Баланың көз жанарына қатысты ата-ананың 5 қатесі

Көзге арналған жаттығулардың сиқырлы қасиеттеріне сену және баланы ерте дамытуға тырысу — оның көз жанарына зиян болуы мүмкін.

Сіз осы қателіктерге бой алдырып жүрсіз бе? Өзіңізді тексеріп көріңіз.

Офтальмолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Игорь Азнаурянның кеңестері:

Ерте дамытумен айналысу

Соңғы кездері баланы ерте дамыту сәнге айналып барады. Бұл өз кезегінде бала денсаулығы үшін өте қатерлі екенін ата-ана назарға ала бермейді. 3-4 жасында қалыптасатын баланың жүйке жүйесі де, көру жүйесі де шамадан тыс түсетін жүктемеге дайын емес. Осылайша, ерте жазу, сызуға, оқуға бейімдеудің салдарынан балада көптеген көз аурулары тууы мүмкін.

Үй тапсырмаларын орындау кезінде шағын үзіліс жасамау

«Тапсырманы орындап бітпейінше орныңнан тапжылмайсың!» — деп оқушы кезімізде ата-аналарымыз жиі айтатын. Енді мектеп бітіріп, есейген соң біз де балаларымызға солай айтып жүрміз. Бір қарағанда бәрі дұрыс секілді: оларды тәртіпке, еңбекқорлыққа үйретіп жатырмыз...және сонымен қатар көз жанарын құртудамыз.

Жақыннан көргіштік ауруы мектептен емес үй тапсырмасын орындау барысында дамитынын көбі біле бермейді. Мектепте әр 40 минут сайын қоңырау соғылып тұрады. Ал сабақ кезінде баланың көзі бірде тақтаға, бірде дәптерге ауысады, яғни цилиарлық бұлшық еттер көзді әр түрлі қашықтыққа бағыттап отырады.

Үйде бала ұзақ уақыт оқулыққа телміріп, арасында үзіліс жасаса бірден смартфонға қарайды. Нәтижесінде көзге ұзақ уақыт бойы, бірыңғай  жақыннан күш түседі. Бала үстелде емес төсекте жатып, немесе еденде отырып сабақ оқыса, оқулық пен көздің арасындағы қашықтық тым жақын болу себебінен көру жүйесіне екі есе күш түсуі мүмкін.

Сол себептен ата-ана баласының үй тапсырмасын орындаған кезде сағат сайын үзіліс жасап отыруын қадағалауы тиіс. Осы үзілісте баланың смартфон пайдалануына жол бермей, басқа шаруаларға, мысалы ыдыс жууға көмектесуге, немесе бірге кешкі ас ішуге шақыру арқылы көңілін бөлу керек. Осылайша көздерін тынықтырып алуына септігімізді тигізе аламыз.

Баланың көзі ауырмаса офтальмологқа барудың қажеті жоқ деп ойлау

Көп ата-аналарға «гиперқамқорлық»  тән. Болмашы шағымға бола олар баланы дәрігерге апаруға дайын тұрады. Алайда көру қабілетінің нашарлағанына бала әдетте шағымдана бермейді. Себебі, бір көздің көруі нашарлағанымен екіншісі бұрыңғыдай анық көруін жалғастыра береді де, бала өзгерісті байқай қоймайды.

Оның үстіне, сыртқы белгілері бойынша астигматизм, амблиопия, анизометропия сияқты ауруларды бірден анықтау мүмкін емес — бұны тек офтальмолог қана көре алады. Сондықтан, ешқандай шағым болмаса да, аурудың алдын алу мақсатында офтальмологтың тексерулерінен жыл сайын өтуге кеңес беремін. 

Мектепке дейінгі балалар үшін офтальмологқа бару тәртібі: 1 айында, 3 айында, 6 айында, 1 жаста, 2 жаста, 3 жаста. Егер ешқандай ауытқулар байқалмаса, келесі қабылдауға 6 жасында әкелуге болады.

Офтальмологқа жиі қаралып тұрудың маңызы неде? Көз ауруларының көбі, тіпті, жақыннан көргіштік ( Миопия — көз кемістігі, мұндайда адам алыстан жөнді көре алмайды. ) те тұқым қуалаушылық арқылы балаға берілуі мүмкін. Мысалға, статистика бойынша егер ата-ананың бірінің көру қабілеті төмен болса, онда ол балада да төмен болуының  50% ықтималдығы бар. Ал егер ата-ананың екеуінде де жақыннан көргіштік ауруы болса, онда бұл ықтималдық тіпті 80%-ды құрауы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше уақытылы тексеріліп тұрған жөн. Білгір офтальмолог "миопия" диагнозын қойып қана қоймай, оны тұрақтандырып, көру қабілетінің нашарлауын тоқтатуы керек.

ББҚ мен көз жаттығуларына арқа сүйеу 

Қаражидек қосылған ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар), лютеинді таблеткалар, сәбіз, тесігі бар көзәйнек, көзге арналған жаттығулар — бұның барлығының көру жүйесіне ешқандай да пайдасы жоқ.

Мысалы, көз патологиясы балаға қанмен берілді дерлік. Сондай-ақ, мысалы, қант диабеті тұқым қуалаушылық арқылы беріледі. Бірақ адамдар диабетті ББҚ-мен немесе гимнастика жасау арқылы емдемейді ғой. Олай болса, айналамен байланыс құратын ең басты мүше — көзіміз, осындай пайдасыз "емдеу" тәсілдерінен не үшін зардап шегуі керек?

Егер сіздің балаңыз жақыннан көргіштікке шалдықса, онда іс-әрекеттеріңіздің реттілігін нақты анықтап алуыңыз керек. Алдымен, жақыннан көргіштікті дәрігермен бірге тоқтатуыңыз керек, содан кейін оны түзетуге тырысыңыз. Заманауи офтальмология аппаратпен немесе дәрі-дәрмекпен ем жүргізе алады және қазіргі заманда лазер арқылы да көз жанарын түзетуге болады.

Көзілдіріктің көзге әсері

«Көзілдірік көзге зиян, егер оны бір рет тақсаң, өмір бойы тақпай жүре  алмайсың» деген Кеңес дәуірінен келе жатқан ұғым бар. «Көздің көруі нашарлайды, көзілдірік әйнегі барған сайын қалыңдай түседі» деп есептеген. Сондықтан дәрігер көзілдірік тағуға кеңес берсе де, пайдалануға тыйым салынған.

Алайда, балаларға көбінесе көзілдірікті тек жақсы көру үшін ғана емес, көзді емдеу, көруді түзету әдісі ретінде тағуға кеңес береді. Егер сіз білгір маманға көрінсеңіз, онда көзілдірікті сізге уақытша тағуға нұсқау беруі мүмкін екенін түсінгеніңіз абзал. Алды­мен көздің көру қабілетінің жыл сайын үздіксіз төмендеуін тоқ­татып, жақыннан көргіштікті тұрақтандырып барып көзілдіріктен құтылудың жолдарын қарастыра беруге болады. Егер жақыннан көргіштік тоқтаса және үш жыл бойы үдеп, асқынбаса, лазермен емдеу ар­қы­лы көздің көру қабілетін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар.

Қорытынды

Сонымен, баланың көру қабілетінің нашарлауының негізгі беліглері:

— Жазуының жаман жаққа өзгеруі, әріптері едәуір ірілерініп, нашарлауы.

— Баланың дәптерге қатты иілуі.

— Теледидар көрген уақытта бала алыстан емес,экранға жақын келіп, көзін сығырайта қарауы.

Егер ата-аналар өз қателіктерімен жұмыс істеуді қолға алса және қатып қалған ұстанымдардан бас тартса, онда біз жуық арада жақыннан көргіштік індетінен құтыла аламыз деген сенімдемін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)