Шежірелі өлкенің баласы

Жас ақын Ормантай  Қонақаевтың  шығармашылығы жайында

Күллі әлемге танымал  ұлылар  туған өлке,киелі Қасқабұлақ өңірінің тумасы  Ормантай Балтақайұлы Қонақаевтың  «Шежірелі өлкенің баласымын»атты кітабы жарық көрді.

«Ауылда  жүрген ақын» деген айдармен Абай елінің қадірлісі,ақиық ақын  Төлеген Жанғалиевтай ағамыз текті атаның ұрпағы екеніне тәнті болып,өлеңдеріндегі ақындық қуат пен шеберлігіне сүйсініп  ақ батасын беріпті.

Кітап  «Шежірелі өлкенің баласымын»,«Табиғат әуендері»  «Жүрек сыры», «Сіздерге жетсін жырларым» деп аталған 4 бөлімнен тұрады.

«Қасқабұлақ»,»Шырайлы Шиліөзегім», «Қайран ауыл»,»Сырт Қасқабұлақ» «Ауылға барып қайтайық», «Туған жер» өлеңдерінде  өз ауылының  табиғатын,қонақжайлылығын, жырына арқау етеді.

«Сырт Қасқабұлақ» өлеңінде

Ұлы Абай  туған жердің сыйқы мынау,

Орнындай көшкен жұрттың құлазыған,-деп Абай туған  жердің  қазіргі халіне  жаны ауырады,налиды.Шындықты айтып,бұлақ басын  жөндеу парызымыз деп жанайқайын жеткізеді.

Шежірелі өлкенің баласы ұлыларды бесігінде тербеткен туған жері  ақ шаңырағымен, Қасқабұлағымен , мақтанады.Өлеңдерінде адалдықтың ақ иесі деп Ералы атаны,данышпан Абайды,ұлы Мұхтарды,Құнанбай ұрпағын тербетіп бауырына басып жатқан Ақшоқыны,жылыстап ағып жатқан,көзінің қарашығы  Қасқабұлағын жырға қосады,өзі туып-өскен өлкесінің өткеніне көз жүгіртеді, тарихы мен жер –су атауларын,жағдайын жақсы біледі.

«Аруақты бабалар» өлеңінде  батырлар мен ақындарға тоқтала келе халық қамын  жеген асылдар Шәкәрім мен Шәкірдей дана ақындардың аруағына жырыммен жақындаймын дейді.Бұл- жас ақынның  толғанысы мен өлеңге деген  ұмтылысы. 

Ормантай ақынның «Ауыл таңы» өлеңінде тіршілік қайнап жатыр. Ала таңнан оянған ауыл адамдары,сиыр желініне жармасқан жеңгелер, «күмпілдеп шелектерге құйылған сүт,қойдан бөлінген қозы ,ошақтардан көлбеңдеп шыққан түтін ауылдың боямасыз,шынайы тірлігін көрсетеді.

Жылдың төрт мезгілін табиғатты өз шабысымен, өзіндік шабытымен жырлайды.

«Қоңыр күз»өлеңінде

Шық тұнып шөп біткеннің қабағына,

Дамылсыз төбесінде жел ойнаған» десе,

Жел күшті,дауыл күшті,бәрі күшті,

Қомағай қара дауыл алқынады ,- деп кейіптеу мен эпитетті  дәл қолданады.

«Қарашада қар жауды»өлеңінде

Қылышын жалаңдатып,қыс та келді,

Қырғидай тиіп ауыл жатағына-, деген жолдарда метафора мен теңеу өз орнын тауып тұр.

Самарқанның көк тасын жібіткен Наурызды ерекше шабытпен жырлайды. Жырда асық ойнаған бала ,бәйек болып жүгірген әже,керегеден сығалаған келіндер,  алтыбақан тебуге  бойжеткенді шақырған бозбала, мал қайырған жігіттер  наурыз айының шынайылылығын детальдар арқылы  көз алдыңа келтіреді.

Анаға табынбай жыр арнамай   кеткен ақын кем де кем ғой. Ормантай  анасын   «ақ басты Алатаудың тау тұлғасына,қоршап тұрар қамалға»теңейді.

Темірдей тәртіп болып ұғымыңыз,

Ізгілік жолында өсті ұл-қызыңыз.

Лапылдап оттай жанған он баламен

Емендей берік болды тұғырыңыз ,- деп толғанады.

Өмірдегі бақыты да, байлығы да  анасы деп біледі.

Өмірдің тірегі әкесіне  де жыр жолдарын арнайды.

Байлық жоқ менде жиған сөздің шыны,

Қайтемін оны жиып қолдың кірі.

Дүниеде ешнәрсемен өлшенбейтін,

Әкем бар есесіне көзі тірі ,-деп әке  тұлғасын асқақтатады. Әкесінің амандығына қуанады,бағалайды.

Қарызбыз басымызды мәңгі иеміз,

Анам мен әкеміздің әлдиі егіз.

Есіктен  нұрын шашып төрге озған

Бесіктен басталыпты тәрбиеміз.

Әке мен ана тәрбиесіне тәнті болады.Құрметтейді,бас иеді.

Әр ақынның шабыттана жырлайтын тақырыптарының бірі -махаббат лирикасы. Ормантай да мәңгілік тақырыпқа соқпай кетпейді.

Жүрегің бар білемін құлыптаулы,

Сол  жүрекке бұл жүрек құрықтаулы.

Тебіреніп,толғанып мен ашайын,

Кілтіңді бер көріктім күміс баулы-, деп сүйгеніне  жүрек сырын  шертеді.

Өлең жинағындағы арнау өлеңдерінің тақырыптары сан алуан.   «Ақын ағама», «Кәмен атаға»,»Қалқаман жерлеске»,Аман ағаны аңсау», «Қазақтың ерке жирені», «Әнші аға» атты өлеңдері осы сөздерімнің дәлелі.

Ақын өзінің өмірдегі мақсатын,ұстанымын  айқын біледі.

Өрістетіп суарған әр құдықтан,

Бай болмай-ақ қояйын мал шұбыртқан.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,

Ақын болсам жетеді халқым ұққан

Ормантай Балтақайұлының бұл жинағына жүзден аса өлеңі кірген.Әңгіме өлең санын да емес,еңбекқорлығында. Жырларының  шашауын шығармай жинауы да  іждаһаттылық пен жинақылық   белгісі емес пе? Өлең санымен емес , сапасымен құнды.Жырларын талдай отырып ой түйгенім,ақынның айтатын ойы анық,өлеңдерінде өмір  шындығы бар.

Гылымбаева Лаура Мансуровна

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)