ozgetil.kz

IT технолог: IT-дегі негізгі мәселе — мұқтаждықты дөп басып табу және соған сәйкесінше жауабын беру

Нұрсұлтан Әжімұратов — IT технолог. AR және VR технологиясын қолданып, отандық өнімдер жасайтын Sana Academy орталығының басшысы. Кентау қаласындағы №3 аймақтық дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернатын алтын белгімен бітірген. Сулеймен Демирел Университетін тәмәмдаған.

Бизнесті қалай бастағандығы жайлы

Мен біршама уақыт Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығында қызмет еттім. Білікті кәсіпкерлердің қасында жүрдім. Олармен бірге жұмыс жасап жүргенде, өз кәсібімді ашсам деген ой келді. Бірақ бизнесті қай бағытта ашатынымды көп ойландым. Азамат деген досым бар еді. Ол кезде ол бағдарламалаудан сабақ беретін. Онымен кездескенде сөзден-сөз шығып олда кәсіп бастағысы келетіндігін айтты. Мен өзіме білім саласы қызықтыратынын жеткіздім. Солай ойымыз бір жерден шығып аз уақыттың ішінде жоспарын құрып бастап кеттік. Солай Sana Academy құрылды. Бұл 2017 жылдың басы болатын.


 
Sana Academy

Sana Academy екі түрлі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі, білім беру. 8-14 жас аралығындағы балаларға толыққанды компьютер курсы оқытылады. Оның ішінде роботатехника, код жазу, алгоритм, логика  т.б. бар. Екіншісі өнім жасау. Біз өнім жасауда AR, VR технологиясының шеңберінде жұмыс жасап жатырмыз. Алғашқы өніміміз  ZHANUAR 4D деп аталады. Балаларға 3D моделдеу анимация курсын ашқанбыз. Сондағы жігіттермен өз арамызда не жасауға, қандай өнім жасауға болады деп ақылдаса келе осы істі қолға алдық. Бұл біздің бірінші өніміміз. Екінші өніміміз BAQSHA 4D. Оны ашылу алдында орташа кішігірім етіп жасамақшымыз. Ол көкеністерге қатысты дүние. Одан кейін әліппе жасасақ деп отырмыз.

 

SANA Cards

Бұдан басқа SANA Cards  деген өніміміз бар. Бұл команда өнімдерінің біреуі ғана. Біз карталар өнімі болғандықтан, SANA Cards деген ат қойдық. Бұл балаларға қызықты әрі танымдылығын арттыратын нәрсе. Бұл арқылы балалар жануарлармен, обьекттермен 3D түрінде таныса алады. Бұл біздің қазақ тілді аудиторияға өте қатты ұнап жатыр. Тек жарнама жағынан ақсап жатырмыз. Жарнаманы жүйеге қойып алсақ, алар алушы да, қызығушылық танытатындар да көп. Халықтың көңілінен шығып жатқан өнім. Біз 10 мың картамен бастадық. Алғашқы айда 5000-6000 карта саттық. Ешқандай жарнамасыз. Қазіргі ойымыз осы деңгейді сақтап қалу. Бұлар жалпы алып қарағанда кішігірім өнімдер ғой. Негізі мақсатымыз AR, VR саласында керемет тыңғылықты дүние алып келу.

Мақсаттары жайлы

Қазірде Қазақстан мұқтаждығын өтерліктей бағдарламалаушылар елімізде жетеді. Біздің негізгі мақсатымыз — халықтың пайдасына жарайтын, қазақи құндылықтарды дәріптейтін отандық өнім шығару.  Қазіргі уақытта жастардың көбісі бай тарихтан хабарсыз. Дәріптелмейді. Осы уақытта балалардың көретіндерінің барлығы шетелдікі.  Ешқандай құндылығы жоқ, шетелдің мультфильмін көреді, шетелдің әндерін тыңдайды. Кезіндегі балалар Ер Төстік тыңдап өскен, батырлар жырын жаттап, қиялдап өскен. Ал қазір Ер Төстікті ешкім оқымайды. Өйткені заманауи емес. Демек осындай нәрселерді қалай заманауи етіп көрсету керек? Кезіндегі қазақтың тұлғаларын қазіргі уақытта балаларға ұнататындай етіп, билерді, ақындарды, батырларды жеткізу керек. Бүгінгі күнде кез келген баланың ауызында шетелдік "Өрмекші адам", "Супермен" жүреді. Батырлар. Бірақ адамның бойында болмайтын қасиеттерге ие, батырлар. Мысалы, ұшатын адам. Ондай адам көріп пе едіңіз? Жоқ қой.  Сондықтан біз рухани, адамгершілікті дәріптейтін нәрсе жасағымыз келеді.

Мынау карта біздің визит картамыз. Өзімізді халыққа таныту үшін бастаған дүниеміз. Негізгі жұмысымыз ол емес, одан басқа да жобалар бар. Соның бірі этномузей. 3D моделін жасау үшін Алматыдан киіз үй іздегенбіз. Бірақ қазіргі киіз үйлер сыртқы пішіні ғана ұқсағанымен іші, ішіндегі кейбір әбзелдері жетіспейді. Бұрын ата-бабаларымыз отырған киіз үй емес. Тек Орталық мұражайда ғана бұрынғы ата-бабаларымыз отырған нағыз киіз үй бар екен. Сырттан келетін туристерге түсіндіретін адам да, түсіндіретін дүние де жетіспейді. Ал нағыз киіз үйдің 3D моделін жасасақ, көзілдірік киіп сапалы киіз үй ішінен шығады. Үш-төрт тілде түсіндіріп беретін оның қалай жасалынатын ІТ болғаннан кейін барлығын істеуге болады.

Домбыра қалай жасалынады, қалай тартылады, не үшін істелінеді оны галограммамен де фоновой режимде де түсіндіруге болады. Одан басқа да келін түсіру, қыз ұзату, сүндетке отырғызу, бесікке жатқызу барлығын VR түрінде де көрсетуге болады. Туристер үшін ғана емес, өзіміздің бала-шаға үшін де таныстыру. Осындай жобаларды іске асыруды қалаймыз. Дегенмен, бұның барлығы қаржыға келіп тіреледі.

Инвестиция жайлы

Осыдан бір жыл бұрын оқытуды бастаған кезде мемлекеттік грантқа қатысып, 3 млн теңге ұтып алдық. Бірақ ол жерде конкурсқа қатысып, жобаны қорғап шықтық. Одан кейін ешқандай сайысқа қатысқан жоқпыз. Уақыт та болған жоқ. Қазір оң-солымызды біліп алайық деп жатырмыз. Тек содан кейін ғана инвестиция жағын қарастырмақпыз. Біз қазір өзіміз нарықты зерттеп, өз күшімізге сүйеніп әрекет етіп жатырмыз. Оқыту жағынан да, өнім жағынан кіріс бар.  

AR және VR

AR, VR негізі reality аргумент деген сөзден туындайды ғой. VR дегеніміз виртуалды әлем. Бұл жерде шынайы әлем қатысы жоқ. Көзге көзілдірік киіп компьютердің ішінен виртуалды әлемге бойлайсыз. Оның элементтерінде шынайы әлем жоқ. Көзге көзілдірік кисеңіз қай жерді моделдеген сол жерге топ етіп түсесіз. Ал екінші AR – қосалқы әлем. Шынайы әлемге тағы бір әлем қосылады. Сіз бен біз көріп отырған осы әлемде ортаға бір анимация шығарады. Соны AR деп атайды.  

IT-дегі негізгі мәселе

IT саласындағы негізгі нәрсе — өнім шынымен проблеманы шешетін болса, онда оған халықтың сұранысы болады, әрине. Мысалы, 2gis деген бар. Бұл отандық өнім емес. Бірақ шынымен көптеген проблемаларды шешеді. Қарапайым халық үшін керек нәрсе. Оның тұтынушылары да көп. Сол сияқты olx.kz, krysha.kz дегендер бар. Олар расымен халық үшін пайдалы. Мұқтаждықты шешетін дүние болса, ол өз арасында танылып кетеді.   IT-дегі негізгі мәселе сол. Мұқтаждықты дөп басып табу және соған сәйкесінше жауабын беру. Егер сондай өнім болатын болса, қазақ тілді, орыс тілді дегеннің еш қатысы жоқ.

Сіздердің өнімдеріңізге халықтың сұранысы қандай?

Халық бұл технологияны әлі білмейді. Кез келген сұраныс қана ұсыныс туғызбайды, ұсыныс та сұраныс туғызады. Біз де ұсыныс болды, біздің мәселе таныту. Таныта алсақ болды. Бағасы да жақсы, пайдасы да мол дүние. Ойыншық деп қарастырсақ, берері мол ойыншық десек болады.

IT дамуы жайлы

Бізде ІТ саласының дамуы шағын орта кәсіпкерлікке байланысты. Себебі кішігірім тапсырыстар ғой. Ал тапсырыс беретін кімдер?! Кәсіпкерлер. Шағын және орта бизнес дамымаса, олардың да табысы азаяды. Білікті мамандар шетелге кетеді. Қазір көптеген ІТ мамандары шетелге кетіп жатыр ғой. Соның бір себебі осы. ІТ–дің тілі ағылшынша болғандықтан оларда тіл жағынан проблема болмайды. Шетелде істей алады. Шетелде тұру тиімді. Қаржысы көп. Сондықтан кетеді. Қазір Цифрлы Қазақстан төңірегінде біраз дүниелер ортаға шығып жатыр. Шағын және орта бизнес дамыса, ІТ дамиды. Одан кейін екінші мәселе бар. ІТ саласын жақсы үйрететін орындар да аз.  Солардың да үлесі бар деп ойлаймын. Себебі көптеген ЖОО арасынан ІТ саласын мықты білетін бағдарламалаушылар аз.

IT саласынан бизнес бастаймын дегендерге кеңес

Оқу керек. Ең маңыздысы осы. Қазір кейбір курстар бір жылдың ішінде университетте төрт жыл беретін білімді бере алады. ІТ әлемі кең дүние. Біреуге бүйтіп жүр деп айта алмайсың. Өзіне қай жақ ұнайды соған қарай әрекет жасайды. Одан кейін шыдамдылық. Кез келген кәсіп үшін талап ететін дүние сабыр ғой. Барлық нәрсе әп-сәтте болмайды. Әліптің артын бағу керек. Қиыншылықтарға мойымау керек.  

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)