыл зат, ардақты бикеш,—деді Локсли,— өзімнің және жолдастарымның атынан алғыс айтамын. Алайда сіздің азаттығыңыздың өзі бізге зор. байлық болып табылды. Жасыл ормандарды ерсілі-қарсылы шарлап жүріп, біздер аз күнәға батпаймыз, сол үшін біздің Ровена бикешті құтқарғанымыз сол күнәмыздың кешірілуіне есеп болсын.

Ровена йомендерге тағы бір рет иіліп ізет етті де, атының басын бұрып алып, қашан Седрик Локсли мен, оның қарулас жолдастарымен қоштасып болғанша, кідіріп тұрды. Сол арада қыз күтпеген жерден тұтқындағы де Брасимен бетпе-бет кездесіп қалды. Екі қолын айқастырып алған де Браси терең ойға шомып, бір ағаштың түбінде қалта қарап тұр екен, Ровена оны байқамас деп ойлаған еді. Бірақ ол басын көтеріп алып, қызды көргенде ұялғанынан оның әдеміше бейнесі қып-қызыл боп кетті. Бір минуттай ол дағдарып тұрып барып, сонан соң бір қадам ілгері басты да, қыздың атын сулығынан алып, өзі тізесін бүгіп, бас иді.

— Масқара болған жауынгер, тұтқындағы серіге Ровена бикеш тым болмаса, бір рет назарын аударар ма екен?

— Сері мырза,— деді Ровена,— сіздердің істеріңіздегі нағыз масқаралық, біле білсеңіз, жеңілуіңізде емес, жеңіп кетуіңізде еді.

— Жеңіп кеттіңіз ғой, бикеш, енді жүрегіңіз жібитін шығар,- деді сері, тағы да қоймай.— Менің жалғыз ғана білейін дегенім, бишара ынтықтықтың әсерімен жасалған сорақы ағаттықты Ровена бикеш кешер ме екен, сол күнде де Брасидың инабатты жолмен қызмет ете алатынына көп кешікпей бикештің көзі жеткен болар еді.

— Кештім сізге, сері мырза,— деді Ровена,— христиан қызы болғандықтан кештім.

— Бұл енді саған кешіремін деп тіпті айтпаспын дегені ғой,— деді Вамба.

— Бірақ сіздің нақұрыстығыңыздың салдарынан болған жауыздық пен кесір-кесапатты мен еш уақытта кешпек емеспін,— деді Ровена.

— Босат аттың ауыздығын, ұстама бұл қыздың атын!— деді Седрик, жетіп келіп,— Мына тұрған жарың күнге жалбарынып айтайын, егер тұтқында отырған адам болмасаң, мен сені мына найзаммен қазір-ақ жер жастандырған болар едім. Бірақ, де Браси, сене бер, осы пасықтыққа қатысқаның үшін сен әлі сазайыңды тартасың.

— Тұтқынға қоқан-лоққы жасау қиын емес қой,— деді де Браси.— Бірақ, сакстан қандай әдеп күтуге болатын еді!

Ол екі қадам кейін шегініп, Ровенаны алдынан өткізіп жіберді.

Жүрерінде Седрик Қара Дәуге үлкен алғыс айтып, оны өзімен бірге Ротервудқа жүруге шақырды.

— Маған мәлім,— деді Седрик,— сіздердің бақтарыңыз, саяхат шеккен серілер, найзаларыдның ұшында. Сіздер дәулетке, жер-суға қызықпайсыздар: Ал бірақ, соғыста ұта беру тұрақты нәрсе емес қой, өмірін соғыспен, ел кезумен өткерген адамдарға да оқта-текте жылы, жайлы орын қажет. Сен сондай жайлы жерді, асыл тек серім, Ротервудтан таптың. Жай-жағдайыңды оп-оңай жөңге салып жіберуге Седриктің дәулеті жетеді, өзінің қолында бар мал-мүлкін ортаға салып жіберуге ол әрқашан даяр Сондықтан Ротервудқа жүр, сен онда қонақ емес, маған ұл, не бауыр боп кетесің,— деп ақкөңіл Сакс ағынан жарылды.

— Мен Седрикпен таныс боп, бір кенеліп қалдым.—деді әрі,—Ол маған -саксондардың қайрымдылығын баралауды үйретті. Мен Ротервудқа әлі барамын, адал ниет Сакс, осы жақын арада барып қалармын бірақ сенің шақыруыңды қабыл алып, қазір жүріп кетуіме, ешбір кешіктіруге болмайтын маңызды жұмыстарым жол бермей тұр, Және тағы былайда болуы мүмкін, мен келіп қалармын да тіпті сендей дарқан адамның да мырзалығына сын болатын сын сұрап қалып жүрермін.

— Әлден-ақ бәріне даярмын,— деді Седрик, өзіне созған серінің темір пиялайлы қолын сарт еткізіп, соғып қалып.— Көңіліңе алғаныңның бәрін ал, тіпті бар дәулетімнің жартысын алсаң да, қолыңнан қақпан.

— Ал енді уәдеңді далаға шаша берме,— деді Берік Қақпа Серісі.— Дегенмен, менің ойыма алған сыйлығым бар, сірә, соны алып тынармын. Ал әзірге қош бола тұр!

— Мен саған алдын ала айтып қояйын,— деді Сакс,— асыл тек Ательстанды жайлы орнына жатқызып болғанымызша, мен Конингсбург сарайында тұратын боламын. Бұл күндерде марқұмның сүйегін ақ жуып, арулап қойысамыз дегендерге сарайдың залдары барлық уақытта ашық болады. Мен мұны марқұм Ательстанның шешесі, асыл ана Эдиттің атынан айтып тұрмын оның ішінде әсіресе Ательстанды нормандардың бұғауынан босатып алу үшін ерлік көрсеткен, бірақ норман семсерінен бәрібір құтқарып әкете алмай қалғандар үшін, әрине, сарайдың есігі әрқашан ашық болады.

— Солай, солай,— деді Вамба, енді қожасының қасынан байырғы орнын алған әумесер,— онда ішкен мас, жеген тоқ дегендей, қонақ асы тартылады. Әрине, бекзат Ательстанның өз асынан тамаққа бір тоя алмай кеткені өкінішті-ақ. Бірақ,— деді әумесер, енді байыпты түрмен, көзін аспанға тігіп,— ол марқұм қазір жаннаттың төріңен орын алып, сөз жоқ, сол астан қалағанынша қанағаттанып отырған болар.

— Доғар, көп мылжыңдай бермей, онан да ілгері жүре бер!—деді Седрик Вамбаның күні кеше атқарған қызметі есінде тұрғандықтан, әумесердің өте орынсыз әзіліне Сакс ешбір ашу шақыра алмап еді.

Дәл осы кезде Ровена Қара Дәуге құрметпен сәлем жолдаған қолын кербез бұлғап, жолға шығып бара жатты. Сакс та Қара Дәуге жол болсын айтып, енді бұлар орманның даңғыл жолымен үйіне қайтып кетті.

Бұлардың жүріп кеткені сол еді, орманның ішінен тағы бір топ адам шыға келіп, шоқ ағашты айналып өтті де, Седриктың, Ровена мен оның нөкерінің соңына қарай бағыт алды. Бұлар Седриктың аман-есен құтылғанына арнап мол құдайы бермекші деген хабарды естіп келе жатқан көршілес монасырьдің монахтары еді. Ательстанның қарашылары мәйітті иықтарына көтеріп, қаралы топпен, Конингсбург сарайына қарай жай жылжып келе жатқанда, бұл монахтар марқұмның зембіліне ілесіп, жол бойы аят оқып келген еді. Ательстанның денесі өзінің сонау ата-бабасынан бері қарай мирас болған Хингист руының, бейітіне қойылуға тиіс болатын. Жамандық хабар оның толып жатқан қарашыларына жеткеннен соң, олар бәрі жиылып, мәйіттің артынан азалы топ боп ілесіп келе жатқан. Мұның алдында сұлуға бас игендей, қарашылар енді тағы да орындарынан тұрды. Монахтардың қоңырлатып оқыған аят-хадистері мен мамырлай басқан қадамдары қарақшылардың кешегі ұрыста қаза тапқан қанды көйлек жолдастарын еске түсірді. Бірақ мұндай естеліктер өмірін үнемі қауіп-қатер мен аламан шабуылда өткізіп келе жатқан адамдардың есінде ұзақ сақталып тұрмайды: қазаға байланысты оқылған аят-хадистердің сарыны үзіліп кетісімен, қарақшылар олжа бөлісіне қайтадан кірісті.

— Айбынды сері,— деді Локсли Қара Дәуге дат деп алып,— сіздің жүректілігіңіз бен қуатты қолыңыз болмағанда, біздің жеңіп шыға алмайтынымыз хақ еді, сондықтан мына үюлі тұрған дүние-мүліктен, табыспақ еменді есте қалдыру үшін болса да, бір қалаған затыңызды алмайсыз ба?

— Сіз бұл ұсынысты қандай ақ ниетпен айтсаңыз, мен де сондай адал көңілмен қабыл алдым,— деді сері,— соның үшін менің билігіме Морис де Браси мырзаны берсеңіз деймін.

— Ол былай да сенікі емес пе,— деді Локсли,— дегенмен өзінің бағы бар екен. Әйтпеген күнде ол мына ағаштың ең жоғарғы бұтағында асулы тұратын еді де, оның қасына қолымызға түскен ерікті жасақшыларын тізе беретін едік. Бірақ ол сенің тұтқының, сондықтаи осының алдында әкемді өлтірсе де, мен оған тимеймін.

— Де Браси!— деді Қара Дәу оған,— сен азатсың! Бара біер! Тұтқынға алған кісі сенен өткен қылмысың үшін кек алуы керек еді. Бірақ бұдан былай байқа, бұдан да жаман халге ұшырап жүрме, сақтан! Саған айтам, Морис де Браси, сақтан!

Морис де Браси үн-түн жоқ, бас иіп, енді бұрылып кете бергенде, йомендердің барлығы лағнет айтып мазақтап, ду көтерілді. Тәкаппар сері тоқтай қалып, йомендерге бұрылып қарады да, екі қолын қусырып, бойын түзеп алды:

— Өшіріңдер үндеріңді, өңшең иттер! Бұғыны қоршап алғанда, маңына баруға біреуің де бата алмап едіңдер, енді абалап үре қалыпсыңдар ғой! Де Браси сендердің табалағандарыңа түкірмейді де, сендерден және мақтау да сұрамайды.Тайыңдар өздеріңнің үңгір, үйшіктеріне, қаныпезер тонаушылар. Індеріңнің маңына асыл тек серілер келгенде дыбыстарың шықпайтын болсын!

Жығылған күреске тоймайды дегендей, серінің бұл өрескел қылығына йомендердің көсемі кешірім жасамағанда, самсаған садақтың сұр жебелері де Брасидың түте-түтесін шығарған болар еді. Сөйткенше болмай де Браси Фрон де Бефтің ат қорасынан олжаға түскен көп тарту таралғының ішіндегі ең бір қалаулысы, ерттеулі тұрған серке сан сәйгүліктің шаужайына жабыса қалған екен, ақырғы сәтте соның үстіне қарғып мінді де орманға қарай бір-ақ тартты.

Осы оқиғадан туған әбігер басылған кезде қарақшылардың көсемі жақын арада Ашбида болған мергендер бәйгісінде озып алған неше алуан әшекей-нақышты әсем мүйіз сыбызғысы мен мойнына асқан жүлде бауын иығынан сыпырып алды.

— Асыл зат сері,— деді ол Қара Дәуге қарап,—егер ағылшын йомені ұстаған аңшылар мүйізін қабылдауды ар көрмесеңіз, өзіңіздің айбынды ерліктеріңіздің ескерткіші есебінде осы сыбызғыны тағып алуыңызды сұраймын. Ал егер ойыңызға алған әлдеқандай ісіңіз болып, егер кейде ер жүрек серілердің басына түсетіндей екі талай егес туып, Трент пен Тистің арасындағы орманда достың қол ұшы қажет бола қалса, осы мүйізді алып: «Уо-хо-хо-о!»—деп айқайлатып жіберсеңіз болғаны — сол кезде керекті жәрдемнің айтқанша-ақ жетіп келуі ғажап емес.

Осыны айтты да ер жүрек йомен, сыбызғының қалай ойналатыны серінің есінде қалсын дегендей, оны бірнеше дүркін тартып-тартып жіберді.

— Сыйыңыз үшін үлкен рақмет, ер жүрек йомен!—деді сері тұрып.— Басыма қандай күн туса да, сенен артық және сенің жолдастарыңнан артық көмекшіні мен, сірә, іздемеспін.

Сонсоң ол да мүйіз сыбызғымы қолына алып, айтылғандай дабылды тартып жіберіп еді, оның жаңғырған үні сол тараптың бүкіл орманына жайылды.

— Сыбызғыны жақсы ойнайды екенсің, дауысың қандай таза шығады,— деді йомен.— Сенің белгілі жауынгерлігің қандай ақиқат болса, әйгілі аңшылығың да сондай ақиқат болмаса, мені тұрған жерімде жер жұтсын. Осы өмірінде қаншама аңды қырып салғаныңа кіммен де болса бәстесе аламын. Енді әлгі дабылды жақсылап жаттап алыңдар, достарым: ол — Берік Қақпа Серісінің дабылы болады. Мұны естіп тұрып, атойға шаппағаныңды, қай-қайсың болса да, садағының керме бауымен дүрелеп тұрып, жасақтан қуып жіберемін.

— Көсеміміздің даңқы арта берсін!—деп ұран салды йомендер.— Жасасын Берік Қақпаның Қара Дәуі! Керек болса, қазір шақырсып, біз оған қызмет етуге әрқашан дайынбыз!

Ақыр аяғында Локсли олжаны бөліп, оны жалғыз қылды жарғандай, әділдікпен аяқтап шықты. Бүкіл мүліктің оннан бір бөлігін — діннің сауап ісіне арнап, шеркеудің пайдасына шығарып қойды; тағы сондай бір бөлігін — қауымның ортақ қазынасына бөлді; басқа бір бөлігін — қаза болғандардың жетім-жесір бала-шағасына, артында мұрагері жоқтардың аруағына дұға қылып ғыбадат, сауап әдет-ғұрыптарын орындауға арнап қалдырды. Ал қалған дүние-мүлікті отряд мүшелерінің барлығына өздерінің қабылдаған жол-жобасы бойынша, сіңірген еңбектеріне қарай туралап бөліске салды. Бөле келгенде, күмәнды жақтары табылса, ондай жерде отрядтың бастығы әділ билігін айтып, оның үкіміне барлығы да бағынып отырды. Мұны көріп отырған Қара Дәу заңға шет болған бұл жандардың өз араларында сондай әділ және сондай берік тәртіп орнатып алғандарына қайран қалып, бұлардың көсемдерінің қара қылды қақ жарған нағыз әділ адам екендігін мына көріп-біліп отырған айғақтардың шүбасыз дәлелдейтініне көзі жетіп, таң-тамаша болды.

Отрядтың әрбір мүшесі әз үлесін таратып алды; қасында еңгезердей төрт йомені бар қазына бастығы жалпының ортақ қазынасына қалдырылған дүниені бөлек бір жасырын орынға тасып әкетті; ал шеркеуге бөлінген дүние-мүлік сол күйінде,ортада қалды.

— Біздің шат көңілді капелланымызға бұл не болды екен,— деді Локсли,— менің енді соны білгім келіп отыр. Бұрын мұндай бір мерекемізге бата беру, әйтпесе олжаны бөліске салу керек болғанда, ешқашан ол шеттеп қалмаушы еді ғой. Біздің мына дін жолына бөлген үлесімізді бөлеп-тестеу— соның ісі болатын; мүмкін, осы міндетті орындау — монахтар дәрежесін әлдеқалай бұзып қойса, соны жуып-шайып жіберуге себеп болатын шығар деп ойлап едік. Оның үстіне менің қол астымда тағы бір тұтқын отыр, ол да сол дін адамы болса керек, сондықтан біздің монағымыз осы тұтқынның жайын табу жөнінде маған көмектесер деп біліп едім. Енді сол көңілді бірадарымыздан айрылып қалдық па деп қорқып отырғаным.

— Оған мен де өкініп қалған болар едім,— деді Қара Дәу,— өйткені оның қонақ жайлығы мен құжырасында өткізіп көңілді түнім үшін оған мен де борыштымын. Жүр, сарайдың үйіндісіне қайтып барайық; мүмкін, онда барған соң, одан бір хабар-ошар біліп қалармыз.

Қара Дәудің осыны айтуын күтіп тұрғандай, жоқтап отырған адамдарының келіп қалғанын хабарлап, йомендер шулап қоя берді. Монахтың айналасын дүрліктіре келетін алып дауысы сонадайдан естіліп келе жатты.

— Араларыңды аша беріңдер, балаларым!—деп дауыстады ол.— Өздеріңнің діни пірлерін мен оның тұтқынына жол беріңдер! Қане, тағы бір қайтарыңдар! Қатты дауыстап амандасыңдар! Білесін бе, асыл зат көсемім, мен қыран бүркіт секілді, тегеурініме жемтігімді іле келдім.

Сөйтіп, көпшілікті ол қарқылдаған қалың күлкіге батырып, топырлаған көп йоменнің арасымен, кердеңдей басып, шым тақытты еменге жақындады. Бір қолында зілдей дәу шоқпары бар, екінші қолында — аттың жүгені; жүгеннің тізгінімен бишара Исаак жебірейді мойнынан байлап алыпты. Қайғы-қасірет пен көрген азаптан екі бүктеліп, сүмірейіп қалған сорлы жебірей өзінен үстем болып алған монахтың артынан зорға сүйретіліп келеді.

— Әлгі Аллен-жырауларың қайда, менің ерлігім туралы дастан шығарсың, әйтпесе, тым болмаса, тақпақ айтсын! Құдай біледі, сол есуас керегі жоқта аяғыңа оралып, тіпті жүргізбейді-ау, ал міне, ерлікті мақтан қылатын керегі бола қалып еді, енді оны іздесең де таппайсың!

— Шолақ монах,— деді оған йомендердің көсемі,— сен, сірә, таң сәріден-ақ кеңірдегіңді шылқытып алған болуың керек? Тәңірін жарылқасын, айтшы маған, бұл сүйреп келгенің кім тағы?

— Өзімнің қолымдағы семсеріммен және найзаммен, тұтқынға түсірдім, асыл зат бастығың,— деп жауап берді Копменхерстен шыққан бірадар,— яғни, дұрысырақ айтқанда, садағыммен, айбалтаммен тұтқындадым. Мұндағы ең маңызды жұмысым — оны мен тұтқынның ең жаман түрінен құтқардым. Айтсаңшы, жебірей, сені мен жын-шайтанның, арбауынан алып шыққан жоқпын ба? Әулие піріміз бен тәңірия Марияның ақиқат жолына салған мен емес пе? Бүкіл түні бойы, содан таң атқанша сенің сау-саламаттығына бағыштап шарап ішіп, дініміздің барлық сыр-сыпатын саған айтып шыққан мен емей кім?

— Рақымы күшті құдайдың хақысы үшін,— деді бишара жебірей,— мені мына есуастан, иә, айтпақшы, мына әулие адамнан құтқара көріңіздер, демекші едім!

— Не дейсің, қалай дедің, жебірей?—деп машайық, түсін суытып алды.— Сен өзің діннен тағы тайып барасың ба? Байқа, шырақ, тағы да теріс жолға түсіп жүрме! Сен өзің онша семіз де емессін, сөйткенмен, қуырып жіберуге жарайсың. Ал, жақсы, тыңда, Исаак, менің айтқанымды қайталай бер:

— Жоқ, шалдуар монах, бүйтіп қорлауға болмайды,— деді Локсли.— Одан да сен тұтқыныңды, қайдан, қалай тауып алғаныңды айтшы?

— Дунстан әулиенің аруағы ұрсын,— деді машайық,— бұл бәлеге кезігем деп кім ойлапты, менің іздеп жүргенім, баяғы, айтуға тұратын бір нәрсе ғой. Сөйтіп, мен әлдеқалай бір тәуір дүние табармын деп, астыңғы қоймаға түстім, шынымды айтсам, ойымда бірер стакан арнап қайнатқан ыстық шарап та бар, жатар орынға одан патша екеш патшаның да кет-әрі емес екені әркімге белгілі, бірақ соны сонша көп қайнатудың қажеті қанша екенін біле алмай-ақ кеттім? Сонымен, бір кішкене кеспекке толтырылған испан шарабын тауып алып, енді соны бірге ішетін жолдас-жора іздеуге шықтым. Бірақ мыналардай жалқауларды ондайда қайдан таба қоясың? Бітер істің басына, жақсы келер қасына дегенде, бұлар ұшты-күйлі жоқ болып кетеді ғой. Бір мезетте, содан, жабық тұрған бір есікке кез болдым. Aha, дедім мен, ең таңдаулы шараптар қайда жатыр десем—олар мынадай бұқпантай жерде сақталады екен ғой. Қарасам, зәресі ұшып кеткен шарапшы құлыптың кілтін аузында қалдырып, өзі зытып кетіпті. Әлгі жерге кірсем, ішінде шарап түгіл, қол ожау да жоқ. Тек бір тот басқан шынжыр жатыр, тағы мынау, құдай ұрған жебірей отыр — қолын көтеріп, баяғы мен-жеңімпаздың тұтқынына берілді. Сонымен, мынау арамзамен әрлі-берлі айналысқаннан кейін күш алайын деп бір стақан шарапты кеңірдегіме лақтырып жіберіп, қоймадан тұтқынымды алып, енді шығайын дей беріп едім, бір мезетте аспаннан жай түскендей, төбеміз сатыр-сұтыр ете қалды. Сөйтсек, бұл қаран қалғырды қалқитып қойған кім екенін кім білсін!— Шеткергі бір мұнарасы құлап түсіпті де, үйіндісі қойманың есігін басып қалыпты. Сол сол-ақ екен, мұнаралар бірінің соңынан бірі құласын кеп; енді мен бұл дүниеде тірі қалмайды екенмін деп едім. Өзімнің мынау атағыммен жебірейдің қосағында кету масқара емес пе, осыған ыза болдым да, жебірейдің басын қақ айырайын деп айбалтамды сілтей беріп, тағы тоқталып қалдым — аппақ шашын көре тұрып, аямасқа болмады. Сонан соң мен айбынды қаруымды былай қойдым да, жан-дүннесін қолға алып, жебірейді христиан дініне кіргізуге көштім. Соным қайырлы болып, Дунстан әулиенің шарафатымен, еккен дәнім құнарлы топыраққа түсті. Содан мен түні бойы оған діннің сиқырлы кереметтерін уағыздай-уағыздай әбден шаршап-шалдығып шықтым; егер біраз сергіп алу үшін анда-санда шараптан бір-бір жұтып қойсам, ол есепке кірмейді. Міне, мына Гилберт пен Виббальд те көрді ғой,— солар куә. Мені қандай халде тапқандарын, тіпті әлімнің құрып, құр сүлдерім калғанын солар-ақ айтсын.

— Оның не айтатыны бар,— деді Гилберт,— біз куә екеніміз — куәмыз. Біз құлаған тасты ысырып тастап, Дунстан әулиенің қолдауымен, қойманың есігін іздеп тапқанымызда,кеспектегі шараптың жарым-жартысы-ақ қалған екен, жебірейде ес-түс жоқ, ал монахтың, өзі айтқандайын, әлі құрып, құр сүлдері қалыпты.

— Әне, өтірік айттың, сұмырай!—деп қарсыласа кетті, шамданған монах,— Сен өзің бір кеспек шарапты жолдастарыңмен ішіп алып, бұл тек таңертеңгі сыбағамыз дегенің қайда еді? Ал мен — қанша діннен безсем де,- сол шарапты бастығымызға сақтайық деген едім ғой! Бірақ енді онда тұрған ештеңе жоқ. Ең біткен шаруа мен жебірейді діңге кіргіздім емес пе, ол қазір дін жолының бәрін біледі, бұл жөнде ол менің өзімнен артық болмаса, бір де кем емес.

— Естідің бе, жебірей,— деді Локсли,— мынаның сөзі рас па? Сен дініңнен шын бездің бе?

— Аяңыз. мені, рақымды мырза!—деді жебірей.— Осы бір азапты түннің бойында құрметті дін иесінің маған. не айтып, не қойғанынан бір ауыз сөз менің құлағыма кірген жоқ! Оның несін айтасыз, менің әрі қорқыныштан, әрі қайғы-қасіреттен жапа шегіп, қиналғаным сондай, егер ол түні маған десе, әулие бабамыз Авраамның өзі келіп, мені уағыздап тұрса, мен оның сөзіне керең болып қала берген болар едім.

— Өтірік айтасың, жебірей, өтірік айтып отырғаныңды өзің де білесің!—деді монах.— Екеуміздің арамызда болған әңгімеден мен жалғыз-ақ сөзді есіне салайын: өзіңнің барлық дүние-мүлкіңді біздің қасиетті орденнің пайдасына беремін деп уәде бергеніңді білесің бе?

— Құдайға сыйынып айтайын, мейірбан мырзалар,— деп шыр ете қалды Исаак, сөздің бұрынғыдан бетер насырға шауып бара жатқанынан сескеніп,— менің аузымнан ондай сөз тіпті шыққан емес! Мен бір кемтар, қайыршы шалмын, енді мүлде баласыз да қалдым ба деп, зәрем жоқ! Маған жандарыңыз ашып, босатып жіберіңіздерші

— Жоқ,— деп шарт ете қалды машайық,— егер сен қасиетті шеркеудің пайдасына беремін деген уәдеңнен бас тартатын болсаң, сен онда аса ауыр жаза тартасың.

Осыны айтып ол айбалтасын көтеріп алып, жебірей лақырды сабымен салып қалайын деп еді, бірақ Қара Дәу шалға ара түсіп, әулие бірадардың ашуын өзіне аударып алды.

.-— Кенттегі Фома әулиенің аруағымен ант етемін,— деп айқай салды бірадар,— басқаның ісіне қол сұққаның үшін мен сенің сыбағаңды беремін, Жалқау мырзам, анада темір жәшіктің ішіне тығылып, жаның қалғаны есіңде ме?

— Қойсана, батыр, қойсана,— деді сері,— сен маған неге ашуланасың? Мен саған досың, жолдасың боламын деп уәде беріп едім ғой.

— Мен оныңды білмеймін,— деді монах,—өзіңмен менің төбелескім келіп отыр, өйткені өзің бір арсыз, көк мылжың екенсің.

— Оның қалай,— деді. сері. Сірә, өзі жақын арада қонағы болған бірадарың біраз тәлкектеп алғысы келген болу керек,— бір кезде сен тәупық етіп, ораза тұтып жүрген уәдеңді мен үшін бұзғаныңды да ұмытып кеткенің бе? Сондағы дастарқанда болған шарап торсығы мен самсаны еске салмай-ақ қояйын.

— Оны қайт дейсің енді,— деді машайық, өзінің тоқпақтай жұдырығын білеп қойып,— мен сені қазір жақтан періп жіберемін!

— Маған ондай сыйлықтың керегі жоқ,— деді сері.— Оның орнына несие шапалақ десең, оған көнуге болады. Бірақ, есіңде болсын, еруліге — қарулы деген бар, мен саған мына тұтқынның ешқашан көріп-білмеген есесімен сыбағаңды қайырамын.

— А, оныңды көрерміз,— деді монах.

— Тоқта!—деп айқай салды Локсли.— Сен өзің не істеп отырсың, қазан бұзар монах? Біздің киелі ағашымыздың түбінде жанжал шығармақпысың?

— Е, бұл жанжал емес,— деді сері, йоменді басып,— тек әшейін достардың әзілі ғой! Ал, монах, талмай ұра бер. Мен орнымнан қозғалмаймын. Кезек келгенде өзің қайтер екенсің, оны да көрерміз.

— Басыңда ана темір телпек тұрғанда, сенің нең кетуші еді,— деді монах,— ал бірақ, маған десең, жез дулыға киген Голиафтың өзі болып кетсең де, бәрібір, мен сені ұрып жығамын.

Машайық өзінің білем-білем тарамыс білегін шынтағына дейін сыбанып алды да, серіні тап шекеден ұрып жіберді. Мұндай соққымен атан өгізді де ұрып жығуға болатын еді. бірақ сері құз жартастай тапжылмай, орнында тұрып қалды.Жағалай тұрған йомендер сүйсіне айқайлап қоя берді: содан бұлай бірадардың жұдырығы деген жігіттердің арасында мысалға айналып кетті; оның жұдырығының пәрмендігіне йомендер ойнап алысқанда да, яки шындап төбелесіп қалғанда да сан рет көздері жетіп жүрді.

— Ал енді, монах,— деді сері, қолыңнан темір пиялайын шеше беріп,— менің басымда лыпа болса да, қолымда дәнеңе де болмайды. Мықтал!

— Genam meam dedi Vapulatori яғни, ұрушыға бетімді төсеймін деген сөз,— деді монах,— және алдымен ескертіп қояын егер орнымнан қозғалтсаң, мен саған жебірейдің құнын басы-бүтін беремін.

Монах қозданып, менменсіне тұрып осыны айтып еді, бірақ тағдырдың жазуынан қашып құтылмайды екенсің. Серінің орасан күшті соққысынан монах жерге ұшып түсті, қарап тұрғандардың бәрі мына күшке қайран қалды. Бірақ ол ашуланған да жоқ, көңіліне кек те алған жоқ, жайбарақат орнынан тұрып, жүре берді.

— Есіңде болсын, бауырым,— деді ол серіге қарап,— мынадай күшті байқап жұмсау керек. Сен менің жағымды бұзып жібердің ғой, енді мен ғыбадатта дұғаны қалай оқимын? Және тағы төменгі тісің жоқ болса, сыбызғыны қалай ғып тартпақсың? Сонда да, мә саған қолым, енді қайтып сенімен ұрысқайтыныма кепіл болсын, мұндай ұрыстан мен пайда таппайды екем. Енді бұдан былай егес-тірес болмасын. Кел, одан да жебірейден құн алайық, өйткені бүкірді көр түзейді дегендей, жебірей сол жебірей қалпында қалады.

— Монахты қараңдар, жер таяғын жеп алғаннан кейін, жебіреймен істес болудан да қалыпты,— деді Диірменші.

— Сандалма, сандалбай! Істес-містес деп тағы не оттап келесің? Бұл өзі не боп барады, ешкім мені сыйлайтын емес! Елдің бәрі қожа боп алған, ішінде бір малай жоқ! Біліп қой, бала: білікті сері ұрған кезде менің аяғым біршама әлсіреп тұр еді, әйтпесе аяғымнан тік тұрып-ақ қалатын едім. Егер бұны айтып қоймайтын болсаң, кел, мен саған көрсетейін, қалай ұрады екем, бағыңды сынап көр.

— Жетер енді, қойыңдар!—деді Локсли.— Ал, жебірей, сен құныңды ойлай бер. Өзің білесің, біз нағыз христиандармыз, сені ортамызда ұстап отыра алмаймыз. Сондықтан, құныңа қанша төлей аласың, пұрсатың бар уақытыңда соны ойланып қой, ал мен басқа бір тұтқыннан жауап алып көрейін.

— Айтпақшы, Фрон де Бефтің қанша адамы қолға түсті?— деп сұрады Қара Дәу.

— Ой, ішінде құн төлей алатын біреуі жоқ,— деді Локсли.— Қоян жүрек қорқақтардың бірнешеуі ұсталып еді, сайда саны, құмда ізі жоқ, өңшең оңбағандар екен: босатып қоя бердік—тағы барып, біреуге жалдана берсін. Кек алам, олжа түсірем деген кісіге онсыз да жетерлік болды, ал анау бір қусаң құмалақ түспейтін сүмелектер бір тиындық бақырға тұратын емес. Одан гөрі мана мен айтқан тұтқын азды-көпті олжа түсетін біреу ме деймін киімінің әсемдігіне, ат - тұрманының сайма-сайлығына қарағанда, сірә, ғашық жарына бара жатқан болу керек, әйтеуір бір кербез монах көрінеді. Міне, сұқсырдай боп, тақсыр хазіреттің өзі де келіп қалды.

Сол арада екі йомен алып келіп, өзіміз білетін Жорво аббаттығының имамы Эймер хазіретті жасыл тақта отырған бастығының алдына әкеп қойды.

XXXIII ТАРАУ

Әскерліктің әсем көркі,—
Сонда біздің Тит Ларций қайда?
Марций
Ол — указ шығарумен әуре.
Біреуді жазалап, біреуді қуғындап,
Біреуден алым алып, біреуді құртамын деуде.

«Қориолан».

Тұтқын аббаттың түр - нұсқасына, кескін-келбетіне қарағанда, намысына тиіп қорланған, әрі сасқалақтап, әрі қорқып не қыларын білмей қалған адамның бейнесі бар еді.

— Мұның атын не дейміз, мырзалар?—деп бастады сөзін ол, әлгі айтқан үш сезімнің тоғысқан жерінен.— Айтыңыздаршы құдай үшін, қайдан шыққан тәртіп бұл өзі? Дін иелеріне мұны істегендей — кім боласыздар өздеріңіз—түріксіздер ме, әлде христиансыздар ма? Құдайға қызмет етіп жүрген жандарға қол жұмсаудың не екенін білесіздер ме сіздер? Менің сандықтарымды ашып, ішіндегі мүлкін талап алдыңыздар, кардиналдың да ұялмай киюіне жарайтын биязы шілтерден тігілген ғыбадат шапанымды дал-дал қылдыңыздар. Егер менің орнымда басқа біреу болса, сіздерді мүлде шеркеуден аластап жіберген болар еді, бірақ мен кекшіл емеспін; егер сіздер менің аттарымды алдыма тартып, мүриттерімді босатып беретін, дүние-мүлкімді қайырып, Жорво аббаттығындағы дін иелерінің дастарқанына жүз крон айып төлейтін және алдағы Троица мейрамына дейін құс-аң етінен тыйылатын болсаңыздар, онда мен, бәлкім, мынау өрескел істеріңізді дабыра қылмай, Жуып-шайып жіберермін.

— Қасиетті тақсыр,— деді қарақшылардың бастығы,— сізді мұнша қамқорлық жасап, уағыз айтуға дейін жеткізіп жүрген адамның, менің жолдастарымның ішінде болғанына аса қынжылып қалдым.

— Соған жеткізді дейсің-ау!— деп аббат, Локслидың майда сөзін арқалана кетті.— Христиан адамы, оның ішінде дін иесі түгіл, ол аз болса, тағы Жорво аббаттығының имамы түгіл, асыл тұқымды итке де мұны істемес болар! Лощинадан шыққан Аллен деген маскүнем жырау сымақ — nebulo guidam—егер құныма төрт жүз крон ақша төлемесем, сені ұрып - тұрамын, оны айтсаң, тіпті өлтіріп те жіберемін деп қорқытты-тегі, оның үстіне менен тонап алғаны қаншама десеңізші, алтын шынжыр-бау, асыл тас орнатылған балдақ-жүзік дегеннің өзі қыруар соманың мұқаммалы болатын. Және тағы бұдан бөлек, жәшігімен иіс май-әтір, шашты бұйралайтын күміс қышқаш, қайшы деймісің, әйтеуір, толып жатқан бағалы затты декір қолдарымен қаусатып тастады...

— Апырай, Лошииадан шыққан Аллен де сіз сияқты хазірет әулие деген атағы бар құрметті кісіге осындай декірлік жасайды екен-ау?—деп сұрады қарақшылардың көсемі.

— Мұның бәрі Никодим әулненің қолынан шыққан інжілдің хақтығындай ақихат нәрсе,— деді имам.— Оның үстіне өзінің терістігіндегі былапыт жаман сөздерімен балағаттап, осы орманның ішіндегі ең биік ағашқа мені асып қоямын деп ант-су ішті.

— Ойпырым-ай, ант-су ішті дейсіз бе? Ондай болса, қасиетті тақсырымыз, оның қойған талаптарын орындау керек болар деймін. Өйткені, біле-білсеңіз, ол Лощинадан шыққан Аллен дегеннің өзі бір айтып қалған болса, ол айтқанынан қайтпайтын адам.

— Сіздердің бәріңіз бір әзілкеш екенсіздер,— деді сасып қалған имам, еріксізден күлген болып.— Заты, жарастықты әзіл-қалжыңды мен өзім де жақсы керемін. Бірақ—ха-ха-ха!— бұл әзілдің өзі бүкіл түні бойына созылып келіп еді, сондықтан оның тыйылатын да кезі болған шығар деймін.

-— Онда ғыбадатта тұрған монах қандай байсалды болса, мен де сондай байсалдымын,— деді Локсли.— Сірә, тақсыр сізге толымды күн төлеу керек болар деймін, ол болмаса, сіздің діни қауымыңызға жана хазірет сайлауға тура келер, өйткені, сіз енді діни отаныңызға қайтып бармайсыз.

— Сіздер өздеріңіз неменесіздер — христиансыздар ма әлде жоқ па? Мұндай сөзді дін иесіне қалай айтасыздар?

— Неге олай дейсіз, әрине, христиандармыз, ол түгіл өзіміздің капелланымыз да бар,— деді қарақшы.— Шақырыңдаршы, біздің көңілді монахты, алға шығып, осы оқиғаға тиісті аятты аббатқа оқып берсін.

Мастығынан біраз сергіп қалған машайық, жасыл шананының сыртынан монахтың мол шапанын іле салып, әйтеуір бір кезде жатталып қалған бірнеше латын сөздерін есіне түсіріп алды да, кептің арасынан шыға келіп:

— Қасиетті тақсыр, deus faciat salvam benignitatcm vestram Біздің орманымызға хош келіпсіз!—деп самбырлап қоя берді.

— Бұл не деген жалған қуыршақ?— деді имам.— Егер сенің дін адамы екенің шын болса, досым, жәрменкенің жеңілтек бишісінше қисаңдамай, маған мынау адамдардан қалай құтылудың жолын үйрет.

Шынымды айтсам, құрметті әулием,—деді монах,—сіздің бұдан құтылатын бір-ақ амалыңызды ғана білемін. Бұған біз Андрей әулиенің күніне мейрам жасаймыз — солай болған соң соған арнап ұшыр жинаймыз.

— Бірақ оны шеркеуден алмайтын шығарсыңдар, қадірлі әріптесім?—деп сұрады хазірет.

— Біз оны шеркеуден де, жай адамдардан да ала беремін,— деді машайық,— ал сондықтан, құрметті хазірет, facile vоbis amicos de Mammone iniguitatis — қылмыстың құдайымен тымыр бол, әйтпесе бұдан басқа ешбір достықтан барқадар таппайсың.

— Шат көңілді аңшыларды ұнатамын, тіпті жан-тәніммен жақсы көремін!—деді имам біраз тыншығып.— Тегі құрсыншы, мына ұрыс-керіс дегенің! Мен өзім де барып тұрған саппас саятшының өзімін, сендердің анау мүйіздеріңді сарнатқанда, ормандағы емендерің де ән қосады. Сондықтан менімен сыпайы сөйлесуге де болады ғой.

— Мүйіз беріңдерші өзіне,— деді Локсли,— бұл мақтаншақтың өнерін керейік.

Эймер хазірет мүйізді алып, дабылды тартып жіберіп еді, қарақшылардың көсемі таңданып басын шайқады.

— Имам тақсыр,— деді ол,— сыбызғы ойнауды біледі екенсің, бірақ онымен құтыла алмайсың ғой. Біз сені құрғақ музыкаң үшін босатып жібере алмаймыз. Оның үстіне ағылшынның баяғыдан келе жатқан сыбызғы ырғақтарын қайдағы бір француздың тру-ля-ля-сымен шатыстырып, мүлде бұзып жібереді екенсің. Жоқ, имамеке, оныңыз болмайды, бұл үшін сен құныңның үстіне үстеп, тағы елу крон айып төлейсің, бұл ескі аңшылық дабылын бұрмаламауыңа кепіл болады.

— Ой, досым,— деді аббат, наразылық білдіріп,— қалай етсем де саған жақпадым ғой. Ал енді менің төлейтін құным жөнінде кенімдірек болсаң деймін. Ақыры, мені әзезілдік жолдан түсірдің ғой, онда тура ашығын айт: ешкімнің байлап-матауынсыз, қалаған жағыма кетуім үшін өзің менен қанша ақы аласың?

— Былай етсек қайтеді,— деді отряд бастығының көмекшісі құлағына сыбырлап,— жебірейдің құнын — аббат, ал аббаттың құнын жебірей белгілейтін болсын.

— Сен өзің ақылсыз жігіт едің, бірақ бұл жолы тауып кеттің!—деді Локсли.— Эй, жебірей, мұнда келші! Мына көріп отырғаның — тақсыр Эймер, Жорводағы бай аббаттықтың хазіреті. Қане айтшы, осыдан қанша құн алсақ болады? Ал монастырьдің табысы қанша екенің сен бүгей-шігесіне дейін білетініңе иманым кәміл.

— О, несін айтасыз, оны білмегенде мен нені білуші едім,—деді Исаак.— Қасиетті бұл тақсырлармен мен күн сайын сауда-саттық жасап тұрамын, олардан бидай да, сұлы да, әр қилы жеміс-жидек те және тағы көп жүн де сатып алып тұрамын. Ой, бұл бір аса бай ғымарат, Жорводағы әулие тақсырлар не ішейін, не жейін демейді, жегені —дәмді тағам, ішкені — тәтті шарап. О,шіркін, мен сияқты қаңғыбас кедейдің осындай мекен-жайы, ай сайын, жыл сайын ағылып жататын осындай табысы болар ма еді десейші, онда ғой мен тұтқыннан азат болуым үшін қанша алтын, қанша күміс керек болса, аямай-ақ төгер едім!

— Ах, сен бе, сен, бұралқы төбет!—деп ақырып жіберді ызаланған хазірет.— Кімге-кімге дегенде, біздің ғымараттың қосалқы үйінің салынып бітпей жатқаны саған мәлім болса керек еді...

— Және тағы өткен жылғы қоймаларыңызға жеткізілген гаскон шарабының жол ақысын да айтыңыз, бірақ ол айтуға тұрмайтын-ақ нәрсе ғой,— деп жебірей сөзін бөліп, өзінің аласысын қоса қойды.

— Мынау арамза төбет тағы нені қоздатып келеді!—деді хазірет. Егер мұны тыңдай берсең, әулие бауырларымызға рұқсат етілген шарапқа дейін тізеді енді. Propter necessitatem et ad frigus depellendum . Мына қарғыс атқан жебірей қасиетті шеркеуімізге тіл тигізіп жала жауып жатса, христиандар соны естіп отырып, аузын ашпайды!

— Мұның бәрі құр бос сөз,— деді Локсли.— Мұның терісін біржола сыпырып алмау үшін, Исаак, бұдан қанша алу керек — соны айт.

— Алты жүз крон,— деді Исаак.— Сіздің айбынды құзырыңызға құрметті хазірет бұл соманы қиналмай-ақ төлей салады. Одан бұл жұтап қалмайды.

— Алты жүз крон,— деп бастық салмақтап айтты.— Ал жарайды, мен ризамын. Сен әділ кестің, Исаак. Йә, сөйтіп, алты жүз крон. Үкім, міне, осындай, тақсыр хазірет.

— Болды, шешілді!—деп айқай салды қарақшылар.— Сулейменнің өзі де бұдан әділ айта алмайды.

— Естідің бе үкімді, тақсыр хазірет?— деп сұрады бастық.

— Тегі, естерің дұрыс па, мырзалар!—деді хазірет.— Мұнша соманы мен қайдан алмақпын? Садақа-үзір табағымен алтарьдің шамдалын сатсам да, мен бұл соманың жарым-жартысын әрен түсірермін! Ал ол үшін Жорвоға мен өзім баруым керек. Оның бер жағында кепіл керек болса, менің екі монағымды алып қалуларыңа болады.

— Жоқ, бұған сенуге болмайды,— деді бастық,— Одан да өзің қал осында, ал монахтарды біз ақшаға жіберейік. Оған дейін аштан өліп қалады екем деп қорықпа, бір стакан шарап пен қуырылған құс еті құзырыңызға әзір болады ал егер нағыз аңшы екенің рас болса, біз саған тумысыңда көріп білмеген аңшылықты көрсетеміз.

— Егер сіздің құзырыңызға бұл ұнамайтын болса,— деді Исаак, қарақшылардың рақымынан үміт етіп,— мен Йоркке кісі жіберіп, маған аманатқа тапсырылған ақшадан қарызға алты жүз крон алдырып бере аламын, бірақ ол үшін зор қасиетті тақсыр маған қолхат беретін болсын.

— Керекті қол хатыңның қандайын болса да, ол саған береді, Исаак,— деді Локсли,— сөйтіп, сен құнды Эймер хазірет үшін де, өзін үшін де төлейтін боласын.

— Өзің үшін дейсіз бе? Ах, айбынды мырзалар,— деді Исаак,— мен жеріме жете талан-таражға түскен адаммын! Ашығын айтқанда — қайыршымын: егер мен сіздерге өзім үшін, поселен, елу крон төлейтін болсам, онда мен ел ақтап, қайыр сұрап кетуім керек.

— Онда мұның билігін хазірет айтсын,— деді бастық.— Сіз қалай деп ойлайсыз, тақсыр Эймер, мына жебірей өзіне жақсы күн төлей ала ма?

— Төлей ала ма дейсіз ә?— деп хазірет селт ете қалды.— Бұл отырған Йорктың атақты байы Исаак қой, Израильдің он атаға келген бүкіл ұрпағын ассирий тұтқынынан сатып алам десе, мұның байлығы жетіп бағады! Менің өз басым мұнымен онша таныс емеспін, ал мұнымен саудалас біздің қоймашымыз бен қазына ұстаушымыз бар, солардың айтуына қарағанда, Йорктегі мұның үйі алтын мен күмістен көрінбейді дейді. Христиандар елінде бұлай деп айтудың өзі ұят.

— Сабыр етіңіз, тақсыр,— деді жебірей,— ашуыңызды басыңыз. Есіңізде болсын, қасиетті әулие, ақшамды ала бер деп мен ешкімге жалынбаймын. Ал енді дін иесі, я жай адам болсын, шаһзада я хазірет, сері я монах болсын, Исаакқа келіп, есікті тықылдатып, қарызға деп саф алтын мен күмісті сытырлатып санап алғанда, менімен бүйтіп дөрекі сөйлеспенді. Онда олардан еститінің: «Достым Исаак, рақым етіп, бір қажет ашып жібер. Қайтып әкеп, дәл мерзімінде төлеймін — егер уақытынан бір күн кешіктірсем — мені құдайдың хаһары ұрсын». Әптпесе, тағы былай: «Аса мейірбан Исаак, егер ғұмырында, сірә, біреуге жақсылық жасаған болсаң, онда мынадай кесірге ұшырап тұрғанда маған да достық істеп, көмек беріп жібер»,— деседі. Ал содан қарызды қайтаратын уақыты жетіп, борышымды алғалы келгенімде, сөздің түрі басқаша боп шығады; онда мен: «ант атқан» жебірей болып қалам. Сол күнде, әне, Мысырдың барлық қастығын, бәле-жаласын біздің халықтың басына үйіп-төгіп, надан, пасық жандарды, бишара бұратана халықтарды бізге қарсы тұрғызу үшін қолдарынан келгеннің бәрін де аямайды.

— Бері қараңыз, тақсыр хазірет,— деді Локсли,— қанша жебірей десек те, бұл жолы ол шындықты айтып тұр. Соңдықтан ұрыс-керісті тоқтатып, өзіне құн кескендей, сен де оған құн белгіле.

— Христиан дінінің хазіреті мен дінсіз жебірейді,— деді хазірет,— latro famosus (бұл латын сөзі — бұл сөзді кейінірек бір жерде түсіндіріп берем) қана қатар қояды. Оның бер жағында сіздер маған мына сұмырайға құн белгіле дейтін болсаңыздар, мен турасын бір-ақ айтайын, егер одан мың кроинан кем алсаңыздар, онда сіздер ұтылып қаласыздар.

— Болды! Кесілді!—деді қарақшылардың көсемі.

— Кесілді!— дей көтермелей әкетті оны жолдастары.— Христиан адамы өзінің жол көрген, тәжірибелі кісі екенін ақтады. Біздің пайдамызды жебірейден артық жоқтады.

— Ата-бабаларымның тәңірісі қолдай көр мені!— деп жалбарынды Исаак.— Ақыры сіздер мен сорлыны құртатын болдыңыздар! Бүгін ғана мен жалғыз қызымнан айрылып едім, енді тағы күн көретін ақырғы қаражатымнан жұрдай қылғандарың ба?

— Егер балаң жоқ болса, онда саған жақсы болды ғой, жебірей: ақшаңа ие болатын ешкімің болмайды,— деді Эймер.

— Әттегене, мырза,— деді Исаак,— сіздердің заңдарыңыз семья құруға рұқсат етпейді, сондықтан сіздер туған перзентінің ата-анасының жүрегіне қандай жақын болатынын да білмейсіздер... О,Ревекка, сүйген жарым Рахиладан туған, есіл менің Ревеккам! Егер мына ағаштың жапырағының бәрі алтын ділда болып, сол ділданың бәрі менің қазынам болса, мен сол қазынаның барлығын сенің тірі екеніңді, сонау назареяниннің тырнағынан аман-есен құтылғаныңды білу үшін құрбан қылған болар едім.

— Немене, сенің қызыңның шашы қара ма еді?— деді бір қарақшы.— Үстінде күміс оқамен кестелеген жібек шәлісі бар ма еді?

— Иә? Иә!— деді шал, бұрын қорқыныштан қандай қалтыраса, енді тағатсыздықтан сондай қалтырап.— Иаковтың аруағы қолдасын сені! Сол қызымнан не хабарың бар, соны айтшы маған?

— Айтқанда, менің байқағаным — кеше кешке таман біздің отрядтың арасынан кесіп өтіп бара жатқанда анау тәкаппар ғымаратшының сүйреп әкеткенін көрдім,— деді йомен.— Мен оның артынан садақ тартайын деп оқтала бердім де, қызға тигізіп алады екем деп жасқанып қалдым, сонымен атайын деген ойымнан ештеңе шықпады.

— Ой, онан да атып жіберсең еді! Сенің жебең бұдан да оның жүрегін үзіп кетсе еді! Құтырған, зынақор ғымаратшының билігінде кеткенше, оның ата-бабаларының моласында жатқаны жақсы еді ғой! Сорым қайнады менің, сорладым, менің үйімнің ар-намысы жойылды!

— Достарым,— деді қарақшылардың көсемі,— ол қанша жібірей дегенмен, қайғысы маған батып кетті. Адалыңды айтшы, Исаак: егер мың крон төлесең, сенің бір тиын ақшасыз қалатының рас па?

Локслидың бұл сауалынан Исаак бозарып кетті, бәйкім, артылған күнде де болар-болмас біраз тиын-сиын қалатын шығар деп былжырады да қойды.

— Ал жарайды,— деді Локсли,— сауданы доғарайык. Нән бұғыны доғал жебемен атып құлату қандай қиын болса, Бриан де Буагильбер Мырзаның шеңгелінен сенің балапаныңды ақшасыз құтқару да соншалық екі талай нәрсе болар. Біз Эймер хазіреттен қанша құн алсақ, сенен де сонша ғана аламыз, яғни тағы бір жүз крон кем аламыз. Бұл жүз крон менің үлесім болуға тиіс еді, мен сол кронды сенің қалтаңда қалдырып, оны алудан бас тартамын; басқаша айтқанда, бұдан біздің құрметті жасағымыздың ешбір адамы залал шекпейді. Сонымен біз тағы бір сұмдық күнәдан аман қаламыз: өйткені жебірейдің көпесін христиан хазіретінен артық бағалаудан құтыламыз; ал, жебірей, қызыңның құнын төлеуге сенің қалтаңда бес жүз крон қалады. Ғымаратшылар күміс селкебайдың, сылдырын қыздардың қара көзінен кем көрмейді. Сөйтіп, ақшаның сылдырымен Буагильберд еркінен айыруға ұмтыл, әйтпесе, зор масқаралық болуы мүмкін. Біздің жансыздардың жеткізген тіліне қарағанда, оны орденнің жақын арадағы ғымаратынан табасың. Осы ақылым дұрыс па, менің жалан төс жолдастарым?

Бұрынғы әдеттері бойынша, йомендер көсемдерінің пікіріне толық қосылатындарын білдірді. Ал, қызының тірлігінен хабар білген, оны сатып алуға талаптану керек деген үміттен дәме ғып қалған Исаак, қайырымды қарақшының аяғына бас ұра құлады; Исаак оның аяғына сақалын төсеп, жасыл шапанының етегін сүюге қарманды.

Локсли кейін шегіне түсіп, одан құтылып шығу үшін жек көрген түрмен зекіп тастады:

— Жә, қысқарт енді, тез тұрып кет! Мен ағылшынмын, күншығыстың мұндай салтын жақсы көрмеймін. Мендей қолы қысқа жай пендеге жалынғанша, құдайыңнан медет тіле.

— Солай, Исаак,—деді Эймер хазірет,—алдында тұрған тәңірдің сүйген қызметкерінің аяғына жығылып жалбарын, кім білсін — мүмкін, сенің шын ниетіңмен тәубе қылып, Роберт әулиенің аруағына шығарған қайыр-садақаң саған ғайыптан бір жақсылық сыйлап, қызың Ревекканың жолын ондар. Мен сенің қызыңды ойлап, шын қайғырып тұрмын, өйткені оның өзі тым көрікті, сүйкімді бала еді. Қызыңды мен Ашби сайысында көргемін. Ал енді Бриан де Буагильберге келсек, ол менің қолымдағы адам, айтқанымнан шықпайды. Сондықтан оған жақсы сөз айтуым үшін, менің көңілімді немен ауламақсың, осы жағын жақсылап ойлан!

— Ой, ой, енді қайттім,— деп зарланды жебірей,— кез келгені мені талап алғысы келеді. Ассирицтерге тұтқынға түсіп ем, бір жақтан Мысырдың араптары шыға келіп, бітеудей жұтып қоя жаздады!

— Сенің қарғыс атқан сұмырай зәузатың қайда барып оңушы еді?—деп хазірет одан сайын жерлей түсті.— Өйткені сенің тұқымың жөнінде қасиетті кітапта не деп жазылғанын білуші ме едің: «Verbum domini projecerunt, et sapientia est nulla in eis»— делінген онда; басқаша айтқанда, бұл — тәңірдің ақ сөзін мансұқ еткен, бұлардың өздерінде инабат, сөздерінде шындық жоқ деген сөз; «propterea da'oo mulieres eorum exteris»— әйелдерін жат елдің адамдарына, яғни анау жүрген ғымаратшыларға олжаға саламын дейді; «et thesauros eorum hoeredibus alienis»— ал олардың қазына-мүлкін басқаларға, яғни қазіргі жағдайда, мына отырған инабатты джентльмендерге бұйырамын деген екен.

Исаак қатты аһ ұрып, қайғы-қасіретке төзе алмай, сақал- шашын жұлмалады.

Осыдан соң Локсли Исаакты оңаша шығарып әкетіп, мынаны айтты оған:

— Не істейтініңді мықтап ойланып ал, Исаак; менің тілімді алсаң — мына поптың аузын алып ал. Бұл өзі қомағай, өзімшіл адам, оның үстіне өзінің көлденең ығын-шығынына ақша керек боп тұйыққа қамалып тұр; сондықтан бұған жағу қиын емес. Ал енді жоқпын, кем-тармын деп су қара көк боп таңғанына мені сеніп қалды екен деп ойлама. Сенің қапшық-қапшық ақша сақтап отырған темір сандығыңды мен жақсы білемін. Және тағы ол ғана ма екен! Сенің Йорктегі үйіңнің бағындағы күмбез төбелі қоймаңа түсетін құпия есікті жасырып жатқан алма ағаштың түбіндегі қазандай қара тасты да көргенмін.

Мұны естігенде Исаактың өңі қашып кетті.

— Бірақ сен менен сақтанбай-ақ қой,— деді йомен, сөзін жалғап,— өйткені біз екеуміз ескі көз таныстармыз ғой. Йорктың түрмесінен қызың Ревекка сатып алып, қашан жазылып кеткенімше, үйіңде сақтаған науқас йомен есіңде ме? Ал содан мен оңалып, үйіңнен кетіп бара жатқанымда, жолыма өзің күміс бір теңге бергенсің. Енді міне көрдің бе, қанша өсімқор көпес болсаң да, өз қазынаңды ешқашан тап осы жолғыдай қайырлы ғып орналастырып көрген жоқ шығарсың; баяғыда маған берген сол күміс теңгең бүгін саған батпандай бес жүз кронды сақтап берді ғой.

— Сөйтіп, сен біздің Дик Көк Берен деп атаған жігітіміз боп шықтың ба?—деді Исаак.— Бәсе, дауысың маған баранадан таныс көрініп отыр еді.

— Иә, мен сол Дик Көк Беренмін,— деді көсем,— және тағы Локслимын.

— Бірақ сен, ескі досым Дик Көк Беренім, сен анау күмбез Төбелі қойма жөнінде жаңылысып отырсын. Құдай куә, әлде-қалай жатқан кейбір көр-жер товардан бөлек онда ештеңе жоқ, егер қажет болса, оны сенен аямай-ақ қояйын; онда сақтаулы тұрған сенің жігіттеріңе камзолдық жүз ярд жасыл түсті линкольн шұғасы, садақ жасауға жарамды испанның солқылдақ ағашынан жүз тақтай және оқтай түзу жұп-жұмыр Жібек жіптің жүз шумағы жатыр... Міне, сенің маған жақсы қарағаның үшін, ер-азамат Дик, осының бәрін саған жіберемін... Жалғыз-ақ, тегі өркенің өссін, достым Дик, күмбез төбелі қойманы аузыңнан шығара көрме.

— Қам жеме, тіл-аузым тасқа. Сонан сон, Исаак, сенің қызыңның тағдыры менің жаныма қатты батып отыр. Бірақ қолдан келер амал жоқ. Беті ашық майданда менің садағым ғымаратшының найзасына түк те істей алмайды: ол мені көзді ашып-жұмғанша жоқ қып кетеді. Егер Ревекканы Буагильбердің алып қашып бара жатқанын сол кезде білгенімде, мен оны айырып алып қалуға барымды салған болар едім. Ал қазір жалғыз-ақ шара бар: ол — айламен босатып алу. Қалай дейсің, қаласаң — хазіретпен сөйлесіп көрейін.

— Құдай тілегіңді берсін, Дик, қалай етсең, олай ет, әйтеуір, көзімнің қарашығы жалғызымды босатып берсең болады!

— Жалғыз-ақ, сен есеп-қисабыңды әкеп араластырма,— деді қарақшы,— мен аббатпен сонда ғана келісемін.

Сөйтіп Локсли Эймерге қарай аяндады, Исаак одан қалмай Ілесе жүрді.

— Эймер хазірет,— деді Локсли, оған жақын келіп,— мұнда мен отырған ағаштың түбіне келші; жұрттың айтуына қарағанда, сен жақсы шарапты, өзіңнің діни атағына қарамастан, сүйкімді әйелдермен бірге болуды ұнататын көрінесің, аббат мырза. Бірақ менің онда жұмысым жоқ. Тағы жұрт сені асыл тұқымды ит пен жүйрік атты жақсы көреді дейді; мұндай қымбат бағалы нәрселерге құмар болғаннан кейін қаптаулы алтыннан да бас тартпауың ғажап емес қой деп ойлаймын. Ал айда мен сені зорлыққа, озбырлыққа болысты дегенді ешқашан естіген емен. Сондықтан менің айтайын дегенім мынау: егер ғымаратшы досыңды Исаактың қызын азат етіп, босатып жіберуге көндіретін болсаң, онда Исаак сенің көлденең ығын-шығыныңа және басқа керек-жарағыңа жүз марка күміс салынған әмиян сыйлар едім дейді.

— Және оны өзімнің қолымнан кеткендей адал қалпында, ешбір жәбірсіз қайтаратын болсын, әйтпесе мен еш нәрсе төлемек емеспін,— деді жебірей.

— Үніңді өшір, Исаак,— деп қарақшы оны тыйып тастады,— әйтпесе мен бұл іске араласпай қоямын. Ал, Эймер, менің ұсынысыма сіз не айтасыз?

— Бұл өзі күрделі мәселе,— деді хазірет.— Бір жағынан алғанда, бұл абыройлы іс, ал екінші жағынан — бұл жебірейдің, пайдасы, сондықтан менің ар-намысыма қайшы. Оның, бер жағында жебірей егер шеркеудің мақсатына, мысалы, мүриттеріміздің жатын үйіне бірдеңе шығаратын болса, мен, бәлкім, не де болса күнәсын көтеріп алып, оның қызын босатып алуға көмектесіп көрермін.

— Біз ол жатын үйге шығатын бір жиырма марка үшін — Исаак, сен тыныш отыр!—Әйтпесе, анау алтарьдің бір-екі күміс шамдалы үшін — дауласпай-ақ қояйық.

— Сонда қалай болғаны, қайырымды Дик Көк Берен- ау...— деп Исаак тағы кірісе бастады.

— Ой, қайырымды-қайырымды... бар болсын, қайырымдың!—деп, шыдамы таусылған Локсли шарт ете қалды.— Егер сен пасық дүниеқоңыздығыңды әкеп, қызыңның өмірі, ар-намысымен қатар қоятын болсаң, мен сені үш күннен қалдырмай, олла-біллә, қайыр сұратып жіберемін.

Исаак бүрсиіп, отырды да қалды.

— Ал енді бұл серттің орындалуына кім кепіл болады?— деп сұрады хазірет.

— Сіздің елшілігіңіздің нәтижесінде Исаактың ісі оңалып, ол үйіне қайтып келгенде,— деді қарақшылардың көсемі,— Губерт әулиеге сыйынып айтайын, мен оның уәдесін адал орындап, алтын-күміс ділданы саудыратып санап беруін қадағалап отырамын. Егер ол мұны орындамай, қиқалақтайтын болса, бұдан жиырма қайтара артық төлеуге талша мойнын қылша ғып, мөлтілдетіп қоямын.

— Ал жарайды, Исаак,— деді Эймер,— қалам-сияңды келтір мұнда. Жоқ, айтпақшы, керегі жоқ. Сенің қаламыңды қолыма ұстағанша, бір апта ас татпай отырғаным артық. Бірақ онда қаламды қайдан табамын?

— Егер сіздің қасиетті мәртебеңіз жебірейдің дәуітінен жиіркенбейтін болса, мен қаламды сізге қазір-ақ берейін,—деді Локсли...

Сөйтті де ол Холдернесстің әлсіз батпағына бет алып, бастарынан аса, аспандай ұшып бара жатқан бір топ қаздың алдындағы ата қазды садағымен тартып жіберді. Садақтың жебесі дәл тиген ата қаз қанатын енді баяу сермеп келіп, жерге топ етіп құлады.

— Ал, тақсыр хазірет,— деді Локсли,— мына қаздың қауырсыны бүкіл Жорво аббаттығы жабыла жазса да, жүз жылға жететіндей қалам болды, бірақ, не керек, сіздердің монахтарыңыз жылнама, шежіре жазу дегенді білмейді ғой.

Хазірет енді жайласып отырып алып, Бриан де Буагильберге сәлем-хат жазуға кірісті. Сонан соң хатты желімдеп, бекітіп, жебірейге тапсырып тұрып былай деді:

— Мына хат саған куәлік есебіне жүреді және тағы Темплстау ғымаратына кірумен қатар, қызыңды босатып алуға көмектеседі. Ал бірақ, қызың үшін жақсылап толымды құн төле, өйткені, маған сене бер, белгілі сері Буагнльбер ақысыз - пұлсыз тұяғын да қыбырлатпайтын адамдардың санатына жатады.

— Енді, тақсыр хазірет,— деді қарақшылардың көсемі,— мен сізді ұстап отырмаймын. Жалғыз-ақ, өзіңнің құның үшін белгіленген алты жүз кронға Исаакқа қолхат жазып кет. Одан мен өзім аламын, ал енді сен онымен саудаласып бересіңді созуға тырысатыныңды еститін болсам, тәңірия Марияның атымен ант етейін онда мені ажалымнан он жыл бұрын асып жіберсе де, бүкіл аббаттығыңды өзіңмен қоса өртеймін.

Хазірет қолхатты көңілсізірек жазды, бірақ сонда да жазды-ау әйтеуір: «Йорктағы Исаактан қарызға алған алты жүз крон ақшаны пәлендей мерзімде сөзсіз қайырып беруге міндеттенемін»,— деп қолхат берді.

— Ал енді,— деді Эймер хазірет,—менің қашырларым мен аттарымды қайырып берулеріңізді, қасымдағы қадірлі тақсыр монахтарымды босатуларыңызды, сонымен қатар менен тартып алынған асыл жүзік, гауһарларымды, қымбатты киім-кешектерді өзіме берулеріңізді өтінемін.

— Сіздің монахтарыңызға келсек, тақсыр хазірет,— деді Локсли,— біз оларды, әрине, қазір-ақ босатамыз,өйткені оларды ұстап қалу әділетсіздік болар еді. Аттарыңыз бен қашырларыңыз да өздеріңізге беріледі және тағы Йоркке дейін аман-есен жетулеріңіз үшін жолдарыңызға азын-аулақ ақша да береміз. Саяхат жолында қаражатсыз жүрулеріңіз сіздерге мәлім болмайтын шығар. Бірақ алтын жүзік, шынжыр бау, асыл ілгек секілді қымбат бұйымдарға келсек, біз ар-инабатымыз таза жандармыз, сондықтан сіздерді, қасиетті хазіреттер, жылтыраған дүниеге қызығу, әуейі атаққұмарлыққа салыну сияқты теріс жолдан қағып отырғымыз келеді. Шынында сіздер жалғанның қызық-шыжығының бәрінен безіп, әзезілдің азғыруынан аулақ болуға ант беріп қойдыңыздар ғой, ондай болса, алтын жүзік, шынжыр-бауларды өздеріңізге қайырып, сіздерді біз алдау-арбау жолына неге итермелеуіміз керек?

— Не істеп отырғандарыңызды, мырзалар, жақсылап ойланыңыздар!—деді хазірет.— Тегінде мұның бәрі шеркеудің мүлкі ғой. Бұл заттар — inter res sacras, бұл заттарға қол салғандарыңыз үшін сіздердің қандай ғаламатқа" ұшырайтындарыңызды мен біле алмай тұрмын.

— Оны енді мен ойлайын, тақсыр әулие,— деп осы арада Копменхерстың машайығы сөзге араласты,— сіздердің заттарыңызды мен өзім тағатын боламын.

— Досым яки бауырым менің,— деді хазірет, өзінің пұшайман болып тұрған күдігін тосыннан шешкен мына сөзге жауап беріп,— егер сен шынында діни санатқа тиісті адам болсан, бүгінгі күнгі оқиғаға қатысқаның үшін өзіңнің жоғарғы епархиялық діни бастықтарыңның алдында қандай жауап беретініңді мықтап ойлануыңды сұраймын.

— Э, достым хазірет,— деді машайық,— онда біліп ал, мен бір аса кішкене епархияның өкілімін. Ол діни қауымда мен өзіме өзім бастықпын, сенің Йорктегі епископыңнан да, Жорводағы аббат, хазіреттеріңнен де қорықпаймын.

— Онда сен нағыз дін адамы емессің,— деді хазірет,— сен дін атағын өзіңе-өзің жалған жолмен жапсырып алып, құдай жолын қорлап жүрген, өздерінің уағызына ерген жандардың жанын мүшкілдікке ұшыратып жүрген: lapides pro pane condanantes iis, яғни кітапта айтылғандай, нан орнына оларға тас асатып жүрген нағыз жалғаншылардың бірі болдың.

— Бұл латынша сөздің бәрін жадымда сақтай берсем,— деді машайық,— менің басым быт-шыт боп кеткен болар еді, сондықтан миымнан олар біртіндеп зытып отырыпты. Ал енді сен сияқты поптардың сақина-жүзік және басқа жылтырауық сылдырмақтарын тартып алып, олардың атаққұмар мақтаншақтығы мен көрсеқызар даңғойлығынан дүниені тазарту үшін, мен мұны толық заңды, әбден мақтарлық шара деп білемін.

— Ал мен сені ұятсыз суайт, барып тұрған жалғаншы деп білемін,— деді ызадан жарылып кете жаздаған тақсыр хазірет,— Мен сені шеркеуден айырдым!

— Сен өзің барып тұрған бау кеспе кезепсің!—деп айқай салды машайық, бұл да екі иінін жұлып жеп.— Мен өзімнің әріптестерімнің алдында, сенің тіл тигізуіңді көтеріп тұра алмаймын! Не бетіңмен өзіңнің діндес бауырыңды сен кемітіп тұрсың? Ossa ejus perfringam — Вульгатта айтылғандай, бұл үшін мен сенің сүйегіңнен сүйек қоймай қиратамын.

— Оһо!—деп қойды Локсли.— Біздің қасиетті әулиелеріміздің жеткен жерін қарай көріңдер! Қой монах, тоқтат! Ал сен, хазірет, құдай алдында күнәсыз емес екеніңді өзін де білесің, ендеше, біздің машайыққа көп тиісе берме. Бері қара, машайық, қасиетті аббатты сен де босат — ол төлер құнын төледі ғой.

Ақырында йомендер, латын тілінде ауыздарына келгендерін айтысып, бой бермей қойған монахтарды әрең дегенде басып алды. Хазірет рет ретімен жұптап сөйлесе, машайық күшке салып, қайтсе де одан асып түсіп отырып еді. Шынтуайтқа келгенде, қарақшылардың капелланымен айтысқаннан өзінің ұтылмаса, дүние ұтпайтынын түсінген хазірет келе-келе сабасына түсті. Ол енді өзінің жол серіктерін шақырып алып, сапарларының бас кезіндегідей, сән-салтанат құрмай-ақ, моп-момақан дін уағыздаушы қалпында, жолға шығып кетті.

Енді Локслидың жебірейден өзі үшін де, хазірет үшін де күн төлейтіндігіңе кепіл боларлық бір міндеттеме алуы қалып еді. Исаак Йорктегі бір ағайынының атына бір мың бір жүз крон төлеуге өзі қол қойып, вексель берді. Оның үстіне тағы өзінің аузынан шыққан айтылмыш товарларды түгендеп беруді өтінді.

— Қоймалардың кілті менің інім Шебаның қолында,— деді ол терең күрсіне түсіп.

— Күмбезді қойманың кілті де сонда ма?—деп сыбырлап еді Локсли.

— Жоқ... жоқ... құдай сақтасын!— деді Исаак.— Ол құпияны әлдекім біліп қойса, құдайдың онда ұрғаны да!

— Сен менен қауіптенбе,— деді қарақшы,— жалғыз-ақ, документте көрсетілген соманы толық төлесең болғаны. Саған не болды, Исаак, тіпті есіңнен адасып қалдың ба? Сол мың кроның шетінегенге, шынымен-ақ қызыңа төнген қатерді ұмытқаның ба?

Жебірей есін жиып, орнынан атып тұрды.

— Жоқ, жоқ, Дик... Мен қазір жүремін! Ал, қош бол, Дик,— деді ол әрі-беріден соң.— Мен сені мейірманым деп айта алмаймын, бірақ қасым деп айтуға тағы аузым бармайды.

Қарақшылардың көсемі қоштасарда Исаакқа тағы ақыл айтты:

— Жомарттық жасайтын жерін келді, Исаак, қызыңды сақтап қалу үшін ақшаңды аяушы болма. Есіңде болсын, егер бұдан алтыныңды аяп қалсаң, оның ақыры ауыр азапқа айналады, ол азапты тартқаннан сол алтынды балқытып кеңірдегіңе құйған артық.

Исаак терең күрсініп, осыны мойындады.

Содан ол қасына еңгезердей екі орманшы алып, жолға шықты, орманшылар оны қалың ағаштың ішінен бастап шығарып, сонымен бірге сақшысы болуға міндет алды.

Қарақшылардың орманында болған оқиғаны көз жазбай бақылап отырған Қара Дәу енді өзінің де жолға шығатын мезгілі жетіп, қарақшылармен қоштаса бастады. Жүреріңде ол, сонымен бірге, заңнан тысқары тұрған адамдар арасындағы тәртіпке қайран қалып, разы болғандығын айтпай тағы кете алмады.

— Иә, аяулы серім,— деді йомен, оның пікіріне жауап беpiп,— нашар ағаштың да жақсы жеміс беретін кездері болады, сол сияқты, жаман заманда кілең жамандық та туа бермейді. Заңнан тысқары болып, шеттеп қалған адамдардың ішінде де, өздерінін эй дер ажа, қой дер қожа жоқ, еркіндігін ақылмен пайдаланатын адамдар бар екендігіне күмән болмасқа тиіс, ал кейбіреулері тіпті өмір талқысының осындай кәсіпке айдап салғанына өкінеді де.

— Иә, айтуыңызға қарағанда, мен сондай жанның бірімен сөйлесіп тұрмын ғой деймін?

— Аяулы серім,— деді қарақшы,— біздің әрқайсымыздың өз құпиямыз бар. Мен туралы не деп ойласаңыз да еріктісіз. Ал сіз жөнінде менің де өзімше кейбір тұспалдарым бар, бірақ сіз де, мен де дәл таппай әбес жорамал жасап тұруымыз мүмкін. Сондықтан, құпияңызды ашыңыз деп менің сұрамағаным сияқты, өз құпиямды ашпағаныма сіз де өкпелемеңіз.

— Кешір, ер жүрек йомен,— деді сері,— сенің сөзің тура. Ал енді екеуміздің қайта кездесіп қалуымыз мүмкін нәрсе, әне сол уақытта біз бірімізден біріміз жасырмайық. Ал қазір екеуіміз жақсы дос болып айрылыссақ деймін.

— Достығым үшін, міне, менің қолым,— деді Локсли,— қазір қарақшы боп жүрсем де, бұл қол адал ағылшынның қолы деп, тайынбай айта аламын.

— Ал,— міне, менің қолым,— деді сері,— және сенің қолыңды қысқанымды өзіме абырой деп білемін. Себебі не десең — шексіз жауыздық жасауға жолы ашық бола тұрып, оның орнына жақсылық жасай білген адам — тек жасаған жақсылығы үшін ғана емес, сонымен бірге жасамаған барлық жауыздығы үшін де мақталуға лайық. Сонымен, көріскенше күн жақсы, батыр қарақшы!

Айбынды, аяулы екі жолдас осылай айрылысты. Берік Қақпа Серісі өзінің жауынгер мықты атына отырып, орманға кіріп кетті.

XXXIV ТАРАУ

Король Иоанн
О, досым, айтқанымды сен ұғып ал:
Ол — жылан — жолым бөгер сұмдығы бар.
Зәрлі уын қайда барсам ол жұмсаған.
Анық па енді менің сөзім саған?

«Король Иоанн»

Джон шаһзада Йорк сарайына басты-басты ақсүйектер мен дін иелерін жинап, үлкен той жасады, ондағы мақсаты — осылардың көмегімен ағасының тағын тартып алу еді. Шаһзаданың айлакер, сайыпқыран әріптесі Вальдемар Фиц-Урс тойға жиылғандарды ашық аттанысқа астыртын азғырып, осындай опасыздық әрекет жасауға үндеді. Бірақ істің тіреліп тұрған жері — мықты-мықты опасыздардың мұнда жоқтығы болатын. Мұндай арам ниетті іске асыру үшін Фрон де Бефтін табандылығы мен көзсіз батырлығы, Морис де Брасидың өжеттігі мен ерлігі, Бриан де Буагильбердің соғыс ісіне тәжірибелі жырындылығы аса қажет еді. Джон шаһзада мен оның сүйікті ақылшысы ойланбай істелген жеңілтек қылыққа іштерінен тынып, қанша сөгіп бақса да, бірақ оларсыз, бәрібір, түк бітіре алмады. Қайда кеткені белгісіз, жебірей, Исаак та жоқ боп кетті. Сонымен бірге Исаак арқылы жергілікті жебірей байларынан күрделі сома несие алам ғой деген шаһзаданың үміті қоса үзілді. Мұндай қысталаң кезеңде ақша қаражатының кемдігі де бір сор еді.

Торкилстон сарайының құлаған күнінің ертеңіне таңертең Йорк қаласында де Браси, Буагильбер және олардың одақтасы Фрон де Беф тұтқынға алыныпты, ол түгіл тіпті өліп те кетіпті деген хабар тарады. Бұл хабарды шаһзадаға Фиц-Урстың өзі айта келді де және оны расқа санайтынын, өйткені бұлардың Седрик пен оның, серіктеріне шабуыл жасамақшы болып кеткен отрядінің өте шағын екенін де білдірді.

Басқа уақыт болса шаһзада мұндай озбырлықты қызық көріп, күлген болар еді, ал бұл жолы мұндай жүгенсіздік өз ойын орындауға кесірін тигізеді деп біліп, бұл істі бастап жүргендерді сөге бастады. Ол заңды бұлжытпай орындау жөнінде, тәртіпті бұзғандық, жеке адамның мүддесіне қол сұққандық жайында даурығып кетті де, тап бір Альфред корольдің аузынан шыққан сөзді өзі айтып тұрғандай болды.

Бетімен кеткен тонаушылар!— деп шала бүлінді шаһзада, - Егер осыдан Англияның королі болатын болсам, мұндай қазан бұзарларды мен өз сарайларының көпіріне асып қоямын!

- Ал енді Англияның королі болып алу үшін,— деді шаһзаналады, ол азапты тартқаннан сол алтыңды балқытып кеңірдегіңе құйған артық.

Исаак терең күрсініп, осыны мойындады.

Содан ол қасына еңгезердей екі орманшы алып, жолға шықты, орманшылар оны қалың ағаштың ішінен бастап шығарып, сонымен бірге сақшысы болуға міндет алды.

Қарақшылардың орманында болған оқиғаны көз жазбай бақылап отырған Қара Дәу енді өзінің де жолға шығатын мезгілі жетіп, қарақшылармен қоштаса бастады. Жүреріңде ол, сонымен бірге, заңнан тысқары тұрған адамдар арасындағы тәртіпке қайран қалып, разы болғандығын айтпай тағы кете алмады.

— Иә, аяулы серім,— деді йомен, оның пікіріне жауап беpiп,— нашар ағаштың да жақсы жеміс беретін кездері болады, сол сияқты, жаман заманда кілең жамандық та туа бермейді. Заңнан тысқары болып, шеттеп қалған адамдардың ішінде де, өздеріңнің әй дер ажа, қой дер қожа жоқ, еркіндігің ақылмен пайдаланатын адамдар бар екендігіне күмән болмасқа тиіс, ал кейбіреулері тіпті өмір талқысының осындай кәсіпке айдап салғанына өкінеді де.

— Иә айтуыңызға қарағанда, мен сондай жанның бірімен сөйлесіп тұрмын ғой деймін?

— Аяулы серім,— деді қарақшы,— біздің әрқайсымыздың өз құпиямыз бар. Мен туралы не деп ойласаңыз да еріктісіз. Ал сіз жөнінде менің де өзімше кейбір тұспалдарым бар, бірақ сіз де, мен де дәл таппай әбес жорамал жасап тұруымыз мүмкін. Сондықтан, құпияңызды ашыңыз деп менің сұрамағаным сияқты, өз құпиямды ашпағаныма сіз де өкпелемеңіз.

— Кешір, ер жүрек йомен,— деді сері,— сенің сөзің тура. Ал енді екеуміздің қайта кездесіп қалуымыз мүмкін нәрсе, әне сол уақытта біз бірімізден біріміз жасырмайық. Ал қазір екеуміз жақсы дос болып айрылыссақ деймін.

— Достығым үшін, міне, менің қолым,— деді Локсли,— қазір қарақшы боп жүрсем де, бұл қол адал ағылшынның қолы деп, тайынбай айта аламын.

— Ал,— міне, менің қолым,— деді сері,— және сенің қолыңды қысқанымды өзіме абырой деп білемін. Себебі не десең — шексіз жауыздық жасауға жолы ашық бола тұрып, оның орнына жақсылық жасай білген адам — тек жасаған жақсылығы үшін ғана емес, сонымен бірге жасамаған барлық жауыздығы үшін де мақталуға лайық. Сонымен, көріскенше күн жақсы, батыр қарақшы!

Айбынды, аяулы екі жолдас осылай айрылысты. Берік Қақпа Серісі өзінің жауынгер мықты атына отырып, орманға кіріп кетті.

XXXIV тapay

Король Иоанн
О, досым, айтқанымды сен ұғып ал:
Ол — жылан — жолым бөгер сұмдығы бар.
Зәрлі уын қайда барсам ол жұмсаған.
Анық па енді менің сөзім саған?

«Король Иоанн».

Джон шаһзада Йорк сарайына басты-басты ақсүйектер мен дін иелерін жинап, үлкен той жасады, ондағы мақсаты — осылардың көмегімен ағасының тағын тартып алу еді. Шаһзаданың айлакер, сайыпқыран әріптесі Вальдемар Фиц-Урс тойға жиылғандарды ашық аттанысқа астыртын азғырып, осындай опасыздық әрекет жасауға үндеді. Бірақ істің тіреліп тұрған жері — мықты-мықты опасыздардың мұнда жоқтығы болатын. Мұндай арам ниетті іске асыру үшін Фрон де Бефтін табандылығы мен көзсіз батырлығы, Морис де Брасидың өжеттігі мен ерлігі, Бриан де Буагильбердің соғыс ісіне тәжірибелі жырындылығы аса қажет еді. Джон шаһзада мен оның сүйікті ақылшысы ойланбай істелген жеңілтек қылыққа іштерінен тынып, қанша сөгіп бақса да, бірақ оларсыз, бәрібір, түк бітіре алмады. Қайда кеткені белгісіз, жебірей, Исаак та жоқ боп кетті. Сонымен бірге Исаак арқылы жергілікті жебірей байларынан күрделі сома несие алам ғой деген шаһзаданың үміті қоса үзілді. Мұндай қысталаң кезеңде ақша қаражатының кемдігі де бір сор еді.

Басқа уақыт болса шаһзада мұндай озбырлықты қызық көріп, күлген болар еді, ал бұл жолы мұндай жүгенсіздік өз ойын орындауға кесірін тигізеді деп біліп, бұл істі бастап жүргендерді сөге бастады. Ол заңды бұлжытпай орындау жөнінде, тәртіпті бұзғандық, жеке адамның мүддесіне қол сұққандық жайында даурығып кетті де, тап бір Альфред корольдің аузынан шыққан сөзді өзі айтып тұрғандай болды.

Бетімен кеткен тонаушылар!— деп шала бүлінді шаһзада, - Егер осыдан Англияның королі болатын болсам, мұндай қазан бұзарларды мен өз сарайларының көпіріне асып қоямын!

Бетімен кеткен тонаушылар!— деп шала бүлінді шаһзада, - Егер осыдан Аиглияның королі болатын болсам, мұндай қазан бұзарларды мен өз сарайларының көпіріне асып қоямын!

— Ал енді Англияның королі болып алу үшін,— деді шаһзаданың сарабдал ақылшысы, сабырлы қалыппен,— сіздің, құрметті мәртебеңіз бұл тонаушылардың еркіндігіне төзумен қатар, өзіңіздің бұлжытпай қолданбақ болып отырған заңдарыңызды әлдеқалай бұзып қойған күнде де, оларды қанатыңыздың астына алып, қорғай отыруыңыз керек. Егер сол айтқан можам-томпай саксондар сіздің құрметті мәртебеңіздің, құзырын іске асырып, алпауыт сарайларының көтермелі көпірін дар ағашына айналдырып отырса, онда бізге түсетін пайда не одан! Ал анау Седрик деген сондай жамандыққа бара алатын адам. Өзіңіздің құрметті құзырыңызға белгілі, Фрон де Беф бек, де Браси мен ғымаратшы қолымызда болмай отырған уақытта, біздің аттанысқа шығуымыз өте қауіпті, екінші жағынан, енді кейін шегінуіміз де болмайды, бұл жөнде біз көп жерге барып қалдық.

Джон шаһзада ызаланып кеткендіктен өзін-өзі маңдайға салып қалып, бөлменің ішінде қарыштай адымдап, ерсілі-қарсылы жүріп кетті.

— Оңбаған опасыздар!—деді ол.— Осындай екі талай уақытта мені тастап кетті.

— Шатылған шалдуарлар десеңізші, одан да,— деді Вальдемар.— Осындай күрделі істі қолға алғанда не болса, сонымен айналысып кетуге бола ма екен.

— Енді не істейміз?—деп сұрады шаһзада, Вальдемардың алдына келіп тұра қалып.

— Қажетті бұйрықтың бәрін беріп қойдым,— деді Фиц- Урс.— Бұған дейін ісіңізді оңдауға қажетті шараның бәрін істемеген болсам, мен сіздің алдыңызға келіп, болып қалған сәтсіздікті айтып та тұрмаған болар едім.

— Сен менің әрқашан да кең ақыл кемеңгерім болып келгенсің, Вальдемар,— деді шаһзада.— Егер қасымда әрқашан сендей канцлерім болып тұрса, менің патшалығым осы елдің шежіресінде даңққа бөленіп өтеді. Ал, айта бер, қандай-қандай бұйрық бердің?

— Мен Морис де Брасидың үлкен көмекшісі Луи Винкельбрандқа дереу дабыл қағып, жасақты жинап алуға, оларды түгел атқа мінгізіп, жалау көтеруге, сөйтіп достарымызды құтқарып алу үшін Фрон де Беф бектің сарайына жетуге бұйрық бердім.

Мұны естігенде Джон шаһзада біреуден жәбір көріп, өкпелеген ерке балаша томсырая қалды да, түрі шиқандай қып - қызыл боп кетті.

— Тәңірдің нұры ұрсын,— деді ол,— сен тым асып кеткен жоқсың ба, Вальдемар Фиц-Урс? Бұл не деген өрескелдік! Біз өзіміз осында отырып, бұл туралы ешқандай бұйрық бермейінше, дабыл қағып, жалау көтерту бұл қай асқандық!

— Мәртебеңіздің алдында айыптымын, тақсыр,— деді Фиц- Урс, қамқор әміршісінің бос-қуыс мен-мендігіңе ішінен лағынет айта тұрып,— менің ойланып-толғанып тұруыма мүмкіндік болмады, әрбір минут алтынға бергісіз еді, сондықтан сіздің жарқын мәртебеңіздің мүддесін көздеп бұйрық берген жөн деп білдім.

— Мен саған кештім,— деді шаһзада шытырайып.— Сенің ойланбаған асығыстығыңды адал ниетің жуып кетеді. Ой, мынау кім? Крест атсын, мына келген де Брасидың өзі ғой! Мұның түрі қандай жаман еді, тегі!

Шынында бұл келген де Браси еді. Ұдайы өктеген аттың шабысынан өңі қап-қара боп күйіп кеткен, өкше тақасы қан-қан. Бойындағы бүкіл қару-жарағы осы жақын арада қиян-кескі ұрыстан шыққандығын айтып тұр: сауыт-сайманының бәрі жеміріліп, майысып қалған, көп жерлері қанға боялған, батпақ-шалшық басып кеткен, серінің киім-кешегі басынан аяғына дейін қалың шаң-тозаңнан көрінбейді. Де Браси дулығасының бауын ағытып, оны столдың үстіне қойды да, алып келген суық хабарын қайтіп айтарын білмей, біразға дейін дағдарып тұрып қалды.

— Не болды, де Браси?—деді Джон шаһзада, шыдамы жетпей.— Не болғансың? Бұйырамын, сөйле! Немене, сакстар бүлік шығарды ма?

— Сөйле, де Браси,— деп Фиц-Урс та шаһзадамен қабат айтты.— Сен ер жігіт едің ғой. Ғымаратшы қайда? Фрон де Беф қайда?

— Ғымаратшы қашып кетті,— деді де Браси,— ал Фрон де Беф бекті енді қайтып көре алмайсыз: ол өз сарайының күйреген жалынында, лапылдаған моланың ішінде мерт болды. Meн жалғыз өзім құтылып шығып, осы хабарды сіздерге жеткізіп тұрмын.

— Сен жанған өрт, лаулаған жалын деп тұрсаң да,— деді Вальдемар,— менің өне бойым мұздап, денем қалтырап барады!

— Жаман хабарды әлі алда естисіз,— деді де Браси, шаһзаданын қасына жақын келіп, ақырын, бірақ айқын дауыспен мынаны айтты:— Ричард осында, Англияда. Мен оны кеше ғана көріп ауызба-ауыз сөйлестім.

Джон шаһзада боп-боз боп, тәлтіректеп кетті, дәл бір кеудесінен оқ тиген кісідей, ол теңселіп барып, орындықтың арқалығына сүйеніп қалды.

— Сен сандырақтап тұрсың, де Браси,— деп айқайлап жіберді Фиц-Урс,— бұл мүмкін емес!

— Бұл қаны тамшылаған шындық,— деді де Браси,— Мен оның кеше ғана тұтқыны болдым, ол менімен ауызба-ауыз сөйлесті.

— Сен кәдімгі Ричард Плантагенетпен сөйлестің бе?— деп тағы сұрады Фиц-Урс.

— Иә, Ричард Плантагенетпен,— деді де Браси,— Арыстан Жүрек Ричардпен, Англияның королі Ричардпен сөйлестім.

-— Және сен соның тұтқыны болдың?— деп қайта сұрады Вальдемар.— Демек, ол өзі мықты әскердің басында келе жатқан шығар?

— Жоқ, ол бір топ қана ерікті йомендерді бастап жүр және олар мұның кім екенін де білмейді. Мен оның кетем деген сөзін де естіп қалдым. Тек Торкилстон сарайын алуға көмектесу үшін ғана соларға қосылған түрі бар.

— Солай, солай,— деді Фиц-Урс,— Ричард болса, ол сөйтеді. Қайдағы бір сэр Бевис секілді, өзінің қайраты мен айласына сеніп, кез келген сергелдек-серуенге араласып жүре беретін, нағыз ел қыдырып, саяхат жасап жүрген серінің өзі. Ал мемлекеттің ісі қалай болса солай бір далада қалған, ол түгіл, тіпті өзінін қара басы да қауіп-қатерден cay емес. Ал сонымен, не қыл дейсің, де Браси?

— Мен? Мен Ричардқа ерікті жасағымның қызметін ұсынып едім, ол одан бас тартты. Енді өз адамдарымды Гулльге жеткіземін де, кемеге отырғызып алып, Фландрия қайдасың деп тартып отырамын. Мұндай дүние бүлініп тұрған заманда әскери адамға қай жерден болса да жұмыс табылады. Ал өзің қайтпексің, Вальдемар? Сірә, саясатты былай жиып қойып, қолға найза алып, менімен бірге кетсең қайтеді?

— Жоқ, мен қартайып қалдым, Морис. Оның үстіне қызым бар, оны қайтпекпін,— деді Вальдемар.

— Қызыңды маған бер, Фиц-Урс. Алмас семсер тұрғанда, қызыңның асыл тегіне лайық сән-салтанат жасап бере аламын,— деді де Браси.

— Жоқ,— деді Фиц-Урс,— мен осы арадағы Петр әулиенің ғымаратына тығылып қаламын ғой деймін. Архиепископ менің өкіл ағам ғой.

Олар осындай әңгіме-дүкен құрып тұрғанда, тосын хабардан есі ауып қалған Джон шаһзада қайтадан сабасына түсті. Ол бұл кезде өз әріптестерінің әңгімесін зер қойып, тыңдап отырған еді.

«Бұлар енді менен қашып барады,— деп ойлады ол.— Қатты желдің екпінінен тоз-тоз болған құдды қу жапырақ тәрізді. О, пәруадігәр! Бұл оңбағандар тастап кеткенде менің қолымнан не келмек?»

Ол содан біраз уақыт үн-түн жоқ тұрды да, сонан соң бір мезетте ойда жоқ жерден өтірік күлкіге басты кеп; бүл күлкіден оның өңі де, дауысы да бір албастының түріне ұқсап кетті, сол күлкімен ол әріптестерінің әңгімесін бұзып жіберді.

Ха-ха-ха, о, достарым! Тәңірия қыздың зейнеті атсын, мен сендерді бір ақылды, батыр адамдар ғой деп ойлап жүр едім. Ақыры мұның не боп барады! Сөйтіп сіздер дәулеттен де, сый-құрметтен де, бұл өмірдің басқа рақаттарынан да — қысқасы, асыл арманымыздың арқасында келетін жақсылық атаулының бәрінен де безіп шықтыңыздар ғой. Және қандай кезде десеңіздерші — мықты бір қадам ғана аттасақ болды — жеңіске қолымыз жететін боп тұрғанда бездіңіздер ғой.

— Сіздің неге сенетініңізді мен түсінбедім,— деді де Браси.— Ал Ричард қайтып келіпті деген лақап тарасымен, оның маңайына қаптаған қалың қол айтқанша-ақ жиылғалы тұр, сонда біздің шаруамыз бітті деген сөз. Менің тілімді алсаңыз, мырзам, сіздің Францияға қашуыңыз, не королева апаңыздан жан сауға сұрауыңыз ғана қалды.

— Мен ешкімнен сауға сұрамаймын!— деді Джон шаһзада, менмендігі ұстап кетіп.— Жалғыз-ақ, ағама бір ауыз ғана сөз айтсам болды, ешкім де тимейді маған. Ал сонда сіздер қайтпексіздер?— Сен, де Браси және сен, Вальдемар Фиц-Урс, ойланбастан мені тастап кетпексіздер, сонда Клиффорд қақпасының басында ілулі тұрған сіздердің кесілген бастарыңызды көру маған оп-оңай болар дейсіздер ме?! Сен, Вальдемар, өзің қалай деп ойлайсың, егер Ричардқа жағыну үшін сондай бip опасыздық іске жарап кететін болса, жырынды архиепископ сені дәл алтарьдің түбінен де ұстап бермейтіндігіне кім кепіл бола алады? Ал сен, де Браси, осыдан Гулльге баратын жолда Роберт Эстотвильдың әскері жасақ салып жатқанын, әйтпесе граф Эссекстың өзін жақтаушы қолын сонда шақырып алғанын, әлде сен білмейтін бе едің? Егер біз осы қалың қолды әуелі Ричардтың келуінен бұрын сақтанып келсек, ал енді осылардың көсемдері қазір кімнің жағына шығады деп ойлансың? Онан да маған сене бар, сені ерікті жасағыңмен қосып Хамбер дариясына тоғытып жіберуге бір Эстотвилдың әскері-ақ жетіп жатыр.

Осы сөзден үрейлері ұшқан Фиц-Урс пен де Браси енді бірінің бетіне бірі қарады.

— Бізде қазір бір ғана амал қалды,— деді шаһзада, қап-қара боп түнеріп алып.— Біздің қорқып отырған адамымыз жалғыз өзі ел кезіп жүр. Міне соны бір жерде бас салып байлап алу керек.

— Мен бұған бара алмаймын,— деді де Браси, жұлып алғандай.— Ол мені тұтқынға алып тұрып, кешірім жасаған. Енді сол адамның дулығасынан жалғыз қауырсынның қыңыраюына мен разы емеспін,

— Ой, оны қырып-жой деп отырған кім бар саған?— деді Джон шаһзада қатты күлген болып.— Мына түріңе қарағанда, оны өлтіруге азғырды деп айтып жүрерсің сен біреулерге, жоқ, мұнда түрмеден артығы жоқ. Оның түрмеде — Австрияда ма, Англияда ма — қайда отырғаны бәрібір емес пе? Ол біздің осы шараны қолға алған уақытымыздағыдай халде болады. Өйткені біз бұл істі бастаған уақытта Ричард Германияда тұтқында қала береді деп ойлаған едік қой. Біздің ағамыз Роберттің Кардифф сарайында тұрып, сонда өлгені мағлұм емес пе?!

— Ол солайы солай ғой,— деді Вальдемар,— бірақ сіздің жоғары мәртебеңізге қарағанда, бабаңыз Генрих тақта сізден әлдеқайда мықтырақ отырған еді ғой. Меніңше, ең мықты түрме кілті пономарьдің қолында болатын түрме деп білемін; шеркеудің астындағы табыт қоятын орыннан өткен зындан жоқ. Менің бұдан бөлек айтарым жоқ.

— Түрме дейсіңдер ме, қабір дейсіңдер ме — онда менің жұмысым жоқ,— деді де Браси.— Мен қолымды төбеме қойып бездім.

— Сұмырай!—деді Джон шаһзада.— Сен біздің әңгімемізді оған жеткізе қоймассың деп ойлаймын?

— Мен ешқашан тыңшы болған емеспін,— деді де Браси кекірт түрмен,— және өзімді ешкімге сұмырай да дегізген емеспін.

— Жетер, жетер, сері мырза,— деді Вальдемар сөзге араласып.— Ал сіз, патша ағзам, ер жүрек де Брасидың шырт етпе мінезін кешіріңіз. Оны мен көндірермін деп ойлаймын.

— Асыл сөзіңді бекерге шығын қылма, Фиц-Урс,—деп де Браси ерегісе түсті.

— Жә, болды, жетер енді, аяулы мырзам Морис,— деп жуып-шая берді жырынды дипломат.— Үркек атша, қиыс тарта бермеңіз. Неден үрке бердің мұнша? Сондағың Ричард па... Осыдан бір үш-ақ күн бұрын сонымен бір ашық майданда жекпе-жек кездессем деп білегіңді сыбанып отыр емес пе едің?! Сол сөзіңді мен бір жүз қайтара естіп едім ғой.

— Иә, рас,— деді де Браси,— ашық, майданда жекпе-жек дегенім рас. Бірақ мен ну тоғайдың ішінде бас салсам деп қашан айттым?

— Содан қорқатын болсаң, сенің серілігің қайсы?—деді Вальдемар.— Оны айтсаң, Ланселот де Лак пен сэр Тристрам атағын ашық ұрыста шығарып па еді? Қалың жыныс, ну тоғайдың ішінде-ақ баһадүр дәулерге шабуыл жасап жүріп-ақ солардың даңқы жер жарып кетіп еді ғой.

— Иә,— деді де Браси,— менің сертім бар, Ричард Плантагенетпен қолдасып айқаса кеткенде сол Тристрамың да, Ланселотың да шыдап тұра алмайды. Ал.бір кісіге екеулеп жабылу олардың әдетінде жоқ болатын.

— Немене, сен өзің есіңнен айрылғансың ба, де Браси?— деді Фиц-Урс.— Шынтуайттап келгенде сен Джон шаһзадаға жалданып қызмет етіп жүрген ерікті жасақтың ақылды бастығысың ғой. Өзіңнің сол қожаңның тағдыры, жолдастарыңның бақ-талайы, қара басыңның өмірі, қысқасы, біздің әрқайсымыздың ар-намысымыз бәйгіге тігіліп отырғанда, сен біздің жауымыздың қайда екенін көріп-біліп келіп отырып, солқылдақтыққа салынасың!

— Meн сіздерге айттым ғой,— деді де Браси,— ол маған кешірім жасап, өмірімді өзіме қиды. Рас, ол менің қызметімнен бас тартып, көз алдынан қуып жіберді. Солай болғаннан кейін, енді мен оған табынуға да, адалдық көрсетуге де міндетті емеспін. Ал бірақ мен оған қол жұмсай алмаймын.

— Саған соны істе деп отырған ешкім де жоқ. Тек жиырма шақты найзагеріңмен Винкельбрандты жіберсең болғаны.

— Оған сіздердің өз сұмпайыларыңыз да жеткілікті,— деді де Браси,— ал менің адамдарымнан бұл іске ешкім де қадам баспайды.

— Әй, бір беткейсің-ау, де Браси!— деді Джон шаһзада.— Ақ ниет, адал қызмет туралы уәдені беріп-беріп ап; енді сен мені қалай тастап кетпексің?

— Мен сізді тастап кетемін деп тұрғаным жоқ,— деді де Браси.— Серілік атақтың жол-жобасы бойынша, сайыстарда, ұрыс майданында мен сізге қызмет етуге әлі де даярмын. Бірақ анадай арам іс менің берген антыма қарсы.

— Вальдемар, бері жақынырақ келші,— деді Джон шаһзада.— Мен не деген бақытсыз шаһзадамын! Ал менің әкем Генрих корольдің қызметкерлері өте адал болған: дін -иелерінің арасынан бір бүлікшіл шығып, өзінің мазасын кетіре бастады деп айтуы мұң екен, Фома Бекеттің қаны несіне әулие деп жүргенің кім білсін!—Өзі ғыбадат қып тұрған алтарьдің сатысында төгіліпті. О шіркін, Траси, Морвил, Брито секілді ер жүрек, адал қызметкерлерді айтсайшы! Осылардың аттары өшіп, ерліктері ұмыт болды ғой, есіл ерлердің қажыр-қайраты екі айналып, қайта бір келер ме еді! Қанша айтқанмен, Реджинальд Фиц-Урстың ұлы бар, бірақ ол әкесінің адалдығын да, ерлігін де мирас қып ала алмаған.

— Жоқ, онда сол айтқан қасиеттің екеуі де бар,— деді Вальдемар Фиц-Урс.— Егер бұл көтерілісті атқаратын ешкім шықпаса, оны мен өз міндетіме аламын да. Менің әкем адал қызмет еткен атағы үшін қымбат-ақ құрбан жасады, бірақ ол өзінің берілгендігін оңай жолмен ақтап кеткен еді, ал менің алдымда одан анағұрлым қиын сын тұр, Арыстан Жүрекке найза оқталудан гөрі маған шеркеудің құрметті тізімінде аталған әулие-хазіреттердің бәріне бірдей шабуыл жасау жеңілірек тиер еді. Біздің одақтастарымыздың еңсесін көтеріп, қайрат - жігер беріп тұруды, де Браси, саған тапсырамын. Шаһзаданың жеке басына қорғаушы бол. Егер мен сіздерге қуанышты хабар жеткізе алсам біздің ісіміздің оңға басқаны дей беріңдер. Эй, қол-балам, біздің үйге барып, жарақшыға бұйыршы: менің ат - тұрман, қару-жарағымды сақадай сай ғып тұрсын! Стивен Узеролға, Торсби-балуанға және Спайнгаудан келген үш найзагер жігітке айт, дереу маған жетсін. Сонсоң Хьо Бардом барлаушыны да шақырып қойсын... Ал қайыр, патша ағзам, көріскенше күн жақсы!

Осыны айтып ол бөлмеден шығып кетті.

— Менің ағамды тұтқынға алуға кетіп барады,— деді Джон шаһзада, Морис де Брасиға,— соған бара жатқанда әлдеқандай бір саксон қара шекпенін еркінен айыратын кісіше, ар-ұждан деген оның ойына кіріп те шығатын емес. Бірақ ол біздің айтқанымызды мүлтіксіз орындап, менің сүйікті ағам Ричардтың өз басын құрметтеп ұстайтын шығар.

Де Браси бұған жауап берудің орнына мырс етіп күлді де қойды.

— Тәңірия әулиенің аруағына сыйынып айтайын,— деді шаһзада,— біз оған қатты тапсырдық. Бірақ сен біздің терезенің қуысында тұрып сөйлескен сөзімізді естімеген боларсың. Мен оған Ричардты құрметтеп ұста деп қатал бұйрық бердім, егер Вальдемар менің әмірімді орындамаса, сазайын тартады!

— Оған мен де барып айтсам қайтеді,— деді де Браси,— сіздің құрметті әміріңізді тағы бір ескертіп келсем деймін? Егер сіздің сөзіңізді мен естімеген болсам, Вальдемардың да естімей қалуы мүмкін ғой?

— Жоқ, жоқ!— деді шаһзада, шыжалақтап.— Маған сене бер, ол анық естіді. Қала берді, менің сенімен сөзім бар. Маған мұнда жақын келші, Морис, мен сенін иығына сүйеніп тұрайын.

Бұлар осылай достарша айқасып жүріп, бүкіл залды бір айналып шықты, сонда достық әңгімесінде шаһзаданың айтқаны мынау еді:

— Осы Вальдемар Фиц-Урс жөнінде сенің қандай пікірін бар, достым де Браси? Ол менің жанымда канцлер болып қалмақшы. Бірақ, Ричардты ұстап әкелуге белсеніп шыға қалғанына қарағанда, біздің семьяны оның онша сыйламайтыны көрініп қалды, сондықтан мұндай адамға соншалық маңызды қызметті берердің алдында, біз де мықтап ойланатын шығармыз. Осы бір ыңғайсыз шарадан үзілді-кесілді бас тартқаның үшін біз сені жек көріп қалды деп ойлауың да мүмкін ғой?

Жоқ, Морис. Сенің айтқан сөзіңе адалдығың мен табандылығың үшін, қайта, менің саған деген құрметім күшейе түсті. Бізге үлкен құрмет көрсетіп, еңбек сіңіріп жүретін жандар бар, бірақ біз соларды жақсы да көре алмаймыз, құрмет те көрсете алмаймыз. Ал енді бізге қызмет етуден бас тартатын адамдар бap, міне сол тілазарларды біздің аналардан жақсы көріп кететін кездеріміз болады. Менің ойымша, біздің бақытсыз ағамызды тұтқынға алу — канцлерлік мансапты батпандай ғып ұстата, беретіндей онша зор еңбек емес. Ал бірақ нағыз серілік тілазарлығың үшін сен бас маршалдың құрметті таяғын ұстауға лайықсың. Міне, осыны ойлан, де Браси, сонсоң бар да өз міндетіңді атқара бер.

— Шатысқан әмірші!—деп күбірлеп бара жатты де Браси, шаһзададан шыға беріп.— Саған сенген кісінің соры-дағы! Сенің канцлерін! Ол неге тұрады, айтыңызшы, құдай үшіні Сенің арыңа қол артқан кісі басынан тез-ақ айрылатын шыға.р. Бірақ Англияның бас маршалы деді-ау ол,— деп де Браси, қолын алдына созып, маршалдың таяғын ұстай алғандай, маңғазданып қойды,— бұл енді қалай дегенмен де, еңбек етуге тұратын атақ.

Де Браси бөлмеден шығысымен, Джон шаһзада алдындағы қызметкерін шақырып алды да:

— Біздің аға барлаушымыз Хью Бардонға айт, Вальдемар Фиц-Урспен сөзі біткеннен кейін дереу маған келсін деді де.

Шаһзаданың тағаты таусылып, бөлменің ішінде әрлі-берлі безектеп жүрген кезінде-ақ аға барлаушы тезбе-тез жетіп келді бұған.

— Бардон,— деді шаһзада,— Вальдемар саған қандай бұйрық берді?

— Терістіктің жыныс тоғайымен таныс, адам мен аттың ізіне кез жазбай түсе білетін адамдардан екі ер жігітті таңдап жібер деп бұйырды маған.

— Сен ондай адамды тауып жібере аламысың?

— Қам жемеңіз, патша ағзам,— деді тыңшылардың бастығы.— Біреуі — Хаксамширдан, Тайндейл мен Тевиотдейл ұрыларының ізіне түскенде оқ тиген бұғының ізімен қуған тазы итше түсетін бір жігіт бар. Екіншісі — Йоркширдан; ол өзі Шервуд ормандарында аң мен құсты қоймай атып жүрген жігіт, әрі осыдан Ричмондқа дейінгі соқпақтың, өткелдің, сай-сала мен беті ашық даланың әрбірін жатқа білетін адам.

— Жақсы, жарайды,— деді шаһзада.— Вальдемардың өзі де бара жатыр ма, солармен?

— Сөз жоқ, патша ағзам,— деді Бардон.

— Тағы кімдер бар оның қасында?—деді Джон шаһзада, аңқаусырап.

— Онымен бірге Торсби балуан және қаталдығы үшін Болат Жүрек Стивен атанып кеткен Узерол бар; сонсоң бұрынғы Ральф Миддлтонның отрядынан терістік жақтың үш жігіті кетіп барады; бұларды Спайнгаудың найзагерлері деп атайды.

— Жақсы,— деді шаһзада, сонсоң тағы аз тоқталып барып Бардонға былай деді:—Сен, Бардон, Морис де Брасидың соңынан мықты бақылау қоюың керек, бірақ мұны оның өзі сезбейтін болсын. Оның жүріс-тұрысын, кіммен сөйлесіп, кіммен не істеп жүргенін бізге әлсін-әлі жеткізіп тұр. Осының бәрін анықтап біліп алуға тырыс, өйткені сен осыған жауапты боласың.

Хьо Бардон бас иді де шығып кетті,

— Егер Морис опасыздық жасаса,— деді Джон шаһзада,— егер мына тәрізіңе қарағанда, біздің сезіктенгеніміздей болып шығып, мені сатып кететін болса, онда мына Йорктың қақпасының алдына сол минутта Ричардтың өзі келіп тұрса да, оның басын аламын.

XXXV ТАРАУ

Нағыз соқыр зұлымдықтың
Кеудесінен жақсылықтың
Отын үрлеп табудан —
Оңай болар жолбарысты ояту,
Aш арыстан жемін алу аузынан

Белгісіз автор.

Енді Йорктан шыққан Исаакқа қайта айналып келейік. Қарақшының берген қашырына мініп ап, екі йоменнің бастауымен, ол құн төлеп, қызын сатып алу үшін Темплстоу прецепториясына жүріп кетті. Прецептория күйреген Торкилстон сарайынан бір күндік жол болған соң, Исаак оған күн батпай жетемін деп ойлап еді. Сондықтан, орманның шетіне шығысымен ол жол бастаушы екі йоменнің ақысына бір-бір сомнан күміс теңге берді де, олармен қош айтысып, өзінің әлсіздігіне, өте шаршап-шалдығып жүргеніне қарамастан. қашырын хал-хадерінше борбайлап, суыт жүріп келе жатты. Бірақ Темплстоуға төрт шақырымдай жер қалғанда, ол халінің нашарлағанын сезді: арқасы, бүкіл сүйек-сүйегі қақсап, сынып әкетіп бара жатты, онсыз да өзі әлсіз адам, мұның үстіне жан күйзелісі қосылған соң не болсын, ақырында, медицинадан мол хабары бар — білгіш, әрі Исаактың өзіне жақсы таныс жебірей раввині тұратын шағын сауда мекеніне зорға дегенде жетіп жығылды.

Жебірей раввині Натан Бен-Израйль халқының ежелден басталып, әлі күнге дейін бұлжымай сақталған дәстүрімен,азап шегіп, зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатқан бауырын құшағын жайып, кең пейілмен күтіп алды. Ол бишара шалдың басынан кешкен адам айтқысыз сұмдықтардан, неше қилы қисас қинаудан, жеген таяқ пен қайғы-қасіреттен бүкіл дене бойында басталған есірік безгекке қарсы дәрі беріп, жайлы төсекке жатқызып салды.

Ертеңіне Исаак орнынан тұрып, қайта жол жүруге ыңғайланып еді, бірақ Натан оған қарсы тұрды, шалдың мұндай бейқамдығы өміріне қатер екенін айтып, тек меймандос ағайындық жолымен ғана емес, емдеуші дәрігер ретінде қатты тыйым салды.

Исаак өзінің Темплстоуға баратын ісі өмірі мен өлімінен де қымбат тұратынын айтып, дәрігерді көндіруге тырысты.

— Темплстоу дейсің бе?— деп Натан оған қайран қалды. Дәрігер шалдың тамырын тағы ұстап көріп:—Безгегің басылған сияқты, бірақ денеңді қалтыратып дірілдетіп тұрған есірік әлі бар,— деп күбілжіп қойды.

— Сен маған Темплстоуға неге барма дейсің?—деді Исаак оған.— Темплстоу — құдай жаратқан бүкіл мүһміннің ішіндегi ең абзал халықтың әулетін көре алмайтын, оларды жолындағы кесір-кесепат деп білетін жандардың мекені екеніне мен, Натан, сенімен таласпаймын; бірақ біз сауда-саттық ісінің құзырымен, бұл қанішер назарей жалаң төстерімен қатысып, анда-санда істес болып тұруға, иоаннит серілерінің командорлықтарында болып кететініміз секілді, ғымаратшылардың прецепторияларына да барып тұруға мәжбүрміз.

— Әй, қайдам, біле алмадым,— деді Натан,— сен білесін бе, қазір онда бұлардың ордендерінің бастығы, яғни сардары Лука Бомануар жатыр.

— Мен мұны білген жоқ едім!—деді Исаак.— Менің Парижда тұратын ағайындарымыздан алған соңғы мағлұматтарыма қарағанда, Бомануар Францияның астанасында болуға тиіс еді де және ол Саладин сұлтанға қарсы күресте Филипптың көмектесуін өтініп, жік-жаппар болып жатыр деп естіп едім.

— Содан соң ол мұндағы діндарларының күтпей отырған кезінде, аспаннан түскен боп, Англиядан келіп бір-ақ шыққан,— деді Бен-Израиль.— Ол келгенде қолын жоғары көтеріп алып, жазалауға, қуғын-сүргін жасауға оқталып келген. Орденге кірген уақытта берген анттарын бұзушыларға қаһарын тігіп, қабағынан қан жауып келгендіктен, Велиаланың перзенттерінде қазір зәре-құт жоқ, қаһарынан қалтырап, ұшып түскелі тұр. Оның атына сен бұрыннан қанық боларсың?

— Иә, мен оны бұрыннан білемін,— деді Исаак.— Мәжусилер, яғни пұтқа табынушылар айтады, Лука Бомануар назарей заңынан бір қадам шалыс басқанның басын алады дейді. Ал біздің бауырларымыз оны сарациндарды аяусыз қырып-жоюшы, ал израиль тұқымына мейірімі жоқ жауыз деп атайды.

— Оған берілген сол атақ дұрыс!—деді Натан-емші.— Басқа ғымаратшыларды дүниенің қызығымен, алтынмен алдап-арбауға болады, ал Бомануар оған көнбесе керек: ол жылы-жұмсақты, тәтті-дәмдіні көре алмайды, байлық-дәулет дегеннен екі қолын төбесіне қойып безеді, өздерінің тілімен айтқанда, барлығын да азапты ақырға апарып жеткізуге жан-тәнін салады. Тек Иаков тәңіріміз соның тілеген азап ақырын өз басына, оның серіктеріне келтірсін! Сарацинның қазасы құдайға қандай ләзім болса, жебірейдің қазасы да сондай ләзім деп, адамның басын алмақ болған баяғы Дәуіт секілді, бұл тәкаппар жан Бомануар да Иудеяның басына алмас семсерін жалаңдатып тұр. Біздің адамға шифа болатын дәрігерлік ілімімізді ол жын-шайтанның жәдігөйлігі деп санап, іске алғысыз ғып тастайды. Бұл үшін оны бір құдайдың өзі атсын!

— Не болса да, мен барамын,— деді Исаак,— маған десе, Бомануардың жүзі дозақтың азап отындай, жалын боп жалап тұрса да, мен Темплстоуға баруға тиіспін...

Miнe осы арада ол өзінің не себепті асығыс екенін Натанға түсіндіріп айтты. Раввин Исаактың жайын әбден тыңдап алып, оның қайғысына ортақ екенін білдірді, өз халқының әдет-ғұрпы бойынша, тіпті үстіндегі көйлегін де дал-дал ғып жыртып:

— О, қызым менің! О, қайран қара көзім! Бұл не деген қасірет! Сионның жарық жұлдызы сөнді ғой! Бұл Израиль бұғаудан қашан құтылады,— деп дауыс қылды.

— Ал білдің бе енді,— деді Исаак,— менің аялдауға болмайтын себебімді. Мүмкін, ең жоғарғы бастығы Бомануардың, мұнда болуы Бриан де Буагильбердің ойындағы жауыздығына тыйым болар. Мүмкін, ол менің жалғыз бауыр етім — жарық жұлдызым Ревеккамды өзіме босатып берер.

— Ондай болса бар,— деді Натан Бен-Израиль,— ақылыңнан адаспа, дана бол, өйткені даналық Даниялды да арыстан жатқан зынданнан аман алып шыққан. Бірақ, мүмкін болса, сардардың көзіне түспеуге жаһат қыл, өйткені, жебірейлерді мазаққа айналдырып, күні-түні масқаралау оның серқұмары деседі. Әлде, мүмкін болса, сол Буагильбердің өзімен ауызба-ауыз, көзбе-көз кездесіп, сөйлескен жақсы болар ма еді, әлде қайтер еді — сол ант атқан назареяндардың өздерінің ортасында ала ауыздық бар, бірлік жоқ, деген дақпырт таpaп жүр... Құдай қарғап, тегі бұл арамдардың мәжілістері бұлан-талан боп, лаһи масқаралыққа ұшырасын деп тілейік! Ал сен, бауырым, қайтқаныңда, тап әкеңнің үйіне келгендей, емін-еркін кіре бер, мен ісіңнің не болғанын біліп отыратын болайын. Құдай қаласа, сен дана әйел, ғұлама ғалым Мириамның сүйікті шәкірті — Ревекканы өзіңнен қалдырмай алып қайтасың деп сеніп отырамын. Ойпыр-ай, бұл адамдарға енді не лаж: сол данышпан Мириам-дәрігердің шифалы дәрісін де бұлар сиқыр деп өсектеді ғой.

Сонымен, Исаак досымен есен-сау айтысып шығып, бір сағаттан соң Темплстоу прецепториясының қақпасының алдында болды.

Ғымарат серілерінің мекені жергілікті халықтың бұрынғы хазіретке сыйлап берген шүйгін шөпті мал өрісі мен көк арай шалғынды жердің дәл ортасында еді. Ғымараттың үйлері мықтап, жақсылап салынған — преценторняны айнала бекем қорған орнатылған, ел арасы тыныш болмай тұрған уақытта берік қамал әбден қажет болатын. Қара киімді, айбалталы екі сақшы көтермелі көпірдің қанатында күзетте тұр. Жанды жауынгерден гөрі елестеген аруаққа ұқсас, тағы сондай қоңыр киімді екі адам қабырғаны жағалап, бір қалыпты жүріспен ерсілі-қарсылы адымдап жүр. Бұл орденнің серілері мен жарақшылары бұрын шымқайаққа киім киген екен, бірақ Палестинаның тауларының арасында осылардың атағын пайдаланған ақ киімді жалған қашқындар қаптап кеткеннен кейін, орден серілері мен олардың жарақшылары ақ киімді қара киімге амалсыз айырбастаған, ал Палестина қашқындары Сионның Ғымарат серілерінің атынан неше қилы бұзақылық етіп, бұларды ел-жұртқа мүлде масқара ғып біткен екен.

Ғымараттың осы мекенінің ауласынан оқта-текте ұзын ақ шидем шапан киген серілердің біреуі өтеді, ол сері ылғи екі қолын кеудесіне қаусырып, басын иіп жүреді. Біріне-бірі кездесіп қалса, жай сырбаз сәлеммен, үн-түн жоқ өтіп кетеді. Үндеспеу — тәураттың аяты бойынша жасалған ереженің бір шарты: «Көп сөз сауап әпермейді» және «Өмір мен өлім қызыл тілдің билігінде». Әлдеқашан нәпсі құмар, еркін әмірге айналып кеткен тақуалық өмір Бомануардың, қаһарлы сесімен Ғымаратта қайтадан үстемдік алды.

Мекеннің дуалынан қалай ішке кіруді ойланып, Исаак қақпаның алдында тоқтап тұрды. Ғымаратшылардың дін жолын қайтадан қатал ұстауы Исаактың бақытсыз халқына олардың бұрынғы нәпсі құмарлығынан осал тимейтіндігін ол жақсы білді. Бұл екі жағдайдың айырмасы мынада еді: бұрын Исаак өзінің байлығына жазықты болып, ақша төлеп құтылуға мәжбүр болса, енді діншілердің құрғақ өшпендігі мен рақымсыздығына ұшырайтын болды.

Бұл кезде Бомануар прецепторияның сыртқы бекіністерінің аумағындағы бақтың ішінде серуендеп жүрген, ол Палестинадан бірге келген, өз орденінің бір мүшесімен сыр шертісіп, сары уайымға салынып кеткен еді.

Дін сардары егде тартып, тоқтасып қалған кісі, оның белуарына түскен қаба сақалы мен тікірейген қалың қасы әлдеқашан ағарып кеткен; бірақ қартаң тартса да нұры таймаған отты көзі әлі де ұшқын атып, жайнап тұр. Заманында сардар айбынды-ақ жауынгер болған, оның ашаң келген суық түсі тұғырынан таймай тұрған кезінде қылышынан қан тамған безбүйректің өзі болғанын айтып тұрғандай. Рақымсыз жанның сырт тұлғасындағы қартаң сопылығы өзіне-өзі тояттаған әулиелігіне сайма-сай келгендей. Алайда сардардың кескін келбетінде, бет-нұсқасында әлдеқандай бір алапаттылық бар секілді, әр қилы елдердің патша сарайларында құрметті орын алып, орденнің туының астына жан-жақтан ағылып келген асыл текті серілерге әмір етіп дағдыланған адамның айбыны айтпай-ақ көрініп тұр. Оның бойы биік, сымбаты түзу, кәрілігіне қарамастан, бойын тіп-тік ұстайды. Үстіндегі дөрекілеу ақ шұғадан тіктірген, сол жақ жеңіне сегіз тармақ қызыл жұлдыз қадаған шидем шекпені орден ережесінің барлық шарттары бойынша, мүлтіксіз етіп істелген. Шекпеннің етегін жұрындаған ешбір асыл аң терісі, мал терісі жоқ, тек оның орнына, сардардың жасы келіп қалғандықтан, орденнің ережесіне сәйкес, камзолының айнала етегіне мамықтай жұмсақ қой терісінен жұрын тұтылған — бұдан артық сәнді сардар қабылдамаушы еді. Әулиенің қолында бір түрлі қызық таяғы бар, мұндай таяқ алып жүру, заты, ғымаратшылардың әдеті болатын. Таяқтың тұтқасының орнына нақыштап жайпақ шығыршық жасалған да оның ортасына орденнің сегіз бұрышты кресі сызылған. Алапатты хазіреттің қасындағы серігінің киімі де осындай болатын. Бірақ бастығының алдында елпендеген жарамсақтығы екеуінің, сірәда, тең адамдар еместігін көрсетіп тұр. Өйткені прецептор (оның діни атағы осылай еді) керек десең, сардармен қатар да жүре алмайды екен, тек бастығының бұрылмай сөйлесетін мөлшерінде, кішкене артын ала жүріп отырады екен.

— Конрад,— деді сардар,— менің айбынды айқас, ауыр азаптарымның күйініш, сүйінішін бірге кешкен қадірлі жолдасым, менің өзімнің қайғы-қасіретімді бір саған ғана сеніп айта аламын. Осы елдің табалдырығын аттап, есігін ашқаннан бері ажал уақытымды аңсап, қасиетті әулие-әнбиялар қағбасының аясынан жай табуды көксеп жүргенімді бір өзіңе ғана паш етіп қояйын деп жүрмін. Осы асқақ астанадағы біздің ғымарат ордамыздың зіл-батпан күмбезінің астында тыныштық тапқан діндес туған-туысқандарымыздың бейітінен басқа, көз тоқтатып, назар саларлықтай, осы Англиядан бірде-бір нәрсе көре алмадым. Крест жорығына қатысқан аяулы жауынгерлердің мүсіндеріне қарап тұрып: «О, айбынды Роберт де Рос, қайдасың!—деп күңірендім өзімнен өзім.— О, құрметті Уильям де Маршал! Өзімнің қасиетті орденімнің тоз-тоз боп қулағанына куә болғанымша, жүздеген мың мәжусилерге қарсы тұрып арыстандай алысатын мендей шаршап-шалдыққан бауырыңды өзіңнің мәрмәр құжыраңа кіргізіп алып, мәңгілік сонда тыныштық табуға қабылдасаңшы!»—деп зарландым өз ішімнен.

— Ешбір қатесіз, әділ сөз,— деді Конрад Моит-Фитчет,— бұл айна-қатесіз ақиқат. Біздің ағылшын туыстарымыз, француздарға қарағанда, әділетсіз, қиянат өмір сүріп отыр.

— Өйткені мұндағылар бай олардан,— деді сардар.— Егер мeн сенің алдында да, бауырым, біраз мақтанып алсам, онымды кешірерсің. Менің қалай өмір сүріп ережеміздің әрбір бабын қалай орындап келгенімді, адам бейнесіндегі және ол бейнеден айрылған перілермен қалай арпалысқанымды, жыртқыштарды қалай соққанымды сен өзің білесің. Бернард әулиенің қасиетті аруағының арқасында, орденнің сенімді серісі, діннің ақ жүрек қорғаушысы болғандықтан мен оларды кез келген жерде, күн демей, түн демей таяқтап бақтым. Сондағы мақсатым — Ut Leo semper feriatur. Қасиетті Ғымаратқа сыйынып сөйлейін, менің сол ақ-адал талабым өзімнің барлық тірлігімді, бар болмысымды, ең ақыры білеуленген бұлшық етім мен сүйегімнің ішіндегі жүйке тамырыма дейін жеп бітті. Қасиетті Ғымарат куә, сені және орденіміздің ережесін мүлтіксіз орындап жүрген біраз ғана адамнан басқа, дініміздің, қасиет атағына жан-тәнімен шын берілген жанды мен көре алмадым. Біздің ережемізде не деп айтылған еді, соны олар қалай орындап отыр? Онда былай делінбеп пе еді: жылтырақ асылдарды бойыңа тақпа, дулығаңа қауырсын ілме, аяғында алтын тақаң, жүгеніңде алтындаған ауыздығың болмасын. Ал енді сондай сәнді алдымен түзеп отырған біздің Ғымараттың салдары емей кімдер екен? Ереже бойынша, бір құспен екінші құсты ілдіруге болмайды. тірі жануарды садақпен я сақпанмен өлтіруге болмайды, мүйіз кернаймен қиқу салып, аңды қуғанда атқа өкше қадап, зорлықпен айдауға да болмайды. Ал бұл жағын қалай орындап отырмыз? Аңға сұңқармен шығып жүрген, аң атып жүрген, орман ішінде қиқу салып, неше түрлі

Арыстан қайда болса да, тоя жесін дегендік еді (лат).

дүрбелең туғызып жүргендер ғымаратшылар емей, енді кімдер! Хазіреттің айрықша рұқсатынсыз бөтен-бастақ кітап оқуға, елдің бәріне ортақ ғыбадаттың кезінде жалпы көпке естіртіп айтылған уағыз, бәйіттен бөлек кітаптарға да тыйым салынған. Сөйтіп отырғанда бұлар жыраулардың айт пен тойда айтылатын өлең-жырларына құлақ қояды, пайдасыз езбалдақ, мылжың бірдеңелерді оқып, бастарын қатырады. Бұларға сиқыр, ішірткі, бас айналдыру сияқты ескілік әдеттерін жою керек десең, ал олар солғұрлым жебірейлердің кіріптарлық ым-жымына, мәжуси-сарациндардың дұғалауына қарай жүгіреді. Бізді ережеміз тамаққа қанағатшыл бол, өсімдіктің түбірлерін, ботқаны, көже-сорпаны ас қыл, етті жұмасына үш реттен артық жеме, өйткені еттің әсері күнәға батырып ұятқа апарып соқтырады десе — ал бұлардың столдары неше түрлі күшті тағамдардан қайысып тұрады. Бұларға судан басқа ештеңе ішпе десең, — сауық, құмар даңғойлардың арасында: «Ішсең— ғымарат серісінше іш» деген мақал етек алып кеткен. Тіпті шығыстың бір қиырда жатқан жырақ елдерінің неше алуан раушан гүлдерімен жайнаған осы өзіміз тұрған бақты алып қарайықшы. Осы. бақ — әлдеқандай монахтың өзіндік қана овощ өсіріп отырған шағын жер танабынан гөрі әмірі жүріп тұрған мұсылман сұлтанының гареміне көбірек ұқсамай ма?! Ах, Конрад, біздің-ережемізді бұзу оқиғалары тек осымен бітсе, онда құдайыңа тәубе дер едің! Өзіңе мәлім, әуел баста біздің орденімізге рухани қарындас ретінде қосылған ақ ниетті әйелдердің өздерімен де кейін қарым-қатынас жасауымызға тыйым салынған. Тыйым салынған себебі — ережеміздің қырық алтыншы бабында айтылғандай, адам баласының ежелгі жауы әйелдер арқылы кең пендені аспандағы тәңірдің құзырына бастан баратын жолдан тайдырды. Орденіміздің негізін салған нұр сәулетті көсеміміздің мүлтіксіз таза, кіршіксіз пәк ілімнің асыл тасы деп нұсқап кеткен ақты бабы бойынша, керек десең, туған қарындасыңмен, туған анаңмен де өбісуге болмайды екен ut omnium mulierum fugiantur oscula . Міне осыны біліп отырып, орденіміздің түкпір-түкпірін нендей қарабеттіктер ұялап жатқанын айтуға да, тіпті ойыңа алуға да жүзін шыдамайды! Орденіміздің негізін қалаушы айдай аппақ қамқорларымыз Гуго де Пасинің, Готфрид де Сент-Омердің және өздерінің өмірін Ғымарат қызметіне бағыштаған, сөйтіп елдің бәрінен бұрын одақ құрған сонау жеті әулиенің жандары енді қайтіп тыныштық тапсын, олардың жандары ұжмақтың ішінде де күндіз — күлкі, түнде — ұйқы көрмейтін шығар. Мен оларды, Конрад, түнде түсімде де көрдім. Бауырларының күнә, күпірліктеpiң, белшесінен батқан пасықтығы мен ұятсыз қылықтарын көріп, бұлардың қасиетті жанарларын шер басып, көздерінің жасы көл боп ағады. Маған аян бергенде олар: «Немене сен, Бомануар, ұйықтап жатырмысың! Ұйқыңнан оян! Мына шерксудің қабырғасына түскен өшпес шірік дақты көрдің бе, баяғы атам заманынан бері кесепатқа батқан үйлердің қабырғаларына сіңіп қалған құлғана, мерездік салқыны емес пе бұл. Жалпы, әйел жынысының көз қарасынан жыланның уытындай безіп жүруге тиісті Крест жорығының жауынгерлері өздерімен заттас әйелдермен ашықтан-ашық ашна болғандарымен тұрмай, олар түгіл, мәжуси қыздарымен, тіпті одан да асып, ант атқан жебірей қыздарымен де зынаға батады. Сен неге ұйықтайсың, Бомануар! Орныңнан тұр, әділет үшін олардың сазайын тартқыз! Күнақар еркектің де, әйелдің де көзін жой! Финеастың күрзісін аяусыз жұмса!» Осыны айтып, аян беруші аруақ ғайып болды. Конрад, бірақ, оның сауыт-сайман, қару-жарағының салдыр-күлдірін мен әлі де естіп біліп, аппақ шаңқан шапандары желбіреп кетіп бара жатқанын көзім шалып жатты. Мен енді сол аруақтың әмірін орындаймын: Ғымарат қабырғасын тазартамын, барлық дертті жұқтырып жатқан нәжіс атаулыны аластап, аулақ, бәле, аулақ деп, лақтырып тастаймын.

— Алдияр, әулие тақсыр,— деп қол қусырды Монт-Фитчет,— бірақ бұл ірік-шіріктің барлығы жазмыш пен озмыштың бұйрығы болғандықтан, осылайша тереңдеп сіңіп кетті ғой. Сенің, жанағы айтқаның даналық пен әділетке тура келіп тұрса да, бірақ соны саябырлап іске асырсақ болмай ма?

— Жоқ, Монт-Фитчет, әбес айтасың,— деді қаһарлы қария.— Менің айтқанымды қауырт та қатал орындау керек. Әйтпесе орденіміздің халі ауыр, оның барлық болашағы осы қазіргі ісімізге байланысты. Алдымызда өткен ұстаздарымыздың Тиқуа сопылығы, тәркі дүние адалдығы біздің ғажайып үлгі-өнегеміз болған. Ал біздің менмендігіміз, байлығымыз, рахат тұрмысымыз бізге қарсы мықты жау тауып берді. Бұл дүниенің бүкіл мықтыларын қызықтырып, өзімізге қарсы қойып отырған қазына, байлықтан біз қазір безуіміз керек, біз менмендік, өр көкіректігімізді тастауымыз керек, өйткені ол біздің жауларымызға жәбір боп тиіп, оларды өшіктіріп отыр; біз өзімізді бүкіл дүниеге қара бет, масқара ғып отырған бұзақылығымызды, нәпсі құмарлығымызды жоюымыз керек. Бүйтпегеп күнде, осы сөзім есіңде болсын, Ғымарат серілерінің ордені жер үстінен құрып кетеді, одан ешбір із де қалмайды.

— Астағпыр алла, мұндай пәлеңнен өзің сақта!— деп жалбарынды прецептор.

— Аминь!—деді сардар, маңғазданып,— Біз енді құдайдың құдіретіне сүйенуіміз керек. Айтқанымды ұқ, Конрад: енді көктің де, жердің де құдіретшілері біздің қазіргі буынымыздың астамшылығына ешбір төзе алмайды. Біздің үй қалап отырған негізіміз қазір шайқалып тұр, біз бұдан былай аса беретін болсақ, тұңғиықтың түбіне қарап болып бір-ақ кетеміз. Сондықтан, біз кейін оралуымыз керек, Крестін адал қорғаушысы болғандықтан, өзіміздің нәпсі құмарлық, зынақорлық ұятсыздықтарымыз былай тұрсын, өмірдің өзге де әуесқой қызық - шыжықтарының бәрін, тіпті үй-жамағат қарым-қатынасының өзін тәркі етеміз, сөйтіп, жай пенденің бәріне лайықты, заңды іс болып табылатын өмір қуаныштарынан безіп шығып, қасиетті Ғымаратты қорғауға ғұмырын сарп еткен жауынгерлерге бұл қызықтар ешбір кешірілмейтін қылмыс, харам нәрсе болып табылады.

Сардар осы өсиетін айтып болған кезде, бақтың соқпағымен келе жатқан, көнетоз киімді жарақшы көрінді (бұл монахтар орденіне жаңада кірген мүриттер байырғы серілердің ескі киімдерін киюге тиіс болатын). Жарақшы сардарға құрметпен бас иді де, енді сөзіне пұрсат беруін күтіп алдында тұрып қалды.

— Міне көрдің бе,— деді сардар,— бұдан екі күн бұрын, мен келгенде, мына Дамнан, үстіне ала-құла киім киіп, кекілікше секеңдеп жүр еді, енді нағыз христианның жұпыны шапанына оранып, бастығының алдында пұрсат өтініп, мәлиіп тұр, біздіңше, осынысы жарастықты ғой деймін! Ал сөйле, мүрит, бізден рұқсат, не жұмыспен келіп тұрсын?

— Қасиетті әулие тақсырым,— деді жарақшы,— қақпаның алдына бір жебірей келіп тұр, қардашымыз Бриан де Буагильбермен сөйлесуге рұқсат сұрайды.

— Мұның дұрыс екен, алдымен бізге айтқаның мақұл,— деді сардар.— Біз бар жерде әрбір прецептор орденнің мүшесі, бәрінің правосы бірдей, ешқайсысы өз бетімен іс істемейді бастығының әмірін орындауға міндетті Бұл туралы кітапта да айтылған: «Естіген-білгенін маған екі етпей білдіріп тұруға міндетті...» Ал әлгі Буагильбер дегенге келсек, ол жөніндегі істің жайын біз әбден білуіміз қажет,— деді сардар, өзінің қасындағы серігіңе мақұлдатқандай боп.

— Жұрттың айтуына қарағанда, ол өзі аса батыр, айбынды сері көрінеді,— деді Конрад.

— Ол сөз дұрыс,— деді сардар.— Айбынға келгенде біз өзімізден бұрын өткен крест қаһармандарынан кем соқпаймыз. Ал мына Бриан қардашымыз біздің орденге кірген уақытта бірдеңеден опық жеп, түнеріп-түршігіп келген адам секілді еді. Ол бұл дүниені тәрік етіп, ант бергенде өзінің шын ықылас, ақ ниетімен келген адамнан гөрі, өткен ісіне өкініп, нәубет іздеп, есе сұрай келген адамдай боп көрінген. Содан бері бұл өзі белсенді, шатақ құмар бүлікшіге айналып алды. Ойлағаны ылғи арамдық, наразылық, қастық; бізбен бақталастардың қара басында осы тұр. Бірақ біздің күштілігіміздің де бейнесі сол крестің айқыш-ұйқыш айқасқан қос күрзісі екені оның ойында жоқ: ол күрзінің біреуі әлсіздерге сүйеніш болса, екіншісі — қылмыстыларды жазалайтыны оның есінен шығып кетсе керек. - Осы қаһарынан соң сардар Дамианға қарап:—Ал, Дамиан, жебірейіңді келтіре бер,— деді.

Жарақшы бас иіп шығып кеткеннен кейін, бірнеше минуттан соң Иорктың жебірейі Исаакты алып келді.

Қаһарлы сардардың алдына жебірейдің қалай келгенін көрсеңіз, ешбір құл құдіретті, әміршінің алдына бүйтіп келген емес дер едіңіз: бишара жебірейдің құрмет тұтуында да, әрі зәресі ұшып, қалтырауында да сондай шек болмады. Исаактың алдына үш қадамдай жақындап келгенде, Бомануар асасын көтеріп алып, бұдан артық жақын келмеуге әмір етті. Сонда жебірей тізерлеп отыра қалып, құрмет ретінде жерді сүйді Ал содан соң барып орнынан көтеріліп, шығыс құлдарының әдетінше, екі қолын қусырып, ғымаратшының алдында бас иіп, тұрып қалды.

— Дамиан,— деді сардар,— сақшыға айтып қой, біз шақырғанда дайын тұрсын. Әрі біз бұл жерден кеткенімізше, баққа ешбір жан кірмейтін болсын.

Жарақшы басын иді де шығып кетті.

— Жебірей,— деді тәкаппар қарт,— жақсылап тыңдап ал. Біздің дәрежемізде ұзақ сөйлесіп тұруға болмайды, оның үстіне біз кім көрінгенге сөзімізді шығын ғып, уақыт өткізіп жатпаймыз. Өзіңе менің беретін сауалыма қысқа-қысқа жауап бересің. Бірақ байқа, тек шыныңды айтасын. Егер сенің тілін жәдігөйлік ете бастаса, онда сенің харам аузыңнан тіліңді жұлып тастауға әмір беремін.

Осы арада Исаак бірдеңе айтайын деп еді, сардар оған ақырып жіберді:

— Тоқтат, жәдігөй, сенен ештеңе сұраған кісі жоқ! Біздің қардашымыз Бриан де Буагильбер саған не үшін керек, айт соны?

Исаактың зәресі зәр түбіне кеткендіктен тілі байланып қалды Егер болған көптің бәрін айта берсе, бұл орденге жапқан жала деп білуі мүмкін еді. Ал айтпайтын болса, онда Ревекканы қалай құтқарып ала алады? Бомануар жебірейдің зәре-құты қалмағанын сезіп, азырақ жұмсарайын деді.

— Қорықпа, бишара жебірей, саған ешкім тигелі тұрған жоқ,— деді ол,— бірақ, тура анығын айт. Тағы сұраймын: Бриан де Буагильберде қандай жұмысың бар?

— Менің оған тапсыратын бір хатым бар еді,— деп жебірей сорлы әрең айтты.— Айбынды әулием, құзырыңызға мағлұм болсын, Жорво аббаттығының хазіреті Эймер тақсырдың асыл затты серіге тапсыр деген хаты бар еді.

— Miнe, Конрад, біз қандай заманға кез болдық!— деді сардар. Цистерциан аббаты қасиетті Ғымараттың жауынгер серісіне хат жолдап, оны дінсіз жебірей арқылы жіберуден басқа жол таппайды! Әкел мұнда хатыңды!

Жебірей хатты мықтап сақтау үшін оны тақиясының қатпарына жасырған еді, байқұстың қолы қалтырап, енді соны шығара бастады. Хатты сардардың өз қолына берейін деп, енді жақындай бастап еді. Бомануар қайтадан қатты ақырып қалды:

— Қайт, хайуан! Мен жәдігөйлерге семсерден бөлек еш нәрсе жұмсамаймын. Конрад, хатты сен алып, маған берші.

Бомануар хатты осылай алып, оның асты үстін айналдырып әбден қарап шықты да, енді оның шандып ораған жібін шеше бастады.

— Әулие тақсыр,— деді Конрад, үлкен ізетпен, жасқаншақтай сөйлеп,— сен оның мөрін де бұзамысың?

— Неге бұзбаймын?—деді Бомануар, қабағын түйіп.— Кітабымыздың қырық екінші бабында: «De Lectione Literarum — деп айтылғанын білмеуші ме едің; Ғымараттың серісі сардардың рұқсатынсыз, керек десе туған әкесінен де хат алмауға тиіс және алған күнде, соның көзінше ғана оқуға міндетті делінгені қайда?

Сонсоң сардар хатты әуелі ішінен оқып шықты, оқы оқыған уақытта Бомануар бұған қайран қалып, түршігіп тұрды; бұдан кейін ол хатты екінші қайтара оқып шықты да. ақыры, Конрадқа ұсына беріп, жазулы қағаздың бетін қолымен салып қалды:

— Несін айтасың,— деді сардар,— христианның екі азаматы біріне бірі хат жазатын келісті тақырыпты тапқан екен! Оның ішінде екеуі де көрнекті дін иелері ғой. Е, құдай тағала,— деді ол, көзімен көкті сүзгендей боп,— жер бетіне қашан түсіп, асыл дәнді арам шөптен қашан айырар екенсің?

Енді Монт-Фитчет бастығының қолынан хатты алып оқи бастады.

— Дауыстап оқы, Конрад,— деді сардар, сонсоң Исаакқа қарап,— сен тыңдап ал, біз сені тергеп отырмыз ғой.

Конрад дауыстап былай деп оқыды:

— «Тәңірия Марияның Жорводағы цистериан монастырінің хазіреті Эймер бір құдайдың рақым етуімен, ғымаратшылардың қасиетті орденінің серісі Бриан де Буагильбер мырзаға дұғай-дұғай сәлем жолдап, Бахус кавалері мен Венера ханымының сансыз көп сыйлығының жүлдегері болған сізге үлкен сау-саламаттық тілейді. Ал енді бізден хал-ахуал білмек болсаңыз, қымбатты қардашымыз, құзырыңызға мағлұм болсын: Біз қазіргі уақытта заңнан тысқары, құдайдан безген бір адамдардың тұтқынында отырмыз һәм және сол адамдар, құдайдан қорықпай, бізді еркімізден айырып, өз басымызға құн төлеуге мәжбүр етіп қойды. Өз басымызға осындай іс түсіп отырғанда, Фрон де Беф бектің қайғылы қазаға ұшырағанын және сені қара көзінің сұғымен сиқырлап алған жебірейдің асқан сұлу сиқыршы қызымен қашып құтылғаныңды естіп-білдік. Тұтқыннан құтылып шыққаныңа шын көңілімізден қатты қуандық. Сонымен қабат сенен өтінеміз: сонау Эндор сиқыршы қызынан сақтан. Өйткені қалыс адамдардан естіген мәліметіміз бойынша сіздердің қара көз, алқызыл жүз дегеннен бейхабар сардарларың Нормандиядан шығып сендерге қарай кетіп бара жатқан көрінеді, ол енді сендердің көңіл ашып, әбестіктеріңді орнына келтіруге, әлбетте, кедергі болып бағады. Сондықтан, қасиетті кітапта айтылғандай, Invenientur vigilantes сіздердің көңілдеріңіз көтеріңкі болып, шаттық халде көрінулеріңіз үшін мейлінше сақ болуларыңызға тілектес екенімізді білдіреміз. Тағы оның себебі не десең, Ревекканың әкесі Йорк шаһарының бай жебірейі Исаак сенің алдында біздің бір ауыз сөз айтуымызды өтініп отыр, соған байланысты мына сәлем хатты соның қолына тапсырып, сенен жалынып сұрайтыным — бұл қыз үшін одан үлкен құн алып, босатып жібер, оның сөзге келмей, беруге тиісті мол ақшасына ешбір қауіп-қатерсіз-ақ сондай елу қыз тауып алуға болады. Жалғыз-ақ біздің қайтадан көрісіп, бас қосуымызға дейін сабыр айлай тұр. Міне сонда біз нағыз бауырларша тізе қосып, мықтап көңіл көтеретін боламыз, сонымен бірге шарап шараларын да естен шығармаспыз. Өйткені кітаптың өзінде де айтылған ғой: «Vinuin loctificat cor hominis» және тағы: Rex delectabitur pubchritudine tuf» делінбеп пе еді.

Саған сау-саламаттық тілеп, көріскенімізше күн жақсы болуын күтіп қаламыз. Бұл хат қарақшылардың ордасында, таңғы ғыбадат сағатында жазылды.

Тәңірия Марияның Жорводағы аббаттығының хазіреті Эймер. Postscriptum. Сенің алтын шынжырың менде аз-ақ байыз тапты: ол енді қарақшылардың қолына түсіп, солардың біреуінің мойнында жарқырап жүретін болды. Сірә, ол. шынжырға аңшының иттерін шақыратын мүйіз сыбызғысы тағылатын шығар деп ойлаймын».

— Ал бұған не айтасың, Конрад?— деп сұрады сардар.— Қарақшылардың ордасы дейді! Дәл мынадай хазірет үшін әбден табылған орын. Егер біздің ортамызда мынау Эймер сияқты дін дөкейлері орын теуіп отырса, құдайдың қаһарлы қолы бізге қарсы көтеріліп, сонау Қасиетті Жерде бір қаладан соң бір қаланы жоғалтып отырғанымызға, жәдігөйлердің бізден бір аумақтан соң бір аумақты тартып алып отырғанына ешбір таңдануға болмайды. Жалғыз-ақ мен оның «жана Эндор сиқыршысы» дегенде не айтпақ болғанын білгім келер еді?—деп сардар ақырын дауыспен өзінің қасындағы серігінен сұрады.

Конрад сол замандағы бозбалалардың емеурін тілін сардардан гөрі анағұрлым жақсы түсінуші еді, мүмкін, сірә, ондай тілмен бір кезде өзі де түсініскен болуы ықтимал. Сардардың байыбына бара алмай, дағдарып қалған сөзін түсіндіріп, текті жерден шыққан бозбалалардың мұндай сөзді өздерінің сүйген жарлары жөнінде қолданатындарын білдірді. Бірақ бұл жауапқа тоңмойын дін басы қанағаттана қоймады.

— Жоқ, Конрад, бұл сөздің астарында одан зорырақ мән жатыр. Сен өзіңнің адал көңіліңе салып байқамай тұрсын, мұнда бір қаптаған қылмыс қоздап жатуы мүмкін. Иорктың Ревекка деген қызы, сірә, өзің де естіп-білген Мириамның шәкірті болуы ықтимал. Көрерсің, мұны жебірейдің өзі де мойнына алады.— Сонсоң сардар Исаакқа бұрылып:— Сонымен, сенің қызың Бриан де Буагальбердің тұтқыны боп шықты ма?—деп сұрады қатал дауыспен.

— Солай боп тұр, әулие тақсыр,— деді Исаак қалтырап-дірілдеп.— Кемтар мен бишарадан қандай құн керек болар екен, соған мен әзірмін...

— Қысқарт!—деп ақырды сардар.— Сенің қызың дәрігерлік істей ме, әлде жоқ па?

— Қалайша, мейірімді мырза,— деп Исаак енді батылырақ жауап қайырмақ болды,— құдайдың оған берген өнеріне серілер де, йомендер де, жарақшылар да, қарақшылар да алғыс айтады. Басқалардың емі қонбай қойған ауруларды менің қызымның жазып шығарғанына көп ел куә. Оның адал еңбегіне Израйльдің құдайы өзі қуат беріп тұр.

Бомануар оның сөзін мысқылдай күліп, Конрадтын бетіне қарады.

— Көрдің бе, қардашым,— деді ол,— адам баласының дұшпандарының қулық-сұмдығын қарашы! Адамның о дүниеде көретін рахатының орнына жер бетіндегі өмірін ұзартқан болып, олардың ғазиз жанын алдамшы тұзаққа түсіреді. Біздің қасиетті ережемізде Semper percutiatur leo vorans', деп тегін айтылмаса керек. Ендеше арыстанға қарсы тұрайық! Азғырушы әзезілге жол берілмесін!—деп сардар асасын жоғары көтеріп алып, әзезілге қаһар тіккендей ақыра сөйледі. Бұдан кейін ол жебірейге тіл қатып:— Сенің қызың, әлбетте, дұға оқып, ішірткі, тұмар беріп, сол сияқты әдіс-айламен емдейтін болар?—деп сауал берді.

— Жоқ, бір де олай емес, шарафатты әулием һәм ер жүрек серім,— деді Исаак,— қызым менің тамаша шифа болатын бальзаммен емдейді.

— Бұл дәрінің дауа болатын сыр-сыпатын қызың қайдан тапты?—деп сұрады Бомануар.

— Оған мұны дана әйел Мириам үйретті,— деді Исаак, сөзінен жаңылып, тұттыға сөйлеп.— Ол біздің халқымыздың аса ардақты, данышпан ғалымы еді.

— Aha, залым жебірей!— деп зекіп жіберді сардар.— Оның, сірә, арамдық сиқырларымен бүкіл христиан әлеміне белгілі болған Мириам шығар. (Бұл сөздерді айта тұрып, сардар өзі де әрлі-берлі шоқынып алды.) Ол әйелдің денесі масқаралық дінгегінің түбінде өртеліп, сүйегінің күлі дүниенің төрт тарабына бағыттап ұшырылып жіберілген. Егер сол мыстанның жолын қуып жүрген мына жас сиқыршы қызға мен де соны істемесем, өзіме де және менің орденіме де соның жолын берсін. Қасиетті Ғымараттың жауынгерлерін алдап-арбап, сиқырмен бастарын айналдыру дегеннің не екенін ол қыз енді ұмытатын болады! Дамиан, мына жебірейді желкесінен ал да қақпадан қуып шық! Егер ол сіресіп жүрмейтін я қайтып келетін болса, сол жерде өлтір. Ал оның қызы жөнінде біздің христианның заңы не дейтін болса, және біздің биік мәртебемізге не лайық болса, сол бойынша үкім шығарамыз.

Осыдан кейін Исаак байқұсты желкесінен алып, прецепторияның ішінен қуып шықты, оның жалынып-жалбарынғанына, көп ақша-пұл берем дегеніне қараған ешкім болған жоқ. Енді оның баяғы таныс жебірей раввинінің үйіне қайтып барып, қызының тағдырынан сол арқылы бір хабар алып тұрудан басқа амалы таусылды. Бұған дейін қызының ар-ұятын ойлап, оның дегбірі қалмаған еді, енді оның жанының қалуының өзі неғайбіл нәрсеге айналды.

Осы арада сардар Темплстоу мекенінің предепторын шақырып келуге бұйрық берді,

XXXVI ТАРАУ

Мен алаяқ емеспін,
Күнелтіп жүр жұрт бәрі жариялықпен.
Қайыршының да тірлігі — соның арқасы,
Қақпа баққан құлдың да
Өз жері мен шені бар.
Әскер басы, дін басы — екеуі де
Жария мінез, зымиян қулық баққан.
Лагерің мен шеркеуің, мемлекеттің.
Бәрінде де — шындықпен бақыт тапқан
Еш адам жоқ.
Шырағым, дүние солай әлмисақтан.

Ескі бәйіт.

Темплстоу мекенінің хазіреті, яғни діни орденнің тілімен айтқанда, прецептор Альберт Мальвуазен өзіміз білетін Филипп Мальвуазеинің туған ағасы еді. Ағасы сияқты, бұл да Бриан де Буагильбердің үлкен досы болатын.

Ғымарат орденінің санатындағы адамгершіліктен жұрдай болған нәпсі құмар жандардың ішінде Темплстоудың хазіреті осы Альберт алдыңғы қатардан орын алғандардың бірі еді, бірақ бұл өр көкірек батыл Буагильбердей емес, өзінің адамгершілікке сыймайтын сорақылықтары мен менменшілдік мінездерін екі жүзді аярлықпен бүркеп қойып, өз ішінен дін жолын жек көріп тұрса да, сол үшін жан-тәнімен қызмет ететін адам болып көрінетін. Егер орденнің сардары қапылыста тосыннан келіп қалмаса, ол Темплстоу мекенінің қол астынан ешбір мін таппайтын еді. Міне қазір тұтқиыл үстінен шығып отырғанның өзінде де, Альберт Мальвуазен ешбір жазықсыз, қойдан қоңыр адам боп көрініп, қатал бастығының таққан айыптарын көлгір өкінішпен тыңдаған кісі болды, осыған дейін өзінің билеп-төстеп отырған мекен-жайында тәртіпсіздік басынан асып жатса да, енді соны моп-момақан тақуа адамның қалпымен орын-орнына келтіре бастады. Сондықтан да Лука Бомануар келген бетіндегі райынан қайтып, жергілікті прецепторды бір мұнтаздай сопы жан екен деп ұғып қалды.

Ал бірақ осы ордендегі қардаштарының бірі, сірә, махаббат қатынасын жасап тұрған тұтқын жебірей қызын Альберт Мальвуазеннің мекенінде сақтап отырғанын естігенде, сардардың әлгі пікірі күрт өзгеріп кетті. Альберт енді сардардың шақыруымен алдына келгенде, бастығы оны қаһарын төге қарсы алды.

— Қасиетті Ғымарат серілері орденінің осы мекен-жайында,— деді Бомануар қабағынан қар жауып,— біздің Христосқа құлшылық ететін бір қардашымыз алып келіп, прецептор мырза, сіздің рұқсатыңызбен осында ормаластырған жебірей тұқымды әйел заты тұратын көрінеді.

Бұл сөзді естігенде Альберт Мальвуазен сасқанынан жерге кіріп кете жаздады. Бақытсыздыққа ұшыраған Ревекка байқұс Ғымарат үйінің ешкім білмейді деген ең бір жырақ түкпіріне орналастырылған еді. Қыздың мұнда екенін білдірмеу үшін сақтықтың барлық амалы қолданылып баққан. Бұл сырды сардар біліп қойғаннан кейін, егер басына төнген қаһардың бетін қайыра алмаса, өзінің де, Буагильбердің де тағдыры таянғанын прецептор Бомануардың сұрқынан оқып білгендей болды..

— Неге үндемейсіз?—деді сардар.

— Менің жауап беруіме рұқсат па екен?— деді Мальвуазен аса монтанысып, шынында өзі не деп жауап берсем екен деп, ойланып алуға уақыт ұтып тұр еді.

— Сөйле, менен рұқсат,— деді сардар.— Айтшы, өзің қасиетті ұлығатымыздың мынадай бабы барын білетін бе едің; De commilitonibus Templi in sancla civitate, gui cum miserrimis miilicribus verdaritur, propter oblectationem carnis? .

— Әлбетте, зор мәртебелі тақсыр әулие,— деді прецептор.— Егер мен ұлығатымыздың аса маңызды баптарынан хабарсыз болсам, орденіміздің мұндай жоғары дәрежесіне қолым қалай жетер еді?

— Мен сенен қайырып сұраймын, осы қасиетті қағбаның қабырғасын былғап, біздің қардаштарымыздың біріне сүйген әйелін, оның ішінде бір сиқыршы әйелді келтіруіне қалай рұқсат етіп жүрсің?

— Сиқыршы?—дедіңіз бе,— деп Альберт Мальвуазен қайыра сұрады.— Көктегі тәңірдің өзі медет берсін!

— Иә, иә, қардашым, сиқыршы,— деді сардар қатал түрмен.— Дәл солай, Бұл Ревекка дегеннің Йорктегі ант атқан өсімқор Исаактың қызы екенің, және өзі қаскүнем сиқыршы Мириамның шәкірті екенің, масқара болғанымызда, әне соның, осы минутта сенің прецепторияңның қабырғасында отырғанын да өтірікке шығармақсың ба?

— Сіздің даналығыңыздың арқасында, тақсыр әулием,— деді прецептор,— менің көзімді қоршап тұрған қара перде енді ғана түскендей болды. Мен осы уақытқа дейін Бриан де Буагильбер сынды айбынды серінің осы әйелдің көркіне қалай қызығып, қалай соған беріліп кеткеніне түсінбей келсем керек. Оны мен осы үйдің қабырғасына алған уақытта олардың бұлан да ары жақындасып, тереңге түсіп кетуіне кедергі болу үшін алып едім ғой, әйтпеген күнде біздің Христос құлшылық ететін қадірлі батыр қардашымыз одан да зор күнәға батып кетуі мүмкін еді.

— Олай болғанда, бұлардың арасында антымызды бұзғандай әлі ештеңе болған жоқ демексің бе?—деп сұрады сардар.

— Қалайша, біздің шатырымыздың астында дейсіз бе!— деп прецептор түршіге сөйлеп, әрлі-берлі шоқына берді.— Ондай күннен әулие Магдалинаның өзі бас болып, сонау он мың әнбия қыздын өзі сақтасын бізді! Жоқ, оны айта көрмеңіз! Егер мен ол қызды өзіміздің тұрған мекенімізге қабылдап бір күнә жасаған болсам, ол тек біздің қардашымыздың сол жебірей қызына ойланбастан беріліп кетуіне жол бермеу үшін жасалған амал еді. Оның сол бір қызға құштарлығы маған өте өрескел, тіпті табиғат заңына қайшы көрінгендігі сондай, мен оны мүлде ақылынан адасып, ауысып кеткен екен деп есептедім де, бұл дертті енді жазалаудан гөрі аяп, рақым жасау жолымен айықтыру мақұл деп білдім. Ал енді сіздің асқан даналығыңыз бұл бұзылған жебірей қызын сиқырмен айналысады деп тапқан екен, ақылға сыймайтын бұл есуас құштарлықтың да себебі содан болуы ғажап емес.

— Ол солай! Сөзсіз солай!—деді Бомануар, сөзін қоштағанға марқая қалып.— Міне көрдің бе, қардашым Конрад, жын-шайтанның алдау-арбауына ілесіп кету осындай қатерлі болады. Әйел затына көзіңді тояттатып, оның сұлулығына қызығып қою үшін ғана қарайсың ғой, міне сол уақытта ата жауымыз арсылдаған арыстан еркіне қоймай, сені билеп алып кетеді. Ал енді сауыққойлық пен әуесқойлықтан басталған істің ақыры әлдеқандай бір ішірткі, тұмар, бақсы-балгерге апарып соғады. Қазіргі жағдайда біздің қардашымыз Брианға да қатал жаза емес, қайта, мүсіркеу, рақымдылық істеу қажет болар, оған жаза қолданып, дүре соғудан гөрі көптеп-көмектеп, көтермелеп, қолдап әкеткен дұрыс болар, сөйтіп, біздің өсиет-уағызымыз ақылсыздықтан оның бетін қайтарып, адасқан қардашымызды өз қатарымызға қайта алып келер.

— Әлбетте,— деді Конрад Монт-Фетчет,—біздің қасиетті қауымымыз өз ұлдарының көмегіне қайта сүйенгелі отырғанда, маңдайымыздағы ең қайратты серілеріміздің бірінен айрылып қалсақ, бұдан өкінішті жағдай болады дейсіз бе. Бұл Бриан де Буагильбердің бір өзі үш жүзге тарта сарациндердің көзін жойып еді ғой.

— Бұл оңбаған төбеттердің төгілген қаны,— деді сардар,— әулие-әнбияларға тигізгеп тілдері үшін солардың жолына шалынған толымды құрбандық болады. Сол әулиелердің қайыр - дұғасының арқасында, біздің қардашымызды тұзағына түсірген дұшпанның торын бұзып шығатын боламыз. Филисгимләндардың байлап-матап тастаған бұғауын быт-шыт қып үзіп кеткен ертегінің Самсон баһадұрынша, бұл да мына Далиланың құрған жаңа торын талқандап, дінсіздердің қалын қолын қайтадан қырып-жоятын болады. Ал қасиетті Ғымараттың серісін арбап алған мына жәдігөй сиқыршыға келсек, сөз жоқ, ол енді өлім жазасына бұйырылып, дарға асылады.

— Бірақ ағылшын заңын қайтеміз...— деп сөз бастаған прецептор, бір жағынан өзін де, Буагильберді де сардардың қаһарынан арашалап қалғанына қуана тұрып екінші жағынан Бомануардың тым қатты кетіп қалуынан қауіптенген түр білдіріп еді.

— Ағылшын заңдарын айтсақ,— деп оның сөзін сардар іліп әкетті,— ол заң әрбір соттың өз әмірі жүретін көлемде үкім шығарып, оны орнына келтіруіне жол береді. Өзінің қол астындағы жер көлемінде ұсталған сиқыршыны тұтқынға алып, соттап, өлім жазасына бұйыруға әрбір бектің хақысы бар екен. Ондай болса, өз орденінің бір прецепториясында осындай хақысы болуына ғымаратшылар орденінің сардарына қалайша мүмкіндік берілмейді? Жоқ, біз ол сиқыршыға сот құрамыз да оны жазаға бұйырамыз. Сиқыршы жер бетінен жойылады, оны бізге құдайдың өзі кешіреді. Енді сол сиқыршыға сот құрылатын үлкен залды әзірлей беріңдер.

Альберт Мальвуазен басын иді де шығып кетті; енді залды сот құруға әзірлемей тұрып, мынау істің ақыры не болатынын хабарлау үшін Бриан де Буагильберге қарай бет алды.

Барса жебірей сұлуынан жаңа ғана беті қайтып келген Бриан, екі иінін жұлып жегендей боп отыр екен.

— Бұл не деген опасыздық!—деп шала бүлінеді ол.— Ағып жатқан қан мен алаулаған жалынның ішінен сол қызды алып шығу үшін өз басын бәйгіге тіккен адамға зәредей ілтипат жасамай, өңменінен итеру деген қандай бетсіздік! Құдай біледі, Мальвуазен, мен соны іздеп, жанымды отқа салып жүргенде, өртеніп жатқан үйдің төбелері мен арыстары о жағымнан да, бұ жағымнан да сатыр-сұтыр күйреп, құлап түсіп жатты ғой. Ол аз болса, жүздеген садақ оғына мен бір тігіп қойған нысана болдым; нөсер жауында терезенің қақпағына соғылған бұршақтай боп, жебелер менің сауытымды сарт-сұрт ұрып тұрды; ал сонда оны қалқаныммен қалқалап, өзімді қорғау деген ой миыма кіріп те шыққан жоқ. Міне осының бәрін мен бір сол үшін істедім ғой; сөйткен қыз енді менің сонда өліп кетуіме неге жол бермедің деп әлек салады; маған алғыс айтудың орнына, тіпті зәредей ізет, ілтипат көрсетуді білмейді. Тұқымының қанына сіңген қарарсыздықтың бәрін жиып, тап бір осы қыздың басына құйып қойғандай.

— Менің білуімше, сендердің екеуіңді де әзезіл азғырып алған,—деді прецептор.— Әйтпесе, мүлде қойыңдар демесем де, тым болмаса сақтан деп мен неше қайтара айттым! Сендей батыр серімен le don d'amoureux merсі? бас тартуды өзіне күнә деп білетін христиан қыздарының дүниеде толып жүргенін саған мен айтпадым ба? Жоқ, сен бұған көнбедің де, осы бір сірескен, сыңаржақ жебірей қызына жабыстың да қалдың! Ол сені сиқырлап алған деп тұрған Лука Бомануар қарттың сөзіне ол түгіл, менің өзім де илана бастадым.

— Лука Бомануар деп қақсап қалыпсың ғой!— деді Буагильбер өкпелегендей боп.— Сөйтіп сен, Мальвуазел, сүттен ақ, судан таза болып қапсын! Тегі сен Ревекканың прецепторияда екенін осы бір ақылынан адасқан делқұлы шалдың білiп қоюына қалай ғана жол бердің?

— Ал сонда мен не істеуім керек еді?— деді прецептор.— Бұл істің құпия болып қала беруі үшін мен зәредей де ағаттық жіберген жоқпын, бірақ әлдекім сезіп қалып, айтып қойыпты, ал мұны айтып қойған сайтан ба, әлде басқа біреу ме, ол жағын енді сол сайтанның өзі ғана біледі. Бірақ мен қолымнан келгенінше сені қорғап қалуға тырыстым. Сенің ештеңең кетпейді. Тек Ревеккадан қол үзсең болғаны. Сиқырдың құрбаны боп барады... деп елдің бәрі сені аяп отыр; ал анау сиқыршы қыз, ол соның сазайын тартуға тиіс.

— Жоқ, болмайды, құдай біліп тұр, мен бұған жол бермеймін!— деді Буагильбер.

— Ендеше, құдай біледі деп мен де айтайын, бұл солай болуға тиіс һәм болады да!—деді Мальвуазен.— Ол қызды енді сен де, тіпті ешкім де сақтап қала алмайды. Ғымарат серілерінің барлық сүйіспеншілік күнәлары үшін осы жебірей қызының өлімі тасардың құрбаны болуға тиіс деп Лука Бомануар алдын ала үкім шығарып қойды. Ал оның қолындағы биліктің қандай екені өзіңе белгілі, мұндай құдай жолына тура, тақуалық мақсатын жүзеге шығару үшін ол бұл үкімді, әлбетте, орындап бағады.

— Мұндай шектен шыққан жауыздық болады дегенге біздің ұрпақ-ұрпағымыз ешқашан сене қоймас!— деп күңіреніп, Буагильбер бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп жүріп кетті.

— Неге сеніп, неге сенбесін мен біле алмадым,— деді Мальвуазен салмақпен,— жалғыз-ақ менің жақсы білетінім — бізбен замандас дін иелерінің де, қарапайым адамдардың да жүзден тоқсан тоғызы біздің сардардың бұл үкіміне әмин деп, салауат айтады.

— Менің не ойлап тапқанымды білесің бе?—деді Буагильбep.— Сен менің досымсың ғой, Альберт, ендеше маған жәрдем ет. Сен оның, қашып шығуына жағдай жаса. Сонан соң мен оны көз көрмес, құлақ естімес қауіпсіз, жасырын жерге алып кетейін.

— Соны мен орындағым келсе де, істей алмаймын,— деді прецептор, басын шайқап.— Бүкіл үйдің іші толған сардардың айтканын екі қылмайтын жағымпаз қызметкерлері. Оның бер жағында, аман-есен құтылып кететініме көзім жетіп тұрса да енді менің бұл оқиғаға, шынымды айтсам, тіпті араласқым да келмейді. Біле-білсең, сен үшін қауіп-қатерге барып бақтым, Ал енді қайдағы бір жебірей қызының көзі әдемі екен деп, сол үшін я дәрежемнен төмендеп, я прецепторлық орнымнан айрылып жүргім келмейді. Одан да сен мына менің ақылымды тыңда: тағы қыздың, соңынан түскенді қойып, сұңқарыңды басқа бip құсқа бағытта. Ойлан, Буагильбер: сенің қазіргі халің, сенің келешегің — осының бәрі орденнен алашақ орнына байланысты. Егер сен қасарысып, бір Ревекка деп тұрып қалсаң,есіңде болсын, онда Бомануардың сені орденнен шығаруына право бересің. Ал Бомануар бұл мүмкіншілікті, әрине, босқа жібермейді. Ол қартайған шағында сардардың алапатты асасынан айрылғысы келмейді, ал сенің сол асаны қолыңа түсіргің келетінін де өте жақсы біледі. Егер сен жебірейдің сиқыршы қызына ара түсіп, сардардың қолына сондай салмақты сылтау беретін болсаң, ол сенің көзіңді, сөз жоқ, жоя салады. Одан да бұл жолы оған жол бер, өйткені бәрібір қарсы тұруғa шамаң келмейді. Ал сонан соң, аса сенің қолыңа мықтап тиген уақытта, жойытыңның қыздарын мейлің аймалап сүй, мейлің отқа жақ — қысқасы, ойына не келсе, соны істе.

— Мальвуазен,— деді Буагильбер,— сен қандай салқын қанды...

— Дос едің,— деп прецептор, Буагильбердің жаман сөз .айтуына жол бермей, аузындағы сөзін іліп әкетті.— Иә, мен салқын қанды досыңмын, сондықтан да мен саған қисынды кеңес бере аламын. Тағы айтамын, Ревекканы сақтап қаламын деп енді әуре болма. Қайталап тағы айтамын, онымен бірге өзіңді қоса құртасың. Одан да сардардың алдына барып, жаздым-жаңылдым деп аяғына жығыл.

— Жоқ, мен оның аяғына бас ұрмаймын. Тек былай-ақ барамын да, сопысынған кәрі сұмырайға айтамын...

— Ал жарайды,— деді Мальвуазен салмақты түрмен,— бар да оған айт, тұтқындағы жебірей қызын жан-тәніңмен сүйемін де. Сен өзіңнің ғашықтығыңды неғұрлым күйіп-жанып айта берсең, ол сенің асқан сұлуыңды солғұрлым тезірек құртып, істі сонымен бітіруге тырысады. Оның бер жағында, өзіңді де аяп қалады екен деп, қардаштарыңнан рақым күтуші болма, енді сен болашақта үміт қып жүрген жоғары мәртебе мен құдіретті күштен айрылып Фландрия мен Бургундияның арасындағы кішігірім жанжалға қатысып тұратын жалдамалы жауынгер болып қаласың.

— Сен расын айттың, Мальвуазен,— деді Бриан де Буагильбер, бір минуттай ойланып алғаннан кейін.— Мен алжыған жауыздың қолына өзіме қарсы жұмсайтын оншалық күшті қару бере қоймаймын. Ревекка өзімнің ар-намысым мен болашағымды құрбан қыларлық жақсы қыз боп шықпады. Мен одан бас тартамын. Иә, мен оны тағдырының еркіне тапсырамын, егер бірақ...

— Егер мұндай орынды ақылға келген болсаң сен енді ешқандай шарт қоюшы болма,— деді Мальвуазен.— Әйел деген қолымыз бос уақытта өзімізге ермек болатын қауқарсыз қуыршақ қана емес пе? Өмірдің көкейтесті мақсаты — атағыңды шығарып, даңққа бөлену. Осы жебірей қызы сияқты жүздеген нәшекі жәндіктер өлсе — өле берсін, тек өзің атақ пен данқтың жолымен жоғары өрлей берсең болғаны... Ал мен енді сенің қасыңнан кетемін: екеуміздің әмпейлесіп сөйлесіп тұрғанымызды сырт көз көрмей-ақ қойсын. Мен барып алдағы ұлан-асыр соттың болатын залын әзірлеуге бұйрық берейін.

— Не дейсің? Сондай-ақ тез болып қалғаны ма?— деп дауыстап жіберді Буагильбер.

— Ол солай,— деді прецептор,— егер судья үкім шығарып қойса, сот деген қашан да тезбе-тез болады.

Енді жалғыз қалып, Буагильбер өзінен-өзі күбірлеп жүр:

— Сен маған қымбатқа түсетін болдың, Ревекка! Бірақ, әлгі екі жүзді қасақы айтқандай, менің сені тастап кетуге неге мұршам келмей қойды? Сенің жаныңды алып қалу үшін мен тағы бір талаптанып көрейін. Ал онда сақтана бер? Егер тағы бас тартсаң, менің махаббатым қандай күшті болса, жасайтын қысасым да сондай күшті болады. Егер мен өне бойы кекетіп - мұқату мен жек көруге кезіге беретін болсам, Буагильбер өзінің өмірі мен ар-намысын бос құрбан ғып жібере алмайды.

Прецептордың қажет деген бұйрықтарын беріп болғаны да сол еді, соның арасынша бұған Конрад Монт-Фитчет жетіп келіп, жебірей қызын сиқыршы деп тауып, сардардың оны дереу соттауға бет алып отырғанын жариялады.

— Сөз жоқ, бұл енді ешбір дәлелсіз айыптау болады,— деді прецептор.— Осында жебірей дәрігерлер былай да толып жүр ғой, бірақ соларды сиқыршы деп айыптап жатқан ешкім жоқ; сонымен қатар науқастарды сауықтырып жіберу жөнінде бәрі де адам таң қалғандай нәтиже беріп келеді.

— Бұл жөнде сардардың пікірі басқа,— деді Монт-Фитчет.— Ал былай, Альберт, мен сенімен ашық сөйлесейін. Ол сиқыршы ма, жоқ па оның бәрі бір: бұл жерде біздің, ісімізге керекті Бриан де Буагильбер өліп кетіп, орденіміздің ішінде алалық туып, өзара бүлініп жатқанымызша, қайдағы бір жебірей қызы өлсе — өле берсін. Өзіңе белгілі, Буагильбер атақты тектен шыққан, ұрыстарда даңқы жер жарған аты шулы серіміз. Біздің қардаштарымыздың арасында ол сый - құрметке бөленген адам. Ал енді сардарымыз оны сиқырдың құрбаны деп таппай, жебірей қызының әріптесі деп тапса, әлгі айтылған атақ, дәреженің ешбірі айырып алып қала алмайды. Маған десе, жебірей қызы өз ұлтының бүкіл он екі буынға келген барлық ұрпағының жалғыз тірегі болып тұрса да, Буагильбердің онымен қоса өліп кеткенінен гөрі, қыздың өз басының жеке құрбан болғаны керек.

— Мен Буагильберді қыздан без деп жаңа ғана үгіттеп шықтым,— деді Мальвуазен.— Бірақ ол Ревекканың өзін сиқыршы деп соттайтын айғақ бар ма? Мүмкін, жеткілікті дәлелдің жоқтығына байланысты, сардар өз үкімін өзгертіп те қалар.

— Бірақ айғақтың жетімсіздігін көрсететін тірек керек қой, Альберт,— деді Монт-Фитчет оған қарсылық айтып.— Міне соған дәлел қайда... Кәні, айтшы өзің?

— Түсінемін,— деді прецептор.— Орденіміздің мерейі үстем болып, ісі алға басуына мен де бар ынта-жігеріммен тілектеспін. Бірақ соған біздің уақытымыз тар боп тұр! Біздің ісіміздің дұрыс екенін дәлелдеп беретін тиісті куәларды қайдан ала қоямыз?

— Мен саған айтамын, Мальвуазен сондай куәны табу қажет,— деді Конрад.— Бұл орденімізге де, сенің өзіңе де керек. Чина Темплстоу мекені — онша бай прецептория емес. Ал анау «Құдайдың үйі» деп аталатын мекен-жай бұдан екі есе дәулетті. Өзіңе мәлім, біздің мына қарт билеушімізге кейде менің сөзімнің өтетін кезі болады. Бұл іске өз орныңа адам тап, сонда сен Кені уаләятындағы құнарлы жерде тұрған Құдай үйі» деген мекеннің прецепторы боласын. Осыған өзің қалай қарайсың?

— Мен білсем,— деді Мальвуазен,— осында Буагильбер мен бірге келген малайлардың ішінде бір екі жігіт бар, оларды мен көптен білемін. Олар бір кезде менің бауырым Филипп де Мальвуазеннің қарамағында жұмыс істеген еді, бұл әйелдің сиқыршы екені жөнінде солар бірдеңе білетін шығар.

— Олай болса, тезірек барып, соларды тауып ал. Сонан соң, Альберт: егер бірнеше теңге олардың ойына бірдеңе түсіретін болса, онда ақша аяп қалма.

— Ой, олар бір ділда үшін-ақ өздерінің шешелері сиқыршы еді деп ант-су ішетіндердің дәл өзі,— деді прецептор.

— Онда ұмтыл,— деді Монт-Фитчет,— түс болған кезде іске кірісу керек. Бір рет шоқынып, біздің дінімізге кірген, сон - соң қайтадан ісләм дініне ауысып кеткен Әмет Альфаги деген мұсылманды өртеп жіберуге бұйырғаннан бері қарай біздің билеушіміздің мұндай белсеніп кіріскен ісін ешқашан көрмеген едім.

Мұнараның басындағы дәу қоңырау шаңқай түсті хабарлаған кезде Ревекканың қамаудағы бөлмесіне әкелетін жасырын басқышта келе жатқан адам аяғының дыбысы естілді. Аяқ дүбіріне қарағанда, келе жатқандар бірнеше кісі болуға тиіс, мұны естіп қыз бұған да қуанып қалды, өйткені ол елдің бәрінен бұрын қызу қанды, рақымсыз Буагильберден қорқушы еді. Сол кезде қара киімді, айбалталы күзетшілерді ертіп, бөлмеге Конрад Монт-Фитчет пен прецептор Мальвуазен келіп кірді.

— Ант атқан тұқымның қызы,— деді прецептор,— орныңнан тұрып, біздің соңымыздан ер!

— Қайда, неменеге?—деп сұрады Ревекка.

— Бой жеткен,— деді Конрад оған тіл қатып,— сен сұрауға тиіс емессің, айтқанды орындауға ғана тиіссің! Дегенмен біліп қой, біз сені сот алдына апарамыз, біздің қасиетті орденіміздің сардарының алдына барып, өзіңнің істеген қылмысың жөнінде жауап бересің.

— Авраамның құдайына мың рақмет,— деді Ревекка, қолын қусырып.— Менің ұлтыма қастан елдің соты болса да, судья деген аттың бір өзі маған қамқор болады-ау деген үміт туғызады. Мен сіздердің соңдарыңызға қуана-қуана еремін. Жалғыз-ақ басыма шәлімді жамылуға рұқсат ет.

Бұлар салмақпен маңғаз басып, басқыштан төмен түсті де, ұзыннан-ұзақ галереядан өтіп, қос топсалы жарма есік арқылы сот болуға тиісті кең залға келді.

Кең залдың төменгі жағы қара құрттай қаптаған қалың жарақшылар мен йомендер екен, Ревекка сол кең халықтың арасынан, прецептор мен Монт-Фитчеттің және тағы өзін күзетіп тұрған сақшылардың жәрдемімен, зорға дегенде өтті. Өзіне әзірленіп қойған орынға жеткенше Ревекка басын жоғары көтерместен, екі қолын кеудесіне қусырып алған бетінде, қалың топтың арасынан өтіп келе жатып, әйтеуір біреудің бір жапырақ жұқа қағазды саусағының арасына қыстырып жібергенін де байқай алмай қалды. Қыз қағазды еріксіз алған бойы, оның бетіне қарамай-ақ, тастамай алып жүре берді. Алайда осы түсі суық, қалың көптің ішінде маған да тілектес біреу бар екен-ау деген ойдан қайрат алып, әлден уақытта басын көтеpіп, айналасына қарады. Енді біз қыздың сонда көрген хикаясын келесі тарауда суреттеп көреміз.

XXXVII ТАРAY

Заң қайырсыз — қайғыруға жоқ хақың,
Адамдардың абыройын жоқтатып-
Заң қайырсыз — қуануға жоқ хакың
Жан өсіріп, жүзде күлкі тоқтатып.
Заң қайырсыз — жауыздығы мол бастық —
Қойған оны құдайменен қолдас қып.

«Орта ғасыр».

Ешкімге ешбір жазығы жоқ, бақытсыз Ревекка алдына жүгінетін трибунал кең залдың төріндегі сәкінің үстіне құрылған еді; сол кездегі әрбір ескілікті үйдің төрінде болуға тиісті, үй қожалары мен оның ең ардақты қонақтарына арналған осындай құрметті орын болатынын біз бұдан бұрын да баяндағамыз.

Осы сәкінің үстіндегі биік креслода, тура айыпкерге қарама-қарсы, әсем аппақ киім киген, ғымаратшылар орденінің сардары отыр; қолында — орденнің крест таңбасы салынған қасиеті әміршінің арнаулы аса-таяғы бар. Сардардың аяқ жағында жазу столы тұр; онда соттың протоколын жүргізуге тиісті екі капеллан отыр. Бұлардың үстіндегі қара киімдері, жалтырата қырып тастаған бастары мен қой аузынан шөп алмастай момақан түстері — прецепторияның көлемінде тұратындары бар және сардарына сәлемдесу үшін сырттан келгендері бар — соттың залында отырған айбынды жауынгер серілердің ішінде көзге шыққан сүйелдей боп көрінеді. Осы өңірдегі монастырлердің төрт прецепторы сардардың отырған креслосының арт жағында—одан бір шама аулағырақ тұр; прецепторлардың арт жағында — бұлардан сол шамада қашығырақ, жай скамьяларда орденнің қатардағы жай мүшелері отыр; ал олардың соңын ала, сол сәкінің үстінен шағаладай шаңқиып, аппақ киім киген жарақшылар орналасқан.

Бұл сурет Төтенше салтанатты еді; әшейінде кескін-келбеттерінен жауынгерлік айбаттарын танытқылары келіп жүретін серілер бүгін сардары отырған жерде дін иелерінің маңыздылығы мен салмақтылығын көрсеткілері келді.

Бүкіл зал бойында айбалтамен қаруланған сақшылар сіресіп қалған; айбатты сардар мен сиқыршы жебірей қызын көруге жиылған халық байтақ залға лық толған. Әсіресе келгендердің көпшілігі Темплстоу мекенінің тұрғындары екен, сондықтан олардың түстері де қара-бадам келді. Маңайдағы шаруалардың да сотқа келуіне рұқсат етіліпті. Бомануар жалпы жұртқа .ғыбрат болғандай көрнек жасап, оған халықтың неғұрлым көп қатысуын қаласа керек. Сардардың, үлкен жасыл көзі шарасынан ұшқын атып, жайнап кетіпті, өзінің мойнына жүктелген міндеттің аса маңызды екені оның бет бейнесінен көрініп тұр.

Соттың мәжілісі қосылып ғазал айтумен басталды; ғазалға жасының қартаңдығына қарамастан, көкірегінің терең түкпірінен күңіреніп шығатын күшті үнімен Бомануардың өзі де қосылды. «Vеmte, exultemus Domino» деген аяттың салтанатты сарыны бүкіл залды жаңғыртты. Жер бетіндегі дұшпандарына қарсы ұрысқа шыққанда ғимаратшылар бұл ғазалды өне бойы айтып жүретін еді, сондықтан Лука Бомануар қазіргі жағдайда мұны айтуды өте орынды деп тапты да, өзін қара түнектің залымдық зұлматына қарсы алысып жатқан кісі деп біліп, бұл айқаста жеңіс сөзсіз өз жағымда болады деп сәуегөйлік құрды. Қосылып мінажат айтуға жаттыққан жүздеген ерлердің үні күмбездердің аясында қалықтап, үйдің арысмәткелерін жаңғырықтырып, құздан құлай тасыған күркіреуік ағындай айбынды да салтанатты сарын туғызды.

Ғазал айтылып болған кезде сардар қалың жұртты абайлап шолып шыққанда бір прецептордың орны бос тұрғанын байқады. Бұл орын Бриан де Буагильбердің орны болатын, сірә, өзінің бұрынғы орнына отырмай, қатардағы өзге серілердің отырған скамьясының қасында қалыс тұрған халықтан бетін тасалағысы келген кісіше, сол қолындағы плащын жоғарырақ көтеріп ұстап, оң қолындағы семсерінің ұшымен емен еденнің бетіне әлдеқандай бір таңба сызып, төмен қарай ойланып қалыпты.

— Бишара ғаріп,— деді сардар күбірлеп, серіге жаны ашып кеткендей боп.— Бақайсың ба, Конрад, біздің қасиетті таупығымыздан ана байғұстың жүні жығылып, құты қашып тұрғанын? Әйел жынысының жүзіне күле қараймын деп, құрметті жауынгер ерді әзезілдің қандай мүшкіл халге жеткізгенін қарашы! Ол тіпті біздің бетімізге қарай алатын емес. Сол сияқты, қызға көз салып тұрған да ол жоқ. Кім біледі, анау еденге жадының белгілерін салғызып тұрған да оған әзезілдің әмірі шығар? Сірә, өзі біздің өмірімізге қастандық жасап, сонымен жанымызға сауап тауып бергелі тұрған жоқ па екен? Бірақ әзезілдің азғыруы бізге түк етпейді, адам баласының дұшпанынан біз қорықпаймыз! Semper Іео percntiatur!

Бұл сөздер әміршінің оң көзіндей ең сенімді адамы — Конрад Монт-Фитчетке ғана сыбырлап айтылған сөз еді. Бұдан соң сардар дауысын зорайтып, барлық жиналған халыққа қарап сөйледі:

— Қасиетті, ер жүрек азаматтар, біздің қасиетті орденіміздің достары, серілер мен прецепторлар, қардаштарым мен балаларым! Текті тұқымнан жаралған адал жүректі, ақ ниетті жарақшылар, крестің сенімді тілектестері! Және Христостың әр түрлі атақ-аты бар әмме үмбеттері! Біз сіздерді осы жиынға шақырғанда өз басымыздағы билік, әмірдің, толымсыздығынан шақырған емеспіз, өйткені, бір құдайдың мүһмүн пендесі, мына өзімізге табыс етілген әулиелік белгінің күш-құдіреті бойынша, біздің қасиетті орденіміздің дәрежесіне муапық, сот тұрып, жаза қолдануымызға толық хақымыз бар. Біздің қасиетті қауымымыздың серілік ұлығатын жасаған мәртебесі зор Бернард әулиеміз сол ереженің елу тоғызыншы бабында біздің қардаштарымыз өз хазіретінің бұйрығы бойынша ғана жиналып, кеңес құрып тұруға тиіс деп айтып кеткен, ал біздің алдымызда болып өткен өзіміз дәрежелес әулиелер мен біздің өзімізге де орденіміздің капитулын қандай ретте, қай уақытта және қай жерде шақырып, сот құруға тиіс екенімізді де белгілеп берген. Осылай еткен уақытта біз қардаштарымыздың пікірін тыңдай келіп, сонымен бірге сана-сезіміміздің айтқанын істеуге міндеттіміз. Алайда құтырған қасқыр қоралы қойға шауып, бір қозыны алып кетсе, жақсы қойшы өзінің барлық жолдас-жораларын жинап, садақ, сақпандарымен жауыз қасқырдың көзін жоюға аттандыруға тиіс. Бұл сонда ұлығатымыздың: «Жауды арамыздан аластау керек» деген белгілі бабына тура келеді. Біз де осы ұлығаттың айтылмыш бабы бойынша, Йорк қаласындағы Исаактың қызы Ревекка деген жебірей әйелін сиқыршылығы мен көз бояушылығы үшін айыптап, сот алдына әкеп отырмыз. Ол әйел өзінің сиқырымен алдап-арбап, жай пенде емес, ғымарат серісін ақылынан тандырған. Жұрт қатарлы жай адам да емес, қасиетті Ғымаратқа қызмет етуге бел байлаған серіні, оның ішінде қарапайым сері де емес, маңызы мен құрметі зор, орденіміздің прецепторын жолдан тайдырды. Біздің қардашымыз Бриан де Буагильбер тек бізге ғана емес, осында отырған әмме жұртқа әйгілі—ол крестің жолына жан-тәнін жұмсаған қорғаушысы, кресті қорлаған мәжусилердің қанын төгіп, жер бетін сонымен тазартқан Қасиетті Жердің және басқа да қасиетті орындардың айбынды қаһарманы. Өз қардаштарының ортасында ол бірыңғай батырлығымен, жауынгерлік еңбектерімен ғана атақты болып қойған жоқ, сонымен бірге ол данышпандық ақыл-парасатымен де белгілі, сондықтан да біздің орденнің серілері күндердің күнінде құдірет бізді мына киелі аса-таяқты иемдену ауыртпалығынан құтқаратындай уақыт болса, осы қасиетті белгі таяқ сол қардашымыздың қолына ауысуға тиіс деп танып келген еді. Ал енді сол ардақты серіміз өзінің берген антын бұзып, жолдастарының ақ-адал ниетіне қарамай, өзінің болашағын аяққа басып, жебірей қызымен байланыс жасап, өз өмірін екі талай, мүшкіл халге ұшыратты, онымен де тұрмай ең ақыр аяғында ол қызды өзімен бірге алып келіп, орденіміздің бір прецепториясына орналастырып қойып отыр, міне енді шайтанның азғыруына ергендік, я сиқырдың арбауына түскендік демей, не деп білуге тиіспіз? Егер мұны осылай деп бағаламасақ, серінің биік дәрежесі де, өз басының айбынды батырлығы да, халық алдындағы атақ-даңқы да бұл жамандықты түбімен жою үшін оны қатал жазаға бұйыруымызға бөгет болып тұра алмаған болар еді. Auferte malum ex vobis деген хадис бар ғой ұлығатымызда. Біз өзіміздің қасиетті ұлығатымыздан бұл жамандыққа жататын тізбек-тізбек қылмыстарды санап бергенін көріп отырмыз. Біріншіден, ұлығаттың: «Quod nullus juxta propriam voluntatem incedat» деген отыз үшінші бабынан аттап өтіп, сері өз бетімен ауа жайылған. Екіншіден, шеркеуден аласталған әйелмен байланыс жасалған, ал бұл тақырыпты елу жетінші бапта: «Иt fratres nоn participent cum excommunicatis» деп айтылған, яғни өзін «Anathema Maranatha» жолға байлап берген. Үшіншіден, «Иt fratres non conversantur cum extraneis mulieribus» деген бапқа қайшы келіп, бөтен жұрттың әйелімен байланысты болған. Төртіншіден, әйелден бойын аулақ салмай, қайта оның өбуіне өзі құлықты болған түрі бар, ал біздің ұлығатымыздың «Иt fugiantur oscula» деген ақырғы бабында, қасиетті крестің жауынгерлері бұл теріс жолға кереметтей қызығып кетулері мүмкін деп анық айтылған еді. Міне енді құдай жолына қайшы осы күнәлары үшін Бриан де Буагильбер, қанша біздің орденіміздің оң қол, оң көзі бола тұрса да, оны қасиетті қауымымыздан біратола шығарып жіберуімізге жол бар еді.

Осылай деді де, сардар мүдіріп қалды. Бүкіл жиынның терең күрсінген дыбысы естілгендей болды. Сардар «De osculis fugiendis» деген бап жайынан сөз қозғаған кезде кейбір жастар күле бастағандай болып еді, соның арасынша бұлар да тыйыла қалып, оның бұдан соңғы сөзіне құлақ түре бастады.

— Ұлығатымыздың,— деді сардар,— соншама келелі баптарын өз бетімен бұзған Ғымарат серісінің бұйырылуға тиісті ауыр жазасы осындай болуға тиіс еді. Алайда сиқыр мен арбаудың зардабынан сері әзезілдің ықпалына түсіп, қыздың көркіне қызыға қарап қойғандықтан, бұған жаза қолданудың орнына, қайта оның соншалық күнәға батқанына қайғыруымыз керек; оның бұл қиянаттан пәк болып шығуы үшін жаза қолдана отырып, біз қардашымызды бүтіндей күнәға батырып, біржола мерт қып жібере жаздаған айыпкер әзезілге барлық қаһарымызды төгуге тиіспіз. Сондықтан біздің әділ сотымыз мына күнәкар әйелді жазалаумен қанаттанып қоя ма, жоқ болмаса, қанша жанымызға батқанымен, өзіміздің қардашымызды қоса ала кетуге тиіс, не деген мәселені анықтау үшін осы қылмыстардың куәсы болған барлық азаматтар алға шығып, әділ жауаптарын берсін.

Өртеніп жатқан үйдің ішінен Ревекканы алып шығу үшін Буагильбердің қандай жанкештілік жасағанын, тек сол қызды сақтап қалу үшін өз өміріне төнген қауіп-қатерді де керек қылмай, керемет қажыр-қайрат көрсеткенін көздерімен көріп тұрған бірнеше кісі алға шығып, куәлік айтты. Бұл секілді төтенше оқиғаларды баяндағанда, қарапайым адамдардың оны әлдеқайда өсіріп, құрыққа сырық жалғап жіберетін әдеті емес пе, бұл жолы да әркім өз қиялына ерік беріп, шамаларының жеткенінше бояп-сырлап бақты. Оның үстіне өз жауаптарына жоғары мәртебелі төренің аса мән беріп, қошуақтап отырғанын көрген жарамсақтардың төбелері бұдан көкке екі-ақ елі жетпей қалды десеңізші! Осының салдарынан Буагильбердің басына төнген қауіп-қатер адамның жаны шошитындай сатыға көтерілді. Куәлардың жауаптарына қарағанда, Ревекканың жанын сақтап қалу үшін серінің өлген-тірілгеніне қарамай істеген көзсіз ерлігі тіпті ақылдан асып кеткендігі сондай, бұған тіпті бұрынды-соңды болып өткен серілердің нелер ғажайыптары да пара-пар келмейтіндей болып суреттелді. Серінің сұлуды кінәлап, сөгіп айтқан қатты сөздерінің өзі майдан дәмді, балдан тәтті етіп суреттелгенде, өркөкірек, тәкаппар атанған серінің бүкіл болмысына мүлде жуықтамай, әлдеқайда аулақтап кетті.

Бұл куәлардан кейін Темплстоу мекенінің прецепторы алға шығып, Буагильбердің Ревекканы прецепторияға қалай алып келгенін баяндады. Мальвуазен жауабын аса абайлап, сақтықпен беріп өтті. Ол Буагильберді қанша ұстап бергісі келіп тұрмаса да, кейде оны бір есуастыққа салынып кеткен адам ғып көрсеткен жерлері де болмай қалған жоқ. Жауабының ақырында прецептор Ревекка мен оның ғашық жігітін өзінің қол астындағы мекенге қабыл алғанына айыпты екенін мойындап, өкінішін білдірді.

— Мен өзімнің күнәмнан ақталу үшін айтуға тиісті сөзімнің бәрін жоғары мәртебелі әулие піріміздің алдында баяндап болғамын,— деді жауабының қорытындысында.— Мен; қанша қателік жасасам да, оны жақсы ниетпен істегенім сардарға мәлім. Бұл үшін маған қандай жаза қолданса да, оны қайыспай қабыл алуға мен дайынмын.

— Сен дұрыс айттың, Альберт қардаш,— деді Бомануар.— Жолдан тайған қардашымызды аман сақтап қалу үшін, сенің жасаған ол қадамың ақ ниетпен жасалған қадам еді, бірақ ол үшін істеген ісің дұрыс боп шықпаған. Босанып кеткен атты тоқтатам деген адам оны үзенгілігінен емес, шаужайынан алып тоқтатар болар. Бұлай етпеген адам өзі де мертігіп, істі де бүлдіріп алуы ғажап емес. Біздің әулие ұстазымыз «Отче наш» ғазалын таңғы ғыбадатта он үш қайтарып, кешкі ғыбадатта тоғыз қайтарып оқуды бұйырған еді, ал сен оны бұдан екі есе артық оқитын бол. Ғымаратшының жетісіне үш рет ет жеуіне рұқсат етілетін еді, ал сен оның орнына жеті күн бойы ораза тұт. Осындай ғыбадатты сен алты апта бойы ұстайсың да, ол мерзім өткеннен кейін бұл жазадан азат етілесің.

Темплстоудың прецепторы бұған басы жерге жеткенше құлдық ұрып, тағзым етті де, сонан соң өз орнына қайтып барды.

— Енді, қардаштар, құлақ қойыңыздар,— деді сардар,— тегінде сиқырмен арбап, адамды аздыру бұл әйелдің қолынан келе ме екен, енді соны байқап көрейік. Біздің осында естіген мағлұматтарымызға қарағанда, біздің жолдан тайған қардашымыз әзезілдің азғыруына еріп, сиқырдың ықпалында кеткенге ұқсайды.

Осы сотқа қатысып отырған прецепторлардың төртіншісі Йерман Гудольрик деген кісі еді. Ал өзге үшеуі — Конрад Монт-Фнтчет, Альберт Мальвуазен және Бриан де Буагильбердің өзі болатын. Бет-аузын мұсылмандардың қылышы тілгілеп, айғыздап кеткен қарт жауынгер Герман қардаштарының ортасында сый-құрметке бөленген ең бір қадірлісі еді. Енді сол Гудольрик орнынан тұрып, сардарға дат деген, сардар сөзге келместен оған дереу сөз берді.

— Жоғары дәрежелі әулие піріміз,— деді Гудольрик,— өзіңе тағылып отырған осы сұмдық айыптар жөнінде, осы жүзі қара қызға өзінің соншалық құштарлығы жайында, біздің қардашымыз, айбынды сері Бриан де Буагильбердің өзі не айтады екен, мен осыны өз аузынан естиін деп едім.

— Бриан де Буагильбер,— деді сардар,— біздің қардашымыз Гудольриктың сауалын естіп отырмысыз? Мен сізге соған жауап беруді бұйырамын!

Буагильбер сардарға бұрылып қарады да, үн-түн жоқ тұрып қалды.

— Оны албасты басып, аузын аша алмай тұр,— деді сардар.— Жоғал, сайтан, аулақ кет! Ал сөйлей бер, Бриан де Буагильбер, қасиетті орденіміздің ардақты таңбасы крестпен дұғаладым мен сені!

Буагильбер өзінің барлық қайрат-жігерін осынын жолына салып тұрып, бойын кернеген ашу-ызаға ерік бермей, зорға дегенде сіресіп тұрып қалды, ашу-ызаға ерік бергенмен, одан өз пайдасы табылмайтынын бұл ішінен біліп-ақ тұр еді.

— Жоғары дәрежелі тақсыр піріміз,— деді ол,— Бриан де Буагильбер мұндай құлақ естімеген, көз көрмеген сұмдық айыптарға жауап бере алмайды. Бірақ ол өзінің ар-намысына тиетін айып болса, одан кеудесін тосып қорғанады, христиан дінінің жолында сан рет сарапқа түскен мына семсермен тағы да сайысқа шығуға ол қазір де әзір.

— Біз саған кешірдік, қардаш Бриан,— деді сардар,— өзіңнің сіңірген еңбегіңді мақтан ету сайтанның ісі болса да, сен ерлік істеріңді айтып, біздің алдымызда тағы бір күнәға баттың ғой. Бірақ біз бұл күнәна кешірім жасаймыз, өйткені мұны сен өз еркіңмен айтып тұрған жоқсың, оны саған сайтан сыбырлап айтқызып тұр, біз қазір, құдай тағаланың жәрдемімен, оны өз ортамыздан аластап қуып шығамыз.

Мұны естігенде Буагильбердің қара көзі от шашып, ашуы ойнап шыға келіп еді бірақ сонда да тіл қатпай қала берді.

— Ал енді,— деді сардар,— біздің қардашымыз Гудольриктың сауалына тура жауап берілмей қалса да, біз тергеуді, қардаштар, әлі де жүргізе береміз. Әулие қамқоршымыздың берген мәулетінің арқасында, бұл пәленің құпия сырын біз ақырына дейін әшкерелейміз. Ал мына әйелдің өмірбаяны мен іс-әрекетінен хабардар адамдар болса, алдымызға шығып, бар білгенін айтып берсін.

Сол кезде залдың ең түкпірінен бір айқай-шу, әбігерлік шыға қалды; онда не болып жатыр деген сардардың сауалына топ ішінен біреу: осында көптің ішінде мына айыпкер әйел керемет бальзаммен емдеп, жүріп-тұруға мүмкіндік берген бір мүгедек адам бар еді, деп жауап берді.

Қалың топтың ішінен саксон ұлтынан шыққан бір жарлы шаруаны итермелеп алға шығарды. Қағынды дертінен осы жебірей қызы емдеп жазып шығарғаны үшін жазаланып қала ма деп қорыққан әлгі байғұстың зәре-құты қалмаған еді. Бірақ бұл шаруа ада-күде жазылып кете қоймаған-ды; әлі күнге дейін ол балдақпен ғана жүріп-тұруға шамасы келетін-ді.

Басынан кешкенді айтып жатуға мүлде құлқы жоқ әлгі шаруа, көзінен жасы сорғалап тұрып, өзінің бұдан екі жыл бұрын Йорк қаласында, Исаак деген бай жебірейдің қол астында ағаш шебері боп жұмыс істегенін, сонда жүріп күтпеген жерден дертке ұшырап, төсек тартып жатып қалғанын баяндай бастады; міне, сол кезден бастап Ревекка оны қалампыр дәмдес бальзаммен емдей бастайды да, бір дәуір өткен соң оның қол-аяғы қимылдап, жүріп-тұруға жарап кетеді. Содан біраз уақыт өтіп, науқастың оңала бастағанына көздері жеткен кезде, Ревекка оған осы керемет майдың бір шынысын қолына берiп, қолына ақша беріп Темплстоу мекенінің маңында тұратын әкесіне шығарып салады.

— Сіздің жоғары мәртебелі құзырыңызға хабарлауға пұрсат беріңіз,— деді куә,— бұл қыз өзінің бақытсыздығына қарай, қанша жебірей қызы десек те, оның адамға қастық ойлап, залал тигізуі мүмкін емес. Мен сонда да, оның дәрісін жаққан сайын «Отче наш», «Тауап етемін» деген ғазалдарды оқып, құдайға құлшылық етіп отырдым, бірақ одан дәрінің бір қасиеті кеміген жоқ.

— Доғар, құл неме,— деді сардар,— былшылдамай, көзіңді жоғалт! Әзезілдің бақсы-балгерлерінен емделіп, жан-перінің құзырына қызмет еткеннен басқа сен хайуаннан не шығушы еді! Мен сенің миыңа құйып отырмын ғой, милау ит: адам баласының қас дұшпандары түрлі ауруларды ойлап тауып, оны жазып шығарады да, сонымен әзезілдің дәрігерлік шипасына сенім тудырады. Өзіңнің әлгі айтып тұрған дәрің қолыңда бар ма өзі.

Бишара шаруа қалтырап-дірілдеп, қойнына қолын сұқты да, аузы тығындалған кішкентай шыныны алып шықты, оның сыртына жебірей әріптерімен бірнеше сөз жазылған екен. Залда отырғандардың көпшілігі үшін бұл дәріні дәл перінің өзі жасап шығарғанына бұл айқын айғақ секілді көрінді. Бомануар шоқынып, шыныны қолына алды да, шығыс халықтарының тілін жақсы білгендіктен, оның сыртына жазылған: «Иуда ұрпағынан туған Арыстан жеңіп шықты» деген сөздерді оқыды.

— Албастының әлемет әміріне не шара!—деді сардар.— Бізге қажетті қорекпен уды араластырып жіберіп, қасиетті хадисті құдай жолына қарсы шығарып қойғанын қарашы! Осында мына сиқырлы майдың неден жасалғанын айырып бере алатын дәрігер жоқ па екен?.

Өздерінің айтуынша, осы халықтың ішінде — бірі монах, екіншісі шаштараз — екі дәрігер бар екен, бальзамды осылар қарап шығып, бұл дәрі-майдың неден жасалғаны өздеріңе мәлімсіз екенін айтты, сірә, тұспалдап келгенде, майдан қалампыр иісі шығатынына қарап, бұлар мұны күншығыс елдердің шөбінен жасалған ба деп бағдарлады. Сонда да, кәсіп күндестігі билеп кеткен дәрігерлер өнері асып тұрған бақталас қызды көре алмай, оның дәрісі бір құпия сиқырлы улы заттан жасалған болу керек деп жорамал жасады; біздер ондай сиқыршы болмасақ та, христиан дінінің рұқсат ететін мөлшеріне дейін, медидинаның барлық салаларынан хабардармыз, деді дәрігерлер. Бұлардың сарабы біткеннен кейін бағанағы науқас сакс денсаулығыма пайдасы тиген дәрімді өзіме қайтарсаңыз екен деп жалбарынды сардарға. Бірақ Бомануар оған қабағын түйіп, сенің аты-жөнін кім?— деп сұрады одан.

— Снелльдің ұлы Хигг,— деп жауап берді оған шаруа.

— Ендеше, Снелльдің ұлы Хигг, бері қара өзің,— деді Бомануар,— арамза жәдігөйлердің дәрісімен емделіп, жүріп кеткеннен төсек тартып жатқанның өзі артық. Жебірейден сыйлық алып яки оған жалданып ақша тауып жүргеннен де, оның дүние-мұқаммалын қарудың күшімен тартып алған әлдеқайда дұрысырақ. Ал енді бар да осы айтқанымды орында.

— Ой, әулие тақсыр,— деді әлгі шаруа,— бұл бұйрығыңыз дұрыс-ақ шығар! Бірақ оны орындауға менде хал жоқ қой, көріп тұрсыз, мен кем-тар адаммын! Ал енді бай раввин Натан Бен-Самуэльде қызмет етіп жүрген менің екі інім бар, мен сіз әулиенің әмірін соларға тапсырайын: жебірейге адал ниетіңмен қызмет етуден гөрі оны тонап алудың сауап екенін мен соларға жеткізейін.

— Мына оңбаған не былшылдап тұр өзі! Қуып шығыңдаршы өзің!— деді Бомануар, өз бұйрығының ақыры не боп шыққанын біле алмай.

Снелльдің ұлы Хигг көп халықтың ішіне араласып кетті, бірақ өзінің мейірман қамқор дәрігерінің тағдыры не болар екен деп, залдан кетпей тұрды. Сұмдық қаһарлы судьяның түсінің суықтығынан бүкіл жан дүниесі қалтырап, оның оқты көзінен жерге кіре жаздап тұрса да, істің ақырын тосып, майдан жерді айналсоқтай берді.

Дәл осы сәтте сардар Ревеккаға бетіңдегі орамалын алып тастауға әмір етті. Қыз бірінші рет аузын ашып, тіл-қатуға еріксіз мәжбүр болды; Ревекка сол әдепті қалпын бұзбай тұрып, бірақ ешбір төменшіктеп жасымай: өз тұқымының қыздары бейтаныс көп жиынның алдында беттерін ашып көрген емес, деп жауап берді. Қыздың нәзік үні мен биязы мінезіне отырған елдің қабырғалары қайысты. Бірақ өзінің мойнына алған міндетің орындауға келгенде, ешбір бостандыққа жол бермеуді қайсарлығым деп ұғатын Бомануар алғашқы берген әмірін қайталап айтты. Сол кезде қыздың бетіндегі орамалын жұлып алмақшы болып сақшылар да ұмтылған еді, соның арасынша қыз да орнынан тұрып былай деді:

— Жоқ, бұларыңыз дұрыс емес, тақсыр, егер қыздарыңыз болса, солардың атынан қарғыс айтамын. Иә, айтпақшы, сіздің қызыңыздың болуға тиіс емес екені есімнен шығып барады екен ғой! Ең болмаған күнде, анаңыздың ақ сүтімен, апа-қарындастарыңыздың әдеп-инабатымен өтінемін: өзіңіздің көз алдыңызда менің бетімді ашуға жол бере көрмеңіз! Ал тіпті болмайды екенсіз, онда мен көндім,— деді қыз қайғылы үнімен бас иіп тұрып. Осыған келгенде, қанша рақымсыз болса да. Бомануардың өз жүрегі де дір ете қалды:— сіздер сақал-шаштарыңыз аппақ қариясыздар, сол сіздердің әмірлеріңізбен мен мына алдарыңызда тұрған бақытсыз қыздың бетін ашып, өзім-ақ көрсетейін.

Ревекка орамалын ысырып тастап, отырған қауымның бетіне тура қарады. Қыздың бет нұсқасына ұялшақ мінез бен керемет қасиеті нұр беріп тұрғандай еді. Ревекканың асқан әдемілігіне отырған халық таң-тамаша қалды, серілердің арасындағы жастары тіл-аузынан айрылып, бірінің бетіне бірі қарады. Серілердің үнсіз көз қарастары, жалған сиқыр әңгімесін ойдан мүлде шығарып, Буагильбердің есінен айрыла ғашық боп жүрген себебі Ревекканың жаннан асқан сұлулығы екен ғой деп біріне бірі тілсіз-ақ ұқтырып тұрғандай еді. Ревекканың нұры көптің ішінде, әсіресе, Снелльдің ұлы Хиггке өте - мөте қатты әсер етті.

— Босатыңдар мені, қоя беріңдер!—деп айқай салды байқұс шаруа, есіктің алдында тұрған күзетшілерге.— Кетіріңдер мені мына жерден, мен осындай періште қызды қаралап, куәлік айттым-ау, бұдан да менің өлгенім жақсы еді!—деп зарланды әлгі Снелль.

— Жарайды, болды, байқұс,— деді шаруаның дауысын естіп қалған Ревекка.— Сен шындықты айтып, маған ешбір зиян келтірген жоқсын, сол сияқты, көзіңнен қанша жасыңды төгіп, жанын ашығанмен де, маған тигізетін көмегің жоқ. Одан да деміңді басып үйіне қайт, өз қамыңды ойла, менің сенен сұрайтыным осы.

Хиггтің зарлаған дауысын естісе, әкімдер. тағы қаһарын төгеді ғой деп сақтанған сақшылар оны залдан шығарып жіберейін деп еді. Бірақ Хиггтің бұдан былай үн шығармаймын деген уәдесін алып, оны тағы залда қалдырып қойды.

Енді сот алдына Альберт Мальвуазен күні бұрын үйретіп қойған жалдамалы екі куәны шақырды. Бұлардың екеуі де бір саңылаусыз пасықтар еді, бірақ қанша иіс алмас топастар болса да, қыздың ғажайып сұлулығын көргенде, бұлардың да тілі байланғандай болды. Алғашқы бетте не айтарын білмей, сасқалақтап-ақ қалған еді, бірақ Мальвуазеннің сұсты қабағын байқап, естерін жиып алды. Мүдделі болып отырмаған судьяларға жауаптарының жалған, үйретінді сөздер екені бадырайып көрініп тұрса да, бұл куәлар талай өтірікті сықпыртып айтып шықты. Жауаптарының басым көпшілігі ойдан шығарылған жалған қисындар еді, көп жағдайлар астыртын, құпия сыр мағынасында айтылғандықтан, тіпті қара дүрсін, қарапайым фактілердің өзі бір сұмдық оқиғаның бетін ашып отырғандай боп көрінді. Егер біздің осы заманымыз болса, бұл жауапты қисынсыз, тіпті үйлесімі жоқ фактілер деп, екі жікке бөліп тастауға болар еді. Бірақ, не керек, сөз еместі сөз деп иланған қараңғы, надан заманда осының бәрі қылмысты дәлелдейтін айғақ боп шықты.

Мысал үшін айтсақ, куәлардың көрсетуінше: кей уақытта Ревекка бір түсініксіз тілде әлде не деп күбірлейді де, содан бір кезде сұңқылдатып әнге басады, бұл кезде тыңдаушылардың құлағына сыңғырлаған үн естіліп, олардың жүрегі лүпілдеп соға бастайды-мыс; оқтың-оқтың қыз өзімен өзі сөйлесіп, әрі-беріден соң көктен жауап күткендей, көзін жоғарыға сүзеді-міс; кейде тіпті оның киімдерінің түс-түгі де мүлдем бір түрлі болып, құбылып кететін сияқты, бұл кезде оның үстіне киген киімдері де кәдуелгі адал әйелдердің киіміне ұқсамайтын көрінеді; қыздың қолына салған жүзіктерінде де бір түрлі сиқыр белгілері бар болса керек; ал басына жамылған орамалының кестесі де ғажайып бір нақыш, әшекейлермен тігілген болуға тиіс.

Күнбе-күн көріп жүрген осындай кәдуелгі нәрселердің өзін жиылған көп қатты зейін қоя тыңдап, бұл қисындарды нағыз мойын бұрғызбайтын айқын айғақ деп білмесе де, әйтеуір Ревекканың әзезілмен байланысы барлығын дәлелдейтін қосымша деректер деп қабылдап отырды.

Ал енді ойдан шығарылғаны анық көрініп тұрса да, бірақ қисыны келген жауаптар да болып еді, оның бер жағында надан халық кәдімгідей бұған сеніп те отырды. Мәселен, бір солдат Ревекканың Торкилстонға өзімен бірге келген, жарақатты адамды емдеп, жазып шығарыпты-мыс. Солдаттың айтуынша, қыз әлгі жаралының жарақатына әлдеқандай бір белгі сызыпты да, сонымен бірге бір тылсым дұға оқып отырыпты мыс (оның не дұға екенін, құдайға шүкір, әлгі солдат түсінбепті); бір мезетте науқастың жарақатынан жебенің үшкір темірі шошайып шығыпты да, жараның қаны тыйылып, науқас құлан - таза жазылып кетіпті; бұдан біраз ғана бұрын өлім халінде жатқан адам он бес минуттай уақыт өткенде, қамалдың қабырғасына шығып, жауға тас ататын садақ-машинаны орнатысуға жарап кетіпті-міс. Байқап қарасақ, сірә, бұл өтірік ,Торкилстонға Ревеккамен бірге келген Айвенгоны қыздың бағып - қағуынан туған өтірік болуға тиіс. Осы өтіріктің қорытындысында әлгі солдат ғажап сиқыр есебінде өзінің сумкасынан алып, баяғы науқастың жарасынан шығарылды деген жебенің ұшын көрсетті. Бұл бір түйір темірдің салмағы отыз граммдай келетін болғандықтан, солдаттың көрдім деген ғажабы қандай керемет болса да, оның шындығына ешбір күмән қалмады.

Қамалдың ирек-ирек қабырғасының қырында әлгі солдатпен қатар отырған жолдасы Ревекканың Буагильбермен сөйлесіп тұрып, парапетке қарғып шығып, мұнарадан құлап кете жаздағанын көріп тұрғанын баяндады. Серік солдатына өтіріктен есесін жібермеу үшін бұл сабазың Ревекканың парапетке шығып алып, аппақ шаңқан аққу бейнесіне кіріп, Торкилстон сарайын үш қайтара айналып шыққанын, сонан соң мұнараға қайта қонып, әйел бейнесіне қайта кіргенін көзіммен көріп тұрдым деп соқты.

Бұл жауапқа тартылып отырған адам сиқы жоқ, жаман, сорлы кемпір болып, ол тіпті жебірей ұлтынан жаралмаса да, оны сиқыршысың деп айыптау қажет болған күнде, соған осы қисынды айыптардың жартысы ғана жетіп артылған болар еді. Айыпкердің жебірей әйелі болғандығынан асқына түскен айыптардың ауыр салмағын тіпті Ревекканың қыршын жастығы мен кереметтей сұлу көркі де басып кете алмады.

Сардар кеңесшілерімен ақылдаса келіп, ақырында өзінің қазір осы арада үкім еткелі отырған өлім жазасына қарсы не айта аласың деп Ревеккадан маңыздана сауал қойды.

Естіп отырған үкімінің рақымсыздығынан жан-тәнімен түршіге қалған жебірей аруы толқып тұрып мынаны айтты:

— Көріп тұрмын, сізден рақым, мейірім күту — бос қиял, әрі ол өзімді өзім кеміту болар еді. Біздің бәріміз сыйынып, жалбарынатын тәңірімізге науқасты, жарақатты адамды емдеудің шет емес екендігін сізге түсіндіріп тұрмаймын. Осындағы адамдардың маған тағып отырған айыптарының көбі түкке тұрмайтын бос сөз; бірақ соған сіз сенетін болуыңыз керек. Сол сияқты, менің киген киімім, сөйлеген сөзім, әдет-ғұрпым — бәрі сізге жат екенін ақтап әуре боларым жоқ, себебі — мұның бәрі менің халқыммен бірге бітіп, біте қайнасқан нәрселер, мен осы сөзді айтып келе жатып, менің отаныммен деп қала жаздадым; бірақ, әттегене-ай, не керек, бізде отан деген жоқ қой. Мен өзімді ақтау үшін тіпті өзіме зорлық істеп келген жауызды да әшкерелей алатын емеспін; ол мына тұр, маған жалған жаланың жабылып жатқанын құлағымен естіп тұрсаң да оны айыптау түгіл, елдің көзінде ол жауыздан қиянат көрген адамға айналып барады. Бірақ біз екеуміз құдайдың таразысына бір тартылармыз, дегенмен сіздің алдыңызда айта кетейін: қарусыз-қамсыз, қорғансыз тұтқын қыз менің соңыма түсіп, қуғынға салған, өткелектен өткен бұл секілді нағыз малғұнның ұсынған сыбағасын естігеннен гөрі сіздің әміріңіз бойынша үкім етілген қандай жазаны болса да мойныммен көтеpiп алуға бармын. Бірақ ол сізбен бір діндегі адам, сондықтан бақытсыз жебірей қызының салауат салып айтқан антынан гөрі оның зәредей наразылығы сіздің көз алдыңызда бағалы болып саналады, Сол себепті, менің өзіме тағылған айыпты оған қарсы қоямын деп арам тер болудың қажеті жоқ. Сонда да сауал қоямын, саған, Бриан де Буагильбер, өзің айтшы қане, осы айтылған айыптың бәрі жалған жала емес пе? Осының барлығы құлақ естімеген, көз көрмеген, нағыз сұмдық емес пе, бастан-аяқ барып тұрған өтірік, өліммен тең масқара емес пе?

Елдің бәрі үнсіз қалды. Жұрттың көзі Бриан де Буагильбеpгe қадалды. Бірақ онда үн жоқ.

— Ал сөйле,— деді қыз,— егер еркек болсаң, егер сен христиан адамы болсаң сөйле! Сөйле деймін! Үстіңе киіп жүрген киіміңмен, ата-бабаларыңнан мирас боп қалған есіміңмен, мақтан тұтып, дандайсып жүрген серілігіңмен қарғаймын. Тапқан анаңның ар-ұятымен, туған әкеңнің қабірімен, мәйітімен қарғаймын. Айтшы қане, шыныңды: осында айтылған сөздің бәрі ақиқат па?

— Жауап бер қызға, қардашым,— деді сардар,— егер өзіңнің алысып тұрған, адам баласының дұшпаны жеңіп тұрмаса, мына қыздың сауалына жауап бер.

Қым-қиғаш, бір-біріне қайшы келіп жатқан сезімдер Буагильбердің өне бойын буып, безгегі ұстағандай бет-аузын жыбырлатып, кейпін бұзып жіберді. Ақыры өзін-өзі зорлағандай боп, Ревекканың бетіне қарай қалды да:

— Дұғалық, дұғалық ше...— деп әрең айтты.

— Міне,— деді Бомануар, жұлып алғандай,— міне бұл сөзсіз айғақ. Қыздың сиқырының құрбандығы түбіне жеткен дұғалықты өзі айтты тілін байлап келген арбаушы дұғалық оның аузын аштырмай қойған.

Ал Ревекка бұл сөзді өзінше түсінген еді. Осы уақытқа дейін саусағының арасына қысып келген бір жапырақ жұқа қағазға көзі түсіп кеткенде, ондағы: «Қорғаушы сұра» деп арапша жазылған екі сөзді оқыды.

Буагильбердің оғаш жауабынан соң бүкіл жиынға тараған гуіл Ревекканың хатты байқатпай оқып, оны жоқ қып жіберуіне мүмкіндік берді. Залдағы күбір-сыбыр тыйылған кезде,сардар дауысын көтеріп, сөз бастады:

— Ревекка,— деді ол,— мына бақытсыз серінің берген куәлігінен сен ешқандай пайда тапқан жоқсың, сірә, ол өзі әзезілдің арбауынан әлі арылмаған болса керек, енді бұдан бөлек айтарың бар ма тағы?

— Сіздердің қатал заңдарыңыз бойынша, менің жанымды сақтап қалатын жалғыз-ақ амал қалса керек,— деді Ревекка.—Тегінде маған бұл өмір ауыр тиді, әсіресе, кейінгі кезде тіпті еңсемді көтертпей қойды; сонда да мен құдайдың жақсылығынан әлі де күдер үзбеймін, жаратқан жаппар ием зәредей меңшілік қалдыратын болса, мен содан үміт ете берем. Өзіме тағылған айыптың барлығын мансұққа шығарамын, өзімде ешбір айып жоқ, куәлардың таққан айыбы жалған деп жар саламын. Сізден құдайдың әділ сотын тағайындауды талап етемін. Менің қорғаушым айыбымның жоқтығын әйгілеп шығатын болсын.

— Бірақ, Ревекка,— деді сардар,— жебірей қызына, оның үстіне сиқыршыға кім қорғаушы болар дейсің?

— Маған қорғаушыны құдайдың өзі береді,— деді Ревекка.— Англия сияқты аяулы елде, меймандос, дарқан, еркін ел де, ар-намыс жолында басын бәйгеге тігетін ерлері жетіп артылып жататын азат елде әділетті қорғаушы адам әрқашан табылып бағады. Мен жекпе-жек тағайындауды талап етемін. Міне, мен сол сайысқа шақырамын.

Қыз қолындағы кестелі биялайын шешіп алып, оны сардардың аяғының астына тастады, сонда Ревекканың парасаттылығы мен сыпайылығынан ешкім ешбір мін таппағандай еді, қыздың осы мінез-құлқына елдің бәрі сүйсініп, таң-тамаша қалды,

XXXVIII ТАРАУ

Мен сені бір шақырамын айқасқа,
Дәл осынау жекпе-жекте мен саған
Нағыз ердің көзсіздігін көрсетем.

«Ричард II».

Ревекканың әдемілігі, бет нұсқасының келістілігі Лука Бомануардың өзіне де қатты әсер етті. Заты, сардар жаратылысынан қайырымсыз, қатал адам емес-ті. Бірақ туа біткен бейтарап, керенау мінезі сақталып қалды да, жүре келе оған адамшылық борыш туралы әбес те болса асқақ пікір араласып, тақуалық өмір мен құдіретті әмір-биліктің арқасында оның жүрегі бірте-бірте қатайып, қаһарлы болып кеткен; ол өзін тегінде мәжусилерді жазалап, діннен азғандарды құртып отыру үшін жаратылған адаммын деп ұғатын. Қазір міне алдында тұрған сұлу қызды көріп, оның жападан-жалғыз, ешбір қорғансыз тұрса да, керемет қайсарлық, қайтпас қайратпен өз басын ерлікпен арашалап тұрғанына қарап Бомануардың суық түсі бір шама жұмсарғандай болып еді. Сардар жанының мұнша жұмсарып тұрғаны неден екенін біле алмай, мұндай жағдайда болаттай қайыспай кететін қайсар мінезін қайта шақырғандай болып, крестің таңбасына екі қайтара тағзым етіп әрлі-берлі шоқынып алды.

— Қызым,— деді ол,— егер менің саған түсіп тұрған рақымым сиқырмен арбаған сенің амал-айлаң болса, онда сенің құдай алдындағы күнәң зорая түспек, Бірақ мұны мен тек қана сен сияқты келісті пенденің харамдық улы затқа қор болып бара жатқанына жүректің аза тұтуы деп білемін. Ал енді, қызым, сиқыршылық жолыңнан қайтып, теріс дініңнен безіп, мынау қасиетті таңбаға бас ұрып, бетіңе бас — ал содан осы дүниедегі өмірің де, ана дүниедегі болашағың да оңалып шығады. Дін жолын берік ұстайтын орденнің қарамағындағы әйелдер монастырінің біреуіне кір де түзу жолға түс; сонда жүріп өткендегі күнәңа кешірім алып, ғыбадат тұтуыңа болады. Міне осыны істе де — өмір сүре бер. Соншалық Мұса пайғамбардың жолында өлетін саған не бар?

— Ол менің ата-бабаларымның тұтынған жолы,— деді Ревекка,— ол жол Синай тауында нажағай ойнап, жай түскен уақытта от боп лаулаған бұлттан пайда болып, жерге түскен. Егер сіз христиан болсаңыз, бұған өзіңіз де иланасыз. Бірақ, сіздердің шариғаттарыңызша, бұл діннің орнына басқа дін пайда болған дейсіздер, ал менің ұстаздарымның айтуынша, мүлдем басқаша.

— Біздің капеллан алға шығып,— деді Бомануар,— мынау ерегісіп қалған қызға уағыз айтсыншы...

— Сөзіңізді бөлгенімді кешіріңіз,— деді оған Ревекка, әдеппен сөйлеп,— мен қызбын, дін жолымен шариғат салыстыруды білмеймін. Бірақ, құдайдың бұйрығы солай болса, өз дінімнің жолына жан бере аламын. Менің құдай жолы бойынша сот құрыңыз деген талабыма жауап беруіңізді өтінемін.

— Онда мына қыздың биялайын маған беріңіздерші,— деді Бомануар.— Осынша таудай істің қылдай кепілі мынау,— деді сардар, қыздың кішкене биялайының нәзік шүберегін ұстап отырып.— Көрдің бе, Ревекка, біздің зілмауырдай болат қолымызға қарағанда, сенің бір жапырақ жұқа биялайын қандай нәзік, қандай әлсіз — Сион Ғымаратының ісімен салыстырғанда, сенің ісің де осы секілді, өйткені сен біздің бүкіл орденімізді жекпе-жекке шақырып отырсын.

— Осы таразының бір табағына менің ақиқатымды салыңыз,— деді Ревекка,— сонда менің жібек биялайымның сіздің болат қолғабыңызды басып кеткенін көресіз.

— Демек, сен айыбыңды мойындаудан бас тартып, әлі де жекпе-жекке шақырып отырсың ғой?

— Тағы айтамын, ардақты мырза,— деді Ревекка.

— Олай болса, тәңірдің бұйырғаны болсын,— деді сарap,— ақиқатты тәңірдің өзі айырар!

— Аминь!—деді барлық прецепторлар, олармен қосыла бұл сөзді бүкіл жиын қостады.

— Қардаштар,— деді Бомануар,— өздеріңізге белгілі, тәңір сотын құруды сұраған мына әйелдің талабын қабылдамай тастауға біздің, хақымыз бар еді, бірақ қанша шоқынбаған жебірей қызы дегенімізбен, ол ешбір қорғаушысы жоқ, жападан-жалғыз жәндік. Қыз біздің мейірбан заңымыздың қамқорлығын өтініп тұрғандықтан, біз оның талабын аяқсыз қалдыра алмадық. Оның үстіне дін адамдары болумен қатар, біз жауынгер серілерміз, сондықтан жекпе-жектен бас тарту өзімізді өзіміз қорлау болып табылар еді. Сондықтан қарар мынадай: Йорктағы Исаактың қызы Ревекка сансыз көп айғақтар бойынша, біздің орденнің құрметті серілерінің бірін сиқырмен арбағаны үшін айыпталып, сол қылмысынан ақталу есебінде, құдайдың әділ соты бойынша — бізді жекпе-жекке шақырып отыр. Қадірлі қардаштар, сіздердің ойларыңызша, мына кепілді кімге тапсырып, алда болашақ сайыста біздің жақтың мүддесін қорғаушы етіп кімді тағайындаймыз?

— Бриан де Буагильберді тағайындау керек,— деді прецептор Гудольрик,— себеп не десеңіз, ақиқаттың кімнің жағында екенін ол бәрімізден жақсы біледі.

— Бірақ,— деді сардар,— біздің қардашымыз Бриан әлі де сиқырдың арбауымен дұғаның әсерінен арылмаған болса, онда қалай болады? Оның бер жағында біз мұндай ескертуді айтып тұрғанда, тек сақтық жасап қана тұрмыз, өйткені біздің бүкіл орденіміздің қатарында мұндай аса маңызды міндетті Буагильбердің айбынды, қайратты қолынан бөлек басқа ешкімге де сеніп тапсырмаған болар едік.

— Тақсыр әулие піріміз,— деді прецептор Гудольрик тұрып,— тәңірдің атынан құрылған сотта ақиқат үшін майданға шыққан серіні ешбір алдау-арбау дұғасы жеңіп кете алмайды.

— Сен әділін айттың, қардашым,— деді сардар, бұл сөзді мойындап — Альберт Мальвуазен, мына кепілнәмәні Бриан де Буагильберге табыс ет. Ал, қардашымыз Бриан, жеңістің әділет жағында болатынына ешбір күман келтірмей, жекпе-жекке тайынбай түсуіне сене тұрып, біз саған осы аманатты тапсырып отырмыз. Ал Ревекка, өзіне қорғаушы тауып алуға біз саған екі күн пұрсат береміз.

— Бұл пұрсатыңыз маған аз болады ғой,— деді Ревекка.— Мен өзім бөтен елдің адамымын, әрі сіздерден дінім де бөлек, сондықтан мен үшін өмірі мен ар-намысын бәйгеге тігетін, оның үстіне атақты батыр атанған серіге қарсы сайысқа шығатын адам табу маған оңай бола қоймайды.

— Біз бұдан артық шегере алмаймыз,— деді сардар,— сайыс біздің көз алдымызда өтуге тиіс, және тағы біздің маңызды жұмыстарымыз бар, үш күннен кешікпей біз бұл жерден жүріп кетуіміз керек.

— Барлық іс құдайдың әмірінде,— деді Ревекка.— Бүкіл жақсылық үмітті бір тәңірдің рақымынан күтемін — құдайдың қас қаққандай мерзімі пенденің бүкіл бір ғасырындай уақыт болмақшы.

— Сен мұны тауып айттың, қызым,— деді сардар,— ағылшынның әдет-ғұрпын қабылдай қоятын адамды біз де жақсы танимыз. Сонымен, енді сайыс болатын орынды белгілеуіміз ғана қалды, бұған қоса, қажет бола қалса дар орны да дайын тұрсын. Осы араның прецепторы қайда екен?

Ревекканың биялайын қолына ұстап, Альберт Мальвуазен Буагильбердің қасында ақырындап бірдеңе айтып тұр еді.

— Немене,— деді сардар,— ол кепілнәмәні қабылдамаймын дей ме?

— Жоға, жоғары мәртебелі тақсыр әулием, қабылдады ғой ол,— деді Мальвуазен, биялайды қойнына тығып жіберіп.;—Ал енді жекпе-жектің орнына келсек, меніңше, біздің прецепторияға жақын Георгий әулиенің аланы дұрыс болады ғой деймін.

— Жақсы, жарайды,— деді сардар.— Ревекка, сен қорғаушыңды осы алаңға келтіруге тиіссің. Егер бұл бұйрықты орындамасаң, яки сенің қорғаушың тәңірдің құрған сотында жеңіліп қалса, шығарылған үкім бойынша, сиқыршы есебінде жан тапсырасың. Тағы біздің қарарымызды білмедік деп ешкім сылтауратып жүрмеуі үшін осы сотымыз бен шығарған үкіміміз қағазға түсіріліп, қарайған халықтың, бәрі түгел құлақтанатындай етіліп жұртқа оқылып берсін.

Хатшының қызметін атқарып отырған бір капеллан Ғымарат серілерінің осындай мақсатқа жиылған кезінде барлық іс-әрекеттерін тізіп жазып отыратын дәу книгаға сот мәжілісінің протоколын бастан-аяқ түсіріп қойды. Ол жұмысын аяқтаған кезде басқа бір капеллан алға шығып, сардардың үкімін барлық жұртқа дауыстап оқып берді; норман-франнуз тілінен тәржіме еткенде үкімнің мазмұны төмендегідей еді:

«Иорктағы Исаак деген жебірейдің қызы Ревекка аса қасиетті Сион Ғымаратының бір серісіне қарсы жасаған сиқырлау, алдау-арбау әрекеттері үшін айыпталып, әшкереленсе де,өзінің қылмысын мойнына алмады; айтылмыш қыз Ревекка сот алдында өзіне қарсы жауап берген куәлардың таққан айыптарын жалған, өтірік, қастандық деп жариялап, мансұққа шығарды. Тағы сол қыз өзі қару алып, ұрысқа шығуға жарамсыз болғандықтан, заң жолымен, өз орнына қорғаушы шықырып, жекпе-жекті тәңір сотының үкімі бойынша нағыз серілер ережесінің жөн-жобасымен өткізуге міндеттенді, және тағы сайыста шығатын барлық ығын-шығынды өз мойнына алып, ол үшін кепілдеме берді. Ол кепілнәмәсі қасиетті Ғымарат орденінің мүшесі, асыл текті ақсүйек сері Бриан де Буагильбердің қолына табыс етіліп, ол сері өз орденінің атынан және шағымшының сиқырының кесір-кесепатынан залал шеккен жәбірленуші ретінде жекпе-жекте аянбай сайысуға тиіс болды. Соның үшін де жоғары мәртебелі тақсыр әулие, құдіретті мырза Лука маркиз Бомануар шағымшының айтылмыш тілегін қабылдауға, жекпе-жекті бүгіннен бастап үшінші күн өткенде жасауға, сайыс орны етіп Темплстоу прецепториясының маңындағы Георгий әулиенің аланын белгілеуге қаулы алды. Осымен қатар тақсыр сардар жекпе-жекке шағымшының өз қорғаушысын алып келуін, болмаған күнде сиқыршылық пен көз бояушылығы үшін заң бойынша бұйырылған өлім жазасына мойынұсынуын бұйырады. Сонымен бірге тағайындалған мерзімге орденнің қорғаушысы да майдан аланына келуге міндетті, мұны орындамаған күнде ол опасыз азғын деп жарияланады. Оның бер жағында асыл текті лорд, жоғары мәртебелі тақсыр әулиеміз бұл сайысты өзінің қатысуымен өткізуге, осындай оқиға кезінде орындалуға тиісті ережелер мен әдет-ғұрыптың барлығын бұлжытпай іске асыруға әмір етті. Сөйтіп, ақ іске тәңірдің өзі жар болсын деп бата тілейік».

— Аминь!—деп бата қылды сардар, онымен бірге бүкіл жиылған халық жамырай бата қылды.

Жалғыз Ревекка ғана үндеген жоқ, қыз екі қолын қусырып, көзін көкке тікті де қалды. Біраздан соң сардарға қарап, тілек айтты:

— Өзімнің хал-жайымды білдіру үшін және мені қорғап, жекпе-жекке шығатын адамды іздеп табу үшін менің дос-жар адамдарыммен хабарласуға рұқсат берсеңіз екен,— деді Ревекка.

— Мұның дұрыс, заңды тілек,— деді сардар.— Өзін сенетiн адамыңды іздеп тауып, бізге білдір, сонан соң ол кісіңе сенің отырған бөлмеңе кіруге рұқсат бергізейік.

— Осы арада,— деді Ревекка,— әділдік үшін, әйтпесе, жақсы сыйлық үшін мүшкіл халде отырған бишара қыздың өтінішін тиісті жеріне жеткізетін адам болмас па екен?

Ешкім тіл қатпады. Жебірейлерге жаны ашырлық жасағаны үшін сезікті боп қалам ба деп қорыққан жай адамдар сардар отырған жерде қараланған тұтқын қызға қол ұшын бере қоймады. Жебірей қызына рақым жасамақ түгіл, бермек болған ақшаға қызығып отырған адамдар да қаһардан зәресі ұшып, үндей алмай қойды. Жұрттың мына түрінен зәрезап болған қыз ақырында шыдай алмай, таусыла сөйледі:

— Англия секілді іргелі елде отырып, қаршадай жан иесі менің де бұтаға қорғалаған торғай құрлы пана таппағаным ба, кісі өлтірген қаныпезер ұрыға да қол ұшын беріп, рақым ететін халық, осы менің шыбындай жаныма араша болу үшін қалай міз бақпай қалар екені!

Сөйткенше болмай, баяғы Снелльдің ұлы Хигг, мүгедек шаруа дауыс беріп, былай деді:

— Мен жарымжан адаммын, сонда да осы мейірман қыздың жақсылығының арқасында қозғалып жүре алатын болып едім. Сондықтан,— деп ол енді Ревеккаға қарап сөйледі,— қанша мүгедек болсам да, мен сенің аманатыңды орындауға даярмын, осы жарымжан күйіммен жет деген жеріңе жетіп көрейін. Өзімнің байқамай сөйлейтін тілімнің салдарынан саған істеген қастығымды жуып-шаятын, әттең, менің аяғым бүтін болса еді! О,шіркін, не керегі бар, менің бейпіл ауыз тілімнен шегетін зияныңды білгенде, мен сенің істеген жақсылығыңды ойламаппын ғой.

— Оның бәрі құдайдың ісі,— деді Ревекка,— құдай түкке тұрмайтын себептің күшімен жойтарды тұтқыннан құтқарып жіберем десе, ол оның құзырында. Оның әмірін орындау үшін жерде жатқан ұлу ақ сұңқардың орнына жүріп кете береді. Қысқасы, Йорктың Исаак атты жебірейін тауып ал. Мінетін ат пен шабарман адамды жалдап алу үшін, мынау ақша жеткілікті. Бірақ мына хатымды соның қолына тигіз. Мүмкін, аспаннан маған тәңірдің өзі аян беріп тұрған шығар, бірақ менің ажалым бұдан болмауы керек, қалайда мені қорғап алатын қамқор табылады. Ал, бақыл бол. Өмір мен өлім сенің шапшаңдығыңда қалды.

Жебірей тілінде жазылған бірнеше жол хатты шаруа қыздың қолынан алды. Қалың тобырдың ішінен жәдігөй тілінде жазылған хатқа қолыңды арамдама дегендер де табылды. Бірақ Хигг өзіне жақсылық істеген қыздың жақсылығына жақсылықпен жауап беруге белін бекем байлаған еді. Хиггтің айтуынша, бұл қыз оның тәнін аман алып қалған екен, енді оның жанын да қор ғып жібермейтініне сенетінін білдірді.

— Мен,— деді ол,— көршімдегі Ботанның бір жақсы атын алып, тура Йоркке шабамын. Істің сәті түскенде, Хиггтің босқа шабуылдауына жол түспеді: прецепторнияның қақпасын аз-ақ ұзап шыға бергенде, оған қарама-қарсы екі атты жолғаса кетті; жолаушылардың киген киімдері мен тік төбе бөріктерінен олардың жебірейлер екенін Хигг айнытпай таныды. Оларға жақындап келгенде, мұның біреуі өзінің, баяғы қожасы Йорктың Исаагы, екінші - раввин Бен-Самуэль екенін көрді. Бұлар да прецепторияда сардардың бастауымен ғымаратшылар орденінің кең алқалы кеңесі жиналып, сонда бір сиқыршы әйелге сот болып жатыр деген хабарды естіп келеді екен. Прецепториядан бойларын қанша аулақ салғанмен, шынында соны жағалап келе жатқан беттері белгілі боп қалды.

— Неге екенін білмеймін,— деді Исаак,— дегенмен, бауырым Бен-Самуэль, жүрегім менің алып-ұшып келеді. Заты, бұлардың әдеті бойынша, сиқыршылық деген айыпты көбінесе біздің ұлттың адамдарына жауып, жебірейлерге істейтін жауыздықтарын сондай жаламен бүркеп қалатын әдеті болушы еді.

— Онша қам жеме, бауырым,— деді емші,— сен назареяндармен қалайда тіл табасың, өйткені дәулеттісің, ендеше олардың кеңшілігін әрдайым сатып ала аласың. Баяғы заманда Сүлейменнің мөрі жын-шайтанның үстінен аққан судай тасыса, мына арамзалардың топас ақылына сенің ақшаңның әмірі сондай жүреді... Ал енді балдақ таянышпен солтаңдап, жол үстінде бізге қарсы келе жатқан мына кемтарың кім болды екен? Ол, сірә, менен ақыл сұрап келе жатқан біреу ғой. Ау достым,— деді ол Снелльдің ұлы Хиггке тіл қатып,— егер саған дәрігердің көмегі керек болса, оныңды менен сұрай бер, бірақ үлкен жолдың үстінде емінген қайыршыға еш уақытта менен тиер қайыр жоқ. Онда өз бетіңмен жүре бер. Оу, жарқыным, мынауың не? Өзіңнің аяғыңнан алған ғой деймін, сірә? Бірақ осы күйіңде де өзіндік күн көргішіңді таба аласың. Бірақ атарман-шабармандыққа жарамайсың, мал бағып, бақташы болып та жарытпайсың, екі бастан сені солдатқа алмайды, беймаза байға жалға да жүруші болма, бірақ та одан гөрі можам-томпайлау кәсіптер болады ғой... Ой, бауырым, саған не болды?— деді ол шоқ басып алғандай, Исаакқа қарай қалып, Исаак Хиггтің берген хатын оқи сала ah деп бір - ақ дыбыс шығарды да қашырынан құлап түсіп, ес-тұсынан айырылып қалған еді.

Мұны көрген емшінің есі қалмай, ерінен домалап түсті де, досын тіл-ауызға келтіру үшін қолынан келген амалының бәрін қолдануға кірісті. Ол тіпті Исаактың басынан қан алу үшін қалтасынан қандауырын да суырып алып еді, соның арасынша Исаак та жан шақырып, тақиясын басынан жұлып алды да, жол үстінен бір уыс топырақты уыстап алып, басына соны себелей түрегелді. Алғашқыда дәрігер кенеттен келген мұндай есеңгіреу жынданудың белгісі ме деп, қандауырын қолына ала бастап еді, бірақ кішкенеден кейін ондай ештеңе жоқтығын байқады.

— Сорым үшін жаралған құлыншағым!— деп зарлана түрегелді Исаак.— Сенің атынды Ревекка демей-ақ, Бенона деп атау керек екен. Көрге кірер шағымда қайғыдан қан жұтып, әлдекімді қарғап-сілеп өлуім менің кімге керек болды, сенің өліміңді естіп-білгенше, керең болғыр құлағым керең болып, қор болғыр көзім қор болып неге қалмады?

— Бауырым Исаак,— деді жан жүйесі тебренген раввин

Израйльға әке болып тұрып, бұл айтып отырғаның не? Сенің қызың, әлде болса, тірі емес пе?

— Тірі екені тірі ғой,— деді Исаак,— бірақ арыстанның орына тасталған Даниял да бір, Ревекка да бір емес пе?! Ол анау малғұндардың қапасында отыр, оның қыршын жасына, хордың қызындай сұлулығына қарамастан, оны азаппен өлтіруге бұйырып отыр! Ол менің аппақ құдай басымды көкарай шалғынға бөлеп тұрған саялы шынарым емес пе еді менің... Miнe сол шынар бір түннің ішінде қурап бітпек! Ой, қаны бір, ионнан туған бауырларым, мен қайтпекпін! Көзімнің нұры, жан балам! Қартайғанда қасымда қалған жалғызым! Сүйген жарым Рахиланың қалдырған Ревеккасы! Сенің басына да ажалдың қара бұлты төнгені ме!

— Тегі өзің анау хатты оқышы,— деді раввин,— мүмкін, біз оны әлі де болса ажалдан алып қалатын амал табармыз?!

— Бауырым, мұны онан да өзің оқы,— деді Исаак,— менің көзім көрге айналды ғой.

Емші хатты алып, оны жебірей тілінде дауыстап оқи бастады:

— Жат елдіктер Йорктың Исаагі деп атайтын, Адоникамның баласы Исаакқа сәлем, басыңа құдайдың нұры мен рақымы жауып, көксеген мұратын, іләһи, қабыл болып, келешек жылдарда үсті-үстіне молая берсін. Қайран әкем менің, сенің жалғызың мына мен құлағым естімеген, көзім көрмеген, жаламен — сиқыршылық пен көз бояу деген жаламен өлім жазасына бұйырылып отырмын. Егер қолыңнан келсе, әкетайым, бір күшті адамды тауып алып, ақ семсердің жүзімен, ақ найзаның ұшымен мені қорғап қалудың амалын істе, ол адам назареяндардың дәстүрі бойынша, бүрсігүні Темплстоудың қасындағы майдан алаңында мен үшін жекпе-жекте сайысатын болсын. Егер бұл қолымыздан келмесе, біздің ұлттың қыздары мені құрбандыққа шалынған тоқты деп бастарына қара салып, шаштарын жайып жоқтай берсін; онда мен аңшының оғына ұшқан маралша, шөпшінің шалғысы отап кеткен қызғалдақша, өліп кете берем де. Ал енді менің жанымды алып қалатын амал бар ма, соны ойлан. Назареяндардың ішінен мен үшін қару алып, майданға шығатын адам болса, соны ізде. Өзінің діндестері Айвенго деп атайтын, Седрик ұлы Уилфред деген жігіт бар еді. Бірақ оның қазіргі уақытта сауыт-сайман киетін шамасы жоқ. Сонда да оған осы жайды білдір, өз ұлтының мықты ұлдарының ортасында оның абыройы зор, беделі күшті, ол бізбен бірге тұтқында болған, өз жолдастарының арасынан маған қорғаушы тапса, сол табады. Міне, сол Седриктің ұлы Уилфредке айт, Ревекка өлетін болса да, тірі қалса да, өзіне тағылып отырған мынау айыптан зәредей кінәлы емес де оған. Ал егер құдайдың жазуы солай болып қызыңнан айрылып қалатын болсаң, әкешім, мынау қаныпезерлік пен жауыздық жайлаған елде қалушы болма, одан да өзіңнің бауырын жақсылық көріп, қол астында аман-есен жүріп жатқан сарациндар патшасы Боабдилдың қарамағына, Кордоваға кетіп қал, өйткені мавритан халқының рақымсыздығы мына ағылшын назареяндарының жауыздығындай қарарсыз қатал емес».

Бен-Самуэль хатты оқып тұрғанда Исаак оны сабырмен тыңдап тұрған еді, ал хат оқылып болғаннан кейін ол қайтадан қайғыға беріліп, үсті-басын жұлмалап, өз сақалын өзі жұлып, басын тауға да, тасқа да соқты.

— Ой, менің жалғызым, көзімнің нұры, бауыр етім, жан балам! Қанымнан қан, жанымнан жан болып жаралған, хор қызыңдай періштем!—деп кәдімгідей дауыс айтып зарланды.

— Қой, Исаак, сабыр ет,— деді раввин,— құр қайғымен іс бітпейді, одан да беліңді бекем буып әлгі айтылған Седриктің ұлы Уилфредты іздеп тап. Мүмкін ол өз қайратың жұмсай алмаса да, ақыл-кеңесімен жәрдемдесер, өйткені ол назареяндардың Арыстан Жүрек деп жүрген Ричард короліне аса жағымды жігіт көрінеді, ал ел арасына сол патша қайтып келіпті-міс деген лақап күннен-күнге кең жайылып барады. Мүмкін ол Ғымараттың қасиетті атағын орденіне тағып алып жүрген мына жауыздардың қаскүнемдігін тоқтатуға сол корольдің қол қойып, мөр басқан әмірлі хатын алып берер.

— Мен оны табамын ғой,— деді Исаак,— қайтсем де іздеп табамын, өйткені оның өзі өте жақсы жігіт, әрі қуғын-сүргін көрген Иаковтың әулетіне жаны ашиды. Бірақ оның қару алатын қазір халі жоқ. Сионның қорлық-зорлық көрген қызыңа ара түсетін христиан адамы қайдан табылар екен?

— Ах,— деді раввин,— сен, сірә, христиандарды мүлде білмейтін кісіше сөйлейсің! Өзіңнің аман-саулығыңды алтынға қандай сатып алсаң, олардың қажыр-қайратың да сол алтынға сондай сатып аласың. Күш-қуатыңды жиып алып, Уилфред Айвенгоны іздеуге шық. Ал мұнда қолымды қусырып, мен де қарап отырмаспын, өйткені мұндай халге ұшырап отырған кезінде сені тастап кету зор күнә ғой. Мен қазір жауынгер, ер азаматтар көп жиналып жатқан Иорк қаласына барайын, онда барған соң сенің қызың үшін майданға түсетін ерді солардың ішінен сөзсіз табамын. Өйткені олардың тәңірі — алтын; алтын үшін олар, иемденіп отырған жерін саудаға салғандай, өмірін де ақшаға сатады. Бері қара, бауырым, реті келіп ақша төлейтіндей жағдай бола қалса, өзіңнің атыңнан береміз деп уәде еткен сомадан танып кетпессің деп ойлаймын?

— О, әлбетте, бауырым!—деді Исаак.— Басыма қайғы түскен уақытта маған сендей ақылшы берген тәңірге мың рақмет. Бірақ сен олардың қойған шартының бәріне бірдей көне берме, өйткені бұл адамдардың нысабы өзіңе белгілі ғой, әуелі бұлар қадағымен алтын сұрайды да, ақырында мысқалдап алуға да қанағат етеді. Қысқасы, өзіңнің білуіңше қимылдай бер, өйткені менде қазір ми дейтін ми қалған жоқ, бірақ менің жанымнан артық көретін балам өліп кететін болса, ол алтын маған неге керек?

— Ал қош бол,— деді емші,— тек құдай алдыңнан жарылқап, тілеген тілеуіңнің бәрін қабыл етсін.

Бұлар енді құшақтасып көрісіп, әрқайсысы өз жолына бет түзеді. Баяғы жарымжан шаруа жол үстінде қалып, біразға дейін бұлардың соңынан қарап тұрды.

— Бұл иттер,— деді ол әлден уақытта,— маған ғой, зер салып қараған да жоқ, құдды мен бұлардың бір құлы яки жәдігой түрік, әйтпесе олардың өзіндей ант атқан жебірейдей -ақ, ал мен, құдайға шүкір, өз еркім өзімдегі цех шеберімін ғой. Ең болмаса, маған бір теңгелік сөлкебай тастай салса, нелері кететін еді. Затында мен олардың аминь делінбеген харам шимайларын тасып жүруге міндетті емеспін ғой және тағы өзіміздің адал христиандарымыз айтқандай, дұғамен басымды айналдырып қоя ма деп, қалтырап-дірілдеп жүруін тағы бар емес пе?! Анау қыз баланың берген он сомы неге жарайтын еді, егер пасха келіп қалатын болса, күнәңа кешірім жасап, дұға оқимын деп, ана поп тағы қорқытады. Осылар әлі мені жебірейдің шабарманы деп, бүкіл өмірімше масқара ғып қойып жүрмесін. Сірә, осы қыз мені шынында сиқырлап қойған шығар. Өйткені бұл қызбен істес болғанның бәрі солай болды ғой, христианы болсын, жебірейі болсын бәрібір — олардың ішінде мұның тілін алмағаны жоқ. Бірақ, сол қыз есіме түссе болды — оның жолына шеберлік дүкенімді де, барлық құрал-сайманымды да—тегі барымды құрбан қылар едім, тек соның жанын алып қалсам болды.

XXXIX ТАРАУ

Уа, ару, тіл алмайтын өрт қылығың,
Сенімен рахаттанып айтысам мен.

Сьюард.

Ревеккаға сот күні кешке таман (егер оны сот деп атауға тұратын болса), біреу келіп оның отырған қаласының есігін тықылдатты. Бірақ қыз оған көңіл бөлген жоқ, өйткені кешкі иғбадатын өз халқының ұран әнімен аяқтап келе жатыр еді, енді сол ұран-әнді былайша тәржіме етіп көрейік:

Израиль жұрты жұт кешіп,
Қашқанда қырсық, бәледен
Тәңірінің өзі септесіп,
Ақ жолға бастап жөнеген
Тартқанда тан қап жер шөгіп,
Будақтап күндіз бұлт түтін,
Лаулаған жалын өрт селін
Айдаһардай жұтты түн.
Тәңірім, сені мадақтан,
Айтылған сәтте салауат
Сионның ару қыздары
Тілеген сенен шапағат
Қайырсыз біздің тағдырда
Қайрылмай атың жоғалды,
Ұмытты сені көп баба,
Сен де ұмыттың оларды!
Содан соң жүрсің көрінбей,
Туғанда бірақ жарық күн,
Қойғайсың бізді есіркеп
Бұлтыңмен орап, қарқ қып,
Нажағай ойнап, жиілетіп,
Тарылса тыныс, бергей дем,
Сабырға бізді үйретіп
Сақтай гөр өзің сәулеңмен.
Үні өшті алтын арфаның,
Қасиетті храм тас-талқан,
Қорлықтан әбден шаршадық,
Көшті де бақыт, бастан сән.
Сонда сен, ием, тіл қаттың:
«Демеймін дүние — құрбан шал.
Бағынған маған жүректің
Куәсін әкеп қолға сал!».

Осы ұран үні басылған кезде әлдекім есікті тағы ақырын тықылдатты.

— Егер,— деді Ревекка,—дос-жар адам болсаң кіре бер, ал егер қасым болсаң — сені тоқтату менің еркімде емес.

— Бұл мен едім,— деді Бриан де Буагильбер, кіріп келе жатып,— дос боламын ба, я қас боп шығамын ба, ол біздің осы кездесуімізге байланысты.

Басыңа түскен бәленің ең негізгі себебі осы адамның шеннен шыққан әдепсіздігі деп білетін кісінің келуінен сескеніп қалған Ревекка, екі бастан сезіктене шегініп кетіп, өзінің одан қорықпайтындығын да және оңайлықпен беріле қоймайтындығын да көрсеткендей, түсін суытып алды. Қыз бойын билеп, айбаттана бекініп алып, сонымен бірге оны ерегістірмей-ақ қояйыншы деген кісіше, өз түсін өзі билеп, қажет болған жағдайда, шамасының келгеніне қарсы қайрат қылуға да белін мықтап байлады.

— Сенің менен қорқатын себебін жоқ, Ревекка,— деді ғымаратшы,— яғни, шынымды айтсам, енді менің қорқытатын да халім жоқ.

— Мен тіпті қорқып тұрғам жоқ, сері мырза,— деді Ревекка, демін тез-тез алып, қысылып тұрғанына қарамастан.— Мен дініме берікпін, сондықтан мен сізден қорықпаймын.

— Иә, сенің қорқатын нең қалды?—деді Буагильбер шындап сөйлеп.— Менің бұрынғы қызбалығымнан қорқатын түгін жоқ. Есіктің алдында тұрған сақшылар маған бағынбайды. Олардың міндеті — сені өлімге апару, Ревекка. Ал оған дейін олар сені ешкімнің зорлығына бермейді, тіпті бұрынғы құштарлығым ұстап кетіп, тура ұмтылсам, менің де ол есуастығыма енді жол жоқ, шынында, менің оным нағыз есуастық еді ғой.

— О, құдайыма тәуба,— деді жебірейт қызы.— Жауыздықтың мекені болған осы үйде мен тіпті өлімнен қорқатын емеспін.

— Иә, соның дұрыс та шығар,— деді ғымаратшы,— заты, ажалға айқын жол ашылған уақытта діні мықты жан одан қорықпайтын болу керек. Сен мұнараның басынан секіруден, я семсердің қадалуынан қорықпаған болсаң, маған семсер мен найзаның қадалуы да сондай: екеумізге де ар-намыстан айрылудан асқан масқара жоқ. Мен бұл сөзді екеумізге ортақ айтып тұрғанымды байқаймысың. Ар-намыс туралы сенің ұғымың қандай ағат болса, Ревекка, менің ұғымым да сондай ағат шығар, бірақ, екеуміз де сол үшін өлуге бармыз ғой.

— Сен не деген бақытсыз адам едің!— деді Ревекка оған қарсы жауап беріп.— Сенің ақыл-ойың дұрыс деп білмеген нәрсе үшін өлуді қалай жөн деп білесің? Мұның аты — қорек ететін наныңа тұрмайтын нәрсе үшін асыл қазынаңды босқа қор қылу ғой. Ал мен туралы сен олай деп ойлама, ол тықырға бұл тықыр қосылмайды. Сенің батылдығың адам баласының бұрқ-сарқ еткен аумалы-төкпелі пікірінің толқынында жүр, ал менің батылдығым мәңгіліктің асқар шынында тұр.

— Тоқтат,— деді ғымаратшы,— енді мұндай бос сөзден пайда жоқ. Сен қайғы-қасіреттен ажалды өзіңе тілеп алып, өмірден түңілу зардабынан қуана-қуана кетіп бара жатқан жоқсың, мынау екі жүзді малғұндардың жалған қылмысқа таңып, жауыздық үкім шығаруымен сұмдық азап шегіп, қорлық көруімен біртіндеп өліп бара жатырсың.

— Егер менің тағдырым осындай болса,— деді Ревекка,— ол кімнің кесепаты екен? Әрине, өзімшіл, пасық пиғылымен мені осында зорлап алып қашып келіп, осындай бақытсыздыққа ұшыратқан озбыр адамның кесепаты. Ал енді не бетімен, қандай мақсатпен сол жанның адам айтқысыз қоқан-лоққы жасап, өз қолынан істеген керқаулығымен тағы мені қорқытып отырғанына таңым бар.

— Олай деме,— деді ғымаратшы,— осының бәріне мен айыпты деп ойлама. Анада садақтың оғынан қалай аман алып шықсам, қазір де сені қауіп-қатерден кеудемді тосып сақтап қалған болар едім.

— Егер осыны жазықсыз жанға қамқорлық жасап, ізгі ниетпен істеген болсаң,— деді Ревекка,— мен саған ол үшін алғыс айтқан болар едім, бірақ содан бері осы қылығыңды сан рет пешкеш етіп, сол үшін менен талап еткен құның — сақтап қалған өміріңнен әлдеқайда асып кеткен жоқ па?

— Бұл кінәңді доғар, Ревекка,— деді ғымаратшы,— менің қайғы-қасіретім бір басыма онсыз да жеткілікті, оныңды қайта-қайта айтып, ескі жараның аузын ушықтыра берме.

— Енді саған не керек, сері мырза?—деп сұрады жебірей қызы.— Егер өзіңнің қолыңнан істеген қиянатыңды тағы бір көріп, қызықтау үшін болмаса, енді неменеге келдің, турасын айтшы, айт деймін қане. Ал содан соң, рақым етіп, мені қалдыра көріңіз. Тірі уақыттан мәңгілікке көшу мерзімі қысқа болса да, аса қорқынышты болады, соған даярлану үшін маған аз-ақ уақыт қалды.

— Көріп отырмын, Ревекка,— деді Буагильбер,— мен сені бұл қорлықтан қайтсем құтқарам деп жүрсем, бірақ соның бәріне әлі де мені айыпты деп санайтын көрінесің.

— Сері мырза, менің сені нахақтан кінәлағым келмейді. Бірақ менің басыма түскен осы бәле сенің құштарлығыңның кесірі емес пе, өзін-ақ айтшы?

— Сен адасып отырсың. Мұның әбестік,— деп қарсы тұрды ғимаратшы.— Алда не боларын мен қайдан білейін, ал сен соны әкеп маған жауып отырсың. Әйтпесе осы бір есуас шалдың ойламаған жерден сап ете қаларын мен қайдан біліппін, бұл бір жарымес адамға ғайыптан келіп қалған көзсіз ерліктің салқынындай бірдеңе. Осыдан соң оның өзіне өзі жасаған есуастығына бас иген керсоқыр топастардың көтермелеуімен ол ай-шай жоқ, ұшпаққа шыққан да кеткен, ал енді көрмейсің бе, елдің бәрін билеп-төстеп, өзі би, өзі қожа болып алғанын, соның ішінде менің өзім де бармын, біздің орденнің жүздеген мүшесінің барлығы да соның айтқанын істейді, тіпті жөңге келмейтін ескінің сарқыншақтарынан ақыл-ойы азат сол адамдар қазір соның ойлары мен істеріне тірек боп отырса бұған не лаж қыларсың.

— Сонда да,— деді Ревекка,— соттың ішінде өзің де болдың ғой, менің жазықсыз екеніме көзің жетіп отырса да, маған үкім шығаруларына қарсы болған жоқсын; ол тұрсын тіпті, менің білуімше, тәңір сотының құрған жекпе-жегіңде менің айыбымды дәлелдеп, олардың үкімін қостау үшін қару алып, сайысқа түспексің.

— Сабыр, Ревекка, сабыр!— деді ғымаратшы.— Қиыннан қиыстырып, уақытты ондай өз пайдасына жаратып, өзіңнің алған бетінен таңбай жүретін дүниеде сенің халқыңдай ешбір халық жоқ.

— Қайбір жетіскендіктен Израиль сондай болды дейсің,— деді Ревекка,— басына түскен баспақшылдың кері ғой бұл. Адам баласының жүрегі басына түскен бәленің зардабынан мойып, қып-қызыл шоқтан майрылған асыл болаттай иіледі ғой, сол сияқты, туған елінің азат азаматы бола алмай қалған адам жат елдің өкіліне еріксіз мойынұсынуға тиіс. Тірілеріміздің қазіргі қылмысынан, өтіп кеткен ата-бабаларымыздың бұрынғы күнәсынан қарғысқа ұшырап, еңсемізді көтертпей қойған қылмысымыз осындай, сері мырза. Ал енді болып-толып, кемеліне келіп тұрған сіздерге не болды дейміз, азаттықтарыңыз асып-тасып, жеріне жеткенде осындай масқаралықтың батпағына батып, өз сана-сезімдеріңізден өздеріңіз айрылып, қайдағы бір екі жүзді сандырақтың алдында бас иіп тұрмақшы ма едіңіздер.

— Қанша жанға батса да, Ревекка,— деді Буагильбер, бөлменің ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүріп,— сенің сөзіңде тұздығы ащы шындық жатыр, бірақ мен сенімен кінәласуға келгенім жоқ. Біліп қой, кезеңдінің кезіне қарай жоспарын өзгертсе де, Буагильбер бұл дүниеде ешкімге ұпайын жібермекші емес. Оның құдіреті таудан аққан тасқын сияқты: егер тасқынның жолында құз жартас кездесіп қалса, ол біраз уақыт ағынын бұруы мүмкін, бірақ түптің түбінде оның мұхитқа жол тауып өтуіне сөз жоқ. Бір жапырақ жұқа қағазға: қорғаушы талап ет деп жазылған бір ауыз ақыл есіңде ме? Қалай деп білесің, соны Буагильбер жазбай, кім жазды? Сенің одан басқа жан ашырын бар ма еді мұнда?

— Сондағы өлімді кішкене ғана кейіндеткенің бе, одан басқа не тұр онда?—деді Ревекка.— Бұдан келетін пайда шамалы маған; жалғыз қыздың басына осынша бәлені үйіп-төгіп, ақыр аяғында оны көрдің жиегіне тұрғызып қойғанда, осыдан басқа қолыңнан түк келмегені ме?

— Жоқ, менің саған істейін деген жақсылығымның бәрі бұл емес,— деді Буагильбер.— Егер бұл іске әне бір кәрі қақбас араласпағанда (қалай дегенмен ол Ғымараттың серісі болғандықтан, басқалар қалай ойласа, мен де солай ойлаймын деп білсе керек), орденнің намысын қорғап жекпе-жекке шығатын жауынгер прецептор емес, қатардағы серілердің бірі болатын еді. Онда мен,— әрине, ел аралап, саяхат жасап жүрген жолаушы сері болып,— сайыстың ұран-айқайы шығып, кернай ойналып қалған бетте майдан алаңына шығатын едім де, қолымдағы қару-жарағыммен өзімді сенің қорғаушыңмын деп жариялап жіберетін едім. Ал сонда Бомануар осында отырған қардаштарынан маған қарсы екі я үш жауынгерін шығарса — шығара берсін, мен олардың әрқайсысын бір найзамен-ақ кезек-кезек топылдатып аттан құлата берген болар едім. Міне, менің жоспарым осындай еді, Ревекка. Сонымен сенің айыпсыздығыңды ақтап шығып, өзімнің жеңімпаздығым үшін сенен де сыйлық дәметкен болар едім.

— Мұңының бәрі бос мақтан, сері мырза,— деді Ревекка,— сен тек пәлен де түген етер едім деп босқа мақтанып отырсың; ал іс жүзінде мүлдем басқаша боп шығып отыр. Сен менің биялайымды қабыл алдың ғой. Демек, сонда менің қорғаушым—егер мен сияқты жалғыз жанға қорғаушы шыға қалса,— майданға шығып, сенімен жекпе-жек сайысуға тиіс. Ал сен мұнда әлі менің досым, қамқорым болғансып бөсіп отырсың.

— Мен сенің досың, қамқорың болғым келеді,— деді ғымаратшы,— бірақ, сен ойлашы өзің, мен егер майданға шықсам, яғни менің қандай абырой-атақтан айрылып қалатыным-ды білесің бе?! Ондай болса, мен сені сақтап қалу үшін өзіме қымбат заттың бәрінен айрылайын деп отырғанда, егер саған бірнеше шарт қойсам, ол үшін мені кінәлама.

— Мен сөзіңді түсінгем жоқ, айта бер,— деді Ревекка,

— Ал жарайды,— деді Буагильбер,— мен піріңе қол тапсырып кешірім сұрауға келген күнәкар пендеше тұрып сөйлейін. Егер мен майданға шықпай қалсам, Ревекка, өзімнің бұрынғы атақ-лауазымымның бәрінен айрыламын, жақсы атымның бәрін жоямын — қысқасы, бұған дейін тыныс алып, медеу ғып келген жақсылықтың бәрін жоғалтамын — жолдастарымның сый-құрметінен, қазір қаскүнем қақбастың қолында тұрған күшті құдіретке мирасқор болудан құр қаламын, оның қолындағы билік-әмір менің қолыма түспей кетеді, егер ол билік қолымда болса, мен онымен басқаша пайдаланған болар едім ғой. Егер сенің қорғаушыңа қарсы майданға шықпай қалсам, менің тағдырым осылай болмақшы. Маған сайтанның сапалағындай шым-шытырық тор құрып қойған анау оңбаған Гудольрикті албасты басып қалса еді! Онымен бірге ант атқан анау Альберт Мальвуазенді қара басса еді! Сенің биялайыңды әлгі қаскүнем есуас шалдың бетіне лақтырайын дегенмен, мені тоқтатып қалған сол емес пе! Сен сияқты хордың қызындай періштеге адам сенгісіз пәлені жауып, соған ден қойып жүрген бұл қу қақбасқа енді не дерсің?!

— Бетке мақтаған құрғақ бөспе сөз енді неге керек!— деді Ревекка.— Сенің алдына екі таңдау қойылған: не жазығы жоқ кінәсыз әйелдің қанын төгесің, не бұл жалғандағы бас пайдаңнан, игілік, жақсы үміт дегеннің бәрінен айрыласың делінген еді ғой. Содан сен таңдауыңды алғансың — ендігі сөздің не керегі бар!

— Жоқ, Ревекка,— деп сері майда сөйлеп, қыздың жанына жақынырақ келді,— менің таңдауым әлі біткен жоқ. Жоқ, атама. Және тағы — таңдауды сен өзің жасауын керек. Егер мен сайыс аланына шығатын болсам — мен өзімнің атақ-абыройымды, айбынды даңқымды сақтап қалуға міндеттімін Сен онда, қорғаушың майданға шықса да, шықпаса да — бәрібір өлесің, бағанаға байлаулы күйіңде сен отқа жағыласың, өйткені майданда маған тең келетін, я мені жеңіп кететін сері әлі туған жоқ, жалғыз-ақ Арыстан Жүрек Ричардты, не соның сүйікті жігіті Уилфред Айвенгоны айтпасаң, маған ешкім пара-пар келмейді. Ал анау екеуі мұнда келе алмайды — өзіне белгілі Айвенго әлі сауыт-сайман кие алмайды, ал Ричард алыста — шетелде түрмеде отыр. Сонымен, сенің көркіңе қызыққан бір желөкпе жас жігіт қызып кетіп жекпе-жекке шапса да, сайысқа шығатын болсам, сенің өлуің хақ.

— Бір сөзді қайта-қайта несіне айта бересің?

— Сенің алдыңда,— деді ғымаратшы,— қандай тағдыр күтіп тұрғанын ұқсын деп айтамын.

— Егер осыны екінші жағына аударып жіберсең,— деді жебірей қызы,— сонда не болар еді?

— Егер мен майданға шығып,— деді Буагильбер,— көзге көрінсем болды, сен күнәкар жанның көрге кірген соң тартатын керемет михнатын тартып, қасақана жаныңды қинайтын ұзақ, ауыр азаппен бұл дүниеден баз кешесің. Ал егер майданға шықпай қалсам, мені серілік атағымнан айырады, сиқырдың әзезілдігіне ерді, дінсіздермен байланыс жасады деген атақ тағылып, екі дүниеде қарабет боламын, бекзат ата - тегімнің аруағы, өзімнің айбынды қаһармандығым мен жер жарып асып-тасқан алапатым мазаққа айналып, бетіме күйе боп жағылады. Көптен бері ата серік боп келе жатқан ардақты атағым мен дәуірлеген даңқымнан айрыламын, ар-намысым жойылады, заманында дәуірледім деген патша ағзамдардың да қолы жетпеген асқақ алапат, ұлы құдірет қолдан таяды, бастан бақ кетеді. Қиялым қияға сермеген абыройдан айрырылып, бір кезде пұтқа табынушы мәжусилердің ұшпаққа аз-ақ жетпей қалдық деген арманды шығындай биік дәрежені тәрк етемін; міне, осының бәрінен баз кешемін, Ревекка, атақ-абырой, асқан алапат, дүниені тітіреткен ұлы билік, құдіреттің өмрін талақ етейін,— деді ол қыздың аяғына бас ұрып:—тек жалғыз сен ғана: «ал, Буагильбер, менің сүйген жарым бол»— деші, асыл ару.

— Мұның ақылға сыймайды, сері мырза,— деп жауап қатты Ревекка.— Одан да сен, жатпай-тұрмай, Англияның регентіне, корольдің анасына, Джон шаһзадаға бар. Ағылшынның патшалық тағын құрмет еткендіктен, олар сіздердің сардарларыңызға өз бетімен озбырлық жасауға ерік беріп жібермейді. Міне, сонда сен өз тарапыңнан ешбір жанатқа ұшырамай, маған шын қамқорлық жасаған боласың, және менен де ешбір сыйлық талап етпейсің.

— Менің олармен істес болғым келмейді,— деді ол қыздың етегіне жармасып,— мен сенің бір өзіңе ғана жалбарынамын. Сені тоқтатып тұрған бұл қандай керемет? Ойлашы өзің, мен қанша сайтан боп кетсем де,— ал ажал сайтаннан да суық қой, менің арбасып отырғаным — сол ажалдың өзі ғой.

— Мен бұл пәлелерді таразыға тартып тұрмаймын,— деді Ревекка, жүгенсіз кеткен озбыр серіні ызаландырмай, бірақ оған жақсы рай білдіріп, көңілін аулау былай тұрсын, өзінің бұрынғы бетінен қайтпай, қарысып ұрып.— Ер болып, өзіңнің дініңе сүйен. Егер, істен гөрі тіл мен жаққа сүйенген, екі жүзді мейірбандықтарыңыз рас болатын болса, ер көңілді мінезіңді ұсақ сауда-саттыққа айналдырмай, менен ешбір пайда тілемей, мынау сұмдық ажалдан мені құтқарып жібер.

— Жоқ, ол болмайды!— деп тәкаппар ғымаратшы орнынан атып тұрды.— Мені бүйтіп алдай алмайсың! Егер атақ-абырой, сый-құрметтен безетін болсам, мен оны бір сен үшін ғана тәрк етемін, сөйтіп, екеуміз қосылып, қашып құтыламыз. Тыңдашы, Ревекка,— деді ол дауысын тағы жұмсартып.— Англия, Европа деген — бүкіл әлем емес. Біз өмір сүре алатын басқа елдер де толып жатыр, мен онда да атақ-абырой алатын байтақ дала табамын. Палестинаға кетейік. Онда менің досым Конрад маркиз де Монсеррат бар, ол да менің өзім сияқты, ескі әдет-ғұрыптан аулақ адам, біздің жаратылысымыздан дарыған ақыл-ойымызды бұғаулап отырған пасық әдетке қарсы. Ол болмаса, өзіміз жек көретін мына қаскүнем жауыздардың қорлығына көніп отырғаннан гөрі Саладинмен одақ жасап алғанның өзі жақсы. Сөйтіп мен ұлылыққа жаңадан жол саламын,— деді ғымаратшы, бөлменің ішін қарыштай кезіп жүріп.— Өз ұлдарының арасынан аластаған адамының дүбір салған айбынды даңқын Европа тағы еститін болады. Палестинаны қорғап алып қалу үшін крест жорықшылары қанша миллион қол аттандырса да, сарациндардың сан жетпейтін қаншама сарбаздары оларға қарсы тұрып, тойтарып тастап отырса да, жер жүзінің барлық халықтары бәсеке таласқан осы елдің ішіне ешкім де біздей тереңдеп кіре алмайды, мынау алжыған қақбас не деп оттаса да, не істесе де, мен үшін от иен судан тайынбай алға басатын жолдастарым, мен өзім тұрғанда, бізден басқа ешкім де бұл елде табан тіреп, берік орнап қала алмайды. Міне осы елде сен, Ревекка, падиша-ханым боласың. Менің өзімнің қамал бұзған қаһарман айбыныммен Кармель тауын жаулап алып, сол шыңның басына мен тағымды орнатамын, онда менің қолымда сардардың аса - таяғы емес, патшаның алтынмен аптап, күміспен күптеп істеген асыл асасы болады.

— Бос қиял,— деді Ревекка,— есіл мұң, есіл қиял! Бірақ оның өңінде осы қиялы іске асса да, онда менің ісім жоқ. Қандай құдірет иесі болып шықсаң да, оныңа мен ортақ емеспін. Менің Изранльға арналған махаббатым, дініме беріктігім сондай мықты, сендей адамға оны қор ете алмаймын, егер ол адам екі қолын төбесіне қойып, отанынан безіп тұрса, егер ол адам адал қызмет етуге ант ішкен орденінен қашып шықса және осыны жат ұлттың әйеліне аңсары ауғандықтан істеп тұрса, оның несі адам, мен ондай жанды сыйламаймын. Мені құтқарамын деп, сері мырза, ол үшін баға кеспей-ақ қой, ерлік қайрат-жігеріңді сатпай-ақ қой, бақытсызға қамқорлық істесең — қу құлқының үшін емес, адал мейірбандық үшін істе. Ағылшынның тағының алдына барып жүгін. Ричард менің адал дұғама құлақ қояды, зорлықшылардың жапасынан мені құтқарып жібереді.

— Жоқ, болмайды, Ревекка,—деді ғымаратшы бұрқан - талқан болып.— Егер мен орденімнен бас тартатын болсам, ол тек сен үшін ғана! Ал сен менің махаббатыма илікпейтін болсаң, менің атақ-даңқ үшін жаралған мұратым өзіммен бірге қалады. Өзімді ақымақ еткеніңе мен көнбеймін! Ричардтың алдында құлдық ұр дейсің бе! Ол тәкаппар жаннан кешірім сұра дейсің бе! Жоқ, ол айтқанын еш уақытта болмайды, Ревекка! Мен Ғымарат орденің Ричардтың аяғына жықпаймын! Менің орденнен шығып кетуім бар, бірақ оны бас игізу, әйтпесе оның мүддесін сату деген—ол еш уақытта болмайды.

— Менің барлық үмітім — тәңірдің мейірімінде,— деді Ревекка,— адамнан, тегі, мен күдер үздім.

— Онда сен біліп қой,— деді ғымаратшы.— Сен өте тәкаппарсың, бірақ менің тәкаппарлығым да сенен сорлы емес. Егер мен мұздай темір киініп, сауыт-сайман, қару-жарағыммен майданға шығатын болсам, өзімнің барлық күш-қуатымды, бүкіл өнер-айламды түгел қолдануыма жер бетінде ешбір күш маған қарсы тура алмайды. Өзін ойла, сонда сенің көретін күнің не болмақшы! Сен барып тұрған қаныпезер қылмыскер қатарында өліп кетесің, лаулаған жалынға салып сені өртеп жібереді, айтуға тіл жетпейтін мынау асыл келбеттен түк те қалмайды, тіпті жаңа ғана осы дене өмір сүріп, қимылдап тұрып еді дейтін қаңқа-таған түгіл, көзге көрінетін жұрнақ табылмайды... Жоқ, Ревекка, әйел заты ондай азапқа шыдай алмайды. Сен менің сөзіме әлі-ақ көнесің!

— Буагильбер,— деді жебірей қызы,— сен әйелдің жүрегінің қандай болатынын білмейді екенсің, білсең де, сенің көргенің — әйелдің абзалдық қасиетін жойып алған әйелдер екен. Мен саған дәлелдеп берейін, өркөкірек сері, әйелді адамдық борышы мен сүйіспеншілігі қысқан кезде, оның көрсететін қажыр-қайратын нелер керемет деген қиян-кескі қан майданның ешқайсысынан да таппайсың. Mен өзім де біреудің әлпештеп өсірген жалғыз қызымын, табиғатым нәзік, ешбір қатты - қайырым бейнетті көтере алмаймын; ал бірақ екеуміз сын майданына барған жерде — сен — сайысқа шығуға, мен — өлім жазасына барған уақытта — менің қажыр-қайратымның сенен артылып түсетініне ар-инабатым кепіл... Ал, қош бол, бұдан артық саған сөзімді шығын ғып тұрар жайым жоқ. Израильдің қызына жер үстінде өткізуге қалған уақыты басқа мақсатқа керек: енді ол өзінің халқына теріс қарап кеткен, бірақ сонда да шын пиғылымен:жалбарынған, шын құлшылық еткен пендесін ешқашан рахымынан құр тастамайтын жаратқан жаппар иесіне ғыбадат етуі керек.

— Ондай болса, біз ажыран болады екеміз ғой,— деді ғымаратшы, бір минуттай үнсіз тұрып барып — Бұл құдайым осы екеумізді бұл дүниеде неге кездестірді екен! Кездестірді екен, сені ар-инабаты түзу христиан дініндегі ата-анадан неге жаратпады екен! Аспанның аруағымен ант етейін, осы саған қарап тұрып, өзімнен-өзім ойға қаламын: енді сені мен қашан көрер екенмін, деп ойлаймын да ішім күйеді — мен неге осы сенің аласталған ұлтыңнан тумадым екен деймін. Мейлі, менің мына қолым найза мен қалқанды ұстамай-ақ, өмірінше алтын, күміс теңге салынған сандықтарды ақтарумен-ақ өте берсе еді, мейлі, борышқор жандарды қорқытып-үркітумен өмір кешіп, майда-шүйде байшігештердің алдында бас июмен-ақ күнім өте берсе еді!.. Міне, менің күнім неге қалды, Ревекка, мына сенің өліміне куә болатын сұмдық уақытты көруден құтылып, бұл өмірде саған жақын жүруден бөлек менде мақсат - мұрат қалған жоқ.

— Сенің айтып тұрғаның — өзін сияқты адамдардың жебірейлерді қандай халге жеткізгені ғой,— деді Ревекка.— Құдайдың қаһары келіп, жебірейлерді туған отанынан қуып шыққан, бірақ олардың бейнетқорлығы өкімет пен билікке жететін бірден-бір жол ашып беріп, сол жолда олардың алдына ешбір тосқауыл, бөгет қоймапты. Израиль халқының баяғы кәрі тарихын оқып қара да айтып берші: халықтардың алдында нелер керемет мұғжизаларды жасаған, Иегов тұқымынан шыққан адамдар, шынтуайтқа келгенде, бірыңғай саудагерлер мен өсімқорлар ма .еді? Біліп қойыңыз, сері мырза, біздің арамызда нелер асыл тектен жаралған атақты адамдар бар, бұлармен салыстырғанда, сіздердің мақтап жүрген ақсүйек әулеттеріңіз — самырсынның қасындағы асқабақтай ғана болып қалады. Найзағай ойнап, жай түсіп, өңшең асыл зат періштелердің хан көтеруімен аспаннан тәңірдің өзі шығып, оһи берген заманға дейін тұқым қуалап, үрім-бұтақ, әулет-зәузаты өсіп-өніп кеткен семьялар бар... Бұл тұқымдар өзінің асыл тек, биік дәрежесін жер бетіндегі билеушілерден емес, құдайдың жанабына дейін жақын баруға ата-бабаларыңа рұқсат етілген, басқаларды билеп-төстеуге жазылған Құдіретті Үннің өзінен алған екен. Иаков әулетінен тараған князьдар, міне, осындай болған!

Өз ұлтының баяғы асыл тегін дәріптеп сөйлеген кезде Ревекка гүл-гүл жайнап, бетінің нұры шапақ атып тұрып еді, ал сонан соң келе-келе шырайы бәсеңдеп, ақыр аяғында соңғы сөздерін айтқанда күрсініп қоя берді:

— Иә, қазір жоғалып кеткен иудей князьдары бір заманда осындай болған. Шауып түсірген шөптей қырқылған атақ - даңқы жойылып, жол үстіндегі батпақпен араласып кетті. Бірақ, қанша солай дегенмен, алапатты тұқымның ұрпақ-әулеті әлі де бар, өзінің асыл тегіне кінәрат келтірмеген абзал жандар әлі де табылады, соның ішінде Адоникамның ұлы Исаактың қызы мына мен де бармын. Ал, бақыл бол! Адам баласының қанын төгумен табылған сый-құрметті күндерім жоқ, теріскейліктегі мәжусилердің малғұндарынан пайда болғaн сенің қаныпезер үрім-бұтағыңды күндерім және жоқ, соғып тұрған жүректеріңнен, істеген істеріңнен ада болып, тек қана тілдеріңде ғана қалған діндеріңді де мен дін екен деп санамаймын.

— Аспанның әлемі ұрсын мен шын сиқырланған екем!— деді Буагильбер.— Сонау ақылынан адасқан кәрі қақбастың айтқаны маған дұрыс көрініп барады, мені бір ғайып күш байлап-матап ұстап отырғандай, сенің қасыңнан кетуге мұршам болмай қалды. Асып туған асыл ару!—деді ол қызға жақындай түсіп, бірақ керемет құрмет тұта тұрып.— Ажалыңның алдында тұрсаң да, сондай қыршын жассың, сондай абзалсың, сондай батырсың! Сондай бола тұрып, ауыр азаппен қорлықта өлгелі тұрсың. Сенің өліміңе жыламауға кімнің дәті шыдап тұрар екен? Мен көзіме жас алмағалы жиырма жыл болып еді, саған қарап, қазір мен жылап тұрмын. Бірақ тағдырдың жазуы осылай шығар, енді сені сақтап қалатын ешбір күш жоқ. Біз екеуміз де — тағдырдың елбеңдеген соқыр ойыншығы екенбіз; әзелде жазылып-сызылып қойған жазмыштың бұйрығы бойынша, буырқанған теңіз толқынында сұрапыл дауыл дөңгелек ойнатып, қақтырып, соқтықтырып ажалымызға қарай алып келе жатқан тағдырдың құрбанға шалайын деген жетім тоқтысы екенбіз. Қателігім болса, кеш, асыл ару, дос адамдарша айрылысайық. Мен сенің қажыр-қайратыңды бекер-ақ еркіме көндіруге тырысқан екенмін, бірақ менің өз қайратым қайыспас қайсар тағдырдың өзіндей қалпында, берік күйінде қалып қойды.

— Адам өз басының бой бермей кеткен нәпсісін көбінесе жазмыштың жазуына жабады екен,— деді Ревекка.— Солай бола тұрса да, өзімнің жастай қыршынымнан қиылып бара жатқан өлімімнің айыпкері, Буагильбер, мен саған кештім. Сен рухың күшті адамсың; анда-санда ар-инабатың оянып, зор істерге бастайтын мінезің бар. Бірақ сенің жаның салақ шаруаға біткен, оталмай, сақал-мұрты басылмай кеткен бау-бақша сияқтысың: оның арам шөптері қаулап өсіп, таза, дені сау жеткіншектерің тұншықтырып тастаған.

— Дұрыс, Ревекка,— деді ғымаратшы,— мен дәл сол сенің айтқанындаймын: мынау өңшең милау топастар мен жылмаңдаған жылпостардың ортасында өмір сүріп, ешкімге бой бермейтін өркөкірек, өз айтқаным болмаса, ешкімге көнбейтін менмен, бас асау боп кеткенмін, бірақ сонда да сол көп наданның ортасында рухымның күштілігін сақтап, олардан еңсем биік, кеудем жоғары боп қалған. Мен жас күнімнен жауынгер ерлікке жаттығып, үлкен мақсат-мұратқа талпынып, сол ерліктің, айбындылықтың соңыңа тайынбай, қайтпай түсіп кеткенмін. Енді мен қалған өмірімде де алған бетімнен қайтпайтын табанды, тәкаппар қалпымда қаламын. Мұны бүкіл дүние көреді, мен өзімді әлемге әйгілеймін; ал енді сен кештің бе, Ревекка?

— Құрбан болған жан өзінің жендетіне қалай кешеді, мен де сондай шын пиғылыммен кештім.

— Ендеше, ал қош бол,— деді де ғымаратшы бөлмеден шығып кетті.

Темплстоудың пренепторы Альберт Мальвуазен көршілес залда Буагильберді асыға күтіп тұрған.

— Сен тіпті кешігіп кеттің ғой!—деді Альберт.— Мен сабырсызданғандықтан, ішім жарылып кете жаздады. Егер сардар, я Конрад, не солардың тыңшысы осында келіп қалса, не болатын еді? Саған жасаған кеңшілігім үшін сазайымды тартатын едім ғой!.. Ал сонымен, не болды, бауырым? Өзің тіпті зорға дегенде тік басып тұрсың, өңін қараңғы түндей, түнеріп кетіпті. Өзіңнің денің сау ма, Буагильбер?

— Денім сау,— деді ғымаратшы,— енді бір сағатта басы алынатын бақытсыз жандай, аман-есенмін, солай десем де, бірақ бұл айтқанымнан халім екі есе нашар, өлім жазасына бұйырылғандардың кейбіреуі өмірмен тозығы жеткен киімше ажыран болады ғой. Ал мені, Мальвуазен, құдай ұрсын, мына қыз бір ескі шүберекке айналдырып жіберді! Мен қазір анау сардарға барып, орденнен бас тартуға, сол жауыздың маған таңып қойған мейірімсіздігінен ат-тонымды ала қашуға жақын тұрмын.

— Немене, сені жын соққан шығар!—деді Мальвуазен.— Мұныңмен сен өзіңнің түбіне жетесің, бәрібір жебірей қызын онымен сақтап қала алмайсың, қыздың саған сондай қымбат екенін көріп тұрмын, бірақ оған істер айла жоқ. Орденнің қорғаушысы етіп, Бомануар сенің орныңа біреуді сайлап алады, ал үкім етілген қыз бәрі бір өліп кетеді.

— Мұның сөз емес! Қызды қорғауға мен өзім шығамын,— деді ғымаратшы, өркөкіректеніп,— сен мені білесің, Мальвуазен, бүкіл орден серілерінің ішінде менің найзамның тегеурініне төтеп беретін ешбір жан жоқ, ол өзіне белгілі.

— Эх,— деп бір күрсініп алды алаяқ ақылшы,— өзіңнің бұл адасқан жоспарыңды іске асыруға саған ешбір мүмкіндік, ешқандай сылтау қалдырмайтыны сенің ойыңа кіріп те шықпайды-ау, тіпті! Лука Бомануарға бар да, өзіңнің берген антыңнан бас тартатыныңды жариялап көрші өзің, сонан соң қарап тұр, ұзын сойыл, ұр да жық қарт сені қанша уақыт бостандықта қалдырар екен. Осы сөз аузыннан шығысымен, сен тіпті жеті қабат жердің астына қалай түскеніңді білмей де қаласың, прецепторияның түрмеге айналдырған мұнарасының қараңғы қапасында, қашан өзіңе сот боларын күтіп, санадан сарғаясың, ал сені жолдан тайған азғын, қоян жүрек қорқақ сері есебінде сотқа тартады. Ал егер сені сиқырланған делбе жан деп білсе, шынжырмен қол-аяғыңды буып тастайды да, мойны қашық монастырьдің біріне апарып, жападан-жалғыз, бөлек құжыраға қамап қояды, онда сен қараңғы зынданда, сабанның үстінде аунап жатасың, сиқырдың дұғасынан есі ауысып қалған есебінде, сенің бойындағы албастының салқынын аластау үшін, сабанның үстіне қасиетті суды шылқытып аямай құйып тұрады. Жоқ, оның болмайды, Бриан, сен майдан алаңына шығуға тиіссің, әйтпесе опат боласың!

— Мен бұл жерден сытылып шығамын да қашып кетемін!—деді Буагильбер.— Адам баласының пасықтығы мен жауыздығы әлі барып жете қоймаған қашық елдің біріне тайып тұрамын. Ең болмағанда, мынау асыл арудың бір тамшы қапы менің көзімше жерге төгілмейтін болады.

— Сен қашып та құтыла алмайсың,— деді Мальвуазен.— Сенің адасқан әрекеттерің сезікті болып қалады, енді сені преципторияның қабырғасынан сыртқа аяқ бастырмайды, Нанбасаң, барып көр. Қақпаға барып, көтермелі көпірді төмен түсір деп айтып көрші, сонда сенің бұйрығыңды орындар ма екен. Сен бұған қайран қалып, жәбірленетін боларсың. Бірақ мұның солай болғаны өзіне жақсы. Сен қашып, ештеңе өндірмейсің. Сенің ұран белгің астан-кестен болып қалады да, ата-бабаларынның аруағын масқаралайсың,- өзіңді орденнен қуып шығады. Сен өзің жақсылап ойланшы: ғымаратшылардың бетіне ұстаған таңдаулы жауынгері Бриан де Буагильберді опасыз азғын деп жариялап, атыңды мазаққа айналдырғанда, сенің қанды көйлек жолдастарың ұяттан жерге кіріп кетпей ме? Ал француздардың патша сарайының басына қандай қайғы түседі дейсің! Мұны естігенде анау тәкаппар Ричард қандай қуанады дейсің, Палестинада өзінің бетіне сан шіркеу келтірген, оның жер жүзіне әйгілі болып, жер жарып тұрған даңқына кіршік түсіре жаздаған атақты батыр енді ар-намыстан айрылып, өзінің ардақты атын қайдағы бір жебірей қызына қор қылып, сондай зор құрбандықпен де бәрібір оны сақтап қала алмапты деген лақапқа енді Ричард шоқ-шоқ айтып, табалайтын болды.

— Рақмет, саған, Мальвуазен,— деді сері.— Сен менің ең жаныма батып тұрған жарақатымның аузын алдың. Енді, бірақ, не болса ол болсын, «опасыз азғын» деген сөз ешқашан Буагильбердің атымен қатар тұрмайды. Құдай бергенде, сол Ричардтың өзі, не соның бір мақтаулы батыры маған қарсы майдан алаңына шыға қалса етті. Бірақ олай болмайды ғой, майдан бос тұрады — жазықсыздан-жазықсыз, жападан-жалғыз, қорғансыз қыз үшін кім басын бәйгеге тігер дейсің...

— Іс осылай тына қойса, жақсы-ақ болар еді саған,— деді прецептор.— Егер оның қорғаушысы болмай қалса, бақытсыз қыздың өліміне сен айыпты болмайсың, оны өлім жазасына бұйырған сардар айыпты болады. Бұл соттың жауапкершілігі соның мойнына жүктеледі және ол мұны жауапкершілік деп білмейді, қайта мақтануға тұрарлық сауап іс істедім деп біледі.

— Мұның рас,— деді Буагильбер,— егер қыздың қорғаушысы болмай қалса, мен тек салтанатты көрнектің бір тетігі боп қала беремін, сауыт-сайман, қару-жарағыммен майдан алаңына ат ойнатып шығамын да, одан соңғы оқиғаға ешбір қатысым жоқ адам болып кете беремін.

— Боса-болмаса солай!— деп қуаттай кетті Мальвуазен.— Шеркеу салтанатындағы Жеңімпаз Георгийдің мүсіні боласын да қоясың.

— Несі бар менің алдыңғы ақылым да тап осы болатын,— деді тәкаппар ғымаратшы.— Қыз мені менсінбей, ғазиз басымды қорлап, керек қылмай қойды ғой, Сол қыз үшін өзімнің атақ-даңқымды құрбан ғып, жалпақ жұрттың сый-құрметінен мен неге ада болуым керек? Ал, Мальвуазен, мен майданға шығамын.

Осы сөзді айтты да Буагильбер залдан шыға жөнелді, ғымаратшының сөзінде тұрып, айнып кетпеуінде бақылау болып, оның соңынан прецептор қоса кетті, өйткені Буагильбердің ісінің оңалғанына бұл өзі де мүдделі еді, егер соңырақ ол орденнің бастығы боп шыққан күнде, Мальвуазен одан зор пайда күтетін. Конрад Монт-Фитчеттің уәде еткен қызмет дәрежесінің үстіне, оның бақытсыз бишара қыз Ревекканың жазаға бұйырылуына барынша жаһаттанғаны да сондықтан болатын. Өзінің досжар адамының жақсылық қасиеттерін ішінен күңдей жүріп, Мальвуазен салқын қанды, алаяқ жан болғандықтан, Буагильбердің қызу қанды мінезінде қайшылық жақтары мол адам екендігін шебер пайдаланып, оған зор әсер етіп отыратын. Қазір дер кезі туып тұрған уақытта Буагильбердің әлгіде қабылдаған ақылын орындап шығуын аңдып отыруы керек еді. Мальвуазен енді досының соңынан қалмай, оның тағы да қашып кетуге бой ұрмауын, әрі оның сардармен бетпе-бет соқтығысып қалмауы үшін бұлардың кездесулеріне жол бермеуді қатты бақылап отыруға тиіс болды; оның бер жағында Альберт Брианның майдан алаңына шығуын дәлелдеп, оған жаңа қисындар келтіріп отыруға, Ревекканың тағдырына енді мұның бәрібір әсері болмайтындығына оның көзін жеткізе беруге тиіс еді; әрі мұндай айлакерліктің Альбертті жаманат пен масқаралықтан аман алып қалу үшін де пайдасы зор болатын.

XL ТАРАУ

Өзімен өзі қалды тағы да, Ричард,
Кетіңдер көлеңкелер енді аулақ!

«Ричард III»

Сөйтіп, Қара Дәудің сергелдеңіне қайтып оралайық. Дарқан қарақшының белгілі еменінің түбінен аттанған соң ол ұрымтал жердегі Ботольф әулиенің мүфтилігі деп аталатын дөңгелек дәулеті бар құба-төбел монастырьге бет түзеді, Торкилстон сарайы алынғаннан кейін жарақатты Айвенго, сенімді жанашыр жігіттері Гурт пен Вамбаның қарауымен, осы монастырьге ауыстырылған еді. Әзірге Уилфред пен оны сақтап қалған серінің арасында болған әңгімені қоя тұрып, оның есесіне Айвенгоның монастырьдегі хал-жайын айтайық. Келелі кеңес құрып, бір ақылға келгеннен кейін аббат шар тарапқа кісі шаптырып жіберді де, келесі күні Қара Дәу қасына қылжақбас Вамбаны ертіп, монастырьден сапар шекпекші болды. Сері жолға шығайын деп отырғанда Айвенгоға ол мынаны айтты:

— Біз енді марқұм болған Ательстанның сарайында, Конингсбургте кездесетін боламыз, естуімше сенің әкең Седрик те қадірлі туысының жаназасына кетсе керек. Сонда сенің саксон туыстарыңмен көрісеміз, Уилфред мырза, қысқасы мән - жайды сұрасып, олармен танысамыз. Сол жерге сен де келетін бол, сәті түссе әкеңмен татуластырып көрейін.

Осыны айтып Қара Дәу Айвенгомен сылап-сипап тәтті қоштасты да өзінің қанды көйлек батырын ұзатып сала алмағанына қатты қынжылып, Айвенго осында қала берді. Бірақ оның өкінішін Қара Дәу елең де қылған жоқ.

— Бүгін сен жақсылап дем ал,— деді ол оған.— Тәрізіңе қарағанда, сірә, ертең де жолға шыға алмайсың ғой деймін. Маған аңқылдақ Вамбадан артық серіктің керегі жоқ; менің жанымда, шабытыма қарай, біресе поп, біресе сықаққой күлдіргі боп сол-ақ жүре береді.

— Мені алатын болсаңыз,— деді Замба,— сізге жан-тәніммен қызмет етуге даярмын. Сонымен қатар Ательстанның қаза болған қонақ асысына қатысуға да әбден құлықтымын, өйткені қонақасы мол болмай қалса, оның үстіне тағаммен тағамның арасы қашықтап кетсе, ол марқұм табытынан тіріліп келіп, аспаздар мен даяршы табақшылардан тамақ даулаудан тайынбайды. Ал бұл қызықты көріп тұрудың өзі неге тұрады дейсіз. Егер әкім менің тілмарлығым жетпей қалып, сері мырзам, Седрик қожамның қаһарына ұшырап қалатындай күн туатын болса, сол уақытта сіздің қайратыңыз маған арашашы болар деп ойлаймын.

— Сенің қызыл тілің тұрғанда, қылжақбасым-ау, менің қайратым не бітіре алатын еді? Осының билігін өзің-ақ айтшы.

— Оның рас, серім,— деді Вамба,— әзіл-сықақ көп шаруаны тындырады! Жаза баспайтын көреген жылпос қатар отырған көршісінің ақаулы жағын бағып отырады да, оның даңғойланып, елеуреп кеткен қапысын мойын бұрғызбай, бас салып, ұстап алады. Ал қайрат деген — ықтыжарды тыңдамайтын, тепсе темір үзетін жойқын күш емес пе. Оған буырқанған тасқының да, бұрқыраған дауылың да сөз емес, қайықты дұрыс ұстап, ескекті есе білсең болды, ақырында жағадан барып бір-ақ шығасың. Сондықтан, қадірлі серім, мен ізгі жүректі қожамның жаны жадырап, жағасы жайлау болып отырған кезін ғана күтемін, ал дауыл тұрып, боран соғып кеткендей кез болса, онда маған өзіңіз қорған бола көріңіз.

— Сіз өзіңізді Берік Қақпа серісі деп атадыңыз ғой деймін, олай болса бізге де солай деп атауға рұқсат етіңіз, серім,— деді Айвенго,— қалай дегенмен, сіз осы жолы өзіңізге серік етіп тым мылжың, тым беймаза қылжақбасты қалап алып отырсыз. Солай бола тұрса да, оның бір жақсы жері — осы орманның сүрлеу-соқпағын ол ешбір аңшыдан кем білмейді; оның үстіне бұл байғұстың сенімділігі мен беріктігі, өзіңіздің көзіңіз жеткендей, болаттай асыл да шыныдай таза.

— Уақа емес, ол маған тек жол көрсетіп отырса болды,— деді сері.— Жолда кетіп бара жатқанда, көңіл аулап, жол қысқартып отырса, онда тұрған не бар. Ал, сау бол, досым Уилфред, тезірек жазылып, сау-саламат болып кет. Бірақ, байқа ең берісі ертеңге дейін жолға шығуына рұқсат етпеймін.

Осы сөзден соң сері Уилфредке қоштасып қолын берді, Уилфред серінің қолынан сүйді, бұдан кейін сері аббатпен қоштасып, атқа мінді де, Вамбаны ертіп алып жолға шықты.

Уилфред серінің соңынан біраз қарап тұрды да, жолаушылар қалың ағаштың ішіне кіріп көрінбей кеткеннен кейін монастырьге қайтып келді.

Бірақ жаралы Айвенго мұнда көп байыз тауып жата алмады, түстік ішкеннен кейін кешікпей кісі жібертіп, аббатты шақыртып алды. Шал байқұс әлдене боп қалды дегендей, асып-сасып жүгіріп келген бетінде Айвенгоның денсаулығын сұрастыра бастады.

— Шүкір, жақсымын, әуелде ойлағанымнан әлдеқайда жақсымын,— деді Айвенго.— Алғашқыда қан көп кеткен соң жарақатым ауыр бола ма деп қатты қорқып қалғандықтан ба, әйтпесе, одан кейін қолданған бальзамның шыпалық әсері өте күшті болды ма, әйтеуір, сау-саламаттығым қазір тамаша, бұл қалпымда сауыт-сайман кие берсем де болады ғой деп ойлаймын; бұл бір керемет сәті түскен жағдай болды, өйткені ақылыма салып қарағанда, менің мұнда жата беретін уақытым емес екен.

— Құдай сақтасын, айта көрме, Седрик Сакстың ұлы жарасы жазылмай тұрып біздің құжырамыздан кетіп қалды деген не сұмдық. Біздің олай етуіміз үлкен ұят!

— Егер мен жол жүруге жарамайтын болсам және сол жүріс өте қажет болып отырмаса, әулие тақсырымыз, мен сіздің мейірбан құжыраңыздан өзім де кетпеген болар едім,— деді Айвенго.

— Ал енді сенің осы тосыңнан сапар шегуіңе себеп не?— деп сұрады мүфти.

— Тақсыр әулием, бір пәленің боларын жанын сезіп, бірақ соның қай жағыннан келіп қаларын біле алмай, сан-сапалақ ойға қалатын сергелдең кезді ешқашан басыңыздан кешіріп көрмеп пе едіңіз? Жарқырап тұрған ашық күнде көкарай шалғынға көлеңке түсіріп, келешек дауылдың хабаршысындай бір қара бұлт қалықтап өтеді ғой, сол сияқты сіздің жаныңыз да солай бір жабырқап қалған уақыты болмады ма? Сіздіңше әлде осындай болжал, нышандарға көңіл бөлудің қажеті жоқ деп ойлайсыз ба, мүмкін, бұл төніп келген қауіп-қатерден сақтандырып тұрған періштелеріміз болар?— деді сері мүфтиді мойындата сөйлеп.

— Бұған менің еш қарсылығым жоқ, мұндай нәрселер әбден болуы мүмкін, және мұны құдайдан деп білуіміз керек,— деді аббат әрлі-берлі шоқынып.— Тегінде мұндай нышан босқа кетпейді, оның игілік пен жақсылыққа көрінетін кездері көп. Ал енді сен болсаң, әлің жоқ, жарақаттысың, соңынан барған кісіне не септігін тиеді? Бір жауы оған шабуыл жасай қалса, тұра қалып сойылын соғуға да шаман келмейді.

— Жоқ, мұның әбес, тақсырым,— деді Айвенго тұрып,— менің қайратым жеткілікті, күш сынасам дегендер болса, кез келгенімен атысып-шабысуға жараймын. Ал егер күш салысудың қажеті болмаса, қару-жарақсыз-ақ пайдам тиетін жерлер көп емес пе? Сакстардың нормандарды жек көретіні елдің бәріне белгілі. Сол сакстар Ательстанның өліміне күйініп, көп ішкен шараптан бастары айналып тұрған кезде, менің іздеп барған адамым солардың арасына түсе қалса, қандай кептің боларын кім біледі. Менің ойымша, ол кісімнің мұндай уақытта олардың арасына түсуі аса қатерлі болып шығуы мүмкін. Сондықтан мен сол пәленің алдын алуға, не соны қандай пәле болса да, бірге көріп алуға бел байладым. Ал енді осы ниетімді іске асыру үшін сенен сұрайтыным: менің өзімнің байырғы атымнан гөрі жүрісі жайлырақ бір ат тауып беріңіз.

— Оның не айтатыны бар,— деді құрметшіл аббат,— мен саған испан жылқысы тұқымдас өзімнің бедеуімді беремін: ол өзі жорға, әттең бір кем жері — Сент-Альбан ғымараты хазіретінің атындай, төрт аяғынан бірдей тайпалған, су төгілмес майда жорға емес. Сонда да менің Сұржекейімнің желдей ескен сыдырмалы желісіне мін таға алмайсың. Оның үстіне бедеуім өте жуас жылқы, мұндай көнбіс көлік аттың құлағында ойнап өнер көрсететін ат ойыншыларында ғана бар шығар. Ол шіркіндердің аттары жайып қойған көп жұмыртқаның арасында бірде-бірінің мұртын сындырмай билеп жүретінін қайтерсің. Ал енді мен Сұржекейімді олармен салғастырмай-ақ қояйын, бірақ бедеуіммен жол жүріп келе жатқанда, монастырьлердегі діни адамдарға, жалпы христиан дініндегі жай пенделерге де үлкен ғыбрат беретіндей жақсы-жақсы ұзақ уағыз, ғазалдар шығарып келдім.

— Сонымен, инабатты піріміз, рақым етіп, сол Сұржекейді қазір ерттетіп маған алып келуге, сонсоң менің қару-жарағымды келтіруге Гуртке әмір етіңіз.

— Бірақ, сүйікті мырзам,— деді аббат,— Сұржекейдің иесіне тартқан мінезі барын, оның да мен сияқты қару-жарақ дегенге шорқақ екенін есіңізге алып қоюыңызды өтінемін. Сіздің сауыт-сайманыңызды көріп қалғанда, әсіресе, үстіне мінгеннен кейін оның ауыр салмағын сезгенде, Сұржекейдің қандай айла жасайтынына мен кепіл бола алмаймын. Бұл Сұржекей дегеннің өзі бір аса ақылды жануар, арқасына батқан сәл ауырлыққа қитықтана қалады. Бір жолы мен қоныстас поптан «Fructus Temporum» деген латын шығармасының бір данасын оқуға алған едім, соны сезіп қойған бедеуім қане енді қақпаның сыртына шықсайшы, ақыры қалың кітапты қалдырып, оның орнына кішкене иман шартымды алғанша атым аттап баспай қойды.

— Тақсыр әулием, мен сіздің бедеуіңізді ауыр жүкпен қинамайтыныма сене беріңіз, ал енді жоқ жерден қиястанып жүрмей қойса, онда жануардың жаны текке қиналады ғой,— деді Айвенго.

Сері осы сөзді айтып тұрған кезде Гурт серінің етігіне шаңырақтай екі пар алтын тақа тағып жатыр еді, бұл тақалардың тегеуріні тиген ат текке теперіш көргенше, үстіндегі кісінің ырқына көніп, дұрыс жүріп кеткені жөн болатын.

Айвенгоның етігіндегі істікті шығыршықтарды көргеннен-ақ аббаттың зәресі кетті, енді ол бәсіре бедеуін қиын жолға қолынан бергеніне өкіне бастады.

— Ғафу етіңіз, сүйікті мырзам,— деді бұған дәті шыдамаған аббат.— Менің Сұржекейім анау темір істіктеріне шыдай алмайды. Айтпақшы, уақытында ойыма келмеген екен, азар болса енді кішкене кідіре тұрарсыз, онан да мен шаруа басқарушымның биесін алдырайын — ол осы маңда, фермада тұрады. Міне соның биесі сізге көңілдегі көлік болар деп ойлаймын, өйткені ол оған сұлы бермейді, оның үстіне күн сайын сабылтып отын тасуға салып жүреді.

— Жоқ, енді құрметіңізге рақмет, шарафатты пірім, мен сіздің сол алғашқы айтқан сөзіңізді ұстап қалдым, соған қарай Сұржекейдің өзін де қақпаның алдына алып келіп қалған екен. Гурт менің қару-жарағымды алып жүреді, енді, тақсыр, алаң болмай-ақ қойыңыз: бедеуіңізге артық жүк артпаймын, солай болған соң ол да мені ашуландырмас деп ойлаймын. Сонымен, қош болыңыз.

Сөйтті де ол басқышпен жүгіре басып шапшаң түсіп кетті, бұған қарағанда оны тіпті кешегі жаралы жігіт деп айту да қиын еді. Аббаттың ызыңдаған сөзінен құтылу үшін соның арасында Сұржекейдің үстіне лып етіп, қарғып мініп алды, жасы келіп қалған, денесі ауыр аббат өзінің бедеуін үздік мақтай түсіп, серінің оны күтіп ұстауын сұрап, малтасын езіп келе жатты.

— Сұржекей өзі жаңа өспірім қыз баланың жасында, он беске қарай кеткені осы жақында ғана, бұл жастың аса қауіпті болатыны өзіңізге белгілі,— деді шал өзінің әзіліне өзі мәз болып.

Аббаттың маңызданған өсиеті мен күлдіргі әзілдерің тыңдап тұратын Уилфредте уақыт жоқ еді, оның тауқыметі онсыз да басынан асып жатқан. Сондықтан, бедеуіңе асығыс мінді де, серіге енді жарақшы болып алған Гуртке өзінен көз жазбауды тапсырып, Қара Дәудің ізімен орманға қарай тартып кетті, монастырьдің қақпасының алдында серінің соңынан әлденелерді айғайлап айтып, аббат жарықтық көзін сүзіп қала берді.

— Иә, пәруардәгер тәңірия анамыз! Бұл жауынгер жандар не деген әпер бақан, ұзын сойыл ұp да жық келеді десеңші! Қалайша мен осыған Сұржекейімді сөзге келмей беріп қоя бердім! Егер бедеуім жолшыбай бір жаманатқа ұшырап кетсе, сүйек-сүйегімнің құяңы бар мен байқұс қайтып күнелтпекпін,— деп бір сәрі уайым жеп алды да, сонсоң қайта қайратына мінгендей болып.— Эй, сонда да, көне отанымыз Англияның игілігінен қарт басыммен, науқасты тәніммен мен өзім де аянып қалмай отырғанда, оның әділетті хақысы үшін Сұржекей де бір қызмет етіп қалсыншы,— деп құлшына түсті.— Мүмкін, олардың бір рақымы түсіп кетсе, біздің кемтарлау мекен-жайымызға бай қазынасынан жарна да бөліп жіберер. Егер бұл жалғанның мықтылары кіштымтай жандардың еңбегін елемей кетіп, бізді жақсылығынан мақұрым қалдыратын болса, оны да көрерміз: бәрібір ісім ақиқат, ар-инабатым таза екенін білемін. Ал енді мүриттерімді, сірә, ас үйге тағамға шақыратын уақытым болып қалса керек. Таңғы ғыбадат пен түстеп ғыбадатқа шақыратын қоңыраудан гөрі бұл шақыруға олар бар ниетімен көңілдірек жиылатын шығар.

Осылай ойлады да Ботольф әулие аббаттығының хазіреті ас даярланған столдың басынан ең жоғарғы орынға отыру үшін солай қарай беттеді; келсе, монахтардың таңертеңгі тамағына сұр қара балық пен сыра әзірленген екен. Стол басына келіп шірене жайласып, маңыздана сөз бастаған аббат, монастырьге енді бір мол сыбаға түсіп қалуы мүмкін екендігін, онда өзінің де еңбегі аз болмағанын көлгірси сездіріп өтті. Жайшылықта мұндай жаңалыққа жұрттың бәрі жаппай құлақ түре қалушы еді. Ал бұл жолы балықтың тұзы тым күшті, сыраның күші тым басым болғандықтан, мүрит жарықтықтар тамаққа түшіркене азу басып, тосын әңгімеге онша құлақ тіге қоймады. Хазіреттің бұлдыратып айтқан жұмбақ сөзіне көңіл бөлген, шежірешілердің айтуына қарағанда жалғыз Диггори тақсыр ғана болды. Өйткені ол тісі қатты сырқырап жүргендіктен, сыңар азумен малжаңдап, тамаққа жөнді қайрат қыла алмай отырған, сондықтан да аббаттың айтқан сөзін қатеріне алып, енді соның мәнісін ойластырып отыр еді.

Бұл кезде Қара Дәу мен оның жол бастаушысы қалын жыныстың арасымен, асықпай-саспай ілгері жүріп келе жатты. Сылқым сері біресе махаббат қуған жыраулардың мақамдарын ыңылдап әндетіп, біресе өзінің жол серігіне қызық-қызық сауалдар беріп, Вамбаны ермек қып қояды. Соның арқасында әзіл-қалжың, ән мен жыр араласқан әңгіменің дәмі кіріп, ермектігі күшейе түсті. Енді біз сол әңгімені тәртібімен шамалап, оқушыларымызға жеткізіп көрейік.

Сонымен, екі иығына екі кісі мінгендей кең жауырынды, алып денелі, ұзын бойлы баһадүр серіні көз алдыңызға келтіріңіз, астында есік пен төрдей биік қара аты бар, жануар ерге лайық ат туады десе — дегендей-ақ, еңгезердей серіні емін-еркін алып келеді. Тынысына бөгет жасамасын деп сері дулығасының алдын түріп қойған, тек тұмылдырығы түймелеулі, сондықтан бет нұсқасын анықтап көру қиын. Жалғыз-ақ, күнге күйіп тотыққан, қызыл шырайлы бет ажары көзге түсіп, дулығаның ашық жерінен алақандай көгілдір нұрлы көзі жайнаң қағады. Серінің кескін-келбеті мен тұр-тұрпатынан қайғысыз-қамсыз сайранның, шақ келтірмес қайраттың сесі еседі, қауіп-қатер дегеннен айылын жимайтын, егер кезеңдінің кезі келіп қалса, сазайын тартқызып жіберуге әр қашан әзір ақыл-айласы айтпай-ақ көрініп тұр. Жауынгерлік жорық, сергелдең селебе маңдайына жазылған адамдар секілді ешбір қауіп-қатерден қашпайтын кісі бұл.

Барлық әумесер қылжақбастар сияқты, Вамбаның да киім-кешегі ала-құла, жалғыз-ақ, соңғы оқиғаларға байланысты, бұрынғы ағаш семсерінің орнына өткір қылыш, сопақ қалқанмен қаруланып алған. Өзінің әшейіндегі тіршілігінде семсер сілтеп, найза оқталып көрмесе де, Торкилстан қамалына шабуыл жасағанда, қылжақбастың қаруды ешкімнен кем жұмсамайтыны белгілі болды, Вамбаның ақылының кемдігі — құйрығы қоныс таппайтын тұрақсыздығында болатын, ол жазған еш уақыт бір орнында тыныш отыра алмайтын және оның аузынан бір тұрлаулы сөз шықпайтын. Ал енді оның ептілігі мен жылпыңдығында ешкімнің дауы жоқты; егер кеп сабыр мен салмаққа тірелмесе, ол қандай істі болса да мұнтаздай ғып орындап шығар еді де және оны көз ілестірмей атқаратыны сондай, керек болса, бір сауысқанның құйрығын екінші сауысқанға жалғап берер еді. Бұл жолы да Вамба ат үстінде тыныштық тауып отыра алмады: біресе ердің үстінде шыр айналып, аттың шоқтығына мінді, біресе сауырына түсті, ат үстінде теріс қарап отырып, құдды маймылша бет-аузын жыбырлатты, қисаңдатты, ақыры аттың да мазасы кеткен болу керек, бір кезегі келіп қалғанда, қылжақбасты сылқ еткізіп тастап кеп жіберді де, Вамба жазған көк шалғынның үстіне сұлап түсті. Бұл қызықты көріп келе жатқан сері, серқұмардан шыққанша мәз боп алды да, ал саппас қылжақбас осыдан соң біраз тыншығып қалды.

Бұларды біз жол үстінде көргенімізде, екеуі қосылып, бір ескі әнді шырқап бара жатыр еді. Берік Қақпаның серісі жақсы әнші екен; сері бастайды да әумесер оған қосылып, қайтармасын көтеріп жіберіп отырды. Ол әннің мазмұны мынадай еді:

БАТЫР
Анна-Мария, күн шықты құштар,
Анна, аяулым, түсті әне жарық,
Сейілді тұман, сайрады құстар!
Анна, тұршы, төсектен қарғып!
Тұра ғой, Анна!
Жайнады шығыс,
Естисің бе әне дабылдың даусын?
Жартас пен ағаш жаңғырған дыбыс,
Анна-Мария, көтерші басын!
ВАМБА
О, Тибальт; сүйікті жар, ерте әлі;
Тұрмаймын, тарқаған жоқ түс құмары!
Қызықсыз өңдегінің керегі не,
Батқанда тәтті ұйқының тереңіне?
Дабылын қаға берсін ашшы мейлі,
Құстардың таңды оятсын даусы мейлі,
Түстегі бақытыма сүйсінем мен,
Бірақ та сен емессің түсіме енген.

Екеуі әннің қайырмасына қосылып, аяқтай келген кезде Вамба айтты:

— Айтыңызшы батыр, ән аяулы-ақ емес пе? Менің шолақ ақылыма салып көргеннің өзінде, шіркіннің ғыбраттық мағынасы қандай тамаша десеңізші! Мұны Гурт екеуміз әмсе қосылып айта беруші едік. Бір кезде оны мен біз жап-жақсы жолдас болғамыз ғой, ал қазір құдайдың рахманы, мейірбан қожамыздың мархабаты бойынша, ол енді өзіне өзі би, өзі қожа, басы бос адам боп кетті. Сонда да осы әнге саламыз деп бір күні сазайымызды тартқанымыз бар-ды әннің қызығына түсіп кеткендіктен, екі сағаттан артық уақыт болғанын да байқамай қалыппыз ғой.

Содан бері осы әнді қайырып айтқан сайын сай сүйегім сырқырайды. Ал енді, мырзам, сіздің құрметіңізге Анна-Марияың әуеніне қайта бір баспай болмайды.

Бұдан кейін қылжақбас тағы бір әнді бастады да, оған сері қосылып, көтеріп әкетті.

БАТЫР МЕН ВАМБА
Жігіттер келді — дейді өңкей жарқын,
Осылай екі өлеңде айтылатын.
Айыпты Викомбаға бізге ти—деп,
Қалайша бас тартады жесір қатын?
Тиндальдан ішінде бар келген батыр,
Мен — депті ол — осылардан іске татыр,—
Белгілі ата-баба нәсілімін —
Ұстап қал білегімнен, болма қапыл!—
Деп бастап әңгімесін, мақтанған ол,
Тимейді сөйткен ерге қалайша жол.
Бірақ та жесір оны жаратпапты,
Дегенде қоя берген — қош аман бол,
Екіншісі — келдім — деді —Уэльстен
Ата-бабам шен мен шекпен бөліскен,
Ант су ішті әйгілі әулет едім — деп,
Жесір оған дей алар ма — келіспен.
«Мен Морган aп Гриффит aп Хьюмын,—
Давид aп Тюдор aп Рейс— бек қиынмын.
«Қой, ойбай!»— депті жесір,— мұншама көп
Пәлеге менің тию жоқ қиуым,
Үшінші Кенттен келген йомен екен,
Осылай ескі өлеңде хикая еткен.
Жесірге баяндапты барын айтып
Ал жесір бас тартады бұдан қайтып?
ЕКЕУІ ҚОСЫЛЫП
Шегінді тауы қайтып қос дворян,
Басталды йомен жайы осы арадан.
Ол өзі кірісі көп, Кент тұрғыны,
Йоменнен бас тартуға не шара бар?

— Белгілі еменнің түбінде қонақасы берген дарқан қожамыз, яки ол болмаса, соның дамулласы — сауықшыл монах йомендерді мадақтаған осы әнімізді естір ме еді, шіркіндер!

— О ненің ақысы, қайта, олар естімесін дер едім мен,— деді Вамба.— Сонда мұнымыз — мойныңызға асылған мүйіз сыбызғының қарымың қайтару болғаны ма?,

— Жоға, бұл Локслидың достық ықыласы ғой, әйтпесе маған керегі қанша, тіпті еш уақытта іске де асырмаспын. Дегенмен, қысылтаяң кез болып, осы кернайды боздатып жіберсең, сонау ер көңілді йомендердің жасағымен сау ете қалатынына мен келіп.

— О сүбіхан, олардың бетін аулақ қыла гөр,— деп жалбарынды қылжақбас,— сөйтіп осы кернайдың шапағатымен олар бізді дін аман қоя береді демексіз ғой.

— Ал сонда ие демексің?—деді сері оған.— Әлде осы ықыласы кепіл болмаса, олар бізді тонап алар еді демексің бе?

— Жоқ, олай демеймін,— деді Вамба,— жалғыз-ақ, тас қабырғада құлақ болса мына тұрған жасыл жапырақта да құлақ бар дегенім ғой... Оны қоя тұрып мына бір жұмбақты шешіңізші, ардақты серім: шарап толы шөлмектен — бос шөлмектің, ақшалы күмәжнектен — ақшасыз бос күмәжнектің артық болатын жері қайсы—осыны айтып беріңізші?

— Толы ыдыстан бос ыдыс артық болады дегенді мен еш уақытта естіп-білген емеспін,— деді сері.

— Мұндай шешуін үшін шөлмек толы шарап та, ақша толы күмәжнек те беруге болмас еді саған. Жұмбақты шеше алмасаң біліп қой: шөлмекті сакске ұстатпай тұрып босатып қою керек те күмәжнекті орманға аттанбай тұрып, ақшасын үйге тастап кету керек.

— Былайша айтқанда, біздің досжар йомендерімізді сен нағыз қанды балақ қарақшы деп қарайсың ғой?—деді Берік Қақпа серісі.

— Ой, мейірман мырзам-ай, сірә, мен солай деп айттым ба?—деді Вамба.— Егер ұзақ сапарға шығатын болса, жолаушының ауыр қапшығын алып қалсаң, оның атының жүгі жеңіл болады, егер жолаушының бойындағы кесір боп жабысатын затын алып қалсаң, оның жанын сақтап қалуы оңай болады. Сондықтан мұндай тауқыметтен ақысыз-пұлсыз құтқаратын адамдарды мен тіпті жамандамаймын. Тек қана бұл секілді жақсы адамдарға ауыр салмақ түсірмес үшін қапшықты үйде қалдырып, күмәжнекті сандыққа салып кеткенді артық көремін.

— Сонда да оларды сен солай бағалағаныңмен, достым, біз сол адамдардың тілеуінде болуға міндеттіміз.

— Олардың тілеуінде болуға мен де бар ниетіммен дайынмын,— деді Вамба,— бірақ бұл жерде емес, қалаға жетіп алған соң. Әйтпеген күнде мінбердің орнына ағаштың түбіріне отырғызып қойып, бесін намазын оқытқан ана мүфти секілді, біздің де шыбынымызды шырқыратып жүрер.

— Қалай десең де, Вамба, өз еркің, бірақ та Торкилстонда сенің қожаң Седрикке сол йомендердің қатты қызмет еткені анық,— деді сері.

— Рас нәрсені рас деу керек, бірақ олар құдай тағаланың өзімен есеп айырысқандай, әйтеуір өз есесін шығарады,— деді Вамба.

— Бұл сонда қандай есеп, Вамба? Айтып түсіндірші,— деді сері.

— Онда тыңдай беріңіз,— деді әумесер.— Біздің шаруа басқарушы қартымыздың сипырынша, олар құдаймен екі жақты есеп жүргізеді. Борышқорларымен жебірей Исаак та есебін осылай айырысады: берерде азырақ береді де, қарызын қайырып аларда молырақ қамтып қалады, әрбір істеген игілікті ісі үшін, қасиетті кітаптың айтуы бойынша, жеті қайтара еселеп пайда түсіреді.

— Мысалмен түсіндірші, Вамба, заты мен есепке шорқақпын, сипыр дегеннен түк түсінбеймін,— деді ерсі.

— Ондай шорқақ болсаңыз, тыңдай беріңіз, тақсыр, құзырыңызға мағлұм болсын,— деді Вамба,— адалсынған бұл азаматтар онан қаппаса, мұнан қаптырып жүреді, біреуді жарылқаса, басқа біреуді қарғайды. Мәселенки, қайыршы сопыға күміс теңге ұстатып кетсе, месқарын мүфтиден жүз ділләні алтындай жымқырып жібереді... Әйтпесе мүсәпір жесірге қолының ұшын берсе, орман ішінде кездескен әдеміше қызымкені аймалап сүйеді...

— Ал сонда бұл істің қайсысы жақсы, қайсысы жаман болды?—деп сері әумесердің сөзін бөлді.

— Міне, жұмбақ деп осыны айт! Тамаша жұмбақ!—деді Вамба, марқайып.— Ақыл ауысады, ырыс жұғысады деген осы. Шалдуар машайықпен түні бойы шараппен сәресі ішкенде, құдай біледі, осыдан артық түк те тауып сөйлеспегендеріне иманым кәміл... Біздің орман таныстарымыз кейде жарлыға жарты лашық тұрғызып береді де, соның маңындағы сәулетті сарайды өртеп жібереді; шеркеудің шатырын жамап берсе, қасиетті күнәханасын тонап кетеді; бұғаудағы кедейді түрмеден құтқарып алады да, тәкаппар судьяны тырс еткізіп атып жібереді; не болмаса саксонның қарапайым шаруасына кеңшілік жасайды да, норманның бегін тірідей өртей салады. Несін айтасың, бұларды деген тәртіпті ұры, нағыз сыпайы тонаушылар деуге болады, бірақ бұларға қызыл тұмсық боп, белшесінен қылмысқа батып жүрген кездерінде жалғасқан жақсы.

— Мұның мәнісі қалай, Вамба?—деді сері.

— Мұның мәнісі, осындай кездерде бұлардың ар-ұяты оянады да, құдай тағаланың өзімен де бір санасып қоюдан қашпайды. Құдаймен есеп айырысып, алық-беріктері иман таразы боп шыққаннан кейін, тәңір ием олардың бетін аулақ қылсын дей беріңіз, содан соң жаңа есептің бетін ашқанша олар аш қасқырдай жалаңдайды. Енді Торкилстонда болған қайырлы істен соң бұлардың қолына алдымен іліккен жолаушының соры қайнайды,— деді де Вамба, серіге жақындап келіп, жайлап қана,— айтты-айтпады, өткен-кеткен жолаушылар үшін бұл арада біздің дарақшылардан да қатерлі жол кесушілер барын ұмытпауымыз керек,— деп қылжақбас тағы ескертіп өтті.

— Ондайларың кім тағы? Бұл жерде қасқыр да, аю да жүрмеуші еді ғой,— деді сері.

— Ол болмаса, бұ жерде Мальвуазеннің қарулы жалан төстері жүреді,— деді Вамба,— сенсеңіз, он шақты жалаң төс оннан аса көкжал қасқырдан кем соқпайды, әне солар жол тосып, тон тонауға шыққан, оларға Торкилстоннан қашып құтылған солдаттар келіп қосылған. Сол себепті, біз солардың қолына түсіп қалсақ, өткенде істеген ерлігіміз өзімізге оңай тимесе керек. Ал енді, сылқым серім, біз сол жалаң төстің, мәселенки, екеуіне кездесіп қалсақ, сонда сіз қайтер едіңіз?

— Егер жолымызды кесетін болса, ол немелерді мен найзаммен шаншып, жермен-жексен ғып кетер едім.

— Егер олар төртеу боп шықса ше?

— Бәрібір, олар да сол сыбағасын алған болар еді,— деді сері.

— Егер олар алтау болып, ал біз осындай екеу ғана болып қалсақ, Локслидың мүйіз кернайын сонда да сіз еске алмас па екенсіз?— деді Вамба.

— Не айтып тұрсың өзің? Осындай қиқым бақайларға бола қол жинап жатпақпыз ба?—деді сері.— Оны айтсаң, жалғыз серінің бір өзі оларды торғайдай тоздырар еді!

— Сонымен, солай,— деді Вамба,— дегенмен мына дауысы жер жаратын кернайыңызды көріп берейін, бере тұрыңызшы маған.

Сері мойнына асылған сыбызғының күрмеуін шешті де, жол серігінің құмарын тарқату үшін оны Бамбаның қолына ұстатты. Әумесер сыбызғыны айтқанша-ақ мойнына асып алды да:

— Тра-лә-лә!— деп даурығып қоя берді.— Енді дабылды мен де ешкімнен кем қақпаймын,— деді әумесер, масаттанып.

— Ә, суайт, мені алдаған екенсің ғой. Қайтып бер мүйізімді өзіме!—деді сері.

— Қам жемеңіз, серім, мүйізіңіз ешқайда кетпейді, менде тұрады.. Айбынды батыр мен ақылсыз мияу қатар келе жатқанда, мүйіз кернай мияудың мойнында болғаны дұрыс, өйткені ол кернайды сізден жақсы ойнайды.

— Байқа, жылпос,— деді Қара Дәу,—сен тым еркінсіп барасың! Сақтан, менің қытығыма тиіп алма!

— Сіз мені қорқытпай-ақ қойыныз, айбынды серім, - деді әумесер, шамданып қалған серіден қашығырақ барып тұрып,— әйтпесе, әумесер табанын жалтыратып кетіп, мынау орманнан батырға жол іздетіп қояр,

— Сен мені осы жерден жығып кеттің, бұған енді дау жоқ,— деді сері,—оның үстіне, шынын айтқанда, менің сенімен ұрысқанда табатын пайдам шамалы. Ал енді анау мүйіз сенде-ақ қалсын, бірақ тезірек жүріп кетейік.

— Ал сіз маған тимейсіз бе?— деп сұрады әумесер,

— Мен саған айттым ғой, тимеймін деп, одан артық саған не керек, суайт неме!

— Жоқ, сіз әуелі маған серінің шын уәдесін беріңіз,—деді Вамба, Берік Қақпа Серісіне жасқаншақтап жақын келе беріп.

— Ал, серілік сөзімді бердім, енді бұлтақтамай жолды көрсет.

— Жарайды,— деді әумесер, серіге еркіндей жақындап.— Сонымен, батыр мен милау қайта келісіп, қатар жүретін болдым ғой. Менің ойымнан кетпей тұрған бірадарға берген тоқмашқа-сыйлауыңыз, заты мен ондай таяққа құмар емеспін. Жарықтық бірадар белдеге тігілген допша ұшып кетті ғой. Ал енді милау сыбызғыға ие болған соң, батыр біраз топшысын керіп, бойын сергітіп алсын. Мен білсем, сонау шіліктердің ішінде бізді күтіп отырған жалаң төстер бар. Олар ағаштың арасына бекініп алып, бәлем, осы араға келерсіңдер деп отыр.

— Оны сен қайдан білдің?—деп сұрады сері.

— Оны білгенім, жапырақтың арасынан екі-үш рет бастары қараңдап кетті. Егер дені дұрыс адамдар болса, сайрап жатқан ашық соқпақтың бойына шыққан болар еді. Ал мынау жыныс — ондайлардың таптырмайтын бекінісі.

— Құдай біледі,— деді сері, дулығасын түсіре беріп,— бұл жолы сен біліп тұрсың!

Серінің қамданып қалғаны жақсы болды, сол-ақ екен, жолдың жағалауындағы бұталардың тасасынан серінің басын, кеудесін көздеп атқан жебелер зу-зу етіп, өте шықты дулығаның болат қалқанына тиіп, тайып кетпегенде, сол жебенің біреуі анық тура маңдайына қадалатын еді. Өзге екі жебе серінің мойнындағы кеуде-қалқанына кеп тиді.

— Сауытымды соққан ұстаға рақмет, қалқандарым мықты боп шықты!—деді сері.— Ал, қайтпа, Вамба, алға ұмтыл айқасып көрейік бұлармен!

Осыны айтып ол бұтаға қарай тура ат қойды. Оған қарсы қалыңның арасынан қару-жарақты алты-жеті жау шыра керазы боп шыққаннан кейін, тәңір ием олардың бетін аулақ қылсын дей беріңіз, содан соң жаңа есептің бетін ашқанша олар аш қасқырдай жалаңдайды. Енді Торкилстонда болған қайырлы істен соң бұлардың қолына алдымен іліккен жолаушының соры қайнайды,— деді де Вамба, серіге жақындап келіп, жайлап қана,— айтты-айтпады, өткен-кеткен жолаушылар үшін бұл арада біздің қарақшылардан да қатерлі жол кесушілер барын ұмытпауымыз керек,— деп қылжақбас тағы ескертіп өтті.

— Ондайларың кім тағы? Бұл жерде қасқыр да, аю да жүрмеуші еді ғой,— деді сері.

— Ол болмаса, бұ жерде Мальвуазеннің қарулы жалаң төстері жүреді,— деді Вамба,— сенсеңіз, он шақты жалаң төс оннан аса көкжал қасқырдан кем соқпайды, әне солар жол тосып, тон тонауға шыққан, оларға Торкилстоннан қашып құтылған солдаттар келіп қосылған. Сол себепті, біз солардың қолына түсіп қалсақ, өткенде істеген ерлігіміз өзімізге оңай тимесе керек. Ал енді, сылқым серім, біз сол жалаң төстің, мәселенкн, екеуіне кездесіп қалсақ, сонда сіз қайтер едіңіз?

— Егер жолымызды кесетін болса, ол немелерді мен найзаммен шаншып, жермен-жексен ғып кетер едім.

— Егер олар төртеу боп шықса ше?

— Бәрібір, олар да сол сыбағасын алған болар еді,— деді сері.

— Егер олар алтау болып, ал біз осындай екеу ғана болып қалсақ, Локслидың мүйіз кернайын сонда да ciз еске алмас па екенсіз?— деді Вамба.

— Не айтып тұрсың өзің? Осындай қиқым бақайларға бола қол жинап жатпақпыз ба?—деді сері.— Оны айтсаң, жалғыз серінің бір өзі оларды торғайдай тоздырар еді!

— Сонымен, солай,— деді Вамба,— дегенмен мына дауысы жер жаратын кернайыңызды көріп берейін, бере тұрыңызшы маған.

Сері мойнына асылған сыбызғының күрмеуін шешті де, жол серігінің құмарын тарқату үшін оны Бамбаның қолына ұстатты. Әумесер сыбызғыны айтқанша-ақ мойнына асып алды да:

— Тра-лә-лә!— деп даурығып қоя берді.— Енді дабылды мен де ешкімнен кем қақпаймын,— деді әумесер, масаттанып.

— Ә, суайт, мені алдаған екенсің ғой. Қайтып бер мүйізімді өзіме!—деді сері.

— Қам жемеңіз, серім, мүйізіңіз ешқайда кетпейді, менде тұрады.. Айбынды батыр мен ақылсыз мияу қатар келе жатқанда, мүйіз кернай мияудың мойнында болғаны дұрыс, өйткені ол кернайды сізден жақсы ойнайды.

— Байқа, жылпос,— деді Қара Дәу,—сен тым еркінсіп барасың! Сақтан, менің қытығыма тиіп алма!

— Сіз мені қорқытпай-ақ қойыңыз, айбынды серім, - деді әумесер, шамданып қалған серіден қашығырақ барып тұрып,— әйтпесе, әумесер табанын жалтыратып кетіп, мынау орманнан батырға жол іздетіп қояр,

— Сен мені осы жерден жығып кеттің, бұған енді дау жоқ,— деді сері,—оның үстіне, шынын айтқанда, менің сенімен ұрысқанда табатын пайдам шамалы. Ал енді анау мүйіз сенде-ақ қалсын, бірақ тезірек жүріп кетейік.

— Ал сіз маған тимейсіз бе?— деп сұрады әумесер,

— Мен саған айттым ғой, тимеймін деп, одан артық саған не керек, суайт неме!

— Жоқ, сіз әуелі маған серінің шын уәдесін беріңіз,—деді Вамба, Берік Қақпа Серісіне жасқаншақтап жақын келе беріп.

— Ал, серілік сөзімді бердім, енді бұлтақтамай жолды көрсет.

— Жарайды,— деді әумесер, серіге еркіндей жақындап.— Сонымен, батыр мен милау қайта келісіп, қатар жүретін болдым ғой. Менің ойымнан кетпей тұрған бірадарға берген тоқмашқа-сыйлауыңыз, заты мен ондай таяққа құмар емеспін. Жарықтық бірадар белдеге тігілген допша ұшып кетті ғой. Ал енді милау сыбызғыға ие болған соң, батыр біраз топшысын керіп, бойын сергітіп алсын. Мен білсем, сонау шіліктердің ішінде бізді күтіп отырған жалаң төстер бар. Олар ағаштың арасына бекініп алып, бәлем, осы араға келерсіңдер деп отыр.

— Оны сен қайдан білдің?—деп сұрады сері.

— Оны білгенім, жапырақтың арасынан екі-үш рет бастары қараңдап кетті. Егер дені дұрыс адамдар болса, сайрап жатқан ашық соқпақтың бойына шыққан болар еді. Ал мынау жыныс — ондайлардың таптырмайтын бекінісі.

— Құдай біледі,— деді сері, дулығасын түсіре беріп,— бұл жолы сен біліп тұрсың!

Серінің қамданып қалғаны жақсы болды, сол-ақ екен, жолдың жағалауындағы бұталардың тасасынан серінің басын, кеудесін көздеп атқан жебелер зу-зу етіп, өте шықты дулығаның болат қалқанына тиіп, тайып кетпегенде, сол жебенің біреуі анық тура маңдайына қадалатын еді. Өзге екі жебе серінің мойнындағы кеуде-қалқанына кеп тиді.

— Сауытымды соққан ұстаға рақмет, қалқандарым мықты боп шықты!—деді сері.— Ал, қайтпа, Вамба, алға ұмтыл айқасып көрейік бұлармен!

Осыны айтып ол бұтаға қарай тура ат қойды. Оған қарсы қалыңның арасынан қару-жарақты алты-жеті жау шыға келіп, кезеулі найзаларымен қарсы ат қойып келе жатты. Айқасып қалған бетте үшеуінің найзасы, болат қамалға соғысқандай, быт-шыт боп ұшып кетті. Дулығаның сығырайған көзілдірігінен Қара Салдың ашулы көзі жарқ ете қалды. Ол таудай тұлғасымен таралғысынан күш алып, айбат шеге айғайлады:

— Эй, бұларың не?

Жаулар жауаптың орнына семсерлерін суырып алып, серінің тұс-тұсынан тұра ұмтылды.

— Ажалың жетті, жауыз!—деп айғайлады олар.

— А, солай ма! Ендеше, мә, сыбағаларың, Эдуард әулиенің аруағы үшін! Мә, саған, Жеңімпаз Георгийдің аруағы үшін!—Аруақ шақырған сайын Қара Сал жаудың біреуін домалата берді,— Мен енді білдім, бізде опасыз азғындар бар екен ғой!

Жаулар қанша батырсынып келсе де, баһадүр серінің құдіретті қолынан ыға берді, оның сілтеген қолы құр кетпей, жауға ажал боп тиді. Бұл жаудың бәрін бір өзі жайғап шығатындай еді. Бірақ осы уақытқа дейін тайқақтап, жолаңқырамай жүрген бір көк қалқанды сері жетіп келді; міне, сол найзасын аттың үстіндегі Қара Салдың өзіне салмай, оның атына салды, сан айқастан алып шыққан серке сан жануар қатты жарақатты боп құлап түсті.

— Бұл опасыз қорқақтың ісі!—деп айғайлап жіберді, ызалы Қара Сал, жығылған атымен қоса құлап бара жатып.

Дәл осы сәтте Вамба кернайын боздатып қоя берді: осыны ғана күтіп тұрғандай, оқиға демнің арасында ойпаң-тойпаң болып кетті. Кернайдың тұтқиыл нығырасынан жаулар тағы кейін шегіне бастады, ал Вамба қару-жарағының әлсіздігіне қарамастан, тайынбай алға ұмтылып, Қара Салдың жығылған жерінен тұруына көмектесті.

— Ұяттарың қайда, оңбаған қорқақтар!—деп айғай салды, әлгі көк сауытты сері, сірә, жаудың бастығы осы болуы керек.— Әумесердің ойнаған құрғақ мүйізінен зәрелерің ұшып, бет-беттеріңмен қашып кеткендерің бе?

Бастығының осы сөзін сес көріп қалған жаулар Қара Салға қайта жабылды, ол бір дәу еменге арқасын тіреп алып, енді жалаң семсермен ғана қорғанып тұр еді. Осыны пайдалана қойған жаудың опасыз бастығы сынған найзасын айырбастай салды да, қуатты қарсыласы әрі жаяу қалып, әрі жан-жағынан жабылған басқа жауларына алаңдап тұрған кезде оны ағашқа жапсыра шанышпақ боп, атының барлық екпінімен омыраулап келе жатты. Бірақ осыны көрген Вамба бұл жолы да ара түсе кетті, артық қуатты жігіт болмаса да, ол тумысынан шапшаң, жылпың еді, жаудың көбі серімен айналысып жатқан уақытта, әумесер көк сауытты Серінің атын қылышпен шауып жіберіп, Қара Салға жеткізбей, желкесін үзді. Атты сері ат-матымен омақаса құлады. Сонда да бастан-аяқ мықты қаруланған көп жау Қара Салды ортаға алып, тықсыра бастап еді. Ұзақ уақыт жалаң семсермен қайрат қылған серінің тынысы тарылып, шаршап та қалған, міне дәл осы кезде әлдекімнің дәлдеп атқан жебесі еңгезердей бір жауды тұрған жерінде жайратып салды. Сол минутта Локсли мен ер көңілді машайық бастаған йомендер тобы тоғайдың алаңқайына шыға келді. Олар салған жерден ұрысқа кірісіп кетті де, көп ұзамай жаудың жартысын өлідей, жартысын жарақатты күйінде жайғап берді.

Қара Сал өзінің құтқарушыларына зор парасатпен алғыс жариялады; оны патша-ағзамнан гөрі, айбынды, жаужүрек жауынгер деп бағалап жүрген йомен сарбаздары дәл осы арада бір түйсініп қалды.

— Өзімнің ақ жүрек, ең көңілді достарыма алғыс айтардың алдында,— деді Қара Сал,— осы біздің тосыннан келіп тиіскен жауларымыз кім екен, әуелі менің соны төтенше анықтап алғым келіп тұр. Вамба, анау Көк Сауытты Серінің дулығасын шешіп алшы. Сірә, бұл қанды балақтардың бастығы сол болса керек.

Әумесер қанды балақтардың бастаушысына жетіп барды, қашып кетуге де, қарсылық көрсетуге де шамасы жоқ, қаныпезер атынын астынан шыға алмай; бастығырылып жатыр еді.

— Ал, жауынгер батыр,— деді Вамба,— мен бір кезде атшы болып едім, енді саған жарақшы болып көрейінші. Атыңмен жыққан да мен едім, енді дулығаңды сыпырып көрейінші.

Ол енді айылын жимастан, Көк Сауытты Серінің басынан дулығасын жұлып алды; қарап тұрғандардың көзіне ақ бас біреу тоқырайып шыға келді, ал бұл адамды мұндай жағдайды кездестірем деп Қара Сал еш уақытта күтпеген еді.

— Вальдемар Фиц-Урс!— деп дауыстап жіберді ол аң-таң болып.— Сондай зор мәртебелі, атақ-даңкың жетіп жатқан адам едің, мұндай қаскүнемдікке сен қалай араластың?

Қолға түскен сері Ричардтың бетіне қарап тұрды да:

— Қанша патша болсаң да, Ричард, сен адамды танымайды екенсің — атаққұмарлық пен кекшілдік адамды неге апарып соғатынын білемісің?

— Кекшілдік деймісің?—деп Қара Сал тағы сұрады.— Бірақ менің сені кеміткен жерім жоқ еді ғой. Сен менен не үшін кек алмақшысың?

— Қызым үшін, Ричард, сен оны жұбайың ғып алмадың ғой. Өзіңмен ата-тегі теңдес норман үшін бүл аз кек пе?

— Қызым дейсің бе?—деп қайырып сұрады Қара Сал.— Қан ішуге дейін барған қастықтың түрін қараңдар! Бәрің де аулақ тұра тұрыңдар, мырзалар, мен мына кісімен оңаша сөйлесуім керек. Ал, Вальдемар Фиц-Урс, шыныңды айтшы енді: сені бұл опасыздыққа әкеп соқтырған кім?

— Сенің әкеңнен туған ұл,— деді Вальдемар.— Әкеңнің сөзін тыңдамағаның үшін ол сені жазалап отыр.

Ричардтың көзі жарқ етіп, ашу шақыра қалды да, бірақ ашуды ақыл билеп, ол демде басыла қалды. Король қолымен маңдайын сипап өтті де азырақ тұрып барып, масқара болып, аяғының астына түскен бекке қарап тіл қатты:

— Азар болса, сенің менімен тең ата-тегің мен масқаpa болған ұятың жол бермей тұрған шығар, бірақ, Вальдемар, сен менің аяғыма жығылып, кешірім сұрамайсың ба?

— Арыстанның тырнағына ілінген адам одан аман құтылмайтынын жақсы біледі,— деді Фиц-Урс.

— Ендеше, сол кешірімді сен сұрамасаң да — мен бердім, себебі — арыстан өлексені азық қылмайды. Мен сенің өмір сүруіңе пұрсат бердім, бірақ үш күннің ішінде Англиядан қараңды өшіресің де, қара бетіңді өзіңнің нормандар ортасындағы сарайында жуып-шаясың және тағы өздеріңнің көксеген опасыздық қылмыстарыңа байланысты Джон Анжуйскийдің атын ешқашан аузыңа алмайсың. Егер ағылшын жерінің көлеміне кескен мерзімімнен бұрын келетін болсаң, онда мерт боласың және айтамын, егер менің үй-ішімнің ар-намысына ұят келтіретін бір ауыз сөз аузыңнан шығатын болса, Георгий әулиенің аруағына сыйынып айтайын, менен ешқайда қашып құтылмайсың, онда сені шеркеу де қорғап қала алмайды! Мен сені өз сарайыңның мұнарасына асып қойып, қарға-құзғынға жем қыламын... Иә, сөйтіп, Локсли, сенің йомендерің иесіз қалған аттарды ұстап болды ғой деймін. Мына серіге бір ат беріп, төрт жағын құбыла деп, босатып қоя бер!

— Егер сөзсіз бағынуға тиісті адамымның үнін естіп тұрмасам,— деді йомен,— мен бұл оңбағанды ұзақ сапардан азат етіп соңынан дәл тиетін жебені бір-ақ жолдаған болар едім.

— Сенің жаның, Локсли, нағыз ағылшынға біткен жан,— деді Қара Сал,— сен маған бас июге тиіс екеніңді жан-тәніңмен сезе білдің. Мен Ричард Англиский боламын!

Арыстан Жүрек Ричардтың зор парасаты мен ұлы дәрежесіне жарастықты алапатпен айтылған бұл сөздерге йомендердің барлығы тізелерін бүгіп, құрметпен тағзым етті де, корольдің қол астындағы азаматтары есебінде, өздерінің жасаған айыптарына кешірім өтінді.

— Орындарыңнан тұрыңдар, достарым,— деді Ричард, әлгінде ғана қысқан ашу бетінен басылып, йомендерге жарқылдаған көңілді мінезімен құрмет көрсетіп. Корольдің кескін-келбетінен әлгіде ғана қабағат қиын-қыстауға ұшырап, қиян-кескі айқасты басынан кешірген кісінің ешбір белгісі көрінген жоқ.— Бойларығды жазыңдар, достарым! Орман-тоғайдың ішінде, беті ашық даланың төсінде істеген телі-тентектіктеріңді Торкилстон қамалының қабырғасында бақытсыздыққа ұшыраған азаматтарыма сіңірген адал еңбектерін және тағы корольдеріңді бүгін құтқарып алған ерліктерің жуып - шайып кетеді. Көтеріліңдер, орындарыңнан, төлеңгіттерім, алдағы уақытта да менің адал, сенімді азаматтарым болыңдар. Ал сен, батыр Локсли...

— Енді мені бұдан былай Локсли деп атамауыңызды өтінемін, тақсыр патшам, бүкіл халқымыздың алдында әйгілі болған, бәлкім, сіздің патшалық құзырыңызға да жетіп қалған атымды біліп қойсаңыз екен... Менің есімім Шервуд торайынан шыққан Робин Гуд болады.

— Қысқасы, қарақшылардың падишасы, ер азаматтардың сардары екенсің ғой?— деді король.— Сенің атағыңды кім естімеді дейсің! Сенің даңқың Палестинаға дейін кеткені Ал енді есіңде болсын, аты шулы баскесерім, менің жортуылдағы кезімде және сол кезде туған дүрбелеңде жасаған айыбынның бірде-бірі саған айып боп жабыспайды.

— Міне көрдің бе, мақалда дұрыс айтылған,— деді Вамба, әшейіндегідей өрескелірек сөйлеп:

Болған күні мысық жоқ,

Тышқандардың ісі жоқ.

— А, Вамба, сен осында екенсің ғой!—деді Ричард.— Мен сенің дауысыңды ести алмаған соң, қашып кеткен шығар деп ойлаған едім.

— Сонда қашатын қатын мен болыппын ба? Оныңыздың жөні келсе игі еді!— деді Вамба. Батырды оңайлықпен тастап кете қоятын милауды қайдан көрдіңіз? Ана жатқан көк тұлпар менің семсерімнің шалған құрбандығы емес пе? Маған салсаң — ол сәйгүлік кермеде кербез шұлғып тұрса еді, ал оның орнында — мына малғұн қожасы жайрап жатса еді. Шынымды айтсам, мен алғашқыда жасқаныңқырап қалдым — үстіме киген ала шапан, болат сауытқа қарағанда, өткір найза үшін пана емес қой. Оның бер жағында, көк семсерді суырып ылғи майданға кіріп жүрмесем де, алдымен кернай ойнап, ұран салған мен едім ғой,

— Оның енді табылған ақыл еді, есіл ер көңілді Вамба досым,— деді король,— Мен сенің адал еңбегіңді ұмыта қоймаспын.

— Confiteor! Confiteor! деген монтаны үн шықты, корольге жақын тұстан.— Ох, әттең шіркін, өзім білетін латын сөздерінің барлығы шығып кеткен ойымнан! Ал енді өлерімде тілейтін иман-жаназамның барлығын өзім-ақ оқи берейін, тек қана мені өлімге апаратын пенделердің алдында күнәларым кешірілсе болды!

Ричард жан-жағына қарап еді, өзінің қақ қасында тізесін бүгіп, тасбиғын тартып отырған диуана мінезді машайықты көрді, осының алдында ғана тарбайысқан айқаста оңды-солды сілтелген машайықтың шоқпары жатыр шөптің үстінде. Ол өзінше өкініштен басын тауға да, тасқа да соғып, қалай болса солай аузын салбыратып жіберіп, Вамба айтқандай, ернеуі қусырусыз күмәжнектің аузынша, екі ұртын бет-бетімен жинаусыз қоя берген. Бірақ осынша жалынып-жалбарынғандықтың соңында ешбір. шын өкініш белгісі көрінбеді, өйткені шындап келгенде, машайық қазір-ақ қарқылдап күліп жіберуге дайын тұрған, ал оның қолдан жасап, қорыққан-үріккен болғаны, көзіндегі күлкіден-ақ көрініп қалды.

— Немене сен, шалдуар монах, әлдеңеден түнере қалғансың?— деді Ричард.— Әлде тәңірия ананың туған күні мен Дунстан әулиеге шынты-пейіліңмен қалай ғыбадат қылғаныңды қол тапсырған пірің біліп қояды деп зәрең ұшып отыр ма? Оған бола қорықпай-ақ қой, бауырым: Англияның королі Ричард екені рас болса, бутылканы ермек қып отырғандағы құпияны ешқашан ешкімге де білдірмейді.

— Жоға, зор рақым иесі, патша-ағзам, мен пірімнің асасы емес, патшамның асасынан қорқамын,— деді машайық өйткені ол Тук атанған жырау болып, Робин Гуд жайындағы ел аузындағы хиссалардың барлығын патша ағзамның өзіне айтып бергенін енді білді ғой).— Менің құдай ұрған жұдырығымның не істегенін білдіңіз бе, ол жұдырық тәңірдің өзінен бата алған патша ағзамның құлағына да тиіп қалды ғой!

— Ха-ха-ха!—деп күліп жіберді Ричард.— Айналып келгенде, желдің қай жақтан соққанын қараңыз! Сенің сол жұдырығыңнан соң құлағым күні бойы шуылдап жүрсе де, мен соны есімнен шығарып та жіберіппін. Рас, тоқмашқа-сыйлауың естен кетпестей болып еді, бірақ енді мына тұрған бар халық куә: менің де қайтарған сыбағам одан сорлы болмаса керек? Әрі-беріден соң, менде ақым кетті дейтін болсаң, қазірдің арасында-ақ..,

— Ох, жоқ,— деді монах,— мен сыбағамды толық алғамын, оны айтсаң, тіпті басымнан да асып кеткені Құдайым сіздің ұлы мәртебеңізге, өзіңіздің әрбір бересіңізді осындай-ақ тапжылтпай төлеп тұруға жаза берсін.

— Егер әр қашан борышымды осындай тоқмашқа-сыйлаумен төлеп, құтыла беретін болсам, онда менің алармандарым арыз айта қоймас еді,—деді король,

— Сонда да, ұлы мәртебелім,— деді машайық, қайтадан бір бишара жан бола қалғансып,— құдай жолына шет боп қалған әпербақандығым үшін маған енді қандай жаза болар екен, тақсырым?

— Оны енді, бауырым, аузыңа алмай-ақ қойсаң да болады,— деді король.— Менің қайдағы бір сайда саны, құмда ізі жоқ мәжусилер мен жәдігөйлерден жеген таяғымды санай берсем, Копменхерстың бірадары сияқты әулие адамнан жеген жалғыз жұдырығымды еске алуға да тұрмас. Онан да, досым, сенің дін жолындағы осы мәртебеңді мансұқ етіп, өзімнің жанабымда болатын сақшыларымның қатарына алсам, бір кезде Дунстан әулиенің қасиетті күмбезін қандай қорғап тұрсаң, біздің басымыздың амандығын да сондай қорғап тұрмас па екенсің?

— Ах, ұлы патшам,— деді монах,— сіздің әміріңізге құлдық ұрып, тағзым етейін, мені ондай мейірбандығыңыздан аулақ ете көріңіз... Егер мен пақырыңыздың қандай жалқау боп кеткенін білсеңіз, менің маңыма өзіңіз де жоламайсыз! Ал Дунстан әулие (ол жарықтық біздің атымыздан тәңірдің алдында қамқорлығын жасай берсін) өзінің жақсы жайында тыныштық алып жата берсін, бұғының соңына бір түсіп кеткенде менің де оған ғыбадат етуді ұмытып кететінім бар ғой. Кей кезде анау-мынауды сылтау қылып, түн ішінде құжырадан кетіп қалсам, Дунстан әулие оның бәрін кешіріп, үн-түн жоқ жата береді. Бұл не деген жаңға жайлы тақсыр десейші, ағаштан қиып жасалған болса да, нағыз құдай деген әулиенің өзі. Егер мен йомен болып, патша ағзамның жанабында сақшылық қызмет атқаратын болсам, әрине, менің зор мәртебеге қолым жеткен болар еді, ал бірақ, орманда аң қуып, әйтпесе бір оңаша түкпірде жесір әйелмен айналысып қалсам, іздеу салған өсек-аян дуылдап кетеді ғой: «әлгі бір қаңғыбас монах қайда жоғалып кетті екен, оңбаған төбет?» Немесе: «Әлгі ант атқан Түктің қайда құрып кеткенін көрген-білгендерің бар ма?»— деген сөз тарайды, Мұндайда орманшылар қарап қалсын ба: «Аң баласын құртуға келгенде орманда жүретін басқа аңшылар да бір, осы бір дін бұзар дүмше де бірі»— деп гуілдейді олар. Тағы бір жерде: «Елеуреп жүрген бір қорқақ маралды көрсе болды, соның соңына түседі де кетеді ол!»—деп көріп тұрғандай соғады ол сабаздар. Қысқасын айтқанда, ұлы марқабат иесі, тақсыр патшам, мені сол бұрынғы орнымда қалдыpa көріңіз. Ал егер аса рақымыңыз түсіп, қалайда маған бір жақсылық еткіңіз келіп тұрса, Копменхерстегі Дунстан әулиенің адал қызметкері мен пақырды рахметіңізден құр қалдырмай, қандай сыйлық көрсетсеңіз де, зор алғыспен қабыл аламын.

— Ұқтым!— деді король.— Шеркеудің адал қызметкері, саған мен өзімнің қарамағымдағы Уорнклиф тоғайларында аңшылық саят құруына рұқсат еттім. Бірақ та, байқа, жылдың бір маусымында үш ту бұғыдан артық шығын жасамайсың. Бірақ, христиан серісі мен ағылшын королінің атымен бас тігейін, сен осы рұқсатты да өз бетіңмен пайдаланын, отыздан кем бұғы атпайтыныңа күманым жоқ.

— Бұл енді өзіңізге белгілі кәсіп қой, ұлы мәртебелім,— деді машайық.— Дунстан әулиенің батасымен, сіздің дарқан марқабатыңызды молайтып алармын.

— Мен сенің мол қолдығыңа шек келтірмеймін, бауырым. Ал аңның етін құрғақтай жеу сығырдан болатындықтан, біз өзіміздің шаруа басқарушымызға жыл сайын сенің қарамағыңа бір кеспек испан шарабын, кішірек бочка толы мальвазия және тағы ең жақсы сырадан үш бочка сыра жіберіп тұруға бұйрық беремін. Егер бұған да сусының қанбайтын болса, онда менің сарайыма келіп, албаршыммен таныс боп ал.

— Ал сонда Дунстан әулиенің өзіне ие болады?—деді монах.

— Мұның үстіне әулиенің дағара бөркі мен шидем шекпенін, алтарьдің үстін бүркейтін жамылыш аласың,— деді король, шоқына түсіп.— Бірақ, бұл сөзді енді доғарайық, әйтпесе өзіміздің дүнияуи анау-мынауымызды айтамыз деп, құдайдың ашуын келтіріп алармыз, шынында, құдай бұл пенделерім маған ғыбадат етіп, құлшылық қылудан гөрі, өздерінің қызық-шыжығын көп сөйлейді екен деп жүрер.

— Алаң болмаңыз, тақсыр, мен өзімнің қамқорыма кәміл сенемін!—деді монах қуана кетіп.

— Онан да сен өз басыңа ие болып ал,— деді король, түсін суытып, бірақ соның арасынша именшектеп, жасып қалған машайыққа қолын беріп еді, ол тағы да тізесін бүгіп, тағзым ете тұрып, корольдің қолын сүйіп алды.

— Сен менің жағып берген қолымнан бұрын түйілген жұдырығымды құрмет тұтады екенсің,— деді король Ричард,— жұдырығымның алдында ұзыныңнан сұлап түсіп едің, жазулы алақаныма тізеңді бүктің де қойдың.

Енді машайық әзіл сөзді онша соза бергісі келмеді, өйткені ойыннан от шығып, оңдырмай таяқ жеп қалды ғой, заты, патшамен сөйлескенде, кім де болса, байқап сөйлескені мақұл екен деп түйді ол, өз ішінен. Сондықтан бұл жолы корольге құрметпен бас иді де, кері шегініп кетті.

Сол кезде алаңға тосыннан бір-екі атты шыға келді.

XLI ТАРAY

Сәлем сізге, салауатты мырзалар!
Біз кедейміз — ойын-күлкі бізде бар!
Қысылмастан, ұялмастан кел — дейміз,
Біздің мекен киік асқан бел — дейміз,
О, мырзалар, біздің жаққа кел — дейміз!

Макдоналд.

Жаңа келген екі атты Уилфред Айвенго мен Гурт еді, Айвенгоның астында — Ботольф аббатының жорға биесі, Гурттің мінгені — серінің жорыққа мінетін төл аты. Патшасының үсті - басындағы қанды көріп Уилфред аң-таң боп қалды, бұлар тұрған аланда алты-жеті кісі өліп жатыр. Айвенго Ричардты айнала қоршап тұрған көп адамға да қайран қалды, бұлардың түрлеріне қарағанда, ерікті йомендер, басқаша айтқанда, қарақшылар сияқты, ал орман ішінде мұндай адамдар король үшін онша сенімді нөкер емес еді. Айвенго осы жағдайды көре тұра Ричардқа қалай деп тіл қатарын — я оны король дерін, я ел аралап келе жатқан Қара Сал деп атарын білмей, дел-сал боп тұрып қалды. Осыны түсінген король оны қиын жағдайдан өзі құтқарып әкетті.

— Сақтанатын ештеңе жоқ, Уилфред,— деді ол,— бұл жерде мені Ричард Плантагенет деп білуіңе болады, өйткені мен адал жүректі ағылшындардың ортасында тұрмын, ағылшындардың жаратылысынан біткен асау қандарының қызуымен бұлар біразырақ жолдан тайып жүрсе, ол ештеңе етпейді.

— Уилфред Айвенго мырза,— деді қарақшылардың ер жүрек көсемі алға шығып,— ұлы дәрежелі патша ағзамнан артық менің айтарым жоқ. Сөйткенімен, соңғы кезде жәбір көріп келген адамдардың арасынан корольге біздей жан-тәнімен берілген, біздей адал қызметкер жоқ!

— Бұлардың ішінде,— деді Уилфред,— аяулы йомен, сені көріп тұрған соң менің күдіктенетін ешбір жөнім жоқ. Ал енді мынау ойран-топырдың жөні қалай? Бұл жерде өлген адамдар жатыр, оның үстіне менің патша ағзамымның сауыт-сайманы қан боп қалыпты?

— Бізге опасыз азғындар шабуыл жасады, Айвенго,— деді король,— тек мына тұрған ер жүрек азаматтардың арқасында опасыздар тиісті сазайын тартты. Оның бер жағында, айтпақшы, сенің өзің де опасыз боп тұр екенсің ғой,— деп жымиды

Ричард,— нағыз күдер үзген опасыз сен боп тұрсың. Қашан жарақатың жазылып кеткенше, біздің саған Ботольф әулиенің аббаттығынан шықпайсың деп, қатал тыйым салып кеткеніміз қайда?

— Жара жазылған,— деді Айвенго,— оның тек құр орыны ғана қалған. Бірақ, ой, ардақты патша ағзам, короліміз, жалғыз өзіңіз жолға шығып, мынадай сергелдең оқиғаларға қатысып, өз өміріңізді кездейсоқ қауіп-қатерге ұшыратып, жолыңызға жанын салатын адал достарыңызды мұнша неге өкінішке қалдырасыз, сіздің мынау ісіңіз — ақ найзаның ұшымен, көк семсердің жүзімен табылатын тарту-таралғыны қуалап, ел аралап, саяхат құрып жүрген сыбай-салтан жай серінің кәсібі ғой, ал шынтуайттап келгенде, сіздің өміріңіздің бағасы сол ғана ма еді?!

— Ал Ричард Плантагенетке одан артық атақ-даңқтың қажеті жоқ,— деді король.— Ол үшін өзінің ақ найзасының ұшымен, көк семсерінің жүзімен табылған атақ пен даңқтан артық абырой жоқ! Иә, Ричард Плантагенет солай, ол жүз мыңдаған қалың қолды басқарып жеткен жеңістен гөрі өзінің қуатты қолының күшімен, көк семсерінің жүзімен жеткен жеңісті мақтан көреді.

«— Бірақ өзіңіздің королевствоңызды ойлаңыз, ұлы дәрежелі патша ағзамым,— деді Айвенго.— Егер бүгінгі құтылып тұрғаныңыздай, құдайдың құтты күні кездесіп қалуы мүмкін жанжалдардың бірінде жазым боп кетіп, патшамыздан айрылып қалатын болсақ, мемлекетіңіз бөлініп-жарылып кеткелі тұр, оның ішінде қым-қиғаш соғыс басталып кетуі мүмкін, ал қол астыңыздағы халықтың басына бәле орнап, толып жатқан ауыртпалыққа ұшырауы да ғажап емес.

— А солай, королевство, қол астындағы хақың дейсің бе?— деді Ричард, бұл сөзге төзе алмай.— Олай десең сен, мен былай деймін, Уилфред мырза, егер мен білместік істесем, қол астымдағы азаматтарым да маған соны істейді екен ғой. Мысал үшін айтсақ, менің ең бір сенімді төленгітім Уилфред Айвенго деген қызметкерім бар, ол өзі менің тілімді алмайды, ал король оның тілін алмаса, ол корольге сөгіс беруге дейін барады. Сонда бірімізге біріміз кіна тағу үшін қайсыңыздың хақымыз молырақ болды? Енді, бірақ, менің әбестігім болса, кешерсің, сенімді серім Уилфред. Мен өзімнің осында екенімді тектен-текке жасырып жүрген жоқпын. Ботольф әулиенің аббаттығында кеше түсіндіргенімдей, менің біраз уақыт белгісіз боп жүруім қажет болды. Бұл уақыт өзімнің жақын достарым мен сенімді төленгіттеріме өздерінің жасақтарын жинап алулары үшін еді. Өйткені Ричард мұнда қайтып келді дегенше, оның қарамағында дұшпаның бірден қорқытып, олардың ойлаған бүлігін семсер суырмай-ақ басып тастайтын мөлшерде қуатты әскері болуы керек еді. Йоркке қарай аттануға жеткілікті қол жиып алу үшін Эстотвил мен Бохунға енді бірнеше апта керек. Әуелі оңтүстіктен — Солсбериден, сонсоң Уорикшир графтығынан — Бошаннан хабар алу керек, ал одан кейін солтүстіктен— Малтон мен Перейден хабар жетуге тиіс. Осы уақыттың ішінде лорд-канцлер де Лондонның көмегіне кепілдік алып болуы керек. Ал осы шаралар іске асырылып болғанша, ойламаған жерден пайда бола кетуім менің өзімді қатерге ұшыратуы кәдік; онда мені ер жүрек Робинның мерген садақтары, машайық Туктің нән шоқпары, ақылгөй Вамбаның аңшы кернайы, оның үстіне өзімнің өткір семсерім болып — бәрі қосылғанда бір мені айырып ала алмай қалуы әбден мүмкін.

Корольдің толғамды ақыл-айласына мойын ұсынған Уилфред бұған тағзым етті де қойды. Патша ағзам албырт серіліктің әсеріне беріліп кеткенде, оны алған бетінен қайтарып алу өте қиын болатын, бірақ содан өзі оп-оңай да құтылып кете беретін еді; бұл жайды жақсы білетін Айвенго бұл дәрежедегі адамның не істеп, не қойғанын да іздеп әуре болмаушы еді.

Сондықтан жап-жас сері бір күрсініп алды да үндемей қалды, жас досының айтқан ақылының дұрыстығын ішінен мойындап тұрса да, оның аузын аштырмай қойғанына өзінен-өзі сүйсінген Ричард, оны былай тастай беріп, Робин Гудпен сөз бастап кетті.

— Ал, қарақшылардың королі,— деді Ричард,— өзіңнің король бауырыңа жүрек жалғайтын бірдеңе табасың ба? Әлгі сұмырайлар маған жоқ жерден жұмыс тауып беріп, қарнымды аштырып кетті ғой.

— Шынымды айтсам,— деді Робин Гуд,— сіздің ұлы мәртебеңізге, мен өтірік айта алмаспын — біздің жол азығымыз әлгі...— деп ол сірә, қиналғандықтан мүдіріп қалды.

— Аңның еті демексің ғой, тегі?— деп Ричард өзі көңілді шыраймен қошуақтап әкетті.— Несі бар, одан артық тамақ бола ма? Оның бер жағында, корольдің өзіне үйінде отырма деген кім бар және тағы өз аңын өзі атып алмайтын болса, атып берген аңды жемейтін тағы қандай қақысы бар?!

— Егер сіздің ұлы мәртебеңіз,— деді қарақшылардың королі,— Робин Гудтың жасақ салған тағы бір бекінісіне баратын болсаңыз, аңның етіне тарықпайтыныңызға мен кепіл. Тамақты сырғытып отыратын тостағандаған жап-жақсы шарап пен сапты аяқтаған тіл үйретін күшті сыра да табылып қалады.

Осыны айтып қарақшы корольдің алдына түсіп алды да, жолды бастай жөнелді, Робин Гуд пен оның ормандағы жолдастарына қонақ болатынына, сірә, қуанып кеткен көңілді король, оның соңынан ере берді, дәл қазір шынжыр балақ, шұбар төс нөкерлерімен корольдің жылы-жұмсақ, тәтті-дәмді тағамнан қайысқан салтанатты столының басында отырғаннан мына қарақшының орман арасындағы ту-талақай дастарқанының басында отыру анағұрлым қайырлы еді. Арыстан Жүрек Ричард үшін жаңа, тосын адамдармен танысып, тұтқиылда кездескен серуен-сергелдеңге шалдығып жүруден өткен ғанибет болмайтын; егер осындай сергелдең-серуенде қауіп-қатерге ұшырасып қалу және оны жеңіп алып жүру мұның бір рақаттанып қалатын дәурені болушы еді. Арыстан Жүрек атанған король игілігі жоқ, бірақ атақ-шуы көп, сол заманның романдары жырдай ғып суреттейтін таң-тамаша ерліктердің нағыз қаһарман серісі болатын; өзінің ел билеудегі дұрыс саясатымен, кемеңгерлігімен келген атақтан гөрі, жеке басының күш - қайратымен келген атақты ол артық көруші еді. Сондықтан оның патшалық дағуасын көк жүзінде жарқырай ағып өткен жарық жұлдызға теңеуге болатын, аққан жұлдыз аспанға керексіз, тек жарық сәуле беріп өтеді де, ақырында мәңгі қараңғылыққа кіріп, жоқ боп кетеді ғой, Арыстан Жүрек Ричардтың құрған патшалық дәурені де осының мысалы еді. Оның серілік ерліктері заржақ жыраулар мен жез көмей ақындардың сансыз көп өлең-жырларының арқауы болды, бірақ ол келешек ұрпаққа тарихшылар үлгі-өнеге ғып тартатындай ешбір игілікті іс қалдырмады.

Ал оның қазір басынан өткізіп келе жатқан жігіттік дағуасын алсақ, король кездейсоқ жолшылардың арасына кіріп алып, мәз-майрам боп келеді. Мұндайда оның көңілі өсіп, жағасы жайлау боп кететін әдеті еді, оған қазір адамдардың барлығы — бір адам, кім де болса, бәрібір болатын.

Ормандағы бір зәулім еменнің саясына ағылшын королінің құрметіне кең дастарқан жайылып, ат үсті ас дайындалған, корольді қоршалап отырғандар — оның мемлекетінің заңын бұзып, қылмыс жасап жүргендер, ал қазір солар корольдің басын қорғаушы, сарайындағы нөкері болып отыр. Енді бөтелкенің аузы ашылып, қолдан-қолға шарап жағалай бастағанда, орманның орақ ауыз, жабайы ұлдары корольдің алдындағы әдеп-құрмет дегенді ұмытты, патша отыр екен деп, қорқатын-үркетін ешкім де қалмады. Ән шырқалып, әзіл-сықақ қотқа басты, қарақшылардың жол тосып, ел тонаған ерліктері, есебін тауып заңды бұзған жолдары туралы мақтаныш, көптірме сөздеріне тіпті есеп болмай кетті бөтелке-жолдастар бір қызып алған соң, осының бәрі заң иесі, ел билеушінің көз алдында болып жатқаны ешбір жанның ойына келмеді. Көңілі көп болып алған патша ағзам өзінің ұлы дәрежесіне басқадан артық-мән берген жоқ, қайта өзге көппен бірдей ойнап-күліп, әзіл-оспаққа басып, шарап толы тостағандарды бірінен соң бірін босата берді. Дегенмен, жаратылысынан саналы боп, табан ақылмен жаралған Робин Гуд әлдекімнен, әлдеқандай бір нәрседен бұл той-томалақтың шырқы бұзылмай, қаймақ қоспағы қаз қалпында тұрған кезінде аман-есен тарқап кетуі керек екенін сезе білді, оның үстіне той ұзаған сайын Уилфред Айвенгоның қабағы түсіп бара жатқанын да тақыс қарақшы ішіне түйіп алып еді.

— Айбынды патша ағзамның жанабында болу,— деді Робин Гуд Уилфредке ақырын дауыспен,— әрине, бізге үлкен абырой, бірақ та оның мойнында мемлекеттің қыруар жұмысы жатқанда, біздің арамызда болып, алтындай уақытынан айрыла беруін мен өз басым қаламаймын.

— Сен тауып айттың, аяулы Робин Гуд,— деді Уилфред те жайлап қана.— Оның бер жағында қанша көңілденіп отырса да, король деген алапатпен ойнау — арыстанның баласымен ойнағанмен бірдей, бір кезде ол тырнағын арбитып, азу тісін ақситып, күрілдеп шыға келуі мүмкін.

— Ең алдымен мен осыдан қорқамын,— деді Робин Гуд.— Менің жігіттерім — жаратылысынан да, істеп жүрген кәсібі жағынан да, дөрекі, дүлей халық, ал король қанша қайырымды болса да, ашуланшақ. Оған біздің неден жақпай қалуымыз да неғайбіл нәрсе, ал сонда біздің жігіттер оның ашуына қалай қарарын кім біледі. Тегінде, осы тойды есебін тауып тоқтатқанымыз мақұл шығар.

— Ендеше, оның есебін өзің тап,— деді Айвенго,— өйткені мен иек қақсам, ол тойды ұзата беруі кәдік.

— Сонымен, корольдің әлгіде ғана базыналық қып жасаған кешірімі мен мейірімінен айрылсам — айрылатын мен болдым ғой,— деді Робин Гуд, ойланып тұрып.— Әй, енді Христофор әулиенің аруағына сыйынып, не болса ол болсын, нар тәуекел деп көрейік. Егер мен оның жақсылығын жоғалтам деп қорқатын болсам, онда мен оның сол базыналығына да тұрмаған болар едім... Эй, Скетлок, сен барып анау шіліктің тасасына тұр да маған норман дабылын ойнап берші. Есіңде болсын, мықтап ойна, әйтпесе көкеңді танытамын!

Скетлок көсемнің бұйрығын орындауға жөнелді, одан соң бір бес минуттай уақыт өтпей-ақ, той тойлап отырған жұрт кернайдың дауысымен аяқтарынан тік тұрды.

— Мынау Мальвуазеннің дабылы,— деді Тиірменші, садағын қолына ала беріп.

Машайық бөтелкені тастай беріп, шоқпарына қарай ұмтылды. Қайдағы бір сықақты айтып келе жатып шашалып қалған Вамба жаушы-жаужалам семсері мен қалқанын қармана бастады. Басқа жігіттердің барлығы да қару-жарақтарына қарай жүгірді.

Қауіп-қатер мен ылғи жорықта жүрген адамдардың тамақ ішіп отырып, бірден ұрысқа кірісіп кететін әдеті ғой мұндай дүрбелең десе, Ричардтың айызы қанатын еді. Тамақтың алдында сыпырып тастаған дулығасы мен сауыт-сайманымды беріңдер деп айғай салды да, Гурт оны алып кеп, үстіне кигізіп жатқанда, корольдің өзі алда болайын деп тұрған қиян-кескі ұрысқа қатысушы болма деп, егер тыңдамасаң, қаһарымды тігемін деп қорқытып, Уилфредке ақыл айтумен болды.

— Сен мен үшін жүз рет айқасқа түстін, Уилфред, оны мен мына көзіммен көріп тұрғамын. Ал енді мен разы болсын десең, күні бүгін жайыңа отыр да, өзінің дос төлеңгіті үшін Ричардтың қалай сайысқан қызығын көрде отыр.

Бұл уақыттың арасында Робин Гуд жігіттерін кежуілге жіберген кісі болып, жан-жаққа таратып қоя берді де, тойдың ақыры аяқталып, кейінгі сөйлесіп тұрғандардың сөзі біткен кезде, ол бастан-аяқ қаруланып аяған Ричардтың алдына келіп, тізесін бүгіп тағзым етті де корольден кешірім өтінді.

— Тағы не боп қалып еді?— деді Ричард, қаһарлана түсіп.— Біз сенің өткен айыптарыңның бәріне кешірім жариялаған едік қой. Немесе сен өзің, әлде біздің сөзімізді жел ұшырып кететін ебелек деп білемісің? Ал оның бер жағында сен ештеңеден жазалы бола қоймаған шығарсың?

— Әңгіме сонда боп тұр, жазалы болып қалдым,— деді йомен,— егер патша ағзамның өз мүддесі үшін мен оны алдаған болсам, бұл айыпқа бұйырылар ма екен? Әлгіде ойналған кернай Мальвуазендікі емес-ті. Сіздің бұдан да маңызды істерге жұмсалатын қымбатты уақытыңызды алып бара жатқан соң, той-томалақты тоқтату үшін оны ойнатқан мен едім.

Осы сөзді айтып, Робин аяғынан тік тұрды да, екі қолын қусырып, бағынышты адамнан гөрі құрмет еткен кісінің кескінімен, енді король не айтар екен дегендей ғып, орнында тұрып қалды. Иоменнің тәрізінен, қанша кінәлы болса да, ой-пікірі таза адам екені онсыз-ақ көрініп тұрды. Ричардтың қаны сыртына теуіп шыға келді де, бірақ соның арасынша сабасына түсіп, басыла қалды, лезде ашына қалған тентек мінезді артынан ақыл жеңіп, әділет үстем боп шыққан еді.

— Шервудтың королі құсының еті мен шарабын Англияның короліне көп көрген екен ғой,— деді Ричард.— Мейлің, жарайды, ер жүрек Робин! Сауықты сайран Лондонға сен қонақ боп келгеніңде мен сенен гөрі жомартырақ болармын деп ойлаймын. Шынтуайттап келгенде сенің ақылың дұрыс. Ал енді аттар қайда екен, жолға шығайық! Уилфредтың тықыршып отырғанына бір сағат болды, Адалыңды айтшы, аяулы Робин, өзіңе ақыл айтқанның үстіне, сенің әрбір қимыл, жүріс-тұрысыңды билеп басшылық етіп отыратын, егер оның айтқанын істемей, өз бетіңмен кететін уақытың болса, өзі бір мүсәпір жанша сәлмірейіп қалатын досың, сірә, сенің, жасағыңда болып көрді ме?

— О, не дегеніңіз, менің де бір көмекшім бар,— деді Робин,— оны біз Кішкентай Джон деп атаймыз. Қазір ол біздің ішімізде жоқ; ол бір алыс экспедициямен, шекарадан тысқары Шотландияға кеткен. Мен сіздің ұлы мәртебеңіздің алдында шынымды айтсам, сол Джонның ақыл-кеңесінен басымды алып жүре алмаймын. Бірақ, ойлана келгенде, тағы соған ашулана да алмаймын, өйткені ол өзінің адал ниетімен тек менің пайдамды ойлайды.

— Сенің айтқаның рас, ақ ниет йоменім,— деді Ричард.— Менің бір жағымда, қабағын түйіп алып, түнерген бетімен дұрыс ақыл беріп отыратын Айвенго отырса, екінші жағымда — өз пайдам үшін өзімді алдап отыратын сен отырсаң, мен өз бетіммен түк те шешпеген болар едім, шынына келгенде, христиан елінің болсын, я мәжусилер елінің болсын, өрбір королі осындай ғой... Ал сонымен, мырзалар, жолға шығайық. Сапарымыз оң болып, Конингсбургке жол тартайық, мұндағының бәрі осы арада қалсын.

Робин Гуд Ричардқа сол баратын жағына жасақ жібергенін, егер жолдарында бекініп жатқан біреулер болса, дереу хабар жеткізетінін айтты. Бірақ, бұл жолдың ешбір қayiпсіз болатынын да есіне салып қойды. Ал, тіпті, олай болмаған күнде, бұларға алдымен хабар тиетінін, сонсоң азырақ шегініп кетсе, осы бағытта өзі бастап баратын қуатты мергендер жасағына келіп қосылатынын да алдын ала айтып берді.

Ричардтың қамын жеген осындай қамқорлықтан соң ол қарақшылардың көсеміне тіптен разы болып, өзін алдаған айлакерлігіне кек сақтамақ түгіл, шынтыпейілімен беріліп, сапарына шын ықыласымен аттанды. Король Робин Гудке қолын қайтадан беріп тұрып, оның өткендегі айыптарын толық салауат ету былай тұрсын, керек десе, келешекте де кеңшілік беріп, жақсылық жасап тұруға, орман туралы заңды қолданудағы қаталдыққа шек қоюға, сол заңның озбырлығынан қарақшылыққа салынып кеткен көптеген ағылшын йомендерін бұдан былай қудалатпауға уәде беріп кетті.

Бірақ Ричард мезгілсіз қазаға ұшырап кеткеннен кейін оның жасаймын деген көп жақсылығы іске аспай қалды. Орманды қорғау және аңшылық жайындағы жаңа заң қаһарман ағасы қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Джон корольдің қолынан жұлып алынды.

Ал Робин Гуд туралы, оның кейінгі тағдыры мен бір опасыздың қолынан өлгендігі туралы хикаяға келсек, мұның бәрін көне жыр-хиссалардан тауып оқуға болады, ол ескі жырлар кезінде гот әрпімен басылып шығып, енді бұл жырларды алтынға да таппайсың деген сықақ тақпақпен жарты пенниден сатылған.

Қарақшының жолға шығарып салғандағы айтқаны айнымай келіп, король қасындағы Айвенго, Гурт, Вамбаларымен ешбір тосқауылсыз, Конингсбург сарайына күн барда келіп жетті.

Бұл көне қамалдың тұрған жеріндей көркем қоныс бүкіл Англияда некен саяқ кездеседі. Дөңгелене біткен бұйрат-бұйрат адырлардың арасымен ағыны жай, суы тынық Дон өзені ақырын жылжып жатады, өзеннің жағалауы кезектесіп келген шоғырмақ орман ағаштары мен жайқалған егін мәйектері. Өзеннің дәл жаралауындағы төбенің басында — берік қамал мен терең орлардың қоршауында зәулім көне сарай; саксондардың қойған атауларына қарағанда, нормандар жаулап алардан бұрын мұнда Англия корольдерінің ордасы болған. Сарайдың сыртын қоршаған крепостной қабырғалардың тәрізіне қарап, мұны салған, сірә, нормандар екенін білуге болады, ал сарайдың негізгі үйі сонау көне заманның жұрнағы екенін меңзейді. Төбенің басына, ішкі ауланың бір бұрышына орнатылған бұл үй аумағы жиырма бес фут шамасында дөп - дөңгелек күмбез боп келеді. Сарайдың қабырғалары төтенше қалың және сырт жағынан тіреп қойғандай, яки қабырғаны қорғап тұрғандай орасан қомақты, нән діңгектер қойылған. Аяқ жағы жалпақ, бас жағы сүйірлеу мұнара тәрізді нән діңгектер үйдің ішкі құрылысымен астасып жатады. Мұндай алып діңгектер сырттан қарағанда алыстан көзге түсіп, адамның ой-қиялын баяғы жеті патшалықтың заманына жетектеп алып кетеді де, ескілікті көксеген көздерге бір түрлі қызықты боп көрінеді, сол сияқты алып діңгектердің құрылысы мен түр-сипатының өзі де осындай қызықты. Сарайдың қақ қасында атақты Хенгисттың бейіті деп есептелетін зор қорған тұр, ал соның маңайындағы бейіттердің іші-тысының барлығы атам - заманғы дәуірдің таң-тамаша ескерткіштері боп саналады.

Арыстан Жүрек Ричард король мен оның қасындағы нөкері абажадай бір алапат боп жатқан бұл сарайдың маңына келген заманда бұл үйдің айналасын қоршаған тас қабырға әлі жоқ еді. Сірә, саксон сәулетшісі барлық өнерін негізгі қамалдың өзіне төгіп қойып, сыртқы бекіністерге онша көңіл бөлмеген секілді, өйткені сарайдың айналасына жадағай шарбақ орната салыпты.

Негізгі мұнараның ең биік төбесіне тігілген зор қаралы жалау марқұмның әлі қабірге қойылмағанын, оның мәйіті әлі үйінде екенін айтып тұрғандай. Бұл жалауда марқұм болған адамның ата тегіне, мансап-дәрежелеріне айғақ болғандай ешбір ұран-таңба көрінбейді. Шынына келгенде, бұл ұран-таңба деген ресім нормандардың өзінде жаңа-жаңа дәстүрге кіре бастап еді де, ал сакстар мұның не екенін ол кезде білмейтін де. Ал қақпаның үстінде боз аттың суреті салынған екінші жалау ілінген; марқұмның ұлты мен ата тегін, міне, осы жалау айтып тұр, өйткені бұл жалау баяғы Хенгист пен соның саксон жауынгерлерінен бері қарай мирас боп қалған бұлардың ата мұрасы еді.

Сарайдың айналасы жыртылып-айрылған қалың халық. Марқұмның қонақ асы салтанаты қаза болған адамның туған - туысқандары мен қарашы төлеңгіттерін былай қойғанда, кездейсоқ келіп-кетіп жатқан жолаушыларға да ұлан-асыр той сияқты боп өтіп жатты. Ата тегі шонжар, өзі бай Ательстанның асындағы сый-құрмет, тағам-шараптан ішкен мас, жеген тоқ дегендей, жұрт бір кенеліп қалысты.

Сондықтан марқұмның сарайы тұрған төбенің басында үздіксіз ағылып жатқан халықта есеп-қисап болмады. Король мен оның нөкері шалқасынан ашылып тастаған дарбазадан келіп кіргенде, сарайдың ішінде болып жатқан көрініс, кісісі өліп, қаралы боп жатқан елдің әдет-ғұрпымен бір де қабыспайтын еді. Қораның бір бұрышында нән атан өгіз бен құнан қойлар сойылып, қуырдақ қуырып жатқан аспаздар, екінші бұрышта — жаназаға келгендердің еркіне беріліп қойған кеспек-кеспек сыра. Қай жерді алсаң, сол жерде табақ-табақ мол етті ортаға алып, қолдан ашытқан бал-сыраны сіміріп отырған топтасқан жұрт, Айлар бойы аш жүріп, енді бір күн де болса, тамағын тойғызып, сусынын қандырып қайту үшін келген, ішсе — тамаққа, кисе — киімге жарымаған аш-жалаңаш саксон құлдары. Бір жерде қонақтарға тартылған тағамға қанша шығын шыққанын, ішілген сыраның сапасы қандай болғанын сарапқа салып, маңыздана әңгіме-дүкен құрған қаланың әлді қожалары мен шеберлік дүкендері бар қолөнершілері. Әр жерден бір көрініп қалып, мұның ішінде араласып жүрген шоғырмақ-шоғырмақ, кедейленіп қалған норман ақсүйектері де бар. Оларды басқа жұрттан қырма сақалдары мен қысқа плащтарына қарап айыруға болады, өздері елден ерек бөлектеніп, маңайларындағы басқа халыққа қатты жеркенішпен қарайды, әлдеріне қарамай, өздері сондай тәкаппар келеді екен, сөйте тұрып, ас беріп жатқан сакстардың тағамын да апырыпт - жапырып жеп алуды ұмытпайды.

Мұндай көптің ішінде қайыршылардың болмауы да ағаттық қой, қораның ішін жағалай кезіп, қайыр тілеп, олар да жүр. Осылармен аралас, өздерінің айтуларынша, Палестинадан қайтқан солдаттар да кездесіп қалады. Асқа жиылған көптің ішінде айна-тарақ, ине-түйме сияқты ұсақ товарларын қыдыртып сатқан бақалшылар да жүр; ел кезген қол өнершілер жұмыс сұрап сандалады; ел ақтаған кезбелер, дін жолын қуған сопылар, өздеріне өздері ат қойып, айдар тағып алған монахтар да осында; саксон жыраулары мен уэлс жұртының жез таңдай ақын-әншілері дұға оқып, қиюы қашып, шегі үзілген арфалары мен алты шекті скрипка, гитарларынан әлденені дыңылдатады. Олардың біреуі Ательстанды қайғылы жырға қосып, жоқтау айтады, екіншілері оның ата тегін мадақтап, аттарына тіл келмейтін, бекзат ата-бабаларын тізбектеп жыр шығарады. Бұл астан көз байлаушылар мен күлдіргіштер де құр қалмапты; олардың ойындары мен дәлдүк әрекеттері мұндай жерде, өлім жағдайында орынсыз, тіпті сөкет іс болса да, беттің арын белбеуге түйгендер, көздерін жұмып қойып кетті. Қайта, бұл жөнде сакстардың әдет-ғұрпы өте кең келеді екен. Егер адамның қайғыдан қарны ашып кетсе — әне, шарап, сыра, егер іші пысып, ерігіп кетсе — көңіл көтеретін ән-күй, ойын - сауығы тағы дайын. Астың қонақтары осының бірінен кемдік көрмей, молынан пайдаланды. Ал егер жұрттың мұнда не себепті жиылғандары естеріне түсіп кетсе, ер-азаматтар аһылап - үһілеп, ал әйелдер (аста бұлар да жеткілікті болатын) кәдімгідей дауыс шығарып, жоқтау айтады екен.

Ричард пен оның қасындағы нөкері Конингсбург сарайының ауласына кіргенде, олардың алдарынан шыққан көрініс осындай еді. Асты басқарушы, даяршылар көбіне көңіл бөле қойған жоқ, жалғыз-ақ тәртіп, жол-жобаға салатын жағдайларда ғана іске араласып тұрды. Дегенмен, тәртіпшілер король мен Айвенгоның кескін-келбеттеріне қарай, бұларға еріксіз көңіл бөле қалды, әсіресе Айвенгоның тұлғасы бұларға бір түрлі таныс көрініп кетті. Оның үстіне саксондардың ас пен тойына серілердің келуі өтe сирек болатын оқиға еді, сондықтан серілердің келісі марқұмның аруағы үшін де, оның үй-ішінің көңілі үшін де үлкен бір құрмет боп көрінді. Қаралы киім киген, қолында аппақ белгі таяғы бар сырбаз жігіт бұлардың алдарынан шығып, Ричард пен Айвенгоның мұнараға кіретін жолын жай халықтан арылтып берді.

Гурт пен Вамба аулада қалып еді, соның арасынша бұлар өздерінің осындағы дос-жарандарымен табысып кетті: бұлар серілермен қатарласпай-ақ, өздерін шақырғанша, осында қала тұруды мақұл көрген еді.

XLII ТАРАУ

Мен көрдім — Марчеллоны кебіндеді,
Ән айтып, аза күйін шертіп бәрі.
Жылады, азан-қазан еңіреді.
Әдетте дәл осылай күңіренткен
Кемпірлер түні бойы табыт күзеткен.

Ескі бәйіт.

Конингсбургтың ең зор мұнарасына кіретін есік өзінше бір ерекше жолмен жасалған екен, оның түр-тұрпаты сарайдың салынған дәуірінің қара дүрсін, оғаштау екендігін көрсетіп тұр. Мұнараның тіктеу келген, аса рәтөкпе басқыштары арқылы күнгей жақтағы төменгі өткеліне түсетін жол бар көрінеді, сол жолмен көне сарайды зерттеп көрермін деген кісі (қысқасы, бұдан бірнеше жыл бұрын) сарайдың ішкі құрылысына жол тауып, қалың қабырғадан қиып жасаған тар сатымен үшінші қабатына көтеріледі екен.

Ал мұнараның астыңғы екі қабаты погреб пен казематқа арналып оңаша қалдырылған, бұларға жарық пен ауа үшінші қабаттың еденінен жасалып қойған төрт бұрышты саңылау арқылы келеді екен; бұл каземет пен погребке алмалы-салмалы ағаш басқыштың көмегімен ғана түсуге болатын көрінеді. Ал төртінші қабатына сарайдың баяғы айтқан нән тіреулеріндегі өткелдер арқылы ғана қатынасуға болады.

Ардақты король Ричард пен оның сенімді досы Айвенгоны бүкіл үшінші қабатты алып тұрған дөңгелек залға осындай шытырман жолдармен алып келді. Бұларды тік сатылар арқылы ақырындап алып келе жатқанда, Айвенго плащымен басын бүркеп, бет-нұсқасын тасалап алды. Ол корольден белгі болғанша, әкесіне танытпай тұрмақшы еді.

Залдың ортасындағы үлкен емен столдың айналасында осы өңірдің тұс-тұсынан келген сакстардың игі жақсыларынан он бір-он екідей кісілер отыр екен. Бұл бәрі өңшең қадірлі қариялар мен егде тартқан ақсақалдар көрінеді, ал үлкендердің наразы болуына қарамастан, қазіргі жастар жағы Уилфред Айвенгоның жолын қуып кеткенге ұқсайды; бұл жас ұрпақ жеңімпаз нормандардан жеңілген сакстарды бөліп тұрған жарты ғасырлық дәуірдің ішінде толып жатқан тосқауыл-бөгеттерді бұзып шығып отыр. Бұл инабатты ақсақалдардың түнерген қайғылы қабақтары мен тіл қатпай сазарып қалған түстері сарайдың ішін меңгеріп, билеп тұрған мәз-майрам көңілділікке қарама-қарсы еді. Залда отырған үлкен кісілердің иықтарына түскен аппақ шаштары, белуарына түскен ұзын қаба сақалдары, ескі үлгімен тігілген курткалары, қолқылдаған кең, қара плащтары, өздері кеңес құрып отырған жұпыны бөлменің қарапайымдығына сайма-сай келіп, баяғыда өтіп кеткен ата-бабаларынын аруағын тірілтуге келген қасиетті Один әулиенің өзіне тауап етіп, қол тапсыруға келгендей болып отыр.

Бұл қариялардың арасында Седрик те бар еді, бірақ ол көптің үн-түн жоқ қабылдаған бәтуасы бойынша, осы залдағы ең мәртебесі биік, билеуші кісі болатын. Залға келіп Ричард кіргенде, Седрик маңызды түрмен орнынан тұрды да (ол корольді бұған дейін Берік Қақпаның батыр серісі деп қана білетін), шарап толы тостағанын көтеріп: «Хош келіпсіз!»— деп қарсы алды. Өзінің қол астындағы саксондардың әдет-ғұрпымен әлден-ақ таныс боп қалған король: «Сіздің саулығыңыз үшін!»— деп, даяршы жігіт қолына берген тостағаннан шарапты көтеріп қойды. Осындай құрмет Уилфредке де көрсетілген еді, бірақ ол даусымнан танып қоя ма деп сақтанып, жай ғана тағзым етті де қойды.

Амандық сәлем осылай аяқталғаннан кейін, Седрик орнынан қайта тұрып, Ричардқа қолын берді де, қамалдың жуан тіреулерінің бірінен ойып шығарылған жабайы ғана тар капеллаға қарай ертіп жүрді. Мұнда терезенің орнына сығырайған жалғыз оқ сақылауы ғана болғандықтан, капелланың іші тастай қараңғы екен. Мұның ішінде бықсыған екі-ақ шырақ жанып тұр да, содан күмбез төбе мен жалаңаш қабырғаға, қара дүрсіндеу жасалған тас алтарьға өлусіреген қызғылт сәуле түскендей.

Алтарьдың алдына табыт қойылған, ал оның екі жағында үш монах жүгініп алып, көздерін сүзіп, мүлгіген қалыпта тасбих тартып, дұға оқып отыр. Осы ғыбадаттың сауабы тиюі үшін марқұм Ательстанның анасы Эдит бибі Эдмунд әулиенің монастыріне аса дарқандықпен мол олжа салып, осы діни ғұрыпты іске асыртқан еді. Бұл қайыр-зекетті ақтап алу үшін барлық монахтар (қоңырау соғатын ақсақ бірадардан басқасы) тайлы-таяғымен Конингсбург сарайына уақытша көшіп келіп, әр жолы алты кісіден Ательстанның табытының басында дұға оқып, ғыбадат етіп отырған беті болатын, ал бұдан қолы бос монахтар сарайда тартылып жатқан жылы-жұмсақ, мол астан құр қалмай, неше алуан тамақты тоя жесіп, ара-арасында сауық-сайранға да араласып қойып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ дегендей, қызықпен дәурен сүріп жатты. Табыттың басында ғыбадат еткенде бұл тақуа монахтар баяғы сакстардың кәрі Жыны Зернобок марқұмның мәйітіне қол сұғып жүрмесін деп, діни бәйіттердің үнін бір секунд те тыймауға бұйрық берді. Сонымен қатар табыттың үстіне жабылған жайнамазға жай пенденің қолы тимеуін бұлар көзінің қарашығындай күзетті, өйткені бұл жайнамаз Эдмунд әулиенің жерленуінде ұсталған қасиетті жамылғы еді де, егер оған намазы жоқ адам тиіп кетсе, харам боп қалады-мыс деген қауесет бар еді. Егер қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай істелген осындай ізет, ілтипаттың барлығынан марқұмның жанына тиер зәредей пайда болатын болса, оны Эдмунд әулиенің тақуа, сопыларынан ғана келген пайда деп білуге болатын еді. Өйткені бір кезде сауап үшін Ательстанның өзі қолынан берген жүз теңгелік ділданың үстіне, марқұмның анасы ұлы мен ерінің аруағына мәңгілік дұға оқылып, кітап бағышталып тұруы үшін, баласының еншісіндегі жер мен егінжай, шабындық мәйектің көбін шеркеудің пайдасына садақа етемін деп күні бұрын жариялап қойған болатын.

Мезгілсіз қаза боп кеткен Ательстанның табытын нұсқап, тағзым мен ізет жасаған уақытта Седриктің соңына ілескен Ричард пен Уилфред ішкі шеркеушеге кірді де, марқұмның жаны жаннатта болсын деп дұға оқып, құдайға жалбарынғандай, шоқынып қойды.

Сол сауап міндетің атқарғаннан кейін Седрик қасындағыларға өзімен бірге ілгері жүруге белгі берді де, тас теселген еденмен ептеп басып, бұларды алға бастап жүріп кетті. Содан бірнеше саты жоғары көтерілген соң әлгі ішкі шеркеудің қасындағы шағын ғана ғыбадатхананың есігін аса зop әдеппен ашып, ішке кірді. Бұл ұзыны мен көлденені бірдей, шаршы ғана үйшік екен, әуелгі капелла секілді, бұл да қалың қабырғадан ойып шығарылыпты; терезенің орнын басып тұрған алақандай оқ саңылауы күнбатыс жаққа қараған екен, әлденеге бөлменің ішкі жағынан көп кеңейтіліп салыпты.

Жаңа шығып келе жатқан күннің көзі осы қараңғы үйшікке жол тауып кіріп, бөлмеде отырған, әлі де көркінен айрылмаған, сымбатты, сырбаз әйелдің кескін-келбетін көрсетті. Жерге төгілген қаралы көйлек пен иығына салған қара торғын шәлі әйелдің аппақ бетін айқын көзге түсіріп, жасы келсе де өлі ақ кірмеген әсем ақ сары шашын бойына тамаша жарастырып тұр. Христиан әйелінің бойына лайықты мінезділікпен, әйелдің бет нұсқасы ауыр қайғыдан түнеріп, сазарып қалыпты. Бибінің алдындағы столдың үстінде піл сүйегінен қашап жасалған, қол-аяғы керілген Христос бейнесі тұр, оның қасында — беті ашулы алтынмен апталған иманшарт, оның мұқабасы да сондай асыл металмен нақышталған,- қасиетті кітапшаның беттері неше алуан ою, иіп келтірілген нақыш әріптер мен әдемі суреттер.

Ричард пен Уилфред үйдің бибісін көріп болсын дегендей, Седрик бір минуттай үнсіз тұрып барып, сонан соң қайта тіл қатты:

— Асыл зат Эдит,— деді Седрик,— мен саған бір бейтаныс адамдарды алып келдім, Және бұлар сенің қайғына ортақтаса келді. Мына тұрған айбынды сері, біз қайғылы қазасына жасымызды төгіп жылап отырған марқұмды тұтқыннан құтқарып алу үшін аянбай сақысқа түскен батыр.

— Айбынды ерлігі үшін алғыс айтамын оған,— деді Эдит бибі,— ерлігі қайырлы болмай қалса, ол оған айыпты емес. Және тағы Аделингінің жесір бибісін, Ательстанның анасын көріп, көңіл айта келген батырдың өзіне, оның дос жолдасына мың рақмет деймін. Біздің қадірлі меймандарымызға лайықты құрмет көрсету үшін, ардақты туысқаным, оларды сіздің өзіңізге Тапсырамын, қазір қаралы болып отырған осы сарайдың қабырғасында біздің қадірлі достарымызға меймандостық жөнінен ешбір кемшілік болмас деп сенемін.

Қонақтар қайғылы анаға құрметпен сәлем жолдады да, өздерін бастап жүрген қадірлі ақсақалдың соңынан жүре берді.

Тағы бір сондай бұрандалы саты бұларды жоғары шығарды да, өздерінің бастапқы кірген бөлмесіндей, тағы бір залға алып келді. Бұл зал сарайдың төртінші қабатында екен. Бөлменің есігі ашылып қалғанда-ақ, одан хормен айтылған мұңды үн зарлап қоя берді. Жолаушылар мұнда келіп кіргенде саксондардың текті семьяларынан шыққан ардақты келіншектер мен бойжеткен қыздарды көрді. Ровена бастаған төрт қыз марқұмның қапыда қаза тапқан шейіттігін жоқтап тұр; бірақ сол ақындық жоқтаудан үш-төрт шумағы ғана есімізде қалыпты:

Тән өлмек,
Сүйек шірімек,
Күлге айналып,
Тірліктің айырбасы —
Сол ғой барлық.
Сен оны жеңе алмайсың не қайла қып.
Бізді тастап,
Ұшып асқақ
Жаһаннамға тартарсың.
От құшақтап,
Сақтық сақтап,
Жан арашалап байқарсың.
Сол азаптан Жан, азаттан —
дерсің дағы босарсың.
Біздің айтқан Мінәжаттан
Сен дозақтан қашарсың...

Төрт қыздың қоңырлап шыққан жоқтау үнімен қосыла өзге қыздар Ательстанның табытына жабылатын үлкен жібек жайнамазға әрқайсысы өз өнері мен шеберлігін жұмсап, кесте тігіп, қалғандары алдарында тұрған себеттерден гүл талдарын таңдап, марқұмның қабіріне гүл алқаларын тоқып отырған. Өлім, жаназа кезіндегі дәстүрді сақтап, қыздардың әдеппен салмақты отырғандары болмаса, оларды онша қайғыдан өліп - талып отыр деуге де келмейтін еді. Кейбіреулері тіпті өзара сыбырласып, күлісіп те қояды, оларына баяғы егде тартқан бәйбішелерден зеккі естіп, ескерту де алып қалады. Өлген адамның қайғысы қабырғаларына батып, соның қамын ойлағаннан гөрі бұл қыздар қаралы киім-кешектерінің бойларына жарасып-жараспай тұрғанын ойласып отырған жайлары бар. Оның үстіне бейтаныс екі серінің тосыннан келіп қалуы да бұлардың мінез-құлықтарына әсер етпей қойған жоқ: қыздар оларға жалтақ-жалтақ қарасып, бірін-бірі түрткілеп, қыбырласып-жыбырласып қалып еді. Мұндай жеңілтектікке бой бере қоймайтын тәкаппар мінезді Ровена ғана өзін азат еткен Қара Салға кішілікпен тағзым етіп, биязы сәлем етті. Қыздың қас-қабағы селт етпей, байыпты қалпында қалған, оның кескін - келбетінен ешбір қайғы-қасірет белгісі байқалмайтын; бірақ оның не ойлап, не қойып жүргенін — әлде Айвенгоның не болғанынан хабар-ошар болмай кеткенінен бе, әлде туысқанының қаза болғанынан ба, әйтеуір, ненің уайымы түсіп, сазарып қалғанын білу қиын еді.

Бұдан бұрын да әлденеше рет айтқанымыздай, онша сезімтал, сергек жан болып жаралмаған Седрик, өзінің мәпелеп өсірген ардақты қызының түс жармай, байыпты бола қалуының себебін өзінше түсініп, қонақтарының құлағына: «Ол асыл зат Ательстанның айттырып қойған қалыңдығы еді» деп сыбырлап та үлгірді. Бірақ Конингсбург сарайына иелік еткен асыл тек мырзаның өліміне Уилфредтың онша қабырғасы қайысып және соған жылап-сықтап жатқандардын қайғысына ортақтаса қойды ма екен?

Ательстанның жаназа ғыбадаты болып жатқан сарай бөлмелерінің бәрін қонақтарға аралатып болғаннан кейін Седрик бұларды бір өз алдына, оңаша бөлмеге қарай ертіп жүрді; бұл бөлме өлген марқұмға онша ет жақын емес, сондықтан, бұл қайғы-қасіретті, мүмкін, өне бойы олармен бірге отырып өткізуді лайық көре қоймайтын сый қонақтарға арналған бөлме болатын. Қонақтардың жанына не керек болса, соның бәрі қазір-ақ даяр болатынын айтып, Седрик енді өз жұмысына кетуге айналған еді, бірақ Қара Сал оны жеңінен тартып, тоқтатып алды.

— Есіңізге салуға рұқсат етіңіз, ардақты мырза,— деді ол,— біз өткен жолы .қош айтысып айрылысарымызда, менің хал-хадарымша өзіңізге сіңірген қызметім үшін сыйлық беруге уәде еткен едіңіз.

— Не керек десеңіз, бәрі болады, ардақты серім,— деді Седрик,— тек мынау өлім болмаса...

— Мен оны да ойладым,— деді король, оның сөзін бөліп,— бірақ менің де уақытым өте тар болып тұр. Оның үстіне, асыл зат Ательстанның жамбасын жерге тигізгенде, сонымен қоса кейбір ескі әдет-ғұрып пен әділетсіз жол-жобаны да бірге жерлегеніміз мақұл болар еді деп ойлаймын...

— Берік Қақпаның Серісі атанған мырза,— деді Седрик, бұл да оның сөзін бөле қызараңдап,— менің ойымша, сіздің сұрап тұрған сыйлығыңыз өз басыңызға ғана тиісті нәрсе деп білемін. Ал, менің үйімнің ар-намысына жататын нәрсенің қай-қайсысына болса да, бөгде адамның араласатын қақысы жоқ.

— Менің араласайын деген ойым да жоқ,— деді король, майда үнмен,— бірақ соған менің де кейбір қақым барлығын көп кешікпей-ақ өзіңіз де мойындарсыз деп ойлаймын. Бұған дейін сіз мені Берік Қақпадан шыққан Қара Сал деп біліп келген едіңіз. Ал енді мені Ричард Плантагенет деп те біліңіз.

— Ричард Анжуйский!—деп дауыстап жіберді Седрик, аң - таң болып, шегіншектей түсіп.

— Жоқ, ардақты Седрик, мен Ричард, Англияның королімін. Көксеген мақсатым — Англияның барлық ұлдары өзара тату-тәтті, бейбіт өмір сүрсе екен деймін... Мұның қалай, құрметті мырза, патша ағзамыңның алдында тәжім етіп, сен неге тізеңді бүкпейсің?

— Менің тізем норман тұқымының алдында ешқашан бүгілген емес,— деді Седрик.

— Менің нормандар мен сакстарға бірдей патша екеніме көзің жеткенше, онда сен ант та бермей-ақ қой,— деді король.

— Патша ағзам,— деді Седрик,— мен сенің батырлығың мен әділетті қасиеттеріңді әрқашан артықша бағалап келгемін. Сонымен бірге сенің таққа отыруға праволы екеніңді де жақсы білемін: сен Матильданың ұрпағысың, ал Матильда Эдгар Атлингының жиені, шотланд королі Малькольмның қызы болатын. Бірақ Матильда, қанша саксон королінің тұқымы болса да, тақтың мұрагері бола алған жоқ.

— Мен өзімнің патшалық қақым туралы сенімен дауласып тұрмаймын, ардақты мырза,— деді Ричард, байыпты қалыппен,— бірақ жан-жағынан қарап, өзің айтшы — сонда маған бәсеке таластыруға кімді шығармақсың?

— Сен сонда маған осыны айтпаққа келіп пе едің?— деді Седрик.— Саксон корольдерінің ақырғы әулеті жерге көміліп, беті топырақпен жабылмай жатып, менің тұқымымның құрығаның бетіме басуға келген екенсің ғой!— дегенде Седриктің беті қара түнек боп кетті.— Бұл, бірақ, ожар да арат жасалған қадам!

— Қасиетті Креске сыйынып айтайын, бұл сөзде тұрған ештеңе де жоқ!—деді король, оған қарсылық білдіріп.— Мен мұны бір батыр адам екінші сондай адамға сеніп айта алатын шығар деп білдім.

— Бұл сөзің дұрыс, патша ағзам, мен сені Англияның королі деп білемін және саған мен қарсы болайын-болмайын, келешекте де солай бола бересің. Сен мені қандай қатты оспақтасаң да, сенің корольдігіңе кесір келтіретін ешбір нұқсан жасамаймын.

— Ал енді менің өтінішіме қайтып оралайық,— деді король,— сен мені Англияның заңды королі деп танудан қалай бас тартсаң, мен де ойымдағымды ашық айтайын. Сонымен, өзіңнің берген уәдең бойынша және опасыздығың мен анттан тайғыштығың үшін айыптысын деп санай отырып, мен сенен аяулы сері Уилфред Айвеноға кешірім жасауыңды және оған әкелік сүйіспеншілігіңді қайтадан рақым етуіңді сұраймын. Осылай татуласып, табысуларыңа менің өзім де мүдделі деп біл, өйткені менің досымның бақытты болуы да осыған байланысты және менің қол астымдағы адамдардың алауыздығы да осымен тыйылуға тиіс деп білемін.

— Мына тұрған Уилферд пе еді?—деп сұрады Седрик, бала сын нұсқап.

— Әке! Әке!—деп дауыстап Айвенго әкесінің аяғын құша құлады.— Маған кешіріміңді бере көр!

— Бердім, ұлым,— деді Седрик, баласын тұрғызып ала беpiп.— Хервардтың әулеті, маған десе, ол уәдесін норманға берсе де, ол сөзінде тұрады. Бірақ сен өзіміздің ата-бабаларымыздың киімімен жүруге тиіссің — қалайда анау шолақ плащ, ала тақия, қауырсын дегендер менің үйіме кірмейтін болсын! Егер Седриктің ұлы болатын болсаң, өзіңді саксон ұлтының әулетінше ұста. Немене, бірдеңе айтқың кеп тұр ма,— деді ол түсін суытып.— Иә, не айтпақшы екеніңді мен алдын ала-ақ білемін. Біліп қой, Ровена бикеш өзін айттырған марқұмды жоқтап екі жыл бойына қаралы боп жүреді. Егер оның қосылуға тиісті адамының жамбасы жерге тимей жатып, ата тегі мен бақталайы сенен әлдеқайда артық, анағұрлым лайықты адамның беті жасырылмай жатып, оны басқа біреуге қосамыз десек, саксон ата-бабаларымыздың барлығы бізден теріс айналып кеткен болар еді. Аруағын қорлаған адамдарға қарсылық жасайтындығын көрсетіп, Ательстанның өзі-ақ бет тақтайын көтеріп тастап, қарсы алдымыздан қасқайып шыға келген болар еді.

Осы сөздерді айтып, Седрик оның аруағын шын шақырып алғандай болды. Соның айтылуы-ақ мұң екен, бөлменің есігі шалқасынан ашылып, үстінде ұзын көбіні бар, бетінде қан-сөл жоқ, жүдеу Ательстан, дәл бір о дүниеден келген кісідей-ақ, табалдырықтан аттап кіріп келді.

Оның келуі отырғандарға адам айтқысыз керемет әсер етеді. Седрик қабырғаға қарай шалқалап барып, аяғын тік басып тұра алмай, жарға сүйеніп қалды, ауызын адырайта ашып, өзінің досынан көзін айыра алмай, бағжиып қатқан да қалған. Айвенго дұғаны саксон, латын, норман-француз тілдерінде аралас жаудырып, онды-солды шоқына берді. Ал Ричард «Bendicite» деген дұғаны оқи түсіп, ара-арасында француз тілінде: «Mort de nіа vie!» деп балағат айтып та қояды.

Оның бер жағында, төменгі қабатта: «Ұстаңдар, анау азғын монахтарды! Тығыңдар оларды зынданға! Лақтырыңдар ол иттерді мұнараның ең басынан!»—деген айқай-шу күңіреніп әкетіп барады.

— Бір құдайдың өзіне саламын,— деді Седрик; өлді-міс деп тұрған досын соның аруағы деп біліп,— егер сен өлген болсаң — онда шыныңды айт! Ал егер бізге келіп тұрған құр рухың болса — неге келіп тұрсың — соныңды айт, сенің рухыңды жай таптыру үшін мен не істеуім керек? Тірімісің әлде өлімісің, ардақты Ательстан, шыныңды айтшы, Седрикке!

— Сабыр ет,— деді оған аруақ асықпай-саспай,— әуелі маған есімді жиғызып, азырақ дем алдыршы. Сен менен тірімісің деп сұрайсың? Міне тап сонда аз-маз ғана тірімін, кеудемде шықпаған құр жаным бар, үш күн бойынан мен қара суды қорек қылдым, сол үш күн маған үш ғасыр боп көрінді. Иә, солай, әкем Седрик, құрғақ нан мен қара су! Бүкіл жер мен көкті, барлық әулие-әнбияларды куә ғып айтайын, бақандай үш күн бойы одан басқа нәр татсам — бұйырмасын, ал сонымен, құдайдың өзі қуат беріп, мен осында келіп қалдым, енді көрген-білгеннің бәрін қайтіп бере аламын.

. — Сонда бұл қалай болғаны, ардақты Ательстан,— деді Қара Сал,— сенің анау құтырған ғымаратшының қолынан Торкилстонда қаза тапқаныңды, мен өзім көзіммен көрдім ғой. Мен көрдім және тағы Вамба айтты, сенің басыңды қақ тісіңе жеткенше айырып тастады деді.

— Сіз қателескенсіз, айбынды серім, ал Вамба, бақырайтып қойып, өтірік айтқан. Менің тісім — міне, қазірге дейін маржандай, қалғаның тамақ үстінде көресіздер. Және бұл үшін ғымаратшыға алғыс айтпай-ақ қойыңыздар: ол аянып қалған жоқ, жалғыз-ақ, семсері ауып кетіп, жанымен тиді оның үстіне мен де шоқпармен қағып жібердім ғой. Егер менің басымда болат тақиям болғанда, оның соққысын мен керек те қылмаған болар едім және Буагильбер онда қашып та құтылмаған болар еді. Оның бер жағында, мойным үзіліп, көзім шығып кетпесе де, басым айналып мен құлап қалдым. Сол ойран-топырда менің үстіме, норманы бар, йомені бар, барлық өлгендері мен жаралы болғандары құлай беріпті, құлай беріпті, ақыры менің есім табыттың, ішінде бір-ақ кіріп, сонда ғана бір-ақ ояныппын, абырой болғанда, әйтеуір, табыттың қақпағы шегеленбеген екен; бір уақытта қарасам, табыт Эдмунд әулие монастырінің шеркеуінде, алтарьдің алдында тұр. Мен бірнеше қайтара түшкіріп, аһылап-үһілеп алғаннан кейін, ақыры, өзім-өзіме келіп, есімді жинап, енді орнымнан тұрайын дей беріп едім, соның арасынша, менің дыбыс бергенімнен қатты шошыған кезекші поп пен аббат жетіп келіпті. Олар бұған, әрине, аң-таң қалған, жиған-терген мал-мүлкін жиып аламыз ба деп отырған адамы тіріліп кеткен соң, олар бұған несіне қуансың. Мен олардан, сонсоң, шарап сұрап ішіппін, бірақ олар сол шарапқа ұйқы дәрісін сеуіп берген болу керек, өйткені мен содан бұрынғыдан бетер қатты ұйқыға кетіп, ұзақ уақыт ұйықтап қалыппын. Ұйқыдан ояна келіп, көзімді ашсам, екі қолым байлаулы, аяғымды да керіп байлап тастаған, міне содан тірсектерім сіресіп, осы күнге дейін қақсап отыр. Үйдің іші тас қараңғы екен, сірә бұл ант атқан монастырьдің зынданы болуға тиіс, күлімсі сасыған қаңсық иісіне қарағанда, зынданда өлгендерді осында сақтайтын болуы керек. Ал мен өзіме не болғанын, қайдан келіп, қайда тұрғанымды айыра алмай-ақ қойдым, содан бір мезетте есік сықырлап, қаскүнем екі монах кіріп келді. Келісімен бұлар маған насихат айтып, сен күнәдан пәк болу дәрежесін өтіп жатырсын деп уағыздай бастады. Мен оның біреуінің хазірет екенің даусы мен демінен таныдым. Әулие пірлерім! Дауыстары да, үндері де мүлдем басқа, сөздері де тіпті бұрынғы емес, бір кезде бұлар шошқаның бір кесек майына телміріп, үздіге сұрап жейтін ғой менен! Ант атқан төбет десеңші! Бұл иттер менің үйімде Христостың туған күнінен бастап шоқынғанына дейін белшесінен батып, той тойлап жататын ғой.

— Азырақ сабыр етіңізші, ардақты Ательстан,— деді король,— деміңізді алып-алып, асықпай-саспай шертіңізші мына кебіңізді. Құдай біледі ғой! Сіздің мынау әңгімеңізді роман орнына тыңдауға болады.

— Мұның несін айтасыз,— деді Ательстан,— Бромхоль кресіне сыйынып айтайын, мұнда тұрған ешбір роман жоқ! Арпа нанының қатқан қабығы мен бір құмыра қара су — Miнe, осы, ол қорқау сілімтіктердің маған бергендері; оларды байытқан, жарытқан біз әкем екеуміз едік, бұлардың барлық тапқан-таянғандары бұрын бір кескен сұр май мен безбенмен қадақтап алатын бір өлшем дән болатын, оны да бұл ұялы жалмауыздар мен сұр жыландар құлдар мен басыбайлы шаруалардан дұғаларына бола тартқандай ғып алатын! Ал сонда мен сияқты жарылқаушыларына көрсеткен опалары бір үзім арпа наны мен арықта ағып жатқан тегін су болыпты! Қап, бәлемдер, тоқтай тұрсын, мен оларды үйшіктерінен қуып шығармын, мейлі, мені ол үшін шеркеулерінен аластай берсін!

— Тәңірия қыздың атына салып сұрайын, ардақты Ательстан,— деді Седрик, досының қолынан ұстай алып,— өлімсіз құтылмайтын бұл қатерден қалай аман кеттің, соны айтшы енді? Аяқтап келгенде, олардың жүрегі жібіп, рақымдары келді ме?

— Солардан рақым күтіп отырғанын қарашы!—деп ақырып жіберді Ательстан.— Жоқ, ондайды атаушы болма, одан да күннің көзінен құз жартастың еріп бітуін күт! Егер осы астың әбігері болмаса, мен әлі де сонда қала берген болар едім: гүлге бола жабылған ұялы масадай, құлқындары үшін олар осында қаптап келді ғой, өйткені менің тірідей табытта жатқаным өздеріңе белгілі болатын. Олардың әйтеуір жаназа оқып жатқандарын өз құлағыммен естіген едім, бірақ онда менің тәнімді аштан қатырып қойып, жанымды саудаға салып жатқандары ойыма да келмепті, Ақыр аяғына олар кетіп болды, енді маған ішіп-жейтін бірдеңе беретін шығар деп мен жатырмын. Бірақ солтақ поп мені ойламақ былай тұрсын, енді ол өзін-өзі сыйлауға кірісіп кетті. Өзін-өзі әбден сыйлап болған кезде ол маған да жетті-ау әйтеуір, бірақ басқыштан тәлтіректеп әрең түсіп келеді, ауызынан ішілген шарап пен тоя жеген жылы-жұмсақтың иісі аңқиды! Сірә, жақсылап ішкен тамақтан соң мейірімі түсіп кеткен болу керек, өйткені маған бір тілім самса мен бір құты шарап ала келіпті. Мен соларын ішіп-жеп, біраз тойынып алдым. Бағыма қарай, әлгі поп қатты мас болғандықтан, түрме кілтшісінің міндетін де дұрыс атқара алатын емес. Кетерінде ол кілтті бұрағанымен, есікті тығыздап жаба алмаған екен, сондықтан есік ашық қалыпты. Есіктен жарық түсіп, тоқ тамақ пен шараптан, менің де есім кіріп қалған екен. Байқасам, шынжырымды матастырған темір тұтқаны қалың тот жеп, мүлде шірітіп жібергенін мен де, қара басқыр әлгі аббат та бұған дейін байқамапты. Жердің астындағы қу подвалдың шылқыған дымқылдығына темір екеш темір де төзіп тұра алмаған.

— Сіз кішкене тыныстап алсаныз еді, ардақты Ательстан,— деді Ричард бір кезде сөзін тосып,— мынадай сұмдық, окиғалар туралы әңгімені жеріне жеткізіп шығу үшін тамақ ішіп, әлденіп алғаныңыз мақұл болар.

— Әлденіп ал дейсіз?—деді Ательстан.— Мен бүгіннің өзінде бес рет тамақ ішіп алған шығармын, сонда да мына бір сұр жаядан ауыз тиіп жіберсек теріс болмас деймін. Келіңіз, құрметті мырза, менімен бірге бір тостаған шарап ішіп жіберіңіз.

Әлі де таң-тамаша қалудан арыла қоймаған қонақтар осы үйдің о дүниеден тіріліп келген қожасынын саулығы үшін шарап ішіп жіберді де, одан соң Ательстан басынан кешкен хикаясын қайта шерте бастады. Қайта тірілген адамның әңгімесін тыңдаушылар енді анағұрлым арта түскен еді. Тиісті шаруасының барлығына бұйрық беріп, жайластырып келген Эдит бибі өліден тіріліп келген ұлының хикаясын тыңдауға енді өзі бас болып кірісті. Оған ілесе келген сөз құмарлар үсті-үстіне қосылып, бұлар отырған тар бөлмеге жұрт сыймай кетті; ішке кіре алмаған халық әңгімені есіктің алдында, басқыштың үстінде сығылыса тұрып тыңдады. Ательстанның әңгімесінен құлақтарына жеткен сөзді бұлар ауыздан ауызға таратып, одан арман өсіріп әкетті. Сөйтіп, біреуден біреуге жеткен сөз мүлде өзгеріп, сарайдың ауласындағы көптің құлағына жеткенше құрыққа сырық жалғанып, әбден өңі айналып бітті. Ал Ательстан өзінің монастырьден қалай босағаны туралы бастаған хикаясын үсті-үстіне қоздатып, соға берді, соға берді:

— Темір тұтқаны күшпен қайырып жіберіп, зорға дегенде подвалдан жоғары көтерілдім-ау, әйтеуір, өйткені шынжыр сұмдық ауыр еді. Шеркеудің ішінен дұрыс жол таба алмай, көп адасып жүрдім, ақырында біреудің салған көңілді әні мені бір адамы бар бөлмеге алып келді, қарасам, баяғы попым діндар адамнан гөрі бау кеспе ұрыға көбірек ұқсайтын, үстінде күләпаралы сұрғылт шапаны бар, еңгезердей бір монахпен шайтанның жолына түсіп, күнәкар болып отыр. Үстімде — кебін, өне бойым — салдыраған шынжыр, мен бір көрден тіріліп келген адам болып, күтпеген жерден пайда бола кеттім. Отырған екі монахтың екеуі де албасты басқандай, сілейді де қалды, сол кезде мен попты бір қойып, ұшырып түсірдім, ал оның сауықшыл жігіті ноян шоқпарын ала салып, мені кеп періп жіберді.

— Осыған менің бәсім бар, ол біздің баяғы машайық болды ғой!—деді Ричард, Уилфред Айвенгоға қарап.

— Ал оның маған десе, сайтанның өзі болса да, мен үшін бәрібір,— деді Ательстан.— Бағыма қарай, сілтеген шоқпары маған тимей кетті, енді соның өзімен ұстасайын деп тұра ұмтылып едім, ол жылпос тура қашты, Поптың белбеуіне байлаулы көп кілттің ішінен өз кілтімді дәл таптым да, сонымен кісенді ашып жіберіп, шынжырдан босанып шықтым. Сол бір топ кілтпен оңбаған поптың басының мылжа-мылжасын шығарайын деп бір тұрдым да, түрмеде отырғанымда оның самса, шарап беріп, жүрегімді жалғатқаны есіме түсіп, қайтадан аяп кеттім. Сонда да, бірақ, құйрықтан жақсылап тұрып бірнеше тептім де, сол сұлаған қалпында тастап жүре бердім; содан соң жарықтық әулиелердің артылған тамағынан бір кесек ет пен бір торсық шарапты ала салып, ат қораға қарай жүгірдім. Онда келсем, жеке кермеге байлаулы өзімнің бәсіре тұлпарым тұр, тәрізіне қарағанда, ардақты аббат өзі алғалы бөлектеп байлап қойған болу керек. Міне, сол жүйрігіме міне салдым да, басын барлық шабысымен қоя беріп осында жеткенде тізгінді бір-ақ тарттым. Мені бір келіп қалған аруақ деп білген жұрт, зәрелері зәр түбіне кетіп, бет-бетімен тұра қашты; ал мен, алғашқы бетте ешкім танымасын деп, кебіннің бас киімін бетіме қасақана түсіріп алған едім, Егер мені ауланың ішінде халыққа ойын көрсетіп жүрген көз байлаушылардың жәрдемшісі деп ұқпағанда, өз сарайыма өзімді кіргізулері де екі талай екен, сарай қожасының жаназасында құз байлаушылардың қандай өнер көрсетпек болғандары да адамның миына қонбайтын нәрсе... Қысқасы, ауладағы даяршы мені ойынға қатысу үшін осылай әдейі киінген ойыншының бірі деп біліп, сарайдың ішіне босатып қоя берді. Сөйтіп, бірден шешеме келдім де, жалма-жан тамақтана салып, содан соң сізді іздеп шықтым, ардақты досым.

— Сонымен, сен,— деді Седрик,— ар-намысымызды қорғап азаттықты жеңіп алу жолындағы бұрынғы батыл ой-арманымызды жүзеге шығаруға досың тас түйін боп дайын отырғанда келіп тұрсың. Саған айтарым: саксон ұлтына азаттық алып беруші дәл ертеңгі күннің атар таңындай бұған дейін бірде-бір таң қолайлы болып көрген емес.

— Тәңірін жарылқағыр, сен маған бұдан былай біреулерді азат ету керек деген әңгімені айта көрме.— деді Ательстан.— Менің өз басымның азат болғанына рақмет айтайық. Маған қалған арман болса, ендігі мақсатым — анау ант атқан аббаттың келістіріп тұрып сазайын тартқызу. Мен оны сонау Конингсбург мұнарасының ең жоғарғы төбесіне сол қалпында — солақтаған шапанымен, епитархиясымен салбыратып асып қоямын; егер оның мес қарыны тар басқышқа сыймайтын болса, онда сыртқы қабырғамен сүйреп шығартамын.

— Балам-ау,— деді Эдит бибі,— оның әулиелік дәрежесін ойласаңшы!

— Жоқ, мен оны емес, өзімнің үш күн бойы аштан қатқанымды ойлаймын да,—деді Ательстан шешесіне,— солардың әрқайсысының қанын ішкім келіп кетеді. Анау Фрон де Беф тірідей отқа жанып кетті, ал соның күнәсы мыналардікіне қарағанда әлдеқайда аз еді, ең болмаса, ол өзінің тұтқындарын тамақтандырып отырды ғой, тек соңғы күні көжеге сарымсақты тым артық салып жібергені болмаса, обалы нешік, берген тамағы әжептеуір болатын. Ал мынау екі жүзді қара бет құлдар тіпті менің түскі асыма емініп, дамыл бермеуші еді, енді өздеріңе билік тигенде, мені қатықсыз көже мен бір түйір сарымсақтың да теңі қылмады ғой! Хенгистың аруағымен ант етейін, бірін қоймай, бәрің де дарға асамын!

— Рим папасы бар ғой, асыл тек досым..,— деп Седрик сөз бастап келе жатыр еді.

— Э мейлі, маған десе, сайтанның өзі тұрсын, ардақты досым,— деп Ательстан оның сөзін бөліп кетті.— Дарға асамын, басқа сөз жоқ! Жер бетіндегі монахтың әулиесі осылар болса да, дүние оларсыз-ақ күнелтеді.

— Ұятың қайда, ардақты Ательстан!—деді Седрик.— Алдыңнан атақ пен даңққа кенелетін болашақ ашылып тұрғанда, осындай түкке тұрмайтын адамдармен айналысып қалуға бола ма екен! Одан да мына алдында отырған норман шаһзадасы Ричард Анжуйскийге: сен қанша Арыстан Жүрек атансаң да, Қасиетті Исповедник корольдің таққа таласатын мұрагері тұрғанда, Альфредтың тағына сен емін-еркін отыра алмайсың деп неге айтпайсың?!

— Қалай дедің?— деп Ательстан шап ете қалды.— Мына отырған сонда — асыл зат Ричард король болғаны ма?

— Иә, бұл Ричард Плантагенет,— деді Серик,— оның мұнда өз еркімен келген қонақ екенін, солай болған соң оған қазір ешбір жәбір көрсетуге де, тұтқын ғып ұстап қалуға да болмайтынын ескертіп отырудың қажеті жоқ шығар. Қонақты сыйлау жөніндегі міндетіңді өзің де жақсы білесің.

— Оны білмей маған не бопты!— деді Ательстан.— Ол түгіл мен оның қол астындағы азаматы екенімді де білемін: оған адал болуға, ақ ниетіммен беріле қызмет етуге әзір екенімді де шын жүрегімнен мәлімдеймін.

— Ұлым-ау, не деп кеттің!—деп шыр ете қалды Эдит бибі,— өзіңнің корольдік хақыңды да ойласаңшы!

— Ағылшындардың еркіндігін де ойла, серттен тайған шірік неме,— деді Седрик.

— Апатай және менің досым ардақты Седрик, осы қағып-соғуларыңды қойыңдаршы,— деді Ательстан.— Құрғақ нан мен қара су және түрме дегендер баққұмарлықтың шайтанын қағып алады екен. Мен көрге түсердің алдында табытқа түсіп шыққаннан кейін анағұрлым ақылды адам боп кеттім. Осы атаққұмар надандықтың көбін құлағыма құйған баяғы сол әшәдда аббат Вольфрам болатын, оның қандай ақылгөй екеніне көздерің енді жеткен шығар. Осы бір жоба-жоспар, ақылгөй мәслихаттар басталғаннан бері мен ылғи бір асығыс жол - жүріс, жүрдім-бардым тамақ, алыс-жұлыс төбелес, қолға түсіп, аштан қату сияқты пәлелерден көз аша алмай қойдым. Оның үстіне, осының ақырында әлденеше мыңдаған жазықсыз жандар қосақ арасында таяқ жеп, сорлары қайнап қалатындары маған тағы мәлім болды. Енді сіздерге мәлімдейтінім: мен басқа еш жерде емес, тек өзіме қараған жерде ғана король боламын! Сондағы менің билігімнің тырнақ алды міндеті — аббатты дарға асу болады.

— Ал сонда Ровена қалай болады?—деп сұрады Седрик.— Сен оны тастап кете алмайтын шығарсың?

— Эх, Седрик, сіз менің әкемдей болған адамсыз, ақылыңызға салып қарасаңызшы өзіңіз!— деді Ательстан.— Ровена бикеш тіпті мені менсінбейді. Менің осы тұрған бүкіл болмысымнан оған менің туысым Уилфредтың биялайының бір шынашағы артық. Әне бикештің өзі де отыр, сөзімнің шындығын соның өзі-ақ айтып береді. Қызарып, ұялатын ештеңе жоқ, Ровена: мен сияқты деревияның үйелмендей бір топасынан әдемі, сыпайы серіні жақсы көрсең, онда тұрған ешбір ерсілік жоқ. Және бұған сен күлме, Ровена, арса-арса болып жүдеген жүз бен көрден шыққан кебін тіпті күлуге тұрмайтын нәрсе, Ал егер тіптен күлкің келіп бара жатса, оған мен оп-орынды себеп тауып берейін. Сен маған қолыңды бер, сыпайырақ айтқанда, қолыңды маған мархабат ет, өйткені мен дос-жар адам есебінде сұрап отырмын. Ал міне, Уилфред Айвенго, мен бас тартамын... Эһе, Дунстан әулие біледі, Уилфред жоқ болып кетіпті. Апыр-ау, арып-ашқандықтан, шынымен-ақ көзімнің бұлдырап кеткені ме? Әйтпесе осы қазірдің өзінде ол осында тұрған сияқты еді.

Жұрттың бәрі Айвенгоны іздеп жан-жағына қарасты, бірақ ол шын жоқ болып кетіп еді. Ақыры оны көргендер табылды: оны іздеп бір жебірей келіп, сонымен бір кішкене сөйлескеннен соң, Уилфред Гурттан сауыт-сайманы мен қару-жарағын алғызыпты да, сарайдан тезбе-тез кетіп қалыпты.

— Сүйікті қарындасым,— деді Ательстан Ровенаға қарап,— Уилфредтың аса бір маңызды жұмыспен кеткеніне менің ешбір күмәным жоқ. Әйтпеген күнде, бастаған сөзімді мен аяқтап шығатын едім...

Осы кезде Уилфредтың жоқ болып кеткеніне Ательстан екі ойлы болып қалған болу керек, содан дел-сал болып отырып, Ровенанын қолынан да айрылып қалды. Сөйткенше болмай, өзінің енді мұнда отыра беруін, сірә, ыңғайсыз көрген қыз да лып етіп, бұл бөлмеден шығып кетті.

— Жер бетінде жаралған он сегіз мың ғаламның ішінде,— деді Ательстан,— монахтар мен аббаттарды бұған қоспағанда, ең сенімсіз зат әйел екеніне сөз жоқ. Құдай біледі, ең болмағанда бұл қыз маған алғыс айтып, оған қоса қолымнан сүйер деп ойлаған едім. Сірә, мына қабірдің көрқаптарында бір керемет болуға тиіс, елдің бәрі бұдан топалаң тиетіндей қашатын көрінеді... Ал ендігі сөзім сізге арналады, асыл зат король Ричард, Мен сізге толық бағынышты адам ретінде өзімнің адал берілгендігімді мәлімдеп, тағы да ант етемін.

Ал бұл кезде король жоқ боп кеткен, оның қайда кеткенін ешкім де байқаған жоқ. Корольдің тезбе-тез аулаға шығып, Айвенгомен сөйлескен жебірейді шақырып алғанын, онымен бірер минут тіл қатысқаннан кейін, өзінің атын алдырып, дереу атқа қонғанын, сонан соң әлгі жебірейді де басқа бір атқа мінгізіп алып, алды-артына қаратпай, шауып ала жөнелгенін жұрт соңынан барып білді. Корольдің жебірейді ерте кеткенін Вамба да көріп қалған екен, аттарының басын бар пәрменімен жібергеніне қарап тұрып: «Мына жебірей шал бір жерде мойнын үзбесе нағысын!»— деген оймен қала берген екен.

— Әулие-әнбиялардың аруағына сыйынып айтайын,— деді Ательстан, жұрттың мына мінезіне қайран қалып,— сірә, мен жоқ уақытта осы сарайды Зернобоктың жындары жайлап алған болу керек. Мен көрден тіріліп келген адамша, ақыреттің кебінімен-ақ келген жоқпын ба, ал осы менімен тіл қатысқан адамның дауысымды естісімен жоқ болып кететіні несі! Жарайды енді, мұны да сөз қылмай-ақ қояйық. Ал, достарым, осында қалғандарыңмен бәріміз қонақ асы беретін бөлмеге барып ешқайсымыз шығын болмай тұрған уақытта кешкі асымызды ішіп алайық. Асыл текті саксон ақсүйегінің асына лайықты дастарқан онда дайын тұрған болар. Бұдан былай тым кешіге берсек — біздің кешкі тағамдарымызды да сайтан алып кетпесін кім біледі?

XLIII ТАРАУ

Мерт болып Моубрейдің күнәсінен
Құласын астындағы ат ойнақтаған
Өзі де саждасына салсын басын.
Сужүрек, қорқақ надан!

Ричард II.

Ревекка өлі бола ма, тірі бола ма?—деген қанды зеребе тасталған сағатта біз де Темплстоу прецепториясының қабырғасына қайтып оралайық, Қабырғаның айналасында қол халық ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Селоның жәрменкесіне, не болмасы ғымарат тойына жиылғандай, осы өңірдегі халықтың бәрі келген осында.

Сол замандағы серілердің бәсеке, жекпе-жектерінде, әйтпесе аралас сайыстарында бір батырдың қолынан екінші батырдың өліп жататын қанды оқиғалары халыққа онша таңсық нәрсе болмаса да, қан төгіліп, өлім шығып жатқан орынға келіп тұру — сол қараңғы, надан уақыттың салт-санасы секілді боп көрінетін. Әдет-ғұрып биязыланды деп есептелетін біздің зиялы заманымыздың өзінде өлім жазасын халық алдында орындау, жұдырық сайысы, көше бойындағы төбелес, радикалдардың ереуілі сияқты қызыл шеке дүрмектерге сан-сапалақ, орасан көп әуесқойлар жиналатын; ондайда бұлар тіпті қосақ арасында өздерінің де таяқ жеп қалатындарына қарамайтын, делебесі қозып алған даңғой көпшілік мұндай . күндерде кімдердің жеңімпаз болып, атағы асып жатқанын, ; кімдердің абыройы төгіліп халық алдында ұятқа қалып жатқанын да керек қылмаушы еді, бұларға тек болып жатқан қызыққа көздерін суарып тұрса болды, қызыққұмарлардың өз тілдерімен айтқанда, топқа түскен жалаңаш батырлардың қайсысын асыл тас, қайсысын жерде жатқан құр тезек деп атап кету — олардың бар мақсаты сол болушы еді.

Сонымен, қаптаған көп халықтың көзі шектен шыққан оқиғаны көрмек болып, Темплстоу прецепторнясының қақпасына қадалды.

Предепторияның майдан аланын қоршап алған халықта тіпті сан болмай кетті. Майдан жер прецептория шарбағының қабырғасына тиіп тұрған, орден мүшелерінің әскери серілік жаттығуларына арнап тегістелген жып-жылмағай ашық алан еді.

Бұл алан қыраттау жердің рәтөкпе, жұмсақ топырақты беткейінен жасалып, берік шарбақпен мықтап қоршалып тастаған, ғымаратшылар өздерінің ұрыс өнері мен серілік айбындарын жұрт алдына тартуды мақтан көретін болғандықтан, алаң айналасына толып жатқан галереялар орнатылып, көрушілер үшін орындықтар жасалып қойған еді.

Майдан алаңының күншығыс жақ бетіне сардарға арналған тақ орнатылып, оны айнала прецепторлар мен орден серілері үшін әспетті креслолар қойылған. Сардар тағының төбесінде ғымаратшы Босеан деп аталатын ардақты жалауы желбіреп тұр — Босеан — ғымаратшылардың бәсірелі таңбасы және майданға шыққанда шақыратын жауынгерлік ұраны болатын.

Майданның бұған қарама-қарсы шегіне жеке-дара жалғыз діңгек ағылыпты; оның айналасында үюлі шөмшек-отын жатыр, діңгек пен отынның арасында отқа өртелетін құрбандық үшін жалғыз аяқ қырсық жолы қалдырылған. Құрбандықты діңгекке танып қою үшін темір шынжыр ілінген. Осындай сұмдық қаһарлы орында көмірдей қап-қара төрт құл бар. Бұған дейін ағылшын халқы көріп-білмеген құлдардың қап-қара түсінен көпшіліктің жаны шошып, бұларды ібілістік ғаламатын іске асырғалы тұрған жын-шайтан деп біліп тұрғандай.

Құлдар бір орнынан тапжылатын емес, жалғыз-ақ өздеріне әкімшілік құрған малайдың нұсқауы бойынша, оттың көзіне анда-санда қу шөмшек тастап қояды. Олар құдды бір маңайларында тірі жан жоқтай-ақ, көп халықтың бетіне қарамайды, өздерінің сұмдық хикметтерін жаһаттағаны болмаса, тегі оларға ешбір көңіл де бөлмейді. Құлдар бір-бірімен тіл қатысып, қалың еріндерін жыбырлатып, аппақ тістерін ақситып, өзара күлімсірегендей болғанда алда болатын қайғылы халге бұлар қуанып тұрғандай болып көрінеді; осыдан зәрелері ұшқан халық әлгі сиқыршы қыздың істес болып жүрген жын шайтандары нағыз осылар екен, қайманасы әбден асып кеткен соң енді оны отқа өртегелі тұр деген пікірге келіп қалды.

Көпшіліктің ішінде бір-біріне сықпыртып дақпырт айтып, осы бүліншілік заман туғаннан бері жын-шайтанның істеген әзезілдіктерін көптіріп көйіткен әр түрлі қысыр әңгімелер екі бастан көбейіп кетті.

— Сіз естіп пе едіңіз, Деннет ақсақал,— деді бір шаруа, егде кісіге сөз салып,— Конингсбуртың қожасы, бекзат саксон мырзасы Ательстанды перінін алып қашып кеткенін естіген боларсыз?

— Естігемін. Бірақ құдайдың рақымы келіп, Дунстан әулиенің дұғасымен, оны сол перінің өзі қайтып әкеп тастапты десіп жүр ғой.

— Ол өзі қалай болған сонда?—деп сұрады, үстінде алтынмен зерлеп тіккен әсем шапаны бар бір келбетті жас жігіт. Оның соңында, кәсіптерінің куәсы сияқты, мойнына арфа іліп алған жаңа өспірім дембелше жас бала келеді. Бұл жыраудың өзі де қарапайым жай кісі емес секілді: оның үстінде кестелеп тіккен әсем курткасы бар, ал иығына арфаның шектерін күйіне келтіретін бұрандасымен күміс шынжыр іліп алған. Оң жақ жеңіне шынтағынан жоғарырақ күміс пластинка қадалған, жыраудың қай бектің қарашысы екенін көрсететін сурет таңбаның орнына жеңіндегі пластикасына: «Шервуд» деген жалғыз ғана сөз нақыштап жазылған.

— Әңгімелеріңіз байысын, нені сөз ғып тұрсыздар?—деп келбетті жырау, шаруалардың сөзіне араласып.— Мен осында жырыма арқау боларлық тақырып іздеп келген едім, енді қазір, тәңірия қыздың аруағына сыйынып айтайын, бір тақырыптың орнына екеуін таптым ғой деп ойлаймын.

— Ательстан Конингсбургский қайтыс болғаннан соң,— деді егде шаруа,— төрт жұма өткеннен кейін оның тіріліп келгені анық болды.

— Ой, мұныңыз ағат,— деді жырау, шалдың сөзін бөліп,— Ашби де ла Зуштағы сайыс кезінде оның аман-есен, сау саламат жүргенің өзім көзіммен көргемін.

— Жоқ, қателесесіз, оның өлгені шын,— деді жас шаруа,— яғни оны бұл дүниеден алып қашып кеткен. Мен Эдмунд әулиенің монастыріндегі монахтардың оған бағыштап оқыған ғазалдарын мына құлағыммен естідім. Ал Конингсбург сарайында оған арнап үлкен ас берді. Соған менің де барғым келіп еді, бірақ әлгі біздің Мейбл Перкинс...

— Иә, иә, Ательстан өліп қалған, оған дауласатыны жоқ,— деді шал, басын шайқап,— бұл өлім сондай бір өкінішті өлім болды, өйткені саксон қанынан жаралған ескі тұқымның ұрпағы бірден-бірге азайып барады...

— Иә, бұл өзі қалай болған, инабатты мырзалар? Дұрыстап айтыңдаршы, тілеулеріңді берсің,— деп жырау тағы да киіп кетті, шыдамы таусылып бара жатқан кісіше.

— Иә, иә, бажайлап айтыңдаршы, мұның өзі қалай болыпты,— деді бір дәу монах, ол өзі бір жуан таяққа сүйеніп, осылардың қасында тұрған, мұның қолындағы таяғы дін иесінің асасынан гөрі, жауынгер жігіттің шоқпарына ұқсас еді, тәрізіне қарағанда, бұл өзі, кезі келіп қалса, осы екі міндетті бірдей атқаратын адам болса керек.— Иә, айтатын болсаң, тоқ етерін айт, әйтпесе, уақыттың өзі де аз қалып барады.

— Ойлап қараңызшы, тақсыр әулием,— деді Деннет қарт,— Эдмунд әулиенің монастыріндегі азаншыға бір маскүнем поп қонаққа келіпті...

— Бұл жалғанда маскүнем поптай хайуандар болатыны менің тіпті құлағыма кірмейді,— деді монах, шаруаның сөзіне наразы болып,— ал егер ондайлар болған күнде, жай қарапайым адамның дін иесі жайында айбат айтып отырғаны ләзім емес! Сондықтан тәртіп сақта, досым, сірә, ол әулие бір үлкен ойға шомып кеткен болу керек деп сөйле, сол уақытта әулиенің қарны жақсы шарапқа толып кеткендей, басы айналып, аяқтары шатысып кететін кездері болады, Мұндай хал менің өз басымда да болған.

— Ал, жарайды,— деді Деннет.—Сонымен, Эдмунд әулиенің азаншысына бір тақсыр әулие қонаққа келіпті дейік. Ол монахтың өзі бір бұзылғандау адам болады: осы орманда жайылған аңның жарым-жартысы бір соның қолынан жоқ болады деседі жұрт; шеркеу қоңырауының шылдырынан гөрі оған қалайы кружканың дыңғыры жағымдырақ болса керек, ал енді иманшарттың дұғалы беттерінен шошқаның сұр жаясының артық болатынына тіпті күмәныңыз болмасын! Солай дегендерімен, ол өзі ақ жарқын, жайдары, шат көңіл жігіт көрінеді және өзі екі жағына бірдей, бес аспап: шоқпармен де соғыса алады, садақты да мерген атады, тіпті билеп кеткенде — Иоркширдағы сен тұр мен атайын дейтін жігіттердің қай-қайсысынан болса да, кем түспейді екен.

— Сенің соңынан айтқан бір-екі ауыз сөзің, Деннет,— деді жырау,— қабырғаңды күйреуден сақтап қалды.

— Жарайды, мен оныңнан қорықпаймын,— деді Деннет.— Әрине, қазір мен біраз қартайып қалдым, бұрынғыдай аузыммен құс тістеп тұрғамын жоқ. Ал сен менің бұдан бұрынырақ Донкастердегі жәрмеңкеде қалай соғысқанымды көрсең.

— Жаңағы оқиғаны айтыңызшы, одан да!—деді жырау, қайтадан тақымдап.

— Оның несін сұрай бересің, болғаны сол—Ательстан Конингсбургскийді Эдмунд әулиенің бейітіне жерлеп тыныпты.

— Бұл жалған, шынын айтқанда — ағып тұрған өтірік,— деді монах.— Конингсбург сарайына оны қалай кіргізіп бара жатқанын мен өзім көзіммен көрдім.

— Ал, ондай болса, өзің-ақ айт!— деді, сөзін бөле берген монахқа ызасы келген Деннет. Жырау жолдасымен екеуі жалынып-жалпайып отырып, әңгімесінің ақырын айтуға шалды зорға көндірді. Ақыр аяғында шал былай деді:

— Сонымен, тақсыр әулие қалай да дені дұрыс адам ғып көрсеткісі келіп тұрған сап-сау екі монах жазғы күннің тең жартысы өткенше күшті сыра мен шарапты және тағы бірдеңелерін тойғанша сіміріп болған кезде әлдекімнің ыңыранған үнін, одан соң шынжырдың салдырын естиді де, бір уақытта есіктің алдында келіп тұрған Ательстанды көреді, ол тұрып: «А, бұзық тақсырлар, бар екенсіңдер ғой!..»—дейді.

— Сандалма!—деді монах, шап етіп,— Ол тіпті аузын ашқан жоқ!

— Солай ма еді!—деді жырау, монахты шаруалардан аулақ алып шығып.— Сен тағы да серуендеп жүр екенсің ғой, бауырым Тук.

— Мен саған дұрысын айтайын. Лощинаның Аллені,— деді машайық.— Мен Ательстанды осы өзіңмен өзімдей тұрып көрдім. Оның үстінде кебіні бар еді де және өзінен қабірдің жер иісі аңқып тұрғанын айқын сездім. Мен тіпті бір кеспек шарап ішсем де, оны ұмытатын емес едім!

— Бұдан басқа тағы айтарың бар ма?—деді жырау.— Сен өзің немене, менімен ойнап тұрмысың!

— Мейлің— сен, мейлің—сенбе,— деді тағы да монах,— мен оны қайқайып тұрып шоқпарыммен періп кеп жіберген едім, атан өгіз етпетінен түсетін менің сол соққым тек қана құр ауаны кесіп өткендей болып, далаға кетті.

— Губерт әулиенің аруағына сыйынып айтайын,— деді жырау,— сенің мына серуенің бір керемет қызық хикая екен, тегінде мұны «Монахтың басынан кешкен сергелдең...» деген ескі хисса бар ғой, сол хиссадай ғып жырлауға болады екен.

— Жарайды, саған тәлкек керек боп тұр екен,— деді Тук оған.— Жалғыз-ақ, ондай жырды мен жаттай қоймаспын. Егер мен оны айтатын болсам, мейлі, әлгі аруағы ма, шайтаны ма, қайсысы кездессе сонысы, тозағына сүйреп-ақ кете берсін. Жоқ, оны атай көрме! Мен сиқыршыны өртесіп, ақиқат үшін төбелеске түсіп, құдай жолына тура келетін тағы бірдеңелерге қолғабыс тигізіп, қысқасы, осы жолмен жанымды алып қалуға белімді бекем байладым. Осында келгендегі мақсатымның өзі сол.

Осы мезетте предепториядан біраз ғана жердегі поселкенің дәл ортасында тұрған ескі, зәулім шеркеудің, Михаил әулие шеркеуінің басынан дәу қоңырау даңғырлап қоя берді де, бұлардың әңгімесін бөліп кетті. Біріне-бірі ұласа, үдере даурыққан қорқынышты қоңырау үні бүкіл өңірді жаңғырықтырып, мола басынан естілетін тастай суық қайғылы үнімен аспан астындағы байтақ ауаны қалтыратып жіберді. Қаралы оқиғаны бастап, жар салған мұңды қоңырау дауысынан халықтың жүрегі лүпілдеп, денесі түршікті; енді сардардың және қылмысты әйелдің шығуын күтіп, жұрттың көзі прецепторияның қақпасына тесілді.

Ақыры көтермелі көпір төмен түсіріліп, дарбазаның ауызы ашылды да, одан әуелі, алдында алты кернайшысы бар, орденнің туын ұстаған сері шықты, одан кейін екі-екіден қатарласып прецепторлар, сонан соң барып қарапайым ғана ер-тұрманы бар, бірақ бір жер-су баспайтын тамаша тұлпарға мінген сардар келді; осылардың артынан, үстіне жалтыраған жауынгер сауыт киіп Бриан де Буагильбер шықты, бірақ найза, қалқан, семсерін жарақшылары соңынан алып келе жатыр еді. Бөркінен жалбырап түскен ұзын қауырсын серінің бетін түгел көрсетпей, қалқалап тұрса да, оның кескін-келбетінен менмендік пен беті қайтып қалған адамның қос сезімі тайталасқан екі жақты арпалыс белгі бергендей. Ол бірнеше күн ұйқы көрмеген кісідей, өң жоқ, түс жоқ, құп-қу еді. Дегенмен ол аттың құлағында ойнайтын шабандоздығы мен ғымаратшылардың маңдайына ұстаған айбынды жауынгерінің жырынды дағдысы бойынша ауыздығымен алысқан тұлпарын тақымында ойнатып келеді, Буагильбердің қазіргі тұлғасы мен келбеті жан шақ келтірмейтіндей сұсты да айбатты еді, сонда да түнерген түсіне үңіле қараған кісі оның қара беттігін айтпай-ақ танып, жүзбе-жүз келмей, теріс айналып кеткендей сұмпайы болатын.

Мұның екі жағында Конрад Монт-Фитчет пен Альберт Мальвуазен келе жатты; бұлар айбынды серінің сенімді айғағы есебінде болатын. Үстеріне кигені орден мүшелерінің бейбіт уақытта киетін, етегі жерге төгілген ұзын ақ шапаны. Бұлардың соңында Ғымараттың басқа серілері мен ұзыннан-ұзақ қатар түзеген қара киімді жарақшылар мен асыранды жас жігіттер, бұлар орден серілігіне өтуге әзірленіп жүрген мүриттер. Осылардан кейін жаяу сақшылар отряды келеді, бұлардың кигендері де қара болатын. Міне енді осылардың ортасында — боп-боз боп өңі қашқан айыпкер қыз көрінеді, байқұс қыз ақырын да болса, аяғын нық басып, тағдырдың басына салған таудай тауқыметін не де болса көріп алатын орынға қарай тайынбай аяңдап келеді.

Ревекканың бойындағы көзге түсетін барлық жылтырауық заттарды алып қойған, өйткені жын-шайтан арбауына ілінген пенденің қандай қорлық көрсетсе де, жаздым-жаңылдым деп тәубеге келмеуі үшін басқа асыл тастармен қатар оған бойтұмар беріп қояды-мыс деген қауесетті ол заманда желеу ғып пайдаланатын еді. Бұрынғы киетін шығыстың неше алуан әсем киімдерін шештіріп тастап, қыздың үстіне қазір ең дөрекі кенептен ақ киім кигізіп қойған. Сонда да оның нұсқасынан тағдырдың жазуына қажымай мойын сұнып, қайғы-қасіретті мойымай көтеріп тұрғандығы көрінуші еді; әдемі басынан төмен қарай төгілдіріп қоя берген қолаң шашынан басқа бүкіл өне бойында сән-сәулеттен еш нәрсе болмаса да, оған қоса осындай жаман киімнің өзімен де қыздың түр-тұлғасы қалың жұрттың жүрегін елжіретіп, оған ешкім егілмей, жасын төкпей қарай алмады. Табиғаттың туғызған осындай абзал асылының өзі де қолжаулыққа айналып, жын-шайтанның ойыншығы болып кеткеніне жүректері тас боп кеткен, қаныпезер жандар да жаны ашырлық білдіріп, зор ықылас, мейірбандықпен қарады.

Құрбандық жанның соңында прецепторияда қызмет ететін қоңсы-қолаңдар шұбырып келе жатты. Бұлар қаздай тізіліп алған, қолдары қусырулы, көздері жер сүзулі.

Қаптаған қалың тобыр майдан аланы орналасқан жатық қыраттың үстіне көтеріліп, шарбақтың аумағын кернеп алды да, алаңның оңынан солына дейін лық толып, баяғы кірген қақпасының алдына қайта жетіп тоқырады. Осы арада азырақ кідіріс болды, сардар мен оның атты нөкерлері аттарынан түсіп, серілердің атқосшылары мен жарақшылары олардың аттарын шарбақтың сыртындағы кермеге апарып байлауы керек еді, ат үстінде тек Буагильбер мен оның сенімді кепілдері ғана қалды.

Сақшылар бишара Ревекканы лаулаған оттың алдына қойылған қаралы орындыққа алып келді. Ойына алсаң — зәрең ұшатын, денемен сезсең — бойың түршігетін азапты дардың орнына көзі түсіп кеткенде, мүсәпір қыз селк ете қалып, бетін қолымен жапты, сонан соң ерні жыбырлап, дұға оқығандай болды; бірақ дыбысың шығарып ешбір тіл қатпады. Содан бір минуттай уақыт өткенде көзін ашып, жанып тұрған отқа қадала қарады, сырт қараған кісі мына байқұс ажалының бетіне тура қарап, соған бойын үйретіп тұр-ау дейтіндей еді, біраздан соң қыз назарын оттан аударып әкетті.

Осы уақыттың ішінде сардар да өз тағына келіп, оның жан-жағынан және артын ала, әрқайсысы өзінің мәртебе, дәрежелеріне қарай ғымарат серілері түгел орналасты да, соттың басталып, өз әміріне кіріскендігін жариялағандай, кернайлар бар дауысымен ұзақ нығыра тартты.

Буагильбердің кепілі ретінде Мальвуазен елдің алдына шығып, болғалы тұрған сайыстың кепілдемесі болған қыздың биялайын сардардың аяғының астына тастады.

— Айбынды әміршіміз, әулие әкеміз,— деді Мальвуазен,— ғымаратшылар орденінің прецепторы, ардақты сері Бриан де Буагильбер алдыңызда тұр, зор қасиетті тақсыр, сіздің аяғыңыздың астына тасталған, жекпе-жек кепілдігін ол қабыл алып, Сион Ғымаратының аса шарапатты орденінің әділетті соты сиқыршылығы үшін өлім жазасына бұйырған Ревекка деген жебірей қызының шын қылмысты екенін бүгінгі күні болатын жекпе-жек сайыстың нәтижесінде дәлелдеп, сонымен өзінің ар-намысына тиісті міндетін адал атқарып шықпақшы, Ал енді сіздің әулиелік зор мәртебеңіз бен даналық әміріңіз деп бұйрық болса, алдыңызда тұрған сері ақ, адал майданға түсуге дайын.

— Ол өзі адалдық пен әділет жолында сайысатындығына ант берді ме?— деп сұрады сардар.—Тәңірдің азаптағы бейнесімен астына қойылатын қасиетті столды әкеліңдерші.

— Биік дәрежелі әміршіміз, әулие әкеміз,— деп Мальвуазен лып етіп қайта бәйік бола қалды,— алдыңызда тұрған біздің қардашымыз айбынды сері Конрад Монт-Фитчеттің көзінше өзінің таққан айыбының ақиқаттығына ант ішті. Ал бұл жерде оған қарсы тұрған әйел христиан дініндегі адам болмағандықтан, серінің қазір ант беретін жөні жоқ.

Айтқан сөзі қисынды боп шыққандықтан, мұнысына Малвуазен қатты қуанды: алаяқ прецептор Бриан де Буагильберге халық алдында ант бергізу оңайға түспейтіндігін, оны айтсаң, тіпті мүмкін болмайтындығын алдын ала сезіп, оны бұл жердегі анттан құтқарудың есебін осылай тапқан еді.

Альберт Мальвуазеннің орынды сөзін тыңдап алғаннан кейін сардар жаршының халық алдына шығып, міндетін орындауына бұйрық берді. Кернайлар қайтадан жаңғырығын, ұрғаннан кейін, жаршы майдан аланына шығып, бар дауысымен халыққа қарап жар салды:

— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Алдарыңызда тұрған айбынды сері Бриан де Буагильбер мырза, жебірей қызы Ревекканың болашақ жекпе-жекте өзінің орнына тиісті жауынгерін шығаруы жөнінде берілген правосы бойынша, қызды қорғауға бел байлаған әрбір ерікті туған серімен айысқа түсуге даяр тұр. Осы жиынға қатысып отырған зор мәртебелі әулие, айбынды әмірші сардарымыз қызды қорғамақ болған ерге жекпе-жектің болатын орны, күннің жарық сәулесі мен желдің бағыт-бағдары жөнінде және осы әділетті ниеті қазаның басқа шарттары жөнінде оған тең сайысуға право береді

Бұдан соң тағы да кернай ойналып, музыка даурықты, керайдың үні үзілгеннен кейін аланда тыныштық орнап, көпке дейін жым-жырт болды.

— Қызды қорғауға ешкім шықпады ма?—деді сардар осы кезде.— Айыпкерге барып сұрашы, жаушы, осы жекпе-жекте өзі үшін сайысқа шығатын біреуі бар ма екен?

Жаршы Ревекканың отырған жеріне қарай беттеген еді. Осы мезетте Буагильбер атының басып бұрып алып, Мальвуазен мен Монт-Фитчеттің тоқтатам дегеніне қарамастан, алаңның екінші шетіне дейін ағызып барып, Ревекканың алдынан бір-ақ шықты, онымен қатар жаршы да келіп жеткен еді.

— Осы дұрыс бола ма, жекпе-жектің шартына бұл тура келетін бе еді?—деп сұрады Мальвуазен, сардарға қарап.

— Иә, Альберт Мальвуазен, бұған рұқсат,— деді Бомануap—өйткені біз қазір тәңір сотына жүгініп отырмыз, сондықтан, ақиқаттың үстем болып шығуы үшін, екі жақтың да қарым-қатынас жасауына бөгет болмауға тиіспіз.

Бұл уақытта жаршы тұрып Ревеккаға мынаны айтып жатыр еді:

— Зор мәртебелі, қасиетті әміршіміз саған мынадай сауал қоюға бұйырды: бүгінгі күні сенің атыңнан майданға шығатын қорғаушың бола ма, әйтпесе сен өзіңді өлім жазасына дұрыс бұйырылдым деп мойындайсың ба?

— Сардарыңызға айтып барыңыз,—деді Ревекка,— мен өзімді жазықсыз деп білемін, бұйырылған жазамды әділеттік емес деймін,сол себепті өз қанымды өзімнің төгуіме разы бола алмаймын. Тағы айтыңыз оған: заңдарының мүмкін дегенінше маған пұрсат беруің талап етемін де, басыма қаралы күн төнген қайғылы сағатымда маған бір арашашы жібермес пе екен деп құдіретті құдайға жалбарынып, соның бұйрығын күтіп қаламын. Ал егер белгілеген сол мерзімі біткенше маған қорғаушы келмесе, онда тәңірдің жазған бұйрығы бола берсін!

Жаршы сардарға қайтып келіп, Ревекканың жауабын айтты.

— Жар бола гөр, құдайым,— деді Лука Бомануар,— бізді әділетсіздік жасады деп, жебірей болсын, мәжуси болсын, ешбір жан арыз айта көрмесін! Кешкі көлеңке күннің батысынан шығысына қарай ұзарғанша, біз сабыр ете тұрайық, бұл бақытсыз әйелдің қорғаушысы соған дейін де келмес пе екен. Егер онда болмаса, күн ұясына қарай еңкейген кезде, ол әйел ажалына мойнын тоса берсін.

Жаршы Ревеккаға келіп, сардардың бұйрығын жеткізді, Қыз бұған мойынсұна басын изеп, екі қолын қусырып алды да, көзімен көкке телміріп, жерден көрмеген рақымын аспаннан күткендей медет тілеп жалбарына берді. Осындай ғаламатты минутында қыздың құлағына тағы Буагильбердің дауысы естілді. Ол қалай күбірлеп сөйлесе де, зәрезап болған үннен Ревекка тағы селт ете қалды, жаңағы жаршының сөзіндей емес, мұның дауысымен бірге бір сұмдық әлемет келгендей болды.

— Ревекка,— деді ғымаратшы,— сен менің сөзімді естіп тұрмысың?

— Сенде менің сөзім жоқ, қара жүрек жауыз жан,— деді бишара қыз.

— Сонда да сен менің сөзімді түсінемісің?—деп болмады ғымаратшы.— Мен қазір өз дауысымнан өзім шошып тұрмын, және тағы біз осы қайда тұрмыз, не мақсатпен мұнда келдік, осыны тағы толық түсінбеймін. Мынау шарбақ, майдан алаңы, сен отырған орындық, мына жатқан бума-бума шілік... Осылардың не үшін келтірілгенін мен білемін, бірақ соның бір ғаламат елес емес, шын болмыс екеніне әлі көзім жетпейді. Осы оқиға менің миыма бір ғаламат бейнелерді толтырып жіберді, бірақ соның мүмкін екендігіне ақыл-ойым жол бермей қойды.

— Ендеше менің ақыл-ойым, барлық сана-сезімім,— деді Ревекка,— жанып тұрған мынау от менің тәнімді өртеу үшін жағылғанын және жанымды қатты қинаса да, оның маған қысқа мерзімнің ішінде, бұдан игі, абзал дүниеге жол ашатынын айтып тұр.

— Оның бәрі, Ревекка, өздеріңнің саңдукей даналарынның ілімі жоққа шығарған бос қиял, құр елес,— деп Буагильбер енді дестене сөйледі:— құлақ қойшы өзің, Ревекка, сенің қазір жаныңды, бас бостандығыңды сақтап, қашып құтылатын мүмкіндігің бар, ол мына қалың тобыр, көп топастардың түсіне де кірмейді. Сен қазір артыма мінгессең, менің мініп тұрған тұлпарым Замор екеумізді алып, қашып құтылады. Ол мені еш жерде жау қолында қалдырған емес. Трапезунд сұлтанымен жекпе-жекке шыққанда жеңіп алғамын өзін. Кел беpi, жабыс деймін арқама, бір сағаттан соң бізді қуып жететін адам баласы болмайды. Сонан соң сенің алдыңнан зор қуаныш, иен бақыттың есігі ашылады, ал мен — жаңа атақ пен даңқтың шалқар айдынында жүзіп жүретін боламын. Мейлі, маған ойларына сыйған үкімдерін шығара берсін — оны мен пышту да демеймін! Мейлі, монастырь құлдарының тізімінен Буагильбердің атын өшіре берсін — бәрібір менің ата-бабамның аруағына, асыл затыма жаққан қандай күйелері болса да, оның бәрін мен қанмен жуып ақтап аламын!

— Азғын әзезіл,— деді Ревекка,— аулақ кет маңымнан! Тіпті басыма осындай қиямет күні орнап отырғанда да, сен менің бел байлаған кесіміме зәредей әсер ете алмайсың. Айналамды қоршап алған қалың жау, сол мың сан жаудың ішінде ең жауызы сенсің. Аулақ кет жанымнан, құдай үшін!

Бұлардың ұзаққа созылған сөзінен сезіктеніп, қорқып қалған Альберт Мальвуазен, олардың шырқын бұзайын деп қастарына жетіп келді.

— Өзінің қылмысын мойындады ма бұл қыз,— деп тіл қатты ол Буагильберге,— әлде тағы бұрынғысындай безеріп отыр ма?

— Иә, көнетін емес, әлі де жанына жақын келтірмейді,— деді Буагильбер.

— Олай болатын болса, ардақты қардашымыз,— деді Мальвуазен,— саған өз орныңа барып тұрып, айтулы уақыттың жетуін күту ғана қалды. Көрдің бе, көлеңке әлден-ақ ұзара бастады. Шарафатты орденіміздің үміт артқан көсемі, болашақ біздің әміршіміз, айбынды батыр Буагильбер, жүр, орнымызға қайтып барайық.

Прецептор осындай майда сөзбен тігісін жаттықтырып, қам көңіл серіні орнына қайтарып әкетпекші болды да атының шаужайына қолын соза берді.

— Екі жүзді сұмырай! Сен не бетіңмен менің шаужайымнан алып тұрсың?— деп Буагильбер бұрқан-талқан болды да, Мальвуазеннің қолын қағып жіберіп, майдан аланындағы бұрынғы орнына қарай шауып ала жөнелді.

— Жоқ, болмайды екен,— деді Мальвуазен, Конрад Монт - Фитчеттің қасына қайтып келіп, құлағына сыбырлағанда.— Ғашықтық отынан оның іші әлі өртеніп жүр,— жолында кездескеннің бәрін күйдіріп-жандырып жоқ қып кететін гректердің оты сияқты мұның құштарлығы.

Сонымен, қыздың қорғаушысын тосып, алаңдағы сот мүшелері екі сағат отырып қалды.

— Бұл өзінен-өзі түсінікті,— деді Тук машайық,— айтпаса да белгілі, бұл қыз жебірей нәсілінің қызы ғой. Құдай біледі, осындай қыршын жас сұлу қыздың болысатын адамы болмағандығынан өліп бара жатқанына ішің ашиды. Егер осы қыз христиан нәсілінен шыққан қыз болып, маған десе он қайтара сиқыршы боп кетсе де, ол үшін менің шоқпарым құтырған ғымаратшының болат дулығасының төбесінде тайдай тал түсте-ақ әңгір таяқтай ойнаған болар еді.

Осы кезде көпшілік арасында жебірей қызына бола және өзі сиқыршы деп айыпталып отырған қылмысты адам үшін ешкім қорғаушы болып белсеніп шыға қоймайды деген күбір - сыбыр тарай бастады, оның үстіне Мальвуазен айдап салған серілердің ауызы да осыған қарай қисайып, Ревекканың кепілдігін күйіп кетті деп жариялайтын мезгіл жетті ғой деген сөз көбейіп кетті. Міне, дәл осы арада майдан аланына қарай бар пәрменімен ағызып келе жатқан сері де шыға келді. Жүздеген халықтың дауысы: «Қорғаушы, қорғаушы келе жатыр!»— деп айғай салып жіберді; сиқыршы деген құбыжық атақты елеместен, алаңға шауып шыққан серіні қалың көпшілік ұран салып құттықтады. Бірақ, не керек, келген серіні жақыннан көргеннен кейін көпшіліктің тауы дереу-ақ шағылып қалды. Қорғаушының алыстан үдере шауып келген аты болдырып қалған екен, тәлтіректеп, аяғын әрең басып тұр, оған қоса майданға тайынбай шықса да, аттың үстіндегі адамы да әлсіздіктен зорға қимылдайды, шаршағандықтан ба, әлде өзінің бостандығынан ба, әйтеуір ерге сүйеніп, зордың күшімен отырған сияқты.

Бірақ, сері аты-жөніңді, лауазым, дәрежеңді, мұнда келген мақсатыңды айт деген жаршының сауалына ол қасқайып тұрып қайсарлықпен жауап берді:

— Мен ақсүйек атадан туған атақты серімін, келген шаруам — Йорктағы Исаактың қызы Ревекканы ақ найзаның ұшымен, көк семсердің жүзімен ақтап алу, оған қарсы шығарылған үкім әділетті емес және ешбір тірек-негізі жоқ үкім екенін дәлелдеу; ақыр аяғында — Бриан де Буагильбер мырзаның опасыз азғын, қара жүрек қанішер, сөзінде шындық жоқ өтірікші екенін әлем алдында әшкерелеу; ал осы сөзімді дәлелдеу үшін алдымызда жатқан майдан алаңында онымен сайысқа түсіп, құдайым қуат берсе, тәңірия анамыз бен Георгий әулиенің аруағы қолдаса, оны мен жеңіп шығамын.

— Ең әуелі,— деді Мальвуазен,— келген адам өзінің нағыз сер! және атақты тұқымнан туғандығын дәлелдеуге міндетті. Біздің орденіміз өзінің қорғаушыларына аты-жөні белгісіз, көрінген адамға қарсы жекпе-жекке рұқсат ете бермейді.

— Менің атым,— деді сері дулығасының қақпағын аша беріп,— сенің атыңнан, Мальвуазен, атақты да және шыққан затым сенен гөрі әріден басталады. Біліп қой — мен Уилфред Айвенго боламын.

— Сенімен мен қазір сайыспаймын,— деді ғымаратшы, бәсең шыққан бөтен дауыспен.— Алдымен жарақатыңды жазып ал да сонсоң жарамдырақ атқа мін, міне, сонда мен сенің балалық албырттығың басылмаған аусар батырлығыңды басыңнан қағып алуға болады екен дермін.

— А, солай ма, тәкаппар ғымаратшы,— деді Айвенго,— менің найзамнан екі рет ұшып түскеніңді сен ұмытқан екенсің ғой? Акрдағы майдан алаңын, Ашбидағы сайысты есіңе алшы! Ротервудтың қонақ асы беретін залында мақтаншақтығың ұстап кетіп, өзіңнің жойып алған ар-намысыңды қорғап алу үшін Уилфред Айвенгомен сайысқа түсемін деп, мойнына тағып жүрген алтын алқаңды менің бойтұмар кресіме қарсы бәске тіккеніңді есіңе түсірші. Енді өзімнің кресіме және онда сақтаулы жатқан қасиетті аруақтың атына сыйынып айтайын, егер осы минуттық мерзім өткенше сайысқа шықпайтын болсаң, мен сені Европаның барлық патшаларының сарайларын да, өз орденіңнің әрбір прецепториясында қоян жүрек қорқақ деп әшкерелеп, абыройыңды айрандай төгемін!

Буагильбердің жүзі шыдамай, тайқақтап, Ревекканың бетіне қарады, әрі-беріден соң намысы қозып кетті де:

— Саксон төбеті, найзаңды қолыңа ал да, өзіңнің тілеп тұрған ажалыңа дайындал!— деп Айвенгоға қарап айқай салды.

— Менің осы жекпе-жекке шығуыма сардардан рұқсат болар ма екен?—деді Айвенго.

— Сенің бұл правона таласуға менің хақым жоқ,— деді сардар,— бірақ қыздан сұра, сені қорғаушым деп таныр ма екен ол қыз. Сенің бұл сайысқа жарамды болғаныңды мен де қалаған болар едім. Біздің орденнің қанша дұшпаны болғаныңмен, сонда да саған біздің адал болғанымыз мақұл.

— Жоқ, мен қандай халде болсам, солай-ақ бола берсің,— деді Айвенго,— бұл тәңірдің атынан жасалып отырған сот қой, олай болса, мен өзімді сол тәңірдің бір өзіне тапсырдым...— Сонсоң ол қыздың отырған жеріне жақын барып:— Ревекка, сен мені қорғаушым деп білесің бе?—деп сұрады.

— Солай деп білемін,— деді қыз, осының әсерінен қатты толқып кетіп, шынында Ревеккаға өлімнің қорқынышы да тaп осындай әсер етпеген болар,— Мен сені аруақтың жіберген қорғаушысы деп білемін. Жоқ, айтпақшы, жоқ, жоқ! Сенің әлі жарақатың жазылмаған екен ғой. Онда сен бұл өр көкірек жанмен сайыспай-ақ қой. Басқамен бірге сенің де ажалың жетпей-ақ қойсын.

Ал бұл кезде Айвенго жекпе-жек орнына шауып барып, дулығасының қақпағын түсіріп, найзасын қолына алып жатқан еді. Онымен бірге Буагильбер де осыны істеді. Оның жарақшысы дулығасын түймелеп жатып, Буагильбердің бетіне қарап еді, ғымаратшының жүрегін езіп іші-бауырын өртеп жүрген сан-сапалақ күйікке қарамастан, таңертеңнен бері құп-қу боп келген өңін қазір талаураған қып-қызыл жалқын түс басып кеткен екен.

Екі сері орын-орнына барып тұрған кезде:

— Ер жүрек серілер, өз борыштарыңды атқарыңдар!—деп жаршы үш қайтара айқай салды.

Үшінші рет жар салып болғаннан кейін ол шарбаққа қарай шегініп барып, бұл адал жекпе-жекке сөзімен де, қимылымен де, ешбір жан араласпасын, араласқан кісі өлім жазасына бұйырылады деп тағы да жариялады. Ревекканың биялайын күні бойы қолына алып отырған сардар, ақыры оны майдан алаңына тастап жіберді де:

— Бастаңдар!—деген қатерлі сөзді айтып салды.

Кернайлар даурығып, екі сері біріне-бірі қарсы ұмтылды.

Көптің өзі де біліп отыр еді, ғымаратшының дәлдеп сілтеген найзасы мен мықты атының екпініне төтеп бере алмаған Айвенгоның болдырып келген аты да, шаршап-шалдығып жеткен әлжуаз серінің өзі де майдан алаңына құлап түсті. Ал енді Уилфредтың найзасы қарсыласының қалқанына тиген-тимегені белгісіз, әйтеуір, қалың көптің таң қалуына қарай, Буагильбер де атынан ауытқып кетіп, үзеңгісінен айрылып қалды да, майдан жерге ұзынынан сұлап түсті.

Айвенго атының астынан аяғын жалма-жан босата салып, енді семсермен қайрат қылмақ болды да, орнынан ұшып түрегелді. Бірақ қарсыласы орнынан әлі көтерілмеген еді. Айвенго дереу қарсыласын кеудесінен басып тұрып, семсерді тамағына таяп барды да, жанының барында сөзсіз бағын, әйтпесе қазір жаныңды аламын деп бұйрық берді. Бірақ Буагильбер тіл қата алмады.

— Өлтіре көрмеңіз, сері мырза!— деп оған сардар арашашы бола кетті.— Ғыбадат етіп, күнәсына кешірім алуына пұрсат беріңіз, тәнімен бірге жанын қоса мақрұм етпеңіз. Біз оны жеңілді деп білеміз.

Бұдан кейін сардар майдан алаңына өзі түсіп келіп, жеңілген серінің дулығасын шешіп алуға әмір етті. Буагильбердің көзі жабулы, бетін бұрынғысынша қып-қызыл жалқын басып талаураған қалпында еді. Келіп көргендер оның өңіне қайран қалып жүргенде, оның көзі бағжиып ашылып кетті де, бірақ жанарының оты сөніп, құр су қараңғы көздей боп қалды. Енді оның бетінен баяғы қызыл жалқын өң жойылып, шүберектей құп-қу түске ауысты. Қарсыласының найзасы тиместен, байғұс сері нысапсыз нәпсінің құрбаны болып кете барды.

— Mінe, ақиқат тәңір соты,— деді сардар көзін көкке сүзіп.— Fiat voluntas tua!

XLIV ТАРАУ

Ұқсаған құдағидың өсегіне,
Сонымен тамам болды осы әңгіме.

Уэбстер.

— Көпшіліктің абыр-сабыр талқысы біраз саябырлаған соң, осы жекпе-жектің бас судьясы болып отырған сардардан Уилфред Айвенго өз міндетін сайыстың шартына сәйкес дұрыс та, нағыз ерлерше орындап шықтым ба деп сұрады.

— Дұрыс та шын ерлерше орындадың,— деді сардар.— Қызды айыпсыз әрі ерікті деп жариялаймын! Қаза тапқан серінің қару-жарақ, сауыт-сайманы мен мәйітін жеңімпаз есебінде өз еркіңмен билеп-төстеуге хақың бар.

— Бәрібір мен оның сауыт-сайманын да пайдаланбаймын және денесін де қорламаймын,— деді Айвенго сері.— Ол христиан діні үшін сайысқа түсті. Бүгінде ол адам қолынан өлген жоқ, құдайдың әмірімен опат болды. Енді оны ағат іске араласқан адам деп біліп, жай ғана ақырын жерлей салу керек. Ал қыз жөнінде... дей бергенде оның сөзі бөлініп кетті.

Көп аттың шапқан дүбірі жақындап келіп қалды. Жер қайыстыра құйындатқан қалың аттының қиқуынан жер қозғалғандай болды. Көп әскердің алдында ағызған бетінде майдан алаңына Қара Сал шыға келді, оның соңына ерген, бастан-аяқ қаруланған бірнеше сері, мың сан атты әскер бар екен.

— Мен кешігіп қалыппын,— деді Қара Сал, маңайына көз жіберіп,— Буагильбер менің қолымнан өлуге тиіс еді... Өзің ат үстінде зорға отырып жүргенде, осындай істі мойныңа жүктеу де дұрыс болып па, Айвенго?

— Бұл тәкаппар жанды құдайдың өзі жазалады, патша ағзам,— деді Айвенго.— Сіздің үкім еткен қазаңыз оған бұйырмады.

Ричард король дүние салған адамның бетіне қадала қарап тұрды да:

— Егер ондай болса, жатқан жері жайлы болсын, ол өзі батыр сері еді, серіге лайық құрыш болаттың ішінде дүние салған екен. Ал енді уақытты босқа өткізбеу керек. Өз міндетіңе кіріс, Бохун!—деп әмір берді.

Корольдің нөкерінің ішінен бір сері бөлініп, Альберт Мальвуазеннің иығына қолын салды да:

— Мемлекетімізге опасыздық жасаған азғындығын үшін мен сені тұтқынға аламын!—деді.

Бұған дейін мұнша көп әскердің пайда бола кеткеніне сардар үн-түн жоқ таңданып тұр еді. Серінің сөзін естігеннен кенін ол тұрып сөзге кірісті.

— Сион Ғымаратының серісін өз прецепториясында тұрғанда және сардарының көзінше тұтқынға алатын ол кім екен? Және шектен шыққан бұл өрескелдікті ол кімнің әмірімен істеп тұр?

— Оны мен тұтқынға аламын,— деді сері,— мен, Генри Бохун, Англия әскерінің бас командашысы,— лорд, граф Эссекспін.

— Бұйрық осында тұрған Ричард Плаитагенеттің бұйрығы,— деді король дулығасының қақпағын ашып жіберіп,— Конрад Минт-Фитчет, менің қол астымда туып-өспеген сенің бақытын зор екен. Ал енді Мальвуазен, сен, және сенің бауырың Филипп осы жетінің ішінде өлім жазасына бұйырыласыңдар.

— Мен қарсы тұрамын, сенің бұл үкіміне,— деді сардар.

— Бұл сенің қолыңнан келмейді, тәкаппар ғымаратшы,— деді король.— Сарайындағы мұнараның басына қарашы өзің, сонда сенің діни орденіңнің жалауының орнында желбіреп тұрған Англия королінің жалауын көресің. Сабаңнан аспа, Бомануар, бос қарсылық көрсетпе. Сенің басың қазір арыстанның шенгелінде тұр.

— Мен сенің үстіннен шағым беремін Римге,— деді сардар.—Біздің орденнің дербестік еркін бұзып, бостандығына қол сұққаныңды айтып — айыптаймын.

— Қолыңнан келсе, білгеніңді істе,— деді король,— бірақ өз басыңа қатер төнбесін десең, правоны бұзғандық туралы сөз қозғаушы болма қазір. Капитул мүшелерін тарқат та өзіңнің сыбайластарыңды алып басқа бір преиепторияға кет, егер Англияның короліне опасыздық ойлаған бүліктен аман тұрған монастырін болса, ол сенің бағың. Алда-жалда, кеткің келмейді екен, онда осында қала бер. Біздің меймандостығымызға ортақ боп, әділ сотымыздың ақиқатты қалай ашқанын көріп отырасың.

— Не дейсің! Мен өзімнің әмір жүргізіп отыратын жерімде қонақ боп қана қалмақпын ба?—деді сардар, талағы тарс айрылғандай боп, Капелландар, бастаңдар «Quare fremuerunt gentes!» мінәжатын! Серілер, жарақшылар, Ғымараттың барлық қызметкерлері, біздің Боссан орденінің жалауын биік ұстаңдар!

Сардардың осы сөздермен жар салғандағы алапаты Англия королінің алапатынан бір де кем болмады, оның салған салауаты не істерін білмей, тұйыққа қамалып тұрған көп жандардың жүрегін орнына түсіріп, еңселерін көтеріп тастады. Ұлыған қасқырдың дауысын естіп, сырттан төбеттің айналасына ұйлыққан қойдай боп, ғымаратшылар сардарының төңірегіне тығыла түсті. Бірақ бұлардың түр-тұрпатында, қоралы қойша, қорқып-үріккендік жоқ еді, қайта, ғымаратшылардын қас-қабақтары түксиіп, түстері суып, қанына қарайып алған өшпендік, келсең — кел дегендей, айбат шеккендік барды. Олар жұптарын жазбай иінтіресіп, найзалары қолдың саласындай самсап, жер-қайыстырып тұр, қатардағы ғымаратшылардың киген құба-төбел қоңыр киімдерінің арасынан серілердің аппақ шаңқан шапандары түнерген қара бұлттың жиегін көмкерген ақшыл зердей боп көрінеді. Алғашқы бетте ғымаратшыларды шетке шығарғандай боп, айқай-шу көтерген қарапайым халық енді жымдай болып, өткелектен өткен айбынды жауынгерлерге тамашалай қарап қалыпты. Олардың қайсыбіреулері кейін шегініп, шеттеп те кеткен.

Ғымаратшылардың сап түзеп, жауынгерлік қалыпқа келгенін байқаған граф Эссекс атын тебініп жіберіп, заулатқан бойы өз сарбаздарының алдынан шыға келді де, айбат шеккен жауға қарсы бұлардың да дайын тұруына бұйрық беріп, әскерлік саптарын ұрыс қалпына келтірді. Осындай қауып-қатер кез келсе, аруағы көтеріліп, делебесі қозып кететін Ричард қана ғымаратшылардың сап түзеп тұрған қатарын жай ғана аралап жүріп, оларды жекпе-жек сайысқа шақырып қояды!

— Ал бұларың қалай, серілер, іштеріңде Ричардқа қарсы сайысқа шығып, найза қағыстыратын біреудің болмағаны ма? Эй, ғымаратшы мырзалар! Сендердің сүйіп алған жарларың жекпе-жекте ұшып түскен найзаның сынығына да тұрмайды екен ғой, ондай болса!

— Қасиетті ғымараттың қызметкерлері,— деді сардар корольдің бұл сөзіне қарсы шығып — мұндай түкке тұрмайтын өнімсіз теке-тіреске бола ұрысқа шықпайды. Оның бері жағында менің алдымда бір де бір ғымаратшы сенімен, Ричард Английский, найза сындыруға шықпайды! Ал енді христиан дініндегі шаһзада бүгінгі сенің болысқан ісіндей нәрсені қорғап шығатын болса, онда екеумізге билікті Рим папасы мен Европаның патша ағзамдары айта жатар. Егер бізге ешкім соқтықпаса — біз де ешкімге тиіспей, қазір кетіп қаламыз. Біздің орденнің осында қалып бара жатқан қару-жарағы мен дүние-мүлкін сенің ар-инабатыңа тапсырып тастап кете береміз, христиан адамдарына көрсеткен жәбір, қорлықтың жауапкершілігі де сенің мойныңа жүктеулі қалсын.

Осы сөздерді айтып болып, оған ешбір жауап күтпестен, сардар аттануға белгі берді. Әдет-дәстүр бойынша, ғымаратшылардың жорық дабылы болып саналатын күншығыс халқының бір дүрбелең маршын кернайлар күңіренте ойнап кеп жіберді. Ғымаратшылар қатарын қайта құрып, лек-легімен шеру тартып алды да, аттарының сары аянымен үдере тартып берді, тәріздеріне қарағанда, күші асып тұрған қарсы-жақтың айбатынан тайсалып бара жатқан адамдардай емес, тап бір сардарының тиісті бұйрығымен сапар шегіп бара жатқан әскери қол сияқты.

— Тәңірия анамыздың шарафатына сиынып айтсам,— деді Ричард король,— осы ғымаратшылардың басқа жолға ауып кеткендігі бекер-ақ болған, әйтпесе келісті келбеттері мен қажыр-қайраттары ешкімнен кем соқпайды екен.

Жыныңа тиген заттары сырт айналып кеткенде, абалай қалатын қорқақ итке ұқсайтын қалын тобыр прецепторияның шегінен шығуға айналған ғымаратшылардың артынан ауыздарына түскен балағаттарын айтысып, улыған-шулыған боп қала берді.

Ғымаратшылардың кетуінен туған әбігершіліктің тұсында, Ревекка еш нәрсені көрген де, естіген де жоқ. Қыз қартайған әкесінің құшағына кіріп алып, ес жоқ, түс жоқ, басынан кешкен бәле-жаланың шамадан асып кеткендігінен ақыл-ойын орнына келтіре алмай, құр сүлдері ғана жатыр еді. Осы мәзетте әкесінің аузынан шыққан бір ауыз сөз оның ақыл сезімін өзіне қайырғандай болды.

— Жүр, барайық,— деді әкесі,— барайық та сол бір ер жүрек жас жігіттің аяғын құшып, тіл жетпес алғысымызды білдірейік, менің қымбатты жалғызым, баға жетпес асыл қазнам, менің!

— Жоқ, жоқ, әке, қоя тұр,— деді Ревекка.— Ой, жоқ, қазір емес, кейін! Бұл минутта онымен ауыз ашып сөйлесуге тілім жетер емес! Әттең, дүние! Айтар едім, мен оған... бірақ, амал қанша... Жоқ, айта көрме... тезірек кетейік, әке, бұл қырсық, кесір жайлаған бәле-жаланың ордасынан!

— Ой, қызым-ау, бұл қалай болады,— деді Исаак байқұс,— өзінің басын бәйгіге тігіп, сені тұтқыннан босату үшін, найза мен семсердің аранына түскен адамға қалай ғана алғыс айтпай кетуге болады? Бұл біздің өмір бойы алғыс жаудырып өтетін, ешқашан ұмытылмас жақсылық емес пе?!

— О, сөз бар ма, сөз жоқ қой, әкетай! Алғыс, рақмет жаудыру керек, оған ешбір сан да, таразы да жетпейді, әке,— деді Ревекка,— бірақ соның бәрі қазір, бүгін таңда болмасын. Өзіңнің сүйген жарын Рахиланың құрметі үшін тілеймін, әке, менің осы тілегімді қабыл ал — тек қазір болмасын.

— Өйтпеске болмайды ғой, қызым-ау,— деп Исаак та қайталап болмай қойды,— олар бізді сонда не демек, ешкімнің де, еш жақсылықтың да қадірін білмейтін бір ит екен, керек десең, одан да жаман бірдеңе екен дейді ғой...

— Қымбатты әкем-ау, өзің көріп отырған жоқсың ба, Ричард корольдің өзі жүрген жоқ па осында, ал, ол тұрғанда...

— А, дұрыс, біліп айтқан екенсің, менің данышпаным, кемеңгер ақылдым Ревекка! Онда жүр, тезірек кетейік бұл арадан. Оған қазір ақша керек, өйткені ол Палестинадан жаңада ғана қайтып оралды, оның үстіне түрмеге түсіп шықты дейді — тағы... Егер мені тонап алатын сылтау қажет болатын болса, оның туған інісі Джонмен істес болғаным да жетіп жатыр... Онан да мен корольдің көзіне түспей, әзірге аулақ-ақ жүре тұрайын.

Ол енді Ревекканы майдан алаңынан ала қашып, алдын - ала дайындап қойған зембіліне жалма-жан салып алды да, көп ұзамай Натан Бен-Израйль раввиннің үйіне аман-есен алып келді.

Сонымен, бүгінгі күні қандай тағдырға ұшырар екен деп, қалың көптің аузынан аты түспеген жебірей қызы ешкімнен байқаусыз майдан алаңынан жоқ боп кетті де, жұртшылықтың назары енді Қара Салға ауып түсті. Қаптаған халық: «Арыстан жүрек Ричард мәңгі жасасын! Ғымаратшылардың қарасы өшсін!»—деп жер жаңғырықтыра ұран салып, корольді құрметтеп әкетті.

— Қол астындағы халықтың осындай ықылас, ынтасын көріп тұрсақ та,— деді Айвенго граф Эссекске қарaп,— корольдің күні бұрын сақтық істеп, сізді әскеріңізбен қоса шақырып алғаны, ардақты граф, жақсы абырой болған.

Граф Эссекс оның бұл сөзіне жымиып күлді де басын шайқап қойды.

— Айбынды Айвенго,— деді граф.— сен біздің патша ағзамның сырын жақсы білесің ғой, сонда да оны алдын-ала біліп шақырып алған екен деп жатырсың! Әйтпесе мен, Джон шаһзада әскерін сонда жасақтап жатыр деп естіген соң, өз бетіммен Йоркке қарай бағыт ұстап келе жатып, корольге тіпті ойламаған жерден кездесіп қалдым. Сөйтсем, ел аралап, саяхат құрып жүрген сері есебінде біздің Ричард жекпе-жектің тағдырын өз қолымен шешіп, жебірей қызымен ғымаратшының оқиғасын сонымен тамам ету мақсатымен, осылай қарай салып-ұрып келеді екен. Ақыры, мен оның еркіне көнбестен, әскерімді ертіп алып, корольдің соңынан кете бердім.

— Ал Иорктан не хабарыңыз бар, айбынды граф?—деп сұрады Айвенго.— Бүлікшілер бізді сонда күтіп жатыр ма екен?

— Ақпан-қаңтардың қары шілденің күнін қандай күтсе, олар да бізді сонша күтіп жатқан көрінеді,— деді граф.

— Дұрысын айтсам, олардың бәрі бет-бетімен зытып кетіпті. Және сен бұл хабарды бізге жеткізген кім деп ойлайсың? Басқа да емес, Джон шаһзаданың өзі, ұялмай-қызармай, бетінің арын белбеуіне түйіп алып,өзі келіп тұр.

— Сатылған азғын! Жақсылықты білмейтін, опасыз пасық!—деді Айвенго.— Ал Ричард оны қамауға алуға бұйрық берген шығар?

— О, айтпаңыз, король оны аңда жүріп кездескен інісінше қарсы алды!— деді граф.

— Тағы өзі мені және менің жауынгерлерімді нұсқап тұрып, інісіне былай деді: «Көріп тұрсың ғой, інішегім, менің қасымда жүргендер өңшең ашулы жігіттер, сондықтан сен, жақсы атпен, анамызға кетіп қал, ол кісіге менің баласы ретінде сый-құрметімді жеткізіп, халықтың ашуы тарқағанша, шешеңнің қасында бол».

— Болғаны сол ма?—деді Айвенго.— Осындай мейірбан көңілшектігімен король өзінің басына бәле тілеп, қол астынан опасыздар шығарып алып жүр дейтініміз де осыдан емес не?!

— Дәл содан,— деді Эссекс.— Бірақ, өзінің қатерлі жарақаты жазылмай тұрғанда, сайысқа шығып, ажалды өзі тілеп жүрген адамды да осылай деп айтуымызға болады ғой.

— Мазағыңа көндім, граф,— деді Айвенго,— бірақ мынаны да ұмытпа, мен өз өмірімді ғана бәйгіге тіктім ғой, ал Ричард бүкіл королевствоның тағдырын бәйгіге тігіп жүр.

— Өзінің басына жақсылық ойламаған адам басқаға да қамқорлық жасай алмайды,— деді Эссекс.— Ал енді сарайға барайық, өйткені Ричард бүліктің кей бір шамалы қолдаушыларын жазаламақшы еді, бірақ, не керек, бүліктің ең басты айыпкерінің өзі құтылып кететін болды.

Қолжазба тарихтың дерегіне қарағанда, сот тергеуі төмендегідей боп тыныпты, Морис де Браси шетелге қашын кетіп, Францияның королі Филиппке қызметкер болып алыпты, Филипп Мальвуазен мен оның бауыры, Темплстоудың прецкпторы болған Альберт Мальвуазен екеуі бірдей дарға асылыпты бүлікке дем беріп бәленің қара басы болған Бальмедемар Фиц-Урс Англиядан қуылумен ғана құтылып кетіпті, ал бүліктің бүкіл игілігін көріп, жақсылық зейнетіне кенелмекші болған Джон шаһзада өзінің мейірімді ағасынан керек десең тіпті сөгіс те естімей жайына қалыпты. Аяқтап келгенде, қос Мальвуазендердің тағдырына өкінген ешкім болған жоқ: олар істеген айыбына қарай тиісті жазасын тартты, өйткені екеуі де сан рет екі жүзділік жасаған, ешкімге ешбір рақым ойламаған қара жүрек жауыз, содырлы сотанақ қара беттер еді.

Темплстоудағы жекпе-жек бітіп кеткеннен кейін көп ұзамай Седрик Сакс Ричардтың патшалық құрып отырған сарайына шақырылды; бұл кезде король Йорк қаласын астана ғып отырған, өзінің інісі Джон бүліншілік әрекеттерін көбірек жасаған уалаятты тыншықтыру үшін король әдейі осындай амал қолданған.

Король шақырып жатыр деген соң Седрик алғашқыда шала бүлініп, бұрқан-талқан боп ашуланып алды, бірақ ақырында сабасына түсіп, көнуге тура келді. Шынтуайттап келгенде, Ричардтың қайтып келуі ағылшын тағына саксон патшаларының мұрагерлерін қайтып әкелуден мүлдем үміт үздірген еді, өйткені саксондар партиясы патша тағына кімді ұсынса да, елдің ішінде қым-қиғаш ұрыс-талас туып кеткенде, өз басының ер көңілді ақ жарқындығымен, соғыстағы батырлық даңқымен елдің бәріне жағымды болып алған Ричардтың асып тұрған бақталасына тайталасу — мүмкін емес еді, рас, оның мемлекетті басқаруында біресе ағынан жарылып, кең-дарқан боп кететін, біресе аса қатал, рақымсыз боп кететін мінез тұрақсыздығы бола тұрса да, негізінде ол таптырмайтын жақсы король болатын.

Оның үстіне, қалыңдық пен күйеу жігіттің біріне-бірі жұлдызы қарсы келді де, Ровена мен Ательстанды некелестіріп, сонымен сакстардың елдігін қалпына келтіремін деген жоспарының біржола быт-шыт болғандығын Седриктің өзі де мойындауға мәжбүр болды. Қалыңдық пен күйеу мұндай некеден екеуі бірдей ат-тондарын ала қашып отырған күннің өзінде, ақырының мұндай боп аяқталуын ол мүлде күтпеген еді. Корольдер қанынан жаралған екі адам бірін-бірі жақтырмағандықтан, ұлт игілігіне қажет болып отырған некеден бас тартады дегенге Седрик ешбір нана алмай қойды. Бірақ, солай бола тұрса да, болып отырған істің жайы осылай еді. Қашан да болса, Ровена Ательстанның басына разы еместігін білдіріп келген болатын, ал енді келіп, Ательстан да бұдан былай Ровенаға құдалық сөйлесуден бас тартамын деп қайқайып шықты. Седриктің жаратылысымен бірге туып, біте қайнасқан, асқан озбыр бір беткейлігі де мұндай алшақтықтың алдында жіп есе алмай қалды, әрқайсысы өз беттерінен қайтпай, сіресіп қалған екі жанды неке қиярға зорлықпен сүйреп жүру оңайға түспейтін еді. Сонда да ол Ательстакқа ақырғы рет қысым жасап байқады. Бірақ Седрик келгенде саксон корольдерінің о дүниеден тіріліп келген үрім-бұтағы жергілікті дін иелеріне қарсы шайқасу үстінде екен.

Эдмунд әулиенің аббатын өлімші халге жеткізіп, оңдырмай қорқытқаннан кейін Ательстанның да кегі тарқап, тауы шағылып қалса керек, әлде өзінің жайбарақат сүлесоқтығынан ба, әлде, сол замандағы әйелдердің көпшілігі сияқты, діни адамдарға сый-құрметпен қарайтын Эдит бибінің өтінішінен аса алмады ма, әйтеуір ол жеме-жемге келгенде онша қатты кете алмады. Ательстан аббат бастаған монастырьдің тақуа-сопыларын Конингсбург сарайының ең төменгі қабатына үш апта бойы қамап қойып, тек қана аштан елместей, жүректері талып кетпестей қорекпен ғана асырады. Мұндай азабы үшін аббаты шеркеуден де аластамақ болып, қоқан-лоқы жасады түрмеде заңсыз ұстаған қиянатының салдарынан, аббат өз басының да және басқа монахтарының да ішпен-ішек ауруына шалдыққандығын айтып, түймедейді түйедей ғып жіпке тізді.

Седрик келсе, оның Ательстан досы осындай тауқыметпен мұрнынан шаншылып, дін иелерінің әлгіндей бәле-жаласынан құтылып шығудың амалын ізденумен әуре-сарсаңға түсіп жатыр екен, ал басқа тіршілік деген оның ойына да кіретін болмады. Енді Седрик келіп, Ровена туралы сөз бастағанда. ізгі ниетті Ательстан бикештің құрметіне бір тостаған шарапты қағып жіберіп, өз бауыры Уилфредпен Ровенаның неке қияры тезірек қаузалуын тіледі. Сонымен, енді Ательстаннан ештеңе шықпайтыны белгілі болды. Осыдан бастап Вамбаның «Қораз қодимай жаралса, одан қолшоқпар шықпайды» деген сөзі ел аузында нақылға айналып кетті.

Сөйтіп, бір-біріне ғашық Айвенго мен Ровенаның қосылуына екі-ақ кедергі қалды. Седриктің бір бетінен қайтпайтын қайсарлығы мен және оның нормандардың патша тағында отыруына ежелден қарсылығы еді. Мұның алғашқысы асыранды қызының іш-бауырға кіріп тұратын жайдары, жайсаң мінезі мен өз ұлының керінеу асып тұрған бақ-талайының арқасында бірден-бірге бәсеңси берді. Батагөй Эдуардтың ұрпағы абыройлы некеден біржола бас тартқан соң Альфред корольдің үйімен құда-құдандал болу Седрик үшін мақтаныш боларлық іс еді.

Норман қанынан жаралған корольдерді Седриктің жек көретін сезімі де аяқси бастады. Өйткені, бұл тұста нормандарды Англия — тағынан тайдыру мүмкіндігі болмай қалғанына Седриктің кезі жетіп, тақта отырған корольдің билігін мойындауға тура келді. Екінші жағынан, Ричард корольдің өзі де Седриктің басына үлкен көңіл бөліп, оның қатал әзіліне аса сүйсіне қарады, қолжазба деректің куәлігіне қарағанда, корольдің ықыласына разы болғандықтан ізгі ниетті Сакс патшаның сарайына келгеніне бір апта болмай жатып, өз ұлы Уилфред Айвенгоның әкесі мәпелеп өсірген ардақты арумен некелесіп қосылуына батасын берді.

Сөйтіп біздің қаһарманның үйлену тойы ғымараттардың ең зоры — Йорк қаласының ең қадірлі ордасында болды. Неке қию мерекесіне корольдің өзі қатысты; осы тойда көрсеткен және тағы басқа көп жағдайларда жасаған патша ағзамның ілтифатына қарағанда, бұған дейін қорлық-зорлық көріп келген сакстардың дәрежесін көтеріп, алты бақан ала ауыздық соғыстан гөрі бейбітшілік жолымен ана ғұрлым зор табыстарға жетуге болатындығын олардың өздері де көздерімен көріп, қолдарымен ұстағандай болды.

Неке тойы, Римнің зор мәртебелі діни төрелерінің сауық - сайрандарында аспанға көтеріп өткізетін сән-салтанаттың барлық шарттарымен таң тамаша дәрежеде өткізілді.

Той үстінде сәнді киінген Гурт әрқашан адал қызмет еткен жас мырзасының құзырында жасақшылық міндетін атқарды; неше алуан түрмен күміс қоңыраулы жаңа қалпақ киген ер жүрек Вамба да осында болды. Гурт пен Вамба неше қилы қиын қыстауда Уилфредпен бірге болып, ол не көрсе, бұлар да соны көрген еді, сондықтан қазір келген жақсылық, рахатқа ортақ болуға бұлардың толық хақылары бар еді.

Седриктің ауыл-аймағындағы қарашы нөкерлерімен қатар, бұл тамаша думаннан толып жатқан асыл тек нормандар мен саксон ақсүйектері де құр қалған жоқ, екі жастың қосылуын екі халық арасындағы болашақ татулық пен бейбітшіліктің кепілі деп жаппай құттықтаған төменгі топтың қалың көпшілігімен бірге осы тілекке олар да үн қосты; бұған дейін жауласып келген бұл екі ұлт осы уақыттан бастап бөтендіктерін жойып, бір қауым боп бірігіп кетті. Седрик осы ынтымаққа дейін өмір сүріп, оның нәтижелерін көрді, өйткені екі ұлт қауым ауқымында бас қосып, қыз алысып, қыз берісе бастаған сайын нормандар менмендігін кемітіп, сакстардың бұрынғы дөрекілігі бадырайып көзге түспейтін болды. Ал қазіргі ағылшын тілі деп аталып жүрген аралас тіл Эдуард III патшалық құрған дәуірде ғана іске асып, түпкілікті ресімге кірген еді; сірә, нормандар мен сакстардың арасындағы айырмашылық та осы уақытта біржола жойылды деп есептеген жөн болатын шығар.

Бақытты неке тойы болып өткеннен кейін, екі күннен соң леди Ровена бөлмесінде жалғыз отыр еді, оған Эльгита келіп, онымен бір қыздың оңаша сөйлесуге рұқсат сұрап тұрғаның хабарлады. Ровена алғашқыда бұл кім болды екен дегендей, таңданып, ойға қалды, содан бір азғана толқып тұрғаннан соң, ақыры әуестігі ұстап кетті де, ол қызды шақыруға рұқсат берді.

Бөлмеге сыр-сымбаты келісімді, ұзын бойлы бір қыз келіп кірді. Иығына жамылған ұзын ақ жамылғы қыздың денесін көзден жасырудан гөрі, оның келісті де келбетті, әсем тұлғасын мен мұндалап алға тартып тұрғандай еді. Оның жүріс - тұрысы сынық, мінез-құлқы аса сыпайы екен, оның үстіне бүгежектеп, төменшіктеп қалайын дейтін де, көзге түсіп, бәйгі алайын дейтін де қыз көрінбеді. Ровена жанабына келген жанға аса сезімтал, көңіл-ниетін айтқызбай біле қояйын деп тұратын елгезек кісі болатын. Мейман қыз кіріп келген бетте-ақ орнынан тұрып, қолынан алып, креслоға алып келуге бой ұрған еді, бірақ мейман қыз Эльгитаға мойын бұрып, өзінің Ровенамен оңаша қалуына мезреті жасағандай болды. Эльгита шығып кетісімен (ол бұл мінезді жақтыра қоймаған еді), әлгі келген ару қыз, леди Айвенгоны өте қайран қалдырып, тізесін бүкті де, екі қолын маңдайына апарып, тағзым етті, содан соң жерге жеткізе басын иіп, Ровенаның қарсы болуына қарамастан, бикештің кестелі етегіне ернін тигізді.

— Мұныңыз не?—деді таңданған жас келіншек.— Сіздің маған мұншама зор құрмет көрсетіп тұрған себебіңіз не?

— Мұның себебін сұрасаңыз, леди Айвенго, мен Уилфред Айвенгоға тиісті алғысымды сіз арқылы ғана тапсырғанымды әбден заңды да орынды деп білемін,— деп Ревекка орнынан көтерілді де, өзінің бұрынғы сабырлы, келісті келбетіне келе, орнына барып тұрды. Біздің халқымыздың ресімінде қолданылатын ізет, ілтифат белгісін жасағаныма сізден ғафу өтінемін. Мен жалпы жұрт жаппай қарсы болып тұрғанда, Темплстоудың майдан алаңында сіздің еріңіз басын бәйгіге тігіп, арашалап алып қалған мүсәпір жебірей қызы боламын.

— Сүйікті сұлу,— деді Ровена,— ол күні Уилфред Айвенго өзінің басына сондай кесір кесел түсіп жатқан уақытта сіздің күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей күтім жасаған және жарақатын емдеген еңбегіңіздің есесін тек жарым-жартылай ғана өтеген еді. Мен сізден қайта өтінемін, не ол өзі, не мен сізге қандай да болса, бір нәрседен пайдамызды тигізе алмаспыз ба екен?

— Жоқ, атай көрмеңіз,— деді Ревекка, байыпты жауап беріп,— менің сізден жалғыз-ақ сұрайтыным — қош айтысарымызда оған менің мың да бір рақметімді айтып, ең жақсы тілегім мен ең жақсы ниетімді жеткізсеңіз екен деймін.

— Сіз қалай Англиядан кетіп бара жатырсыз ба?— деп сұрады Ровена, бұл мейман қыздың ғажайып келісіне әлі де болса таң-тамаша қалып тұрып.

— Иә, кетіп бара жатырмын, миледи, осы айдың ақырына дейін кетіп қаламын. Менің әкемнің Гренада королі Мұхаммед Боабдилдың ерекше мархабатында тұрған бауыры бар. Біз енді соның қол астына барып, мұсылмандардың біз тұқымдас адамдардан алатын алымын төлейміз де тыныштықпен, ешбір жәбір, зорлық-зомбылықсыз өмір сүреміз.

— Сіздердің сонда Англияда қауып-қатерсіз өмір сүре алмайтын болғандарыңыз ба?—деді . Ровена.— Менің күйеуім корольге сөзі өтімді, беделі бар, оның үстіне корольдің өзі де әділетті, мархаббатты кісі.

— Менің бұл жөнде ешбір күманым жоқ, леди,— деді Ревекка,— бірақ ағылшындар діні қатты, мейрімсіз халық. Олар көршілерімен өмір бойы соғысып келеді және өзара да біріне бірі күн көрсетпейді, бұл халықтың жауыздығы сондай — біріне бірі семсер салып алуға әрдайым әзір тұрады. Олардың арасында өмір сүру біздің ұлт адамдарына да аса қауыпты. Өне бойы кескілесіп соғысып, дамылсыз қан төгіп жататын, айналасын дұшпан көршілер қоршаған, өз арасы қиян-кескі, қырық пышақ әрекет жайлаған мұндай елде кезбе Израиль дамыл алып, тыныштықпен өмір сүрем деп ойламайды.

— Ал сіздің өзіңізші,— деді Ровена;—сіздің өз басыңыздың қауіптенетін еш нәрсеңіз жоқ қой. Сен жаралы Уилфред Айвенгоның басында қазықтай шаншылып отырған болсаң,— деді келіншек қызыңқырай сөйлеп,— Англиядан сенің - қорқатын ештенең жоқ, шындап келгенде, сакстар да, нормандар да сені басына көтеріп ұстайды ғой.

— Сөзің жақсы, леди,— деді Ревекка,— ал ниетің одан да артық. Бірақ мұның бұлай болуы мүмкін емес: екеуміздің арамызда түпсіз тұңғиық шыңырау жатыр. Біздің тәлім тәрбиеміз, біздің тұтынған дініміз осы тұңғиық шыңырауды аттап кетуімізге сізге де, бізге де ерік бермейді. Ал, қош бол, бірақ кетерімде сен маған бір жақсылық жаса. Сенің бетіңді жас келіншектің перде-торы бүркеп тұр; сен маған бүкіл халықтың ауызына ілінген сұлу келбетіңді көруге рұқсат ет.

— Таң көріп, көруге тұратындай, ол соншалық әдемі ме екен,— деді Ровена,— айтқаның болсын, бірақ, менің айтқанымды сен де орындайтын болсаң, мен пердемді түрейін.

Ровена пердесін көтеріп жіберіп еді, әлде өзінің сұлулығын білетіндіктен бе, әлде ұялғандықтан ба, әйтеуір, екі бет, маңдай, мойны, кеудесіне дейін қып-қызыл боп қатты қызарып кетті. Бетін ашқан Ревекка да қызарып шыға келіп еді, бірақ оның қызыл өңі көзді ашып жұмғанша басылып кетті.Бір минут өте шыққанда ол өзінің сезімін билеп алды, қызыл түске боянып тұрған алқызыл бұлт күннің көзі ұясына кіріп кеткенде, қандай өзгере қалса, қыздың беті де сондай өзінің байырғы өңіне кірді.

— Леди,— деді Резекка,— сіздің маған көруге жазған бет келбетіңіз менің көңілімде ұзақ сақталады. Онда момақандық пен мейрімділік басым екен, ал егер осындай тамаша қасиеттің қатарынан дүнияда менмендік пен баққұмарлықтың жұрнағын табуға болатын болса, оның не айып-шамдығы бар, заты, адам топырақтан жаралған дейді ғой, ондай болса, бізде жердің қасиеті болғандығының несі айып? Мен сіздің кескін-келбетіңізді көңілімде ұзақ сақтаймын және өзімнің аяулы құтқарушыма сендей қосақ бергеніне тәңіріме алғыс айтумен кете барамын...

Ревекканың көз шарасына жас толып кетті де, енді ол сол жасты жалма-жан сүрте бастады, Ровенаның ыңғайсызданып, қам ойлай бастағанына ол:

— Жоқ, ешбір қам жемеңіз, леди, менің денім сау, ешбір сырқатым жоқ. Тек әншейін, Торкилстан мен Темплстоудың майдан аланы есіме түскенде, жүрегімді қайғы-қасірет кернеп кетеді. Ал қош болыңыз! Мен өзімнің борышымның бір болымсыз бөлегін әлі атқарған жоқ екенмін. Менен мына қобдишаны алыңыз да оның ішінен шыққан затқа ешбір шүбә келтірмеңіз.

Ровена күміспен қапталған кішкентай қобдишаны қолына алып, аузын ашып жіберіп еді, ішінен баға жетпес гауһардан тізілген алқа мен сырға шыға келді.

— Бұл мүмкін емес,— деді Ровена, қобдишаны Ревекаға қайырып.— Мен мұндай асыл сыйлықты ала алмаймын.

— Мұны сіз алып қалыңыз, леди,— деді Ревекка.— Сіздің қолыңызда әмір, атақ, бедел бар — ал бізде тек байлық қана бар, біздің күштілігіміз де, осалдығымыз да осында. Осы тұрған қалпынан он қайтара қымбат боп кетсе де бұл сылдырмақтың құны сіздің аузыңыздан шыққан бір ауыз сөздің жарымына да тұрмайды. Демек, сіз үшін бұл онша асып кеткен сыйлық емес, ал мен үшін, егер мен одан ажырар болсам, тіпті түгім де қурамайды. Жалғыз-ақ менің халқым туралы, өздеріңіздің қарапайым жай халықтарыңыз сияқты жаман пікірде болмас деп ойлауға рұқсат етіңіз. Осы бір жылтырауық тастарды мен қалайша өзімнің бас бостандығымнан артық көрмекпін? Әйтпесе менің әкем осыны өзінің жалғыз қызының ар-ұятынан артық көреді деп ойлайсыз ба? Осыны алыңыз, леди. Маған оның түкке керегі жоқ. Мен бұдан былай ешқашан асыл зат тағынбаймын.

— Ондай болса, сіз бақытсыз болдыңыз ғой,— деді Ровена, Ревекканың соңғы сөздерін айтқан түріне қарап.— О, құрметті ару, осында қала көріңіз! Біздің инабатты ұстаздарымыз сізді жалған діннен тайдырып, түзу жолға салады, сонсоң сіз менің сіңілім болып аласыз.

— Жоқ, Леди,— деді Ревекка, мұңайған түрмен сабыр ойлап,— мұныңыз мүмкін емес. Мен тұратын елімнің райына қарап, көйлегімді ауыстырғаным сияқты, ата-бабаларымның дінің айырбастай алмаймын. Бірақ мен бақытсыз да болмаймын. Егер мен оның айтқанын істейтін болсам, ендігі қалған өмірімді арнаған адамым менің жұбанышым болады.

— Ондай болса, сіздердің де монастырьлеріңіз бар екен ғой, сіз соның біріне кіріп алмақсыз ба?—деп сұрады Ровена.

— Жоқ, Леди,— деп бұған былай жауап берді жебірей қызы,— біздің халқымыздың ішінде Авраам пайғамбардың уақытынан бері қарай осы біздің уақытымызға дейін өздерінің ой-пікірін құдай жолына бағыштап, ал ісін адам баласына қызмет етуге бағыштап келген әйелдер болған. Олар ауруларды бағады, аштарды асырап-сақтайды, кедейлерге жәрдемдеседі. Міне, енді Ревекка да осыны істейді. Егер өзі өлімнен алып қалған адамның тағдырын сұрай қалса, мұны сен өзіңнің әміршіңе жеткіз.

Осыған келгенде Ревекканың дауысы дірілдеп кетті де, одан өзінің айтқысы келген сөзінен артығырақ әлде қандай бір аянышты нәзік сезім естілгендей болды. Қыз енді Ровенамен асығыс қоштаса бастады.

— Ал, бақыл болыңыз,— деді Ревекка.— Сіздің басыңызға жебірейлерді де, христиандарды да жаратқан құдайдың жақсылық рахымы жаусын. Біз айлаққа жетісімен сапар шегетін кемеміз салдауырын көтеріп алып, бұл арадан қозғалып кетеді.

Осымен қыз ептеп қана, лып беріп, бөлмеден шығып кетті, ол кеткен соң Ровена әлде қандай бір ғайып елес көргендей, таң-тамаша әсермен қалып қойды. Саксондардың айтулы аруы өзіне келіп-кеткен төтенше мейман қызды күйеуіне айтпай тұра алмады, сүйген жарының бұл қыз туралы айтқан әңгімесі Айвенгоға үлкен әсер тудырды.

Айвенго Ровенамен қосылып ұзақ уақыт бақытты өмір сүрді, өйткені бұлар жас күнінен бірін-бірі жақсы көріп кетіп еді. Оның үстіне екеуінің қосылуына бөгет болған соншама машахаттан кейін де бұлардың махаббаты өте-мөте қызықты болды. Жалғыз-ақ Ревекка сұлудың көркі мен жайсаң жаны жігіттің ойына көбірек түсіп, Альфред корольдің асқан ару мұрагеріне бұл мінез ұнамай қап жүрмесе болды.

Айвенго Ричардтың дәуірінде жемісті қызмет етіп, корольдің алдында бұрынғы бетімен үлкен бедел, зор абыроймен пайдаланды, Лимож қаласының маңындағы Шалю сарайында Арыстан Жүрек мезгілсіз қаза тауып кетпегенде, Айвенгоның алатын абыройы тіптен шарықтап, биік дәрежеге көтерілетін еді Асқақ мінезді, ер көңілді, тәуекелшіл патшаның қазасымен бірге Уилфред Айвенгоның да атақ-даңқы, көксеген алдағы үміті кесіліп қалды. Ричардтың өліміне де Швеция королі Карл жөнінде доктор Джонсонның жазған өлеңін мысалға алуға болатын еді:

Қайырсыз қолдан
Қаза да болған қайран ер,
Сарайдың түбі,
Құшағына алды бір жат жер
Шапағат, айбар
Есімі оның әулие,
Үлгілі сабақ
Лұғаты зор әңгіме.

 

ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

Арыстан Жүрек Ричард I — ағылшын королі, (1189—1199), үшінші крест жорығына қатысқан. Англияны ол билеп тұрған дәуірде алпауыттардың бүлігі, ел ішіндегі өзара соғыс әлі басылмаған еді.

Логан Джон (1748—1788)—шотланд ақыны, діни гимндер мен дастандардың әрі «Руннемед» трагедиясының авторы.

Иаков V — Шотландия королі (1513—1542) Католиктер шіркеуіне сүйеніп, алпауыттарға қарсы күрес жүргізген.

Діншілдердің пайғамбары— мұсылман (ісләм) дінін бастап шығарған Мұхаммедті (Магомет) айтады.

Перси Томас (1729—1811)—ағылшын ғалымы, әрі ақыны. 1765 жылы ағылшынның ертедегі балладаларын жинап, бастырып шығарған, оның ішінде Робин Гуд жайындағы баллада бар.

Эдуард IV — ағылшын королі (1461 —1483). Ал қызыл Роза мен Ақ Роза гүлдерін ұран ғып ұстаған халықтардың арасындағы 1455 жылдан 1485 жылдарға дейін созылған, алпауыттардың өзара соғыстарының дәуірінде тақта отырған патша Парламентке бағынбай, өз алдына саясат жүргізіп, корольдің ел билеу әмірін іске асыруды көксеген кісі.

Фальстаф — Шекспирдің «Генрих IV» деген хроникалық пьесасының (1597) және «Виндзордың келекешіл қыздары» деген комедиясының (1598) кейіпкері. Мұнда В. Скотт Фальстафтың шаһзадаға айтқан: «Құдайға аян, менің де бір жақсы атқа ие болғым келеді-ақ, бірақ сондай заттың қайда сатылатынын біле алмай әуремін» деген сөзін айтқысы келген («Генрих IV», бөлім 1, көрініс 25.)

Черный принц — Уэльс шаһзадасы Эдуард (1330—1376), ағылшын королі Эдуард ІІІ-нің ұлы. 1337—1453 жылдарда Англия мен Францияның арасында жүз жылдық деп аталған соғыстың алғашқы дәуірінде ағылшын әскерін бастаған қолбасы.

«Дәрі қаскүнемдігі»— 1605 жылы ағылшын королі I Иаковтің өміріне жасаған католиктер қастығының сәті түспей қалғанын aйтады.

Тәуратта айтылған қаһарман қолбасы Несман Сирийскийдің сөзін еске алып отыp.

Чосер Джефри (1340—1400)— ағылшынның атақты ақыны, «Кентерберий хикаяларының» авторы.

Шекспирдің «Венеция көпесі» деген пьесасынан (III акт, I көрініс) мысал сөз.

Ингульфус Кройдонский монағы және де Винсау — орта ғасырдағы ағылшын тарихшылары.

Фруассар — XIV ғасырдағы француз әңгімешілі.

Стефан — ағылшын королі (1135—1154). Королева Матильдамен өкімет билігіне таласып, ұзақ уақыт өзара соғыс жүргізген адам.

Генрих II. Плантагенет—ағылшын королі (1154—1189). Король өкіметін нығайтып, алпауыттардың ел ішіндегі соғысына тиым салу мақсатымен бір сыпыра өзгерістер жасаған.

Норман герцогі Вильгельм (1066—1087)— жаулаушы нормандар ортасынан шыққан, Жауынгер Вильгельм атанған алғашқы ағылшын королі.

Гастингс алабындағы ұрыс — герцог Вильгельмнің бастауымен Англия жеріне келіп түскен Норман әскері Гастинге алабында болған ұрыста Гарольд корольдің ағылшын-саксон әскерін 1066 жылдың 14 октябрінде талқандап жеңіп шыққан. Осы уақыттан бастап Англияда нормандар үстемдігі орнаған.

Шикіл Вильгельм II — ағылшын королі (1087—1100), өз тұсында халықты аса қатал ұстап, жауыздықпен билеп-төстеген.

Эдуард ІІІ — ағылшын королі (1327—1377); Жүз жылдық соғыс осы Эдуард ІІІ-нің дәуірінде басталған.

Друидтер — Британия жерін англо-саксондар жаулап алғанға дейін осы аралды мекендеген ескі кельт халқынан шыққан жыраулар осылай деп аталған (v ғ.).

Суайн, порк.— Англияны жаулап алған нормандар өздерімен бірге бұл елге норман-француз тілін де ала келді. Оларға дейінгі Британияның англо-саксон халқы өздерінің ана тілінде сөйлейтін еді. Келе-келе ағылшын тілі англо-саксондық негізінде қала тұрса да, бірақ нормано-француз тілінің күшті ықпалына ұшырады. Ақырында ағылшын тіліне норман-француз тілінен көп сөздер ауысып келді.

Англо-саксон тілінен алынған swine (суайн) деген сез қазіргі ағылшын тілінде «шошқа» деген мағынаны ұқтырады, ал pork (порк) деген сөз норман-француз тілінен ауысқан—«шошқа еті» деген маңына. Вальтер Скотт осы екі сөздің мағынасын ойната түскенде, сакстар мен нормандардың арасындағы әлеуметтік айырманы көрсеткен.

Олдермен — графтық уаляйатқа қараған жердің билеушісі. Кейін қалалық басқарманың мүшесі. Бұл жерде ол сөз кекесін, әзіл түрінде қолданылып отыр.

Окс, Биф, Каф, Во. Англо-саксон тілінен алынған ох (оке), calf (каф) сөздер «өгіз», «бұзау» деген мағыналарды береді, ал, норман-француз тілінен шыққан Beef (биф), vcau (во) деген сөздер— «сиыр еті», «бұзау еті» деген мағынада қолданылып отыр.

Оберон — ормандағы жын-шайтандардың ертегіде айтылатын королі.

Эвмей — Гомердің «Одиссея» дастанындағы қожасына шын берілген шошқашы құл.

Ғымарат ордені (яғни Тамлиерлер ордені) 1119 жылдарда пайда болған. Бұл орденнің мүшелері көп жер көлеміне қожалық етумен қатар, саясат жүзінде де зор беделге не болған.

Один — Германдардың көне ертегі тарихында ең жоғарғы құдай деген мағынада.

Хервард — норман жаулап алушыларына қарсы шыққан ағылшын-саксондардың халыққа басшылық еткен бір кесемі.

Жетіпашалық,.— VI ғасыр аяқталып, VII ғасыр басталған дәуірде қазіргі Англияның орталық және оңтүстік бөлімдерінде англо-саксондардың Кент, Уэссекс, Сассекс, Эссекс, Нортумбрия, Шығыстық Англия, Мерсия деп аталған жеті патшалығы болған 829 жылы осылардың барлығы бірігіп, біртұтас Англия мемлекетін құрған.

Томсон Джеймс (1700—1748)—XVIII ғасырдағы ағылшын поэзиясында болған ертеректегі күйреуік ағымның өкілі. «Жыл мерзімдері» деген ғыбрат дастанның авторы.

Дабыл қоңырау — Жаулаушы нормандар халықтың барлық үйлерінде осы дабыл коңыраудың дабысымен жарық сөндірілетін заң қабылдаған.

Альфред — Уэссекс деп аталған англо-саксон королевствосының патшасы (871—900 жылдар). Ортағасырдың ертедегі дәуірінде англо-саксон мемлекеттігін орнатып, қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген қайраткер.

Ұлы орман хартиясы — Англияны жаулап алғаннан кейін нормандар қатал аңшылық заңын тағайындап, оған Ұлы орман хартиясы деп атақ берген. Ұлан-ғайыр орман алабы корольдің меншігі деп жарияланып, ол орманда аң аулауға тиым салынған. Осы жерде туып-өскен англо-саксон халқы бұл заңға аса наразы болып, үлкен қарсылық көрсеткен.

Саладин (Салах — ад — дин) — Сирия мен Египеттің сұлтаны (1171—1193), Таяу Күншығысты қорғап, Европаның крест жорықшыларына қарсы соғыс ашқан аса көрнекті қолбасы. Саладиннің соғыстағы мықтылығын жоямыз деп күш салған европалықтар ақыр аяғында келіп, үшінші рет крест жорығын ашқан (1189—1192).

Эпигрофқа алынған өлең Шекспирдің «Венеция көпесі» деген пьесасынан (акт III, көрініс 1) үзінді.

Мұхаммед пен Термаганттің үмбеттері — мұсылмандар.

Сэр Тристрам — орта ғасырдағы серілік романдардың қаһарманы.

Норталлертон — Англиядағы жердің аты, осы арада 1138 жылы шотландықтар мен нормандардың арасында зор ұрыс болған. Бұл ұрыста сакстар шотландықтарды жақтап соғысқан.

Иоанниттер (госпитальер)—1118 жылы Палестннада крест жорықшылары құрған діни серілері орденінің мүшелері. Кейініректе ионниттер ордені Мальта ордені деп аталып, осы аттас аралда тұрақтаған.

Сен-Жан д'Акр—Сириядағы қамал, үшінші крест жорығының кезінде крест жорықшылары мен сарадиндер (мұсылмандар) арасында осы қамал үшін қиян-кескі ұрыстар жүргізілген.

Эпиграфқа алынған мысал өлең Шекспирдің «Венеция көпесі» атты пьесасынан үзінді (акт I, көрініс 3).

Итака — Ион аралдарының бірі, Гомердің бүкіл әлемге белгілі «Илиада», «Одиссея» деген шығармаларында аталады, бұл арал — Одиссейдің отаны болыпты-мыс.

Джон (Иоанн Безземельный)—ағылшын королі (1199—1216), ағасы Ричард 1 қаза болғаннан кейін таққа отырған. Халыққа аса қатал болып, озбырлық саясат жүргізген, ақ сүйектердің феодалдық басымдықтарына қысым жасап, қала тұрғындары мен серілердің праволарына қиянат істеген. «Айвенго» романында ол дәуірде патшалық құрған Арыстан Жүрек Ричард I корольдің інісі, Джон шаһзада деп келтірілген.

Ферғауын арбаларының жол үстінде күйрегеніндей, олардың да арбаларының дөңгелектері қаусап қалсын!— деген Исаактың қарқысы — тәураттан алынған аңыз. Сол кітаптың сөзі бойынша, Мұса пайғамбар Мысырдан алып шыққан жебірейлердің соңына түскен ферғауын құдайдың құдіретімен тоқтатылған екен. Оны тоқтату үшін құдай ферғауынның арбасын күйретіп, жүрісін баяулатып тастапты-мыс.

Драйден Джон (1631—1700)—классиканың өкілі, ағылшынның ақыны, драматургі, әдебиет сыншысы. Эпиграфқа алынған Драйденнің «Паламон мен Арсит» деген дастанынан үзінді.

Француз королі Филипп. Август Филипп II (1165—1223) корольдің өкіметін нығайтып, француз королевствосының жер көлемін ұлғайтуға тырысқан.

Реал — ерте кездегі испан күміс теңгесі.

Лорд-сенешаль — патша сарайының ішкі тәртібін басқарған қызмет адамы.

Маршал — орта ғасырларда патшаның ат қорасын, сайыстар кезінде ұрыс тәртібін басқарған қарашы-қызметкерлерді осылай деп атаған.

Симарра — жебірей әйелдерінің сырт киімі.

Уот Тиррел — Шикіл патша атанған Вильгельм ІІ-ні анда жүрген жерінде осы адам өлтірді-міс дейді халықтың арасында тараған лақап.

Филистимляндар — баяғыда Палестинада өмір сүрген, иудейлермен соғысып өткен ескі халық. Исаак филистимлянин деп атағанда өз халқының дұшпаны ретінде айтып отыр.

Эпиграфқа алынған К. Марлоның (1564—1593) «Мальта жебірейі» деген трагедиясынан үзінді (акт. П).

Цехин — Венецияның ертедегі алтын ділдасы.

...Ұлтымыздың барлық, он екі әулетінің инабатты ата-бабалары!— деп сыйынғанда Авраам (Ібрәһім) пайғамбардың немересі Иаковтың (Жақып пайғамбар) он екі ұлынан тараған он екі әулетті айтады, жебірейлер таураттың айтуынша, өздерінің арғы затын солардың тұқымдарымыз деп келеді.

Голиаф — тауратта айтылған кейіпкер, алып адам.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Екі қашқын» атты пьесасынан үзінді (акт IV, көрініс 1).

Жебірейдің жомарттығы — олардың ата-бабаларының бетпақ дала, жапан түзде келе жатып тастан су шығарғаны сияқты ғажайып. Таураттың айтуына қарағанда, Мысырдан қуылғаннан кейін жебірейлер жапан түзді кезіп, бетпақ шөлге босып кеткен. Тағы сол таураттың баяндауынша, жебірейлер айдалада қаңғып келе жатып, құдайдың құдіретінен рақым көрген, ол үшін бұлардың ортасынан Мұса пайғамбарды шығарған, ол өзінің асасымен салып қалып, қара тасты қақ айырып, содан су шығарып берген.

Тоуэр орта ғасырда Лондонда болған замок, бірнеше ғасырлар бойы онда мемлекеттік түрме орналасқан.

Ленные поместья — шонжар алпауыттар соғысқа кіріскенде өздерін жақтап шыққан қарашыларына үлестірген жер.

Бекет Томас (1118—1170)—Ағылшын католиктер шеркеуінің қайраткері, 1162 жылдан бастап Кентерберий архиепископының дәрежесін алып тұрған. Ақырында Генрих II корольдің жансыз тыңшылары өлтірген.

Артур корольдің дөңгелек столы.— Артур корольдің және оның тұсында болған серілердің тарихи ортағасырдың (XII—XIII ғасырлар) серілік романдарында баяндалады. Ол король өз дәуірінде серілерін дөңгелек столдың төңірегіне жиып алып, бәрін бір дәрежеде қаз-қатар отырғызып қойып, теңбе-тең сауық-сайран құрады екен.

Уортон Томас (1728—1790)—орта ғасыр дәуірін жырлап өткен ағылшын ақыны.

Карл Великий — франктер мемлекетінің королі (768—814), 800 жылдан бастап император деп аталған. Карл Великий империясының қол астына қазіргі Францияға, терістік және орталық Италияға батыспен оңтүстік Германияға қараған жерлер және тағы басқа да аумақтар кірген.

Анжу үйі — Англияда Плантагенеттер тұқымынан шыққан корольдер династиясы, Арыстан Жүрек Ричард, Джон шаһзадалар да осылардың әулеті, Анжу руынан шыққан норман графтарының ұрпақтары.

Сол уақытта олар қабырғада ғайыптан пайда болған кереметті дұғаларды көрді. Тауратта баяндалған аңыздардың бірі — вазилон патшасы Валтасардың тойынын үстінде орданың қабырғасынан бір ғайып жазулар пайда болып, тойдағы халықтың зәрелері зәр түбіне кетіпті-міс деп келеді. Сол мезетте тойдың ішінде болған Даниял пайғамбар жазудың мағынасына түсініп, бұл жазу Валтасар патшаның кешікпей опат болатынын айтып тұр депті-міс.

Канцлер — орта ғасырдағы Англияда ең жоғарғы дәрежеде болған қызмет адамы. Ол корольдің қол қойған актілерін қолынан жазып, соны басқарып отырған, әрі мемлекеттің мөрі соның қолында болған.

Сирвента — Провансал жырауларының жыр формаларының бір түрі (XII ғ). Сирвенталар саяси және әскери тақырыптарға жазылған.

Оқ — Орта ғасырда Провансал мемлекетінде қолданылған тіл формасы, XII ғасырда бұл тілде серілік поззиясы көп жазылған.

Виреле — үш жолдық өлеңнен құралған, француздардың көне өлең құрау тәсілі.

Ариосто Лодовико (1474—1533)—кешен Өрлеу дәуірінде болған итальян ақыны, «Бойбермес Роланд» дастанының авторы.

Эдуард Батагөй (1035—1066)—англосаксон королі. Норман ақсүйектері мен шеркеудің қамқоры болған. Кейін әулие деп жарияланған.

Хотспер — Шекспирдің «Генрих IV» атты тарихи пьесасының I бөлімінде келетін кейіпкер, қаны қызу, өте бетті адам. II акті, 3 көріністегі сөздері мысалға алынған.

Синай тауы — Киіз кітаптың айтуы бойынша, Палестинадағы Синай тауында Мұса пайғамбарға құдайдан оһи түскен, сол түскен оһилардың негізінде оң өсиет құралған.

Ақ Аждаһа — англо-саксондардың жауынгерлік ұраны.

Гроссмейстер — діншіл серілер орденінің көсемі.

Батагөй король.— Англо-сакстардың королі Батагөй Эдуардты айтады (жоғарыда айтылған).

Гарольд (1022—1066)—англо-сакстардың ақырғы королі. Гастинге ұрысында қаза тапқан.

Тости — Норвегияның жәрдемімен англо-сакстар тағына отырмақ болған мұрагер. Сол кезде Англияны басқарып отырған Гарольд патша Тостидың әскерін қиратып салып, одан кейін өзі де Жауынгер Вильгельмнен жеңіліп қалған.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Венеция көпесі» деген пьесасынан үзінді (акт II, көрініс 8),

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Екі вероналық» атты пьесасынан үзінді (акт IV, көрініс 4).

Матильда — ағылшын королевасы (1141—1153). Осы королева билеп тұрған дәуірде Англияда ұзақ, уақыт алпауыттар анархиясы үстемдік құрды.

Дуглас Гэвин (1474—1522)—Шотланд ақыны. Вергилийдің «Энеида» атты дастаның ағылшын тіліне аударған ақын.

Эндордың көріпкел сыйқыршысы — Тәурат аңызы бойынша, жебірей патшасы Саулдың мұсылмандармен соғысқанда қаза табатының алдын-ала болжаған адам.

Сіздердің пайғамбарларықыздың ең кемеңгері және соның әкесі...— дегенде Буагильбер жебірейлердің бұрынғы өткен патшасы Сүлеймен пайғамбарды және соның әкесі Дәуіт пайғамбарды айтады. Тәураттың айтуынша, Сүлейменнің жеті жүз зайыбы, үш жүз кәнизагі болыпты-мыс.

Эпиграфқа алынған ағылшын жазушысы О. Голдсмиттың (1728—1774) пьесасынан алынған үзінді.

Ниоба әулие (яғни Ниобея)—гректер мифологиясында баяндалатын фиван патшасының зайыбы, аңыздың айтуынша, шешелері Латонаны қорлағаны үшін Аполлон мен Артемида Ниобеянын балаларын өлтіре берген. Содан келіп Ниобеяның аты ана қасіретінің ғыбыратына айналған. Көне заманның аңыз-хикаясынан хабары жоқ Буагильбер бұл жерде Ниобеяны христиан дініндегі әулие әйелге санап тұр.

Тор — Герман халықтары нажағай ойнатып, жай түсіретін құдай — осы Тор деп біледі.

Крабб Джордж (1754—1832) —ағылшын ақыны XVIII—XIX ғасырлардың шегінде ағылшын дерезнясының өмірін дастан ғып жырлаған ақын.

Идумей арыстаны — Идумея — Палестинаның оңтүстігіндегі көне мемлекет.

Ювенал Децим Юний — Империя дәуіріндегі Римнің, аса көрнекті сатиригі.

Босеан — тамплиер орденінің қасиетті туы.

Молох — ескі Финикия Карфаген, Иудея елдерінде күн тәңірісі деп табынған ұғым. Молохтың құрметіне адам өмірі құрбандыққа шалынған.

Гедеон, Маккавей — ескі Израиль, Иудея елдерінің атақты қолбасылары.

Хенгист, Хорса — англо-сакстардың аттары аңызға айналған қаһармандары.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Генрих Король V» атты пьесасынан (акт III, көрініс I) үзінді.

Прецепторий — тамплиер орденінің істерін басқаратын жергілікті мекемесі.

Скальдтар — Скандинавия елдерінің бұрынғы замандағы жыраулары мен өлең шығарушылары.

Валгалла — көне скандинав аңыздары бойынша, ұрыста қаза тапқан жауынгерлердің жандары жай табатын орын. Валгалланың (валькирияның) арулары жоғары әмірші құдай Одинның бұйрығын орындап, сайыстағы жауынгерлердің тағдырын шешіп тұруға тиіс болатын.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Кориолан» деген пьесасынан (акт I, көрініс 6) үзінді.

Мамона — байлық қыздары. Бұл жерде қолданылған «заңсыздық мамонасы» деген сөздерді Тук жырау тәлкектеп айтып тұр.

Израйлдықтардың бүкіл он әулетін Ассирия тұтқынынан сатып алу...— Біздің жыл санауымызға дейінгі 722 жылдарда солтүстік Израиль патшалығын ассириялықтар жаулап алып, халқының көпшілігін Вавилонға зорлықпен айдап әкеткен. Біздің жыл санауымызға дейінгі 597 және 586 жылдарда осындай шабыншылық Иудей патшалығы мен оның астанасы Иерусалим шаһарының да басына түскен. Тарихтың бұл оқиғалары тауратта баяндалған, мына жерде Эймер хазірет те осы оқиғаларды еске алып отыр.

Вульгата — қасиетті кітаптардың латынша аудармасы.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің. «Иоанн Король» атты пьесасынан (акт III, көрініс 3) үзінді.

Сэр Гай — ағылшын балладаларының қаһарманы.

Сэр Бевис — англо-саксондардың аты аңызға айналған, XI ғасырда болған қаһарманы.

Ана-Королева — Элеонара Пуату (1122—1204), ағылшын королі Генрих ІІ-нің зайыбы, Арыстан Жүрек Ричард пен Иоанн Безземельныйдың шешесі.

...Біздің немере ағамыз дегені — норман герцогі Роберт VI, оны өз ағасы түрмеге қаматып тастаған.

Ланселот де Лак — орта ғасырдағы серілік романдардың қаһарманы. XII—XIII ғасырлардың серілік әдебиетінде әуезеге айналған, күйеуі бар әйелдерге ғашық болу өнегесі осы Ланселоттан басталған.

Израйльдың тұтқындалуы бұл, қашан аяқталар екен!— деген арман ассирий — вавилон қуғын-сүргінінен қалған көксеу, Натан бұларда жебірейлердің орта ғасырларда басынан кешкен қудалауды айтып отыр,

...Өйткені Даниялдың даналығы себеп болған... Даниял — тауратта баяндалған пайғамбар, вазилондар шабыншылығының заманында өмір сүрген. Таураттың айтуынша, өзінің «оқымыстылығымен даңқы шыққан Даниял бір кезде парсылардың патшасы Дарийдің ең сенімді уәзірлерінің бірі болып алған екен. Бірақ оның күндеуші дұшпандар жалалуын, патшаның жарлықтарын бұзушы ғып көрсетіпті. Сондықтан патша оны арыстандар шынжырланып қойған зынданға тастатқан екен дейді, бірақ арыстандар оған ешбір забыр жасамапты деген ағыз әңгіме бар.

Эпиграфқа алынған Шекспирдің «Ричард II» пьесасынан (акт I, көрініс 1) үзінді.

Ионның асқабағы.— Таураттың аңызы бойынша, құдай Ион пайғамбардың құрметіне бір түнде бір асқабақ өсіріп шығарған екен дейді.

Конрад, маркиз де Монсеррат — Италияда болған Монсеррат маркграфтығының билеушісі (XII ғасыр), үшінші крест жорығына қатынасқан кісі.

Кармель тауы — Палестинадағы тау. 1156 жылы құрылған, кармелит монахтарының орденіне храм орнатылған жер.

Саддукей данышпандары.— Біздің жыл санауымызға дейінгі II—I ғасырларда болған баяғы Иудея жұртында өріс алған саддукенлер ілімі, бұл ілім иудеяның текті адамдары мен мәртебелі дін иелерінің мүддесін қорғаған. Саддукей білімпаздары жан өлмейді деген ұғымды жоққа шығарған.

Гректер оты — тез оталатын тұтандырғыш зат. Теңіз үстінде, жер бетінде соғыс мақсатына көп жұмсалған.

Уэбстер Джон (1580—1625)—Шекспирмен замандас ағылшын драматургі. «Ақ, әзезіл», «Герцогиня Мальфи» трагедияларын және тағы басқа да бірнеше комедиялардың авторы.

Лимож — орталық Франциядағы қала XII ғасырда Плантагенет әулетінен шыққан ағылшын корольдерінің қол астына қараған.

Доктор Джонсон.— Ағылшын жазушысы және тіл маманы Сэмюел Джонсонды (1700—1784) айтады.

Л. БЕЛЬСКИЙ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз