Өлең, жыр, ақындар

Көңілді кеш

Алматы көктемінің тамаша бір салқын кеші. Әзімбай тротуарды бойлап, ойға қалып келеді бүгінгі кешті қалай өткізсем екен?

Кенет оның бет алдындағы биік үйдің жанында электр сәулесімен қызылды-жасылды болып құбыла жазылған «Ресторан» деген сөз жарқ ете қалды. Әзімбайдың бұл оншалық жек көрмейтін орны. Мм... деп ол майданда жарқышақ тиіп, кемтар болып қалған бұжыр алақанымен мұртын уқалады. Жүрісі де баяулап, батпақ кешіп келе жатқан адамша ілбіді де қалды. Ой үстіне ой келді.Кірсе жаман болмас еді. Кешті көңілді өткізіп, шалқып қайтуға болушы еді. Бірақ жоқ жомарттың қолын байлайды. Командировканың ақшасы адамды жарыта ма? Қалаға бұрын келіп жүргенде Әзімбайдың өзіндік тағы да бірдеңелері болушы еді. Бұл жолы оның реті келмеді.

Әзімбай мұнда әлі де үш – төрт күн болады. Әр күні үш мезгілден тамақ ішуі, қонақ үйге төлеуі. Содан соң автобустың жол ақысын төлеп Н. Ауданындағы үйге жетуі керек. Қаладағы бар ақша сондық қала. Қой болмайды.

Әзімбай тоқыраудан шығып, аяғын тездетіңкіреп басты. Ресторанның есігіне жалтақтай қарағанмен бұрылмады. Қатар – қатар көп терезе бұлар да ресторандікі. Адам аздау секілді. Сыра салған бөтелкелер, графиндер көзіне шалынғанда, Әзімбай тағы да қобалжыды.Алматыға айына да жылына да бір келгенде, тым құрыса бір рет сыраға тойып қайтпау деген... Әзімбай тағы да ілбіп, көңілінде есеп жүргізе бастады: кешкі тамақты бәрібір ішуім керек. Соның орнына екі-үш бөтелке сыра алсам. Жарайды, арзандау бір тамақ және алайын. Пәлендей қымбатқа түспейді. Оның есесіне ресторанда болып, музика тыңдап уақыт өткізіп қайтам.

Кір, кірме деген екі ойдың біріншісі еңсеріп әкетті. Әзімбай бұрылып, қайтадан кейін қарай жүрді. Екінші кереғар ойдың да жағы семер емес. «Кірме! Кірме! Кірме!» дейді. Кірген соң сенің жайың белгілі ғой дейді. «Жоқ, әлгі есебім есеп, бір грамм да татпаймын» — деп, Әзімбай өзіне өзі ант бергендей болды да, ресторанға кірді.

Адам шынында да аз екен. Ортадағы столдардың бірсыпырасы бос. Қайда отырсам екен деп, Әзімбай есік алдында бөгеліп қалды. Жылтыраған кішкентай қоңыр көздері залдың ішін айқыш-ұйқыш кезіп жүр. Қандай адамдар отырғанын да ол байқап үлгерді. Әйел заты сиректеу. Іргеге жанай қойылған столдардың орта тұстағы біреуінде аузы-басын бояған, шашын басына орап - орап тастаған сұлу сары қыз қаздиып бір столда жалғыз отыр. Обалы нешік, бояусыз да әп-әдемі тұлға - түрі бар. Шіркін дүние-ай, Әзімбайжанның қыз-келіншекті шырқ үйірген де кездері болып еді-ау. Ол әсіресе соғыстан кейінгі уақыт. Әзімбай маслопромда қойма ұстайтын. Табысты, шылқыған майлы орын еді. Әзімбай гармонь тартып, көркемөнер үйірмесіне қатысатын. Бойдақ жас, өжет Әзімбайжан сол тұста мықтап бір дәуірлеп еді-ау!..

Қазір енді ол күй, ол кызмет жоқ. Самайды қырау шалып, бетке әжім түсті. Мінез-құлық шау тартты. Аяққа оралғы болатын әйел, бала-шаға бар. Районо инспекторы деген қазіргі кызметі аты дардай болғанмен баяғы қойма ұстайтын қызметтің садағасы кетсін.

Дегенмен жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар демей ме? Әзімбай әлі де болса өзін сөніп, шөгіп қалдымнан аулақ санайды. Жамбасына кеп қалса, бір қарманарлық шама да, жүрек те бар. Бір кезде құйындай борайтұғын жастық оты тамызығы табылса әлі де қызусыз емес.

Мына отырған нәркес көз Әзімбайға қадалып қарай берді. Дәл бір танитын адамдай неге бері келмейсің неге амандаспайсың деп қарайтын тәрізді. Әзімбай ептеп ыңғайсызданғандай да болды. Жүр, жүр деп, аяқтары еріксізден солай қарай жетелейді. Әзімбай ілгерірек жүріп және тоқтады. Мүмкін бұның жігіті бар шығар. Осындай әдемі қыз екі кештің арасында ресторанға жалғыз келіп отыратын ба еді?»

Қыз бұның ойын біліп, көзқарасымен «жоқ, жалғызбын. Кел, келе бер», дегендей болады. Кірпіктері сым темірдей қадап - қадап қойған тәрізді. Көкпеңбек тұздай көзі тесіп барады.

— Бiз қырғауыл, біз тұйғын.

Тояттай бер, кел де алып, — деп, шақырып арбап тұрған тәрізді.

Әзімбай сергіп, бойын тікірейтіп ұстады. Үстіндегі киімдер жолаушы киімі. Қоңыр китель етік. Жаңа да емес, жамаулы ескі де емес. Қағылған киімдер. Содан да қорқыңқырап қалды. Ішінен және бір ойы үн беріп: «Батырым, бұл үшін қалта керек», — деді. Әзімбайдың көңілі сұлқ түсті. Дегенмен ұстаған бағытынан жалтарған жоқ. Сары қыздың бер жағындағы столға келіп отырды. Мұнда бір егделеу чечен тамақтанып отыр еді.. «Бос па?» деп сұрады. «Бос». Чёченмен бетпе-бет отырды. Сұлу қыз арт жағында қалды.

Менюге кез жүгірте бастады. Официантка тез келе қоймады.

Әзімбай төңірегіне мойнын бұрып, басқа жұрттың пиғылын байқады. Әр-әр жердегі жас жігіттер күбір-күбір сөйлесіп осы жақты қарауылға алып отырған тәрізді. Жоқ Әзімбайды емес, оны қайтсін, жалғыз отырған сары қызды. Keйбірі бірін-бірі айдап салып отырғандай.

Әзімбай қайрылыңқырап қарап еді, сұлудың желке, нық тұсы, әдемі айшық сырғасы көзіне шалынды. Бұрқыраған жұпар иіс тұншықтырып барады. Тіпті жақын тақалып отыр екен. Әзімбай көңіліндегі әлгінде басылыңқыраған мазасыздық қайтадан тыпырши бастады.

Дәл осы кезде сары қыз қозғалақтап, шынтағын Әзімбайдың, шынтағына соғып алды. Бұрылып, күлімсіреп, кешірім сұрады.

Әзімбай мұны тіпті де күтпеген еді, жауап қайыра алмай қалды. Жүрегіне ып-ыстық бір шоқ анық ыршып түскендей болды. «Өзі тиісіп, ізденіп отыр».

Осылай қарай қаздаңдап поднос көтеріп келе жатқан официантка көрінді. Сары қыздың қасына тоқтады. Титімдей балқасық және балмұздақ алып қойды.

Қыз оған қолма-қол ақша төлеп жатты. «Мм.. бұл жалғыз екен» деп ойлады Әзімбай. «Қап! Жаңа қасына отырмағанымды қарашы. Енді түрегеп, ауысып жүргенім ыңғайсыз -ау».

— Не аласыз? — деп, официантка Әзімбайға келді.

Әзімбайдың әуелгі ұйғарындысы салат пен екі бөтелке сыра еді. Соны айтты. Официантка жазған да жоқ.

— Тағы да? Екіншіге не аласыз? — деп, ентелей түсті.

«Осы жетеді» деу Әзімбайға ұяттау көрінді. Арт жақта сары қыз бәрін естіп отыр.

— Тағы... қуырдақ, — деді Әзімбай.

— Тағы не, арақ, коньяк алмайсыз ба?

— Мм... арақ жүз елу грамм, — деген сөз шығып кетті Әзімбайдың аузынан.

Бұны ол қалай, неғып айтқанын өзі де білмей қалды. Официантканың емінген сөзі қамшы болды ма? Жоқ әлде сары қыздың қасында шалқып отырғысы келді ме? Әйтеуір айтылып кетті. Официантка түртіп, түртіп алды да жөнеле берді.

«Қап, көп болып кетті-ау!» деген өкінішті ой Әзімбайдың жанын удай ашытып, бұрап алды.

Ол сонда да сыр бермегенсіп шіреніп, шалқая түсті. Сары қыз балмұздақты шөкімдеп қана алып, таңдайына салады. Жеп отырған жоқ, ермек етіп, дәмін татып отыр, Оның есесіне ресторанға біреу кіріп келе жатса әлгінде Әзімбайға қарағандай тесірейіп тұрып қарайды.

Бірақ кірушілер әзірше көп емес.

Тамақ келді. Не болса, болды деген оймен Әзімбайекең арақтың жарымын құйып, бір-ақ тастады, Сыра жұтты.

Түстен бері тамақ бармай босап қалған шектерді сап-салқын сиқыр судың жыланша жүгіріп кезгені өзіне білінгендей болды.

Енді біраздан кейін Әзімбайжанның құрыстырысы жазылып, көңілденіп бара жатты.

Осы кезде оның бет алдындағы чечен кетіп қалды. Бұл Әзімбайға жақсы болды, өзін еркінірек сезініп, жадырай түсті. Сары қызға таман бұрылыңқырап отырды да шылым тұтатып тартты.

Сары қыз да шалқайып аркасын Әзімбайға тірей түскендей болады. Әзімбай қалған арақты ішіп, сырадан тағы да жұтты, Салатты жеп тауысты. Енді бір қараса залдың іші құбылып, гүлденіп барады. Бұрыла түсемін деп, сары қызға сүйкеніп қалды. Әдейі сүйкенді.

— Кешіріңіз, — деді.

— Уақа емес, — деп, қыз және күлімсіреді.

Әзімбай өзін жалпы батыл жігітпін деп есептейді, Әлгіден бері қибыжықтап, сары қызға тиісе алмай отырғаны үшін өзiнe өзі ашуланып, жыны келді. «Жалғыз екенін білдім. Енді кімнен жасқанам? Менің тоңымды шешіп ала ма?»

Бұл кезде ресторанға кірушілердің қарасы да молая бастаған еді. Енді болмаса солардың біреуі келіп, сұлу қыздың қасына отырып алатындай көрінді Әзімбайға.

Осы кезде сахнаға музыканттар шығып, бір күйді желдіргіп ойнай бастады. Әзімбайдың делебесі қозып кетті. Залға сорайған - сорайған үш жігіт кіріп, тура осылай қарай келе жатыр. Дәу де болса оңаша отырған сұлуды нысанаға алып келеді. Әзімбайдың ішінде лап етіп қызғаныш сезім тұтанды. «Жоқ, шырақтарым, мен бағанадан бері бұның қасында ай қарап отырғам жоқ. Әзімбай шала желінген тамағын тастай берді де, түрегеп кеп, сары қызбен бетпе-бет отырды,

— Кешіріңіз, рұқсат па екен?

— Пожалуйста, — деді қыз.

«Бәсе, ізденіп отыр».

Әлгі үшеу Әзімбай түрегеп кеткен столға отырды.

Әзімбайдың азын-аулақ от басы шешендігі бар.

— Кешіріңіз, сізді зерікпесін дедім. Ол үшіy айыпқа бұйыра қоймассыз, — деп жатыр.

Қыз үндемеді. «Үндемеуі келіскені» деп, Әзімбай өзінше және түйіп қойды.

Тамақтың жармысы желінбей, жарты бөтелке сыра ішілмей орнында қалып қойды. Әзімбай оларды осында әкеп алмақ болып, қопаң етті де, қайта отырды. Қыздың алдында онысы ұсақтық болып көрінетінін сезді.

— Кешіріңіз, танысып қойсақ қалай болады, — деді Әзімбай. Қыз еркіңіз білсін дегендей қасын керіп, иығын шошаң еткізді. Дәл жанынан екілене ойнаған джаз оркестрі бұлардың сөзін айқайлап сөйлессе де ешкімге естіртпейді, Әзімбай үшін бұл жақсы болды. Қызға еңкейе түсіп:

— Менің атым Алексей, — деді. .

— Роза, — деді қыз.

— Өте сүйкімді ат.

Официантка кеп, Әзімбайды орнынан таппағанға сасқалақтап, содан соң барып көрді. Қуанғаннан күліп жіберді.

— Сізді мен қайда кетті десем, қыздың қасына келіпсіз ғой.— Иә, заказ бересіз бе? — деп, оңтайланып тұра қалды.

Айтса да енді заказ беру керек қой. Құр отыруға бола ма?

— Бір'бөтелке шампанское, бір плитка шоколад.

Бұл сөздерді айтып жатып, Әзімбай сары қыздан көз алмады. Сен үшін айтып жатырмын дегенді айтпай-ақ ұғындырды. Заказдың кім үшін беріліп жатқанын қыз да сезді. Үндемеді. Официантка тез оралды, Жалтыр шеке шампанскоеның қасында кірпіштей сұлап ең үлкен «Люкс» шоколады жатыр. «Оңбаған неме, кішірегін әкелмеуін».

Бөтелкені Әзімбай өзі ашты. Асау тығын тарс етіп терезені соқты. Біраз жұрт селк етіп осы жаққа қарады. Әзімбай оған масайрады. Екі бокалға құйып жатты. Біреуін қыздың алдына жылжытып қойды.

— Сізбен таныстығымыз үшіні

Сары қыз Әзімбайға тікірейе қарады. Содан соң бокалды қолына алды.

— Ал!—деді Әзімбай.

Сары қыз жартылай сіміріп ішті де, басын шайқап тыжырынып қойды.

— Сарқып ішіңіз. Қалдырмаңыз. Бірінші рюмканы сарқып ішу керек.қ

Рюмканы қыз аузына қайта апарды. Басы әнтек шалқанды да, айшық сырғасы шайқалып кетті. Аппақ ақ тамағынан шәрбаттың қылқ-қылқ еткені білініп тұрды.

Ұп - ұзын етіп опырылған шоколадты енді ол қытырлатып нанша шайнап жей бастады,

Әзімбайдың бойын шаттық биледі. Бәрі көңілдегідей болып барады. Бокалды қолына алып ішпей тұрып, төңірекке көз салды. «Мм... сендердің ауыздарыңды аңқитып, сұлуды қағып әкеттім бе!» — дегендей болды.

Оның көзі сонау бұрыш жақта отырған бір танысын шалып қалды. Екеуі институтта бірге оқып еді. Әзімбай онымен бас иіп сәлемдесті. Менің кіммен отырғанымды, қалай отырғанымды көрдің бе дегендей қоразданып қойды.

— Розочка, сіздің денсаулығыңыз үшін! Қалдырмаңыз! Қалдырмаңыз! Қалдырмаңыз!

Әзімбайдың тормозы азды-көпті ұстайтындай шегі бар. Ол одан өтіп кетті. Енді тормоз ұстамайды. Манағы бір ойы: «Ақшаны кұртатын болдың ғой», — деп, әлі де ыңырсығандай болып еді. Әзекең қолды бір-ақ сілтеді. «Ақша мені таппайды, мен ақшаны табам. Осындағы таныстардың біреуінен қарыз алып, барған соң жібермеймін бе?»

Адымын аштырмай қор етіп біткен ен қиын мәселе осылайша оп - оңай шешілді. Бұндай қарапайым нәрсеге Әзімбайдың ақылы әуел баста неге жетпеген? «Қиналмайтынға қиналып, түу, ақымақпын!»

Әзімбайекең тағы заказ берді. Тағы да шампанское.

— Ой, мен мас бола бастадым. Бip тамақ жемесем болмас, — деді сары қыз.

— Не тамақ жейсіз, алыңыз!

Қыз қуырған тауық алды.

Тауықтың атын естігенде Әзімбайжанның тамағы жыбырлап кетті. Ол да алды.

Ресторанда адам көбейіп кетті. Музыка.

Әзімбайжанның басы салбырап барып түзеледі. Бір-екі рет сары қыздың білегінен ұстамақ болды. Анау қолын тартып алды.

— Тыныш отыр, — деді.

— Кешіріңіз...

Бұдан кейін Әзімбайжан екі ғана нәрсені біледі. Бірі: официанткаға ақша төлеп жатқаны. Үш тиын ба, бес тиын ба жетпеді. Оны сары қыз төледі. Содан соңғы Әзімбайжанның есінде қалғаны рестораннан шығып бара жатқаны. Тар көйлекке кептелген жұмыр бөксесі бұлтың - бұлтың етіп, Роза бұрынырақ жөнеле берді. Әзімбайжан оның соңынан ұмтылды. Стол столдың арасынан өтем деп, біреулерді қағып-соғып кеткенін біледі. Бұдан кейінгінің бәрі де тұңғиық тұман...

...Әзімбай оянған бетте әуелі сол қонақ үйде жатыр екем деп қалды. Басына темір шеңбер салып, құрсаулап тастаған тәрізді, сынып барады. Бірақ жалғыз емес, біреудің қойнында жатыр. Төсек те қатқыл, жастықсыз. Простынясыз. Тағы біреулер әр жер әр жерде шала шешінген қалыпта сұлап, құлап жатыр.

Әзімбай қайда жатқанын біле қойды. Студент кезінде тап осы үй, осы жайда бір түнегені бар-ды. «Сол ғой!»

Міне ол кезекші милиционердің алдымда отыр.

— Айтыңызшы, мен мұнда қалай, қайдан келдім?

— Сіз келген жоқсыз. Мао болып, көшедегі қыздарды қуалап, балағаттап жүрген жеріңізден сізді дружинниктер алып келді.

Мм... деді Әзімбай. Оған енді бәрі де түсінікті болды.

— Түнеп шыққаныңыз үшін төрт сом ақша төлейсіз, — деді кезекші милиционер.

Әзімбай қалталарың ақтара бастады.

— Әуре болып іздемеңіз. Бір тиын да ақшаңыз жоқ.

Ақшасы жоқ екенін Әзімбай өзі де біледі.

Төрт сомды әкеп бермек болын Әзімбай сағатын қалдырды.

Міне ол көшеге шығып келеді. Таңертеңгі уақыт. Жұрт аяғы қозғала қоймаған. Түрі түр емес, халі хал емес. Китель менен шалбардың бір жақ қапталы уқаласа кетпестей ластанып қалған. Кеше болған оқиға. Қалай болды, неден болды, Әзімбай білмейді.

Сынып тұрған басты одан әрмен шабақтап әрқилы тікенек ойлар кіреді. Қайда барам? Қайдан ақша табам? Кеше ресторанда шалқып отырғанда Әзімбайдың осында бірталай жолдас-жоралары бар секілді еді. Қанша ақша қажет болса да солардан ала қоятын секілді еді. Енді соның қол ұшын беруге жарарлық біреуі табылса ше.

Әзімбай не істерін, қалай жүрерін білмей әлгі арада бір қауым тұрды. Ех, тым құрса пахмел болар ма еді. Онсыз ол адам қатарына қосыла алмайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз