Өзім аман болайын

Бәрі де туысқан болғысы келіп қалыпты, бауырыма кірін өліп барады. Шіркін-ай, десеңізші. Мен дегенде анжырланып қатқан мұзы еріп кеткен болар ма? Еметайы езіліп бара жатқандай сәлем берейік деп едік дегенін қайтерсіз. Әлгі бір Еркін деген бала мен бастық болмай тұрып туысқан болып келіп жүруші еді. Одан басқа туысқанды бұрын көрсем мына қуанған маңдайымдағы бадырайған екі көзім ағып түссін! Енді міне, әне жерден де, міне жерден де «Мен Қоқаңның туысқанымын» деп сопаң-сопаң етіп шыға берді, шыға берді. Мейлі олар не десе о десін, мен де оларға артық бірдеме арқалатып жібергенім жоқ, әдемі жылдыртпа сөзбен тілімді емізіп шығарын салып жүрмін. Қайтем соларды, өзім аман болайын!

Айтқандай Еркін демекші, қайда жүр екен сол бала? Осы кезде керісінше, ол келуді сиретіп кетті де, Шұбарағаштан ба-ай, Ұзынталдан ба-ай біреулер туысқан болып қаптап кеткен жоқ па? Бұрын туған құлақтан соңғы шыққан мүйіз болып озбақ болады. Ия, ия, әлгі Еркіннің өзі көп білетін, көп адамды да білетін бала. Қолынан келмейтіні жоқ екенін жұрттың бәрі айтып жүреді. Асқан зергер ұста, кішкентай қолымен осы дүниедегі күштілердің бірі К-700 тракторын бұрағанда тракторың қалш-қалш, дір-дір етіп, гүрілдеп-сарылдап оған жалынып тұрады деседі. Тіпті машинаның бірнеше тетігін өзі ойлап тауып, орнына келтіріп жібергенде Ақадыр ауылындағылардың бәрі аузын ашып, көзін жұмады. Сол баланы сол ауылға ферма бастығы қою жөнінде де талай ұсыныс болмап па еді. Мүмкін фермаға бастыққа, қойып жіберсек пе екен?

Тұра тұр. Асықпа Қоқа, Соның өзі ұрт мінездеу жігіт. Дүниенің біресе мына ұртын, біресе ана ұртын тесіп жібере жаздап жүреді. Кім біледі, бір күні төңірегіндегілермен тегіс сөзге келіп, біреуінің қисығын, біреуінің қыңырын айтып жүрсе, кетпеннің сабы келіп маңдайыма тарс тиіп жүрмесін. Онда оны қоя тұрған жөн болар. Бір пәле шығып кетіп жүрмесін. Одан да өзім аман болайын!

Дүниеде жақсы адам аз ба? Солардың біразы маған да келіп тұрады. Бойы да, ойы да бар, сымбатты жігіттер де бар, бірді бірге шағып, екеудің арасына от жағып, дөй-дөй жасап жүретін, қос үйді қоса қондырмайтындар да бар. Дегенмен анау бір Топшыбай деген жігіттің жаратылысы басқа-ау, осы. Ол өзі есепші ме еді, не еді? Әлгі күміс қылшықты түлкі совхозы директорының орынбасары ғой. Соның өзі маған туысқандығы жоқ па? Жоқ сияқты. Екеуміз екі облыстанбыз. Тікелей бастықтарынан анықтама алып көріп едім, өз жұмысын білетіндігі былай тұрсын, әдебиет, мәдениет жағына да жетік екен. Ал шыны керек, қазіргі біздің шаруашылық басшыларымыздың көбі «Өтеген батырды», «Абайдың дастаны», «Аттың сынын» Жамбылдың өлеңі деп жүрмей ме? Тіпті Абай мен Жамбылдың атын білмейді деу артын, болар, бірақ солардың бір шығармасын айтып бере алмайтындар екінің бірі болмағанмен, бестің бірінен табыларында дау жоқ. Ендеше Топшыбайды бір белеске көтеріп тастамасқа не?

Ей, ей Қоқа. Байқа! Оның өзі Қаратаудан дегеніңмен Қаратауға Алатаудан кісі бармапты дегенді кім айта алады. Оның аралары бір кезде менің аталарыммен араздасып Алатаудан аттанып, Қаратау кетпегенін кім білсін. Қарыс жердегі Қаратау түгіл, сонау Еділдің арғы жағындағы Сарытауға да кетіп қалған қазақтар емес пе, бұл? «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау» деп Европаға барып жүрген қазаққа Қаратау, Қаратөбе, Қарашоқың сөз бе? Шоқаңдатып жалғыз атпен жүріп-ақ талай төбенің басына шыққан ел ғой, бұл. Ендеше асықпа, Қоқа. Сара ізіне шоп салып, адымыңды қарыстап өлшеп жүргендердің бірі ол Қаратауда тұрғаны болмаса, Қоқаңның қайын атасының бөлесінен туған жиенінің жиеншары деп жүрмесін. Одан да шыдай тұрайын. Әйтеуір өзім аман болайын!

Аяғымен жүруді қойып аузымен жүретіндерді бұл күнде бесжылдықтың барлық ауырлығын көтеріп жүрген майталмандардай көретіндер әлі де табылып қалады.

Қолы істемейтіндердің ауыздары сөйлейтіні қашаннан бергі шындық. Ондайлардың қолына картаның козырін ұстатып, мені кім деп отырсыз? Мен өзімді ұмытып өзегіме І.ІС кірді дейсің бе? Сондықтан да қарауыма туысқаным түгіл жекжат-жұратымды жақындатады екен деп ойламаңыз. Тек біздің үйдегі аюдай ақырған қырыс қатынның әңкілдегенінен құдай сақтасын! Әңкілдемей-ақ, өкіреңдемей-ақ сол жанымнан отырып алып мыжи беріп-ақ бәрін бітіріп алады. Сыбырлап айтса да, сықпығын келтіріп айтады. Орындамай көр, айтқанын! Соның кәріне ұрынбайын деп жүріп кейде айтқанын істеп қоятын бір босаңдығым бар. Менің туысқаным не болса ол болсын, тек сол тыныш болсын. Шынын айтсам оның тыныштығы менің тыныштығым. Сондықтан кейде дарияға тәуекел қайығын салған балықшыдай қалт-қалт егіп тұрсам да, жеңгеңіздің айтқанын қалт жібермеймін. Былтыр соның айтуымен ішімнен ұнатпай тұрсам да әлгі шақша бас, шүңірек көз Шоқиды тауық фермасына апарып шоқита салғаным бар. Қайтейін құлағым тыныш болсын. Өзім аман болайын!

Әлгі бір қара жігіттің аты кім еді? Қазақтың бәрі қара ғой деймісің? Жоқ олай деме. Соның өзі көзі қиықтау, қысыңқылау. Сондай қиық көздерді көргенде баяғыда Хасан көлінде соғысқандар есіме түсе кетеді. Оның он бес жыл бір қора қой бағып, мемлекет малын түлетіп, түгендеп жүргенін қайтейін, көзінің қысыңқылығы бір ашылмай-ақ қойды. Көрсеткішіне қарасаң алдына жан салмайды. Жүз саулықтан жүз елу қозы алған. Анкетін алып қарасам он жылдық мектепті де бітіріп тастаған батырың екен. Пәлесін қарай гөр өзінің. Қой қоздатқан он бес жылдың он үш жылын табыспен аяқтаған екен. Содан бір ой келіп, соны жастар бригадасына бригадирлікке жібере жаздап қалғанымды көрдіңіз бе? Айналайын басымның қайдан істен кеткенін білмей қалдым. Былтыр бір қойшылармен бас қосқанда ферма меңгерушісін сойын салғаны есіме сап ете түсіп, құдай әлгіні білдей бригадир етуден сақтап қалғанын қарашы. Япырай бригадир болып кетсе, жай қойшы болып жүргендегісі анау, қойыңның көрініп тұрған екі құлағын қойып, аузындағы тісін санайтын пәле бола ма, қайдам. Әйтеуір қысық көз қараны бригадир қоймағаным мұндай жақсы болар ма!? Ұсынса басқалар-ақ ұсынсын. Кім біледі. Өзім аман болайын да.

Осы әлгі Еркіннің өзі бір қызық жігіт, Басқа-көзге қарамай бірдемені қойып қалып отырғаны. «Мына бір шофер 1-класс, осыны гаражға бастық қойыңыз» дейді. Туысқан болса қайтейін тілін алмай қойдым. Тіпті ол бір едіреңдеген немені «Үнемі екі норма орындайды, әлі шоферлық правосын алғызу. түгіл, талонын да тескізіп көрген жоқ» деп мақтайды. Инженер болса қайтейін, о баста нағып мұнда инженер болып келмепті. Еркін ұсынса ше? Басқалар ұсынбай оны неге еркін ұсынады? Бір жерінде жарылайын деп күні жетіп, пісіп тұрған шиқаны шыға келсе қайтемін? Қой әзірге оны да қоя тұрайын. Кейін көрермін бәрін де. Одан да өзім аман болайын!

Сіздер аман болыңыздар! Олар аман болсын! Туу тук те ұнасып тұрған жоқ. Өзім аман болайын! Міне, қалай икемге келе кетті. Басқаны қайтем, өзім аман болайын!

1975


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...