Өлең, жыр, ақындар

Шала туған баланың ерекшеліктері

Шала туған баланың мезгілінде туған баладан айырмашылығы көп. Оның сырт көрінісінің өзі басқаша болады: бас сүйегі үлкен, аяқтары қысқа, терісі құрғақ және әжім секілді қатпарланып тұрады, терісінің түсі қып-қызыл – қызылшақа, сүйектері өте нәзік болғандықтан, сынуға бейім. Құлақ шеміршегінің толық өсіп-жетілмеуінен құлақтары кішірек, бас сүйекке жабысып бітеді. Мойны ұзын және өте жіңішке, аяқ-қолының тырнақтары өте қысқа. Шала баланың сыртқы жыныс мүшелері де әлі өсіп-жетілмеуі мүмкін. Барлық дене мүшелері мен жүйелерінің де өзіндік айырмашылықтары бар. Орталық жүйке жүйесінің әлі жетілмегендігі баланың мінез-құлқына әсер етеді. Қол-аяғының қозғалыстары ерекше, кейде қол-аяғы тырысып қалған сияқты болып керінуі де мүмкін.

Бала отыз тоғызыншы аптадан бұрын туса, салмағы 1000 грамнан 2500 грамға дейін, бойының ұзындығы 35 см-ден 45 см-ге дейін болса, нәресте шала туған немесе мезгілінен бұрын туған деп саналады. Қазіргі кезде баланың салмағы 900-500 грамм болып туса, оның өмірін сақтап қалуға болады. Дегенмен, бала өте нәзік, әлсіз болғандықтан, оның өмірін сақтап қалу өте қиынға соғады. Бала анасының құрсағында жатқанда оның демалу, тамақ және жылу реттеу жүйелері жұмыс істемейді. Шала туған баланың аурушаң болуы осы жүйелерге байланысты.

Нәресте.дүниеге жылап келеді, бұл оның бірінші тыныс алуы, өкпенің жұмысы осыдан басталады. Ал шала туған баланың жыламауы мүмкін, себебі оның өкпесі әлі жете қалыптаса қойған жоқ, оның созылмалы талшықтары әлі жетілмеген, сондықтан дұрыс тыныс ала алмайды, өкпесінің кейбір бөлімдері жұмысқа кірісе алмай қалады. Мұндай жағдайда демалуы жиілеп кетеді, минутына 60 ретке дейін тыныс алады. Баланың салмағы неғұрлым аз болса, соғұрлым тынысы жиі болады. Орталық жүйке жүйесінің өсіп-жетілмеуі де тыныс алуға көп әсерін тигізеді. Бұндай баланың тыныс алуы көп уақытқа дейін бір қалыпқа түспейді, бірде жиі, бірде сирек, кейде сәл тоқтап қалуы мүмкін. Тыныстың тоқтап қалуы емшек емген кезде де байқалады, аузының айналасы және танауы көгеріп бала демала алмай қалады.

Баланың қарны өте тоқ болса да, ішіне жел жиналса да тыныс алуы ауырлайды, жоғарғы тыныс алу жолдарының желдетілуін және қолқадан қақырықтың шығуын төмендетеді де, микробтардың өсіп, көбеюіне өте қолайлы жағдай туады. Бұның бәрі ақыр-соңы өкпе және тыныс жолдарының ауруларына соқтырады.

Баланың кішкентай аузына тілі әрең сыйып тұрғандай көрінеді. Сілекей бездері өсіп-жетілмегендіктен, онда сілекей аз болады. Баланың қарны көлденеңінен жатады және созылғыш. Қарынның сыйымдылығы бірінші күндері 5-7 миллиметр, ал бір жасқа толғанда 250 мл-ге дейін үлкейеді. Өңештің қарынға қосылар жері өсіп-жетілмегендіктен қатты жабылмайды. Шақалақ емшек еміп болғаннан кейін оқыс қозғалса құсып жіберуі мүмкін. Қарында сөл өте аз, қарын қабаттары өте нәзік-жұқа, лимфалық тамырлар аз, ішек сөлдерін жасайтын бездер де. Міне, осының бәрі ішек жұмысының бұзылуына себепші болады да, кей жағдайларда баланы ішек ауруларымен және токсикозды ауыр түрімен ауыруға мәжбүр етеді. Бауыры басқа мүшелерге қарағанда үлкен, қарынды жауып тұрады.

Бұндай баланың есту мүшелерінде де көп айырмашылықтар бар. Олар мұрын мен жұтқыншаққа өте жақын болады. Оның тіндері жұмсақ, сондықтан жоғарғы тыныс алу жолдары ауруға шалдыққыш келеді, соның салдарынан құлақ ауруы да пайда болады, оны «отит» деп атайды. Бала туысымен оның құлағы естиді, сондықтан, егер айқай не оқыс дыбыс болса, селк етеді, шошиды, көзін жыпылықтатады. Көзінің көруі онша болмайды, көз бұршағы өте жылдам өседі, осыған байланысты баланың көзі алыстан көрмейді.

Орталық жүйке жүйесінің жеткіліксіз өсіп-жетілуінің және тотығу үдерістерінің жай өтуі салдарынан баланың дене жылуы бірқалыпты орнықты емес. Қоршаған ортаға байланысты шала туған бала тоңып қалуы, ыстықтап кетуі мүмкін. 2-3 айлық баланы өте жылы орауға болмайды, кейде таңертеңгілік баланың температурасы 37,5-38°С-қа көтеріледі. Сондықтан жас аналардың осы жағдайға көңіл аударғаны жөн. Баланың қызуы көтерілсе терлейді, денесі қызарып кішкене іріңді жаралар пайда болуы мүмкін. Баланың өте жылы оралғаннан да, қызуы көтеріледі. Қызу көтерілуінің себебін анықтау үшін, баланы жеңіл жаялыққа орап 15-20 минуттан кейін дене қызуын өлшегенде, ол төмендесе, жылы оралғанына байланысты, ал төмендемесе, бір жері ауырып тұр деген сөз. Баланың дене жылуы 6-7 айлық кезінде ғана бір қалыпқа түседі. Қалайда шала туған баланың күтімі ерекше.

Н. Қасымбаева, бала дәрігері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Акгул

Ассалямуалейкум баршанызга кайырлы кеш. мен биринши баламды шала босанганмын 1200,/бойы37 кылып катты киналдым не дегенмен биринши балам болгансын казыр жасы 3 жастан 5 ай асты Аллага шукир денсаулыгы шукир жаксы Алла тек бердим деп берсин деймин Аллахка шукир деймин 18.04.2016 жылы босандым... Актау обл каласында. туылган кезде 2 ай астам сол перзентханада жаттым коп ауырды коп жери дамымай шыкты басы ауыратын еди черепвной болып сосын окпеси дамымай шыкты бирак сол даригерлер жаксылап карады ен алдымен Алла содан сон даригерлердин комегимен Аллахка шукир деймин... Жас Аналар сол ушин баланы иште жатканда кутинип каралып журиниз оз озинизге ...

Молдир

Мен 11 апрель 32 апта да 2150кг босандым. Казир 2ай болдык бирак көп уйктайды тек сүт ишерде турады кейде турмайды ол кауипти емеспа?

Айжан

Саламатсыздарма менің қызым шала туған қазір көп ауырады аузы іріңдеп тамағы жие іседі жəне темпиратурасы көп көтеріледі нестеуге болады алдыгала рахмет

Айнур

Саламатсыздарма менің бөпем 35аптада туылды кесір тілігімен. Екі күн болды темп 38ге дейін көрсетіп тұр. Тамақ ішеді ұйықтайды қалыпты жағдайма. Шала туылғандарда кездесетін жағдай деп естіген соң көңілім орнында болып тұр Осы жағдайға қатысты білсеңіздер айтсаңыздар екен.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз