Өлең, жыр, ақындар

Мынау ғазиз дүние

Пролог

Соңғы кездері Тынысбектің онша көңіл-күйі болмай жүр. Ештеңеге зауқы жоқ. Өзін арман жағалауынан бірте-бірте, ақырын-ақырын алыстап бара жатқандай сезінеді. Сонша аңсап келген Алматыдан да шаршай бастағанын іштей мойындайды. Иә, өмір деген қиын екен... Білмейтіні қандай көп?.. Бүгін де аса талапшыл профессордың дәрісінде мойнын ішіне тығып алып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болып отыр. Қас қылғандай, профессор мұның фамилиясын атады. Тынысбек атып тұрды.

— Сенің фамилияң өте жақсы, Құрышбекұлы! Бірақ жинаған балың нәш-шәр! — деді ұстаз көзін тура қадап. — Өзгелерге ұқсамас деп едім, таныс сүрлеуге түсіп алып, сен де тартып келесің. Байқа, сенімнен айырылған деген ең жаман нәрсе.

Есіктен бір қыздың басы қылтиды. «Ағай, Құрышбекұлын бола ма екен? Бір минут» дей салып, жоқ болды.

— Болмайд!

Бірақ профессор тез жібіді. «Барып кел, тез!» деді көзін бұдан аудармаған күйі.

Тынысбек терлеп кетті. Ұстаздық ғұмырында профессордың студентті сыртқа жіберуі бірінші рет шығар. «Қартая бастады ма екен?» деп ойлады шығып бара жатып. Шығыстану факультетінде оқитын ауылдасы Қымбат екен, амандаса салып, «Ағылшын тілін үйрену курсы» деген кітапты ұсынды. Тынысбек жақында Қымбаттан анасына сәлем айтып жіберген-ді. Оқулықты қыса ұстап, орнын тапты. Профессордың көзінше парақтауға да жасқанып отыр. Ұстаз өзге студентке бұрыла қалғанда, кітаптың алғашқы парағын аударған. Анасының таныс жазуы көзіне оттай басылды. «Тыныстай, жақсы оқы. Жақсы жүр. 25.02.1995 ж.» деп қолын қойыпты. Тынысбектің көзіне жас үйірілді. «Жақсы оқимын, жақсы жүремін, апа» деді тістене күбірлеп.

1

... Қаражар ауылы бізді жылап шығарып салды. Мен де жыладым, бірақ не үшін жылап тұрғанымды өзім түсінген жоқпын. Аудан орталығынан ұзап, биік таулар арасындағы бұлың-бұлың жолға түскенше апам басымнан иіскеп, егілді де отырды. Жүргізуші қарт кісі екен, апам әбден өз-өзіне келгенше ләм-мим деп тіл қатпады.

Жаңа ауылға келіп кіргенде, қар қылаулап жауып тұрды. Тып-тыныш, үнсіз ғана. Қаражарда қар жауса, жел де ұйтқи соғатын-ды. Таңертең есік ашылмай қалатын, әкем үлкен терезенің көзін алып тастап, іште тұрып, есікті күрекпен аршитын. Кейін осы ауылдағы барлық үйдегідей біз де сыртқы есікті ішке қарай ашылатын етіп алғанбыз. Ал мына Жалтеректе бәрі мамыражай. Қоныстанған үйіміздің баспалдағы биік екен. Білісбек пен Ырысбек қар күреп жүр, өздері мәз. Алдыңғы күні жаңа ауылға менен бұрын кеткен. Сол үшін де өкпелімін. Жаңа көршілермен танысып алған да шығар. Көліктен түсе салып:

— Артқы үйдің балаларымен таныстыңдар ма? — деп сұрадым. Екеуі де бас шайқады. «Өй-й!» дедім қомсынып. Үйге апам жылап кірді. Нағашы әжем мен дәу апам да дауыс салып қарсы алды. Орталарында отырған қарындасым Жайнагүлдің беті де айғыз-айғыз.

— Жә! — деді дәу апам. — Жаманшылық шақырма! Адасып келген жоқсың, балаларыңның, Құрышбегімнің атажұртына келдің. Босағадан «бісміллә» деп аттадың ба өзі?

Дәу апамның қабағы жаман. Бәріміз қорқамыз. Әкемнің жеңгесі, біздің үлкен шешеміз. Тоғыз баламен жесір қалып, бәрін адам қатарына қосқаны жаңа. Дәу апамның бала ұрғанын көрген де, естіген де емеспін, бірақ бізге түнере қараған бір көзқарасы жетеді, дереу жым боламыз. Апам да тез тыйылды. Шелпектен дәм татып, шай құйып, дереу шаруаға араласып кетті.

— Енді көз жасыңды балаларға көрсетпе! Түнде Қаражардан шыға бергенімізде көлік тайып кетіп, жол шетіндегі қарға тіреліп әрең қалдық. Құдай енді қасірет шектірмесін де. Мына пышақтан жаңа жазылған Жайнагүлдің періштесі қақты ма, әйтеуір бәріміз аманбыз...

Жайнагүлдің жақында ғана аудан орталығы Бөгендегі ауруханадан шыққаны рас еді. Әй, несін айтасың, соңғы үш-ақ айда біз өмірді шын таныдық қой... Алдымен әкем ауырды. Мен ес білгелі ауырғанын көрген емес едім, бір-ақ аптаның ішінде түс көргендей болдық та қалдық.

Көрші Серікқалидың үйінде әдеттегідей ойынның туын тігіп жатқанбыз. Сол үйдің Айна деген қызы жүгіріп келіп:

— Біліс, Тыныс! — деді әдетінше біздің «бегімізді» атамай. — Құрышбек аға ауырып қалыпты! Сендерге апаң тез келсін деп жатыр.

Жүгіріп жетсек, әкем бауырын жаза алмай, төрде жүресінен отыр екен. Өңі бозарып кетіпті. Апам артқы үйге қаладан келген туыстарының «Нива» көлігін дереу алдырды. Білісбек, әпкем Дариға, Жайнагүл бәріміз еңіреп жылап жүрміз. Әкем еңкеңдеген күйі мәшинеге әзер отырды. Қақпаның сыртына дейін еріп бардым. Артына әрең бұрылып:

— Жылама!.. — дегенді маған тістеніп әзер айтты. Апам да бірге кетті. Төрт бала тым-тырыс отырып қалдық.

— Өткен жолғыдай тағы да бауыры ұстап қалды ғой деймін. Қорықпаңдар, жазылады. — Дариға бірінші болып ес жиды.

Ертеңіне апам Бөгеннен оралды. «Әкелеріңе операция жасап тастады. Халі жақсы. Бауыры екен десек, сол бауырдың астындағы соқырішек екен ғой» деді. Түстен кейін апам ауруханаға тағы кетті. Бірақ сол күні үйге келген жоқ. Ақбастаудан дәу апамның да келгенін естідік. Үшінші күні әкеме тағы бір операция жасалды. Бұл жолы Алматыдан арнайы келген дәрігер тексеріпті. Сарыағаш суы табылмай жатыр депті. Әкем өзі де осы сусынды жәшігімен алдырып қоюшы еді, қажет кезде табылмай жатқанын қарашы...

Бір апта өтті. Дариға мен Жайнагүлді апам Бөгенге алып кеткен. Үйде Білісбек екеуміз ғанамыз. Ерте жатып қалдық. Түн ортасында есіктің тарсылынан оянып кеттік. Әкемнің Абдулла деген құрдасы мен сол кісінің Роза есімді әйелі екен. «Білісбек, Тынысбек, сендер көрші үйге барып ұйықтай беріңдер. Әкелерің жазылды. Оған біраз тыныштық керек. Таңертең келесіңдер ғой» деген. Артқы үйге барсақ, бізге тіпті төсек те дайындап қойыпты, құлай кеттік.

Таңертең тұрғанда... әкеміздің қайтыс болғанын бір-ақ естідік. Ырысбек нағашылардың ауылында еді, кешігіп жетті. Жерлейтін күні апам, бес бала — бәріміз барып, әкемізбен қоштастық. Күлімсіреп жатқан сияқты көрінді, құдды тірі адам сияқты. Бала екенбіз, жерлеуге қанша мәшине шыққанын санап, көліктердің бір ізбен шұбырғанын қызықтап отырдық.

Әкемнің жетісін беріп жатқан күні Дариға әпкем ауырды. Онікі де соқырішек болып шықты. Операция жасамай, таратып жіберетін дәрінің көмегімен емдеді дәрігерлер. Әкемнің қырқынан екі-үш күн өткенде бірінші сыныпта оқып жүрген Жайнагүл қатты құсып, ауырып қалды. Апам байғұс дереу Бөгенге алып жөнелді. Үйде үрпиісіп үш ұл қалдық. Дариға бұл кезде біз көшіп баратын Жалтерек ауылында, әкемнің бөлелерінің қолында оқып жүрген-ді. Жайнагүлдің бағы бар екен, дәл сол кезде ауданға Алматыдан балалар хирургы келе қалыпты да, операцияны сол кісі жасапты. Жайнагүлдің соқырішегі жарылып кетіпті деседі.

Осы азаптың бәрі апама жеңіл болған жоқ. Өзі қатты азып кетті. Тым күйреуік болып алды. Жайнагүл ауруханадан шығып, сәл тыңайғанын күттік те, Жалтерекке көшіп кеттік. Дәу апамның «Құрышбегімнің атажұрты» деп отырғаны — Жалтерек емес, Ақбастау. Екі ауылдың арасы 9 шақырым ғана. Апамның айтуынша, Жалтеректе де, Ақбастауда да біздің ағайындар бірқауым ел көрінеді. Соларды паналап жеткен бетіміз осы...

2

Елден, туыстардан айналайын! Бізді бірден бауырына басты. Бөлелер қойымызды бес-бестен бөліп алып, қыстатып берді, нағашылар көк сиырды, тағы біраз ұсақ малды төлдетіп бір-ақ қайтарды.

Жалтеректің балалары да ойынпаз екен. Дереу достасып кеттік. Екінші тоқсанды төртеуміз де өте жақсы аяқтадық. Жайнагүлдің денсаулығы жарамады, мектепке келесі жылы барып, бірінші сыныпты қайта оқитын болды.

Менің сыныптастарым да — кіл мықтылар. Әсіресе, Жанар мен Гүлнара. Олардың сабақта қол көтермей отырғанын көрмеппін. Мен де қаражаяу емес едім, дереу бәсекеге түстім де кеттім. Олар қол көтерсе, мен де көтеремін. Олар «бес» алса, мен де «бес» аламын. Олар ертеңгілікте ән шырқаса, мен де шырқаймын, өлең оқыса, мен де оқимын.

Маған ағылшын тілі қиын тиді. Қаражардағы бірінші тоқсанда французшаға тілім тәп-тәуір сынып қалып еді. «Сетюн балле», «сетюн табле» деп доп пен үстелді нұсқап, «өң, дө, тғуа, кятұғ, сең, сүйс, сет, уит...» деп онға дейін судырата санауға машықтанып та алғанмын. Ағылшынша да қызық екен, нағыз «ит деп жазып, шошқа деп оқитынның» өзі. Сонда да қыңбадым. Жанар мен Гүлнарадан қаламын ба, әріптерді тез жаттауға кірістім. «Ей, би, си, ди» дегенді алғашқы сабақта-ақ қатырдым, екінші сабақта — «тейбл», «болл», баяғы французшадағы үстел мен доптың баламасын қиналмай таптым. Осы жігеріммен Нұржамал апайды онша ренжітпедім, сірә, ағылшын тілі пәнінде ұстаз қиын тапсырмаларды маған да жүктей беретін болды.

«Бес» алып келген сайын апам қуанады. Менің де төбем көкке жетеді. Үнемі мұңданып, қабағынан күн әредікте ғана бір жарқ етіп қалатын апамның қуанғанын көру үшін «бес» аламын. Оның үстіне, менен бір сынып жоғары оқитын Ырысбектен де қалмауым керек. Ырысбек бір «бестік» алса, мен екеу алуға тиіспін, ол екі «бестік» арқалап келсе, менің күнделігімде үшеуі тұруға тиіс. «Төрттік», «үштік», «екілік» жайлы әңгіме болуы мүмкін емес. Апамның інісі Әуелхан нағашым да келген сайын күнделігімізді тексереді. Ырысбек екеуміздің тізілген «бестіктерімізді» көріп, сенбеген сыңай танытады. «Қайсы, өзім тексеріп көрейін» деп әрнені сұрайды. Біз мүдірмейміз. «Қайсымыз бұрын айтар екенбіз?» деп жарысамыз келіп.

Бір күні Ырысбек «Әдебиеттен» «екі» алып келді. Жаттауға берілген өлеңді бір-екі оқып-ақ қағып алғанын түнде көргем. Сөйтсем, мәселе басқада екен. Мұғалімдердің қол көтермей отыратын балалардан сабақты бірінші сұрайтын әдеті. Сол салттан жазбай, төмен қарап, тымпиып отырғандардан сұрай бастағанда, Ырысбек бәріне көмектесіп, тынышталмай қойған. Мұғалімнің бір-екі ескертуіне де құлақ аспаған. Ақыры болмағасын, Гүлнар апай семіз «екіні» күнделігіне қонжитып тастапты. Ырысбек үйге көңілсіз оралды. Ептеп көңілі босаған ба деймін, көзінің айналасы қызарыңқы. Қас қылғандай, Әуелхан ағам да ауылынан келе қалған еді. Әдетіне бағып, күнделігімізді сұрады. Әншейінде менен бұрын жұлынып жетіп баратын Ырысбек біреу желкелегендей, күнделігін әзер ұсынды.

— Кәне, кімнің қанша «урасы» бар? — деп сұрап алды Әуелхан ағам.

— Менде «ура» мүлде жоқ, болмайды да! — Өзімше масаттанып тұрмын.

Әуелхан ағам күнделігімізді қарағанда, «бестіктерімізді» үнемі «О-о!» деп даусын соза санамалап өтетін. «Екіге» жолықсам, «Ура-а!» деп айқайлаймын» деп ескертіп қоятын. Сұрап тұрғаны — сол. Менің күнделігімдегі бестіктерді санап-санап, басымнан бір сипады. «Жарайды қара бала!» дегенді қосып қойды. Апам жаққа ұрлана қараймын. Апам ырзашылықпен күліп тұр. Ырысбектің күнделігінің бүгінгі бетіне келгенде, Әуелхан ағам бір қап алтынның үстінен түскендей орнынан ыршып түрегеліп:

— Ур-ра! — деп айқай салды. Ырысбек жылап жіберді. Апам да хабарсыз екен, күнделікке үңіле қалғанда, жүзі тұнжырап кетті. Менің Құдайым беріп-ақ қалғаны. Ырысбек мұрнының астынан міңгірлеп, «екіні» неге алғанын айтып біткенше, перденің артынан сығалап тұрып, екі-үш рет «уралап» қоя бердім. Ырысбек ызаға булықты. Өзінің жылап тұрғанын ұмытып кетіп, көзімнен жұдырықпен салып қалды. Енді аялдасам, есем кетеді, бойымның шартықтығына қарамай, Ырысбекті аяқтан ала түстім. Екеуміз сарт та сұрт күресіп жүрміз, бір-бірімізді ыңқ-ыңқ аударған сайын мен «уралап» қоямын, Ырысбек одан әрі ызаланады. Әуелхан ағам бізді әзер айырды. Шақар емеспін бе, нағашымның бір құшағында қысылып тұрып, тілімді шығарып, «ура!», «ура!» деймін екіленіп.

Ертеңіне «Табиғаттануда» отырғанымызда, Ырысбек мені сыртқа сұрады. Шықсам, Рекеңнің жүзі жайнап тұр. Қолында — сынып журналы.

— Танып ал дөдеңді! — деді көкірегін көтеріп. «Әдебиет» пәнінің парағын ашып, дайындап та қойыпты. Көзімді жүгірте жөнелдім. «Әбілғазиева, Әбілев...» Ырысбек тізімде екінші тұр екен. Кешегі күннің тұсында «екілік» тұрмақ, сайтанның сапалағы да жоқ. Есесіне, бүгінгі күнге «бес» қойылыпты.

— Гүлнар апай мені өтірік қорқытыпты ғой. Ал бүгін «өт-те жақсы» деп бағалады!

— Бәрібір сенің күнделігіңде «ура» бар!

Ырысбек басымнан сарт еткізіп, қаша жөнелді.

Жалтеректе біз білмейтін бір керемет ойын бар екен. Шаңғы тебу. Ауылдың іргесінен-ақ басталып кететін жота-жотаны қыдырып, күнұзақ үй көрмейтін болдық. Қысқы каникулда тіпті рахат. Көрші үйдегі бізден үлкенірек Ерлан нағыз спортшы сияқты, алға түсіп алып, жұлдыздай ағады-ай! Қырқа-қырқаға жол салатын — сол, біз қалмай еруге тырысамыз. Жалтеректің қысының бір жақсысы — қардың үнсіз, бірақ өте көп жауатыны. Бетіңді аяз әлсіз ғана шымшиды. Қос таяққа сүйене, пора-пора терлеп, талай жерді аралап қайтамыз. Әсіресе, төмен құлдилаған керемет! Жаңа ғана басқан қадамың кері кетіп, қыр басына зорға шыққаныңды демде ұмытасың. Көзіңді сығырайтып алып, құлағыңның түбінен жел зуылдап, ағасың келіп! Ерлан, оның інісі Бекұлан, тағы бір көршілеріміз Дарқан мен Орынбасар еңіске жетіп, кілт бұрылғанда, қар көлбей шашылып, тура теледидардағыдай бұрқырайды. Бізде ондай машық қайда, аңыраған күйі келіп, ұмар-жұмар құлаймыз. Аузы-мұрнымызға қар толып, қақалып жатсақ та, орнымыздан тез көтерілеміз. Тұра салып, шаңғымызға қараймыз. Уһ-һ, сынбапты ғой абырой болғанда! Екі-үш аптадан кейін біз де кәнігі шаңғышы болып алдық, бұрқырата қар шашып, кімнің қанша жерден шұғыл бұрыла алғанын салыстырып, дауласамыз да жатамыз. Опыр-топыр құлайтындарды мазақтауды бізге қоя беріңіз!

Төменгі көшенің балалары бізді «матчқа» шақырыпты. Хоккей матчына! Апыр-ай, дайындықтары сұмдық көрінеді. Қолдарындағы таяқтары қандай керемет! Біздің түсімізге де кірмес. Колхоздың қораларындағы білеудей-білеудей алюминийлерді болтпен бекітіп, қолға ұстайтын тұстарына изолента орап, келістіріп-ақ жасаған, тегі... Бәрінікі бірыңғай әдемі. Біздің таяқтар олардікінің қасында түкке жарамай қалады екен. Бірімізде — уық, бірімізде — ағаштың иілген бұтағы, енді бірімізде — неден құрап жасалғанын өзіміз де түсініп болмайтын құрама бірдеңе.

— Бұлай болмайды! — деді Ерлан. — Бәріміз біркелкі нәрсе табуымыз керек.

Дүкенге хоккей таяғы мүлде түспейді, Алматыдан алдыруға уақыт тар. Оның үстіне, апама «үш бірдей таяқ алып бер» деп қалай айтамыз? Өзіміз де қораны шала-шарпы тазартып, мал алдына шөпті бей-берекет шаша салып, ойынға тартып кетіп жүргенде...

— Аятбектерде қолдан иілген уық бар. Қып-қызыл. Өте ыңғайлы, — деп Дарқан есіне түсіре қалды.

— Иә-иә, дұрыс айтасың! Бірақ әкесі беруші ме еді?

Ернат іле кетті:

— Әкесі Торайғырда қыстауда емес пе? Бізге он тал уық бергеннен қалқоздың байлығы кеміп қалмас.

— Ернат, онда өзің барып, келісіп кел. Аятбектің інісі Еркінбек сенің сыныптасың еді ғой. Бірдеңе ғып көндір. Төменгі көшенің балаларына қарсы мына масқара таяқтармен ойнар болсақ, бүкіл ауыл күледі бізге. — Ерланның байламы осы болды.

Ернаттың қалай көндіргенін қайдам, ертеңіне бәріміздің қолымызда бір-бір қызыл уық тұрды. Аятбек пен Еркінбек те ойнауға келіпті. Үш күн қатты дайындалдық. Бірақ... үшінші күні Ырысбектің аяғы ауырып қалды. Қаражарда жүргеннен ауыратын еді, күтінбей, буындарын тағы ісітіп алғанын қарашы... Апамнан ес кетті. Ырысбек кәдімгідей төсек тартып жатып қалды. Бір апта дегенде әрең бас көтерді. Тұсауы жаңа кесілген сәбидей қалт-құлт аттап, екі қадамнан кейін-ақ қабырға жағалап қалатынын көру қандай аянышты... Білісбек екеуміз ойынды ұмыттық. Түнде төсекке бас қойғанда күбір-күбір етіп, Құдайдан Ырысбектің тез сауығып кетуін тілеп ұйықтайтын болдық.

Төменгі көшенің балалары біздікілерді ұтып кетіпті. Енді екі аптадан соң қарымта матч «біздің айдында» өтпек. Біз тағы да дайындықты бастап кеттік. Ырысбектің аяғында белуарына бір-ақ жететін қара пима, үстінде қабат-қабат пәлте, ақырын басып, ойын алаңына әзер жетеді. Көзі боталап отырып, ойынымызды тамашалайды. Апам мектептен қайтады-ау деген мезгіл жеткенде, ілбіп үйге қайтады. Оның алаңға келіп жүргенін апама ешкім айтпауға тиіс. Көрші Әндіз апа көріп қойып, бір рет жақсылап ұрысқан. Ырысбек үйде тағы екі күн отырды да, шыдамай, бәрібір келіп алды. Бұл кезде қимылы әжептәуір ширап қалған-ды.

Бәріміздің аузымызда — төменгі ауылдың қақпашысы Ерханның киімі. Олардың капитаны Алмастың шығармайтыны жоқ. Ерханды тура теледидардағыдай киіндірген. Басына қырмандағы егіншілердің каскасын кигізіп, көзіне етжайғыштың торлы темірінен қалқан жасаған. Көзінің тұсын доп-домалақ етіп ойып қойыпты. Тізеқап, шынтаққаптары өз алдына, әскерден осы күзде оралған Нұрбақыт ағаның құрым етігін жылтырата майлап киіп алған. Үстінде — әскери бушлат, қолпылдап тұрған кеңдігіне қарамастан, Ерханды тура қақпашы кейпінде елестетеді. Айылбас белдікті қапсырына буынған Ерхан мына тұрысында 6-сыныптың көп тентегінің бірі емес, нағыз спортшы. Төменгі көшеде өткен алғашқы кездесуде осы Ерхан қақпаға тірі тышқан өткізбей, біздің сайыпқырандардың салын суға кетірген ғой.

Бізде ондай сән-салтанат жоқ. Ешқайсымыздың әскерден жаңа оралған ағамыз және жоқ. Сонда да еңсеміз түсер болмады. Ерлан қандай, екі ауыз сөзбен-ақ сені ердің ерінің қатарына қосып қоя алады. «Олардың Ерханы көзі-басын тұмшалап, тура келген шәйбіден қорқады. Біз өйтпейміз. Жалаң қолмен-ақ ұстаймыз оныңды!» Бізге осы сөзі де дәрі. Бірақ қақпаға ешкімнің тұрғысы жоқ. Өткен жолы 0:4 есебімен ұтылғасын, бір де біреуіміз қайтып беттемей қалғанбыз. Жалпы жеңілген команданың қақпашысы болудан абыройсыз не бар екен дүниеде?

Күтпеген жерден Ырысбек «қақпаға мен тұрамын» деп шықты. «Сен дұрыстап қозғала да алмай жүрсің ғой» дей алмадық ешбіріміз. Көңіліне қарадық. «Қараңдар да тұрыңдар, матч өтетін күні мен құр аттай желіп шыға келемін. Оған әлі екі күн бар, сол екі күнде де үйдің ішінде жаттығамын. Жылы жерге кірсем, баяғыша қимылдай аламын ғой, айтшы, Тынысбек!» Мен бас изедім.

Құдай аузына салды ма, екі күннен кейін Ырысбек ойнақтап шыға келді. Әй, өзі де қайтпастың қайтпасы ғой, екі күн бойы қол-аяғын созғылап, пора-пора терлеп, әбден дайындалды. Біз сабақтан келсек, ол апамның ыстық шайын ішіп, тып-тыныш отырады да, апам мектепке кеткенде қайта қағынады.

Матч Сұлтанәлі ағаның үйінің жанында, Абай көшесінде өтетін болды. Төменгі ауылдықтар өздері ғана келмей, бір топ жанкүйерін ерте келіпті. Олардың қолдарында қиқылдақ-шиқылдақтар жеткілікті екен, ойын басталмай жатып-ақ басымызды әңкі-тәңкі етті. Күн жексенбі болғандықтан ба, колхоз жұмысынан қолы босаған көршілердің бәрі тізіліп алған. Ырысбек өзі ойнайтынымен қоймай, қалай сендіріп, қалай көндіргенін қайдам, апамды да ертіп алыпты. Ырысбектің қақпаға тұрғанын көргенде, апам есінен танып қала жаздады. Көрші Олжабай аға: «Ойнасын, тиме, ойнасын, қимылдағаны өзіне жақсы», — деген соң ғана тынышталды. Олжабай ағаның да буындары ауырады, жақсы біледі ғой ол кісі бұл сырқаттың сырын.

Төменгі ауылдықтар бізді еңсеріп әкетті. Бірінші кезеңде-ақ 4 доп айырмасымен ұтылып тұрдық — 2:6. Ырысбек қақпашы болып жарытар емес, қанша тырысса да, Алмас бастаған қарсыластар еңсе көтертпеді. Баласының бұрқ-бұрқ құлап, қаптаған қалың таяқтың арасынан шәйбіге жанталаса ұмтылып жатқанын көргенде, апам байыз тауып тұра алмай кетті. Бір-екі рет дауыстап ұрсып, Ырысбекті шақырып алмақ та болған. Бірақ қызынып алған Ырысбек қойсын ба, өзінің тілі де қу:

— Намыс, апа, намыс! Өліспей беріспейміз! — деп қояды.

Шынында да, екінші кезеңде Ырысбектің қолы жүрді. Жаңа ғана ауырып тұрды дейтін емес, қимылына көз ілеспейді. Шәйбіні жата қалып, тұра қалып қайтарып, қақпаға дарытпауға тырысты. Бұл кезеңде ол кемі он соққыны қайтарды-ау, бағанағыдан екі есе аз гол жіберді. Ал Ерлан бастаған біздің команда Ерханның қақпасынан сегіз саңылау тапты. Есеп — 10:8, әзірше біздің айдарымыздан жел есіп тұр. Ұрланып апама қараймын, ол кісі Ырысбекке көп қарағыштап тұр, Білісбек екеумізді ұмытып кеткендей. Атан жілік жігіттер қырқысып жатқанда, төртінші сыныпта оқитын мен алаңға анда-санда ғана шығып, шәйбіні бір-екі рет қаққаныма мәзбін.

Үшінші кезең бастала қалғанда, төменгі көшенің шабуылшысы Айдар күтпеген жерден шәйбіні ортадан бір-ақ шиірді. Ешқайсымыз ес жиып үлгермедік, резеңке шәйбі қақпаға бебеулей ұшты. Алаңсыз тұрған Ырысбек сол жаққа сәл бұғып үлгерді. Ырысбек пен шәйбінің бір нүктеде түйіскенін көргенбіз, бірақ не сарт еткен дыбыс шықпады, не Ырысбек ауырсынбады, ал шәйбі — жоқ! Ырысбек қарқылдап күліп жібергенде ғана ес жидық. Қақпашымыз басын сол иығына қысқан күйі құлағын нұсқайды. Ой, ғаламат-ай, шәйбі Ырысбектің қалқиған құлағы мен иығының арасына қыстырылып қалыпты!

Күтпеген осы ерліктен кейін біздің аруағымыз көтерілді, төменгі ауылдықтарды түре жеңіп шықтық. 15:10 — бұдан артық қандай қарымта керек? Ырысбектің мәртебесі асып-ақ қалды. Төменгі көшедегі сыныптасы Заңғарды:

— Сендердің соққыларыңды құлақпен-ақ қағып тастайды дөдең! — деп қыжыртқанын өз құлағыммен бірнеше рет естідім.

Бірақ хоккейіміз аяқ киімнің соры еді. «Жетісу» фабрикасының таза былғарыларын шыдатпайтын болдық. Апама ай сайын аяқ киім алдыру қаншалықты қиын екенін мүлде сезінбеппіз ғой. Апам былшылдап су болған етігімізді кешкісін пеш ығына жайып жатып, бізді бір шықпыртып алатын. Ертеңіне ұлтаны мен тілшігі қоқырайып кеуіп қалған етігіміздің ақжем болған басын қайқайта киіп, мектепке түсіп бара жататын едік.

3

Әй, Жалтеректің көктемі-ай! Жер-дүние түгел жасарып, жайнап, жарқырап кетеді. Өрік пен алма гүлдеген шақтарды айтсаңшы! Жота жақтан керімсал самал есіп, сарайыңды ашады. Тойып алған қозы-лақ көздерін ашып-жұмып, күншуақтап жататын бір ғажап мезгіл!..

Біз мектепке де, ауылға да үйреніп алдық. Оны айтасың, төртеуміз де сынып белсендісіміз. Біз қатыспайтын жарыс, біз қатыспайтын байқау жоқ. Сөйте тұра, ойынды да ұмытпаймыз. Бөлеміз Жандостың таппайтыны бар ма, бір күні жүгіріп барып, қабырғаға аяқ тірей қалып, айналып тебуді үйретеді, бір күні допты үйдің төбесіне лақтырып жіберіп, шатыр сызығымен зымырай төмен түскенде, баспен соғады. Біз де қайталаймыз, қалыспаймыз.

Бүгін Ырысбек сабақтан олжалы оралды. Қолында — орталықта күн сайын Қазақ радиосының ән-күйін шалқытатын дәу дыбыс зорайтқыш. Байланысшы ағалар орталыққа жаңасын қойыпты, ескісін қоқысқа тастамақ болған жерінен Ырысбек сұрап алып кетіпті. Түстен кейін қозыларды жаюымыз керек. Күн ұзарып қалған кез, қойлар өрістен қайтқанша біраз жүре тұруға болады.

Ерлан, Бекұлан, оның інісі Бекжан, Дарқан, Орынбасар, Ернат, оның інісі Мақсат, Ырысбек, Білісбек бәріміз қойын-қоншымызды аралаған самалға елтіп, көзіміз кілгіріп, жота үстінде шуаққа шомылып отырмыз. Ырысбек дыбыс зорайтқышпен бір-екі рет сөйлеп көріп еді, жаңғырығып, ауылды азан-қазан етті. Бір жақсысы, жота үстінен ауыл алақандағыдай көрінеді. Шеткі көшедегі үйлерде кімнің не істеп жатқанын анық байқайсың.

— Тұра тұрыңдар, қазір қызық жасаймын!

Ырысбек дөңестеу жерге шығып, тамағын кенеп алды да:

— Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған — Құлағанжар радиосы! — деді саңқылдап. Құлағанжар — ауылдың батысындағы биік жота. Шеттен келгендер оның биіктігіне қарап, бірден тау дер еді, біз үшін жота ғана. Ертеректе таудың бір беті ағып түсіп, орны үңірейіп қалған. Ел сондықтан да Құлағанжар дейді. Ырысбектің «радиосы» сол, ендеше.

— Жалтерек ауылындағы соңғы жаңалықтарды хабарлаймыз! Бүгін Кәрібай ағаның үйіндегі ақ саулық егіз қозы туды. Дарқан мен Орынбасар оларды ауыздандыра салып, дәл қазір жота үстінде бағып отыр.

Бүгін Ернат қорғасын құймақ болып, үлкен шегені қатты қағып қалғанда, сақасы қақ айырылып түсті. Кешкісін әкесі Дүйсенғали аға соятын қошқардың асығын шикілей алып, сақа жасамақ.

Бүгін Сәрсенбек ата әйгілі қос жиренді суытады. Ертең Оразхан ағаның «Триіне» басып алып, аудандағы бәйгеге жол тартады. Жолдарың болсын, қос жирен! Маңдайларың жарқырап, ауылымыздың атын шығарып, озып оралыңдар, арғымақтар!

Ал енді халықаралық жаңалықтарға ауысамыз. Бүгін мектеп жанындағы интернатқа Ақбастаудан жаңа екі қыз келді. Ерлан кешкісін міндетті түрде барып, олармен танысып қайтуға асығып отыр!

Әй, Ырысбектің де шығармайтыны жоқ қой. Әсіресе соңғы жаңалықты естігенде, ішек-сілеміз қатып, жата кеттік. Сегізіншіде оқитын Ерланның жаңа келген қыздармен танысуға ықыластанып отырғаны рас еді.

Үйге келсек, Ерланның әкесі Жақыш аға ырза. «Сен бе жаңағы жаңалықтарды айтып жүрген? Тоқым тігіп отыр едім, жаңалықтарыңа күлем деп, бірнеше рет қолыма біз тығып алдым ғой» дейді ақтарыла күліп.

Ертеңіне апам ауданға, бастауыш сынып мұғалімдерінің курсына кетті. Үш күн өзімізбен-өзіміз қаламыз. Дариға әпкем мұндайда бізді қия бастырмайды. Сабағымызды тексеріп, жарылып кеткен қолымызды ыстық суға аямай салып, тырналап кірін кетіріп, қаймақ жағып тастайды.

Бәрін қойшы, көк сиыр сауғызбай әуреледі. Апама әбден үйреніп алған ба, маңына жолатар емес. Білісбек аяғын байлап қойып еді, бұйым құрлы көрмеді. Бауырына жабыса кеткен Дариғаны мүйізімен жасқап, құйрығымен сабалап, қуып тастады. Тағы да Ырысбек айла тапты. «Тұра тұрыңдар» деп саусағын шошайтып үйге кіріп кеткені сол еді, апамның орамалын тағып, көк халатын киіп жетіп келіпті. Мұрны қоңқиып, сұры тіпті келісіпті. Міне, қызық, көк сиыр халатты бір-екі иіскеледі де, күйісін қайырып тұра берді. Ырысбектің қолы қолына жұғар емес, гүрп-гүрп сауып, сиырды екінші рет иітіп, жарты шелек сүт алды.

— Дөдең ғой, дөдең! — дейді масаттанып.

Апам ауданнан жүдеп, жасып оралды. Пештің отын түртіп-түртіп қойып, бір мұңды әуенді ыңылдады да отырды. Ештеңе сұрай алмадық. Аяғымыздың ұшымен басып, сабағымызды үн-түнсіз оқып, тамақты да жым-жырт іштік.

— Әкелеріңнің соңғы демі шыққан жерлерді көріп, жүрегім ауырып қайтты...

Біздің де басымыз салбырап кетті. Апыр-ай, ойнап-күліп жүріп, әкем жарықтықты бір рет те есіме алмаппын-ау соңғы кездері... Осыдан сегіз-тоғыз ай бұрын ғана әкемді қатты қуантқаным есіме түсті. Осы Жалтерек пен Ақбастаудың ортасында пионер лагері бар. Сонда маусым айында демалып, Бөгеннің балаларымен бірге аудан орталығына жетіп едім. Одан әрі мені әкемнің қарындасының үйінен Мәкен ағалар Қаражардың бұрылысына дейін апарып тастап, өздері ары кетті. Күн жаз болғандықтан ба, ештеңеден қорыққан жоқпын, «абайла» деген Мәкен ағаға басымды изей салып, жол шетіне тұра қалғанмын. Бағыма қарай, жол жөндеуші КамАЗ-дардың бірі ала кетті, әп-сәтте Қаражарда болдым. Сонда әкем қалай қатты қуанды десеңші! «Ұлым өзі жол тауып келді!» деп мені аспанға лақтырып:

— Жігіт болды деген осы! Анау-мынау емес, КамАЗ-ды тоқтатып келгенін көрмейсің бе?! — деген-ді масаттанып.

Сол кез есіме түсіп, көңілім босап кетті. Әкемді көп қуанта алдым ба екен осы? Мен әр сыныпты үздік бітірген сайын қуанатын. Маңдайымнан иіскейтін. Ә-ә, есіме түсті! Бір күні әкем тау-тау газеттерді ақтарып отырғанда, «барып жат» деген ескертуіне қарамай қағаз шимайлағанмын. Қайдан аузыма түскенін қайдам, дәптер бетіне:

— Сенде бар оқулық,

Менде бар оқулық.

Кел, екеуміз бірігіп,

Ойға білім тоқылық,

— деп бір шумақ өлең жаздым. Таңертең оянсам, әкем жұмысқа шығып бара жатыр екен. Мені төсектен көтеріп алып, маңдайымнан құшырлана иіскеді.

— Әуес, сен не байқадың? — деген сосын апама. — Мына біздің Тынысбек ақын болатын сияқты. Жазған өлеңі тәп-тәуір. Атасы Бөлтіріктің жолын қуып, ақын болса қане!

Қайран әкем! Менің бір өлеңім болса да газет бетіне шыққанын көрмей кетті-ау... Сағынғаным-ай!..

Түпкі үйге ұрланып кіріп, қолыма қағаз-қалам алдым. Шынымды айтсам, сол әкем оқыған тақпақтан басқа өлең жазып көрген емес едім. Қазір қатты жазғым келіп тұр. Жаза бастадым. Әкемді сағынғанымды, қанша сағынсам да оралмайтынын жаздым. Кере қарыс маңдайын, денесін тік ұстап, кең адымдап жүретінін жаздым. Көзімнен тырс-тырс тамған тамшы қағаз бетін айғыздап тастағанда ғана есімді жидым. Жасымды жейдемнің етегіне сүрте салып, айна алдына келдім. Көзім қызарып кетіпті ғой, апама байқатпауым керек!

Екі күннен кейін мектепте поэзия кеші өтті. Ұйымдастырушы Гүлнар апайға өз өлеңімді оқитынымды айтқанымда, ұстазым кәдімгідей таңданып қалды. Қандай өлең екенін сұрады. Көрсеттім. Апайым ұнатты. «Мамаңа айтып па едің? Айтпасаң, тіпті жақсы. Күтпеген сый болсын! Саған ақ жол тілеп, арнайы сөз беремін» деді ол кісі.

Өлеңімді жұрт алдында тақылдап тұрып оқып бергенімде... апам жылады. Өзін қанша ұстауға тырысса да, шыдай алмады. Көрші Күләш тәте маған танабау тағып, қолыма бір сом ұстатты. «Иә, танабауын жуамыз, жуамыз» деді апам сөзіне өксік араластырып.

Арада жарты ай өткенде, «Әкеме арнау» деген алғашқы өлеңім аудандық газетте жарқ ете қалды. Гүлнар апай поэзия кешінің ертеңінде-ақ редакцияға жолдап жіберген екен. «Ақын бала» атанып шыға келгеніме өзім де сене алар емеспін...

4

Дариға оныншы сыныпты тәуір бітіргенмен, оқуға түсе алмады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды қатты армандап еді. Әкем жиып кеткен орыс тіліндегі тау-тау кітаптарды шемішке шаққандай тез оқып та тастаған. Расул Ғамзатовтың «Воспеваю то, что вечно ново» деген өлеңін, Сергей Есениннің «Шаганэ, ты моя Шаганэсін» оқығанда, аузымызды ашып тыңдайтынбыз. Теледидардан түрі қорқынышты, езуі жиылмайтын адам туралы кино беріліп жатқанда: «О-о, мынау Гюгоның «Күлмейтін адамы» ғой!» — деп тани кеткені де есімде. Менің білуімде, әпкеме ҚазПИ-дің есігі айқара ашылып тұруға тиіс еді. Демек, Дариғадан да мықты білетіндер бар болғаны ғой... Әпкемнің үлгісі бізге де әдет болып жұқты. Жатсақ та, тұрсақ та кітапқа жабысатын ауру таптық. Үйдегі әкемнің қазақша кітаптарының бәрін тез тауысып, мектеп кітапханасын да жиі ақтаратын болдық.

Дариға ауылға оралған жоқ. Алғашқы жылы мақта-мата комбинатында жұмыс істеп, келер жазда оқуға тағы тапсырып көрді. Тағы құлады. Бірақ Талғардағы медициналық училищеге түсіп кетті. Оқуын жақсы оқыды. Әр келген сайын бізге Брюс Лидің, Чак Норристің, Сильвестр Сталлоненің суреттерін әкеп беріп, қарық етіп тастайтын.

Үш ұл да ержетіп қалдық. Жайнагүл де оқу озаты. Тек Ырысбектің аяғы жыл сайын көктемде сыр береді. Ауруханада айлап жатқан кездері де болды. Сабағына «төрт» араласты. Бірақ ауруханадан шыққан сайын қоңқайып мұрны ғана қалатын бауырыма ешқашан қайтіп «уралаған» емеспін. Аман болсыншы! Ол ауруханада жатқанда, қатты сағынып кетем. Апам әзірлеген сорпаны алып жеткенше тағатым қалмайды. Бір жақсысы, қалт-құлт етіп, әзер қадам басып жүрсе де, Ырысбектің еңсесі еш түскен емес. «Дөдең жазылады!» дейді көзінде нұр ойнап.

Карта жасырып ойнауға өте шеберміз. Білісбек қайдағы бір жыбырлақ жазуларды жасырып, бәріміздің аузымызды аспанға қаратып кетеді. Көзін аңдимыз. Ол бәлең КСРО-ның солтүстігіне қарап тұрғандай болады да, ешқашан естімеген бір атауды дүңк еткізеді. Апам да бізбен қосыла ойнап кетеді. Ең қызығы, ешкім таба алмаған атауды апам ертеңіне таң атпастан саусағымен нұқып тұрады. Бұл қулығының сырын да біліп алдық. Көрші үйдегі географ Күләш тәте — апамның ауылдасы, әпкелік жақындығы да бар. Біз таңертең тәтті ұйқыны қимай жатқанда, апам Күләш тәтеден сұрап алады екен ғой...

Жетіншіні бітіретін жылғы көктемде апам, Жайнагүл, екі ағам — бәріміз карта жасырып ойнап отырып, аузыма қайдан түскенін қайдам:

— Апа, мен Артекке барайыншы! — дедім. Бүкілодақтық пионер лагері жайлы осының алдында ғана мектептегі ертеңгілікте айтылған, соған қатты әсерленсем керек.

— Жақсы оқысаң, барасың, құлыным! — деді апам.

Міне, қызық! Екі аптадан соң мектебімізге Артектен бір жолдама келіпті! Ауданға екі жолдама берілген екен, біреуі — Шырғанаққа, біреуі — біздің ауылға. Мен бұл кезде озат та белсенді оқушылардың бірі едім. Мектеп директоры Мұхамеджан аға дереу апама айтыпты. Сөйтіп, аяқ астынан арманым орындалып-ақ қалғаны!..

Қайда-ан, құжат жинау дегенің бір қиын жұмыс екен. Талап бойынша, Артекке баратын озат баланың ата-анасы қызметкер емес, жұмысшы болуға тиіс. Оның мәселесі оңай шешілді. Облысқа аттанған құжатқа апам бастауыш сынып мұғалімі емес, мектепте еден жуушы болып тіркеліп кетті. Мұхамеджан ағаның ойлап тапқаны бұл! Енді денсаулық туралы анықтама қалды. Оны аудан орталығындағы ауруханадан алуымыз керек.

Апам екеуміз таң атпай ауданға тартып кеттік. Тау-тасты аралаған жолдарды қуалап, сары «Пазик» ышқынып келеді. Адам көп, күн болса ыстық. Апам екеумізге де орын бұйырмады. Мен алда, күркіреген мотор үстін жапқан темірде отырмын. Апам артқы жақта тікесінен тік тұр, маған дұрыс көрінбейді. Автобус әйгілі Қайқының асуына мықшыңдай көтеріле бастады. Түсіп алып, жаяу адымдап отырсаң да, автобустан озып кететіндейсің. Бір-екі рет суы да қайнады. «Енді бір шіренсек, ұлан таудың басына шыға келеміз» деп қиялданып отыр едім, арттағылар даурығып кетті. «Тоқтат, тоқтат, Әуес тәтенің басы айналып кетті» дегенді құлағым шалды. Ортаға ыршып түсіп, кимелей ұмтылдым. Автобус кілт тоқтады. Апамның жүзін қара тер жуып кеткен, алға әзер аттап келеді екен. Есіктен екі-үш кісі сүйемелдеп түсірді. Бір әйел аузына су толтырып алып, кеудесіне бүркіп жіберген соң ғана апам ептеп ес жиды. Ауа жетпегендей, аузын тамсап біраз отырды. Автобус та асықпай күтті. Бөгенге жеткенде:

— Апа, ауырып қалады екенсіз ғой, мен онда Артекке бармай-ақ қояйын, — дедім тұнжырап.

— Бармағаны несі? Мен тірі тұрғанда, ештеңеден де қалмайсың, ешкімнен де кем болмайсың! — Апам жаңа ғана өзінің жүрегі қысылып, талып қала жаздағанын ұмытып кетіпті. Қолымнан жетелеп жүріп, денсаулығым туралы анықтаманы уақытында толтырып үлгерді.

— Балам, Артектен ауылға соңғы хатыңды орысша жаз, — деді апам мені Алматы әуежайынан шығарып салып тұрып. — Суға түспе. Теңіз түгілі, көл көрмеген баласың, батып кетіп, сорың сопақ астау болмасын. Сен аман-есен келгенше жанымды шүберекке түйгенім — түйген.

Орыс-қазағы аралас өзім сияқты отыз үш баламен бірге он екі жылдық өмірімдегі ең алыс сапарға осы аманатпен аттанып кетіп едім...

...Артек маған қатты ұнады. Алмазная деген дружинаға, оның оныншы тобына бөліндім. Үш Наташа, екі Люда, Арман, Паша, Саша, Виталик, Умберто, Валералардың ортасында өткен күндер естен кетер ме? Апамның «суға түспе» дегенін келген күні-ақ ұмыттым. Топтағы тәрбиеші, ұзынсирақ Костяның арқасына мініп алып, қайқаңдай жүзіп жүргенде, апам туралы мүлде ойламағанымды несіне жасырайын? Екі аптада өзім де жүзуді үйреніп қалдым. Әрине, Балтық бойында өскен Антонға жету қайда, сонда да өзіміздің Сарыкөлмектің итбалығынша сүңгуге жарағаным рас еді. Ауылға төрт хат жаздым, төртеуінде де «Қара теңізге күнде шомыламыз» деген сөз бар. Апатайым-ай, осы сөздеріммен сіздің онсыз да әлсіз жүрегіңізді неше рет тілгіледім екен? Ауылдан хат келгенде, апамның тікірейте жазған, әрбір әрпі ерекше жазуын көргенде есім кете қуанатынмын.

Уәде бойынша, төртінші хатымды орысша жаздым. Сол хат осы күнге дейін өзімде бар еді, қай дәптерімнің арасында қалды екен?

Симферополь — Краснодар — Қостанай — Алматы бағытындағы ұшақпен келіп қона қалғанымызда, Алматы өртеніп тұр екен. Балалардың бәрі ата-анасымен қозыша табысып, мәз-мәйрем. Апамды көзіммен іздеп мен тұрмын. О-о, мынау Жайнагүл ғой! Жаман қыздың бойы өсіп қалған ба, қолындағы сірә маған арналған гүлін лақтыра салып, құшағыма келіп сүңгіп кетті. Апам да құшағын жая ұмтылып келеді екен, «Апа!» деп үлгердім. Мауқымды баса алар емеспін.

Алматыда көп аялдамай, ертеңіне-ақ ауылға тартып кеттік. Көзіме таныс өлкенің тау-тасына қарап отырып, неге екені белгісіз: «Мен бұл жерлерді қайта көреді екенмін, ә», — деп ойлағаным да есімде. Апам, өзі айтпақшы, менің күн иісі сіңген басымды жол бойы қайта-қайта иіскеп келді...

5

Осы тарғыл сиырдың әлегі-ай!.. Тура танкі! Әндіз апаның қашасын быт-шыт қиратып, шөпке кіргенімен қоймай, сүзгілеп, шашып тастағанын қарашы!.. Көктем шыққалы тіпті еркінсіді, желіндеп тұрса да, өзің іздеп таппасаң, өмірі үйге келген емес. Жақында бұзаулады. «Өлермен әдетін қоятын шығар» деп едік, қайда-а-а, міне, тағы жоқ. Баданың алдынан шығу да бекер, тарғыл көкке сіңгендей ғайып болып кетеді.

— Е-е, сенің данышпан сиырың ауылға екі кезең қалғанда қашып кеткен, — дейді бадашы Әтеке аға. Апыр-ай, жаңа туған бұзау өлді ғой үйде. Бағана бададан басым салбырап бос оралғанымда-ақ апамның қабақтары әдеттегіден гөрі қалыңдап, жүрісі ширай бастағанын байқағанмын. Апам тез-тез жүрді дегенше, бүкіл шалалықтан бой тартып, әскерше сымдай тартыла қалу қажет. Айтқанын екі еткізбеген ләзім. Әйтпесе... әй, қойшы, шапалағы әлі ащы.

— Мына бұзау ішегін тартып-тартып өлер болды. Кәне, үшеуің де тұр да, тарғыл сиырды тауып кел!

Жаппарқұлда жан бар ма, күпәйкемізді іле салып, жоқ қарауға шығып кеттік.

— Бір жаққа үймелемей, әрқайсың әр жақтан қара!

Үйден шыққанда үш жаққа беттеп кеткен біз бақшаның етек жағында қайта тоқайластық. Түн тастай қараңғы. Үй жақтан аш бұзаудың ішін тарта, өлімсірей мөңірегені құлаққа келеді.

— Қалың киініп шықтыңдар ма? — дейді Білісбек.

Ойын ұғудың еш қиындығы жоқ. Үш ағайынды мамыражай мамыр түнінде сиыр іздеп несіне әуре болайық, бақша түбіндегі көк майсаға құлай кеттік. Сәл жаурасақ, бір-бірімізге тығыла кетіп, жылынып аламыз.

— Сен қу бағана суға кеткенде сонша жоғалғаның не? «Су сыздықтап ағып тұр» деп, Құдай біледі, басқа жаққа барып келдің ғой деймін, а? — Ырысбектің бұл сұрағынан Білісбек жалтара алмай қалды. Әдетінше аузын тұмшалап, мырс етіп күліп алып:

— Мұхит екеуміз арғы көшеге барып келдік, — деді.

— Құлпынайға ма? — Тыз еткіздім әдейі. Құлпынай — тәртібі де, бәдені де нашарлау, еркекшора қыз. Екі бетінің қызылы ешқашан тарқамайтындықтан, ауылдың бәрі осындай ат қойып алған.

Білісбек ең аяулы нәрсесіне кенет күйе жағылғандай, қиналып қалды. Сөзге келген жоқ, арқамнан дүңк еткізді, былқ етпедім. Күпәйкем қалың ғой.

— Құлпынайыңмен өзің-ақ дос бол! Біздікі — басқа-а-а! — деді маңызданып.

— Білем оның кім екенін! — Ырысбек білмесе, жер осы қазір жарылып кетпес пе? — Географ қой!

Білісбек сұқ саусағын мұрнына тақай қойды. Мен байқамасын дегендегісі. Географы кім болды екен, ә?

— Айтшы! — дедім тағатсызданып.

— Айтпа! Айтсаң, таяқ жейсің! — Білісбек Ырысбекке доқ көрсетіп жатыр.

— Анау бар ғой, анау ше...

— Кі-ім?

— Анау ше!.. Арғы көшеде бар ғой. Жақында ше, бізбен бірге аудандық олимпиадаға барып келген ше?!

Жымыңдап жатқан Білісбек іс аяғы бұлай өріс алатынын күтпесе керек, «е-е-ей» деп тоқтата бергенше-ақ:

— Арна ғой! — деп сарт еткіздім. Иә, дәл өзі. Сол! Жақында Бөгенге олимпиадаға бірге барғанбыз, ол географиядан қатысқан.

Білісбек Ырысбекті мытып-мытып алды. Мен болсам:

— Несі бар, жаман жеңге болмайды! — деп көсемсідім.

Қанша уақыт жатқанымыз есімізде жоқ, бір кезде Ырысбек құлағын тоса қалып:

— Тарғылекең келе жатыр! — деді шаттана дауыстап. Танып тұрмыз, тоқалдың өзі. Қасиетсіз неме ауылды басына көтере озандап келе жатыр. Бұзауы енді есіне түскен ғой, желіні әбден сыздағанда. Өй, ұят жоқ!.. Оны уақтылы таппаған бізде ұяттың бар-жоғын қайдам, алдынан күтіп алдық та, әзер тапқан адамның қалпында үйге кірдік. Сағат түнгі он екіден ауып кетіпті. Апам есікті ілмей жатыпты. Ашыққан бұзауды тойдырып алып, Ырысбек екеуміз сиырдың екі жағына отыра қалып, сауып жібердік. Мінезі қанша шатақ болса да, тарғыл сиыр еркін саудырады, төрт мамасына төрт қол жабысып жатса да, бұзауын тілімен сылай еркелетіп, тұра береді.

Білісбектің ұйқысы өмірі қанбайды. Әскерге барса қайтер екен? Апамның сабаққа түсте кететіні үшеумізге жақсы. Қарынды да тойдырамыз, ұйқыны да қандырамыз, ойынды да қатырамыз. Апам сабақтан келетін мезгіл жақындағанда ғана жанталасып, шаруаны өтіріктен-өтірік тындыра саламыз. Шала біткен тірлікте қандай береке болсын, шикілігіміз апта өтпей-ақ белгілі болып, тиісті сыбағамыздан құр қалған кезіміз жоқ.

Апам да қызық. Біз сабақтан сүйретіліп үйге қайтып келе жатқанда, Жайнагүл екеуі қарсы алдымыздан жолығады. Дереу оңашалап алып, күнде істейтін шаруаны қайта тапсырады. Сыныптас қыздардан осынысы үшін әжептәуір ұяламыз, бірақ апам біле тұра, бізді ұялсын деп әдейі істейтін болса керек.

Бәрі де қат заман. Бірақ апам бізді ешқашан тамақтан тарықтырған емес. Қағаз қапты макароннан бірнешеу, бір қап күріш, бір қап шекер үзілмейді. Жақында тамаққа сындырып қосатын спагеттиден бір қап әкеліп қойды. Әттең, тосаптарын түпкі үйге тығып, есікті құлыптап кететіні жаман. Бірақ бізден айла артылсын ба, түпкі үйдегі терезенің көзін алып тастап, апамның тәтті патшалығына бірнеше рет тұтқиылдан шабуылдағанбыз. Дегенмен бұл тәсілді жиі қолдана беруге болмайды, апам біліп қалмауға тиіс. Сондықтан да күнде түсте ет турамай, май мен пиязды аз ғана қосып, біресе спагетти, біресе макарон қуырамыз. Қарын тоқ. Далада мөңіреп — бұзау, маңырап қозы ол тұр. Есіктің алды сыпырылмай ол жатыр. Сонда кімге сенеміз десеңші!..

Білісбек күнде бір ойын ойлап табады. Мынасы тіпті қызық. Кітап шкафының қарсысындағы төсекке жатып алып:

— Осы жерден бір кітаптың атын өзгертіп, түрлендіріп жасырамын. Тапқан адам өзі жасырады, — деді.

— Қалай сонда?

— Қазір көресің. — Білісбек ыңылдап отырып-отырып, көзін сығырайтты ма-ау, бақырайтты ма-ау, бір кезде:

— Елтай Аузынановтың кітабын табыңдар! — деп салды.

Ол кім болды екен? Үйдегі кітаптардың бәрін «беске» білемін ғой, бірақ дәл осындай автордың атын естісем, керең бола қалайын. Байқаймын, Ырысбек те дағдарып тұр. Әрі іздедік, бері іздедік, таба алмадық. Білісбек жымың-жымың етеді. «Таба алмадыңдар ғой, өзім айта салайын», «өй, мыналар озатпыз дейді, ең қарапайым кітапты білмейді ғой» деп қайрайды келіп.

Жоқ, таба алмадық. Тура он бес минут іздеппіз.

— «Ел аузынан» деген кітап қой көз алдарыңда тұрған!

Ө-өй, сен де... Ырысбек екеуміз қызарақтап қалдық. Шынында да, қалай ойламағанбыз-ей!.. Ішіндегі шешендік сөздерді күнде жаттап, күнде «бес» алуға көмектесіп жүрген кітап емес пе?

— Келесі кітап... Ке-ле-сі кі-таааап... «Әли, оны ұқ» деген кітапты табыңдар енді.

— Ондай кітап болушы ма еді-ей!

— Бар, бар, дұрыстап қараңдар.

Бүкіл шкафты сүзе қарап шықтық, ұшты-күйлі жоқ. Мойындамасқа шарамыз қалмады.

— Леоновтың кітабы ғой, ақымақтар!

— Оны қалай «Әли, оны ұқ» деп жасырасың, тіпті ұйқаспайды ғой.

— Қалайша ұйқаспайды?! Қазақша оны Леонов деп нәшіне келтіріп оқып тұрмайсыңдар ғой, Лионып дей саласыңдар. Міне, осыдан шығарып алуға болады.

Білісбектің мейманасы тасыды-ақ. Ақыры кезек бермейтініне көзіміз жеткесін, қиылып сұрап алдық. Жасыру жағын біз де қатырады екенбіз, әп-сәтте «Ұят қой-ей» (Низами. «Пять поэм»), «Мұрны бар» (Моруа), «Бұзық неме» («Қызыл жебе») деген жаңа кітаптар ойлап таптық.

«Әңгіме бұзау емізер» деген осы енді... Терезеден қарай қалған Ырысбектің көзі шарасынан шығып кете жаздады.

— Апам! Жасыл үйдің жанынан көрінді!

Жасыл үйдің тұсына келсе, апам үйге енді үш минуттан кейін келіп кіреді деген сөз! Енді қайттік? Ырысбек пен Білісбек сыртқа ата жөнелді. Әне, Білісбек тананы бұйдасынан ағытып, қаша сыртына қуып шықты. Күректі ала салып, ашық қорадағы сиыр жапасын жандәрмен қырып жатыр. Ырысбек қозылардың ортасына бір бау шөпті апарып шаша салды. Мен ше? Мен қарап тұрайын ба, өзіміз былғаған ыдыстарды шала-шарпы жуған болып, дастарқан үстін тазартуға көштім. Бағана спагетти қуырғанда, қазанның түбін қырып, майын нан батырып отырып соғып алғанымыз абырой болғаны-ай... Жылы су құйып, бір-екі шайғанымда-ақ айнадай жарқырай кетті.

Апам үйге таяп қалды. Қасында көрші мұғалімдер Рәш тәте мен Әмина тәте бар. Қызу әңгіме айтып келеді. Шаршағандары көрініп тұр, асықпай адымдайды. Біздің үйдің тұсына келгенде үш мұғалім үш жаққа бөлінуге тиіс. Дастарқан үстін сүртіп болып, жозыны тіктеп тұрғызып тұрып та, көзімді терезеден алмаймын. Масқара-ай, еденді сыпырып, сүртіп үлгермеймін ғой... Екі ағамның да жағдайы мәз емес. Ырысбек қолына сыпырғы алып, есіктің алдын құлаштай сыпырып кетіпті, Білісбек артқы үй жақтан екі шелек су көтеріп келе жатыр.

Үш мұғалім тұра қалып сөйлесті. Тағы біраз тұра тұрса екен. Еденге суды шашып-шашып жіберіп, айғыздап сүртуге кірісіп кеттім. Шекем тершіп шыға келіпті. Апам тәтелермен қоштасып, үйге беттеді. Қашаға енді жете бергенінде, Рәш тәтенің есіне бірдеңе түсіп кетті білем, дауыстап тоқтатты. Үшеуі тұрған жерлерінде бір-біріне естілетіндей ғып тағы сөйлесе бастады. Айналайын Рәш тәтем-ай, әңгімеңіздің бітпей қалғаны қандай ғажап болды! Мен де үйді тазалап біттім, Білісбек те суды үйге кіргізіп үлгерді, Ырысбек те қоқысты зембілге салып, дырылдата сүйреп барады. Па, шіркін, қызу еңбек майданы!

Ақыры үш мұғалімнің сөзі бітті-ау! У-уһ! Жан қалды бұл жолы! «Апа, газға шай қойып қойдым, өзіңіз өшіре салыңыз. Мен сиырдың алдынан шығайын» дедім ерекше салтанатпен. Ырысбек қолына шыбық алып, қойларды кезектен бөліп алуға беттеді. Құдықтың басынан өзі су ішіп қайтқан тананы Білісбек қайта байлап жатыр...

6

Білісбек те алғашқы жылы оқуға түсе алмады. Үлкен сыныптарда сабағы кілт нашарлап кетіп еді. Өзінің білмейтіні жоқ, бірақ дүрмекке ілесіп кетті-ау, сірә... Ауылға келіп, сиыр фермасында шөп турағыш болып істеді. Күнде таңертең көзін тырнап ашып, жұмысқа кетеді. Кешкісін шаршап-талып, әзер жетеді. Келесі жылы Білісбек Талғардағы техникумға түсті. Апам оның артынан бір-екі рет барып қайтты. Жатақхана жоқ болғандықтан, курстастарымен бірге пәтер жалдап тұрып жатыр.

Бұл бір қиын уақыт еді. Бәрі қат. Апамның нені қалай жеткізіп жүргенін білмеймін, бірақ сол кезде біздің, біздің ғана емес-ау, бүкіл ауылдың балаларының киіміне қараған адам жағдайды бірден түсінер еді. Қытайдың арзан, сапасыз дүниелерін үстімізге іліп жүре беретінбіз. Жаркенттен қытай базары ашылғаны тіпті жақсы болды. «Монтана» делінетін спорттық киімнің кеуде тұсында қанатын кең жайған қыран бейнесі тұратын еді. Бірте-бірте қыран — торғайға, торғай адам түсінбейтін бірдеңеге айналып кетті. Көзінің орны ойылған, бір қанаты бір қанатынан қысқа, денесі не рабайсыз семіз, не рабайсыз арық бір жаратылыс бейнеленетін. Оған қарап жатқан ешкім жоқ, ойға да, қойға да, тойға да соны киіп жүре беретін.

Ә-әй, аяқ киімнің азабын тартқанымыз-ай! Сырты жып-жылтыр, қарасаң көз ұялатын туфлилер екі күнге жетпей ырсиып қалады. Басқасын қойшы, кешіп өтсең, қияқ екеш қияқ шөп те сыртқы қабатын тіліп түседі. Бұрынғыдай доп тебу деген арман болды. Шіреніп бір тепсең, табаның дереу жалтырап, айға сәлем беріп тұрғаныңды өзің аңғармайсың.

Сабағымызды дайындап бітіп, Ырысбек, Жайнагүл үшеуміз «Қала-қала» ойнаймыз. Парақты бірнеше бөлікке — адам аты, жануар, зат, қала, киім, көлік деп бөлеміз де, әрбір әріп бойынша толтырамыз. Бірінші тапқанымыз «Стоп!» деп белгі берген сәтте бәріміз тоқтауымыз керек. Бізден кішірек болғасын, Жайнагүлге жеңілдік бар — ол кейбір атауларды орысша да жаза береді. Г әрпінен жануар таппаса, «гусь» дей салады мысалы.

Менің бірмойындығым қырық есекке жүк. Айтқанымнан қайтпаймын. Әсіресе, өзім қисындатып жіберген атаулардың дұрыстығын дәлелдеуге келгенде өлерменмін. Қ әрпін бірінші толтырып болып, «Сто-оп!» деймін қоқиланып. Ырысбек пен Жайнагүл аң-таң. Олардың көлік атауынан қиналып отырғанын «беске» білем. Сондықтан да өзім тапқандарды нәшіне келтіре тізбелеймін. Қанат! Қабылан! Қайшы! Қостанай! Қапсырма! Бұл сұрақтардан ағам мен қарындасымның мүдірмейтіні аян. Көлік атауына келгенде сәл аялдап тұрып:

— Қыты-қыты! — деймін.

Ырысбек ішін басып, отырған орнында құлай кетті. Жайнагүлдің көзі шарасынан шығып кетіпті. Апам да мәз.

— Ей, суайт, ондай көлік жоқ-ей! — деді ақыры Ырысбек өзін-өзі әзер тоқтатып.

— Е, неге жоқ, бар! Анау Өмірбек аға мініп жүрген тракторды бүкіл ауыл «Қыты-қыты» демей ме?! Кәдімгі қорабы алдына қараған кішкентай қызыл тракторды!

— Деуін дейді ғой, бірақ оның атауы ондай емес.

— Қандай екенінде шаруам жоқ, бірақ біз көзімізді ашқалы «Қыты-қыты» дейміз ғой! Өтірік деші ал!

— Иә-иә, шын. Бірақ біз бұл ойында әрбір нәрсенің шынайы атауын жазуымыз керек қой.

— Ойын басталғанда осындай талап қойдың ба? Жолшыбай заң шығара берсе, несі ойын оның?! Тапқан — тапқандікі, ешкі баққандікі!

Бой берер емеспін. Апам арамызға түсті.

— Қисықбасымның айтып отырғаны дұрыс. Бұл ойында білік қана емес, қиял да керек!

Сонымен, қ әрпінде мен мықты болдым! Алты атаудан алты ұпай алдым! Д-да тағы қатырдым. Киім атауын Ырысбек пен Жайнагүл де «джинсы» деп жазыпты. Ойын талабы бойынша, екі адам бір атауды бірдей жазса, сызып тастауға тиіс. Ұпай жоқ. Мен болсам:

— Дермантин бәтіңке! — деп қойып қалдым.

— Мынауың енді тіпті ұят! Ондай бәтіңке болушы ма еді?

— Әй, Ырысбек, қазір аяғыңа киіп жүргенің дермантин емес, таза былғары ма сонда?!

— Саған дауа жоқ екен! — деді Ырысбек.

«Қала-қала» ойынында жеңіс сыйлаған дермантин бәтіңкемен республикалық олимпиадаға барып, жеңіспен оралатынымды ол кезде қайдан білейін...

Тоғызыншы сыныпта қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық олимпиадада бірінші болдым. Облыстан — үшінші орын. Оныншы сыныпта екеуінен де мықты шықтым. Облысқа өзімді қатты қамшылап барғанмын, жолым болды. Мен жазған шығарманы Арнұр ұстаз олимпиаданың қорытынды кешінде барша жұртқа оқып беріп, үлгі етті. Төбем көкке жетті. Үйге келгесін, республикалық сынға жатпай-тұрмай дайындалдым. Гүлнар апайым сәбилі болып, үйінде отырған еді. Мені үйінде дайындады. Бөпесін емізе салып, кемі екі-үш сағат алдымен қазақ тілінен, сосын қазақ әдебиетінен тәптіштей түсіндіретін. Ұстазымның осы еңбегін де ақтауға тиіспін.

Күтпеген жерден мойныма сыздауық қаптады. Келмей қойған көктемнің суығы тиді ме, білмеймін. Мойным бұрылмайды. Сонда да сабақтан қалмаймын. Бір күн қалсам, барша дүниенің қызығынан ада болардай тікірейіп алып, мектепке тартамын. Атымды атаған адамға бүкіл денеммен бұрыламын. Бірақ кешкісін қатты сыздайды-ай!.. Жанымды көзіме көрсетеді. Апам шыдай алмай, мақта басып тұрып сығып-сығып қалады. Одан да дауа аз. Ойбайым күшеймесе, азаймайды.

Сондай ем-дом жасап отырған күннің бірінде үйге Серік аға кіріп келді. Өзі аудан орталығында тұрады, біздің көрші үйдің туысы. Ептеп бақсылығы да бар. Кірген бетте:

— Тәтетай-ау, не істеп отырсыз? Бұл баланың маңдайы жарқырап тұр ғой! Озғалы тұр ғой! Қинамасаңызшы жанын! Тіл болған балаңызға, тіл болған. Жақсылап аштатыңыз, сол жетеді, — деді менімен бірге қиналып. Кіргені қанша тез болса, шыққаны да сонша жылдам болды.

Ертеңіне күн шықпай тұрып, апам мені көрші Ақан апаға аштатты. Ақан апа үйіне жеткенше есінеп барып, біраз уақыт тырп етпей ұйықтап қалғанға ұқсайды.

Міне, енді «республикалық олимпиада, қайдасың?» деп Жезқазғанға тартып келеміз. Күртілік Ермек оқыптуған ба деймін, қандай сұрақ қойсаң да мүдірмейді. Ол — тоғызыншы сынып бойынша, мен — оныншы, Алтынгүл он бірінші сыныптан Алматы облысының намысын қорғамақпыз. Киімім қораштау. Аяқ киімім тіпті қызық, дермантин кроссовка. Басқа ештеңе табылмады, шынымды айтайын. Апамның шамасы жеткені сол болды. Бірақ оны елеп жатқан мен жоқ. Жолақ шалбарымның балағын аяқ киімімнің қонышына айналдыра тықпыштап, алып-ұшып келемін. Жарық стансасында сегіз сағат басқа пойыз күткеніміз болмаса, Жезқазғанға жақсы жеттік. Орын табылмай, плацкарт вагонның жүк қоятын үшінші текшесіне жатып барғанымыз болмаса...

Жарысқа келгендердің сипатын көріп, әуелі шошыдым. Әдемі киінген әдемі бозбалалар мен қыздар. Өзімді олардың арасында жүруге лайықсыз сезінген сәттерім де болды. Бірақ тез ширықтым. Қорқатын түгі де жоқ!

Ермек екеуміздің маңдайымыз жарқырады. Ол — өз тұстастарынан, мен өз тұстастарымнан озып шықтық. Алтынгүл ынталандыру сыйлығын иеленді. Алатауымыздың баурайына алкеуде көңілмен жеттік. Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына тоқтап, жатақханасында қалған заттарымызды алдық та, тарқай бастадық. Есіктен шыға берсем, апам жүгіріп келе жатыр екен. Ауылда шыдап жата алмаған ғой қайран анам!

— Тыныстай, не болдың, қалың қалай? — дейді алқына дауыстап.

— Апа, бір! — деймін саусағымды шошайтып.

— Бірі несі, бірінші орын алдың ба?

— Иә, апа, бірінші орын!

Өзімнің сонша ұстамдылық танытып тұрғаныма қайранмын. Апам бас-көзіме қарамай, өбе жөнелді. Құшағына кіре түсіп, күн иісті басымды иіскете бердім, иіскете бердім.

Апам екеуміз бірден Талғарға тарттық. Білісбектің халін біле кетпекпіз. Ағам сабағында екен, біраз күтуге тура келді. Студенттер тұрған пәтерде не береке болсын, әскери стақандарға шайды әзер суытып іштік. Білісбектің мойны жуандап, нағыз жігіт болып қалыпты.

— Өй, сен мықты екенсің ғой! — деді маған шын разы болып. Сосын үсті-басыма, қыры әбден кетіп, дөңгеленіп қалған жолақ шалбарыма, есіктің көзінде ырсиып жатқан дәу кроссовкама қарап алып:

— Мына киімдермен бардың ба? — деді сеніңкіремей.

— Иә.

Бірдеңе дегісі келіп тұрды да, апамнан жасқанды.

— Ең құрығанда, шалбарыңды үтіктеп кимейсің бе? — деді сосын міңгірлеп.

7

Дариға жиырма жасында тұрмысқа шығып кетті. Білісбек оқуының екінші жылын тәмамдап, әскерге кетті. Әуелі Мәскеу түбіндегі Подольск қаласында алты ай оқыды, сосын тәуелсіз елдің жауынгері ретінде Сарышағанда борышын өтеді. Ырысбек Есіктегі педколледжге түсті. Әй, өнер институтында оқитын-ақ жігіт еді, тәуекел жасап көрмеді ғой. Бірінші курста оқып жүр. Бойы әлі кішкентай. Студенттік өмірін жыр ғып айтса, таңды таңға ұратын дастандай. Менің аузымның суы құриды.

— Өткенде, қар жаңадан түскенде ше, — дейді езуі жиылмай, — Шәкен, Әділ үшеуміз жорыққа шықтық. Қас қарайғанда Әділді сыртқа шығарып жібердік. Қарнымыз аш. Жорыққа шықпасақ та өлмейміз, жатақтағы санаулы жігіт болғасын, қыздар ас-суларынан бізді қалдырған емес. Жігіттік намысымыз қайдан ойнай қалғанын қайдам, өзіміз ет асып жегіміз келді. Көздегеніміз — балконында ет жаюлы тұрған Жанардың бөлмесі. Бүгін олар қалаға кетіпті, бөлмелерінде ешкім жоқ. Бұл кезде балконнан-балконға ортекедей орғуды үйреніп алғанбыз. Тор қалтаға оралған етті шешіп алып, төменге лақтырғанымыз сол еді, жатақтың есігі ашылып, күзетші қақырынып-түкірініп сыртқа беттеді. Төменде етті қақшып алмақ болып тұрған Әділ зым-зия жоқ болды, біз де демімізді ішімізге тартып, тұрған жерімізде қаттық та қалдық. Күзетші ештеңеден секемденген жоқ, бірден училище ауласынан шығып кетті. Төменде иттер ырылдайды. Қараса-ақ... қаңғыбас иттер тордың дала-даласын шығарыпты, етке таласып жатыр. Сөйтіп, ұрлық бізге жақпады, дереу тыйылдық.

— Өй, ақымақтар, өздерің-ақ жеңіл-желпі бірдеңе жасап жей бермейсіңдер ме? — деймін олардың теріс әрекетін ұнатпай.

— Ой, Тыныс, келесі жылы студент боласың, сол кезде бәрін өзің түсінесің. — Ырысбек осыны айтып, жеңіл күрсінеді.

Қар демекші, ертең қойдың кезегі. Біздің ауылға қар қазан айын орталамай-ақ жауа береді. Қой тебіндеп жайыла беретіндіктен, қар әбден қалыңдағанша, Дегерес, Бел жаққа алып кетеміз. Бақыт ағаның қасқа дөненін сұрап қойдым. Арқасы жауыр дейді, сонша қинамаймын да.

Абырой болғанда, күн ашық. Қойлар да жайылатын жерді жақсы біліп алған, артынан ілбіп еріп отырсаң болды. Қасқа дөненнің тізгінін қоя беріп, көзімді қарықтырған қарға сығырая қарап, ой жетегінде келемін. Болашағым қалай болар екен? Университетке түсе алар ма екенмін? Биылдан бастап тест деген жаңалық шықты, неше балл жинай аламын? Шынымды айтсам, осы ойымнан өзім қатты қорқамын. Алдымдағы бір әпкем, екі ағам жоғары оқу орнына түсе алған жоқ, мен қайтемін? Егер университетке, онда да ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсе алмасам, «спорт журналисі болсам» деген арманымның күлі көкке ұшады ғой...

Шіркі-ін, университетке түсіп кетсем ғой... Оқығанның көкесін көрсетер едім. Бірақ ҚазМУ-да оқыған қиын шығар, а... Біздің ауылдан онда Қымбат пен Айнұр ғана оқиды. Солар қысқы каникулға келгенде сұрап көрмесем...

Таңертең ауылдан шыққанымда, әрбір үйдің үлкені өз қойларын қатты табыстаған. «Тынысбек, әнебір тоқтым ілесе алмай қалуы мүмкін, қарайлай жүрші», «мына кәрі қойды бүгін-ертең соямыз, өрісте қалып қоймасыншы», «шидің түбіне жатып қалатындары да болады, абайла» деген өтініш-ақылдарды қалқиған құлағыма құйып алып-ақ шыққанмын.

Иә, ауылдағылардың табыстайтын да жөні бар. Біздің колхоз Қазақстанда ең бірінші болып тарады. Бұрын байлығы асып-тасып жататын шаруашылық айналасы екі айдың ішінде жоқ болды. Колхоз мүшелеріне еңбегіне қарай үлес малмен берілді. Аз күнде бұрын қорасынан қой маңырамайтын үйлер кем дегенде қырық-елу ұсаққа, екі-үш ірі қара, бір-екі жылқыға ие болып шыға келді. Мұғалімдерге, кеңсе қызметкерлеріне үлес ең соңынан тиді. Апама — он бес тоқты, бір бұзау, Білісбектің колхоздағы бір жылы үшін екі тоқты жазылыпты. Колхоз тарайтын болғасын, соңғы жылы қойшылар мүлде қызықпаған сияқты, бізге бұйырған тоқтылар қозыдай-ақ. Жүндері қампайып тұрғаны болмаса, бәрін түртсең құлап тұр. Әлсіз. Мен қайдан білейін, алғашқы күні он жеті тоқтыны отардан бөліп әкеліп, шөп қораға кіргізе салғанмын. «Аш немелер бір тойсын» деп аяған түрім. Апам осы әрекетімді қатты сөкті. «Мал көрмеген байғұс қуалап жүріп өлтіреді» дегеннің керін келтірдің, жегені аш өзегіне түсіп, қырылады енді» деген күдігі ертеңіне-ақ расқа шықты. Таңертең тұрсақ, қорада үшеуі теңкиіп өліп жатыр, екеуінің тұруға әлі жоқ.

Иә, ұмытқан жоқпын, тоқсан үшінші жылдың қысында біздің ауыл қой қырудан рекорд жасады. Әрбір үйдің ауласында жоқ дегенде төрт-бес қой өлігін көретініңізге бәс тігейін. Біздің тоқтылардың үшеуі ғана мал қатарына қосылды. Көктемге қарай ауылдың әкімшілігі арнайы көлік бөліп, өліктердің бәрін ауыл сыртына апарып көмді. Тау болып үйіліп жатқан бақытсыз тоқтыларға қарау соншалықты жиіркенішті еді.

Ауыл адамдары да қызық қой, аман қалған малдың есін сәл кіргізіп алғасын, көр-жерге айырбастай бастады. Екі бөтелке таза араққа бір тоқты оп-оңай алмастырыла беретін. Қытайы бәтіңкелердің сәл шыдамдысына да тоқты байқұс пұл есебінде еді. Жегіштер жеді, нақ алданған біздің ауылдың ақкөңіл тұрғындары болды.

Менің бағып жүргенім — сол колхоз тарау «қырғынынан» аман-қалғандар. Обалы не керек, ешбірі шашау шықпай, пырдай болып жатты да қойды. Айналайын Дегерес от қой, қардың астына тұмсығын тығып жіберген қойлар бас көтермей, аузын шөптен алмаған күйі барқырай маңырайды. Қасқа дөненнің тізгінін қоя беріп, шайымды асықпай ұрттап, мен де қиялға еркін берілдім.

Кешкі төрттер шамасында отар басын ауылға бұрдым. Бестен өте-ақ қараңғылық тұмшалап алады, сондықтан бұдан кешіктіруге болмайды. Жолға түскен қой ауылды бетке алып, асықпай шұбырды. Артыма қарайлай-қарайлай ұзай бергенім сол еді, ши түбінде құнжыңдап көтеріле алмай жатқан тоқтыны көзім шалып қалды. Бағана Нұрқадыр ата табыстаған тоқты ғой, көргенім қандай абырой болды! Таяп келіп, ат үстінен жұлып алдым. Қасқа дөненнің жауырына ер батып кетті, сірә, қайқаң етіп барып түзелді. Тоқты қауырсындай жеңіл екен, алдыма еш қиналмастан өңгердім. Екі-үш кезеңнен асқанша тоқты жазған алдымда мүлгіп жатты да қойды. Сосын сәл де болса ес жиып, құшағымнан босануға талпынды. Қоя бердім. Тыңайып қалыпты, отарға еріп кетті.

Ауылдың түтіні көрінетін кезеңге көтерілгенде, Қалиша апаның кәрі қойы бір орында айналшықтап тұрып қалды. «Тентек болып қалғаннан сау ма?» деп әрі-бері қақпайлап көріп едім, алға басар емес. Басы сол жағына қарай тарта береді. Ат үстінен өңгермек болып едім, қайда-а, ауыр екен. Қасқа дөнен жауырын манағысынан да ауырсынып, қайқаңдай берді. Амал жоқ, тыңаюын күтуім керек. Қой басы ұзап, ауылға баратын жолмен тура тартып барады. Қас қарайды. Кәрі қой бір-екі аттаса-ақ әлсіреп қалады. Тастап кетуге болмайды, ертең ит-құсқа жем болса, Қалиша ападан ұят. Аттан түсіп алып, итеріп көрдім. Болмады. Қасқа дөненнің тізгінін шынтағыма қыстырып алып, қойға ілбіп ере бердім.

Түн әбден орнады. Айдың сәл жаңарып қалған шағы ғой деймін, өлімсіреген сәулесі айналаңды ажыратуға жетеді. Қап, апам қорқып қалды-ау... Жайнагүлді үйге жалғыз тастай алмайды, қайтер екен? Алдымнан бір-екі баланы жүгіртіп жіберсе жақсы болар еді. Кәрі қойды атқа өңгерер едік те, ауылға қазір-ақ жетіп алар едік.

— Тыныстай, құлыным, қайдасың? — деген дауыс құлағыма талып жетті. Апатайым шыдай алмай, өзі шығып кеткен бе алдымнан?

— Апа, қорықпаңыз, мұндамын, — дедім барынша сабырлы дауыстап. Апам ұшып келеді екен. Ауылдан недәуір ұзақта табыстық. Үстіне іле салған әкемнің ескі пәлтесі алқам-салқам.

— Ой, апа, сонша жерден жүгіріп келгеніңіз не? Өзім-ақ барар едім ғой.

— Сорлы-ау, сорлы, сені қасқыр жеп кетті ме деп... Қой ауылға бағана келіп алды ғой...

— Сорлы емеспін, апа, мына кәрі қой жүре алмай қалды.

— Таста, таста, жаныңнан артық емес. Азар болса, бір қой төлерміз.

Бекұлан мен Дарқан да келіп қалыпты. Қойды өңгеріп алып, ауылға тартып кеттік. Апамның қорқынышы сәл басылған сияқты. Бірақ «Жайнагүл үйде жалғыз қалды» деп алға түсіп, тағы да жүгіре жөнелді.

8

Он бірінші сыныпта республикалық олимпиададан үшінші орын алып қалдым. Бәрі өзімнен. «Шығарманы тек «беске» жазамын» деген сенімнің көкірегіме қайдан орнап алғанын түсінбедім, берілген төрт сағаттың екеуін қағаз шимайлап, ойын ойнап өткізгенім рас еді. Сосын бір сағатта жазып, бір сағатта таза қағазға көшірдім де... «төрт» алып қалдым. Көңіл-күйім бірден түсті. Өз ойымда өте жақсы жазған сияқты едім. Ауызша турда да сасқалақтап, біліп тұрған тақырыпты дұрыс айтпағандаймын. Бірінші орын алған бес баланың ішінде аты-жөнім аталмағасын, бүкіл арманымның быт-шыты шыққандай, үйге сүлейсапа күйде оралдым. Бітті, университет көзден бұл-бұл ұшты деген осы шығар. «Пән олимпиадаларының жеңімпаздарын жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылдайды екен» деген сыбыс құлағымызға жеткелі бірталай уақыт. Ал мен... мен қолда тұрған мүмкіндіктен айырылдым.

Апам сыртқа онша білдірмесе де, менен кем қиналған жоқ. Көктем шыға, Алматыға тартып кетті. Әкемнің туған бөлесі ірі қызметте еді, сөйлесіп қайтпақ.

Апам Алматыдан оралғанда, мен қора тазартып жатқан едім. Қасымда Ернат бар. Олардың отбасы екі-үш жыл бұрын Талғар жаққа көшіп кеткен-ді, өзі ауылға қыдыра келіпті. Апамды алыстан көріп, алдынан жүгіре шықтым. Анашымның көңілі көтеріңкі. Тө-ө, мұнша көп сөмкені қалай көтеріп келген?! «Жолың болатын болды, балам» деді күлімсіреп. Қол-аяғым жерге тимей, лыпылдап кеттім. Апам киім ауыстырып шыққанша, қора жақты жылан жалағандай етпекпін.

— Журфак қой, апа? — дедім қасыма келгенде.

— «Технологиялық университетке түсуіңе көмектесемін» деді ағаң.

— А-а?!

— Жақсы мамандықтар көп дейді онда, «кез келгенін таңдасын» деп отыр.

Күректі лақтырып жіберіп, еңіреп жылап, жерге отыра кеттім. Үмітім тағы желге ұшқаны ма? «Өзің-ақ оқы соған» деп міңгірлеймін ара-арасында. Ернат мені жұбатып әуре. «Апаңның қолынан келгені сол ғой, аясаңшы» дейді, оған ыңғай берер түрім жоқ. Апам болса: «Қайтемін, енді, қайтемін? Бармасаң барма, ауылда қой бағасың», — деп шарасыз отыра кетті.

Мектепті үздік бітірдім. Мемлекеттік емтихандар тапсырып жатқан кезде директор Мұхамеджан аға менің жауаптарымды өзі тыңдап отырды. Орыс тілінен арманым жайлы сұраққа жауап бере келіп: «Я хочу поступить в большой университет», — деп салдым. Директор езу тартты. Шығып бара жатып: «Поступи, поступи в большой университет», — деді өте байсалды.

Міне, мен де талапкермін. Ертең ауылдан Алматыға аттанамын. Ырысбек пен немере әпкем Жансаяның жыныма тигені-ай!.. Екеуі мені түнімен «оқытты».

— Алматыға барғанда, 65-автобусқа мінесің. Райымбек даңғылымен батысқа жүріп, дәл сегіз аялдаманы санап отырып түсіп қаласың. Әй, «балмұздақ», байқа, автобустың әрбір бағдаршамға тоқтағанын аялдама деп қалма, — дей ме-ау...

— Біреуден бірдеңені сұрағанда, ауылдағыдай даудырама. Бір жақты қолыңмен емес, иегіңмен немесе қабағыңмен нұсқа, — дей ме ау...

— Автобусқа кіргенде, жолаушылар «передайте» деп ақша берсе, қалтаңа салып алып жүрме. Сен де «передайте» деп, алдыңдағы адамға беріп жібер. Алдыңдағы не артыңдағы адамды саусағыңмен түртпе, иығына жай ғана қолыңды қой, — дей ме-ау...

— Көшеде түк көрмегендей балмұздақ сораптама. Өйткені, өзің де «балмұздақсың», — дей ме-ау...

Мені апам қорғаштап шықты. «Сендер жүрген Алматыда бір кездері біз де жүргенбіз. Қисықбасым бәріңнен озады, көріп тұрыңдаршы» деп қанаттандырып қойды.

Қалаға жалғыз аттандым. Бұған дейін ешқашан алысқа жалғыз шығып көрмеп едім, іштей жүрексініп тұрған да сияқтымын. Апам мені сапарға шығарып салардағы қашанғы әдетімен маңдайымнан сүйді де, Аллаға аманаттап, тұрған орнында қала берді. Апам мұндайда ешқашан сыртқа қоса шыққан емес.

Нән автобустың оң жағындағы терезеге телміріп отырмын. Жаңа өмір басталды, Тынысбек мырза! Ол қандай өмір болар екен? Алдымнан не күтіп тұр? Оқуға түсе аламын ба? «Түсе алмасаң, түк те ренжіме, балам. Бір жыл дайындалып, келер жылы қайта тапсырасың. Өмір ылғи жеңістерден тұра бермейді» деген апамның сөзі құлағымда әлі жаңғырып тұр. «Түсемін, апа, түсемін!» деймін тістеніп.

Автобус Шелектің сыртындағы зираттар тұсынан өтіп бара жатқанда, қалың шидің арасынан қоян қашты. Қуанып кеттім. Жақсы ырымға баладым.

Міне, мынау мен армандаған Алматы! 65-автобусқа міндім. Қапталындағы 1 деген нөмірге көзім түсті, оны да жақсылыққа жорыдым. Қолымдағы қағазға қайта-қайта қарағыштап жүріп, Әлия әпкемнің үйін де дәл таптым. Басы сәтті басталды, енді оқуға да түсіп кетсем екен.

Әуелхан нағашым да қалада екен, мені дереу ҚазМУ-дың қабылдау комиссиясына апарды. Республикалық олимпиададан үшінші орын алған марапатыма қарап тұрып, комиссиядағы апай: «Қазір мен тізімнен қарап жіберейін, егер шынында да бұл баланың аты-жөні тіркеліп тұрған болса, университетке емтихансыз қабылдануы мүмкін», — дегені!.. «ІІІ орын. Т.Құрышбекұлы — Алматы облысы» деген жазуды тізімнен апайдан бұрын тауып алдым, саусағыммен нұсқап та жібердім. «Құжаттарыңызды тапсыра беріңіздер, шешім бір аптаның ішінде шығады» деді ол кісі. Құлағым шыңылдап кетті. Сыртқа шыққанда Әуелхан ағам құшағына қатты қысып алып: «Студент болды деген осы!» — деп құттықтап та жіберді.

Құжатымыз тапсырылмай тұрып, Алатаудың бір қойнауында Әуелхан ағамның екі курстасымен — бұл күндері ғылым докторы атанған екі ағаймен бірге оқуға түскенімді атап өткен сәттерді қалай ұмытайын...

Шынында да, шешім тез дайын болды. Журналистика факультетінің деканы, орыс ағай мені аудиториялардың бірінде мәжіліс құрып отырған комиссияға кіргізді де жіберді. Өңшең қасқа маңдай ағалар мен көзілдірікті тәтелер! Арасында мұртын сәндеп қойып, күннің ыстығында галстукке қылғынған жап-жас жігіттер де бар. Тұс-тұстан сұрақ қойып, менің газет-журналдарға шыққан мақала, өлеңдерімді аударыстырып, біраз састырды. Сосын шашын артқа көтере тараған бір ағай: «Тынысбек, мектепті де үздік бітіріпсің, республикалық олимпиаданың жеңімпазы да, жүлдегері де екенсің. Жариялаған мақалаларың да көңілімізден шықты. Қысқасы, сен барлық талапқа сай келіп тұрсың. Қабылдау комиссиясының шешімімен сен оқуға түсу емтиханынан босатылдың. Ауылыңа қайта бер. Өзіңді студентпін дей берсең де болады. Тамыз айының ортасында министрліктің бұйрығы шығады, оны факультет басшылығы саған хабарлайтын болады. Жолың болсын!» — деп шығарып салды.

Мен студентпін! Ура! Мен ҚазМУ-дың студентімін! Апама қалай айтсам екен? Жүгіріп келемін. Жаңбыр құйып кетті. Жаздың ерке жаңбыры. Абай даңғылына түсіп, 19 троллейбусқа малмандай су болып кірген маған жолаушылар аянышпен қарап еді. Оларды елеп тұрғаным жоқ, тұла бойымнан төгілген суға қарамай, ыржиып күле бердім, күле бердім.

Апама аудандық оқу бөлімі телефон шалып, сол күні-ақ құттықтап қойыпты!

Армысың, үлкен өмір! Армысың, Алматы! Менің мүлде жаңа өмірім басталды!

Эпилог

...Соңғы курстың соңғы сессиясы. Енді екі айдан кейін Тынысбектердің курсы университет бітірмек. Бүгін әр топ өздері бөлінген кафедра бойынша арнаулы курстан емтихан тапсырады. Тынысбек жүрексініп тұр. Профессор қайтер екен? Былайынша, барлық сұраққа жауабы дайын. Бірақ ұстазының мысы басып кете береді. Кафедрадағы алты студент қабақ түйіп, тас-түйін бекініп алыпты.

Профессор қашанғы әдетінше емтиханға бір минут кешікпей келді. Орындарынан қопарыла тұрып, құрмет көрсеткен студенттерді аз-кем шолып өтіп, папкісіндегі қағаздарын әдеттегіден ұзақ ақтарды. Әлденені есептеді, әлденені сызды. Артынша-ақ:

— Құрышбекұлы, орныңыздан тұрыңыз! — деді бұйыра сөйлеп.

Апыр-ай, әлі ешкімге емтихан билетін алдырмап еді, не демек екен?

— Құрышбекұлы, сіз біздің арнаулы курс пәнінен ең жоғары 96 балдың 92-сін жиыпсыз. Кәнспектіңіз толтырулы, тапсырмаларыңыздың бәрі орындаулы екен. Осы семестрде республикалық газеттерге үш мақалаңыз шығыпты. Демек, сіз біз қойған талаптардың бәрін де орындадыңыз. Өзіңіз айтыңызшы, сізге «бес» деген бағаны автоматты түрде қоюға бола ма, болмай ма?

Тынысбектің аузына сөз түспей қалды. Сасып қалғанын сездірмеуге тырысып, ұстазының қабағын бақты. Әзілі емес сияқты. Өзінің тарғылдау күлкісімен қарқ-қарқ күліп отыр.

— Болады, ағай, неге болмасын?! — деді батылданып.

— Болса, әкеліңіз сынақ кітапшаңызды!

Профессордың біреуге «автомат» қойғанын естіген де, көрген де емес. «Қартая бастағаны шығар» деген бір ой миын аралап өтті. Еңсесін тік ұстап, ұстазына кітапшасын тапсырды.

— Екінші курста біраз қиқаңдап, жүгің екі жағыңа кезек ауып еді, тез ес жидың, бала! Жаман маман болмауың керек енді. Ұқтың ба? — деді көзін ежірейте қадап.

— Ұқтым, аға! — Тынысбек терең тыныстады.

Ұстазының қойған «бесіне» аудитория сыртында қайта-қайта қарағыштап тұрып:

— Отан-Ана осы еңбегіңізді ескереді! — деді Тынысбек. Профессордың қатты сүйсінгенде айтатын сөзі ғой бұл...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз