Өлең, жыр, ақындар

Алгебраға абай болыңдар!

Алдымен түскені бір хат болды. Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қызылсай жетіжылдық мектебінің мұғалімі Мейірманов жазыпты. Қолымызға алып зерттеуге ыңғайлана бастадық. Нақ осындай, мағыналы хат ертеңіне тағы келді. Солтүстік Қазақстан облысынан келіпті. Жазғандар Николаевна орта мектебінің мұғалімдері Омаров, Бүркітов жолдастар. Содан соң тағы түсе берді... Ақыры көбейіп кетті. Хаттардың мазмұны мынадай: сауатты адамдардың сауатсыздығы туралы жазыпты. Оқу-ағарту орындарындағы кейбір жолдастардың аптығып жүріп, кетірген қателерін айтыпты.

Мектеп басқармасының әуелі жергілікті мектептерге жөнелтпегі емтихан билеттері болыпты. Бастықтар баспа орындарына батыл тапсырыпты. Қате кетпесін, қайталау болмасын. Емтихан билеті деген нәзік нәрсе. Әсіресе, алгебраға (абай) болыңдар. «А» орнына «В» түсіп кетіп жүрмесін, жайбарақаттануды қойыңдар, емтихан жайбарақаттануды күтпейді. Жайбарақаттық жойылсын! Сәтті жұмыс жасасын! Сапасыз іс құрысын! — депті.

Осындай игі тілектерден кейін билеттер әзірленіп, Оқу министрлігінің мектеп басқармасына әкелініпті. Мектеп басқармасындағы жолдастар да өздерінің шабандығынан жергілікті жерлерге жөнелтуге билет кешігетін болды-ау деп қорқыңқырап отыр екен, билеттердің кейбірі әзір бола кеткен соң қуаныштарын жасыра алмапты:

— Алақай, билеттср басылып бітті. Жасасын қарқынды жұмыс! Жойылсын сапасыз іс!—деп, даяр болғандарын бастықтарға ала жөнеліпті.

— Көп кешіге ме деп едім, бірер ай-ақ кешігетін болды,— десіпті. Әзір болған билеттерді жіті көздер жүгірте қарап, олпы-солпысын түзеткен болып, артығын аластап, кемін жалғап ауылға асығыс жөнелтіп жіберіпті. Ол жалғыз жіберіле салмапты, жақсы лебізбен, үлкен анықтамалар беріп, шығарып салыпты. Үлкен жолдама жазып, мынаны айтқанды жон деп таптық депті.

Баспахананың кінәсінен билеттерді бірер айға кешіктіріп алдық, игіліктің ерте-кештігі жоқ деген ғой, әлі де болса ырғалып, жырғалмай, жатпай-тұрмай жұмыс істей берсеңдер кеш емес. Баспахана болмаса әлдеқашан... әй осы баспа... Жұмысты тездетіңдер. Жасасын жедел жұмыс!

Сонымен не керек, сынақ күні де келіп, емтихан басталып кеп кетіпті. Мұғалімдердің алдымен қолына түскені төртінші класқа арналған «Біздің Отанымыз» деген текст екен. Тексті оқып шығып, мұғалімдер Оқу министрлігінен келген бұйрыққа еріксіз қарасыпты. Одан ештеңе таба алмапты. Төртінші кластан емтихан алғанда мұғалімдер терең ойға қалыпты, бұл тексті төртінші класқа ұсынар-ұсынбасын білмей қатты сасыпты. Алматыдағы білімді ағалары осы азғантай сөзден онға тарта қате жіберген екен. Он төрт жыл оқығандар жаза алмаған тексті қалай ұсынамыз деп мұғалімдер біріне-бірі қарасыпты. Әлде ағалары сызықша, үтip, бас әріп, кіші әріпті оқымаған шығар, тіпті оқыса да баяғыдағысын ұмытып кетуі де ықтимал, шынына келгенде, осы текстің өзін оқымаған болар деп кешіріскен екен. Бұдан былайғысының қатесі жоқ, мынау бір қиын жағдай, асығыс үстінде «баспахананың кінәсінен» кеткен болар дескен екен.

Билеттердің басқаларына үңіле беріпті. Оның үстіне есеп жөніндегі билеттер сорғышталған конвертпен емтихан басталардан бір-ақ сағат бұрын ашылады екен. Сондықтан Оқу министрлігі жіберген есептегі қате жаушы-жаламда байқала қоймапты.

Жетінші кластың оқушыларына арналған есептің екі нұсқасы беріліп, есепті балалар олай айналдырып, былай айналдырып, ақыры мұғалім ағаларына қайырыпты. Бірде бір оқушы бұл ғажайып есепті шығара алмапты. Шәкірттерінің есеп шығара алмағанына мұғалімдері қатты ренжіп, сені оқытқан есіл еңбегім, тегін мектебім... деп ашуланыпты.

Ойластырып қарай келгенде, бұл да Алматыдағы мектеп басқармасындағы ағаларының қатесі болып шыға беріпті «2а-1» дегеннің орнына «2в-1» деп жіберіпті. Атап айтқанда «а» орнына «в» түсіп кетіпті. Осы жалғыз әріп республиканың барлық қазақ мектептеріндегі емтихан қорытындысын теріс шығаруға салдарын тигізіпті. Есептің тағы бірінде «кішкене ғана» қате жіберiп алыпты. «350 тонна» дегенді «50 тонна» деп қойыпты.

Тағы қате, тағы кетіпті. Тоғызыншы кластың логарифм жадуалының көмегімен шығарылар есептің беріндісінде радикал көрсеткішінің «3» дәрежесін көрсетпепті. Шамасы оған дәрежені қимаса керек.

Сонымен не керек, бұл есептер шым-шытырық, сайда саны, құмда ізі жоқ болып шығыпты. Жауабы келсе есебі, есебі келсе жауабы келмей, оқушылардың басы қатыпты. Бәрібір есеп дұрыс шықпапты. Басқарманың кінәсі үшін мұғалімдерге ұялуға тура келіпті. Ақырында біреудің кінәсіне күйе алмай мұғалімдер министрлікпен хабарласқан екен:

— Биыл болмаса ендігі жылы естеріңде болсын, баспаханадан қате кететіні жадыларыңнан шықпасын, естеріңде болсын, өздерің түзей саласыңдар. Алгебраға абай болыңдар!—депті.

— Я, мектеп басқармасындағы жолдастар, өздерің де алгебраға абай болыңдар.

1954


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз