Өлең, жыр, ақындар

Боранда

Жел тез күшейіп келеді. Аппақ болып сіресіп жатқан адырдың жалпақ жоталарында бірін-бірі қуалап, өрнек сызып, құбылып сырғыған күміс борасын қарауға бір түрлі әдемі әсер еді. Бірақ жел үдеп ышқына түскен сайын шаңдатып, тозаңдатып, кәдімгі ақтүтек кәрлі боранға айналды.

Боранмен араласып, бірінің соңынан бірі шұбап, шаңғышы жеті бала келе жатыр. Бұлар «Бірінші Май» сегіз жылдық мектебінің оқушылары. Алдағы болатын шаңғы жарысына әзірлік жасап, шынығып жүрген спортшылар.

Бұлар ауылдан бағана ауа райының тыныштық кезінде шыққан болатын. Содан қырқаны қырқалап отырып, Тереңөзектегі диірменге дейін жетті. Онда таныс диірменшінің үйінде ыстық шай ішіп, біраз әлденіп, тынығып алым, енді қыстаққа қайта қайтқан беттері. Үйге дейін әлі де оп шақырым шамасындай жер бар шығар.

Шаңғышылар боранға бір қырын қарсы жүріп келеді. Ауа райының бұл тәрізді тентек мінезіне тап болармыз деп ойламаған олар үйлерінен жеңіл киімдерімен шыққан еді. Құлақ мойындарына қиыршық қар сабалап, бүйірлерінен ызғырық өтіп тоңа бастады.

Кешке қарай болған соң аяздың да күшейе түскен түрі бар.

Бағанағы өздері жүріп еткен шаңғы ізі әлдеқашан тып-типыл болған. Шаңғышылар күртік қардан, соныдан жол салып, күшпен жүріп келеді.

Долы боран ішін тар.тып, бірден-бірге асқына түсті. Бейне бір аяқ астынан қояншығы ұстағандай үдеп, құтырынып кетті. Бір бағытпен соғуды және де қойып алды. Біресе, арттан, біресе алдан сабалап, кейде құйын боп ұйтқып, шырмап алғысы келді. Аспан да, жер де бірөңкей ақ түтекке айналып, енді тіпті қай тұста не бар екенін білу мүмкін болмай барады.

Шаңғышылардың ең алдында бірінші болып келе жатқан жауырынды қаблан бала Жолдыбек — шаңғы үйірмесінің старостасы. Осы жорыққа мұрындық болып, бастап шыққан да сол еді. Жолдыбек әлсін-әлсін алдан артындағы жолдастарына көз салады. Ақ тозаңның ішінен қарап елең көрініп келе жатқан балаларға:

— Бір - біріңнен қалмаңдар! Тақала жүріңдер! — деп дауыстайды.

Әрі шаршап, әрі тоңып келе жатқан балаларда көп үн де жоқ. Артық сөз артық жұмсалған күш-қуаттай сезіліп, барлығы да тым-тырыс жылжып, қыстаққа тез жетуді көксейді. Қиястық көрсетіп, шыжкебектеніп келе жатқан Нұржан ғана. Әлсін-әлсін соның ғана беймаза үні шығады.

Мұнша алысқа бармайық деп, мен айтып едім. Енді қыстаққа жеткенше, үсімесек неғылсын!

Боран бұл сөздерді Нұржанның аузынан шығар - шықпаста іліп әкетіп, шаңғышыларға жөнді естіртпейді.

— Жолдыбек, мұрным үсіп кетті — деп бақырды ол бір кезде.

— Өзге мүшең сау болса, бір мұрныңның үсігені ештеңе етпейді, — дейді Нұржанды өкшелеп келе жатқан қу тілді Үркімбай.

— Шыда! Аз қалды! — дейді Жолдыбек.

— Аз қалғаны құрысын! Шаршап, тоңып кеттім! Жүруге енді шамам жоқ.

Нұржанды тағы да Үркімбай тілімен шағады:

— Шаршасаң отырып біраз демалып ал. Содан соң артымыздан келерсің.

Нұржан безілдеуін сонда да қоймайды.

— Дәу де болса, біз осы адастық. Басқа жаққа кетіп барамыз. Әйтпесе ауылға жететін уақыт бағана болды.

— Адассақ, қарды үңгіп аламыз да түнейміз! — дейді Үркімбай.

— Әй, сорлы, басым - ай! Неге шықтым екен. Аяғымның басы да мұз болып қатып қалды. Жолдыбек, біз адастық деймін! Адастық! Адастық!

* * *

Боран аз-аздап солығын басқандай болды. Төңірек сібірлеп айыға бастаған тәрізді. Шаңғышылар кішірек бір күдістен асып, құлдилап келе жатыр. Осы кезде олардың тап алдында, сай табанында үйдей болып қарауытқан бір нәрсе байқалды. Қос ат жегілген үйеме шана шөп екен. Шаңғышылар зыр етіп, жетіп - жетіп келді. Шананың қасында етегі жерге шұбалған ұзын тоңды біреу тұр.

Бұл адам осы «Бірінші Май» колхозының қойшысы Сейдахмет еді.

Балалар мен Сейдахмет бірін-бірі таныған соң мәре-сәре амандасып, жөн сұрасып жатыр.

Мен шөпке бара жатқанда боран жоқ еді. Meн шөпті тиеп болып, бері жүрген кезде, боран да шықты. Жолды тып - типыл етiп, бітеп тастады. Аттардың мықтылығынан жеткізді осы араға. Енді мына беткейге тартып шыға алар ма екен, шыға алмас па екен деп дүдәмалданып тұр едім. Жақсы кезіктіңдер. Бәрің жабылып, шананың артынан итерісіп, шығарысып жіберіңдер. Сонан соң ар жағы үйге дейін ылди. Аттарды дем алдыра, дем алдыра оған өзім де бірдеңе ғып жетермін, — деген сөзді айтты Сейдахмет. Қауғадай сеңсең тымағын тамағынан тартып байлап алыпты. Қасы, көзі аппақ ақ қырау. Жолдыбек бұйрықты беріп кеп жіберді.

— Қане, балалар, шешіңдер шаңғыларыңды! Көмектесіп жіберейік.

— Аттар тартып шығара алмай тұрғанда, біз қалай шығарамыз? — деп Нұржан міңгір етті.

— Ой, жолың болғыр! — Сейдахмет қойшы оған жазғыра сөйлеп жатыр.— Мұнша бала барлығың бірдей күш қосып итерсеңдер, осы шөпті атсыз да алып жөнелмейсіңдер ме!

Балалар шаңғыларын тез-тез шешіп, карға қадап - қадап қойып, шананың артынан қаумаласып тұра - тұра қалысты.

— Ал кәне, итеріңдер! Айт шу! — деп, Сейдахмет аттарға қамшы басты.

— А! Шу! һа! һа! һа!

— Шу! Шу! Шу! — деген көп дауыстың ортасында шана біраз жерге дейін екпіндей қозғалып барды да, кілт тоқтады. Аттардың ышқынып сүйрегенде жеткен жері осы ғана болды.

Тула бойларын қырау басып, тер иісі бұрқыраған еңбекшіл жануарлар өкпелері солқ-солқ етіп ентігіп, амалсыздан тоқтап қалды.

— Қоя тұрыңдар! Аттар біраз дем алып алсын. Сендер болмасаңдар әуелі мына беттен сүйреп шығара алатын емес екен, — дейді Сейдахмет өзі қоса ентігіп.

Нұржан кержелке аяғындағы шаңғысын шешпеген күйі әлгі орнында тапжылмай әлі тұр. Қимылсыз тұрғанға одан бетер қалшылдап тоңа бастады. Боран ышқынып - ышқынып соққам сайын арқасын темірдей қарып, сірестіре түседі.

«Мыналар бүйтіп бір жүріп, бір тұрып, өнімсіз китіңмен анау үстіртке шыққанға дейін не заман!? Одан да кете бергенім жөн емес пе?» — деген ой келді оған.

Өйткені бұл ара Сейдахмет қыстауының маңы екенін білгеннен кейін жер жағдайы Нұржанның көкейінде сайрап тұрған болатын. Қыстақ енді қашық емес, үш-төрт шақырым ғана шамасы жер. Осыдан төмен қарай құлдилап біраз жүрсе, колхоздың сиыр қорасына кезігеді. Оның ар жағында қыстақ та жап-жақын.

«Мыналар жотаға шығып болғанша, мен ауылға барып та қалам. Жылы үйде рақаттанып, ыстық асымды ішіп отырам», — деген тәтті бір ой Нұржанды желпіндіре түсті.

«Боранның да саябыр тартып, басылайын деген түрі бар».

— Айт! Шу! Шу! — деп, басқалар тағы да шуға басып жатқанда, Нұржан жалт бұрылып, ауыл қайдасың деп жалғыз өзі ұрлана тартып отырды.

* * *

Өзекше шолтаң етіп, тез таусылды да, Нұржан жазаңға шықты. Осы араға келгенде, қиқар боран тағы да құтырынып кетті. «Е, бәлем, жалғыз жырылып шығып, қолға түстің бе!» дегендей алай-дүлей долданып, ысқырып - ызылдап, қанатымен бұрқ-сарқ қар сабап нағыз албасты мінезіне кешті. Күн бататын мезгіл де болып қалса керек. Төңірек бірден-бірге күңгірттеніп қою тартып келеді.

Біраз аршындап жүрген соң Нұржан тоқтай қалды. Алдыңғы жағы еңістемей биіктеп бара жатқандай. Бағана боран бір қырын алдыңғы жақтан еді. Нұржан ықтап, бөктерлеп, кетіп бара жатқан секілді. Төңіректе бағдар етіп бетке ұстайтындай ештеңені боран көрсетпейді. Әлдеқайда құлақ түріп, тың тыңдап біраз тұрды да, Нұржан енді боранға бетін беріп, бұрыла жүріп кетті.

Бірсыпыра жүрді. Бірсарынды азынаған боран. Ақ дүлей таяқ тастам жерде не бар, не жоғы білінбейді. Нұржанның көңіліне сескеніш кіре бастады. «Дұрыс келе жатырмын ба? Жоқ па? Бірталай жер жүрген секілдімін. Сиыр қораға ендігі жетіп қалсам керек еді ғой». Алдан тағы бір өзекше кездесті.

«Бұл қай жер? Бұл маңда осындай өзекше бар ма еді?« Нұржанның басына адастым - ау деген ой келді.

Төңірек одан бетер түнеріп, нағыз түн қараңғылығына айнала бастады. Нұржанның үрейі үдей түсті. Қалай жүретінін білмей титықтап тұра қалса, ызғар жел бетін қарып, өңменінен өтіп барады. Сол жақ аяғының өкшесі мен саусақтары жаны кетіп, қатып қалды.

Ол балалардан бөлініп кеткеніне шындап өкініп, бармағын тістеп, күйіне бастады. Әр тұсқа қарап, бар даусымен «Жолдыбек! Жолдыбек!» деп айқайлап та көрді. Қорқынышты сарынымен боран ғана ызыңдап жауап қатқандай болады. Нұржан не істерін білмей, тұйыққа тіреле түсті. Түні бойы өстіп адасып, ауыл таппаса, жазым болатынына да көзі жетіп, есі кете бастады.

Нұржанның ойына қасқыр келді. Екі көзі жарқырап, мына түнектің ішінен сөлең етіп шыға келетін тәрізді. Бар денесі тітіреп, жыртқыш тажал қашан сап кете қалар екен деп күтеді. Оған ол нендей қайрат көрсетпек, қасқыр оттан сескенеді деуші еді. Қалтасында тым құрыса, оттығы да жоқ.

Аш бөрінің ұлығаны тәрізденіп, әр тұстан әлдеқандай жат үндер естіледі. Қараң - елең етіп төбелері көрініп те қалғандай болады.

«Адастым!» деген мұздай суық жаман ой Нұржанның кеудесіне шемен болып байланды.

Жолдыбектің атын атап, үн беріп, Нұржан тағы да айқайламақшы болып еді. Бірақ еріндері үйлеспей, бұған да шамасы келмеді.

Мұрын, бет дегендердің сыртынан темір қаптап қойғандай түк сезбейді.

Шаңғының бір таяғы қолтығынан сусын түсіп қалды. Титықтап Нұржан да тоқтады. Біраз дем алып, әл шақырып, жерде жатқан таяқты сонан соң еңкейіп алмақшы.

Дәл осы кезде біреу жап-жақын арадан ысқырғандай болды. Нұржан елең етіп, төңірегіне көз тікті. Ештеңе байқалмайды. Тағы да ысқырық! Тап қасынан, аяқ астынан естілді. Нұржан артына бұрылып қарады. Ешкім жоқ. Иегінің дәл астынан ақырын-ақырын сызылып, ысқырық және қайталайды. Тфу, сайтан алғыр! Нұржан ысқырып тұрған өзінің мұрны екенін байқады.

Бір аттауы мұң болыпты. Нұржан әзер жылжып келеді. Қабағына мұз қатып, көзін де әрең ашатын болды. Кеудесінің сонау терең түкпірінде ғана болар-болмас жылтыраған тірлік оты бар. Сөніп қалуға тақау. Қолтығына қысып келе жатқан шаңғылар мен таяқтар бағана - ақ шашылып түсіп - түсіп қалған.

Осы кезде алдан ап-анық дауыспен ит үрді. Нұржан елең етіп, ес жиғандай болды. Үрген дауыс айқындалып қатая түсігі, жақындап келеді.

Ақ айран боранның арасынан қараңдап екі ит шыға келді.

Сейдахмет қойшының қыстауы осы болатын. Бұл секілді қатерлі түнде ит-құстан секемденіп, малшылар сақ отырады. Шабаланып, алқынып үрген ит даусына айқайын қосып, Сейдахмет өзі де жүгіріп келеді. Қолында оқтап алған мылтығы. Бет алдынан шыға келген жаяу адамның қарасын көргенде:

— Әй, бұл кім? Кімсің –ей! — деп дауыстап жіберді.

Қараңдаған бейне үн қатпады. Теңселе түсіп көлеңкедей қозғалып келеді.

— Әй, тіл - аузың бар неме ме?! Кімсің! Жөніңді айтпасаң атам!

Әлгі адам қалт тоқтап, бірдеңе дегендей болды. Танығысыз міңгір дауыс естілді. Аяғының қары сықырлап, тағы да қозғалды.

Сейдахмет иттерді жасқан, жаяуға қарсы жүрді.

...Түні бойы Сейдахмет пен әйелі ұйықтамай, Нұржанды күтімдеді. Аяғы мен қолының саусақтары, беті, мұрны үсікке шалыныпты. Қалың етіп салынған жылы төсекте қозғала алмай шалқасынан бебеулеп жатыр. Сейдахмет оны ауылға дәрігерге жеткізейін десе, мына боранда адасып кетіп, одан әрмен жазым қылып алам ба деп қорқады. Не де болса таң атып, жарық түсуін күтеді.

Нұржанға біресе шай, біресе ыстық сүт ұрттатып, әйелінде маза жоқ.

Сөйтіп отырғанда, таң да жақындап қалып еді. Сыртта шәуілдеп тағы да иттер үрді. Бел шешпей отырған Сейдахмет мылтығын ұстап жүгіріп шықты. Боран тыншып, басылайын деген екен. Аяқтарында шаңғысы бар бірнеше адам сыр - сыр етіп есік алдына келіп те қалды. Бағанағы балалар екен.

Сейдахмет жөн сұрасып білсе: олар ауылға барыпты. Нұржан әлі келмеген. Сонан соң Нұржанның қатерге ұшырағанын біледі де, булар болып, басқа да адамдар болып іздеп шығады. Содан түні бойы іздегенде, таба алмай жүрген беттері осы екен.

Таңертең Нұржан шанамен ауылға жеткізілді де, дереу ауруханаға салынды. Ай жарымдай жатып жазылып шыққанда, оның екі аяғы бірдей табан аяқ болып, өмірлік мүгедек болып шығып еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз