Өлең, жыр, ақындар

Компас

Қанаттың папасы бір рет ауданға барғанда оған сыйлыққа компас әкеп берді. Үлкендігі қалта сағаттай жып - жылтыр қара құтылы, әдемі компас. Тілінің қара бояулы үшін қалай айналдырып жіберсең де, қалтырай теңселіп барып, солтүстікті нұсқап тұра қалады. Дегенінен жазбайтын бірбеткей бала тәрізді.

Қанат қуанып кетті. Рас па, өтірік пе дегендей әр жерін түртпектеп, айналдыра қарап тұр. Мұндай компас бұл ауылдағы балалардың ешқайсысында да жоқ ( тек мектепте ғана бар. Ал онда мұғалім сүйтіп қолыңа беріп қоя ма?

Қанат өзін өзгелерден асып кеткендей сезінді. Жүгіріп көшеге шықты. Ойнап жүрген балаларға келді.

— Бодан, қарашы, менің компасым бар!

Балалардың назары Қанатқа ауды. Бәрі ойындарын қойып оны қоршап алды. «Кәне, бере тұршы»,— деп қай-қайсысы да ұстап көруге құштар боп, қолдарын созды.

Бірақ, Қанат оларға компасын бірден бере қоймады. «Сен кеше бәкіңді беріп пе едің, — деп Теміржанның қолын қағып жіберді де, бетін басқаларға бұрды.— Міне, қараңдаршы. Қалай айналдырып жіберсеңдер де, солтүстікті көздеп тұра қалады. Ал жай уақытта мынасын бүйтіп басып қойсаң, тоқтап қалады».

Біреудің көрсеткені өзің ұстап кергендей қайдан болсын! Балалардың ынтызары қоза түсті.

— Бере тұршы!

— Бере тұршы!

Қанат компасты әуелі өзінің тәуір деген жолдасы Боданға берді. Бодан мұндай дәрежеге ие болғанға мәртебесі өсіп, әрі компасқа сұқтана қарап тұр. Тағы екі-үш балаға көрсеткеннен кейін:

— Жетеді енді. Бұзасыңдар! — деп, Қанат компасын жейдесінің төс қалтасына салып қойды.

Балалар шомылуға өзенге қарай келе жатыр. Бодан Қанатты иектеп келеді.

— Қанат, компасыңа не сұрайсың?

— Жоқ сатпаймын, — деп Қанат Боданды одан әрмен қызықтыра түспек болғандай компасын қайтадан қолына алды.

— Мен саған күнтартқышымды берейін.

— Оны неғылам?

— Әнеугүні сұрап едің ғой.

— Сонда бермей қойғансың. Енді керегі жоқ, — деп кергіді Қанат.

Бодан осы арада өкініштен өз тілін езі тістегендей болды. Егер сонда күнтартқышын Қанатқа бере салса, қазір оның компасын қыңқ еткізбей алатын сияқты.

Бұл жаздың қоңыржай жайлы күндерінің бірі еді. Аспанды майда түтілген жібек жүндей үлбіреп, торқа бұлт шымылдықтаған. Күннің қапырық жалынын сол сүзіп алып қап, жерге жанға жайлы майда шуағын ғана себелеп тұрғандай. Балалар шомылып болып, киініп жатыр.

Қанат жейдесін киіп жатқанда, оның төс қалтасынан сусып компасы түсіп қалды. Оны ол сезбеді. Бұны Боданнан өзге ешкім байқамаған еді...

Шомылып, сергіп алған балалар тоғайға бүлдірген теруге бармақшы болды.

— Мен бармаймын. Аяғыма шөңге кіріп кетеді, — деді Бодан.

Оны ешкім қыстамады.

Бодан самарқау басып, қыстаққа қарай келе жатыр. Ұры көзбен артына әлсін-әлсін бұрылып қарап қояды. Балалардың қарасы тоғайға батып, көрінбей кеткенде, ол кілт тоқтады. Тағы біраз тосып тұрды да, содан соң кейін қарай тұра жүгірді. Әлгіндегі өздері суға шомылған жерге жүгіріп келіп, шөптің арасында көрінер-көрінбес болып жылтырап жатқан компасты қарбаласа іліп алды да, шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді.

Бодан жетісіп келе жатыр. Қолында компас. Әлгінде оны ұстап көру дәреже болса, енді өз билігінде. «Бәлем, Қанат, сат дегенде сатпай қойып едің. Енді қайтер екенсің!»

Бір кезде Бодан көкірегінен біреу түйіп қалғандай оқыс тоқтады. Жүзіндегі қуаныш сәулесін лезде ұнамсыз ой көлеңкесі басып барады. «Не істеймін бұл компасты? Ешкімге көрсете алмаймын. Біліп қояды. Ұры атанам».

Әкесінің қатал мінезі де Боданның көз алдына келе қалды. «Балам, адал бол. Біреудің ала жібін аттама!»—деп ертелі - кеш таптап отыратыны қайда? Ұлының мына қылығын біле қалса, ол аспанды тастап жіберуден тайынбайтын адам.

Боданның маңдайына шып етіп, суық тері шыға келді. «Енді қайттім? Неге алдым! Түсіп қалған заматта өзіне неге айтпадым? Әлде жан адамға көрсетпей, тығып ұстап жүрсем бе екен. Онда бірақ бұның еш қызығы бола ма?»

Осындай сапырылысқан мазасыз ой үстінде Бодан қолындағы компасты аудара - төңкере қарап, бірқауым тұрды. Сау басына сақина тілеп алып, енді содан құтылатын жол іздеуде.

«Ұры!» «Ұры!» деген жексұрын бір сөз ызындап құлағынан кетер емес.

— Жоқ, мен ұры емеспін. Әдейі ұрлап алған жоқпын. Түсіп қалған жерінен тауып алдым, — деп ол өзін өзі ақтамақ та болады. Бірақ та бұл сөздің жалған екенін іші сезеді, жеркенеді.

Қолындағы компас Бодан үшін енді жабысқақ пәлеге айналды. Одан қалай еткенде құтылып тынбай жаны жай табар болмады.

Бодан су бойымен жар жағалап келе жатыр. «Тынышынан осыны суға лақтырып жібермеймін бе? Кім біліп жатыр?»

Осы ойы қаншалық тапқырлық боп көрінгенмен, Бодан компасты бүйтіп жоқ етіп жіберуге қимады.

Енді не істеу керек? Тауып алдым деп, Қанаттың өзіне қайырып берсе ше? Бірақ ол бұған сенеді деймісің! Бағана осыны сатшы деп, Боданның қадала сұрағаны бар ғой. «Әй қу, қызығып ұрлап алдың. Сіңіре алмайтын болғасын енді өзіме беріп отырсың», — дер.

Бодан үйге келді. «Сен немене, бірдеңе істеп келген сияқтысын ғой» деп, үйдегілердің бәрі оған сезіктеніп қарайтын тәрізді.

— Неге көңілсізсің? Бір жерін ауыра ма? — деп сұрады анасы.

— Ішім ауырады, — деп Бодан өтірік айта салды.

— Неге ауырады? Қалай ауырады? Қай жері? Бірдеңе жеп пе едің? Не ішіп едің? — деп қамқор ана бәйек болып жатыр.

— Білмеймін. Жай... Мына арасы ақырын ауырады... Енді басылды. (Боданның әкесі бұл кезде үйде жоқ еді. Жұмысында болатын.)

Алты жасар қарындасы Мәкетай Боданға еркелеп келді.

— Аға, қайда бардың?

— Тоғайға бардым.

— Маған бүлдірген әкелдің бе?

— Бүлдіргенге барғам жоқ. Жай, шомылуға бардым.

— Алдайсың. Қалтаңды көрсетші. Әнe, бірдеңе томпаяды ғой.

Боданның жүрегі су етіп, бойы одан бетер мұздап кетті. Шиқанына тиетіндей шошып:

— Ештеңе де жоқ, — деп Мәкетайды бойына жолатқысы келмейді. Сығыр алғыр ерке қыз бұған көнер емес.

— Әне, әне, көрсетші! — деп тап компас жатқан қалтаны нұсқайды.

— Бүлдіргенді кісі қалтасына сала ма екен? — деп Бодан aшy шақырғандай түр көрсетті.

— Енді анау не?

— Бұл асық.

— Асық емей-ақ дөңгелек бірдеңе ғой,— Мәкетай мына сөзімен Боданның құпиясын әшкерелен қойған тәрізденді.

— Жоғал әрі! — деп, Бодан оның қолын тұрпайы қағып жіберді де, сыртқа зытып отырды.

Ел көзінен аулақтап, Бодан тағы да су бойына келді. «Не істеу керек бұл компасты? Қараторғайдың анау жардағы ұяларының біріне тығып қойсам ба екен? Онда не болғаны? Немесе әлгінде өзіміз шомылған жерге қайтадан апарып тастасам ба екен? Қанат, мүмкін, іздеп келіп өзі тауып алар!»

Осы кезде Бодан тоғайдан шұбап шығып келе жатқан балаларды көрді. Қолдарында теріп алған бүлдіргендері бар тәрізді. Әлденеге асыққандай ентелей басып келеді. Боданның жүрегі аттай тулап кетті. Балалар оның арамдық қылығын біліп қойып, өзара сопы сөз етісіп келе жатқан секілденді.

Енді қайттім? He істедім?» «Суға лақтырып жіберіп, құтылу керек!» Бұдан басқа ешбір жол қалмаған тәрізді.

«Лақтыр! Лақтыр! Жұтып алып, зым-зия жоқ етейін. Күйзеліп тұрған жаныңды сөйтін жай тапқызайын» дегендей, өзен суы шымыр-шымыр толқындап сылқ-сылқ үн қатады. Шалп етіп жағаға соғылып, «Бол!» «Тез!» деп асықтырғандай болады.

Бүлдіргеннен қайтқан балалар жақындап қалды. Ен алда Қанат келе жатыр. Қасындағы балаға әлденені дамылсыз сөйлеп әбігерленіп келеді.

Бодан қолындағы компасты суға қарай лақтырып кеп жіберді...

Әдемі компас күнге шағылысып барып, шолп етті де, жоқ болды. Бітті...

Бодан онымен қоса жүрегін де лақтырып жібергендей аса бір ауыр халде мәңгіріп тұрып қалды.


Пікірлер (1)

Динара

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз