Мағжан өлеңдеріндегі азаматтық рух, ағартушылық-демократтық сарын

Өзіне ғана тән өзгеше өрнегімен, сыршыл да сұлу һәм адам жанын тебірентерлік ерекше поэзиясымен төл әдебиетімізде есімі алтын әріппен жазылған дарынды ақын, қазақтың қастерлі  перзенті - Мағжан Жұмабаев. Ақын жырлаған сүйіспеншілік, туған жер, азаттық, оқу-білім тақырыптарындағы өлеңдерінің қайсысын алсаң да, терең ой мен тылсым сезімге толы. Оның шығармашылығында  ағартушылық-демократтық сарында жазылған туындыларының алар орны зор.
Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», «Күншығыс», «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым» атты бірқатар өлеңдерінен оның азаматтық рухы мен ағартушылық ой-пікірін аңғарамыз. Мәселен, «Қазағым» өлеңінде ақын:
«Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, ондалайық.
Мың жылғы еткен қуам деп ата заңды,
Өнерден кеш қалармыз, ойланайық»,- деп,  қараңғылыққа қамалған қалың елін  өнер- білімге бет бұруға үндейді. 
«Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр»,-деген өлең жолдарында ол  қазақтың  өзге елдердің көшіне  ілесе алмай, бар жақсылықтан  құр қалып жүргенін өкіне жырлайды. Сонымен бірге ақын:
«Ер жігіт өнер табар ерте қуса,
Ерініп шаршамастай, белін буса» дей келе, дамыл таппай еңбек етіп, шаршамай ізденсе, ер жігіттің өнер кілтін тауып, бақытқа қол жеткізетініне сенім білдіреді.  Ал «Пайғамбар»  өлеңіндегі  өршіл ақынның: 
«Күншығыстан таң келеді, мен келем,
 Көк күңіренеді, мен де көктей күңіренем,
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем» - деген қуатты сөздері оның бойындағы азаматтық  рух пен ертеңге деген сенімділікті дәлелдей түседі. Осы сарындас «Күншығыс» шығармасында  ол түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтіп,  түбінде Шығыстың жарық сәулесінің Батыстың қара бұлтын сейілтетінін жеткізеді.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты 
Мен жастарға сенемін!» деп, ұлтты оятып, өрге сүйрейтін келешек жас ұрпаққа сенім артып, қазақтың ендігі болашағы жастардың қолында екенін жеткізеді.
Мағжан ақын өлеңдерін талдай отырып, онда азаматтық рух пен ағартушылық-демократтық сарынның басым тұрғанына көз жеткіземіз. Ұлы Абайдай  туған халқының ертеңіне алаңдап, жұртын оқу- ғылым, өнер-білім нәрімен сусындауға шақырған ұлағатты ақынның әр туындысы- бүгінгі қазақ елі үшін аса қымбат қазына.

Оспанова Гүлмария Тұрысбекқызы
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филология жəне əлем тілдері факультетінің
қазақ тілі мен əдебиетінің 2-курс студенттері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)